Торғай ақындарының



жүктеу 5.01 Kb.

бет1/7
Дата18.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ҚАЛИЕВ  АЙБЕК   
 
 
 
ТОРҒАЙ  АҚЫНДАРЫНЫҢ    
ДӘСТҮРЛІ  ПОЭЗИЯСЫ 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

 
 
 
 
 
 
 
 
ҚАЛИЕВ  АЙБЕК   
 
ТОРҒАЙ  АҚЫНДАРЫНЫҢ 
ДӘСТҮРЛІ  ПОЭЗИЯСЫ 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында 
талқыланып, баспаға ұсынылған. 
 
 
 
                       Жауапты редактор:    ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., 
                                  профессор Р.Н.Нұрғали 
 
 
                       Пікір жазғандар:       филология ғылымдарының докторы, 
                                                             профессор  А.Қ.Егеубаев 
                                                                                                                            
 
филология ғылымдарының кандидаты
                                                             доцент  Ғ. Ештанаев 
 
 
 
 
 
Қалиев Айбек: Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы. Ғылыми зерттеу.  
ISBN ... ... ...  
 
Бұл  ғылыми  зерттеу  еңбегінде  Торғай  ақындарының  дәстүрлі  поэзиясы,  оның  қазақ 
әдебиеті  тарихындағы  орны  жан-жақты  қарастырылған.  Торғайдағы  ақындық  мектептің 
қалыптасуы,  әдеби  дәстүр    және  оның  жалғастығы  ғылыми  ауқымда  талданып, 
шығармашылық  мұралары  кеңестік  кезеңде  түрлі  себептермен  назардан  тыс  қалдырылған 
ақындар мұрасы сөз болады.  
Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, әдебиеттанушыларға арналған. 

 

СӨЗ  БАСЫ 
 
       Қазақ  әдебиетінің  өзіндік  бейнелеу  құралдарымен,  өлшем-өрнектерімен 
өзгешеленетін,  кең  тынысты,  сан-салалы  тармағы  –  халық  поэзиясы.  Қазақ 
поэзиясы – ғасырлар, заманалар сарабынан өткен, сол кезеңдердің куәсі болған, 
түр  мен  мазмұн,  көркемдік  қуаты  жағынан  тоқырамай  дамып  отырған  рухани 
мұра. 
       Қазақ  әдебиетінің  тарихында  әдебиеттану  ғылымының  назарынан  тыс 
қалып  келе  жатқан  ақтаңдақ  беттер  көп.  Мұның  себептері  де  жеткілікті.  Сол 
себептердің  ең  негізгісі  –  кеңестік  идеология,  тоталитарлық  қоғамдық  жүйе 
ұлттың азаттығын көксеп жазылған әдеби мұраларымызды ғылыми айналымға 
жібермей,  ол  шығармалардың  жариялануына  да  қатаң  тыйым  салып,  жолын 
жауып отырды. 
       Қазақ  әдебиетінің  тарихындағы  ақтаңдақ  беттердің  бірі  –  ХІХ  ғасырдың 
соңы  мен  ХХ  ғасырдың  алғашқы  ширегінде  Торғай  өңірінде  қалыптасқан 
ақындық  мектеп.  Өзіндік  дәстүр  ерекшеліктері  бар  бұл  ақындық  мектеп 
өкілдерінің  шығармашылығы  жөнінде  кеңес  заманында  сөз  қозғау  өте  қиын 
болды.  Олардың  шығармалары  ел  арасында  жасырын  түрде  ғана  айтылып 
жүрді.  Мұның  себебі  –  бұл  ақындық  мектептің  ұстаздары  Уақ  Жұмабай 
Шалабайұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Әбіқай Нұртазаұлы 
сияқты  ақындар  Ахмет  Байтұрсынұлы  мен  Міржақып  Дулатовтың  ақындық 
жолындағы  алғашқы  ұстаздары  еді.  Сонымен  бірге  бұл  ақындардың 
шығармалары  да  идеялық  жағынан  кеңестік  қоғамға  жат  болатын.  Торғай 
ақындық  мектебінің  тағы  бір  топ  өкілдері  –  Құбаша  Шалбайұлы,  Файзолла 
Сатыбалдыұлы, 
Әлмұхаммед 
Оспанұлы 
сияқты 
ақындар 
Ахмет 
Байтұрсынұлымен,  Міржақып  Дулатұлымен,  Ахметсапа  Юсуповпен  "Алаш" 
қозғалысының басқа да мүшелерімен аралас-құралас, ниеттес, пікірлес болған. 
Сол  себепті  де  "халық  жауы"  атанып  сотталған,  жер  аударылған. 
Тәуелсіздігімізді алып, 1937 жылдары жазықсыз атылған, қуғын-сүргін көрген 
арыстарымыз ақталғаннан кейін жоғарыда аталған ақындық мектеп өкілдерінің 
есімдері  қайта  оралып,  олардың  әдеби  мұрасымен  қайта  қауыша  бастадық. 
Ендігі  міндет  –  олардың  шығармашылығына  ғылыми  талдау  жасап  қазақ 
әдебиеті тарихындағы орнын анықтап, лайықты ғылыми бағасын беру. 
       Бұл  орайда  ақын  –  ақындық  мектеп  –  әдебиет  деген  ұғымдарды 
диалектикалық  бірлікте  қарастырған  жөн.  Өзіндік  өрнектік  қолтаңбасы  бар, 
сонылығымен ерекшеленетін ақындар әдебиет тұлғасына айналады, ол өзіндік 
үрдіс,  мектеп  бір  сөзбен  айтқанда,  орта  қалыптастырады.  Ол  орта,  ол  мектеп 
жалпы  әдебиетке,  поэзияға  ықпал  етеді,  жаңа  леп,  соны  үрдіс  әкеледі. 
Әдебиеттану  ғылымы  лайықты  бағасын  берген,  әдебиет  тарихынан  өз  орнын 
алған,  зерттеліп,  зерделенген    Атырау  өңіріндегі  жыраулық  мектеп,  Сыр 
сүлейлері,  Қаратау  шайырлары,  Жетісу  өңіріндегі  ақындық  мектеп,  Арқадағы 
ақындық мектеп, Абайдың маңына топтасқан ақындар шығармашылығы қазақ 
әдебиетінің  құрамдас  бөлігі  ретінде  қазақ  поэзиясының  ХІХ  ғасыр  мен  ХХ 
ғасыр басындағы дамуына зор үлес қосқандығы айқындалды. Әрине, бұлардың 
қатарында Торғай ақындық мектебінің де өкілдерінің болғандығы ақиқат. 

 

       Біздің  бұл  еңбегімізде  кеңес  дәуірінде  тиым  салынып  келген  Торғай 
ақындық  мектебі  өкілдерінің  шығармашылығы  талданып,  олардың  қазақ 
поэзиясын дамытудағы рөлі айқындалады.  
       Аталған ақындық мектептің туып, қалыптасуы, Уақ Жұмабай Шалабайұлы, 
Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Әбіқай Нұртазаұлы сияқты ұстаз 
ақындардың  шығармашылығын  талдау  арқылы  анықталса,  ақындық  мектептің 
дамуы, 
ақындық 
дәстүр 
жалғастығы 
тәрізді 
мәселелер 
Файзолла 
Сатыбалдыұлы,  Әлмұхаммед  Оспанұлы,  Құбаша  Шалбайұлы,  Қарпық 
Шолақұлы,  Омар  Шипин,  Күдері  Жолдыбаев,  Нұрхан  Ахметбеков,  Сәт 
Есенбаевтардың әдеби мұрасын қарастыру арқылы зерделенеді. 
       Ақындық  мектептің  туу,  қалыптасу,  даму  кезеңдерін  ХІХ  ғасырдың  аяғы 
мен  ХХ  ғасырдың  басындағы  тарихи-мәдени  даму  ауқымында  саралау,  бұл 
мектептің  өзіне  тән  ерекшеліктері  мен  дәстүрлерін  айқындау  тақырыптың 
көкейкестілігі  мен  зәрулігін  анықтайды.  Осы  айтылған  мәселелер  негізінде 
қазақ  әдебиетінің  тарихында  арнайы  зерттелмеген,  Торғай  ақындық  мектебі 
өкілдерінің  әдеби  мұрасы  толықтай  қарастырылып,  әдебиетімізден  алар  орны 
анықталмағаны белгілі. 
       Торғай  ақындық  мектебінің  ұстаз  өкілдері  Уақ  Жұмабай,  Сейдахмет, 
Есенжол,  Әбіқай  ақындардың,  сталиндік  репрессияның  қуғынына  ұшырап, 
жазықсыз  жапа  шеккен  Файзола  Сатыбалдыұлы  мен  Әлмұхаммед 
Оспанұлының,  ақындық  дәстүрді  жалғастырушылар  –  Құбаша  Шалбайұлы, 
Қарпық Шолақұлы, Омар Шипин, Күдері Жолдыбаев, Нұрхан Ахметбеков, Сәт 
Есенбаев  сияқты  ақындардың  әдеби  мұрасы  мен  шығармашылық  өмірбаяны 
бұл еңбекте жан-жақты сөз болады.                                       
       Торғай  ақындарының  ел  аузында,  әсіресе,  жергілікті  жыршылардың 
айтуымен  жеткен  шығармалары,  сонымен  бірге,  кеңес  заманында  баспасөз 
бетінде  азды-көпті  жарияланған  өлеңдер,  Ахмет  Байтұрсынұлының  "Әдебиет 
танытқышында"  берілген  кейбір  өлеңдер,  жергілікті  журналистер  Назарбек 
Бектемісұлы,  Бөгетбай  Әлмағамбетұлы,  Әмірхан  Абдуллин,  Хамитбек 
Мұсабаев  т.б.  жинастырып  жергілікті  баспасөзде  жариялаған  материалдар, 
Сейіт Кенжеахметов, Серікбай Оспанов сияқты ғалымдардың қолынан алынған 
қолжазбалар кеңес заманында шығармалары жарық көрген ақындық мектептің 
кейінгі буын өкілдері Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Сәт Есенбаевтардың 
жинақтары,  еліміз  тәуелсіздік  алғаннан  кейін  жарияланған  Файзолла 
Сатыбалдыұлы  мен  Әлмұхаммед  Оспанұлының  кітаптары  кітапты  жазу 
барысында дерек көздері пайдаланылды.            
       Бұл  еңбекті  жазуымыздағы  негізгі  мақсат  –  Торғай  ақындық  мектебінің 
дәстүлі  поэзиясын  талдай  отырып  оның  ерекшіліктерін  анықтап,  қазақ 
әдебиетінің  тарихындағы  орнын  айқындау,  ұзақ  уақыттар  зерттелмей  келген 
Торғай  ақындарының  әдеби  мұрасын  ғылыми  айналымға  енгізіп,  әдеби  және 
ғылыми бағасын беру. 
       Көзделген мақсатты орындау үшін  Торғай ақындық мектебінің қалыптасу, 
даму  бағыттарын  айқындау,    ақындар  өмір  сүрген  дәуірдің  қоғамдық  саяси-
әлеуметтік  сипатын  саралай  отырып,  олардың  ғұмырнамасы  мен  әдеби 
ортасына баға беру, Торғай ақындары шығармаларын талдай отырып, олардың 

 

өзіне  тән  дәстүрі  мен  көркемдік  ерекшеліктерін  анықтау,  -  Торғай  ақындары 
туралы  әдеби-тарихи,  ғылыми  мағлұматтарды,  газет-журнал  беттеріндегі 
материалдарды,  жекелеген  адамдардың  аузында  жүрген  шығармаларды 
жинастырып,  сараптау  жұмыстарын  жүргізу,  Торғай  ақындарының  дәстүрлік 
ерекшеліктерін  айқындау  арқылы  олардың  ақындық  мектеп  дәрежесіне 
көтерілгенін  дәлелдеу,  аталған  өңір  ақындарының  шығармашылық  өмірбаяны 
арқылы 
ақындық 
мектептің 
идеялық-тақырыптық 
және 
көркемдік 
ерекшеліктеріне  әдеби  баға  беру,  Торғай  ақындарының  әдеби  мұрасын  жан-
жақты  талдап,  әдеби,  ғылыми  сипаттама  беру,  қазақ  поэзиясын  дамытуға 
қосқан үлесін саралап көрсету сияқты маңызды міндеттерге назар аударылды. 
      Торғай  ақындық  мектебінің  жекелеген  өкілдері  туралы  әр  кездері,  әртүрлі 
мақалалар  мен  еңбектер  жарияланды.  Ең  алдымен  Торғай  ақындарының 
шығармаларын  сөз еткен  Алаштың рухани көсемі  –  Ахмет  Байтұрсынұлы.  Ол 
өзінің  "Әдебиет  танытқыш"  еңбегінде  Сейдахмет,  Есенжол,  Ақмолда,  Қарпық 
ақындардың  шығармаларын  мысал  ретінде  пайдаланған.  Ұлы  ағартушы 
Ыбырай  Алтынсариннің  "Қазақ  хрестоматиясында"  Сейдахмет  ақынның 
өлеңдері  берілген.  Ф.  Сатыбалдыұлы  мен  Ә.  Оспанұлының  шығармалары 
"Айқап"  журналында  жарияланған.  Кеңес  заманында  Әбіқай  ақынның  кейбір 
өлеңдері  газет-журнал  беттерінде  жарыққа  шықты.  Ал  аталған  ақындық 
мектептің  кейінгі  буын  өкілдері  О.  Шипин,  К.  Жолдыбаев,      Н.  Ахметбеков,            
С. Есенбаев шығармалары жариялануы жағынан еш қиындық көрген жоқ. Бұл 
Торғай  ақындары  шығармаларының  жариялануы  жөнінде,  ал  зерттелу 
деңгейіне  келсек,  ақындық  мектеп  туралы  тұтас  алып  қарастырған  екі  еңбекті 
атауға  болады.  Олар:  жергілікті  ақын,  журналист  Н.  Бектемісовтің  "Ахмет 
ұшқан  алтын  ұя"  атты  кітабы  мен  филология  ғылымдарының  кандидаты, 
көрнекті ақын  С. Оспановтың "Ахмет өскен орта" атты еңбегі. Бұл екі еңбектің 
екеуінде  де  Торғай  ақындық  мектебінің  алғы  буын  өкілдеріне  әдеби,  ғылыми 
тұрғыдан  жақсы  баға  берілген.  Алайда  бұл  еңбектерде  Ахметке  қатысты 
ақындар  ғана  сөз  етіледі.  Торғай  ақындық  мектебінің  жекелеген  өкілдері 
туралы  әр  түрлі  деңгейдегі  баспасөз  беттерінде    Қ.  Жармағамбетов,                          
С.  Мәуленов,  Ғ.  Қайырбеков,  Қ.  Сәрсекеев,  Б.  Әлмағамбетов,  Н.  Бектемісов,              
С.  Кенжеахметов,  С.  Оспанов,  С.  Тұрғынбеков,  Ә.  Абдуллин,    Ж.  Кенжалин,          
М. Сүлейменов, Х. Мұсабаев, Ғ. Әмірхамзин, Ғ. Әмірхановтардың мақалалары 
жарық  көрді.  Сонымен  бірге  Ж.  Қосабаевтың  "Атамекен  ақиқаты",                           
Р. Сариеваның "Текті Торғай" атты кітаптарында Торғай ақындары туралы сөз 
болады.  Бірақ,  аталған  еңбектердің  барлығында  Торғай  ақындары  тек  тарихи-
өмірбаяндық  таным  тұрғысында  сөз  етіледі.  Ғылыми  еңбектердің  арасында            
С. 
Әсіповтің 
Нұрхан 
Ахметбековтің 
шығармашылығынан 
қорғаған 
кандидаттық  диссертациясы  мен  "Топжарған"  атты  монграфиясын  атауға 
болады. А. Абдуллинаның "Нұрхан Ахметбековтің әдеби мұрасы" атты еңбегін 
де осы қатарға қосамыз.  
      Сонымен,  оқырманға  ұсынылып  отырған  бұл  еңбек  ұлттық  әдебиетімізді, 
көп  арналы  ақындық  дәстүрдің  бір  саласын  тереңдей  тануға  жасалған  қадам 
демекпіз. 
 
       

 

БІРІНШІ  ТАРАУ 
Ақындық мектеп және оның қалыптасуы 
 
 Қазақ  әдебиеті  тарихында  өзіндік  көркем  дәстүр  нақыштарымен 
ерекшеленетін  ақындық  мектептер  белгілі.  Мысалы,  Маңғыстау  аймағындағы 
жыраулық  мектеп,  Жетісудағы  Сүйінбай  бастаған  ақындық  мектеп,  Сыр 
Сүлейлері,  Қаратау  шайырлары,  Арқадағы  сал-серілер  немесе  әнші-ақындар 
мектебі,  Абай  маңына  топтасқан  ақындық  мектеп…  Осы  ақындық  мектептер 
қазақ поэзиясының құрамдас бөлігі ретінде бір-бірімен тығыз байланысты.  
Көрнекті  әдебиеттанушы-ғалым  Е.  Ысмайылов  өзінің  “Ақындар”  атты 
монографиясында  ақындық  орта,  ақындық  мектеп  туралы,  оның  қалыптасуы 
мен  ерекшеліктері  жайлы  жан-жақты  айта  келіп,  ХІХ  ғасырдың  60-70 
жылдарында Торғай өңірінде Ыбырай Алтынсарин бастаған ақындық мектептің 
болғандығын айтады [1, 70 б.].  
Ақын – қоғамдық тұлға. Ақынның әдебиеттен алатын орны ақынның өмір 
сүрген  қоғамдық  ортасымен,  заманымен  тығыз  байланысты.  Ақын 
шығармаларының  құны  өзі  өмір  сүрген  замандағы  қоғам  мен  өмір  шындығын 
қаншалықты  көрсете  білді,  қоғамға  қаншалықты  әсер  ете  алды,  сонымен 
өлшенсе  керек.  Торғай  ақындық  мектебінің  қалыптасу  кезеңін  сөз  еткенде  
алдымен  сол  дәуірдегі  қоғамдық-тарихи,  саяси-әлеуметтік  жағдайға  тоқталып 
өткен жөн.  
 ХІХ  ғасыр  қазақ  тарихындағы  қайшылықты  да  күрделі  кезең.  Бұл 
ғасырдың  қазақ  халқына  бергені  де,  алғаны  да  бар.  Әдебиет  тұрғысынан 
келгенде ХІХ ғасыр – ұлт-азаттық идеясын жырлаған Махамбетті, “зар заман” 
ақындарын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылар Ыбырай мен Абайды, 
Шоқанды  тудырған  ғасыр.  Академик  Р.  Нұрғали  ХХ  ғасырды  “Қазақ 
әдебиетінің  алтын  ғасыры”,  –  деп  бағалағанындай  [2]  ХІХ  ғасырдың  да  қазақ 
әдебиеті үшін орны айрықша.  
ХІХ  ғасырдағы  қазақ  елінің  жай-күйі,  қоғамдағы  әртүрлі  өзгерістердің 
әдебиетке  әсері  туралы  филология  ғылымдарының  докторы,  профессор                    
Т.  Жұртбай  былай  дейді:  "ХІХ  ғасырдың  аяғында  ашық  жаулап  алу  мен 
жазалау  әрекетіне  көшкен  Ресей  патшалығы  енді  өзіне  қарасты  ұлттарды  тілі 
мен  дінінен,  тарихи  танымынан,  қалыптасқан  тіршілік  көзі  мен  өмір  сүру 
тәсілінен, елдік тұтастығынан айыруға белсенді түрде кірісті. Әуелдегі жер мен 
экономикалық  дербестікті  қалпында  қалдырған,  тек  саяси  бодандыққа  ғана 
негізделген, қазақ мемлекеттігін жойған 1822 жылғы патша низамы енді қазақ 
ұлтын  тарихи  сахнасынан  өшіріп  тастау  әрекетіне  көшті.  1864  жылы  қазақ 
даласы  толықтай  жаулап  алынып,  1867-1868    жылғы  жарыса  шыққан  екінші 
низам  ережелері  бойынша  бүкіл  қазақ  жері  –  Ресей  мемлекетінің  меншігі  деп 
жарияланды. Содан кейін 1861 жылғы басыбайлылықтан босаған мұжықтарды 
қазақ жеріне қоныс аударып, жергілікті халықты жаппай отырықшыландыруға, 
оған  көнбесе  ығыстырып  шығаруға  кірісті.  Құнарлы  жерлер  мен  су  көздері 
“қара  шекпенділерге”  тартып  әперілді.  Сөйтіп  қазақ  елі  өз  жеріндегі  өгей 
жұрттың  халын  кешіп,  саяси-экономикалық  тоқырау  мен  рухани  күйзеліске 
ұшырады.  Осы  бір  талмауытты  кезеңде  қазақтың  дәстүрлі  әдебиетінің  рухы, 

 

тақырыбы,  сарыны,  бейнелеуі  мен  көркемдік  тәсілі,  ішкі  ырғағы,  сондай-ақ 
ұлттық-діни танымы тұрғысынан алғанда мүлде жаңа ағысқа бет бұрды. Мұның 
барлығы  ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысында  өмір  сүрген  ақындар 
шығармашылығынан  да  тікелей  ықпалын  тигізді.  Көшпелі  қоғам  мен 
отырықшы өмір, еркін кеңістік пен бодандық, діни танымдар арасындағы сенім 
күресі,  заман  ықпалы  қазақ  руханиятын  жаңа  идеялық-көркемдік  деңгейге 
көтерді.  Түрлі  әдеби-мәдени  бағыттар  мен  ағымдар,  тағдырлы  тұлғалар  мен 
талантты  туындылар  қалыптасты.  Олар  қазақ  халқының  ғасырлар  бойы 
қалыптасқан  дәстүрлі  әдебиетінің  жанрлары  мен  көркемдік  кестесін  одан  әрі 
жетілдірді,  тақырып  аясын  кеңейтті,  жаңа  көркем  ойлау  жүйесін 
қалыптастырды,  мазмұнын  тереңдетті.  Көркемсөз  иелері  қысталаң  да  қилы 
замандағы  халықтың  жанайқайы  мен  ел  мұратын  шынайы  суреттеп,  тебірене 
толғады. Көркем шығарманың негізгі салмағы жеке адамның түйсігін ғана емес, 
бүкіл  қоғамдық    ой-сананы  билеп  алды.  Мұнда  бұрынғыдай  жеке  оқиға  мен 
адамға  қатысты  оқшау  мәселелер  емес,  елдік  сарын  басым  түсіп,  азаттық 
нысанасы  негізгі  идея  ретінде    жырланды.  Яғни,  лирикалық  “меннің”  өзі 
жалқыдан гөрі жалпылық сипат алды" [24, 47 б.]. 
       Патшалық  Ресейдің  қазақ  еліне  жүргізген  отаршылдық  саясатының 
жоғарыда  атап  көрсеткен  жағымсыз  жақтарымен  бірге,  жағымды  жақтарының 
да болғандығын атап өткен орынды. Түрлі бекіністер мен қалалардың салынуы, 
жергілікті  ұлт  өкілдеріне  арналған  мектептердің  ашылуы  отаршылдық 
пиғылдағы  түпкі  мақсат-мүдделеріне  қарамастан  қазақ  жұртшылығын 
еуропалық  мәдениетке  бір  табан  жақындата  түсті.  Ескіше  сауатты  қазақ 
жұртының  көзі  ашылып,  қоғамда  болып  жатқан  жағдайларға  тың  зерде,  сын 
көзімен қарай бастады.  
      1845  жылы  Торғай  бекінісінің  салынуы  Торғай  өңіріндегі  қазақтардың 
тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, руханиятына да өзгерістер әкелді. Әсіресе, қазақ 
халқының  ұлы  ағартушысы  Ыбырай  Алтынсариннің  Торғайда  қазақ 
балаларына  арнап      мектеп  ашуы  айтулы  оқиға  болды.  Мұның  бәрі  Торғай 
ақындық мектебінің қалыптасып, дамуына ықпал етті. Көршілес Ресей арқылы 
еуропалық  мәдениетке  жақындай  түсуге  Торғай  өлкесінің  географиялық 
орналасу жағдайы да септігін тигізді.  
      ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында қалыптасқан Торғай ақындық мектебінің 
өкілдері: Жұмабай Шалабайұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Есенжол Жанұзақұлы, 
Әбіқай  Нұртазаұлы,  Күдері  Жолдыбайұлы,  Әбдірахман  Иманқұлұлы,  Құбаша 
Шалбайұлы.    Бұл  ақындарды  Торғай  ақындық  мектебін  зерттеуші  журналист, 
ақын Назарбек Бектемісов ұстаз-ақындар деп атайды [3, 5 б.]. Аталған ақындық 
мектептің дәстүрін жалғастырушылар: Қарпық Шолақұлы, Қашқынбай Қазұлы, 
Файзолла  Сатыбалдыұлы,  Әлмұхаммед  Оспанұлы,  Сәт  Есенбаев,  Нұрхан 
Ахметбеков,  Омар  Шипин.  Жоғарыда  аталған  ақындық  мектеп  өкілдерінің 
шығармашылығын талдай отырып, ақындық мектеп пен дәстүрдің қалыптасуы 
мен дамуы, дәстүр жалғастығы сияқты мәселелерді анықтау – жұмысымыздың 
басты мақсаты болмақ.  
     Торғайдағы дәстүрлі ақындық мектеп туралы әр жерде тиіп-қашты айтылып, 
жазылғаны болмаса, оның бастау-арналары туралы, даму барысы туралы терең 

 

зерттеулер  жоқтың  қасы.  Алаштың  ардақты  азаматтары  Ахмет  Байтұрсынов 
пен  Міржақып  Дулатов  түлеген  Торғай  ақындық  мектебінің  кеңес  заманында 
зерттелмеуі,  сөз  жоқ,  түсінікті  жайт.  Торғай  ақындық  мектебін,  оның 
өкілдерінің  шығармашылығын  зерттеу  ісі  Ахмет  Байтұрсыновтан  басталады 
десек,  қателеспейміз.  Ол  өзінің  “Әдебиет  танытқыш”,  “Жоқтау”  сияқты 
еңбектерінде  аталған  ақындық  мектептің  ірі  өкілдері  Сейдахмет,  Есенжол, 
Қарпық  сияқты  ақындар  шығармаларынан  үзінді  келтірген  [4,  5  б.].  А. 
Байтұрсынов  пен  М.  Дулатов  ақталғаннан  кейін  Торғай  ақындық  мектебі 
туралы,  оның  өкілдері  туралы  айтыла  бастады.  Бірақ,  ол  зерттеулер                           
А.  Байтұрсынов  пен  М.  Дулатовқа  арналғандықтан,  аталмыш  өкілдер  туралы 
мәліметтер  келтіріліп,  олардың  шығармаларынан  үзінділер  берілгенімен, 
жалпы  ақындық  мектеп,  оның  дәстүр  ерекшеліктері    терең  зерделенбеді. 
Мұндай  еңбектер  қатарында  Қазақстанның  халық  жазушысы  С.  Мәуленовтің 
“Өзен  ағысы  –  өмір  ағысы”  [6,  119  б.]  атты  мақаласы  мен  жергілікті  ақын, 
жазушы,  журналистердің  облыстық,  аудандық  газеттерде  жарияланған 
мақалалары  бар.  Торғай  ақындық  мектебі  туралы  толыққанды  еңбек  деп 
торғайлық  ақын,  журналист  Н.  Бектемісұлының  “Ахмет  ұшқан    алтын  ұя”  [3] 
атты  зерттеу  еңбегі  мен  филология  ғылымдарының  кандидаты,  ақын  С. 
Оспановтың “Ахметтің өскен ортасы” [7] атты ғылыми мақалалар топтамасын 
айтуға болады.  
      Торғай  өңіріндегі  өзіндік  дәстүр  ерекшеліктері  бар  ақындық  мектептің 
қайнар  көзі  –  Уақ  Жұмабай  ақын.  Халық  ақыны  Омар  Шипин:  “Торғайда 
түндігі түрілмей, есігі ашылмай ақындықтың ақ ордасы тұр. Ол қойнауы қалың 
ақындықтың ақуыз мектебі. Ол мектепті ашушы – киелі сөздің атбайлары Уақ 
Жұмабай деген ақын. Өзі 1922 жылы қайтыс болды. Мен талай рет іздеп барып, 
сөзін,  өлеңін  тыңдаған  адаммын.  Бір  кереметі  айтыста  болсын,    жай  шығарма 
өлеңде болсын, көз алдыңа жанды дүниені алып келеді. Көкірегінің аңғары кең” 
[3,  13  б.],  –  дейді.  Ал,  халық  ақыны  Нұрхан  Ахметбеков  Уақ  Жұмабай  ақын 
туралы  былай  дейді:  “Жұмабай  қолы хат  білмейтін, оқымаған  ақын.  “Қарадан 
шыққан жүйрікпін – сүйсінбеймін теңесті, көңілім сүйген  тұлпармын – келесі 
жалпақ кеңесті”, – дейді ол. – "Жұмабай домбырамен суырып салатын шапшаң 
қимылды ақын” [8].  
       “Ахмет  Байтұрсынов  түлеп  ұшқан  Торғай  ақындық  мектебі  осы  Уақ 
Жұмабайдан  бастау  алады.  Оның  өлеңдері  жігерлі,  ақпа-төкпе,  эпитет, 
метафораға бай, тегеурінді келеді”,  – деген Н. Бектемісовтің пікірі де [3, 7 б.] 
өте орынды.  
       Уақ  Жұмабай  Шалабайұлы  Торғай  облысы,  Жангелдин  ауданына  қарасты 
Тосын  болысының  №  5  ауылында  1838  жылы  дүниеге  келген.  Ақын 
шығармаларынан осы күнге жеткені Нұрғали деген жас ақынмен айтысындағы 
ел  аузында  сақталып  қалған  бір-екі  ауыз  шумақтары  және  Нұржан 
Наушабаевпен  айтысы  ғана.  Уақ  Жұмабайдың  Нұрғалимен  айтысы  халық 
ақыны  Нұрхан  Ахметбеков  арқылы  жетсе,  Нұржанмен  айтысын  және  осы 
Нұржанмен хат арқылы айтысқан жұмбақ айтысын филология ғылымдарының 
кандидаты  С.  Оспанов  Қазақстан  Ғылым  Академиясының  Орталық  ғылыми 

 
10 
кітапханасының  қолжазбалар  қорынан  тауып  “Қостанай  таңы”  газетінде 
жариялады. Басқа шығармалары іздестірілуде.  
      Осы  үш  айтысының  өзінен-ақ  Уақ  Жұмабайдың  ақындық  қуатының  мол, 
өлеңдерінің  көркемдігі  құнды  екендігін  аңғаруға  болады.  Сөзіміздің  дәлелі 


  1   2   3   4   5   6   7


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал