ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет7/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19

 
 
Үшінші тарау 
 
 
СЕРГЕЛДЕҢ 
 
 
Арттағы  елдің  жау  тосқауылынан  аман  өткенін  естігеннен  кейін  Елісхан 
бірнеше  күн  қатты  тынышталып  ұйықтап  еді.  Бүгін  ерте  оянып  кетті.  Таң 
алдында көрген түсін ұмыта алмай мазасыздана берді.  
Баркөл,  айналайын,  қоңыр  таулармен  қоршалған  жап-жасыл  мекен  түсіне 
еніпті.  Сол  топырағы  май,  тобылғысы  жез  құт  мекеннің  кеудесінде  күмістей 
жарқыраған  Айнакөл  жатыр.  Елісхан  бұрын  көріп  жүргенде  көл  ортасында 
арал  жоқ  болатын.  Мына  көрініс  басқаша,  көл  ортасында  қой  қораның 
көлемінен үлкен аралшық көрінеді. Көлдің арғы бетінде ақ моншақтай тізілген 
ауыл үйлері отыр. Ауылдың бас жағынан баяғыда ұрыға алдырған меңсіз қара 
атын мінген әкесін көрді. Әкесі атынан түсіп жатқанда үйден ақ шылауышты 
анасы шықты.  
Елісхан бар дауысымен айқайлағысы келді.  
–  Ә-ке,  а-па!  –  ол  шешесін  «апа»  дейтін.  Даусы  шығатын  емес.  Ал  олар 
болса көлдің бергі бетіндегі мұны көрмеген сияқты. 
–  Әке,  апа,  сендерді  сағындым  ғой.  Неге  қарамайсыңдар?  Маған  өкпелеп 
жүрсіңдер  ме?  Сендердің  кектеріңді  аламын  деп  қытай  шерігін  қынадай 
қырғанбыз.  Шеріктерге  ілесіп,  жендеттік  істеген  «тамыр  қытай»  бастаған 
жергілікті  қытайларды  да  өз  қолымызбен  жер  қаптырдық.  Әке,  бері  қарашы, 
жүздеріңді көрмей тұрмын. 
Үні  шықпады.  Олар  бәрібір  мұны  көрмеген  сияқты.  Әлденені  айтысып 
көлдің  ортасындағы  аралшыққа  қарайды.  Олардың  ар  жағында,  үйдің 
далдасында жары Зүбәйда ұсақ күйбеңмен жүрген сияқты. Екі қолына екі бала 
жетектеп алыпты. 
Елісханның  ет-бауыры  езіліп  кетті.  Жарын,  балаларын  көрмегелі  қаншама 
жылдар  өтті.  Томпаң  қағып  алдынан  шығатын  Өнерхан  мен  Әнуарханның 
кекілінен  шығатын  уыз  сіңген  сәби  иісі  кеңсірігін  ашытып  жіберді. 
«Құлындарым-ай, құлындарым-ай» деп еңкілдеп тұр. 
– Зүбәйда, бері қарашы, әкем мен шешем мені көрмей тұр. Оларға айтшы, 
жақындаңдаршы. Сендерді сағындым ғой. 
Ақ  жаулығы  желбіреген  Зүбәйда  бұған  қолын  бұлғағандай  көрінді.  Жоқ, 
қолын  бұлғамаған  сияқты.  Жаңағы  әкесі  мен  атасы  қарасқан  жаққа  қолын 
сілтеп, бірдемені айқайлағандай болады.  

Елісхан  әлгі  аралшыққа  енді  ғана  қарады.  Аралшықта  бір  қара  көлеңке 
елбең қағып жүгіріп жүр. 
– Үй, мынау Сетерхан ғой. Шәрбан апаммен қолды болып кеткен бауырым 
ғой. Бұл қайдан адасып жүр? 
– Сетерхан, Сетерхан... 
– Аға, а-ға, мен мұн-дам-ын. Ме-ні те-зі-рек құт-қар-ып ал!  
Сетерханның таныс даусы өзегін өртеп кеткендей болды.  
– Шешең мен бауырың қайда? 
– Олар арғы жағаға атамдарға кеткен. Мен жалғыз қалдым. Құтқара көріңіз, 
аға! 
Елісхан  түсінен  шошып  оянды.  Көзінің  сора-сорасы  шығып,  кеудесін 
алқына көтерді. «Сетерхан, Сетерхан, қарғам-ай, қайда жүр екен» деп күйзеле 
күбірледі. 
Оның үнінен Бәтима мен Зәйіп те оянып кетті. 
–  Мырзам,  саған  не  болды?  –  деді  Зәйіп  күйеуінің  таңның  алакеуім 
жарығында  бозара  қарауытқан  жүдеңкі  бет  ажарына  үрейлене  қарап.  Елісхан 
көрпеден басын көтерген күйі көрген түсін айтты.  
Зәйіп аңғарлы әйел еді. Елісханның ауылын жау шауып, жұртында құлазып 
қалғанда  үлкендердің  ақылымен  осы  босағаны  аттаған.  Қашан  да  жаны 
күйеуінің  үстінде  жүреді.  Әсіресе,  оның  күйзелісті  көңіліне,  қан  жылаған 
өміріне  сүйеніш  болсам  дегенді  өзіне  парыз  санайтын  еді.  Сөйтіп,  өшкеннің 
шоғын үрлеп, ошағын маздатты. Отын болған орданың керегесін қалап, уығын 
қадады. Ордалы шаңырақ қайта бой көтерді. Барын бағамдап, жоғын түгендеп, 
еріне жайылып жастық, иіліп төсек болды. Алғашқы балалары өмірге келетін 
кезде  қарғыс  атқыр  қанды  күндердің  дертінен  түсік  тастады.  Көңіл  бұлты 
сейіліп, алғы күнге үмітпен қарап келе жатқан Елісханның көкірегіне тағы бір 
тұман шөкті.  
Ақыры  Зәйіп  өзі  іске  кірісіп,  жәдік  Атшыбайдың  қызы  Бәтиманы  кіші 
әйелдікке  айттырды.  Бәтима  жүкті  болып,  Нағима  атты  қыздары  дүниеге 
келгенде  шаңырақтың  қуанышы  Елісханның  көңіліне  медеу  сыйлап,  жыртық 
көңілі  қайта  жамалып  еді.  Қабағындағы  тұнжыр  мұң  айығып,  бұрынғы 
жайдары,  нұрлы  дидары  баяғыша  күндей  күліп  тұратын  болған.  Неге  екенін 
кім  білсін,  тағдыр  бұл  қызығын  көпсінгендей  Нағиманы  да  ерте  алып  кетті. 
Ыстық құшағы суынған жас жұбайлар бір сәт мең-зең күйге түсіп, әңкі-тәңкі 
болып  отырғанда  Зәйіптің  аяғы  ауырлығы  білініп,  үй  ішіне  тағы  бір  үміт 
ұялады. Бірін-бірі жұбатып, өмірге келер сәбиді асыға күтуде еді. Осы өңірге 
көшіп  келген  бірнеше  жылдан  бері  елдің  ұйқысы  тынышталып,  аз  да  болса 
көңілді  көктемдерді  өткізе  бастаған.  Тағы  бір  бақытты  күтіп  отырған  Бәтима 
мен Зәйіптің  күйеулеріне  алаңдай қарауы  да  «тағы  не болды» дейтіндей ішкі 
алаңдаушылығынан туған еді. 
– Түсіңізден жылап оянғаныңыз қуаныштың белгісі емес пе. Көп ұзамай-ақ 
сол  жоғалған  балалардың  орны  толып,  отбасымыз  қуанышқа  кенеледі  екен, 
мырзам, – деп жымиды Бәтима. 

– Иллаһим солай болғай. Әйтеуір Сетерханның көрінуі тегін емес. Ол тірі, – 
деді Елісхан мұңайған қалпынан жазбаған күйі көзін есік жаққа қадап. 
–  Айтқаныңыз  періштенің  құлағына  шалынсын.  Сетерханды  тауып  алып, 
«сылқым  қайным»  деп  тергеп  отырсам  қандай  жақсы  болар  еді,  –  деп 
сыңғырлай  күлді  Бәтима.  Жұбайларының  жұбата  айтқан  сөздері  жанын 
сергіткендей болған Елісхан ертемен сыртқа шықты. 
Сонау қиырдағы қоңыр таулардың үстіне қонақтаған бозғыл тұман ақырын-
ақырын сырылып барады. Атамекенінен ауып келген қалың қазақ осы өңірдің 
сай-саласын  сағалап,  ұшарын  жел,  қонарын  жыра-жықпыл  білген  күйінен  әлі 
де арыла алмай келеді. Осы жағы Елісханның қабырғасын қайыстырады. 
Елісхан ауылы бұл күнде Гансу өлкесінің Жючуан аймағының Чилияншан 
тауының  солтүстік  бауырына  келіп  қоныстанған  еді.  Тау  сағалаған  қазақ 
баласына бұл өңір де жаман емес көрінеді. Бірақ... Әйтеу, көкірегін бір сұрақ 
мазалай береді.  
Елісхан келе салысымен ауыл ақсақалдарын шақырып жиналыс өткізді. Ол: 
–  Жат  ел,  жат  жерге  келдік.  «Иттің  иесі  болғанда,  бөрінің  тәңірісі  бар» 
деген. Ел-жұртқа сүйеніш керек. Үкімет жағына арнайы адамдар жіберіп, бізге 
ие болуын сұрайын. Қырғи тиген торғайдай, тоз-тозымыз шығып, босып келе 
жатқанымызды көре тұра сыртқа теппес, – деп сөз бастаған. Елісханның қайын 
атасы Атшыбай оны қостап: 
–  Қарағым,  ел  ағасыз,  тон  жағасыз  болмас.  Бір  кәпірден  қашып  келіп, 
екінші  кәпірдің  қолтығына  кіргелі  отырмыз.  «Кәпірмен  жолдас  болсаң, 
қойыныңда  балтаң  болсын»  деген  сөз  тегін  айтылмаған  шығар.  Бұларға  бас 
билікті берсек те ішкі жақта өзімізді өзіміз басқарсақ оң болар еді, – деді.  
Жұрттың бәрі осы сөзді жөн көрген соң Елісхан: 
–  Қазір  біздің  өзіміз  мыңға  жақын  түтін  болдық.  Егер  жөн  көрсеңіздер, 
Адубай ағамыз осы елге иелік етсе, біз қасында жүріп қамшы ұстары болсақ, – 
дегенді айтты. Бұған Атшыбай, Сауытбай бастаған үлкендер жағы мақұл бола 
қоймады: 
–  Қарағым,  осылай  көшу  дегеннің  өзі  сенің  ақылыңмен  болды.  Жас  та 
болсаң бассың. Әкең Әліп тәйжі де үкірдай да болып ел басқарды. Жақсы бол, 
жаман  бол,  сол  орданың  отын  жағып,  түтінін  түтетіп  отырсың.  «Қой  асығы 
демей-ақ,  қолыңа  жақса  сақа  тұт,  жасы  кіші  демей-ақ,  ақылы  асса  аға  тұт» 
демеуші  ме  еді.  Жасың  кіші  болғанмен,  жолың  үлкен.  «Ақыл  жастан,  асыл 
тастан»  деген  сөз  тағы  бар.  Еліңе  өзің  ие  бол.  Қайта  Адубай  ағаң  бәріміз 
ақылшы болып қасыңнан табылайық, – десті. 
Осы байлам бойынша олар арнайы хат дайындап, Қамек бастаған бірнеше 
жігітті Гансудың өлке билігін ұстап отырған Хы Жизуға жіберді.  
Өлке  әміршісі  тез  жауап  бере  қойған  жоқ.  Тәртіп  бойынша  Хы  Жизу 
мемлекет төрағасы Жаң Кайшы мырзаға хат жазды: «Шынжаң жерінен босып 
келген  қазақтар  баспана  сұрап,  бізге  ие  болсын  деп  жерімізге  көшіп  келе 
бастады.  Шынжаңнан,  Шың  Шысайдан  зорлық-зомбылық  көргенін  айтады. 
Кері  көшу  ойлары  жоқ.  Оларға  қандай  мәміле  жасауды  өз  құзырыңыздан 
білгіміз келеді». 

Дәл  осы  кез  жапон  армиясының  Қытай  аумағына  басып  кірген  мезгіліне 
тұспа-тұс  келгендіктен,  хаттың  жауабы  да  тез  келе  қоймады.  Әйтсе  де,  Шың 
Шысайдың  Кеңестік  қызылдармен  астасып  коммунистік  қытайларға  бүйрегі 
бұрыла  бастағанын  аңғарған  Жаң  Кайшы  мырза  босқын  болған  халыққа 
жанашырлық  білдіруді  теріс  көрмеді.  Екінші  бір  жағынан,  Шың  Шысайға 
қарсы тұрады-ау деген Шынжаңнан көтерілген көтеріліс атамандарының алыс 
аймақтарға  қаша бастауы  Жаң Кайшыны  да  алаңдататын  еді.  Бұлай  болғанда 
Шынжаң тізгінін алаңсыз қолға алған Шың Шысайға деген жергілікті жердегі 
ішкі  қарсылық  барынша  әлсіреп,  ол  барған  сайын  ырықты  орынға  көтеріле 
берер  еді.  Жаң  мырза  тіпті  Шың  Шысайдың  арам  пиғылы  асқынып,  Кеңес 
Одағымен  әмпей-жәмпейлігін  қоймаса  күндердің  күнінде  Шынжаңды 
мемлекет  уысында  ұстап  отырудың  өзі  қиындай  түседі  деп  алаңдады.  Солай 
бола  тұрса  да,  ол  бәрінен  де  маңыздысы  ел  ішінің  қазіргі  орнықтылығы  деп 
білді. Бұған қол жеткізу үшін де үкіметке наразы күштерді әлсіретіп, халықтың 
қарсылығын жойғанда ғана мемлекеттің ішкі күшін нығайта түсуге болады деп 
есептеді.  Мемлекет  қазынасынан  арнайы  қаржы  бөлгізіп,  босқын  халықтарға 
көмек  көрсету  туралы  жарлық  түсірді.  Жарлықты  атқару  үшін  гоминдаңның 
орталық  комитеті  «Гансу-Чиңхайдағы  қазақтарға  көмектесу  және  оларды 
басқару жөнінде уақытша белгілеме» жариялады. 
Осы  жарлық  бойынша  1937  жылдың  күзінде  Гансу  әміршісі  Хы  Жизу, 
Жюшуан  аймағының  уәлиі  Сау  Чиуын,  әскери  бригада  командирі  Ма  Букаң, 
Иүйміннің  әкімі  Чың  Жүймыңдармен  бірлікте  қазақ  басшысы  Елісханды 
шақыртып арнайы кеңес өткізді. 
Басқосудың  мазмұны  кеңес  өткізу  болғанымен,  Хы  Жизу  әміршіге  тән 
айбатпен  әуелгі  сұрақты  Елісханға  қойды.  Оның  сөзін  қытай-қазақ  тілдерін 
жетік білетін моңғол жігіті тәржімалап тұрды. 
–  Елісхан  мырза,  сіз,  мейлі,  Шынжаң  болсын;  мейлі,  Гансу  болсын, 
барлығымыздың Нанжиң үкіметіне қарайтынымызды білесіз бе? 
Жұрттың көзі Елісханға тігілді. Отырғанда өзгелерден иығы озық көрінетін 
зор  денелі  бетінен  қаны  тамған  қызыл  сары  қазақ  жігітінің  келбетінде 
қаймығудың  белгісі  жоқ.  Басындағы  тақиясын  сәл  ғана  кері  шегіндіре 
қондырып, кең маңдайы жарқырап, төрдегілерге күлімсірей қарады. 
–  Аспан  біреу  болғанымен  таулар  басқа,  көлдер  әрқалай  болады. 
Сұрағаныңызды  жақсы  білемін.  Бірақ  менен  осыны  сұрау  үшін  шақыртпаған 
боларсыз?  –  Елісхан  мұны  таза  қытай  тілінде  айтты.  Аудармашы  ғана  емес, 
отырғандардың  бәрі  де  аңырып  қалды.  «Бір  топ  жабайы  қазақтар  қашып 
келіпті»  деп  дүбірлеткен  қытай,  тибет,  моңғол  ұлтының  өкілдерінен  құрам 
тапқан  алқалы  топтың  аузы  аңқиып  оған  таңдана  қарады.  Бұның  отты 
жанарынан қаймыға төменшіктеген өлке әміршісі желкесін  қасып, қапелімде 
не айтарын білмей сәл бөгеліп, тісінің ағын көрсетіп, мағынасыз ыржиды: 
–  Дұрыс,  дұрыс  айтасыз,  Елісхан  мырза,  менің  айтайын  дегенім  Нанжиң 
үкіметінің  бізге  оң  қабақ  танытып,  Шынжаңнан  босып  келгендерге  жағдай 
жасау  жөнінде  жарлық  беріп  отырғаны  ғой.  Әрине,  біздің  өтініш,  сұрауымыз 
бойынша.  Мемлекет  біреу  болғанымен  адамдар  әрқалай  болады.  Рас, 

Шынжаңнан  қыспақ  көрген  екенсіздер.  Енді  мұнда  сіздерге  ешкім  тиіспейді. 
Заң-түзімге бойұсынып адалдықпен жан бақсаңыздар болғаны, – деп тоқтады. 
Шекесі тершіп кетсе керек. Қалтасынан қол орамал алып сүрткіштей берді, – 
басты  мәселе  сіздерді  қалай  орналастыру  болып  отыр.  Көшпенді  халық  пен 
жергілікті халық  арасындағы  байланысты  жақсартып,  тұрмыс  жағдайын  оңау 
үшін сіздердің халықтарыңыздың байырғы тұрғындармен аралас қоныстанып, 
қосымша  егін  шаруашылығымен  айналысқаны  жөн  болар  еді.  Бұл  мәселедегі 
сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. 
Елісхан жеңіл күрсініп алды да, сөйлеп кетті. 
–  Біз  –  қазақ  деген  халық,  ежелден  көшпелі  елміз.  Таудың  биігіне,  судың 
тұнығына  қарай  жүгіретін  әдетіміз  бар.  Жанымыз  да  сол  сияқты  биіктік  пен 
тұнықтықты  қалап  тұрады.  Ата-бабамыздан  жалғасқан  бұл  дәстүрді  бірден 
өзгерту  қиын.  Басымыздан  сипап  бауырларыңызға  тартсаңыздар,  арымызды 
таптамасаңыздар,  ағымызды  былғамасаңыздар,  етектеріңізді  елге  толтырып, 
тұрғындарыңыз боламыз. Малымызға өріс, өзімізге қоныс берсеңіздер болды, 
басқасын сұрамаймыз, егін егіп тамға қамалу қолымыздан келмейді. 
Отырғандар  ойланып  қалды.  Әсіресе,  «арымызды  таптап,  ағымызды 
былғамасаңыздар еліңіз боламыз» дегеннің ар жағында тағы бір сөз айтылмай 
қалғандай сезілді. «Олай болмағанда Шың Шысаймен жауласып келген халық 
сендермен  де  жауласудан  тайынбайды»  деген  күш  жатыр  ма,  қалай?!»  деген 
күмән әр көмекейде бүлкілдеп жатты. 
Ендігі сөзді Сау Чиуын уәли алды: 
–  Жөн,  жөн,  Елісхан  мырза  көшпенді  халықтардың  әдетімен  өз  ойын 
бүкпесіз  айтады  екен.  Мейлі,  қазақтар  егін  салмаса  салмай-ақ  қойсын,  мал 
бақсын.  Бірақ  қолдарыңыздағы  қару-жарақтарыңызды  бірден  үкіметке 
тапсырып бересіздер. 
–  Біздің  қолымыздағы  құралды  Шынжаңнан  шыққанда  Шың  Шысайдан 
қорғану  үшін  пайдаланғамыз.  Амал  не,  Шың  Шысайдың  қалың  шерігі  елдің 
күн  көріс  талшық  қылып  отырған  малының  көбін  басып  қалып,  осында 
келгендердің  бәрі  жанының  аман  қалғанына  ғана  тәубе  қылып  отырғандар. 
Несін  жасырайық,  жерлеріңізге  келгелі  аңшы  жігіттер  құлан  атып,  көгенкөз 
балаларын бағып жүр. Олар құралынан айырылса жан баға алмай қалады. Егер 
үкімет тарапы әр түтінге қой үлестіріп берсе, онда мылтығын да тапсырар еді. 
Елісханның  бір  сөзінен  бір  сөзінің  салмақты  екенін  байқаған  топ  оның 
шынында  да  Шың  Шысайды  шулатып  келген  осал  жау  еместігін  танығандай 
болды. 
Сөзге бригада командирі Ма Букаң араласты: 
–  Халықтың  қолында  қару  ұстау  жақсылықтың  нышаны  емес.  Егерде  сіз 
айтқандай аң аулауды күн көріс етіп отырған отбасылар болатын болса, әр он 
үйге  бір  мылтық  жетер  еді,  –  дегенді  айтып,  «дәл  таптым  ба»  дегендей 
айналасына  марсия  қарады.  Елісхан  ендігі  жерде  салғыласа  беруді  жөн 
көрмеді.  Ішінен:  «сенікі-ақ  жөн  болсын,  сенімен  айтысып-тартысқанша 
балалар  ұстап  жүрген  сынған,  ескірген,  жаман-жұтық  құралдарды  тапсырып 
алдай салмаймыз ба» дегенді ойлап: 

– Ол пікіріңізге қарсы емеспін. Бірақ елге жайылымдық жер берілумен бірге 
мал мен жанды басқаруға өз адамдарымыз жауаптанса болды, – деді. 
Екі жақтың адамдары салғыласа келе мынадай шешім шығарды: 
Қазақтарға  сырттай  иелік  етіп  үкімет  пен  халықтың арасына  дәнекер  болу 
үшін  «қазақтарды  басқару  мекемесі»  құрылады.  Оны  әкімшіліктің  өкілі  Го 
Шунан  мырза  басқарады.  Ал  қазақтардың  ішкі  істерін  басқаруға  қазақтар 
өздері  жауапты  болады.  Елісхан  Иүйміннің  Ұйырқын  деген  жеріндегі 
қазақтарға «бас мыңбасы», Адубан бас мыңбасыдан кейінгі қызмет атқарушы 
тәйжі,  Қамек  бастатқан  бірнеше  кісі  шаңиялық  мәнсабына  тағайындалады. 
Ұйырқынның  айналасынан  екі  жүз  километрге  дейінгі  жерді,  оңтүстікте 
Ланшуе  тауынан  Чиңхайға  дейінгі,  солтүстікте  Чыжиншияға  дейінгі,  батысы 
Чаңмаға  тұтасып,  шығысы  Ланжу,  Гаутайға  жалғасқан  өңірлерді  қытайлар 
қоныстанған өңірлерден жүз шақырым аралық тастап мал бағуға бөліп береді. 
Үкімет тарапы алғашқы қамқорлық негізінде келген халыққа торғын-торқа, 
кездеме, шай, бидай үлестірген болса да,  Елісхан басқосудан көңілсіз қайтты. 
Осы  орналастыру  бойынша  болғанда  халықтың  басы  бірікпейді.  Үкімет 
тізгінін ұстаушылар өздерінің басқару қолайлығы үшін әдейі әрбір сай-салаға, 
жықпыл-жықпылға  бытыратып  жіберіп,  бір-бір  таяқпен  басқаруға  оңтайлап 
отыр деп түйді. 
Бұған  көңілі  толмай  жүргенде  ағайын  арасының  ұсақ  күншілдігі  тағы 
өршіді.  Не  сайтан  түрткенін  кім  білсін,  Адубайдың  айналасындағылар  оның 
қолтығына су бүркіп: 
– Елісхан жол жағынан қарағанда сізге бала. Алғашқы көшті бастап келген 
сізсіз,  сізге  құрмет  жасап  ел  басқартқанның  орнына  бәрін  өзі  баса  билегісі 
келеді.  Сіздің  қарамағыңыздағы  түтінмен  мыңға  толып  отырғаны  болмаса, 
оған  билік  қайда.  Сіз  ұлықтарға  қайта  барыңыз.  Берсе  мыңбасылығын 
дұрыстап  берсін.  Егер  мыңбасылықты  бергісі  келмесе  баяғыша  үкірдайлыққа 
тағайындасын. Осы жүрген тасбике ғана емес, басқа руларға да бас алқа болып 
ақыл айтатын сізден басқа кіміміз бар? – деді. Адубай алғашында желп еткісі 
келмей: 
–  Елісхан  кім,  мен  кіммін.  Кәдірбектен  тараған  бес  ағайындының 
Қазанбайынан мен тусам, Жамысбайының Әлібінен Елісхан туып отыр. Балам 
десе  балам,  інім  десе  інім.  Мен  жасарып  бара  жатқан  жоқпын.  Ол  болашағы 
бар  жас  қой.  Оның  ел  басқарғанына  қуанбасам  жұбанбаймын,  –  деп 
басқаларды тыйып тастап еді. 
Екі күннің бірінде үйіндегі бәйбішесі Шағила да күңкілдей берді: 
–  Басқаны  білмеймін,  қайнымның  үкіметтің  «шалыңынан»  бізді  қаққаны 
несі?  Торғын-торқа,  шай  мен  қантты  оның  айналасындағылар  талап  алыпты. 
Бұтыңда  дамбалың  жоқ,  ауыңды  «тырт-тырт»  қасып  тері  шалбармен  биттеп, 
құрттап сен жүрсің. Әке десе әкесі, аға десе ағасы саған бүгін бұлай қарағанда, 
ертең қанат-құйрығы жетілгенде не қылмайды, – дейді.  
Бажасы Назарбай мен балдызы Қауан да кемпірді қостап: 
–  Өзің  қартайдым  дегеніңмен  балаң  Қами  өсіп  келеді  емес  пе.  Қарыстан 
сүйем жақын деген. Елісхан бөтенің болмаса да, інінің жолы бір басқа. Бауыр 

етіңнен жаралған балаңның жолы бір басқа ғой. Бүгін өзің ұстаған тізгін ертең 
Қамиға  қалады.  Ұлды  ұяға  қондырып,  қанаттандырып  қияға  ұшыру  әкенің 
парызы. Ол да ел қатарлы адам болсын, – дегенді айтты.  
Адамның тіліне аспандағы бұлт азады. Ақыры Адубай бар-жоғын қоржынға 
толтырып, әкімнің есігін сығалады. 
– Елісханды ел басқаруға қоямыз ба деп едік. Ағайын-туыс оны қош көрмей 
отыр. Өзі де оған аса құлықты емес сияқты. Қайта қолына ұры-қарақшы топтап 
алыстан  мал  қуып  әкеле  бастады.  Әуелі  Чиңхайдағы  Ма  Буфаңмен  тіл 
біріктіріп жүр деген сөз бар. Сол үшін де бар  мансапты оған бере салып, бір 
күні қапы қалмаңыздар. Ал біздікі қанша дегенмен пысқан бас қой... 
Басқарушы  ұлықтардың  іздегені  де  осы  еді.  Қазақтардың  бас  біріктіріп, 
бірауызды  болуынан  қатты  қорқатын  олар  алдарына  келген  ажалды  аңды 
атпай қалай шыдап тұра алсын. Шоқты одан әрі көсеп, отты үрлей түсті.  
Гансу  өлкелік  әкімдігі  өздеріне  бағынышты  Жючуан  аймағына  бұйрық 
түсіріп,  Адубайға  үкірдайлық  шен  беріп,  Елісханды  тәйжілікке  тағайындады. 
Иүйміннің  әкімі  Чың  Хұймиң  іштей  марсиып:  «Елісхан  мырза,  қасқайып 
тұрып қарсы сөз айтқанда алдыңа жан салмайтындай көрініп ең, әуселеңді енді 
бір байқайық» деген раймен жаңа тағайындауды халыққа өз аузымен жеткізді. 
Шындығына  келгенде,  тәйжілік,  үкірдайлық  мансаптарды  тағайындау 
Еженхан  тұсында  ғана  атқарылған  түзім  еді.  1912  жылы  хандық    құрылым 
құлатылып,  Жұңхуа  Минго  аталатын  жаңа  мемлекет  орнағаннан  кейін  бұл 
басқару  жүйесі  тек  қана  ұрпақ  жалғастығы  жолымен  ғана  атадан  балаға 
тапсырылып  келген.  Сол  жаңа  мемлекеттің  қолшоқпарлары  да  мұны  жақсы 
біледі.  Алайда  «май  тілесең,  міне,  құйрық»  дегендей,  қазақтардың  қалақтай 
мансап үшін ағайынның арын былғауға жүгіретін далбасалығын бірден байқап, 
«оңай  олжалар»  үлестіре  бастағаны  еді.  Зайып  бастаған  басқа  көштегілер  де 
бұл  мансаптан  құралақан  қалған  жоқ.  «Үкірдай,  тәйжі,  шаңия,  залың» 
мансаптары қазақтардың қоржындарының тоқтығына қарай үлестіріліп жатты. 
Сегіз  ешкіге  сексен  теке  қойған  осы  ойынға  Елісханның  күлкісі  келсе  де, 
қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылағысы да келді. 
Адубай  өзін  «үкірдаймын»  деп  дөңгеленгенімен,  Елісханға  құрметпен 
қарайтын  қол  астындағылары  қозғала  қойған  жоқ.  «Бізге  қытайдың  берген 
атағы керек емес, ары таза азаматымыз керек» деп Елісхан жағына шықты.  
Мұның  бәрін  Елісхан  қысастықпен  әдейі  істеп  отыр  деп  білген  Адубай  өз 
қарамағындағы  түтіндерді  бастап,  Гансуден  Чиңхай  жеріне  қарай  көше 
жөнелді. 
Олар  жай  көше  жөнелген  жоқ.  Адубай  ауылындағы  бірнеше  барымташы 
жігіт Елісхан ауылының ту сыртынан орап, моңғолдардың малын қуып кетті. 
Із  шалған  моңғолдар  оны  Елісханның  ауылы  алды  деп  арада  қақтығыс  ұлғая 
түсті.  Ерегескен  жау  Елісхан  ауылының  малын  бұлауға  кірісті,  сөйтіп,  ендігі 
жерде елдің берекесі қашты. 
Дәл осы кезде Шың Шысай Гансу өлкесіне хат жазып ондағы елді қайтарып 
беруді сұрапты. Қазақтар келгелі ел іші бұзыла бастады деп білген Гансудың 
билік басындағылар қазақтарға кері көшу жөнінде үгіт жүргізе бастады. 

Атшыбай Елісханды шақырып алып: 
–  Қарағым,  кәпір  кәпірлігін  істейді  дегенім  ақыры  келді.  Бұл  жердің 
басшысының  көбі  қытайлар  көрінеді.  Бұлармен  тәжікелескенше  мұсылман 
дүңгендермен сөйлескеніміз жөн шығар, – деді. Өз ойының үстінен түскен бұл 
ақылды Елісхан да теріс көрмеді. Чиңхай әміршісі Ма Буфаңға елші жөнелтті.  
Елшіні  қуана  қарсы  алған  Ма  Буфаңда  Елісханға  хат  жазып,  Ма  Жыңго 
деген әскер басын қоса жіберіпті. 
Елісханның  елді  бастап  шығысқа  қарай  тарта  жөнелуінде  де  Гансу 
өлкесінің қомақты бөлігі мен Чиңхай өлкесін уысына ұстап отырған Ма Буфаң 
басқарған  мұсылман  жұртымен  тіл  біріктіріп,  күш  топтасам  деген  арманы 
болған еді. 
Елісхан  бастаған  елбасылары  алдына  кіргенде  кең  шапанын  көлбірете 
алдынан шыққан Ма Буфаң құшағын айқара ашты. 
–  Ассалаумағалейкум  уә  рахметуллаһи  уа  баракатуһи,  айналайын, 
бауырларым,  мұсылман  қандастарым,  аман  келдіңдер  ме.  Кәпірлерден  тірі 
құтылдыңдар ма? Сендерді аман көрсетіп отырған Аллаға мың шүкірлік, – деп 
ағынан  ақтарылды.  Оның  емен-жарқын  сәлемдескен  тәтті  сөздеріне 
Елісханның да іші жылып, тартынбай сөйледі. 
–  Біздің қазақта  «біреу  тоңып  секіреді,  біреу  тойып  секіреді» деген  тәмсіл 
бар.  Біз  тойғанымыздан  емес,  тоңғанымыздан  қалтырай  қашып  келе  жатқан 
халықпыз.  Тағы  да  қазақтарда  «бұтаны  паналаған  торғай  да  аман  қалады» 
деген сөз бар. Сіздей мұсылман әміршісін бұта емес, қанаты кең қара орманға 
балап келдік. Сіз аға болуға жарасаңыз, біз іні болуға жарар едік. Бәріміз дін 
Исламның жолындағы мұсылман халықтармыз. Бір-біріміздің жыртығымызды 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал