Өскенбай би және тарихи таным



жүктеу 92.56 Kb.

Дата08.09.2017
өлшемі92.56 Kb.

Өскенбай би және тарихи таным  

 

Қазақ  халқының  тарихы  көне,  бай,  мазмұнды.  Ғасырлар  қойнауында 



ашылмай  жатқан  сырлары  қаншама?  Елбасы  Н.  Назарбаев:  «Құдай  қазаққа 

қырын  қарамаған:  пейіліне  сай  етіп  ұлан-ғайыр  жер  берген,  асты-үстін 

толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, 

ары үшін жанын садаға ететін ер берген», – деп толғайды. Мұхиттай терең, 

қорғасындай салмақты сөздер. Жүректі жарып шыққан ақжарма ақ тілеу.  

Қазақтың  бағзы  тарихының  іздерін  шежіреден  табасыз.  Шежірелік 

нұсқаға  айналуы  ХХ  ғасырдың  бас  шенінен.  ХІХ  ғасырдың  екінші 

жартысында  қазақ,  орыс  тілдерінде  шежіре-тарихтың  алғашқы  іздері  бой 

көрсетіп қалды.  

Шежіренің  қазақ  тарихын  зерделеуде  атқарар  қызметі  орасан.  Дей 

тұрғанмен,  барша  шежіреге  ғылыми  дәлелденген  тарих  ретінде  иек  арту 

алысқа  апармайды.  Себебі  шежіре  атаулының  дені  атадан  балаға,  ұрпақтан 

ұрпаққа  ауызша  жеткен.  Сондықтан  да  онда  кейбір  жаңсақтықтардың 

кездесуі әбден мүмкін.  

Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы», Мұхаммед Хайдар Дулатидің 

«Тарихи  Рашиди»,  Әбілғазы  Баһадүр  ханның  «Түрік  шежіресі»,  Жалайыр 

Қадырғали  Қосымұлының  «Жамиғ  ат-тауарих»  еңбектерінен  қазақ  тарихы 

мен  шежіресіне  қатысты  мәйекті  ойлар  мен  қордалы  толғамдарды  молынан 

кездестіреміз. Әр кезеңде хатқа түскенімен қазақ тарихын таратуда қисапсыз 

мол деректік сипаттарды бойына жинақтағандығын мойындауымыз керек.  

Түрлі  мақсатта,  қилы  кезеңде  қазақ  топырағына  аяқ  басқан  А.И. 

Левшин,  А.Н.  Харузин,  П.И.  Рычков,  В.В.  Радлов,  Н.А.  Аристов  тағы 

басқаларының  жолжазбалары  мен  күнделіктерінен  қазақ  шежіресінің 

сілемдері бой көрсетіп қалады.  

Сөз  ауаны  шежіреге  ойысқанда  ғұлама  ғалым,  сайыпқыран  тарихшы 

Шоқан  Уәлиханов  қаламынан  шыққан  еңбектерге  соқпай  өту  мүмкін  емес. 

Оның  «Ұлы  жүз  туралы»,  «Абылай»,  «Қазақ  шежіресі»  тектес  туындылары 

бағзы  тарих  пен  шежіретану  мәселесінде  ғылыми-  әдістемелік  маңызға  ие 

зерттеулер бастауында тұрғандығын зор мақтанышпен атау абзал.  

Абайдың  қарасөздерін  шұқшия  оқып,  мәйекті  ойларын  жинақтап, 

жүйеге  келтірсек  қазақ  тарихы,  руханияты,  жан  дүниесі  сияқты  қымбат 

қазыналарының  бел  ортасынан  шығарыңыз  хақ.  Соңынан  індете  қазып, 

шаршамай,  талмай  қопару  міндет.  «Біраз  сөз  қазақтың  түбі  қайдан 

шыққандығы  туралы»  бастапқыда  тарихи  зерттеудің  фрагменті  секілді  әсер 

қалдырғанымен,  өз  алдына  жеке  дара  тұтас  тарихи  еңбек  екендігі  даусыз. 

Шыңғыстаудың  бауырында  отырып,  қиянға  көз  тастап,  қиырдағыны  ойша 

шарлап парасатпен пайымдауы таң қалдырады. Бас шәкірті Шәкәрімді тарих 

қойнауына  бағыттап,  шежіреге  жол  нұсқауы  ғайыптан  түскен  ой  емес, 

мақсатты тапсырма.  

Шежіренің  тарихи  құндылығына  ерекше  мән  беріп,  өз  руының 

бұтақтарын  бүге-шігесіне  дейін  жинақтаумен  шектелмей  қазақтың 

өткендегісін кеңінен қамтыған – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ол ше- жірелерді 



барынша  жан-жақты  жинауды  мақсат  еткен.  Шежіресі  хатқа  түсірілген 

рулардың  басты  адамдары,  билері,  батырлары,  шешендері,  ақындары 

жөніндегі  деректерді  де  қалдырмай  жазып  алған.  Нені  жазса  да  кімнен 

естігендігін хатқа қоса тіркеген.  

Қазақ  арасында  шежіренің  ауызша,  жазбаша  түрде  таралғандығы 

белгілі.  Табиғатында  өлеңге  жаны  жуық  қазақ  халқында  шежірені  өлеңмен 

жазу  дәстүрі  де  қалыптасқан.  ХХ  ғасыр  әдебиетіндегі  ірі  ақындық  тұлға 

Нұржан  Наушабаевтың  «Манзұмат  қазақия»  (1903)  кітабы  –  өлеңмен 

жазылған шежіренің үздік үлгісі.  

Қазақ  шежіресінің  жариялануында  мерзімді  баспасөздің  алғаш-  қы 

қарлығаштары  «Түркістан  уалаятының  газеті»,  «Дала  уалаяты-  ның  газеті» 

пайдалы  қызмет жасады.  Алғашқы  шежіре үлгілері  қағазға  түсті.  Бұл  үлгілі 

өрнекті 

басқа 


газет-журналдаріліпала 

жөнелді. 

«Айқаптағы»Кәрім 

Бәтешұлының  «Қазақ  шежіресі»,  Сабыржан  Ғаббасовтың  «Тарих  қазақ 

жайынан», Мұхаметсәлім Кәшімовтің «Қытай қазақтары жайынан», «Қазақ» 

газетіндегі Халел Досмұхамедовтың ««Алаш» не сөз?», Мұхтар Саматовтың 

«Потанин  докладынан»,  Көлбай  Төгісовтің  «Жалайыр  елі»,  «Абай» 

журналындағы 

Мәннан 

Тұрғанбаевтың 



«Шежіре», 

Сұлтанмахмұт 

Торайғыров  жазып  алуындағы  «Жазықсыз  тамған  қан»,  «Ақнайман 

Ойсынбай» мақалалары – шежіретануға қосылған сүбелі үлес.  

Тікелей  қазақ  шежіресіне  арналмағанмен  1910  жылы  Қазанда  бас-  па 

көрген Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса» (бес тарих) еңбегі біздің өлке 

тарихының өткеніне қатысты бай мағлұматтарды бойына жинақтаған құнды 

кітап.  Қазақтың  тарихы,  салт-санасы,  тұрмыс-  тіршілігі,  этнографиясы 

жөнінде  беймәлім,  әрі  тосын  деректерді  аталған  еңбектің  өнебойынан 

ұшыратасыз.  Данышпан  жазушы,  кемеңгер  ғалым  Мұхтар  Әуезов  «Тауарих 

хамсаны» үнемі қайталап ақтарудан жалықпаған екен.  

Сөз  түйіні  Шәкәрім  шежіресіне  тіреледі.  Ш.  Құдайбердіұлы  шежірені 

жазуға  зор  дайындықпен,  мұқият  ізденіспен  келген.  Араламаған  ел-жұрты, 

ақтармаған  есті  кітабы  қалмаған,  қазақ  тарихынан  сыр  шертетін  шағын 

деректі  де  шет  қалдырмаған.  «Қазақтың  түпкі  атасының  жайын  білмек 

болып,  көп  уақыттан  бері  сол  туралы  естіген,  білгенімді  жазып  алып  және 

әртүрлі  жұрттың  шежіре  кітаптарын  оқыдым»,  –  деп  «Қазақ,  түрік  һәм 

хандар шежіресінің» кіріспесінде атап көрсетеді. Зіл-батпан жауапкершілікті 

арқалаған ғұлама табыс тұғырынан көрінген-ді.  

«Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. 

Шаһкәрімнің  бұл  кітабы  –  қазақ  шежіресінің  тұңғышы»,–деп  сүйіншілетті 

Әлихан  Бөкейхан.  Онымен  де  қоймай:  «Енді  мұнан  былай  қазақ  шежіресін 

жазбақ  болған  кісі  Шаһкәрім  кітабын  әбден  білмей  қадам  баспа»,  –  деді. 

Қызғаныштан  емес,  қуаныштан  айтылған  пікір.  Еңбектің  салмақтылығы, 

парасат бастауына тәнтілік айтқызған өзекжарды өрнек.  

«Шәкәрім ақсақал «Шежіресіне» жеңіл-желпі жұмысша қарамай, терең 

ойлап,  көп  оқып,  сан  салыстырып  барып  жазғаны  көрініп  тұр.  Бұл  турада 

ақсақалды  «қазақтың  Карамзині»десек  артық  мақтаған  болмаспыз».  Бұл  – 



Жүсіпбек Аймауытов толғамы. Өрімдей жас Жүсіпбек жүрексінбей Шәкәрім 

шежіресін тармақтай талдайды. Ұсынысын да қалыс қалдырмайды.  

Дүниеге  келгеніне  ғасырдан  астам  уақыт  өткенімен  Шәкәрім 

шежіресінің қадір-қасиетін жоғалтпасы анық. Бүгінгі таңда қазақ шежіресінің 

бірнеше  жүздеген  нұсқалары  кітап  болып  басылып  шықты.  Қуанышты 

жағдай. 


Шежіремен 

айналысып 

жүрген 

ғалымдар, 



баспагерлер, 

деректанушыларға  тілегіміз,  өткен  тарихты  «түземей»,  боямай,  өз  руын 

мақтап,  басқаны  даттауға  пайдаланбай,  келер  ұрпақ  алдында  ұялмайтындай 

еңбектер қалса құба құп.  

Біз  әңгіме  ауанына  тартып  отырған  Өскенбай  әулеті  жөнінде  мойын 

бұрғызбас  деректер  жоқтың  қасы.  Әр  жылдары  айтылған,  көнеден  қалған 

деректер  бірнеше  нұсқада  ұшырасады.  Кейбір  мағлұматтар  бірін-бірі  жоққа 

шығарып, шындықтың шырайы қашатын сәттер де кездеседі. Ә. Жиреншин, 

Ә.  Ысқақов,  Ж.  Қасымбаев,  Р.  Мусин,  Т.  Жұртбай,  Б.  Исабаев,  М. 

Жанболатов еңбектері ізденіске септігін тигізді.   

Ырғызбай  –  Өскенбай  әулеті  хақындағы  алғашқы  тарихи  баян 

Шаһкәрім шежіресінде.  

«Ырғызбай  –  біздің  4-атамыз  һәм  Абылай  ханмен  жолдас  болған  кісі. 

Оның төрт баласы – Өскенбай, Өсер, Мырзатай, Жортар. Жоғарғы Кеңгірбай 

бидің  орнына  Өскенбай  би  болған,  оның  бәйбішесінен  біздің  үлкен  атамыз 

Құнанбай  қажы  марқұм  жалғыз.  Оның  үлкен  қатынынан  менің  әкем 

Құдайберді марқұм жалғыз еді. Ол кісі 1866 барыс жылы 37 жасында апрель 

айында дүниеден өтіп, мен 8 жасымда жетім қалдым», – дей келе:  

«–  Қажы  марқұм  бұл  елдің  бек  надан  кезінде  туып  шала  хат  танып 

қалса  да,  әкесі  Өскенбай  биге  әр  жақтан  келген  хаттарды  оңашаға  алып 

барып,  бірін-біріне  салыстырып  өзінен-өзі  оқып,  түркі  кітапты  оқитұғын 

болыпты.  Және  ноғай  молдаларды  сақтап,  елсізге  үй  салғызып,  қазақтың 

балаларын  жиып  алып,  молда  мен  балаларды  сонда  сақтап  оқытып,  бұл 

жақтағы  қазаққа оқу  оқытып хат  танытқан сол қажы  марқұм еді.  Осы  күнгі 

біздің күзеу қорамыз Ескітам деген жер сол бала оқытқан тамның орны еді» 

(44-б.),  –  деп  тәптіштей  тарқатады.  Өз  аталарын  асыра  мақтап  жіберуден 

тартынғандықтан ба, нақты, дәлелді мәселелерді  ғана ортаға салады, қиялға 

ерік бермейді.  

Ырғызбай  –  Өскенбай  ұрпақтары  жөнінде  ғылыми  сенімді  де-  ректі 

заманымыздың  заңғар  жазушысы  М.О.  Әуезовтің  ұлы  Абай  өмірбаянының 

бірінші нұсқасынан кездестіреміз.  

«Ырғызбай  ер  жеткен  кезде  Тобықты  осы  күнгі  Семей  губерниясы, 

Семей  уезінде  Шыңғыс  тауының  батыс  шетіне  келіп  ілініпті.  Бұл  кезде 

Тобықты басшысы да, әкімі де Кеңгірбай би (жалған аты Қабекең) болған.  

Ырғызбай  не  би,  не  батыр  сияқты  болып,  арнаулы  бір  өнермен  ел 

алдына  жарқырап  шығып  басшылық  қылған  кісі  емес.  Ел  есінде  қалған 

сөздерге  қарағанда,  бұл  –  адал,  момын,  ақ  көңіл  кісі  болғанға  ұқсайды. 

Сондықтан  Айдостың  өзге  үш  баласының  қасында  мұның  кісілігі  барырақ 

болып,  ағайын-туысқан  осыдан  дәме  қылса  керек.  Әке-шешенің  дәме 

қылғаны да осы баласы болу керек. Өйткені шешесі айтты деген бір сөзде:  



Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,  

Тоқпақ жалды торыайғыр Көтібағым,  

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,  

Сірә да оңбас Торғайым, –  

дейді.  Бұл  сөзге  қарағанда,  Ырғызбайдың  шешесінде  ақындықтың  бір 

шағым буы болуға керек. Мүмкін бұдан басқа айтқан сөздері де бар шығар. 

Бірақ біздің құлағымызға тигені осы ғана.  

Осы  Ырғызбайдың  төрт  баласының  бірі  Өскенбай  болады.  Бұл 

ақынның үлкен әкесі. Өскенбайдың нағашысы керей Ер Жәнібек.  

...Өскенбай  Ырғызбайдың  өзге  балаларының  ішінде  тәуірі  болудың 

үстіне,  сол  кездегі  Кеңгірбай  маңайындағы  ағайын-туысқан,  іні-  баласының 

да  бәрінен  артық  болыпты.  Биге  болсын,  ағайын-туысқа  болсын  ерекше 

жаққан  мінезі:  адалдық,  ақ  пейілдігі  болса  керек.  Өскенбай  Кеңгірбай 

қартайған кезде атқа мінеді.  

Өзі  Ырғызбай  сияқты  Кеңгірбайдың  жақсы  көрген  інісінің  баласы 

болғандықтан,  оның  үстіне  азды-көпті  болса  да,  жаңағы  айтқандай,  өз 

басының  қасиеті  барлықтан,  Кеңгірбай  би  қартайып  өлерінде  қалған 

Тобықтыға  би  болуға  осы  Өскенбайға  бата  бермекші  болады.  Бидің  өз 

балалары  мен  өз  туысқандарының  ішінде  дәме  қыларлық  тәуірі  болмаған. 

Көбі тентек, сыйымсыз болып, бидің де тілін алмайтын болған. Осы туралы 

Кеңгірбайға Күнту ақын айтты деген мынандай сөз бар:  



Алпыс асып, жетпіске бағындың сен,  

Бұрынғы өткен құрбыңды сағындың сен.  

Жұрт тіліңді алады таласыңдай,  

Інің менен балаңа не қылдың сен?  

Би  Өскенбайға  бата  берерде  ағайын  ішінде  тағы  бір  тәуір көрер  кісісі 

Көтібаққа ақылдасқанда, о да Өскенбайды лайық көріпті. Бұл кезде Өскенбай 

ағайын ортасының түгел дәме қылған жігіті болуға керек. Өйткені сол кезде 

Алпыс ақын айтты деген бір сөзде:  

Кер асқақтың кемелі Кеңгірбайым,  

Салаң құйрық, салпы етек Борамбайым.  

Ізі, жолы еліне құтты болсын –  

Бесті айғырдай сақылдап Өскенбайым, –  

дейді.  Әрі  ел  қадірлеп,  әрі  өзі  дәме  қылған  соң,  би  шақырып  алып, 

Өскенбайға бата бермек болғанда, жас жігіт өз туысқанының аздығын айтып, 

«төрт сояу атанып едім ғой. Ерекеңе бата берсеңізші» депті.  

Сонда Кеңгірбай: «Ой, шіркін, мен өз басымды өзім көрмей тұрмын ба? 

Менің батам қонса, тұсыңнан кісі батып оята алмас»,–депті дейді.  

Өскенбайға бата берген соң, Кеңгірбай көп кешікпей өлген. Ырғызбай 

одан бұрын өлген екен.  

Өскенбай елдің «адал болады» деген дәмесін ақтаған би болды деседі. 

Ескіден  қалған  көп  аузындағы  дақпыртқа  қарағанда:  «Ісің  адал  болса 

Өскенбайға  бар»,  –  деген  сөз  бар.  Өскенбайдың  өзге  мінезі  туралы  елдің 

есінде қалған сөз көп емес»,– дейді ұлы жазушы.  

Дәйексөздің ұзақтығына қарамай тағы да Әуезовті сөйлетейік:  


«Өскенбай  жалғыз  өз  еліне  ғана  қадірлі  болмай,  маңайындағы  көрші 

елдерге  де  қадірлі  болғанға  ұқсайды.  Сондықтан  Тобықтыда  жұмысы 

болмаған  бөтен  рулардың  ісі  де  Өскенбайдың  алдына  келіп  бітім  тауып 

жүргені  болыпты.  Бірен-саран  алыс  елдердің  адамдары  да  орталарындағы 

үлкен  дауларына  Өскенбайды  би  қылып,  соның  билігіне  тоқтатып  жүрген 

деседі.  

Жай тұрмыстағы әдеті: қонақшыл, көпшіл мырза болса керек.  

Өскенбай  бері  келіп,  ұлғайған  уақытта,  ауылы  мен  үйі,  ағайын 

ортасының жиын үйі болып, ел бидің сыбағасы деп асын да, сыйын да әкеліп 

жататын болса керек. Әрине, ол заманның биі арнаулы қаржы алмаса да, ел 

үшін қызметін аямаған», – дейді.  

Осы  ой  қазақтың  ірі  ақыны  С.  Торайғыровтың  «Айтыс»  поэмасында 

жарасымды өрнектелген:  

Сағынам билерімді кең ақылды,  

Арамға жегізбейтін ақ мақұлды.  

Құдай өзін туғызған іштен би ғып,  

Білмейтін төре айтқанда жат, жақынды.  

Кебеже қарын, кең құрсақ кемеңгерім,  

Сатулы емес ақылы жұртқа тегін.  

Талапкер мен жауапкер өзі іздеген,  

Алдына кеп бітуге сондай ерін.  

Болыпты екі жағы бірдей ырза,  

Ақылмен ашқаннан соң күмән жерін.  

Қағазсыз, полициясыз қимыл қылған,  

Сонда да істің бәрі бітіп тынған.  

Ердің құны екі ауыз сөзбен бітіп,  

Кім оның жарлығынан мойын бұрған.  

Тапқыштық, шешендікпен кім алса атақ,  

Халық соны кетіпті «би» деп атап.  

Қасиетті  қазақ  ортасынан  қара  үзіп  озып  шыққан  бидің  бейнесін 

қапысыз суретке көшірген. Сөзіміздің алтын арқауы Өскенбай, міне, сондай 

би болса керек.  

Тағы  да  М.  Әуезов:  «Өскенбай  орта  жасқа  келгенде  баласы  Құнанбай 

ер жетіп, сол атқа мінген. Бұл 1804 жылдарда туған. Өскенбайдың айттырып 

алған  бәйбішесі  Зереден  басқа  тоқалдары,  күң  қатындары  да  көп  болған. 

Құнанбай – Зереден туған баласы, Құнанбаймен бірге туған Құттымұқамбет 

деген  інісі,  Тайбала  деген  апасы  болған.  Құттымұқамбет  жас  кезінде  өлген. 

Сонымен  Құнанбай  бидің  жалғы-  зы  есептелген.  Шешесі  Зере  кісі 

ренжітпейтін,  жұмсақ  мінезді  әйел  болған.  Ол  уақыттағы  бәйбішенің  бір 

сыны  –  күндестік  дегенді  білмей,  кең  мінезді  болу.  Зере  бәйбіше  осы 

жағынан  көп  мақталады.  Күңдер-  дің  балаларын  өз  балаларындай  асырап, 

еркелеткен деседі.  

Зере  күйеуі  Өскенбайдан  да  көп  жасаған,  би  1850  жылы,  72  жасында 

өлген, бәйбішесі 90-ға келіп өліпті», – деп деректерді ширата түседі.  



Құнанбай  Өскенбайұлы  (1804-1886)  –  қазақ  халқының  ұлы  ақыны 

Абайдың  әкесі,  заманында  аға  сұлтандыққа  тағайындалып  ел  билеген,  әділ 

би,  көмекейі  бүлкілдеген  шешен,  бүкіл  жұрттың  қадір-қасиетіне  иеленген 

кемел қайраткер болған.  

Қасиетті  қазақ  жеріне  тағдыр  тауқыметімен  келіп,  айдауда  ғұмыр 

кешіп,  біздің  халықтың  салт-санасы,  ғұрып-әдеті  жөнінде  тартымды 

мәліметтер  қалдырған  Адольф  Янушкевич:  «Табиғат  оған  кесек  ақыл, 

ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Дала заңдары мен Құран қағидаларының 

баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жатқа біледі, қара қылды 

қақ  жарған  би  және  өнегелі  мұсылман.  Қарапайым  Құнанбай  әулиенің 

даңқына  бөленген.  Одан  ақыл  сұрауға  жас  та,  кәрі  де  кедей  де,  бай  да  әр 

қиырдағы  ауылдардан  келіп  жатады»,  –  деп  таңдана  таңдай  қағып,  тамсана 

жазып кетті.  

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-

эпопеясында  Құнанбай  бейнесін  асқан  шеберлікпен  өрнектеді.  Ұлт 

руханиятының  баға  жетпес  биігінен  саналатын  классикалық  туындысында 

Құнанбай  әдеби  кейіпкер.  Көп  уақытқа  дейін,  тіпті  біздің  бүгінгі 

ақиқатымызда  ұлы  сүреткер  сомдаған  идеялық-көркемдік  коллизия 

шеңберінен шыға алмай қалдық.  

Тіпті,  бәзбіреулер  әке  мен  баланы,  Құнанбай  мен  Абайды  бір-біріне 

қарсы  қоймақ  сыңай  танытты.  Тоталитарлық  жүйе  аямай  соққан  таңбаның 

белгісі демеске әддіңіз жоқ.  

Қазақ қауымында ата-бабаға берілген астың да мәнді қызметте екендігі 

белгілі. Ас – кейінгі буынның алдыңғы ұрпақ қызметіне берілген баға іспетті, 

әрі соңғы құрмет. Оның тәрбиелік сипаты өте- мөте мол.  

Қ.  Халиди  «Тауарих  хамсада»  қазақта  ас  берудің  тарихына  да  мән 

берген:  «Қазақта  өлгенге  ас  беріп,  ат  шаптыру  өздерінше  үлкен  мақтаныш, 

абырой  болып  көптен  бері  осылай  мереке  сияқты  өткізіледі.  Бұл  әдеттің 

қашаннан  бері  қалыптасқандығына  жауап  айтатын  кісі  болмады.  Бірақ 

Абылай  ханға,  онан  бұрын  арғын  Қазыбек  биге,  найманда  Нарынбай, 

Құттыбай билерге ат шаптырып, ас берілгеніне қарағанда ең аз дегенде 200 

жылдан  да  асық  шығар  деп  шамаланған.  Ас  беруден  өлгенге  пайда 

болмағанымен,  оның  мирасқорларына  абырой,  яғни  атын  шығару.  Бұған 

халықтың  «өлім  –  бардың  малын  шашады,  жоқтың  етегін  ашады»  дегені 

дәлел.  

Бірақ  ас  беру  ойсыз-пікірсіз  өтпейді,  мысалы:  алыс  жерлердің 

айтылмай жүрген сөздері, шағым-даулары осында жиын алдында шешіледі» 

– деп орынды көрсеткен.  

Қазақ  сахарасындағы  Өскенбайдың,  Сағынайдың,  Ерден  Сан- 

дыбайұлының, Сарыбайдың, Сыпатайдың, көршілес қырғыздағы Шәбденнің 

астары өз алдына жеке-жеке тарих.  

Шәкәрім  шежіресінде:  «Қажы  марқұм  әкесі  Өскенбай  би  өткенде  осы 

күнгі Қамбарлар отырған Көкшетауда қазақ ғұрпыменен ас құдайы бергенде 

үш  жүздің  қазағын  түгел  шақырып  еді,  Ташкент,  Бұхара  төңірегіндегі  ұлы 

жүз  қазақтары  да  қажыға  сый  деп  жетімдер,  яғни  құл  алып  келіп  берген. 


Қажы  марқұм  1885  жылы  август  айында  81  жасында  –  тауық  жылы  өтті»,– 

деп жазса, Мәшһүр Жүсіп шежіресінде жан-жақты таратуға тырысқан: «Бұл 

Көкшетау,  Дуанатау  аталған  жерлер  Қарқаралыға  қарайтұғын  Қаракесек 

Қамбар  қыстаулары,  «Сегізауыл»  деген  өзен  бар.  Құнанбай  әкесі: 

«Өскенбайға  Арғын  ортасында  ас беремін!»  – деп,  сол  «Сегізауыл»  аталған 

өзеннің бойында берген. Үш жүзді түгел шақырған. Жерошақ басына бір-бір 

мерген  қойған:  «Ит  келсе,  атып  тастаңдар!»  –  деп.  Қазанға  шек-қарын 

салдырмаған: «Ас жақсысы қарта-ды // О да боқ дегенде, негізіне тартады» – 

деп. «Тері мойнымда қалады!» – деп, қалған аттарға бәйге берген. Құнанбай 

Өскенбайдан  өзі  жалқы.  Әкесі  Өскенбай  қыс  күнінде  өлген.  Онда  қазақтың 

кигіз  үймен  қыстан  шығатұғын  күні.  Әкесі  Өскенбай  дүйсенбі  күні  өлген. 

«Келер  дүйсенбі  жаназасы!»  –  деп,  кісі  аттандырған.  Жаназашыға  арнап 

жетпіс  үй  тіктірген.  Сол  үйлерге  кірген  жандардың  күтулі  болғаны  сондай: 

бір үй бір үйден керек қылып көмір де сұрап алмаған. Жаназаға жиылған жан 

басына бір-бір кез жыртыс бердірген: «Жайнамаз қылып алсын!»,– деп. Өзге 

шығарған малдан бөлек, «Жаназақы» деп төрт түйе байлаған» (9-том, 241-б.).  

Шежірелердің  деректеріне  қарағанда  Өскенбайдың  асы  1851  жылы 

берілген.  Әулеттің,  әсіресе  Құнанбайдың  атақ-даңқын  шартарапқа  жайған 

осы Өскенбайдың асы.  

Ей, Құнанбай, Құнанбай,  

Қазақта сенен де артық,  

Ұл туар ма осындай.  

Ас бердің әкеңе,  

Үш жүздің қосып баласын.  

Әкесіне ас берген,  

Қамбар жері – ошанда.  

Алшынбай болып тірегі,  

Қалың Арғын-Бошанға,  

Басын қосқан үш жүздің  

Құнанбай, сірә, осал ма?!  

Бақ қонар таудай басыңа,  

Әмірші болып қашанда.  

Құнанбайдай болып ұл туып,  

Өз әкеме ас берсем!  

Тобықтының баласы-ау,  

Жылай беріп қайтесің,  

Топырағы торқа болсын да, –  

деген  Жанақ  ақын  айтыпты  деген  арнау  өлең  бүгінгіге  сақталып  жет-

кен.  

Бұл  арада сөз  арнасының атадан балаға  мирас болған  тектілікке  келіп 



саяды.  Тектілік  –  атам  қазақтың  бойына  біткен  асыл  қасиет.  «Жеті  атасын 

білмеген жетімдіктің белгісі», «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын 

білген жеті рудың қамын жейді» деп келетін қазағымның өмір тәжірибесінде 

сынақтан  өткен  жауһардай  жайна-  ған  сөздер  тектен  текке  айтылмаған. 

Ендеше  текті  атаның  өскіні  балғын  буынның  талғамына  татырлық  тауарих 


елімізде баршылық. Міндет – өткенді үнемі ескеріп, тиісті қорытынды жасау 

парыздың бастысы.  

Өскенбай  сөздерінің  жиналмай,  шашырап  жатуы,  ұрпақтарының 

тарихы жан-жақты зерделенбеуі мақтанарлық құбылыс емес. Құнанбай, Абай 

–  асылымыз,  қасиетіміз.  Жазуымыз  керек.  Мақта-  нуымыз  керек.  Дау 

туғызбайды.  Алайда  әулеттің  өзге  ұрпақтары-  ның  ғылыми  айналымға 

түспеуі қынжылтады.  

Өскенбай  асында  Шөже,  Орынбайлармен  айтысатын,  Мәшһүр  Жүсіп 

жазбаларында үнемі «Тобықты Балта аталатын» ақынның бір- екі айтысынан 

басқа мұрасы белгісіз. М.О. Әуезов жоғарыда біз сөз еткен Абайдың алғашқы 

өмірбаяндық  очеркінде  дәйексөз  келтіретін  Күнту  ақын,  Алпыс  ақын 

шығармашылығынан бейхабармыз. Енде- ше ас,  той үстінде ой да егізқатар 

жүрсе құба құп.  

Сөз  соңында  айтпағымыз  тарихқа  жаңа  көзқарас  қалыптасатын  кез 

келді.  Осы  жылдың  бесінші  маусымында  Мемлекеттік  хатшы  Марат  Тәжин 

«Тарих  толқынындағы  халық»  баяндамасымен  отандық  тарихтың  теориясы 

мен  әдістемесі  төңірегінде  өрісті  ойлар  өрбітті,  тарихшы  –  ғалымдардың 

алдына зор міндеттер қойды. Айтулы жиыннан бергі жерде жұмыс топтары 

құрылып  іске  кірісіп  кетті.  Ш.  Уәлиханов  атындағы  Тарих  және  этнология 

институтының  директоры,  профессор  Ханкелді  Әбжанов  өте  ащы  пікір 

айтты:  

«Тарих  –  ұлт  байлығы.  Ұлтқа  тиесілі  мұнайдан,  көмір-темірден 

айырмашылығы  –  ол  жекешелендіруге,  билік  пен  байлыққа  жығып  беруге 

көнбейді,  міндетсінбейді.  Бірақ  біз  оны  құрметтеуіміз  керек.  Өйткені  ол  – 

ұлттың рухын асқақтатып, ғұмырын ұзартатын құдіреттің өзі. Демек, тарихқа 

қызмет  ету  –  елге,  жерге,  Отанға  қызмет  етудің  бір  парасы.  «Қойшы  көп 

болса,  қой  арам  өледі».  Азаттық  пен  шығармашылық  еркіндік  кейбір 

тарихшылардың  басын  айналдырып  жібергені  сондай,  олар  тарихқа 

қорасындағы қойды түстегендей көз жүгіртуді, түйе үстінен қарауды дағдыға 

айналдырған  тәрізді.  Мұндай  парықсыздық  пен  жүгенсіздік  әкелген  арзан 

атақ  түбінде  өкінтеді.  Тарихты  ешкім  алдап  кеткен  емес.  Ал  оны  малтабар 

кәсіпке  айналдырғысы  келген  қойшы-тарихшы  тарихтың  қоқыр-соқырынан 

ғана орын табады. Егер таба алса...»  

Тыңдауға ауыр. Бір-бірімізге жарамсақтанып, көңілдеріне келмесе деп 

жүріп  мәселені  тым  ушықтырып  алдық.  Жалпақ  шешейліктің,  көңіл 

жықпастықтың  дертіне  ұшырай  жаздадық.  Кермек  татитын  ащы  сыннан 

қорытынды шығатынына үміттіміз. 

 

Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор 






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал