Тақыссыз таза ақ айдын Сыр сүлейлерінің бірі Кете Жүсіп Ешниязұлы: «Мұхамеджан шын әулет, Тақыссыз таза ақ айдын»



жүктеу 164.11 Kb.

Дата12.02.2017
өлшемі164.11 Kb.

 



Тақыссыз таза ақ айдын.... 

 

Сыр сүлейлерінің бірі Кете Жүсіп Ешниязұлы:   



«Мұхамеджан шын әулет,  

Тақыссыз  таза    ақ  айдын»    –  деп  жоғары  бағалаған,  халық  арасында 

«Қара молда» атанып кеткен Мұхамеджан Нұрекеев (1888-1937жж.) қыз бен 

жігіт  айтысының  жұмбақ  аралас  келетін  көне  түрінің  негізін  қалаған 

Күдеріқожа  Көшекұлының  (1820-1858жж.  Күдеріден  Нарбота,  одан  Нұреке, 

одан  Мұхамеджан)  үшінші  ұрпағы.  Ал  Күдері  ақынның  Ұлбикемен  жұмбақ 

аралас келетін айтысы халықтың дүниетанымын бейнелеген өмір туындысы 

ретінде  В.Радловтың  әйгілі  кітабы  бойынша  неміс  тіліне  Гамбургте 

аударылған. Бұл айтыс шамамен 1840 жылы өткен, ол кезде Ұлбике небәрі 15 

жаста  болса,  Күдері  20  жаста  екен.  Осыдан-ақ,    айтыс  иелерінің  табиғат 

берген  түпсіз  терең  қасиеттерінің  ерте  оянғандығына  таң  қаласыз.  Оның 

есесіне Алла Ұлбикеге 24-ақ жас, ал Күдері ақынға небәрі 38 жас қана өмір 

сүруді  жазыпты.  Күдеріқожа  Көшекұлы  жайлы  біршама  деректердің  бар 

екендігін  есептеп,  әңгімені  Нұрекеев  Мұхамеджан  (Қара  молда)  атамызға 

қарай бұрсақ. 

 

  Мұхамеджан жастайынан өте алғыр, зерек, құйма құлақ болып өскен. 



Алдымен  Нұреке  әкесінен  діни  сауатын  ашып,  8  жасында  Тапал  ахунның 

жолдамасымен Бұхара – и шәріптің әйгілі (Мир-Араб) Көкілташ медресесіне 

түсіп,  оны  тамамдап,  сопылық  дәрежесімен  Сыр  бойына  оралады.  Оның 

«Қара  молда»  атануы  жайлы  үлкен  ұлы    Әбибулла  ағаның  пікірінше, 

Құранды, пайғамбарымыздың хадистерін жатқа айтатын, зеректігі соншалық, 

құран  аяттарының  кітаптың  қай  бетінде,  нешінші  қатарында  екенінде  есіне 

сақтайтын  «Қари  молда»  дегеннен  болуы  керек  десе,  С.Шаухамановтың 

ойынша,  «ол  кісінің  өңінің  қаралығынан  емес,  «қара»  сөзінің  ескі  түркіше 

беретін «ұлы» деген мағынасына байланысты. «Қара молда» дегеніміз «ұлы 

молда»,  «үлкен  молда»  деген  ұғымды  береді  Мысалы,  «қара  хандықтар» 

дәуірі – «ұлы хандықтар» деген мағынаны береді. (Саңлақ, Атамұра баспасы, 

А., 59б.) Біздің ойымызша қалай болғанда да бұл екі пікірдің екеуіде жаңсақ 

емес,  керісінше  Мұхамеджан  атамыздың бейнесін  әрлеп,  өрнектеп, ұлықтай 

түскендей.  

Мир-Араб-Көкілташ  медресесін  бітіргеннен  кейін  Қара  молда-

Мұхамеджан Кіші жүз, Жетіру, Барлыбай Табындардың   балаларын оқытып, 

имандылық,  адамгершілікке  тәрбиелеп,  мешіт  ұстап  үлкен  құрметке  ие 

болады.  Ол  жер  кейін  Жалағаш  ауданының  «Бостандық  жол»  ұжымшары 

атанады. Табанды табын ағайындардың ішінде бірнеше жыл болғаннан кейін, 

туған  топырағына  яғни  қазіргі    Сырдария  (бұрынғы  Тереңөзек)  ауданында 

орналасқан  «Көк  жиде»,  «Ахун  ауылы»,  кейін  «Қызыл  жалау»  атанған  елді 

мекенге оралады. Бұл жерден қоныс аударуына 1916 жылы қазақ жастарынан 

патша әскері қатарына қазақтарды алуға байланысты ел ішіндегі дүрбелеңнің   

басталуы  болса,  бір  жағынан  ортаншы  ағасы  Махсудтың  қайтыс  болуы  да 

себеп  болған  сыңайлы.  Махсудтың  мүрдесі  сол  жердегі  «Арқаш»  деген 

қорымға қойылады. Нұреке атамызда сол жерге жерленген. Туған ағасының 



 

қайтыс болуы  үш жүзге аты шыққан әйгілі оқымысты, ғұлама ғалым-ұстазы, 



(теолог)  Нұрмұхамедтің  (лақап  аты  Тапал  ахун)  дүниеден  озуына  сәйкес 

келеді. Екі қазаның арасы 3-ақ күн. Дәл сол кезде Мұхамеджан – Қара молда 

қаламынан  «Бірі  жаным,  бірі  иманым»  деген  жан  тебінерлік  зар  мен  мұңға 

толы өлеңі болғанмен, өзін де өзгелерді де шүкірлік етуге шақырған жоқтау 

жыры туады. Бұл өлеңді Кенехан Қанағатов пен осы жолдардың авторының 

әкесі Құдайберген Ержановтардың   еріксіз төгілген көз жастары сақалдарын  

жуып,  егіле  айтып  отыратындарын  естідікте.  Бірақ,  «Қара  молданың» 

ақталмаған  кезі  болғандықтан,  олар  оның  мәтінінде,  ырғағында  өздерімен 

мәңгі жайға алып кетті.  

Ақын  Мұхамеджан-Қара  молдаға  жағылған  «Халық  жауы»  деген 

күйенің 

кесірінен 

оның 

өлеңдері 



мен 

толғауларының, 

діни 

тұжырымдамаларының  бүгінгі  күнге    толық  жетпегені  де  тарихи  шындық. 



Әбибулла аға: - Менің есімде қалғаны көкемнің (қара молданың) үлкен қара 

қалың  жазу  кітапшасы  (книгасы)  болатын.  Барлық  өлеңдерін,  ой-түйіндерін 

соған  көшіріп  отыратын.  Көкем  ұсталып,  ақтау  қағазын  ала  алмаған  соң 

басқа  көп  араб  тілінде    жазылған  кітаптарымен  бірге  оны  да  қоса  көмдік. 

Кейін  1956  жылы  Қалтай  екеуміз  сол  белгілеген  жерімізге  жасырын  барып 

ашып көрсек бәрі шіріп топыраққа айналып кетіпті - деп өкіне жазады.  Әкесі 

Қара молда – Мұхамеджан жайлы Әбибулла аға төмендегідей тың деректерді 

де  алға  тартады.  -  Біздің  әкелеріміздің  де,  Ахаңныңда  (немере  ағасы 

Ахметжан Нұрекеев) нағашылары Қожжан қожаның ұрпақтары. Олардың ат 

басын  тірейтін  жері  Сайыпназар  ахунның  немересі  Әбдіхайым  Махсумның  

үйі.  Ол кісі өте сауатты, әрі шешен  әрі ақын, Петербургте орысша оқыған, 

жоғары  білімді  заңгер.  Біздің  әкемізде  діни  сауатты.  Ғабдулләтиф  (Ләтіш) 

Әбдіхайымұлының  айтуынша  сайыстан  екеуі  де  жеңіске  жетіп,  Әбдіхайым 

Махсум төбе би, Мұхамеджан бас муфтилікке сайланған. Ол кезең Мұстафа 

Шоқайдың  «Ислам  Шура»  бюросының  басшысы  болған  уақытпен  тура 

келеді.  Екеуінің  Әлихан  Бөкейханов,  Міржақып  Дулатов,  Ахмет 

Байтұрсыновтармен  т.б.  Алаш  орданың  делегацияларымен  түскен  суреті  де 

Ләтіште көп уақыт сақталған екен.   

  Әбдіхайым  Махсум  әйгілі  Мусәннип  әрі  ақын  Сайыпназар  ахунның 

немересі.  Менің  әкем  Күдері  ақынның  шөбересі  болып  келеді.  Сайыпназар 

ахун  Мекке-Мәдинеде  діни  медресені таза  араб  тілінде  үздік  бітірген  үлкен 

теолог.  Ахун  деген  сөз  қазіргі  профессор,  доктор  дәрежесі  мен  бірдей.  Ал, 

Мүсәннип  деген  сөз  құран  негізінде  кітаптар  жазады,  араб  тілінде 

шығармалар  жазады  дегенді  білдірсе  керек.  Оның  үстіне  ахун  деген 

лауазымға ие болу үшін 7-ғылымның (жеті ықылым) негізін білу шарт олар: 

астрономия,  философия,  психология,  медицина,  физика  химия,  математика. 

Олай  дейтініміз  Сайыпназар  ахун  30  жасында  Пайғамбарымыз  Мұхаммед 

с.ғ.с. қабірінің басында араб тілінде  екі-үш кітап жазған кісі.  Оларды кейін 

парсы,      түрік,  одан  қазақ  тіліне  өлеңмен  өзі  аударған.  Хазіреті  Ғали, 

Мұхаммед  Ханафия  жайлы  ұзақ  қисса-дастандар  жазған.  Д.Қонаевтың 

уақытында  Сауд  Арабиясынан  Сайыпназардан  ұрпақ  бар  ма  -  деген  2  рет 

сұраныста болыпты.  



 

Мұхамеджан  араб,  парсы,  шағатай,  түрік,  өзбек,  түркімен,  қырғыз, 



орыс  тілдерін  жетік  меңгерген.  Оның  үстіне  дін  саласының  үлкен  ғұлама 

білгірі болғандықтан, Тапал ахун (Нұрмұхамед) өзінің үздік шәкірті ретінде 

Мұхамеджанға  үлкен  сенім  артып,  оны  келешек  ұрпақты  ислам  қағидалары 

негізінде  тәрбиелеуге  бағыт  берген.  Демек,  Мұхамеджанда  оның  ұстазы 

Тапал  ахунда  жаңадан  орнай  бастаған  Кеңестік  идеологияның  түптеп 

келгенде    құрдымға  кетіп,  исламның  әлемдік  ілімге  айналатынын  сезген 

ауқымы  кең  ғұламалар.  Дінге  тікелей  қарсы  бағытталған  бұл  идеологияның 

тегеуріні  қатты  болғанмен,  Мұхамеджан  өзінің  ұстаздық  қызметін 

тоқтатпаған.  Ол  1926-1929  жылдары  Жаңақорғандағы  Айқожа  ишанға 

салдырған  «Ақтас»  мешітінің  бас  имамы  болып  шәкірт  тәрбиелеп  дәріс 

оқыған.  Белгілі  мемлекет  қайраткері  Әлихан  Бәйменовтің  әкесі,    ақындар 

Асқар Тоқмағанбетов пен Қуаныш Баймағанбетов, Төлеген Дәуітбаев, халық 

жырауы  Рахмет  Мәзходжаев  т.б.  тарихи  тұлғалар  «Ақтас»  мешітінде  Қара 

молдадан  дәріс  алған.  Кеңестік  дәуірдегі  қатал  цензураға    қарамастан 

қоғамның  пісіп  жарылғалы  тұрған  шиқанын  өзінің  уытты  шыншыл 

күлкісімен    сипалап,  туған  халқына  әлемдік  деңгейде  жазылған  пьесалары 

арқылы  жеткізген  Халық  жазушысы  Қалтай  Мұхамеджанов  осы  жерде 

24.12.1928 жылы дүниеге келген.  

Қалекеңнің жеріне жеткізіп, жетесіне құя айтатын қалжыңдары сөз жоқ 

әкесі  Мұхамеджаннан  берілген.  Себебі  Мұхамеджан  да  реті  келгенде 

шындыққа негізделген әзілдерді суырып сала береді екен. Бірде Қара молда 

інісі Ахметжан Нүрекеевті ертіп нағашылары-Қожжан қожалардың ауылына 

барады.  Шөлдеп  келе  жатып  бір  үйге  түссе,  босағаның  оң  жағындағы 

шыптадан  терісін шала сыпырған серкеге көздері түседі. Үй егесін сұрағанда 

әйелі  далаға  шығып  кетіп  еді  деп  жауап  береді.  Мұхамеджан  жүк  аяқтың 

астына  тығылғанмен,  өкшесі  көрініп  жатқан  Миянды  (жақын  нағашысы) 

байқайды. Оның қылығына ренжіген атамыз інісімен Әбдіхайым Махсумның 

үйіне  түсіп,  көрген  білгендерін  айтады.  Жақын  інісі  Миянның  қылығына 

намыстанған Әбдіхайым Махсум Қара молдадан өлең жазуын сұрайды. Сол 

бір  қызғылықты  оқиғаға  құрылған  өлеңнен  бізге  Ахметжан  аға  арқылы 

жеткені:  

 

 



Серке жатыр шыпта ішінде сойылып

 

 



Миян жатыр өлмей жерге қойылып. 

 

 



Еңбекпенен етпеттеген ерімнің, 

 

 



Жамбасынан жер кетсейші ойылып... 

 

Тағы  бір  мысал.  1920  жылы  Орынборда  Алашорда,  Шура  и  ислам 



партиялары  таратылып,  Шура  и  ислам  партиясының  бюро  мүшесі 

Шамшаддин мағзұм (Тапал ахунның күйеу баласы) елге қашып келіпті. Есігі 

түрулі  киіз  үйде  отырған  Тапал  ахун  қасындағы  Қара  молдаға  аттан  түсіп 

жатқан  Шамшаддин  мағзұмды  көрсетіп:  «Әне,  жездең  келе  жатыр, 

табалдырықтан  аттай  бергенде  бір  шумақ  өлеңмен  әзіл  таста»  -  десе  керек. 

Шамшаддин үйге кіре бергенде Қара молда: 

 

 

 



Орнады Орынборда Ислам шура, 

 

 



 

 

Шамшекең сол Шураға болды бура. 



 

 

 



Бәлшевек екі тасын сылып алып, 

 

 



 

Еңкілдеп елге қарай тартты тура, -  

деп  табан  астында  шумақ  өлеңді  нөсерлетіп  жіберсе  керек.  Мұндағы 

«бурасы» бюроның теңеуі. 

1932  жылғы  аштық  Мұхамеджанның  да  отбасына  ауыз  салды.  Ел 

біткеннің  біразы  арам  адалды  талғамай  (ит,  есек,  мысық  т.б.)  жей  бастады 

деген  әңгіме  жиілей  бастады.  Сірә  сол  әңгімелердің  ішінде  шындыққа 

жанасатындары  да  болса  керек.  Себебі  халықтың  жағдайы  ауырлап  кетеді. 

Ислам дінінің шарттарын берік ұстаған Қара молда үлкен ұлы Әбибулла мен 

Қалиолланы  (Қалтай)  екі  қабат  әйелі  Шарипаны  алып  көп  босқындармен 

1933 жылы Қырғыз еліне асады. Негізгі мақсаты: перзенттеріне әйтеуір арам 

ас  жегізбей,  тәндерінің  тазалығын  сақтау.  Бұларға  бала-шағаларымен 

нағашылары  Бердіқожа,  Әлиасқар,  Нағымет,  Ережептерде  қосылып,  жол 

азабын  тартып  Ош  қаласынан  біраз  жердегі  «Дәргомір»  деген  жерге  жаяу-

жалпы тау асып зорға жетеді. Мұхамеджан – діндар, Әлиасқар темірден түйін 

түйетін  ұста,  Бердіқожа  –  бағбан  үшеуіне  бір  қышлақтан  жұмыс  табылады. 

Көп ұзамай  мешіттің имамы  Қара  молданың дінге өте сауатты  екенін біліп, 

оны  ұдайы  қасына  отырғызып  ақылдасып,  кейбір  мәселелерде  көпшілік 

түсіне  бермейтін  парсы,  араб  тілдерінде  сөйлесетін  болады  -  содан  бастап 

біздің жағдайымыз жөнделіп, бұзауханадан әктелген үйге көштік. Тамағымыз 

тойып  күнде  «көш  қазақ»  деп  діңкілдейтін  Райстың  да  ауызы  жабылды. 

Кейін  білдік  жасы  келген  қырғыз  имам  біздің  әкемізді  орнына 

тағайындағысы  келіпті.  Бірақ  елде  егін  бітік  болыпты,  халық  тойына 

бастапты  деген  хабарды  естіген,  әрі  жалғыз  інісі  Бекболатты  сағынған 

Шәрипа  анамыз  әкемізді  елге  оралуға  көндіріп,  1934  жылы  тума 

туыстарымыз бен нағашы жұртымыз ұйлыққан «Лақа көл» деген жерге көшіп 

келдік. Олжамыз   Қырғызбек (Ибрагим) атты інілі болдық – деп еске алады 

Әбибулла аға. 

 

  Көзін көргендердің және оның жұбайы Шәрипа анамызбен Әбибулла 



ағаның  айтуынша  Мұхамеджан  астрономия,  астрология,  хиромантия 

(адамның  сезімдерінің  ми  клеткаларындағы  орны),  психология,  медицина, 

философия,  ләдин  (болжау,  көріпкелдік),  философия  сияқты  ғылымдардан 

хабардар  болған.  Бердіқожаның  әйелі  Рахияны  марту  басып  соны  оқып 

жазғанын, шаппасын жоғалтқанда кесеге су құйып, соны оқығанда Бақсайыс 

Омардың  баласы  Тәженнің  шаппаны  қолына  ұстап  тұрғанын  көргенін 

айтады.  Шәрипа  анамыздың  айтуынша  Қара  молда  айдың  тууы,  азаюы, 

көбеюіне  қарап,  жұлдыздардың  орнына  қарап  болжап  отыратын  болған. 

Бірақ  Қара  молда  көріпкелдік  қасиеттерін  кәсіп  етпеген.  Оны  тек  қажетті 

жерінде  ғана  біреуге  зиян  жасамай  көмек  келтіру  үшін  ғана  пайдаланған. 

Қазіргі ғылым мақұлдап жатқан қосалқы ғалам (параллерный мир) Мистика, 

магнетизм,  гипноз,  спиритизм,  иоги,  көрмесе  нанбайтын  ғажайыптар,  жын, 

пері, албасты, ментальное тело, эфирное тело, түс көру т.б. қасиеттерден де 

мағлұматы мол кісі болған.  



 

Жоғарыда  аталған  Қара  молданың  хабардар  болған,  меңгерген  ғылым 



салаларының  ішінде  ең  басымы  –  дін  (теология)  мен  Күдері  бабасынан 

берілген табиғи дарыны – ақындық.  Енді Мұхамеджан атамыздың осы екі 

қасиетіне тоқталсақ. 

Басалқаев  Сейтен  ағамыздың  айтуынша  туған  жездесі  Нұржанның 

Әбділдәсі  (Нұрекеев  Ахметжан  ағаның  зайыбы  Рабиға  жеңгейдің  әкесі) 

Қызылорда Қазақстанның астанасы болған кезде сауда жағын басқарған, сан 

түрлі  музыкалық  аспаптарда  ойнайтын,  қазақ,  өзбек,  татар,  орыс  тілдерінде 

ән  салатын,  өнер  мен  әдебиетті,  дінді  барынша  сүйетін  силайтын  азамат 

болған.  Сондықтан  ол  кісінің  үйіне  қазақ  зиялылары  С.Сейфуллин, 

Б.Майлин,  А.Жұбанов,  І.Жансүгіров,  М.Жұмабаев,  М.Әуезов,  С.Бедебеков, 

Ә.Сапарбеков т.б. жиналып, ән тыңдап қазақ өнері жайлы сыр шертіп, пікір 

алысатын  болған.  Сонымен  бірге  ишан,  қожа-молдаларды  кешкілік  жинап 

таң  қылаң  бергенше  шариғат  саласындағы  мәселелерді,  ислам  дінінің 

тарихын,  оның  кейбір  шарттарын  орындау  мүмкіндіктерін  ортаға  салғанда 

бәрінен  бұрын  суырылып  шығатын  Қара  молда  болған.  Дінге  байланысты 

қандай  әдебиеттер  болмасын  оның  атын,  беттерін,  қай  баспадан  қай  тілде 

жарық  көргенін  дәл,  ғылыми  негіздермен  дәлелдеп    айтатында  сол  кісі 

болған. Сол үшінде Әбділда Қара молдамен достық қатынаста болған.  

 

 Мен Қара молда әкеміздің дәрісін тыңдаған Қожжан қожа аталығынан 



шыққан  молда  Сейтсұлтан  ағамен  бір  түн  сөйлестім.  Ол  кісі  Қарнақта 

медреседе  (Түркістан)  оқып  жүрген  кезінде  дәріс  беруге  Қара  молда  әкеміз 

келгенін,  әдетте  жергілікті  молдалар  менсінбей  дәрісханадан  шығып 

кеткенін,  ол  кісі оқи  бастағанда  сырттан  тыңдап олардың  қайта  дәрісханаға 

кіргендерін  бала  болсада  байқап  отырыпты.  Орта  бойлы,  қара  торы  бетінде 

сәл  шешек  дағы  бар,  жұпынылау  киінген  Қара  молданың  тереңдігіне 

барлығы  да  тәнті  болыпты.  Астына  кішкентай  көрпеше  төсеп  отырып  жәй 

ырғақпен дәріс бастаған Қара молданың оқыған сайын дауысы ашыла түседі 

екен.  Араб  тіліндегі  жүргізген  дәрісін  заматында  тәржімалап  отырды  дейді 

Сейтсұлтан аға. Кетерінде қолын алып сәлем бергенімде майдайымнан сипап 

жақсы  оқы  деп  батасын  берді.  Мұхамеджан  атаның  маңлайымнан  сипаған 

«алақанының  жылы  табын  осы  күнге  дейін  сезініп  жүргендеймін»,  -  деп 

көзінен  жас  алған-ды  Сейітсұлтан  аға.  Ия,  Мұхамеджан  атамыздың  діни 

сауаттылығына, 

құранның 

қағидаларын 

мүлтіксіз 

ұстағандығына, 

ұрпақтарында солай тәрбиелегендігіне ешкім де дау айта алмайды.  

 

Енді  Мұхамеджанның  Күдері  бабасының  жолын  ұстаған  ақындығына  



ауысайық. Осы жерде сол кездегі сұрқия саясаттың ызғарын жақсы сезінген 

Қара молда шын ақындық талантын жария етпегендігін, кейінгі ұрпақтарына 

залалы  тиіп  кетер  деген  сақтықта  болғандығын  айта  кеткен  жөн.  Ал  нағыз 

шынайы  дін  жолындағы  тұлғаны  ешқандай  саясаттың  cағын  сындыра 

алмайтындығын да дәлелдеген Қара молда. Менің әкем Құдайбергеннен Қара 

молда 5-6 жас үлкен. Қазан төңкерісінен кейін Кеңестік заманды кедейлердің 

заманы  деп  қабылдаған  әкеміз  ағасы  Қара  молданың  оған  қарсы  болғанын 

сезген.  «Түнделетіп  Мұхамеджан  ағаға  талай  бардым.  Кеңес  үкіметіне 

көзқарасын  өзгертуін  өтіндім.  Соңғы  барғанымда,  кедейліктің  тауқыметін 


 

татқандықтан  алданып  отырсыңдар.  Осы  үкімет  қирамаса  мұрнымды  кесіп 



беремін,  екінші  келме  -  деп  ұрсып  жіберді»  дейтін  көкем.  Ия,  не  деген 

көрегенділік!  Мұстафа  Шоқай,  Мұхамеджан  –  Қара  молда  сияқты  тұлғалар 

өздері  өмір  сүрген  уақыттан  70  жылдан  кейін  Кеңестік  дәуірдің  өзінен-өзі 

құрдымға кететінін дәл болжап тұрған жоқ па? 

 

Сыр  сүлейлері  Тұрмағанбет,  Дүр  Оңғар,  Кете  Жүсіп,  Қаңлы  Жүсіп, 



Керейт Даңмұрын, Қарасақал Ерімбет, Сүлеймен Ишан, Әмит Ишан, Ошақты 

Бедебектің  Серікбайы,  Нақып  жырау,  Рахмет  жырау,  Нышан  қобызшы, 

Досжан  күйші  т.б.  Мұхамеджанмен  тығыз  шығармашылық  байланыста, 

достық  қарым-қатынаста  болғанын  тарихи  деректер  дәлелдейді.  Олар  Қара 

молданы  қатты  құрметтеген,  ақыл-кеңес  алып  тұрған.  Кете  Жүсіп  Сыр 

өңірінің дүлдүлдерін бағалай келіп, Мұхамеджан туралы былай деген: 

 

 

 



Мұхамеджан шын әулет, 

 

 



 

Тақыссыз таза ақ айдын, 

Өлеңді жазған мін көріп,  

Әруаққа кеткен сыйынып.  

Әлінде білмей көбісі,  

Жел сөзбен баһас ойлаған,  

Алмасқа шапқан адамдай,  

Қалар  ед  белден  қиылып.  (Сыр  сүлейлері.  Қызылорда, 

2003ж., 216 б).   

  

Марқұм Күндебай Алдоңғаров бұл шумаққа келгенде Мұхамеджанның 



атын  атамай  жырлаған.  Кейін  Қалтай  ағамыз  Қызылордаға  келгенде 

Әбибулла  ағаның  үйінде  Күндебай  таң  атқанша  жырлап,  халық  алдына 

шыққанда  «Сіздердің  әкелеріңіздің  атын  қосуға  қорқып,  пендешілікке 

барғаныма кешірім сұраймын»  - деп егілгені есімізде – дейді Әбибулла аға. 

Мұхамеджан  есепке  де  жүйрік  болатын,  бір  қап  тарының  неше  түйір 

екенін  оймен  есептеп  шығара  беретін  деп  отыратын  Шәрипа  әжеміз.  Оның 

дәлелі ретінде Қара молданың есепке құрылған  Сыр сүлейлерінің бірі Кете 

Жүсіпке жазған екі жұмбақ өлеңін және оны Кете Жүсіптің шешкен жауабын 

келтірейік. 

 

Жұмбақ: 

Базарға бардым пұлмен 20 теңге, 

Саудалап зер салмадым артық кемге. 

Мал сатып алайын деп мал базарға, 

Ертерек іле-шала келдім мен де. 

Ат басы екі теңге, есек бірден, 

Түйе алдым үш теңгеден ұқсақ жөнге. 

Қарасам қалтамда пұл қалдырмаппын, 

Әркім бір мақтап малын ал дегенге. 

Санасам алған малым ақшаммен тең

Ауысып бір тиыным қалмапты емге. 

Болыпты 20 теңгем 20 қара, 

Саудамның оралымы келіп жөнге. 



 

Ат нешеу, түйе нешеу, есек нешеу; 



Сұраймын санын өзім білмегенге. 

 

Жауап:      

 

 



 

Шешпекке сауалыңды еттім талап, 

 

 

 



Мазмұнын өлшестіріп ойлап қарап. 

 

 



 

Асылдың әулеті едің шынжыр балақ. 

 

 

 



Үш жүзге ата-бабаң болған сарап. 

Жайылып жазған жұртқа әпсәнәңіз, 

Байтақтың баршасына кетті тарап. 

Ел едік ертеден-ақ екі жүйе, 

Атанған бірі ғажап, біреуі арап. 

Атамыз пір тұтынған әулет едің

Секілді көлеңкелі ғұжім дарақ. 

Шешуін сауалыңның салыстырып, 

Есептеп әрқайсысын көрдім санап. 

Пұл салып жан қалтаңа 20 теңге, 

Байпаңдап мал базарға барсаң жанап. 

Беріпсің жеті ат үшін он төрт теңге, 

Кетті деп ақшам артық шытпа қабақ. 

Он екі есек алып үш теңгеге, 

Сонша арзан пұл беріпсің өлшеп – санап. 

Үш теңге бір түйеге төлеп және, 

Соғыпсың сатушыны әбден қанап. 

Болыпты 20 теңгең 20 қара, 

Өзіңде өлшестіріп көр шамалап. 

 

Жұмбақ: 

Бір байдың болды сыйлы зияпаты, 

Қашаннан кентті жұрттың ол әдеті. 

Жиналды зияпаға қожа төре, 

Қазақтың келді біраз азаматы. 

Төреге төрт табақтан қожаға екеу, 

Қазаққа төртеу ара келді сәті

Бәрі де болды жесіп тағамдарын, 

Көңлі қош, тоят тауып қанағаты. 

- Санасам табақ та жүз, адам да жүз 

Таң қалдым бұл қалай деп жағдаяты. 

Сол жерде қожа, төре, қазақ нешеу? 

Білер ек әр бірінің аталса аты. 

 

 

 

Жауап:     

Қожаңыз отыз екен санасаңыз, 



 

Екеуден тартылыпты 60 табақ. 



24 табақ тартқан төрең алтау, 

Соншама кеткен бе ішін жылан жалап. 

16 табақ пенен төртеу ара, 

64 қазақ байғұс жепті тамақ. 

Қатардан кем тартқан соң сыбағасын, 

Кетпеген тастап неге қарамай-ақ ! 

Қараны қағажулап қожа, төре 

Қай уақта кетеді өстіп азға санап. 

Әулеті ақ сүйектің алар телім, 

Біреуін олжалы жерде оңға балап, 

Кей жерде қалады кейін қазақ сөйтіп

Дегенмен ел санына ендім жарап. 

Көрсеткен кемшілікке сол секілді, 

Есіткен дос күлмей ме, жат табалап. 

Төреге 4, қожаға 2, төрт қазақ бір, 

Табағы тартылыпты сонша алалап. 

Санамай сый қонақтың қатарына, 

Аз болмас деген шығар төртеу-арақ! 

Қазақты қалайда артқа қалдырыпсыз, 

Шыдамды шаруа ғой деп ол кең балақ. 

Жүсібі Ешнияздың жазған мұны, 

Шешуге жұмбақ сөзді болсам да олақ. 

                                                                                    

Сыр  бойының  сүлейлерінің  бірі  Керейт  Даңмұрын  өлер  шағында 

қанасынан  шыққан  ұл  болмағандығына  қамығып,  Мұхамеджанға 

төмендегідей  өлең жазған.  

 

Сайыпназар аллалаған ер еді; 



Мырзакең мен Бәймен кәміл пір еді. 

Алашада өзі сақи Тұрғанбай

Сөйлер сөзге бұлбұл құстай дүр еді. 

Тапал марқұм Қалжекең мен екеуі, 

Кітап ашқұш Мүссәнниптің бірі еді. 

Зікірі тәһлил, салуааты нұр гәуһар, 

Алла досты Расулдай шері еді. 

Жұбай мақсұм көк қасқа қошқар келбетті, 

Шын әулие Айқожа ишан дер еді. 

Ахун Ораз, Ташмұхаммед, Қожабай, 

Нарқы ауыр пұл жетпейтін зер еді. 

Марал ишан, алтындағы Дәндібай, 

Шын әулие ғайыпты болжап біледі. 

Ғазизларым бұл пәниден көшкен соң

Жәдид өрлеп хадим жағы жүдеді. 

Мен сыйындым жер жүзіндегі әулие, 



 

Болар ма екен жақсылықтың себебі? 



Күллі мүһминнің сәруәрі едің Мүхаммед, 

Сіз деуші едім мұсылманның кәбабы. 

Ал шақырдым ғайып Ерен – қырқ шілтен, 

Қайда кеттің жарандардың жараны? 

Осышама ғайрі дінді шылаулап, 

Тартылатын болды ердің бәдәні. 

Нарбуралар осы күні сырттап жүр, 

Тоқтатарлық қайырып әкеп келені. 

Бұрынғы өткен әулиелерді тербетіп, 

Ыстықанат Даңмұрын хақтан тіледі. 

Рахман атың, артық затың Зүлжелал, 

Жақсылықтан қашан хабар келеді? 

Жанға қауып жақсылықты көргенше, 

Бұл ажалға қашанғы адам сенеді? 

Мұхамеджан ақын сол кездегі дәстүрге сәйкес Даңмұрынға ескі түркі- 

шағатай,  арап,  парсы  сөздерімен  өрнектеп  төмендегідей  өлеңмен  жауап 

берген. 

Ал құрметлік жанабыңа бұл паям

Тілектеспін інің сырттан сүбһи шам. 

Жігер бәндің рахмат әйләп дүниядан, 

Түскен екен көңліңізге қайғы - ғам. 

Ажал мирас бұл кимляргә етмәгән, 

Кімлер тастап бұл пәниді кетмәгән, 

Бар ма бәндә жарақаттар салдырып, 

Ажал оғы синасидан өтмәгән. 

 

Ғам салғушы бәндәсіна падишаһ, 



Би ықтияр бәндә әнуз бол риза. 

Қолдан тұтып жәннәт ишрә кіргізсін, 

Ақыретте көш басшы боп рәһнама. 

 

Сәфи алла қайда шашқан зүрият, 



Адам, Хауа жұпты болған екі зат. 

Бұл һәм көшті дүние сарай бағынан

Болғаннан соң жаны әуелде аманат. 

 

Нұхы нәби хаққа дұға әйлаған, 



Топан суы жердің жүзін жайлаған. 

Өлімнің жәлләді көксін айырып, 

Оларни әм бәнди зындан айдаған. 

 

Саһипқыран Жәмшид, Рүстем қос ұлығ



Дәурен олар сүрген еді қош ұрып. 

Жердің астын оларда отан әйләді, 



 

10 


Шәһнің әмірі шамшырағын өшіріп. 

 

Келсе, малың аратұрмас ажал сұм. 



Дүниеге келген жанның бәрі ғұм. 

Дәуіт нәби Хаққа жақын пайғамбар, 

Ілкінде өзін, етті Алла мислы мұм. 

 

Ол Нәбиге берген Егем отыз ұл, 



Әрқайсысы шырын-шекер ләбзі гүл. 

Бір сәлемде набыт әйләп баршасын, 

Еткен пәруәз тән бағынан жан бұлбұл. 

 

Әбубашар атамыз дүр ылайдан, 



Оларны жад етіп медет тілейман. 

Отыз ұлын алғаннан соң Дәуіттің

Тақ егесін берген екен – Сүлейман. 

 

Есіткен соң бұлбұл мұны хабардар, 



Берем десе құдіреті көп Біреу бар. 

Тоқсан  жаста Бибі Сара анамыз, 

Ысқақ атты туған әзиз пайғамбар. 

Солай етіп күлдіріп ұғыл сүйдіріп, 

Шаттыққа жеткізгей Сізді Зүлжелал! 

Молла Мұхаң хақты әр дем жад етер, 

Ғамлы бәндә ғисасидан дат етер. 

«Дос көтерер, достың көңлін» - деген бар, 

Көңліңді Алла шұндағ етіп шат етер. 

  

Отызыншы  жылдардың  басында  Әсірдің  қыстауында  (бұрынғы 



Тереңөзек  ауданының  «Қызыл  жалау»  ұжымшары)  отырған  Қара  молдаға 

Тұрмағанбет  Ізтілеуов  келіп,  екеуі  парсы  тілінде  ұзақ  сұхбаттасады.  Осы 

сапарында  Тұрмағанбет  Алматыдағы  Асқар  Тоқмағанбетовпен  Темірбек 

Жүргеновтің  «Шаһнаманы»  аудару  жөніндегі  тапсырмасы  болғаны  жайлы 

хат келгенін айтып, оны Мұхамеджанға қазақ тіліне бірігіп аударуға ұсыныс 

жасаған. Осы сапарында Тұрмағанбет Қара молдадан көп ақыл-кеңес, бағыт-

бағдар,  мәліметтер  алған  көрінеді.  Бірақ  Мұхамеджанға  «Шаһнаманы» 

аударуға, Тұрмағанбетпен бірге жұмыс істеуді Алла жазбапты. 

 

Адам  өмірінде,  қоғамда  әйел-ананың  ролі  жоғары  екені  белгілі. 



Шариғатта  да  әйелді  құрметтеуге,  сыйлауға  насихаттайды.  Отанның 

отбасынан  басталатынын  есептесек,  әйелдер  жайлы  пікірлер  тоғысы 

қоғамдық  дамудың  жоғары  тіпті  мемлекеттік  деңгейіне  дейін  көтерілетіні 

анық. Сондықтан, Мұхамеджан ақын әйелдердің іс-әрекеттеріне, мінездеріне 

қарай оларды жетіге бөліп, әрқайсысына өлеңмен нақты сипаттамалар береді. 

Төменде  бізге  жеткен  ақын  атамыздың  әйелдер  жайлы  өлеңінің  толық 

мәтінін беріп отырмыз.  


 

11 


 

 

 



Әйел бар жеті түрлі бұл жалғанда, 

 

 



 

Азамат, алсаң әйел қалма арманда. 

 

 

 



«Қияпат» дейтін атты кітап сөзі, 

 

 



 

Бағдары баяндалсын бұл назымда; 

 

 

 Бірінші әйел атын дейді жампоз, 



 

 

 



Айтпаған ағайынға несие сөз. 

 

 



 

Ететін жатты жақын жарды кешу

 

 

 



Білдірмес қатарына бөтен мінез. 

 

 



Екінші әйел аты қырымпозды, 

 

 



 

Қыйғаш қас, алма мойын, бадам көзді, 

 

 

 



Жатпайтын сөткелік күл, көлденең шөп, 

 

 



 

Тазартқан азидалық үймен дүзді. 

 

 

Үшінші әйел аты құлан қарауыл, 



 

 

 



Бағдарлап тіккен үйін жықпас дауыл. 

 

 



 

Әр түрлі үй жайлаған парасатпен, 

 

 

 



Айрықша қасиетті қонғанда ауыл. 

 

 



Жабулы жаман түйе төртіншісі, 

 

 



 

Ретті уақытында бітпейді ісі. 

 

 

 



Шалғайға жаға айырылып барғанменен

 

 



 

Жеделдеп тепшуменен жоқ жұмысы. 

 

 

            



 

Бесінші қобыз тілді, құс таңдайлы, 

 

 

 



Сыпырған сансыз өсек білмей жайды. 

 

 



 

Ақырет, дүниеден бірдей қалған, 

 

 

 



Арылмас басқа бейнет сор маңдайды... 

 

 



Алтыншы қоға түбі қорқылдақты, 

 

 



 

Мұрнынан су тыйылмас шырқылдақты. 

 

 

 



Сіңбіріп сүртпей қолын нан илеген, 

 

 



 

Қол жумай санға-сүртер бір бейбақты. 

 

 

Жетінші бір сідікке бір сідікті, 



 

 

 



Жетіде жумас сідік сүр сідікті. 

 

 



 

Айтуға аты әйел мінезі есек

 

 

 



Амал жоқ тарыққанда құр тілікті... 

 

 



 

 

Арман жоқ азаматта первойді алған, 



 

 

 



Бітерлік бағдарынан дүние жалған. 

 

 



 

Екінші таланыма кез болса деп, 

 

 

 



Ерлер көп атын айтып естен танған.  

 

12 


 

 

Үшінші дүниенің бұлда құлпы, 



 

 

 



Жүйріктей әліне шақ шапқан алуан. 

 

 



 

Арзымас қалған төрті бір есекке, 

 

 

 



Еңбек қып егініне мініп барған. 

 

 



Іретті орынымен табылмай іс, 

 

 



 

Ит дүние-ай! Не ғылайын бәрі де арман! 

 

 

 



Әлгі төрт әйел бейбақ көзге түспей, 

  

 



 

Сәлем айт, сырттап бізден кетсін әрман! 

 

Өзі  өмір  сүрген  уақыттағы  Кеңестік  билік  пен  оның  саясатына  көңілі 



толмаған  Мұхамеджан  ақын  өзінің  наразылығын,  Қарсақбайда  тұратын, 

Меккеге үш рет барған Нұржан қажыға жолдаған «Заман-ай» деген өлеңінде 

төмендегідей жолдармен білдіреді: 

 

Қыран бүркіт тау бөктерін бауырлап, 



Тура ұшарға қанат құйрық ауырлап. 

Тегі жабы, тоқпақ жалды торы айғыр

Арғымақты бара жатыр сауырлап. 

Көргенсіздер көлбеңдеген Заман-ай! 

Көп үйірде бар еді бір қысырақ, 

Кетті оған жаман сәурік ұшырап, 

Көргенсіздер көлбеңдеген Заман-ай! 

 

Бұл  ұзақ  толғаудың  бізге жеткен үзіндісі  ғана.  Әкем  Құдайберген бұл 



толғаудың  толық  мәтінін  басын  шайқап  отырып,  көзіне  жас  алып  жатқа 

айтатынды.  Бірақ  біздер  кезінде  балалықпен  оның  авторында,  жазылу 

тарихында сұрамаппыз. Жоғарыда келтірілген үзіндідегі салыстырмалы «тегі 

жабы  тоқпақ  жалды»,  «арғымақ»,  «жаман  сәуірік»,  «көргенсіздер 

көлбеңдеген» сияқты сөз тіркестерінен – ақ ақынның Кеңестік дәуірге деген 

бүкпесіз айтылған саяси қарсылығын байқауға болады. 

 

Нұржан қажы Найманның Матай руынан шыққан ғұлама, емші, тәуіп, 



болыс  болған  кісі.  Ол  Мұхамеджаннан  он  жас  үлкендігіне  қарамастан  дос 

болған,  Қара  молдаға  қол  беріп  оны  пір  тұтқан.  1937  жылы  Нұржан  қажы 

оның  ұлы  Ғайнаддин  ұсталып  қамауға  алынады.  Сонда  Ғайнаддиннің 

қалтасынан  Мұхамеджанның  жоғары  да  аталған  саяси  мағынада  астарлы 

жазылған  өлең  толғауы  табылады.  Артынша  Мұхамеджан-Қара  молда  да 

ұсталады.  КГБ-ның  қызметкерлері  оны  Қарсақбайға  тұтқындап  апарып, 

Ғайнаддинмен  бетпе-бет  кездестіріп,  өлеңнің  авторы  екенін  мойындатады. 

Көп  ұзамай  КСРО-ның  Қылмыстық  кодексінің  58  –  статьясының  2-пункті 

мен  Кеңес  үкіметіне  қарсы  насихат  жүргізгені  үшін  ату  жазасына  кесіледі. 

Мұхамеджан  атамыздың  өлім  жазасына  кесілгенде  камерада  болған  соңғы 

күні  туралы  Әбибулла  аға  Еспенбетұлы  Шаһаптың  атуға  кесілгендердің 

камерасында  болған  Қожа  Баһрамнан  естіген  дерегін  келтіреді.  Өлім 



 

13 


жазасына  кесілген  үкімнен  кейін  камерадағылардың  әрқайсысы  әртүрлі  күй 

кешеді.  Сол  кезде  Мұхамеджан  2  бас  намаз  оқып,  артынан  Қ.А.Яссауидің: 

«Қолым  тұтып  жолға  салғыл  әнтәлләһи»  -  деген  бәйітін  өлеңмен  зарлатып 

айтады.  Сорлы  неңе  жетісіп  өлең айтып отырсың  дегендерге:  -  «Сорлы  мен 

емес  сендерсіңдер.  Тұмақ  парыз,  өлмек  хақ.  Алла  өзі  берген  аманатын  өзі 

алады. Бізге бұйырған шәһит өлімді кезінде пайғамбарларымыз да құдайдан 

сұрап  ала  алмаған.  Бізге  Алла  сондай  ажалды  нәсіп  етіп  тұр.  Мен  намаз 

үстінде  баршаңыздың  аттарыңнан  Алладан  кешіріп  сұрап,  имандарыңызды 

үйірдім. Сондықтан бастарыңды көтеріңдер! Ах өлімді күліп қарсы алайық», 

– депті. Мұхамеджан – Қара молданың ажал алдындағы қайтпас қайсарлығы 

дарға асылуға бара жатқанда намаз оқуды тоқтатпаған Саддам Хусейнді еске 

түсіреді.  Алланың  ақ  жолына  нағыз  берілген  пенденің  бейнесін  көз  алдыңа 

елестетеді.  

 

Көз көргендерден бізге жеткен деректер бойынша Мұхамеджан – Қара 



молданың тағдыры жайлы әртүрлі әңгімелерде  баршылық. Оның үлкен ұлы 

Әбибулла  мен  кенже  ұлы  Ибрагим  ағалардың  айтуынша  Қарамолда  ағасы 

Әсетке  жазған  хатында  өзінің  «Троцкист»,  Тұрар  Рұсқұловтың  құйыршығы 

деген  жаламен  ұсталып,  теңіз  аралында    жатқанын  (Сахалин,  ия,  Куриль) 

жағдайының  жаман  еместігін  хабарлаған.  Бұл  мәліметті  Әсет  әкеміз  келіні 

Шәрипаға (Қара молданың әйелі) өлер алдында 1943 жылы айтқан (Ақмешіт 

ақшамы,  05.05.2000ж).  Исатай  Әбдікәрімов  ағамыз  «Өзгент»  кеңшарында 

тұратын  нағашыларының  бірінен  Қара  молдаға  келетін  бір  кісінің  пайда 

болғанын,  ем-дом  жасайтынын,  бетінде  білінер-білінбес  шешек  дағы 

барлығын,  аяғын  сәл  сылтып  басатынын,  сөз  мәнерінің  Қалтайға  келетінін, 

радиодан  Қалтайдың  аты  аталса  күрсініп,  үндемей  тыңдап  отыратынын 

естіген. Солардың бәрін Исекең Әбибулла ағаға Қалтайға жеткіз деген. Бірақ, 

Қалекең бұл әңгімелерге онша мән бермепті. Не болғанда да жақсы адамның 

тағдырына  кім  болсада  бей-жай  қарамайтынын  осы  бір  анық-қанығы  екі 

ұштылау  деректер  дәлелдейтіндей.  Ал  Мұхамеджан  –  Қара  молда  әкеміздің 

Кеңестік  саясаттың  құрбаны  болғанына  дау  жоқ.  Әкесінің  ақтау  қағазын 

алғаннан кейін Қалекең әзіл-шыны аралас Кеңес өкіметіне өкпем жоқ, өздері 

атты, өздері ақтап берді деп отыратынын талай естідім. Мұхамеджан – Қара 

молда  әкемізден  үш  ұл,  екі  қыз  бала  қалған.  Үлкені  Әбибулла  аға  Отан 

соғысының ардагері, өмірден озған.  Інілері   Қалекең мен Ибрагимнен кейін 

қайтыс  болды.  Кезінде  солардың  қайғысына  қасқая  қарсы  тұрған  Әбибулла 

аға:  


 

 

 



Алдағы аға асқар тауың, әрі сенің айбатың, 

 

 



 

Арттағы інің қанат-құйрық, таянышың-қайратың; 

 

 

 



Тағдыр деген тылсым дүние үш ғайыптың үлкені, 

 

 



 

Жалғыз ғана Аллаға аян қалатыны: қайда-кім? 

 

 

 



 

Айбаттанда, қайраттанда айрылғанға не дейсің?! 

 

 

 



Тума-туыс өзге түгіл өзіңе де өгейсің. 

 

 



 

«Бұл Алланың қалауы» - деп болған іске бойсынып, 

 

 

 



Өзіңді-өзің жұбатасың, өзіңді-өзің тежейсің. 

 

14 


 

Ресей жерінде сауда институтын бітірген Әбибулла аға орыс тілін жетік 

білумен бірге өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, «Құран кәрімді» түп 

нұсқасынан  оқитын  дәрежеге  жетті.    Қазіргі  Мәдениет  министрі  Мұхтар 

Абрарұлы 

Құл-мұхамедтің 

тікелей 

бастамасымен, 

облыс 

әкімі 


Б.Б.Қуандықовтың  қолдауымен  жүзеге  асқан    Сырдария  кітапханасының  1-

ші  томы  Әбибулла  ағаның  аудармасымен  Қ.А.Яссауидің  «Диуани 

Хикметінен»  басталады.  Көлемі  үлкен  бір  кітап  болатын  көркем  сөзбен 

өрнектелген  өлең  жолдары  баспаға  дайын.  Әбибулла  ағаның  деректерімен 

жазылған  бабалардың  шежіресі  осыдан  2  жыл  бұрын  баспадан  шығып, 

оқырмандарына жетті.  

Мұхамеджанның  екінші  ұлы  –  Қазақстанның  Халық  жазушысы 

Қалиолла  (Қалтай)  Мұхамеджанов.  Қалағаңның  5  томдығы  мен  8  томдық 

«Мың  бір  түннің  аудармасы»  Сырдария  кітапханасы  сериясымен  шыққан 

көптомдықтың қатарында жарық көрді. «Саңлақ», «Қалтайдың қалжыңдары» 

сияқты еңбектер оқырмандарға тарап та кетті.  

Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед еліміздің аға басылымдары «Егемен 

Қазақстан»,  мен  «Казахстанская  правда»  гезеттерінде  үлкен  дарын,  тума 

талант Калтай Мұхамеджановтың бейнесін тартымды сөздермен айшықтады. 

Оған біздің қосарымыз жоқ. 

Кенже ұлы – Ибрагим (Қырғызбек) Мұхамеджанов «айтылмай жүрген 

ақын,  жазылмай  жүрген  жазушы»  болып  (Ш.Серікбаев.  Ақмешіт  ақшамы. 

05.05.2000ж)  өмірден  өтті.  Оның  артында  1  роман,  5  поэма,  2  ғылыми 

зерттеу,  1  топтама  өлеңдер  және  Бата-кеңес  жинақтары  қалды.  Амандық 

болса,  елімізге  рухани  серпіліс  әкелген  «Мәдени  мұра»  бағдарламасы 

аясында  Ибрагим  сияқты  ақындардың  да  еңбектерін  халқына  қауыштыру 

уақыты алыс емес. 

 

Ғұлама ғалым, терең діндәр, ақын Мұхамеджан Нұрекеев жайлы қолда 



бар  деректерді  назарларыңызға  ұсындық.  «Тектіден  текті  туады,  тектілік 

тұқым  қуады»  дегендей,  оның  үш  ұлының  әкеден  аспағанмен,  одан  кем 

тумағанын  естеріңізге  салдық.  Күдері  қожа  Көшекұлының  ұрпақтарының 

шығармаларын қалың оқырманға жеткізуде ойымызда бар екенін айту артық 

болмас.  Мақсатымыз:  өмірден  жазықсыз  өткен  Мұхамеджан  сияқты  талай 

ғұламалар  мен  тума  таланттардың  рухтарын  еске  алып,  қазіргі 

жастарымыздың жадында бабалардан қалған жауһарлар жүрсе деген. 

 

 



(Жалғасы бар.) 

 

Құдайбергенов Қазбай – ҚМУ-нің профессоры.  



Құдайбергенова  Күнімжан  Тыныштықбекқызы  гуманитарлық  ғылымдар 

магистрі,    Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік  университеті, 



«Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал