№1(53)/2009 Серия филология


ƏДЕБИЕТТАНУ  ЖƏНЕ  ФОЛЬКЛОРТАНУ



жүктеу 5.01 Kb.
Pdf просмотр
бет8/12
Дата26.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ƏДЕБИЕТТАНУ  ЖƏНЕ  ФОЛЬКЛОРТАНУ 
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ  И  ФОЛЬКЛОРИСТИКА 
ƏОЖ 894.342.574 
М.І.Əбдуов,  Б.С.Сатеева 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
ДІНИ  ДАСТАНДАРДАҒЫ  МҰХАММЕД  (С.Ғ.С.)  ПАЙҒАМБАРДЫҢ  БЕЙНЕСІ 
В  статье  рассматриваются  документальные  сведения  и  национальные  способы,  а  также 
приемы создания образа Пророка Мухаммеда. Авторы статьи используют различные методы 
передачи образа Пророка как источника рождения всего светлого. 
The article devotes documental in Formations and national methods and ways making porson of Mu-
hammed (s.d.s.). The authors of article have been using different methods of pass person of Muham-
med like as base of heaut Ful’s born. 
 
Жалпы  көркем  туындылардағы  пайғамбарлар  бейнесін  сомдау  барысында  өзге  кейіпкерлерден 
оқшауландырып  тұратын  айрықша  жағдай  бар.  Ол — тек  қана  пайғамбарға  тəн  керемет  қасиет — 
мұғжиза. Міне, осы сипат олардың шығармадағы даралану процесіне ерекше үлес қосады. Мұғжиза 
дегеніміз  не?  Оны  қалай  түсінуге  болады?  Егер  біз  өзіміз  өмір  сүріп  отырған  əлемнің  қай  қырына 
қарасақ та, жаратылыстың шектеулі екендігін аңғара аламыз. Пайда болған əр заттың жойылатын да 
уақыты  келеді.  Саналы  жаратылыс  адамзаттың  да  мүмкіндігі  шектеулі.  Мəселен,  жүз  тонна  жүкті 
жеке адамның көтеруі мүмкін емес, бір метрлік затты мың шақырымдық аспан төріне апарып қойса, 
көре  алмайды,  өлмеу,  ұйықтамау,  ас  ішпеу  қолынан  келмейді  т.т.  Бұлардың  барлығы  адам 
мүмкіндігінің  шектеулі  екендігін  сездіреді.  Барлығы  шектеулі  болса, «шексіздік»  ұғымы  қайдан 
шыққан?  Мүмкін,  ол  жоқ  шығар?  Əрине,  олай  емес.  Мəңгілік  бар,  діни  сенім  бойынша,  ол  Аллаға 
тəн.  Шексіздік  кеңістігіндегі  біздің  шектеулі  өміріміз — аспан  əлеміндегі  Жер  шары  тəрізді,  жүзіп 
жүрген дөңгелек дүние. Ендеше, шектілік біздің жаратылысқа тəн де, шексіздік онан тысқары екен. 
Жəне  шексіздікті  уақыт  пен  кеңістікке  ғана  қатысты  деп  қабылдамау  керек,  ол  іс-əрекетке,  ғылым-
білімге,  өзге  де  түрлі  кұбылыстарға  байланысты  болады.  Ел  аузында  мынадай  аңыз  бар.  Хабаршы 
періште Жебірейілдің алыптығы сондай барлық қанаттарын жайып жібергенде əлемді қоршап алуға 
жетеді  екен.  Ал  Мұхаммед  (с.ғ.с.)  пайғамбар — кəдімгі  адам.  Жебірейіл  Алладан  хабар  əкелгенде 
пайғамбардың  шапанының  оң  жақ  жеңіне кіріп, иығының  үстіне  шығып сөйлесетін  көрінеді. Біздің 
ертегілік  қабылдауымыз  бойынша,  періште  пайғамбардың  жеңіне  сыю  үшін,  бірі  кішірею  керек 
немесе  екіншісі  үлкею  керек.  Бірақ  ондай  өзгерістер  жүрмейді.  Сондай  ғаламат  алып  періште 
кішіреймеген  күйінде,  үлкеймеген  пайғамбардың  жеңіне  еркін  енеді  екен.  Аңыздың  соңында  мұны 
Алланың  Құдіреті  деп  түйіндейді.  Расында,  адамдық  түсінік  бойынша,  мұндай  жағдайдың  болуы 
мүмкін  емес.  Бірақ  бұл  шектеулі  жаратылыс  үшін  солай  болып  тұр.  Ал  шексіздікте  ұзын-қысқа, 
үлкен-кіші  деген ұғым да, əрекет те жоқ. Ол тіршіліктегі адамның қабылдауына ыңғайластырылған 
шарттылықтар.  Ал,  аңыздағы  əрекет  Алланың  құдіретін  аңдату  мақсатында  шексіздік  ұғымына 
сəйкестіріліп  берілген.  Міне,  пайғамбарға  тəн  мұғжиза  да  осы  негізден  туындайды.  Яғни  мұғжиза 
дегеніміз — діни  түсінік  бойынша  Алланың  бұйрығымен  адамның  ақыл-ойына  сыймайтын 
құбылыстардың, көріністердің, əрекеттердің пайғамбарлар арқылы жүзеге асуы. 
Енді  біз  діни  жырлардағы  Мұхаммед  (с.ғ.с.)  пайғамбарға  тəн  мүғжизалар  қалай  көрсетілген, 
олардың кейіпкер бейнесін сомдауға қаншалықты қатысы бар соларға тоқталып көрелік. 
Мұхаммед — тарихи  тұлға.  Оның  тарих  төрінен  орын  алуының  өзі  пайғамбарлығына 
байланысты.  Ал,  пайғамбар — адамзатқа  Алланың  бекіткен  жолын  нұсқаушы,  көрсетуші.  Көркем 

68 
шығармадағы  бейнесі  де  осы  өмірдегі  тұлғасынан  алынған.  Діни  эпостардағы  Мұхаммедтің  (с.ғ.с.) 
пайғамбарлығын таныту оның пайғамбар екендігін айтумен ғана шектелмейді. 
Олар һəм өтіп кетті сабаздарың, 
Кетіп кейін тастады қағаздарын. 
Хақ Пайғамбар бас болып патшасына 
Оқып тұрған бамдаттың намаздарын [1;9]. 
Бұл  шумақтағы  Хақ  Пайғамбар — Мұхаммед  (с.ғ.с.).  Осы  көрініс  діни  эпостарда  жиі 
қолданылған.  Көрініс  деп  отырғанымыз — мешіттегі  мұсылмандардың  намаз  оқуына  басшылық 
жасап,  имам  болуы.  Əрине,  Пайғамбар  болғаннан  кейін  бұлайша  əрекет  жасау  міндетті.  Дегенмен 
мұндай иірімдер оның даралық деңгейін танытуға, дəріптеуге жол аша қоймайды. 
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бейнесі діни эпостардың басым көпшілігінде түрлі жағдайларда 
көрініс  береді.  Ондай  халықтық  мұралардың  қатарына  «Мұхаммед  пайғамбар», «Расул  Алланың 
миғражға  қонақ  болғаны», «Расул  Алланың  дəрул  пəниден  дəрул  бақиға  рихлат  еткен  мəселесі», 
«Көгершін», «Зарқұм», «Киік», «Салсал» т.б. жатқызуға болады. Діни эпостарда Мұхаммед (с.ғ.с.) ең 
алдымен — пайғамбар.  Оның  пайғамбарлық  сипатын  үш  түрлі  жағдайдан  анық  аңғарамыз. 
Алғашқысы — мұғжиза. Жалпы мұғжизаның пайғамбарларға ғана тəн екендігін жоғарыда айттық. Ал 
жырларда Мұхаммед пайғамбардың қандай мұғжизалары көрініс берген, соған назар аударайық. 
Көпшілікке  кеңінен  танымал  эпикалық  жырдың  бірі — «Салсалда»  мынадай  оқиға  иірімі  бар: 
Əзірет  Əлінің  мұсылман  батырларымен,  сахабаларымен  шайқасқа  аттанып  кеткенін  естіген  Хамар 
Сағим деген кəпір, əскерлерін жиып, пайғамбарды өлтіріп, Меккені жаулап алмаққа келеді. Онымен 
жекпе-жекке  Мұхамедтің  (с.ғ.с.)  өзі  шығады.  Осы  сəтте  барша  жаратылыс  Аллаға  «пайғамбарға 
көмектесейік» деп ұсыныс жасайды. Бірақ Алла рұқсат бермейді. Жекпе-жекте таңқаларлық кұбылыс 
көрініс табады. 
Хақ Пайғамбар майданға өзі кірді, 
Хамар Сағим алдынан қарсы тұрды. 
Пайғамбарды қылышымен келді де ұрды, 
Кереметпенен оң қолы тіпті құрды. 
Қылышты сол қолына тағы да алды, 
Сол қолы тағы да құрып қалды. 
Екі қол ол бірдей құрыған соң 
«Хақ Пайғамбар екенсің», — деп ойбай салды [2; 292]. 
Бұл — мұғжиза. Мұндай көріністі діни эпос өзгелерге қолданбайды. Атақты Əзірет Əлінің өзі де 
бұл істі жасауға шамасы жеткен емес. Мұғжизаның көркем туындылардағы қызметі — Мұхаммедті 
(с.ғ.с.)  өзгелерден  озық  етіп  бейнелеу.  Бұл  бір  қыры.  Келесі  қыры — жер  бетіндегі  жан-
жануарлардың қайсысы болмасын, пайғамбар тілек етсе, тіл бітіп сөйлеуі. Қисса «Көгершінде»: 
Сасқанын көгершіннің енді білді, 
Жеңіне оң жақтағы келіп кірді. 
«Сөйлесін көгершінге тіл бергін» — деп, 
Тіленіп бір Алладан дұға қылды. 
Бір Алла көгершінге берді тілді, 
Отырған халайықтың бəрі білді. 
Көгершін пайғамбарға жауап қылып 
Көңілінде мұддағысын баян қылды [2; 178], — 
деп  жырланады.  Бұл  өзге  адамзаттың  қолынан  келмес  екінші  керемет.  Эпикалық  жырларда 
батырлардың тұлпарларына  тіл бітіп, сөйлейтіні  кездеседі.  Бірақ  екеуінің арасында  жер  мен  көктей 
айырмашылық бар. Біріншіден, батырлардың аты — оның сенімді серігі, сондықтан қиналған немесе 
тығырыққа тірелген  батырларға көмекке келуі, ақыл-кеңес  беруі орынды. Екіншіден, бұл көріністің 
өзі  жылқының  боранда,  тұманда  адаспай  жол  табатындығы  тəрізді  ерекшелік  сипаттарынан  тууы 
мүмкін.  Үшіншіден,  Алладан  тілек  тілеу  көрініс  бермейді.  Ал,  мына  жырда  көгершіннің  сөйлеуі 
пайғамбардың  арнайы  тілегі  бойынша  жүзеге  асып  тұр.  Мұғжизаның  келесі  түрі — өлген  адамды 
тірілту. Мұны біз «Кесік бас» жырынан көреміз. 
 
Пайғамбар сонда сөйледі, 
Бір Алланы етіп жат. 
Алладан тілеп дарамат 
Өліктерге жан бер деп. 

69 
Айлады мұрсал мұстажат... 
... Екі өлікке жан бітті, 
Кесік басқа тəн бітті. 
Құдіретімен Құданың 
Баяғыдай əл бітті [2; 179]. 
Өлгеннің  тірілуі  ертегілерде,  мифтерде  ұшырасады.  Жырдағы  ерекшелік,  тірілудің  көлденең, 
кездейсоқ  немесе  қисынсыз  жағдайда  емес,  пайғамбардың,  тілегі  бойынша,  Алланың  бұйрығымен 
жүзеге  асырылуында  жатыр.  Яғни  əсіре  əрекеттер  арқылы  орындалуы  қиял-ғажайып  болады  да, 
мұғжиза негізінде іске асуы өзгеше сипатта көрінгендіктен, алғашқылардан дараланып, өзіне ғана тəн 
өрнегімен адамның жан-дүниесі мен сезіміне əсер ете отырып қабылданады. Ауруды жазып, өлгенді 
тірілту  Исаға  қатысты  мұраларда  да  кездеседі. «Жұм-жұмадағы»  қубасты  адам  қалпына  келтіруі 
көркем дүниедегі көрінісі ұғымның көнеден қалыптасқандығын көрсетеді. Мұғжизаның осындай түрі 
көптеген  жырлардың  мұрасына  өзек  болған.  Соның  бір  көрінісі  ретінде  ақын  Əсет  Найманбаевтың 
«Француз  патшаның  баласы»  дастанын  атап  айтуға  болады.  Ол  жайында  ақынның  əдеби  мұрасын 
зерттеген Сайлау Қожағұл жан-жақты талдау жасай отырып, ғылыми пікір айтқан [3]. Мұғжизаның 
өзге  пайғамбарларда  кездеспейтін,  ерекше  дара  көрінісі  қисса  «Мұхаммед  Расул  Алланың  дəрул 
пəниден  дəрул  бақиға  рихлат  еткен  мəселесі»  дастанында  жырланған.  Ол — пайғамбардың 
пайғамбарлық  мөрінің  жария  болуы.  Оның  себепкері — Ғакаша  деген  сахаба.  Бір  кездерде  сіздің 
қамшыңыздың ұшы менің арқама тиген, сол үшін мен сізді арқаңыздан бір ұруым керек деп, киімін 
шешкізеді. 
 
Мүбарак Хақ Пайғамбар ашты тəнін, 
Неге ұрсын ер Ғакаша пайғамбарын. 
Мөрін көріп жауырынан сүйіп алды 
Бұрыннан біледі екен мөрі барын [4; 107 б.]. 
Мұхаммедтің  (с.ғ.с.)  мұғжизалық  қасиеттерінің  барлығы  осы  мөрінде.  Бұл  Расул  Алланың 
пайғамбарлығын дəлелдейтін ең құдіретті ғажап белгісі. Олай болса, осы жырдың маңызы өзге діни 
эпостардан жоғары десек те болады. 
Мұхаммед  (с.ғ.с.)  пайғамбарлығын  танытатын  келесі  бір  керемет  туынды — «Расулдың 
миғражға  қонақ  болғаны».  Негізінде  кейбір  пайғамбарларға  қатысты  аңыз-хикаяттарда  атап 
өтерліктей  ғажайып  көріністер  баршылық.  Мəселен,  Мұса  ғалайссалам  Алламен  сөйлескен,  Қызыр 
пайғамбар  мəңгі  ажалсыз  адам,  Сүлеймен  пайғамбар  жердің  иелігін  алған  т.т.  Бірақ  солардың 
барлығы миғраж оқиғасына жетпейді. Бұл туынды Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлық қасиетін жара-
тылыс əлемінен тысқары көтеріп, шексіздік деңгейінде дəріптейді. 
 
Достысын өзге жаннан артық қыпты, 
Тапсырған шапағатқа көп үмбетті. 
Шақырып Хабибісін Миғражына 
Құдайым «Көрсетемін нұрым», — депті [5]. 
Бұл  жағдай  пайғамбардың  тілегі  бойынша  емес,  Алланың  қалауы  бойынша  орындалған.  Яғни 
Жаратушының Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген ризашылығы мен  ықыласын танытып тұр. Сонымен қатар 
Лаухул Махфузды, Садратул Мунтаһинды, Ғаршы-Күрсіні, Лаухул Қаламды аралауға рұқсат береді 
де өзге пайғамбарлар мұндай дəрежеге ие болған жоқ деген ұғымның ойда орнығуына ықпал жасай-
ды. Жеті қат көкті өрлей өтіп, үстіне шыққанда Адам Атадан бастап, барлық өзге пайғамбарлар, сан-
сыз  періштелер  төменде  қалады.  Осындай  əсерлі  көріністерден,  Мұхаммедтің  (с.ғ.с.)  айрықша 
қасиеттілігін байқаймыз. Даралаудың шарықтау шегіне жеткендігі соншалық: 
 
Бұл Афақ — менің орным өзім кірер, 
Мұнан ары орын жоқ маған көрер. 
Мұнан əрі мен барсам Дəргаһиға 
Иə, Расул, қанатымның ұшы күйер [5], — 
деп  төрт  мұхаррап  періштенің  бірі — Жебірейілдің  өзі  онан  жоғары  көтеріле  алмайтындығын 
мəлімдейді. Шарықтау нүктесі — Жаратушының дидарын көруі. 
 
Сəлемін Достысының əлік алды, 
Хақ Расул қол қусырып, шүкір қылды. 

70 
Алла Тағала дидарын көрсеткен соң 
Бойы балқып, денесі нұрға толды [5]. 
Оқиға  өзегін  пайғамбардың  өмірінен  алып,  көркем  тұлғаны  осыншама  биік  деңгейге  жеткізу, 
өзгедей  мұраларда  болған  емес.  Осы  оқиғаның  өзек  алғандығы  соншалық,  əлем  əдебиетінде 
мазмұндық қалпын сақтап, көркемдігін түрлендіре жырлау ерекше орын алды. Солардың арасындағы 
озық  туынды  Низамидің  шығармасы  десек,  қателеспейміз.  Біздің  ұлттық  əдебиетіміздің  өзінде 
Мəшһүр  Жүсіп,  Шəді,  Жүсіпбектердің  жарыса  жырлағанын  жоққа  шығыра  алмаймыз.  Енді  жырға 
негіз болған осы оқиғаның, ақиқаттығын Қасиетті Құрандағы аятпен бекітеді. 
 
Көрсетті достысына Хақ дидарын, 
Сондай қылса, көрмей ме жанның бəрін. 
Дидарын көрсеткені Расулына 
Көр, Құранда «Тəнзила» аяттарын [4;90]. 
Бұл шығарманың өзге қисса-дастандардан өзгешілігі —тек қана Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың 
өзі  туралы  айтылатындығы.  Оқиға  желісі  бір  бағытта  дамып,  Расул  Алланың  өзге  пайғамбарлардан 
озық  тұрған  дəрежесін  танытуға  негізделген.  Мұхаммед — өзінің  үмбеттерінің  қамқоршысы.  Ол 
мұсылмандар  үшін,  қолынан  келген  барлық  жақсылығын  жасауға  əрқашан  дайын.  Осы  жолда  ата-
анасына  да,  баласына  да  қарайласпауға  бар,  бірақ  Алладан  үмбеттерінің  күнəсін  кешіруін  тілейді 
жəне  тілегіне  жетеді.  Алланың  бұл  тілекті  қабылдауы,  пайғамбардың  бейнесін  онан  əрі  асқақтата 
түседі.  Діни  хикаяттың  бірінде  Алламен  сөйлескен  Мұса  пайғамбар  Жаратушының  жүзін  көргісі 
келетіндігін  айтқанда  рұқсат  берілмейді.  Оған  оң  жақтағы  таудың  балқып,  сол  жақтағы  дарияның 
суалғанын көрсетіп, шамасы жетпейтіндігін айтады. Ал Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың мүмкіндігі 
келеді, өйткені ол өзге пайғамбарлармен салыстырғанда оған лайықты. 
Мұхаммедтің  (с.ғ.с.)  келесі  бір  даралық  қыры,  ол — Алланың  досы.  Себебі,  аңыз  бойынша, 
Алланың алғашқы жаратқан заты — оның нұры. Барлық əлем де сол нұрдың құрметіне жаратылған. 
Мұхаммедтің (с.ғ.с.) соңғы пайғамбар болу себебі де осыған байланысты болуы керек. Алланың досы 
— құрметті адам. Ол екі дүниеде де сыйлы, сондықтан екі дүниенің сəруары. Мұндай жоғары дəреже 
өзге  пайғамбарларда  жоқ.  Діни  дастандарда  бұл  жағдай  тіркестік  тұрғыда  ғана  айтылып  қоймайды, 
ерекше оқиға иірімері арқылы дəлелденіп отырады. Мəселен, пайғамбар қайтыс болар алдында Алла 
Əзірейілді жібереді. 
 
Құдайым Əзірейілге жарлық етті: 
– Досыма сəлем айтып барғын,—депті, 
Досы досқа келетін уақыты болды, 
Рұқсатсыз кірмегейсің барсаң,—депті [4; 107]. 
Яғни Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жан тапсыруын өз еркіне бергендігін айтып тұр. Оған Əзірейлдің өзі 
де рұқсатсыз бара алмаған. Мұндай дəріптеу де басқа пайғамбарларға тəн емес. Сонымен, діни эпос-
тарда  Мұхаммедтің  (с.ғ.с.)  пайғамбарлығын  мұғжизаларын  келтіру  арқылы  танытса,  дəрежесін  өзге 
пайғамбардан да биіктетіп, идеал ретінде көрсеткен. 
Жырларда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар батыр, ержүрек адам бейнесінде де көрінеді. Оның ерлік 
істерін  «Мұхаммед  пайғамбар», «Зарқұм»  шығармаларында  айқын  бейнелеген.  Алғашқы  жырда 
пайғамбардың  қарсыласы  Əбу  Жəһіл.  Оқиғаның  көркемделуі  эпикалық  дəстүр  бойынша 
жасалғанымен,  өзегі — тарихи  шындық.  Əбу  Жəһіл  өмірде  болған,  ата-бабасынан  келе  жатқан 
көпқұдайшылықты  ұстаған  ол,—  ислам  əрекеттерінің  баршасына  қарсы  адам.  Ал  шығармада 
пайғамбар  да,  ол  да—  жасөспірім  балалар.  Күреске  түсіп,  күш  санасады.  Осы  жерде  діни 
дастандардың əр тұстарында көрініс беретін мотивті аңғаруға болады. Ол аспанға лақтырып жіберген 
адамның көзге көрінбей кетуі. 
 
Сол уақытта Мұхаммед 
Əбу Жəһіл кəпірді 
Жерден жұлып алады, 
Айналдырып жыраққа 
Лақтырып жібереді. 
Аяқ-қолы дірілдеп 
Көрінбей көкке барады [4; 69]. 
Мұндай  көтере,  асқақтата  суреттеу  сипаты  қаншама  кейіпкерлердің  арасында  екі  адамға  ғана 

71 
телінген. Бірі біз айтып отырған бейне болса, екіншісі —  Əзірет Əлі. Əрине, егер екінің біріне бұл 
тəсілді  қолданар  болса,  оның  оқшауландыратын  маңызы  жойылып,  көпке  ортақ  көрініске  айналып 
кетер  еді.  Сондықтан  сезімге  əсер  еткендей  қабілетін  жоғалтпас  үшін  тиісті  бейнелерге  ғана 
пайдаланған. Пайғамбардың Зарқұммен жекпе-жегінде де осы суретті жолықтырамыз. 
 
Жіберіп еді тақсыр күшін жайып, 
Мұны алсам кетемін деп жолдан тайып. 
Ұшып кеткен бойыменен патша Зарқұм 
Көрінбей көк бетінде болды ғайып [1; 116]. 
Яғни, мұндай мықтылықтың керемет көрінісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) ғана тəн болуға тиісті. Өйткені 
өзге  кейіпкерлердің  ондай  деңгейге  жететіндей  еш  мүмкіндігі  де  жəне  реті  де  жоқ.  Бұл  жағдай 
эпикалық  жырлардағы  дəстүрге  айналған,  орныққан,  көптің  сараптамасынан  өтіп  бекіген  құбылыс. 
Көлемді  мұраның  кейіпкерелері  де  көп  болады.  Солардың  арасынан  басты  бейнені  жоғары  алып 
шығып, даралық деңгейге көтеру— жырдың басты міндеттерінің бірі. 
Діни эпостарда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мұсылмандардың басшысы ретінде де бейнеленеді. 
Исламның  дамуына,  өркендеуіне  айрықша  мəн  беріп,  əрбір  іс-əрекетті  қадағалап  отыратын, 
бұйрығын бұлжытпай орындататын кейіпкерді көреміз. Соның бір көрінісі ретінде сахабалардан бас-
тап шаһарияларға дейін, пайғамбардың батасын алмай, қия баспайтынын айтуға болады. 
 
Сөйтіп, жылап тұрды бір Құдайға, 
Əлиге бере көр деп өзің айла. 
Баруға рұқсат жоқ боп Пайғамбардан 
Жылаумен тұрысты көріп жайға [1; 68]. 
Бұл  жерде  Əлиге  қаншама  дұшпан  əскерлері  жабылса  да,  пайғамбардан  рұқсат  болмаған  соң, 
өзге  мұсылмандар  көмекке  бара  алмай  тұрғандығы  суреттелген.  Өзгелерін  былай  қойғанда  пенде 
түгіл перілерді талқандайтын Əзірет Əлидің өзі жауға аттанарда бата тілейді. Мұны біз «Зарқұмнан», 
«Салсалдан», «Əзірет Əлидің соғысынан» т.б. көреміз. Мəселен, «Дариға қызда» күресіп, күш сынасу 
мақсатында бара жатқан Əлиге: 
 
Пайғамбар қолын жайып, бата берді, 
Арыслан, «иə» Алла деп түрегелді. 
Ғабдулаһап Қанбарды қасына алып 
Аяңдап, Құбыла жаққа жөнелді [4; 134], — 
деп  бата  береді.  Бұл  көріністің  бір  қыры  болатын  болса,  екіншісі — ұлы  жорықтарға  сахабаларды 
өзінің  бастап  баруы.  Өзінің  тіршілігінде  исламға  қатысты  ірі  оқиғаларға  басшылық  жасағаны 
жайындағы  тарихи  дерек  жырларда  өзінің  үйлесімділігін  тапқан. «Зарқұмда»  бұл  жағдай  айқын 
суреттеледі. 
Мұхаммед  (с.ғ.с.)  пайғамбардың  басшылық  бейнесі  діни  эпостарда  əр  түрлі  тұрғыдан 
көркемделіп отырған. Ол — алдымен, əрі адал, əрі əділ. Ақиқатты айтушы, уəдесін орындаушы. Со-
нымен  қатар  мейрімді,  парасатты,  ақылды.  Кейбір  зерттеуші  ғалымдар  тарихи  тұлғаның  бойында 
осындай қасиеттердің болғандығын мойындайды [6]. Жырларда жиі айтылатын бір қырына назар ау-
дарып көрелік. 
Исламтану əлемінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың нұрын жалпы жаратылыстың, яғни он сегіз 
мың  ғаламның,  қайнар  көзі  ретінде  санайды.  Сондықтан  ол  құрметті,  сыйлы,  мақтаулы.  Қазақ  діни 
эпосының  өзегі  исламдық  қағидаға  сүйенгендіктен,  пайғамбар  бейнесін  сомдауда  жан-жақты 
тəсілдерді  қолданып  отырған.  Мəселен,  оның  қамқорлығын  адам  баласының  ауқымынан  да  алып 
шығып,  аң,  жан-жануарлар  əлеміне  жеткізген.  Əрине,  мұндай  мұраның  тəрбиелік  мəні  де  бар. 
Адамзаттың  өсіп-өркендеуіне  жағдай  жасап  отырған  табиғатты  аялау,  мəпелеу,  қасіретті 
əрекеттерден қорғау көрініс береді. Шығарманың құндылығының бір қыры осында жатыр. «Қақпанға 
түскен  киіктің хикаясында» киіктің  лақтарын қоректендіріп, қайтып  келетіндігіне  Мұхаммед  (с.ғ.с.) 
кепіл болады. 
Жасартты- ақ Пайғамбар екі көзін, 
Қамығып, қатты тыңдады айтқан сөзін. 
Емізсін, көдектерін, — деді, — жібер 
Болайын келмегіне кепіл өзім [2; 14]. 

72 
Киік — халық түсінігінде киелі аңның бірі. Оның мұндай қасиеті, табиғаттың зиянсыз, бейкүнə 
жаратылысы екендігімен де байланысты. Дегенмен, дастандағы киік астарлы бейне емес пе екен де-
ген  де  ой  туады.  Қалай  болған  күнде  де  ол — əлсіз,  қорғансыз  жануар.  Олай  болса,  пайғамбарды 
мұндай іске кірістіру арқылы, жазықсыз, тірексіз, əлжуаз жандардың қорғаушысы, қолдаушысы етіп 
көрсету айқын көрініс береді. 
Дəл осындай суретті қисса «Көгершіннен» де байқаймыз. Қаршығадан қашып келген көгершінді 
ажалдан құтқару үшін Мұхаммед (с.ғ.с.) өз денесінен ет кесіп беруге дейін барады. Бұл шапағатшыл 
кейіпкердің бейнесін сомдау үшін қолданылған көркемдік тəсілдің керемет үлгісі болып табылады. 
 
Пайғамбар қоң етінен бермек болды, 
Ғарыптың көзінің жасын көрмек болды. 
Сауаб үшін қоң етін береді деп 
Кейінгі үмбетіне өрнек болды [7]. 
Сонымен,  түйіндей  келгенде,  айтарымыз,  қазақ  діни  эпосындағы  Мұхаммед  (с.ғ.с.) 
пайғамбардың тұлғасын жасау діни деректер мен ұлттық дəстүрлі əдіс-тəсілдерді ұштастыра отырып 
жүзеге асырылған демекпіз. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Бабалар сөзі: Діни дастандар.— Көп томдық. — 3-т. — Астана: Фолиант, 2002. 
2.  Бабалар сөзі: Діни дастандар.— Көп томдық. — 2-т. — Астана: Фолиант, 2002. 
3.  Қожағұл С. Əсет ақын: Моногр. — Алматы: Қазақ тарихы, 2003.— 62 б. 
4.  Бабалар сөзі: Діни дастандар.— Көп томдық— 1-т. — Астана: Фолиант, 2002. 
5.  Аланның Елшісінің миғражға көтерілуі: Діни дастан // Ислам əлемі. — 1998—№  1. 
6.  Ибрагим Д.Ө. Адамзаттың асыл тəжі: Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірі. — Алматы: Алтын қалам, 2004. — 135 б. 
7.  Қисса «Көгершін» // Ислам əлемі. — 2001.— №  2. 
 
 
 
 
 
ƏОЖ 82.0 
Ғ.Ж.Əбілқасов 
Ш.Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 
ƏМІРЕ  СҰЛТАНМҰРАТҰЛЫ 
В статье дается обзор жизни поэта, певца, общественного деятеля Амре Султанмуратулы. 
Путь становления его как поэта рассматривается на основе биографических фактов. 
In article is given the review about a life of the poet, the singer, public figure Amre Sultanmuratuly. 
The way of its formation as poet is considered on the basis of the biographic facts. 
 
Көкше  өңірі — ертеден  күміс  көмей,  жезтаңдай  əншілері  мен  жырымен  ел  ішін  өрнектеген 
ақындарға бай өлке. Арқа өлкесін əн мен жырға бөлеген ақындар легін тудырған Айыртау өлкесінің 
біртуар  ұлы  Əміре  Сұлтанмұратұлын  осы  лекке  қосып  атауға  болады.  Жаратылысынан  əн  мен 
жырдың  бесігі  болған  Айыртау  елінің  сұлу  табиғатынан  нəр  алып  өскен  Əміре  Сұлтанмұратұлы — 
тағдырдың талай тартыс, қиындығына қарамастан, өмірде өзіндік із қалдырған азамат, əнші. 
Өкінішке  орай,  Əміре  Сұлтанмұратұлы  жайлы  ақпарат  əдеби  дерек-көздерде  көп  кездесе 
бермейді.  Қазақ  Совет  энциклопедиясының  оныншы  томында  ақын  жайлы  қысқаша  мəлімет 
келтірілген. Сол сияқты белгілі əдебиеттанушы Е.Ысмайловтың «Ақындар» атты 1959 жылы шыққан 
еңбегінде: «Ə.Сұлтанмұратов  жастайынан  ел  ішінде  ақын  ретінде  танылған. 1916 жылы  патша 
өкіметіне қарсы өлең шығарғаны үшін жер аударылып, Атбасарда болды. Октябрь революциясынан 
кейін социалистік жаңа өмір жəне В.И.Ленин туралы көптеген өлең жазды. «Амангелді батыр» (1924) 
дастанын  шығарды.  Оның  бірсыпыра  өлеңдері  «Ленин  деп  халық  жырлайды» (1969)», «Песня 

73 
степей» (1940) тағы  да  басқа  жинақтарға  енді,  Республикалық  баспасөз  беттерінде  жарияланды. 
Советтік  республикалардың  ақындар  слеті (1937) мен  ақындар  айтысының  жүлдегері (1943). 
Қолжазбалары Қазақ КСР-нің Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы»,—
деген мəліметтер берілген [1]. 
Кезінде,  ақынның  өз  баласы  Қадыржан  Əміреұлының  айтуымен,  белгілі  журналист  Жұмабай 
Есекеев 1998 жылдың 16 қыркүйегінде «Солтүстік Қазақстан» газетінде көлемді мақала жариялады. 
Ақынның өз өмір дерегіне тоқталмас бұрын ақындық жолға түсуіне бірден-бір себеп болған Əміренің 
əкесі Сұлтанмұрат ақын туралы мəлімет келтіре кетейік: «Сұлтанмұрат Құдасұлы қартайған шағына 
дейін  серілікпен  ел  аралап,  талайларды  өнерімен  тамсандырып  өткен.  Ол  Ақан  сері  тобындағы  ең 
шешен,  тамаша  əнші,  алғыр  да  өжет,  адамгершілігі  де  мол,  ақылы  сымбатына  сай  жігіттердің  басы 
болса  керек.  Ал  оның  əн  айтқандағы  дауысының  биіктігі  жөнінде  Бірлестік  ауылының  Қасым, 
Есдəулет  сияқты  қариялары  ауыздың  суын  құртатын  мынандай  естелік  əңгіме  айтады.  Сол  кездегі 
Кененбай,  Жанболат,  Алтынбай,  Үлкен  Сапақ  деп  аталатын  ескі  ауылдардың  арасы  бес-алты 
шақырымнан  кем  болмайтын.  Сұлтанмұраттың  желсіз  тынық  кеште  өз  үйінің  жанында  отырып 
шырқай  салған  əнін  жаңағы  ауылдардың  адамдары  өз  үйлерінің  іргесінде  отырып-ақ  немесе  орта 
жолда  ат  үстінде  тұрып  тыңдай  береді  екен»[2].  Алты  қырдың  астынан  естілетін  асқақ  дауыс  деп 
осындайдан айтса керек. Сонымен қатар Сұлтанмұрат Құдасұлы туралы деректер Сəкен Жүнісовтың 
«Ақан сері» романында келтіріледі. Шығарма барысында серінің жақын жолдасы ретінде ақын-əнші 
Сұлтанмұрат  ойын  тойдың  көркі,  шоқтығы  биік  өнерпаз  деп  суреттеледі.  Зеренді  өлкесінің  əсем 
тауларының  бірі—  Жыланды  тауы,  бұл  Ақан  серінің  атақты  «Балқадиша»  əні  туатын  Ащылы 
Жекебояқ  көлінің  баурайында  отырып  Ақанның  атақты  «Маңмаңкерін»  шырқатқанда  əншінің 
даусына  риза  болған  Ақан  сері: «Шіркін-ай,  бетіңді  теріс  қаратып  қойып,  əніңді  тыңдай  берер  ме 
еді»,—тамсанады  екен.  Бұл  жерде,  келтірілген  деректер  бойынша,  Сұлтанмұрат  бабамыз  қара  кісі 
болған. Əнші жолдасын ағартамын деп ақын ағасы Сұлтанмұратты Жекебояқ көліне қырық сабынмен 
жуындырыпты деген аңыз бар. Ал əңгімемізге арқау етіп отырған Əміре Сұлтанмұрат ақынның үлкен 
ұлы болып келеді. 
Əрі  əнші,  əрі  суырып  салма  ақын  Əміре  Сұлтанмұратұлы 1870 жылы  ақпанның  бесінші 
жұлдызында  бұрынғы  Көкшетау  облысы  Айыртау  ауданы  Қамсақты  бойын  жайлаған  Қарауыл-
Қантай  елінде  Сапақ  аулында  (кезінде  Ұялы,  кейіннен  Бірлестік  аулында)  дүниеге  келген.  Алдына 
мыңғыртып мал айдамаса да еліне өнерімен аты мəлім Сұлтанмұрат ақыннан бала Əміренің алары да, 
үйренері де көп еді. Əкеге қарап бой түзейтін əрбір қазақ отбасындағыдай Əміре де жастайынан əн 
мен жырға құмар болып өсті. Ақын тілі қылыштан өткір, қылдан жіңішке деп тегін айтпайды халық. 
Ғасырлар тоғысында өмірге келіп от ауызды, орақ тілді ақын отбасында ер жетіп, ат жалын тартқан 
Əміре ақын да тілін шындыққа жанып, əділетсіздікке қарсы шықты. Қарапайым халықты екі жақты 
қанаған  ақ  патшамен  қазақтың  би-болыстарының  озбырлығы  ақынның  ащы  əжуасынан  қалыс 
қалмады.  Елге  тырнақ  батырған  есерсоқтарға  қарсы  ақын  өзінің  сөз  қаруын  қолдана  білді. 
Шындықты  ту  еткен  Əміре  көпшілікке  аты  мəлім  қарапайым  халықтың  жанашыры  ретінде  елге 
танымал адамға айналады. 
Қазақ сахарасына келген ұлы жаңалықтар ақын  өміріне көптеген өзгерістер алып келді. Халық 
арасынан шыққан қарапайым ақын ретінде Əміре де қарны жуан байлар мен ел қанаған жауларына 
өлеңін қару етіп қарсы жұмсады.«Ақынды ақ патшаға тіл тигізді» деген жаламен ел ішінен аластап, 
Атбасар жаққа жер аударады. Ол жайлы ақын өзінің естелік өмір дерегінде былай деп жырлайды: 
Адыра қалғыр сұм заман, 
Адымымды аштырмай, 
Қанатымды талдырдың. 
Ездің кедей сорлыны, 
Аштан өліп қалам ба? 
Кім береді тамақты, 
Бай сөзін бұлдап ақша алып, 
Мен кеттім ғой қасыңнан, 
Астымда аяқ қалдырдың, 
Ерік бермедің Николай, 
Ішімді от қып жандырдың. 
Кедейді құл ғып арбадың, 
Құрысын заңың жауыз-ай. 

74 
Ол  жақта  жылдан  артық  жүріп  елге  қарай  оралады.  Ел  арасында  Николай  патшаны  құлатып, 
билікті большевиктер алыпты деген қуанышты хабардан кейін 1919 жылы Көкшетау қаласына келіп 
азаттық алып еліне қайтады. Талантты Əміре бұдан бұлай өлең, жырларын жаңа заман талабына сай 
жаңаша өмір көріністері мен халық тұрмысын жырлауға арнады. Қостанай аймағын аралаған кезінде 
ел  арасында  жүріп  көптеген  толғаулар  мен  өлеңдер  жазады.  Сол  кезде  қазақ  даласына  аты  мəлім 
болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Амангелді Имановпен кездесіп, оның қол астында біраз күн 
жолдас  болады.  Қиын  күндерде  қол  ұшын  берген  асыл  азаматқа  арнап,  кейін  ақын  ойынан 
«Амангелді»  дастаны  туады.  Дастанда  Торғай  даласындағы  ұлт-азаттық  көтерілісі  кезінде  Əміре 
ақын  жиырма  төрт  жас  шамасында  кезі  болғанын  айта  келе,  батырмен  қалай  қандай  жағдайда 
кездескенін баян етеді. Жалғыз басты жігітті аяған мəрт батыр өзінің мініп жүрген жүйрік биесін жас 
ақынға тарту етеді. Батырдың жанындағы жолдастарынан да сый-сияпат көреді. Амангелді тобында 
біраз уақыт болып, оларға біраз өлең-жыр айтып көңілдерін көтеріп, кейін өз елі Көкшетау дуанына 
қайтады. Ол жайында ақын былай жырлайды: 
Жас жігіт Амангелді салды күшін, 
Таныс емес, көрген емен бұрын түсін. 
Қыпшақта Амангелді артық ер деп, 
Бұрыннан естіседі оның ісін. 
Замана  талабына  сай  ақын  шығармашылығы  да  жаңарып,  түлеп  отырған.  Патшаның  тақтан 
таюы, Қазан төңкерісі, жаңа өмірдегі мəдени-рухани өзгерістер ақын шабатына шабыт үстейді. Сол 
уақыттың саяси көзқарасына сай жұмысшы мен шаруа табының көсемі В.И.Ленинге арнап көптеген 
өлеңдер жазады. Алайда ақын жанын ауыртқан ащы шындықты да жасырып қала алмайды. Жаңадан 
құрылған жас үкіметтің келелі саясатын халыққа жеткізуде, елді басқару ісінде көптеген қателіктер 
мен  бұрмалаушылықтар  болды,  осындай  кемшіліктерге  көз  жұма  білмеген  ақын  кейбір  тəкаппар, 
менменшіл басшылардан тайсалмай жыр қаруын тағы да қолға алады. 
Жаныңда кекейгенде тұра алмадық, 
Алдыңда қия басып жүре алмадық. 
Үкімет сөйлеу, жүру ерік дейді, 
Осының қалай екен деп сыр алмадық. 
Бұрынғы Николайдың мінезіндей, 
Отырған үйіне де кіре алмадық,—  
деп ақын сол кездің өзінде-ақ ақын мінезіне тəн демократиялық сарынды байқатады. Əрине, мұндай 
өлеңдерден кейін көп ұзамай ақынның өзі де оның отбасы да кейбір солшыл шенеуніктер тарапынан 
көптеген қиындықтар көреді. Сонымен қатар Əміре ақын тек өз өнерімен ғана емес, ісімен де жаңа 
өкіметке көп қызмет көрсеткен. 1929–1931 жылдар аралығында сол аймақтардағы шағын ауылдарды 
біріктіріп, ұйымдастыру  ісіне  белсене араласады. Соның нəтижесінде  қазіргі «Бірлестік» ауылының 
іргесі  қаланды. 1931–1932 жылдардағы  аштық  зұлматы  кезінде  де  ел  іргесінің  сөгілмеуіне  көп 
атсалысады.  Кезінде,  Əміре  ақынды  көзі  көрген  ауылдың  көнекөз  қарияларының  айтуынша, 
ұжымдастыру,  одан  кейінгі  ашаршылық  кезінде  ел  азаматтарының  басын  біріктіріп  ауыл  ортасына 
алты қанат үй тіккізіп қазірге дейін сақталып келе жатқан тас құдықты қаласқан. Ақын сол кезде үш 
бөлмелі  ағаштан  қиылып  салынғын  үйде  тұрған. Бөлменің  ортасында  үлкен  үстел, үстелдің  үстінде 
қағаз, сиясауыты жататын. Ол  далаға көп шыға қоймайтын, көбіне-көп өлең  жазумен айналысатын. 
Ақын үйіне ауыл адамдары айналада болып жатқан жаңалықтарды естуге жиналады екен. Əміренің 
көптеген  қолжазбалары  Қазан  төңкерісі  кезіндегі  аумалы-төкпелі  кезеңде  Колчак  əскерлерінің 
қолына түсіп көбісі өртеледі де, үлгергендерін үй маңына шүберекке орап тығып кетті деген деректер 
бар. 
Соған  қарамастан,  ақындық  жігері  мен  қайраты  мұқалмаған  ақын  Əміре 1930-жылдары  халық 
арасында ұйымдастырылатын мəдени қызмет көрсету істеріне белсене араласады. Кейіннен Айыртау 
аудандық  комитетіне  арнайы  хат  келеді,  мұнда  халық  ақыны  ретінде  Əміреге  қамқорлық  жасалып, 
жанына  ақынның  өлең-жырларын  хатқа  түсіруіне  хатшы-көмекші  ретінде  хат  танитын  жас  біреуді 
қосуына  жəрдем  берулерін  сұрайды.  Соңында  С.Сейфуллин,  І.Жансүгіров,  Ғ.Мүсіреповтар  қол 
қояды,  осыдан  кейін  ақынның  шығармалары  қағаз  бетіне  түсіріліп  жинақтала  бастайды.  Негізінен 
ақынның  жазбаша  сауаттылығына  келетін  болсақ,  өз  кезінде  ескіше  сауатты  болғанға  ұқсайды. 
Өйткені  өзінің  өмірдерек  естелігінде  мынадай  ақынның  өз  аузынан  жазылып  алынған  дерек 
келтіріледі: «Бойға  біткен  мінез  сүтпенен  қонса,  өнер-білім,  қажеттілік  өлгенде  сүйекпен  кетеді 
дегенді»  өз  басымнан  бақылап  айтамын.  Оған  мысал  бірде  Шыңғыс  ханның  үлкен  баласы  Жақып 
төренің  үйіне  келіп,  аттан  түсіп  есігіне  барсам,  тал  түсте  ішінен  кілт  салып  қойыпты.  Адам 

75 
үндемейді,  ашпайды.  Төре  үйінде  отыр  деп  жұмыскерден  естіген  соң,  есіктің  қарағай  ақ  тақтайына 
қарындашымды ала салып, былай деп өлең жазып кеттім: 
Байғұсқа тəккəпарлық толғаныма, 
Амақын боп кəртайып солғаныма. 
Тал түсте есігіне кілт салады, 
Рəсімі шүршіт-қалмақ болғаны ма? [3] 
1934  жылы  Қазақстан  ақын-жазушыларының  І  съезіне  қатысады.  Белгілі  қазақ  ақындары 
Нүрпейіс  Байғанин,  Кенен  Əзірбаев,  Нұрқан  Ахметбековпен,  тағы  сол  сияқты  саңлақ  ақындармен 
кездесіп пікірлеседі. Одан кейінгі кезде де өткізілген облыстық, республикалық көлемдегі айтыстарға 
қатысып,  жүлделі  орындарға  ие  болады.  Одан  кейінгі  кезде  де  өткізілген 1939 жылы  Айыртау 
ауданында  құрылған  озат  еңбекшілердің  делегациясы  құрамында  Мəскеуге  де  барып  қайтады.  Сол 
кездегі  барлық  шаруалар  мен  жұмысшылардың  көсемі  Ленин  кесенесінде  болып,  кейін  сапар 
əсерінен туған өлеңдерін жергілікті баспасөз беттерінде жариялайды. 
1943  жылы  Қостанайда  Солтүстік  Қазақстан  жəне  Қостанай  облыстарының  ақындар  айтысына 
қатысып,  жүлделі  орынға  ие  болады.  Ал 1946 жылы  Жамбыл  Жабаевтың  жүз  жылдық  мерейтойын 
еліміз болып атап өттік. Осыған орай Көкшетау жерінде де үлкен айтыс ұйымдастырылады. Айтысқа 
Арықбалық  ауданынан  Шəкен  Отызбаев, Айыртау ауданы атынан  Əміре ақын шығады да, ақындар 
айтысына  төрелік  ету  құрметі  шортандық  ақын  Қалия  Жұбандықовқа  бұйырады.  Əміренің 
тапқырлылығымен, сөз саптауына риза болған Қалия ақын төрелікті қара сөзбен емес, өлеңмен былай 
деп береді: 
Қойғанда төрешіге мені деймін, 
Аузыңның кеткен екен желі деймін. 
Құр айғаймен сөзіңді естірмейсің, 
Əміре жеңіп кетті сені деймін, — 
деп  əділ  бағасын  берген  екен [4]. Кезінде  өнер  жолын  əншілік-ақындықпен  бастаған  Əміренің 
əншілік  дəуірі  көпке  созылмайды.  Жастайынан  зорлық-зомбылыққа  қаны  қас  ақын  өз  бақыты  үшін 
күресте  табиғаттың  берген  үлкен  сыйы  табиғи  даусынан  айрылады.  Ақынның  алғашқы  алған  жары 
Ұрқия қайтыс болғаннан кейін, қалың малы беріліп, беделді адамның баласына айттырылып қойған 
Бəдиша атты қызбен көңіл қосып Қостанай өлкесіне қарай қашады. Осы сапарында қуғыншылардан 
қашып  Тобыл  өзеніне  қойып  кетеді.  Күзгі  қара  суық  өз  дегенін  істеп,  ақын  табиғи  даусынан 
айрылады.  Кейіннен  көпшілікке  айтыскер  ақын  ретінде  танылады.  Əмірені  жастау  кезінде  көрген 
ауыл  адамдары  ақынның  даусы  бертінге  дейін  асқақтағанынан  айрылмағанын  баян  етеді.  Əміренің 
туған  бауыры  Сəкен  де  жастайынан  əн-жырға  жақын  болған  деседі.  Бірде  қой  жайып  отырған 
Сəкеннен жөн сұрасқан жолаушыға: 
Баласы Сұлтекеңнің, атым—Сəкен, 
Сан топқа ілдірмеген менің əкем. 
Атығай-Қарауылға мəлім болған, 
Сұрасаң Əміре ақын менің тəтем. 
Қасықтан тамған балдай сорғалайын, 
Алдыңда құнан қойдай жорғалайын. 
Болғанда əкем де ақын, тəтем де ақын, 
Мен қайтып айтар сөзден құр қалайын. 
Жалпы ақыннан қалған ұрпақ жайлы сөзге келетін болсақ, жеті ұл, үш қызы болған. Көбісі жас 
кезінде шетінеп кеткен. Ақынның үлкен ұлы Қайыржан ел ісіне араласқан білімді, білікті азамат əрі 
талантты  əнші  адам  болған  екен.  Халық  ауыз  əдебиетіне  қатысты  талай  қисса-дастандарды  жатқа 
айта білген. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Ысмайлов Е. Ақындар. –Алматы: Ғылым, 1956. — 94-б. 
2.  Қазақ Совет энциклопедиясы.— 10 т. –Алматы: Ғылым, 1979. — 96-б. 
3.  Рахым Б. Ата мұра — асыл қазына.— Қарағанды: Фолиант, 2002.—93-б. 
4.  Айыртау таңы. — 2000. — № 23. 
 
 
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirb.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет