ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет2/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
бірлікте  қарсы  тұрамыз.  Ел  мен  жердің  сырын  жақсы  білесің,  мемлекет 
армиясына  жол  бастап  жауды  жоюға  көмектессең,  еңбегің  еленіп,  мәртебең 
өседі. Балаңның баласына жететін байлық пен мансап сыйлаймыз. 

Әліп  сылқ-сылқ  күлді.  Дөңгеленген  көздеріне  төне  біткен  қою  қастары 
маңдайына қарай көтеріліп, тебінгідей құлақтары жатағандана қалды. 
– Қызық екен, қызық! Мені шақырған бұйымтайыңыз осы ма?!  
Жин Шурын қапелімде не дерін білмеді.  
Не құптағанын, не қарсы болғанын аңғара алмай жақ сүйектері қозғалақтап, 
түйенікіндей дүрдік еріндерін сылп еткізіп, айналасына қарады.  
Шынжаң әміршісін бейшаралық халден аудармашысы құтқарды: 
–  Бұйымтайыңыз  осы  болса,  қызығып  қалдым,  ойланып  көрейін  дегендей 
болды, – деп сөзді мүлдемге жұмсартып жіберді. 
Жин  Шурынның  ит  сілікпесінен  зорға  шыққан  Әліп  қарымжысын 
Баймолладан алды: 
–  Мені  шырғаға  тартқан  бала  құстай  қылып  Дихуаға*  алдап-сулап 
әкелгендегі  сыйың  осы  ма?  Мен  ел  мен  жер  үшін  күрескенде  мансап  үшін 
күресіп  жүрдім  бе?  Менде  бәрі  бар,  өзімдікі  өзіме  жетеді.  Қол  қусырып 
үйренген  құлсың  ғой.  Құлдық  саған  жарасады.  Өлкелік  үкіметке  сыйлық  деп 
алғызған алтын-күмістің бәрін саған қалдырдым. Кепкен көніңді жібіт. Мүмкін 
төрелеріңнің  алды-артын  тығындағаныңа  керек  болар.  Мен  кеттім!  –  деп 
қатты-қатты сөйледі. 
Оның  ашу  кернеген  ызғарлы  жүзіне  қаймыға  қараған  Баймолла  оң-солын 
ойлап  болғанша,  Әліп  өзін  қорғап  келген  жасақтар  тобына  қосылып,  атына 
мініп үлгерді. «Баркөл қайдасың» деп суыт жүріп кетті. 
Ләм-мим дей алмай сұрланып қалған Баймолла өзін тірі бауыздап кеткендей 
қатты қорланды. Әсіресе, «қол қусырып үйренген құлсың ғой, кепкен көніңді 
жібіт»  дегені  сүйегін  кеміріп  барады.  Өзінің  Қобық  жерінде  моңғолдар 
арасында жалшылықпен күн өткізген балалық дәуірі сүркейлі бейнесімен көз 
алдынан бір шұбырып өтті. Сол жалшылықпен жүріп моңғол, манжүр, қытай 
тілдерін  жетік  біліп  алған  еді.  Кейіннен  Жәке  би  меркіт  баласы  болғандығы 
үшін өз бауырына тартып адам қылған. Мәми би, Жеңісхан гүң
*
 секілді Алтай 
ұлықтарының  да  көзіне  түсіп,  елі  үшін  еңбек  еткен.  Жин  Шурын  заманына 
келгенде  көп  тілділігінің  арқасында  Дихуаға  келіп,  мансапқа  отырған.  Жин 
Шурын  Баймолла  мен  Шәріпханды  шығыс  Шынжаңдағы  көтерілісшілерді 
тоқтатуға  Құмыл,  Баркөл  өңіріне  неше  мәрте  жіберген  болса  да,  ұйғырларға 
дәрмені жетпеген олар «соғыстың өрті тұтанып тұрғанда аз қазақты аман алып 
қалсақ  та  жетеді»  деп  ойлаған  еді.  Сөйтіп,  үкімет  пен  халықты  жарастыру 
мақсатында Әліпті ебін тауып ертіп келіп, Жин Шурынның құзырына кіргізген 
болатын. Ендігі естіген сөзі мынау. «Қап!» деп бармағын тістеді ол. 
 
  
* * *  
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Әліптің Дихуаға кеткен хабарын естіген 
Қожанияз өз жасақтарын бастап келіп, Мори жағынан Сөрлікке қарай асатын 
қара кезеңде оның жолын тосып жатыпты. Құралды жасақтың үстінен түскен 
бейқам жолаушыларды Қожанияз қолы тарпа бас салды.  

–  Сен  сатқын,  қытайға  сатылдың  ба?  Бүкіл  мұсылман  қауымы  бірігіп 
қытайларды қуып шығып, ата-бабамыздың ақ мекенін босатып аламыз ба деп 
толарсақтан  қан  кешіп  жүрсек,  сен  алтын-күмісіңді  артып  алып  Дихуадағы 
ұлықтармен  тіл  біріктірдің.  Көрсетерміз  саған!  –  деп  тілге  де  келтірмей 
байлап-матап,  Құмылға  қарай  ала  жөнеледі.  Әліпті  ғана  ұстап  қоймай, 
Баркөлдің көл жағасындағы бір бөлім елді де Сөрлік, Қойлыққа қарай айдады. 
«Сақаудың қолына түспе, саңыраудың астына түспе» дегенді халық осындайға 
қаратып  айтса  керек.  Мүмкін  Жин  Шурынның  өзін  шырғалап  Дихуаға 
шақыруында  да  осындай  бір  өртті  тұтандырудың  ішкі  есебі  бар  шығар.  Ел 
іргесі  бұзылып,  халық  күйзеліске  ұшырай  бастаған  соң,  елдің  мұң-зарын 
естімек  болып  көтерілісшілер  мен  үкімет  арасында  бейбіт  бітім  жасамақшы 
шығар  деп  үміттенген  Шынжаңның  иесі,  мемлекеттің  өкілі  Жин  Шурындыкі 
анау.  Қозғалысты  бастауын  бастаса  да  енді  басын  қайда  соғарын  білмей 
мәңгіріп  жүрген  халық  қормалы,  көтеріліс  көсемі  Қожанияздыкі  мынау.  Енді 
қайтеді?!  Әліп  әр  екі жақ  үшін  де  өзін  ақтап  шырылдағысы,  құшағына  құлай 
салғысы  келмейді.  Күрестің  бағыты  дұрыс  болғанымен,  болашағы  бұлдыр. 
Көтеріліс  жетекшілерінің  көбі  саудагерлерден  шыққандықтан  бір  күні  елді 
сатып, саптастарын тақырға отырғызып кетуі де әбден мүмкін. Оған қарағанда 
бас-аяғы жиналып бірауыздылыққа келсе, ержүрек қазақ азаматтарынан үлкен 
үміт күтуге болады. Осының бәрін шабыстыра ойлаған Әліп әлі де болса істің 
соңын күткен еді. 
Бірақ  артындағы  елі  ерін  жау  қолына  беріп  қойғандай  намыстанып,  бұдан 
қатты  алаңдады.  «Саудагер  сарттың  мақсаты  көтеріліс  емес,  өз  құлқынын 
толтырып  ұпайын  түгендеу  ғой.  Жегенді  жек  көрсе  байқап  көрейік»  десіп, 
Қожанияздың  қолына  бір  мың  қой,  жүздей  жылқы  айдап  әкеліп  берді. 
«Бадырақ көз, мен саған тиіспейін, сен маған тиіспе» деп Әліпті зорға босатты. 
Соның  өзінде  Қожанияз  жағы  барғандардың  ат-көлігін  түгел  сыпырып  алып, 
Әліпті боз биеге жайдақ мінгізіп, қорлағандай қып қоя берген. 
Бұрын жауы қытай болса, енді сарт та дұшпанға айналды. Бұл аз болғандай, 
Әліпті  Қожанияз  ала  жөнелгенде  інісі  Қожамбергеннің  ауылы  басын  аулаққа 
салып, Моңғолияға қарай қаша көшіпті. 
Әліп  «алдымен  ағайынның  басын  қоссам,  сарт  пен  қытайды  артынан 
көрермін» деген ниетпен Қожамберген ауылын көшіріп әкелуге інісі Қожақын, 
ұлы  Елісхан  бастаған  ауылдың  атқа  мінер  атпал  азаматтарын  аттандырған 
болатын. 
«Әкемнің  өлерде  айтқан  өсиеттері  осының  бәрін  меңзеген  екен-ау»  деп 
түйді Әліп. Бірақ ол ел ішіндегі үкімет тыңшыларының Жин Шурынға шауып 
барып:  «Әліп  Дихуадан  бара  сала  Қожаниязбен  тағы  да  тіл  біріктірді.  Әуел 
десеңіз Қожанияздың үкіметке қарсы армиясына бір мың қой, екі жүз ат беріп, 
Дихуаға шабуылға өтуге дайындалып жатыр» деп хабар жеткізгенін білмейтін 
еді. Жин Шурын мұның анық-қанығын Баймолладан сұрағанда алдыңғы жолы 
аузы  күйіп,  Әліпке  деген  өкпесі  қара  қазандай  болған  ол  «мен  де  солай 
естідім» деп амалсыз бас шұлғыған болатын. 

Көп  ойлармен  келе  жатқан  Әліп  қалың  жыңғылды,  шилі  қойнаудан 
суырылып  жатаған  қоңыр  адырларға,  одан  әрі  Сілеусін  тауына  қарай  беттеп 
келе жатқанын білді. 
Шарбы  бұлттар  қалықтаған  мөп-мөлдір  аспанға  тәкаппарлана  бой  созып 
жатқан  нар  өркешті  Сілеусін  тауының  биігіне  көз  салған  сайын  есіне  немере 
ағасы  Кәрміш  түседі.  Аңшылық,  құсбегілігімен  аты  шыққан  оның  есімін 
Алтай,  Баркөл  тегіс  білетін.  Елге  үрей,  малға  апат  әкелетін  жабайы  аңды 
жуасыту  Кәрміштің  кәнігі  әдеті  болатын.  Атқан  оғы  жерге  түспей  сақасы 
алшысынан түсіп тұрған сол заманда осы қоңыр таулардан алты сілеусінді бір 
жолда соққанын қариялар тамсана әңгімелеуші еді. Содан бастап атағы жұртқа 
жайылып, бұл тауды да Сілеусін атаған. Амал не, сол ағасының ғұмыры қысқа 
болды.  
Қасына  Қареке  деген  қағушысын  ертіп,  құс  салып  жүріп,  Қаптық  пен 
Көксеркенің  арасында  Шонжыдан  Қалқаға  сауда  апара  жатқан  кірешілердің 
үстінен  түседі.  Аңшылардың  әдемі  аттары  мен  қанжығасындағы  қалың 
олжасына  қызықты  ма,  әлде  өздерінің  жасырын  әкетіп  бара  жатқан  заңсыз 
тауарларын  көріп  қойып  үкіметке  мәлімдейді  деп  қорықты  ма,  кірешілер 
Кәрмішті атып тастап, қарсыласқан Қарекені жаралап, қолға түсіреді. Жаумай 
жасын  түскендей  болған  ел  Кәрмішті  кім  өлтіргенін  білмей,  қан  жылап 
отырғанда Қареке жау қолынан қашып шығып, мән-жайды айтады. 
Сүйекті  жерлемей  үйіне  сақтаған  Әліп  жендеттерді  жазалап  беру  жөнінде 
Баркөл  әкімдігінің  есігін  тоздырып  қана  қоймай,  өлке  орталығы  Дихуаға  да 
неше  рет  арызданады.  Қазақтың  мұң-зарын  шыбын  шаққан  құрлы  көрмеген 
Жин  Шурын  үкіметі  істі  сұраусыз  қалдырады.  Бұған  кектенген  Әліп  ақыры 
атқа  қонады.  Баркөлден  өтетін  керуен  жолын  торып,  қарақшыларды  іздейді. 
Үшінші  жыл  дегенде  сексен  түйелі  кірені  бастап  Кәрміштің  ақжал  атына 
мінген,  төбесінде  тоқпақтай  айдары  бар,  моңғолдың  Жалаң  кешіл  деген  бай 
кірекеші қаперсіз алдынан шығады. Ағаның кегі, бір- неше жылғы сарпалдаң 
жанын  жегідей  жеп  қаны  қарайған  Әліп  қарсы  оқ  атқан  керуенбасын  қасқа 
маңдайдан басып қалады. Қалғандарын Адубай мен Тотия жайратады. Керуен 
тоғанақтарын  ауылындағы  аш-арықтар  мен  Кәрміштің  бала-шағасына 
үлестіріп  береді.  Моңғол  жағынан  келген  қуғыншыны  Адубай  бастаған 
батырлар екі күн соғысып қырып салады. 
Бірақ  бұл  іс  сұраусыз  қалмады.  Әліп  «сексен  түйелі  керуенді  тонапты» 
деген хабар өлке орталығына жетіп үлгерді. Жин Шурынның Әліпке төнгенде: 
«Қаншама бұқараны тонадыңыз, қаншама елді қан қақсаттыңыз» дегені осыны 
меңзегені еді. Кейіннен аудан сақшысының тергеуінен: «Өз елімді, өз жерімді, 
өз  отанымның  шекарасын  қорғадым»  деген  жалғыз  ауыз  жауаппен  құтылып 
еді. Үкімет жағы қылмысты одан әрі тереңдете қузастырмақшы болып, қанды 
қақпанын  даярлай  бастағанда  Қожанияз  бастаған  диқандар  көтерілісі  туып, 
байтал  түгілі  бас  қайғы  болған  қытай  жағының  Әліпті  қудалауға  шамасы 
келмей қалған. 

Міне,  сол  үшін  де  Сілеусіннің  қоңыр  адырлары  көзге  оттай  басылады. 
Ағасы Кәрміш алып денесін көсіліп жайбарақат жатқан сияқты: «Рахмет, інім, 
кегімді алып бердің, бірақ өзіңе абай бол, абай бол!». 
Осы  үн  дәл  құлағының  түбінен  жаңғырыққандай  болған  Әліп  түйе  жүн 
күпісінің  омырауын  ашып,  кеудесін  самалға  тосты.  Құралды  таудың  ұсақ 
үңгірлерінің біріне жасырып, түйелерді қайырмақтай бастағаны сол еді, қалың 
жыңғылдың  арасында  жайлақ  таймен  шауып  келе  жатқан  баласы 
Шәріпханның төбесі көрінді. 
Атынан  түсіп,  тайдың  тізгінін  ұстады.  Домалай  түскен  Шәріпхан  ботадай 
боздап, әкесін бас салып, күпісінің өңіріне тұмсығын тығып, сөзін айта алмай 
өксіп-өксіп кемсеңдейді. 
– Балам, не болды? Неден қорықтың? 
Әліп  оң  алақанын  жердің  борбас  топырағына  ұрып,  баланың  жүрегін 
аптады. 
– Айтшы, не болды? 
– Жау... Жау... 
– Қайдағы жау? 
– Ауылды жау басып қалды. Әке, тез қашып кетіңізші. 
– Ол қандай жау? 
– Қытайдың сарыала шерігі. Түстері тым суық. Бүкіл ауылды қоршап алып, 
тірі жанды тырп еткізбей отыр. Сізді тез келсін деп шақырып жатыр. Бармаңыз 
оларға. 
– Балам, қорықпа. Келгендердің арасында біз танитын адам бар ма екен? 
– Сіз танитын «тамыр қытай» дейтін біреу бар екен. 
– Жу Сына ма? 
– Иә, иә, соның дәл өзі. 
– Ол алдыңғы күні ғана келіп кетіп еді ғой, бөтен ештеңе айтпаған сияқты 
еді. 
– Әке, ол жақсы адам емес. Жауды сол бастап келген сияқты. Бәрін көрсетіп 
жүр. Оған сенбеңіз. Барсаңыз өлтіреді. Әуелі әскердің біреуі таңертең аттанған 
Жаябай атаның жирен қасқа атын тұлдап мініп жүр дейді. 
– Қорыққанға қос көрінеді деген. Соған ұқсатқан шығар. 
– Әке, қайтсе де бармаңыз. Олар жаман адамдар, қырады ғой. 
–  Жылама,  жыламашы.  Көз  жасын  көлдете  беру  жақсы  ырым  емес.  Сен 
жігіт  емессің  бе?  Ер  жігіт  бәріне  сабырмен,  шыдаммен  қарауы  керек.  Адам 
адамнан  қорқа  ма? Қорықпайды.  Адам  Алладан  ғана қорқады.  Егер  Алланың 
ырыздық несібесі таусылып тұрса, қашқанмен құтылмайсың. Қытайға керегі –
елдің  иесі  болған  менмін.  Бала-шаға,  қатын-қалаш,  шал-шауқанды  не  қылар 
дейсің.  Мені  керек  қылып  тұрса  барайын.  Қиын  қылғанда  басымды  алатын 
шығар. Мен бармасам, ауылдағыларға зәбір тигізіп жүрер. 
– Әке, тілімді алыңызшы, бармаңызшы, кетіңізші.  
Шәріпхан  еңіреп  жіберді.  Көзінен  бұршақтай  мөлдір  тамшылар  бірін-бірі 
қуалай  домалап  жатыр.  Әліп  ойланып  қалды.  Өзінің  бауыр  етінен  жаралмаса 
да,  баланың  шыбын  жаны  шырқырап,  жүрегімен  езіліп  тұрғанын  білді. 

Балапанын  жылан  жұтқалы  жатқан  анаторғайдай  тынымсыз  шырылдайды. 
«Қарғам-ай,  сені  өзімнен  тумады  деп  қалай  күнәлі  болайын»  деп  іштей 
күбірледі.  Шәріпханды  қалай  бала  қылып  алғаны  көз  алдынан  бір  шұбырып 
өтті. 
Ел  Баркөлге  ерте  бауыр  басқанымен,  баяғыда  Бөке  ауған  заманнан  аман 
қалған  Гансу-Чиңхайдың  жеріне  қанық  қазақтар  көп  еді.  Солардың  жол 
көрсетуімен бұл өңірдің қазағы  ішкі  қытайға  сауда  істеу,  керуен  жөнелту,  аң 
аулау  жолымен  сирек  те  болса  барып  тұратын.  Сондай  сапардың  бірінде 
қартайған  жездесі,  бүгінде  құдасы  Қауан  бастатқан  біраз  жігіттер  Гансу-
Чиңхай өлкесінің қытай ауылдарының біріне өткен еді. 
Жол  бойы  қаздың  балапанындай  тізілген  алты  баласы  бар  қытай  қатын 
шашын жайып, зар илеп отыр екен. Балаларына беретін тамағы болмаған соң 
үш  баласын  сатып,  қалған  баласын  аман  алып  қалу  ойының  барын  айтады. 
Қауан  бастаған  топқа  «балаларымды  сатып  ала  көріңізші»  деп  жалынады. 
Қауан  үш  баланың  бағасын  сұрайды  да,  үшеуін  бірдей  сатып  алатын  ниет 
білдіріп,  ақша  және  астық  береді.  Бірақ  ең  кенжесін  ғана  алады  да,  қалған 
екеуін  шешесіне  қайтарады.  Шешесі  Қауанның  етігін  сүйіп,  рахмет  айтады. 
Қауан ауылға келгенде алдынан шыққан Әліп бұйымтайы ретінде осы баланы 
сұрап алады. 
Әліптің  баланы  алуының  да  өзіндік  есебі  бар.  Үлкен  бәйбішесі  Мәмила 
Елісханнан  кейін  екі  қыз  тауып,  одан  кейін  бала  көтермеді.  Екінші  әйелі 
Ділдәжанның  пұшпағы  қанамады.  Үшінші  әйелі  Шәрбанды  алғанына  біраз 
жыл болса да, ол да бала көтермей кешеуілдей берген. Шәріпханды әкелгеннен 
кейін  Шәрбан  іркес-тіркес  екі  ұл  тапты.  Бірінің  атын  Сетерхан,  екіншісінің 
атын  Әлемхан  қойды.  Ырымшыл  ауыл  Шәріпханды  ақжолтай  санап, 
алақанына салды. 
Шәріпханды молдаға оқуға беріп еді, аз күнде-ақ Құран танып шыға келді. 
Қол-аяғы жеңіл, сүйкімді бала болды. Есіктен емес, үйдің жабығынан кіргізіп 
алған оны туған балаларынан кем көрмеді. 
Он  төрттен  он  беске  қарағанында  «отау  иесіне»  балап  кіші  әйелі 
Шәрбанның сіңілісіне құда түсіп, қалыңдық та айттырып қойды. 
Әліп Шәріпханның басынан мейірлене сипап, маңдайынан иіскеді: 
– Балам, түйелерге ие бол. Бірер жаман жағдай бола қалса, Елісхан ағаңды 
табарсың. Қазірше ауылдың маңын басушы болма. Алла сақтар, ал бара ғой. 
Шәріпхан  өзінен  алыстап  бара  жатқан  әкесінің  ат  үстіндегі  мығым 
тұлғасына қимай қарап, көз жасын селдетіп қала берді. 
Әліп  көрген  түсінің  тегін  еместігін  сезіп  келеді.  Оның  үстіне  ауылға  таяп 
қалғанда  аты  сүрініп  кетіп,  әлденеден  секем  алған  жүрегі  қобалжи  қалды. 
Сонда  да  неге  болса  да  бекіген  раймен  атын  борбайлата  ұрып,  шоқыта 
жөнелді.  Сілеусін  жақтан  келе  жатқан  адамға  сайдың  аузындағы  ауылдың 
қыбыр-жыбыры  алақандағыдай  көрінеді.  Төбе-төбенің  басын  иелеген  қалың 
шерікті байқап, бір сәт тізгінін іркіп, сәл кідіріп, «қап» деп бармағын тістеді. 
«Жасақты күні жау келмейді, жабдықты күні дос келмейді. Әлгі Жу Сынаның 
алдыңғы  күнгі  келісі  тегін  болмады  ғой.  Ауылда  бас  көтерер  еркектің 

жоқтығын  біліп,  мыналарды  әдейі  бастап  келген  екен-ау.  Өкінгенмен  амал 
жоқ, тәуекел». Атына қамшы басып, ауылға тебіне жақындады. 
Оны таныған шеріктер тұс-тұсынан қару кезеп, баспалай бұғып жатыр. 
Әліптің үлкен үйіне түскені сол еді, алдынан жылай шыққан Мәмила: 
–  Ойбай-ау,  неге  келдің?  Шәріпхан  айтпады  ма.  Мылтықтың  аузына 
кеудеңді  тосқаның  қай  батырлығың!  –  деп  көз  жасын  көлдетті.  Әліпті  күтіп 
тұрған Чың Пишу да тез жетіп келді: 
–  Әліп  мырза,  жақсы  келдің.  Ауылыңа  қонақ  келіп  жатса,  жалғыз  басың 
сопайып  қайда  кеткенсің.  Әлде  алтын-күмісің  мен  қару-жарағыңды  тығып, 
бізден қашқалақтап жүрсің бе?  
Әліп  оның  беліне  маузер  қыстырып  әскери  сұспен  шекірейе  қарағанын 
жақатпаса да: 
–  Шақырылмаған  қонақ  болған  соң  білмей  жатырмыз  ғой.  Қазақтың 
дастарқаны  қашан  да  ашық.  Аспаны  қандай  болса,  мінезі  де  сондай,  –  деді 
жайбарақат рай танытып. 
– А, солай ма, Әліп мырза. Аспаннан кейде қар жауады, кейде нөсер құяды. 
Тіпті кейде жасын ойнап, жай түседі. Ондай кереметтерің де бар шығар. 
Сопақша басын бір жағына қисайтып, мықынын таянған Чың Пишу тауып 
айттым ба дегендей қарқылдай күліп айналасына қарады. Темекімен ысталған 
қара қожалақ тістері араның жүзіндей арса-арса көрінді. 
–  Аспаннан  жауған  жауын  жердің  ырысы  үшін.  Қатал  қыстың  артынан 
күлімдеген  көктем  мен  жадыраған  жаз  келеді.  Көктен  пәле  жауды  дегенді 
естімеппіз, пәленің бәрі жерден өрбиді. 
– Аспанның ар жағында не бар, Әліп мырза? 
– Аспанның ар жағында Алла бар. 
–  Ә,  сенің  Аллаң  аспанның  ар  жағында  ма?  Жоқ,  жоқ,  жаңылып  тұрсың. 
Дәл қазір сенің Құдайың қарсы алдыңда тұр. Анау шек-шеті жоқ көк аспанның 
ар жағынан мейір күткенше, менің табанымды жалай бер. 
Әліптің  қызыл  шырайлы  өңі  күп-күрең  болып,  қаны  басына  бір-ақ 
көтерілді.  Өзін-өзі  сабырға  әзер  жеңдірді.  Тұлыбына  сыймай  жарылып  кете 
жаздаса да, сабырмен сөйлеуге тырысты: 
– Қазақ – қонағын Құдайындай сыйлайтын халық. «Әзілің жарасса атаңмен 
ойна» деген мәтел үшін артық-ауыс сөзге де кешіріммен қараймыз. Қалжыңды 
қояйық. Үйге кірейік. Үйге кіріңіз, дастарқанға отырайық. 
– Қазірше үйге кірмеймін. Сенің қандай қонақасы әзірлейтініңді көрейін. 
– Қонақта ес бар ма, май берсе де жей береді деген. 
–  Біз  ондай  қонақ  емеспіз.  Не  жеп,  не  қоямыз  –  оны  өзіміз  шешеміз. 
Күтушілікке  жиырма-отыз  жігітіңді  шақыр.  Әскердің  қонақасы  үшін  бес  жүз 
қой  әкел.  Сосын  сөйлесеміз,  анау  кім  еді?  –  ол  әлденені  есіне  түсіре 
алмағандай  жалтақтап  еді,  аудармашы  қытай  құлағына  сыбырлады,  –  ә,  ана 
інің  Қожақын,  балаң  Елісхан,  оның  жанында  жүретін  Қалимақұл,  Асқабыл, 
Тотия,  Тұрды,  Қуанышбай  –  бәрі  келсін,  оларға  сыйлығымыз  бар.  Ауылына 
қонақ келіп жатқанда қайда жүр олар? 

Әліп  қарсыласының  жай  әріптес  емес,  қанын  ішіне  тартып  келген  нағыз 
дұшпаны  екенін  бірден  білді.  Көрнеуде  айтқанына  көніп,  айдағанына  мақұл 
болып күнді батырсам-ау деген ойға келді. 
–  Тақсыр,  айтқаныңыздың  бәрі  болсын.  Жігіттерден  кім  бар  еді, 
шақырыңдар. Апырай-ә, ешкім жоқ па? Онда өзім барайын. 
Әліптің әр қимылын қалт жібермей бағып тұрған Чың Пишу : 
–  Жоқ,  сен  ешқайда  бармайсың!  Саған  ең  үлкен  сыйлық  ұсынамыз. 
Басқаларды  жіберіп  малыңды  алдыр,  жігіттеріңді  жина.  Еркек  болса  тезірек 
келсін! – деп бұйыра сөйледі. 
Жан-жаққа жүгірген балалар Құндызбайдың ауылынан елуді еңсеріп қалған 
Қырықбай деген кісіні шақырып келді. 
–  Сіз  тезірек  атқа  қоныңыз.  Мына  кәпірлердің  түрі  жаман.  Алдырар  күні 
жаздырар  деп  кездігін  өндіршегімізге  тақап  отыр.  Бұрымсайдағы  бойлақ 
қойдан  қанша  еркек  қой  шықса,  соншасын  бері  айдасын.  Мыналар  ел  ішінен 
алты-жеті  адамның  атын  атап  шақырып  отыр.  Олардың  бәрі  жетіп  келіп 
жүрмесін. Сырттан оқ атамыз деп ауылдағы бала-шағаны қырғызып алмайық. 
Жол-жөнекей  Құмбұлақтағы  елге  соқ.  Мүмкін  болса  Асқабылдың  жанымда 
болып, ақыл қосқаны жөн болар еді.  
Жай сөздерін естіртіп, қалғандарын көмескілеп айтқандықтан Әліпті бағып 
тұрған аудармашы ештеңе аңғара алмай қалды. Сонда да Әліптің алдына келіп: 
–  Жіберген  адамдарың  тез  келе  ме,  жоқ  па,  тез  келмей  сайтан  қулыққа 
бассаң  дәм-тұзың  бітті  дей  бер,  –  деп  әкіреңдеді.  Манағыдай  емес,  бұларға 
бойы үйрене бастаған Әліп те онша қобалжи қоймады. 
– Бәрін шақыртып жатырмын. Бәрі келеді. Жоғын артынан табамыз. Бірақ 
сіздерге бір сұрағым бар. Менің кінәм не, мына ел-жұртымның кінәсі не? Егер 
қылмыскер  мен  болсам,  қатын-баламды  шулатпай,  мені  байлап  әкете 
бермейсіңдер ме? – деді. Чың Пишудың өңі сұрланып кетті. 
–  Ха-ха-ха,  жазығым  не  деуін.  Түк  білмегенсуін  қара,  Қожанияз  бен  Ма 
Жұңиыңға  қосылып,  мемлекет  армиясына  қарсы  оқ  атқан  кім?  Қытай  мен 
Моңғолияның  арасындағы  сауда  керуенін  тонаған  кім?  Жин  Шурынның 
алдына  барып,  бәріне  бас  шұлғып  келіп,  келе  салып  сартқа  қосылып,  оның 
кертартпа  қосынына  бір  мың  қой,  екі  жүз  ат  берген  кім?  Білмек  болсаң,  біз 
бүгін осының бәрінің есебін алғалы келіп отырмыз. 
–  Мұның  бәріне  жауап  беруіме  әбден  болады.  Бірақ  бұл  арада  емес,  мені 
Жин Шурынның алдына алып бар. Сонда бәрін айтып беремін. 
– Бұдан бұрын да әккі қулығыңа басып, жалтарып келгенсің. Дәл осы жолы 
айтқаның  бола  қоймас,  кеш  қалдың.  Қазақтарды  бастап  Тасбастау,  Ақөртең, 
Житайзы жерінде үкімет әскерінің қанын судай шашқаныңды ұмытып қалдың 
ба? Соның бәрінің қан-қарызын қайтарып алатын кез жетті! 
– Мен соғыссам өзімді қорғау үшін, елімнің, жерімнің намысын таптатпау 
үшін күрестім. Менікі – әлсіздің қорғану үшін жасаған амалы. Ал сенің армияң 
–  сырттан  келген  шапқыншы  күш.  Жерімізді  таптады,  еліміздің  ар-намысын 
аяққа  басты.  Дінімізді  қорлады.  Салтымызды  мазақ  еткісі  келді.  Өзінің  ата-
бабасынан  қалған  ежелгі  жерінде  күн көрісін  әзер  айырып  отырған   халықты 

салық  төлеуге  мәжбүрледіңдер.  Бір  қорлыққа  ұшырап  алдарыңа  дәт  айтып 
барсақ,  құлақтарыңа  қыстырмадыңдар.  Сендердің  адамдарың  өлсе  құны 
жоқталады екен. Біздің адамдар қынадай қырылып жатса да бүйректерің бүлк 
етпейді.  Хан  қатыгез  болса,  халықтан береке  кетеді.  Хан  жауыз  болса, халық 
қарсылық  білдіреді.  Біздікі  –  әділеттік  үшін  күрес.  Сендердікі  –  зорлықты 
шапқыншылық! 
–  Тапқан  екенсің,  жап  аузыңды!  Сен  неменеңе  арқаланып  сүйрелеңдеп 
тұрсың.  Тіліңді  желкеңнен  суырып  алайын  ба!?  Жер  де,  ел  де  мемлекеттікі. 
Мемлекеттің  иесі  –  патша.  Бәріміз  соған  бағынамыз.  Сен  секілді  даланың 
жабайыларын жуасытатын жалғыз-ақ нәрсе бар. Ол – мынау! – осыны айтқан 
Чың Пишу жан құралын жұлып алып Әліпке оқтады, – білдің бе, танисың ба? 
– Ата ғой, ата ғой. Мені атқаныңмен, халқымды атып түгете алмайсың. Мен 
өлгенмен, қазақтың тағы бір қатыны ұл табады. 
– Дәл бүгін бәріңді атып тастау менің қолымда. 
–  Судың  да  сұрауы  бар.  Қара  халықты  қынадай  қыратын  болсаң  ертең  өз 
ұлықтарың-ақ  тақымыңа  қылбұрау  салар.  Баланың  ойыншығындай 
шошаңдатпа андағыңды! 
–  Сенімен  мылжыңдасып  әбден  шаршадым.  Әлгі  адамдарың  келе  ме,  жоқ 
па?  Мал  қайда?  Оны  күтіп  отыратын  уақытым  жоқ.  Мен  өлкенің  бұйрығын 
орындаушымын.  Онда  біраз  қазақтың  басының  есебі  жазылған.  Әкел 
бұйрықты! 
Осыны  айтқан  Чың  Пишу  артына  қолын  созып  еді,  хатшыларының  бірі 
болса  керек,  қара  былғарыдан  тігілген  жеңіл  сөмкеден  бір  жапырақ  қағазды 
оның қолына ұстата берді. 
 –  Білмек  болсаң,  бұл  –  өлкенің  бұйрығы!  Міне,  мынау  –  Жин  Шурынның 
қолы.  
Әліп қытайша жазылған жазуларды танымаса да, қағаздың бір жақ  шетіне 
сызылған өз басын бейнелеген суреттің аяғындағы қызыл крест белгісін көріп, 
сілейіп қалды. 
Осы  кезде  бұлардың  үстіне  Асқабылды  ертіп,  қалың  қой  айдап  Қырықбай 
келді.  
Асқабылды көріп әрең есін жиған Әліп:  
– Құдай-ау, Құдай, мына кәпірлерге жем қылатын болдың-ау. Сені қайдан 
шақырдым. Қаныңа ортақ болатын болдым ғой. Қайтейін енді. Арманда кетер 
ме екенбіз, – деп күйзеле күңіренді. 
Асқабыл  саса  қойған  жоқ.  Сабырлы  жүзінен  неге  болса  да  тәуекел  етіп, 
үлкен бекіммен келгені білінеді. 
–  Сабыр,  сабыр,  Әлеке.  Алла  басқа  салып  тұрса  қашып  құтылмақ  жоқ. 
Кәпірлерге  керегі  біз  шығармыз,  сөйлесейік.  Ажалымыз  жетіп  тұрса  оған  да 
көнерміз. Қатын-балаға тиіспесе болды ғой. 
Әліптің  шаралы  жанары  жасаурап,  зор  тұлғасы  шөгіп  бара  жатқандай 
көрінді. Көкірегін қарс айыра күрсініп: 
– Қанша дегенмен кәпір ғой. Сұрқы жаман. Менің басыммен кетсе қуанар 
едім.  Зұлымдар  сені  де,  ауылды  да  қырып  сала  ма  деп  қорқып  тұрмын. 

Басқаны былай қойғанда, күнәсіз сәбилердің, шиеттей балалардың не жазығы 
бар?! Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді деп, аузына қан толғыр 
Құты деген әңгүдік бірнеше айдан бері: «Жау шапты, жау шапты! Қан басты, 
қан басты!» деп еліре айғайлап жүр деп еді. Сол жарместің құлағына шайтан 
лағнет  сыбырлап  кеткен  шығар.  Қайтейін,  қан  басып  тұр,  қан  басып  тұр!  – 
Әліптің екі иығы солқылдап, жерге отыра кетті. 
–  Мұны  білгенде  қол  қусырып  жетіп  келмей,  қарсыласып  өлер  едім  ғой. 
Енді  қайттім?!  Басқа  ел  хабар  тапты  ма?  Үстімізге  түсіп  қырғынға  ұшырап 
жүрмесін! 
Өмір-бақи Әліптің иығының түскенін көрмеген Асқабылдың өңі де бозарып 
кетті.  Ұрты  бүлкілдеп,  иектері  дірілдеп,  ашу-ызадан  қалш-қалш  етеді.  Әйтсе 
де, түк сездіргісі келмей, қоңыр үнін бұзбастан: 
– Бәрі хабар тапты. Бірақ сенің тапсырмаң бойынша ешкім оқ атпасын деп 
тапсырып  кетіп  едім.  Бекер-ақ  өйтіппін.  Өзім  бас  болып  мына  кәпірлерді 
қоршауға  алып,  әкесін  танытпас  па  едік.  Енді  бәрі  кеш.  Өкінгенмен  орнына 
келетін  іс  жоқ.  Оданда  енді  не  істейміз,  соны  ақылдасайық.  Бүйтіп  бүгілме. 
Елге  бас  болатын  сен  егілсең,  мен  егілсем  қолында  сынық  темірдің  қылауы 
жоқ қатын-бала қайтеді. Ақыл қосайық. Бекіт беліңді! – деді. 
Әліптің  Асқабылды  шақыртуы  да  қысылтаяңда  айтатын  осындай  ақылы 
үшін  еді.  Асса  Баркөлге,  қала  берді  тасбикеге  сөзі  өтетін,  ауыл-аймақ  түгел 
сыйлайтын «қараби» аты бар болатын. Әліп айналасына айбат болса, Асқабыл 
ақыл  болып  бір  құстың  қос  қанатындай  көрінуші  еді.  Келелі  кеңестер  мен 
күрмеуі күрделі істерді шешуде дәйім Әліптің қасынан табылатын. Енді, міне, 
екеуі  де  үңірейген  мылтықтың  аузында,  қас  дұшпанның  қатыгездігінің 
құрығына  ілініп,  қанат-құйрығы  қырқылып  отыр.  Әліп  сәл  де  болса  есін 
жиғандай болды. 
–  Басқасы  емес,  тұқымыңды  тұздай  құртамын  деген  қара  ниеттілігі 
қабырғамды қайыстырып тұрғаны болмаса, өз басым бәріне де дайынмын ғой. 
Қапияда  бас  салғанын  көрмеймісің.  Күн  кешкіріп,  көлеңке  көбейсе  тағы  бір 
тырбынып қалар едік, әттең... 
Азғана  уақыт  ішінде  тіл  қайырысып  үлгерген  олардың  сөзін  Чың  Пишу 
бөліп жіберді: 
–  Асқабыл  деген  сен  бе?  Қалған  қарақшы  қазақтар  қайда?  Олар  бізден 
қашқанымен, бәрібір құтыла алмайды. 
Асқабыл төменшіктей, ақырын ғана тіл қатты: 
– Басқалар Қаптыққа көшкен елді қайырып келеміз деп сонда кеткен. Бір-
екі күнде келіп қалады. Күтсеңіз бәрін алдырамыз.  
Чың Пишу шоқ басып алғандай баж ете түсті: 
–  Күту!  Ақымақ  адамды  тапқан  екенсіңдер.  Бос  сөзді  қойыңдар.  Бәрін 
алдырып, дәл қазір алақаныма салыңдар. Әйтпесе бәріңді де қырып саламын. 
– Тым құрыса, таңға дейін күткендерің жөн болар еді. Біреуіміз барып бар 
адамдарды тездеп жинап келер едік. 
–  Оған  уақыт  жоқ.  Енді  бір  сағат  уақыт  беремін.  Сол  жетеді.  Өңкей 
жабайылар.  Атқа  мініп  үкімет  әскеріне  қарсы  оқ  атсаңдар,  жерден  өнгендей 

жинала  қаласыңдар.  Ал  бетпе-бет  біз  келсек,  бұралқы  итше  құйрықтарыңды 
бұттарыңа  қысып  тау-тастың  қуысына  сіңіп,  жарқанатша  жасырынып 
қаласыңдар. Даланы тазарту үшін сендерді қырып-жойып жоғалтқаннан басқа 
амал жоқ. 
Шерік бастығының өзінің жұмсақ сөзіне илігер түрі болмаған соң, Асқабыл 
да қаттырақ сөйлегісі келді: 
–  Мырза,  байқап  сөйлеңіз.  Үкімет  әскеріне  оқ  атсақ,  оны  өздеріңнің 
халыққа  жасаған  зорлық-зомбылықтарыңнан  көріңдер.  Біз  тыныш  жатқан 
қытай  ауылын  басып  алып,  олардың  қатын-баласына  қоқаңдап  көргеміз  жоқ. 
Қатын-баланың  не  жазығы  бар.  Еркек  пен  еркек  ерлерше  сөйлесетін  болар. 
Саған  керегі  Әліп  екеуміздің  басымыз  болса,  оны    кес  те  әкете  бер.  Елімді 
қорлама, жерімді қорлама. Халқыма тіл тигізбе! 
– Халық, ха-ха-ха, қандай халық! Тау-тасты сағалап, малдың соңынан еріп,  
хайуанша күн кешіп жүрген жабайылар да халық есептеле ме? 
–  Өшір  үніңді!  Біз  қалай  болғанда  да  өз  жерімізде  өмір  сүріп  жатырмыз. 
Анығында  қаңғыбас  бұралқы  ит  біз  емес,  дәл  сендерсіңдер.  Біздің  жерімізді 
жаулағандарыңмен  қоймай  тұнығымызды  лайлап,  туырлығымызды  ұлтарақ 
қылмақсыңдар. Жерімізді жұдырықтай жүрегіміздің үстіне сақтайтынымызды 
білгендерің  жөн.  Мықты  болсаңдар  екі  жақта  жасағымызды  жинайық. 
Тұрысатын  жерлеріңді  айтыңдар.  Жекпе-жекте  кімнің  кім  екенін  сонда 
байқаймыз! 
–  Ойдөйт  деген.  Жабайылар  тағы  да  өз  мінезіне  басты.  Олар  шайнаудан, 
тістеуден  тайынбайды.  Бірақ  сөйте  тұра  жайған  тор,  құрылған  қақпаннан 
құтыла  алмайды.  Біз  бүгін  Әліп  екеуіңді  ғана  емес,  бала-шағаларыңды  түгел 
қырамыз. Ертең Қожақын, Елісхандарды өлтіреміз. Әрбір қытайдың қасықтап 
төгілген  қаны  үшін  әрбір  қара  басты  қазақтың  қанын  шөміштеп  ұрттаймыз, 
ұқтың ба?! 
Чың Пишу енді сөйлегісі келмегендей соңғы сөзін ақырып айтты.  
Әліп Асқабылдың етегінен тартып:  
–  Кәпірлерді  алдағаннан  басқа  амал  жоқ,  ақырын  сөйлесейік,  –  деп  күбір 
етті. Сөйтті де: 
– Чың бастық. Шақырған адамдарыңызды тезірек келсін деген хабар айтып 
жібергенбіз. Азырақ күтіңіз. Рұқсат болса, біз намаз оқып алайық, – деді. 
–  Оқысаңдар  тез  оқыңдар.  Құдайларыңа  жалбарына  беріңдер.  Егер  мені 
сұрай қалса, сәлем айтыңдар. 
Әншейінде  болса  шығыстан  көтерілген  күн  лезде-ақ  батыс  қырқалардың 
бауырына сіңіп жоқ болатын еді. Тап бүгін арқандаулы тұрғандай жылжымай-
ақ қойды. Күзгі шақ болса да жалынымен шарпып шақырайып тұр.  
Әліп пен Асқабыл өзін бақылаған қытай жасақтарының көзінше дәрет алып
намазға беттеді. Күбір-күбір сөйлесіп келеді: 
Әліптің үні жарықшақтана шықты: 
–  Асеке,  тіріде  істеген  қиянатым  болса,  артық  айтқан  сөзім  болса  кешір. 
Егер  мен  өліп,  сен  аман  қалсаң,  арттағы  елге,  қатын-балаға  бас-көз  бол. 
Басыма  Құран  оқып  тұруды  ұмытпаңдар.  Алланың  құлы,  Мұхаммедтің 

үмбетіміз десек те пендеміз  ғой. Мен үшін, мен жасаған ағаттықтар үшін ел-
жұртымнан кешірім сұрарсың. Ағайынның басын қосып, ел етсем деп ем, басы 
бірікпеді.  Біріккені  сол,  өзіме  жау  болғандары  көбейді.  Арманда  кетіп 
барамын.  Қайсыбірін  айтайын.  Адамның  жаны  мұрнының  ұшына  келгенде 
қай-қайдағы  есіне  түседі  екен.  Кімнің  ала  жібін  аттадым  екен  дегенде  аз 
ғұмырым  көз  алдымнан  бір  шұбырып  өтті.  Әсіресе,  баяғыдағы  Айшария 
кемпірдің  қарғысы  құлағымның  түбінде  қайта-қайта  жаңғырып  тұрып  алды. 
Жалған-ай, қас-қаққанша зымырап өте шыққан күндерде есеп жоқ екен-ау. 
Осыларды айтқан оның ойына өтіп кеткен сол бір оқиға қайта оралды. 
Ердің де, жердің де кіндігі саналатын Алтайдан алыстағандардың оны еске 
алмайтыны,  бір  барып  қайтқысы  келмейтіні  жоқ  шығар.  Ата-бабасының 
қасиетті күлтөгері болған сол далаға Әліп те бірнеше рет соққан. 
Соның  бірі  Алтайдың  Ақаралындағы  ақша  тасбикенің  бір  баласы  Мәмила 
зәңгіге  амандаса  баруы  еді.  Кезінде  ағайынның  алалығымен  айырылысып 
кеткен  туыстардың  кейде  алыстан  кісінесіп  табысатын  әдеті  бар  ғой.  Барған 
елі  Жамысбай  балаларын  ыстық  құшағына  қысқан.  Мәмила  зәңгі  іні 
жолындағы  Әліпті  алақанына  салып  күтіп,  аттанарында  қалауы  бойынша 
астындағы қара атын түсіп берген болатын. 
Мақпал қара ат түйедей тұлғасымен ғана емес, жорға жүрісімен де, сүліктей 
қара сымбатымен де көргеннің көз жауын алатын. Әліптің тақымын толтырып, 
Баркөлдегі ағайынның арасына көңілі марқайып оралған. 
Қанаттас  отыратын  моңғол  мен қазақтың  жер  таласынан қалса,  бір-бірінің 
маңдайға басар жүйрік-жорғасын ұрлап кететін ежелгі әдеті бар емес пе. Қара 
аттың  атақ-даңқына  алыста  жатып  мас  болған  Қобданың  бергі  бетіндегі 
торғауыттың  Сәмітін  төресі  сенімді  жортуылшысы  Бембені  атқа  қондырады. 
Әрі оған қадағалай тапсырып: 
– Әліппен әріптестігіміз ұзақ болса да есесін жібермей келе жатқан жауым 
еді.  Баяғыда  Бәйтікке  таласқанда да  жердің  ұлтанды бөлігін бауырына басып 
қалған. Қара атты қайтсең де қолға түсіресің, – деп шегелейді. 
Күзеті мықты, аяғы кісендеулі қара атты әкету Бембеге оңай тимесе керек. 
Ел  торуылдап  жүріп  қазақтың  Әлшәй  жырындысымен  достасады.  Жердің 
тесігін  жамаған  екі  қу  дегендеріне  жетіп,  қара  ат  ұрланады.  Неге  екенін  кім 
білсін,  көзіне  мың  жылқы  емес,  бір  ғана  қара  аты  көрінетін  Әліп  қатты 
ашуланады. Өз мықтыларын іске салады. Ақыры кісенді біреуге сатып жатқан 
жерінен  Әлшәй ұсталады.  Бірақ  Әлшәй  шынын  айтпайды.  Тұлыбына  сыймай 
долданған Әліп: 
–  Мынаны  кісендеп  асып  қойыңдар  да  астына  иттің  боғын  тұтатыңдар!  – 
деп әмір етеді. 
Таудың  тұнығын  ішіп,  мал  мен  аңның  сүбелісін  ғана  жеп  үйренген  ер 
тұлғалы,  көкжал  Әлшәйға  бұл  қорлық  өлімнен  қатты  батса  керек.  Бар 
даусымен айқай салады: 
–  Ей,  Әліп,  сен  елдің  иесі  болғанда,  мен  тентегімін.  Тентек  неге  қарақшы 
болады.  Қарыны  ашқан  соң.  Менің  қарыным  неге  ашты?  Есағасы  Мажанның 
малын  бағамын  деп  қайыршы  болдым.  Көгенкөз  балаларым  аш  қалған  соң 

жаутаңдатпайын  деп  атқа  қондым.  Бергенді  сұрап  алдым.  Бермегенді  жырып 
әкеттім. Қара атты мен шығарып бердім. Сәмітін төренің Бембе жортуылшысы 
хақымды  жемеді.  Қобдадан  мал  айдатып  қайтарды.  Өкінішке  қарай,  қара  ат 
төреге  де  бұйырмапты.  Бара  сала  тышқаншықтан  өлген  екен.  Естиін  деп 
отырғаның осы ма? 
Мал ашуы – жан ашуы. Оның үстіне: «бауырыңдағы еліңе ие бола алмадың, 
аш-арық болдық» дейтін ағайынның ащы наласы жанын күйдіріп барады. Ел-
жұртқа бас алқамын, иесімін деп жүрген адамның бетіне салық, сүйегіне таңба 
боларлық  ауыр  сөз.  Әліп  екі  сөзге  келмей  Әлшәйды  ертіп,  Мажан  байдың 
ауылына  шапты.  Үкімет  жағы  Әліпті  құртамыз  деп  ел  ішінен  арыз  жиғанда 
соған бірінші болып бармақ басқан Мажан екенін де білетін. Келе салып дүрсе 
қоя берді: 
– Айғыр екеш айғыр да құтты болса бауырына құлын тоқтайды. Ақ ордаңда 
қазы-қарта  май  асап,  қара  лашықтағы  малшыңа  ие  болмай  не  бітіріп 
жатырсың.  Құлыңның  қақысын  неге  жейсің?  Малшың  малшы  емес,  қарақшы 
болып барымта жасаса оны неге тыймайсың?! 
Мән-жайды білген Мажан: 
– Тақсыр, жаздық, жаңылдық, кешіріңіз. Енді бұл сұмды үкімет жамбылына 
қаматасыз ба? Не істейсіз? – деп кішірейеді. 
– Тентектің жазасын өзі берсін деп саған әкелдім. 
–  Үрерге  иті,  сығарға  биті  жоқ  бұл  бейшараға  не  билік  жүрсін.  Билік 
өзіңізден, үкірдай! 
–  Мен  айтсам  былай  –  біріншіден,  елге  ие  болып  отырған  үкірдайдың 
маңдайға  басар  атын  ұрлағаны  үшін  бір  тоғыз  кестім.  Екіншіден,  малшының 
қақысын  жеп  қана қоймай, оны  жалаңаш  қалдырып  жұртқа  тастағаның үшін, 
еліне иелік етпеді деген тағы бір тоғызды саған кестім. Үшіншіден, қара аттың 
басы  қырық  қой.  Осы  үш  кесімді  жүз  елу  қора  малы  бар  есағасы  ауылына 
төлетесің бе, жоқ жалғыз төлейсің бе, ол жағын өзің шеш! Ал шеше алмасаң, 
Әлшәйды  аудан  жамбылына  өз  қолыңмен  тапсырып  бер.  Түрменің  түбіне 
таста! 
Мажан басына түскен сынның ауыр екенін әрі одан құтыла алмасын білді. 
Өз қойынан бір жүз жиырма тұяқты арқан салып бөліп берді. Әліп Әлшәйды 
шақырып: 
–  Мұның  қырық  тұяғы  –  сенің  еңбегіңнің  бодауы.  Екінші  рет  ұрлық 
істегеніңді  көрмейін.  Ал  сексен  тұяғын  сен  сияқты  аш-арықтардың  ұрлық 
істемеуі  үшін  кедей-кепшік,  жетім-жесірлерге  үлестіріп  беремін,  –  деп  жолға 
түскен. 
Аттанып  бара  жатқаны  сол  еді.  Олардың  артынан  біреу  айқайлап  шауып 
келе  жатты.  Жақындағанда  байқады.  Ақ  шылауышы  желбіреп,  екпіндеп  келе 
жатқан  Мажанның  шешесі  Айшария  екен.  Көзінің  алдында  бұршақтай  меңі 
бар  қара  кемпірдің  өңі  сұп-сұр  болып  кетіпті.  Әжім  жиектеген  шүңірек 
көздерін Әліпке қадап, кетік тістерінің арасынан сүйір тілі жылтыңдап: 
–  Жаумай  жасыл  түскірлер,  ел  аман,  жұрт  тынышта  ауылымды  құба 
қалмақша  шауып,  қай  басынғандарың  бұл!  Мажан  екеуіңді  тапқанша, 

қасқырдың  күшігін  тапсамшы.  Ана  қырық  қоймен  Әлшәйдың  көні  жібігенін 
көрермін. Алдыңдағы алал малымды өзіме тастап кет. Атың жоғалса бір тулақ 
емес  пе,  оны  мен  ұрлаған  жоқпын.  Мықты  болсаң  Әлшәй  ұрыңды  сүндетке 
қайта отырғыз, – деп ысылдай, ызбарлы тіл қатты. Малдың алдын орай шауып, 
атынан түсіп, мықынын таянып тұра қалды. 
Әліп  ләм-мим  деген  жоқ.  Жігіттеріне:  «Малдың  жартысын  кемпірге 
қалдырыңдар» деді де, жүріп кетті. Кетіп бара жатқан Әліптің артынан бір уыс 
топырақ шашқан кемпір: 
– Әліп, Мажан екеуің де көктемейсіңдер, көктемейсіңдер, көктемейсіңдер! 
Әй, Әліп, екі аяғың салбырап көктен түскен жоқсың. Сені де мен секілді ана 
тапқан.  Сол  анаңды  сыйламадың  ғой. Сүтімді  көкке  саудым,  –  деп қарғанды. 
Жерден бір уыс көк шөпті жұлып алып, батуға таяп бара жатқан кешкі күннің 
шапағына зәрлене қарап: – Көк шөптей жұлын, көктей орыл! – деп қала берген.  
Қазір де сол бір қарғыс күні кешегідей-ақ Әліптің құлағында жаңғырығып 
тұр.  «Пендешілікке  беріліп  аз  мал  үшін  сол  кемпірдің  қарғысын  неге  алдым 
екен десеңші!?». Оның ойын Асқабыл бөлді: 
– Алланың жазғанынан асып қайда барамыз. Бәріміз де пендеміз. Көңіліңді 
ауыртқан  жерім  болса  кешір,  не  деймін.  Қайдағыны  қайдан  айтып  кеттік. 
«Үмітсіз – шайтан» демеуші ме еді. 
Екеуі  күбірлесе  үйге  кіріп,  намазға  ұйыды.  Бесін  намазының  алғашқы 
сүннеті аяқтамай жатып соңдарынан кірген Чың Пишу: 
– Ой, мыналар әлі болмаған ба?! Енді еркеліктің керегі жоқ, бұлар уақытты 
өткізу  үшін  әдейі  отыр.  Тұрғызыңдар!  –  деп  жендеттеріне  әмір  етті.  Есікте 
тұрған әскерлер екеуінің желкелерінен сүйреп тұрғызды. 
– Намаз оқып болмадық қой! – Әліптің қызыл шырайлы өңі қап-қара болып 
түтігіп кетті. 
–  Оқығандарыңмен  Құдайларыңнан  қайыр  жоқ.  Қазіргі  сендердің 
Құдайларың  –  мына,  бізбіз!  Егер  аяғымызды  сүйіп,  «сұлу  қыздарымызды 
сендерге беріп құда болайық!» – десеңдер, онда ойланамыз. Ондай болғанда өз 
салттарың  бойынша  алдарыңа  тартылатын  біздің  сарықасқа  шошқамыздың 
батасын жасайтын боласыңдар. 
Әскербасы тауып айттым ба дегендей қарқылдай күлді. 
–  Үйт,  арамнан  болған  антұрған!  –  Әліптің  түкірігі  Чың  Пишудың  бетіне 
былш ете түсті. – Оңбай кет, сен кәпір! 
– Қырыңдар, қырыңдар, түгел!  
Чың  Пишудың  шәбеленген  үні  ащы  шықты.  Тапаншасын  суырып  алып, 
көкке қарай атып-атып жіберді. 
Әліп  оттың  басындағы  құманды  жұлып  алып,  өзіне  төніп  келе  жатқан 
бірінші әскерді құлақ шекеден періп жіберді. Бүкіл ауылды  құрсаулап тұрған 
жендеттер әміршінің үнімен қырғынды бастап кетті. 
Асқабыл  да  қонышындағы  пышағын  суырып  алып,  жанына  жетіп  келіп, 
өзін найзалағалы жатқан бір шерікті қорқыратып үлгерді. 
Әліп  пен  Асқабылдың  тосын  қарсылығын  байқаған  Чың  Пишу  киіз  үйдің 
есігінде  тұрып  тапаншасын  басып-басып  жіберді.  Кеуделерін  басқан  екеуі 

ышқына  құлап  бара  жатты.  Әлде  біреуінің:  «Лә-ә  илләһә  илла  Алла, 
Мухаммад-расул-Алла...» деп иман айтқан үні қорқырай барып үзіліп қалды. 
Мәмиланың  ойбайлаған  үніне  қатын-баланың  бақырған,  жылаған, 
шыңғырған  үндері  қосылып,  қып-қызыл  қандар  шаңыраққа  шапшыды.  Үй-
үйдің  бәрінде  найзалаған,  атқан  әскерлердің  «са,  са!»-лап  атойлаған  үні 
естіледі. 
– Ойбай, кәпірлер қырып жатыр, қашыңдар, қа-шың-дар, тауға қарай. 
Қашып  бара  жатқан  бір  баланың  басы  домалап  түсті.  Бір  жас  келіншектің 
иықтан  шауып  түсірілген  қолы  жаны  шықпай,  саусақтары  жыбыр-жыбыр 
етеді. Тағы бір кемпірдің ішегі шұбатылып жығылып жатыр. 
– Тұқымың тұздай құрығыр кәпірлер-ай!  
Енді  бір  шерік  екіқабат  әйелдің  ішін  жарып  жіберіп,  баласын  тірідей 
суырып алып, найзаға шаншып елеурей айқайлайды. 
Үйдегілердің  көбін  қылыштап  шауып,  найзаға  түйреп  өлтірсе,  сырттағы 
жеткізбей  қашқандарға  ғана  оқ  атып  жатқан  түрі  бар.  Мылтық  үні  сирек 
естіледі. 
– Қасықтай қанымызды, шыбындай жанымызды қиыңдар. Мені өлтірсеңдер 
де, балаларымды аман қалдырыңдар! 
Оны  тыңдайтын  құлақ  жоқ.  Баланы  найзаның  ұшына  іліп  алып  көкке 
лақтырып  жіберіп,  түсіп  келе  жатқан  мүрдеге  найзаның  ұшын  қайта  тоса 
қойып, мәз болып жүр бірнеше шерік. 
Төбе-төбенің басына орналастырылған қытай мергендері қашқанның бәрін 
құтқармай қырып жатыр. 
– Қу Құдай, ұрпақсыз кететін болдық қой. 
– Құлындарым-ай, алдымен мені өлтірмей, сендердің түптеріңе жетті-ау. 
– Қош елім, қош, қо-ш! 
–  Әттең,  бас  көтерер  еркектердің  бірде-біреуі  болмағанын қарашы,  қатын-
баланы қырған кәпірлердің сазайын беретін! 
Қарғап-сілеу, өкіну, боқтау, кіжіну, шыңғыру, аһ ұру... қырғынға ұшыраған 
елдің аянышты үні ет асымға жалғасты. 
Бәрін  қырып  болдық-ау  дегенде  Чың  Пишу  өзі  бас  болып,  Әліптің  үлкен 
үйінің  сандықтарынан  бастап  ақтарып  тонауға  кірісті.  Кейбір  қыз-
қатындардың  жүзік,  білезіктерін  шығара  алмағанда  қолдарын  қылышпен 
шауып-шауып тастап шығарып жатыр. 
Дала қан сасыды. Иттер ұлып, ауылдан аулаққа қашты. Өртенген үйлерден 
көтерілген қып-қызыл жалынның тілі аспанға қарай сүйрелеңдеп, қара қошқыл 
түтін  будақтады.  Күздің  күні  сұрғылт  тартып,  қырат-қыратта  сүркейлі  жел 
азынады. 
 
* * *  
Қаптықтан  қайтқан  сайдың  тасындай  қалың  батырлар  дүркірей  желе 
жортып  келеді.  Алда  Қожақын  мен  Елісхан  қатарласып,  аттарының  тізгінін 
еркін қоя берген. Қожақынды жанасалаған Елісхан: 

– Кіші аға, өткен күні жаман түс көрдім. Тұтас ауылды өрт шалып әйелім 
мен  балаларым  өрттің  ішінде  шыр-шыр  етеді.  Қолымды  созайын  десем 
жетпейді.  Жаманға  жорығым  келмеді,  –  деді.  Қожақын  ат  үстінде  інісіне 
жамбастай бұрылып: 
–  Онсыз  да  өрттің  ішінде  жүрген  жоқпыз  ба.  Бір  жағымыз  –  қытай,  бір 
жағымыз – сарт пен дүңген. Енді олар аз болғандай моңғолдармен де қажасып 
отырмыз. Байқайсың ба, биылғы моңғол жағына көшіп барғандарды олар кейін 
қумай  отыр.  Жин  Шурын  үкіметінің  Кеңес  Одағымен  сауда  келісімі  бар. 
Моңғол  елі  де  кеңестіктермен  әмпей-жәмпей  болса  керек.  Осы  жайындағы 
әңгімеге келгенде Сармолданың да білмейтіні жоқ. Осының аты рас Сармолда 
екеніне  де  күмәнім  бар.  Бекер  адам  Кеңес  Одағынан  қашып  келмейді  ғой. 
Соның  айтуынша,  Қытайдағы  қазақтардың  бөлініп-жарылуына  Кеңес  Одағы 
Моңғолия  арқылы  да  ықпал  жасайтын  көрінеді.  Кеңестіктердің  де  ең  жек 
көретіні  қазақтар  дейді.  Өткен  жылы  өте  үлкен  ашаршылық  болып,  неше  он 
мыңдаған  қазақтар  аштан  өліпті.  Ондағы  қазақтардың  күшейіп,  белді  орынға 
шықпауы үшін Шынжаң қазақтарын тұқыржылатып басып отыруға әуес болса 
керек. Ал енді алды-артыңды аңғар да көр. Бәрі өрт емей немене. Сол өрттің 
ішінде қолымызға шоқ ұстап ойнап жүрміз. Түсті кім көрмейді. Түсіміз түгіл 
өңімізде  су  кешіп  жалынға  оранып  жүрміз.  Оттың  ортасында  шыжғырылып 
жатамыз. Неше күндей алыс жол қалжыратқан да шығар. Алла жеткізсе бала-
шағамызбен  көрісетін  сәт  те  алыс  емес.  Оттай  лаулаған  ыстық  көңілмен 
қауышамыз, – деді қоңырқай көздерінде күлкі ойнап. 
Өзі  өнеге  тұтып,  ақылына  ұйып  жүретін  ағасының  айтқаны  Елісханды 
сергітіп жіберді. Көз алдына жары Зүбәйда, балалары Өнерхан мен Әнуархан 
келді.  Әсіресе,  тілі  енді-енді  шығып,  аяғын  апыл-тапыл  басып  жүрген 
Әнуарханның қызықты қылықтары тәп-тәтті елестейді. 
– Әке, әке, шен қайда баяшың? 
– Мен алысқа, анау таулардың ар жағына аталардың ауылына барамын. 
– Мен де баямын, мені атқа мінгіжші. 
–  Кейін  жігіт  болғанда  барасың.  Қайтып  келген  соң  атқа  мінгізіп 
ойнатамын. 
– Теж келешің бе? 
– Иә, тез келемін. 
– Мен апамның қойнына жатамын, ә. 
–  Иә,  атаңның  да  қойнына  жат,  апаңның  да  қойнына  жат,  шешеңнің  де 
қойнына жат. Ақылды бала деген. 
– Шен келгенде кімнің қойнына жаташың? 
Әнуарханның қылығы есіне түскен  Елісхан ат үстінде миығынан жымиды. 
Оның әр қылығын қалт жібермей келе жатқан ағасы Қожақын: 
– Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деген, неге күлдің? – деп інісіне қулана 
бұрылды. 
– Жай, әншейін, баламның қылығы есіме түсіп. 
– Сен де осындай балажан ба едің. 

–  Неге  екенін  білмеймін,  Әнуарханның  қылығы  есіме  түсе  береді.  Мені 
сағынып жүр ғой деймін. 
Бұлардың сөзін естіп қалған Қапсемет деген жігіт құйрық тістесе жақындап: 
–  Ой  аға,  Елісхан  баласын  сағынып  келе  жатыр  дейсіз  бе,  балалардың 
шешесін сағынып келеді емес пе, – деді қутыңдап. 
Әзілді  құлағы  шалғандар  ду  күлді.  Елісхан  әдетте  қалжың  сөзге  көп 
араласпаса да, бұл жолы қарымжысын жібергісі келмеді. 
–  Адамға  жақсы  жар,  Алла  берген  ұрпақтан  артық  не  бақыт  болсын. 
Айтпағандарың  болмаса  үйге  жақындап  бәріңнің  де  қабақтарың  ашыла 
бастаған түрі бар, – деді, кесек денесін артындағыларға бұрып.  
Әңгімемен  жол  қысқарғанына  ма,  әлде  ауылға  таяған  сайын  аттары  да 
жүрісті  бола  бастады  ма,  топты  жігіттер  көңілдене  ән  салып,  даланың 
құйқасын түтіп, шұбала шауып барады.  
Жүргіншілер Құлыншәрінің бір ағынына келгенде тізгін ірікті. Аттарының 
белін  босатып,  беті-қолдарын  жуып,  намаз  оқитындары  сәждеге  бас  қойып 
жатты. 
Оңаша төбеде отырған Қожақын мен Қуанышбай сонадайда сайды құлдап 
келе жатқан қосар атты екеуді көріп, солай елеңдеді. 
– Әке-ау, бұлары кім? – деп таңырқаса бастағандары сол еді, олар да жетіп 
үлгерді. 
Тасбике  арасына  сіңіп,  өткен  жылы  Мажан  шаңия  мәнсабын  аларда  түтін 
толтыру  үшін  сол  ауылға  кірген  Тоймыл  деген  азамат  екен.  Қасына  бір  жас 
жігіт ертіп алыпты. 
Аман-сәлемнен кейін қойнынан бір хат алып шығып: 
– Бұл – Шәріпхан төренің хаты. Әліп үкірдайға тез жеткіз деген бұйрықпен 
келе жатыр едік. Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады деп, сіздердің 
жолыққандарыңыз  мұндай  жақсы  болар  ма.  Мори  жаққа  ауып  барған  елге 
ондағылар  алакөзбен  қарап  отыр.  Көп  ұзамай  біз  де  Бәйтік  жаққа  көшетін 
шығармыз. Аманат иесіне тез жетсе екен. Жолда аялдамайтын шығарсыздар, – 
деді. Сосын Елісханға қарап: 
– Өздеріңді сағынып жүрмін. Ауыл-ауылдың арасы тоймен жалғасып, әсем 
ән  мен  тәтті  күйге  құмартқан  қайран  күндеріміз-ай.  Шынымен-ақ  алыста 
қалғаны  ма,  Елісхан  жан.  Балалар  ержетіп  келе  жатқан  шығар.  Алла  жақсы 
күндерде жүздесуге жазсын! – деп мұңая қоштасты. 
Қожақын, Елісхан тобы Құлыншәріні өрлей, Арбалының жонына шыққаны 
сол еді, көз ұшынан мұнартқан қою шаң көрінді. 
Бұл  кезде  Әліп  ауылының  қан-жынына  бөккен  қытай  қосыны  умақ-
шумағымен  Мориға  бет  алып  бара  жатқан  болатын.  Қытай  шолғыншылары 
қазақтарды бұрын көріп қойды. 
Олар  бұтаның  арасында  қашып  жүрген  жерінен  тірідей  қолға  түсірген 
Шәріпханды  да  өздерімен  бірге  алып  келе  жатыр  еді.  Чың  Пишу  оған  сес 
көрсетіп: 
– Анау көрінген қараң-құраңды көрдің бе. Олар – қазақтар, қазақтар – біздің 
жауымыз.  Сені  сол  қазақтар  ішкі  жақтағы  қытай  жерінен  ұрлап  алған.  Сенің 

ұлтың  қазақ  емес,  қытай,  білдің  бе,  жауыңнан  кек  алатын  сәт  туды.  Оларды 
шырғалап шақыр. Әсіресе, ішінде Елісхан жауыз болса, соны алдымен шақыр. 
«Аға, менмін ғой, тез келіңіз» де. Қалғанын өзіміз көріп аламыз, мүбәда бізді 
алдасаң не сатқындық жасасаң, жүрегіңді тірідей суырып аламын, ұқтың ба?! – 
деп әкіреңдеді. 
Чың Пишу қазақ тілін білетін екі шерікті шақырып алып: 
–  Сендер  үстілеріңе  қазақтардың  киімін  киіп,  мынаны  ортаға  алыңдар. 
Сосын  қазақтарды  шырғалап,  татырға  таман  түсіріңдер.  Жабайылардың 
әуселесін көрейік! – дегенді айтты. 
Будақ-будақ  шаңнан  секем  алған  Қожақын  мен  Елісхан  жолдан  бұрылып, 
қыратқа шығып дүрбі тартты. Қожақын: 
– Менің көзім жақсы көрмей тұр ма. Дүрбім тұманданып анық көре алмай 
тұрған  сияқтымын.  Шаң  шыққан  жерден  үш  адам  шығып  бері  келе  жатыр, 
қарашы, – деп дүрбіні Елісханға ұсынды. 
Елісхан бір қауым үнсіз қарап тұрып: 
–  Иә,  иә,  үш  адам.  Үш  адам  болғанда  ортадағысы  бала  ғой.  Үшеуі  неге 
ұйлығып келеді. Үй, анау ортадағысы Шәріпхан сияқты. Бұлар қайдан жүр?  
Осыны айтқан Елісхан дүрбіні Қуанышбайға ұстата салды да, атына мінді. 
Әлгі үшеуіне қарай тұра шапты. Аралық бір шақырымдай қалғанда Шәріпхан 
бар дауысымен айқай салды: 
– Аға, а-ға, ары қаш, ары қаш, бұлар жау, бұлар жау қытайлар. Сізді алдап 
шақырмақшы. Ауылды түгел қырып кетті. Қаш, аға, қаш, бұлар жау! 
Сөйткенше  болған  жоқ,  қасындағы  екеудің  мылтығы  тарс-тұрс  ете  түсті. 
Қайта қайырыла шапқан Елісханның аты омақаса жығылып, өзі анадай жерге 
ұшып  кетті.  Қытай  шеріктері  айналаны  қоршап  жақындап  қалған  екен.  Оқ 
жауып  кетті.  Ат  үстінен  қытайларға  оқ  жаудырған  Қожақын  Елісханға  қарай 
тұра  шауып,  қосарындағы  атты  көлденең  тарта  берді.  Қуанышбайдың  да 
мылтығы сайрай бастады.  
Тұрғы-тұрғыны иелеген қазақ жігіттерінің бәрі де атып жатыр.  
Қазақ  қолы небәрі жиырма  екі  жігіт,  қытай  шерігі бес жүздің  үстінде.  Бес 
жігітті атысқа қалдырған Қожақын қалғандарын шегіндіріп, келесі биікті иелеп 
отырды.  Бесеуі  сайға  түсіп  қаша  шегінгенде  қазақтарды  қаштыға  балаған 
қытай шерігі екінші қамалдың тосқауылына ұшырады. Осылайша біресе оңға, 
біресе  солға  шегініп  атыс  жасаған  қазақ  қолы  талайлаған  шерікті  жамсатты. 
Ақыры күн ұясына кіре атыс тоқтады. 
Мақсатына  жете  алмаған  Чың  Пишу  тобы  көп  жасағынан  айырылды. Жер 
тепкілеген  ол  Шәріпханды  алдырып,  үшқатқа  таңдырды.  Екі  сөзге  келмей 
бұғананың  астынан  пышақ  жүгіртті  де,  шырқырай  жылап,  тыпырши 
айғайлаған  баланың  жүрегін  тірідей  суырып  алды.  Оның  алақанында 
шоршыған бір кесек қан жерге домалап кетті. 
–  Сатқынның  жүрегі  де  қолға  тұрмайды  екен  ғой,  –  деді  Чың  Пишу 
Шәріптің бозғылдана сөніп бара жатқан жанарына зәрлене қарап. 
Қара  адырда  көрер  таңды  көз  ілмей  атырған  көп  жігіт  жерге  жарық  түсе 
жаудың  зым-зия  жоғалғанына  қайран  қалды.  Кеше  ғана  жарқырап  тұрған 

күннің райы мүлдемге күреңітіп, қырқаларды кезген суық ызғар беймаза түнде 
бел  шешпеген  азаматтарды  тоңазытып  жіберді.  Аттарын  тебітіп  төбе-төбеге 
қарай шапқыласты. Жан баласы көрінбейді.  
– Әккі жаудың айласы болмасын, – деді Қожақын. 
– Айналаның бәріне дүрбі тарттым. Жан баласы жоқ сияқты, – деді Елісхан. 
–  Төрт  тамда  қамалып  өскен  сужүрек  қытайларда  қан  сасыған  далада 
түнейтін  қандай  құдірет  болсын.  Баяғыда  қашып  кеткен  болар,  –  деді 
Қуанышбай. 
Қуанышбайдың айтқаны шын болды. Өлігін жинастыруға шамасы келмеген 
Чың Пишу қолы Мориға қарай зытып беріпті. 
Қожақынның  бастауымен  атыс  болған  жерге  келген  олардың  көзіне 
алдымен  көрінгені  үшқатқа  таңулы  Шәріпханның  өлі  денесі  болды.  Кеуде 
тұсынан аққан қан киіміне қап-қара болып қатып қалыпты. 
Елісхан аттан домалап түсті: 
–  Қарағым-ай,  қайтейін,  қайтейін,  қорлықпен  өлдің-ау.  Жаудың  оғына 
байланып  тұрып  ағаладың  ғой,  қайтейін  қарғам,  қайтейін!  Шоқтай  иірілген 
жігіттердің жұбатуға шамасы келмей қабырғасы қайысып үнсіз тұрып қалды. 
Қожақын алдымен тіл қатты:  
– Қой, Елісхан, көз жасыңды құрғат, тұр былай! Ол Шәріпханның аяғынан 
құшақтаған Елісханның қолын босатып жіберді де, баланың кергішін, арқанын 
пышақпен  қиып,  мәйітті  жерге  түсірді.  Қан-қан  болып  жатқан  жүректі  кеуде 
қуысына  салды.  Өлген  шеріктің  бірінің  жейдесін  дар-дар  айырды  да  жағын, 
қолын  таңып,  өбектеп  Елісханның  алдына  өңгерді.  Көз  жасы  бұршақтаған 
Елісхан өзін-өзі ширатып, ат үстінде тік отырды. 
Көргіліктің  көкесі  алда  екен.  Ауылға  жеттік-ау  деп  төбе-төбеге  шыға 
келгенде  алдымен  ұлыған  иттер  шалынды  көздеріне.  Онан  соң  қамыңқы, 
үрейлі жанарларға қанжоса болған ауылдың сұмдық бейнесі көрінгенде бір сәт 
тізгіндерін  іркіп  аңырып  қалды.  Не  болғандарын  білмей  аттарынан  домалай 
түсіп, сұлап жатқан өліктерге жүгірді. Өлгендерді құшақтай сілкілеп, зарлана 
өксіген, бақырған азалы үндер қоңыр адырларды күңірентіп жіберді. 
Бұлардың  үстіне  Қалимақұл,  Тұрдылар  да  келген  еді.  Бірін-бірі  құшақтап 
зар  еңіреген  еркектердің  үні  қара  жердің  өзін  қалтыратып,  сай-сүйекті 
сырқыратты. 
Елісхан әкесінің өлі денесін құшақтап бір еңіресе, екі шешесінің, әйелінің, 
балаларының  мүрдесін  көріп  ет-бауыры  езіліп,  бордай  үгітілді.  Қанға 
шыланған балаларын бас салып: 
–  Қарғаларым-ай,  өмірге  келмей  жатып,  жан  үзетін  тәңірге  не  жазып 
едіңдер. Сұм қытай, жауыз кәпірлер-ай. Екі дүниеде де қолдарым жағаларыңда 
кетсін,  енді  қайттім,  құлындарым-ай,  сендерге  қорған  бола  алмадым-ау.  Енді 
менің алдымнан «балам» деп шығатын қормал әке қайда? «Құлыным-ау» деп 
шақыратын аяулы анам-ау, шынымен-ақ келмеске кеткендерің бе? «Мырзам» 
деп  алдымнан  жайраңдап  шығатын  жан  жарым,  сен  неге  үнсіз  жатырсың! 
«Әке,  қашан  келесің»  деп  едің  Әнуарханым.  Әкең  келді  ғой.  Орныңнан  неге 

тұрмайсың? Неге әке деп шақырмайсың? Мені енді кім «әке» дейді? Тәңірім-
ау, бәрінен бірдей айырылатындай не жазып едім саған?! – деп зар иледі. 
Өзекті  өртер  ащы  жылаудың  қаншаға  созылғанын  ешкім  аңғара  алмады. 
Жұрт  күндей  күркіреген  үннен  бастарын  көтеріп,  естерін  жиғандай  болды. 
Көздерінен от шаша айқайлай сөйлеп тұрған Қожақын екен: 
–  Ау,  халқым,  бауырларым,  бастарыңды  көтеріңдер.  Қайғыны  қайратқа 
айналдырыңдар.  Жылай  бергенмен  өлгендер  қайтып  келмейді.  Езіліп 
еңірегенше  орныңнан  тұр,  қайратыңды  жи.  Қанға  қан,  жанға  жан  аламыз. 
Қытайдан  кек  аламыз.  Жазықсыз  бір  адам  үшін  он  қытайдың  қанын  ішпесем 
шешемнен ұл боп тумай кетейін. Еркекпін дегендерің – еріңдер соңымнан! 
Қабырғасы  қанмен  қайысқан  топ  еңсесін  көтеріп  алды.  Мең-зең  ұйқыдан 
оянғандай көздері жалын шашып: 
–  Кек  аламыз,  кек  аламыз,  жанымыз  бұлардан  артық  емес!  –  деп 
айқайласты. 
Қожақынның бастауымен отыз екі жігіт атқа қонып, отқа оранған бір кесек 
болат шардай бар екпінмен жау соңына қарай түйдектеле шапты. 
Қалимақұл,  Елісхан,  Тұрды,  Мейірімхан  бастаған  бір  топ  азамат  қабір 
қазып,  өлгендерді  жерлеуге  кірісті.  Олардың  үстіне  Қайсаның  балалары 
Мұқай, Мінән, Әтейхан және Жақсыбайлар келді. 
Көз жастарын көл қылған қазалы топ өліктерді аударып-төңкеріп, түгендей 
бастады.  Әліп  пен  Асқабыл  бірін-бірі  құшақтай  құлапты.  Қаралы  қауым  екі 
арыстың құшағын зорға айырды. 
Қырылған  адамдарды  жерлеуде  молдалардың  насихаты  бойынша 
«шаһидтерді құлаған жерлеріне киімшең қою керек» деп ұйғарылды. Адамы ең 
көп  қырылған  Әліп  ауылы  отырған  сайдың  аузындағы  қой  қораның 
көлеміндей жерге ұзынынан қабір қазылып, адамдарды қатарынан жатқызды. 
Әліп пен Асқабылды қатар жерледі.  
Жұрт  қалың  өліктің  арасынан  күні  таяп  отырған  екіқабат  Ташбаланы 
тірідей тауып алды. Қарынын айқастыра шапқан қылыш сыртқы көк етін сөгіп 
кетіпті де, қансырап жығылып қалған екен. Оны көргенде  Елісхан бас болып 
өшкені  жанып,  өлгені  тірілгендей  жұбанып  қалды.  Енді  бір  жерден  Бақас 
дегеннің төрт жасар ұлы Дәлелханды шешесінің өлігінің астынан тауып алды. 
Жылқышының  жалғыз  ұлы  Құмар  да  қой  жайып  жүріп  қашып  тығылған 
жерінен аман оралды. Өлгендердің ішінде Әліптің кіші әйелі Шәрбан мен екі 
баласы  жоқ.  Ал  Бақастың  тағы  бір  ұлы,  Мәтікір  және  Жансары  дейтін  қыз 
үшеуінің сүйегі табылмады. Жұрт оларды да тірі кетті деп білді. 
Барлық өлгендерді санағанда бір жүз он жеті адамның шаһит болғаны анық 
болды. Өліктер жерленіп болғанда: 
– Батпақтыда бейсауат із байқалыпты. Жетектеген қалың түйесі бар дейді. 
Жүрісіне  қарағанда  қазақтардың  қанды  қырғынынан  олжа  тапқан  құржалық 
қытайлар сияқты,– деген хабар келді. 
Мұхаметбай, Қалимақұлдар атқа мініп: 

– Ташбаланың айтқаны рас болса, олардың шеріктерге қосылып елді қырған 
құржалық  қытайлар  екенінде  шүбә  жоқ.  Аттаныңдар.  Солар  болса 
жауыздардың қанын судай шашайық! – десті. 
Жау  тіленген  жігіттер  дүркірей  шауып,  жаңағылар  айтқан  ізге  түсті.  Көп 
ұзамай  олар  сегіз  түйе  жүгімен  қашып  бара  жатқан  қытайлардың  қарасын 
көріп қалды. Бұларды бұрын байқаса керек. Олар да бытырай қашты. 
Екі түйені жетектеген біреуі қара адырдың тасасына сіңіп құтылып кетпек 
болып  еді,  Қалимақұл  бастаған  жігіттер  қуып  жетті.  Бұл  «тамыр  қытай» 
аталған  Жу  Сынаның  дәл  өзі  екен.  Құтылмасын  білген  ол  атынан  домалай 
түсіп: 
–  Тамырды  мен  өлтірген  жоқпын.  Менің  кінәм  жоқ.  Мен  емеспін,  –  деп 
тоңқаңдады. 
Қалимақұл мылтығының шақпағын шарт-шұрт қайырып, ақыра тіл қатты: 
– Қырғынды жүргізген кім, айт жаныңның барында?! 
–  Чың  Пишу!  Шығыс  бағыттағы  әскери  бас  қолбасшы  Шың  Шысайдың 
орынбасары әрі полк командирі Чың мырза. 
–  Иттің  атын  Бөрібасар  қояды  деп,  қанішкіш  жендеттердің  атын  неменеге 
әспеттеп тұрсың, иттің баласы! 
– Тамырдың қатыны мен екі баласын... 
–  Тамыр  деуін  сұмпайының.  Сен  Әліптің  тамыры  емес,  тажалы  болған 
жоқсың ба? Шеріктер қайда бара жатыр, қай жерлерге тоқтайды? 
– Дихуаға бара жатыр. 
– Әйелі мен екі баланы кім апара жатыр? 
– Ли Тұңлиң. 
–  Баркөлдегі  құржалық  қытайлардан  сенен  басқа  кім-кімдер  әскерге 
қосылып халықты қырғындады? 
– Көмірліктегі қытайлар да бар. 
–  Бұны  несіне  көкітіп  отырсыз,  доңыздай  қорсылдатып!  –  деп  кіжіне  арт 
жақтан  келген  Тұрды  Қалимақұлдың  қол  ишарасына  қарамай,  Жу  Сынаны 
жалғыз  тал  оқпен  жайратып  салды.  Отыз  екі  жігітті  бастап  жаудың  соңынан 
кеткен Қожақындар қалың мал айдап аз күнде қайта оралды. Шері тарқамаған 
ол: 
–  Екі  күн  соғысып  арт  жағындағы  мал  айдағандарын  ғана  жайраттық. 
Қалғандары Дихауға ілініп кетті. Шәрбан мен екі баланы айыруға дәрменіміз 
жетпеді, – деп бармағын тістеді. 
Осы кезде: 
–  Көмірліктегі  қытайлардан  біздің  мал  мен  дүние-мүлікті  танығандар  бар 
екен.  Жауды бастап  келіп,  елді  қырғындауға  белсене кіріскен солардың  тобы 
екен, – деген хабар жетті. 
Онсыз  да  қаны  қарайған  жігіттер  тобы  тегіс  атқа  мінді.  Топ  алдына 
Елісханның өзі шықты. 
–  Біз  бұларды  аяғанмен,  бұлар  бізді  аямады.  Тұмсығына  қан  қатырып 
ескерту  бермесек,  ертеңгі  елдің  желкесіне  шығып  алады.  Қанға  қан. 
Кәпірлердің өз істегенін өзіне істейік! – деп айқай салды. 

– Мұхаммед, Мұхаммед, Жәнібек, Жәнібек! – деген үндер күндей күркіреді. 
Қалың болат тұяқ жер құйқасын түтіп, тонаушы қытайлардың тобына қарай 
түйіле  шапқан  қазақ  қолы  кең  қойнауды  дүбірлетіп  барады.  Өз  қылмыстары 
өздеріне  аян  болған  әлсіз  жаудың  болмашы  қарсылығын  елең  құрлы  көрмей, 
барымташы  қытайларды  қызыл  қанға  бояды.  Көмірліктің  кен  өңіріне 
жасырынған бір тобын түтін салып, үңгірдің аузын бітеп, ыстап өлтірді.  
Жауын  жайратып,  тоналған  малдың  бір  бөлімін  қайтарып  келе  жатқан 
көңілді топтың ішінен біреуі Елісханнан: 
– Кегің қайтқан шығар? – деп еді, ол қабағын ашпаған күйі: 
–  Жоқ,  өзегім  әлі  қанға  толып  тұр.  Әттең,  осы  қырғынға  жендеттерін 
аттандырған  Жин  Шурын  мен  әскер  бастап  келіп  тасадан  оқ  атқан  Шың 
Шысай залымның қанын ұрттасам шөлім қанар ма еді! – деді тістеніп. 
Мұқым бір  елге айбат,  көрік болған ақ  орданың орнында  шошайып үш-ақ 
адам  қалды.  Қожақын,  Ташбала,  Елісхан.  Жылай-жылай  көз  жасы  да 
сарқылады екен. Бірақ кеуденің жалыны, көкірекке кіріп алған қып-қызыл шоқ 
сөнер  емес.  Сөнгенді  былай  қойып,  өзекті  өртеп,  жүректі  шыжғырып, 
аузыңнан аппақ жалын бұрқырайды. 
Қожақын  мен  Елісхан  бірін-бірі  жұбатып,  қырғын  жайын  сөз  қылып 
отырғанда,  «Әліп  үкірдайға  тез  жеткіз»  деген  Тоймылдың  хаты  есіне  түскен 
Қожақын қалтасын ақтарды. Тоза бастаған қағаздың бүктеуін ашып оқып еді: 
«Әліп  үкірдай,  ауа  райы  бұзылды.  Қатты  дауылды  нөсер  болады.  Сақ  бол!» 
деген жалғыз ауыз сөз жазылған Шәріпхан төренің хаты екен.  
– Қап, қап, дер уағында үлгермей қалған екен ғой, әттеген-ай! – деп өкінді 
Қожақын. Онсызда жүрегін қайғы-мұң кемірген Елісханның сөйлеуге дәрмені 
жетпеді.  Қырғынға  ұшыраған  ауылдың  қанды  жұртын  өз  көзімен  көрсе  де 
ештеңеге де сенгісі келмейді. 
– Әке, әке, қашан келешің? 
Елісхан  баласына  қолын  созған  күйінде  түсінен  шошып  оянады.  Қан 
жапқан  мүрделерді  көреді.  Әкесінің  өлі  денесі  тік  тұрып,  айналасын  сипалап 
басын іздеп жүр. 
– Басым қайда? Басымды тауып беріңдер! 
– Әке, басыңыз міне, оны қалай жалғаймын? 
–  Жоқ,  маған  өз  басымның  керегі  жоқ.  Маған  керегі  мені  өлтірген 
кәпірлердің басы. 
– Әке, әке... 
Қан! Тағы да қып-қызыл қан! 
 
* * * 
  
Шәрбан  есін  жиғанда  өзін  түйенің  үстінен  көрді.  Қытай  шеріктерінің 
қолына  тұтқын  болып  түскенін  білді.  Айналасын  сипалап  еді,  екі  баласы  да 
осында  екен.  Көз  алдынан  кешегі  қырғын,  ұлар-шу  болып  қанға  бөккен 
адамдар бейнесі кетер емес. 

Қытай шеріктері елді найзалап, қылыштай бастағанда Шәрбан екі баласын 
екі қолтығына көтеріп алып, кірерге тесік таппай шырылдады: 
–  Әпкетай-ай,  мына  екі  құлынымды  қайттім.  Айналайын,  күніштерім-ай, 
енді  қайтейін,  тым  құрыса  осылар  аман  қалса  етті.  Енді  қайттім,  әпке.  Енді 
қайттім?  
Шәрбан  балапанын  жылан  жұтқалы  тұрған  әлсіз  қарлығаштай  шыжақ 
қақты. 
Қапелімде  не  істерін  білмей  дағдарған  Ділдәжанның  көзіне  жаңадан 
басылып босағаға жиналған киіз теңдер түсті. Жалма-жан киіздің арасын ашты 
да, екі бала мен Шәрбанды соған жатқызып орай қойды. Үстіне тоқым тулақ, 
жүн-жұрқа бірдемелерді тастай салды. 
Шәрбан қорқынышты түс көріп жатқан сияқты. Кеше ғана тұрманы түгел, 
қаймағы  бұзылмаған  қасиетті  ауылы  аспан  құлап,  жер  жарылғандай  сүркей 
сұмдықтың құшағына кірген. 
– Са, са! – деп қанға құныққан жендеттердің үніне ақтық демі үзілер сәттегі 
арпалысты  үндер,  шала  бауыздалып  жаны  шықпай  ыңырсығандар,  ащы 
шыңғырғандар  қосылып  құлақты  тұндырады.  Шәрбанның  басы  зеңіп,  көзі 
қарауытып кетті. 
Олар  киіздің  арасында  қанша  жатқандарын  білмейді.  Есі  кетіп  жан 
шыққанда  айнала  тынышталғандай  болып  еді.  Енді  бірде  үйге  кірген 
әлдекімдердің  керек-жарақты  ақтарып,  бұлаңшылық  жасап  жатқанын  білді. 
Соның бірі кесек киізді аяғымен тепкілеп: 
– Қазақтардың алтын-күмісі мынаған ораулы жатпасын. Ішін ашшы, – деді. 
Сол-ақ  екен,  қарулы  қол  киізді  жұлып  алды.  Ішіндегі  қатын  мен  баланы 
көргенде өздері шалқасынан түсе жаздады. Сасқалақтап мылтықтарын оқтаса 
қалды. 
– Қатын, қатын, бала, бала, мұнда тірі адамдар бар екен! – деп айқай салды. 
Жақын  маңда  жүрген  Ли  Тұңлиң  бірінші  болып  есіктен  кірді.  Қасқырдан 
қашқан  еліктің  лағындай  дір-дір  етіп,  ақ  киізге  оранып  отырған  әдемі 
келіншекті, бауырындағы ақ сазандай екі ұлын көрді. Ли Тұңлиңның сұлу әйел 
десе емешегі үзіліп тұратын әдеті болушы еді. Аққұба өңді, қастары қиылған, 
қаршыға төс тамаша мүсін қор қызындай елестеді. Ол әйел затының кейбірінің 
күлгенде,  кейбірінің  жылағанда  сұлу,  сүйкімді  көрінетінін  білетін  еді.  Бірақ 
дәл  мынандай  өмір  мен  өлім  арпалысында  жасаураған  жанары  ботаныкіндей 
мөлдіреп, сұлулығын одан әрі асыра түскен періштені бірінші көруі. Шарасы 
жасқа  толып,  үрейге  қамалса  да  иіріміне  тартып  тұрған  тұңғиық  жанардың 
көліне сүңгіп кеткендей сезінді өзін. Орсақ тістерінің арасынан шұбала тамуға 
айналған сілекейін сылп еткізіп тез жинап алды да: 
–  Өлтірмеңдер,  түйеге  артып  алып  жүріңдер,  егерде  айырылып  қалсаңдар 
көргілікті  көрсетемін!  –  деп  айбаттанды.  Сосын  сөзін  қайта  жалғап:  –  бірде-
біреуің  албаты  соқтығушы  болмаңдар.  Қазірше  менің  олжам  болғанымен, 
барғаннан кейін бастықтарға сыйлыққа тартылады, – дегенді қосып қойды. 
Шеріктер үшеуін дедектетіп далаға алып шықты. Киіздің арасында жатып, 
көзі  қараңғылыққа  үйреніп  қалған  Шәрбан  бір  сәт  күннің  ащы  сәулесінен 

имене ештеңені көрмей қалды. Көзін жұдырығының сыртымен уқалап-уқалап 
жіберіп  қарап  еді,  шаңырағы  ортасына  түсіп  өртеніп  жатқан  үйлерді,  қанға 
батып  үйме-жүйме  құлап  жатқан  адамдарды  көрді.  Қатты  бір  шыңғырып 
барып, есінен танып кетті. 
Содан  бері  бірде  есі  бар,  бірде  есі  жоқ  күйде  түйенің  ырғағында  келе 
жатқанын  ғана  аңғарды.  Бір  тәуірі,  екі  ұлы  да  жанында  екен,  біреуі  –  төрт 
жастағы Сетерхан, біреуі – бір жарым жастағы Әлемхан. 
Неше күн жүргені белгісіз, олар ақыры Дихуа қаласына келді. Шәрбан өзін-
өзі өлтіру байламына келсе де көздері жәудіреген екі баласын қимады. Әсіресе, 
кішкенесі омырау сүтімен ғана қоректенетін еді. Оларды оңаша үйге түсірген 
Ли Тұңлиң бір күні күле кіріп: 
–  Сен  жақсы  әйелсің.  Мен  жақсы  әйелдерді  жақсы  көремін,  –  деп 
емексіткен  көңілін  білдіргісі  келді.  Оның  ойынша,  дәрменсіз  әйел  айтқанына 
көніп, айдағанына жүру керек еді. Бірақ Ли Тұңлиңді қызықтырған мөп-мөлдір 
жанарлардан  белгісіз  оттар  шашырады.  Маржандай  тістері  көрініп,  оның  ар 
жағынан жіңішке, тым қатқыл үндер шықты: 
– Сен жауымсың. Жауымның алдында басымды имеймін. Өлтірсең – басым 
міне. Жақындама маған! 
–  Қой,  қой,  шырағым.  Торға  түскен  қоянның  көжегіндей  түріңмен 
бұлқынғаның қайткенің, саған тамақ керек, киім керек, менде бәрі бар. Керек 
десең Әліп көрсетпеген байлықты көрсетемін мен саған. 
–  Мен  байлық  үшін  емес,  арым  үшін  өмір  сүремін.  Аулақ  жүр,  қанқұйлы 
жендет кәпір! 
–  Сен  өзіңді  емес,  балаларыңды  ойла!  –  осыны  айтқан  Ли  Тұңлиң 
Әлемханның  томпиған  беттерін  ақырын  ғана  шымшып  жатыр  еді,  Шәрбан 
оның қолын қағып жіберді. 
– Тигізбе арам қолыңды! 
–  Мына  қаншықтың  шәбелене  үргенін  қарай  көр.  Ой,  бейшара,  сені 
атқызбай аман қалдырсам, жақсылықты білсең етті. Андағы күшіктеріңнің күні 
не болады, соны ойласаңшы. 
– Біздің жанымыз қырылған елден артық емес, аулақ жүр менен! 
–  Кімнің  жеңерін  көрерміз.  Тайынша  тулап  ыңыршақ  шақпас  болар, 
қатынның ашуы қазан қайнатқаннан асып қайда барушы еді. Мен сияқты ұлық 
тірі  қалдырып  оң  көзін  салғанына  қуанса  нетті.  Қарақшы  қазақтарға  қарата 
қолға  ұстайтын  көзір  үшін  керек  дегенім  болмаса  қазір-ақ  жаныңды  суырып 
алатын едім. 
Кәрлене  айқайлаған  Ли  Тұңлиң  аудармашысын  ертіп,  есікті  қатты  жауып 
шығып кетті. 
Жүрегі  езіліп,  жаны  күйзеліп  тұрса  да  жауына  көз  жасын  көрсеткісі 
келмеген Шәрбан ол шыға бере егілді-ай келіп: 
–  Құдай-ау,  Құдай,  не  жаздық  саған.  Басқаны  былай  қойғанда,  шиеттей 
балаларымның не жазығы бар еді? Неден сорландым, Құдай! 
Зарын,  мұңын,  қайғы-қуанышын,  жан  наласын  көз  жасымен  тарқататын 
әйел  затының  қасиетіне  жеңілгенімен,  жылау  арқылы  ештеңеден  жеңілдей 

алмады Шәрбан. Оның көз жасында кешегі гүл-гүл жайнаған өмірі, ауылдағы 
бақытты  шақтары,  қырылғандарға  деген  аза,  жауыздарға  деген  лағынет, 
құлындарына  деген  көкірегін  жарып  шыққан  күйінушілік  –  бәрі-бәрі  бар  еді. 
Шешесінің бетіне жаутаңдай қараған балалары да бірге жылады. «Жылаңдар, 
жылаңдар,  өмір  қанша  жылатады  екен,  өлім  ғана  бізді  жылаудан  құтқара 
алады» – көз жасын тиып, тас мүсінше мелшиген Шәрбан балаларын уатпаған 
қалпында осылай ойлады. 
Сол  күннен  бастап  өзіне  әкелген  тамақтан  татып  та  қоймады.  Оның 
тандырға  айналған  омырауын  сора-сора  түк  шығара  алмай  сілесі  қатқанша 
жылаған Әлемханды да өзімен бірге ала кеткісі келген шығар. 
Сұлу  дидары  солып,  шаштары  бобырап,  ұсқынсыз  күйге  түсті.  Оны 
қорқытқан,  алдаған  сөздердің  бірде-бірі  әсер  ете  алмады.  Көзін  бір  ноқаттан 
алмай, меңірейді де отырды. Есік күзеткендер: 
– Жынданып кетті, жынданып кетті, – деп күбірлесті. 
Ол жынданбапты, ешкім жоқта Сетерханды бауырына басып: 
– Сен қазақсың, сенің атың  – Сетерхан, әкеңнің аты – Әліп. Елісхан деген 
ағаң бар. Өзің жақсы көретін Күләнда әпкеңді ұмытпаған шығарсың. Күләнда 
әпке,  –  дегендерді  қанша  қайталағанын  өзі  де  білмейді.  Өң  мен  түстің 
арасында жатып, сан рет қайталайды: 
– Құлыным, айтшы, Күләнда әпке деші. Елісхан аға деші. 
– Күләнда әпке, Күләнда әпкем қайда, Елісхан аға, Елісхан аға... 
 
* * *  
 
Қырғыннан  он  сегіз  күн  өткенде  дөң  басында  отырған  Елісханға  әлдекім 
шауып келеді. 
– Сүйінші, сүйінші, аға! 
О, ғажап, құлағы не естіп тұр. Сүйінші сұрайтын күндер өлген жоқ па еді? 
Бұл  ненің  сүйіншісі.  Мүмкін,  мүмкін  әйелі?..  Жоқ,  балалары?  Жоқ,  жоқ, 
оларды өз қолымен жерлеген. Мүмкін үшінші шешесі Шәрбан мен бауырлары 
табылған  шығар.  Иә,  Құдайым,  солай  болса  екен.  Сетерхан  ағалап  келе 
жатпасын. Құлыным, қарғам! 
Елісхан  келушінің  бетіне  аңырая  қарады.  Әкесінің  ағасы  Қайсаның 
Әтейханы қой көздері күлімдеп, өзіне тесіліп тұр. 
– Сүйінші, аға, сүйінші! 
– Ала ғой сүйіншіңді, бір тай атадым. Айта ғой, тез айтсаңшы. 
– Жеңгем босанды. Ташбала жеңгем аман босанып, бір ұл туды. 
–  О,  Тәңірім.  Шүкір,  шүкір,  тәубе,  тәубе!  Біз  өлмеген  екенбіз  ғой.  Біз 
өлмейді  екенбіз  ғой.  Елісханның  көздеріне  жас  толды.  Бұл  жас  қуаныштың, 
толқудың жасы еді. Бірақ төгілмеді, айдынында көлкіп тұр, толқып тұр. 
–  Менің  тағы  бір  бауырым  бар.  Елісхан  ағам  берген  тайды  сол  бауырыма 
беремін,  –  деп  ауылға  қарай  шауып  бара  жатқан  Әтейханның  ту  сыртынан 
қуана  қарап,  орнынан  тұрды.  Еңсесін  басқан  ауыр  жүктің  жартысы  сырылып 

түскендей  жеңілдеп  қалды.  Сүркейлі  сезінген  дүниеге,  қазбауыр  бұлттардың 
астындағы қаражон қырқаларға шуақтана қарады. 
Қарнын  жау  тіліп  кеткен  Ташбала  жеңгесі  аман-есен  босанып,  басы 
бақырдай  ұл  тауыпты.  Үлкендер  баланың  атын  «Додахан»  деп  қойды.  Бұл 
«додадан  аман  қалған  бала»  дегендері  еді.  Әтейхан,  Мінәндар  оны  еркелетіп 
«Томық» атап кетті. 
Додахан  өмірге  келгеннен  кейін  Елісханның  айналаға  деген  көзқарасы 
мүлдем өзгерді. Еңсесін көтеріп мұңлы, жүдеу күйінен арылғысы келіп ел ісіне 
қайта араласа бастады. Әке мұратын жалғап, елі мен жеріне ие болуды ойлады. 
Әкесі  бастаған  көп  шаһидтің  жетісін,  қырқын  берді.  Тұтас  дүниесін  өрт 
шалып, ішек-бауыры езіліп жатса да кеудесін тік ұстап, қайғысын білдірмеуге 
тырысты. 
«Бас  екеу  болмай,  мал  екеу  болмайды»  дейтін  ақсақалдардың  ақылы 
бойынша  інісі  Шәріпханға  атастырған  Зәйіпті  жесірі  ретінде  өзіне  қаратты. 
Жаңа шаңырақтың түтіні түтей бастағанда бүкіл ауыл болып қуанды. 
Алыс-жуықтан ат терлетіп келген ағайын біреу атын, біреу атанын жетектеп 
келіп,  ортайған  отарды  малға  қайта  толтыра  бастады.  Әрі  Елісханға  басу 
айтып: 
–  Әкең  Әліп  ер  еді,  дүниеден  сол  ерлігімен,  иілмеген  қалпында  кетті. 
Жиырма екіден жиырма үшке шығасың. Бала емес, азаматсың. Бордай үгітіліп, 
тозаңдай  тозар  болсаң  езсің.  Әкеңнің  артын  қолға  ала  бастапсың,  жарайды. 
Еркек деген осылай болу керек. Әліп өлген жоқ, сен тірісің. Өлгеннің артынан 
өлмек жоқ. Өлгендер қайтып келмейді, тірі адамға тірлік керек. Су сүзілмейді, 
ұрпақ  үзілмейді.  Жассың,  ертеңің  алда,  –  деген  адал  көңілдерін  білдірді. 
Елісхан аттанғалы тұрған ақсақалдар тобына: 
–  Рахмет,  рас,  әкем  өлген  жоқ.  Әкемнің  көзін  көрген  сіздер  тірісіздер.  Ақ 
ниеттеріңізге  Алла  жар  болсын.  Жас  дейсіздер,  рас,  сіздерге  қарағанда  бала 
екенім  де  өтірік  емес.  Ал  мына  қанқұйлы  күндерде  тіпті  де  тез  есейіп, 
қартайып  кеткендей  көріндім.  Абылай  он  сегізінде  Шарыштың  басын  алған 
екен.  Батыр  бабам  Ер  Жәнібек  он  алтыда  жауға  шауыпты.  Соларды  ойласам 
жас  емес  сияқтымын.  Арманым  көп,  дәрменім  аз.  Мұсылман  халықтарының 
қанын  судай  шашқан  Жин  Шурын  мен  Шың  Шысайды  ойласам  ұйқым 
келмейді.  Менің  әке-шешем  мен  балаларым  көп  құрбанның  бірі  ғана.  Бұл 
жауыздар  да  мұнымен  тынбайды.  Әлі  талай  адамның  қанын  ішеді.  Бұл 
жендеттер  тірі  тұрғанда  қазаққа  күн  жоқ.  Әттең,  қолыма  бір  түсер  ме  еді... 
Өткен  өтті,  кеткен  қайтып  келмейді  десек  те,  өткеннің  сабағын  ұмытпайық. 
Сақ  болайық,  қойға  дәніккен  қасқырлар  қораға  қайта  шаппайды  деуге 
болмайды. Біздің түбімізге жететін – берекесіздік. Бір жағадан бас, бір жеңнен 
қол шығарсақ, ешкім де ала алмайды. Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл 
қарағанымыз жөн. Кәпірмен дос болсаң, беліңде балтаң болсын деген сөз тегін 
айтылмаған. Кәпірлерге сенім жоқ, – деген ойларын айтты. 
Іштей  күбірлескен  ұлы  кәрілер:  «Иә,  Алла,  бізді  де  бекер  жаратпаған 
екенсің.  Ел  мен  жерім  деп  еміренетін  Елісхандай  ерді  бергеніңе  мың  тәубе. 

Қазақтың қара шұнақ ұлдарының жолын аша көр,  Алла!– деп беттерін сипап, 
аттарына қонды. 
Бұл 1932 жылдың қараша айы болатын. 
 
 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал