Проза Алмаз мырза-ахмет



жүктеу 61.25 Kb.

Дата09.09.2017
өлшемі61.25 Kb.

Проза 

Алмаз МЫРЗА-АХМЕТ 

Алмаз МЫРЗА-АХМЕТ  - 1 9 8 7 жылы күзде  Қарағанды 

облысы,  Қарқаралы ауданында дүниеге келген. ХІҮ 

халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің 1 

орын иегері. Қарағанды Мемлекеттік университетінің 

магистранты. Шығармалары мерзімді баспа беттерінде жиі 

жарияланып тұрады. 

Ол есікті қақпай, рұксатсыз кіретін. Әуелі әдеттегідей үнсіз жылап отырады. Көңіл 

аудармаймын. «Неге сен біздің тағдырымызбен ойнайсың?» деп бастайды. (Күнде 

айтатыны осы.) «Сен кімсің біздің тағдырымызбен ойнайтын!» Күрсінеді, күледі, бір 

кезде шашын жайып жіберіп, дауыстап жылайды.  Қайта күледі. Шыңғырады. Ал, мен 

рахаттанам. Ләззат аламын.  Құрсағындағы төрт-бес айлық нәрестесін  ұрғылып, мені 

қарғайды-ай кеп. Көзіне  қан  құйылып, жаныма жетіп келеді де: «Сұмырай!» «Қаті-

гез!» «Өлтір мені!» деп жанұшыра айқайлайды. Иә... Мен ләззат алатынмын.  Қандай 

сәттер еді?!. 

Кеше сол  қыз асылып өліп  қалыпты. Батылы  қалай барды екен? Менің жоспарым 

бойынша, басқаша болу керек еді ғой?! Енді  қолжазбаның барлығын өртеу керек... 

Жо-жоқ, мен өзімді кінәлі санамаймын. Өзін-өзі өлтіру - күнә. Жазмышқа  қарсы 

шығып не көрінді?! 

Жігітімен таныстырдым. Табыстырдым. Сосын... ғашығын өлтіріп тастадым. Иә, 

Даниярды мен өлтірдім. Мойындаймын. Бұл әрекетке жек көргеннен барған жоқпын, 

кездейсоқтық та,  қызғаныш та емес (Нұргүл өте әдемі екендігі рас). Өкінбеймін де... 

О несі екен?! Данияр өлетінін білді, күтті - сонысымен есте  қалды. Адамдардың бәрі 

түбі бір өлетінін біле тұра білмейтіндей жүреді,  қызық... 

* * * 

Барлығы жаңа әңгіменің сюжетін іздеуден басталды. Санамдағы сары ауыз бала-



пан тәрізді жетілмеген оқиғалардың желісімен соры сопақ астаудай бес-алты беттік 

әңгіме жазбақ болдым. Әңгімедегі кейіпкерлерім шынайы болу үшін оларға ұқсайтын 

адамдарды маңайымнан іздім. Шыны керек, жігітті көп іздедім: вокзалдан  қарадым; 

базар аралап, дүкендерді кездім; автобусқа мініп, әрлі-берлі шарладым; бір жігітті 

ептеп ұқсатқан едім, бірақ, мінезі келмеді. «Қарлығаш» аялдамасында бір қызбен тұр 

екен, алғашында таптым-ау деп  қуанып, тұлғасына  қызығып, сыртынан бақылағам, 



сосын, мінезін байқайын деп әдейі бардым да, иығынан  қағып өттім. Ол болса, жаға-

ма жармасқан. Жоқ, Данияр (менің кейіпкерім) дәэл мынадай  қылыққа бармас еді. Екі 

күннен соң саябақта басқа жігітті кездестірдім,  қызының  қолшатырын іздеп жүр 

екен. Түр-тұлғасы келеді. Дегенмен дауысы тым нәзік, сенімділік жетіспейді. Төбе-

леске шақырып, тарпа бас салып ем, кешірім сұрап, көздері жер сипап,  қолшатырын 

сылтау ғып, жедел кетіп  қалды.  Қорқақтық - қатігездіктің анасы емес пе? Сірә,  қаті-

гез шығар... Менің санамдағы кейіпкерім  қатігез емес, ол - сабырлы, кешірімді, 

мейірімді. 

Жігіт таппай табаным тозған соң,  қыз  қарауға көштім. Әңгімемнің кейіпкері тым 

талғамды ма, әлде, бұл заманның жастары махаббатқа басқа  қырынан  қарап кеткен 

бе, әрекетімнен түк шықпады. Шыны керек, ойымдағы әңгіме кейіпкерлерін тірідей 

көріп, түрлі жағдайдағы әрекетін бақылап, көріп, сезініп жазбаған соң  қиындау (сон-

дықтан, көп эксперименттер жасаймын). Алты ай бойы алқымыма тығылып, ендігі 

түсім түгілі ойымды иеленіп алған оқиға желісі жазуға жедел отырғызбасқа қоймады. 

Жалға пәтер алдым. Қымбат емес. Жалғыз бөлме. Едені жаңа жуылған. Бейне ағыл-

тегіл жылаған қыздың жасын жай ғана сүртіп алған сияқты.  Қабырғаларға сол қыздың 

шыңғырған дауысы сіңіп кеткендей. Диван, жұпыны үстел, жоғарғы жақта жалқы 

төсек, циклоптың жанарындай жалғыз терезенің алдында ауладағы  қоңыр күзге үрке 

қарап, екі-үш гүл үрпиісіп тұр. Пердені жууға алып кеткен екен, бұрыштағы істен 

шыққан теледидардың сопақша  қарашығынан шағылысқан өзімнің бейнемді және 

тағы бір жылт ете  қалған сұлбаны көріп  қалдым. Жан-жағыма  қарадым, ешкім жоқ 

сияқты.  Қабырғада  қонжықтарымен ойнаған аюдың суреті ілініпті. Мен жалға алған 

пәтер екінші қабатта. Үй маңында асхана бар екен. Тамақты содан ішіп отырам деген 

ой келді. 

Жалғыздықтың даналыққа апаратыны күмәнді. Жалғыздық деген -  қалың ой, 

өзіңмен-өзің арпалысу, өзіңді-өзің тану,  қопару. Кейде қорқасың. Жалғыздықтан емес, 

өзіңнен қорқасың. Өмірдегі ең ауыры өзіңді танып  қою ғой. Психологиялық білімің 

болса, өзіңмен көп сөйлесуге болмайды. Өзіңе-өзің айтып отырған сөздерді тыңдай 

отырып, ішінде жатқан мәселеңді біліп  қоясың да, түңіліп кетесің. Дегенмен, жалғыз-

дық - адамның мәңгі жолдасы, жанында қанша жан болса да, өз ішіңде жалғызсырай-

сың. Себебі, сен жалғызсың. Иә. Жер бетінде сендей адам жоқ. Өзің ғана. Дарасың. 

Қалғандары жалған болуы да мүмкін. Мен ол жағын көп ойлағым келмейді. Әңгімемді 

тыныштықта жазу үшін үй жалдап алу - әдетім. Алғашқы түні пәтерге бой үйретіп 

алайын деп, ертерек диванға қисая кеткем, көзім ілініп кетіпті. Түн ортасында қыздың 

жылағанын естідім. Басымды көтерсем терезе жақтағы төсекте басын төмен салып, 

тізесін  құшақтап отыр екен. Шашы  қара судай,  ұйпаланып, бетін жасырып, тізесіне 

төгіліп жатыр, көйлегі ескі, кей тұсы жыртылған. Оқыс басын көтеріп,  қарай  қала-

тындай. Көзі  қандай екен?  Қорқынышты фильмдегідей тұтас  қап-қара болса ше? Ең 

дұрысы, тыныш жата беру; өтірік  ұйқысырағандай боп,  қозғалақтап, диванның ар-

қалығына  қарап жатып алдым. Көзімді тарс жұмып, енді келуін күтіп ем. Келмеді. 

Құлағымның түбіне демалып,  қап-қара көздерімен тесірейіп, шаштары бетіме тиіп 

кетіп, мен  қозғалған соң бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра  қалатын шығар деп, 

ойлап жатқанда  ұйықтап кетіппін. Сол түні үйде жалғыз емес екенімді түсіндім. 

Күн арқан бойы көтеріліп қалғанда ояндым. Терезе теріскейге қараған екен. Бөлме 

сұрғылт,  қозғалмай жата бергім келді. Төбемде  қыз  қарап отырған сияқты болды. 

Қабырғалар көңілсіз. "Мен ояндым" дегендей тамағымды кернеп алдым да, басымды 

жайлап көтеріп, төсек жаққа  қарадым. Ешкім жоқ екен. Жүрегім орнына түсті. 

Кейін ол  қызды екі-ақ рет көрдім. Мүмкін көрмедім бе? Бірде әдеттегідей таңер-

тең тамақтануға сыртқа шықтым да, есікті кілттемегенім есіме түсіп  қайта оралдым. 

Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда байқадым, кілт салатын тесіктен  қап-қара көз 

жылтылдап қарап тұрды. Алғашында орнымда бөгеліп қалып, сосын түк байқамаған-


сып барып, есікті кілттедім де, тездетіп түсіп кеткем. Кейін пәтерге көтеріліп келе 

жатқан сайын әлгі тесікке карамайтын болдым. Мүмкін  қарап тұрган шығар... Соңғы 

рет өрттің ішінен көргем. 

Жазайын деп жүрген әңгімемнің желісі Нұргүл деген  қыз жайлы еді. Он жетінші 

көктемінде ауылға келген  қалалық жігітке алданып  қалған. Балғын денесін енді 

түрткілеп өсіп келе жатқан  құлын мүшелері  қытықтап, реңсіз күндерін  құр өлтіру-

мен тез есейіп келе жатқан бойжеткен бір күні түс көрсін. Түсінде көрші үйдің ит-

тері  қуып келе жатыр екен дейді. Аузынан  қанды сілекей шұбырған иттер арсылдап 

кеп, енді  қауып алайын деп жатқанда,  қайдан шыққаны белгісіз, сыныптасы Данияр 

тас лақтырып,  қуып жіберіпті-міс. Ауылдың  қойын бағатын, өңі  қара,  қашан көрсең 

жұпыны киініп жүретін Даниярды  қыздар менсінбейтін еді. Бұндай ерлігінен соң 

Нұргүл сыныптасымен бірге ауылдың шетіндегі өзен жағалап біраз серуендейді. Он 

жыл бір сыныпта оқыса да тіктеп  қарап көрмеген  қыз Даниярды зерттей бастаған. 

Қарапайым  қойшының баласының көздерінен керемет тұнықтықты, жылылықты, есін 

білгелі әкесінен көрмеген мейірімді сезініп, ешкім байқамаған сымбаттылық көреді. 

Бір  қараса, екеуі аппақ гүлге оранған  қырда аспанға  қарап, армандап жатыр екен. 

Данияр бала кезден бері сақтаған сырын ашып, Нұргүлды сүйетінін айтады. Бір-бірін 

жаңа көргендей қауышып, рауандап атып келе жатқан таң шапағына шомылып, айма-

ласады екен дейді. Солай. Түсінде Нұргүл ес-түссіз Даниярға ғашық болады. Асау 

аттай тулаған жүрегі кеудесіне сыймай, ғашығын  құшып: «Данияр, сенің мұншалық-

ты үлкен жүрегіңді  қалай байқамағам, алыстан іздеген бақытым мұншалық жақында 

жүргенін  қалай сезбегем, мен» деп, ағынан жарылайын деп жатқан сәтінде анасы 

оятып жібереді. Жүрегі дүрсілдеп оянса да түс екенін түсініп Нұргүл өзіне жымияды 

да, әдеттегідей оқу  құралдарын жинастырып, мектепке шығады. Дәл осы кезде түс 

пен өңнің арасында келе жатқан Нұргүлге көрші үйдің иттері тап бермесі бар ма? 

Жан-ұшыра  қашқан қызды, одан сайын өршеленген иттер қуа жөнеледі. Ішіндегі ала 

төбет екі секіріп жетіп кеп, Нұргүлды жығып алады да кеудесін аяғымен басып, бет-

іне төніп, ырылдап, енді  қабатын сәтте «қаңқ» етіп, оң жаққа  қарай  құлады. Жана-

рын жас жуып, өзінің өксігіне өзі тұншыққан Нұргүл көз алдының бұлдырап бара 

жатқанын сезеді-міс. Есін жиса Даниярдың құшағында, ағыл-тегіл жылап жатыр екен. 

Данияр болса, «жаным-ау, мыналар саған маза бермеді ғой, атып тастаймын бәрін... 

жыламашы енді, жаным, жыламашы...» - деп жұбатып әлек. Нұргүл болса, жігіттің 

құшағына одан сайын ене түсіп, одан сайын өксіп,  қаттырақ  құша түседі. Ол өзін 

соншалықты  қорғансыз сезініп, сол  қорғансыздығының дауасын, емін Даниярдың 

құшағынан тапқандай болады. Сосын, жастарын сүртіп,  құтқарушысынан көз алмай: 

«Данияр, мені  қорғашы, мен сені түсімде көрдім, мен саған ғашықпын!» - деп айтуға 

оқталып жатқанда, анасы  ұйқысынан оятып жібереді. Оянса жастығы шылқып жа-

тыр. Анасы «жын қақты ма ей, жылап жатқаны несі? Бар сабағыңа!» деп зекіп жатыр 

екен. Түсі ме, өңі ме? Түсі... 

(Осы кезде психологиялық таластар мен көрермен санасына миға шабуыл әдісін 

қолданамын. Керемет әңгіме болады). 

Қыз  қорқып үйден шығады. Жо-о-оқ, көрші үйдің иттері кездеспейді. Сабағына 

барады. Өзімен-өзі арпалысып жүр. Бір жағынан, тағы да оянып кетіп, жүрегіндегі 

қауыз жарып келе жатқан сезімі түсінде көрген түсі болып шығар ма екен деген 

қорқыныш; екінші жағынан, тірек болар адамның керек екенін тағатсыз  қақсаған 

жалғыздығы жанын жегідей жеді. Енді ол, Даниярға да басқаша көзқараспен  қарай 

бастайды. Бүгінгі түсі махаббаттан беті  қайтқан қызды қайта өмірге әкелгендей бола-

ды. Ол түндегі қорғаған алақанды аңсайды. Ол ешкім көңіл аудармайтын сыныптасы-

нан ең асыл, ең  қадірлі  қасиетті табады. Шындығында, іздеген бақыты алыста емес, 

көрші партада отырғанын түсінеді. Бір би кешінде өзі ғашығын биге шақырады да, 


үйге шығарып салуын өтінеді. Сол түні Данияр да бар сырын айтады-мыс. Айтқанда 

қандай, кітаптан бас алмай, романтикалық әлемде жүрген жігіт сөздерімен  қызды 

есінен тандырады. Солайша екеуі табысып, аспанда жаңа жұлдыз пайда болған сын-

ды жаңа кішігірім әлем дүниеге келеді. Түнде - ыстық  құшақтар, таң ата -  қимас 

қоштасулар. Оқуларын аяқтап, бірі жұмысқа, бірі  Қарағандыға келеді... 

Осы жерге дейін жазып келдім де, тосын жағдайға тап болдым. 

Алғаш екеуінің кездесуін жазып жатқанда ашық тұрған тереземнен сырт-тағы 

әлдебір жігіт пен  қыздың әңгімелескен дауыстары еміс-еміс естіліп тұрды. Жазуым-

ды тоқтатып, тың тындап едім, ерегескендей сөйлемеді. Жаза бастасам,  қайта сөйлейді. 

Сыбыр-сыбыр, күбір-күбір. 

Ертеңінде Нұргүл мен Даниярдың балалықтары ұстап бірін-бірі қуып ойнап жүрген 

сәттерін жазып жатсам, кешегі екеу тағы тереземнің алдына кеп, теңгенің сыңғырын-

дай күлкісін шашып, асыр сап ойнасын. 

Үшінші күні алдап кеткен қалалық жігіт Нұргүлге кеп, Данияр екеуі ұрысып қалу-

ын жаздым.  Қызығы, әлгі белгісіз екеу тура менің тереземнің алдына келіп ұрыспасы 

бар ма?! 

Бәрін түсіне  қойдым. Менің әңгімемдегі кейіпкерлер! Не істесем екен?!  Қалай 

болғанда да эксперимент керек. Осы оймен әлгі  қалалық жігітке Даниярды өлтірттім. 

Қызық болды, мен былай деп жаздым: келесі күні Даниярдың үйіне хат келеді. Хатта 

оның осындай осындай уақытта, осындай жерде өлетіні жазылды, егер өз еркімен 

келсе оның ғашығы мен баласы тірі қалады делінген. Өлгісі келмесе, жүкті боп қалған 

Нұргүл өмірден озады, өзің тірі каласын дедім. Не істер екен? Ертеңінде терезеге 

телміріп Даниярды күттім, кеш  қарайғанда келді. Хатта айтылған жерге барып отыр-

ды. Сол отырғаннан таң ата әлгі  қалалық жігіт жынойнақтан келе жатып  қойшының 

баласын жазым  қылды. 

Нұргүл мен ойлағаннан да мықты болып шықты. Ол Даниярға жазған хатымды 

тауып алып, жарты айдан астам сол жерге келіп, таң атырып отырды ғой. Бір күні 

бөлмеме кіріп келмесі бар ма? 

- Отырыңыз... - дедім. 

- Неге сіз мені түнімен аңдисыз? 

- Мен жазушымын. Бір әңгіме жазып бастап ем... Аңдып жүр деп ойлайсыз ба? 

Ақталуға сөз таба алмай  қалдым. Бөлмеде тағы бір адамның болғаны  қандай жақ-

сы деген ой келді басыма. 

- Біздің тағдырымызды жазып жатырсыз ба? 

- Тағдырларыңыз лауһуль мағфуз тақтасына жазылып  қойылған, менікі  қайталау 

шығар...  Қайта жазуға болады деп ойлайсыз ба? -  қарсы сұрақ  қою сәл сабырлыққа 

шақыратыны белгілі. 

- Оны аман алып  қалуға болар еді ғой?! 

- Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе? - дедім күмілжіп. 

- Сен Даниярды өлтірдің... Солай ма? 

- Данияр өмірде болған ба, жоқ па? Әлде түс пе бәрі, осыны ойландың ба? - осы 

сұрақты өзіме де  қойдым, жауабым жоқ. Нұргүл керемет әдемі екен, мен жазғаннан 

да сүйкімді, мен ойлағаннан да керім. 

- Иә, мен сізді аңдығаным рас, - дедім, алғашқы сұраққа оралып, - осылай болады 

деп ойламаппын. 

- Біздің тағдырымызды  қайта жазу мүмкін емес, түзетуге болады ғой енді... 

- Даниярды аман алып  қалу мүмкін емес еді, оның таңдауы өз  қолында болды -

осыны айтқан соң көз алдыма қалалық жігіттің достарымен Даниярды ұрып жатқаны 

келді. 

- Өлім жайын сіз айтпаңызшы... 



- Мен Даниярды өлтірдім... 

- Бұның бәрі түс деңізші! Оятыңызшы мені! 

Шыдамай булығып жылап жіберді. Мен сұрақ пен жауаптан шатыса бастадым. 

Нұргүлдің есікті тарс еткізіп шығып кеткенін естідім,  қағаз бен  қаламнан басымды 

көтермей отыра беріппін. 

Содан күнде келетін болды. Айқай-шу,  ұрыс. Мен жазу үстелімнен  қоз-ғалмай-

мын. Бір қызығы Нұргүл қанша айқайлап, ашу арыстанына мініп жүрсе де қол тигізіп 

көрмепті маған. Мен де... 

Жаз бойы өндіріп ештеңе жаза алмадым. Не жазсам да көңілім толмай  қойды. 

Қыздың тағдырын  қалай жазсам да, не оның көңілі толмайды, не мен айтқанына кел-

ісе алмай-ақ  қойдым. Мүмкін емес нәрселерді жаз дейді,  қалай жазам? Ертең оқыр-

ман сенбесе қажеті не? Мен анда-санда қызық көріп, не түрлі бәйгеге кейіпкер қызым-

ның басын тігем де, эмоциясын бақылап отырам. Ғаламат  қой  қыздардың эмоциясы, 

табиғаты, мінезі, әрекеттері. 

Бір күні әдеттегідей кешкі тамағымды ішіп, асықпай баспалдақпен пәтерге көтеріліп 

келе жатқам.  Қап-қара көз  қарап тұр ма деп есікке  қарауға  қор-қушы едім, бүгін не 

жазсам екен деген оймен тұмшаланып келе жатып байқамай қарап қалдым, есік ашық 

тұр. Бөлмеге жүгіріп кіргем. Еденде құлаған орындық, люстрада жіппен Нұргүл ілініп 

тұр. Өз-өзін өлтіріпті. Теңселіп тұр. Мен бөлмеде жоқ кезде, көзі  қап-қара елес-қыз 

өлі денені әткеншектей тербеп ойнаған секілді. 

Қол тигізген жоқпын. Жалған боп шықса ше? Жазу үстеліме барсам әңгімемнің 

күнде-күнде өшіріп,  қайта жазатын бетіне: «Нұргүл Даниярдың соңынан кетті» деп 

жазыпты. Нұргүл өзі жаза алмайды. Себебі, ол кейіпкер. Кім жазды сонда? 

Әттеген-ай, жылағанынан, шашын жұлып шыңғырғанынан ләззат алушы едім, ра-

хаттанушы едім. Осы пәтерде тұратын  қыз жазып берген шығар. Мен оған көрсе-

тейін. 


Көрпе-жастық, үстел, жазбалардың бәрін бөлме ортасына үйдім де, астынан от 

тұтатып шығып кеттім. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі  қыздың қарап 

тұрғанын сездім. Бірақ, артыма қараған жоқпын. Аялдама жақтан өртеніп жатқан екінші 

қабаттағы пәтерге қарап тұрғанда терезеден далаға ұмтылған жалыннан қыздың толық 

бейнесі көрінді. Ол аласұрып, айқайлап, аузынан от бүркіп жатты... 

Аға лебізі 

Әнес САРАЙ: 

Қазақ, прозасы поэзияға  қараған сәл ақсаңқырап тұрғаны 

рас.  Қазір  қаламының  қарымымен, толағай туындыларымен 

көзге түсіп, ғаламат дүние жазып жүргендер жоқтың  қасы. 

Бірақ, бүгін тамаша жазушының  қазақ әдебиетіне келгеніне 

куәгер болып отырмыз. Мен  Қарағанды облысынан проза 

қаламгерлерін көп күттім. Өзіндік ерекшеліктерімен, 

шеберлігімен, жас болса да жасындай шығармаларымен Алмаз 

Мырза-Ахмет атты жазушы келді. «Көгершін», «Жазушы 

жазбалары» атты үлкен туындылары бар екен. «Көгершін» 

әңгімесі талғамдылығы жоғары, өте сирек кездесетін  құнды 

дүние. «Жазушы жазбасы» атты туындысы эксперименттік 

шығарма екен. Болашақта Алмаздан үлкен жазушы 

шығатынына сенімдімін... 

Қасым. - 2011. - № 2. - 79-83 б 






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал