«Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері



жүктеу 89.79 Kb.
бет1/30
Дата13.02.2022
өлшемі89.79 Kb.
#17222
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30
3 Шағамбай


«Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері

Пәннің нысаны – бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ҚР-ның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің жоғары педагогикалық құрамдасы ретіндегі сауат ашу әдістемесінің мазмұны.



Пәні – стандарт талаптарына сәйкес болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне сауат ашу әдістемесі курсынан берілетін білім, білік, дағды қалыптастыру үдерісі.

«Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мақсаты – сауат ашу әдістемесінің теориясынан студенттерге жүйелі білім беру, сабақ жүргізу әдіс-тәсілдерін меңгерту.

Осы мақсатқа жету мынадай міндеттерді көздейді:


  • сауат ашуға байланысты практикалық іскерлік пен дағды қалыптастыруға негіз болатын теориялық және практикалық мағлұматтар беру;

  • оларды пәннің танымдық, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын іске асыруға дайындау;

  • сауат ашудың әдіс-тәсілдерін меңгерту.

«Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мазмұнында сауат ашу әдістемесінің теориялық негіздері (яғни «Сауат ашу әдістемесі» пәні және оның нысаны, мақсат-міндеттері, мазмұны, басқа ғылым салаларымен байланысы, зерттеу әдістері; сауат ашу әдістемесінің қалыптасуы мен дамуы және оның лингвистикалық, педагогикалық және психофизиологиялық негіздері); сауат ашу үдерісі (сауат ашудың мектептегі оқу-тәрбие жұмысы жүйесіндегі маңызы; сауат ашу пәнінің оқыту аясы; «Сауат ашу» пәні оқу бағдарламасының мазмұны; «Сауат ашу» пәнін оқыту мерзімі; сауат ашу үдерісі және кезеңдері; сауат ашу кезеңіндегі оқу-тәрбие міндеттері; сауат ашуға қажетті құрал-жабдықтар); сауат ашу әдісі (сауат ашу әдісі туралы ұғым; дыбыстық талдау-жинақтау әдісі; бастапқы оқуды қалыптастыру: буындап оқу, тұтас сөзді дауысты дыбысқа бағыттай оқу; сауат ашуға арналған оқу-әдістемелік топтама); жазуға үйрету әдістемесі (жазуға үйрету әдіс-тәсілдері; жазуға қойылатын талаптар; бастапқы жазуға үйрету, оның мазмұны мен міндеттері, қазіргі «Жазу дәптерлеріне» сипаттама; оқушылардың каллиграфиялық талапқа сай жазу дағдысын қалыптастыру; көркем жазуға үйрету); сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстары (сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының теориялық негіздері; «Әліппені» оқыту барысында жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері; сауат ашу барысындағы тіл дамыту жұмыстарының үлгілері) қарастырылады.

Сауат ашу әдістемесі педагогика, психология, лингвистика ғылымдарымен тығыз байланысқа түсіп, жеке тұлғаның қалыптасуының белгілі бір аспектілерін қарастырады.

Сауат ашу әдістемесі психологиямен тығыз байланысты. Психология оқушының психологиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары нерв жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп сауат ашуға байланысты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді. Оқушының оқу материалын қабылдауы, есінде сақтауы, түсінуі, ойлауының дамуы олардың жан дүниесінің ерекшелігімен байланысты. Осыған орай мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге, жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады. Оқушылардың психологиясын білмей тұрып, сауат ашу әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Сондықтан материалды игертуде оқушылардың жас ерекшелігін ескеру – ең маңызды мәселе. Оқу бағдарламалары да, оқыту үдерісі де осы факторға негізделіп құрылады. Адамның басты ерекшелігі – сөйлеу қабілеті. Сөз – адам психикасының өмір сүруінің аса маңызды құралы. Өйткені қарым-қатынассыз қоғам да, оның қозғаушы күші адам да өмір сүре алмайды. Ал қарым-қатынас тек тіл, оның көрінісі сөз арқылы іске асатыны белгілі. Психологиялық тұрғыдан тілді меңгеру – жеке тұлғаның қалыптасуының негізгі шарты.

Пән бойынша берілетін теориялық білім тәжірибе арқылы бекітілуі, яғни іскерлік пен дағдыға айналуы тиіс. Дағдыға, іскерлікке айналмаған білім тез ұмытылады. Ал дағды мен іскерлік – психологиялық ұғым. Дағды дегеніміз – адамның әрекетті орындау процесінде жасалатын саналы әрекеттің дағдыланған бөліктері. Дағдылар жаттығу арқылы туындайды. Дағды іс-әрекет процесінде оған бағынышты құрылым ретінде қалыптасады. Демек теориялық білім жаттығудың, қайталаудың негізінде дағдыға айналады. Осыған орай оқулықтарда міндетті түрде жаттығулар беріледі, қайталау сабақтары жүргізіледі. Яғни, оқушының сабақты жақсы немесе жаман оқуы олардың психикалық әрекеттерінің дамуымен тікелей байланысты.

Сауат ашу әдістемесі ғылымы педагогика ғылымымен тығыз байланысты. Педагогика ғылымы: дидактика және тәрбие теориясынан құралатыны белгілі. Ал оқу мен тәрбие – егіз. Дидактика мен әдістеме ғылымының қарастыратын нысандары бір. Ол – оқыту үрдісі. Айырмашылығы: дидактика білім беру, оқыту үрдісін жалпылама қарастырса, әдістеме жеке пәндерді оқыту заңдылықтарын қарастырады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі – оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Сауат ашу әдістемесі ғылымы дидактиканың ұстанымдарына, оқытудың әдіс-тәсілдеріне, тексеру формаларына, білімді бағалау нормаларына сүйенеді. Мысалы, оқушыларға ұсынылатын тілдік материалдар ғылым негіздеріне (ғылыми ұстаным) сүйене отырып, жүйелі және бірізді (жүйелілік ұстанымы), саналы түрде (саналылылық ұстанымы), берік, тиянақты (берік, тиянақты болу ұстанымы), өмірмен байланыстыра (теорияны өмірмен байланыстыру ұстанымы) беріледі. Осыған орай әдістеме ғылымы педагогиканың бір саласы ретінде қарастырылады.

Сауат ашу әдістемесі ғылымы тіл білімімен тікелей байланысты. «Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы қазақ тілінің дыбыстық және әріптік (графикалық) жүйесі; қазақ тілінен алғашқы грамматикалық мағлұматтар болғандықтан, ол алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Мысалы, тіл білімінен берілетін фонетикалық мағлұматтар: дыбыстарды дұрыс айту, жазу, дұрыс сөйлеу, мәнерлеп оқуға, емлеге үйрету т.т. әдістемелік мәселелермен тығыз байланысты іске асырылады.

«Сауат ашу әдістемесі» курсын оқытуда ғалым-әдіскерлердің әдістемелік мұрасын, мектеп тәжірибесін зерттеу әдістерімен қатар, дәстүрлі сөздік, практикалық, көрнекілік әдістері қолданылады.


жүктеу 89.79 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет