Т. С. Тебегенов филололоия ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 3.41 Mb.

бет11/34
Дата02.06.2017
өлшемі3.41 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   34

Keywords:  terminological  system,  terminological  field,  systematicity,  naming  unit  of  professional  language,  system  of 
concepts and others 
 
МРНТИ 81,367.626  
 
Е.Маралбек 
 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «6D021300 – Лингвистика» мамандығының 
2-курс PhD докторанты, elahau@mail.ru  
 
МӨЛШЕР ЕСІМДІКТЕР 
 
Аңдатпа 
Мақалада құрылымдық грамматикада мөлшер үстеу деп танылып жүрген бір топ сөздер мөлшер есім деп атауға 
болатын  есімдіктің  жаңа  түрі  екендігі  айтылады.  Яғни  құрылымдық  бағыттағы  зерттеулерде  мөлшер  үстеу  деп 
танылған  осы  сөздердің  сөздерге  мөлшерлік  мағына  үстеуден  де  өзге  лексика-семантикалық  мағыналары  мен 
лексика-грамматикалық  қызметі  бар  екені  мәтін  ішінде,  функционалды  тұрғыдан  талдаулар  жасау  арқылы  ашып 
көрсетіледі.  Бұл  сөздер  құрмалас  сөйлемдердің  құрамында  мөлшер  ұғымның  орнына  жұмсалып,  мөлшер  ұғымын 
білдіретін  есімдік  қызметін  атқарады.  Аталмыш  сөздер  тұлғадан  мағынаға  қарай  емес,  мағынадан  тұлғаға  қарай 
зерделеніп, оның нақты лексика-семантикалық ерекшелігі сипатталады. Әрі көркем әдебиеттерден нақты мысалдар 
келтірілу арқылы сөз сипаты мәтін ішінде қарастырылып, нақты тілдік фактілер арқылы дәйектеледі.  
Түйін  сөздер:  құрылымдық  грамматикада  мөлшер  үстеу  құрамында  қарастырылатын  кейбір  сөздер,  шын 
мәнінде, мөлшер есім деп аталатын есімдіктің жаңа түрі 
 
Құрылымдық  грамматиканың  олқылықтарын  түзету  процесі  жалғыз  қазақ  тіл  біліміндегі  ғана  емес, 
әлемдік тіл білімінде белең алған тенденция. Және тіл бірліктерінің көпмағыналы, көпфункциялы болуы 
тек қазақ тілінде ғана тән құбылыс емес, барлық тілдерде тән құбылыс. Осы ретте қазақ тілінің проблема-
ларын жаңа бағытта зерттеу нәтижелері құрылымдық грамматикадағы кейбір олқылықтар мен ағаттық-
тарды көрсетіп отыр. Бұл үстеу сөз табының жекелеген мағыналық топтарына да қатысты. Үстеулер өзге 
сөз таптарынан өзі тіркесетін сөздерге үстеме мағына жүктейтін қасиетімен ерекшеленеді. Сонымен қоса, 
үстеу сөздер грамматикалық құрылымының бірізді емес, әртекті болып келуімен де жеке сөз табы ретінде 
қарастырылған. Құрылымдық грамматикада үстеулердің мағыналық топтарының бірі – мөлшер үстеулер 
екені  белгілі.  Ал  осы  мөлшер  үстеулер  заттық  (деректі,  дерексіз),  сандық,  сындық,  қимылдық  мәндегі 
сөздерді  мөлшер,  шама  тұрғысынан  айқындап,  үстемелеп  көрсететін  сөздер  тобы.  Мөлшер  үстеулерге 
академиялық «Қазақ грамматикасында»: «қимыл, іс-әрекет, амалдың немесе сынның көлемдік дәрежесін, 
мөлшерін, шама-шарқын білдіреді» деп анықтама берілген [1, 547]. Алайда мөлшер үстеулердің мағына-
сына тереңірек үңіліп, оны тілдік қолданыс барысында, мәтін ішінде, функционалды грамматика қағидат-
тарына,  сөз  мағынасының  парадигмалық-синтагмалық  қатынастар  теориясына  сүйене  отырып  талдау 
жасағанда, аталмыш сөздердің үстеме мағына тудырумен қатар, басқа да мағыналары бар екені байқала-
ды. Мысалы, «қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген сөйлемде қанша? сөзі сұрау есімдігі екені белгілі. 
Ол бір, екі, үш, тіпті, одан да көп кез келген санның орнына ауыстырылып қолданыла береді. Ал сонша 
сөзі  қазіргі  құрылымдық  грамматикада  мөлшер  үстеуге  жатқызылады.  Осы  сөздің  мәніне  тереңрек 
үңілсек,  синтаксистік  қатарда  қанша?  сөзімен  бір  деңгейде  тұрып,  құрмалас  сөйлемді  байланыстырып, 
қанша? сұрау есімдігінің сандық мәнін нұсқап тұрғанын байқау қиын емес. Айталық, бұл сөйлемді «бес 
тіл білсең, бес адамсың» деп алсақ, мұндағы «бес» сан есімінің орнына қанша? сұрау есімдігі мен сонша 
сөзі жұмсалып тұр. Ал сонша сөзінде өзінен кейін тұрған адамға сөзіне үстеп тұрған үстеуіштік мағына 
жоқ.  Тек  адамның  нақты  сандық  мөлшерінің  белгісіз  мәнін  нұсқап  тұр.  Сондықтан  да  қанша?  Сонша 
сөздері ұқсас тілдік сападағы, ұқсас мәндегі сөздер. Яғни екеуі де есімдік. 
Құрылымдық бағытта жазылған ғылыми-теориялық еңбектер қазақ тіліндегі есімдіктердің мағыналық 
топтарының  жеті  түрін  анықтайды,  әрі  бұл  бүгінде  орныққан  тұжырым.  Осы  орайда  есімдіктерің 
мағыналық топтарына қатысты дау айтпасақ та, оны тағы бірнешеуге көбейтуге болатын сияқты. Яғни 
біздің ойымызша, жоғарыда мысалда көрсетілгендей, мөлшер үстеу деп танылып жүрген кейбір сөздер 
мөлшер  ұғымының  орнына  ауыстырылып  қолданылатын  есімдік  мәнді  мөлшер  сөздер  сияқты.  Мұндай 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №4(58), 2016 ж. 
61 
қасиеті бар сөздердің қатарына бұнша, бұншама, бұншалық, бұншалықты, мұнша, мұншама, мұншалық, 
мұншалықты,  осынша,  осыншама,  осыншалық,  осыншалықты,  онша,  оншалық,  оншалықты,  сонша, 
соншама,  соншалық,  соншалықты  т.б.  мөлшер  үстеулерін  жатқызуға  болады.  Бұл  сөздер  контексте 
мағынасы  жағынан  да,  қызметі  жағынан  да  үстеулерден  гөрі  есімдіктерге  жақын.  Төменде  біз  осыған 
қатысты  ғылыми  тұжырымдарымыз  бен  дәйектерімізді  мысал  арқылы,  мәтін  ішінде  кеңірек  талдап, 
дәлелдеп көрмекпіз. 
А.Ысқақов: «Есімдік заттың атын, сынын, санын я олардың аттарын білдірмей, бірақ солардың 
(зат есім, сын есім, сан есім) орнына жұмсалады» дейді [2, 207]. Ғалым тұжырымдағандай, есімдік-
тердің  ең  басты  қасиеті  –  сөздердің  орнына  ауысып  жұмсалуы.  Яғни  сөйлемде,  тілдік  қарым-
қатынаста, сөйлеу актісіндегі қажеттілікке сай белгілі мағына білдіретін сөздің орнына жұмсалып, 
сол  ұғымды  меңзеп,  нұсқап,  болжап,  жалпылап,  шамалап  көрсетеді.  Есімдіктердің  осы  қасиеті 
жоғарыдағы  мөлшер  үстеулерге  де  тән.  Жоғарыда  аталған  сөздер  өзінен  кейінгі  тұрған  сөздерге 
үстеулерше  мағыналық  реңк  үстемейді,  керісінше  белгілі  шаманы  нұсқап,  тыңдаушы  (адресат) 
мен сөйлеушіге (адресант) ойша мәлім тиянақты бір мөлшерлік ұғымның орнына жұмсалады. Ол 
құрмалас  сөйлемдердің  құрамында,  сөйлеу  үрдісіндегі  пресупозициялық  жағдаяттарда  жиі  көрініс 
табады.  Сондықтан  бұл  сөздерді,  контекстегі  мағынасына,  құрмалас  сөйлемді  байланыстырудағы 
лексика-грамматикалық қызметіне қарай отырып, мөлшер үстеу емес, мөлшер есімдіктер деп тану дұрыс 
сияқты. Өйткені бұл сөздер: біріншіден, тіркес, мәтін құрамында да, жеке тұрғанда да қанша? Қаншама? 
Қаншалық? Қаншалықты? Қаншалап? деген мөлшерліктердің сұрақтарына жауап береді; екіншіден, бұл 
сөздердің құрылымына талдау жасағанда негізгі түбірінен сілтеу есімдіктер (мұнша – бұл+ша, бұнша – 
бұл+ша,  сонша  –  сол+ша)  көрініп  тұрады;  үшіншіден,  құрмалас  сөйлемдер  мен  күрделі  синтаксистік 
тұтастықтарды байланыстыру сәтінде үстеу мәнді емес, шаманың орнына ауысып қолданылатын есімдік 
сөз екені байқалады. Мысалы: «Әдемі тәтей әңгіме айтты. Әліппе, сосын піл, сосын кит туралы. Аузым 
ашылып  қалыпты.  Әдемі  тәтейдің  әңгімесі  таусылмас  еді.  Қойбағаров  деген  бала  ұйықтап  қалды. 
Таубаев: «Қарным ашты», – деді. Қоңырау сылдырлады. Дүркірей сыртқа сытылдық. Бұрын мұнша көп 
халықты көрген емеспін.» («Мектеп», Д.Досжан) 
Мысалда мектеп табалдырығын алғаш аттаған баланың (оқушының) бір күндік мектеп өміріндегі есте 
қаларлық  оқиғалары  баяндалған.  Соның  ішінде  назар  аударуға  тұрарлық  бір  нәрсе  –балалар  санының 
көптігі. Яғни бір ортаға жиналған мұндай халық (балалар) нөпірін бұған дейін көрмеген балада заттарды 
мөлшерлік тұрғыдан тану үрдісі (процесі) жүреді. Адам баласының табиғат дүниесін кешенді түрде тану 
үрдісінің бір бөлшегі (компоненті) – заттар мен құбылыстарды шамалық, мөлшерлік тұрғыдан тану. Бұл 
барыста  «ұқсас»  заттар  бір-бірімен  мида  салыстырылады.  Ал  бала  кейіпкерде  осыған  дейін  көрген 
адамдар шоғырының мөлшері дайын ақпарат ретінде миында бар. Ендігі кезекте халық шоғырының одан 
да  көп  мөлшерін  көргенде  мида  табиғи  түрде  салыстыру,  сараптау  үрдісі  (процесі)  орын  алады  да, 
нәтижесінде мида «бұған дейінгіден көп» деген қорытынды жасалады. Мұнда сол қорытындының ойдағы 
мөлшері  мұнша  (мұн  –  бұл,  яғни  сілтеу  есімдігі,  -ша  ұқсату  формасы)  сөзімен  нұсқалып  беріліп  тұр. 
Сөйлемде мұнша сөзіне ой екпіні де түсіп тұр. Яғни оқырман назарын өзінің мөлшерлік танымына нұсқап 
тұр.  Аталған  мектепте  халықтың  қандай  да  бір  нақты  саны  бар  екені  даусыз,  бірақ  осы  сөйлемде  оны 
нақтап,  санап  айтудың  немесе  білудің  қажеті  жоқ.  Оқырман  мен  кейіпкерге  керегі  ондағы  халықтың 
нақты саны емес, керегі – көп немесе аз деген ұғым. Сондықтан халық шоғырының мида қалыптасқан 
ойша  мөлшерінің  орнына  мұнша  сөзі  ауысып  қолданылып,  бір  жағы  әсерлі,  екінші  жағынан  ыңғайлы, 
ықшам қолданылып тұр.  
Мына бір мысалға да зер салайық: «Адам алдын, артын, осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. 
Хайуан артын, осы күнін де  бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке  тіпті жоқ. ...  Адам өзі өзіне 
сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға адамның ақылын 
берсе,  мұнша  шеберлік,  мұнша  даркарлік,  бір-біріне  ғылым  үйретерлік  шешендік  салахият  ол  денеге 
лайықты келмейді»(«32-қара сөз»,  Абай»). Сөйлемде ұлы Абай адам ақыл-парасатының шексіз қуатын 
баяндайды.  Сөйлемде  баяндалған  адам  ақылының  мөлшерлік  қуаты  алағашқы  қоғамнан  бастап  бүгінгі 
өркениетті қоғамды құру барысында танылған барша қуатын қамтиды. Ал болашақта көрінетін белгісіз 
қуаты өз алдына. Адамзат ақыл-парасатының осынша қуатын (мөлшерін) санап таусуға да, өлшеп білуге 
де мүмкін болмас еді.  Оны тек  тіл арқылы бейнелеуге мүмкіндік болады. Яғни оны ойдағы мөлшерлік 
шамаға меңзеу арқылы ғана ұғынуға болады.  
Бұдан байқалады, дүниені тану процесінде адамның физикалық мүмкіндігі жетпейтін құбылыстар мен 
процестерді бейнелеуде тілдің мүмкіндігі орасан зор. Сол тіл бірліктерінің ішінде есімдіктердің ықшам-
дауыштық,  үнемдеуіштік  қызметі  айрықша.  Есімдіктер  осы  қызметі  арқылы  сөйлеу  үрдісіне,  сананың 

Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №4(58), 2016 г. 
62 
түсінуіне көп жеңілдіктер жасайды. Әйтпегенде, жоғарыда мысалдарда айтылған халық нөпірінің нақты 
шамасын немесе адамзат ақыл-парасаты қуатын тыңдаушыға (адресат) түсіндіру үшін қаншама физика-
лық процестер орындалып, өлшеусіз энергия жұмсалар еді. Сондықтан мөлшер үстеу деп танылатын бұл 
сөздердің  мөлшер  ұғымының  орнына  жұмсалудағы  тілдік  қызметі  ерекше  және  тіптен  басты  қызметі. 
Логикалық  тұрғыдан  ойлап  қарасақ  та,  зат  пен  құбылыстың  орнына  ауысып  жұмсалатын  орынбасар 
сөздер  (Қ.Жұбанов)  болғанда,  мөлшер  ұғымының  орнына  ауысып  жұмсалатын  орынбасар  сөздер 
(есімдік)  тілде  болуға  керек.  Мұндай  қызметі  бар  сөздер  осы  бір  топ  мөлшер  үстеулер.  Біз  мөлшер 
есімдіктер деп атаған мөлшер үстеулердің есімдіктерге тән қасиеті мен қызметі, лексика-семантикалық 
ерекшеліктері төмендегі мысалдардан тіптен анық көрінеді.  
Кейде таным процесінде мөлшерін өлшеуге келмейтін, тек ұғымдық тұрғыдан ғана түсінуге, болжауға 
болатын рухани, дерексіз шамалар болады. Айталық, махаббат, сезім, сұлулық, әсемдік т.б. ішкі рухани 
құбылыстар.  Шын  мәнінде  бәрінің  де  нақты  заттық  шамасы,  сандық  есебі,  сындық  деңгей-дәрежесі 
болуға тиіс еді. Бірақ табиғаттағы мөлшер ұғымдардың бәрін тіл бірліктері арқылы нақты атап беру қиын, 
оны тілдің мүмкіндігі де, табиғаты да көтермейді. Сондықтан ойда бейнеленген дерексіз шамалық, мөл-
шерлік ұғымдарды осындай  сілтеу, нұсқау мәнді сөздерді орнына қолдану арқылы түсіндіруге болады. 
Мысалы,  
Махаббат! Неткен алып, қайратты едің, 
Мен сені мұншалық деп ойлап па едім. 
Тұсаулап, табандатып тағдырымды, 
Қолына қара көздің байлап бердің (Т.Айберген) 
Мөлшер  ұғымының  орнына  жұмсалатын  мөлшер  есімдіктердің  енді  бір  түрі  мысалдағыдай  мұнша 
сөзіне  -лық  қосымшасы  жалғануы  арқылы  жасалады.  Мұнда  мөлшер  ұғымы  –  дерексіз  заттық  ұғым. 
Сөйлемде  махаббат  дерексіз  заттық  ұғым  болса  да,  ақын  оны  адам  бейнесіне  енгізіп,  образды  түрде, 
заттық формада барынша  айқын көрсете білген. Яғни мұнда махаббат сезімінің адам бойына  тудырған 
қуанышы мен қайғысын, өлшеусіз қадір-қасиетін, бәрінен де, адамның ақыл-парасаты мен ерік-жігеріне 
бағынбайтын,  «тағдырды  тұсаулайтын»  қуатын  айтып  отыр.  Негізінде  адам  тағдыры  Жаратушының 
қолында, жеке адамның еркіне бағынбайды. Автор мұнда сөзден өткір, әсерлі мағына тудырудың айрық-
ша  бір  тілдік  тәсілі  –  синкреттік  тәсілді  пайдаланады.  Яғни  лексикалық  мағынасы  бір-бірінен  алшақ 
сөздерді тіркес үстінде түйістіріп, образды, бейнелі ұғым жасаған. Мұндағы «тағдырды тұсаулау, байлау» 
тіркесі  оған  себепші  болған  махаббаттың  күш-қуатын  көрсетеді.  Ал  осы  бір  шумақ  өлеңдегі  махаббат 
қуатының  шамасын  сипаттап  отырған  мұншалық  сөзіне  орай  «қаншалық?»  деген  заңды  сұрақ  туады. 
Бірақ оған жауап беремін деп махаббат қуатын нақты танытатын махаббат хикаясындағы барлық процес-
терді жіпке тізіп берудің тілдік те, ұғымдық та қажеті жоқ. Тілдік тұрғыдан оның бәрі өлең құрылымына 
сыймайды, ал ұғымдық тұрғыдан тыңдаушыға (адресат) оның бәрі қажет те емес. Өйткені махаббаттың 
күш-қуаты,  қадір-қасиеті  жайлы  концептуалды  ұғым  адамзат  танымында  ежелден  бар.  Оны  сол  тілді 
тұтынушы келесі ұрпақ кешенді ұғым ретінде тек дайын күйінде пайдаланады немесе ұғынады. Мұнда 
махаббат қуатының мөлшерін еске салу үшін тек мұншалық сөзі ғана жеткілікті болып тұр. Мұнда бір 
айта  кететіні,  мұнша  мен  мұншалық  сөздерінің  мөлшер  есімдік  қызметіндегі  лексикалық  мағынасында 
ажыратып айтатын өзгешеліктер жоқ. Тек мұншалық сөзі -лық терминдік жұрнақтың жалғануы арқылы 
мұнша сөзінен шамалы тиянақтырақ, әрі жалпылама сипатта болып тұр. Екіншіден, тілдік қажетке, буын 
сұранысына сай қолданылып тұр. 
Мөлшер ұғымының орнына жұмсалатын мөлшер есімдіктердің ендігі бір сөз тұлғасы – мұншама. Бұл 
сөз тұлғасы да белгілі мөлшер ұғымын бейнелейтін есімдік формасында жиі қолданылады. Мысалы:  
1) Інім айтса, бас изедім, ағам айтса, қош көрдім,  
Жанның бәрін жатырқамай, жақсы дедім, дос көрдім.  
Араларын ажырату мұншама ауыр болар ма?! 
Адалдық пен арамдық деп аталатын қос белдің. (М.Мақатаев) 
2) Тұманданған санамды мұншама күн,  
Мұнар-мұнар ой менде тұмшаладым,  
Мен өзіңе, Фариза әпкем, енді,  
Мұқағали ағамдай мұң шағамын. (Арман Қани) 
Бірінші  мысалда  адам  бойындағы  түрлі  жақсы-жаман  қасиеттердің  парқын,  нарқын  білу,  мән-
маңызын  ажырату,  көзі  қарақты,  көңілі  сарапты  адам  болу  жолында  ақынның  көрген  қиындығы, 
тартқан машақатының мөлшері жайлы сөз болады. Адамның өмір жолындағы көрген рухани, физика-
лық  қиындықтары  дерексіз  ұғым  болса  да,  онда  салыстырмалы  түрде  мөлшері  болады.  Біреу  сол 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №4(58), 2016 ж. 
63 
шамадан  аз  машақат  көреді,  біреу  одан  да  көп  машақаттар  көреді.  Әйтеуір  қалай  дегенмен  де, 
қиындық,  жапа-машақат  деген  дерексіз  заттық  ұғымдар  мөлшерлік  тұрғыдан  түрліше  деңгейге 
жіктелетін,  шамасы  бар  ұғым.  Ол  тек  адамдардың  іс-әрекет  процесі  үстінде  ғана  өлшенеді  және 
танылады. Ал мысалда ақын адамдықты тану жолында өзі басып өткен өмір қиындықтарын бір ғана 
мұншама  сөзі  арқылы  сипаттап  отыр.  Осы  сөздің  орнында  немесе  астарында  ол  көрген  барлық 
машақатты  өмір  жолының  тізбесі  жатыр.  Мұнда  мұншама  сөзі  өзінен  бұрын  немесе  кейін  тұрған 
іргелес  сөздердің  мағынасына  ешқандай  да  үстеу  мағына  тудырып  тұрған  жоқ.  Тек  ақынның  өзіне 
мәлім машақаттың мөлшері жайлы ұғымның орнын ауыстырып тұр. Ал екінші мысалдағы мөлшерлік 
ұғым  деректі  және  нақты.  Яғни  ақынның  тұманданған  санасы  мен  мұңлы  көңілі  бес  күн,  он  күн, 
жиырма күн... әйтеу нақты күнге жалғасты. Мұның нақты саны ақынның өзіне ғана мәлім. Тіпті өзі де 
білмеуі мүмкін. Білсін, білмесін, ақынның бұл күйін нақты болған процес ретінде қарасақ, оның қалай да 
бір нақты күнмен саналатын сандық есебі бар екені шындық. Бірақ санасы сарсаң, көңілі мұңлы осы бір 
нақты  есебі  бар  күндердің  орнына  мұншама  сөзі  қолданып  отыр.  Себебі  мұншама  сөзін  қолданудың 
тілдік  те,  ұғымдық  та  маңызы  бар.  Ал  нақты  санның  тақырыпқа  ешқандай  өзектілігі  жоқ.  Мұнда 
мұншама  сөзін  ауыстырып  қолданудағы  ең  басты  уәж  –  тыңдаушыға  мұңлы  көңіл  мен  тұманданған 
сананың мөлшерін, күшін байқату. Яғни «жиырма күн мұңдандым» дегеп нақты санды білдіруді мақсат 
етпеді,  керісінші  «ауыр  ойда  қалдым,  көп  күн  көңілсіз,  толқынысты  күйде  жүрдім»  дегенді  айтпақ 
болды.  Демек  мұнда  мұншама  сөзінің  орнында  қандай  да  бір  нақты  санға  қажеттілік  жоқ,  «ауыр», 
«көп»  деген  мөлшерлік  ұғымдар  тұр.  Сонымен  қоса  мұншама  сөзінің  бойында  мәтін  ішінде  күшіне 
енетін азды емес, көптікті сипаттайтын қосымша мағыналық реңк бар.  
Мөлшер ұғымының орнына жұмсалатын келесі бір сөз – мұншалықты. Бұл сөз тұлғасы да мұншалық 
сөзіне -ты қосымшасы жалғану арқылы жасалып, белгілі мөлшер ұғымын бейнелейтін есімдік қызметін-
де жиі қолданылады. Мұндағы -ты аффиксі формасы белгілі мөлшерлік ұғымның мағынасын одан сайын 
тұрақтап, нықтап, күшейтпелі мәнде көрсетеді. Мұншамұншамамұншалықты, қай-қайсы болсын, бәрі 
де белгілі мөлшер, шаманың орнына жұмсалады. Лексикалық мағына бәрінеде бірдей, бірақ синтагмалық 
қатынастарда аздаған грамматикалық ерекшеліктері бар. Мысалы: «Байқасаң, «Абай жолы» романының 
тағдыры  өте  күрделі  болды.  Мұншалықты  талқыға  түсіп,  әр  сөзі,  әр  сөйлемі  аңдылып,  талданып, 
сөйлемдерден  астар  іздеген,  қатты  бақылауға  алынған  шығарма  қазақ  әдебиетінде  болған  емес» 
(Т.Жұртбай).  
Мысалда  мұншалықты  сөзі  М.Әуезовтың  «Абай  жолы»  романының  Кеңес  үкімет  кезінде  көрген 
барлық  тар  жол,  таяғақ  кешулерін,  тепірешті  тағдырын  меңзейді.  Сөйлемді  оқып  отырғанда  роман 
тағдырынан хабары бар оқырман болса, мұншалықты сөзімен іштей келісіп, келесі мазмұнға көшеді. Ал 
мүлде  бейхабар  оқырман  болса,  оның  санасында  «роман  соншалықты  не  көрді?»  деген  заңды  сұрақ 
туады. Ол сұраққа жауап беру үшін сөйлеуші (адресант) өткен ғасырдың ортасында, тіпті одан кейін де, 
роман  мазмұнынан  Кеңес  үкіметке  қарсы  идея,  жаман  пиғыл  іздеген  Кеңесшіл  адамдардың  құйтұрқы 
әрекеті мен жағымсыз пікірлерін, тырнақ астынан кір іздеген барлық жазбаларын бірін қоймай баяндап 
шығу  керек.  Сонда  ғана  ол  мұншалықты  сөзінің  мағынасын  өз  деңгейінде  қабылдайды.  Осыдан-ақ 
мұншалықты сөзінің өзінен кейінгі сөзге үстеуіштік мағына емес, дербес мөлшер мәнді есімдік қызметін 
атқаратыны байқалады. Осы сөйлемнен мұншалықты сөзін алып тастасақ, біріншіден, күрделі синтаксис-
тік  тұтастық  құрамындағы  сөйлемдердің  байланысы  бұзылады,  екіншіден,  сөйлем  мағынасы  мүлде 
өзгереді.  Яғни  қазақ  әдебиеті  тарихында  мазмұнынан  саяси  астар  ізделген,  жіті  қадағаланған  шығарма 
мүлде  болмаған  болып  шығады.  Бірақ  ол  жалған  пікір  болар  еді.  Үкіметтің  қырына  іліккен  ондай 
шығармалар  бұрын  да,  кейін  де  болғаны  шындық.  Автор  мұнда  өз  сөзін  шындыққа  жанастыру  үшін 
мұншалықты сөзін қолданады да, мөлшерлік тұрғыдан деңгейлеп көрсетеді. Яғни «Абай жолы» романын 
тексерген деңгейде ешбір шығарма тексерілмегенін мөлшерлік тұрғыдан сипаттап отыр. Ал мұншалықты 
сөзінің арғы астарында аталған романның барлық тепірешті тағдыры жатыр.  
Аталмыш сөздерге қатысты мұнда тағы бір айта кететіні, бұнша, бұншама, бұншалық, бұншалықты 
сөздері  мұнша,  мұншама,  мұншалық,  мұншалықты  сөздерімен  жарыспалы  қолданылатын  екінші 
нұсқасы.  Тек  сөз  басындағы  дыбыстық  айырмашылығы  болмаса,  сөйлем  құрамында  келгенде 
қолданылысында арнайы ерекшелік жоқ. Олар тек сөз варианттары. Сондықтан да біріне қарата айтылған 
тұжырым екіншісіне де қатысты. Бір формасын ғана сөз ету жеткілікті. Біздіңше бұнша сөзі бұл сілтеу 
есімдігі  мен  -ша  жұрнағының  кірігу  арқылы  жасалған  да,  түп  тұлғасы  (формасы)  осы  «б»  дыбысынан 
басталған  сөздер.  Ал  «м»  дыбысынан  басталатын  сөздер  «б»  дыбысының  «м»  дыбысына  өзгеріп, 
кейіннен қалыптасқан, тіл дамуының кезеңдік ерекшеліктерін көрсететін дыбыстық сәйкестіктер. 
Мөлшер есімдік қызметінде жұмсалатын үстеу сөздердің ендігі бір тобы «о» дыбысынан басталатын 

Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №4(58), 2016 г. 
64 
осынша, осыншама, осыншалық, осыншалықты, онша, оншалық, оншалықты т.б. сөздер. Бір қарағанда 
бұлардың  морфологиялық  ерекшелігі,  өзінен  кейін  аффикстердің  жалғануы  жоғарыда  мысалдарда 
айтылып өткен сөздік қатармен бірдей. Шындығында солай, бәрі бір типтегі, бір үлгідегі, бір қызметтегі 
сөздер. Ал «о» дыбысынан басталатын бұл сөздер тек дыбыстық және лексикалық ерекшелігі жағынан 
ғана парықталады. Бұл сөздер де өз ішінен екі жікке бөлінеді. Бірі сөйлеу сәтінде, көзге көрінетін жақын 
қашықтықты  меңзейтін  мөлшер  ұғымның  орнына  жұмсалады  да,  екіншісі  сөйлеу  сәтінде  көзге  көрінуі 
міндет емес, салыстырмалы алысау қашықтықты білдіретін, үшінші жаққа қатысты айтылатын мөлшер 
ұғымдарының орнына жұмсалады. Оны төмендегі мысалдардан байқауға болады. Мысалы:  
1) Осыншама тұнжыраудың себебін мен кейін ғана түсіндім (Ә.Сәрсенбаев, «Теңіз»). 
2) Мектеп бітіргеніне бір жыл толмай-ақ, өзінің осыншалықты қабілетін көрсете білу екінің бірінің 
қолынан келе бермейді («Лениншіл жас»). 
Жоғарыдағы мысалдарда айтылған процестің бәрі де уақыт жағынан сөйлеу сәтімен байланысты және 
сөйлеушіге (адресант) жақын қашықтықты білдіреді. Әрі сөйлем құрамындағы мөлшер үстеулер қандай 
да  бір  зат  пен  қимылдың  ойдағы  мөлшерінің  орнына  жұмсалып  тұр.  Бірінші  мысалда  сөйлеушінің 
тұнжырау себебін түсіну сәті оқиғадан әлдеқайда кейін болған, бірақ сол оқиға тыңдаушыға (адресат) нақ 
осы  шақта  баяндалып  тұр.  Ал  кейіпкердің  қаншалықты  тұнжырағаны,  тұнжырау  мөлшерін  көрсететін 
процестердің  бәрі  өткен  шақ  формасында  сөйлеушінің  (адресант)  миында  сақталған.  Ал  осы  сөйлеу 
сәтінде  сөйлеуші  оны  тыңдаушыға  нақ  осы  шақта  баяндап  тұр  да,  сол  тұнжырау  процесінің  орнына 
осынша  сөзін  қолданып  тұр.  Яғни  мысал  сөйлем  осы  тұнжырау  процесінің  баяндайтын  тұтас  мәтіннің 
соңғы  бөлігі  ғана  да,  осыншама  сөзі  алдыңғы  мазмұндарда  айтылған  ұғымдарды  мөлшерлік  тұрғыдан 
жинақтап көрсететін тілдік бірлік ретінде қолданылады. Мұнда осыншама сөзі бірінші жақ пен нақ осы 
шаққа байланысты. Екінші мысалда адам қабілетінің сан түрлі  сапасы  мен қырлары жайлы сөз болып, 
оның  ойда  жинақталған  мөлшерлік  ұғымының  орнына  осыншалықты  сөзі  ғана  қолданылып  отыр. 
Адамның  өз  қабілетін  өзгелерге  көрсетуі  бір  ғана  сәтте  жүзеге  аспайды.  Ол  ұзаққа  созылған  және  бір 
сапада  көрініп  отыратын  ұзақ  процесті  қамтиды.  Осы  мақсат  барысында  істелген  барлық  іс-әрекеттер 
«қабілетті» деген ұғымды толықтырып, сол ұғымның үстіне қор сияқты жиналып отырады. Сонда барып 
«қабілетті» деген сын есім сөзінің аясында өмір сүретін мөлшерлік ұғым шын мәнінде ақиқатқа айналады. 
Бұл  да  дерексіз  ұғымдарды  сананың  мөлшерлік  тұрғыдан  тануы  және  бағалауы.  Міне  осыншама  сөзі 
бұрын  да  танылып,  санада  сақталып  отырған  қабілеттілікті  танытатын  барлық  процестердің  орнына 
жұмсалып  тұр  да,  осы  шақпен  баяндалып,  сөйлеуші  арқылы  тыңдаушының  санасына  беріліп  отыр. 
Демек,  бұл  мысалдарда  аталмыш  сөздердің  бәрі  үстеулік  мағынадан  гөрі,  ойда  жинақталған  белгілі 
шаманың орнына ауыстырылып қолданылатын есімдік қызметінде жұмсалып тұр. 
Осы қатардағы сөздердің келесі бір түрі онша, оншалық, оншалықты деген сөздер. Бұлар да сөйлем 
құрамында  белгілі  лексика-грамматикалық  қызмет  атқарып,  қандай  да  бір  мөлшер  ұғымының  орнына 
жұмсалады. Мысалы: 
1) Жолдан оншалық қашық емес, әудем жер (Б.Соқпақбаев, «Өлгендер қайтып келмейді»). 
2)  Кеңес  өкіметі  өзінің  өмір  сүруін  жалғастырса,  ол  тек  басмашылар  қозғалысы  көсемдерінің  оны 
мемлекеттік өкімет деп тануының нәтижесі. Әйтсе де, бұл өкімет те мұсылмандар үшін оншалықты 
жайлы  бола  қойған  жоқ.  Басымашылардың  көсемдері  шын  мәнінде  кеңес  өкіметін  таратуды  емес, 
олармен келісім жүргізіп, оның «бағдарламасын» өзгертуді талап ете отырып, оның мұсылмандар үшін 
ыңғайлы болуын жақтады. (М.Шоқай). 
Бірінші  мысалда  оншалық  сөзі  қашық  сөзіне  мағына  үстемеп  тұрған  жоқ,  керісінше  алыс-жақын 
ұғымы аясында қашықтықтың мөлшерін анықтап тұр. Санадағы алыс-жақындық ұғымы жолаушының 
физикалық  қуатына,  пайдаланған  көлік  құралына,  түрлі  факторларға  байланысты  анықталады. 
Қашықтықтың шамасы неге байланысты болмасын, нақты сандық көрсеткіші болмаса да, тұспалданған 
нақты межесі болады. Міне мұнда сол ойда тұспалданған меженің орнына оншалық сөзі қолданылып тұр. 
Және  бұл  қолданыс  екінші  бір  қашықтық  ұғыммен  салыстырылып  тұрған  сияқты  үшінші  жақтағы 
сөйленіске жақындау. Ал екінші сөйлем мұсылман халықтарының қоғамда өмір сүрудегі билікпен қарым-
қатынасы  жайлы.  Яғни  мұсылман  халықтарының  қоғамдағы  құқықтық  құзыреттері  мен  меншіктері 
жайлылық шартына толымсыз екені, ыңғайлы, мақтаулы деп айтуға шарты толмайтыны салыстырмалы 
түрде айтылып отыр. Салыстырмалы деген сөз, ол – мөлшер. Онша емес деп танылатын белгілі меженің 
орнына оншалықты сөзі қолданылып, сол ұғымды білдіріп тұр. 
Мөлшер  есімдік  болатын  үстеу  сөздердің  ендігі  бір  тобы  ыңғай  «с»  дыбысынан  басталатын  сөздер. 
Олар сонша, соншама, соншалық, соншалықты т.б. сөздері. Бұл сөздер, бір қарағанда, онша, оншалық, 
оншалықты сөздерінің дыбыстық өзгеріске түскен екінші нұсқасы сияқтанады. Бірақ олай емес. Мағына-

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №4(58), 2016 ж. 
65 
лық жақындығы болғанымен, қолданыс ерекшелігінде, сөйлем ішіндегі жұмсалу ерекшілігінде айырма-
шылықтар бар. Ең әуелі,  бұл сөздердің  негізінен «сол» сілтеу есімдігі тұрғанын байқауға болады.  Яғни 
«сол» сілтеу есімдігі іргелес дыбыстардың әсерінен «сон» формасына ауысқан болу керек. Ал -ша, -ше тек 
қана  үстеу  немесе  үстеуіш  мағына  тудырушы  жұрнақ  емес,  ол  функционалды  жұрнақ.  Бұл  жұрнақтың 
мағыналық өрісінің ядросында шаманы, мөлшерді салыстыру мағынасы тұрады. Аталған сөздердің ішкі 
мағыналық  өрісінде  бұл,  осы,  сол  сілтеу  есімдігінің  әсері  байқалып  тұрады.  Нақтырақ  айтсақ,  бұл,  осы 
негіз-түбірден  дамыған  бұнша,  бұншама,  бұншалық,  бұншалықты,  осынша,  осыншама,  осыншалық, 
осыншалықты  сөздерінде  жақын  қашықтық  пен  бірінші,  екінші  жақты  білдіру  мағынасы  болса,  сол 
түбірден дамыған сонша,  соншама, соншалық, соншалықты сөздерінде салыстырмалы алыс қашықтық 
пен үшінші немесе бөгделік жақты білдіреді. Ол кез келген зат пен құбылыстың мөлшерін осы тұрғыдан 
сипаттайды. Бұл сөздердің мөлшер есімдік қызметі бір болғанымен, синтаксистік қатынаста өздеріне ғана 
тән  ерекшеліктері  бар  екенін  мына  қолданыстардан  да  көруге  болады.  Мысалы,  онша  емес  деп  айта 
аламыз, сонша емес деп айта алмаймыз, соншама деп айтамыз, оншама деп айта алмаймыз. Сондықтан 
осы  сөздедің  де  мөлшер  ұғымдарының  орнына  қолданылу  ерекшелігін  арнайы  сөз  ету  қажет.  Ол  үшін 
төмендегі мысалдарды келтірейік:  
1) Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын 
деп,  қай  көп  бергенге  партиялас  боламын  деп,  құдайға  жазып,  жатпай-тұрмай  салып  жүріп  басын, 
ауылын, қатын-баласын сатып жүр (Абай). 
2) «Зәңгілерді соншама жерден тасығанша, неге жергілікті халық – үндістерді құлдыққа жекпейді?» 
- деп (М.Мағауин). 
3)  Екіншісі  -  кітаптан  оқу  бірлән  яки  молдалардан  есту  бірлән  иман  келтіріп,  сол  иман  келтірген 
нәрсесіне соншалық берік боларға керек. (Абай) 
1-, 2-мысалдардағы сонша, соншама сөздерінен белгілі бір сандық шаманың немесе көптік ұғымның 
орнына  қолданылып  тұрған  мөлшерлік  мағынасы  айқын  көрініп  тұр.  Бірінші  мысалдағы  сонша  сөзінің 
орнына 100 үй,  5 ауыл деп белгілі бір нақты санды алуға да болады. Бірақ ақын стильдік мақсатта сөз 
әсеріне күшейту үшін сол шамалардың нақты өзін алмай, оның орнына сонша сөзін пайдаланып отыр. Ал 
екінші мысалда жазушы Африкадан Солтүстік Америкаға дейінгі неше мың шақырымдық теңіз жолының 
нақты  сандық  шамасының  орнына  жеңілдік,  ыңғайлылық,  әрі  көкем  стильдік  мақсатта  соншама  сөзін 
пайдаланып  отыр.  Сондықтан  бұл  сөздерді  сандық  мөлшердің  орнына  жұмсалатын  мөлшер  есімдіктер 
деуге  болады.  Үшінші  мысалдағы  соншалық  сөзінің  қолданылысы  алдыңғы  екеуінен  аздап  өзгешелеу. 
Яғни бұл сөз сын мөлшерінің орнына жұмсалып тұр. Бұл бір қарағанда, сын есімге мағыналық реңк үстеп 
тұрған күшейткіш үстеулерге де ұқсайды. Алайда бұлар да мөлшер есімдер. Сөйлем құрамында мөлшер-
лік мағынасы жетекші орында. Нақтырақ айтсақ, үшінші мысалда иманның беріктігі жайлы сөз болады. 
Иман  төзім  мен  сенімге  қарайды.  Төзім  мен  сенімнің  сындық  деңгейі  де  адамына  қарай  әр  деңгейде 
болады. Мұнда соншалық сөзі төзім мен сенімнің ең жоғары деңгейіне балама ретінде алынып отыр.  
Мөлшер  үстеу  деп  танылып  жүрген  аталмыш  сөздердің  үстеулік  қызметінен  гөрі  есімдік  қызметі 
жетекші, негізгі орында екенін «қанша? сонша» сөздерінің синтаксистік байланысынан да көруге болады. 
Яғни  шартты  бағыныңқылы  құрмалас  сөйлемдердің  құрамындағы  қанша?  сұрау  есмдігі  мен  сонша 
сөзінің синтаксистік байланысқа түсуінен де айқын аңғаруға болады. Мысалы:  
1) Әрбір таң арайлап атқан сайын тұла бойларыңда қанша буын болса, сонша садақа берулерің керек 
(Хадис). 
2)  Ал  жанары  әлгілердің  бәрімен  қанша  жыл  өмір  сүрсе,  сонша  уақыт  қадалғандай  тым  баяу 
қозғалады (Т.Жұртбай). 
Бұл екі мысалда да шартты бағыныңқылы құрмалас сөйлемге ұйытқы болып тұрған грамматикалық 
бірлік қанша? сонша сөздері. Осы сабақтастықтың  өзі аталған екі сөздің бір негіздегі, бір жүйедегі сөз 
екенін көрсетіп тұрғандай. Яғни қанша? сөзі сұрау есімдігі болған екен, сонша сөзі де есімдіктің әлде бір 
түрі  болуға  тиіс.  Әрі  жоғарыдағы  екі  мысалдың  екеуінен  де  есімдіктер  нақты  сандық  шаманың,  сан 
есімнің орнына жұмсалып тұр. Аталған сөздер сын есімдердің, мөлшер мәнді қимыл есімдердің де орнына 
жұмсалатын кездері болады. Түсініктілік үшін біз тек сан есім сөздерінің орнына жұмсалған түрін ғана 
мысалға  келтірдік.  Енді  осы  мысалдарға  жеке-жеке  нақты  сипаттама  берейік.  Бірінші  мысалда  қанша? 
сұрау есімдігінің орнында, шартты түрде, қырық сөзін алсақ, сонша сөзінің орнында да қырық сөзі болуға 
тиіс.  Мұнда  сонша  сөзі  өзінен  кейінгі  сөзге  ешқандай  да  үстеме  мағына  жүктеп  тұрған  жоқ,  керісінше 
нақты санның орнына ауысып жұмсалып, есімдіктер сияқты анықтауыш қызметін атқарып тұр. Ал екінші 
мысалда  да  қанша?  сұрау  есімдігінің  орнына  нақты  бір  санды  қойсақ,  сонша  сөзіне  де  сол  нақты  сан 
қолданылады.  Сондықтан  осы  мысалдардан  сонша  сөзінің  үстеу  емес,  нақты  сандық  шаманың  не 
мөлшердің орнына жұмсалған есімдік екені айқын көрінеді.  

Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филология», №4(58), 2016 г. 
66 
Айта кету керек, әуелде осы үстеу, есімдік терминдерін А.Байтұрсынұлы қалыптастырған. Ол туралы 
Е.Қасенов  былай  дейді:  Бүгінде  Қ.Жұбанов  қолданған  мезгіл-мекен  есім,  орынбасар  есім  терминдердің 
орнына А.Байтұрсынов атап көрсеткен үстеу, есімдік терминдері қолданылады[3, 26]. Бұл жерде ғұлама 
ғалым қалыптастырған терминдердің дәлдігіне күмәніміз жоқ. Тек тіл ғылымының зерттеу әдістері мен 
ұстанымдарының  өзгеруіне  байланысты  осы  сөз  таптарының  мағыналық  топтарына  қатысты  кейбір 
сөздерге қатысты пікір білдірдік.  
Қорыта  келгенде,  көпмағыналы,  көпфункциялы  сөздердің  сипатын  мәтін  ішінде  тексеру,  тілді 
функциялық тұрғыдан ұғымнан сөз тұлғасына қарай зерттеу – тілдегі кейбір даулы мәселелердің басын 
ашып,  шешімін  табуға,  ағаттықтарды  түзетуге  ең  тиімді  жол.  Бұл  орайда  құрылымдық  грамматикада 
бұрында  мөлшер  үстеу  деп  танылып  келген  сөздер  тобын  функционалды  тұрғыдан,  ұғымнан  сөз 
тұлғасына  қарай  талдағанда,  оның  үстеулік  мағынасынан  гөрі  есімдік  мағынасы  жетекші  екені  айқын 
көрінеді. Бұл сөздердің үстеулердің құрамында қарастырылып келуінің тағы бір себебі – қазақ тіліндегі 
мөлшер  ұғымын  білдіретін  тілдік  бірліктердің  арнайы  жеке  тілдік  құбылыс,  сөздер  тобы  ретінде 
қарастырылмай, шартты түрде әр сөз табының құрамында шашырап жүруі дер едік. Егер мөлшер сөздер 
бір  сөз  тобы  ретінде  танылса,  осы  мөлшерге  қатысты  ұғымдардың  орнына  ауысып  жұмсалатын 
есімдіктер  тобының  болу  керектігі  айқын  көрінетін  еді  де,  ол  есімдіктің  дербес  тобы  болып  танылған 
болар  еді.  Десе  де  аталмыш  сөдердің  нақты  мөлшерлік  мағынадан  ауытқып,  абстрактілі  күшейткіш 
мағыналы,  үстеу  мәнді  болып  келетінін  де  жоққа  шығармаймыз.  Бірақ  бұл  сөздердің  басты  қызметі 
үстеулік емес, белгілі мөлшер, шаманың орнына айтылатын есімдік екенін нақты айтамыз. Сондықтан да 
үстеу деп танылып жүрген осы сөздерді есімдіктің жаңа түрі мөлшер есімдік деп таныған дұрыс сияқты.  
 
Әдебиеттер: 
1 Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. - 784 бет.  
2  Ысқақов  А.  Қазіргі  қазақ  тілі.  2-басылым.  Филология  факультеттері  студенттеріне  арналған  оқулық.  – 
Алматы: Ана тілі, 1991. - 384 бет. 
3  Қасенов  Е.  А.Байтұрсынов  еңбектеріндегі  сөз  таптастыру  мәселесі.  Абай  атындағы  ҚазҰПУ  хабаршы. 
Филология сериясы. 2012, №2(40). 
 
Резюме 
Маралбек Е. 
КазНУ им. аль-Фараби, PhD докторант 1 курса по специальности  
6D021300 – Лиггвистика, elahau@mail.ru 
В статье рассматривается группа нескольких слов структурной грамматике ни как наречие меры и степени а как 
новый вид местоимения «Мөлшер есім». В исследованиях структурного поправления эти слова которые рассматри-
вались как наречия меры и степени могут иметь и другие степени значения которые обосновывается на заключения 
функциональной гарамматики. Если эти слова снова анализировать в тексте, то их неизвестные значения раскрыва-
ются.  Также  в  роли  связывающего  компонента  сложных  предложение.  В  сложных  предложениях  служит  в  роли 
местоимения  которое  обозночает  значение  меры.  Данные  слова  разбираются  ни  отличности  к  значению,  а  от 
значения  к  личности.  Также  рассматривается  конкретные  примеры  из  художественной  литературы  которые 
аргументируется точными языковыми факторами.  

1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   34


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал