З. О. Дүкенбаева ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағЫ Ұлт зиялылары



жүктеу 5.01 Kb.

бет8/16
Дата08.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16

ДӘРІС 8. КӨРКЕМӨНЕР ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ 
ӨСУІНДЕГІ ҚАЙШЫЛЫҚТАР
1926   жылғы   13   қаңтарда   Қазақтың   мемлекеттік   драма   театрының 
шымылдығы   тұңғыш   рет   Қошке   Кемеңгеровтің   “Алтын   сақина” 
пьесасының премьерасымен ашылды. Бұл оқиға қазақ мәдениетіндегі жаңа 
кезеңді   бастаған   үлкен   белес   болды.   Ал   шығармашылық 
интеллигенцияның   қалыптасу   тұрғысынан   алып   қарағанда,   бұл   тарихи 
оқиға ұлттық театр қызметкерлерінің өсіп-жетілуінің бастамасы еді. 
Жас   театрдың   теориялық   және   практикалық   мәселелерін   шешуге 
атсалысқан шығармашылық интеллигенция өкілдерінің арасында Мұхтар 
Әуезовтің еңбегі ерекше дараланады. 1926 жылдың ақпанында “Еңбекші 
қазақтың” бірнеше санында жарияланған “Жалпы театр өнері және қазақ 
театры”   деген   көлемді   зерттеу   мақаласында   Мұхтар   Әуезов   әлемдегі 
өркениетті   делінетін   елдердің   театр   өнерін   дамыту   тәжірибесін   терең 
саралап, үлгі боларлық жайттарды қорыта келіп, қазақтың ұлттық театры 
қандай болуы керек деген өзекті сауалға ғылыми тұрғыдан жауап табуға 
ұмтылды.   Мұхтар   Әуезов   ұлт   театрының   алғашқы   адымы   сәтті   болуы 
үшін,   халыққа   жақын   болуы,   одан   нәр   алуы,   оған   мейлінше   түсінікті 
болуы үшін екі түрде өсіп-дамығаны жөн деп есептеді. Біріншісі – қалың 
елге   ұғымды   қыр   театры,   негізінен   ел   әңгімелері   мен   салт   ойындарын 
ойнайтын көшпелі театр, екіншісі – бірінші кезекте өркениетті елдердегі 
талаптарға   сай,   жоғары   мәдени   дәрежеге   сәйкес   болуға   ұмтылған 
қазақтың қала театры [181].
Журналист, әдебиет сыншысы ретінде танылған Жәкен Сәрсенбин 
өзін театрдың жанашыры ретінде көрсетті. Мұны 1925 жылдың басында 
Жүсіпбек   Аймауытов   екеуінің   пікірталасынан   байқауға   болады.   Жәкен 
Сәрсенбин қазақ тілінде театр кітабы жоқ деп, өркениетті елдерден үлгі 
алып ұлттық шығармашылық интеллигенцияны осы жаңа бағытта белсене 
қимылдауға шақырады. Оған Жүсіпбек Аймауытов біздің “жоғымыз” көп. 
Оқу комиссариаты баспалардың жоспарына тек қана оқулықтар мен саяси 
әдебиеттерді   ғана   кіргізеді,   жалпы   өкімет   тарапынан   жанашырлық 
көрінбейді:   “Әдебиеттің   керектігін,   әдебиет   тіршілік   жүзінде   зор   құрал 
екендігін бағалап назар салып, көтермелеп отырған жан бар ма? Әдебиетке 
қамқор   көзқарас   болмай,   әдебиетшілерге   тәрбие-тәлім   берілмей, 
жазушыларды қара жұмысқа салу қойылмай, қай түрде болсын, әдеби сөз, 
әсіресе театр кітабы тумақ емес” [182], өзінің екі-үш пьесасын жарыққа 
шығарамын деп бос әуреленгендігін тілге тиек етеді де, “Басылмайтын, не 
елге, не өзіме пайдасы жоқ сөзді жазып жыным бар ма? Көрмегенім театр 
кітабы   болсын.   Әуелі   –   тағам,   екінші   –   қалам”   деп   молдалар   айтатын, 
күнелту   үшін,   күн   көріс   үшін   ұсақ-түйек   нәрселермен,   аудармамен 
айналысуға   мәжбүр   болғандығын   айта   келіп:   “Әдебиетті   бағалайтын   ел 
ақынға етік тіккізбес болар” деп түйіндейді.
106

1927   жылы   13   қаңтарда   театрдың   бір   жылдығына   орайластырып 
қойылған   Ержан   Ерденаевтың   “Малқамбай”   комедиясын   көрген   Қаныш 
Сәтбаев театр группасының бір жыл ішінде бірталай тәжірибе жинақтап, 
ысылып,   түзу   бет   алғандығын   жаза   келе,   оның   кемшіліктерін   де 
жанашырлық   тұрғысынан   атап   көрсетті.   Қаныш   Сәтбаев   қазақ   елінің 
күйшілер,   сазгер,   домбырашыларға   бай   екендігіне,   группаға   шебер 
музыкалық   күштерді   тартудың   қажеттігіне   ерекше   тоқталып   өтеді. 
Театрдың   дұрыс   қалыптасып,   өнерінің   өркендеуіне   группа   мүшелері 
немесе Қазақстанның Оқу халық комиссариаты ғана емес, бүкіл әлеумет 
жауапты   екендігін   алға   тартты.   Қаныш   Сәтбаев   мақаласының   соңында 
“Қорытып келгенде, қазақ ұлт театрының келешектегі жолына төменгі үш 
бағыт негіз болуы керек” деп білеміз: 
“Театр – ел өмірінің түзу айнасы. Театр – ел міндерінің құрулы тезі, 
төреші   ұстазы.   Театр   –   қазақтың   салт-сана,   күйі,   сарындары   сияқты 
мәдениет, өнер кендерінің терең ошағы, ұйытқысы” [183] деп түйіндейді. 
Ғұлама ғалым қазақ театрының ұлттық сипатта өркендеуіне кәміл сенген 
зиялылардың пікірін білдірді. 
Қаралып отырған уақыт кезеңінде қазақтың аса дарынды әншісі Әміре 
Қашаубаевтың (1988-1934) атақ-даңқы кеңінен тарады. Әміре Қашаубаевтың 
тұлғасын, шығармашылығының мән-мағынасын түсінуге ол туралы Мұхтар 
Әуезов,   Сәкен   Сейфуллин,   Смағұл   Сәдуақасов,   А.В.Затаевич   Әлкей 
Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Жұмат Шанин сынды замандастарының жазып 
қалдырған пікірлері үлкен көмек көрсетеді. Әміре Қашаубаевтың әншілік, 
артистік,   музыкалық   өнерін   тануға   бүгінгі   зерттеушілер   Ж.Шәкәрімов, 
З.Қоспақовтардың   еңбегіне   қарағанда,   Иса   Байзақов,   Жүсіпбек   Елебеков, 
Құрманбек Жандарбеков те бірталай үлес қосты.
Біздіңше,   қазақ   өнертану   ғылымында   Әміретанудың,   Әміре 
Қашаубаевтың феноменін зерттейтін ғылым орнығуы керек. Әміретануда 
Сәбит   Дөнентаевтің   шәкірті   ақын   Сәду   Машақовтың   өз   орны   бар. 
Алғашқы өлеңі Семейдің “Қазақ тілі” газетінде 1925 ж. жарияланған Сәду 
Машақов,   осы   басылымда   30   жылға   жуық   (1928-1961   жж.)   еңбек   етіп, 
газеттің өсіп-өркендеуіне аянбай қызмет етті. Ол соғысқа дейін талай өлең-
жырлары,   поэмаларының   жинақтары   шығып   атақты   ақын   аталса   да, 
ізденгіштігін қоймай, жасы елуден асқанда Семей пединститутының тіл-
әдебиет   факультетін   оқып   бітірді.   Әміре   Қашаубаевтың   поэзиялық 
бейнесін алғаш жасаған осы Сәду Машақов болды (“Әміре” дастаны). Бұл 
шығарма   туралы   ақын   Дихан   Әбілев:   “Қазақтың   Шаляпині   –   Әміре 
Қашаубаев   туралы   поэмасында   өнер   адамы   жөнінде   жазылғандардың 
ішінде   сәтті   өрнектелген.   Сүйсініп   оқылатын,   өміршеңдік   орын   алатын 
поэма” деп жазды [184].
1926-1932 жылдар коммунистердің қазақ өнеріндегі сабақтастықты 
үзуге көп күш салған кезі болды. Халық өнерпаздары туған ел-жұртының 
ілтипат-қолдауына   әрдайым   ие   болғанымен,   Кеңес   үкіметі   тарапынан 
107

салқан   көзқарасқа   ұрынды,   кейбір   өнер   иелері   қуғынға   ұшыратыла 
бастады.   Қазақтың   сал-серілерінің   сән-салтанаты,   еркін   өмірі 
большевиктердің өшпенділігіне тап болды. Шала сауатты қызыл әкімдер 
көп   жағдайда   әнші,   композитор,   домбырашы   сынды   өнерпаздардың 
қадірін түсінуге ниет етпеді, керісінше, оларды байшылдар, феодализмнің 
сарқыншағы, еңбекші таптың жаулары, пролетариат идеологиясына қарсы 
әрекет   етушілер   санатына   жатқызды.   Мұндай   көр   соқыр   саясат   ұлттық 
өнерді өсірмеді, оны біртіндеп өшіруге бағытталған еді.
Кеңестер   дәуірінде   әндері   жиі   айтылғанымен,   есімі   ауызға 
алынбаған, большевиктердің қуғынға салып, Қиыр шығысқа айдалып қаза 
болған Ыбырай Сандыбаев (1860-1932) Біржан сал мен Ақан серінің соңғы 
ізбасары болды. “…Балалық шағымда өнеріне қатты қызыққан “осындай 
болсам-ау!”   деп   арман   еткен   адамның   бірі   –   Үкілі   Ыбырай”  [185]  деп 
жазып   қалдырған   еді   Сәбит   Мұқанов.   Жазушы   Үкілі   Ыбырайдың 
“Еркөкше” жырын бір түн, парсының “Тотының тарауын”, арабтың “Мың 
бір түнін” әлденеше күн жырласа да жалықпайтындығын жазады. Сәкен 
Сейфуллинмен   Ыбырай   1927   ж.   Бурабайда   кездесіп,   сол   жолы   атақты 
“Көкше” әнін шығарады. Сәкен Сефуллин “Көкшетау” поэмасында Үкілі 
Ыбырайды   қазақ   жұртының   бақытына   орай   туған,   топ   жарған   жүйрік 
тарлан,   сауық-сайранның   пірі,   кернейге   ұқсаған   дауысы   дауылдай 
күркіреп,  алты  қырдан  естілетін   “өзі  ақын,  ән  шығарғыш,   домбырашы” 
[186] деп сипаттады.
Үкілі   Ыбырайдың   әндерін   А.В.Затаевичке   Иса   Байзақов,   ақындар 
Ғалым   Малдыбаев,   Ә.Бегішев,   Сәкен   Сейфуллин,   Сәбит   Мұқановтың 
айтуымен нотаға түсіріп, жоғалудан аман сақтап қалды. Үкілі Ыбырайдың 
шығармаларын 1926 ж. Ақмола губерниялық оқу бөлімінің қызметкерлері 
қағазға түсірді, сонымен қатар ақын Жақан Сыздықов, Сәкен Сейфуллин, 
Сәбит   Мұқанов   Ыбырайдың   өлеңдерін   губерниялық   “Бостандық   туы” 
және   республикалық   “Қызыл   Қазақстан”   журналында   жариялады  [187]. 
Ғалым   Есмағамбет   Ысмайылов   өзінің   15   жасында   Көкшетау 
жәрмеңкесінде   естіген   Үкілі   Ыбырайдың   ғажайып   дауысын   ешқашан 
ұмытпайтындығын жазды.
Үкілі Ыбырайдың ұлт мәдениетіне қосқан аса бағалы мұрасын бізге 
жеткізуге оның жиені әрі шәкірті әнші-ақын Тайжан Қалмағамбетов (1878-
1938) көп еңбек сіңірді. Тайжан Қалмағамбетовтың Шеген ақынмен (1926) 
және 1930 ж. Болман ақынмен айтысы қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік 
орын   алды.   Жазушы   Сәбит   Мұқанов   1929   ж.   Голощекинмен   бірге 
Қарсақпайға барған сапарында Тайжан Қалмағамбетовпен кездесіп, оның 
Біржан   сал,   Ақан   сері,   Үкілі   Ыбырай,   Балуан   Шолақ,   Ғазиз,   Құлтума 
сынды   Арқа   композиторларының   әндерінен   білмейтіні   жоқтығын   атап 
көрсетті [188].
1928   жылдың   17   желтоқсанында   Қазақ   драма   театрының   тұңғыш 
директоры   болған   Д.   Әділов,   29   желтоқсанда   Міржақып   Дулатов,   1929 
108

жылдың   13   мамырында   Жүсіпбек   Аймауытов,   28   мамырда   Ахмет 
Байтұрсынов,   20   шілдеде   Мағжан   Жұмабаев   ұсталды.   1930   жылдың 
шілдесінде   дәрігер   әрі   журналист   Ж.Тілеулин,   тамызында   қазақтың 
тұңғыш   инженері   әрі   тарихшы   Мұхаметжан   Тынышбаев   пен   қоғам 
қайраткері, заңгер Жақып Ақбаев тұтқындалса, қыркүйек айында Халел 
Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров, С. Қадырбаев, Біләл 
Сүлеев,   Жұмахан   Күдерин,   М.Бұралқиев,   М.Мұрзин   сынды   Алаш 
зиялылары, ұлттық шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері 
қамауға алынды.
Ұсталған   шығармашыл   қайраткерлердің   бесеуі   –   Жүсіпбек 
Аймауытов, Д.Әділов, Әбдірахман Байділдин, Ахметсапа Жүсіпов және 
Халел Ғаббасов Мәскеудің Бутырка атты түрмесінде 1930-1931 жылдары 
атылды.   Тұтқынға   түскендердің   үлкен   бөлігі   алдымен   ату   жазасына 
кесіліп,   кейін   әр   түрлі   мерзімге   жер   айдалып   кетті.   Олар   темір   торға 
қамалып,   Қазақстаннан   ғана   аласталған   жоқ,   сонымен   бірге   олардың 
шығармашылығына   да   қатаң   тыйым   салынды.   Шын   мәнінде,   олардың 
тұтқындалған   күні   –   шығармашылық   қызметіне   соңғы   нүкте   қойылған 
күн болды.
Тарихшылар   1929-1931   жылдары   Алаш   зиялыларына   жасалған 
қиянатта сталинистердің жалпы қазақ интеллигенциясына қарсы жасаған 
саяси қуғын-сүргіннің бірінші толқыны деп бағалады. Осы тұста тұтқынға 
алынғандардан   Мұхтар   Әуезов   пен   Әлімхан   Ермеков   сынды   бірен-
сарандары   ғана   аман   қалды.   Қазақстан   жұртшылығы   Мұхтар   Әуезовтің 
“кінәсін”   мойнына   алып,   1932   ж.   10   маусымда   “Еңбекші   қазақ”   және 
“Казахстанская   правда”   газеттерінде   ашық   хат   жариялағандығын   жақсы 
біледі. Алайда Мұхтар Әуезов өзінің хатынын бұрын, сол жылғы 20 сәуір 
күні Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) Қазақ АКСР-дегі 
өкілдігіне   өзінің   айыпты   екендігін   мойындап,   күнәсін   кешіруді   сұрап 
өтініш жазғандығын көпшілік біле бермейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында сақталған осы 
құжатта   Мұхтар   Әуезов   өзінің   1922-1929   жылдар   аралығындағы 
шығармашылық қызметіне теріс баға береді. Мысалы, ұлы жазушы 1926 
жылы   Республикалық   конкурста   бірінші   орын   алған   өзінің   “Қарагөз” 
пьесасын   ұлтшылдық   тұрғыдан   жазылған   шығарма,   Абай   туралы 
зерттеулерімде, өзге туындыларымда ұлтшылдық, байшылдық, идеалистік 
қателіктерге   ұрындым   деп   жазды  [189].   Ендігі   уақытта   Қазақстандағы 
мәдени құрылыстың жеңісі үшін бар жанымды салып еңбектенемін деп 
уәде береді.
1929   жыл   23   қыркүйекте   Қазақ   мемлекеттік   университетінің 
оқытушысы Ораз Жандосов БК(б)П Қазөлкелік комитетінің тапсырмасы 
бойынша   “Партияның   коммунист   емес   интеллигенцияға   қатынасы” 
(“Отношение партии к беспартийной интеллигенции”) аталған сараптауын 
жазды  [190].   Бұл   құжатта   шығармашылық   интеллигенцияның,   негізінен 
109

ескі жазушылар мен журналистердің саяси бағыттары талданып, партияға 
мүше   болып   кірмеген   қаламгерлерге   идеологиялық   жағынан   сенімсіздік 
көрсетіледі.   Дегенмен,   Ораз   Жандосовтың   жазғандары   кейбір 
әсіреқызылдардың   көзсіз   тапшылдығына   қарағанда   біршама   шындыққа 
жақын, ойлы әрі байсалды көрінеді. Ораз Жандосовтың пікірінше, Мұхтар 
Әуезов   кейінгі   кезде   алашордашылардан   алшақтап,   беті   оңға   бұрылып, 
Кеңес   өкіметіне   лояльдылық   таныта   бастады.   Алайда,   голощекиншілер 
тура бір жылдан соң, 1930 жылғы 17 қыркүйекте Мұхтар Әуезовті кеңеске 
қарсы   қайраткер   деп   санап,   бұрынғы   алашордашыл   зиялылармен   бірге 
тұтқынға алды.
1929   жылғы   19   сәуірде   “Советская   степь”   газетінде   Ораз   Исаев, 
Ілияс   Құрамысов,   Ғаббас   Тоғжанов,   Садықбек   Сапарбеков,   Ораз 
Жандосов,   Хамза   Жүсіпбеков,   Әбдірахман   Байділдиннің   “Қазақ 
жазушыларының творчествосы туралы” атты ашық хаты жарияланды. Бұл 
хатты қазақ коммунистерінің Алаштың ақын-жазушыларына тигізген ауыр 
соққысы деп бағалауға келеді.
Хат   Мәскеуде   шыққан   “Әдебиет   энциклопедиясында”   Мұхтар 
Әуезов   пен   Ахмет   Байтұрсынов   туралы   оң   сипаттағы   мақалалардың 
жариялануына   қарсы   шықты.   Хат   авторлары   энциклопедияның   Мұхтар 
Әуезов   пен   Ахмет   Байтұрсыновқа   берген   бағасы   маркстік   көзқарасқа 
мүлдем жат деп есептеді. Мұхтар Әуезов Кеңес өкіметі орнағанға дейін 
Алашорданың   белді   қайраткері   болып,   Колчакпен   одақтасып 
большевиктерге қарсы күресті, 1917 жылдан соң да, күні бүгінге дейін ескі 
бай, билерді, сал-серілерді мадақтаумен келген реакциялық идеологиядағы 
жазушы   делінді.   Ахмет   Байтұрсынов   –   қазақ   байларының   идеологі, 
алашордашыл интеллигенцияның көсемі, оны да энциклопедияға енгізген 
үлкен қателік табылады делінді.
1931 жылғы 2 қазан күні бүкіл қазақты тітіренткен оқиға болды: “Ой 
жемісін теремін, өлгенімше”  [191] деп елден жырақ тұрған ойшыл, ақын, 
шежіреші,   қазақ   әдебиетіндегі   Абайдан   кейінгі   ірі   тұлғалардың   бірі 
Шәкәрім қызылдар қолынан қаза тапты. 73 жастағы ардақты ақсақалдың 
оққа ұшуы коммунистердің шектен шыққан қатыгездігін айғақтады. 1932 ж. 
Қиыр Шығыста айдауда қазақтың теңдессіз әнші-ақыны Үкілі Ыбырай көз 
жұмды.
Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековтің ашық хатынан соң іле-шала 
шығармашылық   интеллигенцияның   Ғабит   Мүсірепов   бастаған   “Бесеудің 
хаты” шу шығарды. Қатал саяси қуғын-сүргін алапат аштыққа ұласқан осы 
ауыр кезде, 1932 жылдың шілдесінде жазушы Ғабит Мүсіреповпен бірге 
Қазақ   мемлекеттік   баспасының   меңгерушісі   М.Ғатауллин   (1903-1937), 
Алматы Комвуз-ның оқу істері жөніндегі проректоры Е.Алтынбеков (1904-
1954), оның орынбасары Мүтәш Дәулетқалиев (1904-1982), Қазақ АКСР-і 
Жоспарлау комиссиясының сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев (1906-
1946)   Голощекиннің   саясатын   ашық   айыптап   шықты  [192].   Партиялық 
110

жауапкершілікке тартылған хаттың авторлары “жаздым – жаңылдым” деп 
өтініш   жазуға   мәжбүр   етілді.   “Бесеудің   хаты”   шығармашылық 
интеллигенцияның қоғамдық белсенділігін танытқан құжат болды.
Алғашқы қазақ режиссері әрі тұңғыш драматургтерінің бірі – Жұмат 
Шанин   (1892-1938)   қазақтың   кәсіби   театр   өнерінің   негізін   қалауда   зор 
еңбек   атқарды.   Ол   Семейдегі   “Ес-аймақ”   (1920-1925)   группасын, 
Қызылордада   Қазақтың   мемлекеттік   драма   театрын   (1925),   Бішкекте 
Қырғыз   драма   театрын   (1932),   Алматыда   Опера   және   балет   театрын 
(1934), Оралда облыстық Драмалық театрын (1936) құруға басшылық етті, 
режиссер, көркемдік жетекші, директор қызметтерін атқарды. 1931 жылы 
Жұмат   Шанин   мен   Елубай   Өмірзақов   екеуі   қазақ   артистерінің   ішінен 
тұңғыш   “Қазақстанның   халық   артисі”   атағын   алды.   Бізге   аяулы   азамат 
Жұмат   Шаниннің   ұлттық   шығармашылық   интеллигенцияның   озық 
өкілдері   –   сахна   өнерінің   республикаға   белгілі   бір   топ   шеберлерін 
тәрбиелеп   шығарғандығын   айту   парыз.   Жұмат   Шаниннің   шәкірттері 
Қазақстанның барлық театрларында қызмет істеді.
Қазақ   театры   тарихындағы   аса   қызықты   әрі   тағлымы   мол 
тұлғалардың   бірегейі   Қалыбек   Қуанышбаев   (1893-1968).   Қазақ   елінің 
қалың   ортасынан   шыққан   жас   талант   бала   жасынан   бері  жұрт   алдында 
домбыра   тарту,   ән   салу,   халық   ойындарын   жүргізу,   асабалық   ету,   ащы 
мысқыл,   күлдіргі   әңгімелер,   қисса,   жыр,   тақпақ   айтумен   айналысқан 
өнерші   еді.   Осылардың   бәрін   шебер   орындаушы   ойын-сауықшы,   сері 
болды.   Осы   өнерпаздық   қасиеттері   Қалыбектің   драма   театрының   актері 
мамандығын игеруіне көп көмектесті. Мұның алдында ол бірталай өмір 
тәжірибесін жинақтап, 1916 жылы майданның қара жұмысына айдалған, 
цирк,   театр   ойындарымен   Омбыда   танысқан   ол   Қоянды   Жәрмеңкесінде 
әншілер Қали Байжанов, Майра Уәлиқызы, төкпе ақын Иса Байзақовтың 
тобында   өнер   көрсетті.   “Жынды   қара”   деген   есіммен   көп   елге   белгілі 
болған   Қалыбектің   репертуарында   өзі   ойлап   шығарған   “Қыз   ұзату” 
(үнтаспаға   жазылып   сақталған),   “Қой   күзету”,   “Қорабай”,   “Сарыбай” 
сияқты сатиралық әңгімелер мен кез келген жерде ойнала беретін шағын 
интермедиялар   болды.   Қалыбек   Қуанышбаев   қазақтың   профессионалды 
театр   өнерінің   негізін   салушы,   аса   көрнекті   театр   және   кино   артисі, 
көркемсөз   оқушы   (декламатор),   режиссер,   драматург,   жазушы,   ақын, 
қоғам қайраткері ретінде өзінің асыл есімін Отан тарихына мәңгілік жазып 
қалдырды. 
Қазақтың   театр   артистерінің   ішіндегі   алғаш   болып   Халық   артисі 
атағын алған Елубай Өмірзақов (1899-1974) жас шағынан да ересектердің 
бірі еді. Жыл өткен сайын оның ізбасарлары – жас артистер қатары қаулап 
өсе бастады. Бұл әсіресе ел астанасы Қызылордадан Алматыға көшкеннен 
(1929) кейінгі жылдары айқын сезіле бастады. Алматыдағы және облыстық 
театрларды   орнықтырып-қалыптастырудың   бар   қиыншылықтарын 
көтерген   алғашқы   ұлттық   артистеріміз   Ғали   Дүйсенов   (1900-1978)   – 
111

Шымкент,   Зағи   Құрманбаева   (1903-1975)   –   Қазақ   драмтеатры,   Әбен 
Мұхамедияров (1904-1970) – Қазақ драмтеатры, Хасен Байырманов (1905-
1986)   –   Семей,   Мұқан   Бектенов   (1908-1950)   –   Қарағанды,   Сейфолла 
Телғараев   (1910-1975)   –   1931   жылы   Мәскеудегі   жұмысшы   жастар 
театрларына   режиссерлер   даярлайтын   арнаулы   курсты   бітіріп, 
Қарағандыда  театр  жұмысын жолға қойды. 1932 жылдан бастап қайтыс 
болғанынша   Алматыда,   Қазақ   драмтеатрында   актер   болды,   Байділда 
Қалтаев   (1911-1979)   –   Семей,   Қазақ   ҚСР-нің   халық   артисі,   Атайбек 
Жолымбетов (1912 ж.т.) – Қазақ драм театры, Қазақ ҚСР-нің халық артисі, 
Шахан Мусин (1913 ж.т. ) – Семей, Қазақ ҚСР-нің халық артисі, Қалкен 
Әділшінов   (1913-1980)   –   Қазақ   драмтеатры,   Сабира   Майқанова   (1914 
жылы туған) – Қазақ драмтеатры, КСРО халық артисі, Жәмила Шашкина 
(1914-1991) – Қарағанды, Қазақ ҚСР-нің халық артисі, Қуат Төлеков (1914 
жылы   туған)   –   Атырау,   Қазақ   ҚСР-нің   халық   әртісі,   Асқар   Тоқпанов 
(1915-1994) – Қазақ драмтеатры, ҚСР-нің халық артисі, қазақтың жоғары 
білімді тұңғыш режиссері, Зейнолла Жақыпов (1916-1981) – Қарағанды, 
Айша Абдуллина (1916 жылы туған) – Қазақ драмтеатры, Қазақ ҚСР-нің 
халық   артисі   және   т.б.   сахна   саңлақтары   үлкен   үлес   қосты.   Есімдері 
аталған театр қайраткерлерінің шығармашылық қызметінің өте маңызды 
екі   қырына   айрықша   назар   аударған   жөн:   біріншісі,   олардың   өнер 
жолындағы   бастамашылық   қызметі,   жаңашылдығы;   екіншісі,   ұстаздық 
қызметі, артистердің жас ұрпағын тәрбиелеуі. 
Ұлттық театр өнерінің қалыптасып, өсіп-өркендеуіне қазақ әйелдері 
өлшеусіз көп үлес қосты. Қазақ театрының шаңырағын көтерген алғашқы 
әйел-артистер Зура Атабаева (Жандарбекова), Жанбике Шанина, Мәлике 
Шамова, Шарбану Байзақова, Қадиша Қожамқұл келіні, Оразке Қашаубай 
келіні,   Зүпнін   Нұрмақова,   Шара   Жиенқұлова,   Жамал   Омарова   болды. 
1925 жылдың қараша айынан бастап Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін 
(1941 жылғы маусым) Қазақтың  мемлекеттік драма театрында барлығы 
116 артист қызмет істеді [193]. Оның ішінде әйелдердің қырық бес адам 
болғандығынан-ақ   жетекші   театрдың   шығармашылық   қызметінде 
әйелдердің   алған   орнының   қомақтылығы   айқын   көрінеді.   Туа   біткен 
дарын-қабілетінің   арқасында   қазақ   қыздары   аз   уақыт   ішінде   табиғи 
ұяңдығын   жеңіп,   сахна   өнерін   жақсы   меңгеріп   алды.   Арнайы   оқу 
орындарын бітірмесе де, артистік мамандықты жұмыс үстінде игерудің 
тамаша   үлгісін   көрсетті.   ХІХ   ғасырда   Батыс   Қазақстанда   өмір   сүрген 
Алтынай   деген   есімі   ғана   сақталған   сазгердің   “Ақжелең”   атты   тамаша 
күйі   мен   “Алтынай”   атты   әсем   қыздар   биі   “Ер   Тарғын”   операсына 
енгізілді (1937).
Отызыншы   жылдардың   басында   жергілікті   жерлерде,   әсіресе 
Қарағанды, Риддер сияқты өндіріс орындарындағы талапты жастар құрған 
ТРАМ   (театр   рабочей   молодежи)   аталған   қазақтың   әуесқой   театрлары 
бірталай сахна шеберлерін өсіріп шығарды.
112

Қарағанды ТРАМ-ын ашып алғаш өнер көрсеткендердің қатарында 
болған   бұрынғы   шахтер   Зейнел   Көшкімбаев   (1913-1956)   өмір   бойы 
Қарағанды   облыстық   драмтеатрында   қызмет   істеп   өтті.   Ол   арнайы 
артистік оқу орнында оқымаса да, табиғи зеректігінің арқасында, тәжірибе 
жолымен өз мамандығының қыр-сырын жете меңгерді. 1944 жылы оған 
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі атағы берілді. 1932 жылы Қарағанды 
ТРАМ-да   16   жасар   Рахия   Қойшыбаеваның   (1916-1963)   шығармашылық 
жолы басталды. Әкесі ақтардың қолынан қаза тауып жетім өскен Рахия 
өжет   қыз   болып   өседі.   Актрисалықты   әншілікпен   ұштастырған   Рахия 
Қойшыбаева 26 жасында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі, 31 жасында 
Қазақстанның   Халық   артисі   атағын,   ал   Мұхтар   Әуезовтің   “Абай” 
пьесасындағы   Зеренің   рөлін   аса   шебер   орындағаны   үшін   КСРО 
мемлекеттік   сыйлығын   алды.   Ол   1936   жылдан   бастап   өмірінің   аяғына 
дейін   Мұхтар   Әуезов   атындағы   мемлекеттік   драма   театрының   жетекші 
артистерінің   бірі   болды.   Қарағанды   ТРАМ-да   Қазақстанның   халық 
артистері   Сейфолла   Телғараев   (1910-1975)   пен   Мүлік   Сүртібаев   (1917-
1997)   сынды   майталман   өнер   қайраткерлері   үлкен   сахнаға   алғашқы 
қадамдарын жасады. Риддер ТРАМ-ында 1932-1933 жылдары атақты әнші 
Манарбек   Ержанов   еңбек   етті,   Қазақстанның   халық   артисі   Камал 
Қармысов,   Қазақ   КСР-нің   еңбек   сіңірген   артисі   Жағда   Өгізбаев   (1912-
1962), Семей облыстық драма театрының жетекші артистерінің бірі Жақып 
Әбілтаев қызмет істеді. “Социалистік Қазақстан” газеті Риддер ТРАМ-ы 
қазақ   жұмысшыларының   тілегімен   ашылып   еді   (1930),   қаржы 
жетіспегендіктен 1934 жылы жабылып қалды деп хабарлады [194].
1928-1929   жылдары   Павлодарда   Зейін   Шашкин   ұйымдастырған 
драмалық   үйірме   қызмет   істеді.   Бұл   үйірме   мүшелері   әдебиет 
үйірмесіндегі талапкер жастармен бірігіп, қаланың жұмысшылар клубында 
көптеген   спектакльдер   қойды.   Ақын   Қалижан   Бекхожиннің   естелігіне 
қарағанда,   жастар   “Сылаң   қыз”,   “Зарлық”   сынды   шағын   туындылардан 
бастап, “Шернияз”, “Арқалық батыр” сынды күрделі пьесаларды да қойды 
[195]. Спектакльдерде Атығай, Әкіш Шаниндер, Кәрім Әжібеков, Уәйда 
Байбеков,   мұғалім   Ләзиза   Серғазина,   газет   қызметкері   Қалижан 
Бекхожиндер белсене қатысты.
Ұлттық   театр   құруда   “…өзгелер   жүріп   өткен   іздің   ішіндегі   ең 
керектісін, ең дұрысын алуымыз керек, – деп жазды Мұхтар Әуезов 1926 
жылы   –   Қазақтың   театр   өнері   біздің   заманымызда   басталғанына   біз 
қуанамыз. Бірақ сол қуанышпен бірге бұл сияқты ірі өнердің келешек үшін 
жауапты екенімізді де ұмытпау керек” [196]. Халықтың нағыз ортасынан 
шыққан   өнерпаздар   ұлт   театрының   іргетасын   қалады.   Еуропаны 
таңдандырған жиырмасыншы жылы Әміре Қашаубаевтың, Ертіс бойының 
бұлбұлы   Майраның   асқақ   өнерін   Алматы   етікшісінің   қызы   Күләш 
Байсейітова жалғастырып, елуінші жылдарға жеткізді. 
113

Қаралып   отырған   уақыт   шеңберінде   қазақтың   алғашқы   маман 
суретшілері   пайда   болды.   1924   жылы   “Ақжол”   газетінде   Жүсіпбек 
Аймауытұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Абдолла Байтасұлының ұлтымыздың 
алғашқы   қыл   қалам   шеңберлерінің   бірі   Ғаббас   Амантайұлы   туралы 
жазған   мақаласы   жарық   көрді.   Мақалада   “Қазан   қаласында   сүгірет 
медресесін   бітірген.   Елдегі   ескі   молдалардың   ықпалы   күшті 
болғандықтан   сүгіретшілік   өнерін   көрсете   алмай   келген…   әрбір 
сүгіретінен қазақтың иісі аңқып қоя беретін” [197] таланты ерекше жас 
суретші Ғаббас Амантайұлына қолдау - көмек көрсету қажеттігі айтылды. 
Есімі   бүгінге   дейін   атаусыз   қалған   Ғаббас   Амантайұлының   өнеріне 
сүйінген зиялылар: “Тіршіліктің ауыр соққысына иеленіп, күйсіз, жайсыз, 
құл   болып   жүрген   өнер   өркендемек   емес.   Жақсы   нәрсе   шығару   үшін 
қамсыз   тұрмыс,   көтеріңкі   көңіл   керек.   Күйсіз   жүйрік   жүгірмейді”   деп 
жанашырлыққа шақырды. 
Ташкент түбіндегі қазақ ауылында дүниеге келген ұлтымыздың ұлы 
кескіндемешісі   Орал   Таңсықбаевтың   (1904-1974)   суретшілік   даңқы 
жиырмасыншы   жылдардың   екінші   жартысында   шықты.   Кезінде,   1925 
жылы   Әміре   Қашаубаевтың,   әншілік   дарынының   Батыста   танылуына 
тікелей ықпал еткен КСРО Оқу халкомы А.В.Луначарскийдің көмегімен 
Пенза   қаласындағы   көркемсурет   техникумына   алынып,  оны   1929  жылы 
бітіріп   шықты.   Орал   Таңсықбаев   жастайынан   ерен   шығармашылық 
қолтаңбасын танытумен бірге қазақ ұлтының өкілі сурет өнерін әлемдік 
дәрежеде   меңгере   алатындығын   өз   үлгісімен   дәлелдеді.   Қазақстаннан 
шыққан тұңғыш (және осы күнге дейін жеке-дара) суретші-академик Орал 
Таңсықбаев   кезінде   Ресейдің   аса   көрнекті   суретшісі,   график 
А.А.Дейнекамен бірге Лениндік сыйлыққа да ұсынылған болатын. Өзбек 
суретшісі   ретінде   насихатталып   келген   Орал   Таңсықбаевтың   өз   елінде 
тиісті   дәрежеде   бағаланбауына   оның   жоқшысы   болған   Мұхтар   Әуезов 
қатты күйзелген еді. Соңғы жылдары ұлы суретшінің есімі туған жұртына 
қайта   оралды.   Алматы   көркемсурет   училищесіне   (бұрынғы   Н.В.Гоголь 
атындағы)   Орал   Таңсықбаевтың   аты   берілді.   Біз   Қазақстан 
Республикасының   Орталық   мемлекеттік   мұрағатында   Орал 
Таңсықбаевтың Абай атындағы қазақ балеті “Қалқаман-Мамырды” (1938) 
көркемдегені   туралы   және   Қазақстан   Республикасы   Президентінің 
мұрағатында оның Ташкенттен Алматыға жазған (1940 жылғы 20 мамыр) 
хаты сынды бірталай құжатты деректер таптық [198].
Шамамен   алғанда,   Орал   Таңсықбаевпен   бір   уақытта   Әбілхан 
Қастеевтің   (1904-1973)   маман   суретші   ретіндегі   шығармашылық   жолы 
басталды.   Дархан   дарыны   мен   ерен   еңбекқорлығының   арқасында   ол   аз 
уақыт   ішінде   республикадағы   жетекші   суретшіге   айналды.   Қазақтың 
кеңестік   бейнелеу   өнерінің   негізін   салушы   ретінде   ол   тұңғыш   халық 
суретшісі   (1944)   атағына   ие   болды.   Оның   отызыншы   жылдары   салған 
114

туындылары   (“Автопортрет”,   “Амангелді   Иманов”,   “Түрксіб”,   т.б.) 
классикалық сипат алды.
Аталған   кезеңде   қазақтың   көркемөнер   интеллигенциясының   өсіп-
жандануына   саяси   биліктің   жөн-жосықсыз   араласып,   бақылауы,   өнер 
адамдарына   басшылық   жүргізуі   тосқауыл   болды.   Коммунистер 
өнерпаздар тек кедей шаруалар мен жұмысшы табынан шығуын қолдады. 
Қазақ өнерінде тек қана социалистік мазмұн болуы талап етілді. Өнердің 
эстетикалық маңызы кейінге ысырылды. Бұл өнер адамдарына жасалған 
орынсыз қысым – олардың шығармашылық мүмкіншіліктерін ауыздықтау 
болып   шықты.   Сталиннің   қолшоқпары   Голощекиннің   билік   еткен 
кезеңіндегі   қазақ   ауылында   зорлықпен   жүргізілген   түрлі   саяси-
идеологиялық   науқандар   мен   өзгерістер,   қисынсыз   экономикалық 
саясаттың нәтижесінде халықтың әл-ауқаты күрт төмендеді, отызыншы 
жылдардың   басында   ұлтымыз   алапат   ашаршылыққа   ұрынды.   Бұл 
оқиғалар   қазақ   өнері   иелерінің   сан   жағынан   өсірмеді,   сапа-көркемдік 
жағынан   тоқырауға   ұшыратты,   жалпы   алғанда   ұлттық   өнердің   дамуын 
қатты тежеді.
115


1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал