ТҰран баспасы Алматы 2010



жүктеу 4.8 Kb.

бет19/19
Дата15.09.2017
өлшемі4.8 Kb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
 
 
СӨЗ СОҢЫ 
 

 
Осыдан  көп  жыл  өткеннен  кейін  Түркияның  Стамбул  қаласынан  ұшаққа 
отырып  Пәкістанның  астанасы  Исламабадқа  келіп  түскен  қазақ  жолаушы 
басқаға бұрылмастан Дир аймағының Жандуыл елді мекеніне тартты. 
Бұл өлкеге ілінген сайын өткен күннің елестері көз алдынан күні кешегідей 
шұбырып өтіп жатты. 
Әсіресе,  немере  ағасы,  өзінің  ғана  ағасы  емес,  тәуелсіз  жүрегінің  әмірін 
орындап,  бүкіл  елді  зұлымдықтан  құтқарып,  көш  бастап  келген  көсем  азамат 
Елісхан  Әліпұлы  көз  алдына  келген  сайын  қаңсырығы  түтеп,  сағынышты 
көңіл-күйі көлдей толқыды. 
Жандуыл  ауылына  ілінгеннен  кейін  көз  жасына  ие  бола  алмады.  Кешегі 
қара қостар қалқиған жұрттар, осында бақилық болған туыстары, ауылдастары 
– бәр-бәрі елес берді. Баруын аталатын мешіттің жанындағы зираттыққа жете 
бере буындары босап, тізелері бүгіліп кетті. 
Қос  арыс  –  Елісхан  мен  Ахметқали  қатарласып  жат  өлкенің  топырағын 
қымтана  жамылып  алып,  үнсіз  ғана  томпайып  жатыр.  Жасыл  шөптер 
жиектеген,  күңсіген  жылы  топырақтан  ағасының  тер  иісі  аңқып  тұрғандай 
кеңсірігі удай ашып барады.  
– Ассалаумағалейкум, аяулы аға, ізіңіз болған ініңіз іздеп келіп тұр сіздерді. 
Тым  жас,  бар  бақытты  көре  алмай  қыршыннан  қиылып  кеттіңіз-ау.  Сіз 
армандаған  арманның  бәрі  орындалды,  аға.  Көзіңіз  жұмылғанша  «Түркия, 
Түркияға» деп кетіп едіңіз. Сіз бақилық болғаннан кейін араға он жыл салып, 
1953  жылы  басымыз  қайта  бірігіп,  қанды  көйлек  аға-бауырларыңыз,  біз  – 
Құсман, Халифа, Сәдей, Сауытбай, Құланбай, Сейітхан – бәріміз арттан келген 
Қалибек,  Қамза,  Солтаншәріп,  Құсайын,  Дәлелхан  ауылдарымен  қатарымыз 
толықтанып  түп  қотарыла  Түркияға  көштік.  Егер  сіз  бізге  Вайстрайдан 
босқындық  куәлік  әперіп,  жан  бағуымызға  жағдай  жасамаған  болсаңыз, 
тұқымымыз  тұздай  құрып  кетер  еді.  Өзіңіз  өлсеңіз  де,  арттағылардың  өлмей 
өмір сүруіне жол көрсетіп кеттіңіз-ау. Айтпақшы, сіз бақилық болғаннан кейін 
Қайысбай  балуан,  Қасен  батыр,  Сейітхан  Бортанқажы,  Ақып,  Мықи, 
Зейнелхан,  Шәмши  секілді  біраз  үй  кері  қайтып,  көрмеген  бейнетті  көріп, 
Алтай-Баркөлге  зорға  жетіпті.  Олардың  ішінен  Қасен  батыр  мен  Сейітхан 
Бортанқажы  Құсайын,  Солтаншәріп  бастаған  кейінгі  елді  бастап  Үндістан-
Пәкістанға қайта оралды. Үндістан шекарасында тентіреп жүрген Рақи молда 
да сол елдің көшіне қосылып, ол кісіге топырақ Меккеден бұйырды.  
Аға, сіз рас айтыпсыз. Түбі бір түрік бауырларымыз бізді жатырқаған жоқ. 
Басымыздан  сипап,  бауырына  тартты.  Бұтағын  дауыл  сындырып,  жапырағын 
жауын  тоздырған  Түрік  бәйтерегінің  бір  бұтағы  деп  білді.  Қолдан  келген 
көмектерін  аямады.  Сіз  армандап  жете  алмаған  бейбіт  күндерге  сіздің  еліңіз 
жетті. 
Аға,  біз  түрік  бауырларымызды  тауып  алып,  олар  бізді  тауып  алып, 
қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық болып рахатты өмір өткізіп жатқанда 
қазақтың  тәуелсіз  ел  болғандығы  жайында  қуанышты  хабар  жетті.  Аға, 
«Отансыз  адам  ормансыз  бұлбұл  екен,  Отанымыз  жоқ  болған  соң  осылай 

тентіреп жүрміз ғой» деп егіліп, езіліп кетіп едіңіз. Енді біздің қазақ отанымыз 
бар.  Тағдырдың  тауқыметімен  жер  бетіне  тарыдай  шашылған  күллі  қазақ 
баласы  енді  өзінің  аяулы  атажұртына  ағыла  бастады.  Әттең,  осы  бақыттың 
бірде-біреуі  көзіңіз  тіріде  бұйырмады-ау.  Міне,  енді  сіздің  басыңызға  келіп, 
одан әрі сол қазақ мемлекетіне, Қазақстанға кетіп барамын.  
Алла Тағала Гималайдың жотасындағы мәңгілік мұздықтарда қатып жатқан 
қып-қызыл  қанымыз  бен  көз  жасымызды  көрсе  керек.  Сіз  армандаған  жақсы 
күндердің бәрін енді ұрпақтарыңыз көріп жатыр. 
Ұрпақтарыңыз  демекші,  аға,  жалғыз  тұяғыңыз  Әминоллаханға  да  ие  бола 
алмай,  ол  да  артыңыздан  кеткен  еді.  Бірақ  барлық  қазақ  балалары  –  сіздің 
ұрпағыңыз, сізді ұмытпайды.  
«Сетерхан тірі» деп айтып кеткен сөзіңіз құлағымның түбінде жаңғырығып, 
көңілімнен бір сәтте ұмытылған емес. 1969 жылы Тайваньдағы Гоминдаңның 
мемлекеттік  құрылтайына  Түркиядағы  қазақ  өкілдері  де  шақырылып,  мен  өз 
өтінішіммен жиыншыларға қосылып, бізді қанға бөктіріп кеткен Шың Шысай 
жауызды  арнайы  іздеп  бардым.  Қызылдардан  жеңіліп,  Гоминдаңшыл  қара 
қытайлардың  аз  бөлігін  бастап  Тайвань  аралына  қашып  барған  Жаң  Кайшы 
мен  Шың  Шысайды  да  халықтың  қарғысы  жібермеген  екен.  Олар  да 
қызылдардың тепкісіне ұшырап, өзінің туған жер, өскен ортасынан айырылып, 
алақандай аралға тығылыпты. Ауру ма, кәрілік пе, мен көргенде Шың Шысай 
қураған ағаштай семіп қалған екен. Қырық жылдан кейін артынан іздеп келген 
қазақ  азаматын  көргенде  жан  алғыш  жәбірейілді  көргендей  қатты  састы. 
Сенер-сенбесін білмей, тіксіне қарады. Барлық жайды баяндай келіп: «Баяғыда 
Баркөлде қырғындаған қазақ ауылы есіңде ме? Сонда бұлап әкеткен әйел мен 
екі баланы қайда жібердің?» – деп қадалдым. Жүрегіме қан толып, бас салып 
бауыздап тастар ма едім деп тісімді тісіме басып, өзімді зорға тежедім. Мүмкін 
қасында адамдары болмағанда әлдеқалай болар еді. Ол жанары жасаурап, ұзақ 
ойланды:  «Есімде,  Елісхан  деген  ағасы  маған  хат  жазып,  шешем  мен 
бауырларымды тауып берсең, сенімен елдесемін» деп еді. Қанша іздеттірсемде 
әскерилердің  ішінен  таппағанбыз.  Қосынға  көмекші  ретінде  қосылғандар  да 
көп болатын. Соның бірі алып кеткен шығар деп түйгенбіз», – деді үні дірілдей 
шығып.  Алланың  құдіреті  ме,  соны  айтқан  Шың  Шысай  да  безгек  тигендей 
қол-аяғы  тоқтамай  селкілдейтін  шошымалы  ауруға  тап  болыпты.  Аузы  сөзге 
келмей  ұйқықашты  дертімен:  «қазақ!  қазақтар  келе  жатыр»  деп  қалшылдай 
сандырақтап, көп ұзамай бейнетпен көз жұмған екен.  
Ол  кезде  Түркияда  Қытай  елшілігінің  болмауына  байланысты  арт  жақта 
қалғандардың  өлі-тірісінен  еш  хабарсыз  едік.  Кейін  Стамбулда  елшілік 
ашылды.  Қытайдағы  «мәдениет  төңкерісі»  аталатын  қып-қызыл  топан  су 
талайды жалмап болып, сап басылғаннан кейін ғана ондағы қазақтар да ептеп 
шетелдерге  шыға  бастапты.  Солардың  хабарын  аңдап  жүріп,  туған  жерге 
қырық жылдан соң ғана қадам бастым. Ел сағынышы, жер сағынышы, өлген-
жоғалған мұңлықтар тағдыры көз жасымызды көл қылды. Сіздің туған ініңіз, 
менің  немере  бауырым  Сетерхан  тірі  екен.  Оны  құшақтап  мен  жылаймын. 
Мені құшақтап ол жылайды. Екеумізді бірдей құшақтап Күләнда әпекеміз мен 

Қожамберген  ағамыздың  ұлы  Манжархан,  Қамысбай  атамыздың  ұлы  Мұхат 
кезек-кезек  жылап  жатыр.  Бізді  айыруға  батпай,  бүкіл  ел  жылады.  Көз 
жасымызды  құрғатқан  соң  Сетерхан  екеуміз  бір-бірімізден  айырылып 
қалатындай құшақтасып отырып өткен-кеткенді ақтардық. 
Баркөлдегі қырғында тірі қолға түскен Шәрбан шешемізбен бірге кеткен екі 
баланың бірі өліп, Сетерханды Ма Жұңиың мен Шың Шысай соғысы кезінде 
қытайға  сатылып  кеткен  бір  дүңген  асырап  алған  екен.  Кейін  оны  есекке 
таңып, Дихуадан атты-қашарлы бір керуен болып Чиңхайға алып кетіпті. Онда 
барғаннан  кейін  әлгі  дүңгеннен  қашып  шығып,  тентіреп  жүргенде  тағы  бір 
баласы  жоқ  дүңген  қариясы  асырап  алыпты.  Сол  дүңген  әкесі  өз  баласындай 
бағып-қағып, ержеткізіп, әйел алып беріпті. 
Ішкі  Қытайды  алып  болған  Қытай  қызыл  армиясы  Гансу-Чиңхайға  қарай 
келе жатыр дегенді естіген дүңген қолы оған қарсы жасақ топтап, Сетерхан сол 
армияның құрамына әскерлікке алыныпты. Сөйтіп, 1949 жылы Гансу-Чиңхай 
жеріне  кірген  қызыл  армияға  қарсы  дүңген  қолы  қатты  қарсылық  көрсеткен 
екен.  Екі  жақ  қиян-кескі  соғысып,  қызыл  қан  сел  болып  ағыпты.  Дүңген 
армиясы  да  ерекше  қырғынға  ұшырап,  сол  жердегі  өзеннің  беті  өлген 
дүңгеннің аппақ кепешіне толыпты. 
Аға, есіңізде шығар. Ертеде Адубай ағамыз: «түс көрдім, түсімде Ма Буфаң 
қазақтың  тақиясын  киіп  алыпты,  түбі  бізге  көрсеткен  қырғыны  мен  қуғынын 
өзі  көрер  ме  екен»  депті  деуші  еді  ғой.  Сол  түс  айнымай  келіпті.  Қытай 
қызылдары  дүңгендерді  қырып  салыпты.  Әскері  қырылған  Ма  Буфаң  Жаң 
Кайшыға  қашып  барған  екен,  «армиясын  қырып  қашып  келген  генералдың 
керегі  жоқ!»  деп  сырт  айналыпты.  Ақыры  ағылшындардың  көмегіне  жүгініп, 
үш  бірдей  ұшақ  жалдап,  бала-шаға,  туыс-туғанын  алып  Египетті  паналапты. 
Елден бұлап алған алтын-күмісінің арқасында Сауд Арабиясындағы Гоминдаң 
елшілігінің  қызметкерлігіне  ілініпті.  Өзімен  бірге  көптеген  қорғаушы-
қызметкерлерін  де  ала  кеткен  ғой.  Солардың  ішінде  қырғынға  ұшыраған  өз 
ауылымыздың  бір  баласы  бар  екен.  Кішкентай  кезінен  дүңгенге  сіңіп  кеткен 
оның  қазақ  екенін  өзінен  басқа  ешкім  білмесе  керек.  Сөйтсе,  әлгі  бала  әке-
шешесі  мен  ауылын  қырып  тастаған  Ма  Буфаңнан  кек  алудың  орайын  күтіп 
жүріпті. Сол мақсатпен Ма-ның қытай қуырмашын жақсы көретін әдетін ішіне 
түйіп, тағам жасау шеберлігін арнайы үйренген екен. Ақыр аяғында орда бұзар 
отызында  Ма  Буфаңның  жеке  аспаздығына  қол  жеткізіпті.  Бала  күнінде 
дүңгендердің  қазақтардың  басын  допша  домалатқаны  есіне  түсіп,  орайлы  бір 
сәтте  Ма  Буфаңның  жағасына  шап  беріп  жармасып,  өзінің  кім  екенін  айтып, 
оның  басын  кесіп  алыпты.  Әрі  қолымен  істеген  ісін  мойнымен  көтеріп  бұл 
оқиғаны жергілікті құқық қорғау органына өзі мәлімдеп, басынан кешкендерін 
түгел баяндап беріпті. Арабтық бір ханзаданың мейірімі түсіп, жазадан да аман 
құтылған екен. Өзі сол елде қалып, балалы-шағалы болыпты. Есімін Сайфолла 
деп  өзгертіп,  туған  жерге  де  барып  қайтыпты.  Сөйтіп  қазақтың  қанын  суша 
төккен  Ма  Буфаңның  бізге  істеген  зұлматының  бәрі  өз  басына  келіп,  бала-
шаға,  туыс-туғанымен  жат  жерде  торғайдай  тозды.  Ақыры  біздің  Сайфолла 
есімді ұлымыздың қолынан өлді. Бұл 1975 жылы болған оқиға еді.  

Ал  қызылдар  мен  Ма  Буфаңның  соғысында  қалың  қырғынның  ішінде  тірі 
қалған Сетерхан ақ жейдесін ағашқа байлап биікке көтеріп: «Мен қазақ едім, 
тірі қалдырыңдар» деп қытайша айқайлаған екен. Оны бағынғандар қатарында 
тірі қалдырыпты. 
Сетерхан  өзі  бағынған  қызыл  армия  басшыларына  ауылының 
қырғындалып,  өзін  дүңгендердің  асырап  алғандығын  айтып  беріпті.  Жас 
жігіттің  тауқыметті  тағдырына  жаны  ашыған  Қытай  қызыл  армиясы  оны  өз 
қосынына жауынгер етіп алыпты. Армияда бірқанша жыл болып, бүкіл қытай 
аумағы қызылдардың қолына өтіп, ел мен жер тынышталғанда Сетерхан өзінің 
әскери басшыларына барып, қазақ туыстарын іздегісі келетінін айтыпты. Дәл 
осы  кезде  Ланжу  деген  қаладан  ұлттар  институты  ашылып  жатыпты.  Сол 
жерде  қазақ  студенттері  бар  дегенді  естіп,  бастығының  рұқсатымен  соларды 
іздеп  барыпты.  Ақынқожа,  Ақынқаждар  деген  екі  қазақ  жігіт  кезіге  кетіпті. 
Сөйтсе,  бұлар  баяғыда  Хан  Жиңбау  бастаған  дүңгендер  бізді  кері  айдаған 
Алтыншөке  өңіріндегі  Қолымты  деген  жерді  мекендеп  қалған  қазақтардың 
балалары  екен.  Олар  жас  болғандықтан  Сетерханға  ештеңе  айтып  бере 
алмапты  да:  «Сен  қазақша  үйрен,  біз  сені  қазақтар  отырған  жерге  ертіп 
апарайық»  десіпті.  Сөйтіп  ана  тілін  ұмытып  қалған  Сетерхан  Чиңхайдың 
орталық қаласы Ланжудегі ұлттар институтына оқуға түсіпті. 
Оқуын  бітірген  соң  қазақтарды  қара  тартып  Чиңхай  өлкесінде  жаңадан 
құрылып  жатқан  Хайши  моңғол-қазақ  автономиялы  облысына  бөлінуді 
сұранып, Ақынқожа, Ақынқаждарлардың ауылына барған екен.  
Қазақтардың  жайын  облыстың  басшылық  қызметіне  араласып  жүрген 
шақабай Қам деген азамат жақсы біледі деген соң, сол кісіні тауыпты. 
Қам  оған:«Елісханның  көшінен  қалған  қазақтар  Чиңхайдың  осы 
Қолымтысында және Мақай деген жерінде бар. Одан қалса, Гансудың Дұңхуаң 
деген  жерінде  Ақсай  деген  қазақ  автономиялы  ауданы  құрылған.  Күләнда 
әпкең  сол  Ақсайда  болуы  керек.  Сонда  хат  жаз»  деп  жөн  көрсетіпті.  Сөйтіп, 
Сетерхан  төрт  жасында  есінде  қалған  бұлдыр-салдыр  елестер  бойынша 
әкесінің  «Әліп»,  шешесінің  «Шәрбан»  екенін,  «Елісхан»  деген  ағасы, 
«Күләнда» деген әпкесі болғанын, өз есінде қалған басқа да әңгімелердің бәрін 
жазыпты. Өзінің суретін де бірге салып жіберген екен. 
Хатты  алған  Ақсайдағылар ұлар-шу  болыпты.  Біреу  жылап,  біреу  қуанып, 
Күләнда әпкесінен сүйінші сұрапты. Сонда Күләнда: «Егер ол менің бауырым 
екені  шын  болса  сол  жақ  жауырынында  бармақтай  мең  бар  еді.  Кішкене 
күнінде  көтеріп  жүргенімде  талай  көріп  едім»  деген  екен.  Қамысбай 
атамыздың  баласы  Мұхат  тағат  қыла  алмай  бірнеше  жігітпен  Ақсайдан 
Қолымтыға  келіпті.  Бауырын  құшақтай  көрісіп,  киімін  шешкізіп,  арқасын 
ашқызса  Күләнданың  айтқаны  дәл  шығыпты.  Сөйтіп,  Сетерханды  Ақсайға 
алып  барып,  ел  болып  дүркіретіп  той  жасаған  екен.  Бүгінде  ондағы  тұратын 
қазақтардың  тұрмыс  күйі  жаман  емес  көрінеді.  1960  жылдары  «Мәдениет 
төңкерісі»  аталатын  солақай  саясаттың  дауылды  кезеңі  жүріліп,  талай 
қырғыннан  аман  қалған  Сабырбайдың  Құсманы  секілді  біраз  кісілер  түрмеде 

өліпті.  Әйтеуір  он  неше  жылға  созылған  сол  қозғалыс  аяқтаған  соң  ғана 
халықтың беті бері қараған екен. 
Аға, өле-өлгенше екі сөзіңіздің бірінде «Сетерхан түсімнен бір шықпайды, 
ағалап шақырып тұрған сияқты болады» деуші едіңіз. Сізге білдірген Алланың 
аяны  екен  ғой.  Сіз  бақиға  аттанғанда,  кішкентай  ұлыңыз  Әминоллахан 
артыңыздан қоса кеткенде «Әліп атамыз ұрпақсыз қалатын болды-ау!» деп қан 
жылап  қалып  едік.  Аға,  енді  Сетерхан  бар,  Сетерханның  Қасен,  Үсен, 
Қылышхан деген ұлдары; Мария, Айша, Зейнеп деген қыздары бар. Оның бәрі 
де сіздің ұрпағыңыз ғой. Ұрпағымыз, қазақ ұрпағы ешқашан құртылмақ емес.  
Туған  жерге  жасаған  сапарымда  ат  тізігінін  Баркөлге  тіреп,  Әліп  атамыз 
жатқан баяғы қырғын болған жерге де барып Құран оқыдым. Өздері жоқ болса 
да  көздері  қалған  Қожамберген,  Мейірімхан,  Мәлік,  Адубай,  Жеңісхан 
ағаларымыздың үрім-бұтақ бала-шағалары, Ахметқалидың адасып қалған ұлы 
Ауғанбай  –  бәр-бәрі  алдымнан  шығып,  сағыныш  шөлімізді  бастық.  Сөйтіп, 
жер бетіне тарыдай шашылған ұл-қыздарымыз түгенделіп, сіз алаңдап кеткен 
кетігіңіз  толып,  кемтігіңіз  жамалды.  Халқыңыз  үшін  қан  кешіп  шаһид 
болсаңыз да, арт жақтағы еліңіз сіз жетпеген армандарға қол жеткізді.  
Жер  шарының  бергі  беті  түгілі,  арғы  бетіндегі  Америка  Құрама 
Штаттарының  өзі  Алтайдан  Анадолыға  дейін  жеті  мың  шақырымнан  астам 
жол  басқан  біздің  ұлы  көш  туралы,  ұлы  көштің  ұлы  көсемі  өзіңіз  туралы 
жазды.  Қазақты  әлемдегі  ең  қайсар,  ең  батыр  халық  деп  таныды.  Сіз  қанмен 
жазған алтын шежіре қазақты күллі дүниеге мәшһүр етті. Сіздің ұрпақтарыңыз 
бүгінгі  күнде  Түркияда  ғана  емес,  бүкіл  Еуропада  бақытты  ғұмыр  кешіп 
жатыр.  Олар  өздерінің  өлмес  рухын  сақтаған,  қазақ  сынды  қасиетті  ұлтты 
ешкімге  бас  идірмеген  өзіңіздей  батыр  бабаларымен  мақтанады.  Рухтанады, 
ұрпағының ұрпағына дейін сол өнегені жалғайды. Енді, міне, төңіректің төрт 
бұрышына  тарыдай  шашылған  қазақтар  Атамекен  –  Қазақстанға  жинала 
бастады. 
Аға,  сізді  сағындық.  Сіз  біз  үшін,  біздің  кәпірлерге  құл  болмауымыз  үшін 
соғысып, жер бетінде отыз бес жыл ғана ғұмыр кештіңіз. Оның он бес жылы ат 
үстінде  қанды  күреспен  өтті.  Кімде-кім  Алла  жолында  ар-намысын  қорғап 
шаһид болса, немесе жауларымен соғысып жеңіске жетсе, Алла Тағаланың аса 
үлкен  сауабын  алады  деген  ғой.  Сіздің  ерлігіңіз  –  шаһидтығыңыз.  Сіздің 
ерлігіңіз  –  бізге  сыйлаған  жеңісіңіз.  Осы  рух  тұрғанда  жер  бетіндегі  қазақ 
деген ұлтты ешкім де құрта алмайды. Сізге Алланың рахматы, Пайғамбардың 
шапағаты  жаусын! Жатқан жеріңіз жәннат,  топырағыңыз  торқа болсын.  Сізді 
күллі  әлемнің  раббысы  бір  Алланың  құзырына  тапсырамыз.  Өте  рахымды, 
мейірімді Алла бәрімізге жар болсын! 
Әтейхан  бетін  сипап  орнынан  тұрғанда,  оның  қасына  бір  топ  мұсылман 
қариялары жиналды. 
Аман-сәлемнен кейін: 
– Бұл марқұмдар сіздің кіміңіз болады? – деп сұрады.  
Әтейхан өз жайын айтып еді, топ ішіндегі сақалы кеудесін жапқан бір қария 
оны құшақтап, бетін бетіне тиістіріп, ерекше құрмет білдірді. 

– Бұл кісілер марқұм болғанда мен жап-жас жігіт едім. Сонан бері мешіттің 
қарауылшысы болып, зираттыққа да шырақшылық істеп келемін. Осы өңірдің 
жергілікті тұрғындары бұл екі кісінің басына жиі келіп тәу етіп тұрады. Шет 
өлкеден  ауып  келген  мұсылмандардың  қасиетті  адамдары  жатыр  деп  біледі. 
Жұма  сайын  жиналып,  дұға  бағыштайды.  Кейбіреулері  ақтық  байлап  кетеді. 
Әр  аптаның  бейсенбіден  жұмаға  қараған  түні  марқұмдар  жатқан  мешіттің 
қабырғасы жап-жарық нұрға бөленеді. Бұлар – шынында да қасиетті адамдар. 
Сонан бері де қырық неше жыл өтті. Бұл араның халқы  еш жамандық көрген 
жоқ.  Алла  Тағаланың  осы  кісілердің  рухы  арқылы  бізге  көрсеткен  шапағаты 
болса керек, – деді. 
Келген  кісілер  Әтейханның  Елісханға  іні,  Ахметқалиға  шәкірт  екенін 
білгеннен кейін бе, әлде сонша алыстан марқұмдарға дұға оқи келген мұсылман 
жолаушысына  жасаған  құрметі  ме,  аяғын  жерге  тигізбей  көтеріп  әкетті.  Бұл 
жердегі  халықтар  қазақтар  алғаш  көшіп  келгенде  ағылшындардың 
басқаруындағы  біртұтас  ел  болғанмен,  1947  жылдан  кейін  Үндістан,  Пәкістан 
айырым-айырым  екі  ел  болып,  өз  тәуелсіздіктерін  алған  еді.  Пәкістан 
мұсылмандарының бауырмалдығы сол баяғы кезіндегідей жылы сезілді. 
Бірнеше күннен кейін Исламабадтан көтерілген күміс қанатты алып самұрық 
Әтейханды  мойнына  мінгізіп  алып,  қазақ  даласына  қарай  ұшып  бара  жатты. 
Жаяу-жалпылы  шұбырып,  талай  ардақты  адамдары  қалған  Гималайдың  асу 
бермес алып қанды шоқылары тасбақадай тарбиып төменде бұғып жатыр. 
Таңғыттың  сары  жонындағы  ұсақ  көлдер  аспаннан  қарағанда  қазақтардың 
шашылып қалған көз жасындай мөлдіреп, арт жағында қалып барады. 
Күннің шуағына оранған ұшақ ішіндегі көңілді қазақ Алласына тәубе қылып 
күбірлеп келеді: 
«Уа, күллі әлемнің жаратушысы Алла, өзіңе және өзіңнің ұлықтығыңа мадақ. 
Бір  Алладан  басқа  Тәңір  жоқ  деп  өзіңнің  барлығыңа,  Пайғамбарымыз 
Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уәсәлламның хақтығына, Құранның шындығына 
мойынсынған  қазақ  халқының  басынан  сорын  арылтып,  мәңгілік  бақыт 
бергеніңе  –  тәуелсіз  мемлекет  еткеніңе  мың  тәубе.  Елісхандай  батырларымыз 
армандап көз жұмған еркіндік жалауымызды мәңгі-бақи желбірете көр. Қазалы 
күндеріміз, қаралы көшіміз қайта айналмасын. Қазақтың қаралы көшін тойдың 
керуеніне, нұрлы көшіне айналдыра көр. Бір өзіңе ғана құлшылық қыламыз. Бір 
өзіңді  ғана  ұлықтаймыз.  Сенен  ғана  медет  тілейміз.  Жар  бола  көр,  Алла! 
Жарылқай көр, Алла! Аллаһу акбар! 
 
(Соңы) 
 
 
 
«ҚАРАЛЫ КӨШ» КІТАБЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ 
 
Қытайдағы қазақтар және олардың тағдырын сөз еткенде, өзім туып-өскен 
орта  болғандықтан,  тарихына  қанықпын  деп  тоқ  көңілмен  марқайып  жүруші 

едім.  Кейіннен,  яғни  2006  жылдың  желтоқсанында  Дүниежүзі  қазақтары 
қауымдастығы  «Қытайдағы  қазақтар»  атты  кітап  жазуыма  ұсыныс  жасаған 
кезде барып, бұл тарихтың бір пұшпағында ғана жүргенімді білдім. Мен ғана 
емес,  «менмін»  деген  тарихшыларымыз  бара  алмаған  қатпары  қалың  талай 
дүниенің барын аңғардым.  
Әсіресе, Кеңес Одағы және Қытай сынды ірі империялардың ұлттық және 
мемлекеттік  мүддесінің  тасасында  қалған  шерлі  шежірелердің  біразының 
шекесі  көрінді.  Соның  ішінде  аталған  империялардың  ата  жауы  болған, 
тарихта  аты  мәшһүр  болғанмен  барынша  бүркемеленіп,  бөлшектеніп, 
қараланып  келген  үшінші  империяның  іздерін  кездестіре  бастадым. 
Көшпелілер  империясы  һұн,  сақ,  үйсін  заманынан  бері  келгенде  Түрік 
қағанатына,  одан  оның  орнынан  от  жағып  орда  тіккен  Моңғол-Түрік 
империясына,  кейін  өздерін  сол  империяның  мұрагерлері  санаған  Осман 
империясы,  Алтын  Орда  хандығы,  кешегі  Мұстафа  Кемал  Ата  түрік  тіктеген 
Түрік  елі,  бүгінгі  ТМД  құрамындағы  түркілер  сияқты  мүдделес,  қандас 
елдердің  алтын  арқауының  бір  желіге  көгенделіп  жатқанын  байқадым.  Осы 
көшпелі  тайпалар  одағын  құраған  алып  елдің  қазіргі  жұртында  отырған, 
шығысы бүгінгі моңғол жерінен басталған, батысы қазақ, өзбек, қырғыз жеріне 
ұласып  жатқан  байтақ  даланың  кіндігі  –  қарашаңырақ    Қазақстан  болса,  сол 
көне жұртты сақтаған байырғы иелері қазақтар екенін де тереңдей ұқтым.  
Ендеше,  ұлан-қайыр  көшпенділер  даласының  көне  соқпағына  үңіліп 
отырып,  осы  даланың  төсінен  ендей  өтіп,  жер  бетіндегі  ең  ұзын  көштің 
керуенін  жасаған  баһадүрлерді  еске  алмау,  оның  ақиқатын  іздемеу  мүмкін 
емес  қой.  Орыс,  Қытай  сынды  империялардың  көзімен  емес,  таза  қазақтың 
көзімен қарап оған сіңген ұлттық рухты бүгінгі ұрпаққа жеткізу, қарғыс атқыр 
Қызыл  империяның  халқымызды  бостырған  қатыгез  тарихын  айтпай  өту 
қолымыздан  келер  ме  еді?  Әрине,  аттап  өтуге,  айтпай  кетуге  арымыз 
көтермейді. Сөйтіп, қазақ көшінің қанды парақтарына қайта үңілдім.  
Сенесіз  бе?  Гималай  шоқысында  елдігіміздің  ірге  тасын  қалауға  себепкер 
болған,  әлем  қағаны  Шыңғысханның  ізі  жатыр.  Жерұйық  іздеп  желмаямен 
кезген  Асан  қайғы  атамыздың  ізі  жатыр.  «Тарих-и  Рашидиді»  берген  ұлы 
ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулатидың ізі жатыр. Басы Алтайға, денесі Тибетке 
жерленген  Бөке  батырдың  ізі  жатыр.  Елісхан  бастаған  ерлердің  ізі  сол  әлем 
жотасын  ендей  өтіп,  Үндістан-Пәкістанға  алғаш  рет  жол  салып,  одан  ары 
Түркияға, күллі Еуропаға ұласып жатыр. Жай ғана ұласқан жоқ. Жер бетінде 
өзге  халықтарда  салт  атты,  сабау  қамшылы  ерлердің  көші  көп  болғанымен, 
бұлар  қатын-бала,  ауылымен  ұлардай  шулап,  құрлық  асып  көшті.  Жер  атты 
домалақ  шардың  ең  биік  жотасын  асып,  ең  ыстық  құмдығы  Такламаканды 
кесіп,  ең  ұзын  қазақ  көшінің  тарихын  қанды  ізімен  жазды.  Қазақтың  атын 
дүниеге жайып, бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастырды. Және бір қызығы, 
өздерін  көне  көк  түріктердің  тұқымымыз деп  білетін  түркиялықтар  Алтайдан 
барған  қазақтарды:  «Біздің  көне  жұртымызда  қалып  қойған  байырғы 
туыстарымыз  –  өз  түріктеріміз  екен»  деп  жылы  қабылдаған  екен.  Демек, 
Гималайды алғашқы асқандардың һұндар және олардың жұртындағы түркілер 

екеніне  шүбә  жоқ.  Олай  болса,  қазақтардың  сол  қандастықпен  ежелгі 
түркілердің  ізін  басып,  бүгінгі  түріктерді  іздеп  тапқанын  кездейсоқтық  деуге 
бола ма? Оларға жол сілтеген тылсым құдірет не?! Әлемді шарлаған көк бөрі 
рухы бізді тағы бір қиырға жетелемей ме!  
2007  жылдан  бастап  осы  тақырыпқа  қалам  тартқандардың  жазбаларын 
ақтара  бастадым.  Сол  көштің  куәгерлері  Халифа  Алтай,  Дәлелхан  Жаналтай, 
Хасан  Оралтай  кітаптарын  аударып  төңкердім.  Оған  да  қанағат  таппай, 
Шынжаң  жағындағы  жазылған  дүниелерді  іздедім.  Сүлеймен  Дәрібай, 
Сейітхан  (Қарамолда)  Бортан  қажы,  Мұхаметәлі  Қалитұлы,  Қапас  Қошуұлы, 
Ермұхан Ібірәліұлы қисса-дастандарын оқыдым.  
Алтын  арқау  Алтайдан  Анадолыға  жетеледі.  2008  жылы  алтыншы 
маусымда ұшаққа мініп Түркияға бардым. Көштің көзі тірі куәгерлерін іздедім. 
Алдымнан  шыққан  Абдуақап  Қара,  Хасан  Оралтай,  Мариям  Хакім,  Мұстафа 
Көк  іздеген  соқпағымның  сорабына  салды.  Дәлелхан  Жаналтаймен 
сәлемдесудің  де  сәті  түсті.  Дегенмен  де  көнекөздердің  көбі  өлген,  кеш 
қалғанымды сездім. Бірақ бәрібір жоғымды табамын деген сенімде едім. Нида 
қаласының  Ұлықшыла  ауданы  Алтай  ауылынан  Елісханның  немере  інісі, 
алғашқы  көштің  тірі  куәгерлерінің  бірі  Әтейхан  (Қайсаұлы)  Білгінді  тауып 
әңгімелестім.  Ол  кісінің  құлағы  ауырлаған,  айғайлап  сөйлесуге  тура  келді. 
Солай  болса  да,  көкірегі  ояу  қарт  өткен  тарихтың  тамырын  суырып,  талай 
әңгіме  айтты.  Өзінің  қартайғанын,  тың  күнінде  Шынжаңға  барғанда  Саяхат 
Мейірімханұлының  көп  әңгімелесіп  мол  дерек  алғанын,  Шынжаңнан  келіп 
талай қарттың әңгімесіне құлақ түрген Ғазез Мәлікұлының да құймақұлақтығы 
мен  біраз  нәрсе  білетінін  ескертті.  Сөйтіп  Түркияны  бір  айналып  шығып,  ат 
басын Шынжаңға бұруыма тура келді.  Алматыға  оралғанымда үйіме бір ғана 
қонып, ертесі Үрімжі қаласына аттандым. 
2008 жылы маусымның ортасында ең әуелі осы тақырып төңірегінде қалам 
тартып, «Бөке батыр» атты роман жазған, қытайдағы көрнекті жазушы Шәміс 
Құмарұлын  таптым.  Ол  кісінің  ағалық  ақыл,  қаламгерлік  қамқорлығымен 
Қаһар  Сіләмжанұлы  –  бәріміз  Моридан  Баркөлге  дейінгі  аяғымыз  жеткен 
жердің  біразын  шиырлап,  көштің  алғашқы  басталуына  себеп  болған  «Әліп 
шабылған»  жерді  көрдік.  Жер  болған  шаһидтер  қабіріне  дұға  оқып,  өткен 
күндер  елесіне  көз  жүгірттік.  Шошан  құмы,  Күңіректің  жотасы,  Ошақты, 
Бисан жайлауларына дейін кездік. 
Баркөлде  осы  тақырып  аясында  қалам  тартқан  Саяхат  Мейірімханұлы, 
Сағатхан  Таңқайұлы  сияқты  қаламгерлермен  кезіктім.  Ғазез  Мәлікұлын  іздеп 
едім,  ол  кісі  Қазақстанға  көшіп  кетіпті.  Оқиғалар  болған  орындарды  аралап, 
жер  жағдайына  қанығып,  Алматыға  оралдым.  Ғазезді  іздеп  тауып,  ол  кісінің 
білетін  деректерімен  де  қанықтым.  Түркиядан  көшіп  келген  Шәріп  Найман, 
Құланбай Нәзір, Сауат қажы Зуқаұлы секілді сексен-тоқсандағы көне көздерге 
жолықтым. Елісхан қайтыс болғанда қасында болған балдызы Кәрменнің әйелі 
Күлпаран апаның Стамбулда екенін Алматыдағы ұлы Мұстафадан кеш білдім. 
Десе  де,  ештен  кеш  жақсы  деп,  ол  кісімен  телефон  арқылы  сөйлесіп,  кейбір 
жұмбақтардың жауабын алдым. Ахметқалидың Нұрқатия деген әйелінен туған 

Марғума  деген  қызының  қызы  Ханышайымды  Алматыдан  таптым.  Олар 
фамилияларын нағашы аталарының есімімен «Ахметқалиева» деп атайды екен.  
2009-2010 жылы Қытайға тағы да екі мәрте ат басын бұрып, Гансу өлкесінің 
Ақсай, Дұңхуаң өңіріне бардым. Кенжебек Зарқұмұлы сияқты азаматтар аз да 
болса  өз  деректерімен,  жер  жағдайымен  таныстырды.  Манжархан,  Шәмши 
жазбаларын, Қабылқақ, Әпетай кітаптарын, Алтай, Баркөл, Ақсай шежірелерін 
көрдім.  Күйтүнде  Муса  Бабақұмарұлымен  кеңестім.  Деректер  теңденіп 
қайттым. 
Осының бәрін жинай келіп, бұл оқиғалар төңірегіндегі халықаралық жағдай 
мен сол кездегі қытай қоғамы жөніндегі кітаптарды қайта парақтадым. 
Сөйтіп, көш туралы алғашқы мағлұматқа ие болып, өзім білетін әңгімелерді 
деректермен,  жазбалармен  салыстырып,  тағы  бір  мәрте  сүзгіден  өткіздім. 
Кейде  бір  шалдан  естіген  әңгімеме  қанағаттанбай  оны  екінші  шалдың 
әңгімесімен,  бір  кітаптағы  деректі  екінші  кітаптағы деректермен  салыстырып 
шықтым. Алайда нақтылы дереккөздері мен оқиға куәгерлерінің тым аздығы, 
қурай басқан көне жұрттан ел елесін іздеу  – материал жинау-реттеу жағында 
аз  қиындық  әкелген  жоқ.  Осы  барыста  бір  ғана  адамның  білгені  бойынша 
немесе әр ру, жеке адам өзіне тартып жазған «шала» дүниелердің көп екеніне 
де көзім жетті. Қоржыным аса тоқ болмаса да, біраз материалдың жиналғаны 
анық болды.  
Сол көштің алдыңғы легінен азуын айға білеген Елісхан Әліпұлының (1908-
1943) арыстан тұлғасын көрдім. Көш туралы жоғарыда аталған біраз дүниелер 
жазылғанымен,  дәл  осы  кісінің  жеке  өмірі  мен  көш  бұйдасын  шалғайға 
жетелеген  көсемдігін  бейнелейтін  арнайы  кітап  жазылмапты.  Бірақ  осы 
тарихқа  оралушылардың  оны  терістейтін  немесе  оған  қарсы  пікір  білдіретін 
бірде-бірі жоқ екен. Жер бетінде небәрі 35 жыл ғана ғұмыр кешкен, әке-шеше, 
аға-іні, әйел-баласы жаудан қырылған, кіндігінен ұрпақ қалмаған, өз тағдырын 
халқына арнап, ең соңында өзі де шаһидтікпен көз жұмған оның қасиетті өмірі 
мен қайғылы тарихы кімді болса да бей-жай қалдырмас еді. Қазақта ғана емес, 
жер шарында сирек кезігетін ақиқи өмір мен алтын аңыздың кейіпкері Елісхан 
Әліпұлы  жайынан  сөз  ашпау  тағдырдың,  тәңірдің  әділетсіздігі  болар  еді. 
Алайда  сол  тарихтың  ақтаңдақ  бетін  жазуды  уақыт  маған  жүктеген  екен. 
Тағдырдың  осы  ауыр  жүкті  арқалатқандығына  қуандым,  жүрексіндім, 
қиналдым.  Тәуекелге  бел  будым.  Әділетсіздік  атаулының  есесі  екі  дүниенің 
бірінен болмаса, бірінен қайтатынына сенім байладым.  
1934-1935  жылдан  басталған  алғашқы  көш  жаудың  қырғынына  ұшырай 
отырып,  1941  жылы  Үндістан  жеріне  жан  сауғалап  өтсе  де,  ауру  тарап,  адам 
өлімі  тоқтамаған.  Шекарадан  санап  өткізгенде  3039  адам  болса  1951  жылға 
келгенде 1400  адам  ғана  қалған.  Көш барысында  ілгерінді-кейінді болып  кем 
дегенде алты мыңдай адам қырылған екен. Көш басшысы Елісхан 1943 жылы 
Пәкістанда  аурудан  қайтыс  болады.  Демек,  Елісхан  және  оның  елінің 
басындағы қанды қырғын 1932 жылдан басталып, 1943 жылы өзі өлгенге дейін 
жалғасады.  Қанша  қаша  көшсе  де  зұлымдық,  ажал  оны  қуғанын  қоймайды. 
Сондықтан да шығармамның атын «Қаралы көш» деп қоюды жөн көрдім. Ал 

1951 жылғы Қалибек, Хамза, Солтаншәріп, Құсайын бастаған екінші көш осы 
көштің тарихи жалғасы болса да оның хикаясы бөлек еді.  
Ендігі мәселе – қалай жазуда. Жалғыз Хаққа сиынып қолыма қалам алдым. 
Тарихи  тақырыпты  жазуда  бірі  шындық,  бірі  әдеби  көркемдік  ерекше  есте 
ұсталуы  керек  қой.  Одан  қалса,  осы  заманның  талаптары  да  естен  шықпауы 
тиіс.  Әуезовше  көсіле  шапқанмен,  бүгінгі  оқырманның  «ежіктеудің»  бәріне 
үңіле берерлік уақыты жоқ. Ал жастарша «тілсіз, қырсыз» кеткенмен желкеңде 
Абайдың аса таяғы, әдеби қауымның қырағы көзі тұр. Көркемдікке көбірек бой 
ұрып,  шындық  тасада  қалса,  оның  да  кінәсі  ауыр.  Оқырманды  жалықтырып 
алмау  үшін  жасалатын  жазушының  «ішкі  желісі»  мен  «құпия  түйіншектері» 
тағы бар.  
Адамзат  қоғамында  атадан  балаға  жалғасқан  ақылиялық  дәстүр  болсын, 
діни наным-сенім мен ұлттық рух болсын, бәрінде ізгілікті арқау еткен жалғыз 
ғана сабақтастық бар. Соның көбі Құран Кәрімнен табылады. Мен де өзім таба 
алмаған  кейбір  сауалдың  жауабын  Алланың  осы  қасиетті  кітабынан  іздедім. 
Бүгінгі  Еуропа  қазақтарын  аман  алып  келе  жетқан  ізгілік  арқауы  да  осы 
исламдық    идеядан  келген  еді.  Мұны  романның  бастауы  мен  аяқтауы  және 
шығарма  бойында  кезігетін  діни  түстер  мен  намаздардан,  тұтас  шығармаға 
арқау  болған  ортақ  мұраттан  байқауға  болады.  Екіншіден,  құлдыққа  бас 
ұрмаған,  еркіндікке  ұмтылған  қайсар  халық  –  қазақтардың  өрлігі  мен  ерлігін 
ашу парызы бәрінен де маңызды еді. Ол қасиет көбінше Елісханның бойынан 
ізделді. Әрі Елісханның қолындағы қамшы сол ақсүйектіктің, тәкаппарлықтың, 
өктемдіктің  бейнесі  ретінде  әр  жерде  көрініп  қалады.  Сосын  жер  аңсаған  ақ 
інген,  ең  соңында  көз  жұмған  қара  атан,  Сетерханның  елесі,  тағы  басқа 
түстердің де өзіндік мәні бар. Ал жауыздық жайында жер бетінде жауыз адам 
болса  да  жауыз  ұлт  болмайды,  оның да  жақсы-жаманы бар деген  адамзаттық 
ортақ  идеяға  жүгіндім.  Жауының  бәрін  жауыз,  досының  бәрін  батыр 
көрсететін жаттандылықтан да сақтанғым келді. Сол себепті кейбір жағымды 
кейіпкердің жағымсыз ісі мен жағымсыз кейіпкердің жағымды істері де бар.  
Елісхан  әңгімесінің  соңғы  бөлімдерінде  онымен  қатарласа  алынатын 
Ахметқали да өмірде болған адам. Алайда екі кейіпкер – екі тағдыр болмыстан 
ойып алынған болса да жер бетіндегі қазақ баласының қасіретін ашып жатқан 
қос бұрым сияқты егіз көрінеді. Тіпті арнайы шығарма үшін орайластырғандай 
олардың өлімі, қатар жатуы, Елісханның інісі Сетерханның кейінгі тағдыры – 
бәрі  де  өмірдің  өзегін  жарып  шыққан  ащы  да  аянышты  оқиғалар.  Көз 
алдыңыздан  қанды  оқиғаға  толы  көркем  фильм  ақырын  ғана  сырғып  өтіп 
жатқандай  мұңлы  күйге  оранасыз.  Жазып  отырған  сәттерімде  жанарыма  жас 
толып:  «Осы  кітапты  тебіренбей  оқыған  адамның  қазақтығына  күмәнім  бар» 
деп күбірлеген сәттерім де көп болды. 
Тарихи  шындықтарға  көбірек  бой  ұруыма  байланысты  көркемдік 
бояулардың  солғын  тартатын  тұстары  да  бар  шығар.  Ондай  жерлер  табылып 
жатса,  ол  әдеби  қуаттың  жетпегендігінен  емес,  «тарихи  роман»  атауына, 
шындыққа  «аса  бауырмалдық»  танытудан  болар.  Кейбір  бөлімдерде 

«шеңберден  шығып  кеткен»,  «бейсауат  тана-моншақтар»  кезіксе,  бұл  да 
аңдаусыздықтан емес, қаламды «қасақана бұрмалаудың» жемісі.  
«Кеңеспен  пішкен  тон  келте  болмайды»  деген  ғой.  Шығармадағы 
оқиғаларға  70-80  жыл  өткен.  Сарқылып  айттым,  салиқалы  жеткіздім,  саф 
алтыннан  құйма  құйдым  деуден  аулақпын.  Кейінгі  басылымдарында  ішінара 
өзгерістер  енгізуге  бар  екенімді  де  жасырмаймын.  Дүниеде  Құран  Кәрімнен 
басқа кітаптардың бәрінің де редакциялық өңдеулерге ұшырағанын ойлағанда 
шындық  және  әдебиет  төңірегінде  әділ  төрелік  айтушыларды  тыңдаудан 
ұтпасақ  ұтылмайтынымызды  да  мойындауымыз  керек  қой.  Бұл  менің  жеке 
дүнием  емес,  қазақтың  қанды  тарихының  бір  парағы  –  халық  қазынасы.  Мен 
болсам  тағдырдың  қиюластыруымен,  уақыттың  үкімімен  мойнымдағы 
тапсырманы адалдықпен орындаушы ғанамын. Халық өз қазынасына қосылған 
дүниенің  түзейтін,  күзейтін  жерін  көрсетіп  жатса,  оған  неге  қарсы  боламын. 
Мен жазып отырған кейіпкерлердің өзі де – сондай әділеттіліктің құрбандары, 
елім-жерім деп еңіреп көз жұмған шаһидтер. Халық менің шығармам арқылы 
оларды таныса, ұрпағына рухын жалғап, батыр  ұлдарын өзіне қайтарып алса, 
марқұмдардың  да  жаны  жәннатта,  рухы  тыныш  болар  еді.  Осы  жағынан 
қарағанда,  біз  және  оқырман  бір  ғана  мүдде  үшін  жұмыс  істейміз.  Қаламгер 
әртүрлі  болғанмен,  тарих  –  біреу,  әдебиет  –  біреу.  Империялардың  қанды 
бұғауына бас имей, Алтайдан Анадолыға жалғасып жатқан көш бойынан түркі 
тұтастығын, ұлт бостандығын, бабалардың ерлік рухын іздеген мақсатымыз – 
біреу. Ал тарихи романның осы мақсатты орындау жолындағы әдебиеттік «ен-
таңбасын» бағалау – оқырманның еншісінде. 
Кітап  2009  жылдың  19  желтоқсанында  жазылып  бітті.  2010  жылдың 
басында  ішінара  толықтырулар  мен  өзгертулер  енгізіп,  30  наурызға  дейін 
қайта бір қарап шықтым.  
Аллаға тәубе, құлдық! Жаратушы жар болып, қаламым мұқалған жоқ. 
Қалай  болғанда  да,  бұл  еңбек  өзінің  көркем  шығармалығына  қарамастан 
қазақ көшінің қанмен жазылған бір тарауы боп есептеледі.  
Шығармамды жарнамалау үшін емес, оқырманмен ой бөлісіп, сырласу үшін 
«ішек-қарынымды» ақтарып отырмын.  
Халқымнан  аяйтын  түгім  жоқ  деп  білетін  қалам  иесінің  «Қаралы  көш» 
кітабының өмірге осылай келгенін айтқым келді. 
 
Жәди Шәкенұлы  
04. 04. 2010 
Алматы  
 
 
 
 
 
 
 

 
 
 
 
 
МАЗМҰНЫ 
 
Бірінші тарау  
ҚЫРҒЫН .........................................................................
 
Екінші тарау  
ТАЙТАЛАС......................................................................51 
 
Үшінші тарау  
СЕРГЕЛДЕҢ...................................................................145 
 
Төртінші тарау  
ҚАНДЫ ЖОЛ.................................................................203 
 
Бесінші тарау  
ЖАТ БОСАҒА................................................................340 
 
СӨЗ СОҢЫ.....................................................................386 
 
«ҚАРАЛЫ КӨШ» КІТАБЫ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ..394 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
 
 
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ 
 
ҚАРАЛЫ КӨШ 
 
тарихи роман 
 
 
 
 
«ТҰРАН» баспасының директоры  
Қазыбек Иса 
 
Редакторы  
 
 
Ибрагим Исаев  
Көркемдеп, беттегендер  Армангүл Солтанмұратқызы 
                                              Мадина Арғынова 
Мұқабасын дайындаған     Дәулет Тынбай 
Компьютерде терген  
Жұпар Әнуарбекқызы 
Корректорлары  
 
Меруерт Ілиясова 
 
 
 
                       
 
 
Теруге 04.04.2010 берілді. Басуға 23.06.2010 қол қойылды.  
Қалыбы 84х108 1/32. Қағазы офсеттік. Қаріп түрі «Times New Roman» 
Есептік баспа табағы 25.5 Таралымы 2000 дана. Тапсырыс 895 
 
 
 
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, 
Жангелдин-Түрген көшесі, 30/26 
«ҚазАқпарат» баспа корпорациясының баспаханасы 
Тел.: (8-727) 397-41-62, 397-41-63 
Эл. пошта: kaz_akparat@mail.ru 


1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал