Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық



жүктеу 1.53 Mb.
бет41/62
Дата08.02.2022
өлшемі1.53 Mb.
#17070
түріОқулық
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   62
«Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер.Смағұлов С. 09.06.2020 2
Дисс.-Қазақстан-және-Халықаралық-қауіпсіздік
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым XX ғасырдың аяғындағы - XXI ғасырдың басындағы еуропалық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Бұл орайда өзіне ТМД, Орталық және Батыс Еуропа елдерін, АҚШ пен Канаданы қосатын ЕҚЫҰ-ның басында-ақ еуро-атлантикалық сипаты болды. Орталық Азия аймағында жаңа қауіп-қатердің пайда болуына байланысты соңғы уақытта осы ұйымның азиялық мәні туралы да айтуға болады.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңес (ЕҚЫҰ 1994 жылғы 31 желтоқсанға дейін осылай аталды) Еуропа мен Американың 35 елінің мемлекеттері мен үкіметтері басшылары Хельсинкиде жиналып, ЕҚЫҰ-ның Қорытынды актісіне қол қойған 1975 жылғы 1 тамызда ресми түрде ресімделді. Осы оқиғаның алдында Женевада Кеңестер Одағы мен бірқатар батыс елдерінің көп жылдарға созылған келіссөздері жүрген болатын. Келіссөздердің нәтижесінде ЕҚЫҰ-ны құрумен қатар, Стратегиялық қару-жарақты шектеу туралы шартқа және бірқатар басқа да маңызды халықаралық құжаттарға қол қойылды.

Қорытынды актіні әзірлеу кезеңінің өзінде келіссөздерге қатысушылар құрылып жатқан корпоративтік қауіпсіздік жүйесінің сол кездегі бар блоктық құрылымдардан принципті ерекшелігін атап көрсетті. Ол ерекшелік мынадан көрінді: ЕҚЫҰ сыртқы қауіп-қатердің бетін қайтаруға емес, осы жүйенің ішіндегі қауіп-қатердің алдын алуға бағытталды. Белгілі бір деңгейде ЕҚЫҰ қырғи-қабақ соғыс жылдарында ядролық дипломатия мен блоктық қарама-қарсы тұрудың шеңберінен шыға алған бірден бір ұйым болды.

ЕҚЫҰ-ны әзірлеу кезеңінде кеңесте талқылануға жататын үш блоктық проблема жүйесі қалыптасты. Алғашқы "қоржынға" әскери-саяси қауіпсіздік және қару-жараққа бақылау жасау мәселелері, екіншісіне - экономикалық, ғылыми-техникалық және экологиялық ынтымақтастық мәселелері, үшіншісіне - гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері (ақпарат, мәдениет, білім) мәселелері және адам құқығы жатқызылды. Екі идеологияның текетіресі жағдайында батыс елдері ұйымдағы негізгі жұмыс бағытын үшінші "қоржынмен" байланыстырды. Социалистік елдер үшін Батыспен экономикалық байланыстарды дамытудың зор маңызы болатын. Қауіпсіздікпен байланысты мәселелер көп жағдайда екінші қатарда қалды.

Вена кездесуі кезінде елеулі прогресс байқалды (1986 ж.), сол кезеңде М. Горбачев жария еткен "қайта құру" және "жаңаша ойлау" халықаралық ахуалдың біршама түзелуіне әкелді. Оның нәтижесі ретінде Еуропадағы сенім білдіру мен қауіпсіздікті нығайту шараларын әзірлеуде прогресс байқалды.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап ЕҚЫҰ-ны институтқа айналдыру, ұқсас функциялары бар нормашығармашылық форумды өзінше "еуропалық БҰҰ-ға" айналдыру үрдісі күшейді (бітімгершілік операцияларын жүргізуге дейін). Жылына кем дегенде бір рет жиналатын Сыртқы істер министрлерінің кеңесі сияқты (СІМК) ЕҚЫҰ органдары құрыл-ды, Аға лауазымды тұлғалардың комитеті (АЛТК) СІМК отырыстарын әзірлеуге және оның шешімдерін орындауға жауапты болды, Хатшылық, Жанжалдарды болдырмау жөніндегі орталық, Еркін сайлау жөніндегі бюро (кейінірек - Демокра-тиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюро), ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы құрылды.

ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларының кездесуінде қабылданған "Жаңа Еуропаға арналған Хартия" Кеңестің мақсаттары мен міндеттерін нақтылады. Онда былай деп айтылды: "Біздің уақытымыз - біздің халықтарымыздың жүрегінде ондаған жылдар бойы өмір сүрген үміттер мен ізгіліктерді жүзеге асырудың уақытысы, адам құқығы мен негізгі бостандықтарға негізделген демократияға берік адалдықтың; экономикалық еркіндік пен әлеуметтік әділеттілік арқылы гүлденудің және барлық елдер үшін тепе-тең қауіпсіздіктің уақытысы".

Құжатта блоктық текетіреске байланысты емес, жаңа қауіп-қатердің пайда болуы көрініс тапты. "Еуропада жанжал қаупі азайғанымен, басқа да қатерлер біздің қоғамдарымыздың тұрақтылығына қауіп төндіреді. Біз қатысушы мемлекеттердің тәуелсіздігін, егеменді теңдігін немесе аумақтық тұтастығын бұзатын іс-әрекеттерден демократиялық институттарды қорғау ісінде ынтымақтасуға ниет білдіреміз. Оған сырттан қысым көрсетуді, мәжбүрлеуді және астыртын қызметті қамтитын заңсыз іс-әрекеттер жатады. Біз террордың қылмыстық актілерін, әдістерін және практикасын үзілді-кесілді айыптаймыз және оларды екі жақты негізде сондай-ақ көп жақты ынтымақтастық арқылы жою мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге бекем бел буғанымызды білдіреміз".

Дауларды бейбіт жолмен реттеуге шақыру Хартияның маңызды тармағы: "Күш қолдану қаупін төндіруден немесе оны қолданудан тартыну туралы мемлекеттердің міндеттемелеріне дауларды бейбіт жолмен реттеу елеулі түрдегі қосымша екенін және де осы екі фактор да халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау әрі нығайту үшін маңызды болып табылатындығын пайымдай отырып, біз ықтимал жанжалдарды болдырмаудың тиімді іс-шараларын саяси жолдармен іздеп қана қоймаймыз, сонымен бірге туындауы мүмкін кез келген дауларды бейбіт жолмен реттеудің тетіктерін халықаралық құқықка сәйкес белгілейміз. Тиісінше, біз осы саладағы ынтымақтастықтың жаңа нысандарын, атап айтқанда, үшінші тарапты міндетті түрде тартуды қоса алғанда, дауларды бейбіт жолмен реттеу әдістерінің жиынтығын іздестіруге міндеттенеміз".

1991 жылғы адами өлшем жөніндегі Мәскеу кеңесі және 1992 жылғы Хельсинки кездесуі ЕҚЫҰ процесін сапалы түрде өзгертуге, оны саяси диалогқа арналған форумнан тұрақтылықты қолдау мен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі аймақтық ұйымға айналдыруға бағытталған шешімдер қабылдады. Хельсинки кездесуінде Ұлттық азшылықтардың істері жөнінде Жоғарғы комиссардың институты құрылды. Тап осы кезеңде 1992 жылғы қаңтарда Прагада өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісінде Қазақстан ЕҚЫҰ мүшелігіне қабылданды, мұның өзі біздің еліміздің осы ұйымның орасан зор әлеуетін пайдалануына мүмкіндік берді, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау, жанжалдарды реттеу және бітімгершілік операцияларын үйлестіру мақсатындағы Қазақстанның күш-жігеріне де жол ашты.

Хельсинкидегі жоғары деңгейдегі кездесу барысында қатысушы мемлекеттер Кеңестің жаңа мүшелеріне үйлестірілген көмек көрсету бағдарламасын жүзеге асыруды бастауға уағдаласты. Бұл бағдарлама ЕҚЫҰ кызметінің барлық бағыттары бойынша оған қатысушы елдердің қолда бар тәжірибесі мен әлеуетін аталған мемлекеттерге ұсыну мақсатында әзірленген болатын.

1994 жылғы желтоқсандағы Будапешт саммитінде қатысушы мемлекеттер Еуропадағы қауіпсіздіктің ортақ кеңістігін қалыптастырудағы ЕҚЫҰ рөлінің күрт өсуі Кеңесті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына айналдыруға мүмкіндік береді деп таныды, бұл орайда Кеңестің бұрынғы бар институттары сақталды және бұрын қабылданған міндеттемелер өзгеріссіз қалды. Кездесуде "қауіпсіздіктің әскери - саяси аспектілеріне қатысты мінез-құлық кодексі" бекітілді, Кодекс әскери құрылыстың және демократиялық қоғамдағы қарулы күштердің принциптерін белгіледі.

Біздің еліміз үшін осы саммиттің маңыздылығы ең алдымен мынадан көрінді: саммитте үш ядролық держава - Ресей, АҚШ және Ұлыбритания - Қазақстанның қауіпсіздік кепілдіктері туралы меморандумға қол қойды. Олар өздерінің біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін құрмет тұту, оған қатысты күш қолдану саясатын пайдаланудан бас тарту сияқты міндеттемелерін қуаттады. Меморандумда сондай-ақ егер Қазақстан Республикасы ядролық қару қолданылатын шабуылға ұшыраса немесе шабуыл қаупінің объектісіне айналса, онда Ресей, АҚШ және Ұлыбританияның Қазақстанға тиісті көмек көрсету жөнінде шұғыл іс-шаралар қолданатындығы айтылды.

Жаңа мүше мемлекеттерге көмек көрсету бағдарламасы шеңберінде ЕҚЫҰ басшылығының өкілдері Қазақстанда бірнеше рет болды, оның ішінде қазіргі төрағалар, бас хатшылар, БДИПЧ директоры, Аз ұлттардың істері жөніндегі Жоғарғы комиссар да бар. Бұл сапарлар барысында олар біздің елімізде болып жатқан өзгерістер туралы, әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалар туралы түсінік алды. Қазақстан басшылығы Мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары деңгейіндегі ЕҚЫҰ кеңестеріне катысты. Қазақстандық өкілдер ЕҚЫҰ институттары мен құрылымдары өткізетін түрлі іс-шараларға қатысып жүр.

ЕҚЫҰ басшылығының Қазақстанға тұңғыш ресми сапары 1993 жылғы сәуірде болды, сөз болып отырған уақытта сол кездөгі ЕҚЫҰ төрағасы, Швецияның Сыртқы істер министрі М.Аф Углас Алматыға келді. ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия аймағындағы негізгі бағыттарын айқындауда және оның осы аймақтағы қызметін жандандыруда сапардың маңызы зор болды. Сапардың іс жүзіндегі нәтижелерінің бірі Орталық Азия елдерінде ЕҚЫҰ-ның бірқатар семинарларын өткізу туралы шешімінің қабылдануы еді.

Президент Н.Назарбаев 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда және 1999 жылы Стамбулда жоғары деңгейде өткен ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының кездесулеріне қатысты.

1994-1995 жылдары Аз ұлттардың істері жөніндегі Жоғарғы Комиссардың институты және Демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюро сияқты ЕҚЫҰ құрылымдарымен тұрақты байланыстар басталды. 1994 жылы ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросымен бірге Алматыда адами өлшем жөніндегі семинар өткізілді, онда Орталық Азия аймағында адам құқығын сақтау проблемалары қаралды. 1998 жылдың маусымында Қазақстанға БДИПЧ делегациясы келді. Келіссөздердің басты тақырыбы ҚР Өкіметі мен ЕҚЫҰ БДИПЧ арасында уағдаластық туралы меморандум жасау болды.

Осы құжаттың шеңберінде Бюро демократиялық азаматтық қоғам құруда Қазақстанға көмек көрсетуге ұмтылады. БДИПЧ ұсынатын жобалар сот, құқық қорғау және сайлау органдарының қызметкерлерін Қазақстанда және шетелде оқыту, оларды адам құқығы саласындағы халықаралық-құқықтық стандарттармен таныстыру сияқты және т.б. салаларды қамтиды. БДИПЧ ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде сайлауды өткізу мәселелеріне, атап айтқанда, техникалық көмек көрсетуге, консультациялар жүргізуге, байқаушыларды әзірлеуге және жіберуге зор көңіл бөледі.



Қазақстан ЕҚЫҰ-ның тағы да бір құрылымы - Жанжалдарды болдырмау жөніндегі орталықпен (ЖБО) байланыстарды жолға қойды. 1995 жылы ЖБО-мен бірлесе отырып, сондай-ақ ЕҚЫҰ сарапшыларының, ТМД елдері мен халықаралық ұйымдар мамандарының қатысуымен сенім білдіру шаралары және қару-жараққа бақылау жасау жөніндегі семинар өткізілді.

1995 жылдан бастап ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия аймағына көңіл аударуы өсе түсті. 1995 жылғы қарашада Ташкентте ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы байланыс жөніндегі Бюросы ашылды, ал 1996 жылғы қыркүйекте ЕҚЫҰ үштігі делегациясының Алматыға сапары болды (Ұйымның бұрынғы, қазіргі және кейін болатын төрағалары). 1997-2000 жылдар ішінде Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның бірінші басшылары болды, олар: ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Дж. Арагон, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Польша Республикасының Сыртқы істер министрі Б. Геремек, БДИПЧдиректоры Ж. Штудман, ЕҚЫҰ төрағасы, Авст-рияның Сыртқы істер министрі Б.Ферерро-Вальднер.



ЕҚЫҰ Қазақстанда Президент сайлауы жөніндегі науқанның барысын мұқият қадағалады. 1998 жылғы қарашада Қазақстанға танысу сапарымен ЕҚЫҰ миссиясы келіп, миссия 1998 жылғы желтоқсанда Ослода ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК) кезінде жарияланған есеп дайындады. Құжатта сайлау туралы және БАҚ төңірегіндегі жағдай туралы алаңдаушылық білдірілді. Қазақстандық тарап мұндай бағамен келіспейтіндігін білдіріп, тең құқылық негізінде және жалпыға бірдей қабылданған халықаралық нормаларға сәйкес ЕҚЫҰ-мен бұдан былай да консультацияларды жалғастыруға өзінің дайын екендігі туралы мәлімдеді.

Осы оқиғадан Орталық Азия елдеріндегі барлық болмысты және ішкі саяси жағдайдың ерекшеліктерін барабар қабылдауға ЕҚЫҰ-ның дайын еместігі айқын көрінді, аталған елдерді әзірге Батыс Еуропаның дамыған демократиясымен толық теңдестіруге болмайды.

1999 жылы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ-ның орталығы тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Орталықтың ашылуы Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа кірігуін одан әрі кеңейтуде, елдің ЕҚЫҰ-ның барлық институттарымен өзара іс-қимылын дамытуда маңызды стимул болды.

1999 жылғы 30 наурызда Қазақстанның Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің Венадағы мәжілісінде шығып сөйлеген сөзінде Еуропаның қауіпсіздік хартиясын жеделдетіп әзірлеудің маңыздылығын атап көрсетті, мұндай құжат бүгінгі өмірдің күрделі, кейде айрықша қарама-қайшы болмыстарына жауап беруі тиіс еді. Сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азияға қатысты істерде, оның ішінде біздің елімізде демократиялық процестерді дамытуда ЕҚЫҰ тиімділігін арттыру үшін күш-жігер жұмсауға дайын екендігі айтылды.

Мұндай мәлімдеме қағаз жүзінде қалмасы үшін Қазақстан Үкіметі 1999 жылдың мамырында сайлау заңын жетілдіру жөнінде БДИПЧ басшылығымен белсенді консультациялар жүргізді. Мұндай сипаттағы байланыстар одан кейін де жалғасып жатты. Бұл орайда Қазақстан мұндай кездесулер пайдалы деген пікірді негізге алады, ең алдымен өтпелі экономикасы бар елдердегі демократияландыруға қатысты бірқатар проблемаларды ЕҚЫҰ басшылығына және оның мүшелеріне түсіндіру көзқарасы тұрғысынан пайдалы.

Қазақстан анағүрлым маңызды проблемаларды айқындау және оларды бірлесіп шешу жолдарын іздестіру мақсатында ЕҚЫҰ институттарымен, оған мүше мемлекеттермен диалогты жалғастырудың маңыздылығы туралы пікірді ұстанады. Осы проблемалардың ішінде Орталық Азия елдеріндегі өтпелі кезеңді әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдауды қамтамасыз ету, трансшекаралық суларды және энергоресурстарды бірлесіп басқару, көліктік инфрақүрылым мен сауда байланыстарын дамыту сияқты проблемаларды бөліп көрсету қажет. Бір жағынан бұл аймақ елдерінің өзара іс-қимылын кеңейтуге, екінші жағынан Орталық Азия елдерінің ЕҚЫҰ-ға интеграциялануын жеделдетуге жәрдемдеседі.

Адами өлшем туралы айтқан кезде Орталық Азия елдері дамуының тарихи сипаты батыс демократиясына тән санаттардан ерекшеленетінін ескеру маңызды. Бұл жағдайды ескермеуге болмайды. Осыған байланысты Қазақстанда ЕҚЫҰ жанжалдардың алдын алу және шешу, демократиялық институттарды құру жөнінде күш-жігерін жалғастырады деп күтеді. Ұйым сондай-ақ ұлттық заңнаманы дамытуға көмек көрсетуі тиіс, мұның өзі құқықтық жүйелерді бірегейлендіру процесіне серпін береді. Бұл ретте "көмек" сөзін қоғамның батыстық үлгісін механикалық түрде пайдалану деп түсінбеу керек. Әңгіме Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға мүше жекелеген мемлекеттердің даму ерекшелігін ескере отырып, әлемдік тәжірибені кешенді түрде пайдалану туралы болуы мүмкін.

Ерік-тілек болғанымен бірнеше жыл ішінде Қазақстанда бүкіл демократиялық институттарды құруды талап етуге болмайды. Қоғам өміріндегі мұндай елеулі қайта құрулар халықтың ділін, белгілі бір елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, бірте-бірте жүргізілуі тиіс. Оның үстіне әңгіме тоталитарлық дәуірді басынан өткізген мемлекет туралы болып отыр. Қоғамды қайта құру кезіндегі асығыстық мүлде қарама-қайшы нәтижелерге әкелгені туралы мысалдар жетіп артылады. Біздің еліміздің басты жетістігі тұрақтылық болып табылады. Бұл біз үшін стратегиялық міндет болып қала береді. Бір мезгілде Қазақстанда демократиялық процестер болмай қоймайтын осы процестер тереңдетілетін болады.

Қазақстан үшін әскери-саяси қауіпсіздік сияқты ЕҚЫҰ қызметі саласының маңызы зор. ЕҚЫҰ процесінің шеңберінде 1990 жылы Еуропадағы қарулы күштер туралы шартка қол қойылды, оған Қазақстан 1992 жылғы қазанда қосылды. Бұл шарт Атлантикадан Орал тауларына дейінгі аумақта ядролық емес құрылықтық және әскери-әуе күштерін шектеуді кездейді. Қазақстанның Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумға (ҚЫФ) және Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шартқа қатысты бірлескен консультативтік топ (ЕӘҚКШ БКТ) сияқты ұйымның институттарына қатысуы біздің еліміздің әскери-саяси мүдделерін ілгерілетуге, олардың 1994 жылғы Вена құжатында және қазіргі уақытта қайта қаралып жатқан ЕҚЫҰ туралы шартта бекітілуіне ықпал етеді.

Қазақстан Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шарт жаңа жағдайларға бейімделуі тиіс деп есептейді, ал ЕӘҚКШ-ны жаңғырту мәселесі уақыт озған сайын басымдық алып келеді. Мәселе мынада, ЕӘҚКШ-ға қатысушы мемлекеттер көзқарасының сан алуандығын ескеретін нақты бейімдеу қырғи-қабақ соғыс жылдарында болғаны сияқты текетірес рухында жаңа бөлу сызықтарының пайда болуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Президент Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитінде сөйлеген сөзі (1999 жылғы 18-19 қараша, Стамбул) осы ұйым қызметінің еуразиялық векторын дамытуға қосқан елеулі үлес деп қабылдаймыз. Біздің мемлекетіміздің басшысы демократия процесін дамытудағы Қазақстанның жетістіктерін, Орталық Азия елдері мен ЕҚЫҰ арасындағы диалогты жалғастырудың, аймақтық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол соңғы уақытта аймақта пайда болған жаңа құбылыстардың қауіптілігін атап көрсетті және ЕҚЫҰ рөлі күшейтілуі тиіс басымдық берілетін салаларды белгіледі. Осы мәлімдеменің нәтижесінде Орталық Азия аймағы рөлінің маңыздылығын тану Саммиттің ресми құжаттарында - Еуропа қауіпсіздігінің хартиясында және Жоғары деңгейдегі Стамбул кездесуінің декларациясында белгіленді.

2000 жылғы 24 акпанда, Венада ЕҚЫҰ тұрақты кеңесінің мәжілісінде Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі Стамбул Саммитінде сөйлеген сөзінің негізгі ережелерін дамыту болып табылды. Мемлекет басшысы қауіп-қатерге уақытылы үн қату мүддесі жолындағы ЕҚЫҰ қызметінің нақты бағыттарына егжей-тегжейлі тоқтады, қауіп-қатер шынайы және ол таяу болашақта аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыратындай ықпал етуі мүмкін.

2000 жылғы 27-28 қарашада Венада ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің сегізінші сессиясы өтті, онда қауіпсіздікке қатысты жаңа қатерлер тұрғысында Ұйымды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ адамдармен сауда-саттық жасау проблемалары, этникааралық және аймақтық жанжалдар қаралды. Ғаламдану жағдайында өткен жылдар ішіндегі ЕҚЫҰ-ның қызметіне талдау жасау сөйленген сөздердің көпшілігінің өзегіне айналды.



Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің сөзінде Ұйымның жалпыға бірдей қауіпсіздікті қолдау жөніндегі өзінің әлеуетін іске асыруы қажет екені атап көрсетілді, Ұйымның қауіпсіздіктің әскери-саяси, экономикалық және экологиялық аспектілеріне тиісінше назар аудармастан өзінің басты қызметін гуманитарлық өлшеммен шектеп қалуға болмайтындығы айтылды. Сонымен бірге экономикалық реформаларға және қоршаған ортаны оңалтуға байланысты мәселелерді шешуді аймақтық дамудың басты мақсаты ретінде белгілеген Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы саясатының дәйекті сипаты қуатталды.

ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдық берілетін бағыттардың бірі болып қала береді. ЕҚЫҰ жинақтаған мол тәжірибе және оның кең ауқымды институттар базасы сайлауды ұйымдастыру мен өткізуден бастап бітімгершілік операцияларына бақылау жасауға дейін ЕҚЫҰ-ның түрлі міндеттерді шешуіне мүмкіндік береді.

Гуманитарлық өлшем саласында ЕҚЫҰ-ның түрлі құрылымдарымен сындарлы диалогты жолға қою Қазақстанда демократиялық қайта құрулар жүргізудің, азаматтық қоғам құрудың және заңның үстемдігін бекітудің маңызды буыны ретінде қаралады. Сайлау заңнамасын жетілдіру, соттық және пенитенциарлық жүйені реформалау саласындағы ынтымақтастықтың жинақталған тәжірибесі осындай диалогты жалғастырудың қажеттілігі туралы куәландырады.

Қазақстан ЕҚЫҰ пікірталасына арналған қарапайым форум емес, ол өзінің жауапкершілігі аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауда, жанжалдарды реттеу мен бітімгершілік операцияларын үйлестіру саласында орасан зор әлеуетке ие деген пікірді ұстанады, бұл Еуропалық қауіпсіздік хартиясында көрініс тапқан. 1



Біздің еліміз азиялық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру процесінде ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастыққа зор маңыз береді, мұндай қауіпсіздік өзегі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңес болуы мүмкін (АӨСШК). Біз сондай-ақ Ауғанстандағы күрделі жағдайды реттеу жөніндегі Қазақстанның бастамалары мен күш-жігерін Ұйым қолдайды деп есептеуге құқылымыз (Казахстанская правда. – 1999 ж. 20 қараша).

ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл шеңберінде Қазақстан экономикалық және экологиялық өлшем саласындағы, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану сияқты саладағы ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөледі. Біз осыған байланысты нақты жобаларды іске асыруды, сондай-ақ осы өлшемнің нормативтік базасын кеңейтуді айрықша маңызды деп санаймыз. Атап айтқанда ҚР Үкіметі мен ЕҚЫҰ арасында экономика мен экология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум осыған бағытталған. Сондықтан Ұйымның мәртебесін одан әрі көтеру оның құрылықтағы саяси тұрақтылық міндетін шешудегі мүмкіндігін кеңейту, барлық бағыттарда гуманитарлық, саяси және экономикалық салаларда ЕҚЫҰ-ның әлеуетін мейлінше толық ашу Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделеріне жауап береді.

жүктеу 1.53 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   62




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет