Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері



жүктеу 7.84 Kb.

бет22/26
Дата08.01.2017
өлшемі7.84 Kb.
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

М Ә Д и н а
Біздің  бәріміз  парламент  депутаты  Бола  ала-
мыз,  министр  бола  аламыз,  тіпті  республика 
президенті  бола  аламыз,  бірақ  ешқайсымыз  өнер 
адамы  бола  алмаймыз.  Осылай  болғандықтан  да 
өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан 
сүйеміз.
Мұстафа Кемел Ататүрік
қазақ радиосы ғимаратының бірінші қабатындағы асханаға 
кіреберісте  сол  жақ  бұрышта  шай  ішіп,  шөл  басатын  шағын 
бөлме бар. түс ауа сонда баратынбыз. Бізде қызметтес серігіміз 
екеуміз  шеткі  үстелдің  бірінде  шай  ішіп  тұрғанбыз.  қолында 
кесе толы сүт қатқан қызылкүрең шай бар, көзі қарақаттай, ақ-
сары қыз: – Жігіттер, қастарыңа тұруға бола ма? – деді үстелге 
қойып жатып, қасымдағы жігіт: – О, Мәдина, әрине, болады... 
болады, – деп құрақ ұшты. Ол өзінің бұрыннан таныс екендерін 
аңғартып:  –  Мәдина,  –  деген  әнші  қарындасыңыз  осы,  –  деп 
бізді таныстырып жатты. «Е, кілең қара қатындар туралы жа-
затын жазғыш екен ғой», – деді ол. Мен: – «неге олай дейсіз?», 
– дедім. – «тыңдап жүрміз ғой. Сары қатындар туралы да жаз-
байсыз ба?» – деп қулана күлді. Осы бір сәтте оның жүзі маған 
тіпті нұрланып кеткендей әсер етті. Мен не дерімді білмей сонда 
бар айтқаным: «жазамыз...жазамыз...» болыпты. Осыдан кейін 

234
біз  кездескен  сайын  байырғы  таныстардай  ашық-жарқын 
әңгімелесіп жүрдік. Келе-келе Мәдинаның өнеріне, өміріне де-
ген  қызығушылық  ояна  бастады.  Ендігі  жерде  оған  қатысты 
деректер мен материалдарды тірнектеп жинауға кірістім.
Ой  мәйегінің  иесі  Абайдың  туғанына  150  жыл  толуына  орай 
«Қазақстан  темір-жолы»,  Қазақстан  Композиторлар  одағы  және 
Қазақ  радиосының  эстрада-симфониялық  оркестрі  Абайдың 
мол  рухани  мұрасын  насихаттау  мақсатында  өнер  сапарларын 
ұйымдастырды.  Оның  құрамында  еліміздің  атақты  және  танымал 
өнер  шеберлері  болды.  Сонда  кезекті  жолымыз  оңтүстік  өңірге 
түскен еді. Мәдина бізге Арыс қаласында қосылды. Күн ауып, ап-
тап ыстықтың беті қайтқан кез. Біз теміржолшылардың Мәдениет 
үйін  бетке  алып  келеміз. Зейнеп,  Әсет,  Нұрғали,  Мыңжасар  және 
мен олардың соңын ала аяңдап, өзара әңгімелесіп келе жатқанбыз. 
Қолында жетелеген алты-жеті жастағы қызы бар бір ару ана бізді 
шаужайлата қуып жетіп: – Мәдина қызым қайда, Мәдина қызым? 
– деді аптығын баса алмай, алқынып. – Неге іздеп жүрсіз? – дедік 
аңтарыла қалып. – «Мынау немерем еді. Мәдина сияқты әнші болам, 
–  дейді.  Соған  ырым  қылып,  аузына  түкіртіп  алайын  деп,  ауылға 
келгенін естіп, жүгіріп келе жатқаным ғой», – деді аңқылдаған ана. 
Ал, Мәдина, Гүлнәр, Ақжол бастаған топ бізден едәуір ұзап, кетіп 
бара жатқан. – Әне, Мәдина қызыңыз, әне кетіп бара жатыр», – деп 
жөн  сілтедік.  Немересін  сүйрелей  жетектеп,  асығып  бара  жатқан 
ананың соңынан қарап тұрып: «Әй, ырымшыл қазағым-ай», – деп 
қатарымыздан біреу күбір еткендей болды. Кім екенін байқамадым. 
Сол жолы Арыстағы кеште Мәдина «Ақбаян» және «Жібек Жолы 
аруы» әндерін шырқағанда, оған сүйсініп қол соқпаған адам сірә, 
болмаған болар.
– Мәдинаның «Ақбаянына» үздігіп тұрамын, – деді сонда маған 
арыстық бір бозбала, – оның үстіне өзін көзбе- көз көріп тұрғаным 
да осы, бірінші рет. Әртүрлі әншілер Арысқа жиі келіп жатады, бірақ 
олардың  көбіне  көңілім  көншімейді,  неге  екі-ақ  ән  айтты?  –  деп 
таңданыс танытқан көрермен, оның әндеріне сусыны қанбай қалған 
сыңай  байқатты.  Оның  сөзінен  Ақбаян  сынды  қызға  ғашық  екені 
сезіліп тұрды. Мәдина шырқаған Бексұлтан Байкенжеевтің сол бір 
әні жас жігіттің жүрегіндегі махаббатты шоқтандыра түскендей еді. 
Осы сәтте оның жанары нұрланып тұрды. Сазды да, сүйкімді дау-
ыс. Көмейінде күміс қоңырау сыңғырлағандай. Қалай айтарымды 
білмей, теңеу таппай қиналып тұрмын...

235
Ия,  «Ақбаянды»  өзге  әншілер  де  айтып  жүр.  Әйтседе.  Оның 
«кіндік  шешесі»  –  Мәдинадай  өрнектеу  қайда?  Әншінің  жүрек 
түкпірінде көркемделіп, әрі кірген ән емес пе? «Құдайдың құдіреті 
Мәдина айтқан әндер адамды өзіне тартатын магниті бар секілді», 
–  деп  тамсанды  енді  бірде  бір  көрермен.  «Оның  сыры  әншінің 
табиғатында жатыр-ау...», – деп күбірледі ол.
Табиғат  демекші,  Мәдина  өнерде  бірбеткей,  айтқанынан 
қайтпайтын  қайсар  болатын.  Композиторлардың:  «менің  әнімді 
орындашы»,  –  деген  қолқасына  жығыла  кетпейтін.  Қия,  қиыс  ба-
спайтын  ұстанымы  берік  Мәдина:  –  «Мәселе  айтатын  әндерінің 
көптігінде  емес,  сапасында»,  –  деген  қағиданы  жиі  еске  алып 
жүретін.  Ол  –  ән  әлемінде  өзіндік  сәулесімен  жарқырап  тұрып 
қалған  тұлға.  Мәдина:  «Атақ  –  дегеннің  өзі  халық  ықыласының 
бір жапырақ бөлшегі ғана ғой...», – дейтін де қоятын. Ал, сахнаға 
шыққан өзі де, әні де құлпырып, төгіліп келетін. Оның өзі жоғары 
білімді,  өнер  зерттеушісі  болғандықтан  да  әншілігі  қалыпсыз 
еді.  Әнді  қалай  түлету,  оның  тарихи  сабақтастығын  қалай  сақтау 
керектігін терең білетін-ді.
Өзінің  сахнаға ауған  көңлін Мәдина: «Сахна –  мен үшін саха-
рамен бірдей, тынысым кеңейіп, қанатым жайылып жүре береді», 
–  деп  білдіретін.  «Тек  көрерменнің  мөлдір  сезіміне  сызат  түсіріп 
алмасаң болғаны. Мені үнемі осы ой мазалайды», – деуші еді көңіл-
күйі бір шалқып кеткен сәттерде.
Мәдинаның  өнердегі  сапары  тауқыметті  де,  қатал  тағдырмен 
басталады. Нәзік, әдемі қызға өзіндік мөлдір дауыспен бірге өмір 
сыйлаған әке соғыс салған жарадан көз жұмғанда, Мәдина тіршілікке 
енді талпынып жатса керек. «Әкем мүлде есімде жоқ. Анам да көп 
ұзамай қатты науқастан о дүниелік болды. Ол кезде мен он екі жаста 
едім. Бес жасар сіңліміз екеуміз жалғыз қалдық...», – деп еді сонда 
жанарына жас ұялаған Мәдина.
Қызылордадағы  педучилищеде  оқып  жүргенде,  алғаш  рет 
«Ақбаян» әнімен ауызданды. 1972 жылы Алматыда өткен Әуесқой 
өнерпаздардың  фестиваліне  қатысып,  осы  әнмен  лауреат  атанды. 
Осы өнер додасында оған белгілі музыка мамандарының, танымал 
композиторлардың  көзі  түсіп,  қаршадай  қыз  олардың  қолдауына 
ие  болады.  Сонда  дуалы  ауызды  тарландардың  қатарында  Роза 
Бағланова да бар еді. Анасындай болып кеткен Бибігүл Төлегенова 
болса:  «Мәдина  қарапайым  мінезді,  кішіпейіл,  үнемі  ақжарқын 
жүретін.  Мен  өзім  ол  шырқаған  әндерді  де  өзін  де  біртүрлі 

236
аналық сезіммен жақсы көріп кеттім. Оны өзі де, сезетін. Кездесе 
қалсақ,алдымнан  қия  өтпей,  қызымдай  еркелеп  келіп,  құшағыма 
құлайтын.  Мәдинаның  бір  жақсы  жері  бар  еді.  Сахнада  әндерін 
қалай болса солай жүгіріп жүріп айтпайтын. Қазақтың қыздарының 
мәнерімен  байсалды  шырқайтын.  Ұлтымыздың  дәстүрін  жақсы 
білетін,  халықтың  құлақ  құрышын  қандырып  жүрді.  Мәселен, 
суретші  сурет  салғанда  бір  ғана  бояумен  салмайды  ғой.  Әртүрлі 
бояу суретке өзіндік рең, әдемі көрік беріп тұрмай ма? Сол сияқты 
Мәдина біздің шығармашылық өнерімізде өзіне тән ерекше бір бо-
яумен қалып қойған әнші», – деп күрсінеді. Ал, Мәдинаның аузы-
нан: «Менің ерекше құрмет тұтатын үш әншім бар. Олар: халықтың 
бұлбұлдары – Күләш, Бибігүл, Роза. Мұхтар Әуезов: «Күлаш сахнаға 
шыққанда ай туып келе жатқандай әсерде қаламын», –  дейді екен. 
Өз басым Бибігүл, Роза апайларды сахнаның сәні дер едім. Кезінде 
Роза апай маған үлкен үмітпен батасын берген еді», – деп жиі айтып 
жүретін.
Ел  ішіндегі  жылт  еткен  жауһарларды  өзіне  тартатын  «сый- 
қырлы»  Алматы  Мәдинаны  да,  өзіне  тартты  да  тұрды...  Көп 
ұзамай  сіңлісін  жетелеп  шаһардың  табалдырығынан  аттайды. 
Айы  оңынан  туып,  Қыздар  педагогикалық  институтына  түседі. 
Сондағы:  «Неге,  консерваторияға  түспедің?»,  –  деген  сұрағыма: 
«Өйткені  қабылдамады...»,  –  деп  келте  жауап  қайырғаны  есімде. 
Кейін  білгенімдей  Мәдинаның  дауысы  –  меццо-сопрано  екен. 
Бұл  –  дәстүрлі  халық  әндерін  шырқаушылардың  арасында  сирек 
кездесетін құбылыс. Егер, осындай мәнердегі әншіге камера немесе 
опера әншіснің дауысын қойса, онда оның сұлулығы қайта келме-
стей жоғалып кететін көрінеді. «Осыны Құдай сездірді ме қайдам, 
дауыс мақамымды өзгертуге мүлде қарсы болдым», – деп еді бірде 
Мәдина.
Ия,  оның  әншілік  өнері  де  тағдыры  тәрізді  біркелкі  болған 
емес. Бірде ойда, бірде қырда деуге болады. Оның әншілігі әртүрлі 
тебіреністе болып келеді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың 
бас кезінде «Ақбаян» әнімен жарқ етіп шыға келген Мәдинаны Роза 
Бағланова, барлығы кеукеулеп ортаға алып, қолтығынан сүйеп, же-
телеп алып кетіп еді. Содан кейін ол сахнадан көрінбей кетті. Ұзақ 
жылдар бойы үнсіз жатты. Сөйтсек, Мәдина Ғылым академиясының 
Әдебиет  және  өнертану  институтында  қызмет  істеп  жүріпті.  Со-
дан кейін жарқ етіп қайта шыға келді. Бұл жолы ол сахнаға жалпы 
ішкі  дайындықпен  келген  болуы  керек.  Ол  бірден  көрінді.  Кеңес 

237
дәуірінде  қазақ  әншілері  көп  бара  бермейтін,  қазақтың  ежелгі 
әндерін  «Қоғалы-ай»,  «Әгугәй»,  «Алқоңыр»,  «Жылқы  ішінде  бір 
ала»,  «Айқаракөз»  қайта  түлеп  ел  есінде  жаңғырып  жатты.  Осы 
әндерімен  Мәдина  өзін  халқының  әнші  қызы  екенін  дәлелдей 
алды. Оның өзіндік дауыс ерекшелігі, сахнадағы болмысы, өзін-өзі 
ұстауы және ұлттық киімнің оған қона кетіп, жарасуы, – бұның бәрі, 
сыртқы эффектіге ерекше атрибут болып, әншіге қайталанбас сән 
беріп тұратын.
Жалпы өз басым, Мәдинаны өзге әншілерден ерекшелеген үш 
нәрсе деп ойлаймын. Біріншісі: ол өзінің дауысының табиғатына, 
талантының  табиғатына  сай  репертуарды  ғана  таңдады.  Өзінің 
қолынан  келмейтін  әнге  бармады.  Біздің  көп  әншілерміз  әлі 
күнге  дейін  осыны  шатастырып  алады.  Тіпті,  «жұлдыз»  деп 
жүргендеріміз өзінің дауысына келмейтін, табиғатына қораштау 
әнге  барады.  Сөйтіп,  бұрыңғы  шыққан  биігінен  сәл  төмендеп 
қалып жатады. Екіншісі: Мәдина, ел ішін көп аралайтын-ды. Ел 
ішінде көп айтылмай, тасада қалып қойған, күлдің астында жал-
тырап  жатқан  «алтындарды»  тауып  алып,  халқына  қайтадан  та-
залап  ұсынды.  Ізденіп  жүретін.  Халық  әндерін  тірілтуде  оның 
еңбегі зор. Үшіншісі:қазақтың халық әндерінде сирек кездесетін 
мәні терең, нәзік, көркем, бояуы қанық сөздерді нақпа-нақ айта-
тын  және  әнді  айтқанда  оның  сөзін  түсінбей  қалып  жатпайсың. 
Бұның өзі де Мәдинаның ән өнеріндегі үлкен қасиеттерінің бірі 
болатын.
–  Мәдинаның  әншілігіне  кезінде  ерекше  көзбен  қараған 
адамдардың бірімін,  – деп бастаған еді сөзін бір кезде Дулат Исабе-
ков. – Бұл менің оған деген жеке пікірім, талғамым шығар. Ән деген 
біздің халықтың өмірімен тығыз байланысты. Бұлар – егіз жаралған 
ұғым. Жалпы, қазақ құлақтан семіріп, құлақтан азатын халықтардың 
бірі болса, бұл негізінен о баста әнді меңзеген болуы керек деп ой-
лаймын.  Кезінде  тыңдаған  жұрттың  құлақ  құрышын  қандырған 
Мәдина – қазақ ән әлеміндегі шоқтығы биік жарық жұлдыздарының 
бірі  еді,  әттең,  ерте  сөнді.  Ол  шырқаған  қазақи  болмыс  мөлдіреп 
тұрған әндердің бірі – «Айқаракөз». Ол неге Мәдинаға шейін айтыл-
май келген білмеймін, ол жағы маған түсініксіз. Оны оңтүстік жақ 
«біздің ән» десе, арқа жағы «біздің ән» дейді. Бірақ, қалай болғанда 
да ол қазақтың әні ғой». Әнді Мәдина қайта «тірілткеннен» кейін 
оған таласушылар көбейіп: «Оны мен тауып едім, брінші мен айтып 
едім»,  –  деп  Мәдинаның  шаужайына  жармасқан  әншілер  әр  жер-

238
ден шыға бастағаны бізге белгілі. Бірақ, Мәдинаның айтқанындай 
«Айқаракөз» болған емес. Ән – қазақ өнерінің, қазақ өмірінің айнасы 
іспетті. Әсіресе, әнді тыңдағанда нәзіктікке, сүйіспеншілікке, бой-
жеткен мен бозбала арасындағы махаббатқа, жеңге мен қайынсіңлі 
арасындағы  бүкпесіз  сырластыққа  куә  болғандай  күй  кешесіз. 
Мәдина көмейінен өріліп шыққан әннің табиғатынан жалпы, қазақ 
ән  тарихында  кездесетін  адами  қарым-қатынастың  жібек  желісін 
аңғарасыз.
–  Мен  осы  әнді  тыңдай  отырып,  қазақтың  жан  дүниесінің 
соншалықты бір нәзіктігін, кейде бір әлсіздігін, дәрменіздігін бар 
болмысыммен  ұғынғандай  боламын,  –  деп  үзілген  ойын  қайта 
сабақтады Дулат. – Сырбаздап, тұспалдап сөйлеу арқылы берілген 
адам сезіміне жан бітірген әнші шеберлігін анық көріп, мен көзіме 
жас алғаным бар.Біреу сенер, біреу сенбес шынында да үш күн бойы 
үйден шықпай тыңдап, содан кейін «Қазақ әдебиетіне»тұңғыш рет 
музыка жайлы, ән жайлы, орындаушы жайлы мақала жазып едім. 
Ол – «Айқаракөз» немесе Мәдина Ерәлиеваның жаңа белесі» деп 
аталды.
Өткен ғасырдың соңында қазақ әншілерінде ізденімпаздық жет-
пей  жатқаны  байқалды.  Көбісі  дайын  әндерді  орындаудан  аспай 
қалды.  Өз  бетімен  талпынып,  тыңнан  сүрлеу  салуға  екінің  бірі 
құлықсыз болды. Өнерде өзіндік тоқырау сезілді. Бірақ, Мәдинада 
мұндай  құбылыс  байқалмады.  Себебі,  ол  ылғи  да  ізденіс  жолын-
да  жүрді.  Үнемі  өзіне  сын  көзбен  қарайтын.  Әнші  болған  соң 
жұрттың көз алдында жүретіні белгілі ғой. Бірі мақтап, бірі ескерту 
айтып  та  жатады.  Соның  ішіндегі  ең  кереметі  –  өз  өнеріне  үнемі 
қанағаттанбау.  Осындай  қасиет  Мәдинаның  бойында  бар  еді. 
Мәселен, таңертең тұрып айнаға қарасаң күнде бірдей емеспіз ғой. 
Бірде  өзіңе  ұнайсың,  бірде  ұнамайсың.  Ұнамаған  жағыңды  біреу 
айтпай  тұрып,  өзің  жөндеп  аласың.  Мәдинада  да  осындай  жақсы 
қасиет бар еді. Ол әндеріндегі кем-кетіктерді біреу айтпай тұрып-
ақ, өзі жөндеп алуға тырысатын. Бұны оның өнерге қиянат жасамау 
ниетінен туған талғампаздығы демеске болмас.
Өзінің  оңтайына  келетін  «Әттең,  тонның  келтесі-ай»,  «Са- 
ғынамын»,  «Қоғалы-ай»  тәрізді  әндерді  одан  аса  құлпыртып  ай-
татын әншіні сол тұста мен көре алмадым. Бұл – Мәдинаның за-
мандастарын төмендету емес, әншінің ерекшелігін даралау ғана. 
Қара халықтың ортасынан жарып  шыққан әнші маңдайға сыймай 
кетті.

239
Бірде  кездейсоқ    көшеде  кездесіп  қалып  едім:  –  «Қазір  өзбек, 
қырғыз  татар  әндерінің  жаңа  циклдерін  жасап  жатырмын.  Со-
нан  кейін  қазақ  халық  әндерінің  топтамасын  қолға  алмақпын. 
Жаңадан  бейне  баянға  дайындалып  жүрмін»,  деп  еді.  Сонда  өзі 
бір  шығармашылық  шабыт  үстінде  екен.  Кейбір  әншілер  бір-
екі  әннен  кейін  болдым,  толдым  дегендей  толастап,  тоқмейілсіп 
қалатыны бар. Осындай мінез қалыптасқан жерде өнер де тоқтап, 
тоқырауға ұшырайтыны мәлім. Ал, Мәдина болса, бұл жағынан ру-
хани аш жүрген әншіге ұқсайтындай көрінетін. Оның жан рахатын 
– ел ішінде, күл үстінде  жылтырап жатқан «алтындарды» – халық 
әндерін тазалап, халқына қайта ұсынған сәттерде сезінетінін  екінің 
бірі білмейді. Әнші ән сөзіндегі сирек кездесетін мағынасы терең, 
мәні зор, бояуы қанық көркем сөздерді бұзбай, тыңдарманға нақпа-
нақ жеткізе білетін-ді.
Мәдина – әнсүйер қауымның көңіл-күйінің пернесін дөп басқан 
өнер  иесі  еді.  Ол  өзінің  тұсындағы  ел  өміріндегі  өтпелі  кезеңнің 
адам  иығына  түскен  зілбатпан  жүгін  сәл  де  болса,  өз  әнімен 
жеңілдетуге тырысқан әншіні сол кезде біреу түсінсе, біреу түсінбеді. 
«Қазақстанның халық әртісі» атағын алу үшін «ананы бір, мынаны 
бір жағалап жүр» деген қаңқу сөз де, күбір-күбір өсек те ел ішін 
аралап кеткен шақ болатын. Талантқа сын көзбен қарайтындар да, 
оның ізін бағатындар да қай заманда да аз болмаған. Бұдан Мәдина 
да  сырт  қалған  жоқ:  «Музыкалық  жоғары  білімі жоқ,  Қыздар  ин-
ститутын ғана бітірген, тұмсығының астынан аспайтын дауысы бар, 
әнші емес», – деп Қазақ радиосының музыка редакциясының сол 
кездегі кейбір редакторлары Мәдинаны шеттетіп, әндерін радионың 
«Алтын қорына» жаздыруға қарсы болғандарын өз көзіммен көріп, 
мына  қалқан  құлақпен  талай  рет  естідім.  Сөйтіп,  оның  өнеріне 
қиянат жасап, аяқтан шалғандар, әрине аз болмады десем, біреу се-
нер, біреу сенбес.
Абайша айтсақ, айқайламай-ақ әсем сазды дауыспен жеткізетін 
әншінің ән орындау мәнеріндегі адамға белгісіз бұл құпияны анау-
мынау жұрт аңғармай да қалуы мүмкін ғой.
Мәдина  пенделердің  қағытпа  сөздерінен  беті  қайтып,  тауы 
шағылып көрген емес. «Жүйрік ат өрге шапса, өршеленер» демекші 
ол бұрынғыдан гөрі ширыға түсетін.
...Жылқы ішінде ала жүр, тай секілді, әгугай,
Ұстай  алмай  бала  жүр,  ай  секілді,  әгугай,  –  мөлдіреп  тұнып 
тұрған  лирика.  Жібектің  жібіндей  нәзік  сазды  үзіп  алмай  жеткізу 

240
–  екінің  бірінің  маңдайына  жазылмаған.  Осындайда  құлағыңызға 
құлыншақтың мойындағы күміс қоңыраудың тап-таза сыңғыр үні 
келмей ме? Егер әннің болмысын бұзып айтсаң, онда одан қандай 
қасиет, қандай бояу қалады? Мәдинадан зор дауысты талап етудің 
қажеті  де  жоқ  еді.  Ол  жасанды  болмыспен  емес,  табиғат  берген, 
өзіне жарасатын болмыспен өмір сүрді. Оның қазақ ән өнеріндегі 
ізі, қолтаңбасы, үні осы даралығымен қалды.
Бірде келіп: – Уақытың бар ма? – деді Мәдина, жұмыс аяқталып 
қалған шақ еді, иә, – дедім. – Онда әңгімелесейік, – деп қолқа сал-
ды. – Жарайды, – деп сыртқа шықтық. Есік алдында судай жаңа, 
қап-қара «джип» тұр. – Отыр, деп ишарат білдірді. Машинада ұлы 
Арсен  отыр  екен.  Біз  әпсәтте  Цирк  маңындағы  саябаққа  келдік. 
Жайлы  орындықтардың  біріне  жайғасқан  соң:  –  Халық  әндерінің 
дауысқа салмай, тек қана, үнмен жеткізетін белгісіз құпиялары бар. 
Ол  –  әлі  көрерменге  жетпей  жатыр,  –  деп  ол  ойын  әріден  баста-
ды. – Оны жеткізе алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Әнді тарихымен, 
мазмұнымен, қазаққа тән дәстүрлі дауыспен ғана жеткізуге болады. 
Мәселен, халық әні «Әй-әй, бөпем», осы әнді қалай өзгертіп айта-
сыз?  Себебі,  табиғаты  бөлек.  Кез  келген  әнді  орындап  тұрғанда: 
«Халыққа жеткізе алдым ба, сөзін дұрыс айттым ба, ән маған келе 
ме?» – деп толғанбайтын әнші бақытсыз, әділетсіз», деді.
Әншінің  бар  маңдай  тері  «Адырна»  ансамбліне  жұмсалды  деп 
айтсақ та болады. Халық Мәдина десе, «Адырна», «Адырна» десе, 
Мәдина деп білетін. Ал, 1991 жылы ол  «Ақбаян» өнер тобын құрды. 
Өзі  айтқандай,  өмірге  түңіліп  жүрген  кездері  болғанымен,  өнерге 
түңілген кездері болмапты. Ғұмырының соңғы жылдары шырқаған 
Гүлнәр Дәукенованың «Сағындым, сағым жылдар», Мұқағалидың 
сөзіне  жазылған  «Күрең  күз»  әндері  –  Мәдинаның  әншілік 
өнеріндегі жаңа белестер еді. Бірақ, өмір сапары осы жерден үзілді... 
Ақын Марфуға: «Қақаған қыс. Әппақ қар... Қар бетіне үзіліп түскен 
бір тал қызыл гүл... Мен Мәдинаны осы гүлге теңеймін. Әппақ қар 
–  Мәдинаның  жан  дүниесінің  әппақ  әлемі  болса,  сабағынан  ерте 
үзілген қызыл гүл әншінің қысқа ғұмыры...», – деген еді.
Хош енді, хош бол күрең күз...

241
нұРЖаМаЛ ҮСЕнБаЕва,
Қазақстанның халық әртісі
қыз Жібекке айналып кеткендеймін...
нұржамал  Үсенбаева  –  қазақстанның  және  Татарстанның 
халық әртісі, қР Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз «Плати-
налы Тарлан» сыйлығының және халықаралық байқаулардың 
лауреаты.
нұржамал... Ол шырқаған әрбір ария, әрбір ән жан шуағына 
шомылып,  ажарлана  түсетін  тәрізді.  Кезінде  Барселона,  Берн 
және  Цюрих  театрларында  тәжірибе  жинақтап,  шеберлігін 
шыңдаған нұржамал бүгінде Жапония, Дания және Ресей опе-
ра театрларында шарт бойынша жұмыс істеп жүр.
Өз өнеріме қанағаттанатын жан емеспін
–  Сіз  орындаған  партиялардың  шоқтығы  биік.  Мысалы, 
М.Төлебаевтың  «Біржан  –  Сарасындағы»  –  Сара,  Е.Брусилов- 
скийдің  «Қыз  Жібегіндегі»  –  Жібек,  «Ер  Тарғындағы»  –  Дана, 
А.Жұбанов  пен  Л.Хамидидің  «Абайындағы»  –  Ажар  және 
басқа  кейіпкерлердің  әрқайсысы  ешкімге  ұқсамайтын  өзіндік 
ерекшеліктерімен  дараланған  образдар.  Ал,  өзіңіз  үшін  етене 
жақыны қайсы?
– Мен үшін «Қыз Жібек» операсының орны бөлек. Әсіресе Қыз 
Жібектің  жан  дүниесі,  сезімі,  махаббаты,  адамгершілігі,  ақыл-
парасаты  мен  күні  бүгінге  дейін  таңғалдырып  келеді.  Маған  Қыз 
Жібек  қазақ  қыздарының  пірі,  жарық  сәулесі  сияқты,  оның  нәзік 
жаны,  болмысы  өзіме  қатты  әсер  етеді.  Қыз  Жібектің  партиясын 
қашанда зор құштарлықпен беріле шырқайтыным да содан.
–  Осыдан  бірнеше  жыл  бұрын  Абай  атындағы  Қазақ 
мемлекеттік  академиялық  опера  және  балет  театрында 
Е.Брусиловскийдің  «Қыз  Жібек»  операсының  мың  бес  жүзінші 
қойылымы сахнаға шыққанын өнерсүйер қауым әлі ұмыта қойған 
жоқ. Осы көрініске куә болған біз сонда Сіздің бойыңыздан жаңа 
бір серпілісті көргендей болдық.
–  Жер  дауы,  жесір  дауы  қазақ  қоғамының  үлкен  бір  бас  ау-
руы  болғаны  тарихтан  белгілі.  Жыр  өзегінде,  опера  желісінде 
жатқан басты мәселе – Қыз Жібек пен Төлегеннің бір-біріне деген 

242
сүйіспеншілік  сезімдері  арқылы  екі  рудың  арасында  орын  алған 
жер таласына нүкте қойып, құдандалы болу емес пе? Көкірегі ояу 
адам ең алдымен осыған назар аударар деймін. Мен осы оқиғаларды 
өз  жан  дүниемнен  өткізуге  тырыстым.  Яғни,  «Қыз  Жібекті»  тек 
махаббат  жыры  ғана  деп  қабылдамау  керек.  Мұнда  ел  бірлігін 
аңсаған екі рулы елдің ізгі тілектері де жатыр... Қыз Жібек бейнесін 
1984  жылдан  бері  сахнада  сомдап  келе  жатырмын.  Ол  –  менің 
бойтұмарым. Алғаш Қыз Жібектің рөлін ойнау бақытына ие болған 
кезде мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын-
да оқитынмын. Міне, содан бері 25 жыл өтіпті. Бала кезде бойы-
ма біткен қазақи қасиет, еңбекқорлық, талмай ізденудің арқасында 
өнер  шыңына  көтерілдім  ғой  деп  ойлаймын.  Сөйтіп,  Қыз  Жібек 
маған, мен Қыз Жібекке айналып кеткендеймін.
Менің  бір  қасиетім,  еш  уақытта  өз  өнеріме  қанағаттанған  жан 
емеспін. Әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұратын сияқты мұндай күйді, 
әсіресе, Қыз Жібектің рөлін ойнағанда үнемі бастан кешемін. Себебі 
«Қыз Жібек» – менің өнердегі тұсауымды кескен опера. Сондықтан 
да ол – мен үшін ең бір сүйікті бейне. Оны жаман шығаруға менің 
қақым жоқ.
– Қыз Жібекті алғаш сахнаға шығарған ұлттық өнеріміздің 
бұлбұлы Күләш Байсейітова апаңа еліктейтін сәттерің де бо-
лып тұратын шығар... Шеберлік жалғастығы өлмек емес қой.
–  Меніңше  еліктеу  деген  –  қайталау.  Мен  еш  уақытта  Күләш 
апайды қайталай да және оған ұқсай да алмаймын. Ол кісі – тума 
талант иесі. Өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі, үйренген мектебі, 
орындаушылық  мәнері  жер  мен  көктей,  мүлде  бөлек.  Ал  ол  кісі 
жасаған  Қыз  Жібектің  бейнесі  сол  өз  биігінде  қалды.  Бүгінде  біз 
көбіне-көп орындаудың классикалық үлгісіне назар аударамыз. Сол 
себептен  де  операдағы  «Гәкку»,  «Толқыма»  әндерін  шет  елдерде 
өзімше айтып жүрмін. Егер біз ән айту мәнері жағынан Күләш сын-
ды апаларымызға еліктеуге тырыссақ, онда өсу, жаңару болмас еді. 
Қыз Жібек бейнесі де қайта түлеп, жаңара түспес еді. Мен үшін Қыз 
Жібек жарық сәуле, мөлдір бейне, оның кіршіксіз махаббаты маған 
қатты  әсер  етеді.  Бойымдағы  өмірге  деген  құштарлық  сезімді  оя-
тып, сахнада құлпырып, түрленіп кетемін. Оның ішкі жан дүниесін, 
жүрек соғысын естіп тұрғандай күй кешемін.

243

1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал