ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет9/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19
Сендерге қалай сенеміз. 
– Сену-сенбеу өз еркіңде, біз аламыз дедік пе, аламыз. 
– Баламды алғанша мені алыңдар. 
– Сені алатын күн де қашпайды. 
–  Баламды  тастап  кетіңдер,  –  шеріктердің  тізгініне  оралған  Қаметті 
әскербасы  қамшымен  тартып-тартып  жіберді.  Құлақ  шекесінен  қан  бұрқ  ете 
түсті.  Сонда  да  әскербасының  тізгінінен  айырылмай  сілкілесіп  жүр.  Баланың 
шешесі зар илеп қарғана бастады. 

–  Жалғызымды  менен  айырғанда  не  марқадам  табасыңдар.  Құлынымды 
айырмаңдар  менен,  одан  да  мені  өлтіріңдер,  жауыздар!  Жүрген  жеріне  жуа 
бітпегір сұмдар, өлтіріңдер мені! 
Күйеуі  мен  баласына  араша  түспекші  болып  шырылдай  жүгірген  әйелді 
әлде  бір  шерік  атымен  омыраулата  соғып,  ұшырып  түсірді.  Қаметті  ортаға 
алған  екі  шерік оны  қамшының астына  алды.  Басын  қорғалай бұғынған  жігіт 
кенет  жолбарысша  атылып,  ат  үстіндегі  бір  шерікті  жұлып  алды.  Астына 
басып  алқымын  езіп  жіберді.  Енді  бүкіл  жасақ  бұған  үймеледі.  Сыртынан 
келген  біреуі  мылтықтың  дүмімен  ұрып  екпетінен  түсірді.  Тигені  Қаметті, 
тимегені қара жерді төпештеп жатыр. 
– Әке, әке, – деп жеті жасар ұлы шыр-шыр етеді. Әкесі мен шешесін қып-
қызыл қанға бөктірген шеріктер баланы өңгеріп кете барды. 
– Әке, әк-е, шеше, ше-ше! – бала сілесі қатқанша зар илеп бара жатты. 
Ауыл  сыртындағы  малын  қайырмақтаған  Елісхан  ақбас  інгеннің  басын 
жерге  салмай  көзі  жасаурап,  арлы-бері  сенделіп  жүргеніне  қайран  қалды. 
Баяғыда ботасы Дөңбастауда оққа ұшқаннан бері боталамаған еді. Көптен бері 
сәп  салмаған  ба,  отырған  баладай  тіп-тік  тұратын  өркештері  жапырайып, 
жабағылары жалп-жалп етеді. Биік төбеге шығып алып, бетін терістікке беріп 
боздап-боздап қояды. Сосын басын сілкілеп, бұта-бүргенді түйгіштеді. 
Елісхан оның аурудан ада екенін тез аңғарды. «Жер аңсап жүр екен, қайран 
жануар-ай,  сен  де  қартайып  өлер  шағыңа  таяған  екенсің-ау,  енді  мынау  жат 
мекенде қалам ба деген ішкі қамырығыңды қалай шығарарыңды білмей, өзегің 
өртеніп  жатыр  екен-ау,  қайтейін  жануарым»  деп  көңілі  босады.  Оның  дөң 
басына  шығып  алып  сай-сүйекті  сырқыратып  боздаған  зарлы  үні  қай-
қайдағыны есіне түсіріп, көз алдына анасын әкелді. 
Соңғы  рет  ауылдан  аттанып  бара  жатқанда  жанына  шақырып  алып, 
маңдайынан иіскеп: 
– Қарағым, қайда жүрсең де жолың болсын, – деп көзі жасаураған күйі қала 
беріп еді. Сол анасының қанға шыланған денесін өз қолымен көмсе де өлгеніне 
сенгісі келмейді. Жотаның үстінде ақ шылауышы желбіреп: 
– Ботам, ботам, – деп боздап тұрған сияқты. 
Шіркін,  ана  көңіл!  Теңізден  терең,  таудан  асқақ,  аспаннан  биік  ананың 
мейіріне не жетсін! 
–  Ботам,  бо-та-м,  –  боз  інгеннің  үні  сол  анасын  еске  салады.  Мекенін, 
алыста  қалған  ботасын  сағынған  жануардың  тостағандай  көздеріне  толған 
шаралы жас төгілуге айналып мөлт-мөлт етеді. 
Осы  кезде  Елісхан  өз  ауылына  келіп  түсіп  жатқан  бірнеше  адамды  көрді. 
Бордай  үгітілген  көңілін  сергітпекке  атына  қатты-қатты  қамшы  басып  желе 
жөнелді. 
Ауылға  келгендер  екі  ер,  бір  әйел  –  үш  адам  екен.  Аман-сәлемнен  кейін 
Қамет сөзді бірден бастады: 
–  Мұсылман  деп  дүңгенге  паналап  едік.  Мұсылманыңыз  кәпірден  қиын 
болды. Шың Шысай қанша жау болса да баламызға тиіспеп еді. Дүңгендердің 
қорлығы  әбден  өтті.  Астымыздағы  атымызды  алды,  қолымыздағы 

құралымызды  алды,  бауырымыздағы  баламызды  алды,  аянатын  ештеңеміз 
қалған жоқ!  
Бағанадан бері көз жасын жаулығының ұшымен сүртіп, үнсіз егіліп отырған 
жүдеу жүзді жас әйел дауыс салып жылай бастады: 
– Құлыным-ай, енді қайттім. Жалғызым еді. Баламнан тірі айырылғанымша 
өлгенім  артық  еді,  енді  қайттім,  Құдай-ау,  Құдай!  Бір  көмегін  жасап 
дүңгендерден  баламызды  алып  беріңізші.  Тым  құрыса,  сегізге  де  толған  жоқ 
қой. 
Әйелдің  көзінен  бұршақтаған  тамшылар  тотыға  күреңіткен  бет  терілерін 
айғыздай,  омырауына  тырс-тырс  тамады.  Жаулығының  астынан  бобырай 
шыққан  шаштарын  етсіз,  тарамыстанған  саусақтарымен  артына  қайырып, 
күстене жарылған жұдырығының  сыртымен  домбыққан  көз  жиегін дамылсыз 
сүрткіштейді. Жанарының жасы сонда да тиылар емес. 
– Құлыным-ау, қайран құлыным-ай... 
Қаметтің  қасындағы  інісі  Қаудан  көздерінен  от  шашырап  Елісханның 
мұңлы, жүдеу кескініне қадала қарады: 
– Аға, аянатын ештеңеміз қалған жоқ, алдымызда жалғыз ғана жол тұр. Ол 
– не өлу, не өлтіру. Ел иесі деп алдыңыздан өтейік деп келіп отырмыз. 
Зар  мен  налаға  қабырғасы  қайысса  да,  Елісхан  еш  сыр  білдірмегенсіп 
сабырмен сөйледі: 
–  Әлінен  асып  барады  екен.  Бізді  сұраушысы  жоқ,  сүйеушісі  жоқ  дей  ме! 
Анау  «қазақтарды  басқарады»  деген  мекемелері  не  бітіріп  отыр  екен. 
Сөйлесейік, сабыр сақтаңыздар. Бір жөні болар. 
–  Бір  жөні  болады  дейсіз,  сол  жөнін  күтіп  отырғанда  балам  өліп  қалса 
қайтемін?!  Құлыным-ай,  алақанға  салып  отырған  ақ  үрпік  балапаным-ай.  Не 
күйде екенсің?  Әйел тағы жылады. Қамет зекіп тастады. 
– Жетер, жетер, зарлай бермей сөзді тыңдасаңшы! 
Әйел  сонда  да  жылауын  қоймай,  танауын  қорсылдата  тартып,  көз  жасын 
көл  қылып  отыр.  Елісханның  сабырлы  жүзі  күреңітіп,  дауысы  қатты-қатты 
шықты. 
–  Сөйлескенде  басқасымен  емес,  Ма  Буфаңның  өзімен  сөйлесемін.  Тап 
қазір-ақ  атқа  қонамын.  Көшкен  елдің  бұқасын  еру  елдің  тайыншасы 
қорқытады деп отырған шығар. Алдымен алдынан өтейік. Қазір шауып барып 
басын кесіп алайық дейтін ол да оңай жау емес. Аз адамның мүддесі үшін көп 
адам  күйзеліске  ұшырамасын  деп  тісімізді-тісімізге  басып  әзер  отырмыз. 
Қазірше бәрін Аллаға тапсырып, соңын күтейік! 
Әйел сонда да жылап отыр. 
– Қарғам-ай, қандай күйде екен деші... 
Елісханның  көз  алдына  сонау  жылдардағы  қанды  қырғын  келді.  Қасірет-
қайғы  дегеннің  өлгендер  үшін  емес,  өлгендердің  артындағы  тірі  қалғандар 
үшін  екенін  сонда  білген.  Күнде  томпаң  қағып  алдынан  шығатын  сүйікті 
балалары,  аяулы  інілері  қанға  шыланып  жатыр.  Жүрегіңді  әлдекім  суырып 
алып,  сұп-суық  балшыққа  илеп  жатқан  секілді.  Езілесің,  егілесің.  Бірақ 
тағдырдың басқа салғанына көну керек. Өлгендер қайтып келмейді. Дүниенің 

тозағы,  жаныңды  жегідей  жеп  өртке  орап,  шоққа  күйдіріп  өтетіні  тірідей 
айырылу, көз алдыңдағы көбелегің, ақ үрпік балапаның қырғидың тырнағына 
ілініп  шырылдап  бара  жатса,  сен  оған  арашашы  бола  алмасаң,  бұдан  өткен 
қорлық бола ма. 
Түсінен  жиі  кіретін  аяулы  інісі  Сетерхан  аралдың  ортасында  «ағалап» 
жүрген  сияқты.  Әттең,  соларға  жоқшы  бола  алдым  ба.  Мына  бейбақ  ананың 
көз жасын құрғатуға дәрменім жетер ме екен. Көз алды тұманданып, беймаза 
ашу  жанын  жай  таптырмаған  Елісхан  жылдам  қозғалып,  орнынан  тұрды. 
Сырттағы жігіттерге: 
– Аттарды дайындаңдар! – деп әмір етті. 
Жұрт  оның  не  істемекші  болғанын  аңғармай,  әңкі-тәңкі  күйде  тұрғанда 
атына мініп: 
– Ма Жыңго қайда? Солай бастаңдар! – деп саңқ етті. 
Елісхан бұл өңірге көшіп келгелі елдің тентектеріне арнайы жарлық түсіріп: 
–  Кімде-кімнің  көршілес  рулар  мен  ұлыстардың  малын  бұлап-талауына, 
кісісін  ұрып-соғуына  жол  берілмейді!  –  деген  қатаң  тәртіп  жариялаған 
болатын.  Осы  жарлықты  біле  ме,  әлде  ел  азаматтарының  қол  көтермейтінін 
қорқақтыққа  жорыды  ма,  Ма  Жыңго  бастаған  әскерилер  елдің  басына  әңгір-
таяқ ойнатып ойына келгенін істеді. 
Олар  Елісхан  бастаған  топты  көргенде  онша  именіп  кетпеді.  Атының 
кеудесімен Елісханды соқтыра келіп тоқтаған Ма Жыңго: 
– Елісхан мырза, жайшылық па? Мына қарашаларың үкіметке тапсыратын 
мал мен баланы дұрыс тапсырмай әбден шаршатып бітірді, – деді айқұлақтана. 
–  Өз  еркімен  белгіленген  аттарды  жинап  жүрсің  бе,  әлде  берсе  қолынан, 
бермесе  жолынан  деп  атына  қоса  баласын  жинап,  бермегенін  тартып  алып 
жүрсіңдер ме? 
– Мен бұйрықты атқарушы ғанамын. 
–  Бұйрық  солай  екен  деп  халықты  сонша  қанқақсатқаның  қалай?  Бұйрық 
берген адамың кім? Ол бұйрығың Құдайдың бұйрығы емес шығар. 
– Ма төрағаның бұйрығы! Ма Буфаң төраға бізге әскер үшін ат, бала жина 
деген. 
– Тартып ал демеген шығар. 
–  Тартып  аламын  ба,  қолынан  аламын  ба,  ол  –  менің  жұмысым.  Елісхан 
мырза, албаты іске араласпағаныңыз жөн болар еді! 
–  Сені  сол  Ма  Буфаңмен  бет  көрістіріп  отырып  сөйлессек  қайтеді.  Кімнің 
кім екені, кімнің не айтқаны сонда белгілі болады. 
–  Мен  сенің  бұйрығың  бойынша  жүреді  деп  ойлайсың  ба,  тұр  былай, 
жолымды бөгеме! 
– Мен сенің жолыңды бөгеген жоқпын, сен менің халқымды қан жылатып 
ойыңа келгенін істеп жүрсің! 
– Тарт тіліңді, қашқын қазақ, қазір-ақ атып тастаймын! 
Елісханның  өңі  күп-күрең  болып  құлақ  шекесіне  дейін  қызарып  кетті. 
Көздеріне қан толды. Салбырата ұстаған қамшысы оқ жыландай көтеріліп Ма 
Жыңгоның  жонына  сарт-сұрт  ете  түсті.  Сол-ақ  екен,  анау  ыңыранған  күйі 

атының бауырына аунап түсті. Оның жанындағы қорғаушы шерігі мылтығын 
оқтай  беріп  еді,  ол  да  бастығының  күйін  кешті.  Елісханның  дырау  қамшысы 
оны  да  мұрттай  ұшырды.  Қолында  қаруы  жоқ  қазақтардан  еш  сақтанбай 
алаңсыз  тұрған  екеуі  де  көк  шымды  сүзе  құлап,  не  болғандарын  аңғарғанша 
Елісханның жігіттері қолдарын артына қайырып байлап тастады. 
 
* * *  
Бұл  күнде  Ма  Буфаңның  есігінде  әмір  жоқ.  Шиниң  қаласына  ат  басын 
тіреген қазақтардың алды Сака, Ұлан, Долан төңірегінен ағылып жатса, арты 
Гансудың  Иүймин  өңірінен  шұбап  жатыр.  Осының  алдында  ғана  қоржын-
қолаңы  тоқ  келген Құсайынға  тәйжі,  Көки  мен  Омарға үкірдай, Қалиға  зәңгі, 
Ілиясқа  шаңия  мәнсабын  үлестірген  Ма  Буфаң  жаңа  қонақтарына  да  ыстық 
ықылас  танытты.  Өз  жақындарын  жамандауға  келгенде  сүйір  тілі  сүйреңдеп, 
бірінен  бірі  асып  түспекке  арыпталасқан  топтың  ойынына  қаныға  бастаған 
дүңген әміршісі жаңа келгендерді де сол қатардан көргісі келді. 
–  О,  Елісхан  мырза,  қош  келдіңіз.  Сіздің  бұйымтайыңызды  әлі  ұмыта 
қойған  жоқпын,  ұмытқанды  қойып,  қазір  мұсылман  қосындарын  жасақтап, 
жанталасып жатқан жағдайымыз бар. 
Ол Елісханды «дәу де болса тағы да жасақ мәселесімен келген шығарсың» 
деп топшылап, алғашқы сөзін осылай бастай беріп еді, қарсы жағынан басқаша 
жауап естіді. 
–  Мен  жасақ  топтап  бер  деп  келіп  отырған  жоқпын.  Қайта  сол  айтып 
отырған мұсылман жасағыңызды тиыңыз деп келіп отырмын. 
Көбік сөздің қошеметімен қоңдана бастаған Ма Буфаң Елісханның салқын 
жүзіне таңдана қарап, қаймыққан раймен: 
– Елісхан мырза, не деп кеттіңіз? Түсінбей қалдым? – деп бүгежектеді. 
–  Біз  сізді  мұсылман  деп,  дініміз  ислам,  пайғамбарымыз  Мұхаммед 
саллаллаһу  аләйһи  уәсәлләм  деп,  қандас  қарындасымыз  санап  келдік. 
Айтқаныңызға  көндік,  айдағаныңызға  жүрдік.  Елдің  қанатын  қырқып  атын 
алдыңыз,  біз  қарсылық  көрсеттік  пе,  аң  аулап  күн  көріп  отырған  құралын 
жинап  алдыңыз,  әміріңізге  қарсы  шықтық  па,  енді  балаларына  ауыз  салып 
жатырсыз,  мұны  қалай  түсінеміз.  Осы  да  мұсылманшылық  па,  «малым  – 
жанымның  садақасы,  жаным  –  арымның  садақасы»  дейміз.  Адамның 
тағдырына  қол  салу  деген,  арымызға  қол  салу  ғой.  Қазақта  «жуас  түйе 
жүндеуге  жақсы»  деген  сөз  бар.  Жуастық  танытқан  сайын  сіздің  шеріктер 
шекемізге қамшы ойнатып, ауылда өз білгенін істеп жүр, бұған бұйрық беріп 
отырған  сіз  бе,  әлде  әркім  қалағанын  істеп  жүргені  ме?  Сізден  осылардың 
жауабын білейік деп келдік. 
Елісханның көздері дөңгелене от шашып тұр. Ма Буфаң жанарын тайдырып 
әкетті. 
–  Елісхан  мырза,  сіз  түсінбеген  боларсыз,  біз  ат  жинау  арқылы,  бір 
жағынан,  мемлекет  армиясына  қолдау  білдірген  болып,  екіншіден, 
мұсылмандардың  атты  әскерлер  жасағын  күн  сайын  күшейтіп  жатырмыз. 
Халықтың  қолындағы  қаруды  жинау  тыныштық  үшін,  қолында  қаруы  бар 

халық  ойына  келгенін  істейді.  Бірін-бірі  атып-шабады.  Ал,  бала  жинауға 
келсек,  ол  –  халықтың  өз  қамы  үшін  ерікті  түрде  істеліп  жатқан  игілікті 
жұмыс.  Балалары  білім  алып,  көзі  ашылса,  еліне-жеріне  қызмет  етсін 
дегеніміз,  мұсылман  халқының  перзенті  білімді  адам  болып  елінің  кәдесіне 
жараса, бәріміздің мақтанышымыз болмай ма? 
– Жөн, жөн, жаңа да айттым, ат пен қаруды айтпаған күннің өзінде тапа-тал 
түсте шырылдатып бала жинау не сұмдық. Білім алсын, оқу оқысын дегенді біз 
де  білеміз.  Онсыз  да  қазақ  балалары  құр  жаяу  жүрген  жоқ,  әр  ауылдың  өз 
молда ұстаздары бар,  солар  қаланың  тамына  қарамай-ақ,  киіз  үйлерді  мектеп 
етіп,  балаларды  сауаттандырып  отыр.  Шын  жаныңыз  ашыса,  сол  молдаларға 
қосып дүңген мұғалім беріңіз, оқулықтар таратыңыз, тіпті болмаса отырықты 
жерлерден арнайы мектеп салдырыңыз. Ал қазір сіз жинап алған балалар – аты 
оқу  болғанмен,  іс  жүзінде  ауыр  еңбекке  салынып  аурудан  өліп  жатыр,  оны 
қалай  түсіндіресіз?  Екіншіден,  бала  жинаймыз  деп  ауыл-ауылды  тімтініп 
жүрген  шеріктеріңіз  өңі  түзу  қыз-келіншекке  қырындап,  балаңды  бермесең 
басқа  сый  бересің  деп  сумаң  қағып  жүр.  Баласын  аман  сақтап  қалмақшы 
болған  елдің  бұлғын,  сусар  ішіктері,  қасқыр,  түлкі  терілері,  алтын-күмісі 
шеріктер жағынан тоналып жатыр, бұған тиым болмай ма? 
–  Елісхан  мырза,  сіздің  сөзіңізге  қарағанда  біраз  түсінбеушілік  болған 
сияқты.  Мен  ешкімге  мал  қуып,  адам  өлтіріңдер,  бұлаңшылық  жасаңдар 
демедім, егер менің көзімді бояп, халықты қан қақсатып жүрген сұмдар болса, 
оларды әсте кешірмеймін, ондай сұмдарға өлім ғана лайық. 
–  Ма  Буфаң  мырза,  шеріктеріңіз  ел  ішінде  бұлап-талаумен  айналысып, 
халықты зар илетіп жүрсе, шынымен-ақ жазалайсыз ба? 
–  Әрине,  жазаламақ  түгіл  екі  аяғын  көктен  келтіріп,  көзіне  көк  шыбын 
үймелетемін. 
–  Оларды  қатаң  жазалайтыныңыз  рас  болса,  біз  сізге  біраз  сәлемдеме  ала 
келіп  едік.  Істің  анық-қанығын  солардан  сұрасаңыз,  өз  қолдарымен  істеген 
сұмдықтарын бізден де жақсы айтып береді. 
Ма  Буфаң  Елісханның  сөзін  түсінбей  аузы  аңқиып,  айналасына  алақтай 
қарады.  Осы  кезде  бірнеше  жігіт  қолдары  артына  қайырылып  байланған  Ма 
Жыңго  мен  Зайдырахынды  алып  кірді.  Екеуі  есіктен  кіре  сүрініп  кеткендей 
жығыла тоңқаңдап: 
– Ма төраға, Ма төраға, мына қазақтар, бізді... – деп жыламсырай тіл қатты. 
–  Тоқтат,  малғұндар!  –  Ма  Буфаңның  кімге  кәрленгені  белгісіз,  түсі 
сұрланып қалшылдап кетті. Қанаты қалың қабағын қатулана түйіп, даусы ащы 
шықты,  –  мен  сендерге  ат  пен  баланы  әр  шаңырақтың  үлесіне  қарай  ерікті 
жинаңдар демеп пе едім. Халықтың арасына кіріп, қарақшылықпен айналысып 
жүрсеңдер, дәл қазір-ақ атып тастаймын! 
Ма  Буфаң  бұл  сөздерді  бар  айбармен  айқайлап  айтқандай  көрінгенімен 
десінен  айырылып,  іштей  мүжіліп  барады.  Қолқа  жүрегі  шоққа 
шыжғырылғандай қыж-қыж етеді. 
Баяғыда осы Елісхан келгенде: «қылышынан қан тамған Шың Шысайға бас 
имей  ауыздықсыз  кеткен  бұл  жабайы  маған  көне  қояды  дейсің  бе?  Алдымен 

атын, онан соң қаруын алайын. Оған болмаса балаларын жинап алып, барымта 
ретінде ұстайын, сонда қайда барады екен» деп ойлап еді. Міне,  Елісхан енді 
соның  бәрін  әлдеқашан  сезіп,  қақпанды  басқысы  келмей  отыр.  Басқанды 
қойып өзіне сес, айбар шегіп тұрған жоқ па. 
«Мұның  алдында  төменшіктей  берсе,  есіріп  кетеді  екен.  Мен  де  бір 
айбаттанып сеспен қорқытайын» деген ойға келген Ма Буфаң да ширай қалды: 
–  Елісхан  мырза,  аш-жалаңаш  келген  халқыңа  мемлекет  қазынасынан 
қаншама  ақша  бөлгіздім.  Атасында  көрмеген  жақсылықты  ботасында  көрді. 
Сол  жақсылықты  білгеннің  орнына    құралдарын  толық  тапсырмай,  жасырып 
алып  қалған  мылтықтарын  шошаңдатып  әр  жерде  сойқан  шығарып  жатыр. 
Көрші  моңғол  мен  таңғыттар  да  үстілеріңнен  арыз  айтып  күнде  келеді. 
Мұсылманбыз  ғой  деп  оларды  зорға  басып  отырмын.  Балаларыңды  оқытып 
берейін  деп  жақсылық  істесек  оны  білмейсіңдер.  Сендер,  сірә,  қандай 
адамсыңдар? Мемлекет армиясына қол жұмсап оны байлап, матаудың қандай 
қылмыс екенін білетін боларсыз! 
Елісхан басылған жоқ. Шоқтай жайнаған жанарынан аласұрған ашудың оты 
көрініп, жүзі күреңітіп кетті.  
–  Бүгін  жақсылық  істедім  деп  ертең  қарымжысын  сұрасаңыз,  қарызға 
берген  жақсылықтың  керегі  жоқ.  Сіз  тамақ  бермегенде  қазақ  қырылып  қалар 
ма  еді.  Халықтарды  бір-біріне  қарсы  қойып  қазақ  пен  моңғол,  таңғытты 
жауластыру  немесе  мемлекет  армиясына  деп  ат  жинап  мұсылман  жасағын 
топтап жатырмын деуіңіз мемлекет армиясын басқаратын адамның іс-қимылы 
емес.  Біз  сізден  де  жоғарғы  ұлықтарға  шағым  айтсақ,  осы  сөздеріңіз  үшін-ақ 
жауапқа  тартылатын  боласыз.  Мемлекет  армиясы  халыққа  ойына  келгенін 
істей берсін дейтін заң болса онда біз де ойымызға келгенді істейік. Мемлекет 
адамдары бізді сұрамайтын болса, бізге ие бола алмайтын болса өз жоғымызды 
өзіміз  жоқтайық.  Мұны  қабыл  аламын  десеңіз  халықтың  тілегі  деп  ұғыңыз, 
халықтың  сөзін  тыңдағыңыз  келмесе  онда  досыңыз  кеміп  дұшпаныңыз 
көбейеді.  Бізді  қай  жаққа  қою  сіздің  қолыңызда.  Ал  қолыңыздан  шығарып, 
уысыңыздан төгіп алсаңыз, ол да өз есебіңіз! 
Ма  Буфаң  Елісханнан  мұндай  сөз  күтпеп  еді.  «Қап,  қап,  қойыныма  шұбар 
жылан  кіргізіп  алған  екенмін  ғой.  Мұнымен  былайша  салғыласа  берудің  реті 
жоқ» деп іштей майырылса да оны аса білдіріп кеткісі келмеді: 
–  Мәселе,  –  деді  ол  Елісханға  тура  қарап,  –  біреуді  біреуге  шағуда  емес, 
істің ақ-қаралығында. Сол үшін де мен бұл істі тектеусіз қалдырмаймын. Егер 
мына  малғұндардан  қателік  кеткен  болса  басын  қазір-ақ  шауып  тастаймын. 
Істің  анық-қанығы  анықталғанша  күтуіңіз  керек.  Іс  анықталғанша  халықтың 
қолынан ине-жіп алуға да рұқсат етпеймін. 
– Істің ақ-қарасын айырып, бұларды жазалау-жазаламау өз еркіңдегі жұмыс. 
Бізге таланған мал мен шырылдап кеткен балалардың қайтқаны керек. 
Осы кезде сөзге Ма Буфаңның көмекшілерінің бірі араласты. 
–  Елісхан  мырза,  ашу-ызамен  іс  бітпейді  ғой.  Ма  төраға  жаңа  ғана  бәрін 
шешеміз  деді  ғой.  Ел  басқарып  жүрген  азаматтар  алатайдай  бүлініп 

жатсаңыздар,  халықтың  берекесі  қашады.  Сол  үшін  де  татуласқандарыңыз 
дұрыс, – деді. 
Елісхан: 
– Ма Буфаң мырза, бұлай болғанда алдыңызға тағы келетін сияқтымыз. Көп 
істің сұрауы мен жауабын сонда айтарсыз, – дегенді айтып орнынан тұрды. 
– Әрине, әрине, – дей салған Ма Буфаң қанша күлімсіремекші болса да өңі 
қарасұрлығынан  өзгерген  жоқ.  Жақ  еттері  бүлкілдеп,  құлынның  жалындай 
қайырыла біткен қайратты сақалы дірілдеп кетті.  
 
* * *  
Тапа-тал  түсте  өзінің  ел  ішіне  жіберген  шерік  бастығын  байлап  әкеліп, 
жонын  жолбарыстай  күдірейтіп  дөң  айбат  танытқан  Елісханға  тісін  қайрап 
отырған  дүңген  әміршісі  есіктен  сәлем  бере  кірген  Қасымды  көргенде  қатты 
қуанды.  Орнынан  ұшып  тұрып,  алдынан  қалбақ  қағып  жүгірді.  Оның 
арғымақтай кесек тұлғасына тінте көз тастап: 
–  Батырлық  даңқыңызды  сыртыңыздан  естіп,  жүзіңізді  бір  көрсем-ау  деп 
жүруші  едім.  Түр-тұлғаңыздан  атыңызға  затыңыз  сай  ер  екеніңіз  бірден 
көрініп  тұр,  –  деп  жорта  мүләйімсіп,  сөзін  жалғастыра  берді.  –  Бірақ 
көңіліңізге  келмесін,  сізді  мынадай  жұпыны  күйде  көремін  деп  ойламаған 
едім. Мүмкін қарапайымдылығыңыз шығар. Мүмкін еліңіз кедей болып ерінің 
қадір-қасиетін білмей жүр ме екен?! – деп отыратын орын нұсқады. 
Елісханның  өзіне  көрсеткен  оспадар  қылығынан  қайтерін  білмей  қатты 
тыпыршыған  Ма  Буфаңға  Ма  Жыңгоның  қасындағы  Зайдырахын  жағатси 
сыбырлап: 
–  Ма  төраға,  Елісхан  мықтымын  деп  жүргенмен  қазақтардың 
бірауыздылығы жоқ. Немере ағасы Адубай оны өлердей жек көреді. Кәби бай 
деген  бай  қазақ  бар.  Олар  да  –  Елісханның  жауы.  Бізге  көмектесіп  елден  ат 
жинасқан  Тәшербай  деген  мен  Кәби  байдың  баласы  Тоқай  деген  жігіт  бар. 
Жағымпаздық  көрсетуге  келгенде  Елісханды  былай  қойып,  қойнындағы 
қатынын  беруден  тайынбайтын  жандар.  Одан  қалса  Қасым  батыр  деген  бір 
дөкей  бар.  Ол  Елісханды  жақтап  жүрген  базарқұл  Зайып  дегеннің  ауылында 
болатын.  Жақында  одан  бөлініп  кетіпті  деп  естідім.  Қазір  қайда  барарын 
білмей  басы  қатып  жүргенінде  күмән  жоқ.  Сіз  осылардың  біреуін  қолыңызға 
қондырсаңыз болды, тасыңыз өрге домалайды. Ойыңызға алған мақсатыңызды 
оңай орындай аласыз, – деген болатын. 
Зайдырахынның  сөзінен  кейін  Ма  Буфаң  оның  өзі  арқылы  Тәшербайдың 
құлағына сыбырлатып, Кәби байды шақыртқан еді. Малы қанша көп болса да 
билік  бұйырмай  өзгелерден  одағайлау  жүретін  Кәби  бай  жұрттың  бәрін 
мансаппен жарылқап жатқан үлкен ұлықтың шақыртуын естігенде бір сәтке де 
аял  қыла  алмады.  Жүйрік  атының  бірін  үкілей  жетелеп,  артынып-тартынып, 
қара құстай қалбаң қағып жетіп келді. Осының алдында ғана  Елісханның Ма 
Жыңгоны байлап апарып, ұлықтың шамына тигендігін Тәшербайдан естіген ол 
есіктен кірер-кірместе-ақ ентіге сөйледі: 

– Айналайын, Ма бауырым, азып-тозған мұсылман баласын алдыңа әкеліп, 
елді  айрандай  ұйытып  отырғаныңа  мың  да  бір  алғыс.  Осы  берекелі  күнді 
көпсіне ме, Елісхан сияқты азғана топ мазаңызды алған көрінеді. Алты бақан 
ала ауыз тасбике кіммен мықтымын деп ойлайды. Мықты болса Әліпті жауға 
бермес  еді  ғой.  Елісхан  мықты  болса  өзге  түгілі  өз  ағасы  Адубайды  ағалап 
алсын.  Ел  тыныштығын  бүлдіру  деген  не  сұмдық.  Елісханның  басы  қанша 
тұрады  екен?  Жүз  жылқы  ма,  екі  жүз  жылқы  ма?  Керек  болса,  оны  мен-ақ 
берейін. Тентекті тыймасаңыз, ел бүлінгенін қоймайды! 
Баркөлден  үрке  көшкенде  аспаннан  ұшақ,  жерден  атты  әскер  қуып  Кәби 
байдың  көп  жылқысын  жау  басып  қалған  еді.  Елісхан  елді  бүлдірмесе 
байлығым бұлайша шайқалмас еді деп кімге соқтығарын білмей жүргенде тағы 
да Елісханың әңгімесі алдынан көлденең шығып, ескі жарасы қайта тырналды. 
Дертін  қозғап,  делебесін  қоздырған  бұл  істің  бір  жағында  бүгулі  жатқан  өз 
есебі де жоқ емес. 
Бір қызығы, өстіп арқырап келген қазақтар сөзінің соңына келгенде әуелгі 
арынынан мүлдем қайтып жуаси сөйлейді. Кәби бай да сөзінің соңында: 
–  Тоқай  деген  баламның  Зайдырахын,  Тәшербайларға  көмектесіп 
шеріктеріңізге  қолғабыс  жасап  жүргенін  білетін  боларсыз.  «Түйеге  мінген 
Құдайға  біртабан  жақын»  демекші,  Хазіреті  Ғалидан  кейінгі  мұсылман 
баласынан  шыққан  атақты  батырсыз.  Әрі  үлкен  мансаптың  құлағын  ұстап 
отырған  ұлықсыз.  Балама  көз  қырыңызды  сала  жүріңіз.  Басқаға  жарамаса  да 
барып кел, шауып келге жүріп тұр. Ал Елісханның әптігін баса алатын жалғыз 
ғана  адам  бар,  ол  –  Қасым  батыр.  Жақында  ғана  меркіттің  бір  жесіріне 
базарқұлдар  таласып,  соның  егерімен  Зайыптан  бөлініп  кеткен.  Мен  ебін 
тауып  сол  Қасымды  алдыңызға  жіберейін,  –  дегендерді  айтып,  аттанатын 
ыңғай танытқан. Ма Буфаң болса оның Елісханға жау боларлық қауқары жоқ, 
қара  басының  қамын  күйттеген  қарау  байлардың  бірі  екенін  бірден  аңғарды. 
Әрі  баласы  Тоқайға  мансап  сұрап  отырғанын  да  тез  түсінді.  Жас  та  болса 
қазақтың  талай  кәрісінің  сөзіне  қанық  бола  бастаған  Ма  Буфаң  өз  басын 
аулақтап отырған Кәби байды тұзаққа қайта тартты. 
–  Егер  Қасым  менің  қолыма  келіп  қызмет  атқаратын  болса  Тоқай, 
Тәшербайлар оған көмекші болып, ел ісін басқарар еді. 
Өзін  қанша  әккі  санағанымен  аңғалдығы  басым  қазақ  байы  бұл  жауапқа 
өлердей қуанды: 
–  Рахмет,  қарғам,  Алла  разы  болсын.  Қасым  алдыңызға  сөзсіз  келеді. 
Құмалағыңызды  төрттен  қойып,  оны  сізге  құлай  жығылатын  етпесем,  Кәби 
атым өшсін! 
Міне,  сол  күткен  Қасымы  ақыры  келді.  Елісханға  қарсы  жүрер  дойбының 
тасы ретінде таңдаған Қасымның қазіргі жүдеу халінен де толық хабардар еді. 
Сол  үшін  де  оның  тамырын  дәп  басып,  бұлтаққа  жібермей  тұтқиылдан 
шабуылдап отыр. 
Қасым  өзін  қанша  сабырлы  ұстағысы  келсе  де,  сырласа  келе  бәрін  жайып 
салды: 

– Қазақта «жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды» деген сөз 
бар.  Менің  бар  мінім  –  жалғыздығым.  Баркөлде  жәдіктер  мен  наймандар 
бірігіп  Абайға  ұстап  берді.  Базарқұл  Зайып  пен  тасбике  Елісхан  көппіз  деп 
жәнтекейлігіне  семіреді.  Бізге  өзіңіз  секілді  мұсылман  патшасы  ие  болмаса 
қалғанына  сену  қиын  болып  барады.  Елден  шет  қонып,  қиыр  жайлап  алпыс 
үйлі аш-арықты аңның етімен бағып отырмын, – деп тоқтады. Ма Буфаң бұл 
сөздерді естігенде жерден жеті қоян тапқандай желпініп кетті: 
– Мұсылманның парызы – жоқ-жітік, кем-кетіктерге көмектесу. Сендерден 
аяған  дүниемді  ит  жесін.  Өзің  бір  ішіне  кір  сақтамайтын  адал  адам  екенсің. 
Маған да сен секілді адал жандар керек. Қытайшаны білетін жалғыз Елісхан ба 
десем, сен де суша сапырады екенсің ғой. Сен бізге сенсең, біз саған сенеміз. 
Өз  үйіңдей  кіріп-шығып  жүр.  Кейде  осында  келетін  қазақтарға  аудармашы 
таба  алмай  сарттарға  жалынамыз.  Сен  орда  төңірегінде  болсаң  оның  да 
қиындығы  болмас  еді.  Алпыс  үйлі  адамдарыңның  тізімін  қалдырып  кет. 
Қазынадан  арнайы  қаражат  бөліп,  ішпек-жемек,  керек-жарақтың  бәрін 
беремін. Ертең-ақ артыңнан жетіп барады. 
–  Алдияр  тақсыр,  алыстан  ат  арытып,  тон  тоздырып,  қолтығыңызға 
тығылғанда көлдей көңіліңізді білдіріп жатырсыз.  Алла разы болсын. «Жетім 
бала  кекшіл»  демекші,  біз  сырттың  бірауыз  қатты  сөзін  кек  көрсек,  бір  ауыз 
жылы сөзін өмір-бақи ұмытпайтын жандармыз. Мұны қазақ «аштықта татқан 
құйқаның дәмі кетпейді» деп атайды. Біз қысылып, қиналып жүргенде сіз қол 
ұшыңызды берсеңіз, біз де сізді жерге қарата қоймаспыз, – деді Қасым.  
Дихуа  мен  Баркөлден  пана  таппай  ондағының  бәрімен  қырқысып  мұнда 
келгенде  қырғи  қабақ  ағайынның  алакөздігіне  ұшырап,  аш  жүргенше  маған 
жаутаңдаған қарашаларым үшін осыным да жөн деп ойлады. Ма Буфаң атқан 
сақасының нысанаға дәл тигеніне марсиып, аярлана жымиды: 
– Жарайсың, жігітім, батырлығына ақылы сай нағыз еркек екенсің. Сенімді 
ақтап,  серік  болуға  жарап  жатсаң,  осы  өңірдің  бүкіл  қазағын  бір  өзіңе  ғана 
басқартамын, – деді.  
Бұл жолы Ма Буфаң сөзінде тұрды. Ертеңінде-ақ Қасымның ауылын қалың 
кездеме, шай, ұн-күріш дегендеріңіз басып қалды. Қасым бұған қатты қуанса 
да өзінің өзгеге борыштар болып қалуын қаламайтын мінезімен несібесін тағы 
да  түзден  іздеді.  Осы  өлкенің  Қашқарбел  аталатын  бір  дарасында  аю  бар 
екенін  біліп  соның  соңына  түсті.  Қасына  бірнеше  мықты  жігіт  ертіп,  аюдың 
көмген жемтігін аңдып, ақыры тірідей ұстап алды. Айтарға оңай болғанымен, 
алып хайуан оңайлыққа бой бере қойсын ба. Сол қолына тұтастай қыл арқан 
ораған Қасым жемтікті жеп жатқан аюға бетпе-бет келеді. Дала тағысы өзінен 
қаймықпай  қарсы  келген  адамға  айбар  шегіп  тап  береді.  Оның  алдыңғы  екі 
аяғы  мен  арандай  ашқан  аузына  қыл  арқан  ораған  қолын  жұмсап  қапсыра 
құшақтап  алыса  кетеді.  Тырнағын  денесіне  дарытпай  ту  сыртынан  құшақтап, 
жерге  алып  ұрады.  Арқан  дайындап  тұрған  жігіттердің  бірі  шалмалап,  бірі 
аузына ағаш кергішті көлденеңдей тығып, жабыла жағаласады. Шай қайнатым 
уақытқа  жеткізбей  байлап  алады.  Байлаған  аюды  кескектеп  жетектесе 
жетекшіл  болады  екен.  Тапа-тал  түсте  Шиншиң  қаласына  алып  келді.  Өмірі 

мұндайды  көрмеген  дүңгендердің  бәрі  көшеге  қарай  дүрлігіп,  қазақтардың 
мына тамашасына қайран қалып, таңдай қағысты.  
Барлық  төре-қаралар  Ма  Буфаңға  әртүрлі  сый-сияпат  көрсетіп  алашапқын 
болып  жүргенде  Қасымның  сыйлығы  бәрін  басып  түсті.  Бұл  Ма  Буфаң  үшін 
де,  Қасым  үшін  де  үлкен  абырой  болып,  жұрт  әңгімені  аңызға  айналдырып 
жіберді.  
Ма  Буфаңның  ордасына  сыйлық  ұсына  келген  көп  қазақтың  бірі  Құсайын 
еді. Алғашқы жолдың өзінде-ақ қоржыны тоқ келіп тәйжілік шен алып қайтқан 
болатын.  Ұлықтардың  тілін  табуда  алдыма  жан  түспейді  деп  білетін  ол  өз 
үйіндегідей  еркін  кіріп-шығып,  қазақтарға  аудармашылық  істеп  жүрген 
Қасымды көргенде тыжырына қалды. Десе де, оның сәлемін жылы қабылдаған 
сыңай танытып: 
–  Маған  аудармашының  қажеті  жоқ.  Қытайшалап  шүлдірлеу  менің  де 
қолымнан  келеді,  –  дегенді  тіркістене  айтты.  Қасым  шығып  кеткен  соң  Ма 
Буфаңның құлағына қолын көлегейлей жақындатып: 
–  Байқаңыз,  бұл  –  өте  қауіпті  адам.  Дихуада  Шың  Шысайдың  бір  топ 
шерігін қырып салып, Баркөлде Абайға оқ атқан. Түрмеден қашып шыққан,  – 
деп сыбырлады. Шын мәнінде, ана жолы Қасымды Құдабайдың қолынан ұстап 
алып Абайға тапсырып бергеннен кейін «Қасым қашыпты» дегенде мұның да 
ұйқысы бұзыла бастаған еді. «Батыр – аңғал демекші, бір күн болмаса бір күн 
алдымнан шыға келіп жайрата салмасын» дейтін ішкі қорқынышы да жоқ емес 
болатын. Енді сол Қасымы мұнда тайраңдап жүр. Ма Буфаң оған сенім артып 
ертең-ақ қолына қару беріп, әскер бастатып қойса соңы қалай болады. Кеше өзі 
Абайды арқа тірек етіп, мұны ұстауға еңбек көрсетіп еді. «Кезек екі, тәңір бір» 
деп  енді  бұл  неме  атқа  қона  қалса,  сол  қысасын  қайтармайды  деуге  қалай 
болады. Осыларды ойлаған Құсайын бір жағы Қасымды шағып, бір жағы Ма 
Буфаңнан  сөз  тартып,  әлгі  сөзді  әдейі  айтқан  еді.  Мұндайды  ести-ести 
қазақтарға әбден сыралғы болған Ма Буфаң мұртынан күлді. Ішінде күшіктеп 
жатқан көп ойдың бірде-бірін суыртпақтағысы келмей, жымиған күйі: 
– Білем, білемін. Мен Шың Шысай мен Абайға ұқсамаймын. Мені жағалап 
жүргені  сол  үшін  шығар,  тентектің  де керек  кездері  болады,  –  деді.  Құсайын 
сөз төркінін толық аңғара алмаса да онымен бірге ыржиып: 
– Менікі әншейін, сізге ескерткен ғой. Қолайыңызға жағып, қолғанаттыққа 
жарап жатса жақсы болар еді. Ол жағын өзіңіз білесіз, тіпті қытай тілін білетін 
аудармашы  керек  болып  бара  жатса  біздің  ауылда  да  бірқаншасы  бар. 
Шынжаңның билік басына келген қытай әпенділеріне де талай көмегіміз тиген, 
оның қасында өзіміздің мұсылман бауырымыз емессің бе. Сол есіңізде болсын 
дегенім ғой, – деп сөз аяғын жылы жауып қойды.  
Қай  дәуірде  болмасын  қытай  ұлықтарының  тілін  тауып  келген  Төлебай, 
Әлкенбай аталатын бұл ауылдың жігіттерінің қытайша білетіні де рас еді. Ма 
Буфаң Қасымды жақсы көріп отырса, мені жек көріп қалмасын деген ниетпен 
әңгімені аудармашы үшін ғана айтқан ғып мүлдемге жадағайлап жіберді.  
 
* * *  

Ма  Буфаң  ел  ішін  тыныштандыруды  ойлады  ма,  әлде  Елісханның 
айбатынан жасқанды ма, алғашқы топтағы бір бөлім балаларды қайтартқызып 
берді.  Бірақ  халықтың  хал-күйін  жақсарту,  талас-тартыс,  дау  шешу  сияқты 
істерде  ауыз  жүзінде  әдемі  сөз  айтқанымен  іс  жүзінде  ештеңе  тындыра 
алмады.  Орда  төңірегін  жағалап,  Ма  Буфаңның  ойыншығына айналып  соның 
ығын  ықтап,  сөзін  сөйлеп  жүрген  өз  қандастарын  көргенде  Елісханның 
қайғысы одан бетер қалыңдады. 
Дүңген  әміршінің  қулығына  құрық  бойламайтын  айлакерлік  арқылы 
елбасыларын  бір-біріне  қайрап  салып,  қызығын  көрмек  болғаны  жанын 
құлазытып, жалғыздықта қалғандай жүдетіп жіберді. 
Дәл  осы  кездегі  Шынжаң  жағдайы  да  аса  аласапыран  күйде  еді.  Шың 
Шысай жедел түрде адам ұстауын үздіксіз жалғастырып жатты. Алтай жерінде 
«елдің  қолындағы  қару-жарақты  жинау,  адақтау»  секілді  арнайы  жиналыс 
шақырылып,  Дихуадағы  «қазақ,  қырғыз,  моңғол  құрылтайы»  аталатын  қанды 
тұзағын  басудан  бас  тартқан  Баянбай,  Байқадам  үкірдай,  Сүлеймен,  Дөнен 
залың,  Бөкейхан,  Сақсайбай  секілді  бір  топ  адамды  Сарсүмбе  қаласына 
шақырып  алып  қолға  алды.  1939  жылы  желтоқсанда  діни  ғұлама,  Алтай 
өңірінің рухани көсемі Ақыт қажы Үлімжіұлын Көктоғайдағы өз үйінен ұстап 
кетті. 
1940  жылы  екінші  ақпан  күні  Алтайдың  Көктоғайында  Есімхан,  Ақтеке, 
Оспан батырлар бастаған бір топ адам атқа қонып ауданның қытай әкімі Шүй 
Ырлиңды  өлтіріп,  Шың  Шысай  зұлымдығына  қарсы  ұлт  азаттық  көтерілісін 
қозғады. Көктоғай ауданының халқына Шіңгіл ауданының елі үн қосып, Алтай 
өңірі  дүр  сілкінді.  Бұл  хабарлар  Баркөлден  асып  Гансу-Чиңхай  жеріндегі 
қазақтарға да жетіп үлгерді.  
–  Шың  Шысай  зұлым  Көктоғай  жерінде  жұма  намазына  жиналған  елді 
ұстап,  дінни  патуалар  айтып  тұрған  Ақыт  қажыны  тұтқындап  кетіпті. 
Ноғайбай үкірдай өз ұлы Есімханды ертіп соңдарынан қуып, айырып алмақшы 
болып атқа қонғанымен, жете алмай мыстары құрыған екен. Жауыздарға кегі 
қайнаған  Есімханға  Оспан  қару-жарақ  сыйлап,  ұлы  Шердиманды  қосып 
беріпті.  Есімхан  –  Шағалақ,  Еңсеген,  Әубәкір,  Қапас,  Шердиман  сияқты 
жігіттерді  бастап  Оқан  зәңгінің  үйінде  қонып  жатқан  әкімнің  басын  кесіп 
алыпты. Қолындағы құралын тапсырса да, тапсырмаса да күнде тұтқынға түсіп 
жатқан халық қытайларға қарсы түгел көтеріліпті. 
– Қытайлар Ақтеке мен Сәлиді ұстап бара жатқанда Кәғыбат, Сайып деген 
ерлер құтқарып алып, олар да Есімхан бастаған көтерілісші қосынға қосылған 
екен. 
–  Көктоғай  көтерілді  дегенді  естіп  Шіңгіл  елі  де  бұзылыпты.  Шіңгілден 
Ырысхан, Муса, Сүлеймен батырлар шығып қытайларға қырғидай тисе керек. 
Атқан  оғы  жерге  түспейтін  Муса  мен  Сүлеймен  құралайды  көзден  ататын 
мергендер екен. Қараға алғанын қалт жібермей, талайын жамсатыпты дейді. 
– Кәпірлерге обал жоқ. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басқан өздері. 
Басқаны  былай  қойғанда,  жұма  намазына  жиналған  бейкүнә  мұсылмандарды 
ұрып-соғып,  байлап-матап  Құрандарын  өртегенін  көрмеймісің.  Мұндай 

қорлыққа бойында жаны, бұтында безі бар мұсылман баласының қай-қайсысы 
да төзе алмас! 
–  Ер  Жәнібек  батырдың  қарашаңырағын  ұстап  отырған  Шіңгілдегі  тіке 
ұрпағы Зарыққан батыр көк қасқа тай сойып, батыр бабасының туын көтеріп 
шығыпты. Көтеріліс басталудан бұрын батырдың туын салған сандық дүрілдеп 
тоқтамаған екен.  Аруақты адам ғой. Қасиетіңнен айналайын, елдің күйзелісті 
күйін  көргенде  Жәнекемнің  аруағы  түгілі,  туы  да  тыныш  жата  алмаған  ғой. 
Туды  Құран  оқытып  мал  бауыздап,  батыр  бабаға  тәу  етіп  алып  шығып,  қара 
қойдың қанына қол матырып: «Өлсек шаһид, тірі болсақ қазымыз» деп тірідей 
жаназаларын шығартып, Өр Алтай түгел атқа қоныпты. 
–  Жауыздық  құртылмайынша  қарсылық  қашан  тоқтаушы  еді.  Алла  жар 
болсын. Ер Жәнібек бабамның аруағы қолдасын! 
Ел  ішін  дүмпілдеткен  осы  хабар  Елісханның  мазасын  алды.  «Шіркін-ай, 
Шың  Шысай  зұлыммен  тіресіп  біраз  жыл  шыдай  тұрсам,  Бәйтік  жағынан 
Шіңгіл еліне қосылып, Шың зұлымның қанын судай шашар едік-ау. Есімхан, 
Оспан  бастаған  ерлердің  күресін  қолдап  Баркөл  елі  атқа  мінген  болса 
жауыздардың шақ-шәлекейі шығар еді ғой. Әттең, арамыз тым шалғай, ұшарға 
қанатым жоқ». 
Түн бойы аунақшып шыққан Елісхан ел үшін қалайда бірдеме істеуім керек 
дегенді  көп  ойлады.  Бір  жеңнен  қол,  бір  жағадан  бас  шығаруға  көнбей,  тоз-
тозы шығып отырған елімнің түрі мынау. Айналамыз түгел жау. «Жау жағадан 
алғанда,  бөрі  етектен  алады»  дегендей,  дүңгеннің  қысымы  аз  болғандай 
көршілері моңғолдар мен таңғыттар да жиі-жиі мазалай бастады. Алтай сынды 
ата-бабамыздан  қалған  ұлы  тауға  арқа  сүйеген  Өр  Алтайлықтар  жасаған 
ерлікті  жасауымызға  айнала  орай  бермейді.  Алты  бақан  ала  ауыз  болып 
отырған ағайынның әзірше бас қосатын түрі жоқ. 
«Жығылсаң түйеден жығыл» дегендей, бүкіл елдің тұтқасы болып отырған 
Жаң  Кайшы  мырзаға  хат  жазайын.  Үлкен  ұлық  –  бүгінгі  патшамыз  ғой. 
Алладан  кейінгі  патшаның  айтқанын  уәжіп  көрген  халықпыз.  Мүмкін  бір 
шапағаты тиетін шығар. 
Есімханның ойының соңғы байламы осы болды. Ертесі ертемен тұрып ауыл 
ақсақалдарын жинап алып әуелі өз ойларын айтты. Мемлекет тұтқасын ұстаған 
Жаң Кайшы мырзаға хат жазбақшы екенін білдірді. Бұған ешкім қарсы болған 
жоқ.  Қарсы  болғанды  қойып:  «айналайын-ай,  күндіз-түні  ойлайтының  елдің 
тірлігі екен ғой. Елге серке болатын ерлер Ма Буфаңнан шыға алмай жүргенде 
бұлай істеу үш ұйықтаса түсімізге кірмепті» деп іштей күбірлесіп тілектестік 
білдірді. Рақимолда, Сейітхан сияқты кісілерді қасына алып хатты ұзақ жазды. 
«Құрметті  Жаң  Жиеші  жанаблары,  құзырыңыздағы  қазақ  деген  халық 
өзіңіздің көл-көсір мейіріңізден медет айлап осы үшбу хатты жазып отырмыз. 
Біз ежелдің ең күнінен Алтай-Баркөлді жайлаған ел едік. Сонау Шыңғысхан 
заманында  атамекенімізден  айырылып,  торғайдай  тоздық.  Керейдің 
Тұғырылханы  өлгеннен  кейін  халқы  телім-телім  болып  тентіреп  кетті.  Тек 
жоңғарлар  жеңілгеннен  кейін  ғана  Абылай  сынды  сұлтан  шығып,  бүкіл 
қазақтың басын қосып хандық құрды. Біз сол хандықтың құрамында жүрсек те 

Ер Жәнібек батыр бабамыздың тұсында Көгедай сынды төремізді Еженханның 
құзырына жіберіп, ұлы қытай патшалығына жартылай бодан болдық. Өзіміздің 
атамекеніміз болған Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріне арт-артынан көшіп келдік. 
Патшаның  жарлығына  бойұсынып  Еженханға  алман-салық  тапсырып,  еліміз 
тыныш, берекеміз жақсы болды.  
1912 жылы Еженханның алтын тағы аударылып орнына Сүниятсын үкіметі 
шыққан  кезде  Алтай  ұлықтарынан  Зәкария  төре  Бейжиңге  барып  жаңа 
үкіметке  бағыныштылығын  білдіріп,  шен-шекпен  алып  қайтқан  еді.  Содан 
бергі уақытта Алтай, Тарбағатай, Баркөлді жайлаған қазақтар өз құзыретіңізге 
бағынып келеміз. 
Кәрі жияңжүн Яң Зышыңның тұсында аз уақыт ұйқымыз қанып, өркеніміз 
өсе бастап еді. Жин Шурынның заманында шырқымыз бұзылды, тынышымыз 
кетті. 
Әсіресе, 
1931-1932 
жылдары 
Шығыс 
Шынжаңның 
әскери 
қолбасшылығына  тағайындалған  Шың  Шысай  Баркөл  қазағын  қатты 
күйзеліске  ұшыратты.  Тұтқындады,  қырғындады,  атамекеннен  айырылуға 
себеп  болды.  Шынжаңның  дубаны*  болып  билік  басынан  шыққаннан  кейін 
тіпті  де  құтырынды.  Елбасыларымызды  бірінен  соң  бірін  қолға  алды.  Тым 
құрыса,  олардың  қандай  қылмыспен  тұтқындалғанын,  не  күнәсінің  барлығын 
да  айтпады.  Ұсталғандарын  қайтармады.  Соңынан  жоқтаушылардың  өзін 
қылмысты ретінде тергеуге алды. Халықтың күн көрісі қиындап, алман-салық 
ауырлай  түсті.  Арт-артынан  қырғыншылық  жүргізді.  Бір  реттің  өзінде  Әліп 
сынды  елбасының  ауылын  шауып,  бала-шаға  демей,  бір  жүз  он  жеті  адамды 
қырып  салды.  Дініміз  бен  тіліміз  аяқасты  етіліп,  халықтың  үкіметке, 
мемлекетке деген сенімі кетті. Қыспаққа түскен халық бас сауғалап жан-жаққа 
тентіреп кетті. 
 
Дубан – ерекше автономия дәрежесіндегі әкімдіктің (өлкенің) дербес басқарушысы. 
 
Ал  Шың  Шысайдың  ұшақтары  қашқан  халықты  бомбалап  қаншама 
бейуаздың  қанын  судай  шашты.  Жанын  баға  алмаған  халық  азып-тозып,  күн 
көріс қамы үшін Гансу мен Чиңхайға босты. 
Мұндағылар алғашында жақсы қарап, мемлекет тарапынан бөлінген көмек 
қаржысын үлестіріп беріп еді. Соңында ол да жемқорлардың қалтасына түсіп, 
халыққа  жетпейтін  болды.  Халықты  жарылқау  былай  тұрсын,  астымыздағы 
атымызды алды. Аң аулап күн көріп отырған қару-жарағымызды жинап әкетті. 
Онымен  қоймай  бара-бара  ұлымызды  құл,  қызымызды  күң  етуге  кірісті. 
Балаларды оқытамыз деген сылтаумен жинап алып, ауыр еңбекке салды. 
Қазақтар  ұлықтардың  алдына  арызданып  барса:  «Шыдасаңдар  осы, 
шыдамасаңдар  Шынжаңға  қайтарамыз»  деп  қорқытады.  Біз  ешқашан 
Шынжаңға  қайта  алмаймыз,  мемлекеттің  қай  жерінде  жүрсек  те  сіздің 
әміріңізде  боламыз.  Қазіргі  жағдайдан  қарағанда  өріс-қоныс  үшін  Чиңхай-
Гансу жері қолайлы орта болатын түрі бар. Жан саны да тығыз емес екен. Біз 
үлкен жағынан сіздің құзырыңызға бағынғанымызбен ішкі мәселемізді – дінни 
және  салт-дәстүр,  шаруашылық  сынды  өз  ісімізді  өзіміз  басқаратын  дербес 
қазақ  аймағы  болып  құрылуды  сұраймыз.  Мемлекетке  біртұтас  тапсырып 

беретін  алман-салықты  өзіміз  жинап,  өз  ішіміздегі  мәселелерді  өзіміз  реттеп 
отырсақ, халық үшін де тиімді болар еді. 
Біріншіден Алладан, екіншіден, өзіңізден бір медет тілеп, осы үшбу хатты 
жазып отырмыз. Мемлекет – атасы, халық – баласы деп білетін біздердің сіздің 
өзіңізден  басқа  сенеріміз  де,  сүйенеріміз  де  жоқ.  Қара  ормандай  қалың 
халқыңызды  қан  жылатпай  қанатыңыздың  астына  ала  көріңіз.  Өзіңізден 
шапағат тілеуші бұқараңыздың өтініші жерде қалмайды деп үміттенеміз. 
Сізден  медет  күткен  –  Шынжаңнан  Гансу,  Чиңхайға  босып  келген  қазақ 
бұқараңыздың өкілдері. Сіз халықты жарылқасаңыз, Алла сізді жарылқасын!» 
Жаң  Жиешінің  жауабын  күткен  сары  таңдар  сараң  жылжып  өтіп  жатты. 
Хаттан  жауап  болмады.  Алтай  жерінде  басталған  ұлт-азаттық  қозғалысының 
хабарын  алған  Жаң  Жиеші  мырзаның  Гансу-Чиңхайға  бұрылар  мұршасы 
болмады  ма,  әлде  хат  ол  кісінің  қолына  тимей  орта  жолда  қалды  ма?  Оны 
анықтау өте қиын еді. 
 
* * *  
«Шиниң  қаласына  қалың  атты  қазақ  келе  жатыр»  дегенді  естігенде  Ма 
Буфаң қатты үрейленді. Әскери басшыларын шақырып алып: 
–  Сақ  болыңдар,  Шынжаң  жерінде  қазақтардың  көтеріліп  жатқанын 
білмеуші  ме  едіңдер,  бұлар  өте  аяр  халық.  Көріністе  жуас  болып  жүреді  де, 
жалғыз-ақ  күнде  тап  береді.  Ас  беріп  отырған  қожайындарын  да  өлтіре 
салудан тайынбайды. Алтайда әкімнің басын кесіп алып, шеріктерін қынадай 
қырғанын  естімеген  боларсыңдар.  Бұлардың  көзіне  қан  толса  тоқтату  қиын, 
барлық  әскерлер  мен  қарауылдар  әлде  қандай  іс  бола  қалса  дайын  тұрсын. 
Бірақ естеріңде болсын, оларға сыр алдырушы болмаңдар! – дегенді қадағалай 
тапсырды. 
Ма  Буфаңның  бұлайша  қорқуының  да  себебі  бар.  Ол  Қасымды  өзіне 
қаншама тартып  Елісханға сан рет қайрап салса да ол аса желпілдеп кетпеді. 
«Елісханды  құрт  немесе  оның  түбіне  жет»  деген  секілді  бұйрықты  бере 
алмайтыны  өзіне  аян.  Ал  Қасым  кішігірім  тапсырмаларды  екі  етпейді. 
Даланың тағысын ұстаудан тайынбаған Қасымның Елісханнан жасқанғаны ма, 
әлде орайлы сәтін күтіп жүр ме, ол жағын Ма Буфаң да анық айыра алмайды. 
Десе  де,  өзін  қазық  қылып,  арқандаулы  аттай  айналсоқтап  жүретін  оны  тағы 
бір шырғаға тартып көргісі келді:  
–  Қазақтардан  келетін  арыз-армандардың  қағаз  түрінде  келетіндерін 
жинауға  өзің  жауапты  бол.  Олардың  қағаздарын  мен  жинап  алғаныммен 
бәрібір  танымаймын  ғой.  Тіпті  ауызша  арыз  айтып  келушілер  болса  да  оны 
қағазға  жаздырып  алып,  артынан  маған  қытайшаға  аударып  жеткізерсің,  – 
дегенді тапсырды. 
Қасым  бұл  тілектен  аттай  алмады.  Сөйтіп,  «құс  жаңылып  торға  түседі» 
дегендей, Қасым тағы бір қақпан басты. Ма Буфаң, Ма Жыңго, Зайдырахындар 
арқылы Тәшербай, Тоқайларды іске салып: «Елісханға қарсы арыз топтап оны 
Қасымның  қолына  жинап  беріңдер»  дегенді  айтты.  Сөйтіп,  Қасым  былайғы 
елбасыларына «Елісханның үстінен арыз топтап жатқан» адам болып көрінді. 

Ма Буфаңның күткені де осы еді. Мұндай сыбысты Елісхан сырттай естісе де 
түк  білмегенсіп  жүре  берген.  «Осы  бақай  қулығым  арада  жүрген  қазақтар 
жағынан  Елісханның  құлағына  жетіп  қойған  жоқ  па»  дегенді  ойлаған  Ма 
Буфаң бекерден-бекер қалтыраған жоқ еді. 
Елісхандар қырық неше адаммен келіп түскенде түк сезбеген раймен құрақ 
ұшып  қарсы  алды.  Елбасыларының  қабақтарына  кезек-кезек  жаутаңдай 
қараған  оған  қарсыдағыларынан  ешқандай  жаулықтың  сыңайы  аңғарылмады. 
Бірақ  көңілдерінің  бұлты  көздерінен  көрініп,  ар  жақтарында  сыз  жатқандай 
білінді.  
Сөзді Елісхан бастады: 
– Қазақ деген тынышсыздау халық сізді қайта-қайта мазалай беретін болды, 
–  Елісханның  отты  жанары  Ма  Буфаңның  өңменінен  өтіп  барады.  Сөздерін 
нығарлап,  ызбармен  сөйледі.  –  Ұйқыңызды  бөліп,  ордаңызды  абыр-сабыр 
күйге түсірсек кешірерсіз. 
–  Жөн,  жөн,  –  деп  оның  сөзін  бөлді  Ма  Буфаң,  –  хан  да  қарамен,  қара  да 
ханмен дегендей, ел басқаратын ұлықтардың міндеті де қара халықтың мұңын 
мұңдап, жоқ-жітікке қарайласу ғой... 
Ма  Буфаңның  жолға  түскен  жорғадай  майпаңдай  жөнеліп,  майырыла 
сөйлегені  Елісханның  шамына  тисе  керек.  Сөздің  соңын  тоспай  қатты-қатты 
сөйлеп кетті: 
–  Қазақта  «тоқал  ешкі  мүйіз  сұраймын  деп,  құлақтан  айырылыпты»  деген 
сөз бар. Атымызды алдың, құралымызды алдың, баламызды тартып алып елді 
шулатқан шеріктеріңді өзіңе тапсырып беріп, көп сұмдыққа тиым бола ма деп 
ойлап едік, атамның шоты аса-аса тиедінің кебін киіп отырмыз. Мұсылман ел 
ғой, бауырына паналасақ, саясы түсер деп ойлап едік. Саған келгелі ел ішінде 
аш-арық  көбейді.  Қарақшылар  мал  қуғанын  қоймады.  Өзінің  қорасындағы 
малын  айырып  алмаққа  атқа  міне  қуған  немере  інім  Қабиды  таңғыттар  атып 
кетті.  Жергілікті  жердің  әкімдеріне  арызданып  едік,  оны  тыңдайтын  ешкім 
жоқ.  «Жел  соқпаса  шөптің  басы  қимылдамайды,  өздерің  елдің  малын  қуып 
жүргенде өлген адамдарыңның жаласын кімге артпақсыңдар» деп өзімізге тап 
берді.  Оған  да  сабыр  сақтап  едік.  Кеше  ғана  тауда  аң  қарап  жүрген  бес 
азаматымызды «қарақшылық істеп жүрсіңдер» деп шеріктер атып кетіпті. Осы 
елдің  иесі  сіз  болғандықтан  алдыңыздан  өтейік  деп  келдік.  Егер  мұны  сіз 
тыймасаңыз өзіміз тыямыз. Ана жолы да айтып едім, қазір де айтамын. Соңғы 
рет  айтамын.  Тентек  пен  тебіз,  мал  қуған  қарақшылар  тектелмейтін  болса 
олардың  көкесін  өзім-ақ  танытамын.  Сонан  кейін  «мұның  не?!»  деп  бізді 
кінәламайтын болыңыз. 
Елісхан  ғана  емес,  тұтас  ел  адамдарының  жауар  күндей  түнеріп  өзінен 
жауап  күтіп  отырғанын  аңдаған  Ма  Буфаң  бастабында  ыржимақшы  ыңғай 
танытып еді, онысынан ештеңе шықпай, жақ еттері бүлкілдеп кетті. Не күлерін 
не жыларын білмеген халде көзін жыпылықтатып: 
–  Кісі  өлімінің  болғаны  шын  ба?  Істің  анық-қанығы  Елісхан  мырзаның 
айтып отырғанындай ма? – деп көпке қарады. 
Бір қария қозғалақтай орнынан тұрып: 

–  Қарағым,  қатты  айтты  деп  айыпқа  бұйырма.  Халқы  қаралы  болып  қан 
жылаған  соң  зарын  жеткізіп  жатыр  ғой.  Бәріміз  бір  Алланың  құлымыз, 
мұсылманбыз.  Бауырмал  болғанымызға  не  жетсін.  Бір-бірімізге  қайырымды 
болайық.  Кешірімшіл  болайық.  Ауылдан  тоқты  торым  өліп  отырған  жоқ. 
Арыстай  азаматтарымыз  құлап  жатыр.  Елісхан  соның  жайын  айтып  өзіңнің 
алдыңнан өтейік деп келіп отыр, – деді. 
Алғашқы  сөзде  не  айтарын  білмей  әңкі-тәңкі  күй  кешкен  Ма  Буфаңға  тіл 
шыға бастады. 
–  Сұмпайылар!  –  деп  ақырды  ол,  –  олар  шетінен  сұмдар  екен  ғой.  Мен 
оларды  аудан  әкімі  деп  сеніп  жұмыс  тапсырып  отырсам!  –  Ма  Буфаң 
қарсысында  отырған  қазақтарға  көрсететін  сесін  әкімдерге  арнап  айтып 
жатқандай  көрінді,  –  өз  басым  мұсылманшылықты  жақсы  білемін.  Ұры-
қарақшыларға  ешқашан  рақым  етпеймін.  Әкімдерге  тапсырма  беріп 
ұрылардың аяғын тыямын. Тағы да өз білгендерінше істеп, қарақшылық жасап 
жатқандар  болса,  аямаңдар!  Ондайларды  маған  тірідей  ұстап  әкелсеңдер 
көздеріңше  атып  тастаймын.  Қазір-ақ  бұлап-талауға  ұшыраған  халыққа 
қазынадан астық бергіземін. Менің шын тілегімді елге жеткізесіздер, халықтан 
кешіріп сұраймын, – деп сөзінің соңын жұмсарта сөйледі. 
Бір бөлім ақсақалдар тобы: 
–  Жөн,  жөн  ғой,  енді  қайтсін,  мақұлға  жауап  жоқ,  –  деп  күбірлесіп  кетті. 
Елісхан  кекесінмен  мырс  етіп,  мұртын  ширата  сылап  алды  да,  отырғандарға 
жағалата көз қыдыртып: 
– Бізді бала сияқты алдағысы келеді, – деді. Сосын Ма Буфаңға тігіліп: 
–  Сонда  сол  әкімдеріңізбен  ұры-қарылармен  бетпе-бет  отырып,  мәселенің 
мәніне  көз  жеткізсек  болмас  па.  Қазақтың  билер  соты,  көктөбе  кеңесі  деген 
болушы еді. Онда әр екі жақтың даугерлерін қатар отырғызып қойып қазылар 
сарапқа салып барып шешетін. Солай жасауға болмас па екен? 
Ма Буфаң талмауына ұрылған тосын сөзден түйткіліксіп қалды.  
–  Болады,  болады,  –  деді  қылғынып,  –  неге  болмасқа.  Елісхан  мырза  өте 
дұрыс айтып отыр. Осыны айтқан Ма Буфаң шұңғыл көздерін Елісханға қадап, 
суық жымиды: – Елісхан мырза дұрыс айтады. Мен Долан ауданының әкіміне 
бұл  істі  бір  жайлы  ету  туралы  бұйрық  беремін,  қалай  шешетінін  сіздерге  өзі 
хабарлайды.  Алаңсыз  болыңыздар,  арыздарыңыз  жерде  қалмайды.  Кейбір 
адамдардың  бізге  сенгісі  келмейтін  сияқты.  Менің  орнымда  сіздер 
отырсаңыздар  қалай  болар  еді.  Бәрібір  бастыққа  разы  болған  халықты 
таппайсыздар. Ендігісін әкімдер бір жайлы етсін. Менің жоқ-жітікке дайындап 
қойған сәлемдемемді ала кетуді ұмытпаңыздар.  
Елісхан  тағы  бірдемелер  айтпаққа  оқтала  беріп  еді,  қасындағы  Қожақын 
етегінен  ақырын  тартып:  «Тілі  майда  неме  екен.  Шығарып  салу  үшін  құрғақ 
сөзге семіртіп отыр. Ақсақтың аяңына бақ деген. Аузыңды ауыртып қайтесің, 
осы да жетер!» деп күбір ете түсті. 
«Ма  Буфаң  мырза,  ат  кекілін  кесіскеніміз  осы  шығар.  Сенің  сайтанша 
құбылып, сабынша бұзылатын сұмдықтың иесі екенің шын болса әкімдеріңнен 
әділдік  күту  қиын.  Қырқына  да  шыдадық,  қырық  біріне  де  шыдаймыз. 

Жиналысыңды  да  көрейік.  Егерде  қоян  бұлтаққа  салып,  арам  ниетпен 
алдаусырататын болсаң алдыңа келіп мөлиеді екен деп ойлама. Кім маған және 
менің еліме қаруын кезесе сол менің жауым, қазақ деген елді танымай жүрген 
ондай сұмдар алдымнан көлденең шықса қанына қан, жанына жан аламын. Сен 
секілді екіжүзді мұнафиқ сатқыннан қорқатын дәнеңем қалған жоқ». 
Елісханның  соңғы  рет  өзіне  тігіле  қараған  жанарынан  осыны  оқыған  Ма 
Буфаң:  «бір  емес,  екі  емес,  маған  жол-жорық  көрсетіп,  ақыраңдап  сөйлейтін 
сен  кім  едің.  Сайда  саны,  құмда  ізі  жоқ  қашқын  қазақтар-ау,  арт  жағыңа 
қарасаң  нетті!  Неменеңе  шіреніп  кеудеңді  көтересің.  Өзің  іздеп  жүрген 
әділдікке ақиретте жететін шығарсың. Сөзіңді естімек түгілі, жүзіңді де көргім 
келмейді.  Батырмын,  кереметпін  деп  арыстанша  айбаттанғаныңмен, 
жолбарыстың  жолбикелігін  білмейсің.  Түбіңе  де  сол  алаңғасар  алкеуделігің 
жетеді.  Сенің  көріңді  мен  қазбаймын.  Өз  бауырларың  қазады.  Осыны  білсең 
етті,  сорлы  қазақ.  «Өлетін  бала  бейітке  жүгіреді»  деп  мәтелдегенде 
сондайсыңдар.  Маған  қарсы  жүгіргенің  –  ажалға  асыққаның  екенін  білмеуші 
ме едің. Сенің көзің жоғалған күні менің ұйқым тыныш болар еді. Сен секілді 
серкесымақтарын құртсам, бірін-бірі жамандаудан аса алмайтын бақ таласқыш 
қарашаларың маған құл болмай қайда барады!» деп тісін тісіне басты. 
Елісхан  мен  Ма  Буфаңның  көздері  түйіліскен  сәттік  арпалыста  іштерінде 
түйдектелген көп сөздер дәл осылай көпірши тулап жатты. 
 
* * *  
1940 жылдың жазы шыға салысымен Ма Буфаңның тапсырмасымен Долан 
аудандық  үкімет  қазақтар  мен  моңғол, таңғыт  ортасындағы  дау-шарды  шешу 
туралы  арнайы  жиналыс  шақырды.  Басқосуға  қазақ  өкілі  –  Елісхан,  моңғол 
өкілі – Кікі ауданының әкімі Чихутиян, Уаң Жия ауданының әкімі Уаң Дыхай, 
тибет өкілі Уаң Шыдайхайдың өкілетті адамы Чию Шыжие секілді лауазымды 
тұлғалар  шақырылған  еді.  Бұлардың  әрбіреуіне  қазақтардың  қойып  алған  – 
Күрлік уаң, Мұртық деген секілді лақап аттары да бар. 
Әркім  өз  тобымен  келіп  түсіп  жатты.  Долан  ауданын  жарып  ағатын  көк 
өзеннің аяққы жағалауындағы сазға қазақ қосынын бастап Елісхан, Құсмандар 
тобы келді. Жай келе салған жоқ, бір ауыл болып артынып-тартынып жейтін 
мал,  қазаншы,  қосшысымен  өз  салтанатын  көрсете  келді.  Десе  де,  қазан-аяқ 
ұстап  ұсақ  жұмыстарға  жүгіріп  жүргендей  көрінген  жігіттердің  барлығы 
сайдың  тасындай  іріктеліп  алынған  азаматтар  еді.  Секей  секілді  қарт  кісілер 
Елісханнан бөлініп, әдейі сөз тарту үшін басқа жаққа түскен қазақ уаңдарының 
арасына кетті. Қожақын, Әлімбек бастаған азаматтар күндіз-түні қарауыл күзет 
істерін  қадағалайтын  болып  қаруларын  іштен  асынып  жүрді.  Саз  бойына 
қаздай тізіліп қалың киіз үй тігілді. 
Бұлардан  оқшауырақ  түскен  моңғолдар  тобы  қараша  үйлерін  тіксе, 
таңғыттар қара шатырларын қалқайтып жатты. 
Таңғыттар мен қазақтар арасындағы өлген адамның құн дауы болса, моңғол 
мен қазақ арасындағы мал дауы еді. Ертесі бір топ таңғыт-моңғолды бастаған 
Мұртық аталатын тибет өкілі Елісханның ордасына бас сұқты. Мұндай орайды 

қазақ салтымен өткеруді қалт жібермейтін жігіттер жағы мал сойып, дастарқан 
дайындап, зыр жүгіріп жүр. 
Әуелгі әңгіме таныстықтан басталды. Елісханға шекесімен қараған Мұртық 
аман-сәлемнің арасында: 
– Елісхан мырза, биыл нешедесің? – деп тіл қатты. 
– Алла қаласа, отыз бірді бітіремін. 
– Аллаң қаламаса отыз бірді бітіре алмай қаласың ба. Отыз бірге қарағанда 
қырық  деген  көп  жас  қой.  Мен  биыл  қырықтамын.  Өліп  кетсем  де  өкінішім 
болмайды. 
–  Кімнің  ерте,  кімнің  кеш  өлетінін  біз  шешпейміз.  Ол  Алланың  қолында. 
Тіпті білгіңіз келіп тұрса айтайын сіз өлгеннен кейін, үш күннен кейін өлемін. 
Мұртықтың жүзі сұрланып, тұтас денесімен селкілдеп, кәрлене күлді: 
– Отыз бірді қырыққа айырбастаудың өкінішті екенін білмейді екенсіз-ау. 
–  Қазақта  «ер  басына  күн  туса  етігімен  су  кешер,  ат  басына  күн  туса 
ауыздықпен  су  ішер»  деген  сөз  бар.  Елімнің  жоғын  жоқтап  жүріп 
дұшпанымның  белін  сындырып,  отызында  опат  болып  кеткен  ерлерде  арман 
болмайды.  Қырықтың  қырқасына  шықса  да  шырқыраған  шындықты  айта 
алмаған адамнан ерлікті де, елдікті де күту қиын! Мұртық мырза, сіз менімен 
тәжікелесу  үшін  емес,  екі  арадағы  дауды  шешу  үшін  елдесуге  келіп  отырған 
боларсыз. 
Мұртықтың өңі одан арман қарасұрланып: 
–  Әрине,  елдесу  үшін  келіп  отырмыз.  Мен  үлкенмін,  сен  кішісің,  ағаң 
болған  адамды  сыйлай  біл  дегенім  ғой.  Сырттан  келген  адам  ең  әуелі 
сыпайылықты үйренгені дұрыс. Бірден беттен алып безбүйректікке бассаң түбі 
жаман  болады.  Отыз  бір  жасыңда  өз  түбіңе  өзің  жетпе  деп  ағалық  ақылмен 
әдейі ескертіп отырмын, – деді. 
Елісхан болмашы езу тартып, суық күлді: 
–  Бұл  жерде  аға-бауыр,  үлкен-кіші  деген  болмайды.  Бәріміз  бір-бір  елдің 
өкіліміз.  Тереземіз  тең.  Сіздер  дәл  қазір  менің  қонағымсыздар,  шаңырақ 
менікі. Сол үшін де бұдан әрі қатты сөйлеуге ата дәстүрін аттағымыз келмейді. 
Айтарыңыз болса сыпайылықты сіз бастаңыз, біз қостайық. 
Өзінің  өңшең  ығай-сығайымен  баса-көктеп  кірген  тибет  өкілі  Елісханды 
айбарымен  жаншып,  ықтатып  аламын  деп  ойлап  еді,  арыны  басылып, 
қарсысындағы  көкжалға  қаймыға  қарауды  үйрене  бастады.  Солай  бола  тұра 
аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмей: 
– Өз басыңыздан сөз асырғыңыз келмегеніңізге қарағанда, арамыздағы дау 
туралы өз міндеріңізді де білмейтін түрлеріңіз бар. Біз қазақтар келуден бұрын 
тыныш  жатқан  ел  едік.  Бар  пәлені  бастаған  сендерсіңдер.  Ең  алдымен  осы 
жағын ойлап алғандарың жөн болар ма екен! – деп тағы бір соқтығып өтті. 
Елісхан  енді  онымен  сөз  таластыра  беруден  көрі  істің  шешімін  айтқысы 
келді: 
– Әр екі жағымыз жеңістік аламыз деп танауымызды желбірете бергеннен 
көрі  таланған  мал  мен  адамның  тізімін  жасаймыз.  Сосын  малды  кім,  неге 
бұлады – соны анықтаймыз. Әйткенмен де, мал деген жердің құрты ғой. Бірде 

бар, бірде жоқ. Ал адамның басы күнде көктей беретін Көккөлдің құрағы емес. 
Алдымен әр жақтан өлгендердің санын, аты-жөнін шығарып алып, бір-бірден 
себебін анықтайық. Қалғаны рет-ретімен шешіліп отырады. 
Елісханның талас-тартыстан жалт бұрылып, істің шешімін шығаруға қарай 
жөн  сілтеген  сөзіне  қарсы  жағы  не  дерін  білмей  жапырыла  берді.  Істің 
астарына  үңілгенде,  олардың  іздегені  бітім  емес,  бүлік  болатын.  Бірақ  мына 
қазақ  сол  тұзақтың  бәрін  баспай,  алдыңғы  ашуын  мүлдем  ұмытқандай 
жайдарылана сөйлеп отыр. 
–  Қалғанын  ертеңгі  кеңесте  сөйлесерміз,  –  деген  таңғыт,  моңғол  тобы 
Елісханның алдынан жүні жығылып шықты. 
Уағдаластық бойынша ендігі кеңес таңғыттардың шатырында өтетін болды. 
Бұл бас қосуға Елісхан, Құсман, Көки, Сәдей, Қожақын секілді бір топ барды. 
Әр екі жақтың даугерлері өз жоқтарын ортаға сала бастағаны сол еді, есіктен 
қызыл  киімді  екі  моңғол  кіріп  келді.  Кірген  бойда  шапандарын  көлбіретіп, 
бастарын жерге ұрғылап: 
– Дәт, тақсырлар, дәт, – десті. 
Аудан әкімі иегін көтеріп: 
– Айтыңдар, қандай дәттерің бар, – деп олардың бетіне қарады. 
Тоқпақтай айдары бар, мосқалдау біреуі сөз бастап: 
–  Қазақтар  күндіз  күлкі,  түнде  ұйқымыздан  айырып  тыныштық  бермейтін 
болды. Елісхан мен Сабырбай елінің жігіттері алпыс жылқымызды қуып кетті. 
Іздері де сайрап жатыр. Сол жылқыларымызды алып беруге әр екі жақтан адам 
қосып  берсеңіздер  екен.  Малымызды  қайтарып  беріп,  қарақшыларды 
жазалауларыңызды өтінеміз, – деді. Екіншісі оның сөзін қостап: 
– Екі жақтың адамдары бас қосып, төрт қаракөз түгел отырғанда алдымен 
осы  мәселені  шешіп  берсеңіз  екен.  Онсыз да даулы  мәселелерді  шешкелі бас 
қосып отыр екенсіздер ғой, – дегенді айтты. 
Аудан  әкімдері  мен  тибет-моңғол  жағының  өкілдерінен  тартып  «не  дер 
екен?» дегендей Елісханға қарады. 
– Біздің бірінші шешкелі отырғанымыз мал дауы емес, адам құны. Малдың 
дауын  шешерміз,  адам  құнын  қайтерміз  деп  басымыз  қатып  отыр.  Алдымен 
бүгінгі  мәселелерді  шешіп  алсақ,  айтқаныңдай  болып  қарақшылардың  ізі 
сайрап  жатса,  осы  реткі  мәжіліс  аяқтаған  соң  түп-түгел  барып  бірлікте 
шешейік.  Сол  үшін  көлденең  бөгеттерге  көгенделгенше  алдымен  адам  дауын 
шешіп алайық, – деп әкімдердің бетіне қарады.  
Бұл сөзді естіген таңғыт-моңғол жағы өре түрегелді: 
– Елісхан мырза, алдымен өз тентектеріңді тыя алмай отырып, өзгені қалай 
кінәламақсың.  Сен  мұнда  әділдікті  айтқалы  келдім  дейсің,  артта 
қарақшыларың тонаушылықпен айналысады. Мұны қалай түсінуге болады? 
Елісханның көздерінен от шашырап: 
– Әкім мырза, келісім бойынша әуелі кісі өлімін адақтап алуға келісіп едік 
қой.  Біздің  тентектердің  іс  бүлдіргені  шын  болса,  ол  да  сұраусыз  қалмайды. 
Алдымыздағы  күрмеуі  күрделі  мәселелерді  шешіп  алайық,  қалғаны  қайда 

қашар  дейсіз.  Бұл  дауларыңыз  –  қасақана  жасалып  отырған  қысастық!  – 
дегенді қатты-қатты айтты. 
Сөзге Мұртық араласты: 
– Елісхан мырза, әкімдерге жол-жорық көрсетіп қалай-қалай сөйлейсіз. Бұл 
да  мәселенің  біреуі.  Алдымен  алдыңдағы  отырған  адамдардың  істерін 
адалдықпен шеше алмасаң өткен істердің түбіне қалай жетесің! 
–  Ма  Буфаң  мырзаның  айтуы  бойынша,  Долан  ауданына  өткен-кеткен 
дауларды  шешу  үшін  жиналып  отырмыз.  Енді,  міне,  көлденеңдеген  көк 
аттының  дауын  қуып,  алдымыздағы  істі  атқарусыз  қалдырмақпыз  ба. 
Шешілмейтін  дауды  шеменге  байлағанша  шақырмай-ақ  қойғандарыңыз  жөн 
еді ғой. Бүйтіп жылап келетіндер керек болса кеше өз адамдарың атып кеткен 
Қабидың  кәрі  шешесі  мен  жас  қатыны  қайғыдан  қан  жұтып,  көз  жасын  көл 
қылып отыр. Қазір-ақ адам жіберіп, соларды алдарыңызға алдырып зар илетіп 
қояйын.  Сонда  солардың  дауын  алдымен  шешер  ме  едіңіздер.  Сіздерге  елдік 
керек болса, дауды теріс бұрмай жөнімен шешейік. 
– Бізге елдік керек. Саған жаулық болып көрініп тұр ма? Өңшең қарақшы! 
Жаулық  керек  болса  тап  қазір-ақ  бірнешеуіңді  жайратып  салатын  едім,  – 
осыны  айтқан  әкім  қатты  бір  ақырып,  жан  құралына  қол  салды.  Елісханның 
жанында отырған Құсман орнынан атып тұрып: 
– Елдік іздеп келген болсаңыздар екі жақты бір-біріне телитін желім керек. 
Ақылмен сөйлескілеріңіз келсе ақырын сөйлесеміз. Қатты кетеміз десеңіздер, 
сіздерде бар қару біздерде де бар. Әкім басыңызбен жұртты бірлікке шақыра 
алмасаңыз,  мұнша  халықты  қолға  қалай  ұстамақсыз,  –  деп  ақырып  қалды. 
Сыртқы  шапанының  түймелерін  ағытып,  алдын  ашты  да,  беліне  қыстырулы 
тапаншасын жарқ еткізді. 
Екі  жақтың  ақсақалдары  басу  айтып,  жаңжал  бәсеңсігенімен,  жиналыс 
берекесіз  аяқтады.  Негізінде  кеше  қазақтар  қосында,  бүгін  таңғыттар 
шатырында  бас  қосып  әр  екі  жақтың  бұланған  малы  мен  өлтірген  адамын 
анықтап  алмақшы  еді.  Кешегі  басқосуда  пәле  іздеген  таңғыттар  жағы  бүгінгі 
жиналысты тағы бүлдірді. Бұл реткі басқосудан жанына күдік ұялаған Елісхан 
ләм-мим деместен орнынан тұрды да, адамдарын бастап сыртқа шыға жөнелді. 
Былай шыға бере Елісхан:  
–  Мыналардың  ойлаған  бір  сұмдығы  бар.  Алдымен  соны  білуіміз  керек. 
Меніңше, дәл қазір бұлардан шешім күтуден көрі аспандағы ай жуық сияқты. 
Сондықтан Сәдей сізге тапсырарым – Секей шаңиядан хабар біліңіз. Қазақтар 
жағында  дүңгендермен  әмпей-жәмпей  болып  жүргендер  бар.  Олардың  не 
білгені  бар  екен?  Қошу,  сіз  Сары  ұяңмен  жақсы  таныс  едіңіз  ғой.  Соның 
тамырын басып көріңіз. Ал өзім де тыныш жатпаймын, сөйлесетін адамым бар, 
– дегенді айтты. 
Кешкі  астан  кейін  өзен  бойында  отырған  Елісхан  есекке  мінген  бір 
ұйғырдың үйдің жанына түсіп жатқанын көріп солай беттеді. Долан аудандық 
үкіметке  кіріп-шығып  жүргенде  танысып,  досжар  болып  кеткен  ұйғыр 
қарауылдың  бірі  екен.  Бірде  Елісхан  аудан  әкімінің  өзіне  сыйлаған  арзан 
сыйлықтарының бірін ұсынып көңілін аулап қойған болатын. Содан бері бір-

біріне жылы сәлемдесіп, әкім жамбылының жаңалықтарын ауық-ауық жеткізіп 
тұратын.  Бағана  біреулерден  хабар  айтып,  келіп  кетуін  өтінген  болатын.  Ол 
Елісханды ауашалап: 
– Таңғыттар мен моңғолдардың елбасылары аудан әкімінебірнеше қашырға 
артқан  аң  терілері  мен  алтын-күмістерін  сыйға  тартыпты.  Бұлардың  бәрі 
жоғары-төмен  болып  астасып  отыр.  Ертең  шешуші  жиналыс  аудан 
жамбылында  болады.  Соған  Құсман  екеуіңді  шақырады.  Текке  шақырмаса 
керек.  Қалайда  жақсылық  жоқ.  Онсыз  да  жамбылдың  ішіне  пулемет  құрып 
қалың  қарулы  әскер  сайлап  отыр,  қапы  қалып  жүрмеңіз.  Мына  бейуақытты 
жамылып  келіп,  сізге  имандай  шынымды  айтып  отырмын.  Жаратушы  Хақ  та 
«сақтансаң сақтаймын» деген. Ендігісі өзіңізге аманат, – деп сыбырлады. 
Мұның  шын-өтірігіне  көзі  жетпей,  осының  бәрі  шырға  болып  жүрмесін 
дегенді ойлай бастағаны сол еді, Секей шаңияның сәлемін алып Сәдей келді. 
Секей  болған  жайды  Сәдейге  ауызша  айтып,  оның  сыртында  хат  жазып 
жіберіпті. 
Әсілінде, іс былай болыпты:  Елісханға тісін басқан Ма Буфаң өзінің сөзін 
сөйлеп,  сойылын  соғатын  таңғыт,  моңғол,  қазақтарды  жеке-жеке  шақырып 
алып арнайы тапсырмалар беріпті. Онсыз да кінәлі болғалы отырған таңғыттар 
жағының  Долан  ауданының  әкімінің  аузын  майлағаны  да  шын  екен. 
Осылайша,  ертеңгі  болатын  жиналыс  үстінде  Елісханға  қарсы  жүретін 
алғашқы  жүрісті  таңғыттар  мен  моңғолдар  бастап,  өз  айғақтарын  қоймақшы 
екен.  Елісхан  оған  қарсылық  білдіріп,  өре  тұрғанда  екінші  жүріс  ретінде 
Қасымның  қолындағы  қазақтардың  бір  құшақ  арызын  жайып  салмақшы 
болыпты.  Сөйтіп  жауының  ұпайын  түгендеген  өз  жақындары:  «біз  осы  елге 
бағынышты  болайық  дегенде  Елісхан  оған  қарсы  шығып  алман-салық 
тапсырмаңдар деп ел ішіне іріткі салды», «Елісхан келуден бұрын ұлттар ара 
қарым-қатынас жақсы еді, Елісхан бәрін жауластырып болды», «інісі Қабиды 
мал  қуып  әкелуге  жіберіп,  енді  оның  өлімін  таңғыттарға  жауып  отыр»  деген 
сияқты  көптеген  пәле-қазаларды  дайындапты.  Ал  сол  арыздарға  бір  мұнша 
қазақтың  қол  қойғаны  да  рас  дейді.  Осылайша  жығылған  үстіне  жұдырық 
дегендей,  бәрі  бастырмалата  келе  Елісханды  бас  көтере  алмайтын  қылмысты 
етіп, түрмеге тықпақшы көрінеді. Осыларды ауызша айтқан Секейдің хатында 
мынадай сөздер бар екен: 
«Қарағым, әкеңмен замандас өткен адам едім. Мына кәрі бас нені көрмеді. 
Қазақтардан  сыр  тартуымша,  сендерді  шақырып  алып  тарпа  бас  салмақшы. 
Тілімді алсаң жиналысқа өзің бармай, өзгелерді жіберіп, аңыс аңдап көр. Сенің 
жауың  жалғыз  дүңген,  жалғыз  таңғыт  пен  моңғол  болып  отырған  жоқ.  Өз 
қазағың – туысқандарың жау болып отыр. Арызға алдымен қол қойғандар да – 
солар. Абайла, балам, бәрін ақылмен аңғарарсың» депті онда. 
Елісхан үйге кіргенде оның артынан Қошу да ілесе кірді: 
–  Аудан  жамбылының  іші  көк  бөрте  әскер,  тап  бір  соғыс  болатындай 
әлденеге  дайындалған  түрі  бар.  Сары  ұяңға  тікелей  сөйлесе  алмай 
жанындағылардан  сөз  тартсам:  «Ертең  жазалайтын  қылмыскерлер  бар,  соған 
дайындалып жатырмыз» дейді, – дегенді айтты. 

Ертесі  ерте  жамбыл  жақтан  «Елісхан,  Құсмандар  тез  келсін»  деген  хабар 
келді.  Елісхан  хабаршыға:  «иә,  қазір  барамыз»  деді  де,  Омар,  Көки,  Сәдей 
үшеуіне:  
–  Сендер  барыңдар,  тұмауратып  қалды,  түстен  кейін  келіп  қалар  деп 
олардың  шын  кеспірі  қалай  екен,  соны  біліп  келіңдер,  –  деп  тапсырды.  Көп 
өтпей олар қайта оралды:  
–  Елісхан  мен  Құсман  келмесе  іс  бітпейді  деп  жатыр.  Сұмдардың  ішіне 
бүккен  арам  ниетінің  барлығында  шүбә  жоқ.  Тезірек  қимылдамасақ,  қапы 
қалатын  түріміз  бар.  Тарпа  бас  салғалы  дайындалып  отырғандай  түстері  тым 
суық, – дегенді жеткізді. 
Елісханның  өңі  сұрланып,  ұрт  еттері  бүлкілдеп,  көздеріне  қан  толды. 
Жіңішке мұртын соза ширатып, салқын мырс етті: 
–  Ойыншық  қылатын  адамды  тапқан  екен.  Бізді  бала  көре  ме  осылар. 
Мұсылман тонын жамылған дүңгендері құрысын. Ма Буфаңды алғаш көргенде 
сақалы иегінің астына қайрыла біткен қара сұр неме екен, қайырымы аз, қанды 
қасабы  көп  болар  ма  екен  деп  түңіліп  ем.  Сол  ойым  алдамаған  екен.  Мұны 
баяғыда  білгенде  басымызға  айдар  қойып  кәпір  болсақта  туған  жерімізде 
өлмес пе едік. Жаман қатын жас баланың көз жасы мен мұрын боғына қалған 
екенбіз-ау.  Енді  амал  жоқ.  Біздің  жоғымызды  осылар  түгендеп  бермей-ақ 
қойсын.  Өз  қотырымызды  өзіміз  қасып,  өз  жоғымызды  өзіміз  жоқтаймыз. 
Біреуге  құл  болу  үшін  жаралған  жоқпыз.  Қарап  отырып  намысымызды 
таптатқанша қарсыласып өлгеніміз артық, – деп атқа қонды.  
Қазақ  қосынынан  мұндай  тосын  қимыл  күтпеген  жиыншылар  ес-ақылын 
жинап, алды-артын түгендегенше қарулы қосынның қорғауындағы шағын көш 
Долан өңірінен ұзай берді. 
 
* * *  
Елісхан  ат  үстінде  тас  мүсінше  мелшиіп,  ешкімге  тіл  қатпай  түнерулі 
келеді. Бұл жалғанда жалғыз Алладан басқа сенері жоқ. Арыстанның аузынан 
қашып  шыққандағы  мейір  күтіп,  медеу  тұтқаны  жолбарыс  пен  шие  бөрінің 
апаны  болған  екен.  Шың  Шысай,  Жаң  Кайшы,  Ма  Буфаң  тура  солар  сияқты 
түрі  ұқсамағанымен  тегі  жыртқыш  жаралған  қорқаулардан  аумайды.  Шың 
Шысайды  кәпір  ғой  деп  кінәлап  еді.  Мұсылман  тонын  жамылған  қыли  көз 
бауыры  да  безбүйрек  болып  шықты.  Бар  сенген  байталыма  айғыр 
шауыптының кебін киді. 
Атақты  құсбегі  Жалайыр  шора  Алтай  мен  Атыраудың  арасындағы  құс 
төрелерінің  бәрін  де  оп-оңай  ұстап  алатын  ерекше  адам  болыпты  десетін. 
Сонда  зеңгір  көкке  самғаған  қырандар:  «аспанда  жүрсем  қанатым  талады, 
жерге қонсам Жалайыр шора алады» деп қамыға армандайды деуші еді. Былай 
қараса жер бетін жалмап келе жатқан қызыл өрт алдын орайды. Былай қараса, 
сүйір тілін жалаңдатқан алып аждаһа аузын арандай ашып тап береді. Ағайын-
жұрт  дейін  десе  қырғи  қабақ  аға-бауыры  қырық  пышақ  болып  қырқысуға 
дайын. Қайда барса – Қорқыттың көрі! Қайран қазақ, қайран елім, шынымен-
ақ  осылай  ұстағанның  қолында,  тістегеннің  аузында  телім-телім  болып 

тентіреп кеткенің бе!? Басың бірігіп, бақытың шалқып, бауырыңа құт ұйитын 
қасиетті күндерің қайта айналып келер ме екен, шіркін! 
Елісханның шаралы жанарына тұнған мөлдір тамшылар төгілуге шақ қана 
тұр. 
Бір  кездері  ата-бабаларымыз  тұтас  түрік  жұрты  болып  тұтасып  тұрғанда 
азуымызды айға білеген айбарлы ел едік. Сайын даланы ат тұяғымен қуырған 
сол тұстың баһадүрлері: «үстімізде аспан, астымызда жер, ортасында түрікпіз» 
деп қана біледі деуші еді ғой. Тіпті онан кейінгі жаһанды жалпағынан басқан 
керей  мемлекеті,  найман  мемлекеті  секілді  ордалы  ел  болып  тұрғанымызда 
бізді  кім  шайқай  алушы  еді.  Шайқамақ  түгілі,  Шыңғысхан  сынды  әлем 
патшасын атқа қондырып, алтын таққа отырғызған біз едік қой.  Аспан астын 
уысына ұстап дүниені бағындырған көктен жауған моңғол емес, керей, найман 
секілді  батыр  елдің  кеудесін  оққа  төсеген  оғландары  болатын.  Бірақ  сол 
Шыңғыстың  қаһарлы  дауылы  өзгемен  бірге  өзімізді  де  қалтыратты.  Қасиетті 
Алтай даласынан алғаш үркіп, Сырға дейін бостық. 
Енді ғана ес жиып, ел бола бастаған замандарымызда жоңғарлар атқа мініп, 
халқымыз  тағы  ақтабан  шұбырынды  болды.  Ұлымызды  құл,  қызымызды  күң 
еткісі келіп қазақ даласын қанмен жуды. 
Алла  Тағала  қазақтың  маңдайына  Абылайдай  ұлды  беріп,  есімізді  жиып, 
еңсемізді көтердік. Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, ЕрЖәнібек бастаған 
елі  үшін  еңіреп  туған  баһадүрлер  толарсақтан  қан  кешіп  елі  мен  жерін 
қорғады.  Жоңғарлар  жеңіліп,  қазақ  жері  жаудан  тазарды.  Ақ  байрағын 
жалаулатқан  ата-бабаларымыз  ескі  мекенін  іздеп  Іле,  Алтай,  Тарбағатай 
өңіріне  қайта  шұбырды.  Тасы  алтын,  тауы  күміс,  топырағы  май  киелі  Алтай 
даласы  аталарымызды  жатырқаған  жоқ.  Көне  жұртымызға  келіп  керуенімізді 
доғарып,  керегемізді  жайдық.  Ұямыз  бүтінделіп,  ұйқымыз  қанып  өсіп-өне 
бастап  едік,  тәңір  оны  да  көп  көрді  ме,  баяны  аз  болды.  Жау  жағаға 
жармасқанда бөрі етектен алып, іргеміз сөгілді. Киелі мекеніне мекірене келіп, 
мерейі  өскен  абақ  елі  тағы  бұзылды.  Алтай  қазақтары  ендігі  жерде  Майлы-
Жайыр, Еренқабырға, Боғда, Баркөл өңіріне бытырай бастады. Барған жерінде 
де басқаның көз алартуынан аулақ бола алған жоқ. 
Ата-бабадан  қалған  ар-намысымызды  былғатпаймыз  деп  қарсы  келгенге 
қасқая  шаптық.  Құл  еткісі  келгеннің  өзін  күйреттік.  Бірақ  досымыздан 
жауымыз  көбейді.  Соңғы  дәуірде  ежелдің  ең  күнінен  дұшпанымыз  болып 
келген  орыс  пен  қытайдың  біріге  қалып,  бізді  құртпақ  болғаны  халқымызды 
тағы  да  қансыратып  кетті.  Қайда  барсаң  әр  сайдың  аңғарында,  әр  тастың 
қуысында қанға шыланып домалаған қазақтың басы! 
Тағы  да  қан,  тағы  да  көш  –  сайда  санымыз,  құмда  ізіміз  жоқ  сандалып 
жүрген  түріміз  мынау.  Алла  тағаланың  мейір-шапағатын  жаудырып, 
басымыздан сипап, бауырына тартатын біреу табыла ма, жоқ па, шіркін! 
Баяғыда  ата-бабаларымыз  Атырау  мен  Арқадан  Алтайға  көшкенде: 
«аталарымыздың  күл  төккен  мекені,  арғы  әкелеріміздің  басы  көмілген 
байырғы жұртымыз ғой» дегенді үмітіне үкі етіп, үдере көшіп келіп еді. Гансу-
Чиңхайға  қарай  ағылғанда  біз  де:  «Сақ,  Үйсін  бабаларымыздың  байырғы 

мекені  екен  деп  Асан  қайғы  атамыз  да  желмаясын  шалдырыпты»  дегенді 
көңілімізге медеу етіп келгенбіз. 
Енді  қайда  барамыз?  Қазақ  даласын  орыс  пен  қытай  бөліп  алып,  ойына 
келгенін істеп жатыр. Олардың зұлымдығы құрымай бізге күн жоқ. Өз үйінің 
ортасында  отырып  жетім  қалған  баладай  енді  кімге  жаутаңдаймыз.  Бүкіл  ел 
тасқын  селдей  қопарылып  менің  соңымнан  ергенде  «осы  бірдеңе  білген 
шығар» деп сенім артып еді. Сол сенімді қалай ақтаймын. Қара орманын  өрт 
шалып,  балапанынан  айырылған  ана  құстай  шыр-шыр  етіп  белгісіз  бағытқа 
ұшып бара жатқан түрім мынау. 
Елісханның жанарынан домалаған қос тамшы бетін айғыздай барып атының 
жалына жұтылып кетті. 
Қара таудың басынан көш келеді
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, елім-ай. 
Осы  бір  мұңлы,  ет-бауырды  езерлік  запыран  зар  көмейінде  бүлкілдеп, 
аузынан бұрқ еткен жалынмен бірге күңірене көтерілді. 
 
 


1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал