ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет6/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
«Құрметті  Шың  дубан,  Баркөл  жағдайы  аса  мәз  емес.  Абай  көріністе 
айбатты көрінгенімен елдің ішкі жағында іріткі көбейді. Өз басы да керей, 
найман  болып  бөлінген  топтың  бір  жағына  шығып  алып,  біраз  адамның 
сенімінен  айырылды.  Жеке  басын  көп  күйттейді.  Қорасы  малға  толды. 
Үкіметтің  тәртібі  емес,  өз  білгені  бойынша  істеуді  жақсы  көреді.  Дәл 
осылай  кете  берсе,  Баркөлді  уысымызда  ұстап  тұру  қиын  болар  ма  екен. 
Осы жағын назарға ұстап, лайықты жол-жорық көрсетуіңізді сұраймын! 
Құмыл аймағы уәлиі орынбасарының хатшысы Жаң Жүн.  
1937 жыл, тамыз». 
 
Жаң Жүннің жазған осы хатын ескерді ме, әлде Жаң Жүннен басқа да көз-
құлақтардың мәліметін назарға алды ма, әйтеу Шың Шысай Баркөлге тағы бір 
топ қызметкерін аттандырды. Оның ішінде қазақ өкілдерінен Шынжаң өлкелік 
амандық  қорғау  меңгермесінің  бір  бөлімінің  бастығы  Әбеу,  Өлкелік  халық 
істер  басқармасының  бастығы  Баян  және  Әнуар  секілділер  бар  еді.  Олар 
Абайдың  жұмысын  қолдап-қуаттайтын  үгіт  отрядының  қызметкерлері  деген 
атпен  келді.  Әбеу  сол  отрядтың  бастығы  еді.  Шын  мәнінде,  Құмыл-Баркөлге 
жүрілген  дойбының  алғашқы  тасы  Шәріпхан  мен  Баймолла  болса,  екіншісі 
Абай еді. Кезекті жүрісті ойнау үшін келген Әбеу, Баян және Әнуарлар да өз 
жұмыстарына  белсене  кірісті.  Оларды  осылай  аттандырарда  Шың  Шысай 
құлақтарына  жеке-жеке  сыбырлап:  «Сіздерден  бұрынғы  барған  басшылар 
Баркөл  жағдайын  оңағанды  қойып,  одан  ары  бүлдірді.  Құмыл-Баркөлді 
басқаратын  жаңа  адамдар  керек.  Мүмкін  қызметтеріңді  адалдықпен  атқарып, 
ел  көзіне  түсіп  жатсаңдар  еңбектеріңді  елеп-ескеретін  шығармыз»  дегенді 
емексітті.  Мұны  Әбеу  мен  Әнуардың  әр  екеуі  де  өзімізге  ғана  айтылды  деп 
ойлады.  
Соның  ішінде  Әбеу  Құмыл  аймағының  уәлиі  Шиұң  Шияуюанмен  тікелей 
байланыс  жасап,  жол-жорық  алып  тұруға  жауаптанды  да,  Әнуар  Абайға 
көмектесіп,  Құмыл  қалалық  қорғаныс  бөлімінің  жетекшісі  Ню  Жинханмен 
сәйкесіп жұмыс істейтін болды. Қанша дегенмен де Шыңның сеніміне бөленіп, 
жаңадан  келген  күш  болғандықтан  да  олар  өз  мойындарына  алған 
міндеттерінен  аянып  қалмады.  Баркөлде  болып  жатқан  күндегі  істі  күнде 
қадағалап, жоғары жаққа мәлімдеп отыруда да ерекше белсенділік танытты. 
Алдымен  Құмыл  қалалық  қорғаныс  бөлімінің  жетекшісі  Ню  Жинхан  мен 
Құмыл  уәли  мекемесінің  уәлиі  Шиұң  Шияуюанға  жіберіліп,  кейіннен  Шың 
Шысайға жолданған сондай хаттардың бірінде мынадай жолдар бар еді. 
“Қазақтардың  Гансу,  Чиңхай  өңірлеріне  қашуын  тосу  әдісі  жөнінде 
дубанға мәлімет. 
Ню  сылиң,  Шиұң  уәли  бауырлар:  Баркөлдегі  қазақ  рубасылары 
Қожамберген тәйжі, зұңгуан Нұрғали, Сымағұл залың, Салақиттан шаңия 
қатарлылардың  Гансуге  қашу  ниетінде  болғанына  бірнеше  ай  болған. 
Таяудағы әр жақтылы нақтылы хабарға қарағанда, бұл қазақтар Гансуден 
көмек  сұрауға  адам  жіберген.  Қасым  қатарлы  үш  адам  Баркөлге  қайтып 

келіп,  қазақтарды  жинап,  Гансуге  қашудың  әдістерін  ақылдасқан. 
Сонымен бірге Зайып, Қасымдардың Әншиге барғандығы мәлімделді. Қасым 
жүз қазақты ертіп, Аратүрік маңынан тосамын депті. Айтуға қарағанда, 
бір  жетіден  кейін  жолға  шықпақшы  екен.  Адам  саны  –  500-600  түтін. 
Мылтық  шамамен  200-ден  асады.  Жүрер  жолдары  екеу:  Біріншісі  – 
Нарынкір,  Түріккөл,  Аратүрік,  жоғары  Мүнейден  Күңгір  тауына  бару. 
Екіншісі  –  Ақарқаның  теріскейіндегі  жазықпен  Уаңзы  қарауылы,  төменгі 
Мүнейден  Күңгірге  бару.  Осыған  сай  дубанға  телеграмма  жолдап,  нұсқау 
сұраудан  тыс,  нақтылы  ахуалды  хатпен  жолдаймыз.  Бұл  қазақ 
бандыларының жүрер жолы екеу болғанымен, Күңгір тауы Гансуге асатын 
бірден-бір  жол,  бір  бөлім  әскер  жіберіп,  Күңгір  тауын  алдымен  иелеп 
тосқауылдауға  болады.  Ню  сылиңның  салмақтап  көруін  өтінеміз.  Ол  ол 
ма,  таяуда  Баркөлде  бұлап-талау  делосы  көбейіп  кетті.  Бірнеше  күннің 
алдында  Ақарқадағы  қарақшы  атаман  Мәнбет  Нарынкірдегі  ұйғырлардан 
23 жылқы бұлап әкелген екен. Дереу адам жіберіп қолға алдық. Жиыны екі 
адам, біреуі дүңген, сұрақ үстінде Мәнбетті тексерсек, ол Гансуге қашқан 
Зайыптың  туысы  болып  шықты.  Мұндай  үлкен  бұлаңшылықпен 
шұғылданудағы  мақсаты  орайды  пайдаланып  Гансуге  қашу  болар.  Жиып 
айтқанда,  кезекте  әскери  күшпен  жоюдан  басқа  амал  жоқ.  Алайда  тағы 
Баркөлден өтсе, басқа қазақтардың тыныштығын сақтау қиынға соғатын 
түрі бар. Ахуалға қарай дубанға ертерек нұсқау алуға жолдағайсыздар. Қам 
жасауға  дайын  болуымыз  үшін,  бауырлардың  қымбатты  лебіздерін  беріп 
тұруын күтіп, 
Құрметпен, 
Амандық жолдап, үгіт отряд бастығы Әбеу  
1937 жыл, 19 қазан”. 
Кеңес Одағынан зор топтағы көмек алып, Сталинді арқа тірек көрген, тепсе 
темір  үзетін  қылыштай  азамат  Шың  Шысайдың  ендігі  жерде  ештеңеден 
тайынар түрі жоқ еді. 
Ол  Мәскеуден  келе  салысымен  жұмысқа  шұғыл  кірісіп  кетті.  Жер-жерге 
жедел телеграмма жолдап: «үкіметке қарсы әрқандай әрекетте әсте аяушылық 
жасауға болмайды» дегенді ерекше ұқтырып жатты.  
Дәл осындай оңтайлы сәтте Жапонға бірлікте қарсы тұру және коммунистік 
топтарды  қолдауды  мақсат  еткен  кеңестіктер  қытай  қызыл  партиясына 
астыртын көмек беруді барынша жеделдетті. 1937 жылы қазаннан 1939 жылы 
кыркүйекке  дейін  Кеңес  Одағының  Қытайға  жәрдемге  жіберген  қару-
жарақтарынан – 985 соғыс ұшағы, 82 танк, 1300 ден артық зеңбірек, 14 мыңнан 
артық  пулемет  әрі  көптеген  құрал-жабдық,  оқ-дәрілер  түгелдей  Шынжаң 
арқылы Шың Шысайдың қолымен Ішкі Қытайға жөнелтілді. 
Кеңес  Одағынан  тасып  әкелу  мүмкіндігі  болмаған  дүниенің  бәрін 
кеңестіктер техника және адам күші арқылы Шынжаңда өндіруді қолға алды. 
Дихауының  іргесіндегі  отыз-қырық  километрлік  жерден  Кеңес  елінен 
әкелінген  ұшақ  жабдықтары  мен  әртүрлі  қару-жарақ  бөлшектерін 
құрастыратын және өндіретін «Багаң» аталатын болат-темір заводын ашты.  

Осынша  көп  дүниенің  Ішкі  Қытайға  тасымалданатын  маңызды  жолы  тек 
қана Құмыл аймағын басып өтіп, Гансу-Чиңхай қатарлы жерлер арқылы ғана 
жөнелтілетін еді. Бұл жолдың салынып жасалуы мен жол бойындағы әрқандай 
қауіпсіздік  шараларына  қатысты  мейлі,  әскери,  мейлі,  қаржылық  мәселесіне 
келгенде  кеңестіктер  барын  салды.  Тіпті  осы  өңірдің  Моңғолия  жағымен 
қанаттасып  жататындығы  ескеріліп,  ол  елде  жұмыс  атқарып  жатқан  Кеңес 
әскери  генералдарына  Шың  Шысаймен  сырттай  сәйкесіп,  қазақтарды  моңғол 
жеріне кіргізбеу, қарсыласқандарының көзін құрту тапсырмасы да берілді. 
Осындай  толғақты  мәселелер  тоғысып,  тоғыз  жолдың  торабына  айналған 
Құмыл-Баркөлдің  тыныштығын  сақтау,  ондағы  қазақтарды  бас  көтертпеу 
бәрінен  де  маңызды  болатын.  Сол  үшін  де  Құмыл  жақтан  дамылсыз  келетін 
телеграммаларға  да  Шың  Шысай  уақ-уағымен  жауап  қайтарып,  ол  тарапты 
тікелей қадағалауына алды. 
“Құмылдағы Ню сылиң, Шиұң уәлиге! 
Құпия телеграммадан хабар таптық. Баркөлдегі қазақ атамандарынан 
Қожамберген тәйжі, Нұрғали зұңгуан, Смағұл залың, Салахиттан шаңия 
қатарлылар  ел  бастап  қашпақ  екен.  Сылиң  мырза  Аратүрікке  адам 
жіберіп тосқауылдапты. Өлкеден бомба тиеп тағы екі аэроплан жібердік. 
Тосқауылға  сәйкесуден  тыс,  тосқауылдап  соққы  беру  ахуалын  дер  кезінде 
мәлімдеп тұрғайсыздар, ерекше тапсырылады! 
Дубан Шың Шысай 
Шүйжияң меңгермесінің мөрі.  
1937 жыл, 5 қараша”. 
Қазақтарға  тосқауылдап  соққы  беруге  Құмылға  жіберілген  аэропланның 
жеткен уақыты жайлы телеграмма: 
“Дихуадағы дубанға шұғыл жетсін, Шүйжияң меңгермесіне жолданған 
құпия  телеграммадан  хабар  таптық.  Әуе  армиясының  үш  аэропланы 
соңғы  күні  түстен  кейінгі  сағат  төртте  Құмыл  аэродромына  аман-есен 
келіп жетті. Барлық істің орындалуы Баркөлдегі уәлидің орынбасары «А»-
ға  телеграмма  жолдап  сұралды.  Тосқауылдау  ахуалын  уағында 
телеграммамен  жолдауға  рұқсат  еткейсіз.  Телеграмманы  тапсырып 
алғанымызды білдіріп 
Құмыл уәлиі Шиұң Шияуюан  
Сылиң Ню Жинхан 
Шүйжы мөрі”. 
Осылайша  қайшалысқан  қалың  телеграмма  қазақтардың  басына  қара  бұлт 
үйірді. 1937 жылы қыркүйекте Кеңес Қызыл армиясының сегізінші полкі мен 
әуе  армиясының  бір  бөлімшесі  Құмыл  аймағына  келіп  орналасса,  қазанда 
Құмыл-Баркөл әскери қолбасшылық штабы және оған қарасты атты әскер отыз 
екінші полкі Баркөл қалашығының батысындағы әскери тұраққа көшіп барды.  
Аспанда ұшақ, жерде танкі, машина, жаяу әскер дегендей жер қайыстырған 
қалың қол Құмыл-Баркөлге құйылып жатты. 
 
* * *  

Елдің  басты  адамдарымен  арттағы  ауылдардың  жағдайы  жөнінде 
әңгімелесіп  отырған  Елісхандардың  үстіне  бейтаныс  бір  жігіт  кіріп  келді. 
Сәлемін алған көпшілік бірден тани алмай: 
–  Қай  ауылдың  баласысың?  –  деп  аңтарылып  еді,  бас  киімін  алып, 
шекесінің терін жеңімен сүртінген жүдеу жүзді жолаушы: 
–  Теміршенің  ауылынанмын.  Тасбикемін.  Атым  –  Шәмши,  –  деп  жауап 
берді. 
Төр алдында  Елісханның қасында отырған ақ сақалды Назарбай деген кісі 
оған ошарыла қарап: 
–  Ой,  қарағым,  бір  көрген  бала  сияқты  шырамытып  отыр  едім.  Сен  әлгі 
өзіміздің  тасбике  Сасықтың  ұлы  емессің  бе.  Ел-жұртың  аман  ба,  қайдан 
жүрсің? – деп жабыса кетті. 
– Қашып келдім. 
– Қайдан қашып келдің? 
– Баркөл түрмесінен қашып шықтым. 
– Міне, қызық! Ал әңгіме керек болса! 
Енді бар жұрттың назары Шәмшиге ауды. Тұс-тұсынан әртүрлі сұрақтарды 
жаудырып жатыр. 
– Жә, жә, тоқтай тұрыңыздар. Алдымен тамақ ішіп әлденіп алсын, әңгімесін 
сосын  айтады  ғой,  –  деп  Елісхан  басқаларды  сабырға  шақырды.  Тамақ  жеп, 
шайға қанған Шәмши: 
– Ағалар айыпқа бұйырмаса, басымнан кешкендерді ұзағырақ баяндайын, – 
деп әңгімесін бастап кетті. 
–  1933  жылдың  аяғы  мен  1934  жылдың  басындағы  қатты  қуаңшылықты 
білесіздер.  Сол  жылдары  Шіңгілдегі  біздің  ауылдар  жайылымнан  қысылып, 
бір  бөлімі  Шіңгілдің  ұлы  тауларына,  бір  бөлімі  Бәйтік,  Қаптық,  Сарнұрғын, 
Тәкіге  тауларына,  тағы  бір  бөлімі  сыртқы  Моңғолия  жеріне  мал  қыстатуға 
мәжбүр  болды.  Барған  елді  өзінің  қарамағына  алмақшы  болған  Моңғолия 
үкіметі келесі көктемде оларды ішкері жаққа көшуге қыстады. Ел басшылары: 
«біз  жаз  шығысымен  қайтамыз.  Алғаш  келгенде  де  мал  үшін  бір  қыс  қыстап 
қайтуды  айтқанбыз»  деседі.  Кеңес  Одағының  Қазақстанынан  Моңғолияға 
келген  әскери  мансапты  Кенжебек  қарулы  шеріктерді  бастап  келіп,  елді  ішкі 
жаққа  қарай  зорлықпен  айдады.  Қариялар:  «баяғыда  Қарасеңгірде  отырған 
Беген  ауылын  шауып,  көп  қыз-қатын,  жас  баланы  олжалап  апарған 
Қатынсұмын деген жерге айдап апармақшы екен» деп зәрезап болды. Екі жақ 
ақыры атысқа қол қояды. Ел адамдары Кенжебекті тірідей ұстап түйеге артып 
алған  еді.  Жараланып  қалған  ағасы  Байдолланы  өлдіге  жорыған  Беги  деген 
жігіт Кенжебекті атып тастады. 
Зорға қашып құтылған ел Шіңгілдің Үшкөл жайлауына келді. «Мал ашуы – 
жан ашуы» деп, – Моңғолия шерігі басып қалған малды қайтарып аламыз деп, 
– Рамазан, Қасен бастаған жігіттер қайта артқа шабады. Жан бермек оңай ма, 
моңғол  шерігімен  атысқан  олар  ақыры  көп  мал  қуып  келді.  Қарсы  жақтан 
қанша  адамның  өлгенін  білмейміз.  Бізден  Асылбек,  Баттал  деген  молқы 
жігіттер,  Садуақас  деген  шақабай  оққа  ұшыпты.  Осының  кегі  ме,  сол  –  ит 

жылының күзінде ел жайлаудан күзеулікке еңкейе бастағанда Моңғолиядан екі 
бағытпен  неше  жүздей  шерік  жәнебір  соғыс  аэропланы  келіп,  Шіңгіл 
бойындағы бейуаз халықты жантүршігерлікпен қырғындады.  
Бір  бағыттағы  атты  шеріктер  Бұлғынды  құлдай,  Шағанғол  бойын  және 
Шіңгілді  өрлей  Қарағашқа  дейін  аспаннан  да,  жерден  де  екі  жақтап  оқ 
жаудырды.  Олар  Шағанғолдың  құйғанында  Күреңтөбеде  отырған  сарбас 
Қожан  ауылы  қатарлылардан  көп  адамды  ұстап  алып,  арқанмен  қосақтап 
қойып  атып  өлтірді.  Шағанғол  құйғанының  өр  жағында  отырған  Байқадам 
ауылдарын да аямай шауып, бүкіл малын бұлап алды.  
Тағы бір бағыттағы атты шеріктер қос Шіңгілдің өр жағынан құлдай келіп, 
Үштүңкенің құйғанында Ноғайбай үкірдай ауылдарын шапты.  
Үштүңкенің  құйғанында  Жылмасбай  зәңгіге  қарасты  ханкелді,  секел 
ауылдары отырған. Бұл ел Ұтыбұлақты құлдап, Таратыны басып, кіші Шіңгіл 
өзенінен  өтіп,  үлкен  Шіңгілге  түсетін  Кеңмойнақ  деген  белден  асып  түспек 
болады.  Екі  жүзге  тарта  бұл  отбасылар  да  бомбалауға  ұшырады.  Аспаннан 
жауған  ажалды  көрмеген  ел  у-шу  болып,  бытырап  кетудің  орнына  тобын 
жазбай Қарадаба сайына беттейді. Сайға қамалған елді Шіңгілдің өр жағынан 
еңкейген  атты  шеріктер  атқылап,  екі  жақтап  қырғындайды.  Осы  барыста 
Жылмасбайдың  ұлы  Құндақбай  бастаған  отыз-қырық  адам  қолдарындағы 
азғантай құралымен атысып әзер құтылады. Қолға түскен Жылмасбайдың өзін 
сол бойы Моңғолияға алып кетті.  
Әңгіме  осы  араға  келгенде  қозғалақтап  кеткен  жігіттердің  бірі  білегін 
сыбана жүрелеп: 
– Атаңның етін жегір, бұл қалмақтардың бізге көрсетпегені бар ма? Баяғыда 
Жалама деген бір қан ішкіш жендеті шығып, шекарада жайлап-қыстап отырған 
елді  моңғолдың  ішкі  жағына  қуғанын  жақсы  білетін  шығарсыздар.  Қазақтар 
болса қатты қарсылық көрсетіп, қыс ішінде бекіп қалған асудың қарын бұзып, 
Алтай  бетіне  қашады  ғой.  Сонда  елді  қынадай  қырған  Жалама  қарақас 
Ақымбек деген батырды қолға түсіріп, тірідей сойған екен. Оның терісіне шөп 
тығып,  құбыжық  кейіпте  ұзын  бақанға  мінгізіп,  елдің  зәресін  алмақ  болып 
хайуандық  жасапты.  Зауалыңды  бергір,  сол  Жаламаның  басын  кейін  өзінің 
қызыл  моңғолдары  кесіп  алып,  Ұластай  деген  бекіністің  қақпасына  іліп 
қойыпты деп естідік, – деді тістеніп. 
– Рас, рас, қанша дегенмен кәпір, ата жауымыз ғой. Сол жолы болса керек, 
ауылдың  ересектерін  қыратынын  қырып,  ұстайтынын  ұстап,  елу  баланы 
туырлыққа  орап,  ішегі  қатып  өлсін  деп  иен  далаға  тастап  кетіп,  Шегіртай 
асуындағы  сол  жер  кейіннен  «Елу  бала  дарасы»  атанған  деп  естігенбіз.  Әй, 
жауыздар-ай! – деп қостады оны біреу.  
Шәмши аз кідіріп, әңгімесін жалғай берді.  
–  Қырғын  мұнымен  тына  қоймады.  Қарулы  шеріктер  Қарадабаны  үш 
күндей  қоршап,  қырылғандарды  тінтіп,  шалажансар  жатқан  еркектер  мен 
екіқабат  әйелдерді  қылышпен  шауып,  мылтықпен  атып  өлтірді.  Екі  күннен 
соң, шеріктер ұра-жыраларға, тас қуыстарына, өліктердің арасына жасырынып 
қалған  алпыстай  адамды  «енді  тиіспейміз,  тамақ  ішіңдер»  деп  алдап  жинап 

алып,  оларды  Қызылқайың  деген  жерге  апарып  арқанға  қосақтап  қойып, 
еркектерді  түгел  атып  өлтіреді.  Ең  жантүршігерлігі  –  малдың  жемтігі  мен 
адамның  өлігіне  тойып  құтырған  иттер  қырғыннан  кейін  жерлеуге 
барғандарды  өлік  маңайына  жолатпай,  өздеріне  қарсы  шауыпты.  Сөйтіп, 
Қарадабаның  сай-саласы  қанкелді,  секел  руын  негіз  еткен  бейуаз  халықтың 
қанымен боялды. 
Бұл  қырғында,  әсіресе,  жалғыз  аэроплан  Шіңгіл  бойына  қырғидай  тиісіп, 
түстен  бұрын  бір,  түстен  кейін  бір  рет  бомбалап  тұрғандықтан  тарихқа 
«жалғыз  аэроплан  қырған»  деген  атпен  де  қалды.  Үлкендердің  айтуынша,  әр 
жерде  қырылғандардың  саны  сегіз  жүзден  асқан  көрінеді.  Біреулер  бұл 
қырғынды  «Байқадам  елі  шабылған»  десе,  біреулер  «Ханкелді-секел 
қырылған» деп те атап жүр.  
–  Оның  бәрі  біз  естіп  жүрген  әңгіме  ғой.  Онан  да  түрмеге  қалай  түстің, 
қалай  қашып  жүрсің?  Соны  айтсаңшы,  –  деді  отырғандардың  бірі  әңгіменің 
аяғына жеткенше шыдамы таусылып. 
–  Айтады,  сабыр  етсейші.  Өлген  қойдың  әңгімесін  айтып  отырған  жоқ, 
қырылып қалған өзіңнің жақындарыңды айтып отыр ғой. Безбүйректеніп сөзді 
бөле бермей тыныш отыр! – деп зекіді бір қария, – иә, иә, жалғай бер, – деді 
сосын Шәмшиге шоқша сақалды иегін изектей көтеріп. 
–  Біздің  ел  ақыры  үркіп  Баркөл  жаққа  өттік.  Сөйтсек,  мұнда  да  жырғап 
отырған ел жоқ екен. Абай мен Әнуар ауыл-ауылды тіміскілеп, ойына келгенін 
істеп  жатыпты.  Айтпақшы,  үріккен  елмен  бірге  Моңғолиядағы  қазақтардың 
арасында болғанымызда Абайдың зұлымдығын естіп, жағамызды ұстадық. Ел 
ішінде: 
Қобдаға Абай менен Шәріп келді
Сиырға аусыл менен сарып келді. 
Жан бағып жайбарақат жатқан елге
Екеуі бар пәлені алып келді, – деген өлең бар екен.  
Абай  мен  Шәріп  екеуі  де  Сәбеттен  келген  қызыл  үгітшілер  екен.  Соқа 
бастары  ғана  емес,  шаштарын  қиған  қатындары  да  кәменес  екен  деп  естідім. 
Ұмытпасам,  Шәріп  дегеннің  қатынының  аты  Ділнүз,  Абайдың  қатыны 
Тәшінке  деген  қып-қызыл  белсенді  болыпты.  «Еркек  пен  әйел  тең,  қыздарды 
өз  сүйгеніне  тегін  беру  керек»  деп  қыз-қатынның  шашын  қырқып,  тізеден 
көйлек кигізіп, елдің масқарасын шығарыпты.  
Тыңдап отырған жұрт тағы гулесіп кетті. 
–  Абайдың  қазіргі  қатынының  аты  олай  емес  секілді  еді.  Одан  басқа  да 
қатыны болғаны ғой. 
–  Каменестерің  ер  мен  әйелді  тең  деп  неге  жар  салып  жүр  дейсіңдер. 
Еркектер көп әйел алса қатындары да көп байға барады да. Тауық сияқты бірін 
тастап, біріне жүгіре беретін болғаны ғой.  
–  Басқа  каменесіңді  білмеймін.  Ана  Абайың  қыз-қатын  десе  өледі  дейді. 
Жас  кезінде  Іле  жағында  болған  көрінеді.  Сырттай  білетіндердің  айтуынша, 
үйлену тойын жасап жатқанда қалыңдықты тастай салып, қызды ұзата келген 

қасындағы жеңгесін алып қашып кетіп, мұқым бір тайпа елді ұятқа қалдырып 
жерге қаратып кеткен деседі. 
–  Каменестеріңнің  елге  үйретейін  деген  өнегесі  сол  ма  екен!  Кез  келген 
жерде  күйексіз  қошқардай  көрінгенге  тұмсығын  көтере  берсе,  қатын  ортақ, 
қазан  ортақ  болса,  олардан  немене  жырғаған  бала  туады.  Кімнен  туғанын 
білмейтін  имансыз  шаталар  көбейсе,  құрымағанда  нең  қалды.  Заманның 
азғаны осы ғой. Каменес келді дегенше ақырзаман келді десейші. 
–  Басқасын  қойғанда,  Құдай  жоқ  деп  Құранды  оқытпайды  екен.  Орысқа 
шоқыншы болған қазақтар өздерін құртып болып бізге түскені ғой. Енді кәпір 
болмағанда неміз қалды. 
– Иә, жігітім, айта бер, бұларға қарасаң біраздан кейін бәрін өздері білетін 
болып шығады да, сені далаға сөйлеп отыр дейді. Одан да көргеніңді сыдырта 
бер.  
–  Абай  мен  Шәріп  өздері  жетіспейміз  деген  бе,  өздерімен  қоймай 
Бердіқожа,  Қайырбай  деген  бір  топ  жігіт-қыздарды  әкеліп,  аузынан  уызы 
арылмаған  жас  қазақтарды  теріс  оқумен  ұшықтаған  көрінеді.  Шерушінің 
бақаты  пен  саңырауы  қырқысып,  Қарақабақ  деген  жерде  алты  Шерушінің 
имамы  болған,  Тілеуберді  молдаға  ас  бергенде  біреулер  Абай  мен  Шәріпті 
ұрып өлтірмекші болып, әйтеу аман құтылып кеткен деседі. 
–  Бәсе,  бәсе,  бұл  Абай  талайды  құртқан  сұм  екен  ғой.  Мұндай  адамдарға 
өлім  жоқ.  Жаман  адамды  алудан  Алланың  өзі  жиіркенеді.  Аллаға  да  жақсы 
адамдар ғана керек сияқты.  
– Иә, қарағым, әңгіменің қызығына енді келе жатырсың, айта бер, айта бер! 
–  деп  малдасын  құрған  бір  шал  мүйіз  шақшасын  етігінің  өкшесіне 
тықылдатып, ерніне насыбай салып, Шәмшиге тақымдай жақындап тамсанып 
отыр. 
–  Әйембеттің  ауылы  Ошақтыда  үлкен  той  жасап  жатыр  екен.  Тойға  Абай 
мен  Шәріп  те  қатысты.  Абай  Расул  деген  балуанын  қосты.  Ел  Абайдан 
қорықты ма, Расулдан қорықты ма, әлгі немесі ортаға шығып алып, «күреспей 
бәйге  аламын»  деп  даурықпасы  бар  ма.  Үлкендер  қолқалап  болмаған  соң 
ортаға  шығып  алыса  кеттім.  Өзі  де  бір  дәу  неме  екен.  Құдай  оңдап  оң 
жамбасыма келіп қалғаны, бұрқ еткіздім. Топ ішінен шауып шыққан Рамазан 
мені мінгестіріп ала жөнелді. Жұрт бәйге  деп шуласқанда қарап едік, бірінші 
Ібірәлінің аты, екінші менің атым келіпті. 
–  Әй,  ақсақалдар,  осының  сөзіне  сеніп  отырсыңдар  ма?  Палуан  мен 
бәйгенің  бәрін  өзім  алдым  деп  шықпыртып  отыр  ғой.  Мұның  айтқаны  шын 
болса  желкемнің  шұқырын  көрмей  кетейін,  –  деді  манағы  дауыс  тағы  да 
жақатпаған раймен әңгімені бұзып. 
Бұған келгенде Шәмши де шыдамай кетті: 
– Сөзім өтірік болса, тап  қазір басқа емес, сенімен күресемін,  – деп әлгіге 
тап  берді.  Анау  отырған  орнынан  үрке  шегініп:  «Ей,  мынауың  шындап  келе 
жатыр мА, ей! Қалжыңды білмей ме?!» деп ығыса шалқайды. Жұрт ду күлді. 
– Сонан?  

–  Сонан  Абай  жағы  әдейі  сөз  шығарып:  «бәйгенің  аты  жолдан  қосылды» 
деп бірталай  айқай-шу  болды.  Аяғы  қамшы  сілтесіп  тындық  та,  Абай,  Әнуар 
тобы  бізге  алакөзденіп  кетті.  Сөйтіп  жүргенде  Әнуар  ел  ішінен  қару-жарақ 
жинағалы  шығыпты  дегенді  естідік.  Рамазан  біздің  басымызды  қосып: 
«мыналардың  сұрқы  жаман,  ең  жақсысы,  алдыңғы  елдің  соңынан  кетейік» 
деді.  Бірақ  үлкендердің  бір  тобы:  «биыл  қыс  келе  жатыр,  жаз  шыға  көрейік» 
десіп  көнбей  қойды.  Сөйтіп  отырғанда  Моңғол  жағынан  жау  келді.  Онымен 
атысып жатқанда, көшпекші болып отырған елді тоспақ болып артымыздан да 
қалың  қытай  шерік  келді.  Екі  бүйірден  қысқан  жау  күндіз  күлкі,  түнде 
ұйқыдан  айырып,  қанды  ұрыс  толастамады.  Біз  Қаптыққа  қарай  қаштық. 
Алдымыздан Қуанышбай, Қожамбергендер шықты. Бізге ат-азық берді. Алды-
артымызды түгендей бастадық. Баркөл жақтан: «Қабдолла, Қайбар, Сейітнәби 
секілді  елдің басты  адамдарын ұстап жатыр екен»  деген сұмдық хабар  жетті. 
Дәл  осы  кезде  бізге  Әнуар  бастаған  тоғыз  өкіл  келіп:  «Үрікпеңдер,  Баркөлге 
қарай көшіңдер, қаруларыңды тапсырыңдар» деп қоқаңдады.  
Шәмшидің  әңгімесін  тыңдап  отырған  бірнешеу  Әнуардың  аты  аталғанда 
елеңдей қалды: 
– Әнуар дегенің қайсы Әнуар, әлгі Алтайдағы төрт бидің бірі Мәмидің ұлы 
Әнуар  ма?  Әкесі  Мәми  Алтай  керейі  ғана  емес,  Алашты  аузына  қаратып, 
аттыға  жол,  жаяуға  сөз  бермеген  қара  сөздің  қайығы  болған  әділ  би  еді  ғой. 
Сол  кісі  өлгенде  Әсет  деген  арғын  ақын  «рахматлық  жаңбырының  тамшысы 
ғой»  деп  жоқтау  айтыпты  деуші  еді.  Ағасы  Мәңкей  де  қандай  сабаз  ер  еді! 
«Жаманнан жақсы туады – кісі айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады  – бір 
аяқ  асқа  алғысыз»  деп  үлкендер  айтқаны  дәл  екен-ау.  Тегіне  тартып  тумаған 
тексіз біреу болды деші. Айтаққа жүгірген ит сияқты. 
– Иә, иә, соның дәл өзі. Мәми бейсінің оқыған, тоқығаны бар деген жаңаша 
өскен ұрпағы ғой. Бейсінің өз кіндігінен емес, бауырына салып алған немересі 
болса керек. Кейіннен Дихуада қытайша оқып, қызметке тұрған көрінеді. Оны 
да кінәлау қиын. Үкімет жұмысына телінген соң байлаулы бұзау сияқты. Кім 
жетектесе соның соңынан кетеді де! 
– Мәселе үкімет жұмысына шегілгенінде емес, сол адамның ар жағындағы 
зейін-зердесіне  байланысты.  Біздің  қазаққа  қалақтай  мансап  тисе  Құдайдың 
құлағын ұстағандай бәрін ұмытып, шаш ал десе бас алуға дайын тұрады. Иттің 
үстіне  қонған  қыраудай  сол  баянсыз  дүниесінің  күнге  еріп,  желге  ұшып 
кетерін білсе нетті!  
Әнуар жайындағы әңгіме толастай бере Шәмши сөзін қайта жалғады: 
– Қару жинап, елді кері көшіруге үгіт айтып келгендердің тоғызын бірдей 
байлатып тастаған Рамазан: 
– Елдің ішінің бұзылғанын көріп отырсыздар, енді бізге тыныштық та жоқ, 
жақсылық та жоқ. Ең жақсысы жақсы ит өлімтігін көрсетпейді, алдыңғы елдің 
артынан кетейік, қаны бір ағайыннан бөлініп қарға-құзғынға жем болмайық, – 
дегенді айтты. 
Жұрт  Рамазанның  пікіріне  ойысып,  «көшсек  көшейік»  десті.  Сөйткенше 
алғашқы  қар  да  жауып  үлгерді.  Жанымда  Бәзілхан,  Қарақыз,  Дәуіт  деген 

жігіттер  бар  –  төртеуіміз  Ырғайтыға  жер  шалуға  аттандық.  Сөйтсек, 
алдымызды  орап  жатқан  жау  бар  екен.  Артымыздан  келген  адамдарымыз  да 
атысқа қол қойды. Жаудың көп адамы қырылды. Шәпет батырға қапылыста оқ 
тиіп  домалап  кетті.  Рамазан  бір  далданы  бекініп  алып,  қарсы  жағының  қылп 
еткенін  құр  жібермей,  Халқа  жағынан  қосар  атпен  келген  жиырма  бес  кісіні 
түгелдей  қырып  салды.  Жау  қырылып  бітті  дегенде,  жаралы  біреу  атып 
жіберіп, өзі ауыр жараланды. Ішін аралаған оқ құйымшағынан шығып кетіпті. 
«Мен адам болмаймын» деп қиналып жатып, ақыры Суқайтының аузында көз 
жұмды. 
–  Е,  марқұм,  иманы  жолдас  болсын.  Жаны  жәннатта,  топырағы  торқа 
болсын! – деп бетін сипай күрсінді Елісхан.  
Бірі  тасбикенің  ақшасынан,  бірі  қаржауынан  болса  да,  қанаттасып  талай 
бірге жүріп еді. Бір реткі аста сырты түк, іші боқ бір жаман тай үшін ағайын 
арасына  көлеңке  түсіп,  соның  сызын  ұмыта  алмай  бұлар  көшкенде  бөлініп 
қалған. Бірақ Елісхан да бір қанаты сынғандай қимай аттанған болатын. 
 – Қайран Рамазан, ер еді, отыз жеті мүшелінде қыршынынан қиылған екен-
ау, —деп күйзелді ол.  – Қайтейін, дүние-жалғанға амал жоқ, бәріміз баратын 
жер. Иә, иә, әңгімеңді айта бер. 
–  Рамазан  өлген  соң  ел  серкесінен  айырылған  қойдай  иіріліп  қалды. 
Қожамберген, Жеңісхан, Сақаба, Қазы үкірдай, Өбірәлі, Байдолла – бәрі де бірі 
оны айтып, бірі мұны айтып ақылдан тарықты. 
–  Алдымызда  аңдыған  моңғол  жасағы,  артымызда  қытайдың  шерігі, 
қылышын сүйреткен қыс мынау, босқа қырыламыз ғой, – деушілер көп болды. 
Ел  шығар  жол  таппай  бөгеле  берді.  Қамза  деген  жігіт  зертеңмен  ауырып,  ем 
қонбай сол жерде қайтыс болды. 
Сөйтіп,  арттарыңыздан  келеміз  деген  арманымыздың  қанаты  қырқылып, 
көшіміз доғарылды. «Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, мұнымыз жау 
жаққа  жақсы  орай  болды.  Бастау-бастауды  иелеп  алғанымен  қоймай,  тұс-
тұсымыздан оқ жаудырып, мал мен жанның қырылып қалу қаупіне ұшырадық. 
Жеңісхан  бірінші  болып  көштің  бұйдасын  кері  бұрды.  Қытайларға 
көмектескендей алдымыздан моңғол жасағы бой көрсетіп тағы да оқ боратты. 
Арамызға  келген  Әнуар,  Солтаншәріп  бастаған  үкімет  өкілдері:  «Қару-
жарағын  тапсырып  кері  қайтқандарға  ешкім  тиіспейді,  бағынбасаңдар  бала-
шағаларың  босқа  қырылады»  деген  үгіт  жүргізді.  Амалсыздан  бәріміз 
қаруымызды  тапсырып  Баркөлге  қарай  көштік.  Ертесінде-ақ  Баркөлдің  аудан 
жамбылына жиынға шақыртып жатыр деген хабар келді. Мен бармай қойдым. 
Жиынға  барғандарды  бара  салып  тұтқындаған  екен.  Қожамберген,  Өбірәлі, 
Байдолла,  Сақаба,  Мамырбай,  Қайдар,  Жеңісхан,  Қази,  Әйкебай,  Ұбайдолла, 
Бұхат,  Қахан,  Шахан  бастаған  он  сегіз  адамның  аяғына  кісен,  қолына  көзір 
салып, дереу Дихуаға жөнелтіпті. 
–  Пай,  пай  жауыздар-ай!  Елдің  сорпа  бетіне  шығарларын  түк  қоймаған 
екен-ау!  –  деп  аһ  ұрды  біреу.  Шәмшиге  «айта  бер»  дегендей  иегін  көтеріп 
қойды.  

–  Атақты  Әкім  батырды  жақсы  білесіздер.  Ертеректе  Шіңгілдің 
Секпілтайында  Тары  би,  Атымыш  қажы,  Долақай  бай  қатарлы  үш  бірдей 
адамға арналған үлкен ас берілді ғой. Сонда Сары уаңның баласы Ламжа төре 
жеті  ел  ұранқай  мен  екі  сұмын  қошутты
8
  бастап  келіп  меркіт  Сартжан  биден 
ұрлаған  күрең  атын  бәйгеге  қосыпты.  Палуаны  жығылып,  ұрлығы  ашылып 
қалған Ламжа төре қазақтарға тап бермекші болғанда қарсы алдынан қамшысын 
көтеріп  қасқая  шыққан  Әкім  батырды  көргенде  жым  болыпты.  Сөйтсе,  содан 
сегіз-тоғыз  жылдың  алдында  қалқа  моңғолдары  Алтай  елін  айдап,  Тескентау 
асырып  бара  жатқанда  Әкім  батыр  елді  айырып  алып  моңғолдардың  тас-
талқанын шығарған екен.  
– Ана жылы дүңгендер Алтайға барып лаң салғанда да 
Әкім  батыр бірнешеуін  қан  сидіріпті  деп  естігенбіз.  Иә,  айта  бер,  айта  ғой, 
сонан... 
– Шәріпхан Алтайды билеп тұрғанда сақшы бастығы болып тұрған Жомарт 
деген  болған.  Естулеріңіз  де  бар  шығар.  Біреулер  арғы  беттен  келген  екен 
деседі. Кейін Алтайдың шекара қорғанысын басқаратын жауапты адамы болып 
Бәйтік  өңірінде  де  көп  болған  сияқты.  Шаш  ал  десе  бас  алатын  Абайдың 
сыңары болса керек. «Әкіммен тамыр боламын» деп онымен үйір-шүйір болып 
жүріп,  Бәйтіктің  батыс  тұмсығында  Қойыртәкі  деген  жердің  теріскейіндегі 
бастауда  отырған  жерінде  алдап  қолға  түсіріпті.  Шонжы  арқылы  Дихуаға 
жеткізіп, оның да көзін құртқан екен.  
– Е, қайран есілдер-ай... – топ ішінен біреу соза күрсінді. 
–  Сөйтіп,  Абай  мен  Шың  Шысайдың  тырнағынан  тірі  құтылған  ешкім 
болмады. Үрей мен үркуден тыныш ұйқыдан айырылып, басшысыз ел ұлардай 
шулап  қала  бердік.  Есімізді  жиып  болғанша  ауылды  қалың  шерік  басып  алды 
да, Түзелбай екеумізді де ұстап, бір кісенге қосақтап Баркөл түрмесіне қамады. 
Бағымызға  қарай,  алдыңғы  рет  ұсталып,  Дихуаға  айдатылғандардан  бөлініп 
қалыппыз. 
Бізден  бұрын  түрмеге  түскен  Ыбырайқын  деген  бір  азамат  көрші  камерада 
жатқан  еді.  Күндіз  асханаға  істетіп,  түнде  қамап  қояды  екен.  Қытай  тіліне  де 
жүйрік  болса  керек,  сақшылардың  әңгімесін  құлағы  шалып  қалыпты. 
Дәретімізді  төктіру  үшін  сыртқа  шыққан  бір  орайлы  сәтте:  «сендерді  ертең 
Дихуаға жөнелтпек, тез қарманыңдар» деп өлеңдетіп өте шықты.  
Түзелбай  екеуміз  ақылдасып,  «қашпасақ  та  өлтіреді  екен,  оданда  қашып 
өлейік»  дестік.  Етігімнің  нәлісін  суырып  алып,  кісенді  жанталаса  бұздым.  Ес 
кетіп,  жан  шыққанда  маған  қосақтаған  жағы  босады.  Ал  Түзелбайдың  кісені 
шықпай-ақ қойғаны. Амалсыз оны киімдерімен аяғына қатты таңып тастадық. 
Біз  кісенді  бұзғанша  ақшам  сөніп,  қас  қарайды.  Бір  тәуірі,  түрме  ішінде  біз 
жататын сабанның астында тақтай бар екен. Соны қопарып алып, төбенің бір 
бұрышын тесе бастадық. Көзімізге топырақ құйылып, қара терге түстік. Кезек-
кезек  түйгілеп  жүріп,  ес  кетіп,  жан  шыққанда  тесіп  шықтық.  Кісі  сиятындай 
болған  кезде  ақырын  төбесіне  шығып  алып,  жан-жағымды  барладым.  Төбеде 
                                                 
8
  ұранқай, қошут – моңғол рулары, сұмын – қыстақ 
 

бізден  алысырақ  фонарь  ұстаған  күзетші  жүр  екен.  Ақырын  қайта  түстім  де 
алдымен  Түзелбайды  көтеріп  шығардым.  Онан  соң  киім-кешекті  шығарып, 
артынан өзім шықтым. Түрменің төбесі тым биік екен. Жерге секірер болсақ, 
аяғымыз  сынып  өлетін  түріміз  бар.  Ақыры  киімімізді  жыртып,  шылбыр 
дайындап,  ыспалап  жүріп  зорға  түстік.  Түрмеден  шыққанымызбен  сыртқа 
шығу үшін тағы бір биік дуал бар еді. Оған өрмелеп шығу мүмкін емес екен. 
«Өлмегенге өлі балық кезігеді» дегендей, дуал іргесін жағалай сипалап жүріп, 
су орған тесік тауып алдық. Бірақ тым тар екен. Жалаңаштанып, үстіміздің қан 
болғанына қарамай, өлдім-талдым дегенде тырмаланып сыртқа шықтық. 
Ендігі бет алысымыз Бисан тауы болды. Мезгіл түн ортасынан ауса керек. 
Дала тастай қараңғы болғанымен, аспанда жұлдыздар жымыңдап тұр. Хуаңтан 
аталатын  қытай  қоржасына  қарай  бет  бұрып,  шеткі  ауланың  біріне  келіп 
ақырын  баспаладым.  Бір  үйдің  шамы  әлі  жанып  тұр.  Сығаласам,  қытай  шал 
қырын қарап апиын тартып отыр екен. Үй ішіндегілер жатып қалған ба, басқа 
ешкім  көрінбейді.  Ат  қораға  барсам,  Алла  жолымызды  оңғарып,  екі  ат  тұр. 
Екеуі де тоңқайып тұрған құр аттар  екен. Аяғында кісен бар. Амалдап жүріп 
әзер бұздым. Сыртта Түзелбай мені күзетіп тұрған.  
Тақымымыз  атқа  тиген  соң  Бисанға  қарай  жұлдызша  ақтық.  Жерге  жарық 
түсіп,  күн  шығар-шықпаста  тауға  ілініп  кеттік.  Жанымызда  не  тамақ,  не  от 
жоқ.  Кештің  болуын  тағатсыздана  күтіп  түн  ішінде  етектегі  үйдің  біріне 
ұрлыққа  кірдім.  Қолыма  бірталай  дүние  іліктіріп  тауға  келіп,  тамаққа  әбден 
тойып  алдық.  Ел  көзінен  таса  жерлермен  Бисанды  жағалап,  шығысқа  қарай 
тартып отырдық. Кеш болып, сам жамырағанда жолдағы ауылдардың біріндегі 
оңаша  отырған  қараша  үйге  бас  сұқтық.  Үйде  кемпір-шал  жәнебір  қызы  бар 
екен. Бізді көріп, зәре-құты қалмай шошып кетті. Аман-сәлемнен кейін шал: 
–  Түрменің  төбесін  тесіп  екі  адам  қашқан  екен.  Соларды  ұстаймыз  деп 
ауыл-ауылдың бәрінде шерік қаптап  жүр. Осы ауылда да Солтанхан, Солтан, 
Ауғай деген үш адам жатыр, – деді. Үйден сіріңке алып, олар меңзеген бағыт 
бойынша,  ауылымызды  айдап  апарған  Дахобаға  қарай  тарттық.  Тегін 
кеткеніміз  жоқ,  әлгі  үш  қуғыншының  жатқан  жерін  біліп  алып,  аты  мен  ер-
тоқымын қоса сыпырып кеттік. 
Жол-жөнекей  Сантаху  деген  жерге  тыққан  Түзелбайдың  екі  мылтығы  бар 
екен, соны алдық. Әр мылтықта екі жүз талдан оқ бар екен. 
Баспалап  келіп  өз  ауылымызға  да  іліндік.  Қой  шетінде  жатқан  ініммен 
ақырын  сөйлесіп,  ауылдың  жайына  қанықтым.  Мұнда  да  бізді  аңдыған 
шеріктер  жүр  екен.  Шаймардан:  «Аға,  тез  кетіңіз»  деп  азық-түлігімізді 
дайындап  берді.  Біз  Бисанның  теріскейімен  тағы  да  жүріп  кеттік.  Күндіз 
тығылып,  түнде  жортып  отырдық.  Бір  күні  бір  төбеде  қарауылдап  отырсам, 
артымыздан  қырық  шақты  қуғыншы  келе  жатыр  екен.  Біз  олармен  атыса 
жүріп, тұмсығын қайтардық та, Қобда жеріне өтіп кеттік. Онда екі күн жатып 
тынығып  алған  соң  сегіз  ат,  жеті  бие  жетекке  алып,  Түріккөлді  басып, 
Аратүрікке  бет  алдық.  Артымыздан  тағы  да  қуғыншы  келіп,  бір  күн,  бір  түн 
атыстық.  Жаудың  жасағы  қынадай  қырылып,  шегініп  кетті.  Қолға  түскен  бір 
шерікті ұстап алып, Абайға хат жазып бердім. 

–  Ажалды  қарға  бүркітпен  ойнайды  деп,  өзің  өлім  мен  өмірдің  ортасында 
жүріп  не  деп  хат  жазып  жүрсің?  –  тағатсызданған  біреу  Шәмшиге  тамсана 
қарады. 
–  Не  деуші  едім.  «Абай  мырза,  сен  жер-көктен іздеген Шәмши  батыр мен 
боламын.  Көрінген  жерді  шулатып,  елдің  мазасын  алма.  Мені  іздесең,  Өмір 
тауына кел. Ең жақсысы, өзіңнің келгенің оң болар еді, екеуміз оңаша да қатты 
шүйіркелесер едік. Сені сағындым, тезірек кел. Осында бес-алты күн күтемін. 
Құрметпен жан алғыш жәбірейілің Шәмши» деп жазып жібердім. 
–  Мынауың  хас  батырдың  өзі  екен  ғой.  Баяғыда  Қасым  батыр  Абайдың 
үрейін  бір  алып  еді,  сенің  хатыңды  көргенде  бұтына  жіберіп  қойған  шығар. 
Сонан, сонан кейін... 
– Өмірден Қотыр деген жерге өткенде алдымыздан қалың аттың ізі кезікті. 
Сөйтсек,  жаңағы  өзіңіз  айтқан  Қасым  батырдың  ізі  екен.  Осы  жақтан 
Аратүрікке  қарай  беталып  кетіпті  ғой.  Сонан  Мажың  тауына  келдік.  Онда 
Бобыра  деген  моңғолдың  ауылы  бар  екен.  Жеті-сегіз  қуғыншы  соңымызға 
түсіп  тықсырып  қалмаған  соң,  мінген  түйелерін  түгел  атып  түсіріп,  жаяу 
қалдырып  кеттім.  Өздері  бізді  атып,  оқ  дарыта  алмады.  Әншиді  басып  өтіп, 
Болымжы  қоржасынан  сіздердің  деректеріңізді  білдік.  Сонан  Елісхан  ағаға 
келіп сәлем берейін, ел мен жердің жағдайын айтайын деп келген бетім осы. 
– О, бәрекелді. Нағыз еркек деген дәл осылай болады. Мың бір машақаттан 
өтіпсің.  Енді  саған  қорқыныш  жоқ.  Осында  жатып  тынығып  ал.  Жылқыдан 
қалаған  атыңды  ұстап  мін.  Сен  секілді  жауына  бас  имейтін  ерлерге  есігіміз 
қашан да ашық.  
Шуақты  жанарына тұман ұялаған  Елісхан  осыларды  айтып далаға шықты. 
Рамазанның  өлімі  жүдеу  көңілін  құлазытып,  Ұйырхын  даласына  мұңмен 
қарап,  ауыр-ауыр  күрсінді.  Түйдектелген  бұлттардың  жабағылана  ұйысқан 
шоғырына күйзеле қарап: 
– Қайран елім, енді не болар екенсің!? – дегенде аузынан бір құшақ жалын 
көтерілді.  
 
* * *  
–  Қасым  батыр  Елісханның  жұмсауымен  Аратүрікке  келіп,  ондағы 
шеріктерді  қынадай  қырыпты.  Аратүрікті  алып  болған  соң  қалың  қолмен 
Баркөлге шеру тартады екен. 
–  Баркөлге  жасырын  келген  Қасымның  адамдары  Елісхан  мен  Зайыптың 
хатын таратып кетіпті. 
–  Елісхан  жіберген  қалың  қол  Аратүріктің  ар  жағына  келіп,  қашқан  елді 
Гансу жаққа асырып алып кетпекші екен. 
Із-тозсыз кеткен он сегіз адамның өлі-тірісінен хабар ала алмаған ел қатты 
алаңдаулы еді. Оның үстіне Елісхан мен Зайыптың әрбір рубасыларына жазған 
хаттары  мұндағы  елді  тағы  бір  толқытып  тастады.  Есін  жия  алмай  есеңгіреп 
отырған елге тағы бір өсек тарады. 
–  Үкімет  жағы  Баркөлде  құрылтай  ашады  екен.  Қалған  елді 
тыныштандырып, елбасыларын қайтадан тағайындайтын болыпты. 

– Баяғы керей заңы бойынша мұнда да төрт би сайланады екен. Төртеуінің 
төбесінен қарайтын бір төбе би қоятын көрінеді. 
Әншейінде  жау  дегенде  өзін  қоярға  жер  таппай  қаны  басына  шығатын 
керей,  найман  тобының  мансап  дегенде  емешегі  үзіле  жүгіретіні  бар  ғой. 
Әсіресе, бір керей: 
–  Анау  Арқадан  ауып  келген  шолақ  найман  танауы  делдиіп  атқа  қонып 
алыпты.  Кешегі  қара  таяқтар  бүгін  қызыл  таяқтың  иесі  болып,  таққа  қарап 
ұлитын  көрінеді.  Арқаланса  Абайына  арқаланатын  шығар.  Пішту,  ат 
төбеліндей аз найманға билік қайда?! – десе, найманның бір пысығы: 
– Жүгірген алмайды, бұйырған алады. Кеудесімен нан пісірген қалың керей, 
биліктен  бірдемелерің  өліп  пе  еді.  Сонымен  төбелерің  көкке  жететін  болса 
сендер-ақ  патша  болатын  едіңдер  ғой.  Еженханнан  бері  қарай  талай 
қошқардың  артынан  телмірсеңдер  де  әлі  біреуінікі  үзіліп  түскен  жоқ.  Өз 
сілекейлеріңді  өздерің  жұтып,  тамсанғандарыңды  қоймайсыңдар.  Қанша  жыл 
айтқандарыңа  көніп,  айдағандарыңа  жүріп  келдік.  Бізге  де  бір  күн  туатын 
шығар.  Абай  дутұңның  найман  екенін  ұмытып  қалып  жүрмеңдер!  –  деп 
айқұлақтанады. Тағы біреулер: 
– Қытайлар найман мен керейді дойбының тасындай біріңді-біріңе салып аз 
ойыншық қылды ма, соны неге білмейсіңдер? Бұл жолы егескенде екеулеріңе 
де билік жоқ. Керек десеңдер, төбе би Ер Көкшенің ұрқы уақ Әйембет батыр 
болады, – десті.  
–    Әйембетің  Бисан  жаққа  үркіп,  үкіметке  сенімін  жоғалтты.  Төбе  би 
болғанды  қойып,  көрінгенге  телім  болған  уағын  жинап,  өз  басын  амандап 
алсыншы.  Мұндағы  ұлтанды  елдің  жәнтекей  екенін  білмеуші  ме  едіңдер. 
Қыдыр қонған атаның әулеті тағы да төбелеріңде ойнайды. 
Осылайша жұрт гуілдесіп жатқанда Баркөл сақшысындағы Смағзам, Қатай, 
Кәрім  сияқтылар  ел  аралап,  есеп-шоттарын  қағыстырып,  өз  білгендерін 
үкіметтің құлағына сыбырлап жатты. 
Көп  өтпей  Абайдың  шабармандары:  «Елбасылары  келесі  жұма  күні 
Нұрғали  үкірдайдың  үйіне  жиналсын.  Ауданнан  көңке  барып,  оларды 
Баркөлдегі  құрылтайға  қатынастырады»  деп  хабарлады.  Онсыз  да  елеңдеп 
отырған  ел  айтылған  жұманы  асыға  күтті.  Күндізі  мұртын  маймен  сылап 
ештеңеден  хабарсыз  жүргендей  көрінген  ру  иелерінің  біразы  түнделете 
аттарын қара сорпа қылып, Абай ауылына қарай шабатын болған. Ешқайсысы 
құр  қол  бармайды.  Оларсыз-ақ  осындағы  байлардың  ең  алдыңғы  қатарына 
өтіп, Баркөлдің шұрайлы жерінен жайлау-қыстау алып үлгерген Абайдың өрісі 
малға, қойыны алтын-күміске сіреулі болатын. 
Ел асыға күткен уағдалы күн де келіп жетті. Нұрғалидың үйіне барын киіп, 
бақанын  таянған  ел  шонжарларынан  қырықтай  адам  жиналды.  Біреуі  ананы, 
біреуі  мынаны  айтқанымен  әркім  өз  ішкі  есебімен  арпалысып,  қабақтарымен 
аңдысып отырған сағаттардың бірінде аудан жамбылының сақшысы Ауғанбай 
келіп түсті. 

–  Ой,  мынау  –  өзіміздің  құлтайболат  баламыз  екен  ғой.  Шырағым, 
тыныштық па, не жаңалық бар? – деп бір қария сөз бастап еді, онсыз да әрең 
отырған жұрт Ауғанбайдың аузына қарады. 
– Абай дутұң сіздердің жиналған-жиналмағандарыңызды біліп кел деп мені 
арнайы жіберді. Толық жиналған болса «екі көңке жіберемін, дайын отырсын» 
дейді. 
– Қарағым, сонда сол жиының немене екен. Сен енді үкімет адамы болған 
соң көп істі батынып сұрай да алмай отырмыз. Бірақ өзімізсің ғой. Шыныңды 
айтшы, сол Абайың бізді шақырып алып құртқалы отырған жоқ па? 
– Біреуіңізге бала, біреуіңізге іні болғаныммен үкіметтің барып кел, шауып 
келімен  жан  сақтап  жүргенімді  білесіздер.  Не  дейін,  бәріңіз  де  көп  жасаған, 
талайды көрген, елге тұтқа болып жүрген адамсыздар. Өздеріңізге салса, қалай 
ойлар едіңіздер? 
– Ойбай-ау, балам, оны білсек өзіңнен сұраймыз ба. Біреу құрылтай дейді, 
біреу  би  сайлайды дейді,  анық-қанығын  қайдан  білейік.  «Адасқанның  –  алды 
жөн,  арты  –  соқпақ»  деп  аңтарылып  отырған  жайымыз  бар.  Сенбейік  десек, 
үкіметтің  десінен  қорқамыз.  Сенейік  десек,  шошымалы  болып  қалған 
жанымыз  қарадай  қалтырайды.  Өз  қолымызда  өскен  бала  болған  соң  өзіңнің 
аузыңа қарап отырған жайымыз бар, қарағым! 
– 
Менікі 
үкіметтің 
сөзін 
жеткізу 
ғана. 
Қалғанын 
өздеріңіз 
қабырғаларыңызбен ақылдасып көрерсіздер.  
Ауғанбайдың екі-ұштылау жауабы біраз адамның көкірегіне күдік ұялатты. 
Сыртқа шыққан орайда оны оңашалаған Нұрғали: 
–  Қарағым,  мынау  бейуақты  жамылып  тұрып  имандай  сырыңды  айтшы, 
жиналыстың сыры, сірә, не өзі? – деп қадала сұрады. 
– «Ымды білмеген дымды білмейді» деп сіздер бірдеңе сезсе екен деп жаңа 
да  біраз  сырды  суыртпақтап  едім,  әлі  түсінбедіңіздер  ме?  Осы  жерде  кіндік 
қаным  төгіліп,  осы  елдің  дәм-тұзымен  есейдім.  Өтірік  айтып  обалдарыңызға 
қалсам  қарғыстарыңыздан  құтылмаспын.  Үкімет  мансап-мәртебе  үлестіргелі 
жатыр дегенге сенетін бала болдыңыздар ма?! Ертең екі машина жіберіп, осы 
отырған  бәріңізді  тұтқындайды.  Естігелі  отырғандарыңыз  осы  ма?  Қасым 
жағынан  таратылған  Елісхан  мен  Зайыптың  хатының  бір  нұсқасын  өз 
адамдарыңыз  Абайға  апарып  берген.  Оның  қолындағы  тізімде  сол  хатты 
оқыған,  елді  бастайды-ау  деген  бәріңіз  де  барсыздар.  Қытай  сақшыларының 
ішкі күбір-сыбырына қарағанда, Дихуаға апарылғандардың бәрі де өлімге үкім 
етілген көрінеді. Сіздерді де бірден сол Дихуа түрмесіне жөнелткелі отыр. Қан 
қарыздарыңыз менің мойнымда кетпесін деп, айтып аманатымнан құтылайын 
деп келдім. Ендігісін өздеріңіз шешіңіздер. Сенбесеңіздер, мына жіп сіздердің 
қолдарыңызды байлау үшін алдын ала таратылып берілген. 
Осыны  айтқан  Ауғанбай  қойнына  қолын  жүгіртіп  бір  шумақ  жіп  алып 
шықты.  Әлденеге  тістеніп,  жақ  еттері  бүлкілдеп  кеткен  Ауғанбайдың 
жанарына шаралы жас тола қалғандай көрінді. Оның қолын қос қолдап қысқан 
Нұрғалидың өңі боп-боз болып: 

–  Алда  ғана  қарағым-ай,  арамзалар  алдап  орға  жықпақ  болған  екен  ғой, 
Алла  разы  болсын,  атаның  белінен,  ананың  құрсағынан  ер  боп  туғаныңды 
көрсеттің.  Сен  болмасаң  қапияда  қан  жұтқандай  екенбіз-ау,  –  деді  булыға 
сөйлеп. 
–  Ағасы,  қуануға  әлі  ерте.  Абайдың  тағы  қандай  сұмдықтар  ойластырып 
жатқанын  кім  біледі.  Мүмкін  мені  аттандырып  жіберіп  артымнан  тағы 
біреулерді  дайындап  жатқан  шығар.  Сақ  болыңыздар.  Не  де  болса  тез 
қимылдаңыздар, – деді Ауғанбай. 
–  Алла  алдыңнан  жарылқасын,  екі  дүниеде  жүзің  жарық  болсын. 
Айтқаныңның бәрі орынды. Қапы қалмайық, рахмет, жаным!  
Асығып  тұрған  Ауғанбайды  қапсыра  құшақтаған  Нұрғали  оның  жалпақ 
жауырынын  өзіне  тартып,  бір  қауым  үнсіз  тұрып  қалды.  Бас  киімін  кері 
ысырып, маңдайынан құшырлана сүйді: 
– Бара ғой, бара ғой, жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын! 
Атқа қонған Ауғанбайдың тұлғасы қараңғылыққа сіңгенше мейірлене қарап 
тұрған Нұрғали үйге асығыс кірді: 
– Құритын болдық, әлгі Абай сұм бізге тұзақ құрып отыр екен. 
– Не дейді мынау? 
– Тәк, тәк, жаман сөз ауыз садағасы... не деп кеттің, сен өзі! 
Нұрғали Ауғанбайдан естігендерін түгел айтып берді. 
– Сонда Ауғанбайың сенімді ме? Осының өзі шырға болып жүрмесін. Бізді 
үркітіп  жіберіп,  «обалдарың  өздеріңнен  болды»  деп,  сосын  тарпа  бас 
салмасына кім кепіл! 
–  Ауғанбай  өтірік  айтқан  жоқ,  –  деді  Әйембет,  –  сөйлеп  отырғанда 
байқамадыңдар ма, жанары мұңға толып, бәрімізге қамыға қарап отырды. Егер 
тағы  бір  мәрте  сынап  көрейік  десеңдер,  істің  соңын  күтейік.  Сарбаздарыңды 
сайлап, дереу жасақ жинаңдар. Бірақ бірде-бір адам сыр алдырмасын, Баркөл 
жаққа  күзет  қойылсын.  Екі  машина  өзі  ғана  келсе  оның  жөні  бір  басқа.  Егер 
қалың шерікпен келсе немесе түнделете келіп басып қаламыз десе, онысын да 
көрейік.  
Әйембеттің сөзін қостаған Нұрғали: 
–  Рас,  үрейленіп  үрке  жөнелсек,  әлсіздігіміз  болар,  бір  күнгі  ұйқымызды 
қиып қас-қабағын байқайық, ниеті жаман болса бірден белгілі, – деді. Барлығы 
осыған келісті де, әркім өз адамдарына әмір беріп жатты. Жау келеді-ау деген 
жақтан үш жерден қарулы күзет қойылды. Құрал жинаған кезде жаман-жұтық, 
ескілерін  ғана  тапсырып  берген  қазақ  жасақтары  майлап  құрым  киізге  орап, 
тау-тастың қойны-қонышына тыққан құралдарын да лезде тауып әкелді. 
Ақыры асыға күткен сәт те келді. Таң қараңғысын жамылған қалың шерік 
сайды  өрлеп  шұбыра  жылжып  келе  жатты.  Түнгі  ұйқыларын  қимаса  керек, 
аттың ырғағымен қалғып-шұлғып алаңсыз ілбіп келеді. 
– Қап, иттер-ай, – деді тісін-тісіне басқан Солтаншәріп,  – бізді қапыда бас 
салмақшы екен ғой, енді не істейміз? 

–  Тоқта,  тоқта,  –  деді  Әйембет,  –  әлі  де  байқастайық,  анау  етектегі 
жылтыраған жарықты байқадыңдар ма, екі көңкесі артынан келе жатыр, солар 
жақындаған соң атуға бұйрық беріңдер. 
–  Олар  бізге  дайын  табақ  тартқысы  келген  екен  ғой.  Біз  де  май  шелпегін 
берейік! 
–  Жауды  аяған  жаралы  болады  деген,  жағаласпай  жан  қалмайды.  Енді 
қимылдамасақ кеш болады!  
Аспаннан жай түскендей жамырай атылған мылтық үнінен шеріктердің тоз-
топалаңы  шықты.  Әуелі  алдыңғы  бір  шоғыры  қоғадай  жапырылып,  аттары 
ойнап шыға берді. Көп өтпей-ақ етектегі екі көңкенің де күлі көкке ұшып, таң 
қараңғысын  әлсіз  жарығымен  шарпып  өтті.  Шыңғырған,  ойбайлаған,  өлім 
аузында арпалысқан ащы үндер ұзаққа созылған жоқ. 
Қоңыр  даланың  төсінен  ештеңені  сезбегендей  аппақ  сұлу  таң  таулардың 
иығына қарай көтеріліп келе жатты. 
Нұрғалидың үйіне қайта жиналған топ: 
– Абай сұмырайдан жақсылық күтіп жүрген біз қандай ақымақ едік. Қайран 
Елісхан,  қайран  Зайып,  осының  бәрін  ерте  сезген  екен  ғой.  Кеттік  солардың 
соңынан.  Осында  отыз-қырық  ауылдың  иесі  отырсыңдар.  Әркім  өз  көшін 
бастасын.  Лағынет  сұмдарға,  Құдай  зауалын  бергірлер.  Жаумай  жасын 
түскірлердің  жазасын  Алла  берсін!  –  деген  Әйембеттің  бұйрығын  үнсіз 
қабылдап, Бисан мен Ошақтының сай-саласына қарай шаба жөнелді. 
«Ұлы  мешін  тауы»  аталатын  Бисанның  қойны-қонышы  мен  Күңірек, 
Ошақты,  Нарынкір  өңірінен  қотарыла  көтерілген  үш  мыңдай  түтін  шығысқа 
қарай үдере тартты.  
Бұл  кезде  елдің  алды  соғымын  сойып,  қытымыр  қыстың  қамына  кірісе 
бастаған  еді.    Қанды  азуын  айға  білеген  барыс  жылының  желтоқсан  айы 
алғашқы күндерін тағы бір сергелдеңмен бастады. 
Жерден  шыққан  шұрқаннан  құтылдық  па  деп  арт  жақтарына  жаутаңдай 
аттанған жасты жанарларға аспанда қалықтаған қалың темір қанат көрінді. 
– Ойбай, аэроплан келе жатыр, әне, аспанға қараңдар!  
Сөйткенше болған жоқ тау-тасты тітіреткен үні күндей күркіреп бұлардың 
төбесінен өте шықты. Алдымен санын, бағыт-бағдарын білгісі келген сияқты. 
Көп өтпей қайта айналды. 
–  Ана  пәлесі  тағы  келе  жатыр.  Баяғыда  Шіңгілде  жалғыз аэропланның  өзі 
тұтас  елді  қынадай  қырып  кетіп  еді,  мынау  үшеу  екен  ғой.  Қашыңдар,  доп 
тастайды. Бытыраңдар, – деген қартаң әйелдің айқайы естілді. 
Жер бауырлай жақындаған соғыс ұшақтары көштің алдына бомба тастады. 
Мал үркіп, түйелер жүкті аударып, ел лаңғада, у-шу болып кетті. 
– Ойбай, енді атты шерік келе жатыр, шеріктер келді! 
Көштің алды-артын орамақшы болған қалың шерік оқ жаудырып жақындай 
түсті.  Сығайланған  қазақ  қолы  қарап  қалған  жоқ.  Екі  жақ  сұрапыл  соғыс 
салды. Жау әскері ығыса беріп еді, аэроплан тағы да пайда болды да, оқ атып 
жатқан қазақ тобына арт-артынан бомба тастады. 

Біреуді  біреу  білмейтін  аласапыран  жағдай  басталды.  Алғашқыдай  емес, 
аэроплан  келе  жатқанда  бытырай  қашып,  шеріктер  жақындағанда  қайта  тап 
берген қазақ қосыны ақшам сөніп, сам жамырағанда барып ес жиғандай болды.  
Жаудың өлігі төбе-төбе үйіліп қалыпты. Сонда да тірі қалғандары үш-төрт 
мың қойды басып қалған екен. Қайыру бермей үркіп кеткен жылқыда да есеп 
жоқ.  Мал  шығыны  көп  болғанымен  адам  шығынының  аз  болғанына  тәубе 
қылған  қазақ  көші  Өмір  тауына  жеткенде  бір-бірімен  тоғысып,  алды-артына 
қарайлауға әзер мұршасы келді. 
Олардың  алдынан  Қасым,  Қожақын  бастаған  Елісхан  тобының  батырлары 
шықты. Ел ағаларына сәлемдесіп, хал-жағдайын білгеннен кейін бір топ жігіт 
елдің бас-аяғына шапқылап, келген көштерді түгендей бастады.  
– Алдымен келген ауыл уақ Әйембеттікі екен. Бір жүз отыз бес түтін. Одан 
кейін шақабай Нұрғали үкірдай екі жүзге жақын түтін. 
–  Найман  Құсайын  тәйжінің  ауылы  үш  жүздей  түтін.  Жәдік  Сабырбай 
залыңның ауылы төрт жүз неше түтін. 
Тасбике Жәнәбілдер мен Мейірімхан ауылдарынан бес жүз түтін. 
–  Молқы  Салақиттан  мен  Әбілқайыр  ауылдарында  екі  жүзден  төрт  жүзге 
таяу түтін. 
–  Қарақас Зиядан  бір  жүз  сексен  түтін,  сарбас үш  жүз отыз  түтін, есағасы 
Мажан бір жүз он түтін.  
– Ителі Солтаншәріп тәйжінің ауылынан бес жүзге жақын түтін арт жақтан 
жаңа ғана келіп түсіп жатыр екен. 
Тұс-тұсқа  шапқылап  елдің  бас-аяғын  түгендеген  жігіттер  аттарын  қара 
сорпа қылып, өздері иелеген мәліметтерді айтысып жатты. 
Енді бірде жұрт арт жақтан келе жатқан қалың шоғырға елеңдей қарасып: 
– Бұл не, бұл не, ел ме, жау ма?– десті. Келе жатқандардың жау емес, көш 
екенін біліп: 
– Елден бөлініп қалған Қамза залыңның көші екен. Мәссаған, көш алдында 
Ауғанбай сақшы келе жатыр, – деп таңырқасты. 
– Абайға көмекші болып, билік сырмағының  бір шетінде жүрген Қамза да 
ол  сұмырайдан  құтылған  екен  ғой.  Ақылды  жігіт  өз  басын  сақтап,  қара 
ормандай халқына қайта оралғаны қандай жақсы болды.  
Соңғы  көшке  қарай  дүркірей  шапқан  бір  топ  жігіт  Ауғанбайды  қаумалап, 
оны ат үстінен көтеріп әкетті: 
– Сені туған анаңа мың да бір рахмет. Осындай ұлдары бар қазақты қырып 
жоғалтамын деп жүрген Шың Шысай – нағыз ақымақ. 
Көштің бір қанаты Ном, Торай арқылы Моңғолия жағына өтіп, бір қанаты 
Гансуге  қарай  қиыстай  бет  алып,  топ-тобымен  үдере  көшті.  Әр  топ  өз 
батырлары  мен  мергендерін  сығайлап,  көш  соңын  қорғауға  орналастырды. 
Олар  жау  қарасы  көрінгенде  үшке  бөлініп,  бірінші  топ  көштің  соңы  болып 
көрінеді  де,  қалған  екі  топ  екі  бүйірде  жасырынып  қалып,  қуғыншы  жаудың 
негізгі  бөлігін  өткізіп  жіберіп  соққылап  отырды.  Көшті  қуып  жеттік  деп 
албарынды  болған  жау  әскерін  мергендер  қос  бүйірінен  қысып  қызыл  қанға 
матырды. 

Атты  әскермен  аттанған  қуғыншының  әлсіздігін  сезінген  Шың  Шысай 
аспаннан  соғыс  ұшақтары  мен  жердегі  машиналасқан  әскерлерін  қатарынан 
іске  қосты.  Өмір  тауы  мен  Іңіз  тауының  аралығындағы  қақтан  тосқан  қалың 
машиналы  шеріктермен  болған  соғыс  та  аса  қиян-кескі  өтті.  Әр  ауылдың 
азаматтары  өздеріне  төнген  қатерге  қарсы  шауып  қып-қызыл  өрттің  ішінде 
жүр. Елдің Моңғолия жаққа үріккен бөлігін моңғол әскерлері оқпен қайырып, 
ес-ақылын  алды.  Соғыс  өрті  толастай  қалған  аз  сәттік  үзілістерде    қазақ 
жігіттері бір-біріне дем беру үшін ел ішіндегі ерлік көрсеткендерді де тез-тез 
таратып жатты. 
– Әйембет батыр қарсы алдынан тосқан жиырма бес қалқа шерігін жалғыз 
өзі жайратып салыпты.  
–  Шеңгелбай,  Қошуыттар  шақабай  ауылына  басып  кірген  шеріктердің 
тұмсығына қан қатырған екен.  
– Тасбике Жәнәбіл, Мейірімхан, Тұрдылар санап атқанда алдынан тірі жау 
құтылмапты.  Құралайды  көзден  ататын  мергендер,  машиналардың 
дөңгелектері  мен  жүргізушілерін  қадап  атып,  талай  машинаны  қаққа 
қалдырып,  адамын  қынадай  қырды.  Қазақ  қосынына  жақындай  алмаған  енді 
бір  топ  машиналы  шеріктер  көш  соңында  қалып  қойған  қойшыларды 
бастырып өлтіріп, қойын бөліп алып қалуға ғана шамасы келді. 
Көзді  ашып-жұмғанша  төбеден  жетіп  келетін  темір  қанатты  тажалдарға 
зығырданы  қайнаған  қазақ  мергендері  биік  қырқалардың  жонына  шығып, 
ұшақтың  аласара  келіп  бомба  тастайтын  орайлы  сәтінде  оқ  жаудырып  көрді. 
Шыбар,  Ақым  бастаған  бір  топ  жігіттің  биіктен  қатарынан  жаудырған  оғы 
біреуінің  жанды  жеріне  дарыса  керек,  құйрық  жағынан  қара  қошқыл  түтін 
будақтап алысқа барып құлағандай болды. Толарсақтан қан кешіп бара жатқан 
қазақ көші: 
–  Иә,  Алла,  иә,  аруақ,  жар  бола  көр.  Доп  тастайтын  темір  пәлеге  де  зауал 
келеді екен-ау, – десіп өз жеңістеріне марқайып бара жатты. 
Басынан  бақайшығына  дейін  қаруланған  қытай  армиясы  «тау-тастың 
жықпыл-жықпылындағы жабайыларды оңай жуасытып аламыз» деп ойлап еді, 
олай болмады. Таудың әрбір тасы мен қақтың жыңғыл-түзгеніне жан біткендей 
дір етіп қозғалады да, өздеріне қарсы атылған ажал оғы өңмендерінен түйреп 
өтіп,  қатарын  сиретіп  кетеді.  Ал  өздерінің  атқанының  қайда  кетіп  жатқанын 
аңғарар мұршасы да жоқ. Қытай әскері көшті тоқтатқаны сол, өз армиясының 
басым бөлігінен айрылды. Ұсақ қара адырға толы жатаған таулардың қалтарыс 
сайлары мен жалпақ қақтағы бұта-бүргеннің арасы малдың жемтігі мен қытай 
әскерінің өлексесіне  толды. Даланың жыртқыш  аңдары  ғана  тұмсығын жылы 
қанға тығып қарық болып жатты. 
–  Кім  зұлымдыққа  ұшырап,  соған  лайық  кек  қайтарса  да,  артынан  тағы 
зұлымдық көрсе, Алла оған сөзсіз жар болады. Ісіміз ақ, Алла ақ жолын берсін, 
–  деп  жалғыз  хаққа  жалбарынған  қалың  топ  қара  даланың  ұйқысын  бұзып, 
тыныш жатқан өңірді ат тұяғымен дүбірлетті.  

Өзінің туып өскен ыстық ұясынан осылайша үрке алыстаған тағы бір қазақ 
көші  жат  мекеннің  ой  мен  қырына  жаутаң-жаутаң  қарап,  қорғана  жылжып, 
туған даласынан ұзай берді. 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал