З. О. Дүкенбаева ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағЫ Ұлт зиялылары



жүктеу 5.01 Kb.

бет9/16
Дата08.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

ДӘРІС 9. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ 
РЕСПУБЛИКА ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ДАЙЫНДАЛА БАСТАУЫ
Жиырмасыншы   жылдардың   екінші   жартысында   Қазақстанда 
арнаулы орта және жоғары білімді ұлттық мамандарға деген сұраныс өте 
күшейді.   Ал   бұл   тұста   қазақ   халқының   жаппай   сауатсыздығын   жою 
міндеті   республикадағы   ең   өзекті   мәселелердің   бірі   болып   табылатын. 
“Сауатсыздықты   жою-ең   керекті   іс”,   -   деп   жазды   1924   жылы   Сәкен 
Сейфуллин. Ол әсіресе халқы надан біздің Қазақстанға өте керекті іс. “Жүз 
адамнан   тоқсан   жеті   адамы   хат   білмейтін   елдің   еш   уақытта   қандай   ісі 
болса да алға басқан емес, әм бұл қалыппен тұрса ешбір ісі алға баспайды” 
[199]. Сондықтан халық ағарту ісі мен ұлттық интеллигенция даярлау ісі 
қатар жүргізілді.
Ұлт   зиялыларының   осы   тұстағы   оқу-тәрбие   жүйесі   туралы 
пікірталастары   толастамады.   Ахмет   Байтұрсынов,   Смағұл   Сәдуақасов, 
Аспандияр Кенжин, Иса Тоқтыбаев, Елдос Омаров, Молдағали Жолдыбаев 
сынды   қайраткерлер   халық   ағарту   ісін   ұлттық   негізде   жүргізу   идеясын 
жақтады.   Ахмет   Байтұрсыновтың   “артта   қалған   халық   қашан   да   озат 
ұлттарға тәуелді болады, сондықтан қазақ жастары елін теңдікке жеткізу 
үшін арымай-талмай білім алулары керек” [200] деген сөзін басшылыққа 
алған қазақ оқығандары ел-жұртының сауатын ашу ісіне белсенді түрде 
кірісті.   Осы   топтың   өкілі   Қошке   Кемеңгеров   алдымен   ауыл   мектебін 
көтеруден   бастау   керек,   ауыл   мектептерінің   оқытушыларының   сапасын 
арттыру үшін оларды ынталандыруды жолға қою қажет деп санады. Ол 
кейбір интеллигенттердің ауылды менсінбеуі сияқты жаман әдеттің пайда 
болғандығын қатты сынады. “Педтехникум бітіргендер әке десең де ауыл 
мектебіне   бармайды”   [201],   шалағай,   дүмбілез   мұғалімдер   балаларды 
орыстандырып,   тиісті   білім   бере   алмайды,   оқытушының   шалалығынан 
қазақ   тіліндегі   орта   мектепті   бітіргендер   орыс   тіліндегі   жоғары 
мектептерге   түсе   алмайды   деп   ұлттық   мектепті   жан-жақты   нығайту 
жолдарын қарастырды, “Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғары мектеп 
те бара-бара қазақшаға айналады” деп санады.
Қазақтың   алғашқы   жоғары   оқу   орны   –   Қазақ   пединституты   1926 
жылы   Ташкентте   ашылған   болатын.   Казпедвуздың   алғашқы   ректоры 
болып САГУ-дің соңғы курс студенті Темірбек Жүргенов тағайындалды. 
Осы   тұста   “қазаққа   жоғары   оқу   орындары   керек   пе?”   деген   сұрақ 
төңірегінде   бірталай   пікірталастың   болғандығын   айта   кету   керек. 
Халқының тоқсан пайызынан астамы сауатсыз елде (бұл жерде еуропалық 
оқу   жүйесінде   оқымағандар   жөнінде   айтылады),   бастауыш   мектептер 
жұмысын жолға қоя алмай жүргенде институт-университет туралы ауызға 
алудың өзі бос қиял деп санаған азаматтар бар күш-қайратты, өзі тапшы 
қаржы-қаражатты   бөліп-жармай   бәрін   сауатсыздықты   жою   ісіне,   яғни 
екінші сөзбен айтқанда бастауыш мектепке салуды дұрыс деп білді.
116

Қазақтың   ұлттық   мәдени-ғылыми   интеллигенциясы   орнықты 
қалыптасып үлгермеген заманда жоғары оқу орындарын ашу – қазаққа жат 
рухани құндылықтардың ұрығын себетін орындарды құру болып табылады 
деп қарсы болғандар да бой көрсетті. Ал қазақтарға менсінбей қарайтын 
шовинистік пиғылдағы келімсектер: “Қазақстанда жоғары оқу орындарын 
ашудың қажеті жоқ, жоғары білімді қазақтарға деген сұранысты Ресейдің 
ВУЗ-дарында оқып келгендер өтейді” деген жымысқы пікір ұсынды.
Әсіре   қызыл   коммунистер   және   кейін   осы   тақырыпқа   еңбектер 
жазған кеңестік тарихшылар ескі ұлттық интеллигенцияны, оның ішінде 
алашордашыл   оқығандардың   жетекшісі   Ахмет   Байтұрсыновты   қазақтың 
алғашқы   жоғары   оқу   орындарын   ашуға   қарсы   болды   деп   орынсыз 
жазғырды.   Тарихи   деректерді   объективті   түрде   саралайтын   болсақ, 
жиырмасыншы   жылдардың   орта   тұсында   қазақтың   жоғары   мектептері 
туралы мәселеде ең байсалды көзқарас ұстанған осы Ахмет Байтұрсынов 
және оның жақтастары болды. Ахмет Байтұрсынов бұқара халық арасында 
жаппай сауатсыздықты жою жұмысы мен жоғары оқу орындарында білікті 
мамандар   даярлау   ісі   қатар   жүргізілуге   тиіс   деп   санады.   Ол   болашақта 
жеке адамдар да, халықтар да білім жарысына түсетіндігін болжап біліп, 
өркениет жарысында артта қалған халық өзгеге жем болатындығын айтты.
1926   жылға   дейін   қазақтың   орта   және   жоғарғы   білімді 
шығармашылық   интеллигенциясы   Ресейде   (Мәскеу,   Ленинград,   т.б.), 
Орынборда   (ПИНО-практикалық   халық   ағарту   институты,   КИНО), 
Ташкентте   (Түркістан   мемлекеттік   университеті),   САГУ   –   Ортаазиялық 
мемлекеттік   университеті,   САКУ   –   Ортаазиялық   коммунистік 
университеті, Казинпрос даярланып келді. 1928-1933 жылдар аралығында 
Қазақ   пединституты   (1928),   Алматы   зооветинституты   (1929),   Қазақ 
ауылшаруашылық институты (1930), Алматы медицина институты (1931), 
Орал   пединституты   (1932)   ашылды.   Ұлттық   шығармашылық 
интеллигенция   осы   тұстан   бастап   Қазақстанның   өз   ішінде   дайындала 
бастады.
1927   жылы   11   желтоқсанда   БК(б)П   Қазөлкекомының   хатшылығы 
Халық   ағарту   халкоматының   жанындағы   Ғылыми-әдістемелік   кеңестің 
құрамын   бекітті.   Республикадағы   ғылымның   дамуына   қатысты   барлық 
мәселелердің   үйлестірушісі   болған   осы   Кеңеске   Ахмет   Байтұрсынов, 
Сәкен   Сейфуллин,   Телжан   Шонанов,   Молдағали   Жолдыбаев,   Мұхтар 
Мұрзин,   Әбдірахман   Байділдин   сынды   қайраткерлер   мүше   болып 
белгіленді [202].
1928 жылдың аяғында  құрылған Қазақ университеті жоғары білім 
ошағы   болуымен   қатар   ғылым   ордасы   да   болды.   КазГУ-дің   ректоры 
Санжар   Аспандияровтың   қолы   қойылған,   1928   жылдың   бесінші 
желтоқсанында   жазылған   “КазГУ   жанындағы   ғылыми-зерттеу 
ассоциациясының   жұмысы”   атты   құжатта   осы   ғылыми   ұйымның 
құрылысы – өлкетану, тарих, әдеби-лингвистика, биология т.б. секциялар 
117

және   қызметінің   негізгі   бағыттары   –   Қазақстанның   тарихын, 
этнографиясын, мәдениетін, экономикасы мен өндіргіш күштерін зерттеу, 
экспедициялар   жасақтау,   ғылыми   қызметкерлер   дайындау,   олардың 
біліктілігін   жетілдіру   арқылы   “Қазақ   КСР-інде   ғылыми-зерттеу 
жұмысының   берік   іргетасы   қаланады”  [203]  деген   сенім   білдіріледі. 
Тұңғыш ұлттық университетке қазақтың сол тұстағы ғылым иелері көптеп 
жиналды.   БК(б)П   Қазөлкекомы   басшылығына   салсақ,   олар   университет 
оқытушыларын   түгелімен   ресейліктерден   жасақтауға   баратын   еді. 
Қазақтың   бағына   қарай   осы   кездегі   республика   Халық   ағарту   халкомы 
болып істейтін ұлтжанды азамат Ораз Жандосов бұл ізгілікті істе партия 
басшылығының жетегінде кеткен жоқ. 
Ораз   Жандосов   қазақтың   тұңғыш   жоғарғы   орындарына   ұлттық 
шығармашылық   интеллигенция   өкілдерін   молынан   тартуға   нақты 
қадамдар жасады. 1928 жылы 11 шілдеде БК(б)П Қазақ өлкекомның үгіт-
насихат   бөліміне   жазған   қатынас   қағазында   ол   бұрынғы   Алашорда 
қайраткерлері   Мұхтар   Әуезов   (Ленинград   университетінің   түлегі), 
Абдолла   Байтасов   (САГУ-ді   бітірген),   Ғазымбек   Бірімжановты   (Берлин 
университетін бітірген) “Бізге қарсы лагерьдің, партияда жоқ үш жас өкілі” 
деп ашық баяндай отырып, оларды оқытушылық қызметке орналастыруды 
ұсынды  [204].   Ол   Мұхтар   Әуезовтің   әдебиетті   зерттеуде   әлеуметтік 
имманенттік әдіске (яғни әдебиетті қоғамдық құбылыс деп қарап, оның 
ішкі ерекшеліктеріне сай зерттеу – З.Д.) көшкендігін атап өтеді. Тарихи 
әдебиеттерде Ораз Жандосовтың ұлы жазушы Мұхтар Әуезов тағдырына 
тигізген осы игілікті әсеріне жұртшылық назарын алғаш аударған Ұлттық 
Ғылым   академиясының   академигі,   тарих   ғылымдарының   докторы 
профессор   Кеңес   Нүрпейіс   болды  [205].   Кадр   мәселесінің   түгелімен 
Коммунистік   партия   комитеттерінің   қолында   болғандығын   ескерсек, 
Мұхтар   Әуезовтің   көп   ұзамай   Казинпростың   қазақ   әдебиеті   тарихының 
оқытушысы   әрі   САГУ-дің   шығыстану   факультетінің   аспиранты   болып 
орналасуына   Ораз   Жандосовтың   оған   жоғарыдағыдай   кепілдеме   беруі 
шешуші рөл атқарды деп пайымдауға болады.
Алаш   қайраткерлерін   Ораз   Жандосовтың   ғылыми-педагогикалық 
қызметке тартуы жөнінде әлі жарық көрмеген мұрағаттық құжаттар бар. 
Солардың бірі: шамамен осы тұста (датасы көрсетілмеген) РКФСР Халық 
ағарту халкоматына жазған хатында Ораз Жандосов құрылғалы отырған 
Қазақ   университетінің   оқытушылар   құрамын   құрастыруға   Мәскеу   мен 
Ленинград   ғалымдарынан   көмек   күтетінін   айта   келіп,   университетке 
ұстаздық етуге Ташкенттегі Қазақ Халық ағарту институтынан қазақ тілі 
кафедрасының профессоры Ахмет Байтұрсынов, педология кафедрасының 
доценті Халел Досмұхамедовты, математика кафедрасының аға ассисенті 
Әлімхан   Ермековты   ғана   Алматыға   шақыратындығын,   қазақ   тілі 
оқытушысы   қызметіне   Елдос   Омаровтың   шақырылуы   мүмкіндігін, 
118

“бұларға   әлі   ғылыми   атақ-дәрежелер   берілмегенімен   қазақтан   шыққан 
ғылым қайраткерлері” [206] деп хабарлайды.
1928   жылы   26   маусымда   БК(б)П   Қазөлкеком   бюросының   арнайы 
шешімімен   Қазақ   мемлекеттік   университетін   құру   жөніндегі 
ұйымдастырушы   комиссиясының   төрағасы   етіп   бекітілген  [207].   Ораз 
Жандосовтың университетті құру бағытындағы қажырлы іс-әрекеті қазақ 
ғылымын ұйымдастыру әрекеті болды деп бағалауға әбден болады. Білім 
мен   ғылымның   бір   арнаға   тоғысатындығы   өзге   де   қайраткерлердің 
қызметінен көруге болады. 
Қазақ   мемлекеттік   университетіндегі   ескі   оқығандарды   партия 
мүшелерімен ауыстыруға тырысқан БК(б)П Қазақ өлкекомының бюросы 
1929   жылдың   9   қаңтарында   төмендегідей   шешім   қабылдады:   “В   целях 
обеспечения   марксистского   воспитания   студентов   КазГУ   –   т.т.   Ораза 
Джандосова и Абдрахмана Байдильдина освободить от всех практических 
работ по занимаемым должностям, предложив им все свое время посвятить 
пополнению своих научных знаний с тем, чтобы к будущему учебному 
году   они   заняли   кафедры   по   общественно-политическим   дисциплинам, 
заменив   идеологически   чуждых   преподавателей”  [208].   Алайда,   Ораз 
Жандосов   пен   Әбдірахман   Байділдин   ғылыми-педагогикалық   қызметке 
ауыса алмады.
Қазақстандағы   тұңғыш   медициналық   жоғарғы   оқу   орны   – 
Алматыдағы   мединститутты   ұйымдастырушысы   әрі   оның   алғашқы 
ректоры   (1930-1931)   Санжар   Аспандияров   (1889-1938)   республиканың 
Денсаулық сақтау халық комиссары қызметін қоса атқарды (1931-1933). 
1931   жылы   маусымда   мединституттың   ректоры   болып   Есенғали 
Қасаболатов   (1989-1938)   тағайындалды  [209].   Санжар   Аспандияров 
атындағы қазақ мединститутының мұрағатындағы Есенғали Қасаболатов 
қол   қойған   құжаттарда   ғылымға   қатысты   деректер   кездеседі. 
Мединститутқа   ол   ассистент   ретінде   қабылданып,   аспирант,   кафедра 
меңгерушісі,   доцент   болып   та   қызмет   атқарды  [210].   1932   жылы   22 
ақпанда Есенғали Қасаболатовтың бұйрығымен институтта медициналық 
терминология   комиссиясы   құрылды  [211],   бірталай   жаңа   кафедралар, 
зертханалар ашылды.
Мұрағаттық құжаттар Алматыдағы алғашқы жоғары оқу орындарын 
ашудың   қандай   мәселесі   болмасын   үлкен   таласпен   шешілгендігін 
көрсетеді.   Бұл   тартыс   оқу-білім   беру   ісіне   қолайлы   жағдай   жасауға 
ұмтылған   қазақ   интеллигенттері   мен   мемлекет   органдарының 
чиновниктері арасында өтті.
Мысалы,   1929   жылғы   19   қарашада   БК(б)П   Қазақ   өлкелік 
комитетінде   Алматының   Бас   арығының   оңтүстігінде   жоғарғы   оқу 
орындары   үшін   Оқу   қалашығын   салу   мәселесі   жөнінде   кеңейтілген 
мәжіліс   болып   өтті.   БК(б)П   Қазөлкекомының   үгіт-насихат   бөлімінің 
меңгерушісі Садықбек Сапарбеков (1902-1938) басшылығымен өткен бұл 
119

мәжіліске Иса Тоқтыбаев (Наркомпрос), Ивановский (ПП ОГПУ), Санжар 
Аспандияров   (КазМУ),   Сайкович   (Зооветинститут   ректоры)   Кондрашев 
(архитектор) т.б. қатысты. Садықбек Сапарбеков Наркомпростың арнайы 
комиссиясы   ҚазМУ,   зоотехникалық-малдәрігерлік,   Комвуз   және 
болашақта ашылуға тиісті жоғары оқу орындарын бір жерге орналастыру 
мақсатында   аталған   жерді   қолайлы   деп   тапқандығын   және   Бас   арыққа 
жақын   салынған   әскери   қалашық   пен   оның   атқорасының   орналасуы 
ақылға   симайды   (“результат   головотяпства   Горкомунотдела”,   бүгінгі 
сөзбен   айтқанда   әскерилердің   атқорасы   қалаға   экологиялық   зиян 
келтіретін мекеме болды), сондықтан оны басқа жаққа көшіріп, осы жерде 
оқу   қалашығын   салуымыз   керек   деп   қазақ   зиялыларының   көзқарасын 
білдірді. Оны Санжар Аспандияров қолдап сөз сөйледі. Ивановский бұл 
жерде   ГПУ-дің   дивизионы   тұрғандығын,   оны   басқа   жерге   көшіруге 
болмайтындығын айтып, әскерилердің үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. 
Архитектор   да   әскери   қалашықты   ол   жерден   алу   керектігін   айтты. 
Осындай   қызу   пікірталас   үстінде   Садықбек   Сапарбеков   өз   көзқарасын 
өткізді.   Мәжіліс   қабылдаған   қаулыда   бұл   учаске   “вполне   отвечает   по 
своим   климатическим   и   санитарным   условиям   для   постройки   учебного 
городка   краевых   вузов,   воспитывающих   казахскую   молодежь,   которая 
особо   страдает   от   городских   условий   жизни”  [212]  делінді.   1929   жылы 
Садықбек   Сапарбеков,   бастаған   қазақ   зиялыларының   қайрат-қажыры 
арқасында Бас арықтың оңтүстігінде оқу орындары салынып, бүгінде бұл 
жерде   –   Абай   проспектісі   бойымен   Достық   проспектісінен   Фурманов 
көшелері аралығында КИМЭП пен Ауыл шаруашылығы академиясының 
ғимараттары бой түзеп тұр.
1927-1930 жылдары бұрын жиі қайталанып, жауыр болған “сауатты 
қазақ   кадрлары   жоқ”   деген   ескі   мәселе   қайта   көтеріліп,   енді   латын 
алфавитімен   оқытатын   мұғалімдер   жоқ   деген   сарындағы   әңгіме   өрбіді. 
Мұнымен бірге,  ежелден артта  қалып керген қазақтың  мәдениеті төмен 
деген кемсітушілік тағы жиі көрініс бере бастады. Қазақты “мәдениетті ету 
үшін” Ресейден жіберілген мамандар легі көбее түсті. Бұл жағдай қазақтың 
бүкіл интеллигенциясына сын сағат түскеніндей, саналы қауымның ұлттық 
намысына түрткі болғандай әсер етеді. 
Мұсылман халықтарының дәстүрлі жазуын латынға көшіру туралы 
идея   Қазақстанға   сырттан   әкелінді.   Түпкі   мақсаттары   түркі   жұрттарын 
ұлтсыздандырып, орыстандыру болған коммунистер ұйымдастырған саяси 
науқан  Қазақстанда   табанды   қарсылыққа   кездесті.   Араб   жазуына   қарсы 
сөздер қазақтар арасында 1923 жылдың аяғына таман естіле бастады. Бұл 
мәселенің   Қазақстанда   көтерілуіне   Әзірбайжан,   Татарстан   сынды 
республикаларының латынға бет бұрыс жасауы түрткі болды.
Бастапқы   кезеңде,   1926-1927   жылдарға   дейін,   қазақтың 
шығармашылық   интеллигенциясы   бұл   идеяны   қолдамады,   жазуды 
латындандыру   саясатына   жаппай   қарсылық   көрсетті.   1924   жылдың 
120

маусымында өткен Қазақ АКСР-і ғылыми қызметкерлерінің бірінші съезі 
(сол кездегі баспасөз бетінде “Қазақ білімпаздарының тұңғыш тобы” деп 
аталды),   қазақ   арасында   алғашқы   латыншылар   пайда   болғандығын   паш 
еткенімен   олардың   әлі   де   болсын   айтарлықтай   күш   алмағандығын 
байқатты.   1926   жылдың   наурызында   Бакуде   өткен   Бүкілодақтық 
түркологиялық бірінші съезге қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Әзіз 
Байсейітов,   Елдос   Омаров,   Біләл   Сүлеев,   Телжан   Шонанов,   Нәзір 
Төреқұлов   қатысты   (Хамит   Маданов   “Қазақ   мәдениетінің   тарихы” 
кітабында төрт адамды атайды. Қараңыз: Алматы, Қаржы-қаражат, 1998. 
243б.).   Бұл   съезде   Ахмет   Байтұрсынов   бастаған   қазақ   зиялыларының 
қарсылығына   қарамастан,   барлық   түркі   халықтарының   жазуларын 
латындандыру туралы шешім қабылданды. Бұл шараға жетекшілік ететін 
жаңа   түркі   алфавитінің   Орталық   Комитеті   құрылып,   оған   Нәзір 
Төреқұловтан басқа қазақ кірмеді. 1927 жылы 9 маусымда БК(б)П Қазақ 
өлкеком   секретариаты   Қазақ   КСР   Халық   Комиссарлар   Кеңесіне   латын 
алфавитін насихаттайтын республикалық комитет құруды, оның құрамына 
Нығмет   Нұрмақов   (төраға),   Телжан   Шонанов,   Әбдірахман   Байділдин, 
Ғаббас   Тоғжанов,   Ораз   Жандосов,   Қайыпов   пен   Ормантаев   енгізілуін 
ұсынды [213]. 
1927   жылдың   17   тамызында   БК(б)П   Қазөлкекомы   үгіт-насихат 
бөлімінің   меңгерушісі,   Жаңа   алфавитті   енгізу   жөніндегі   Орталық 
Комитеттің төрағасы Ораз Жандосов бұдан әрі алфавит туралы пікірталас 
жүргізуден   келер   еш   пайда   жоқ,   сөзден   іске   кірісу   керек,   шұғыл   түрде 
жобасын   Нәзір   Төреқұлов   жасаған   латын   жазуындағы   әліппелерді   көп 
дана   етіп   басып   шығарып,   елге   тарату   керек   деп   атап   көрсетті  [214]. 
Алайда,   коммунистер   тарапынан   қысым   күшейген   сайын   Ахмет 
Байтұрсыновтың жақтастары да өздерінің қарсылық әрекеттерін күшейте 
түсті. “Ескішілер” мен “Жаңашылар” күресі созыл-малы сипат алды. 1928 
жылдың   аяғында   Әбдірахман   Байділдин:   біздің   қарсыларымыз   – 
арабшылар ашық қарсылықтан жасырын қарсылыққа көшті, ендігі уақытта 
жаңа алфавит ескімен қатар өмір сүре алмайды, сондықтан мүмкіндігінше 
тез іс жүргізуде, оқу-ағарту ісінде және баспасөзде арабшылар ысырылу 
керек деп қауырт қимылға көшуді ұсынды [215]. 
Халық ағарту саласында қызмет істейтін шығармашылық, ғылыми 
интеллигенция   өкілдерінің   жұмысы   күрделеніп,   енді   ғана   қалыптасып, 
аяғынан тік тұра бастаған оқу жүйесін – сауат ашу мектептерінен жоғарғы 
оқу   орындарына   дейін   –   оқытушылар   мен   оқушыларды   қайта   оқыту, 
бағдарламаларды   өзгерту,   оқулықтарды   латыншаға   аудару   сияқты   т.б. 
көптеген   ұйымдастырушылық-техникалық   шаруалармен   айналысуына 
тура келді. Компартия комитеттерінің асықтыру - айдауымен 1928 жылы 
қауырт   қарқынмен   жүргізіле   бастаған   алфавитті   ауыстыру   саясаты 
ғалымдардың шығармашылық жұмыстарына кері әсерін тигізбей қоймады. 
121

“Шығыстағы революцияны” (В.И.Ленин), дүниежүзілік маңызы зор 
шараны іске асыруда біз Ахмет Байтұрсынов тарапынан үлкен қарсылыққа 
тап   болдық   деп   жазды   Ғаббас   Тоғжанов.   “Чего   только   не   сочинял,   не 
выдумывал   Байтурсынов!   Байтурсыновы   всячески   старались 
спровоцировать   это   движение   за   новый   алфавит   и   распространяли   по 
“узун-кулаку”   всякие   контрреволюционные   провокационные   хабары   о 
новом   алфавите.   Они   говорили,   что   “принятие   нового   алфавита   – 
равносильно принятию христианства”, что “это политика русификации”, 
что   это   “война   христиан   против   ислама   и   т.д.”  [216]  -   деп   айтпағанды 
айтты деп тым асыра сілтеді. 
Өзге түркі республикалары латынға көшу ісімен 6-7 жыл айналысып 
жатқанда, Қазақстан бұл іске 1927 жылы ғана шындап кірісе бастап, көш 
соңында   қалғандығы   Мәскеуді   қатты   қобалжытты.   1927   жылдың 
қыркүйегінде Қызылордаға Жаңа түркі алфавитінің Бүкілодақтық Орталық 
Комитетінің   төрағасы   С.Ағамалы-оғлы,   1928   жылдың   маусымында   осы 
мекеменің   нұсқаушысы   келді,   тексеріс   жүргізіліп,   елді   латынға   көшіру 
жұмысын   жеделдету   шаралары   жасалды.   1928   жылдың   23   маусымында 
Жаңа   түркі   алфавитінің   Бүкілодақтық   Орталық   Комитетінің   төралқасы 
Қазақстан  өкілі Шәймерден Тоқжігітовтің  есепті баяндамасын тыңдады. 
Шәймерден   Тоқжігітов   латынға   көшу   жұмысының   республикада   шабан 
жүргізілуінің үш түрлі себебін айтып ақталды. Біріншіден, Кеңес өкіметі 
1920   жылы   қазақ   жерінде   орныққаннан   бері   большевиктердің   күш-
қайраты   негізінен   саяси-экономикалық   мәселелерді   шешуге   жұмсалып 
мәдениет   істері   тасада   қалды.   Екіншіден,   Қазақстанда   арабшылардың 
ықпалы көпке дейін басым болып келді. Үшіншіден, жаңа әліпбиге көшу 
ісіне   басшылық   жасауға   тиісті   Халық   ағарту   халкоматы   соңғы   уақытқа 
дейін латынның енгізілуіне ашық та астыртын да қарсылық көрсетіп келді 
(“саботаж жасады”) [217].
Қосымша   қиыншылықтар   тудырғанымен   алфавит   ауыстыру 
мәселесіне   қазақтың   шығармашылық   интеллигенциясы   өзінің   төл   ісі 
ретінде   жақын   көріп   белсене   араласты.   Қазақ   АКСР   ОАК-і   ІV-
сессиясының (1928 жылы 20 желтоқсан) латын алфавитіне көшу туралы 
ресми шешімінен [218] кейін және БК(б)П Қазөлкекомы секретариатының 
арнаулы   қаулысымен   (1929   жыл   10   ақпан)   араб   жазуымен   жазылған 
кітаптарды   шығармау   жөніндегі   республика   баспаларына   берген 
нұсқауынан  [219]  соң   латынға   қарсы   күрескен   Ахмет   Байтұрсынов 
бастаған төте жазудың қорғаушылары да аз уақыт ішінде шығармаларын 
латын   алфавитімен   жазуға   көшті.   1932   жылғы   1   қаңтарда   ҚазОАК-нің 
төралқасы халкоматтар мен республикалық мекемелерде латын алфавитіне 
көшудің барысын тағы да қарады. Халық ағарту халкомы әрі Қазақтың 
жаңа алфавитіне өту комитетінің ОК-нің төрағасы Сейітқали Меңдешевтің 
баяндамасы, “Еңбекші қазақтың” редакторы Ғаббас Тоғжанов пен Қазақ 
мемлекеттік   баспасының   меңгерушісі   Ғабит   Мүсіреповтың   қосалқы 
122

баяндамалары талқыға салынып, кезекті қаулы қабылдады [220]. Қаулыда 
мемлекеттік   басқару   аппаратының   өзі   латынға   көшіп   болмағандығы, 
өлкелік   мекемелер   қызметкерлерінің   әлі   40   пайызы   араб   жазуын 
қолданатындығы, ал аудандық басшылардың 60 пайызы араб жазуымен іс 
жүргізетіндігі туралы айтылды. Ғаббас Тоғжанов пен Ғабит Мүсіреповтың 
келтірген   мәліметтері   ұлттық   шығармашылық   интеллигенцияның   ресми 
латыншыларға   қарағанда   жаңа   алфавитті   меңгеруде   көбірек   белсенділік 
танытқандығын, жаңалық атаулыны өзгелерден бұрын игеріп, икемділігін 
танытты. Сырт көзге латыншылар отызыншы жылдардың басында толық 
жеңіске жеткендей көрінгенімен, араб жазуы өмірден біржола кеткен жоқ. 
Әдеби   және   ғылыми   интеллигенцияның   кейбір   өкілдерінің 
мұрағаттарындағы   жеке   қорларында   олардың   қырқыншы,   елуінші,   тіпті 
бергі жылдарда да араб және кириллица жазуларын қатар қолданғандығын 
көрсететін жәдігерлер кездеседі (Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ғабит 
Мүсірепов және т.б.). 
1926-1932   жылдар   қазақтың   шығармашылық   интеллигенциясының 
тарихында үлкен белес болып қалды. Бұл кезеңде ақын-жазушылар, өнер 
адамдары   коммунистік   қысымның   күшеюіне   қолдарынан   келгенше 
тойтарыс бере отырып, шығармашылық қызметін жалғастырды. 1928-1930 
жылдары   ескі   интеллигенция   өкілдеріне   қарсы   саяси   қуғын-сүргіннің 
алғашқы толқыны ұйымдастырылды. Жүсіпбек Аймауытов, Диқан Әділев, 
Әбдірахман   Байділдин,   Шәкәрім   Құдайбердіұлы,   Үкілі   Ыбырай   сынды 
азаматтар қызылдар қолынан қаза тапты.
123


1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал