ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет5/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
қараниет  болғаны.  Өз  жақынын  аямағаннан  өзгелердің  мейір  көре  қоюы  да 
екіталай.  Мұндайларды  көтіне  қоңырау  байлап  аса  сақтықпен  істетпесе, 
күндердің  күнінде  артына  жалт  беріп,  өзіңді  жарып  кетуі  әбден  мүмкін.  Әрі 
осындай алкеуделігін пайдаланып, өз етін өз майына қуыруды ойлауым керек 
екен. Менің іздегенім де осындай қып-қызыл белсенділер емес пе!? 
Осыларды ойлап үлгерген Шың ұлық жадырай күлді: 
–  О,  бәрекелді.  Нағыз  еркек.  Нағыз  большевик  деген,  міне,  осы.  Сталин 
жолдас қалың қазақтан текедей таңдап сізді бекер жіберіп отырған жоқ екен-
ау. Көңілімді дәл таптыңыз – мәселе оның қай халық, қай ұлт болуында емес. 
Ұлты  қытай  дегеніңмен,  оның  ішінде  де  небір  бұзықтары  бар.  Ұлты  қазақ 
дегеніңмен, оның ішінде сіз сияқты небір жақсылары бар.  
Шың Шысай «сіз сияқты» деген сөзді екпін түсіре нығарлай айтты. 
–  Рахмет,  Шың  мырза,  мені  өте  мақтап  жібердіңіз.  Нағыз  коммунистер 
мақтан үшін, мансап үшін жұмыс істемейді. Партияның ақ дегені – алғыс, қара 
дегені  –  қарғыс.  Ендігі  әңгімені  қызмет  жағдайына  бұрсақ,  біз  неге  болса  да 
дайынбыз. Өзіңіздің қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар, соны айта отырыңыз. 
Шың  Шысай  Шынжаңның  жалпы  жағдайын,  Ма  Жұңиың,  Қожанияз 
мәселелерін айта келіп, қазақтар жағдайына тоқталды: 
– Мемлекет иесінің, үкімет басындағылардың ойлайтыны – қара халықтың 
қамы. Оны менен де жақсы білесіз деп ойлаймын. Ел іші тыныш болып, қарны 
тоқ,  қайғысы  жоқ  күн  кешсе,  бізден  бұрын  өздеріне  жақсы  ғой.  Неге  екенін 

білмеймін,  әйтеуір  халыққа  жағу  қиын.  Отырсаң  опақ,  тұрсаң  сопақ  дейді. 
Дүңген  мен  сарттың  өртін  әзер  өшіріп  едік,  енді  қазақтар  қара  жерді 
солқылдатып  тұр.  Әсіресе,  шығыс  Шынжаңдағы  Құмыл  аймағына  қарасты 
Баркөл  ауданының  қазақтары  ноқта-жүгенсіз  кетіп,  әбден  есіріп  алды.  Қатты 
кетсең  қасарыса  береді,  ақырын  айтсаң  ақылыңды  тыңдамайды.  Не  істерімді 
білмей  титықтап  отырмын.  Кеңес  үкіметінің  әскери  көмек  көрсетіп,  Ма 
Жұңиың  мен  Жаң  Пиюанды  талқандап,  Қожаниязды  бағындырып  бергеніне 
көп-көп  рахмет.  Енді  өзіңіздей  ерлерді  жіберіп  отыр.  Алдыңғы  көмегінің 
игілігін  де  аз  көргеміз  жоқ.  Бұдан  былай  елдің  тізгінін,  соның  ішінде 
қазақтарды басқару жағын өз қолыңызға бермесем, бәріне шамам келетін емес. 
Сталин  мен  Голощекин  сеніп,  үлкен  қызметтер  атқарған  сіздей  данышпанға 
сүйену бақыты маған да бұйырды-ау деп ерекше толқып отырған жайым бар. 
–  Тақсыр,  несіне  алаңдайсыз.  Қолында  әкімият  күші  бар,  қаруы  бар  адам 
ештеңеден  қорықпас  болар.  Ондай  сұмдарға  не  өздерінен  өткен  жауыздық 
жасау  керек,  не  өздері  ойлай  алмайтындай  ақылмен  алжастыру  керек.  Қазақ 
деген халық еркелетсең – желкеңе шығып алады, кейбір қылығы қой сияқты. 
Сол үшін де біздің орыстар кейде сондай жабайы қазақтарды көргенде «баран» 
деп боқтайды. Онысы «қой» дегені ғой. Ал қызығы, сол қойды серкелер бастап 
жүреді.  Серкелерінің  басын  кесіп  алсаң,  қошқарларының  өзі  аяғын  суға 
малудан қорқады. Қазаққа да сол керек. Ел бастаушыларын құрту керек. Сонда 
ғана қалғаны оңай жуасып, айтқаныңа көнеді. Айтпақшы, сөзіңізге қарағанда, 
олардың қолында әлі де қару-жарақ болғаны ма? 
–    Қару-жарақ дейтіндері жырғатқан бірдеме болмағанымен, қарақшылар 
қара  мылтықпен-ақ  қанқақсатып  отырған  жоқ  па.  Олар  ашыққа  шығып, 
майдандасып соғыспайды. Алақанындай білетін тау-тастың қойнына тығылып 
алып,  жасырынбақ  ойнағанды  жақсы  көреді.  Қашып-пысып  жүрген  болып-ақ 
діңкеңді құртады. Алды-артыңды орап, тұмсығыңды жерге шаншып кетеді. 
–  Алдымен  қаруын,  одан  соң  атын  алу  керек.  «Бұқаны  құтыртқан  –  екі 
енегі» дегендей, сол екеуінен айырылса қашпақ түгілі қара көже тауып ішуге 
зар болар, бәлем! 
– Нақтылап айтқанда, қазақтар Шынжаңмен көршілес Гансу өлкесіне қарай 
қаша бастады. Дүңген мен сарттың құтыртуына дәніге қалған қазақтар енді сол 
жаққа қашып, дүңгендерді паналағысы келеді. Тіпті жақында әкесіне ас берген 
қазақтардың  басшысы  Елісхан:  «Мен  дүңгендерден  әскер  жасақтап  келіп, 
Шың  Шысаймен  соғысамын»  деп  айбар  көрсетіпті.  Қазір  сол  Елісханның 
бүлдіруімен  Адубай  деген  немере  ағасы  жүзден  астам  түтінді  бастап,  Гансу 
өлкесіне қарай қаша көшіп барады. Оны көрген қалған елге де қопақ біткен. 
– Елісхан деген кім өзі? 
– Елісханның ұлы әкесі – Жамысбай. Онымен бірге туған Қамысбай деген 
болған.  Бұлар  бүкіл  Баркөл  қазағын  билеген.  Кейін  Жамысбайдың  ұлы  Әліп 
әкесінен қалған зәңгілік шенді иелеп, ел басқарған болатын. Яң Зыңшын, Жин 
Шурын  үкіметі  тұсында  үкірдайлық  шен  алған.  Мансаптың  буы  мен 
байлығына  мастанған  ол  Баркөлдің  бастығы  емес,  барымта  жасайтын 
қарақшысына  айналды.  Жергілікті  қытайларды  қан-қақсатып,  егінін  малға 

таптатып  күн  көрсетпеді.  Моңғолия  мен  Дихуа  арасындағы  сауда  керуенін 
тонап,  кісісін  өлтірді.  Ма  Жұңиың,  Қожанияз  бүлігі  кезінде  оларға  қосылып, 
мемлекет  армиясына  оқ  атты.  Жин  Шурын  алдына  шақырып  алып,  үкіметке 
қарсы  болмауын  қатаң  ескерткен  болса  да  Қожанияздың  көтерілісші 
армиясына қыруар ат-көлік және қой берді. Қайта-қайта қарсыласа берген соң, 
ақыры өлім жазасына үкім етілді. 
Абай қайдан естігені белгісіз: 
–  Бала-шағасымен  бір  жүз  он  жеті  адамды  қырып  тастапты  дегенді  естіп 
едім, сол қырғын болмасын, – деп елеңдей сұрады.  
Шың Шысай тамағына бірдеңе тұрып қалғандай қылғына жұтынып: 
– Иә, – дей салды. 
– Бұларыңыз енді, – Абай сәл қынжылған рай танытты, – бізде де қыру-жою 
болып  тұрады.  Бірақ  дүйім  елдің  көзінше  бала-шағасын  қырғандарыңыз  сәл 
артық кеткен. Мен білетін қазақтар екені шын болса, енді бұларды тоқтату өте 
қиын  болады.  Бірақ  көрерміз,  қашқанда  қайда  барады.  Барар  жерің  –  Балқан 
тау, ол да біздер барған тау дегендей ғой. Шың мырза, жөн көрсеңіз енді бір 
жоспар ойыма келіп отыр. Біз көшкісі келіп отырған сол Елісханды тоспай-ақ 
қоя  берсек.  Сол  арқылы  күштілерінің  күшін  бытыратып,  әлсіздерін  бас 
салғанымыз оңтайлы болмас па? 
–  Шамамыз  жеткенінше  тырбанып  жөргегінде  тұншықтырғанымыз  оң 
болар  еді.  Елісхан  деген  өте  жаман  адам.  Өзінің  білмейтіні  жоқ.  Кезінде 
Баркөл  жамбылынан  қытай  тілінде  оқыған,  қытайшаға  судай  жүйрік. 
Айтпақшы,  өзі  маған  қытай  тілінде  хат  жазған.  Жазулары  қиқы-шойқы 
болғанымен, сауатты неме екен. 
Абай  танымаса  да  Шың  Шысай  ұсынған  хаттың  аяғындағы  бармақтай 
мөрдегі Елісхан деген есімді анық айырды. 
– Не деп жазыпты? 
–  Не  деуші  еді,  – Шың Шысай  мырс-мырс  күлді,  –  мені «айналайын»  деп 
айтады  ғой  деп  пе  едің,  «әкемді  өлтірдің,  бір  шешем  мен  екі  інімді  олжалап 
кеттің.  Оларды  қайтар,  қайтармасаң  тұрысатын  жеріңді  айт,  жасақ  топтап 
соғысамын» деп аузына келгенін көкіпті. 
– Шешесі, бауырлары дегені несі? 
–  Ойбай-ау,  сіз  білмейді  екенсіз  ғой,  біздің  әскери  бастықтар  Әліптің  жас 
тоқалын  екі  баласымен  бірге  тірідей  олжалап  келіпті.  Артындағы  елді 
бұлжытпау үшін барымта ретінде ұстаймыз ғой деп тірі сақтатып едім, қатын 
да болса жауыз екен, Дихуа түрмесінде аузына нәр салмай аштан өлді. 
– Балалары ше? 
–  Қатынның  қаныпезер  қайсарлығы  сондай  –  қойнындағы  баласын  да  тірі 
сақтауға қимай, өзімен бірге аштан өлтірді. Төрт жастағы баланы түрмедегілер 
баға  алмаймыз  деп,  бір  дүңгенге  сатып  жіберген  бе,  әйтеуір  көзін  құртыпты. 
Қайда кеткенін ешкім білмейді. 
– Е, солай деңіз...  
Абай бір сәт сұқ саусағымен алдындағы үстелді тықылдатып үнсіз отырып 
қалды. Оның ойын Шың Шысай бөлді: 

–  Міне,  көріп  отырсың,  біздің  бірінші  жауымыз  –  Елісхан.  Ал  одан  кейін 
сол Елісхан аз болғандай, осында Дихуаның оңтүстігін шулатқан Қасым деген 
қарақшы  түрмені  тесіп  шығып,  Баркөлге  қашып  барыпты.  Осының  бәрін 
тыныштандыру сіздің ғана қолыңыздан келеді деп ойлаймын. 
– Демек, мені қарақшылардың апанына жібермек ойыңыз бар екен ғой. 
– Ойбай-ау, ол не дегеніңіз. Біздің шамамыз жетпейтін жауларға өзіңіздей 
батырды шақырмағанда, кімді шақырамыз. Ақылы мен қайраты қатар жетілген 
сіздей қазақты тұңғыш көруім. Осында да біраз қазақтар бар. Бірақ сенім жоқ, 
алды-артына  жалтақшыл.  Мен  бұйрық  берсем,  соны  атқарғансып  жүгіреді. 
Ауылдағы қазақтардың қазы-қартасына тойған соң бәрін ұмытып, құйрықтары 
солай қисая қалады. 
Шың  Шысай  Абайдың  мақтау  сөзге  келгенде  майдай  еріп,  кең  маңдайы 
жазылып, жадырай түсетіндігін байқап, жел сөзбен көпірте бергісі келді. 
– Сонда маған тапсыратын міндетіңіз не? 
– Бүкіл шығыс Шынжаңның амандығы сіздің мойыныңызда болсын десем, 
асырып  жібермеген  болармын.  Қазірше  Құмыл  аймағы  уәлиінің  орынбасары, 
қосымша  Баркөл  ауданының  қорғаныс  бөлімінің  бастығы  болсаңыз  деген 
өтінішім бар. Екі міндетті қатарынан жүктеуімнің де өзіндік сыры бар. Құмыл-
Баркөл  өңірі  біздің  ішкі  қытаймен  болған  ең  негізгі  күре  жолымыз.  Қан 
тамырымыз деуге де болады. Тамырдағы қанды іркіліссіз ағызатын бас дәрігер 
сіз боласыз деген сөз. 
– Ауыр міндет екен. Солай болса да, тапсырмаңызды адалдықпен атқаруға 
бар  күшімді  саламын.  Кеңес  Одағынан  көргенімді,  Моңғолияда  сынақтан 
өткізген тәжірибемді ашық қолдансам, қолымнан қақпассыз деп ойлаймын. 
–  Мен  сіздің  қолыңызды  қалай  қағамын?  Керісінше,  сіз  менің  қолымнан 
қақпасаңыз болды. Шығыс Шынжаңды тыныштандырсаңыз, өлке орталығына 
әкеліп қалаған мәнсабыңызға отырғызамын. 
– Сіздің орыныңызды қаласам берер ме едіңіз? 
– Беремін, беремін, – деп өтірік күлген Шың Шысайдың өңі күреңітіп кетті. 
Мансапты  бәрінен  жоғары  қоятын  ол  іштей:  «мына  сұмның  ниеті  қандай 
жаман,  ә,  Кеңес  Одағының  беті  демесем,  сендей  бөспе  наданды  Әліптің 
артынан-ақ  жібере  салар  едім»  деп  бір  толқыды  да,  өзін-өзі  қайта  сабырға 
шақырды:  «қой,  қой,  маған  бұдан  артық  қолшоқпар  табылмайды.  Бұндай 
ақымақты  тек қана алдап-сулап  пайдаланған  жөн»  дегендерді ойлады.  Сөйтті 
де: 
– Менің орыным түк емес, әсіресе, Шынжаң жағдайынан алғанда пышақтың 
жүзінде  отырғандай  боламын.  Моңғолияда  еңбек  көрсеттіңіз,  енді 
Шынжаңдағы жұмысыңыз сәтті болса сізді Сталин мырза-ақ разы-қош қылады 
ғой, – деп қиялады. 
Бұл бір жағы мақтау болғанымен, бір жағы Абайға деген сес секілді көрінді. 
«Байқа,  батырым,  сен  бұл  арада  аспаннан  түскен  перідей  кекжигеніңмен,  арт 
жағыңда  басқан  ізіңді  санап,  сары  ізіңе  шөп  салып  отырған  иең  бар. 
«Шынжаңда  жақсы  жұмыс  атқармады»  деп  жаныстырып  жіберсем  болды, 

Сталиннің өзі-ақ басыңды қағып түсер бәлем!». Талайды көрген Абайдың беті 
бүлк ете қойған жоқ: 
– Кеңес Одағы менің ием болғанымен, сіздің досыңыз, мен жақсы болсам, 
сіз  жақсысыз,  сіз  жақсы  болсаңыз,  мен  жақсымын,  –  деді.  Мұнысы  «Шың 
мырза,  Кеңес  Одағына  арқа  сүйеп  Нанжиң  үкіметіне  де  шекеңмен  қарап 
отырсың,  Кеңес  Одағы  болмаса  сенің  де  артың  белгілі  емес  пе?!  Сондықтан 
бірімізді-біріміз сыйлағаннан ұтпасақ ұтылмаймыз» дегені еді. 
–  Әрине,  әрине,  –  деді  Шың  Шысай,–  Сізді  жіберген  Кеңес  Одағының 
коммунистік партиясы екеумізге де үлкен сенім артып отыр ғой, сол сенімнен 
шығамыз  деп ойлаймыз.  Шынжаңда  не  істеп,  не  қоямын  десеңіз  де жолыңыз 
ашық, бізге жол-жорық көрсетеді деп сенемін. Ұмытып барады екенмін, Абай 
мырза, ыңғайсыздау болса да сұрайын, қазақта ру деген болушы еді, сіз қандай 
рудансыз? 
– Сізге мұның да керегі бар ма? 
–  Абай  мырза,  қате  түсініп  қалмаңыз.  Барған  жеріңіздегі  негізгі  ру  – 
керейлер, азырақ наймандар бар. Қазақтың бір осал жері ру екенін білесіз ғой. 
Менменсіп  кеудесін  керіп  тұрған  қазаққа ру-ру  бойынша  іс  жүргізсең болды, 
бірін-бірі шеңбектеп итше таласуға дейін барады. Сосын сұрағаным ғой. 
– Руым – найман. 
–  Е-е,  наймансыз  ба?!  Керейлерге  қарағанда  наймандар  ақылды  келеді. 
Бізбен  қарсыласып,  мемлекет  армиясына  қарсы  оқ  атқандардың  ішінде 
наймандар жоқ. Ал керей деген халық – нағыз кеудемсоқ, көрсоқырлар. Қаны 
басына  қозып  шықса  болды,  алдында  тау  тұр  ма,  өзен  тұр  ма,  ақылын  ашуға 
жеңдіріп, көзі көрмей қалады. 
– А, солай ма? – Абай біраз ыңыранып отырды. Оның «найманмын» дегені 
өтірік  еді.  Руы  ашамайлы  керейдің  шимойын  атасынан  болатын.  –  Керейлер 
сондай деңіз? 
Шың Шысай өзін қанша ақылды санағанымен, бұл жолы жаңылыс басты. 
–  Айтайын  дегенім,  барған  жеріңізде  найман  Құсайын  деген  кісі  бар.  Сол 
өңірге ықпалы бар адам. Бір рет Шәріпхан төрені қорғап, қашқан елді қайырып 
келіп еңбек көрсеткен. Иек артатын адамыңыздың біреуі сол демекшімін ғой. 
Сіздің өз інісі екеніңізді білген соң ішек-бауыры елжіреп кетпесе де, бұрыннан 
үкіметке  жұмыс  істеп  келген  сенімді  әулет  болғандықтан  шетке  қаға  қоймас. 
Жә, ол жағынан сізге ақыл айту дарияның қасынан құдық қазғанмен тең болар. 
Жақсыға басын айтсаң аяғын өзі түсінеді демеуші ме едіңіздер, құрғақ сөзбен 
ұзақ  отырып  қалыппыз-ау.  Сіздің  уәлилігіңізді  тойлауды  ұмытып  барады 
екенбіз-ау.  Алдымен  тойыңызды  жасаймыз,  осындағы  білікті  мырзалармен 
танысасыз, сосын Құмылға асықпай аттанарсыз. 
– Қазақта «қонақта ерік бар ма, май берсе де жей береді» деген мәтел бар. 
Сіздікі ақыл болғанда, біздікі мақұл болады да. 
Екеуі қатарласа күліп, орындарынан тұрды. 
Дихуада  болған  күндерінің  бірінде  Абай  өлкелік  үкімет  төрағасының 
орынбасары  Қожанияздың  үйінде  қонақта  болды.  Ол  өзінің  бір  кезде 
ақымақтықпен  үкіметке  қарсы  шыққанын,  кейіннен  қатесін  танып  райынан 

қайтып, Шың дубанмен істес болғанын қысқаша әңгімелеп берді. Абай Құмыл, 
Баркөл  жағдайлары  туралы  да  бірталай  әңгімеге  қаныққандай  болды. 
Қожанияз  Құмылға  Жолбарысқа  хат  жазып,  Абайдың  ісіне  қолдау  көрсетуі 
жөнінде жол-жорық көрсетті. 
Абайдың өз жанына ертіп келген атқосшыларына Шың Шысай да көп нөкер 
қосып  берді.  Соның  ішінде  Жаң  Жүн  деген  жас  мұғалім  жігітті  оңашалап 
алып:  
– Сенің міндетің – Абайға хатшы болу. Шын мәнінде, оның істеген ісі мен 
сөйлеген  сөзін  түгендеп,  басқан  ізін  аңдисың.  Әрі  маған  жазбаша  және 
телеграф арқылы хабарлап тұрасың, – дегенді ерекше ескертті. 
Ал  Жаң  Жүн  болса  өз  соңында  да  дәл  өзіндей  тағы  біреудің  барлығын 
аңғармақ түгілі, ойлап та қойған жоқ. 
 
* * *  
 
Абай Құмылда бірнеше күн еру болған орайында, Құмыл-Баркөл қорғаныс 
бөлімінің бастығы Жолбарысқа амандаса барып, оған Кеңес Одағынан әкелген 
сыйлы  бұйымдар  ұсынды.  Жоғарыдан  төменге  қарайғы  біліктілердің  аузын 
бірден  жауып  келе  жатырмын  деп  есептеген  ол  Баркөлге  келісімен  Құсайын, 
Солтаншәріп бастаған елбасыларымен де тез шүйіркелесіп кетті. 
Әсіресе, мұның «найман» екенін білгесін Құсайын, Қамзалар «інім екенсің 
ғой» деп бірден жығыла жабысып, үйлеріне қонаққа шақырысты. 
Алдымен қарманған Құсайын тәйжі өз тірлігіне пысық адам көрінеді. Қора 
толы  малы  болмаса  да,  алты  қанат  айбынды  киіз  үйінің  өзі  көздің  жауын 
алады.  Үйдің  ішкі  іргесі  өрнекті  шиден  қалса  әсем  түскиіздермен  қымталып 
жайнап  тұр.  Үй  ішінің  реттілігімен  бірге,  ас-су,  ыдыс-аяғына  қылшық 
араластырмайтын тазалығы да ұнады. 
Аттанарында  Абайға  қан  жирен  арғымақ  мінгізіп,  үстіне  шапан  жауып 
шығарып  салды.  Шың  Шысайдың  айтқаны  дәл  келді.  Мұны  көрген  керейлер 
жағы: «Осы найманның не сиқыры бар, білмейміз. Баяғыда Шәріпхан төре де 
осыған  көкбауырша  жабыса  қалып  еді.  Енді,  міне,  Абайға  да  бізден  бұрын 
сый-сияпат  жасап  алдымызды  орап  кетті»  десіп,  күншілдігі  қозды. 
Солтаншәріп  қалап  алған  Қабдолла  тәйжінің  әйгілі  құла  жорға  атын  да  жұрт 
Абайдың астынан көрді.  
Елдің  бұлайша  қоғадай  жапырылуының  бір  себебі  –  Құсайын 
пысықтығының арқасында Шәріпханның аузын майлап, разы-қоштығын алып, 
ауылын қырғыннан аман сақтап қалды дегені болса, екіншісі – өзін өлкенің ең 
сенімді адамы көрсеткен Абайдың айбатынан жасқанып, жақсы көрінудің жаңа 
жолын қарастыра бастағандары еді. 
Елісханның  бүкіл  Шынжаңның  жартысын  жинап  ас  беріп,  халық  алдында 
өзіне  қарсы  сөз  сөйлегені Шың  Шысайды  қатты үрейлендірген  болатын.  Сол 
үшін  де  Кеңес  Одағының  Дихуадағы  консулына  қайта-қайта  кіріп,  өз  халінің 
мүшкілдігін білдіріп, тағы  да көмек сұраған. Әрі бұл көмекті тыпырши күтіп 
еді. 

Соның  алғашқы  нәтижесі  болып  Абай  келгенде  қуанғаны  да  сондықтан. 
Кеңес  Одағы  Абай  секілді  әр  түрлі  мамандықтағы  адамдық  көмек  көрсетіп 
қоймастан, қазақтардың шығысқа босқан көшін тосу үшін, бір полк армия, екі 
ұшақ, бес танк көмек беретінін де білдірген болатын. 
Бұдан  сырт  Абайдың  келуімен  бірге  Баркөл  базарына  Кеңес  Одағының 
тауарлары арнайы әкелініп, базар, жәрмеңке дегеніңіз қызып кетті. Халықтың 
күнделікті  тұрмысына  керекті  делінген  әр  алуан  мата,  алюминий  ыдыстар, 
қант,  шай  дейсіз  бе  –  елге  қажеттінің  бәрі  табыла  бастады.  Базардың 
ашылуының  өзі  салтанатты  рәсіммен  өтті.  Өлке  орталығынан  арнайы  келген 
Шынжаң-Кеңес Одағы сауда бөлімінің жауаптысы Бұрхан Шаһиди мырза сөз 
сөйлеп,  барша  қауымның  алдында  Абайдың  шашбауын  тағы  бір  көтеріп 
тастады.  Онсыз  да  өз  құмалағын  төрттен  қоя  бастаған  Абайға  бұдан  артық 
қандай абырой керек болсын! Жүрген-тұрған жерінде: 
–  Менің  ақ  дегенім  –  алғыс,  қара дегенім  – қарғыс. Кім маған немесе  мен 
жұмыс  істеп  отырған  үкіметке  қарсы  шығатын  болса,  көзіне  көк  шыбын 
үймелетіп, тұқымын тұздай құртамын! – деген дөң айбат көрсететін болды. 
Үзеңгісін  сегіз  қабат  қылып  шіреніп  тұрғанында  Іле  жақтан  Ғапар  деген 
баласы  келе  қалды.  «Май  тілесең,  міне,  құйрық»  дегендей,  онсыз  да  қалай 
жағатсырын білмей тұрған керей баласына жақсы орай болды. Абай ұлын ел-
жұртқа таныстыру мақсатында Баркөлді бір айналып шығып еді, қорасы малға 
толып  шыға  келді.  Өз  құрметтерін  көрсетуге  асыққан  әр  атаның  баласы 
бәсекелестікпен  жүгірді.  Алды  атан,  арты  қозы-лақ  дегендей  құр  қалған  бірі 
жоқ. Бір мың бір жүз тұяқ ұсақ мал, жиырма неше ірі қара, бұдан сырт қымбат 
бағалы  аң  терілері  деймісің,  байлыққа  белшесінен  батты.  Әліптің  ауылын 
шауып, қора-қора малы талауға түскенін көрген қазақтар жағы Абайдың аузын 
жапсақ, сондай оқыс оқиғадан аман қаламыз деп ойласа керек.  
Алайда,  Абайдың  ойлағаны  ол  емес  болатын.  Күндіз  күлкісін 
сыйлағанымен,  түн  бойы  сұмдығын  сайлап  шығатын  болды.  Ел  ішіне  кіріп, 
тіміскі  әңгімеге  құлақ  түргелі  Жамысбай  балалары  мен  Құсайын  ауылының 
ішкі араздығы туралы да бір әңгіме естігені бар. 
Баяғыда  Оңғарбай  деген  сәуегей  тасбикенің  ақшасынан  тарайтын  Ораз 
ұрпағына «оқпен тозарсың» депті дейтін тәмсіл қалған екен. Айтса айтқандай, 
Ораздың  Кәдірбегінен  тарайтын  бес  ұл  түгелдей  соғысқұмар,  батыр-
барымташы  болып  жетілді.  Досына  мейірімді  болғанымен,  жауына  қатал 
болды.  Бергенді  қолынан,  бермегенді  жолынан  алып,  тістеген  жерде  тісім 
қалсын дейтін ерлер еді. 
Жамысбай  дәурендеп  тұрған  Әліптің  жас  күні  болса  керек.  Бір  жолы 
Жамысбай ауылының жігіттері Моңғолияның Қобда жерінен көп жылқы қуып 
әкеледі. Оны Құсайынның әкесі Төлебай үкіметке жеткізіп қояды. Әрі үкімет 
әскерінің  барымтаның  малын  қайтарып  алуына  көмек  көрсетеді.  Бұған 
ерегескен  Жамысбай  балалары:  «Біз  жаудың  барымтасына  кеткен  өз 
малымызды қайтарып алған едік. Үкімет әскерлері олардың жаласымен біздің 
малымызды  тартып  алып,  Төлебайға  бақтырып  қойып  еді.  Ол  үкіметке 
қайтарып  беремін  деген  сылтаумен  көп  жылқыны  өзі  жеп  кетті»  деп 

арызданады. Төлебай тергеуге алынады. Екі топтың ерегесі ушыға берген соң 
үкімет  оларды  қазылыққа  шақырып,  екеуін  беттестіреді.  Дәл  осы  кезде 
моңғолдар немере ағасы Кәрмішті өлтіріп кетіп, соның кегі үшін керуенбасын 
өлтіріп,  тоғанағын  тонағанына  Әліп  бәрібір  кінәлі  болады.  Қытай  үкіметі 
Төлебайға ерекше сенім білдіріп, оны Шығыс Шынжаң қазақтарының ақылшы 
ұлығы  әрі  өлкелік  үкіметтің  сенімді  мүшесі  етіп  тағайындайды.  Мұның  бәрі 
ескі әңгіме болғанымен әлі де ұмытыла қоймаған. Ұмытылғанды қойып, Әліп 
шабылғанда жырақта отырып тышқақ лағын жауға бермеген Құсайын ауылына 
деген күдік-күмән да жоқ емес болатын. 
Міне, осыларды ой сарабына салған Абай Құсайынды шақырып алды. Бірақ 
оған ішкі есебін жайып салғысы келмеді. Тек қана сыр тартып: 
–  Ел  ішіндегі  тәртіпсіздікті  реттеу  үшін  аға  болған  сіздің  көмегіңізге 
мұқтажбын,  –  деп  бір  тоқтаған.  Қашаннан  үкімет  адамдарының  тілін  тауып 
келген  Құсайын  да  тартынған  жоқ,  жіңішке  қойылған  жұқа  мұртын  сылай 
отырып: 
– Біздің қолымыздан не келеді дейсің. Егер ел тыныштығы үшін істелетін іс 
болса, бәріне дайынбыз, – деген. Сосын Абай сөзін әрі қарай ұшықтап: 
–  Елісханның  бүлініп  отырғанын  естідіңіз.  Сол  ауылдың  жағдайын,  қыр-
сырын жақсы білетін, итке үргізбей, битке білгізбей жұмыс істейтін бір азамат 
керек болып тұр, – деді. Құсайынның бөтен ойы болған жоқ. 
– Әрине, – деп бірден мақұлдық білдірген.  
Абай болса мұны екі ауылдың салқындығына бола менің сойылымды соғып 
отыр  деп  түсінді.  Әрі  солай  болуын  шын  ниетімен  тіледі.  Жалғыз-ақ  түнде 
Құмылда Жолбарыстан алған сенімді шеріктеріне өз жандайшаптарын қосып, 
Құсайынның  жігітіне  жол  бастатып,  Елісханның  ауылына  аттандырды. 
«Шамаларың жетсе Елісханды тірідей байлап әкеліңдер, егер жағдай қиындап 
бара жатса, өлтіріп басын әкеліңдер» деп тапсырды. 
Өкінішке қарай, жұмсаған жиырмаға жуық адамынан жалғыз жол бастаушы 
ғана қашып келді. 
Оның  айтуынша,  Елісханның  ауылына  таяғанда  жол-жөнекей  Құдабайдың 
қарақшыларына ұшырасып қалыпты. Бір жағы қытай, бір жағы моңғол болып 
келетін  Қаптықтың  бір  дарасын  мекендеген  Құдабайдың  жігіттері  жердің 
тесігін жамаған жырындылар еді. Аттары да ылғи сәйгүлік. Қашса – құтылады, 
қуса – жетеді. Арғы беттің қуғыншылары сары іздеріне сан рет шөп шалып ала 
алмаған.  Құдабайды  алғанды  қойып,  ел  оның  әлгі  моңғолдың  бірін  тірідей 
сойып, отқа қақтап майын ерітіп, өн-бойына жаққанын аңыз етісетін еді. Бергі 
жағының  үкімет  әскері  де  неше  барып,  қырғын  тауып  қайтқан  болатын.  Көп 
әскер барса қарақшылар таудың қойны-қонышына сіңіп кетеді де, бірде-біреуі 
қарасын  көрсетпейді.  Аз  әскер  барса  әр  мойнақтан  аңдып  атып,  лезде  құрта 
салады. Үнемі ат үстінде жүретін жігіттері  – шетінен жүрек жұтқандар. Олар 
түн баласы ұйқы көрмейді. Жортып жүреді. Аратүрік жаққа ат ізін салған сол 
топқа  ұрынған  Абай  шеріктері  қорыққандарынан  оқ  шығарып  алып,  өздері 
қынадай  қырылыпты.  Біреуі  тірідей  қолға  түсіп,  біреуінің  зорға  қашып 
құтылып,  тізгін  ұшымен  жеткен  беті  екен.  Құдабай  жігіттері  қолға  түскен 

адамнан  мән-жайды  сұрап  білген  соң  оны  Елісханға  тапсырып  беріпті. 
Елісхан: 
–  Батыстан  жөңкілген  қызыл  тасқын  ақыры  бізге  де  жеткен  екен.  Сәбет 
Одағына  арқа  сүйеген  Шың  Шысайдың  солардың  жерінде  жасалып  жатқан 
зұлматты көшіріп қолдана бастағаны осы. Енді бізге жақсылық жоқ, – деп атқа 
қоныпты. 
Онсыз да жылыстай көшіп, жырақтай қонып, саптыаяққа ас құйып, сабынан 
қарауыл  қарап  отырған  ауылдар  алды-артын  қорғаған  қарулы  қосынның 
көмегімен тапа-тал түсте-ақ шығысқа қарай жылжи жөнелген екен. 
 
* * *  
Мұны естіген Абай жер тепкілеп тыпыршып кетті. 
– Құдабай деген кім? Оны дереу қолға алыңдар! – деп айқайлады. 
Құдабайдың  оңайлыққа  алдыра  қоймайтынын  сыбырлаған  қазақ 
жансыздары оған тағы бір ақпарат жеткізді. 
–  Адам  өлтіріп,  Дихуа  түрмесінен  қашып  шыққан  Қасым  Қаптық  тауына 
барып  Құдабайға  қосылыпты.  Құдабай  оны  бауырына  тартып,  басына  үй 
көтеріп  беріпті.  Қазір  Құдабайдың  ең  сенімді  серігі,  жортуылбасы  –  сол 
Қасым. Осы қырғынды жасаған да сол екенінде кәдік жоқ.  
–  Қасым, Қасым... – деп  тісін  шақырлата  қайраған  Абай Дихуадан осылай 
аттанардағы ол туралы Шың Шысайдың құпия жарлық бергенін есіне алды. 
Баркөл алақаныма түсті деп мастанған көңілі бір сәт әлем-тапырық болып, 
өзін  қоярға  жер  таппай  тыпыршыды.  Абай  екенім  рас  болса  ол  сұмдарды 
қайтсем  де  жөргегінде  тұншықтыруым  керек  деп  біліп,  елбасыларын  дереу 
шақыртты.  Сабырбай,  Құсман,  Құсайын,  Солтаншәріп,  Нұрғали,  Салақиттан 
қатарлы адамдар жинала бастады. Өз ойларын бірден жайып салғысы келмей, 
жиналғандарға еркек қой, ту бие сойып қонақасы берді.  
Қонақасының әредігінде: 
–  Мен  келгелі  сіздер  не  жамандық  көрдіңіздер.  Мейлі,  маған;  мейлі, 
үкіметке  өкпелеріңіз  болды  ма?  –  деп  жай  ғана  сұрау  тастады.  Абай  дутың
7
 
аталған шенді ұлықтың өздерін қонаққа шақырып, қымызбен суарып, қазымен 
қайырып  отырғанының  өзі  қабырғасына  май  бітірген  атқа  мінерлер  тобы 
қоғадай жапырылды. 
– Құдайға тәубе, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Осыдан артық не керек 
болсын. 
–  Олай  болса  анау  Елісхандыкі  не?  Жарайды,  оны  түсінуге  болады. 
Әкесінің  кегіне  ашынған  шығар.  Шың  Шысайға  өкпесі  бар  болар.  Ал  мына 
Құдабай мен Қасымдыкі не? Ел аман, жұрт тынышта лаң салып, тыныштықты 
бұзып.  Сіздерге  тыныштық,  бейбітшілік  керек  пе,  әлде  Құдайдың  құтты  күні 
қырқысып қан төгуіміз қажет пе? 
– Тыныштық керек. Елдің тыныштығына не жетсін. 
                                                 
7
  дутың – аймақ аталатын  орынның басшысы. Губорнаторлық шен. 
 

– Мен сіздерді аяймын. Сіздердің амандықтарыңыз – елдің амандығы. Елдің 
амандығы  –  менің  амандығым,  мемлекеттің  тыныштығы!  Құдабайды  өз 
тентегіміз  деп  кешірейік.  Ал  үкімет  арнайы  іздеу  салып  қудалап  отырған 
қылмыскер  Қасымды  қалай  жасырамыз.  Баркөл  өз  халқын  амандап  алса  да 
жетеді.  Сырттан  келген  қарақшыларды  қойны-қонышымызға  кіргізіп, 
үкіметтің  назарын  өзімізге  аударғаннан  не  ұтамыз?  Егер  Құдабай  Қасымды 
ұстап  берсе,  ол  қанша  адам  өлтірген  болса  да  кешірер  едім.  Өз  басына 
жамандық келтірмеймін деп Алла атынан ант берер едім. Оған Алла куә, осы 
отырған сіздер куә болыңыздар. 
Ру басылары қозғалақтап кетті. 
–  Кәріжілік  алдымен  өз  басын  амандап  алсын  дегендей,  Қасымды  ұстап 
беріп, басымызды пәледен арашалап алсақ, одан үлкен олжа жоқ. 
–  Оу,  ағайын,  бұтаға  паналаған  торғай  да  аман  қалады  деген.  Сол  бұта 
құрлы жоқпыз ба? 
–  Онда  тағы  да  қан  төгілсін  дейсің  бе.  Қалың  шерік  келіп  Құдабай  мен 
Қасымды  айналасындағы  жиырма-отыз  үйімен  қосып  қырып  тастасын  дейік. 
Олай  болғанда  сол айтып отырған  торғайың  түгілі,  ол паналаған бұтаның  өзі 
түгел  оталмай  ма.  Бізге  керегі  сол  ма,  мықты  болсаңдар  кеше  Әліпке  неге 
арашашы болмағансыңдар!? 
–  Бүгін  Қасымды  ұстап  беріңдер  деп  отырған  үкімет  ертең  Құдабайды, 
бүрсікүні  осы  отырғандарды  ұстап  бер  десе, үкімет айтты  екен деп  көгендегі 
қозыдай тізіп-тізіп ұстата береміз бе!? 
Абай отқа май құйғандай сөз қоламтасын одан әрі қағыстырып-қағыстырып 
жіберді. Моп-момақан бейнесінен жазбаған қалпы: 
–  Тентек  пен  тебізді  тыятын  ата  жолымызда  да  бар.  Қара  лақтарыңызды 
құрбандыққа  қимай  отырып,  ертең  бірер  ауыл  тарпымен  құрып  кетіп  жатса 
маған өкпе артпаңыздар. Менікі әншейін әр ру өз тентегін өзі тыйсын дегенім 
ғой.  Құдабайдың  ақы  иесі  болған  жәдіктер  жағы,  мына  отырған  Сабырбай 
ағамыз  өз  інісіне  ие  болып  айтқанына  көндіріп  жатса,  Қасым  қайда  барар 
дейсіздер.  Ол  жағын  өздеріңіз  шешіңіздер,  –  деп  жай  ғана  лажсыздық 
танытқан болды. 
– Алланы ауызға алып отырса, сендерге содан үлкен не керек! 
«Алла» деген сөзге келгенде бәрі де үндемей қалды. 
–  Біріншіден  –  Аллаға;  екіншіден,  Абайға  тапсырамыз  деп  Құдабайдың 
өзіне ауызба-ауыз сөйлесейік. Біз сырттан тон пішіп отырғанымызбен, екеуі – 
екі таудың тағысы. Бір дараға бекінген екен, жанынан безген олар Құдайдан да 
қорықпайды. Алдымен солардың өзінен тіл алу керек! 
 Соңғы байлам осы болды. Абай орайлы сәтті қалт жібермей: 
– Сіздерді қинағанымды біліп отырсам да, өзімнің де басқа амалым болмай 
отыр.  Сіздердің  алдарыңызда  ұлық  көрінгеніммен,  мен  де  біреудің  құлымын. 
Жоғарғы жақтан не бұйрық келсе, соны орындаушы ғанамын. Егер Қасымды 
ұстауға  келіскен  болсаңыздар  өздеріңізге  сойылған  малдың  қанына  қол 
матырып,  қолдарыңыздан  қолхат  беріңіздер.  Сіздерге  сенбегенім  емес, 

жоғарғы  ұлықтарға  есеп  беруім  үшін  амалсыз  істеп  отырғаным  ғой,  –  деп 
мүләйімсіді. 
Ел  басылары өздерін  өздері  тығырыққа  тірегенін біліп,  шегінерге  амалсыз 
қалды.  Құсайын  бастаған  топ  ауыздарынан  ант,  қолдарынан  қағаз  беріп, 
Қасымды ұстап беруге аттанып кетті. 
«Әй,  оқымаған  надандарым-ай,  ел  билейміз  деп  бес  қойыңның  шеліне 
семіресіңдер.  Өлетін  жерлеріңді  білмейсіңдер.  Алдарыңда  тұрған  Абай 
кеңестік  империяның  жүзігінің  көзінен  өткен,  моңғолдардың  да  аптығын 
басқан қарт қасапшы екенін білмейсіңдер-ау» деп олардың сыртынан күбірлей 
күліп тұрды Абай. 
 
* * *  
Жаз  жайлауы  мен  қыс  қыстауы  қатарласқан  құтты  Баркөлдің  жасыл 
тауларын  асып  түсіп,  шығыс  оңтүстікке  қарай  жүрген  сайын  қоңыр  адырлар, 
тазығыр  таулар,  қақ  пен  сордан  құралған  жыңғылды  жазықтар  бірінен-кейін 
бірі көсіліп жатыр. 
Жер  ұйығындай  қайран  мекенім-ай,  шынымен-ақ  қалып  барасың  ба.  Ата-
анамның  алдында  тай  мініп,  танауымыз  желбіреп  желмен  жарысқан  кекілді 
балалығымның  куәсі,  сәби  сүйіспеншілігімнің  томағасын  тартқан  киелі 
тұғырым-ай.  Тағдырдың  дәмі  бұйырып  қайта  айналатын  күн  туар  ма  екен. 
Әлде  осынау  шұбырған  көш,  екі  етегі  жасқа  толып  атамекенінен  алыстаған 
халық  туған  жер,  өскен  ортасына  қайта  айналып  келе  алмай,  мұңға  толы 
жанары  жаутаң  қағып  қан  жылаумен  өте  ме?!  Аталарымыз  сонау  Алтайдан 
Баркөлге келіп, жарты ғасырдай бауыр басып еді, енді, міне, ұясынан үріккен 
құстай  бұл  мекеннен  де  түп  қотарыла  тағы  да  көшіп  барамыз.  Зұлымдық, 
жауыздық,  қытайлардың  зорлық-зомбылығы  ата-бабаларымыздың  күл  төккен 
қасиетті  даласынан  қуып  шыққаны  ма.  Алдымыздағы  жат  мекен  қандай  сый 
көрсетеді.  Шіркін,  қанатымызды  бекемдеп,  қатарымызды  толықтап  қайта 
қайрылып,  жаудан  есе  алатын  күн  тез  келсе  екен.  Бізді  жылатқан,  бізді 
атамекенінен  айырған  сұмдардың  өз  істегенін  өзіне  істеп,  қоңыр 
тауларымыздың  құшағына  қайта  оралатын  бақытты  шақтар  бұйырар  ма  екен 
десеңші... 
Ауыр  ойлардан  арыла  алмаған  Елісхан  көш  алдында  келеді.  Оның 
қатарында  Сауытбай,  Секей,  Атшыбай,  Қожақын,  Қасей,  Аңғалбай,  Мұқай, 
Мінәндар бар. 
Жол  сырына  қанық  Сауытбай  Елісханмен  қатарласып,  қолына  екі  бүктей 
ұстаған қамшымен алыс-жуықты меңзеп, жер жағдайын таныстырып келеді: 
–  Осы  дала  қағыр,  аңызғақ  қана  ұрып  тұрған  шөлге  ұқсап  көрінгенімен, 
жықпыл-жықпылында  ұры  бастаулар  көп  болады.  Ондайды  адамнан  көрі  аң 
оңай біледі. Құлан жарықтықты айтсаңшы, ойпаң жерлерді иіскеп-иіскеп келе 
жатады  да,  су  шығатын  жер  болса  тұра  қалып,  алдыңғы  аяғымен  тарпып-
тарпып  жерді  қаза  бастайды.  Қоймай  жүріп  су  шығарып  алады.  Аталарымыз 
сол  аңдардың  ізімен  жүріп  осы  даланы  түгел  ақтарып  шыққан.  Баяғыда  Бөке 

жарықтық  елді  шығысқа  қарай  бастап,  Такламакан  шөлін  бірінші  кесіп  өтті 
ғой. 
– Бөке неге көшті сонда? 
–  Ойбой,  оны  неге  көшті  деуге  келе  ме.  Саған  біреу  неге  көштің  десе  не 
дейсің? Аң екеш аң да жерінде жұт жүрген соң өз қағынан жериді. Сол үшін де 
аталарымыз «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар» деп мәтелдеген. 
Туған  жерден  айырылу  кімге  оңай  дейсің.  Бәріміздің  де  өзегіміз  от  болып, 
ішек-бауырымыз  езіліп  келеді.  Арғы  жағын  айтар  болсақ,  осыдан  жүз  жыл 
бұрын  Алтайда  төрт  би  сайланды  ғой.  Бір  кезде  Жәнібек  батыр:  «біз  қазақ 
хандарынан  алыстап,  жердің  шеті,  желдің  өтіне  шығып  барамыз.  Ұрпағымыз 
бір-бірінен ажырап қалмауы үшін қазақтың қарашаңырағынан, хандардың қара 
ордасынан  бөтен  еместігімізді білдіріп,  хан  тұқымына ел басқартайық» деген 
ғой.  Сол  сөз  бойынша  Әбілпейіз  ханның  Көгедай,  Сәмен,  Жабағы  деген  үш 
ұлын қалап әкеліп, керейлерді басқартқан. Сол төрелердің ұрпағы шау тартып 
кетті ме, әлде аталарымыздың берекесі азайып, көк езулігі көбейді ме, әйтеуір 
төрелердің  ел  басқаруына  халықтың  көңілі  толмапты.  Сосын  елді  төремен 
бірге ел басқаратын, керейлердің өз билігін жасап жәнтекейден Көкен, Топан, 
жәдіктен Бейсенбі, Құлбек – жиыны төрт би сайлады. Біз қазақпыз, қазақтың 
ішінде  бір-біріне  оңайлықпен  есе  бергісі  келмейтін  керей  деген  тентек  елміз. 
Бір  мезет  елдің  басы  біріккенімен  іштей  ірігендер  де  болды.  Соның  ішінде 
шеруші  тұқымы  бірінші  өкпеледі.  «Жәдік  пен  жәнтекейден  қос-қостан  би 
сайлағанша шерушіден бір би неге сайламайды» деген өкпесі тарқамай Ертісті 
өрлеп, бүгінгі Моңғолия жеріне, Қобда өңіріне ауып кетті. Енді бір бөлімі жан 
саны өсіп, малының өрісін кеңейту үшін басқа жақтан қоныс іздеді. Бір бөлім 
керей  балалары  Майлы-Жәйірге  көшіп  барды.  Солардың  ізінше  Алтайдың 
Шіңгілінде  отырған  Бөке  Жырғалаңұлы  Алтайдан  ауып,  Дихуаға  жақындап, 
Шонжы өңіріне барды. Ол кезде Шонжы бүкіл Шынжаңның сауда орталығына 
айналып, саудасы қызып тұрса керек. Бөке ел сеніміне бөленіп, шаңия, залың, 
амбы  мансаптарын  алып,  сол  өңірге  ауып  барған  елдің  иесі  болды.  «Жоқ-
жітікке  қарайласқыш,  мүсәпірлерді  жарылқағыш»  деген  аты  шықты.  Алтай 
мен  Тарбағатайдағы  би-төрелерден  тепкі  көргендер  оның  қолтығына  барып 
паналайтын болды. Бұл Алтай мен Тарбағатайдағы ел иелеріне жақпады. «Бөке 
елді аздырып, қарақшыларды қанатының астына алды» деп арт-артынан арыз 
жолдады. 
«Адам тіліне аспандағы бұлт азады» деген ғой. Шынжаңды билеген Дихуа 
ұлықтары Бөкені қудалады. Түрмеге жауып, «елді қайтар» деп қысым жасады. 
Бөке жауына бас имеді. Түрмеден шыққан соң төрт жүз түтінді бастап Чиңхай, 
Чизаңды* бетке алып көше жөнеледі. Ал онан кейін қалай өлгенін, денесінің 
Тибетте,  басының  Алтайда  жерленгенін  өздерің  де  жақсы  білесіңдер.  Сол 
Бөкенің  ұлы  Рабай  сендерді  жау  шапқан  1932  жылы  көп  ауылды  бастап 
Моңғолияға ауып кетті. Бөке жайындағы әңгіменің ұзын-ырғасы, міне, осылай. 
– Бөке неге Чиңхайға бет алды? 
–  Е,  ол  да  ұзақ  әңгіме.  Біздің  қазақтарға  салсаң  осы  Гансу  мен  Чиңхайды 
қазақтардың  жері  еді  дейді.  Баяғыда  Үйсін  бабаларымыз,  һұн  бабаларымыз 

осы өңірде жасаған деген аңыз бар. Асанқайғы атамыз Чиңхайдағы Көккөлдің 
жағасына  келіп  бір  түнеген  екен.  «Шіркін-ай,  Көккөл  десе  көк  көл  екенсің, 
малың  жылына  екі  тойынады  екен.  Қысында  жұт  жүрмейтін  малға  жұғымды 
қоныс  боларсың»  десе  керек.  Қариялардың  аузында  осы  Көккөл  туралы  ескі 
әңгіме  көп  айтылады.  Қарабай,  Сарыбай  бабаларымыздың  елі  де  осы  араға 
келген  деген  сөз  бар.  Сол  Бөкенің  кезінде  аң  қарап  жүрген  бір  топ  жігіт 
даланың бір жақпар тасынан «біз Қарабай мен Сарыбайдың еліненбіз, кейінгі 
балаларымыз тұрғылықты халықтарға сіңіп кетті» деген көне жазу көргендерін 
айтады.  Ал  енді  моңғол  мен  ұйғырдың  арасындағы  өздерін  «болған»  атаған 
тағы бір тайпа ел: «біз уақ Еркөкше батырдың ұрқы едік» деп үйлерінен әбден 
тозып, құруға айналған Құранның қиқымдарын көрсетіпті. Осыларға қарағанда 
Бөке  батырдың бұл  өңірге  тартуы  тегін  емес көрінеді.  Елін  көшіріп  әкелуден 
бұрын жер шалып кеткен екен. Сонда Көккөлдің маңайынан шашылып жатқан 
керегенің сағағы мен бақанның сынығын көріпті дейді. Бөке бұл өңірді қатты 
ұнатқан  екен  деседі  қариялар.  Ал  Бөкеден  бұрын  да  бұл  өлкені  ата-
бабаларымыздың ізі шиырлағаны анық. Бөке осы Көккөлдің бойын қазаққа бір 
мекен  болады  деп  ойласа  керек.  Сол  көнекөз  қарттар  «Гансуыңды»  «Кеңсу» 
деп әңгімелеп отыратын. 
– Бөкеге ілесіп кеткендердің барлығы да қайтып келген бе? 
– Көбі қайтып келді. Бірлі-жарым ел бөлініп-жарылып қалып қойғандары да 
болған.  Бізді  ішкі  Қытай  жеріне  бастап  барып  келгендер  солар  ғой.  Қазір  де 
көзі  тірі  талайы  жүр.  Тіпті  талай  адам  күні  бүгінге  дейін  із-тозы  жоқ.  Өлі 
екенін,  тірі  екенін  ешкім  білмейді.  Бортан  қажы  бастатқан  төрт  жаяу 
Үндістанға  дейін  өтіп,  Мекке-Мединеге  дейін  барған.  Кейіннен  Ақыт  қажы 
Меккеге  барғанда  қайта  ала  келген  екен.  Бөкеден  кейінгілерден  алғашында 
Тұңғышбай бастаған жиырма неше түтін Гансудың Әнши деген жерінебірнеше 
қыстап  қайтқан.  Одан  кейін  он  неше  түтінмен  он  жылға  таяу  Жүймін 
төңірегінде  көшіп-қонып  жүрдім.  Өзің  білесің,  елге  оралғанымызға  да  алты-
жеті жылдың жүзі болды. Былтырғы Адубайды бастап көшкендер де сол біздің 
жігіттер ғой.  
Жол  бойы  әңгіме  талай  тарихты  ақтарып  келеді.  Бұрын  естігені  бар, 
естімегені бар, ескі шежіре көбін-ақ тамсантып тастады. 
Көш  Құмыл  өңірінен  өтіп,  Гансу  жеріне  күншілік  жер  қалғанда  алдыңғы 
жаққа аттанған шолғыншылардан хабар келді: 
–  Алдымыздағы  Ағашқұдық,  Кішіақтас,  Жыңғылдықұдық  секілді  суы  бар 
жерлердің  бәрін  жау  иеленіп  алыпты.  Дөңбастауда  Шың  Шысайдың  қалың 
шерігі жолымызды тосып жатыр екен. Шамалары келсе ары асырмаймыз деп 
жатқан көрінеді. 
Елісхан,  Қожақын  бастаған  топ  көштің  алдағы  жолын  ақылдаса  бастады. 
Жол жағдайына қанық Сауытбай: 
–  Біздің  алдағы  асуды  асуымызға  қолайлы  үш  жол  бар.  Бірі  –  таудың 
жоғарғы  жағындағы  Қосқұдықтан  аса  аламыз.  Екінші  –  таудың  етегі 
жатағандау  құм  келеді  де,  Жамансу  деген  шылдырлақ  өзенше  бар.  Ал 
алдымыздағы  Дөңбастаудан  кесіп  өтсек,  ары  қарай  Жетіқұдыққа  қарай 

еңкейеміз.  Бірақ  өткел  аузы  болғандықтан  жаудың  негізгі  күші  сонда 
шоғырланған. 
........................................................................................ 
* Чиңхай – Көккөл, Чизаң – Тибет, жер аттары 
 
Жерге  түсіп,  құм  бетіне  бәрінің  картасын  сызып  көрсеткен  Сауытбайға 
Елісхан: 
–  Олай  болса,  біздің  жігіттер  үш  топқа  бөлінсін.  Бірінші  топ  жауға  әдейі 
көрініп,  күндіз  Қосқұдыққа  қарай  беттеген  кейіп  танытсын.  Екінші  топ  та 
солай,  күндіз  ел  көзінше Жамансуға  қарай  еңкейсін.  Қас қарайып  түн болған 
соң, екі қанаттағылар жалт беріп, ортаңғы қанатқа қосылсын.  Сонда жау «екі 
қанаттың бірінен өтеді. Ортадан қорықты» деп есептейді. Әрі әскерлерінің бір 
бөлімін  екі  қапталға  жібереді.  Біз  сол  кезде  ортадан  соғамыз.  Дөңбастаудың 
асуын тартып алып, жаудың қалған әскеріне де бүйідей тиісеміз. 
Жұрт  Елісханның  ақылын  бірауыздан  қуаттады.  Соғысқа  Қожақын 
жетекшілік  ететін  болды.  Жігіттердің  күндізгі  жер  шалып  білген  мәліметі 
негізінде бір  бөлім  қарулы  қосын  жол  ашуға,  аз  бөлім  адамдар  көштің  алды-
артын  қорғауға  жауаптанды  да,  түн  жарымынан  өте  бере  соғыс  бастау 
көзделді.  Осы  бойынша  таң  атар-атпасқа  дейін  жаудың  негізгі  күшін 
талқандасақ, көш жерге жарық түсе асуды асып кетеді деп есептеді. 
Баркөлден  сытыла  шыққанда  өздерін  көлденең  таудың  күнгейінен 
асырғысы келмей, жол  тоса соғысқан азғантай  шолғыншыны  қырып  тастаған 
Елісхан жігіттерінің қолының қышуы қанбай, жаусырап келе жатқан беті еді. 
Жау  бекінісіне  таяғанда  аттарын  артқа  қалдырып,  бес-алтыдан  жеке-жеке 
топқа  бөлініп,  қоңыр  адырлардың  арасымен  жықпыл-жықпылды  қуалап 
еңбектей  жөнелді.  Төбесіне  шырақ  жағылып,  тастан  қаланған  ортадағы  атыс 
ұясы жаудың ең негізгі күші шоғырланған жер болатын. Қасқа маңдайдан соғу 
үшін  Қожақын  бірінші  болып  жақындады.  Оның  мылтығы  сайрамайынша 
ешкімнің оқ атуына болмайды. Екі-екіден біріккен күзеттегі төрт шерік кезек-
кезек  айқасып,  айналасына  сақтықпен  көз  тігеді.  Таң  атуға  шай  қайнатым 
қалған  кез.  Күзетшілерден  басқа  бүкіл  шерік  ұйқыға  кеткен.  Қожақынның 
қасындағы төрт жігіт күзеттегі төртеуді қарауылға алды. Ал Қожақынның көзі 
тастан қаланған атыс ұясының қарауытқан аузына тігулі еді. Көзі үйрене келе, 
ол  тесікте  пулеметке  сүйеніп  қалғып-шұлғып  отырған  екеудің  қарасын 
байқады. 
– Бесеуміз оқты бір жолда шығарамыз, – деп сыбырлады жанындағыларға.  
Төртеуі  де  мүлт  жіберген  жоқ.  Сол-ақ  екен,  ұясы  бұзылған  арадай  болған 
атыс ұясының айналасы да күркіреп қоя берді. Жау жағы Қожақындар жатқан 
төбеге  қарай  оқ  төккенде  бас-аяқтағы  жігіттердің  мылтықтары  да  сақылдай 
жөнелді.  Жау  әскері  өздерін  қоршауда  қалғандай  үрейлі  күйде  сезінсе  де 
жанталаса атып жатыр. Таң қараңғысында оқ үні бүкіл даланы зіл-зала қылып, 
тасқа  соғылған  мырыштардан  жылтылдаған  оттар  ұшады.  Қоңыр  адырдың 
қойнауын оқ дәрісінің күлімсі иісі кернеді. 
Жау  жағынан  шәбелене  айқайлаған  ащы  үндер,  ойбайлаған,  бақырған 
үрейлі дауыстар жиі естіліп жатты. Қытай жасақтарының оғы қазақтар жатқан 

төбені  жүнше  түтіп,  шаңын  бұрқыратты.  Ал  оқ  үнемдеп  үйренген  қазақ 
мергендері бір-бір қара тасты қалқа қылып, қадап-қадап атып, алдыратын емес. 
Туған жер атамекендерінен айырылып, жүректеріне қан толып келе жатқан 
құса  көңілдер  шерін  оқпен  тарқатқысы  келіп,  жаудан  аянатын  емес.  Атқан 
оқтары  жерге  түспейді.  Майға  шыланған  құрым  киізге  от  тамызып,  сайдағы 
машиналардың бірталайын өртеп жіберді. 
Жерге  жарық  түсе  бере  жау  жағына  қарауытқан  төбенің  бәрі  қазақ  болып 
көрінді.  Шеріктерінің  өлігінің  көптігінен  алға  аттаса  болды,  шылқыған  қанға 
тайғанақтап, жүректері шайлықты. 
Түнде  Қожақын  пулеметшіні  атып  түсірген  тас  бекіністен  ақ  ту  көтерілді. 
Елісхан қытай тілінде айқайлап: 
–  Бағынсаңдар,  қаруларыңды  бір  жерге  жинап,  сайға  түсіңдер,  –  деп 
бұйырды. 
Жау  әскері  сүмірейіп-сүмірейіп,  қаруларын  тапсырып,  қолдарын  көтеріп, 
жотаның бауырына жиналды. 
Мейманасы  тасыған  қазақ  қолы  төбе-төбеде  қаруларын  серт  ұстап  қалт 
еткенді қағып жіберуге дайын тұр. 
Елісхан қытай шерігінің әскербасын топ алдына шығарып тергей бастады. 
– Сендерді кім жіберді? 
– Тақсыр, жоғарғының бұйрығымен, Шың дубанның жарлығымен. 
– Қанша адамсыңдар? 
–  Жиыны  бір  мың  адам  едік.  Жүз  шақты  әскеріміз  Қосқұдыққа,  жүз 
шақтысы  Жамансуға  кеткен.  Қалғанымыз  осында,  үш-төрт  жүз  адам  тірі 
қалдық. 
Осыны айтқан шеріктердің бастығы көз қиығымен айналасына қарап, қазақ 
қолының  санын  межелей  бастады:  «қап,  әттеген-ай,  мына  иттің  балалары 
азғана адам екен ғой. Атаманы да жап-жас жігіт. Енді біраз шыдап тірескенде 
әлдеқалай болар еді». Оның жапақтай қараған жанарынан ойындағысын сезіп 
тұрғандай болған Елісхан: 
– Менің армиям мына тау-тастың бәрін алып жатыр, – деп жымиды да, көз 
ұшында  шұбыра  көшіп,  кезеңнен  асып  бара  жатқан  малды  ауылды  иегімен 
нұсқап:  –  Әне,  анау  біздің  әскердің  қоры.  Жейтін  азық-түлігі.  Аз  ба,  көп  пе 
екен? – деп шерік бастығына тігілді. 
Өздерінің алып жүретін азығымен есептегенде шынымен көп көрінді көзіне, 
мұрнының ұшына келіп қалған маңқасын қолының сыртымен сүрткіштеп: 
–  Тақсыр,  бізді  өлтірмеңізші.  Бізде  билік  жоқ.  Өздеріңіз  секілді  халықтың 
перзенттеріміз, – деп жерге жата қалып тоңқаңдай бастады. 
– Мен сендерді өлтірмеймін. Шың Шысайға менен сәлем айтыңдар, менің 
өлтіретін  адамым  сол.  Ал  сендердің  құралдарың  мен  азықтарың  бізге  керек 
болады.  Бас-аяқтағы  жасақтарыңды  қырмай-ақ  қояйын,  олар  келіп  сендерді 
тауып алсын, – деп атына қонды. 
Әскердің  бәрі  рахметтерін  айтқандай  тоңқаңдай  шуласып  кетті.  Мұқай, 
Мінән бастаған жігіттер оларды бөліп-бөліп матап тастады. 

Бірнеше  ұсталар  сол  майданның  өзінде  пысықтық  көрсетіп,  өртенген 
машиналардың темірлерінен таға-шеге соғып жатты. 
Көштің  алды  Жетіқұдыққа  жеткенде  бір-ақ  дамылдады.  Соғыстың  үрейі, 
құмнан шалқыған ыстық жалын мазасыздандырған мал мен адам бір сәт шөлін 
қандырып  серги  қалды.  Жетпістегі  шалдан  жеті  жастағы  балаға  дейін 
еншілеріне  қару  тиіп,  екі  езуі  екі  құлағына  жете  қуанып  жүр.  Бірлі-жарым 
жараланған жігіттер мен оққа ұшқан аттарды айтпағанда, басқасы дін аман. 
Олар еңселерін жаншып келе жатқан уайым мен қайғыны бір сәт ұмытса да, 
алдарында тағы қандай тағдырдың күтіп тұрғанын білмейтін еді. 
 
* * *  
Абайдың  «сенімді  ағасы»  саналған  Құсайын  мен  Қамза  өздеріне  жәдіктің 
иесі  есептелетін  Сабырбай,  Көки  бастаған  Қали,  Сағидолла  секілді  бір  топ 
адамды қосып алып, Қаптықтың бір дарасына бекінген Құдабай ауылына келіп 
түсті.  Жайшылықта  болса  көлденең  көк  аттымен  қару  кезеп  тұрып  қана 
сөйлесетін  Құдабай  бұл  жолы  Сабырбай  мен  Көкиді  көрген  соң  жүні 
жығылып, қонақтарына қошеметпен қарады. Олар келе салып: 
–  «Сүт  сұрап  келіп  шелегіңді  жасырма»  деген  сөз  бар,  Құдабай,  сені  ел 
тентек  дегенмен  де,  тентектің  де  иесі  болады.  Иең  –  бізбіз.  Жақсылығыңды 
асырып,  жамандығыңды  жасырғаннан  басқа  бөтен  ойымыз  жоқ.  Шың 
дубаннан  Абайға  телеграмма  келген  екен.  Онда  «Құдабай  Қасымды  бізге  өз 
қолымен  тапсырып  берсе,  он  мың  бас  мал  ұрлап,  жиырма  адамның  қанын 
төккен  болса  да  қылмысты  ат  тағылмайды,  кешіріммен  қараймыз.  Егер  оған 
көнбесе,  біреуі  ғана  емес,  екеуі  де  қылмысты  ретінде  жазаланады»  депті. 
«Шоқты  кім  ұстаса,  соның  қолы  күйеді»  деген.  Енді,  міне,  екеуің  үшін  біз 
күйіп отырмыз. Басың екеу болмаса Қасымды бізге тапсырып бер, жамандық 
көрмесіңе біз кепіл боламыз, – деді. 
Бір  сәт  түнеріп  үнсіз  отырған  Құдабай  кереге  басында  ілулі  тұрған 
мылтығына бір жалт қарап алып, орнынан қозғалақтап кетті: 
– Бұтаны паналаған торғай да аман қалады деуші еді. Мен сонда бұта құрлы 
болмай отырмын ба?! 
Үй  ішіндегілер  оның  оқыс  қылық  көрсетуінен  тіксінейін  деді.  «Егерде 
бөтен қылық байқалса, сақ тұрыңдар» деп бір белдің астына қалдырған Ғопыр 
бастаған үкімет сақшыларын естеріне алысып, есікке қарағыштай берді. Қали 
майда үнмен мамырлай тіл қатты: 
–  Жәдіктің  иелері  болып  біз  алдыңа  бекер  келіп  отыр  дейсің  бе.  Бір 
Қасымға бола ертең бүкіл ауылды қанды қасапқа ұстаса оған басыңмен жауап 
бере  аласың  ба.  Біздің  бетімізді  қайтарып,  ағайынның  алакөзділігіне  қалсаң, 
оның орнын немен толтырасың. Әлде жаныңдағы жақын жәдігіңнен қаңғырып 
келген қарақшы меркітті артық көріп отырсың ба?! Егер төбемді көкке Қасым 
жеткізеді  десең  оны  да  көрейік!  Қазақта  «жақыныңды  өкпеге  қисаң  да, 
жамандыққа қимайсың. Жамандыққа қисаң да өлімге қимайсың» деген аталы 
сөз  бар.  Біз  сенің  ауылың  мен  қатын-балаңның  қамын  ойлап  келіп  отырмыз. 

Ендігі  төрелік  өзіңнен,  біздікі  –  айтып  қарыздан  құтылғандық,  –  деп 
отырғандарға жағалата бір қарап алып, Құдабайдың бетіне тесілді. 
Құдабай қайтерін білмей тыпыршып кетті. Ең соңында: 
–  Мен  сіздерді  де  ойлаймын.  Елді  де  ойлаймын.  Рас,  патшаның  жарлығы, 
жандарыңыз тәтті, соны ойлап отырған боларсыздар.  Қасымды ойласам, оған 
да  жаным  ашиды.  Әкелері  Жайсаңдағы  бодан  керейдің  арасынан  қашып, 
Сауырға  келіпті.  Өзі  онда  да  байыздап  тұра  алмай,  Еренқабьрға,  Боғдаға 
барғанда  да  жолы  болмағанын  білесіздер.  Сары  ізіне  шөп  салған  үкіметтің 
пәрменінін көтеріп келіп, сіздердің айтып отырғандарыңыз мынау. Соқа басын 
қанша алып қашса да соры арылмаған бейбақ екен. Ең жақсысы, бұл мәселеге 
Қасымның  өзі  жауап  берсін.  Мен  алдарыңызға  шақырып,  қарызымнан 
құтыламын.  Өздеріңізге  ерекше  ескертерім  –  осыны  айтып  отырған  сіздер 
және сіздерді жұмсап отырған үкімет сөзінде тұрса болды, – деген кесім айтты. 
Әрі бір бала жігітті Қасымды шақырып келуге жұмсады. 
Бағанадан әңгімені үнсіз тыңдап, түнеріп отырған Боқай деген атпал азамат 
орнынан көтеріліп, бір тізерлей отырды да: 
–  Құдабай,  мен  саған  баяғыда-ақ  «сол  Қасымды  жолатпайық,  қосып 
алмайық»  деп  едім.  Көнбедің.  Қосып  алдың.  Ал  енді  өзіміз  жабысқандай 
болып  қосып  алған  адамды  өзіміз  ұстап  береміз  бе?  Тірі  болсақ  бір  төбеде, 
өлсек  бір  шұңқырда  боламыз  деген  сертіміз  қайда?  Шың  Шысай  мен  Абайға 
қай бетіңмен сеніп отырсың? Бүгін Қасымды ұстап бергеніңмен, ертең Абай өз 
басыңа ауыз салады. Осыны неге білмейсің?! – деп бұрқырады. 
Боқайдың сөзінен кейін Сабырбай мен Мамырбай да: 
– Қабырғаларыңмен ақылдасып, қапысыз іс қылыңдар. Артынан бір өкініш 
болып, обал-сауалдарың біздің мойнымызда кетпесін, – дегенді ескертті. 
– Мықтысы мықты неме, – деп күрсіне міңгірледі Құдабай, – дегенмен де, 
кей  қылығы  өз  ішімді  де  түйней  береді.  Қоңсы  отырып  қорадағы  қойға  ауыз 
салатын  қолының  суықтығы  да  бар  екен.  Бір  адамға  бола  бүкіл  елді  оққа 
байлап берсем, ол жағы да оңай болып тұрған жоқ. «Олай тартсам – өгіз өледі, 
былай тартсам арба – сынады...». 
«Үйге  қонақ  келіп,  Құдабай  шақыртып  жатыр»  деген  соң  Қасым  қалың 
топтың  ортасына  өзі  келді.  Қақпақ  жауырынды,  еңсегей  бойлы  Қасымның 
қоңырқай  жүздерінен  мысқыл  көрінді.  Сәлемнен  кейін  отты  жанарын 
төрдегілерге қадап: 
–  Бұйымтайларыңызды  білсем  де,  қатынға  ұқсап  қашпайын  деп 
алдарыңызға  өз  аяғыммен  келдім.  Мен  үшін  елдің  де,  Құдабайдың  да  кінәсі 
жоқ.  Кісі  өлтіріп,  почта  тонады  деген  айыппен  түрмеге  салып,  жазықсыз 
шырылдатқан соң Шың Шысайдың бес бірдей адамын өлтіріп, қашып келгенім 
өтірік емес. Қолыммен істегенді мойныммен көтеремін, – деп айбаттанды. 
Үй  ішіндегілер  қозғалақтап  кетті.  Әншейінде  аттыға  жол,  жаяуға  сөз 
бермейтін Құдабай да сазарған күйі жақ кірісін ашпады. 
–  Құдабай,  сені  білемін,  екі  оттың  ортасында  тұрсың.  Мен  үшін  жасай 
алмаған бір ерлігіңді сен үшін мен жасайын. Мені іздеп отырған Шың дубанға 
апарасыңдар ма, Абайға тапсырып бересіңдер ме, бәріне дайынмын. Мен үшін 

елді  қинамаңдар,  тек  менің  жеке  басыммен  ғана  санассаңдар  болғаны.  Алла 
берген  жанды  Алла  алады.  Оны  қызыл  түлкісімен  бұлаңдаған  Құсайын  да, 
қанжарынан қан тамған Құдабай да, әбжыланша арбаған Абай да ала алмайды. 
Ерте  ме,  кеш  пе,  ажалдан  қашып  құтылған  ешкім  жоқ.  Неден  қорқайын. 
Құдабай,  есіңе  ерекше  саларым:  өзіңе-өзің  сақ  бол.  Бұларға  екінші  сенуші 
болма!  Мені  ұстауға  батылдық  еткен  аға-бауырың  ертең-ақ  саған  да  ауыз 
салады.  Нағашылық  жақындығыңа  ғана  емес,  алыстан  естілген  ат-атағыңа 
жығылып, ер жігіт қой деп келіп едім. Боғда мен Қаптықтың қос көкжалы бір 
дарада табысып едік. Амал жоқ. Алланың салғанына көнеміз. Соңғы айтарым, 
ендігі жерде тас босағада табысып жүрмейік! – деді Қасым. 
Құсайын бастаған топтың сақасы алшысынан түсті. Қанымызды төге ме деп 
қалтырап  келгенде  Қасым  өздігінен  беріліп,  олжалы  қайтты.  Солай  болса  да 
Құсайын: 
–  Құдабай  алды  бар,  арты  жоқ  жайдың  бұлты  сияқты  тез  айнығыш, 
алаңғасарлау  неме  еді.  Қасымды  ұстап  берген  болып  бізді  жолға  салып 
жіберіп, бір бұрымды айналып келіп тап бергеннен тайынбайды, – деп бірнеше 
сенімді жігіттерін артқы қарауылға қалдырып, аса сақтық танытты. 
Олар  жол-жөнекей  түнге  ұрынып,  Жеңісханның  үйіне  қонаққа  түсті. 
Жеңісхан болса – Елісханның ұлы әкесімен бірге туысатын Қамысбайдың ұлы. 
Қасымның ерлігін сырттай естіп, бір көруге зар болып жүретін. Қонақтарына: 
–  Құдайы  қонақ  болсаңыздар  да,  іздесе  таппайтын,  шақырса  келмейтін 
сыйлы адамдар екенсіздер. Кештен қалған түннен қорықпайды. Сіздерді мұнда 
түсірген біздің үйдің дәмі ғой. Жата-жастанып таңертең бір-ақ аттаныңыздар, – 
деп жабысты. Құсайын алды-артына жалтақтап: 
– Кеткеніміз жөн еді, – деп қипақтап еді, сөзге Қасым араласты: 
–  Мен  қашқым  келгенде  Дихуаның  тас  түрмесін  бұзып,  Шың  Шысайдың 
шеріктерін қырып тастап қашып кеткенмін. Бөтен ойым болса ауылдың өзінде-
ақ  бірнешеуіңді  жайратып  салып  қашып  кетер  едім.  Сіздерді  жерге 
қаратпайын, жаман атты қылмайын деп келе жатырмын. Қашқым келген күні 
Абайдың  өз  қолынан  қашамын.  Қазірше  ондай  ойым  жоқ.  Менен 
қорықпаңыздар, – деді. 
Екі  бірдей  еркек  қойын  қатарынан  жайратып  салған  Жеңісхан  басқалар 
дәрет сындырып сыртқа шыққан бір орайда Қасымға: 
–  Қарағым,  мына  сый  ана  атқа  мінерлер  үшін  жасалып  жатқан  жоқ. 
Кәпірлердің тұмсығына қан қатырып, десін басқан өзіңдей ерге деген құрметім 
ғой.  Қайда  жүрсең  де  аман  жүр.  Алла  жолыңды  оңғарсын.  Жолдасың  Қызыр 
болсын. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді. Жасыма. Менің Елісханым да 
өзіңдей ер боп жетіліп келе жатыр еді. Алысқа кетті. Не күйде жүр екен деші. 
Алды-артымызды  түгендеп,  ес-ақылымызды  жисақ,  біз  де  солардың  артынан 
кететін  сияқтымыз.  Бәрің  де  ел  үшін  туған  ерсіңдер,  алған  беттеріңнен 
қайтпаңдар! – деп ақ батасын арнап, ағалық ықыласын ақтарды. 
Ылғи да атыс-шабыс, қанды барымта, қудалаумен күн өткізіп келе жатқан 
жетімек жігіттің жанкешті ғұмыры ішқұсалықпен, кекпен өтіп, мынадай жылы 

сөзді  естімегеніне  де  талай  болыпты.  Жүрегі  езіліп,  көңілі  босаса  да  көз 
шанағына толған көлдей жасты көрсеткісі келмей, теріс айналды.  
 
* * *  
Түрме.  Қасым  Дихуада  көрген  суық,  сыз  камераға  қарағанда,  сабан 
төселген, жайсыздау болса да жатын орны бар, кірпіштен қаланған түрме екен. 
Қол-аяғына  ауыр  кісен  салынған  ол  қабырғадағы  көздей  тесіктен  ғана 
сыртқа  сығалайды.  Оқта-текте  бұрышқа  қойылған  темір  шелектегі  дәретін 
төктіру  үшін  далаға  шығарады.  Бірде  ол  сыртқа  шығып  жүріп  сақшының  ат 
қорасын  тазалап  жүрген  інісін  көріп,  қайран  қалды.  Өз  көзіне  өзі  сенбей 
мазасы  кетті.  Сөйтсе,  ол  да  өзімен  көршілес  камералардың  біріне  қамалған 
екен.  Түнде  қамақуда  болғанымен  күндіз  қол-аяғын  еркін  қойып,  жұмысқа 
салатын көрінеді. 
«Қап,  мына  иттер  менің  ғана  түбіме  жетпей,  Құдабаймен  көрші  отырған 
бала-шаға, үй-ішімді де мықтаған екен ғой» деп тістенді. Талайдан бері қарай 
«сабыр түбі – сары алтын» деп бәріне үнсіз төзіп келе жатыр еді. Інісін көріп, 
іші  өртенді.  Тауы  шағылып,  тағаты  таусылды.  «Кәпірлердің  пиғылы  жаман 
екен.  Өз  басыммен  ғана  кетпей,  тұқымымды  тұздай  құртпақшы  екен  ғой. 
Өлсем де қашып өлейін. Енді қашпасам, бұл жауыздар Дихуаға Шың Шысайға 
тапсырып берер» деген күдікке маталып, орайлы сәтті күтті. 
Маусымның қапырық ыстық күндерінің бірінде мұны дәретке жалғыз ғана 
шерік  айдап  шығарды.  Қытайлардың  әр  күні  түсте  мызғып  алатын  әдетін 
ертеден  ішіне  түйіп  жүрген  Қасым  айналасына  ұрлана  қарап  еді,  ешкімнің 
қарасы көрінбеді. Дәретхана босағасында тұрған күзетшіні кісенімен жалғыз-
ақ  ұрып  жамсатты.  Оның  жанындағы  кілтті  алып,  аяқ-қолын  да  босатып 
үлгерді.  Ат  қора  жаққа  қарай  баспалай  аяңдағаны  сол  еді,  малдың  қиын 
қопарып  жатқан  інісі  мұны  көре  қойып,  жүгіріп  келді.  Оның  қолындағы 
күрекпен дәретхананың қабырғасын лезге тесті де, сыртқа атып шықты.  
«Қасым қашып кетіпті» деген хабар Баркөл жамбылын дүрліктіріп жіберді. 
Маңайындағылардың жер-жебіріне жеткен Абай тұс-тұсқа адам шапқылатып, 
шұғыл  тінту  жүргізсе  де  Қасымның  дерегін  біле  алмай,  аяғын  қақпанға 
алдырған арландай аласұрды. Ертесі қаланың оңтүстігіндегі аудан жамбылын 
қоршаған жалпақ дуалдың үстінен олардың киімі табылды. «Біреуің шығарып 
жібердіңдер», – деп Абай талай жанның тақымына қылбұрау салды. Қасымның 
өзі  түгілі,  көлеңкесі  де  жоқ.  Тек  ол  туралы  аңыз-әңгіме  ғана  ел  ішінде  гу-гу 
етеді. 
–  Қасым  қол-аяғындағы  кісенді  бұрап-бұрап  үзе  салыпты  да,  күзетшілерді 
ұрып жығып, тапа-тал түсте қашып кетіпті. 
– Әй, ол тегін адам емес. Ақ сайтаны бар оның. Ондай бір кереметі болмаса 
қалың  күзет,  қайшалысқан  әскер  мен  сақшының  арасынан  қалай  құтылып 
кетті. 
–  Ол  тауға  бекініп,  өзіне  серік  іздеп  жүрген  көрінеді.  Жанына  Құмылдан 
қашқан  бірнеше  ұйғыр  қарақшылары  келіпті  дейді.  Олар  көп  ұзамай  аудан 
жамбылын шабады екен. 

–  Қасым  қашып  қайда  барушы  еді,  ол  бір  барса  Зайып  тәйжінікіне  барған 
болуы  керек.  Зайыптың  үйінің  қора  жағынан  бір  қос  пайда  болыпты  дейді. 
Күндіз кемпірі қостың алдында жіп иіріп отырады екен. Сол қос тегін емес. 
Шеріктерді  бүкіл  тау-тасты,  ауыл-ауылды  тінтуге  жіберген  Абайды 
елеңдеткені де соңғы сөз болды. Зайып тәйжінің ауылына ашық және жасырын 
түрде барған барлық жансыздары да жырғатқан ақпар әкеле алмады. 
Шілденің соңын ала Құмылға жиынға аттанған Абай жол-жөнекей он неше 
шерігімен  Зайып  ауылына  келіп  түсті.  Бір  жағы  қыр  көрсетіп,  бір  жағы  сыр 
суыртпақтап,  әдейі  осылай  істеген  еді.  Абай  Баркөлге  келгелі  оның  алдынан 
шығып, құрақ ұшпаған жалғыз адам да осы Зайып болатын. 
Күндіз тауға қарағайдың арасына жасырынып, түнде қой қораның шетіндегі 
қосқа  келіп  паналап  жүрген  Қасым  Абай  келе  жатыр  дегенді  естігенде 
Зайыпқа: 
– Мен ол сұмның көзін құртамын. Абай өлмейінше қазаққа күн жоқ, – деп 
тісін қайрады. 
– Ойбай-ау, оны қалай өлтірейін деп едің? – Зайып ошарыла қарады оның 
бетіне. 
– Қалайы бар, атып өлтіремін! 
– Онда бәріміздің басымызды оққа байлап бермейсің бе. 
– Не сіздің ауылға келе жатқанда, не аттанып бара жатқанда атамын. 
–  Бұл  соңғы  бекімің  бе?  Онда  былай  болсын.  Бүгін  кеште  қонағаға  біздің 
үйге түседі. Сен тау басынан оның атын, киімін бәрін әбден танып ал да, ертең 
Құмылға аттанып, Көшеті сайын өрлейді. Жолдан тосып, сонда қамданып қал. 
Есіңде болсын, ол да оңай алдыратын аңғал жау емес. Өзіңе өзің өте сақ бол. 
Және  де  жазатайым  жіберіп  жүрме,  ол  өле  қалса  жақсы,  өлмесе  басқаларға 
пәлесі тиеді. 
Абайлар Зайып ауылына кешқұрым келіп түсті. Малдың батасына ұсталған 
қойдың  қап-қара  екенін  көрген  Абай  не  дерін  білмей  жалтақтай  беріп  еді, 
Зайып: 
–  Қара  қойы  несі  деп  ойламаңыздар.  Біздің  босағамыздың  баяғыдан  келе 
жатқан  ырымы  солай,  жақсы  көрген  қонаққа  көмірдей  қара  қойға  бата 
жасатқызамыз,  –  дей  салды.  Абай  қолын  жайып  қасындағы  Қамзаға  қарады. 
Қамза: 
–  «Қазақ  ырым  етеді,  ырымы  қырын  кетеді»  деген.  Алла  берген  алал 
малдың бәрібірдей, – деп, батаны өзі жасай салды. 
Сөз арасында Абай кесек бітімді Зайыптың дөңгелек жүзіне жарасқан отты 
жанарына сынай қарап: 
– Қасымның қайда қашып жүргенін біле алдыңыз ба? – деп сұрады. Зайып 
кірпігін қақпастан көзін Абайдың өңменінен өткізе қадап: 
–  Оны  ұстаған  сіз  білмесеңіз  мен  қайдан  білейін.  Сондай  істерге  көңіл 
аудармайтын  бір  жаман  әдетім  бар.  Малымды  құрттап,  айранымды ұрттап өз 
алдыма жүргенді жақсы көремін. Егер сыбыс бірдеме біліп жатсам сізге тізгін 
ұшында хабар жеткізейін, – деп жайбарақат жауап берді. 

Қасымды осында болар деген күдігінен қайтпаған Абай түнімен дөңбекшіп, 
тыныш  ұйықтай  алмады.  Таңға  жақын  көзі  ілініп  кеткен  екен.  Түс  көріп, 
шошып оянды.  
Қап-қараңғы  тұңғиықта  көзін  аша  алмай  тырмаланып  жатыр  екен.  Әлгі 
тұңғиық  –  қара  шүңет  өзінен  алыстағандай  болғанда  ғана  әзер  байқапты. 
Зайып пен  Қасым  киіз үйдің  есігіне  зеңбірек  орнатып,  оның үңірейген  аузын 
Абайдың тұмсығына тіреп қойыпты. 
Өз түсінен өзі серги алмаған Абай атқа ерте қонды. Ойына не келгенін кім 
білсін, ауылдан ұзап, Көшетінің аузына ілінгенде: 
– Түнде жаман түс көрдім. Оның үстіне Зайыптың қылығы маған жақпады. 
Қара  мал  сойғанымен  қоймай,  таңертең  аттандырып  жатып:  «қош бол,  інім!» 
дегенде  көздеріне  қан  толып,  қып-қызыл  болып  тұрғандай  көрінді.  Сақтықта 
қорлық жоқ. Атым мен киімімді біреуіңе ауыстырып алайыншы, – деді. Дене-
тұрқы Абайға жақындау келетін Қымызбай деген жігіт жағатсудың орайы осы 
деп білсе керек: 
– А дутұң*, қайдағыны айтады екенсіз. Алаңдасаңыз, атыңызды мен мініп, 
киіміңізді мен киіп алайын. Сіз үшін өлсем арманым жоқ, – деп жалбырақтады. 
Адамның аузындағы сөз періштенің құлағына шалынып, Алланың назарына 
ілігетіні рас шығар. Топ ирелеңдеген ұзын сайдың аузына таяп қалғанда кенет 
«шаңқ» еткен мылтық даусы шығып, Қымызбай мұрттай ұшты. 
Жаны мұрнының ұшына келген Абай өлген адамға қайырылып қарауға да 
мұршасы келмей, Баркөлге қарай тұра шапты. Түнделетіп әзер жеткен ол аудан 
жамбылының  есігін  мықтап  жапқызып,  таң  ата  сақшылар  мен  ел  адамдарын 
сирағынан суырып алды: 
– Өңкей тоғышарлар, жау иегіміздің астында жүрсе де көрмейміз. Қасымды 
құтылдырып  жіберген  де,  оған  қару  беріп  құтыртқан  да  өздеріңсіңдір,  –  деп 
байбалам салды. 
Жұрт әңкі-тәңкі болып отырғанда жиын залының есігі «шарқ» етіп ашылып, 
өңі қан-сөлсіз қуарған Жамал дейтін ұйғыр кіріп келді. 
– Қасым, Қасым келді. Қасым келіп... – деп біреу қылқындырып тұрғандай 
тұтыға тіл қатты. 
Не болғанын білмей шошынған Абайдың көзі алақандай болып кетті. 
– Не, не дейсің? Оттап тұрған Қасымың не? 
– Қасым келді. Қасым келіп, әне, әне, қуыңдар. Қатын-баласын алып қашып 
барады. 
Жұрт сонда да түсінбей аң-таң күйге түсті. Сақшылар құралдарын көтеріп, 
сыртқа жүгірді. Айтарға болмаса бәрінде үрей қалмады.  
Әңгіменің  төркінін  Абай  ғана  түсіне  қойды.  Қасымды  ұстаған  соң,  оның 
інісін де қаматып тастап, әйелі мен баласын Жамал деген ұйғырдың қарауына 
бақылап ұстауға тапсырып берген болатын. Ол енді Жамалдың жағасынан ала 
түсті: 
– Қортық неме. Не деп көкіп тұрсың? Қасым келді дейсің бе? Қатыны мен 
баласын алып қашқанда сен айға бата жасап отырдың ба?! 

– Ойбай, тақсыр, не болғанын мен де білмей қалдым. Атқа мінген біреулер 
шақырып  тұр  деген  соң  сыртқа  шықсам,  бір  атты  қазақ  тұр.  Түрі  таныс 
болғанымен, тани алмай жақындай беріп едім, көшенің басында бір әйел мен 
баланы жетектей шауып бара жатқан біреуді көрсетіп: 
– Қасымның әйелі мен баласы қашып бара жатыр, – деді. 
.................................................................................. 
*  
А дутұң – аймақ бастығы Абай дегеннің қысқарған түрі
  
 
–  Ойбай,  тоқтаңдар,  тоқтаңдар!  Сақшы  шақырыңдар,  –  деп  быжалақтап 
айқайлағанымда ол қарқылдай күліп: 
– Ей, ақымақ. Оданда сақшы мекемесіне жүгір, әйтпесе басыңа пәле тауып 
аласың. Абайға менен сәлем айт, мен Қасыммын! – деді. 
Абай  не  дерін  білмей  өңі  боп-боз  болып  тұрып  қалды.  Кешегі  өзін  атқан 
Қасымның  ізінше  қуып  келіп,  дәл  бүгін  шу  шығаратыны,  қалың  елді  қақ 
жарып, тал түсте қатын-баласын алып қашып кететінін ойлаудың өзі қиын еді. 
Абай Қасыммен ғана тынған жоқ. Ол отырған түрмені бос қойғысы келмесе 
керек, жәдіктер жағын тағы да шақырып алып: «Енді Құдабайға ие болыңдар, 
екеуі қосылып алып кесел шығарып жүрмесін» деп дікеңдейді. Сабырбайұлы 
Құсман: «Қасымды ұстап бер дедің, ұстап бердік, енді бізге не қыл дейсің?!» 
деп  тік  келеді.  Ендігі  жерде  Абай  бастаған  үкімет  сойылын  соғарлар  Құсман 
мен Құдабайды қатарынан ұстауға кіріседі.  
Алдымен  бейқам  жүрген  Құсманды  тарпа  бас  салады.  Бірақ  оны  бірден 
түрмеге  тықпай,  «бізге  көмектесуге  керек»  деген  сылтаумен  мырзақамаққа 
отырғызды. 
Құдабайдың  ұлы  Қақанды  қайта-қайта  шақырып  сеніміне  бөленген  соң: 
«әкеңнің  қадірін  білмеп  едім.  Қасымды  ұстап  бергенде  сыйлық  ұсынуды  да 
ұмытып  кетіппін.  Батырдың  кәріне  жолықтым  ба,  білмеймін.  Енді  соның 
тақсыретін тартып, елді үркітіп алдым. Маған да мықты жолдас керек. Үйден 
келіп дәм татсын, дос болайық!» деп жығыла жабысты.  
Баласының  сөзіне  сенген  Құдабай  торға  өзі  келіп  түсті.  Қасым  жатқан 
камераға  азғана  күн  түнеді  де,  Шың  дубанның  темір  қапасына  –  Дихуа 
түрмесіне жөнелтілді. 
Өзіне келетін сұмдықтарды алдын ала сезген Құсман әкесімен астыртын тіл 
біріктіріп, сырттан келген көмектің арқасында қамаудан қашып шықты. 
 
* * *  
Абайды өлтіре алмағанын білген Қасым ақыры тәуекелмен қатын-баласын 
алып, Зайып ауылына келді. Зайып болса қашанғы сабырлы өңінен жазбай: 
– Оқасы жоқ, балам. Ондай-ондай болады. Қайта Абайға өте жақсы сыйлық 
жасадың. Енді аяғын байқап басады. Бұл үкіметке де, оның қолшоқпарларына 
да сенім жоқ. Елісхан елден жырыла көшкенде бөлініп бекер-ақ қалған екенбіз. 
Қайран сабазым-ай, осының бәрін баяғыда-ақ білген екенсің ғой, – деп көзіне 
жас  алды,  –  енді  сол  Елісханның  сөзін  мен  де  қайталағым  келіп  отыр,  бұл 
қытайлармен  Шың  Шысаймен  жағаласып  өлгеннен  басқа  жол  қалған  жоқ. 

Қазір қол астымда үш жүзге тарта жасақ бар. Сен соларға ие бол. Мына бейбіт 
ел,  бейбіт  күнді  енді  қайтып  көре  аламыз  ба,  жоқ  па.  Сен  келіп  ортамызды 
толтырдың. Қанатыма қанат жалғанды. Дүркіретіп той жасаймын. Абайды да 
шақырамын. 
Зайып  айтқанын  істеді.  Кешегі  күні  Қасымды  іздеп  келіп  елге  тыныштық 
бермеген  Абайдың  шеріктері  тойға  келгенді  қойып,  бұл  маңға  аяқ  басуға 
жүрексінді.  
Қасымның басына алты қанат ақ үй көтерген Зайып: 
–  Бұл  менің  отау  шығарған  тойым  ғана  емес,  ел  мен  жермен  қоштасуым. 
Қара  қойдың  қанына  қол  матырып,  Шың  Шысай  зұлыммен  қарсыласып 
өтетініме жасаған антым! – деді. 
Зайып  ауылының  көшкелі  жатқанын  естіген  Тұңғышбай  да  өз 
қарамағындағы елді бастап, көшу қамына кірісті. 
Елмен, жермен қоштасқан жұрт ұлар-шу жыласып жатыр. Қанша дегенмен 
қарға тамырлы қазақ, біреудің жиені, біреудің нағашысы дегендей қалып бара 
жатқандар да аз емес. Елге басу айтқан Зайып Қасымға бұрылып: 
–  Көштің  бұйдасын  Елісханның  соңына  қарай  жетекте.  Не  көрсек  те 
солармен бірге көреміз, – дегенді айтты.  
Туған  жерінен  айырылған  тағы  бір  көш  қорғасындай  көз  жастарын  кіндік 
қаны тамған қасиетті даласына тырс-тырс тамызып, атамекендерінен алыстап 
бара жатты. 
 
* * *  
1937  жылдың  алғашқы  айларындағы  сары  шұнақ  аяз  әрнеге  үреймен 
қарайтын  қыр  елін  одан  ары  бүрістіре  түсті.  Өткен  тышқан  жылында  Баркөл 
өңірінде жүз берген қатты жер сілкінісі мен сел апатын да жұрт жамандықтың 
нышанына  жорып  еді.  Ол  аз  болғандай,  күзде  күн  тым  ерте  суытып,  қырау 
үсігімен  басталған  қыстың  қаһары  да  қатты  болды.  Сиыр  жылын  сиырдың 
мүйізіндей  қаттылғымен  есіне  қалдырған  халықтың  үмітінен  күдігі  басым 
болды. 
Дәл  осы  «қанды  отыз  жетінің»  ақпан-наурыз  айларында  Москвада  өткен 
Коммунистік  Партияның 
кеңейтілген  мәжілісінде  Сталин:  «Халық 
жауларымен,  үкіметке  қарсы  болғандармен  күресте  ымырашылдық,  сын-
тәрбие сынды ескі әдістен көрі, түп-тамырымен құрту, талқандау секілді жаңа 
әдістер  керек»  деп  айқұлақтанды.  Осы  бір  ауыз  сөз  қарамаққа  жай  айтыла 
салғандай  көрінгенімен,  талай  халықтың  тамырына  балта  шапты.  Соның 
ішінде,  қазақ  ұлтының  сорпа  бетіне  шығар  адамдары  мен  ел  серкелерін 
құртуда орны толмас өкініш пен зұлмат арқалап келді. 
Сталиннің демімен көтерілген болмашы бу боранға айналып, оның ымымен 
жұмыс жүргізіп келген Шың Шысайдың бойына да зор қуат бітті. Осы жылы 
шілдеде Жапония қытай аумағына қарулы шапқыншылық жасап, Кеңес Одағы 
мен Қытайдың тұтасып жатқан шығыс қақпасы қатарынан өртке орану қаупіне 
түсті. Дәл осы кезде ішкі жақта гоминдаңшыл қара қытайлар мен коммунистік 
қызыл қытайлар да қырқысып жатқан болатын. 

Міне, осындай тайталасқа түскен шешуі күрделі жұмбақ әлемнің арасынан 
суырыла  көтерілген  Шың  Шысайдың  жеке  ұшағы  тамыз  айының  жанға 
жағымды бір күні Қызыл алаңға келіп қонды.  
Барлығына  темірдей  тәртіппен  қарайтын  сталиндік  жүйе  Шың  Шысайды 
бір емес қатарынан үш рет қабылдады. 
Әсіресе, оның «түп-тамырымен құрту, талқандау» өнерін өз ауызынан естіп 
қана  қалмай,  істеп  жатқан  жұмысының  нәтижесін  көзбен  көру  бақытына  ие 
болуы  Шың-ның  үлкен  табысы  болды.  Сталин  не  көремін,  не  білемін  десе 
қолынан  қақпады.  Қылышынан  қан  тамған  империяның  құдіреттене  түскен 
жеңісті  іс-әрекетіне  куә  болды.  «Шіркін,  Шынжаңды  да  осындай  кіші  Кеңес 
Одағына айналдырсам» деген тәтті қиялы көздерінен көрінсе керек. Ол ойын 
тез аңғарған қожасы: 
–  Әрине,  –  деді,  –  әрине,  Кеңес  Одағының  кемелді  тәжірибелерін 
Шынжаңға  көшіріп  қолдануға  неге  болмасқа.  Өзің  әңгіме  арасында  айтып 
қалған ұйғырлар мен қазақтардың мәселесі – біз үшін кішігірім іс. Өзбекстан, 
Қырғызстан,  Қазақстан  жерлерінде  де  мұндай  оқиғалар  көп  болған. 
Далалықтардың  ішінде  қазақтар  тіптен  жаман  ғой.  Қазақстан  жерінде  де 
менменсіген  талайы  болды.  Адал  коммунист    Исаевич  Голощекин  жолдасты 
білесің.  1925  жылы  Қазақ  өлкелiк  комитетiнiң  бiрiншi  хатшылығына 
тағайындалған.  Қазақ  жерінде  жеті-сегіз  жыл  ғана  жұмыс  істеді.  Бір  жолы 
маған ондағы жағдайдың мәз еместігін, адамдардың қырыла бастағанын айтты. 
Мен:  «ол  сары  пәлелерден  тек  сондай  жолдармен  ғана  құтылуға  болады, 
аянба!»  деп  оған  дем  бердім.  Обалы  қане,  аянған  жоқ.  Талайын  тақымында 
ойнатты.  Бұғалыққа  көнбегенін  буындырып  өлтірді.  Асаумын  дегенін 
жуасытты. Әлі де талайын ноқталап жатырмыз. Бұл халыққа ақыл айтып, тең 
сөйлесу жараспайды. Бұларды тұқыржылатып құлдықта ұстау, құрту жолымен 
ғана  аластауға  болады.  Сен  даланың  жыртқыш  аңдарын  үй  жануарына  қалай 
айналдырамын  деп  ойлайсың?!  –  Сталин  қорқарын  құшырлана  сорып,  Шың 
Шысайдың  бетіне  түтін  арасынан  түнере  қарап,  мұртынан  жымиды.  Ұзын 
найын күлқағарына тықылдатып тұрып, өз сұрағына өзі жауап берді: – Әрине, 
ол  өзгермейді.  Егер  қасқырды  қолда  бағып  күшігі  туған  күні  енесін  өлтіріп 
тастап,  күшікті  қолға  үйретсең,  енесінен  гөрі  көнпіс  болады.  Дегенмен  де, 
абайламасаң  ол  да  өзіңді  жаралаудан,  жарып  тастаудан  тайынбайды.  Мүбәда 
қолыңда  өскен  сол  күшікпен  үйіңдегі  итті  қосып,  екеуінен  туған  күшікті 
бақсаң, ол саған адалдықпен қызмет ететін болады.  
Өзі  Құдайдай  табынатын  адамның  жүйеге  жеткізіп  айтқан  ақылы  Шың 
Шысайдың көңіліне жылқы майындай жылы тиді. 
–  Дәл  айттыңыз,  Иосиф  Висарионович!  Олар  өте  жаман  халық.  Қазір  сол 
жабайылар Шынжаңға тұрғысы келмей, Ішкі Қытайға қарай қопарыла қашып 
жатыр. 
– Құсты қолда ұстаудың екі түрлі әдісі бар. Бірі – қанат-құйрығын қырқу, 
екіншісі  –  шырғаға  тартып,  жеммен  алдау.  Олардың  тентегінің  қанат-
құйрығын қырық, ақымақтарын шырғаға тартып, қолыңа ұста. Біздің тараптан 
не  керек?  Айтып  отырған  алақандай  Баркөліңде  қанша  қазақ  бар?  Бұл  арада 

тек  қана  батылдық  керек.  Жүректілік  керек,  ал  аяушылыққа  бой  алдырсаң 
құрығаның, бәрібір сені ешкім аямайды. 
Осыларды айтқан қожасы оған тағы да жомарттық көрсетті. 
– Бірнеше жылдың алдында ғана анау  дүңгендерді құртамын дегеніңде он 
ұшақ,  жиырмаға  жуық  танк,  төрт-бес  мың  Қызыл  армия  жауынгерін  берген 
едім.  Қазірге  дейін  біздің  де  көңілімізді  қалдырып  көрген  жоқсың.  Әлі  де 
қалағаныңды  ал,  мақсатыңа  жетсең  болғаны.  Солай  болса  да,  әлі  де 
бергенімізден беретініміз көп,  – осыны айтқан Сталин тағы да аз тыныстады. 
«Бергенімізден беретініміз көп» дегенге салмақ түсіре айтып, «алғанымыздан 
алатынымыз  да  көп»  деп  ескертіп  жатқандай  болды.  Шынында  да,  Кеңес 
Одағы  өз  мүддесін  қорғау  жолындағы  әрқандай  іске  батыл  араласып  келген 
еді. Қытай шекарасының ішіне жасанып кірген Кеңес Одағының Қызыл армия 
жауынгерлері  Жин  Шурын  және  Шың  Шысай  үкіметі  тұсында  көп  мәрте 
көмек көрсетіп, «достарының» мүддесін қорғаудан еш аянып қалған жоқ. Әрі 
«алаған  қолым  береген»  дегендей,  Шынжаңның  алтын-күмісі  мен  асыл  тасы 
кеңестіктердің  қазанына  құйылып  жатқан  болатын.  Осының  бәрін  меңзеген 
Сталин  темекісін  құшырлана  сорып,  сөзін  жалғастыра  берді,  –  Жапония 
шығыста  Манчжурияны  бөліп  алып  қана  тынғысы  жоқ,  Моңғолия  арқылы 
Шынжаңға  ықпал  жүргізуді  де  ойлап  отыр.  Соның  ішінде  қазақтармен  тіл 
біріктіргісі  келуі  әбден  мүмкін,  осы  жағына  абай  бол.  Және  де  коммунистік 
қытайларға көмектесіп, олардың қара қытаймен біріге отырып жапонға қарсы 
тұруын  қолдауымыз  керек.  Қазірше  Шынжаңға  көмек үшін  Қызыл армияның 
ерекше  жасақталған  атты  әскерінен  бір  полк,  әуе  армиясы  күштерінен  бес 
ұшақ дайындатып қойдым. Мұның сыртында қытай қызыл армия қосындарына 
Шынжаң  арқылы  бір  мыңдай  ұшақ,  жүздей  танк  және  көптеген  зеңбірек, 
пулемет, оқ-дәрілер беруді ойластырып отырмыз. Осының бәрін жеткізіп беру 
міндеті  өзіңе  жүктеледі.  Ал  бұдан  басқа  қалағаның  болса  одан  да  бас 
тартпаймыз. Сыйлығымыз аздық етіп жатса, жасырмай айта бер. 
–  Ойбай-ау,  ол  не  дегеніңіз,  қалайша  аздық  етсін.  Осының  өзі-ақ  жетеді. 
Сізге  өмір  бойы  қарыздар  болып  өтетін  болдым-ау,  –  деген  Шың  Шысай 
Сталиннің алдына жүрелеп отыра қалып, тоңқаңдай бастады. 
–  Тұр,  тұр.  Бұл  әскери  адамға  жараспайды.  Сыйымыз  бұнымен  аяқталған 
жоқ.  Ең  үлкен  сыйлықты  әлі  ұсынып  үлгерген  жоқпын,  –  деп  қолын  көтеріп 
еді, жанына жетіп келген көмекшісі қолындағы қос қорапты Сталинге мәпелей 
ұсынды. 
–  Қырық  деген  –  жас  қылыштай  шағың.  Сені  осы  уақытқа  туралап 
шақыруымыздың  да  өзіндік  есебі  бар.  Қырық  жасқа  толған  күніңді  Мәскеу 
сынды  әлемнің  ірі  қаласында  өткізсін  деп  арнайы  сыйлықтар  дайындаттым. 
Туған  күнің  құтты  болсын.  Істегеніңнен  істейтінің  көп.  Жеке  басыңа 
дайындалған  сыйлықтарды  ұшағыңа  тиеп  береміз.  Ал  одан  да  үлкен 
сыйлықтарымыз  бар.  Мына  біреуі  –  сіздің  біз  үшін  істеп  жатқан 
жұмыстарыңыздың  бағасы  ретінде  өзіңізге  арнап  жасалған  «Еңбек  ордені», 
енді  бірі  –  өзіңіздің  өтінішіңіз  бойынша  Кеңес  Одағы  коммунистік 

партиясының  мүшелік  билеті.  Сізді  компартия  мүшесі  болуыңызбен 
құттықтауға рұқсат етіңіз!  
Шынында  Шың  Шысай  бұл  жолы  не  дерін  білмей  көздері  жасаурап  үнсіз 
тұрып  қалды.  Сталиннің  темір  тегеуріні  өзінің  жұқа  алақанын  сықырлата 
қысқанда, қыса берсе екен деген елжіреуік көңіл күймен әзерге тіл қатты.  
–  Рахмет,  рахмет  сізге,  –  деп  оң  қолын  шекесіне  апарып  әскери  құрмет 
көрсетті.  –  Сталин  жолдас,  сізге  деген  алғысым  шексіз.  Тебіренгенімнен  не 
айтарымды да білмей тұрмын.  
Осыны  айтқан  Шың  Шысай  партия  билетін  аялай  ашқанында,  «1859118» 
деген  нөмірі  көзіне  оттай  басылды.  Әсіресе,  «8»-ді  байлық  пен  бақыттың 
нышаны  деп  білетін  қытай  ырымы  бойынша  бұл  қасиетті  сан  еді.  «18»-бен 
басталып,  «18»-ден  аяқтауының  да  үлкен  мәні  бар.  Осының  бәрінің  қырық 
жастық  туған  күніне  орайластыра  жасалып  жатқанының  өзі  қаншалық! 
Миллиондаған  қытай  халқы  мен  оның  көсемі  Жияң  Жиеші  жасай  алмаған 
сыйды үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орыс елін басқарған грузин ұлықтың 
жасағаны жанын ерекше тебірентіп жіберсе керек, көзіне мөлдіреген жас келді. 
Сталиннің  атжақты  кесек  тұлғасы,  отты  жанарына  көрік  берген  қою  да 
қайратты  шалғы  мұрттары  ерекше  айбатты  көрінді.  Әлемде  Сталинге  тең 
келетін  адам  жоқ-ау  деген  ішкі  құрметпен  оның  сұсты  жүзіне  мейірлене 
қарады.  
 
* * *  
Зайып  ауылының  көшіп  келе  жатқанынан  хабар  тапқан  Елісхан  олардың 
алдынан адам жіберді. 
Арттағы  ел  түгел  көшіп  келгендей  мұндағылар  бір  желпініп  қалды.  Арада 
бір жылға жетпейтін аз ғана уақыт өтсе де сағынысып қалғандай шұрқырасып 
жатыр. Елісханмен құшақтай көріскен Зайып тәйжі: 
– Қарағым, «ақыл – жастан, асыл – тастан» деуші еді, көшке ілеспей қалып 
қойып едік, ештен кеш жақсы деген. Кеш те болса артыңнан жетіп отырмыз, –
деді. Сосын Қасымға бұрылып: 
– Мынау – Қасым батыр. Шың Шысай мен Абайдың бұтына қан сидірген 
Қасым  осы,  –  деп  таныстырды.  Қасым  мен  Елісхан  бір-біріне  түс  тоқтата, 
қуана қарасып, қайталай құшақтап көрісті. 
–  Атыңызды  ерте  естісем  де  Баркөлге  кешігіп  келіп,  жұртыңызды  сипап 
қалдым. Зайып ағамыздың да атын естігенім болмаса өзін көрмеп едім. Жауға 
намысын жібермейтін ер деген соң түрмеден қашып барып қолтығына кірдім. 
Кеудемнен  итерген  жоқ,  жатсынбады,  кімсің  деп  те  сұрамады.  Баласынан 
артық көрді. Міне, енді өздеріңізді аман көргеніме Аллаға мың тәубе! 
–  Шың  Шысай  зұлымның  кесірінен  халық  күйзеліске  ұшырады.  Алман-
салықтың  сыртында  әскердің  азық-түлігі  деп  қазақты  шапқанын  қоймады. 
Істің  жөнін  айтып,  шындықты  сөйлегісі  келгендердің  көзін  құртуды  ғана 
ойлады.  Әйтпесе  туған  жер,  өскен  ұямыздан  бөлінбес  едік  қой.  Өздеріңдей 
батырлар  тұрғанда  біз  кімнен  кембіз.  Қосынымызды  сайлап,  қолымызды 

түгендеп  сол  сұмға  аттанатын  күн  туса,  басын  өз  қолдарыңмен  кесесіңдер. 
Қазірше ес-ақылымызды жинап, етек-жеңімізді қымтап алайық. 
Зайып  ауылына  ерулік  үшін  жетектеп  әкелінген  ту  бие  сойылып,  ел 
алқалары қайтадан бас қосты. Зайып: 
– Арттағы елдің жағдайы күн сайын нашарлап барады. «Жаңбыр бір жауса, 
терек екі жауады» демекші, Шың Шысай өкіл еткен қытайлар бізді бір қысса, 
қазақтан шыққан сатқындар екі қысып отыр. Ел іші өріп жүрген тыңшы. Аңду, 
байқамай  сөйлегендер  сұраққа  алынады,  шеттеп  қонғандар  шеріктің 
бақылауында, ел шығар жол таба алмай күйзеліп отыр, – деп сөз бастады.  
Елісхан  кең  иығын  қомдай  көтеріп,  отты  жанарымен  айналасындағыларға 
шола қарады. 
–  Шың  Шысай  қолына  қылыш  алып  бірден  бізге  тап  берсе,  оның  шарасы 
жеңіл  болатын  еді  ғой.  Елдің  өз  ішін  ірітіп  отырмай  ма.  Сіздерден  несін 
жасырайын,  басқаны  былай  қойғанда,  біздің  ағамыз  Қожамбергеннің  өзі  сол 
сұмдардың  бірнеше  реткі  алдауына  түсті.  Бұрын  солардың  үшкіруімен 
әкемнен  ат-тонын  ала  қашқанын  білесіздер.  Өткен  жылы  көшеміз  деп  түп 
қопарылғанда тағы да солардың үгітімен жылыстап қалып қойды. Мен ағамды 
жазғырайын  деп  отырғамын  жоқ.  Сол  секілді  Шың  Шысай  мен  Абай  ауыз 
жаласып, талай жанның көзіне перде тартты. Енді басқасы құрығандай, Абай 
сұмның  алақандай  Баркөлді  керей-найман  деп  екіге  бөліп,  арасына  от  жағып 
отырғанын  көрмейсіздер  ме.  Халық  алды-артын  түсініп,  бар  шындықты 
бағамдап  болғанша  олар  талайының  түбіне  жетіп  үлгереді.  Шіркін,  соны 
өзіміздің  ағаларымыз  білмей  отыр  емес  пе.  Олар  білмеді  екен  деп  битке 
өкпелеп  тонымызды  отқа  тастайтын  жайымыз  тағы  жоқ.  Ендігі  мәселе  – 
арттағы елге үгіт  айтуымыз  керек.  Олар қарсыласып  ештеңе өндіре  алмайды. 
Бірісі  бір,  екісі  екі  қолға  түссе,  қара  халық  торғайдай  тозады.  Ең  жақсысы, 
бәрін көшіріп алайық. 
Елісханның сөзін үлкендер жағы түгел қостады. 
Қожақын: 
– Арттағы елге мен барайын. Алдымен Қожамберген ауылын көшіріп алсақ, 
қалған ел тағы да қозғалады, – деп өзінің бару ниетін білдірді. Қасым: 
–  Рұқсат  болса  мен  барудан  тартынбас  едім.  Шың  Шысай  мен  Абайдың 
арасында  жасырынбақ  ойнап  үйреніп  қалдым  ғой,  –  деді.  Үлкендер  жағы 
жамырай күлісіп: 
–  Қасымды  Аратүрік  жағындағы  көп  ел  тани  бермейді.  Мал  іздеп  жүрген 
жоқшы  болып  сол  жаққа  жетсін  де,  ел  ішіне  үгіт  айтсын,  –  десіп  оның 
барғанын жөн санады.  
Соңғы  байлам  осыған  ойысып,  Елісхан  мен  Зайып  елдің  басты-басты 
адамдарына хат жазып, Қасымды бір топ жігітпен арттағы елге аттандырды. 
 
* * *  
Шың Шысай Баркөл мәселесін тыныштандыруда жалғыз Абайға сенбейтін. 
Сол  үшін  де  ондағы  қыбыр-жыбырды  бақылаған  астыртын  хаттар  мен  радио 
хабарлағыш арқылы жететін хабар-ошарлар үзіліп көрген жоқ. 

Соның алғашқы бірінде мынадай сөздер бар еді: 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал