Тұрсынқұлов Қ. Шығармалары



жүктеу 3.5 Mb.

бет1/20
Дата15.09.2017
өлшемі3.5 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

 

          

           

Тұрсынқұлов Қ. 

Шығармалары. Бес томдық /  Қ. Тұрсынқұлов. – 

Астана: Фолиант, 2014. 

ISBN 978-601-7568-54-2

Т.3: Поляр шеңберінің маңында. Эссе. – 424 бет.

ISBN 978-601-7568-51-1

Қалаубек Тұрсынқұлов – Қиыр Солтүстік тақырыбын, Саха жұр-

тын, оның тарихы мен салт-дәстүрін жалықпай зерттеген бірден-бір 

қазақ қаламгері.

Бұл  томда  алыстағы  Саха  елінің  бүгіні  мен  ертеңі,  БАМ  құры-

лысшылары,  оған  қатысқан  қандастарымыз  жайлы  сыр  шертетін 

«Поляр шеңберінің маңында» атты эссесімен таныс боласыздар.

ISBN 978-601-7568-54-2 (Т.3)

ISBN 978-601-7568-51-1 (ортақ)



УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)-4

     Т  86

Т 86

© 

Тұрсынқұлов Қ



., 2014

© «Фолиант» баспасы, 2014



УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)-4

Қалаубек Тұрсынқұловтың туғанына

 80 жыл толуына арналады

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 

«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 

бағдарламасы бойынша жарық көрді


3

ПОЛЯР ШЕҢБЕРІНІҢ МАҢЫНДА

Эссе

«Әдебиет – халық пен халықты жақындатады,

ұлт пен ұлтты бауырластырады».

Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ

ЖОЛ БАСЫ

Қазығұрттағы киiз үйде өткен әңгiме.  Қарақыз бен Мария.

Оңтүстiк  көктемiнiң  шуақты  күндерiнiң  бiрi.  Аспанда 

бозторғайлар  ән  салып,  тау  мен  даланы  бастарына  көтерiп, 

көңiлдi мезi қылмайтын музыкаға бөлеп жүр. Қыс бойы аяздан 

қаймығып,  бойы  бұғып  жатқан  көк  шөп  пен  дала  гүлi  көктем 

шыға сала-ақ жер қойнынан қайта шығып, көкке ұмтылып, бой 

түзеп қалған. Бiрi ендi ғана бүршiк атса, бiрi гүл жарған. Олар да 

көктемнiң керiмсал желiне желпiнiп, қабырғасы қатая бастапты. 

Оңтүстiк  көктемiнiң  керiмсалы,  әсiресе  адамзатқа  ерекше  әсер 

ететiн  болу  керек.  Өйткенi  мына  жүрген  жұрттың  бет-әлпетiне 

қарасаң, адам баласының көңiлiнде әсте бiр кiрбiң болар-ау деген 

ұғым үш ұйықтасаң түсiңе кiрмейдi. Бәрiнiң жүзiнен байқалатын 

жалғыз нышан – қуаныш, мейірiмдiлiк, еркiндiк, бауырмалдық. 

Ал  жиналған  жұрт  –  ұлты  мен  туып  өскен  жерiне,  мамандығы 

мен  қызметiне  қарасаң,  ала-құла.  Дәл  қазiр  бәрiн  теңестiрiп 


4

тұрған – дала мен тау, көктем мен көңiл. Әйтпесе бiрi мәскеулiк, 

бiрi  Қиыр  Солтүстiктегi  якут,  бiрi  Алматыдан  келсе,  бiрi  Қы-

зылордадан  келген.  Жазушы  мен  оқушы,  ғалым  мен  шәкiрт, 

қоғамдық  мекемелердiң  басшылары  мен  шаруашылықтың  қа-

зығын ұстаушылар. Бәрi де қонақ. Қазығұрт тауын көруге келген 

қонақтар.

Киiз үй Қазығұрттың орта белiнен жоғарылау тұсындағы бiр 

алаңқайға  тiгiлген  екен.  Дәл  осы  жерден  айнала  төңiрек  түгел 

көрiнедi.  Қонақтар  осы  қамқорлықтары  үшiн  Жолдыбай  мен 

Кәрiмге ризашылықтарын бiлдiрiп, шыр-пыры шығып жүр. Бұл 

екеуi – осындағы ауданның басшылары.

– Анды мен Қарақыз туралы мына жерлес жазушыларыңыз-

дың кiтабынан оқығаным бар едi. Бiрақ «Анды – Қарақыз» деген 

жердi өз көзiммен көрермiн деп ойлаған емес едiм. Сыртынан, 

қашықтан болса да сол жердi көрсетiп тұрсыздар. Рахмет. Деген-

мен сол бiр оқиғаны және еске алсақ қайтедi, – дедi якутиялық 

ақын Моисей Ефимов.

–  Қажет  деп  тапсаңыз,  сол  «Анды  –  Қарақыз»  деген  жерге 

апарып  қайтайық,  –  дедi  Моисейдiң  сөзiн  бөлiп,  осы  саяхатқа 

мұрындық болып жүрген жiгiттiң бiрi Мұстафа. – Дегенмен сiз өз 

елiңiз туралы да әңгiме айтпайсыз ба?

– Айтар едiм, тек ойымды жөндеп жеткiзе алмаймын ба деп 

жүрексiнiп тұрмын. Өйткенi...

– Дегенмен…

– Дегенмен бе? Онда былай болсын. Мен Анды мен Қарақыз 

жөнiндегi аңызды естерiңiзге және бiр салып өтейiн...

– Оу, оны бiз бiлемiз ғой...

–  Иә,  бiлесiздер.  Қарақыз  –  Айту  батырдың  қарындасы. 

Айту  жолаушы  кеткенде  елдi  жау  шапқан.  Шапқанда  кәдiмгi 

Қарақыздың  ұнатқан  жiгiтi  Анды  бастап  келген  жiгiттер  шап-

қан. Қырғыз жiгiттерi. Елде шапқыншылардың соңынан қуатын 

жiгiт  табылмағандықтан,  Қарақыз  жалғыз  қуған.  Анды  танып 

қоймасын деп бетiне көлегей тұтып алған. Сондықтан алдымен 

Андының қолынан өзi мерт болған. Соңынан кiмдi мерт қылғанын 

сезген Анды өзiне-өзi қанжар салған. Солай ғой?



5

– Солай.


– Сол Қарақыз көрiп-бiле тұра неге өзiн-өзi өлiмге итермеле-

дi? Мұның жалғыз ғана себебi болатын – елi мен жерiн мейлiнше 

жақсы көргендiгi, мейлiнше сүйгендiгi. Әркiм өз елiн, кiндiк қаны 

тамған  жерiн  осылай  құрмет  тұта  бiлгенi  абзал,  осылай  сүюi 

қажет.  Сондықтан  едi  менiң  жүрексiнуiм.  Дегенмен  бiр  әңгiме 

айтып берейiн.

Сонау  он  сегiзiншi  ғасырда  Солтүстiк  жерiн  зерттеу  үшiн 

бiздiң елiмiзге алыстағы астана – Петербург пен Москвадан орыс 

зерттеушiлерi  келе  бастады.  Солардың  арасында  әрi  сымбат-

ты,  әрi  қайратты  екi  офицер  жiгiт  болатын.  Василий  Прончи-

щев  пен  Семен  Челюскин.  Солтүстiк  мұзды  мұхитты  зерттеудi 

ниет  еткен  осы  екi  жiгiт  Якутскiнiң  iргесiндегi  Жатай  дейтiн 

жерде  құрастырылып  жатқан  кемелердiң  суға  түсiрiлуiн  асыға 

күткенi сонша – күн сайын барып, бiр хабар алып жүрiптi. Осын-

дай  сапарлардың  бiрiнде  қала  iргесiндегi  көлшiктердiң  бiрiнiң 

маңында бiр топ қызға кездеседi. Құйындай шауып келе жатқан 

екi  офицердi  көрген  қыздар  тым-тырақай  қаша  жөнеледi.  Тек 

солардың арасындағы Мария атты бiр қыз орнынан тапжылмай 

тұрып қалыпты. Якут қыздарының арасынан орыс офицерлерiне 

қаймықпай қарсы тұрған қызды тұңғыш рет кездестiрген жiгiттер 

қыздың қасына келедi. Осында келгелi үйренген төрт-бес сөздiң 

басын  құрап,  қызға  үн  қатса,  ол  күлiмсiреп  тұрып  таза  орыс 

тiлiнде жауап қайтарады.

Осыдан  былай  Василий  мен  Семен  Марияның  үйiне  жиi 

келгiштеп, Жатайға күнде жасайтын сапарларын жиiлетсе керек. 

Ақыры Мария Василийге тұрмысқа шығып, Прончищева деген 

фамилияға ие болады.

Келесi жазда Василий Прончищев «Якутск» деп ат қойылып, 

айдар  тағылған  кеменiң  капитаны  болып  бекiтiлiп,  Лена  өзенi 

арқылы  Солтүстiк  мұзды  мұхитқа  шығып,  Таймыр  түбегiне 

қарай сапар шеккен. Осы сапарға Мария бiрге шығады. Экспеди-

ция осы маңдағы бiрқатар аралдарды ашып, солтүстiк ендiктiң 

әлi  адам  аяғы  баспаған  бiраз  жерiне  жетедi.  Ақыры  мұхитты 

мұз құрсап қалған кезде бұлар Оленек өзенiнiң мұхитқа құяр 

сағасына келiп, қыстап шығады. Мен осы экспедицияның азап-


6

ты жолын жiпке тiзiп жатпай-ақ қояйын, Солтүстiктiң қақаған 

аязын  да  суреттеп  денелерiңдi  түршiктiрмейiн,  тек  мәселенiң 

тоқетер жерiн бiр-ақ айтайын. Келесi күзде Василий Прончищев 

қатты науқастанады. Бұл кезде орыс зерттеушiлерiне қырғидай 

тиген  кесел  –  цинга  мен  поляр  түнiнiң  ұзақтығы.  Экспедиция 

мүшелерiнiң көпшiлiгi үш ай бойы көрiнбей кеткен күннiң ендi 

қайтып  шығатынына  сенбесе  керек.  Акыры  Василий  Прончи-

щев өмiрмен қоштасады. Оны серiктерi жағаға әкелiп жерлептi. 

Жерлеудiң әдет-ғұрпы бiтiп, ендi соңғы парыздарын өтеу үшiн 

кеме экипажы мен экспедиция мүшелерi сапқа тұрғанда Мария 

тоң жерге жаңа ғана үйiлген топырақты құшақтай құлаған екен 

дейдi. Сол құлағаннан қайтып тұрмаған, қара жердi құшақтап 

жатып жан тапсырған. Экспедиция мүшелерi Марияны да осы 

жерге жерлептi. Сол мола нақ осы кезге дейiн бар. Ал қолтық 

«Мария  мен  Василий  Прончищевтер  қолтығы»  деп  аталады. 

Оны географиялық атластан бәрiң бiлесiңдер...

– Моисей аға, – дедi қазақшалап жас жiгiттердiң бiрi, – Мария 

якут қызы ма?

– Ол осы кезге дейiн белгiсiз сыр. Ғалымдар қанша әлек бол-

ғанмен, әлi анықтай алмай келедi.

– Осындай ауыр сапарға бәрiн бiле тұрып өз еркiмен шыққа-

ны  қалай?  Оның  үстiне  кемеде  әйелдiң  болуы  теңiзшiлердiң 

қағидасына сыя бермейдi емес пе?

– Оның да дұрыс. Ол заманда кемеге әйел баласын жуытпаған. 

Сондықтан да ешбiр документте Марияның аты жоқ. Оның аты 

жазылып қалған жалғыз документ – экспедицияның штурманы, 

жоғарыда  аты  аталған  Семен  Челюскиннiң  күнделiгi.  Онда  да 

«капитанның  жұбайы»  деп  жазылады.  Ал  екi-үш  жылға  созы-

латын экспедицияға өз еркiмен аттануы – елi мен жерiне деген 

махаббаты ғой. Сонау Петербургтен келiп, адам баласына сыры 

белгiсiз мұхитқа аттанып бара жатқан жiгiтке тұрмысқа шығып, 

сол кездегi салттың бәрiн бұзып кемеге отыруы – өз елiне деген 

шынайы махаббаты шығар. Мен мына сiздердiң тауларыңыздың 

басында тұрып,  «Анды – Қарақыз» деген аңызды есiткенде ойы-

ма ең алдымен түскен есiм – осы Марияның есiмi едi.



7

– Моисей аға...

–  Жо-жоқ.  Мен  ендi  әңгiме  айтпаймын.  Бiздiң  елдiң  қыры-

сырын мына өз жерлестерiң менен кем бiлмейдi. Әңгiменi осы-

ған айтқызыңдар.

Отырған жұрт ендi маған қарады. Моисей менi ұстап бердi де, 

өзi оңай құтылып кеттi. Дәл мына жерде отырып Якутия тура-

лы сыр шерту оңай мәселе емес. Аяғыңды қия бассаң, желкеңнен 

ала түсемiн деп Қазығұрт тұр төбемiзден қарап, әңгiме есiтпек 

боп үйiрiле қалған мөлдiр көздердiң өздерi талай нәрсенi менен 

әлдеқайда жақсы бiледi. Пернебек, Хадиша, Қалимулла, Ян, Ляз-

зат – әр саладағы ғылым кандидаттары. Виктор Сичалов – кешегi 

сұрапыл соғыста Чехословакия азаматтарына қолғабыс жасаған 

бiлiктi партизан. Ахат – белгiлi журналист, Мұстафа мен Бақыт – 

облыс мекемелерiнiң белдi қызметкерлерi, Моисей – Якутияның 

маңдайалды  ақыны,  Қомшабай  мен  Абдрахман  өзiмiздiң 

ақындар...

Мен шынымен қысылдым. Дегенмен iшiмнен әңгiмемдi жұп-

тап отырмын. Менiң осы қиналғанымды сездi ғой деймiн, Келде-

бек дейтiн iнiшек:

Сiз осы Якутияны жақсы көресiз, ә? – дедi.

– Иә.


– Неге? Неге сол өлке жөнiнде көп айтып, көп жазып жүрсiз?

– Оның бiрнеше себебi бар.

Менi  институтта  бiрге  оқыған  жолдастарым  дәл  осы  жерде 

ұстай алды.

– Бiрiншiден? – дедi Ахат.

– Якутияны якуттардың басқаша атауы...

– Екiншiден? – дедi Хадиша.

– Бiз Алматыдан алғаш рет Якутияға сапар шеккенде «Жақұт 

әңгiмелерi» деген қазақ тiлiнде шыққан кiтапты көруiмiз. 

– Үшiншiден? – деп сұрақты Пернебек ары жалғастырды.

–  Бiздiң  делегацияның  кейбiр  мүшелерi  екi-үш  күннен  соң 

якут тiлiндегi газеттердi шама-шарқынша түсiне бастауы.

– Төртiншiден? – дедi Қалимулла.

– Құрметтi қонақтар ретiнде алдымен қымыз ауыз тиюiмiз.



8

– Бесiншiден? – дедi Виктор Сичалов ағамыз.

–  Бiрде  мен  бiр  мектеп  оқушысымен  әңгiмелестiм.  Шама-

сы,  алтыншы  кластың  оқушысы.  Содан  мен:  «Сен  Якутияның 

қайда  екенiн  бiлесiң  бе?»  –  деп  сұрадым.  «Бiлемiн,  Байкалдың 

арғы  жағында»  деп  жауап  бердi  оқушы.  «Анығырақ  айт-

шы»,  –  «Верхоянскiнiң  маңында  болар».  Мен:  «Олар  қандай 

шаруашылықпен  айналысады?»  Ол:  «Олар  бұғы  мiнiп  жүредi. 

Және...  және  ит  шанамен  жүредi»...  Оқушы  осыдан  артық  жа-

уап бермедi. Сондықтан мен: «Чехословакияны бiлемiсiң?» – деп 

сұрадым.  «Әрине,  бiлемiн.  Чехия  мен  Словакиядан  құралады. 

Астанасы  –  Прага.  Өнеркәсiбi  өркендеген  ел...»  –  деп  судыра-

та  жөнелдi  оқушы.  Мен  рахмет  айтып,  әңгiменi  доғардым.  Ал 

өзiм  терең  ойға  кеттiм.  Әрине,  ниеттес,  мақсаты  бiр,  ойы  бiр 

дос халықты, дос елдi бiлгенi тамаша. Құптарлық. Ал өзiмiздiң 

туысқан республикамызға келгенде мүдiрiп қалуы қалай? Әлде 

аз айтып, аз жазамыз ба?

– Алтыншыдан? – дедi Мұстафа.

–  Декабрист  М.И.  Муравьев-Апостолдың  мына  бiр  сөздерi: 

«Якут өлкесi мен үшiн екiншi отаныма айналды, ал якуттар – мен 

оларға ғашықпын».

– Жетiншiден? – дедi Бақыт.

–  Жетiншiден  бе?  Жетiншiден,  Якутия  туралы.  Тек  ескертiп 

қояйын. Мен Якут республикасына бiрнеше рет бардым. Барған 

сайын  бiр  жаңалық  ашып,  бұрынғы  көрiп-бiлiп,  көкiрегiме 

түйгендерiмдi тереңдете түстiм.

Сондықтан әңгiмемдi де сол сапарларыма лайықтап айтайын. 

Айы-жылын қойып отырайын. Қай тұста бiр айтқан мәселелерi-

ме қайта оралсам – соның қыры мен жаңа сырын тереңдете түсу 

үшiн жасаған әрекетiм. Сонымен, Якутия туралы...



9

ЖОҒАЛҒАН ЖАРТАС ПЕН ОН АЛТЫ ЖЫЛ 

ҚАЗЫЛҒАН ҚҰДЫҚ

Мәңгi  тоң.  Дiңгекке  орнаған  қала.  Қыстың  күнi  –  солтүстiк, 

жаздың күнi – оңтүстiк.

Бұл  Якутияның  оңтүстiгiндегi  Нерюнгри  қаласында  болған 

оқиға  едi.  Болашақ  қаланың  iргесi  қаланып,  ендi  114  пәтерлiк 

алғашқы  тұрғын  үйдiң  iргесi  көтерiле  бастағанда  қуанбаған 

адам қалмаған. Тұңғыш көп пәтерлi үй, қаланың сәнiн кiргiзетiн 

үй, жұрттың мүддесiн бiр қанағаттандырып тастайтын үй. Осы 

бетон  тақтадан  құрастырыла  бастаған  үйдiң  салынуы  жөнiнде 

шешiм қабылданған күнi-ақ бүкiл қаланың тұрғындары тайлы-

тұяғы  қалмай  тақияларын  аспанға  атып  қуанған.  Оның  үстiне 

үй  болашақ  қаланың  ең  көрiктi  жерiне  салынбақшы.  Айнала 

түгел  көрiнетiн  бiр  жартастың  үстiне  салынады.  Жұртшылық 

осы  жартасқа  қасиеттi  жерге  сыйынуға  келген  дiншiлдер 

сияқты ағыл-тегiл келiп жатты. Бәрi де болашақ үйдiң iргетасы 

қаланатын жердi өз көздерiмен көрмек, ұстап көрмек сол жар-

тасты.

Ақыры  жартас  құрылысшылардың  еншiсiне  берiлдi.  Олар 



үйдiң  орнына  қада  қағып,  iргетасын  қалау  үшiн  траншея  қаза 

бастады.  Оның  да  көп  қажетi  болған  жоқ  –  iргетас  жартасқа 

орнатылмақ  қой.  Iргетас  төселiп  бiттi.  Бiрiншi  қабаттың 

қабырғасы қалана бастаған. Мiне, дәл осы кезде жартас жоғалды 

да кеттi. Қала халқы 114 пәтерден бiр сәтте айырылды да қалды. 

Құрылыс  тоқтады.  Еңбектерi  зая  кеткен  құрылысшылар  жерге 

мықтап тұрып бiр түкiрдi де, жайларына кеттi. Ал үйдi салуға со-

нан соң қабылдап алуға мiндеттi мекемелер жоғалған жартасты 

«iздеуге» кiрiстi...

Олар тапа-тал түсте жоғалтып алған жартасын iздей тұрсын, 

ал бiз ендi он алты жыл қазылған құдықтың әңгiмесiне көшейiк.

Әрине, он алты жылда тұрған ешнәрсе жоқ. Құдық жиырма 

алты жыл бойы да қазыла беруi мүмкiн. Ермек үшiн ерiншектер 

отыз алты жыл қазуға ерiктi. Ал бұл құдықтың сыры олай емес. 

Жұрт  бар  күшiн  салып,  ынты-шынтымен  он  алты  жыл  бойы 


10

қазғанда  бiр  тамшы  су  шықпаған.  Одан  ары  да  қазуы  мүмкiн 

екен,  тек  су  бәрiбiр  шықпайтынына  көзi  жеткен  соң  қара 

жердi  жайына  қалдырыпты.  Бiр  қызығы,  су  орнына  жаңа,  әлi 

әлемде  жоқ  бiр  ғылымның  ұшығы  көрiнген.  Ол  қазiр  тек  қана 

якут жерi емес, айналасын мұз қаптаған әлемнiң барлық түкпiрi 

үшiн тiреу болып тұрған ғылым. Оның аты – тоң зерттеу ғылымы. 

Нақ осылай аталатын Тоң зерттеу ғылыми институты Якутияның 

астанасы – Якутск қаласында бар. Ол – әрi әлемдегi жалғыз ғана 

институт.

Мiне, бiз осы институттың жоғарғы қабатындағы кiшiгiрiм за-

лында отырғанда жаңағы он алты жыл қазылған құдықтың тари-

хын есiттiк.

–  Мен  болсам  мына  пиджактың  өзiн  қайда  тастарымды  бiл-

мей аласұрып отырмын. Ауаның температурасы отыз градустан 

жоғары.  Сонда  екi  метр  жердiң  астында  еңсеп  жатқан  мұз  бар 

дегенiне сенудiң өзi қиын екен, – дедi Қуан аға қазақшалап, сөзiн 

нығыздап, бөлiп-бөлiп сөйлеп.

– Оны қазiр көресiздер, – дедi бұрын бiздiң Қазақстанда бо-

лып қайтқан, Якутия Жазушылар одағының секретары Моисей 

Ефимов орыс тiлiнде, бәрiмiзге күлiмсiрей қарап қойып.

Сонымен  бiз  институт  инженерлерiнiң  жетелеуiмен  жердiң 

астына сапар шегетiн болдық. Бұрын шахталар мен рудниктер-

де талай болғаным бар. Онда «спецодежда» мен каска кимесең, 

қадам  бастырмайтын.  Оған  қанықпын.  Ал  қазiргi  сапарымыз 

тек  саяхат,  жер  астында  iстелiп  жатқан  жұмыс  жоқ,  қазылып 

жатқан кен емес, әлгi айтуларына қарағанда, тiптен құлап келе 

жатқан нәрселердiң өзi де жерге жетпей суыққа қатып, кеңiстiкте 

қалт  тұра  қалу  керек.  Сондықтан  киiм  ауыстырамыз  деп  бiр 

бөлмеге  сүйрей  жөнелгенде,  бiр-бiрiмiздiң  бетiмiзге  қарап  аң-

таң  болсақ  та  соңдарына  iлесе  бердiк.  Әйтеуiр,  бiр  жақсысы, 

мұнда шахтадағыдай киiнiп-шешiнудiң машақаты көп емес екен. 

Ауыстыратының  жылы  бас  киiм  мен  кәдiмгi  сырма  (ватник). 

Соған оранған топ түгелiмiзбен мұзға сүңгiдiк те кеттiк (әлгiнде 

бiздi  алып  келген  шофер  жiгiт  «қазiр  мұзға  сүңгисiздер»  деп 

әзiлдеп келген). Кабинадан шыға келгенде суық леп қари түседi. 

Айналаның бәрi сықыр-сықыр аяз. Еден де, қабырға да, шаңырақ 

та  ақ  моншаққа  оранып  алған.  Ұстап  көрсең,  кәдiмгi  топырақ 



11

аралас  тоң.  Саусақпен  түрту  түгiлi,  жұдырығыңмен  ұрғылап, 

тоқпақтасаң да қыңқ ететiн емес. Сiресiп тұр. Аумағы әжептәуiр 

үңгiр iшiнде бiраз жүрген соң тоң ғылымының әлiпбиiн түсiндi-

рiп  жүрген  ғылыми  басшымыз  (осы  институттың  жетекшi 

ғалымы,  якут  жiгiтi)  еденде  жатқан  ағашты  көрсеттi.  Ұзыннан 

жатқан  ағаштың  бiраз  жерi  көрiнiп,  басқасы  топырақ  астында 

көмулi жатыр.

–  Мына  ағашты  осы  жатқан  қалпында  кездестiрген  соң  қоз-

ғаған  емес.  Ол  жер  бетi  осы  деңгейде  болған  кезде  жайқалып 

тұрған, ал қазiр жер астында жатыр. Бiрақ шiрiмейдi, сол қалпы. 

Оның  бастапқы  қалпын  сақтап  тұрған  –  тоң.  Бiз  бұл  жерде  өз 

тәжiрибемiздi  жүргiземiз.  Ауаның  температурасын  табиғи 

қалпында сақтаймыз. Якутия жерiнiң бәрi осындай тоңға мiнiп 

тұр. Жер бетiнiң жайқалып тұрғаны да осы тоңның арқасы. Тоң 

болмаса,  тоз-тозы  шығып  кетер  едi.  Ал,  қане,  жүрiңiздер.  Ендi 

жоғары  көтерiлейiк.  Әйтпесе  тоңып  қаларсыздар.  Отыз  градус 

ыстықта тұмау тиiп жүргенi қолайлы бола қоймас, – дедi жол-

басшымыз бiздi асықтырып.

Оның сөзiнiң жаны бар. Сыртта жылылық отыз градус. Бiздiң 

төмен  түскенiмiз  бары-жоғы  он  екi  метрлiк  шахта.  Әжептәуiр 

суық.  Тоңды  болса  көзiмiзбен  көрдiк.  Өз  киiмiмiздi  киiп,  күн 

көзiне  шықсақ  та  дененiң  тiтiркенуi  бiрден  басыла  қоймайды. 

Төңiректегi орман мен далаға және көз салып тұрмыз. Ал олар 

болса  шынымен-ақ  әлгi  бiз  көрген  мұздың  үстiнде  жайқалып 

өсiп тұр.

– Немене, түрi өзгерiп қалып па? – дедi Сабырхан.

Дегенмен қызық екен, – дедi Хизмет.

– Иә, – дедi ғалым ағамыз Рахманқұл. Әңгiмеге Моисей Ефи-

мов араласты.

– Ендi қалай, Қуан аға? Әлгiнде ыстықтан алқынып отырмын 

деп  едiңiз,  ендi  салқын  суға  түсiп  шыққандай  болған  шығар-

сыз,  –  дедi  ол.  Якут  тiлiнде  сөйлеп  едi,  бiз  «Қуан  ағасынан» 

бас-қасына түсiнбедiк. Орысша қайталаған кезде мен жармаса 

кеттiм.

Ол кiсi қазақша айтып едi ғой, сен қалай түсiне қойдың? Бiздiң 



ауылды бiр апта аралау тiл үйренуге жетiмсiздеу болар.

12

–  Мен  де  бүге-шiгесiн  түгел  түсiнгенiм  жоқ.  Тек  мағынасын 

шамалағанмын. Асықпа, екi-үш күнде осы сұрауды өзiңе де бiздiң 

жiгiттер сан рет қайталайтын болады.

Онысы расқа айналды. Келесi бiр кездесуiмiзде Қуан аға қысқа 

қайырылған  алғашқы  екi-үш  сөйлемiн  ешкiмнiң  көмегiнсiз-ақ 

айтып едi, отырған жұрт бiр қозғалып қалды.

Сөйтiп, бiз тоң үстiнде орнаған қалада жүрмiз. Әлгi он алты 

жыл  қазылған  құдық  та  осы  қалада.  Ол  былай  болыпты.  1827 

жылы  көпес  Федор  Шергин  дейтiн  бiреу  суды  үйiнiң  iргесiнде 

ағып  жатқан  дүниедегi  ең  суы  мол  өзендердiң  бiрi  –  Ленадан 

әкелудi  ауырсынып,  өз  ауласының  iшiнен  кұдық  қазып,  суға 

белшесiнен  батпақ  болады.  Бiрақ  көкiрегiне  нан  пiсе  кiрiскен 

көпестiң бұл iсi тiптен ұзаққа созылып кетедi. Қиқайған көпес қоя 

ма, табиғаттың бермесiн ақылмен алуды ойына да алмай, ақшаға 

сатып алмақ болады. Құдық қазыла бередi. Жыл өтедi, екi жыл, 

үш  жыл...  он  жыл!  Су  түгiлi  сыз  да  шықпайды.  Тек  тоң.  Көпес 

өз ойының «арам қатқанын» түсiнiп, әрi шыққан шығынына шы-

рылдап, жұмысын тоқтатады. Оның қайта қазылуына ғалымдар 

себеп болады. Құдықтың алты жылдық өмiрi – солардың еншiсi. 

Өйткенi сол кезде-ақ әлемде мәңгi тоңның бар екенiн, онымен са-

наспау деген санасыздық екенiн орыс ғалымдары болжап қойған 

болатын. Солар өз ойын дәлелдей түсу үшiн Шергиннен құдығын 

қаза түсуiн өтiнедi. Ендi құдық су iздеу үшiн емес тоң iздеу үшiн 

қазылады. Құдықтың тереңдiгi жүз он алты метрге жетiптi, бiрақ 

су шықпаған. Он-он бес метр тереңдiкте топырақтың температу-

расы төрт градус суыйды екен.

Мiне, жер астындағы мәңгi тоң дейтiн осы. Ол бүкiл Якутия 

жерiнiң астын түгел алып жатыр. Кей жерлерде тереңдiгi бiр жа-

рым километрге дейiн жетедi. Ал Якутск қаласы тұрған маңда екi 

жүз жиырма метрдей.

1840  жылы  Сiбiрге  арнайы  экспедиция  келедi.  Бастап  кел-

ген  адъюнкт  (соңынан  академик)  А.  Миддендорф.  Мақсаттары: 

мәңгi  тоң  деген  пәленiң  қайдан  пайда  болатыны  және  мамонт 

сүйектерiнiң қалай сақталып, қалай табылатынын анықтау. Әлгi 

құдықты  өз  зерттеуiнде  пайдаланған  осы  экспедиция  болатын. 

Бiр көңiл бөлетiн нәрсе, осы ғалымның якут жерiнiң сол кездегi 


13

климаты  жөнiндегi  сөздерi:  «Сынып  сiресiп  қалады,  одан  оқ 

жонуға болады, оны қорғасын сияқты илеймiн десең де, кесемiн 

десең де ерiктiсiң. Темiрдiң шыңдалатыны сонша, соғып қалсаң 

үгiтiле жөнелетiндей боп шаңқ-шаңқ етедi. Ағаш темiрдей қатып, 

балтаға ерiк бермейдi. Алып ағаштар бiрiнен соң бiрi шартылдап 

сынып жатады».

Мәңгi  тоңды  зерттеудiң  не  маңызы  бар  екенi  жөнiнде  бiзге 

Тоң  зерттеу  ғылыми  институтының  директоры  П.Н.  Мельни-

ков,  СССР  Ғылым  Академиясының  Сiбiр  бөлiмшесiнiң  Якутия 

филиалының  председателi  академик  Н.В.  Черский  жолдастар 

талай-талай  әңгiме  айтып  берген.  Осы  ғалымдардың  айтуы  бо-

йынша мәңгi тоңның машақаты қанша көп болғанмен, пайдасы 

да жоқ емес.

Оның зияны. Мәселен, Якутск қаласы жас жарыстырса, Ленин-

градтан  небәрi  төрт-ақ  жас  кiшi.  Бүгiн  емес,  өткен  ғасырларда-

ақ  үлкен  қадалардың  қатарына  қосылып  кетуiне,  бiрiншiден, 

шалғайлығы  мен  патшалық  Ресейдiң  «қабырғасыз  түрме» 

ретiнде әдейi мешеу ұстап келуi болса, екiншiден, кешеуiлдеуiне 

айыпкердiң  бiрi  осы  мәңгi  тоң.  Ол  былай.  Астын  мәңгi  тоң  ба-

сып  жатқан  жерге  үй  салған  соң,  оның  орналасқан  жерiнiң 

температурасының өзгеруi ақиқат қой. Ол әрi бiркелкi өзгермей-

дi.  Осыдан  барады  да  жер  жiбiп,  iргетас  опырыла  бастайды. 

Ақыры  үйдiң  қабырғасы  жарылып  немесе  тiптен  құлап  қалуы 

мүмкiн. Жоғарыда айтқан «жоғалған жартас» дәл осыған байла-

нысты. Үй салуды жобалаған мекеме биiктеу жердегi жайпақтау 

боп келген жартасты көргенде қызыға кеткен. Үйдiң құрылысы 

қыс мезгiлiнде басталыпты. Көктем шыға тоң ерiп, жартас жыл-

жып жайына кеткен. Оның үстiне нақ сол жерде көмiр кенi бар 

екен. Ол жөнiнде геологтар ескертпесе керек. Сонымен, жоғалған 

жартастың астынан мол көмiр кенi табылған.

Мiне, осы мәселелердiң бәрiнiң шешiлуi мәңгi тоңды зертте-

уге  байланысты.  Қазiргi  Якутск  –  жиырмасыншы  ғасырдың  төл 

баласы, көп этажды үйлерi бар әсем қала. Бiрақ бiздiң Алматы-

мыздан оның ерекшелiгi: бiздiң құрылыстардың iргетасын әуелi 

жердi  арқан  бойы  қазып,  сонау  төменнен  құйып  шығады,  ал 

онда  керiсiнше  –  ғимарат  жер  бетiнен  адам  бойы  жоғары  тұр. 


14

Үй  салу  үшiн  алдымен  жерге  темiр-бетон  дiңгектерiн  қағады. 

Оның  төменгi  ұшы  мiндеттi  түрде  мәңгi  тоң  болып  жатқан 

ерiмейтiн қабатқа жетуi тиiс. Сонан соң осы дiңгектердiң үстiне 

барып үйдi орналастырады. Ал жердiң бетi мен үйдiң еденiнiң 

арасы  кәдiмгiдей  жел  гулеп,  ашық  тұр.  Жер  мен  еденнiң  ара-

сында ешқандай жылу алмасуы болуы мүмкiн емес, демек, жер 

қыртысы  да  қалыпты  тереңдiгiнен  әрi  ери  қоймайды.  Қауiптен 

сақтана  түсу  үшiн  үй  астындағы  жер  бетiне  ағаш  қиқымы  мен 

құм  сеуiп  тастайды.  Осылайша  үйлердiң  бәрi  дiңгектiң  басына 

орналасқан. Бағана басындағы қала шайқалмай, қисаймай мыңк 

етпей-ақ жайбарақат тұр. Бiз қаланың ортасына орналасқан жетi 

қабатты «Лена» қонақүйiнде жаттық. Ол да өз қабатындағы үйлер 

сияқты  дiңгектiң  үстiне  мiнiп  алған.  Бiрақ  ерекше  ештеңе  сезе 

қойғанымыз жоқ. Кәдiмгi «Алматы» қонақүйiнде жатқандай-ақ, 

шапқылап жүре бересiң.

Мәңгi тоң – өте айлакер жау. Мәселен, кейде ағаш үйлер тұрған 

жердiң  тоңы  кей  жерлерiнде  әдеттегiсiнен  көбiрек  ерiп  кетедi 

де, жер қыртысы шөге бастайды. Бұл қабырғаның жарылуы не-

месе үйдiң қисаюы деген сөз. Немесе асфальт жолдың кей жерi 

дүңкиiп  шыға  келедi.  Оның  себебi:  бұрын  қайбiр  себептермен 

қадалып, кейiн алып тасталған ағаштардың орнына су жиналып, 

мұзға  айналады  (Тоң  емес  –  мұз,  кәдiмгi  мұз).  Сол  мұз  көлемi 

ұлғая  келе  саңырауқұлақтың  топырақты  жарып  шыққанындай 

асфальтты көтерiп жiбередi. Бұл жердегi жау – тоң емес, мұз.

Ал  су  құбырларын,  канализация  немесе  кабель,  газ  құ-

бырларын  салғанда  мәңгi  тоңның  iшке  бүгiп  жатқан  сырын 

еске  алмау  –  есептен  жаңылу  деген  сөз.  Су  құбырын  темiр-

бетон  дiңгектiң  жанынан  жүргiзу  аварияны  қолдан  жасаумен 

пара-пар. Кейде жылу дiңгектiң астына да жетiп қалады. Қазiр 

ғалымдар  бұған  да  бұғалық  сала  бастапты.  Әйгiлi  Мирный 

қаласының  құрылысшылары  өзiн-өзi  салқындататын  дiңгектер 

(тер-мосифон) орналастыра бастаған. Оның айналасындағы жер 

қыртысы жыл өткен сайын қатая түседi. Бұл – қала үйлерi көкке 

карай және көтерiле түседi деген сөз.

Бiз академик Н.В. Черскийге мәңгi тоң туралы, оның болашағы 

туралы сұрау бергенiмiзде:


15

–  Бұл  бiздiң  республиканың  ғана  ерекшелiгi  емес,  жер  ша-

рының  бiршамасына  тән  ерекшелiк.  Егер  мәңгi  тоңды  дұрыс 

зерттеп  пайдаланбағанда,  мәселен,  Норильск  сияқты  қаланың 

дүниеге  келуi  екiталай  едi.  Бiздiң  осы  тәжiрибемiз  қазiр  дүние 

жүзiн елеңдете бастады. Әсiресе Аляскада қала салу ұқсас. Аме-

рика ғалымдары бiздiң тәжiрибемiздi кеңiнен пайдалана баста-

ды. Иә, иә, бiр кезде бiздiң тор басқан өлкемiздi тонауға келетiн 

американдықтар ендi бiзден ғылыми сабақ алып жүр. Сонымен, 

тоң  мәселесi.  Шынын  айтсақ,  осы  тоң  –  бiздiң  Якутияның  жап-

жасыл  болып  гүлденiп  тұруының  да  негiзi.  Ол  жер  бетiндегi 

топырақтың  температурасын  бiрқалыпты  сақтап  тұр.  Ал  мәңгi 

тоң  ери  кетсе  не  болар  едi?  Онда  Якутияның  орны  үлкен  бiр 

теңiзге, тiптен болмағанда бет қаратпас батпаққа айналып кетер 

едi. Бiздiң ауа райын байқадыңыздар ғой. Сондықтан да бiз егер 

су жетпей бара жатса, мәңгi тоңды ерiтiп, тұщы суға айналдыра-

мыз деген теорияға онша келiсе бермеймiз. Онда су болар-ау, ал 

жердi қайдан табамыз? Мiне, бiздiң мәңгi тоңның бiр сыры осын-

да, – дедi.

–  Ал  сол  тоңдарыңыздың  өзiнен-өзi  ерiп  кететiн  қаупi  жоқ 

па? – деп  сұрады Рахманқұл. – Көлемi қанша?

–  Бiрiншiден,  мәңгi  тоң  сонау  Қола  түбегiнен  бастап  Мон-

ғолияның  шекарасына  дейiн  созылып,  бiздiң  елiмiздiң  тер-

риториясының  жартысына    жуығын  алып  жатыр,  –  деп  бұл 

сұраққа  академик  П.И.  Мельников  жауап  бердi.  –  Екiншiден, 

бұрын  осы  тоң  бұдан  елу  мың  жылдай  бұрын  пайда    болып, 

ендi бiрте-бiрте өшiп барады деп жобаланатын. Ал бiздiң соңғы 

зерттеулерiмiзге  қарағанда,  мәңгi  тоңның  жасы  бұдан  алты  есе 

артық, әрi мыңқ етпей сол баяғы қалпында тұр. Оның үстiне бiз 

мәңгi тоңның соңғы он бес мың жылдық өмiрiндегi өзгерiстердi 

мұқият  зерттедiк.  Соның  арқасында  оның  болашақ  өмiрiн  дәл 

болжап отыруға мүмкiншiлiк туды.

– Мәңгi тоңға да құрық салдық десеңiздершi…

– Дәл солай.

Әңгiмеге  өзiнiң  кәдiмгi  бiр  жымиып  қоятын  әдетiне  басып 

алып, Семен Петрович Данилов араласты.



16

– Мәңгi тоңның және бiр пайдасы бар. Мына қайнаған ыстықты 

көрiп  жүрсiздер.  Бұл  кезде  мұздатқыш  болмаса  тағамның 

бұзылып  кететiнi    белгiлi.  Ал  осы  кезде  әлгi  еден  мен  жердiң 

арасындағы  табиғи  қоймада  сақталған  затыңыз  қаз-қалпында 

тұрады. Бұл мәңгi тоңның достығы емес пе? – дедi ол әзiлдеп.

–  Әлгi  Академия  филиалының  музейiндегi  мамонттың  аяғы 

мәңгi тоңның мұздатқышында сақталған екен ғой, – дедiк бiз.

Музейден мамонттың бiр аяғын көргенбiз. Жүнi түйе жүнiне 

ұқсастау,  бiрақ  өсiк.  Үлкендiгi  керемет.  Жер  астында  сегiз  мың 

жыл жатқан сирақты бiр мың тоғыз жүз жетпiсiншi жылы Инди-

гирка өзенiнiң бойынан колхозшылар тауып алыпты. Оны iрiп-

шiруден аман сақтап қалған – мәңгi тоң.

Черскийдiң ауа райы туралы айтқаны да рас. Якутия сияқты 

ауа райының жылдық температурасының деңгейi күрт өзгеретiн 

аймақ  дүние  жүзiнде  жоқ  та  болар.  Ойға  салып  көрiңiзшi: 

температураның жылдық өзгерiсi жүз градустан асады. Қыстың 

күнi  суық  алпыс  градустан  асса,  жазда  ыстықтық  қырық 

градусқа жетедi. Дүние жүзiндегi ең суық жер Якутияның Ой-

мякон жазықтығында екенiн бұрын есiткенiмiз бар. (Соңғы жүз 

жылда  байқалған  ең  суық  температура  –  71  градус).  Якутскiде 

январьдың  орташа  температурасы  –  минус  43  градус,  бұл  – 

Москваның орташа температурасынан 32 градус суықтау деген 

сөз. Ал Якутияның орталық аудандары климаты жөнiнде жар-

тылай  құрғақшылық  зонаға  жатады,  яғни  жаздыгүнi  ыстық, 

тiптен бiздiң Қазақстанды қойып, Орта Азияға теңеседi дегендi 

есiткенде  таңғалмасқа  шараң  жоқ.  Сонда  бұл  өлке  қыстың 

күнi – солтүстiк, жаздың күнi – оңтүстiк. Ал әлгi мәңгi тоң жер 

қыртысының температурасын бiркелкi ұстап тұрмаса не бола-

тынын ендi ойлай берiңiз.

Солтүстiк ауа райы мен бет қаратпайтын суығын ленинград-

тық журналист Олег Носов мынадай бiр мысал келтiрiп айтып 

берiп едi:

–  Ауаның  салқындығы  45  градус  болатын.  Наубайханадағы-

лар жаңа пiсiп, әлi буы бұрқырап тұрған нанды пештен алды да 

сыртқа шығарып, үйдiң қабырғасын қалаған кiрпiш сияқты етiп 

қаластырып қойды. Сонан соң кәдiмгi сүттi дәл осындай азапқа 


17

салды. Рас, оны алдымен iшi эмаль жалатылған ыдыстарға құйды, 

сонан  соң  суыққа  шығарды.  Бiраздан  соң  нан  балта  шапсаң 

өтпейтiн тасқа айналды да, сүт мұз кесектерге айналды. Наубай-

хана  мен  асхананың  қызметкерлерi  мұны  аз  көргендей  нанды 

және қайта қаластырды. Сүттi ыдыстан алып қардың үстiне таста-

ды. Және бiр сағат өткен соң барып нан, сүттi жинап қапшыққа 

салды. Мен осы нан мен сүт қайта жылытылғанда өзiнiң алғашқы 

түрiне енiп, сол дәмiне ие болады дегенге мүлдем сенбей қойдым. 

Бiрақ, амал не, сенуге тура келдi. Өйткенi келесi күнi наубайхана-

дан ондаған шақырым жердегi бiр ғылыми станцияда дәл осын-

дай  «тас»  нанның  қалпына  қайта  түскенiн  көрмек  түгiлi,  баяғы 

мұзға айналған сүтке батырып жеп отырғандарға қосылып өзiм 

де тамақтандым. «Космос дәуiрiнде адам таң қалатын түк қалған 

жоқ» деп сәуегейсуiмiз бекер екен – таңданатын нәрсе толып жа-

тыр.


Табиғаттың  қаталдығы  жөнiнде  айта  келiп,  Оймякон  ауда-

нында  болған  бiр  жағдай  бiзге  Якутия  Министрлер  Советiнiң 

Председателiнiң  бiрiншi  орынбасары  Иннокентий  Гаврилович 

Игнатьевтың  айтқаны  бар.  Қыстың  күнi  бiр  шофер  жiгiт  жол-

да келе жатқанда дөңгелектiң желi шығып кетедi. Ол запастағы 

дөңгелектi  ауыстырып  салып,  домкратты  ала  бергенде  абай-

сызда  қолын  дөңгелек  басып  қалады.  Айғайға  келе  қоятын 

ешкiм жоқ. Оның бар амалы қолын кесу, суыққа бәрiбiр қатып 

қалатынына  көзi  жеткен  жiгiт  –  қолын  алақанның  жоғары 

жағынан тiсiмен қимақ болып әрекеттенген. Бiрақ бiр қолымен 

өзi байлаулы жатқан жiгiттiң оған әлi келсiн бе. Ештеме өндiре 

алмапты.  Иннокентий  Гавриловичтiң  осы  әңгiмесiн  есiткенде 

менiң  ойыма  әйгiлi  қолбасшы  Черняховскийдiң  армиясында 

болған  бiр  жағдай  түсiп  едi.  Армия  барлаушыларының  бiрi 

абайсызда  қолға  түсiп  қалады.  Фашистер  оның  сол  қолының 

бiлезiгiне  кiсен  салып,  шынжырмен  үлкен  дiңгекке  байлап  та-

стайды.  Дiңгектi  сындыруға  қайрат  жетпейдi,  шынжырды  үзу 

және мүмкiн емес, кiсен ашылмайды. Барлаушының өз көргенi 

бар,  әлгi  фашистердiң  әумесерленiп  «саған  құпия  керек  бол-

са,  естiп  ал»  деп  айтып  кеткен  хабарлары  және  бар  –  осының 

бәрiн армия штабы қалайда бiлу керек. Ол үшiн не iстеу керек? 

2-270


18

Барлаушының аман алып қалған жалғыз қаруы – пышақ. Мiне, 

ол  госпитальдың  өзiнде  әрең  жасайтын  операцияны  өз  қолы-

мен  iстеуге  әрекет  етедi  –  қолын  кеседi.  Осылайша  шынжыр-

дан кiсендi ашпай-ақ құтылып, есiн бiр жоғалтып, бiр жиып өз 

бөлiмiне келiп, барлау қорытындысын баяндаған. Әрине, суықта 

қалған якут жiгiтi жанынан тастамайтын пышағына жете алмай 

қалған болар. Тiсiмен жұлқылауы содан ғой. Бұл, әрине, сирек 

кездесетiн  жалғыз  ғана  оқиға,  бiрақ  суық  дегеннiң  не  екенiне, 

сол суықтың ортасында еңбек етiп жүрген жұрттың өжеттiгiне 

көз жеткiзетiн сияқты.

Дәл осы жерде Қиыр Солтүстiктi зерттеушi норвегиялық ға-

лым Коре Родальдың мына бiр сөздерiн келтiрiп кетуге болады: 

«Суық транспортты тоқтатып, гаваньдарды тұтқындап (қоршап 

алып), су құбырларын iстен шығарып, ауыз суға тапшы етедi. Ка-

нализация жұмысы нағыз проблемаға айналады. Фотоаппарат-

тар мен басқа да механикалық аппараттар нашар iстей бастай-

ды, пленка серпiлетiн қасиетiнен айырылып, үзiлiп-сына бередi. 

Егер мұқият тазаланбаған болса, ататын қарудың бар түрi iстен 

шығып, пайдаға аспай қалады. Резина нақ шыны сияқты күрт сы-

нады. Егер жабық жерде болмаса, өндiрiстiң бәрi өнiмсiз жұмыс 

iстейдi  немесе  мүлдем  тоқтап  қалады.  Мұның  үстiне  аяз  адам 

организмiне әсер етедi. Адамның терiсi үсiп, тканьдерi жансызда-

на бастайды, суық ауа демдi қайтарып, көз жасы қиыршық мұзға 

айнала бастайды. Бет-аузың мен киiмiңдi қырау басып, кiрпiктер 

бiр-бiрiне  жабысып,  түбiнде  көздiң  алдында  мұздан  қалқан 

тұтып бiржола жауып тастауы мүмкiн. Металға қол тигiзуге бол-

майды.  Күнделiктi  өмiрдiң  болар-болмас  нәрсесiнiң  өзi  үлкен 

проблемаға айналып, аса ептiлiктi, мұқияттылықты талап етедi. 

Болар-болмас  нәрсенiң  өзi  өмiрге  қауiп  төнгiзетiндiктен,  өмiр 

сүрудiң өзi қиындап кетедi».

Әрине, бұл – ғалымның жазғаны. Ғылыми тұрғыдан жазғаны. 

Осы айтылғанның бәрi шындық, бәрi тек Қиыр Солтүстiкке тән. 

Ал  Якутияның  көп  жерi  Қиыр  Солтүстiкке  жататынын  мектеп 

оқушыларына дейiн бiледi.

Иә, Якутия – табиғаты әрi бай, әрi қатал өлке. Осы бiр аумағы 

кез келген республикадан үлкен ұшан-теңiз кең өлкенi 676 мың 


19

халық игерiп отыр. Олар сөзсiз Советтер Одағының барлық ха-

лықтарының көмегiне арқа сүйейдi, өздерiн солардың ортасында 

сезiнедi.

Дегенмен өжет халық.



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал