Роман-эссе МҰхтар-аға киносценарий



жүктеу 5.42 Kb.

бет1/14
Дата12.03.2017
өлшемі5.42 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ
Шығармалары
Алтыншы 
том

ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВ
МЕНІҢ ƏУЕЗОВІМ
Роман-эссе
МҰХТАР-АҒА
Киносценарий
... СӨЗ САРАСЫ
Сыр мен жыр
Алматы
2014

Академик-жазушының  шығармаларының  алтыншы  томына 
«Менің  Əуезовім» (роман-эссе), «Мұхтар-аға» (киносценарий)  
жəне «... Сөз сарасы» (сыр мен жыр) атты еңбектері еніп отыр. 
Кітап əдебиетсүйер қауым мен көпшілік оқырманға арналған.
© Қабдолов З., 2014 
© «Қазақ энциклопедиясы», 2014
Қазақстан Республикасы 
Мəдениет министрлігі 
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша шығарылды
ISBN 978-601-7472-61-0 – (Т. 6)
ISBN 978-601-7472-24-5
ҚАБДОЛОВ  Зейнолла.  Шығармалары. – Алматы: 
«Қазақ энциклопедиясы», 2014. 
ISBN 978-601-7472-24-5
Т. 6: «Менің Əуезовім» роман-эссе, «Мұхтар-аға» кино-
сценарий. «... Сөз сарасы» сыр мен жыр. – 320 бет.
ISBN 978-601-7472-61-0
Қ 13 
УДК 821.512.122
ББК 84(5Қаз)
Қ 13
УДК 821.512.122
ББК 84(5Қаз)

Бірінші бөлім
МЕНІҢ 
ƏУЕЗОВІМ
Роман-эссе

                                  
«Это жанр-гибрид. В этом романе нет ни строго-
сти, ни... Впрочем он и не претендует на это, его ха-
рактерная черта – интеллектуальная игра ума».
Андре Моруа
«Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі до-
сым,  інім  Зейнолла!  Дос,  аға  көңілден  тілейтінім – 
сенімен бірге жүру, өзара бірге еңбектену...»
Мұхтар Əуезов

7
Бірінші тарау
Күз аспаны бұлтсыз, ашық, тіпті көктемдегідей көгілдір, таза. 
Күн  қала  сыртында  көкжиекке  еңкейіп,  алыс  тау  сілемдерінен 
əрі  асып  бара  жатқан-ды,  көшелерді  көлеңке  жайлап,  қызуы  аз 
қызғылт шұғыла биік теректердің ұшар басында ғана қалған.
Алматының терістігінен түстігіне қарай жарыса жосылған түзу 
көшелердің  тау  жақ  шалғайы  солғындау  мұнартып,  əрігіректегі 
құз-шатқалдарда қоңырқай кеш қараңғылығы туып, тұтаса баста-
ғанын  сездіреді.  Қатар  түзеген  көк  теректер  мен  ақ  қайыңдар 
түбінде,  қалың  жапыраққа  жасырынған  аласа  үйлер  іргесінде 
сылдыраған тырнакөз бұлақтар арық жиегіндегі жылтыр тастарға 
мөлдір моншақтай шашылып, төңірегін түгел қоңыр-салқын шаф-
хат лебімен желпиді.
Ол  менің  оң  қанатымда  екі-үш  адым  алда  келеді.  Кеуделі, 
иықты,  толық  кісі;  мол  денесін  ауыр  қозғап,  сəл  теңселе  баса-
ды. Бетін маған бұрғанда аздап ырғалғандай болады. Үстінде кең 
пішілген көнетоз сұр костюм, ақ жағада көкжолақ галстук, əнтек 
қысқалау мойыны қырынан қараған адамға анық байқала бермей-
ді. Жалаңбас; жарқыраған кең маңдайы жалтыр төбесімен жіксіз 
тұтасып кеткен. Шала түткен түбіттей көк мамық шаш селдірлеу, 
бірақ екі самайда екі уыс боп бұйралана қопсып, ұйлыға үрпиіп, 
көбейіп көрінеді.
Қараймын  да  таңданамын.  Осынау  бітімі  бөлек  бірегей,  сұлу, 
шекесі торсықтай үлкен, домалақ бас мол денеге мойыномыртқа-
сыз  тура  қондырылғандай.  Содан  ба,  қалай,  ол  маған  қарағанда 
мойнымен емес, күллі кеудесімен тұтас бұрылатын секілді. Бұған 
да таңғаламын.
Ол бұрылғанда мен арыстан алдындағы көжектей дір-дір етіп, 
қайда  кетерге  білмей  қысыламын.  Жəне  де  бұрылып  қараған 
сайын  қарасынан  ағы  көп  аумақты,  ойлы  көзі  кең  ашылып,  ке-
нет  тұтанып,  алаң-құлаң,  жарқ-жұрқ  етіп  қалады.  Осылай  бірер 
қарағанда-ақ ішкі дүниеңді жіті барлап, бар сырыңды, жай-күйіңді 
түп-түгел  алақанға  салып  əкететін  секілді.  Сондай  бір  алымды, 

8
аңғарымпаз көз. Түкпір-түкпіріңді тінте, ақтарып-төңкере, тексе-
ре қарайды. Мен одан сайын жасқана түсіп, дегбірім кетіп, кұтым 
қашып келемін.
Оның  қолтығында  үстіндегі  костюм  түстес  сұрғылт  сүрікпен 
тысталған  қалың-қалың  екі  қолжазба  (кейін  білдім:  бірі  өзінің 
атақты монографиясы – «Абай Құнанбайұлы» да, екіншісі – осы 
ақынның жүз жылдығына арнайы басылып жатқан өлеңдер жина-
ғы  екен).  Өздері  ап-ауыр  шығар.  Асықпай,  баяу  адымдап  келе 
жатқан  қалпы,  екі  томды  бір  қолтығынан  бір  қолтығына  қайта-
қайта, жиі ауыстырады.
 – Мен алып жүрейінші, – дегім кеп бір-екі рет оқталдым, бірақ 
батылым бармады. Тілім байланғандай, сөз айта алар жерде емес 
едім. Тіпті үнім де шықпайтын тəрізді.
Маған тағы бір бұрылып, менің бас-аяғымды тағы бір барлап:
– Сен, сөйтіп, басқа жерден келіп жүр екенсің ғой... – деді ол. 
Неге екенін білмеймін, үнінде «Бəрекелді!» дегендей мен күтпеген 
ризалық бар секілді.
– Иə, – дедім, – иə, Тау-кен институтынан...
Ал  енді  бар  ма,  Əуезовтің  түр-тұрпаты  бұл  маңайда  атымен 
жоқ  тұлға.  Көшеде  келе  жатқанда  да  ешкім  бұған,  бұл  ешкімге 
ұқсамайды.  Жалпы  дене-тұрқы  ғана  емес,  бет-пішіні  де  мүлде 
əдеттегі  көзіміз  үйренген  ортадан  бөлек,  оқшау.  Оқшау  болғанда 
кескін-кейпі  ойға,  ақылға  суарылғандай  соншалық  нұрлы,  тар-
тымды, тіпті иманы бетіне шығып-ақ тұр. Бірақ дəл осы бет алды 
біртүрлі сұсты, айдынды да айбынды; өзіне тік қарау, көз тоқтату 
қиын.
Көшеде  ерсілі-қарсылы  жүріп  жатқан  адамдар  Əуезовке  жалт 
етіп бір қарамай өтпейді. Қараса да ұзақ көз тоқтата алмай дереу 
ығып, ығысып кете береді. Сесі бəрінен басым.
Қарсы беттен Əуезовті танитын адамдар келе жатса, анадайдан 
етек-жеңін жиып, бойын тіктеп, аяқ алысын түзеп, мұның тұсынан 
көбі алақанымен төсін басып, ибамен иіліп өтеді. Ал мынау... көзі 
бір ағараң етіп, жүзін жылыта бас изейді. Сонымен болды. Сон-
да  қалың  ерні  оқыс  түріле  күлімдейді;  одан  жұмсақ  толқынды 
тоқ  бұғақтың  шет  бүктесін  кемеріндей  жұмыр,  сұлу  иегіне  нəзік 
шұғылалы нұр шашырайды; сəл шүйіріле берген езуіне де жарығы 

9
мен  жылуы  солғындау  жұқалаң  сəуле  ұялайды.  Дəл  осы  сəтте 
сен оның мағынаға толы маңғаз кескінін кенет қызықтап, бір сəт 
именуді ұмыта жалт қарағаныңды білмей қаласың; өйткені оның 
жер  басып  жүрген  тірі  пендеге  мырза  Құдай  тым  сараң  сыйлай-
тын осынау пайғамбар пішіндес қияпатты келбеті соншалық тар-
тымды,  көзің  түгіл  көңіліңді  ұйытып,  бар  ықыласыңды  біржола 
тұтқындап  əкетеді.  Ал  енді  ол  күлкісін  тыйды  ма,  болды:  сен 
де  селт  етіп,  көзіңді  қалай  тайдырып  əкеткеніңді  тағы  да  аңғара 
алмайсың...
* * *
Осының өзі өңім бе, түсім бе?
* * *
Былай болды.
***
– Ау, қайда қашып барасың?
Жалт қарадым, институтта өзіммен бірге оқитын Бекет.
Ғафу ақынның Сафуанға арнаған бір өлеңінде мынадай метафо-
ра бар-ды: «Сорайған солтүстіктің қарағайы!»
Мынау  да  солай, «қарағайдай  сораяды».  Қашан  көрсең  де 
ұйқыдан жаңа оянғандай манаурап, ылғи кіртиіп, кілкіріп тұратын 
көзі əдеттен тыс ойнақы, қиығында бұлыңдаған түлкі-қулық бар.
Көсегесі көгере өрлей өсіп, оқымысты-ұстаз дəрежесіне жетіп, 
аты  мен  атағын  күллі  жұрт  таныған  академик  Бекет  Бекетов 
кейінірек оқыс толысып, біраз жуандап кеткенмен, шəкірт кезінде 
жұқалтаң,  денесі  сыптай  тіп-тік,  сындар,  сыпайы  жігіт  болатын. 
Менен екі-үш жас үлкен, бірақ соғыс кезінде орта мектептен əрі 
оқи  алмай,  өзі  туған  Қызылжар  маңында  əртүрлі  жұмыс  жасап, 
сол қырық бесінші жылдың күзінде Тау-кен институтына менімен 
бірге емтихан тапсырған.
Бекеттің ештеңеге алаңы жоқ, инженер дайындайтын техника-
лық оқу орнының бас қатыратын бытпылдық есеп-қисабына басы-
мен сүңгіп, батты да кетті.
Менің дедігім басқа: Сөз өнері!

10
Бекет  екеуміз  бір  столға  кеуде  тіреп,  қатар  отыратынбыз.  Ол 
математикаға,  химияға,  физикаға  жетік,  онысын  өзі  де  біледі. 
Алғырлығына аздаған мақтаныш сезімінен де құр емес, өзі тура-
лы  қаттырақ  дауыстап,  өрепкіңкіреп  сөйлейді.  Оқытушы  ақ  бор-
мен  адуындата  жазып  есеп  шығарып  тұрған  қара  тақтаға  Бекет 
əдетінше  кірбік  көзінің  астымен  кірпияздана  қарап,  осы  есептің 
ақырғы  нəтижесі  неге  соғарын  алдын  ала  болжап,  оқытушыдан 
оза, ойша шығарып үлгіріп отырады.
Менің  халім  басқа.  Тақтадан  химия  мен  физиканың  шым-
шытырық  формулаларын,  математиканың  əріп  пен  цифрға  толы 
құпия жақшалары мен белгісіз белгілерін көрсем, өз-өзімнен ұй-
қым келіп, манаурап дел-сал боламын. Көзім тақтада отырғанмен 
көңілім құла далада – КазГУ жақта тентіреп жүреді. Менің жайым-
ды бес саусағындай біліп алған Бекет:
–  Əй,  сен  сірə  осы  араға  түпкілікті  пенде  бола  қоймассың-ау, 
есебі...– деп өзінің кеудеден лықсып төгілетін ағысты дыбысымен 
ақырын лекіте күледі.
Мен оның ойын басқаға аударып, күлкісін тыймақ болам:
– Келесі лекция қай пəннен?
– Петрографиядан. Өткен жолы болмадың ғой, бүгін ше?
Мен үндемеймін.
* * *
– Ау, қайда қашып барасың?– Жалт қарадым: Бекет.
–  Қашып  бара  жатқаным  жоқ,–  дедім  мен  оны  түзеген  боп,– 
кетіп бара жатырмын.
– Какая разница!– деді Бекет. Өзі орысшаға да жетік. Сондық-
тан шығар, екі тілді араластыра сөйлейді. – Қашқан не, кеткен не, 
бəрі бір.
Мені қасынан жібергісі жоқ, қайта-қайта шұқшияды:
– Петрографияны тағы тастап кетпекпісің, сөйтіп?
– Сенен жазып алармын.
Мен институттан университетке тарттым. Петрография жөнін-
де қалды, обал-сауабын Бекетке тапсырдым, Əуезовтің лекциясы-
мен қатар келеді, қайтейін...

11
* * *
Филология  факультетінің  бірінші  курсындағы  ұлы  бар,  қызы 
бар,  елу  студент  түп-түгел,  демдерін  іштеріне  тартып,  өзара  сы-
бырмен сөйлесіп, профессор Əуезовті күтіп отыр.
Университетте  филологтар  мен  журналистер  түстен  кейін 
оқиды  екен.  Институттағы  Бекет  екеуміздің  факультетіміз  түске 
дейін еді, онда қазір соңғы лекция (Петрография) жүреді, ал мұнда 
бірінші лекция басталғалы жатыр.
«Өзім  де  бір  қумын»  деп  Тайыр  ақын  айтқандай,  мен  аудито-
рияға мыналармен аралас-құралас бірге кіріп, бəрінің ту сыртын-
дағы бір бос орынға жайғасып алғам. Өзімді қолымнан келгенше 
ешкімге  елетпей,  бөгделігімді  байқатпай, «қулығымды  асырған» 
секілді едім, бірақ əнебір орта тұста отырған ұзынтұра жігіт маған 
тура ұры көргендей сезікті кескінмен қайта-қайта бұрылып қарай 
берді. Өзі дəл осы араның Бекеті секілді серейген біреу-ау деймін, 
төңірегін тегіс тек кеудесінен ғана келтіріп, иықтан жоғарғы жағы, 
əсіресе құрықтай ұп-ұзын мойны жұрттың төбесінде сорайып, қа-
рауыл қарағандай. Маған бұрылған сəтте байқап қалам, ат жақты, 
ашаң бетінің бар көзге түсер жерін мұрын басып қалған: шоқыбел 
ұзын мұрын қабақтан төмен оқтаудай салбырай бере қақ ортасы-
нан күрт сынған да жебедей сүйір ұшымен үстіңгі ерінді үстінен 
орап барып ауызға шөккен. Сонда шынында да, бетінің бəрі мұрын 
секілденіп  кетеді.  Мұның  есесіне  беттен  көзге  тиген  орын  тым 
тапшы: пышақ сыртындай ғана жыртықтан сығырая жылтыраған 
кішкене  көз  ісінген  үлкен  мұрынға  жараспайды,  беттің  шырқын 
быт-шыт  бұзып  тұр.  Бірақ  осы  көздің  «сұлуынан  жылуы»  көп, 
ұяң, бұйығы, момын; жанарының нұры да жұмсақ, жұбау; кірпігін 
жабырқау  мұңмен  кіреукелеп,  кісіге  біртүрлі  елжіреп,  есіркей 
қарайды.
Бұл  бүгінде  есімі  мен  еңбегі  елге  мəшһүр  менің  бір  жазушы 
досымның шəкірт кезіндегі кескіні еді.
Досымның  аты – Мерген;  менен  бес-алты  жас  үлкен  болған-
мен, бес жыл бірге оқып, одан бергі ондаған жылдарды өмірде де, 
өнерде де жұп жазбастан бірге өткізіп келе жатқандықтан шығар, 
арақатысымызда  ешқандай  үлкен-кішілік  жоқ,  таза  құрбы-құр-
дастай қол ұстасып, құлын-тайдай тебісіп – бірде кісінесіп, бірде 
тістесіп қатар жүрміз.

12
Алғаш  көрген  беттегі  əлгі  қарауы  да  тегін  емес-ті,  кешікпей 
жөн сұрасып, тез танысып, тез табысып қеттік. Мерген сол кездің 
өзінде бізден əлдеқайда мазалы, ой-санасы да əжептəуір орныға, 
пісіп-жетіле бастаған, əр нəрсеге сарабдал сын көзімен қарайтын 
парасатты  жігіт  болатын.  Сондықтан  ба  екен?..  Жоқ,  сондықтан 
ғана емес, мінезінің кіділігінен, кейде тіпті тіктігінен болар, Мер-
ген шəкірт кезінің өзінде Əуезовтен басқа оқытушылардың бірде-
бірін ұстаз тұтқан жоқ. Олардың қай-қайсысы болмасын мінбеден, 
не  кафедрадан  лекция  оқып  тұрса,  бұл  аудиторияда  көптің  бірі 
боп отырып-ақ олармен пікір таластырып, кейде ап-ашық айтысқа 
түсіп, өз түйін-тұжырымдарын қолма-қол ұсынып отыратын. Лек-
тор өзін ұстаз сезініп, шəкіртке ірілік көрсеткісі, сөйтіп оны тыйып 
тастағысы келсе, бұл тура тартысқа көшеді де тіктесіп кетеді.
Бір жолы кəдімгі Белгілі Бегеймен аяқ астынан оп-оңай айқа-
сып қалғаны...
* * *
Бегей  ит  жылы  жасалған  көне  конспектісін  кафедра  үстіне 
жайып  тастап,  жайбарақат  лекция  оқып  тұрған.  Əңгіме  Жамбыл 
өлеңдеріндегі  патриотизм  жайында  болатын.  Бір  сөздің  ретінде 
Белгілі-ағай:
– Ол Отанын осылай мадықтады! – деп қалды. Тартымсыз лек-
цияны  тыңдағысы  келмей  қоңырау  күтіп,  əрең  шыдап  отырған 
Мерген:
– Мадықтау емес, мадақтау болар? – деді. Анау лекциясын үзіп, 
ажырая қарады:
– Неге мадақтау, мадықтау!
Мынаған да керегі осы екен, қасарысты да қалды:
– Жоқ, мадықтау емес, мадақтау дейді қазақ!
– Əй, сен қой! Мен не айтам, жаз соны!
– Жоқ, жазбаймын мадықтау деп, мадақтау!
– Қой деймін!
– Қойсаңыз өзіңіз қойыңыз... – дей берді де, Мерген кенет тоқы-
рады: – Жарайды, жолдас Бегей, қойсақ қоялық екеуіміз де...
Енді анау қоймады:
– Неменеге жолдас дейсің сен мені!

13
– Несі бар жолдас десем?– деп мынау қайта көтерілді.
– Немене жолдас деп, сен менімен асық ойнап па едің?
– Өзіңіз не деп тұрсыз, жолдас Бегей? Біз, айталық, сізді ғана 
емес,  Сталиннің  өзін  жолдас  дейміз...  Немене,  онымен  асық  ой-
нағандықтан жолдас дейміз бе сонда?!
Белгілі  Бегей  кенет  діңкесі  құрып,  кафедраның  арғы  жағына 
шөк етіп отыра кетті.
* * *
Сол  Мерген,  сөйтіп,  мен  сол  ортаға  алғаш  келген  күні  қо-
нақтаған  көп  құстың  ішіндегі  ата  қаз  секілді  қазықтай  шаншы-
лып, маңындағылардан бір жарым қарыс сорайып шығып отырған 
қалпы,  өз-өзінен  ойқастап,  артына  қайта-қайта  бұрылып,  маған 
қарай  берді.  Онымен  де  қоймады,  біраздан  соң  ұп-ұзын  боп  се-
рейе тұрып, менің қасыма келді. Жүзі жылы, менің көне таныс көз 
көргенім секілді, салған жерден «сенмен» сөйледі:
– Иə, хəлің қалай?
– Жаман емес.
– Осында оқуға келдің бе? 
– Жоқ.
– Тек. Онда неғып отырсың?
– Лекция тыңдайын деп....
– Е, оқу деген сол емес пе?
– Оқу дегенде... мен мұнда емес, Тау-кен институтындамын.
– Ə, Əуезовті тыңдауға əдейі келіп жүр екенсің ғой?
– Солай еді.
– Ой, азама-а-ат! – деп, ризалығын əндете айтып, – кел, таны-
салық  олай  болса,  менің  есімім  Мерген, – деп,  менің  қолымды 
алып  үлгергенше  болған  жоқ,  аудиторияға  Əуезов  кірді  де,  Мер-
ген менің аты-жөнімді естуге мүмкіндік таппай асығып, тез адым-
дап орнына барды.
Мен  де  мойнымды  ілгері  созып,  Əуезов  кіре  берген  есікке 
ұмтыла, ұмсына қарадым.
* * *
О,  ғажап!  Университет  аудиториясына  Ұлылық  кіріп  келе 
жатты... 

14
Шəкірт үшін Əуезов-ұстаздың аудиторияға кіруін бір көру...
Несін айтасың, арман ғой, арман!
Міне,  мен  сол  арманға  жеттім.  Аз  ғұмырымда  бір  мезет  адам 
айтқысыз көп дүние көргендей, алып кашқан алапат бір сезіммен 
өмірімде  тұңғыш  рет  Ұлы  ұстаздың  тірі  келбетіне  тұла  бойым 
тітіркене көз тоқтаттым...
* * *
...Көрген  жерден  көзді  арбап,  көңілді  қоса  баурап  əкететін 
ғажайып сурет – тағы да айтайын, – Əуезовтің өлшеусіз кең, керіле 
жарқыраған əжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғанай 
сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол ше-
кеде бір уыс – шөкім-шөкім көкала бұлт тəрізді көк мамық шашы.
Сократ-маңдай  деген  маңдай  болады  деуші  еді,  сол  осы  екен 
ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп...
Не деген аппақ ақ айдын, сызатсыз тап-таза, қылаусыз да шы-
лаусыз  жап-жазық  маңдай!  Бұл  заманда  көп  кездесе  бермейтін, 
мүбəда кездесе қалса да баяғыда ұмыт болған, бүгінде мүлде «мо-
дадан шығып» бара жатқан, тек байырғы Көне дүние ойшылдары-
на ғана тəн дана, даңғайыр маңдай!..
Ал шаш ше, шаш?
Төбеде  шаш  жоқ.  Шаш  шекеден  əрі  самайға,  желкеге  қарай 
ұйтқып, түтеленіп, түбіттеніп тұр. Тегі, көп түсіп сұйылыңқырап, 
селдіреңкіреп  қалған  шаш,  бірақ  осы  қалғанының  өзі  жел  қоз-
ғағандай  қопсып,  көбейіп  көрінеді  (Көзім  үйрене  келе  кейін  біл-
дім:  Мұхаң  аудиторияға  кірер  жерде  қалтасынан  тарақ  алып,  са-
май шашын төмен қарай емес, ылғи жоғары – шекеге қарай қарсы 
тарайды екен).
* * *
Ол аудиторияға көз қиығынан жылт-жылт ұшқын шашып, сол 
жақ қабағын сəл жоғары көтере жымиып, күлімдеп кірді. Біртүр-
лі бір тəкаппар, кермиық кербез пішін! Бірақ бұл рең ұзаққа бар-
мады:  езуіндегі  күлкі  ізін  кенет  сүртіп,  аздап  қабағын  шытты  да 
тамағын кенеді.
Мұнысында да тартымды паңдық бар.

15
Өзіне бəрі жарасады.
Толық дене, кең иық, көтеріңкі кеуде... Мұндай мүсінді көріп-
ақ  жүрміз,  алайда  мына  кісідегі  дəл  осы  бітімнің  өзі  өзгелерден 
оқшау, өзінше бір бөлек даралық секілденеді. Алыстан, айдаладан 
іңкəр боп, сыртынан құлай қастерлеп, көруге құмартып, əбден ар-
мандап келгендіктен бе, қайдан білейін.
* * *
Осынау  Əуезов  кірген  кең  бөлме  профессор  дəріс  беріп,  ұс-
таздық  ететін  аудиториядан  гөрі  актер  ойын  көрсететін  шағын 
клубқа  ұқсайды:  оқытушының  орындығы,  столы,  оған  жалғас 
мінбе тұрған сатылы жер сахна тəрізді, студенттер отырған залдан 
жарты метрдей биік.
Əуезов  толық  денесін  ауыр  қозғап,  ырғала  басып  барып  сол 
сатыға  шықты  да,  қолтығындағы  қалың-қалың  екі  томды  стол 
үстіне қойып, столдан арғы жұмсақ орындыққа төр жақтан кеп тізе 
бүкті. Мінбеге бармады, лекциясын сол отырған қалпында бастап 
кетті.
* * *
...Қоңырау. Əуезовтің филология факультетіндегі екі сағат лек-
циясы аяқталды. Сабақ кестесі қалтамда: ендігі екі сағат лекция-
сы – журналистика факультетінде.
Журналистердің  қайда  отырғанын  бағана  алдын  ала  іздеп  та-
уып, біліп келгем – осы оқу үйінің екінші қанатында. Мен үзіліске 
шыққан  филологтардың  арасынан  суырыла  сытылып,  сонда 
асықтым.
– Ау, қайда қашып барасың? Жалт қарадым: Мерген.
– Қашып бара жатқаным жоқ, – дедім мен оны түзеген боп, – 
кетіп бара жатырмын.
– Қашқан не, кеткен не, бəрібір, – деді Мерген. – Бізді жөнімізге 
қалдырдың ба, сөйтіп...
Аумаған  Бекет. «Қарағайдай  сорайған»  бойлары  да  ұқсас  өз-
дерінің. Енді міне, мен туралы ойлары – маған айтқан сөздері де 
ұқсас; бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.
– Ең болмаса, есіміңді де айтпай кеттің-ау, – деді Мерген.

16
– Кейін айтам, – дедім мен.
«Мені  қойшы, – деп  ойладым  ішімнен,  журналистерге  қарай 
сүріне-қабына жүгіріп келе жатқан бетім, «сорайған солтүстіктің 
қарағайын» көз алдыма елестетіп.– Менің есімімде не тұр, кейін 
білежатар. Ал өзінің аты қандай əдемі: Мерген, Мерген!..»
* * *
«Өзім де бір қумын» деп Тайыр ақын айтқандай, мен аудитория-
ға  үзіліс  кезінде  журналист-студенттермен  аралас-құралас  бірге 
кіріп,  бəрінің  сырт  жағындағы  соңғы  қатардың  бір  бос  жеріне 
жайғасып  алдым.  Өзімді  қолымнан  келгенше  ешкімге  елетпей, 
бөгделігімді  байқатпай, «қулығымды  асырған»  секілді  едім,  оң 
жақ бүйірімде отырған бір қарасұр жігіт маған тура ұры көргендей 
сезікті кескінмен қайта-қайта қадалып қарай берді.
Қарасұр жігіт бір көрмеге əп-əдемі: қыр мұрын, атжақты, ашаң. 
Көзінің  шарасында  ақыл  мен  ашу  оты  аралас  жанады. «Ашу-
сыз – ақыл тұл» деген бар, асылы, ақыл оты маздаған жерде ашу 
шоғы қосыла қоздаса, сол – абзал! Жалғыз-ақ, осы жігіттің осы-
нау əп-əсем кескін-кейпінде «осы қалай» бір жер бар: неге екенін, 
неден  екенін  кім  білген,  көзінің  асты  көне  сырнайдай  жиыры-
лып  жатқан  кыртыс-қыртыс  əжім.  Əжімнің  қалыңдығы  сондай, 
күзгі таң атып, күн шыққанда шөп басын шиырлай шырмай жүзіп 
жүретін  шұбалаң  мизам  секілді  көз  маңын  түгел  айғыздағанмен 
тұрмай  үстіне  шығып,  кірпікке  ілініп,  көздің  қарашығын  шыра-
сымен  қоса  жасырып,  жым-жылас  қымтап  тастайды  екен.  Сон-
да бұл жігіт əлденеге əсерленіп немесе шабыттанып, жан-жағына 
ұшқындай қарағанда болмаса, оның көзі көбіне ашық емес, жабық 
тұратын секілді еді. Ал қазір соған қарама-қарсы, көз маңындағы 
көп  əжімді  сырнай  қатармаларындай  жиып-серпіп  жіберіп  көз 
аңғалағын аршып алды да, «сен кімсің өзің, əбден танып алайын» 
дегендей, маған кірпік қақпастан тесірейе қарады. Бара-бара тіпті 
бажырая бергесін қайтейін, аздап ызам кеп мен де жалт бұрылып, 
көзімді мен де кеңірек ашып едім, бəрібір міз бақпады, сол қадалған 
қалпы, бас жоқ, аяқ жоқ:
– Есенбісің, ей, жігіт! Мені білесің бе? Менің атым – Есенбек! – 
деп, көз сырнайын сəл жаза түсті де, қайта жиырып алды.

17
– Есенбек болсаң қайтейін, – дедім мен, – ал!
Менің  сол  жағымда  тамағының  асты  бақа  жұтқан  жыланның 
бауырындай солқылдаған бұғақты біреу отыр еді, Есенбек маған 
деген күдігін соған төбемнен асыра түңіліп айтты:
– Əй, мынау анау боп шықты!
Бұғақты  мұны  түсінбеді,  құр  көзін  тосырайтты  да  қойды, 
үндемеді. Мен туралы айтылғанмен, мен де түк түсінгенім жоқ. Ал 
енді бар ма, өзі айтты демесең, – «анауы» кім, «мынауы» қайсы, – 
соны, Құдай біледі, Есенбектің өзі де түсінбеген шығар.
* * *
Ұлы бар, қызы бар – елу шəкірт (менімен елу бір, əрине) орын-
дарынан ұшып-ұшып тұрған; аудиторияға Ұстаз кірген екен.
* * *
Мұндағы лекция да қазақ фольклорынан еді. Мұндағы лекция-
ның тақырыбы да сол филологтарда талданған тақырып-ты, сон-
дықтан мұндағы лекцияның да жалпы сипаты – мазмұны мен піші-
ні,  негізінен,  филологтардағы  лекцияны  амалсыз  қайталағандай 
еді. Бірақ шеберге, шешенге дауа бар ма, кең қамтып, шабыттана 
шалқып, көсіле жөнелгенде бұрын айтылған жайлардың өзі су жа-
ңа жаңғырып, түлеп, жасарып, бұрын көрінбеген жаңа қырларын 
ашып  бара  жатты.  Əуезовтің  əр  сөзін  алтынға  балайтыным  сон-
дай, мен тағы да əлгі филологтар арасындағы əрекетімді қайталап, 
лектордың аузынан шыққанның бəрін дəптеріме жан ұшыра жаз-
ып ала бердім. Тіпті басымды көтермеймін, ешкімге қарамаймын, 
құлағымда тек Əуезовтің үні ғана, өзіммен-өзім...
Бүгінгі, алғашқы əсеріме бақсам, Əуезовтің даусы маған жуан 
дене  бітіміне  сəйкеспейтін  жіңішке  де,  шабан  жүріс-тұрысына 
кереғар  біртүрлі  шапшаң,  тақылдаған  тынымсыз,  асығыс  тəрізді 
көрінді.
Бағана да байқағам, бұл кісі лекция оқығанда алдында – ауди-
торияда  отырғандарға  көп  көз  тоқтатпайды;  оң  жақ  миығын  сəл 
көтере бере кірпігіне, қабақта кенет пайда болған қиғаш сызықтарға 
кіреуке мұң жинап, əлденеден біртүрлі бір жапа шеккендей, зəбір 
көргендей  аянышты  (сонысының  өзі  жан  тебірентер  жайсаң!) 

18
күйге түсіп, тамағын бірер кенеп алады да, ой толы көзін біресе 
терезе  жақтауларына,  біресе  төбенің  бұрыш-бұрышына,  біресе 
есік  маңдайшасына  жайлап,  жағалай  қыдыртып  отырып  сөйлей 
береді. Сөйлеген сайын соныға түсіп, парасат əлеміндегі қайдағы 
бір қиырды кезіп, шиырды шарлап кете барады. Тыңдаушы оның 
ой жетегінде жаһанды кезеді: көрмегенін көреді, білмегенін біледі.
Тыңдаушыға  кейде  мынадай  ой  келеді:  осы  кісіге  осынау  ке-
нен ойлар жаңағы өзі көзімен қыдырып отырған не терезеден, не 
есіктен, не төбеден – осы бөлменің бұрыш-бұрышынан ауа арқылы 
ауадай түссіз халде ағыл-тегіл құйылып келіп тұрмай ма екен?
Əне,  ол  терезеге  қарап,  сəл  кідірді.  Сөйтті  де  көкейіне  дереу 
тағы  бір  құшақ  шындық,  сыр,  ой,  парасат  құйылып  кеткендей, 
тағы да қабағын аздап шытынып, тамағын бірер кенеп ап, тағы да 
төгіле сөйлеп кетті. Біз өмір мен өнердегі трагикалық, героикалық 
категориялардың  ұшын,  ұшығын  қуып,  тағы  да  жер-дүниені 
шарлап,  кезіп  кете  бардық.  Бірде  атам  заманғы  Эллада  елінен 
шығамыз,  бірде  қайқы  қылыштары  қарш  ұрысқан  Орта  ғасырды 
аралаймыз, енді бірде Ояну дəуірінің тылсым тереңіне сүңгіп ба-
рып, Ренессансқа қалқып əрі шалқып шығамыз...
Осының бəрі бір ғана ауыз əдебиетінің эстетикасы деген тақы-
рыпта толғанып отырған сыр, толассыз тасқындаған жыр.
* * *
Ол  сөйлеп  отыр.  Мен  енді  журналист-шəкірттер  арасына  ты-
ғылып ап жазып отырмын. Тіпті басымды көтере алмаймын, жа-
зам,  жаза  берем.  Дəлірек  айтсам,  лектор  тіпті  бас  көтертпейді, 
төгіп  отыр,  төгіп  отыр...  Ғұламалық  осы-ау,  шамасы!  Бұл  не  де-
ген  көл-көсір  білім,  ілім,  ғылым,  жаным-ау!..  Айттым  ғой,  бас 
көтертпейді, төгіліп-құйылып тұр.
– Сен бала, басыңды көтер, бері қарашы!
Масқара! Мұнысы несі? Я, сол – өзі, Əуезов, соның даусы. Лек-
циясын  кілт  үзіп,  залдағы  əлдекімге  ажырая  қарап,  əмір  берген-
дей. Үні қатқыл, тақ-тақ етіп ренішті шықты. Кімге айтты, кімге 
ренжіді? Зəрем ұша бастады. Басымды көтерместен көзімнің асты-
мен  алдымды,  жан-жағымды  сүзе  қарадым.  Оң  қапталымдағы 
манағы  қарасұр  жігіт – Есенбек–  дəл  сол  манағысы:  маған  тура 

19
ұры  көргендей  сезікті  кескінмен  қадала  қарап  отыр.  Мұныкі  не? 
Бағанадан  бері  көз  алмай  əлі  қарап  отырғаны  ма  маған?  Бұған 
не  жаздым  мен?  Жəне  өзі...  тап  осы  жолы  мені  анық  келеке 
ғып,  іштей  табалап  күлетін  секілді:  көзінің  астындағы  көлденең 
сызықтар көбейген үстіне көбейе түсіп, «көзсырнайдың» қыртысы 
қалыңдаған үстіне қалыңдап кеткен.
– Ал, тұр! – деді Есенбек іштей «шоқ-шоқ» мысқылмен,– саған 
айтып отыр ғой, тұрсайшы!
«Тек! Не дейді? Неге маған?!»
– Жə, сен! – деді Əуезов. – Саған айтам, тұршы, қане! Орным-
нан қалай ұшып тұрғанымды білгенім жоқ.
Аудиториядағы  елу  жұдырықтай  жұмыла  төңкеріліп,  маған 
желкелерін ғана көрсеткен елу адамның елу бет-жүзі елу алақан-
дай ашыла шалқалап маған қарады. Алдымда – алыс сəкі үстінде-
гі  Əуезов  те  маған  қарап  қалған.  Оған  мен  де  қарадым,  бірақ 
басым айналып, ұяттан өртене жаздап, кенет көзім қарауытты да, 
оның бет-бедері бұлыңдап, маған анық көрінбей қойды.
– Сен бағана басқа аудиторияда емес пе едің? Мен «иə» деген-
дей бас изеген болуым керек.
– Енді мұнда не бітіріп жүрсің?
«Бітіріп»  деген  бір  сөз  маған  сол  бойда – Əуезовтің  аузынан 
шыққан сəтте аса ащы əсер етті. Шоқ басып алғандай ыршып түсе 
жаздадым.
«Бітіріп», «бітіріп...»  О  не  дегендегісі?! «Бітірейін», «бітір-
мейін»... Кімнің қандай ақысы бар мұнда? Əуезовтің, менің аяулы 
арманымның аузынан шығатын сөз бе осы?..
Əрі зəбірлендім, əрі намыстандым.
«Жоқ, тоқташы, – деймін іштей өзіме-өзім. – «Бітіріп» деген бір 
сөзде не тұр? Əшейін айтыла салған-ды».
«Жоқ,  тоқта! – деймін  тағы  да  іштей  өзіме-өзім. – Неге 
əшейін? Неге айтыла салады жайдан-жай?! Əуезовке, басқа емес, 
Əуезовке... нені де болса əшейін айта салуға бола ма екен!..»
Осы  бір  оқшау  сезім,  дəлірек  айтқанда,  ішкі  бір  түкпірімде 
əлдеқашан ұмыт қап бұғып жатқан оқыс тентектік аяқ астынан оя-
нып, бетімдегі ұят пердесін қас қағымда сыпырып тастаған болса 
керек, мен енді өзімнің біртүрлі меңіреуленіп, өз-өзімнен безеріп 
алғанымды түйсіндім.

20
–  Жə, – деді  Əуезов  те  осыны  сезгендей, – отыр!  Жалғыз-ақ, 
лекциядан кейін сыртқа шық, маған жолық!
Елу  «алақан»  елу  «жұдырыққа»  айналып,  қайта  төңкеріліп, 
түп-түгел төмен дөңгелеп кетті. Лекция қайта жалғасты.
Мен  сылқ  етіп  отыра  кеттім.  Ұятым  дереу  қайта  оралған-ды, 
бетім лап беріп, жалын шарпығандай ду-ду етті.
* * *
Лекция  бітті.  Аудиториядан  əуелі  Əуезов  шықты.  Содан  соң 
студенттер жапа-тармағай есікке қарай лықсыды. Елу бала аудито-
рияны босатып болғанша бірнеше минут өткен, соңын ала жайлап 
басып мен де шықтым.
Əуезовтің  қолтығында  сүрік  мұқабалы,  қалың-қалың  екі  том, 
аудиториядан шыға бере артына қарайлап мені күткен екен, көре 
сала:
– Жə, сен бала менімен жүрші, былай! – деп қатқылдау əмір ет-
ті де, сыртқы есікке қарай басты.
Жүрегім тағы дір етті. Бірақ не де болса, əйтеуір, басқа емес, 
Əуезовпен  бірге  кетем  ғой  деген  ой  жүрегімді  орнына  апарып 
орнықтырды да, əміршімнің соңынан үн-түнсіз ере бердім.
* * *
Біз  шыққан  үй  Совет  көшесінің  бойында,  дəлірек  айтқанда, 
Совет  көшесінің  Ленин  даңғылымен  батыстан  кеп  қиылысқан 
бұрышында – университеттің  бас  корпусы:  сегіз  баспалдақты 
кіреберісіндегі  маңдайшасын  төрт  колонна  тіреп  тұрған  орта 
тұсы – екі  кабат,  ал,  əрқайсысында  бір-бірден  мезонині  бар  екі 
қанаты – бір-бір  қатардан,  бірақ  көне  стильде  біршама  биік 
талғаммен салынған еңселі, жалпы тұрқы орнықты орда.
Мезгіл  күз, 1945 жылдың  қазан  айы.  Бұл  тұстағы  елдің  күллі 
тіршілігі  тек  қана  Қазан  революциясымен  байланыстырылады. 
Алматы да бұл күндерде жылма-жыл тойланатын Қазан револю-
циясының сол кездің ұранымен айтқанда Ұлы мерекесіне дайын-
далып  жатыр.  Көшелер  күн  сайын  құбылып  барады.  Əлгі  біз 
шыққан  үйдің  де  маңдайшасында  Қазан  революциясына  арна-
лып  құттықтау  жазылған  көш-құлаш  қызыл  шыт  керіліп  қалған. 

21
Адам атаулының аузында – революция, революция көсемдері Ле-
нин, Сталин... Бұлар туралы адам тұрмақ, тастар сөйлей жаздайды. 
Əлгі біз шыққан үйде революцияға дейін Верный гимназиясы ор-
наласыпты. Гимназияда революционер Михаил Фрунзе сегіз жыл 
(1896 - 1904) оқыпты, оны шойын тақтаға ойып жазып, босағаға 
шегелеп  қойыпты.  Ал  революционер  Ораз  Жандосов  он  жыл 
(1908 - 1918) оқыған екен, ол туралы дым жоқ. Өйткені ол – халық 
жауы, тіпті атын атауға болмайды.
Революциядан кейін бұл үй Қазақ өлкелік комсомол комитеті-
нің  меншігіне  тиген  де,  мұнда  комсомолдың  алғашқы  уездік, 
облыстық съездері жəне тұңғыш қалалық конференциясы өткен... 
Қысқасы, университеттің бас корпусы – талай тарихи оқиғалардың 
куəсі һəм ұясы болған салтанатты сарай.
Бұл үйден шыға бергенде – парк, парктің ішінде көк мұнаралы, 
көп күмбезді биік шіркеу тұр.
Шіркеу  туралы  да  аңыз  көп.  Ең  қызығы – айналасы  ат  шап-
тырым  кең,  үзбелі  үшкір  шпильдері  көкке  шаншылған  зəулім 
шіркеудің өнбойына (не қабырғасына, не төбесіне, не терезесіне) 
бір де бір шеге кағылмаған деседі; бұрыш-бұрышының бəрі қима 
қарағаймен  қиюласып,  жымдасып,  өзара  бірігіп,  кірігіп  кеткен 
көрінеді.
–  Мұндай  да  шеберлік  болады  екен-ау! – деп  аңыздаушылар 
ауыздарын ашып, көздерін жұмады.
* * *
Университеттен  шыққан  бетте  Əуезов  паркке  қарай  жүрді. 
Келе  жатып  көз  қиығымен  менің  бас-аяғымды  барлап,  бағамдай 
қарап қояды. Мен үндемеймін. Біразға дейін ол да үндемеді. Сол 
күйімізбен  келіп  парктің  бергі  шетіндегі  бір  ұзынша  орындыққа 
шалқайып арқа тіредік.
– Жə, – деді ол мені қатарына отырғызып, бар денесімен маған 
бұрыла  қарап.  Əдет  шығар, «жə», «бəлі»  деген  одағайларды 
орынды-орынсыз жиі айтады екен. – Жə, сен өзің екі факультетте 
қатар оқып жүрген студентпісің, қалай сонда?
Ауылда  жеке  меншіктің  ешкісін  баққан  бір  сақау  кемпір 
ешкілерін қасындағы немересіне санатып, немересі:

22
– Қырық, – десе, кемпір шошып кетіп:
–  Қой,  неге  аз...  қиығы  несі,  отыз  бай  шығай!.. – деген  екен. 
Сорлы кемпір отызды қырықтан көп деп ойлайтыны ғой.
Сол секілді, университеттің екі факультетіне институттың тағы 
бір факультетін қосып, «үш жерде жүрмін» деп қалжыңдар едім, 
оған  дəрмен  қайда?  Өзім  өлшеусіз  үлкен  көретін  адамның  мысы 
басып,  жиі-жиі  тілім  күрмеліп,  өз-өзімнен  сасқалақтап  отырып, 
əйтеуір, өз жайымды бірдеңе етіп түсіндірдім-ау деймін. Өйткені 
оның ойлы көзінде маған деген кешірім, тіпті азды-көпті мейірім 
ұшқындары  жылтылдай  бастады.  Мен  Əуезовтің  есімін  мектеп 
қабырғасынан  қастерлеп,  əсіресе  «Абай»  романын  оқығаннан 
кейін-ақ  осыны  жазған  адамды  көруге  қатты  іңкəр  болғанымды 
айтқан  тұста  ол  тамағын  қайта-қайта  кенеп,  қалың  еріндерінің 
ұшына жып-жылы күлкі жинап, тосын көзге түсініксіздеу езу тартты.
Үлкен кісінің мынау болмашы жымиюының өзі-ақ мені бірша-
ма өзіне жақындата түскендей еді. Бірақ, қанша дегенмен, бір лек-
циясын екі рет тыңдағаным үшін оның менен осынша сезіктенген 
себебін  сонда  да  түсіне  алмап  едім,  оны  бірнеше  жылдан  кейін 
ғана, өзімен қызметтес боп, етене араласқан соң барып бір сырла-
суда өзі əңгімелеп айтып берді.
* * *
Совет көшесімен келіп, Панфилов көшесіне бұрылдық та жо-
ғары өрледік.
– Сен, сөйтіп, басқа жерден келіп жүр екенсің ғой.
– Иə, – дедім мен, – Тау-кен институтынан.
– Онда неге түстің?
– Инженер болғым келеді.
Аяқ  астынан  пысып,  осы  сөзді  тым  пысық,  шамадан  тыс 
тақылдаңқырап айттым-ау деймін, оның күлімдеген көз қиығында 
ап-ашық мысқыл ұшқындары жылтылдады.
Байқаймын,  алғашқыдай  емес,  бойымды  билей  бастаған 
секілдімін. Үлкен адамның бетіне, тіпті оның көзіне дейін тіктеп, 
бұрынғыдан батылырақ, анықтап қарай бастағандаймын.
Оның  үстіне  албырт  кеудеме  аңғырт  мақтаныш  кіре  бастан-
нан  да  сау  емеспін.  Астанадамын.  Жасыл  желек  жамылған  жер 

23
бетіндегі ең сұлу қала Алматы көшесінде алшаң басып жəне анау-
мынау емес, тұп-тура Əуезовтің қасында, қатарында келе жатыр-
мын. Қарап келе жатқаным жоқ, сөйлесіп келе жатырмын. Сөйтіп, 
күні  кеше  аспандап,  алыс  ай  қасында  бұлыңдап  тұрған  арма-
ным,  міне,  жерде;  мен  арман  аясында  келе  жатырмын.  Ұйтқып, 
əр тарапқа бір алып қаша жаздаған ойыма жоқ жерден өлең орал-
ды. Ол кеше түнде – жатақханада – кереуетте жатып, аса қызығып 
оқыған өлеңім. Пушкиндікі – «Қысқы жол»; өзі бір əдемі аударма, 
жадымда жатталып қалыпты:
 
«Тұнжыраған тұманнан,
 
Ай бұлыңдап шығады. 
 
Төңірекке мұңайған, 
 
Мұңды сəуле құяды».
Жоқ, менің Ай-арманым мұнарта бұлыңдамайды, анық, ашық, 
қасымда, тіпті құшағымда; ол маған сəуле шашады, бірақ «мұңды 
сəуле» емес, арайлы ақ сəуле, алтын шапақ, шүлен шұғыла...
Бағана бір уыс боп, үреймен бұғып жата қалған жүрегім енді 
əлденеге алып ұша бастады: ойнайды, ойнақтайды. Көкірегімнің 
бұл сəттегі лүпілі бағанағыдан мүлде басқа; тынысым тарылмай-
ды, кеңи түседі.
Əлгібір аяқ астынан тап болған тентек мақтаныш мені осындай 
көңіл күйіне түсірді. Көшедегілер Əуезовке қарайды, бəрі де бұл 
кісіге дəл мен секілді қызыға, қызғана қарайды. Қарсы келгендер 
кенет  қысылып-қымтырыльш, «бетегеден  биік,  жусаннан  аласа» 
бола  ғап,  соншалық  бір  ілтифат-ибамен  жылы-жылы  сəлемдесіп 
өтеді. Болғаны сол. Ал мен болсам, міне, Əуезовтің қасында – оған 
еркін еріп келемін. Бұған қалай мақтанбайын!
– Инженер дейсің, сонда қандай инженер болғың келеді?
– Мұнай инженері болсам деп едім.
– Ə, сен мұнайшылар əулетіненсің бе?
– Иə, Ембіден едім.
– Ембі дегенің Жем – Жайық атырабы ма, ə анау Мəскеуге барар 
теміржол бойындағы бекет пе?
– Жоқ, мұнайлы Ембі: Еділ – Жайық, Жем – Сағыз, Ойыл – Қиыл...
– Бəлі, Махамбет туған жер, Құрманғазы өскен десейші.
– Солай! – дегенімде даусым тағы да көтеріңкі шықты.

24
–  Е,  ол  бір  тарихы  тереңде  жатқан,  тағдыры  қиын  əрі  қызық 
өлке. Даңқты, дəстүрлі жұрт. Қазақ эпосының бір алуан қайнары 
– сол атырап...
Асылы,  нағыз  ірі  қазақ  қойлы  ауылдың  қотанын  ғана  шағын, 
тар  емес,  өзінің  Отанындай,  яки  қазақ  даласындай  байтақ,  кең. 
Ол өзінің туған халқын жерге, жүзге, жікке бөлмейді. Бəрін бір-ақ 
құшақтайды. Айтты-айтпады, əр аймақты шынында да «география-
сына  қарай  емес,  биографиясына  қарай»  байыптап-пайымдайды. 
Əуезовтің əлгі сөзінен іштей осыны сезіп, түсініп келе жаттым.
– Мұнай инженері дейсің, сен түскен институтта мұнай факуль-
теті жоқ емес пе? – деді ол бір кезде.
– Иə, жоқ.
– Онда қайтіп мұнай инженері болмақсың?
Мен өзімнің балаң ойлап-қорытқан байлауымды айттым:
–  Биылша  Алматыда  бола  тұрып,  Сіздің  лекцияларыңызды 
түгел тыңдап алам да келер жылы Мəскеуге – Мұнай институты-
на көшіп кетем.
– Бəлі! – Ол көзі жасаурап, бар ықыласымен рақаттана күлді. – 
Е, өйткенше университетке түсіп оқымайсың ба?
* * *
Панфилов көшесімен Опера театрының алдына жете бере сол 
қолға  қарасаң – үш  қабат  тұрғын  үй...  Бұл  үй  көнелеу,  қызғылт 
қаңылтыр шатырлары тоза бастаған, бірақ қаланын кақ ортасында 
тұрған соң болар, əжептəуір күтімі бар, сырт сылауы жаңа жаңғыра 
беретін секілді. Көзге жылы ұшырайды.
Əуезов  осы  үйдің  орта  тұсында – үшінші  қабатында  тұрады 
екен.
Біз осы үйдің алдына келдік.
Үйдің  төменгі  қабатында – аралары  алшақ-алшақ  үш  есік; 
ортадағы  есіктен  кірсең,  мəрмəр  баспалдақпен  Əуезовтің  үйіне 
көтерілесің. Дəл осы есіктің алдында көкке бойлап, қаз-қатар үш 
ағаш  өскен:  екеуі  үйеңкі,  екі  үйеңкінің  аралығында – қара  ағаш. 
Осы үш ағаштың шығыс жақ шеткісі мəңгі-бақи есімде қалды.
Ұшар  басындағы  қайқы  бұтақтар  биік  үй  шатырына  асылып, 
жапырағын жоғарыдан төмен төгіп-төгіп жіберген жуан үйеңкінің 

25
қабығы  крокодил  жонындай  шұбартқан  тығыз,  мығым  дүміне 
құшақ  жетпейді.  Осы  дүм  Əуезовтің  шынтағының  тұсынан  екі 
айырық айыр: ортасына кілем жапса, малдас құрып кісі отырғандай 
немесе  текшелеп  жүк  жиғандай.  Əуезов  қолтығындағы  қалың-
қалың екі томды осы айырыққа қойды да өзі соған шынтағын тіреп 
демалып, көруге көз керек сұлу театрға, одан əрі театрдан да сұлу 
тауға қарап, бірауық үнсіз ойланып қалды.
Менің ойыма тағы да өлең оралды:
«Ойшыл орман мүлгіп-қалғып, 
Төңіректің сырын аңдып...»
Жоқ,  дəл  қазір  төңіректің  сырын  аңдып  тұрған  «ойшыл  ор-
ман» емес, ойға шомған Əуезов. Бірақ бұл мүлгіп-қалғып тұрған 
жоқ,  ояу;  ойлы  жүзі  сəл  сынық,  бұйығы,  бет  құбылыстары  баяу, 
бірақ ояу... Бұл емес, бұл сыр тартып тұрған төңірек қоңырқай кеш 
кіреукесіне бөленіп, мүлгіп-қалғып бара жатқан...
* * *
Осы кісіде бір оқшау мінез бар секілді. Университеттен шық-
қалы  өкшелеп  еріп  қасында  келе  жатып  мен  соны  аңғардым.  Ол – 
осы  кісінің  жиі-жиі  өзімен-өзі  боп,  өз  ішіне  өзі  үңіліп,  өз  ойы-
на өзі шырмалып қала беретіні. Сөйлеп келе жатып та өзімен-өзі 
боп кетеді. Бір нəрсені сұрайды; бұл сəтте əрі кетпей, бері келіп, 
кəдімгідей  ынталана  шұқшиып  сұрайды.  Бірақ  сұрағына  жауап 
алған бойда тағы да соны өзінше пайымдап, тағы да оғаш қалады, 
іштей оқшауланады. Қызық.
Бағана паркте менің «Абай» романын оқығанымды біліп, бір-
түрлі  жібіп,  жүзі  жылып  отырды  да  кенет  үзіп  алғандай,  мен 
күтпеген оқыс сұрақ қойды:
– Бірден түсіндің бе? Жə, сен со кітаптың алғашқы бетін ашып 
оқығанда ə дегеннен, салған жерден бəріне түсіне кеттің бе?
Мен  əуелі  не  деп  жауап  беруді  білмедім.  Романның  жадым-
да  жатталып  қалған  алғашқы  қайырымын  еске  түсірдім: «Үш 
күндік  жолдың  бүгінгі,  соңғы  күніне  шəкірт  бала  барын  салды. 
Қорықтан  күн  шыға  атқа  мінейік  деп  асыққан-ды.  Бұны  қаладан 
алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзі 
оятып тұрғызып еді».

26
Үш сөйлем. Үш сөйлем де қорғасыннан құйылғандай ап-ауыр. 
Үш  сөйлемде  бірін-бірі  толықтырып,  бірін-бірі  жалғап,  өрбітіп 
əкетіп жатқан үш түрлі мағына, мазмұн бар. «Бар, кел, жүр, тұр» 
дегендей  жалаң,  тіпті  жалаңаш  тұрған  анық  мағына  емес,  күр-
делі,  астарлы  мазмұн.  Əңгіме – жүргіншілер  туралы.  Жүргінші 
болғанда...  бір  бала,  шəкірт  бала...  Жол  ұзақ,  үш  күндік  жол. 
Соның  бүгін  соңғы  күні.  Соған  əлгі  бала  «барын  салды»  дейді. 
О немене ол – «барын салды» деген? Демек, жік-жапар боп, ты-
пыршып, асығып жүрген болды ғой шамасы. Бірінші сөйлемдегі 
осы  мағынаны  екінші  сөйлем  іліп  əкетіп,  айқындайды.  Жолау-
шылар Қорық деген жерге аялдаған-ды, содан күн шыға бере əлгі 
бала асығып, дегбірі қалмай, өзімен бірге келе жатқандарды «жүр-
жүрдің» астына алған тəрізді. Үшінші сөйлем осы мағынаны одан 
əрі жалғағанда бұлардың бұдан екі күн бұрын қаладан шыққаны, 
мына бала қалада оқып жүрген шəкірт екені, мұны қаладан ауылға 
алып қайтқалы Байтас деген ағайыны барғаны, бүгін сол Байтасты 
да мына бала елең-алаңнан жұлқылай оятып:
–  Тұр,  тұршы  Байтас-аға,  атқа  мінейік,  жүрейік,  тезірек  елге 
жетейік! – деп дігірлеп, алып ұшқаны, күйіп-піскені мəлім болады.
Мəлім  болады  демекші,  осынау  бір  қайырымдағы  үш  сөйлем 
арқылы  Семейден  Шыңғыстауға  қарай  үш  салт  атты  жіті  жүріп 
келе  жатқанын  оп-оңай  мəлімдей  қоюға  болатын  еді  ғой.  Алай-
да автор олай етпейді. Шындықты қаз-қалпында қасаң сөздермен 
сірестіре  хабарлай  салмайды.  Бір  қайырымдағы  үш  сөйлемге  де 
жан бітіреді, үш сөйлемді де қимылға көшіреді. Сонда əр сөз ой-
найды.  Ойнаған  сөздер  оқушыға  ой  салады.  Ойланған  оқушы  əр 
сөзге  жай  көзбен  емес,  көңіл  көзімен,  көкірек  көзімен  қарайды. 
Сөйтіп ол əр сөздін мəлімдемесі ғана емес, мəмілесіне, астарына 
үңіліп барып, мағына қиырына, мазмұн шиырына тереңдейді...
Кез-келген  қаламгердің  қолынан  келе  бермейтін  осындай  ке-
ремет  көркемдік  күшпен  жазылған  «Абай»  романының  əр  сөзін, 
əр сөйлемін кез келген оқушы оп-оңай түсініп, оп-оңай қабылдай 
қоймайды, əрине. Əр сөздің, əр сөйлемнің үстінде емес, астында 
жатқан  астарлы  мағына  мен  мазмұнның  байыбына  тереңдеп  ба-
рып, Əуезовтің бейнелі ойы мен суретті сөзінің сырын, сиқырын 
сезіну,  түйсіну  үшін  оқушыға  бірқыдыру  эстетикалық  дайындық 
керек əлбетте.

27
Осының бəрін табан аузында қайдан тауып айтып берейін. Сон-
дықтан Əуезов маған:
–  Бірден  түсіндің  бе?... – дегенде,  не  деп  жауап  берудің  ба-
бын таба алмай, əлгідей ойлы-қырлы ойға шомып, өз ойыма өзім 
малтығып біраз үнсіз тұрдым да, ақыр-аяғында «иə» дегендей бас 
изедім.  Бірақ  ол  мұны  жауап  деп  қабылдаған  жоқ.  Мен  жауапқа 
ойланған  болсам,  бұл  да  өз  сұрағанынан  туған  өз  ойын  іштей 
сабақтап отырған қалпы:
–  Маған  оқушыларым  хат  жазады, – деп  мені  көзей  берді. – 
Сіздің романды бір оқығаннан түсінбедік, бір емес, екі, үш мəрте 
оқып барып əрең түсініп жүрміз деседі. Бұл қалай сонда?
Дір ете түстім. Япырмау, бұл не деген сұңғыла жан деп ойла-
дым: мен де сөйтіп едім-ау, мен де екі-үш рет оқып жəне оқыған 
сайын тереңдеп түсініп едім-ау! Əлгі бір шым-шытырық ойым да 
дəл  осы  «қитұртқыдан»  туған  жоқ  па?  Сонымды  неге  айтпадым 
жаңа? Бəрібір, мен айтпасам да біліп отыр соны, үстінен дəл түсіп 
отыр.
Дегенмен  ол  енді  менің  мойындауымды  қалаған  жоқ,  əлгіден 
əрі қарай жауап та күткен жоқ, тағы да өзімен-өзі боп, өз сұрағына 
өзі жауап берді:
– «Абайды» көз тоқтатып емес, көңіл тоқтатып оқу керек екен 
деседі əлгілер. Дұрыс айтады. Сөздің ғана емес, сөзбен салынған 
суреттің  астын  аударып,  астарын  түсіне  білу  керек. «Абай» 
оқушысын сонда ғана қызықтыра алады.
Менің ойым да дəл осы еді. Бірақ мен айта алмадым соны; өзі 
айтты. Ал осының өзі мені кері серіпкен жоқ, іштей құлата жақын 
тартты.  Соның  əсерінен  менің  ойымда,  сезімімде  біртүрлі  бір 
еркіндік, тұсау кесер батылдық пайда болды. Мен аяқ астынан ро-
ман авторының ойымен оп-оңай ортақтаса бере:
– Кітапты оқушы ғана сынамайды, оқушыны сынайтын да кітап 
болады! – деп қалдым.
Ол маған жалт қарап:
–  Бəлі,  мынау  бір  піскен  пікір  ғой! – деді.  Сұлу  беті  бал-бұл 
жанып,  əлденеге  ризалықтан  туған  ішкі  бір  əсем  сезім  лып-лып 
сыртқа тепкендей. Көзінде жан тебірентер жылылық бар.
– Жə, жүрелік, – деп орнынан тұрды.

28
* * *
Қайда? Қалай қарай жүреміз? Менің не керегім бар? Білмедім. 
Ол «жүрелік» деді, мен ере бердім.
Еріп келе жатып, осы кісіге мен əлгіде университеттен шыққа-
лы бері не айтып, не қойдым, бірауық соны есіме түсіріп көріп едім, 
осы сөздерімді өзім жатырқадым. Оларды мына кісінің қабылдауы 
да бір түрлі сүле-сапа, салғырт секілді. Мен тағы ыңғайсыздандым. 
Бақсам,  бір  сөздің  ретінде  «инженер  болғым  келеді»  деп  тақ-тақ 
етіппін. Ол мысқылмен жымия күлді. Бірақ үндемеді. Өзімен-өзі 
боп кетті. Мен тағы да ештеңеге түсінгенім жоқ.
Тағы  бір  сөздің  ретінде  мен  «биыл  Сіздің  лекцияларыңызды 
тыңдап алам да, келесі жылы Мəскеуге – Мұнай институтына көшіп 
кетем» дегенімде, ол мұнымды ерсі көріп күлді, бірақ «өйт, бүйт» 
деп  түзеткен  жоқ. «Өйткенше  университетке  түсіп  оқымайсың 
ба?»,– деді де қойды. Одан əрі тағы да өз ішіне өзі үңілді.
Енді, міне, ұзын-ұзын екі білегін екі жаққа айқара ашып құшақ 
жайғандай  айыр  үйеңкіге  сүйеніп,  тағы  да  үнсіз,  өзімен-өзі  боп, 
ойланып қалды.
Мен  дəл  осы  арада  іштей  өзімше  бір  түйін  түйіп  тұрдым: 
«Абайдың» екінші кітабын жазып жүр деуші еді, жатса да, тұрса 
да есі-дерті со болар, өзі осы арада – үйеңкіге сүйеніп тұрғанмен, 
көңілі шартарапты шарлап жүрген-ді. Əне, Алатауға қарады, қарлы 
шыңдарға көзін ғана қадаған жоқ, қиялын да қияға самғатып, ойын 
одан əрі асыра парлатып əкеткен-ді...
* * *
Ойшылдың қасында тұрсаң, ойсыз тұра алмайсың. Мұхаңның 
ойға шомған маңғаз, мағыналы келбетіне қарап мен де ойландым: 
Гюстав Флобердің «Бовари – мен» деуі, Лев Толстойдың «Наташа 
Ростова – өзім» дейтіні тегін емес. «Абайдағы» тасқа қашалғандай 
таңғажайып қаһармандардың бəрі өзі ғой осы кісінің. Абайды айт-
сайшы, бəрінен бұрын, Абайды... Мұндай керемет кейіпкер жасау 
тек Əуезовтің ғана қолынан келген, басқа ешкім де емес!
Құнанбай ше? Мұндай бедерлі бейне бүкіл əлем əдебиетінде си-
рек немесе жоқ. Ал Тоғжан ше, Тоғжан... Күллі казақ қыздарының 
ғажайып үлгісі емес пе?

29
Солай! Абай – Əуезов! Енді екінші кітапта қай қырынан көрінер 
екен?  Соны  ойлап  тұр-ау  мына  кісі!  Соны  ойлап  тұр,  əрине.  Өзі 
Абайға айналып алып, соны ойлап тұр. Ендеше, Əуезов қана емес, 
Абай  ғой  бұл  кісі.  Не  ойлап  тұр  екен?  Əрине,  арманын,  аяулы 
ардағын, ағарып атқан алғашқы махаббат таңын, ару Тоғжанын ой-
лап тұр... Шіркін, Тоғжан... Шолпысы баяу сылдырлап, сылдыры-
мен Абайға құпия сырын тұншыға былдырлап... қайда жүр, қайран 
Тоғжан? Соны ойлап тұрған-ды Абай – Əуезов!..
* * *
Тоқта!  Ау,  Абай  дейміз,  Тоғжан  дейміз,  осынау  екі  ғашықтың 
басынан өткен сылқым сыр, сиқырлы сезім Мұхтардың өз басынан 
өтпеді дейсің бе? Өтпесе ол Абай мен Тоғжан құпиясына осынша 
нəзік, осынша терең дендеп ене алар ма?
Əуезов  ғұмырнамасына  орта  мектептегі  балғын  күндерден-ақ 
бас ұра балқып, құныға құмартқан мен оның сүю, жеккөру жайла-
рына да қатты қызығып, қия-қалтарысын көбіне оймен шарлағам. 
Астанаға  келгелі  бұл  туралы  Бекет  екеуміз  Əуезовпен  сыбай-
лас,  егіздің  сыңарларындай  бірге  өскен  əйгілі  ғұламалар  Қаныш 
Сəтбаев  пен  Əлкей  Марғұланды  арнайы  іздеп  барғанда  естіп-
білгеніміз де бірқыдыру. Кейбір жəйттер тіпті ертегі, аңыз...
Құнанбай  өткен,  Абай  ғұмыр  кешкен  айрықша  дəстүрлі  жер-
де, тектілер елінде, бай ортада уызына жарып бұла өскен Мұхтар 
бала күнінен əрі ерке, əрі серке боп ержеткен десе-ді білетіндер. 
Əр  адамның  аяулы  арман  жылдары – жастық  шақты  Мұхтар 
ессіз  құштарлық  құшағында  жалын  құшып  жасап  өткен  дейді 
аңыздаушылар...
Абайға,  Абай  ауылына  ғұмыр  бойы  ғашық  көзбен  қараған 
Мұхтар  Ұлы  ақынның  немересі – Мағауия  қызы  Кəмила  сұлуды 
сүйеді, Кəмила да бұған біржола құлай беріледі, сөйтіп, екеуінің 
«Лəйлі – Мəжнүндігі» бүкіл аймаққа əшкере оқшау оқиғаға айна-
лады.  Осы  атыраптағы  «Еңлік – Кебек»  хикаясы  араға  ғасыр  са-
лып осылай оқыс қайталана жаздай-ды. Қатал тағдыр (қайталатпас 
үшін де шығар!) екеуін екі қиырға тентіретіп жібереді, амал қанша, 
Мұхтар басқа қатын алады, Кəмеш басқа байға тиеді... Айтатыны 
жоқ, мұның өзі өмірден гөрі өнерге айналған тылсым тарих тəрізді.

30
Кейін бұл екеуі «қосылысқанмен, басылысқан» жоқ;
Абайдың  Тоғжаны  секілді  Мұхтардың  Кəмиласы  да  ғұмыр 
бойы айықпас арманға айналып кеткен шерлі сыр, мұңды жыр...
* * *
Солай,  тірі  кісінің  тіршілік  жолы – бұралаң,  тағдыр  торы – 
шырғалаң.  Əрі  қызық,  əрі  қиын.  Басы  тəтті,  аяғы  қатты.  Кейде 
керісінше! Сонымен...
* * *
Мұхтардың  айттырып  алған  алғашқы  келіншегі – Райхан – 
Кəкен  деген  қалың  тобықтыға  танымал  абыройлы  адамның  ару 
қызы.  Он  тоғыздан  жиырмаға  қараған  шəкірт  Мұхтар  Семейдегі 
оқудан жазғы демалысқа – Бөрлідегі ауылына келгенде жайлауға 
оңаша үй тіккізіп, желіге бие байлатып, көңілдес-пейілдес құрбы-
құрдастарын жиып, салтанатты саят құрып – ит жүгіртіп, құс са-
лып, баяғы Базарбайдың Төлегенінше өзіне Қыз Жібек болар қыз 
іздеп жүргенде осы Райханға тап болып, тоқтапты.
Райхан «Қызға қырық үйден тыйым» деген көне де болса көсеге 
көгертер өнегемен өскен, ана бауырынан ұзап ешқайда шықпаған, 
шынында да, Қыз Жібек секілді (бұл да алты ағаның ортасындағы 
жалғыз!) «күн  тимеген,  жел  сүймеген»  үлпілдек,  ұяң,  ибалы 
қыз  екен.  Қасына  екі  жолдасын  ертіп,  ежелгі  ел  салтымен  «Қыз 
көрелік»  көпірінен  өткен  бойда  кенет  лап  ете  түскен  өрт-сезім 
сиқырына удай мас боп басы айналған Мұхтар:
«Қарағым айналайын, қаулыңдамын, 
Қолыңды бір бұлғасаң ауылыңдамын. 
Шынымен көңіліңді маған қисаң, 
Қоянның көжегіндей баурыңдамын», –
деп,  Абайдың  Шілікті  кезеңінде  кездейсоқ  кезіккен  Шүкіманға 
шұғыл  үйленгеніндей,  Райханның  қалың  малын  байлап-матап 
бір-ақ  жөнелттіреді  де,  өзі  қайын  жұртына  екінші  рет  ұрын  кел-
ген жолы қыз жасауына толы ақ отаудың киіз есігін түн ортасын-
да серпіп кіріп, төрдегі торғын шымылдықтан арғы жібек көрпенің 
шалғайын  алғаш  ашып,  қалыңдықтың  жападан-жалғыз  өз-өзінен 
күйіп-жанып,  аппақ  ақ  сазандай  бұлықсып  жатқан  оттай  ыстық 

31
денесіне күйеу жігіт есінен тана талып құлайды да, өз құшақтарына 
өздері тұншығып, қытықсыз араласып кетеді...
Я, ойшылдың қасында ойсыз тұра алмайсың. Үйінің кіре бері-
сінде сəл аялдап ойға шомған Əуезовке көз қиығын салып тұрып, 
менің онымен жарыса ойлаған үзік-үзік ойларым осылар еді.
* * *
– Мұхтар!
Қарлыға  шығып,  демігіп  естілетін  қоңыр  дауысқа  екеуміз  де 
жалт  қарадық:  көзінде  көзілдірік,  толықша  келген  орта  бойлы 
орыс əйелі құмыра көтеріп келе жатыр.
Мұхаңды Мұхтар дейтін де кісі бар екен-ау деп ойладым.
– Ə, Валя, – деп Мұхаң бойын тіктеп, өзіне таяна берген əйелге 
райлана  тіл  қатты. – Қолыңдағыңды  маған  бер. – Анау  берді. – 
Бəлі, ап-ауыр, қалай көтеріп келгенсің! Қымыз ба?
–  Иə, – деп  əйел  қол  сумкасынан  шағын  жібек  орамал  алып, 
тершіген  маңдайын  сүртті.  Кеудесін  жиі  қозғап,  танауы  делдиің-
кіреп, ентіге дем алады. Көзі шегіршін, өткір; көзілдіріктің əйне-
гінен емес, үстінен, біртүрлі оқыс жылтыңдап қарайды. Бірақ ұзақ 
қадалмайды,  шапшаң  тайып  түсіп,  əйел  төмен  тұқырғанда  дереу 
сөніп қала береді.
Мен  бұл  арадағы  сөз  ыңғайынан,  сөйлеу  сыңайынан  əйел 
Мұхаңның зайыбы екенін аңғардым. Неге екенін білмеймін, көңі-
лім аяқ астынан құлазып, жұбау тартты.
Мұхаң  əйелдің  құтысын  алып,  үйге  қарай  бұрылғанда  мен 
де  қалыс  қала  алмай,  үйеңкі  ашасында  тұрған  екі  томды  дереу 
көтеріп, қолтығыма қыстым. Мұны көрген Мұхаң:
– Жə, алып жүре ғой, – деді маған. – Онда үйге кіресің.
* * *
Шіркін, өмір қызық қой. Кейде үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін 
кереметтерге тап боласың.
Дəл  осы  бүгін...  Əлгіде  ғана  ұры  ұстағандай  университеттен 
күдікпен  алып  шыққан  мені  Əуезов,  енді  келіп,  үйіне  кіргізеді, 
қасына отырғызып қымыз береді деген кімнің ойында бар?

32
* * *
Үшінші  қабатқа  көтеріле  бере  солға  бұрылып, 29-шы  пəтерге 
кірдік.
Кірген  бетте  шағын  дəлізде  тұрдық:  сол  жағымыз – тамақ 
пісіретін  бөлме,  оң  жағымызда – ас  үй,  оның  төрінде  бір  есік 
көрінеді, сірə, ұйықтап, дем алатын бөлме шығар.
Біз тура маңдай алдымыздағы бөлмеге өттік. Бұл бір терезелі 
ғана шағын кабинет екен.
Кабинеттен оңға қарай ашылатын бір есік бар, ол жабық. Кейін 
білдім, соғыс жылдарында бұл бөлмеде Мəскеуден уақытша жер 
ауып көшіп келген Константин Паустовский тұрыпты. Бірақ ол кез-
де мен мұны, əрине, білгем жоқ. Мұхаңның жазудан шаршағанда 
барып қисаятын тыныс орны-ау, шамасы, деп топшыладым.
* * *
Əуезовтің  кабинеті  маған  ұнаған  жоқ:  төбесінін,  төрт  қабыр-
ғасының  əр  жерінен  сылағы  сиырыла  жалбырап  түскен  шағын 
бөлме. Төрдегі кітап толы шкафтар да əрілі-берілі ығыстырылып, 
бейберекет  қойылған.  Қораға  қараған  жалғыз  терезеден  түсетін 
жарық та əлсіз, күңгірт. Бөлме, жалпы осы үйдің өзі тұтас жөндеу 
күтіп тұрғандай.
Жазу  столы  есік  жақ  қабырғаға  тіреліп  қойылған.  Оның  үсті 
де  ұйқы-тұйқы,  жазылған,  ұйпалақталған,  жыртылған  қағаздар... 
Жалғыз-ақ,  столдын  терезе  жақ  шетіндегі  жарты  метрдей  биік 
тұғырда  қанатын  жайып  жіберіп,  енді  ұшқалы  тұрған  үлкен 
бүркіттің тұлыбы ғана кенет көз тоқтатып, көңіл аударады. Осы-
нау жұпыны бөлмеге пенде боп паналап отырған мынау марғасқа 
маңғаздын  болмыс-бітімін,  өзі  жерде  жүргенмен,  күллі  ойы,  ар-
маны, қиялы ғарышқа самғап, парлап кететінін бейнелегендей бір 
астарлы нəрсе секілді.
Дəл  осы  сəттен  бастап  мені  əлдеқайдан  кеп  кеудеме  саулап 
құйылып  кеткен  көктемнің  өкпек  желіндей  үлпілдеген  бір  жеп-
жеңіл,  елгезек  сезім  билеп,  əлдилеп  əкеткендей  болды. «Апыр-
май, – деп  ойлаймын, – «Абай»  осы  бөлмеде  жазылды-ау...  Мы-
нау жұпыны бөлмеде анау ғажайып нəрсе қалай туған? Аядай жер-
ге алып дүние қалай сыйған? Əрине, мұның бəрі сəбилік сезім! Əрі 

33
албырт, əрі аңғырт ой!.. Бірақ осының əсерінен қоңырқай жұпыны 
бөлме  кенет  мен  үшін  əлдебір  қасиетті,  тіпті  тылсымдай  тынған 
беймəлім киелі ұяға айнала жаздайды.
Күн батып, ымырт қараңғысы қоюлана бастаса да шам жағыл-
маған  күңгірт  бөлме;  терезеден  түскен  сарғыш-қоңыр  сəуле  де 
солғын, момын: біріне-бірі сүйеніп, бейберекет тұрған кітап шкаф-
тарын,  жалпақ  беті  ұйқы-тұйқылау  мауыты  стол  үстін,  қанатын 
жаза  берген  тау  бүркітін,  стол  жанында – бүркіт  тұғырының 
іргесіне  шынтақ  сүйеген  үй  иесін...  тым  самарқау,  тіпті  біртүрлі 
жабырқау  кескіндейді. «Абайдағы»  бір  əдемі  сурет  осындай 
көріністен  туған-ды: «Бейуақ  еді.  Кеш  қараңғылығы  қоюланып 
келеді.  Үлкен  үйдің  бұрыш-бұрышынан  түн  туып,  тұтасып  келе 
жатқан тəрізді». Сезімің тағы дір ете қалады. Бұл сурет те, əрине, 
осы  бөлмеде  салынды.  Тамаша  жолдар...  Қарапайым  сөздерді 
қабағат  суретке  айналдырып  салған  анау  қол,  анау  саусақтар-ау 
деп еріксіз ойланасың.
Мен  саусақтарға  көз  тоқтаттым:  жасыл  мауыты  стол  бетін 
шандоздаған  парақ-парақ  ақ  қағаздың  үстіне  алақанын  төсеп, 
бес саусақ бес сала жаюлы жатты. Қараймын. Мен қиялдағандай 
онша  сұлу  емес.  Салалы,  сүйрік  саусақтар  да  емес;  тұқыл, 
мыртық саусақтар да емес. Бірақ тым жұпыны, қарапайым, буын-
буындарының  ирек-қыртыстары  мол,  оның  өзі  жəне  біртүрлі 
дөрекілеу жиырылған жима саусақтар. Қолдың үсті қоңыр, əнтек 
ісінген дөңес, саусақ салаларының түп жағы соған толып, толық 
жалғасады да ұш жағы сəл сүйірленіп тағы да біртүрлі сəйкессіздеу 
жіңішкереді.  Бес  саусақтың  ұшындағы  бес  тырнақ  та  анау  айт-
қандай ақық, ақ емес, бірақ таза, тегіс. Ал ортаңғы саусақтың бас 
буынының ішкі бүйірінде қарамы шынашақ ұшындай ғана шағын, 
бірақ қалың мүйіз бар: саусақ арасына қатты қысылып, көп жазған 
қалам сабының күлбіретіп кеп қатырып, қалайыдай жан-шып, жа-
пырып тастаған дағы мен табы...
Саусақтарды  жіті  шола  кеп,  осылардың  өзі  жазу  жазудан  гөрі 
құдық  қазу,  ағаш  жону  секілді  қара  жұмысқа  лайық  емес  пе;  əл-
гідей  ғажайып  сұлу  жазулар  мынау  қара  дүрсін  саусақтардан 
қалай сусып түсіп жүр деп, көңіліме тағы да шалағай шалық ұялай 
бергенде көзім қайтадан «ортаң қолдың» бүйіріндегі мүйіз-сүйел-

34
ге түсіп, тағы да дір ете қалдым. Қайран суреткердің қасиетті қо-
лы, еңбекке ғана жаралған саусақтар осындай болады екен-ау деп, 
стол  үстінде  жатқан  қолдың  білегін,  бүркіт  тұғырына  сүйенген 
шынтағын,  сұрғылт  бешпеттің  жеңіне  жасырынған  қарын  жаға-
лап  жоғары  өрлей  бере  Мұхаңның  маған  қадала  қарап  қалған 
көзіне көзім түскенде зəрем ұшып, төмен бұға қалдым.
Тағы  да  бүлдірдім-ау  деп  ойладым. «Сен  кімсің  осы,  жөніңді 
айтшы,  кəне,  тұр  орныңнан»  десе  қайттім?  Шынында  да,  осы-
ным қалай? Мынау тек қана мінəжат етуге келетін ақ мешітке мен 
бас жоқ, аяқ жоқ, қалай кіріп кетіп отырмын. Мынау маңына жан 
жуи алмайтын пайғамбардың қасына не касиетіммен келіп, немді 
өткізіп тізе қостым мен?!.
Маған бірқырын, қиғаш, сынай қараған қалпы:
–  Атың  Зейнолла  болды  ма  сонымен? – деді  Мұхаң.  Мен  бас 
изедім.
Бағанағы əйел тайыз табақшамен көтеріп, екі кесе қымыз əкелді 
де,  Мұхаңның  алдындағы  мауыты  столға  қойды.  Мен  столдың 
босаға жақ бұрышында отырғанмын. Қымыз маған таяу тұрды.
– Қымыз іш, Зейнолла, – деп Мұхаң екі кесенің бірін қолына 
алды да, есікке қарай бұрылған əйелге:
– Валя, тоқташы, мына бала-қонақпен таныса кетші, есімі Зей-
нолла, өзі менің лекцияма жасырынып кіріп жүр екен, ұстап əкеліп 
отырмын, – деп күле бере қайтадан маған қарады. – Ал мына кісі 
менің зайыбым, Валентина Николаевна!
Орнымнан  ұшып  тұрып,  танауы  бағанағыдай  деміге  делдиген 
қалпы, маған көзілдірігінің үстінен сəл ежірейе қараған Валентина 
Николаевнаның қолын алдым. Мұным Алматыға келгелі үйренген 
үргедектеу сыпайылығым еді.
Валентина  Николаевна – кескіні  кесек,  орта  бойлы,  денесі 
толық,  бет-бедерінде  де  біртүрлі  əйелдің  сынықтығынан  гөрі 
еркектің сесі басым сарабдал, салмақты кісі.
«Абай» романындағы шетінен сұлу, сырбаз «Əуезов əйелдері» 
есіме түсті: Мұхаңның Валясы кімге ұқсайды сонда – Ұлжанға ма, 
Айқызға ма? Ділдаға ма, Əйгерімге ме? Əлде Тоғжанға ма?
Мен мұны ойлап үлгіргенше Валентина Николаевна бөлмеден 
шығып та кетті.

35
* * *
Асылы, азды-көпті дарыны бар адам өзін-өзі егде кезінен гөрі 
жас кезінде көбірек бағалайды. Айталық, ақын: өзін-өзі аға кезінен 
гөрі бала кезінде ақынырақ сезінеді.
Мен бүгінде, мəселен, аз жазамын.
Неге?
Өзіме-өзім қояр талабым қатал!
Төпелеп көп жазғандарды ұнатпаймын. Графомандар!
Ал бала кезімде мен де көп жазатын едім. Жазғандарым өзіме 
қатты ұнайтын. Елде – мектепте жүргенде өзімді-өзім тіпті төселіп 
алған  төкпе  ақын  сезінетінмін.  Мектептен  кейін  талай  айтысқа 
қатысып, оларым аудандық, облыстық газеттердің бетін бермейтін. 
Кейін білдім, ол кезде мен де графоманиядан сау емес екенмін.
Əуезов қымыз ішіп отырып, мен күтпеген сұрақ қойды:
– Өлең жазасың ба?
Кейде  ұят  шіркін  аяқ  астынан  адастырып  кете  ме,  қалай,  мен 
бұл сауалға мүлде іркілгем жоқ:
– Жазам!
– Бəсе, солай болар.
– Неге? – деппін байқамай.
–  Е, «Абайды»  оқыпсың,  менің  лекциямды  іздеп  кеп  тыңдап 
жүрсің, тегі құр жаяу болмассың дегенім ғой.
Ұятым  қайта  оралды.  Мен  төмен  қарадым.  Мұхаң  ойлана 
сөйледі:
– Өлең жазатындар өлеңдерін жатқа айтушы еді, сен қалайсың?
Мен іркіліп қалдым.
– Қане, бір өлеңіңді жатқа айтып көрші!
Денемнен құмырсқа жорғалап өткендей шіміргіп кеттім.
– Қысылма, айта ғой.
Ұяттан өртене жаздап, орнымнан тұрдым.
– Жə, отыр, отырып айт.
«Уһ»  деп  орныма  отырдым.  Əлгіде  кенет  пайда  болған 
батылдығым  кенет  ғайып  болды,  қайда  кеткенін  білмеймін. 
Əшейінде өріп жүрген өлеңдерімнің бір де бірі ойыма түсер емес. 
Əлгіде дірілдесем, енді қалтырадым. Осының бəрін көріп отырған 
Мұхаң  менің  ішкі  дүниемдегі  астан-кестең,  ұйқы-тұйқы  халді 

36
сезіп қана қойған жоқ, астарына дейін ажыратып, себебіне дейін 
өзінше  жəне  өрбіте  түсінді-ау  деймін,  ақыл-парасатқа  толы  бай-
салды жүзінен əдеттегідей салқын сес емес, жып-жылы мейірім, 
біртүрлі бір жұмбақ аяу, іштей аялау нышанын аңғардым.
Бұл  алыстан  мұнартқан  ұлылықтың  емес,  өзіңе  таяу  тұрған 
кісіліктің əсері болатын.
* * *
Мен  Əуезовтің  үйінен  шыққанда  тұп-тура  əдемі  түс  көріп 
оянған адамның қым-қиғаш қызық халінде едім.
Жатақ үйге келіп, жатар жеріме кірдім. Бір бөлмеде жеті сту-
дент бірге тұратынбыз. Менен басқалары түгел əрқайсысы əр жер-
де,  əркім  өзінде  барын  алдына  қойып,  тамақтанып  жатыр  екен. 
Темір саптыаяқпен əлденені үрлеп ішіп отырған Бекет маған:
– Шайға кел! – деді.
Менің кеудем толы қуаныш:
– Рахмет, шөлдегенім жоқ, – дедім. Оным өзіме аз көрініп жəне 
оның үстіне кеудемдегі көл-көсір қуаныштың шет-шепірін сырты-
ма шығарғым кеп: «Қымыз ішкенмін», – дедім.
Ол кезде қымыз, шұбат дегеніңіз тек ұғымда ғана қалған. Сту-
денттер үшін күніне талонмен беретін бес жүз грамм қара наннан 
басқа не тамақ жібітетін, не тіске басатын тағамның реті жоқ-ты.
Бекет түсінгісі келгенін түптемей тынбайтын жігіт:
– Қайдағы қымыз? – деді үзіп алғандай.
Мен  енді  қуанышымды  сырт  көзден  жасырып,  кеудеме  қайта 
тықпақ болдым да Бекеттің қасына кеп құлағына сыбырладым:
– Мұхтар Əуезовтің үйінен іштім. Бекет шошып, шоршып түсті:
– Қойшы! 
– Рас.
– Өтірік!
– Шын айтам.
Бекет мүлде сенген жоқ.

37


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал