ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет4/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
 
 

туып,  түзде  түлейді»  деп  білетін  Кәдірбек  ұлдарының  да  кеудесі  тай  жеген 
бөріден  кем  емес.  «Алтай  саған  қалсын,  біз  кеттік»  деп  Баркөлге  қарай 
қотарыла жөнелген. Ат кекілін кесіспесе де іштегі менмендік араны алыстатып 
жіберген.  Бірақ  мынау  дүние-жалған  кімнің  қолында  тұрады.  Алтайға  тұтқа 
болып Мәми де тұрған жоқ. Баркөлді уысына ұстап Әліп те қалған жоқ. Бәріне 
де сол дүниеден, сол даладан бір уыс топырақ қана бұйырды. Ағайынара ала 
жіп  аттамайтын  алтын  Алтайдың  құшағындағы  қаймағы  бұзылмаған  қасиетті 
күндер  алыста  қалды,  тым  алыста...  Кешегі  бір  атаның  балалары  бірімізді-
біріміз танымай, жат болып барамыз. 
Екеуі  құшақтарын  айырып,  бір-біріне  қарап  алып,  қайта  құшақтасады. 
Жанарлары жасқа толғанымен, оны төгуді ар көрген шығар. Алдымен Мәңкей 
тіл қатты: 
–  Арыс  ағаларымның,  арыстан  ағаларымның  алды  иманды,  арты  қайырлы 
болсын,  Алла  тағала  иманын  жолдас  қылсын!  Дұғаларыңыз  қабыл  болып,  ас 
берекелі өтсін! 
–  Мәми  атамыздың  өмірден  өткеніне  ұзақ  болса  да  жарықтықтың  жатқан 
жері  жәннат,  топырағы  торқа  болсын.  Көңкемен  келе  жатыр  деген  соң  үрке 
қарап едік, өзімнің ағам екен ғой. 
– Сендерде не жазық бар, қырғи заман қырына алған соң, бұтаға паналаған 
торғайдай қорғанғандарың ғой. Қайтеміз, ел аман болсын, ұрпақ аман болсын.  
Мәңкейді қолтықтай жетектеген Елісхан өз үйіне бастады. 
Қымызға қанып, қызара бөрткен бір сәтте Елісхан: 
–  Қалса  жәнтекейдің,  асса  керейдің  иесі  болған  қасиетті  төрт  орынның 
бірінен келіп отырсыз. Асты өзіңіз басқарыңыз, – деген өтінішін білдірді. 
– Ағалығымнан қалса бөлелік жағымыз тағы бар. Ата жақтан алыстамасақ 
та бөле жақтан да бөліне алмаймыз ғой. «Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда 
бөле тату» деген бар емес пе, – деп күлді Мәңкей. 
Үлкендер жағы да жамырай күлісіп: 
–  Жөн,  жөн,  табылған  сөз  болды,  –  десті.  Елісхан  сәл  аңтарылып  барып, 
«бөле» дегеннің мәнісін соңында біліп, сүйіне езу тартты. 
Ер Жәнібектің бастауымен атамекені болған Алтай алқабына қайта оралған 
керей  балалары  да  бұл  қонысын  тып-тыныш  иелене  салған  жоқ. 
Жоңғарлардың  қалдығы  саналатын  моңғол  тайпаларының  шонжарлары 
Алтайдың  түңкелі  жерлерін  әлі  басып  жатқан  болатын.  Сөйтіп,  керей 
тентектері жуандығын көрсетіп, алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып, 
моңғолдармен жиі соғысты. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп дегендей, Өр Алтайдың 
балағынан  түсіп  Қара  Ертісті  өрлей  көшіп,  ежелгі  мекеніне  керегесін  қайта 
жайған. Сол соғыстың бірінде ерлігімен көзге түскен Мәңкейдің төртінші әкесі 
Мамыт моңғол қызын олжалаған еді. Кейін осы әйелінен тараған ұрпақты жұрт 
«көктұмақ»  деп  қалжыңдайтын.  Шәкәрім  қажы  бірде  Мәмиге  осы 
«көктұмақтығын»  әзілге  айналдырмақшы  болып:  «Сіздің  нағашыңыз  кім 
болады?» деп сұрапты дейді. Бір жағы әзіл болғанмен, енді бір жағында «кәпір 
қызынан тараған екенсіздер ғой» деген ащы мысқыл арқылы не дер екен деген 
ауыр сын жатса керек. Сонда Мәми еш іркілместен: «Мұхаммед пайғамбармен 

қарын бөле боламыз» деп жауап беріпті деседі. Мұнысы: «нағашымның кәпір 
қызы  екенін  қазбалап  қайтесіз,  мен  түгілі  Мұхаммед  пайғамбардың  анасы  да 
кәпір қызы еді ғой» дегені болса керек. Осылайша, Шәкәрім сөзден тосылыпты 
дейтін аңыз бар. 
1836 жылы Алтайда төрт би сайланғанда Мамыттың ұлы Көкен төрттің бірі 
болып сайланып, сол биліктің соңғы тізгіні Мәңкейдің қолына тиіп отыр. 
Ал  Елісханның  жетінші  атасы  Ақшаның  бір  әйелі  де  Байыр  деген  моңғол 
қызы екен. Ағасы Қаржау моңғолдарды шауып, олжалаған қызды інісі Ақшаға 
алып  беріпті.  Жаңағы  Мәңкейдің  «бөлеміз»  деген  әзілі  осы  әңгімелерді 
меңзегені еді. 
Бұдан бұрын да талай асты өткерген Мәңкей өзінің жол-жораға жүйрік текті 
тұқымнан  екенін  тағы  бір  байқатты.  Ең  әуелі  ас  басқаруға  елді  сөзіне 
тоқтататын  әр  рудан  бір-бір  адам  таңдап  алды.  Тасбикеден  Адубай,  ителіден 
Солтаншәріп,  жәдіктен  Сабырбай,  молқыдан  Салақиттан,  шақабайдан 
Нұрғали,  уақтан  Әйембет,  есағасы  қазыбектен  Әкеми  бай,  найманнан  Қамза, 
базарқұлдан Зайып үкірдай  дегендей іріктеп  алып, өз-өз  міндеттерін  жүктеді. 
Пайғамбарлар  мен  батыр  бабалар  бастаған  аруақтарға  алдын-ала  «Құран 
хатым  әлкабираны»  бағыштаған  Атшыбай,  Серікбай,  Құсман,  Сүлеймен 
молдаларды  басты-басты  үйлерде  отырып,  «Құран  хатым  сағира»  оқуға 
орналастырды. 
Асқа  келушілер  арысы  Алтай,  берісі  Мори,  Аратүріктен  ағылып,  ту  бие, 
атан  өгіз,  ту  сиыр,  құр  ат  және  топ-тобымен  айдалған  еркек  қой,  саба-саба 
қымыз келіп жатыр. 
Алғашқы күні жерошақ қоңырсыту ырымы жасалып, төрт-бес еркек қойдың 
құйрығы қазанға шыжғырылып, жерошақтарға құйдырылды.  
Ат  тұяғы  аз  түтсе-ақ  шаңы  шығуға  таяп  тұрған  қуаң  жердің  құйқасын 
сақтау үшін үй арасында адамдардың атқа мінуіне рұқсат жоқ. Жорғамен табақ 
тартатын салтқа да тиым салынған. 
Бәйге  болар  сәтті  асыға  күткен  асшылар  ақыры  сайлауыт  жүйріктерін 
жетелеп жұрт алдынан өте бастады. Жал-құйрығын өріп оған ақтық немесе үкі 
қадаған  қаншырдай  қатқан  жүйріктерді  мінген,  бастарына  ақ  шыт  тартқан 
шабандоздар  оңаша  іріктелді.  Бәйгеге  қосатын  атты  иесі  немесе  сол  рудың 
иелік  ететін  бас  алқа  адамы  жетектеп  бірден  тізімге  алдыру  керек.  Бұлай 
болғанда жол ортадан ат қосылмайды. 
Қолдарына ақ ту алған он неше адам ат айдауға шықты. Бәйгеге бір жүз елу 
ат қосылыпты. Ат кеткен соң: 
– Балуан, балуан, – деген айқай көтерілді.  
Әр  рудың  адамдары  өз  балуандарын  мінгестіріп,  топтың  шетіне  тізіп 
жатыр. Оны жай апара салмайды. Біреулер: 
– Шақабай, шақабай! – деп шауып бара жатса, енді біреулер: 
– Байтайлақ, Байтайлақ! – деседі. Енді біреулер «Қаптағайлап» барады. 
Бура  сан,  арыстан  кеуде  жігіттер  бұқаша  тұқырып  қатарынан  тізілді. 
Даяшылар аттарын атап шақыра бастады. 

Жұрт  қоршаған  ортадағы  ойпаң  арыстардың  алыс-жұлысымен  жүнше 
түтіліп жатты. 
– Көтер, көтер. Асау жамбасқа, қап, әттеген-ай! 
– Шіркін-ай, баяғыдағы Бұланбай атамызға тартқан бірі жоқ екен ғой.  
–  Бұланбайды  қойып  немере  інісі  Байқозы  палуанның  өзі  өткен  жылы 
жетпіс неше жасында аштан өліпті дейді. Енді ондай адамдар қайда?  
– Ей, анау ішке неге кірмейді-ей. Аюдай қорбаңдап өз алдына жүргенін-ай. 
Әлдекімдер қамшысын білеп, ортаға қарай тап-тап береді. 
– Ау, мына керейлерге не жеткен. Жалғыз найманға шамасы келмеді-ау, – 
деп тағы бір шал кіжіне теріс айналып, топтан шығып бара жатты. 
– Әттең, мына мықтыға  Алтайдан Сиыршыбайды әкеліп салса, баяғыда-ақ 
қолын – қол, бұтын – бұт қып лақтыратын еді ғой.  
Балуан  жүлдесі  Құсайын  ауылының  Ақман  деген  балуанына  бұйырды. 
Ақбас атан жетелеп, орамалға түйген ақ жамбыны еншілеген оны бір топ адам 
төбесіне көтеріп ала жөнелді. 
– Ат келе жатыр. 
– Қалың баран көрінді, – деген шу көтерілді. 
– Екеуі қатарласып келеді. Біреуі Қожақынның қызыл шұбары сияқты. 
– Жоқ, анау Құдай біледі, Жәукіштің кертөбелі ғой деймін.  
Соңғы айтушы дәп басыпты. Сарбас руынан қосылған Жәукіштің кертөбелі 
бірінші тізгін ұстатты.  
–  Баласы  Қаби  атқа  мінген  Кенжебайдың  құла  аты  бірінші  келіп  еді  ғой, 
тізгінді кім ұстады. Бұрып жібергенін қарашы! 
– Шақабай, Шақабай, – деп айқайлап келеді бала. 
Бәйге  үшін  оңаша  жерге  шоқтай  иірілген  қалың  малдан  бес  ірі  қараны 
жетектеп сарбастар кетті. 
– Машан! Машан!  
– Бұқарбай, Бұқарбай! 
– Жантай, Жантай! 
– Қабанбай, Қабанбай! 
Ат келіп болған соң Мәңкей жұрттың бәрін бір жерге жинап, тағы бір мәрте 
хатым түсіріліп, қаралы тудың жығылатыны жөнінде хабарлады. Жұрт алдына 
басына ақ сәлдесін ораған молда шығып, фатихамен бастап бақарадан бірнеше 
аят қосып, отыз парадан ұзақ сүрелер оқыды. Күңіренген үн айналаны мұңмен 
тербеп тұрғандай болды. Жұрт арасында астың қызығын бірге тамашалап, әр 
нәрсеге  сабырмен  қарап  келген  Елісхан  «әмин»  деп  бет  сипалғаннан  кейін 
жұрттың алдына шықты: 
–  Құрметті  жамағат,  әкемді  және  әкемнің  әруағын  құрметтеп  асқа 
келгендеріңіз  үшін  Алла  тағала  сіздерге  жақсылық  сыйласын,  –  деп  бастады 
сөзін. Жұрттың көбі бірнеше жылдың алдындағы бала жігіт Елісханды емес, ел 
көсемі  алдарында  сөйлеп  тұрғандай  тып-тыныш  күймен  мүлги  тыңдады.  – 
Әке-шешемнің,  бала-шағамның  қазасы  жөнінде  айтпай-ақ  қояйын.  Оны  осы 
отырған бәріңіз менен жақсы білесіздер. Ең алдымен мен сіздерге екі адамның 
хатын оқып берейін. Біреуін жазған Шың Шысай. Екіншісін жазған Шәріпхан 

Көгедаев.  Шың  Шысайдың  хаты  қытайша  жазылғандықтан  оны  мазмұндап 
қана  өтейін.  Қылышынан  қан  тамған  Шың  Шысай  мырза  былай  депті: 
«Құрметті  Елісхан  жанаблары,  өткендегі  түсінбестік  оқиғаларға  байланысты 
сіздің  ауылыңызды  қынадай  қырған  қылмыскерді  ұстап,  өлім  жазасына  үкім 
еттік.  Біріншіден,  Алла;  екіншіден,  сіз  кешірсеңіз,  өткенге  салауат  айтайық. 
Егер  бізге  сенер  болсаңыз,  біз  де  сізге  ерекше  сенім  артар  едік.  Жай  сенім 
артып  қана  қоймаймыз.  Өзіңізді  шығыс  Шынжаңның  Баркөл  ауданын  қорғау 
қарулы  қосынының  жетекшісіне  тағайындап,  ел  мен  жердің  тағдырын 
қолыңызға  берер  едім»  депті.  Сіздерден  несін  жасырайын,  екінші  хат 
Шәріпхандыкі.  Ол  былай  деген  екен:  «Елісхан,  сенің  қытайша  оқығаныңды, 
көзі  ашық  азамат  екеніңді  білетін  едім.  Осы  жағынан  өзіңді  үкіметпен  үндес 
болады деп үміттенемін. Қазіргі заман ат пен түйеге сеніп күрес жасайтын кез 
емес.  Ендігі  дәуір  –  қаламға,  қаруға,  ғылымға  сүйенетін  заман.  Сен,  Елісхан, 
айналаңдағы  атқа  қонып  шоқырақтаған  аз  адамыңмен,  түтіні  желге  ұшып 
кететін  бірнеше  қара  мылтығыңмен  үкіметке  қарсы  келіп  ештеңе  өндіре 
алмайсың. Егер қасарысқаныңнан қайтпай, жалғасты жаулық білдірсең, тасқа 
ұрылған  жұмыртқаның  күйін  кешесің.  Көп  қорқытады,  терең  батырады.  Мен 
сенің  әлі  де  ниетіңнен  қайтып,  үкіметпен  рақайласуыңды  өтінемін.  Басқадай 
барар жол, басар тауың жоқ» деп жазған екен. Екі хатты да көріп отырсыздар. 
Мен  бірден  Шың  Шысайдың  ұсынысын  қабылдап,  оның  қолшоқпарына 
айналайын  ба?!  Ертең  біреуіңіз  селтең  етіп  атқа  мінсеңіздер,  соны  аңдып 
арттарыңыздан оқ жаудырайын ба? Мансап жолдас болса әкеме жолдас болмас 
па еді. Бәрі қалды. Бізге керегі – ел мен жерді қорғау, елдің намысын аяқасты 
еткізбеу.  «Бар  сенген  байталыма  айғыр  шауыпты»  дегендей  ел  сенген 
Баймолла  мен  Шәріпханның  түрі  анау.  Екеуін  де  асқа  шақыртқанмын. 
Баймолла  неге  келмейді.  Беті  неден  күйді.  Шәріпхан  өзі  келіп  сөз  сөйлемей, 
Мәңкей ағамызды жеңгетайлыққа жіберіп, қызға сөз салғандай неге хат жазып 
отыр? 
– Жөн-жөн, рас айтады, олар неге келмейді. Әліптің тірі күнінде жиі келуші 
еді.  Өлгеннен  кейін  орнына  Құран  оқуға  жарамағаны  ма!  Әлде 
қуыстанатындай  қылмыстары  бар  ма?  –  топ  ішінен  бір  шалдың 
жарықшақтанған айғайы естілді. Елісхан сөзін жалғай берді:  
–  Атасы  қазақтың  Әбілпейіз  ханынан  тарайтын  Көгедай  төре  болған  соң, 
Еженханнан көктас алған текті ата санап, бәріміздің бас иетініміз шын. Алайда 
мына хатында мені Шың Шысаймен ымыралас депті. Бұл мен білмей жүрген, 
таба  алмай  жүрген  ақыл  ма  еді!?  Бұл  қолыңдағы  құралыңды  тапсыр,  әкеңнің 
басын алған жауыңа қол қусырып тізе бүк, басыңды иіп, құлдық ұр дегені ғой. 
Алдыңдағы  асқар  таудай  әкеңді  өлтірсе,  саялы  бәйтеректей  қормал  анаңды 
өлтірсе,  құшақтағы  жарың  мен  күнәсіз  сәбилеріңді  өлтірсе,  қандай  адам  төзе 
алады. Қане, айтыңдаршы? Мына отырған Солтаншәріп ағамызға әкесі Зуқаны 
өлтірген  Мадарыңмен  достассын,  басын  исін  десе  қандай  естіледі.  Зайып 
ағамызға Жантайлақтың басын алдырған сол жендеттермен татулассын десек, 
оп-оңай иліге қояр ма? Шәріпханның ойынша, мен осының бәрінен баз кешіп, 
мақұлдық білдіруім керек пе?! 

Мынау  кіндікті  дала  кімдікі?  Қаңғыбас  қытайлар  ат  сауырына  салып  бір 
жақтан  көтеріп  келді  ме.  Шәріпхан  мен  Баймолла  сол  кәпірлердің  көтіне 
кіргенше  менімен  бірлесіп,  бір  жағадан  бас,  бір  жеңнен  қол  шығарып,  ортақ 
жауымыз  үшін  күресетін  болсақ,  Шың  Шысай  сияқты  қаңғыбастың  күлін 
көкке  ұшырмас  па  едік.  Амал  қанша,  біздің  қазақта  береке  жоқ,  басымыз 
бірікпейді.  Ағайынды  адамдардың  өзі  араз  болып,  басқаларға  жем  болып 
жатамыз.  Арамыздағы  алалықты  пайдаланған  кәпірлер  қашан  да  бізді 
қырғанын қоймайды. Бұдан бұрын да солай болды. Бұдан кейін де солай бола 
береді. Сонда біз қойша бауыздап жатқан жауларымызға мөлие қарап, өлімді 
күтіп отыруымыз керек пе! Шың Шысайдың зұлымдығы мен қараниеттілігінде 
шек  жоқ.  Ол  –  барып  тұрған  қанішер  жауыздың  өзі.  Өзінің  сұмдығы  аз 
болғандай,  енді  қазақтарды  қынадай  қырып  отырған  сәбеттік*  үкіметпен 
әмпей-жәмпей  бола  қалды.  Осында  Сәбет  жерінен  қашып  келген  қаншаңыз 
отырсыздар.  Діннен,  тілден  айыруға  сұқтанған  шегір  көзді  кәпірлерден 
жақсылық көргендеріңіз болса айтыңыздаршы, қане? Енді, міне, қарақшы мен 
қарақшы табысып, қазақтарды қанды қасапқа ұстап отыр.  
Сарт  пен  дүңгенді  бір-біріне  салып  қырқыстырғаны  аз  болғандай, 
қазақтарды да арандатып отыр. Мұсылмандарды бір-бірімен итше таластырып, 
қызығын көруге келгенде бұл сұмпайылар алдына жан салмайды. 
– Сарт пен дүңгенге де сенім жоқ! – деген біреудің күңкілі естілді. Елісхан 
сөзін үзген жоқ.  
– Шың Шысайдың мақсаты алдымен қолында қаруы бар бізді құртып, онан 
соң  қанды  қолын  Шәріпхан  мен  мына  бәріңе  салмақ.  Қытайға  сеніп  отырған 
Шәріпхан  менен  бұрын  өледі.  Сондықтан  Шың  Шысайға  қаруымды  тапсыра 
алмаймын. Өлсем де жастығымды ала жатамын. Осында отырған бәріңіз де әр 
ауылдың  иесі  –  ақсақалысыздар.  Сіздерді  шақырудағы  мақсатым  –  екеу: 
біріншісі  –  әкем  бастаған  марқұмдарға  ас  беру.  Екіншісі  –  өздеріңізбен 
қоштасу. Мен Шың Шысаймен өмір-бақи отаса алмаймын. Ол – екі дүниеде де 
бітіспес  жауым.  Қара  тұяғымнан  хал  кеткенше  жағаласып  өткенім  өткен. 
Әрине,  менің  шамам  шақты  болар,  қазір-ақ  Шың  Шысайдың  көтін  көктен 
келтіремін  деп  айта  алмаймын,  Шығыстағы  мұсылман  халықтардан  өзіме 
сүйеніш іздеймін. Алла жар болып, қабырғам бекіп, қанатым ұшталып жатса, 
қараторғайдай қалың қытайды бір соқпай өтпеймін. Шың Шысай жауыздың өз 
істегенін өзіне істеп, қасықтай қанынан бір ұрттап өлсем арманым болмас еді. 
Шың Шысайдың көзі жоғалмайынша қазақ баласына, осы отырған бәріңізге де 
күн  жоқ.  Маған  ілесемін  дегендеріңіз  қара  қойдың  қанына  қол  батырып 
соңымнан еріңіздер. Ал кетпеймін, қосылмаймын дегендердің өз еркі өзінде, – 
деп аяқтады сөзін. 
Сілтідей тынған жұрт аздан соң күбірлесіп кетті: 
–  Рас,  рас  айтады.  Кәпірлер  алдына  келген  пәленбайды  кешіріпті,  дос 
болыпты,  төбесін  көкке  жеткізіпті  десеңіздер,  айтыңыздаршы?!  Жүрегінде 
иманы жоқ жандардан жылылық күткеннен көрі, аспандағы бұлт жуық. 
......................................................................... 

 
Cәбет – Совет Одағын айтып отыр. 

– Қайтсін енді, ашынып отыр ғой. «Ашынған долы, ашыққан ұры болады» 
деген.  
–  Шіркін-ай,  қолына  бірнеше  мың  сарбаз  беріп,  қытайларға  аттандырса, 
қырып салатын көкжалдың өзі болар еді. 
– Қытай деген түпсіз тұңғиық көл сияқты. Онымен қарсыласып түк өндіре 
алмайсың. Қырып та тауыса алмайсың. Бәрібір жылымына батырады.  
– Былай тартсаң да өлесің, былай барсаң да өлесің. Әйтеу өлетін болған соң 
арыңның таза болғаны жөн ғой.  
Жұрттың алдына Адубай шықты: 
– Түгел көшесің бе, көшпейсің бе, ол әркімнің өз еркінде. Жер шалып сауда 
істеп,  Гансуды  көріп  қайтқанмын.  Жаман  жер  емес.  Әйтеу  өз  басым  бірінші 
көшемін,  жаным  Әліптен  артық  емес.  –  дегенді  айтып,  тізелесе  отырған 
Тұңғышбай, Сейітхандарға қарады. Олар да басын изеді. Сосын сөзін жалғап: 
–  Міне,  соның  серті  қаралы  туды  түсірейік,  –  деп  Елісханның  босағасына 
шаншылған қаралы туды түсіріп, қара тамақ найзаны тізеге басып, ортасынан 
шарт сындырды.  
Астан  тараған  жұрттың  ат  тұяғының  шымды  солқылдатқан  дүрсіліне 
қосылып  Шошан  құмы  тағы  да  жылады.  Жылап  қана  қойған  жоқ,  һұн 
сарбаздарының  жер  жаңғырта  айқайлаған  ұранды  үндері  мен  тұлпарларының 
дүбірі естілді. 
Бұл 1934 жылдың жаз айларының алғашқы күндері еді.  
 
* * *  
Шың  Шысай  асыға  күткен  Абай  да  зорға  жетті.  Оны  оңаша  қабылдап, 
әңгіме  тиегін  еркін  ағытқан  Шың  мырза  өз  қуанышын  жасыра  алмады. 
Абайдың атжақты зор тұлғасына қызыға қарап: 
–  Өзіңіздей  асыл  азаматтың  атақ-даңқын  естіп,  бір  көруге  зар  болып  ем. 
Зарықтырып әзер келдіңіз ғой, – деді.  
–  Бұйрық  солай  болды,  Шың  мырза.  Бізде  темірдей  тәртіп  бар,  бәрін 
Орталық партия комитеті өздері реттестіріп отырады. Соның өзінде Моңғолия 
жақ арқылы сіздерге жасырын өтіп отырған жоқпын ба.  
–  Сіздің  өмірдерегіңіз  туралы  аса  көп  білмеймін.  Десе  де,  Моңғолияда 
болғаныңызды естігенім бар.  
Абай жай ғана езу тартып: 
–  Бұрын  жалалы  болып  ұсталуға  айналғанда  Іле  жерінен  ары  қашып 
өткенмін, – деді.  
Оның  жалалы  болып  дегені  –  екі  ат  ұрлап,  ұрлығы  сезіліп  қалып  ұсталар 
болғанда  қуғыншыны  ұрып  жығып  қашып  кеткендігі  еді.  Үкімет  ұстау 
бұйрығын түсіріп қудалағанмен құтылып кетеді. 
 –  Барған  соң  оқу  оқып  білім  алдым,  университет  тауыстым.  Қосымша 
жұдырықшылық өнер де үйрендім. Кеңес Одағында шаруаларды ұжымдастыру 
басталғанда  Қазақстанда  Голощекин  басшылық  еткен  партия  комитетінің 
комсомол ұйымында қызмет атқардым.  

–  Голощекин  мырзаның  атымен  әбден  таныспын.  Ол  кісінің,  әсіресе, 
жабайыларды жуасыту өнері ерекше деп естіп едім.  
Шың  Шысай  айтарын  айтса  да  сәл  тосаңсып  қалды.  Өзі  кіріптар  болып 
отырған  үлкен  елдің  көмекке  жіберген  адамының  «ұлтының  қазақ  екендігін 
ұмытып  кеткенім  жоқ  па,  «жабайылар»  деп  шамдандырып  алып  жүрмейін» 
деген ішкі қобалжуы сөзді басқаға бұрғызды. 
 –  Голощекин  мырзаның  сізге  сенім  артқанына  қарағанда,  сіздің  де  осал 
болмағаныңыз  ғой.  Басқаны  былай  қойғанда,  батырға  біткен  мына 
тұлғаңыздың өзі талайдың десін басып кетпей ме?! – деді. 
Алғашқы  сөзге  шамданбады  ма,  әлде  оны  білдірмеді  ме,  әйтеуір  ештеңе 
аңғартпаған Абай соңғы сөзге келгенде қос иығын қомдап, көтеріле қалды. 
–  Кімде-кім  сенім  бар  жерде  ғана  беріле  еңбек  ете  алады.  Партия  маған 
сеніп  жұмыс  тапсырған  соң,  мен  де  оны  адалдықпен  орындап  отыруға 
тырыстым. Надандық қой, надандық! Ұжымдастырудан қашқан ел бей-берекет 
тозды.  Тау-тасқа  қашқан  халықтың  қолындағы  қаруы  мен  астындағы  атын 
жинап алсаң, қанат құйрығы қырқылып, амалсыз қолыңа қонады екен. 
Бұл  сөзге  келгенде  Шың  Шысай  орнынан  тұрып  кетті.  Алдында  отырған 
адамның  өз  қалауындағы  нағыз  маман  екенін  бірден  танығандай  одан  әрі 
желпи түсті: 
– Абай мырза, сіз пролетариат көсемдерінің нағыз адал жауынгері екенсіз. 
Бүгінгі  біздің  жағдайымыз  құдды  сіздер  басып  өткен  жолдардағы  оқиғалар 
сияқты,  –  «қазақтар»  дей  жаздап  көмекейіне  әлдене  кептелгендей  қылғына 
жұтынып, сөзін жалғай берді. – Дүңгендер мен ұйғырлардың еліртуіне ілескен 
көшпенді  халықтар  тау-тасқа,  тұс-тұсқа  қаша  бастады.  Ел  ішінде  бұзықтар 
көбейді.  Сіздей  ақылына  көркі  сай  сегіз  қырлы,  бір  сырлы  азамат  арамызға 
келгенде  енді  неден  алаңдаймыз,  –  осыны  айтып,  Абайдың  жауырынынан 
қақты. 
Неге екені белгісіз, Абай иығындағы Шың Шысайдың қолын кейін сырып 
тастады.  Жалына  қол  тигізбейтін  бұғалықсыз  асаудың  бірі  алдында 
отырғандай болған Шың Шысай тез шегініп кетті. 
– Сөзіңізді бөліп жібердім-ау, кешіріңіз, сосын әрі қарай қандай қызметтер 
атқарғаныңызды айта беріңіз, – деп тісінің ағын көрсете ыржия қарады. Абай: 
–  Партияның  сеніміне  бөленіп,  белсене  жұмыс  атқарып  тұрғанымда 
Моңғолиядағы  ұжымдастырудың  сәтсіздігіне  байланысты  ұйым  бізді 
коммунистік  интернационалдың  өкілдері  ретінде  Моңғолиядағы  қазақтардың 
партия  жұмысына  жетекшілік  етуге  жіберді.  Шәріп  деген  жігіт  екеуміз 
отауымызбен  бардық.  Бізден  басқа  да  көп  адам  болды.  Орыстардың  көбі 
Ұланбатыр  жаққа  кетті.  Қазақстанда  елді  білім  мен  мәдениетке 
ұйымдастыруды үйреніп қалғанымыздың игілігін сонда көрдік. Моңғол жеріне 
қызыл  туды  тіктеп,  коммунизм  орнату  ісін  ұйымдастыру,  партия,  жастар 
ұйымдарын құру секілді көптеген міндет бізге жүктелген еді. Келесі жылдың 
жазында  Моңғолияның  батысындағы  Қобда  қаласына,  одан  әрі  қазақтар  көп 
тұратын  Шеруші  хошуунына  жіберді.  Сол  жерлерде  еңбек  ету  барысында 
моңғолдар  сияқты  сауатсыз,  әрі  моңғол  тілін  білмейтін  мешеу  қазақтардың 

көзін  ашамыз  деп  көп  әурелендік.  Қазан  революциясы  мен  Моңғол  халық 
революциясының,  Моңғолияның  Халықтық  Революциялық  партиясының 
маңыз-мақсаттары  мен  атқарған  істерін  үгіттедік.  Қарсы  келгендерді  батыл 
түрде  жазаладық.  Әйтеуір,  асау  халықты  зорға  дегенде  тәртіпке  салдық. 
Айтқанға оңай болғанымен, ол да бір ұзақ хикая ғой. Қызыл десе, партия десе, 
ат  тонын  ала  қашатын  алапестер  онда  да  көп  екен.  Нәтижесінде  еңбегіміз 
жеміссіз  болған  жоқ.  Партия  ұйымдарын  құрудың  жұмыстарын  белсене 
атқардық. Сол еңбегімді бағалады ма, әлде тағы бір сынаққа салып, сындарлы 
сыннан өткізейік деді ме, енді, міне, сіздерге жіберіп отыр.  
–  Келгеніңіз  өте  жақсы  болды.  Бізге  сіз  сияқты  оқыған-тоқығаны  көп, 
білімді азаматтар ауадай қажет болып тұр еді. Әсіресе, иесіз кетіп бара жатқан 
қазақ туысқандарға өзіңіз иелік етпесеңіз, біздің шамамыз келмей жатыр. 
–  Әй,  Шың  мырза,  партия  мені  сізге  көмектес  деп  сеніп  жіберген  соң 
тартынбай  айта  беріңіз.  Қазақтарды  «туысқандар»  деп  несіне  мәймөңкелеп 
отырсыз.  Ит  екеш  ит  те  те  бірге  туысады.  Мәселе  –  олардың  қазақтығында 
емес.  Кім  халықтың  досы,  кім  халықтың  жауы,  кім  коммунистік  идеяны 
қабылдайды,  кім  қабылдамайды,  мәселе  дәл  осында!  Бұл  туралы  таптық 
көзқарасымыз айқын болғаны дұрыс. Сіз екеуміз бір майданның жауынгеріміз, 
сіздің жауыңыз – менің жауым. 
Шың Шысай Абайдың бұл сөзіне іштей сүйінсе де, сәл тіксініп қалды. «Өзі 
мені  баса,  басқара  сөйлегісі  келеді.  Екеуміз  доспыз  дегенмен  де  жаңадан 
танысып жатырмыз. Бір апанның бөрілері өз ұяластарын жамандыққа қия ма? 
Егер бұл шынымен-ақ қандастарына қастық сайлаудан тайынбаса, онда нағыз 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал