ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет3/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
 
Екінші тарау 
 
ТАЙТАЛАС 
 
 
Жин  Шурын  билігі  тұсында  өлкелік  үкімет  кеңсесінің  меңгерушісі  және 
Шығыс Шынжаң көтерілісшілерін жаныштау мақсатындағы әскери қосынның 
бас  қолбасшысы  болған  Шың  Шысай  1932  жылдың  қазанында  өлкелік 
армияның бас қолбасшылығына тағайындалған еді. 
Мешіннен  тауыққа  аунаған  1933  жыл  қоразша  қоқылдап  келді.  12  сәуірде 
Дихуада  саяси  дүрбелең  туып,  Жин  Шурын  еріксіз  тақтан  түсуге  мәжбүр 
болды.  Қолында  қомақты  әскери  күші  бар  Шың  Шысай  орайды  пайдаланып 
өлкелік  үкіметтің  уақыттық  әміршілігіне  қол  жеткізді.  Әрі  барлық  әскери 
билікті де өз шеңгеліне алды.  
Бүкіл  Шынжаңды  жеке  дара  билеуге  әрекеттенген  ол  коммунистік  қызыл 
қытайлармен  соғысып,  бір  реткі  ауыр  жеңіліске  ұшыраған  Жияң  Жиеші 
жетекшілігіндегі  Гоминдаңның  Нанжиң  үкіметінен  қайыр  күткеннен  көрі 
көршілес отырған Кеңес Одағына иек артуды жөн санады. 
Дихуада  көңілді  көктем  басталғаннан  кейінгі  мамырдың  алғашқы 
күндерінің  бірінде  Кеңес  Одағының  Шынжаңда  тұратын  бас  консулы 
Золоткинді қонаққа шақырды. Аласапыран күйге түскен Шынжаң жағдайын өз 
уысынан  шығарып  алмау  туралы  қожасының  тапсырмасын  көкейіне  мықтап 
шегелеген  Золоткин  нөкерлерін  ертіп,  Шың  Шысаймен  қуана  көрісті.  Тіпті 
оны бірден қошеметтеп: 
– Атақ-даңқыңызды ерте естіп, жасы алпысты алқымдап қалған қартаң адам 
ба десем, жап-жас жігіт екенсіз ғой, – деп сөз бастады. 
–  Рахмет,  рахмет,  келгеніңізге  ерекше  қуаныштымын.  Сіздей  үлкен  елдің 
ұлығы  біздің  құжырамызға  бас  сұққаны  үшін  бақыттымын.  Биыл  отыз  алты 
жасқа  келдім.  Бала  десеңіз,  бала-ақ  болайын.  Балаңызбын  дейін  десем,  сіз  де 
қартайып тұрған жоқ екенсіз. Әлі де қыздар көз салатындай көркіңіз бар екен. 
Жаратсаңыз ініңіз болайын. 
Әзілмен басталған танысу екі арадағы бөгетті бірден алып тастап, ағытыла 
әңгімелесуге жол ашып берді. Қонақасыға дайындалған ас мәзірі көздің жауын 
алады.  Даяшылар  зыр  жүгіріп  қонақтардың  асты-үстіне  түсіп  жүр.  Көңілді 
дастарқанның  әредік  үзілісінде  Шың Шысай  Золоткинді кітапханасын  көруге 
ұсыныс етті. 
Төрт  қабырғасы  кітапқа  толы  кең  бөлмені  көргенде  консул  таңданысын 
жасыра алмады. 

–  Шың  мырза,  сізді  жап-жас  жігіт  екен  ғой  деп  бір  таңқалып  едім, 
кітапханаңызды  көріп  екінші  рет  таңданып  отырмын.  Жаңылмасам,  сіз 
Жапонияда білім алған боларсыз? 
–  Иә,  дәл  айттыңыз.  Он  сегіз  жасымда  Лияуниң  өлкесінің  Кайюан  деген 
жерінде қатардағы жауынгер едім. 1917 жылы Жапонияға алғашқы рет барып 
Токияда  білім  алдым.  Кейіннен  тағы  да  білімімді  жетілдірудің  орайы  туып, 
Жапонияның  құрлық  армия  университетіне  оқуға  түстім.  Оқуымды  сәтті 
аяқтап,  елге  оралғаннан  кейін  Нанжиңде  әскери  қызметтер  атқардым. 
Полковник  шеніндегі  штаб  офицеріне  дейін  көтерілдім.  1930  жылы  Жин 
Шурынның қажетіне орай Шынжаңға келген едім. 
– Ә, солай ма, көрініп тұр, оқығандығыңыз. 
Төр алдындағы кең үстелге таяған Золоткиннің көзіне үстел үстінде жатқан 
Маркс  пен  Энгельстің  «Капитал»  деген  еңбегі  мен  «Коммунистік  партияның 
жарнамасы» оттай басыла кетті. Кітапқа еппен еңкейген Золоткин: 
–  Сіз  білесіз,  қазір  сіздердің  Нанжиң  үкіметі  Жаң  Кайшының 
жетекшілігінде коммунистермен соғысып жатыр. Ал сіз болсаңыз... – деп Шың 
Шысайға  қарады.  Шетелдіктердің  көбі  Жияң  Жиешіні  Жаң  Кайшы  дейтін. 
Золоткин де солай атады.  
Міне,  бұл  Шың  Шысайдың  күткені  еді.  Жин  Шурын  заманында  жасалған 
«Кеңес  Одағы-Шынжаң  сауда  келісім-шартына»  орай  бұдан  бұрынғы 
кездесулерде  әңгіменің  көбі  екі  елдің  экономикалық  мәселелері  төңірегінде 
ғана  өрбитін  еді.  Осы  ретте  де  Шынжаң  сыртқы  істер  мекемесінің  бастығы 
Чын  Дилиді  Кеңес  консулына  қайта-қайта  кіргізіп,  сауда  істерін  одан  әрі 
тереңдету мақсатында кеңес құрған болса да, одан әріге бара алмаған болатын. 
Ішкі  мақсаты  үшін  құрылған  тұзақты  дәп  басқан  Золоткин  сұрағына  жауап 
күтіп өзіне күлімдей қарап тұр. 
–  Бағана  жаратсаңыз  ініңіз  болайын  дегенді  тектен-текке  айта  салғамын 
жоқ.  Інісі  ағасынан  сыр  жасырмас  болар.  Сізге  жүрек  сөзімді  айтар  болсам, 
мен коммунистік идеяны жақтаймын. Елдеріңіздің жүріп отырған сара жолына 
да  ерекше  қызығамын.  Бірақ  Нанжиң  үкіметіне  бағынышты  болғанымыз 
себепті,  орталықтың  ортақтығынан  қашу  тіптен  қиын.  Тіпті  әлімізден  асып 
бара  жатсақ  басымызға  пәле  тауып  алуымыз  да  ғажап  емес.  Осы  жағынан 
сіздің ағалық ақылыңызға зәрумін. 
–  Ә,  солай  ма,  ойыңыз  неткен  терең  еді.  Нағыз  философ  адам  екенсіз. 
Жасыңызда  Конфуцийді  көп  оқығаныңыз  көрініп  тұр.  Біз  сіз  түгілі,  Жаң 
Кайшы мырзаға да коммунистік идеяны қабылдау туралы талай рет айтқанбыз, 
бірақ...  –  өзінің  әлгіндегі  бірер  стакан  арақтың  қызуымен  тым  шешіліп  бара 
жатқанын аңғара қойған консул сөзін үзіп жіберді. «Жаң Кайшы біздің идеяны 
қалап  кетпегені  үшін  біз  коммунистік  қытайларға  астыртын  көмек  беріп, 
гоминдаңдықтармен тіресуіне мүмкіндік тудырып отырмыз», – дегенін айтпай 
қалды, – тамағын сәл қырнап алып сөзін қайта жалғады, – бірақ Жаң Кайшы 
мырза оған қалай қарайды. Біз толық білмейміз. Мүмкін болашақта ол кісі де 
коммунистік идеяны қуаттайтын шығар.  

Консул  сөзін  тағы  да  үзді.  Мұнысы  өзінше  дипломатиялық  сақтық 
танытқаны еді. Өзінің сөйлегенінен көрі қарсы жағын сөйлеткісі келіп: 
– Сізге осы жұмыстың құлағын ұстатып отырған Жаң Кайшы мырза ғой. Ол 
кісінің  идеясын  біз  емес,  сіз  жақсы  білерсіз,  –  деп  әуелгі  сөз  ауанынан 
жалтарып кетті. 
Өзін бірден ұнатып қалған Золоткиннің ыстық көңілін суытқысы келмеген 
Шың Шысай қастарында өз адамдары  
да жоқ оңаша орайды қолдан жібергісі келмеді. Бүкпесіз сөйледі: 
–  Жаң  Кайшы  мырзамен  ескі  таныстығымыз  бар  дос-жар  адамдар  едік. 
Кейін отбасылық жағдайымның қиын кезеңдерінде оқу оқып, білім алуыма да 
қаржылай  көмектесіп  отырды.  Университет  бітіріп  келгеннен  кейін  де  ол 
кісінің қол астында офицерлік шенмен әскери қызмет өтедім. Бірақ неге екенін 
білмеймін, уақыт өте келе маған салқын қарайтын болды. Бәлкім өзімнен асып 
кете  ме  деген  іштарлығы  да  болған  шығар.  Қол  астындағы  өзі  өсіруге  тиісті 
кадрларды  көбінесе  «оңтүстіктікі»,  «солтүстіктікі»  деп  алалап  отыратын. 
Кейде  ақылмен  ойлайтын  істерді  кеңінен  толғанбай,  сезімге  беріліп, 
жеңілтектікпен  шешкісі  келетін  сәттері  де  бар.  Дәл  осы  қалпында  еліміздің 
болашағы  қалай  болады,  оны  да  бірдеңе  дей  алмаймыз.  Қазірде  Шынжаң 
жағдайын  тыныштандырып,  мемлекеттің  іргетасын  сақтауға  бар  күшімді 
салсам  да  маған  аса  үлкен  сенім  білдіріп  отырған  жоқ.  Егерде  менің 
коммунистік  идеяны  жақтайтынымды  білсе,  қолдағанды  қойып,  тезірек 
құртуды  ойлауы  да  мүмкін.  Егерде  біздің  еліміз  сіздердің  елдеріңіз  басып 
отырған жолды басса халқымыздың болашағы үшін өте жақсы болар еді.  
Осыны  айтқан  Шың  Шысай  лажсыздықпен  күйзеліс  танытқандай  қатты 
күрсініп,  төмен  қарады.  Оның  шын  ақтарылғанына  көзі  жеткен  консул  да  өз 
көзқарасын жасырғысы келмеді: 
–  Егер  сіз  коммунистік  идеяда  берік  тұратындығыңызға  сенім  білдірсеңіз, 
Кеңес  Одағы  сізге  бірден-бір  сүйеуші  бола  алады.  Мен  Орталық  партия 
комитетіне  сіздің  мәселеңіз  туралы  ұсыныс  хат  жолдаймын.  Әрине,  олардың 
қарсы  болмасын  да  білемін.  Өзіңізге  не  керек  екенін  жасырмай  айтсаңыз 
болғаны. Сіз жағыңызда болатындығымызға кәміл сеніңіз. 
Шың  Шысайдың  төбесі  көкке  екі-ақ  елі  жетпей  тұрды.  Күтушілерін 
шақырып, кітапхана үстеліне шағын дастарқан жайғызып үлгерді. Золоткинге 
қымбат бағалы арақтан тағы бір стаканды толтыра құйып: 
– Коммунистік идея үшін біреу ішейікші, – деді. 
Консул қарқылдап күлді: 
– Інім, қу екенсің, қу екенсің. Құтылдырмадың.  
Қолындағы стаканды сарқа тартып, Шың Шысай ұсынған қақталған Пекин 
үйрегінің санын құшырлана мүжіді. 
– Дәмді, өте дәмді. Пекин үйрегі дәмді екен. 
– Ініңіз аман болса, бұдан да дәмді нәрселерден ауыз тигізеді.  
Бұл  жолы  екеуі  де  жарыса  күлді.  Шың  Шысай  күткен  екінші  орайлы  сәт 
келді: 

–  Шынжаңның  жері  күрделі,  басқаруы  тым  қиын.  Әсіресе,  жақыннан  бері 
қарай  Шығыс  Шынжаңда  ұйғырлар  мен  қазақтар  көтеріліп  мазамызды  алып 
жатыр.  Оларды  жайпай  салу  түк  емес.  Дегенмен  де  Ма  Жұңиың  деген 
дүңгеннің қорлығы әбден өтті. Ол бізге баяғыдан жау болып келіп еді. Сізден 
несін  жасырайын.  Жақында  Жаң  Кайшының  қол  астында  істейтін  бір  досым 
телеграмма  жолдапты.  Соның  мәліметіне  қарағанда  Жаң  Кайшы  мырза 
Шынжаң  мәселесін  тыныштандырып,  өзінің  айтқанына  көніп,  айдағанына 
жүретін басшыны қою үшін бір-біріне жау болып келген Ма Жұңиың мен Жаң 
Пиюанды  бірігуге  шақырған  көрінеді.  Екеуі  бірігіп  кетсе,  әрине,  менің  ішкі-
сыртқы  сырымды  білетін  ең  үлкен  жауым  да  солар  болады.  Менің  айым 
оңымнан  туып  ерте  ме,  кеш  пе,  олардың  көзі  жойылатын  болса,  Шынжаңда 
маған қарсы тұрарлық қуат ешкімде болмас еді. 
– Жаңағы айтқан ұйғырлар мен қазақтар ше? 
–  Ұйғырлардың  басшысы  –  Қожанияз  деген.  Жалпы,  бұл  халықты 
бағындыру  аса  қиын  емес.  Негізінен  өзіне-өзін  салсаң,  ақша  мен  мансапты 
көлденең  тартсаң,  көп  жағдайда  бірінің  басын  бірі  алудан,  бірін-бірі  сата 
салудан тайынып кетпейді. Оларға айбардан көрі алдап-арбаудың өнімі өтімді 
болады. Ал қазақтарға келсек... – Шың Шысай түйткіліксіп қалды, – өте тағы, 
жауыз халық. Жақында сол Қожаниязға көмек берген, біздің талай шерігімізді 
қынадай  қырған  Әліп  деген  қарақшы  қазақ  өз  жазасын  алды.  Әлі  де 
құтырынып жүргендері өте көп. Олар да қайда барады дейсіз... 
–  Інім,  қазақты  тым  жеңіл  санама.  Бұл  халық  қан  көрген  сайын  егесіп, 
елеуреп  отырады. Оларды  да күшпен алғаннан көрі алдап-арбап  құрту  керек. 
Қазақтар мәселесі туралы кеңестіктердің тәжірибесі өте мол, – консул бір сәт 
езуінен жымиды, – ең бастысы, өзін-өзіне салу керек. Кеңес Одағынан дүңген 
мен ұйғыр әкеліп беремін деп айта алмаймын. Бірақ қазақтарды бастықтыруда 
еңбек  сіңірген  аға-бауырын  аямайтын  ақымақтары  көп,  қолыңа  соның  ең 
маманданған бірін тигізсем болды, талай қазақтың басын допша тебер едің. 
Керегіңді дәл таптым-ау деп Шың Шысайға мәз бола қараған консул кенет 
жүзін салқындыққа ауыстырып: 
– Сен аға деген соң, өзіңді жақсы көрген соң сырымды ақтарып жатырмын. 
Екеуміздің екі мемлекеттің өкілі екенімізді есімізден шығарып алмайық. Және 
де аузыңа ие бол. Айналаңды таза ұста. Іштен шыққан жаудың іріткені қиын 
болады. Сыртқы жау ғой қиын емес, – дегендерді шегелей тапсырды. 
Золоткин қонақасыдан көңілді қайтты. Аттанарында қонағының қоржынын 
қымбат бағалы заттар мен алтын-күміске сықай толтырған Шың Шысай: 
–  Қалағаныңыз  болса  кез  келген  уақытта  тартынбай  алып  тұрыңыз.  Бізге 
тапсырар бұйымтайыңыз болса қай-қашанда сіз үшін қызмет етуге дайынбыз, 
– деді. 
–  Ойбай-ау,  біз  –  коммунистер,  пара  алмаймыз  ғой.  Мұның  не?  Жә,  жә, 
жарайды,  інімнің  сыйлығы  деп  қабылдайын.  Кеңес  Одағының  Дихуадағы 
консулының  есігі  өзіңізге  әр дәйім  ашық  тұратынын сіз де  ұмытпаңыз,  –  деп 
төменшіктеген  консулдың  көкшіл  көздері  күлмің  қағып,  сап-сары  шаштары 
тіпті деп жарқырай түскендей көрінді. 

Алайда  ол  өзінің  бөктеріншегіндегі  сыйлықтың  бір  жүз  он  жеті  адамы 
қынадай  қырылған  қазақтың  қанмен  жуылған  ауылынан  бұлап  алынғанын 
білмейтін еді. 
 
* * *  
 
–  Ка  сылиң
5
  кәпірлерге  қарсы  жиһадқа  шығып,  қасиетті  соғыс  жүргізеді 
екен. 
–  Оның  ішінде  Жырық  батыр  деген  бар  дейді.  Жауға  аттанарда  шапанын 
киіп,  басына  ақ  сәлдесін  орап,  «лә  илләһ  илла  Алла»  деп  иман  калимасын 
айтып,  қолына хазірет  Қалидан  қалған  арабтың қайқы  қылышын ұстап  жауға 
шауып  барып,  араласа  кетіп,  қылышын  оңға  бір  сермесе  қырық  елу  адамның 
басы, солға бір сермесе тағы сондай адамның басы допша домалап түседі екен. 
Сөйтіп, сүтпісірім уақытта жау қанша көп болса да түгелдей жойылады. Анау 
Жырық батырды айтсаңшы, өзіне жау жағынан қанша қылыш шабылса да қара 
тасқа  шапқанмен  бірдей,  қылыштың  жүзі  майырылып  қалады  екен.  Атса  оқ 
өтпейді,  атқан  оқ  жерге  домалап  түсіп  жатады.  Бұл  Алланың  ерекше  бір 
жаратқан адамы болса керек. 
–  Тағы  бір  Машың  дейтін  үлкен  оқымысты  бар  екен.  Оқитынының  бәрі 
сиқыр дұға екен. Оның үлкендігі ат басындай ылғи дұға жазылған кітабы бар 
дейді. Ол сиқыр дұғасын оқырда алдымен зәмзәм қосқан суға шомылып, ғұсыл 
алады  екен.  Сосын  жүзін  құбылаға  қаратып,  жылқының  жал-құйрығын  не 
пұшпақ  терісін  алдына қойып,  оған  сиқыр  дұғасын  оқып,  бір-екі рет үшкірсе 
болды, әлгі пұшпақ кісінеп, бір ер-тоқымды ат болып түрегеледі екен. Машың 
қолын жауға қарай бір сермесе болды, қарсыласқан дұшпанның ішіне шауып 
жетіп, жаудың адамдары ер-тоқымды атты ұстаймыз деп жабыла ұмтылғанда 
бомба  болып  атылып,  жан-жағындағының  бәрін  жайратады  екен.  Алдыңғы 
сиқыр  дұғасына  жау  қырылып  бітпесе,  ертоқымды  аттың  іші  толған  бомба 
екендігін  жау  сезіп  қалып,  ондайға  екінші  рет  жуымайтын  болғанда  амалын 
өзгертіп, түйенің шудасы мен бас терісін алғызып сиқыр дұғасын тағы оқып, 
бірнеше қайта үшкірсе, бір ақ інген боздап шыға келеді екен. Тағы да Машың 
жауға  қарсы  қол  сермесе  болды,  ақ  інген  боздаған    бойы  жаудың  ішіне  кіре 
жығылып, тағы да бомба болып атылып, жаудың қалғанын қырады екен. 
– Ақырзаман таяғанда жерден Мәді шығады, көктен Қайса түседі деуші еді, 
ақырзаман таяп қалғаны ма?! 
– Ақырзаман бізге емес, кәпірлерге келетін болғаны ғой. 
–  Кәпірлер  мұсылмандарға  ойына  келгенін  істеп,  әлінен  әбден  асып  еді, 
сазайын бір тартатын болды деші... 
– Біздің де көз жасымызды көретін күн туған-ау. Бұныңа да тәубе! 
– Сондай бір керемет иелері болмаса бұл кәпірлерге басқа зауал жоқ. Алла 
зауалын бергірлер, қырылса тезірек қырылса екен. 
                                                 
5
  Сылиң – әскери жетекші 
 

Ел  іші  гу-гу.  Әрнеге  шошынды  болып  қалған  қазақтар  не  істерін  білмей 
дағдарып  тұрғанда  бояу  сатушы  болып  ел  ішін  есекпен  аралап  жүрген  бір 
ұйғыр Елісханның қолына тілкімдей қағаз ұстатып кетті. 
Хатта мынадай сөздер бар екен: 
«Құрметлік  Елісхан  жанаблары,  сізге  Алланың  шапағаты  жаусын. 
Марқұм  әкеңіздің  жаны  жәннатта,  топырағы  торқа  болсын.  Ол  таза 
мұсылман еді, кәпірлерге қарсы күресіп өлген нағыз шаһид болды. Иллаһим, 
жаны жұмақта болады деп сенеміз. 
Біз  сізге  Алланың  елшісі  –  Мұхаммедтің  ақ  туын  ұстаушы  ретінде 
мынаны  ұқтырамыз.  Шынжаңдағы  мұсылман  халықтарының  тілектері 
бойынша  біздің  жер  қайыстырған  қалың  армиямыз  кәпірлерді  жазалау 
үшін  жиһад  жорығына  аттанғалы  отыр.  Әрине,  сіздің  әкеңіз  сияқты 
жазықсыз  қырылған  талай  мұсылманның  кегі  үшін  қытайлардың  қанын 
судай шашамыз. Шың Шысайдың көзін жоғалтып, мұсылман мемлекетін 
құрамыз.  Сізді  қазақ  бауырларды  ілестіріп,  біздің  күресімізге  қосылып, 
кәпірлерден бірлікте кек алуға шақырамыз. 
Мұхаммедтің  ақ  туының  астында  көрісейік!  Дініміз  үшін  өлсек 
шаһидпіз, тірі қалсақ қазымыз.  
Мемлекет  армиясы  отыз  алтыншы  дивизиясының  командирі  Ма 
Жұңиың».  
Елісхан  хатты  бір  емес,  бірнеше  рет  оқыды.  Ауылдағы  атқа  мінер 
жақындарының басын қосып: 
– Ма Жұңиың маған хат жазыпты. Әкемнің тірі күнінде де Ма Жұңиың мен 
Қожанияз кезек  елші жіберіп,  қытайларға  талай рет соғыс  ашса да онысынан 
ештеңе  өндіре  алмағандарын  білесіздер.  Бірдеме  өндіргенді  қойып, 
Қожанияздың  кеселінен  басымызға  бұлт  үйіріліп,  қытайдың  қырғынына 
ұшырадық.  Дәл  қазір  бізге  дос  жоқ.  Біздің  ата  жауымыз  қытай  болса,  ірге 
жауымыз – сарт пен моңғол. Алыстағы дүңген аспаннан түскендей жетіп келіп 
бізді  құтқарады  дегенге  сенгім  келмейді.  Сол  үшін  менің  ойым  –  ойынның 
ақырын  бағу.  Бірақ  тыныш  жатпаймыз.  Қырғыннан  кейінгі  қытайлармен 
соғыста  қолымызға  түскен  қару-жарақ  біраз  адамға  жетеді.  Сол  үшін  жасақ 
топтап,  күшімізді  нығайтамыз.  Еруліге  қарулы  дегендей,  қандай  жағдай 
болғанда да дайын болғанымыз жөн, – дегенді айтты. 
Бұл пікірді бірінші қостаған Қожақын болды: 
– Біз кімге сенеміз, алхамдуллаһи бір Аллаға ғана сенеміз. Пенде баласынан 
сенеріміз қалған жоқ. Десе де, дүңген жеңсе онымен одақтасуды, Шың Шысай 
жеңсе,  бәрібір  онымен  жауласуды  жалғастырудан  басқа  амалымыз  жоқ,  – 
деген пікірін білдірді. 
Ережеп молда даусын кенеп алып: 
– Біз дін үшін күрестен бас тартпағанымыз жөн еді. «Жауды аяған жаралы» 
дегендей, біз кәпірді мүсіркегенімізбен, олар бізді аямайды, – деді.  
Елісхан көпке қарап: 
–  Менің  Шың  Шысайға  деген  кегім  әлі  тарқаған  жоқ.  Бірақ  қан 
қызбалықпен  албырттық  асаулыққа  беріліп,  сырттан  ағылып  келген 

дүңгендерге  қалай  қосыламыз?  Қылаң  мен  Жантайлақтың  басын  алған 
Мадарың  жендетті  те  осы  дүңгендер  құтыртқан  дегенді  естігенмін.  Олар 
бәрібір  тұрғылықты  халық  емес.  Сол  үшін  бұл  мәселені  мынадай  шештім. 
Біріншіден, менің Шың Шысайға жазған хатым бар. Соны арнайы кісілер оның 
қолына  тигізуі  керек.  Хаттың  қысқаша  мазмұны  –  әкемнің,  шешемнің  жоғын 
жоқтау.  Адамды  қырып,  ауылды  тонаған  зұлымдықтарына  құн  және  айып 
төлету.  Кіші  шешем  Шәрбан  және  бауырларым  Сетерхан  мен  Әлемханды 
қайтарып бер деп сұрау. Және хаттың соңында «келесі жылы әкеме ас беремін, 
соған  дейін  жауап  күтемін»  дедім.  «Бұл  хаттарға  дұрыс  жауап  бермесең 
тұрысатын  жеріңді  айт,  соғысып  өтемін»  дегенді  де  ашық  білдірдім.  Ма 
Жұңиыңның  хатын  көргеннен  кейінгі  ойым:  осы  хатты  екі  дана  қылып 
жазамын.  Бірін  Шың  Шысайдың  қолына  тигізсем,  бір  данасын  Ма 
Жұңиыңның ел ішін кезіп, үгіт айтып жүрген адамдарының қолына  аңдаусыз 
түсірген  етемін.  Және  де  оған  тағы  бір  хат  жазып:  «Қазамен  қабырғамыз 
қайысып отыр, әзірше әл-дәрменіміз жоқ» деп жауап беремін. Мүбәда дүңген 
жеңіске жетсе менің хатымның мазмұнын білген соң бізге тиіспейді. Ал Шың 
Шысай  тиісе  ме,  жоқ  па  дегенді  ойлағым  да  келмейді.  Дүңген  жеңіліп,  Шың 
Шысай жеңіске жетіп жатса, оның ендігі ең үлкен дұшпаны біз боламыз. Арзан 
алма мен көк шапақ қауынға абыройын айырбастай салатын сарт емеспін. Ақ 
кепешін лақтырып жіберіп, қытайша шүлдірлесе арасына сіңіп кететін дүңген 
емеспін.  Қазақпын.  Олар  да  қазақтың  қандай  екенін  білсін!  Қазірше  әкемнің 
асына сауын айтып, сарбаз сайлаудан басқа жұмысым жоқ, – деп тынды. 
– Алла жар болсын, жарығым, жолың болсын, ойлағаныңның бәрі орынды!  
Үлкендер жағы Елісханның сом жаралған денесіне, отты жанарына қызыға 
қарап: «Әке көрген оқ жонар деген. Әкеден артық болмаса, кем тумаған екен. 
Қазақтар қосақ арасында қалмасын деп елін қанатының астына алып отырғаны 
ғой. Тіл-көзден аман болсын», – деп іштей дұға-тілек білдірді. 
Арқалары кеңіп, жиналыстан көңілді тарады. 
 
* * *  
 
Баркөлдің шығысында жасыл текеметтің үстіне төгіліп қалған салақ әженің 
талқанындай  өзгеден  оқшау  бір  шөкім  құм  төбе  жатыр.  Оны  жұрт  «Шошан 
құмы»  деп  атайды.  Енді  бір  қарағанда  жасаңға  шөгіп  жатқан  сары  атанға 
ұқсайды. 
Уілдеген  желдің  үнімен  құмнан  көтерілген  қобыздікіндей  күңіреніске 
зарлана жылаған мұңлы әуез қосылып, даланың сай-сүйегін сырқыратады. 
Бұл төбені біреулер һұн батырының моласы десе, біреулер құмға айналған 
һұн сарбаздары деседі. Әңгіме былай болған екен: 
Үйсіндермен  құдаласқан  ежелгі  қытай  тайпалары  һұн  даласына  көз 
алартып,  көп  рет  шабуыл  қозғайды.  Сол  тұстағы  һұн  жұртының  ұлтанды  бір 
бөлігі  осы  маңды  мекендесе  керек.  Аратүрік-Баркөлді  артқы  тірек  еткен  һұн 
сарбаздары  жаумен  аянбай  күреседі.  Баркөлдің  оңтүстігіндегі  адырлардың 
теріскей беті жаудың өлігіне толады. Һұн сарбаздары да қырғынға ұшырайды. 

Соның  ішінде  жауға  атойлаған  жалғыз  батырының  ерлігі  ерекше  болады.  Ең 
соңында жүз шақты сарбазы ғана қалған батырды жаулар қоршап алады. Олар 
шегіне соғысып осы құм тұрған жерге келеді. «Аңдыған жау алмай қоймайды» 
дегендей,  айналаны  қоршаған  жау  жасағы  әміршінің  бұйрығы  бойынша  жан-
жағынан  мыңдаған  жебе  жаудырады.  Батырдың  тұлғасы  жебеден  көрінбей 
қалады.  Кенет  күннің  көзін  бұлт  жауып,  қатты  дауыл  соғады.  Жап-жасыл 
табиғаттың  қойнына  құм  жауып,  жау  әскерінің  тоз-топалаңы  шығады.  Күн 
екені  белгісіз,  түн  екені  белгісіз,  қараңғылықта  қалған  жау  шерігі  өзара 
қырқысып, қынадай қырылады. 
Ертесі ертемен күн шығып, жарық түскенде есін жиған жау әскері өздерінің 
азғана  адамының  қалғанын  көреді.  Олардың  қарсы  алдында  үрейлі  құм  тауы 
жатады. Осы кезде жел тұрып құмның қойны-қонышы шулап қоя береді. Һұн 
сарбаздарының  аттандаған  үні  естілгендей  болады.  Үрейленген  қытай 
жасақтарының көзіне құмды тау өздерін басып келе жатқандай көрінеді. Тым-
тырақай қашады. 
Міне,  содан  бастап  осы  жасыл  төскейде  бас-аяғы  тай  шаптырым  келетін 
құмды төбе пайда болады. 
Сол бір ескі тарихты еске салғысы келгендей құм сыңси жылайды, мұңлы 
дауыспен  күңіренеді.  Құмнан  аттандаған,  ұрандаған  һұн  сарбаздарының  үні 
шыққандай болады. 
Осы  араға  анау  Күңіректің  жотасынан  немесе  Бисанның  бір  биігінен  көз 
салған сайын Елісхан бұл құм төбені жер бауырлап, атылғалы жатқан барысқа 
ұқсататын.  Азуын  батысқа  қарай  білеген  сол  барыстың  құйрығын  баса  ауыл 
қондыруы, онда әкесіне ас беруі де тегін болмаса керек. 
Құмның  солтүстігіндегі  жазыққа  қаздай  тізілтіп,  үш  қатарға  бір  жүз  үй 
тігілген.  Ең  басында  оқшауланған  ақ  төбедей  бір  үй  тұр.  Осындай  үйлерді 
жабдықтау,  мал  сойдыру  секілді  жұмыстың  бәрін  өз  мойнына  алған 
Қожамберген барлық істің ығын біліп, шып-шырғасын шығармай, зыр жүгіріп 
жүр. 
Әліп  ауылы  шабылардан  бұрын  өзінің  Қаптыққа  қарай  көше  жөнелгенін 
бірде  жөн  санаса  да,  енді  бірде  бармағын  тістеп:  «Қап,  әттеген-ай,  ағамнан 
жаным  артық  па  еді.  Басына  күн  туғанда  қасынан  табылмағанымды  қарашы. 
Мен бөлініп көшпеген болсам аман қалар ма еді, қайтер еді» деп те ойлайды. 
Кейде  өзін  өзі  жазғырса,  енді  бірде  Шәріпхан  мен  Баймолланы  іштей 
кінәлайтын. Олардың кезек-кезек келіп: «ағаңа ақыл айт, үкіметпен қарсыласа 
бермесін.  Бұлайша  тоңмойындық  істей  берсе,  түбі  жаман  болады»  дегенін 
кезінде  сақтандырғаны  деп  біліп  еді.  Енді  ойласа,  ағайын  арасының  ұсақ 
араздығына  бола  екеуінің  арасына  әдейі  от  тастағандай  сезінеді.  Сөйтіп, 
жаулары  жағасына  жармасуға  дәрменсіздік  танытып  келген  Жамысбай 
балаларын іштен ірітіп, қапияда бас салған жоқ па дегенді ойлағанда мұның да 
өзегі өртенеді.  
Өзінің  артынан  Қожақын  мен  Елісхан  қуып  барып,  көшті  қайырғанда  да, 
сол ағаттығын кеш сезініп: 

–  Сендер  тезірек  қайтып,  арттағы  ауылға  ие  болыңдар.  Мен  қайда  барады 
дейсіңдер. Арттарыңнан барамын, Шәріпхан «қытайлардың сұрқы жаман, сақ 
болыңдар» деген соң қорқып көшкенім еді, – деп шынын айтқан болатын. 
Өткен  іске  өкінгенмен,  амал  жоқ.  Бәрібір  уақытты  шегере  алмайсың. 
Елісханның  қайысқан  қабырғасына  сүйеу  болсам  деп  еді,  ол  арманы  да 
орындалып  жатыр.  Ағасының  асын  берер  уағы  өткен  жылы  болса  да  жау-
жалам жағдай мен күйреген отбасылардың орнына түтін түтету әбігерлігі қол 
байлау болды. 
Кешегі  қып-қызыл  қанға  малынып  күлге  айналған  ақорданың  орнынан 
жаңадан  көтерілген  жас  шаңырақ  дегенге  сенгісіз  Елісханның  отауы  өзіндік 
айбатпен ерекше еңселі көрінеді. Сыртқы босағаға қара ту байланған ақтамақ 
найза  шаншылыпты.  Алыс-жуықтан  келген  ағайын  сол  ақ  отаудың  белдеуіне 
ат байлап, босағасын «бисмилламен» аттап жатыр. Астың дайындық қамымен 
жүрген  біраз  адам  осында  жиналған  еді.  Аллаға  тәубесін  үйірген  үлкендер 
жаңа келіннің қолынан ыстық шай ұрттай  отырып, астың дайындығы туралы 
әңгімеге  көшті.  Бәрі  де  өз  істері  туралы  жас  та  болса  бас  санаған  Елісханға 
мәлімет беріп жатыр. Алдымен сөз алған Қожамберген: 
– Қарағым Елісхан, үйлер түгел тігіліп болды. Қазір бата жасалған соң, мал 
сойыла бастайды. Шабатын аттың бәйгесі, балуанның жүлдесі, бәрі дайын. Екі 
жүзге  тарта  ат  шабады  деп  межелеп  отырмыз,  қазірше  жетпіс  бес  атқа  бәйге 
дайындадық. Жиырма бес атқа дейін алды атан түйе, арты тай деген секілді бес 
ірі  қарадан  дайындап  жатырмыз,  –  деп  бір  тоқтады.  Қожақын  да  өзі  істеген 
істерді тағы бір пысықтап: 
–  Баркөлден  келетін  жолдың  бойына  шолғыншы  жиырма  жігіт 
орналастырылды.  Күні-түні  кезек-кезегімен  қарауылда  тұрады.  Бейсауат 
адамды ары-бері жүргізбейді. Сағат сайын бізге хабаршы жіберіп тұрады. Әр 
үйге бірден, жиыны жүз азамат күтушілердің бастығын қойдық. Олардың бәрі 
–  неге  болса  да  сақадай  сай  тұратын  сарбаздарымыз.  Оның  сыртында  отыз 
азамат бәйгенің бас-аяғын қадағалайды.  Он неше  азамат  үлкендерге  атқосшы 
ретінде  орналастырылды.  Аратүріктің  жолына  бес  азамат  қарауылға  кетті. 
Әлдеқандай жағдай бола қалса елу азамат елге ие болады. Екі жүз азамат атқа 
қонады. Осында жүрген өзімізді қосып есептегенде, үш жүзден артық қарулы 
азамат  бармыз,  көбі  –  былтырдан  бері  арнайы  жаттығудан  өткен  өңкей 
жаужүрек жігіттер, – деді.  
Елісхан  сөз  дәметкендей  төр  алдында  үнсіз  отырған  Адубай  ағасына 
қарады.  Әдетте  көп  сөйлемейтін,  сөйлесе  албаты  айтпайтын  бұл  кісіні  жұрт 
көріпкелі бар  киелі  адам  деп имене қараушы  еді.  Ол  кісі көзін жауып  тұрған 
ұзын қастарын бір көтеріп: 
–  Е,  қарақтарым,  кәрі  жияңжүн  атанған  лақса  генаралдың  заманында 
ұйқымыз  қанып  еді.  Жин  Шурын  дегені  таққа  шыққалы  құйрығымыз  қоныс 
таппады.  Құйрығымыз  қоныс  тапқаны  түгілі,  мал  мен  жанның  өзін  сақтау 
уайым  болды  емес  пе.  Бәрін  жарылқаймын  деп  келген  Қожанияз  Шың 
Шысайға  сатылып  кетті.  Мұсылман  мемлекетін  орнатамын  деп  күндей 
күркіреп жеткен Ма Жұңиың дүңген Шың Шысайдан өле таяқ жеп, торғайдай 

тозды. Қытайлардың көзіне шыққан сүйелдей болып, сұмдардың қарауылында 
біз  ғана  қалдық.  Елдің  ең  соңғы  бір  көрген  қызығы  осы  бола  ма,  кім  білсін. 
Асты жақсы өткізіңдер, – деп жуан даусымен күмбірлей сөйледі. 
Оның  «Қожанияз  сатылып  кетті»,  «Ма  Жұңиың  таяқ  жеді»  дегенінің  де 
өзіндік  мәні  бар.  Алғашында  Қожанияз  бен  Ма  Жұңиың  бірігіп  Жин  Шурын 
үкіметінің  үрейін  ұшырған  еді.  Оған  қазақ  қолы  қосылып,  жаудың  бірнеше 
мың  адамын  жаһаннамға  аттандырған  болатын.  Кейіннен  Шың  Шысай 
жағынан  жеңіліп  шегініп  кеткен  Ма  Жұңиың  бас-аяғын  жинап,  өткен  жылы 
Шынжаңға  қайта  шабуыл  қозғаған.  Бұл  шабуыл  жай  ғана  шабуыл  емес 
болатын.  Шынжаң  билігін  қолына  алған  Шың  Шысайдың  өз  бетінше  кетіп 
бара  жатқанына  қатты  алаңдаған  Жияң  Жиеші  Гансу  өлкесіндегі  отыз 
алтыншы  дивизиясының  командирі  Ма  Жұңиың  мен  Іле  генералы  Жаң 
Пиюанға астыртын бұйрық беріп, Шың Шысайдың көзін құртуды тапсырған. 
Мұны алдын-ала сезген Шың Шысай Кеңес Одағының Дихуадағы консулы 
Золоткинді  қолына  қондырып,  Кеңес  Одағымен  достасып  үлгерді.  Сол 
достықтың  алғашқы  көрінісі  ретінде  Кеңес  Одағымен  және  Қытай 
коммунистік  партиясымен  бірігу  бағытын  көтеріп  шықты.  «Имперализимге 
қарсы  тұру,  Кеңес  Одағына  жақындасу,  ұлттар  теңдігін  жолға  қою,  үкімет 
жұмысында  таза  болу,  бейбітшілікті  қорғау,  қоғамдық  шаруашылықты 
жандандыру» сынды алты ірі саясатты үгіттеді. Шығыс Қытайды жаулап алып, 
Кеңес  Одағының  біраз  жерін  де  өзіне  қосып  алған  Жапониядан  іштей 
тіксінетін кеңестіктер, олардың ендігі жерде Шынжаңға ауыз салуынан қатты 
алаңдайтын.  Тіпті,  Шынжаң  билігін  қолына  алған  Шың  Шысайдың 
Жапониядан  оқып  келгендігі  олардың  ішкі  күмәнін  онан  ары  ұлғайтып  еді. 
Осындай  қиын жағдайда  қаһары  қатты,  қармағы ұзын  Сталин  Дихуадағы  бас 
консул  Золоткинге  Шынжаң  мәселесі  турасында  тікелей  тапсырма  берген 
болатын.  Золоткиннің  Шың  Шысай  шақырған  қонақасыға  желп  етіп  бара 
қалуы да осындай ішкі есептің ықпалынан болып еді. 
Сөйтіп,  әр  екі  жақ  өз  ұпайын  түгендеді.  Кеңес  Одағы  Шынжаңның  өзінің 
шекаралық  қауіпсіздігіне  төндіретін  қатеріндегі  қорғаныс  қуатын  бекемдей 
түсумен бірге жергілікті байлығын мейлінше пайдаланды. Шынжаң мен Кеңес 
Одағының  сауда  келісіміне  орайластырып  Шынжаңға  берілген  әрқандай 
көмегін қымбат бағалы сауда айырбасы есебінде ұстады. 
Шың Шысай не сұраса соны берді. Кеңес Одағынан «Тарбағатай армиясы», 
«Алтай  армиясы»  деген  атпен  бірнеше  дүркін  кірген  қуатты  армия  аспанда 
самолет, жерде танкінің көмегінде Шың Шысайды құртпақшы болып, Дихуаға 
шабуылға  шыққан  Ма  Жұңиың  мен  Жаң  Пиюан  армиясын  жеке-жеке  тып-
типыл жойды. 
Қашқар  аймағында  «Шығыс  Түркістан  республикасын»  құрып,  жаңа 
республиканың  президенттігіне  отырып  жатқан  Қожанияз  қажы  Еркештам 
деген  жерде  кеңестіктердің  қақпанына  түсіп,  жас  мемлекетін  сатып  кетті. 
Республиканың  үкімет  бастығы  Сәбит  Дамолданы  өз  қолымен  ұстап  берді. 
Кеңестіктердің  қысымы  мен  әрбілеуінің  нәтижесінде  Шың  Шысайдың 
қолтығына  кірді.  Оның  еңбегін  бағалаған  Шың  Шысай  Қожаниязды  өлкелік 

үкіметтің төрағасының орынбасарлық тағына отырғызды. Осы арқылы ұлтын 
өз  мүддесінің  құрбандығы  қылатын  сатқындарға  төрден  орын  беретіндігін 
көрсетпек болды. 
Әдетте  көп  ашылып  сөйлемейтін  Адубай  алыс-жақынның  ой-қырына 
қиырдан  қарап,  осының  бәрін  қысқа  ғана  қайырып  өтті.  Сосын  ауыр  бір 
күрсініп: 
–  Қайран  мекен,  қасиетті  қоныс  ұя  болудан  кетіп  тұр  ғой,  –  деп  күйзеле 
күңіреніп, сөзін аяқтады. 
Осы  кезде  есіктен  көкқасқа  тайдың  басы  көрініп,  бала  жігіт  бата  сұрады. 
Жұрт төрде отырған қарияның аузына қарады. 
– Лайллаһа-иллаһу, мұхамадрасуллаһу, 
Бір Алла сені қолдасын, 
Еш жамандық болмасын! 
Кеткенің келсін, 
Кемтігің толсын. 
Отауың орда болсын, 
Іргең берік болсын. 
Қыдырың серік болсын 
Өткенге иман берсін 
Қалғанға қайыр-береке,  
Ұрпаққа намыс-ұждан берсін... – деп ұзаққа шұбырта жасалған батаға жұрт 
тегіс «әмин» десті. Бұл ас дайындығындағы алғашқы отырыстардың бірі еді.  
«Ертең – ас» деген күні етектегі хабаршылар ентіге жетіп: 
– Баркөл жақтан бір көңке
6
 келе жатыр, – деп мәлімдеді. Елісхан: 
– Кім болса да кіргізбеңдер, – деген бұйрық берді. 
Көңкедегі кісі күзетшілерге түсіп амандасып: 
–  Сарсүмбеден  келе  жатқан  бас  хатшы  Мәңкеймін,  –  дегенді  айтты. 
Күзетшілер өткізгенді қойып, одан ары тікірейе қалды: 
–  Қазақ  болсаң,  ата  жолын  ұстансаң,  қазалы  ауылдың  асына  көңкемен 
шаңдатпай,  атпен  келмес  пе  едің,  сені  қытайлар  әдейі  көңкемен  жіберген 
шығар.Үкімет адамдарын өткізбейміз! – десті. 
–  Елісханға  менен  сәлем  айтыңдар.  Мәмидің  ұлы  Мәңкей  әкесіне  көңіл 
айтқалы Алтайдан арнайы келіп тұр деп хабарлаңдаршы, – деді амалсыз қалған 
қонақ басшысы өзін таныстырып. 
Мәңкей  өзін  өткізбеген  күзетшілерге  сәл  шытынаса  да,  сарбаздарын 
сақадай сайлап, әскери түске енген қазақ қолының сұстылығына іштей сүйінді. 
Көп өтпей хабаршылар «өтсін» деген бұйрық алып жетті.  
Бірін-бірі көрмеген, бірақ аты-затына қанық екі тауды жайлаған қаракөктің 
тұқымдары құшақтасып көрісті. 
Мәми мен Жамысбай екеуі де  – бір жәнтекейдің баласы. Бірақ бір таудың 
құшағына  сыймады.  Атасынан  қалған  көктастың  билік  буы  мен  исі  керейдің 
«айналайынына»  семірген  Мәмидің  кішіреюінің  негізі  жоқ.  «Тасбике  таста 
                                                 
6
  көңке – машина деген мағынада

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал