Орынбасар Дөңқабақ ДӘуір дүЛДҮлдері



жүктеу 7.84 Kb.

бет21/26
Дата08.01.2017
өлшемі7.84 Kb.
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26

қазақ МӘДЕниЕТІнІң МОГиКаны
ғасырды ғасырға жалғаған алтын көпірдей болған ұлттық 
саз  өнеріміздің  асқақ  та  абыройлы  тұлғасы  қазақстанның 
халық  әртісі  Кәукен  Кенжетаев  –  жарығы  алыстан  көрінетін 
өнердің  үркер  жұлдызы.  арқаның  інжу  маржан  алқасындай 
табиғаты көз жауын алатын, әр тасы, әр бұлағы ән салып жата-
тын жер төресі – Баянауыл баурайынан қияға қанатын қомдап 
ұшқан  бала  қыран  бүгінде  –  дана  қыран.  Өйткені,  Кәукен  90 
деген  шыңның  биігіне  көтеріліп  отыр.  Осы  айтулы  торқалы 
тойды ерекше атап өту мақсатында ұйымдастырылған ізгі ша-
ралар елімізде аз болған жоқ. Әсіресе, қазақстан Республикасы 
Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен алматы қаласы 
әкімдігі  мұрындық  болып  өткізген  абай  атындағы  қазақ 
мемлекеттік  академиялық  опера  және  балет  театрындағы 
«ғасырларды  жалғаған  Кәукен  әнші»  атты  мерейтойлық  Га-
ла-концерт  Кәукен  ағаға  ғана  емес,  жиналған  дүйім  жұртқа 
ұмытылмастай әсер сыйлағаны белгілі.

220
Мұхаңның көрегендігі
1946  жылы  армиядан  келгеннен  кейін  опера  театрының  сахна-
сында атақты композиторымыз Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» 
операсы  қойылды,  –  деп  бастады  әңгімесін  Кәукен  аға.  –  Опера 
жақсы болып шықты. Сол операны көркемдік кеңесіне тапсырарда 
Мұхаң келіп көріпті. Көріп Құрекеңнен ол кезде бас режиссеріміз 
сол кісіден сұраған екен: «Мына бір жас жігіт қайдан келген? Мы-
нау  Жанботаның  ролін  әжептәуір  ойнап  жүр.  Болашағы  бар  адам 
ғой деймін, өзінің», – дейді. Құрекең айтыпты: «Ойбай-ау, Мұха-ау, 
бұл Шәкеңнің інісі Кәукен ғой. Бізге жақында армиядан келген». «Е, 
олай болса Құрмаш сендерге жас әртістеріңнің өзі қазір аз ғой. Осы 
жастарға жәрдем берулерің керек. Қолдауың керек. Өсіруің керек. 
Мына  баладан  бірдеңе  шығады-ау  деген  ойым  бар»  депті  Мұхаң. 
– Оны маған Құрекең айтты», – деп жалғастыра түсті Кәукен аға 
әңгімесін.
Жас өнерпаздың жүрек кілтін таба білетін Ұлы Мұхаңның бұл 
батасы сонда Кәукеңді қанаттандыра түссе керек. Көп ұзамай жас 
әнші Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы 
Жиреншенің ариясын Мәскеуде өткен онкүндікте, үлкен театрдың 
сахнасында шырқады. Ал «Төлеген Тоқтаров» операсындағы пол-
ковник Асанның бейнесін де нанымды жасады. Міне, осының бәрін 
байқап, көріп жүрген көркемсаз кемеңгері бір күні Кәукенді көріп 
қалып: «Әй, Кәукен, бері келші, – дейді, – сен осы Ақылбайдың әнін 
айтып жүрсің-ау?». – Иә, Мұха, Ақылбайдың әнін айтамын. Сіз оны 
Хамидиге айтыпсыз ғой, тапсырыпсыз ғой. Сол кісі нотасын қағазға 
түсірген» дедім. «Сен өзі Ақылбайдың кім екенін білесің бе?» деді 
маған. «Ол Абайдың үлкен баласы, үлкен ақын болған, әнші болған. 
Көп поэмалар жазған». «Міне, соның әнін айтқаның қандай жақсы 
болған сенің.  Сенің даусыңа өзі әдемі келіп тұр. Бұның дұрыс болған 
бала.  Абайдың  әндерін  айтасың  ба?»  деді.  Мен  айттым:  «Соны 
енді  айтқалы  жүрмін,  жаңа  келдім»  деп  едім,  «Ендеше  Абайдың 
әндерін айт. Абайдың әндерін байқайсың ба сен,  ол өзі мынау орыс 
халқының әндеріне, украин халқының әндерімен шектесіп жатқан 
жоқ па? Абайдың әндерін айтсаң, көп өнеге аласың, тәрбие аласың. 
Соны үйрен» деді. Сонымен ағаның сөзі қамшы болды ма, Абайдың 
әндерін  айтуға  кірістім.  «Қараңғы  түнде  тау  қалқып»,  «Айттым 
сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сол сықылды көптеген 
әндерді айтып, таспаға жаздырдым. Менің ең жақсы көретін әнімнің 

221
бірі – Мұхаң айтқан Ақылбайдың әні. Өте бір терең, өте бір  сырлы, 
адамның үніне, дауысына дауыс қосатын сондай бір әдемі ән. Қай 
жерде болмасын менен «ән айтып беріңіз» деп сұраған уақытта осы 
Ақылбайдың әніне басамын» дейді Кәукен аға.
Кәукен Кенжетаев пен Бәкір Тәжібаев екеуі бірігіп, «Ана дауысы» 
деген либретто жазса керек. Оны композитор Нұрғиса Тілендиевке 
көрсеткенде бұл шығарма оған қатты ұнайды.
– Енді мен осыған опера жазамын. Барлық өнерімді осыған сала-
мын, –  деген екен. Бірақ Нұрғиса либретто жайлы Мұхаңның пікірін 
білмек болса керек. Емханада емделіп жатқан. Мұхтар Әуезовке апа-
рып көрсетеді. Бұны Кәукен де, Бәкір де білмейді. Мұхаңмен арада 
болған әңгімені Нұрғиса Тілендиев кейінірек либретто авторларына 
айтқанда, олар төбелері көкке екі елі жетпей қуанады. Сонда айтқан 
Мұхаңның ізгі тілегін Кәукен аға әсте естен шығарған емес.
–  Япырм-ай,  ұлы  адамның  ұлылығы-ау,  сыртындағы  жазған 
кісілердің аты-жөнін оқығаннан кейін Мұхаң айтыпты: «Пәлі, мы-
нау  дұрыс  екен,  театрдың  ішінен  шыққан  дұрыс.  Өйткені  сендер 
сахнаны  білесіңдер.  Мынау  Кәукен  сахнаны  біледі  ғой.  Сахнада 
ойнап  жүр.  Біз  жазушылар  болатын  болсақ,  жаза  саламыз,  бірақ 
сахнаның сырын біле білмейміз.
Міне, осылай дуалы ауыздан шыққан баталы сөз Кәукен ағаны 
өнердің бел-белестеріне құлаш ұрғызса керек.
Өнер өрінде
Бір  отбасында  тай-құлындай  тебісіп,  тел  өскен  Шәкен  мен 
Кәукенге шыр етіп жерге түскеннен-ақ бойларына өнер дарып, оны-
мен еншілес туды десек қателесе қоймаспыз. Бұлай деуімізге түрткі 
болған олардың ұлттық мәдениетімізден ойып алған орындары куә. 
Қазақ балаларына тән ортақ қасиет – ол қашанда бір-біріне тірек бо-
лып, үлкені кішісіне жол сілтеп отыратыны, мұндай қарым-қатынас 
Шәкен мен Кәукен ағаның арасында да болғаны белгілі.
–  Шәкен  екеуміздің  арамыз  екі-ақ  жас  еді,  –  дейді  Кәукен  аға 
үзілген  әңгімесін  қайта  сабақтап.  –  Ол  1945  жылы  киноға  келді 
де, бар ғұмырын сол кино өміріне арнады. Ал мен әншілікті мирас 
еттім. Екеуміздің ұстаған бағытымыз өнердің екі қанаты десек те 
болады. Көбісі менен «Шәкен саған өнерде ақыл-кеңес беріп, жол 
сілтеп отырған шығар? – деп сұрайды. Шәкен мен  туралы: «Талант-

222
ты,  дарынды,  басында  миы  болса  адам  болады.  Басында  ештеңе 
болмаса, түкке де жарамайды», – деген еді.
Осыдан бір-екі жыл бұрын марқұм Камал Смайылов: «Кәукен 88 
жасында тік тұрып, тіке жүріп, замандастарын қызықтырып, еліне, 
халқына қызмет етіп жатыр» деп әншінің болмыс бітіміне, тыныс-
тіршілігіне,  өнердегі  өр  мінезіне,  қажымас  қайратына  тебірене 
сүйсінсе керек. Сол айтқандай, бүгінде 90 деген асудан асқан Кәукен 
ағаның  асыл  қасиетіне  қайран  қалмасаңызға  болмас.  Мүмкін  ол 
Кәукен ағаның өнерге деген құштарлық сезімінің құдіреті болар.
– Бұл табиғаттың жазуы ғой. Мен 90-ға немесе 100-ге келейін 
деп  ойлаған  жоқпын.  Бұл  –  адамның  қолынан  келмейтін  нәрсе. 
Менің  өмірде  көрмегенім  жоқ.  Қиыншылықты  да,  аштықты  да, 
жалаңаштықты да, соғысты да көрдім. Қиын жағдайда ер жеттім. 
Тіпті менің көп  жасайтындай жақсы жағдайым болған да жоқ. Бірақ 
бәрі бір Аллаһтың қолында екен. Мен не спортпен, не арнайы дие-
та ұстап, жанын күткен адам емеспін. Тек батыр тұлғалардың дене 
бітімін сомдар тұста денемді тіктеп, оны ретке келтіруді ғана қолға 
алатынмын. Мысалы, Амангелдінің рөлін ойнадым. Ол жинақы ба-
тыр адам еді. Соған дайындалғаным бар, – дейді  әнші.
Кәукен  аға  сахнаға  шығарған  бейнелердің  бәрін  бірдей  талдап 
жату,  әрине  мүмкін  емес.  Бірақ,  Латиф  Хамидидің  «Қыз  Жібек» 
операсындағы  Бекежан  рөліне  аз-кем  тоқтала  кетпесек  болмас. 
Бекежанның образын алғаш жасағандардың бірі бірегейі Құрманбек 
Жандарбеков екені баршаға аян. Кезінде халқымыз Құрманбек десе, 
Бекежанды,  Бекежан  десе,  Құрманбекті  еске  алатын  болған.  Сол 
ағасының тума талантына табынған Кәукен аға Құрекеңмен болған 
мына бір көріністі күні бүгінге дейін есінен шығармапты.
– Құрманбек деген ерекше адам. Аллаһ бірдеңе берсе, үйіп-төгіп 
беретіні бар, деп Кәукең бір мезет тебіреніп кетті. Аллаһ Құрекеңе 
өнерді  үйіп-төгіп  бере  салған.  Театрды  театр  еткен  –  Құрманбек. 
Бізді қолымыздан жетелеп, жол көрсеткен де Құрманбек. Құрекеңде 
өнерге келгенде басқаға өкпелеу, кемсіту деген жоқ, әділін айтатын 
еді.
Бірде журналистер: «Сіздің ізбасарыңыз кім?» деп сұраса керек. 
Сонда  ол:  «Менің  ізбасарым  –  Кенжетаев»,  –  деп  жауап  беріпті. 
Ал өзінің кітабында: «Егер шәкірт ұстазын озса, онда ұстазының 
мықтылығы» деп жазған екен. «Ұстаздан шәкірт озды» деген осы 
емес пе? Бүгінде Кәукен аға қазақ мәдениетінің биік шоқтығы ғой. 
Осы шыңға шығуға жетелеген Құрекеңнің жанашырлық қасиеті бір 

223
Кәукен ағаға ғана емес, сол кезде онымен бірге қызметтес болған 
барлық  үлкен-кіші  әртістердің  бәріне  де  өзінің  шапағат  нұрын 
төккен-ді.  Әсіресе,  оны  сезімтал  сезім  иесі  –  Кәукен  аға  ерекше 
сезінсе керек.
– Бірде Құрманбек мені шақырып алып, «Сен неге Бекежанды 
ойнамай жүрсің?» – деді. Мен күліп: «Құреке, сіз қызықсыз. Ертең 
мен  Бекежан  болып  шыға  келгенде  ел  не  дейді?  Құрманбектің 
өмір  бойы  ойнаған  Бекежанын  менің  орындауымда  халық 
қабылдамайды» дедім. Сонда Құрекең қарқылдап күліп: «Е, саған 
керегі Құрманбектің Бекежаны екен ғой? Сен өз Бекежаныңды та-
уып ал, ізден, өзіңше ойна» деді. Міне, бұл көзі ашық, көкірегі ояу, 
көреген адамның сөзі еді», – дейді абзал аға.
– Жанына қуат, өнеріне қанат болған ағалардың ақ батасы мен 
үлгі– өнегелері Кәукеннің өмірден өз орнын табуға бірден бір се-
бепкер  болса,  ал  Құдай  қосқан  қосағы  Шабал  Байсекова  тек  жан 
жары ғана болмай, арқа сүйер тірегі, өнердің ащысы мен тәттісін 
бірге  бөліскен  адал  сырласы  да,  қамқоршысы  да,  қолдаушысы  да 
еді.
– Біз Шабал екеуміз өнерге үлкен құрметпен қарадық. «Опера-
ны өнердің ең биік шыңы», – деп бағалап, қадір-қасиетін бағамдай 
білдік.  Өнерде  бір-бірімізді  толықтырып,  қателігімізді  айтып, 
білмегенімізді  бір-бірімізге  ескертіп  отыратынбыз.  Өмірде  жас 
отбасылардың  басынан  өтіп  жататын  қандай  да  бір  қиындықтар 
болып  жатса,  біз  оны  өнерге  ғашықтығымыздың  арқасында  жеңе 
білдік,  –  дейді  шаңырақ  шаттығына  бөленіп,  кезінде  махаббат 
бесігінде тербелген Кәукен аға. Бір кездері көрермендері жыртылып 
айырылатын опера және балет театрының соңғы кездері жетімсіреп 
қалғаны жанына батып жүргенін де жасыра алмады.
– Опера – ең жоғары мәдениет. Музыканың ең биік шыңы. Ол ке-
рек. Бірақ тап қазір расында операның жай күйі жақсы опера жаза-
тын композиторлар, мықты дирижерлар, оны қоятын шебер режис-
серлар жоқ, – дейді. Ұлттық опера өнеріміздің тоқырау себептеріне 
тоқталған  Кәукен аға. – Дирижердың қызметін кейбіреулер түсіне 
бермейді.  «Сен  қолыңды  ербеңдетпей  тұра  тұр,  ән  тыңдайық» 
дейтін  де  қазақтар  бар.  Осындай  олқылықтарымыздан  операны 
өзінің биігіне көтере алмай жүрген жайымыз бар.  Біз Шабал екеуміз 
үйленген соң театрдың гримерный бөлмесінде тұрған едік.. Күн де-
мей, түн демей, еңбек еткенбіз. Біз фонатик болатынбыз. Операдан 
басқа өнер жоқ, – деп ойлайтынбыз, – дейді ол. 

224
Міне, осындай ортада жүріп өсіп-өнген, атақ алған бақытты күн 
кешкен өнердің рахатын сезінген Кәукен ағаның сол күндерге деген 
сағынышы әсте суыған емес-ті. Шындығында, бүгінде бізге өнерді, 
оның  ішінде,  әсіресе  операны  бар  жан-тәнімен  құлай  сүйетін, 
құрметтейтін фонатик жандар керек сияқты. Мұндай тұлғалар ке-
лешекте өсіп шығатынына Кәукен аға бар болмысымен сенеді. Ол 
үшін  жағдай  жасалып  ұлттық  өнерімізді  сүйе  білсе,  бойларында 
сүйіспеншілік сезімдері мол болса, алмайтын асу, шықпайтын шың 
жоқ.  Мүмкін  операның  қайтадан  жаңғыратын  күні  де  алыс  емес 
шығар...
Д Ә н Е ш
қазақтың әншілік өнерінде өзінің қайталанбас қолтаңбасын 
қалдырған,  қазақстанның  халық  артисі,  әнші-сазгер  Дәнеш 
Рақышев  көзінің  тірісінде  «бақыт»  деген  «ән»  деп  өткен 
жан  еді.  ұлттық  музыка  мәдениетмізде  дараланып  оның 
орындаушылық  мектебі  қалды.  Бүгінде  Дәнештің  әншілік 
дәстүрін жалғастырып жатқан шәкірттері де қаншама. Ендеше 
өмірінен, өнерінен үзік-үзік ойды өрбітейік...
Жоңғар Алатауының Шығысы мен Батысын бөліп жатқан құзар 
шыңды, ақ басты таулар тізбегін Еренқабырға деп атайтыны тарих-
тан мәлім. 1881 жылы Ресей империясы мен Қытай елі аралық ше-
карасын анықтап, белгілеу мақсатында жүргізген өзара шекара бөлу 
кезінде осы өңірді атамзаманнан бері құтты қоныс, атамекен етіп 
отырған  қазақтан  сұрамастан  империялық  көзқараспен  осындағы 
елді елеместен екіге бөлді де тастады. Қазақтың Албан, Суан, Қызай, 
Керей, Найман сияқты қабырғалы руларының Шығыс бөлігі Хансу 
елінің қол астында қалып қояды. Өткен ғасырдың отызыншы жыл-
дары  әдейі  қолдан  жасалған  қызыл  империяның  солақай  саясаты 
салдарынан зардап шегіп, жаппай аштыққа ұшыраған қазақтардың 
бір бөлігі сол жат елдегі қазақтарды паналап, көтеріле ауып, боса 
көшкені тарихтан аян. Ал аталған дәуірдің елуінші жылдары екі ел 
арасында орнаған жылымықтың әсері хансу еліндегі ауып барған 
қазақтардың да «елге қайтсақ» деген ниетін оятқаны белгілі. Сол 
алғашқы көштің соңын ала алпысыншы жылдары Рақыш қарттың 
ауылы да құйысқандары көтеріліп, елге бет түзеген кез еді...

225
«Дәнеш елге оралыпты» деген хабар Жаркент өңіріндегі қазақтар 
арасында желдей есіп жүре берді. Себебі алғаш көштің легімен бұл 
бетке  де  «Дәнеш  әнші..,  Дәнеш  сері...»  деген  атағы  өзінен  бұрын 
жеткен-ді.  Жоңғар  Алатауының  бір  бұрымындай  болған  Өсек 
өзенінің таулы сағасында дүниеге келген Дәнеш қазақ ән өнерінің 
Күнгейіне  Іле  Алатауы  болмағанымен,  жемісті,  жынысты  кең 
балақ жотасы, шымыр да сүйегі асыл уағы еді. Көтерілген биігінен 
аласармай,  табиғатында  бар  ырысын  сарқып  бере  алмай  фани 
жалғаннан өтті. Тау баласы тауға қарап бой түзеді. Қаршадайынан 
ол  ән  өнерінің  көкжиегіне  көз  тікті.  Биікті  аңсады,  жаны  сүйді, 
биікті  әнге  қосты...  Әкесі  Рақыш  та  ел  ішінде  «Рақыш  сері»  ата-
нып,  ауыз екі айтыста орамды ұтқыр сөздерімен қарсыласын алып 
та, шалып та жыққан өнерден алары бар, құр алақан болмаса ке-
рек. «Ұядан не көрсең ұшқанда соны ілесің» демекші Дәнеш сәби 
шағынан бастап-ақ ән тыңдап, оның әрбір мақамдарын, иірімдерін 
көңіліне тоқып өседі. «Өнерге әуестігім жастайымнан басталды», – 
деп бастап еді әңгімесін ол бірде. – Осылай деуіме толық негіз бар. 
Себебі, маған ықпал еткен әкем Рақыш деген кісі еді. Ол әрі домбы-
рашы, әрі биші болған өнерлі адам. Бірақ нағыз әнші болған емес, 
әйтсе  де  өлеңші  еді.  Жайлауда  той-томалақта  ағаш  үйдің  іргесін 
түріп тастап, әйелдермен керегенің көгінен айтыса кететін. Кезінде 
кәдімгідей аты шыққан Шәуешек – Алтайға, Құлжа – Іле аймағына 
танылған өлеңші-ақын еді. Шешем Тәжіхан да ақын-өлеңші болған 
кісі екен. Алты жасымда қайтыс болыпты, көрген жоқпын. Кейінгі 
Ақманар деген шешемнің қолында өстім. Ол кісі де сауықшыл бо-
латын. Әке-шешем ойын-сауыққа әуес болғандықтан ауылымызға 
ақындар, әншілер, өнер адамдары көбірек қонақ болып, әкем көбіне 
солармен араласатын, өзі де қонақ құмар, көпшіл сол дүрбелеңмен 
дүрлігіп  жүретін.  Аздап  гармон  тартатын.  Әкемнің  осы  өнері 
маған әсер етіп, сегіз жасымда гармонмен ән айта бастадым. Той-
да жүктің үстіне шығарып қоятын, сол жерде ән салып отырамын. 
Кейіндеп  он  бір,  он  екі  жасқа  келгенде  аттары  Шыңжан  өлкесіне 
белгілі Мәмет, Әпірейім деген ақындарды көрдім. Сол сияқты ауыл 
арасында  жүрген  басқа  да  бірнеше  ақындармен  кездестім.  Ал  он 
төрт,  он  бес  жасқа  келгенде  домбыраға  әуестеніп,  халық  әндерін 
айта  бастадым»,  –  деп  балалық  шағына  бір  мезет  саяхат  жасаған 
Дәкең аз-кем ойланып отырып қалды. Бозбала қиялын тербеген сол 
бір шақтағы алып ұшқан көңілге дем берген, медет болған Мәмет 
Қошқарбайұлының аталық ақылы еді. Дәкеңнің айтысынша, ол кісі 

226
әрі әнші, әрі суырып салма ақын болған көрінеді. Міне, осы кісіге 
он бес жасында кезіккен Дәнеш бұдан былай сырнаймен қоштасып, 
домбырамен ән салуға назары ауады. Ендігі жерде сан арман сейіліп 
өнермен егіз туған бозбалаға домбыра серік болады. Мәмбет ән са-
луды  Кәдірхан  деген  адамнан  үйренсе  керек.  Ол  кезінде  Әсеттің 
шәкірті болған. Әлден кейін үзілген ойын қайта сабақтаған Дәкең:
– Менің бірінші рет Мәмбеттен үйренген әнім өздеріңізге белгілі 
Әсеттің  әні  «Қаракөз».  Оған  қоса  «Жайқоңыр»,  «Қоңырқаз», 
«Ардақ» әндерін де сол кісіден үйрендім. Осы жерде мына нәрсені 
айтпай  кетпеске  болмас,  менің  әнші  болуыма  осы  арнаға  түсуіме 
Әсеттің  ықпалы  өте  көп,  мен  үшін  ол  үлкен  мектеп,  Құдайдың 
берген үлкен сыйы. Әсет әндері маған даңғыраған жол боп ашыл-
ды. Көзімді ашты. Сондықтан мен Әсетті пірімдей көрем, әншілік 
жолға  түсуіме бірінші себепкер болған Әсет ақынның әндері болса, 
екінші өзіме ұстаз болған Әсеттің әндерін үйреткен Мәмбет сері. 
Ол айтқан әндер құлағыма жағып, көкейіме тез қонатын. Әнді ай-
тарда домбыраның құлақ күйін ұзақ келтіретін. Оның қағыстарын 
қалт жібермей, дауыс ырғақтарына  таңқалып ұзақ қарап отырудан 
жалықпайтынмын. (Бұл кісі кейін елге оралып, Шығыс Қазақстан 
өңріндегі Мақаншы ауданына қарасты Жарбұлақ ауылында дүние 
салды). Дегенмен де, жастық шақ деген қызық қой, – деп әңгімені 
бір қайырып тастаған Дәкең, «Енді не білгің келеді бала?» дегендей 
сұраулы жанармен қарағандай болды.
Мен оның тұнық та өткір жанарынан әлде бір сырдың ұшығын 
көргендей күй кештім. Аңғарғаным, Дәкең қырдан түсіп Құлжаға 
келгеннен кейін қолына сырнайды алып, көбірек татарша жырлай-
ды. Осылай көше кезіп, сырнай тартып, ән салып жүргенде Әсеттің 
шәкірті болған атақты Кәдірханмен кездейсоқ кездеседі. Дәнештің 
мына жүрісіне көңілі толмаған әнші: «Әнші Дәнеш» деп бір рулы 
ел мақтан етеді. Сыртыңнан естіп жүрмін. Ал, сен болсаң татарша 
ән салып, көше кезіп жүрсің. Бұл қылық саған жараспайды, бойда 
бар өнерді қорлама, жеңіл-желпі қолпаштауға мәз болып қазақтың 
әнін қор қылма, қолыңа домбыра ал!» – деп батасын береді. Осыдан 
кейін Дәкең қолына домбыра алып ән сала бастапты.
– Елуінші жылдары Құлжада өлкелік қазақ, ұйғыр театрларының 
бөлімдері ашылды. Сонда ән жазатын әуесқой композиторлар жұмыс 
істеді.  Өйткені  театрымызда  қойылатын  ойындардың  бәрі  әннен 
құралғандықтан ұйғырдың Әбдінәби, Шыңжан деген сазгерлерімен 
қоян-қолтық араластым. Оларға қызығамын. Бірде маған да ән жаз-

227
сам  деген  ой  келді.  Қалай  бастаймын?  Ән  қалай  туады?  Себебі, 
ән айтсам да әннің қалай жазылатынын білмейтінмін. Әйтеуір ән 
жазу осы екен деп ұйғырдың әндерін алып, сөзін қазақшалап айта-
ды екенмін ғой. Соны ән жаздым деп жүріппін. Содан болар олар 
ішегі қатып күледі. Жастық қой. «Ойбой Дәнеш-ау, мына әнің біздің 
пәлен деген ұйғыр композитордың әні ғой. Бұған сен қазақтың сөзін 
салып алыпсың. Ән шығару деген олай болмайды, былай болады» – 
деген аздаған кеңесі, үлгісі ән жазуыма келешекте әсер етті», – деп 
ойын Дәкең бір қайырып тастады.
Осылай  өнер  мектебінен  дәріс  алған  жас  жігіттің  алғашқы  әні 
Қазақстанға  арналған  «Мақтанышым  елім  бар».  Сөзін  жазған 
Құрманбай  Толыбаев. Одан кейін Дәнеш кеудесінен шыққан әннің 
бірі Қытай қазақтарының жаз жайлауы болған сүйікті көлі Сайрамға 
– «Шалқы, Сайрам». Көңілдің күйін білдіретін «Шаттық толқыны» 
тәрізді туындылары да дүниеге келеді.
– «Бірақ осы әндерімнің барлығы көңілдегідей болды деп айта 
алмаймын. Ал  елге оралғаннан  кейін  белгілі композитор  Нұрғиса 
Тілендиевтен көп үлгі алдым. Бұл кісі маған ақыл берді, кеңес берді. 
Ән  жазу  үшін  ең  жақсысы  халықтың  өзінен  үйрену  керек,  халық 
әндерінің  мәнерін  пайдалана  білу  керек,  халық  әндеріне  еліктеп 
жазуға  әуестену  керек  деген  сияқты  кеңестерінен  кейін  «Саясын-
да алманың» жаздым. Ал енді ән жазудың маған берген ерекше бір 
пайдасы сол болар деп ойлаймын. Кейбір адамдар «пәлен уақытта 
сен осы әнді айтып  едің, ал әзіргі айтуың басқаша, бұл әннің екінші 
түрі  ме?»  деп  жатады.  Осының  өзі  ән  жазуыма  ептеген  үлесі  бар 
ма деп те ойлаймын. Өйткені, халық әндерінің кейбір иірімдерін, 
толқындарын  өзгертіп,  өз  жанымнан  ырғақ  қосып,  жақсартып, 
шамамның  келгенінше  пәлендей  керемет  болмаса  да  халықтың 
көңілінен шықса екен, тыңдаған жанға жақсы әсер етсе екен деген 
оймен әндерімді құлпыртып айтатыным бар. бұл әдіс ән жазуыма 
зор пайдасын тигізіп жүр», – деген еді сонда Дәкең.
Әнші-сазгердің  төл  шығармаларына  көңіл  аударып,  зер  салып, 
қарайтын болсаңыз көбісі адамның ішкі жан дүниесін, сезімін, ма-
хаббатын жырлап тұрады. Қазақ радиосында бір кездескенімде мен: 
«Сіздің  әндеріңіздің  бәрі  дерлік  сұлулыққа  деген  сүйіспеншілікке 
құрылады, бұның сыры неде?» деп сұрағаным барды. Сонда Дәкең 
ойланбастан:
–  «Шынымды  айтсам,  лирикалық  әндерді  көбірек  жазам.  Бұл 
жөнінде  студенттер  де  кездескенде  сұрап  жатады.  «Ағай,  сіз 

228
көбінесе  махаббат  жайлы  көп  жазасыз,  бізге  жастарға  арнап  неге 
жазбайсыз?» – деп жатады. Лирикаға жақын себебім, мен жасымнан 
сұлулыққа ынтық болып өстім. Әсемдікті, әдемілікті асқақтататын 
әндерге әуес болып, сондай әндерді шырқауға құмар болдым. Оның 
үстіне ұстазым Мәмбет Қошқарбайұлы өзінің бір өлеңінде:
Ақыны Қаракерей Мәмбет деген,
Мәмбеттен қыз қалмаған дәметпеген.
Ала алмай алты қызды арпалыспен
Өмірім босқа өтті-ау әлекпенен, – дейді.
Мәмбет Қаракерейден шыққан сері болатын. Соңғы алған жұбайы 
сол алты қыздың бірі еді. Сол кісіге балалықпен еліктеп, он алты 
жасымда  оқуды  тастап,  Мәмбетпен  бірге  қыз  алып  қашпағанмен 
соған ұқсап, өзімше атқосшы болып еріп жүрдім. Ол кісінің епте-
ген сөздері, айтқан әндері көкейіме әбден қонған тәрізді, біраз өмір 
көрдім. Өзінің сүйгеніне қосыла алмай кеткен қыздардың аңсаған 
махаббатын  сезіндім.  Маған  ықпал  еткен  осы  жайттар  болды-ау 
деймін. Сондықтан да болар ғашықтық тақырыптағы әндерді көп 
айтып, өзім де көп жаздым. Мұндай әндерді тіпті өзім де сүйсініп 
айтам.  Жаныма  жақын  шығармалар»,  –  деп  еді  сол  кезде  Дәкең 
біртүрлі көңілі шалқып.
Егер  әншінің  репертуарына  зер  салып  қарайтын  болсаңыз,  ра-
сында  сезім  лирикасы  басым  болып  келеді.  Бұл  оның  жүрегіне 
әу  бастан  ұстаз  шапағаты  арқылы  дарыған.  Мысалы,  «Аңшының 
әнін» алайықшы, Дәкеңнің көмейінен ойнақтай қайырылып, төгіле 
құйылып, әуездің тылсым иірімдерінде сәндене өріліп, құлпырып 
шығып  жатқандай  әсерде  қалдырады.  Қансонарда  аңға  шыққан 
серілердің  қанжығасы  майланып,  қызды  ауылға  келіп  түсті,  осы 
бір  сөзбен  айтып  жеткізе  алмайтын  көріністі  әнші  қаз-қалпында 
қаймағын  бұзбай  алдыңызға  алып  келеді.  Елестетіп  көріңізші, 
қандай ғажап сурет...
–  Туған  жерім  Жетісудың  Жаркент  өңірі.  Белжайлау,  Аяқсаз, 
Үшсудың  құйғаны,  табиғаты  қандай  керемет  жерлер.  Әсем 
өңірлерді  оның  сұлулығын  жақсы  көрем.  Өнерді  қадірлейтін  елді 
құрметтеймін. Туған жерден, елден ардақты не бар?! Соларды әнге 
қосудан артық ештеңе жоқ, – деп еді-ау сонда Дәкең тебіреніп.
Ал  елге  оралғаннан  кейін  ол  ақиық  ақын  Мұқағалидың 
өлеңдерімен танысады. Өмірдің өзінен ойып алған өлең шумақтары 
сезімтал  жанға  қатты  әсер  етеді.  Мұқағалидың  өлеңдеріне  көз 
жүгіртіп,  философиялық  мәніне,  табиғи  болмысына  зор  мән  бер-

229
ген Дәкең Мұқағалидың өлеңдеріне ән жазуға бет бұрады. Айты-
сынша,  бес-алты  ән  туды.  Сазгерді  ақынның  өмірі  қызықтырады, 
әсіресе, ауыр тірлігін, дендеп бара жатқан ақын жанының «дертін» 
де  сезімтал  әнші  жанымен  сезеді.  Көздеген  мақсатына  жете  ал-
май  өмірі  үзілетінін,  жас  кетіп  қалатынын  сезген  ақынмен  бірге 
мұңаяды, толғанады. Ақын өмірінің осы соңғы сәттері Дәкеңе қатты 
батқанын Мұқағали жайлы айтқан әрбір сөзінен аңғару қиын емес-
ті. Сол себептен де: «Шамамның келгенінше өлеңдеріне ән жазуға 
тырыстым.  Әсіресе,  маған  Мұқағалидің  табиғат  лирикасы,  туған 
жер туралы өлеңдері қатты ой салды, сезімді оятты», – дегені әлі 
есімде.
Дәкең ең алдымен Жетісудың ән бейнесін жасаған сазгер-әнші. 
Қазақ жерінің осы бір өңіріне көбірек көңіл бөліп, Жетісудың еңбек 
адамдарын, өзендері мен көлдерін әнге қосып жырлап өткен жан.
– Осы тақырыпқа тоқталмас бұрын алдымен мына жайды айта 
кетуге  тура  келеді»,  –  деп  бастап  еді  әңгіме  Жетісу  тақырыбына 
жазылған әндерге ойыса бастағанда. – Жетісу жайлы кейіндеп жа-
зып жүрмін. Халқымыз «Жер жаннаты – Жетісу» дейді ғой.  Егер 
тау-тасын кезіп, серуендесеңіз бұл теңеудің қаншалықты шындыққа 
жақын екенін байқайсыз. Өте сұлу, көркем, табиғаты сондай әсем 
жер.  Сондықтан  осы  көркем  көріністі  әнге  қосып  жүрген  жайым 
бар. Жетісулық ақын Тоқбай Исабековтың сөзіне «Жетісу» деп ән 
жаздым.  Бұл  әнге  атақты  Батырымыз  Рақымжан  Қошқарбаевтың 
да  қосқан  үлесі  бар.  ол  былай  болып  еді.  Сол  кезде  Рақымжан 
Қытайдан  келген  елді  қабылдап,  пункттің  бастығы  болып  Жар-
кентте  тұрған.  Сонда  араласып,  күнде  бірге  серуендейміз.  Онда 
мен ауылдамын. Бір отырыста әнді тыңдаған Рекең: «Дәнеш, әнің 
жақсы  шыққан  екен.  Сөзін  Тоқбай  да  жақсы  жазыпты.  Бірақ,  бір 
нәрсе  жетпей  тұрған  тәрізді.  Менің  ойымша  махаббатты  қосу  ке-
рек  сияқты»,  –  деп  бізді  сонда  бір  күлдірген  Рекеңнің  ұсынысын 
құп  алып,  әннің  үшінші  шумағына  Тоқбай  махаббатты  қосқаны 
бар. Кейін Талдықорғанда жүргенде «Жер сұлуы – Жетісу» деген 
ән туды. Сөзін жазған ақын Әбен Дәуренбеков. Жетісуға көбірек ән 
жазуымның себебі, өйткені бұл өңір маған ғана емес бүкіл халыққа 
ұнайды. Өзі әсем, өзі сәнді, өзі сұлу, өнер құмар, осындай бір ке-
ремет жер. Жетісудың осы көркі мені көбірек ойландырады. Ақын 
Хасенхан Талғаров пен Құрманбай Толыбаев та өз өлеңдеріне туған 
жердің,  туған  елдің  осы  қасиеттерін  арқау  ететінін  байқаймын. 
Өзімнің көңілімнен шыққан өлеңдеріне де біраз әндер жазылды».

230
Әрине, Дәкең тек Жетісуға ғана арнап ән жазған жоқ.
– Жолым түсіп, 1986 жылы Баянауылға бардым. Павлодарға өте 
құмарланып, еліне, жеріне, табиғатына көпке дейін сүйсініп жүрдім. 
Баянауылдықтардың өнер сүйгіштігі, өнер адамын құрметтеуі маған 
тіпті ерекше әсер етті. Басыма неше түрлі ойлар келді..., «ойпырмай 
кешегі Ақан сері мен Біржан салдың өмірі осы ортада осылай өткен 
екен-ау», – деп бір мезет тәтті қиялға беріліп кеткен сәті әлі көз ал-
дында.
Сондықтан бұл елден ақын, өнерпаздар көп шыққан шығар деген 
тоқтамға  келген  Дәкең  сезіміне  ерік  береді.  Сонымен  көп  ұзамай 
кеуденің күйсандығынан Тоқбайдың сөзіне жазылған «Баянауыл – 
бал әнім» өріліп шығады.
– Мен мынаны түсіне алмадым. Кейбіреулер әннің әуенін жазып 
алып, содан кейін барып, маған мынандай сөз жазып бер дейді екен. 
Ал  мен  Станиславскийдің  және  басқалардың  кітаптарын  шамам 
келгенше  көбірек  оқыдым.  Оқып  қана  қоймай  көкейіме  тоқыдым 
деп мақтана аламын. Махаббатқа, жерге, елге, табиғатқа арналған 
болсын алдымен тексті аламын да соған қарай ән жазуға әуеспін. 
Бұл  әдет  боп  кеткен.  Қолымда  өлең  жолдары  болмай  ән  жаза  ал-
маймын. Енді бірлі-жарым текстсіз шыққан әндерім болса болған 
шығар, – деп сонда аға ағынан жарылып еді-ау.
Дәкеңнің  көзінің  тірісінде  «Мақтанышым  елім»  деген  әндер 
жинағы жарық көрді. Оған ертеректе жат елде жүріп жазған біраз 
әндерімен қатар елге оралғаннан кейін көңіл-күй қуанышынан туған 
сағыныш саздры енген. «Енді екінші кітабымды баспаға ұсынсам 
деген үмітім бар. Қазір қоржында елу-алпыс ән жинақталып қалды. 
Осы  жерде  тағы  бір  айта  кететін  шаруа,  Әсет  Найманбаевтың 
«Інжу-маржанын»  басқа  әндерінің  бәрін  мөшекке  салып  аузын 
түйіп, арқалап, көтеріп Қытайдан мен алып келдім. Қазір 15–16 әнін 
Талдықорған пединститутының ұстазы, өнертану ғылымының кан-
дидаты Келгенбай Жиенбайұлы нотаға түсіріп жатыр. Ал өлеңдерін 
іріктеген  Құрманбай  Толыбаев.  Осы  азаматтардың  көмегімен 
Әсеттің  әндер  жинағын  шығарсам  деген  ойым  бар.  Бұл  әндердің 
көбісін қазақ радиосынан айтып та жүрмін. Қазір әншілер радиодан 
естіп  алып,  өздерінше  жырымдап,  әртүрлі  айтып  жүр.  Күн  өткен 
сайын ән бұзарлар қатары көбейіп келеді. Әрине, айта алмайды де-
ген емес, бірақ әр әншінің өзіндік стилі бар, соны ескере бермейді 
көбісі»,  –  деп  Әсеттің  әндерін  бұзып  айтып  жүргендерге  кейістік 
білдіргені бар-ды.

231
–  Мен  де  өзгелер  сияқты  жақсы  әншілерге  еліктейтінім  бар. 
Кімге,  неге  еліктейтінімді  әңгіме  барысынан  сезіп  отырған  бо-
ларсыз.  «Қыздың  бетін  кім  ашса,  сол  ыстық»  дейді  ғой.  Мен 
өз  жеріме  –  Отаныма  келгенде  алғаш  рет  жылы  қарсы  алып, 
ақыл  кеңес  берген  –  Нұрғиса.  Маған  ыстық,  көңіліме  жақын 
көрінеді. Мені Құрманғазы оркестріне солист етіп орналастырды. 
Бибігүлмен бірге Жетісуды түгел араладым. Аз да болса, Бибігүл 
айтқан әндер маған әсер етті. Шәмшінің, Әбілахаттың лирикалық 
әндері  кеудемдегі  сезім  толқынын  шайқады.  Ептеп  солардан  ой-
ыма  бүкпеймін  емес  бүгемін.  Бұл  менің  өзіме  тән  стилім.  Қанша 
олардан  алып  пайдаланам  десем  де  бәрібір  өзімнің  мақамымның 
ықпалы  басып  кете  береді.  Бірақ,  маған  Нұрғисаның  ақылы  мен 
кеңесі, әсері зор. Өйткені өнер бірімен-бірі сабақтас қой. Бірімен-
бірі  мазмұндас,  бірімен-бірі  жалғасып,  бірін-бірі  толықтырып, 
байытып жатады. Ән жазғанда мен үшін бұлақ көзі халық әндері. 
Мұқағалидың сөзі бар ғой: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, ша-
пан  жауып  өзіне  қайтарамын».  Осыдан  кейін  Нұрағаның  өсиетін 
мықтап ұстап, халық әндерінің иірімдеріне, қайырма қағыстарына, 
стилдеріне,  әуеніне  ерекше  мән  беріп,  соларға  еліктеп  жазатұғын 
бір әдіс таптым. Бұған дейін халық әндерінен іргемді аулақ сала-
тынмын. Өйткені «бәлен әнге, түген әнге ұқсап кетіпті» деп айтады. 
Кейінгі  әндерімнің  дұрыс  болып  жүргені  сол  жағынан  болар  деп 
ойлаймын. Халық әндерінің ырғағына өте зер салып жүрмін. Тіпті 
көп араласпасақ та көзімді ашқан адамның бірі – Мұхтар Әуезов. 
Мұхаңмен  «Саясында  алманың»  әнім  арқылы  танысқам.  Арада 
болған  қысқа  әңгімеде  Мұхаң:  –  Кейбіреулер  мәнсәпты  көксеп, 
байлықты көксеп, яки, біреуге жасаған жақсылығын пұлдап, араққа 
беріліп, өзін жоғалтып алады. Бойындағы бар қасиетін ыдыратып 
алып жүргендер көп. Бірақ сенің тұрқыңа қараймын ондай нәрселер 
бойыңнан көрінбейді, сен олай бола да қоймайтын шығарсың. Се-
нен ондай жат қасиет шықпайды. Сенен үлкен үміт күтуге болады. 
Сен біздің арқаның стилінде ән шығарады екенсің. Мына «Саясын-
да алманың» бір сәтті шыққан ән екен. Сенімен қайта кездесемін. 
Мәскеуден келген соң сені  өзіме шақыртып алып, сөйлесем», – деп 
мақтап еді. Өкінішке орай, ол кісі оралмай қалды», – деп сол бір 
Мұхаңмен болған жүздесуді аса сағынышпен еске алып еді жазған. 
Мұхаңның осы бір әкелік қамқорлығы, айтқан ақылы сонда жаңа 
ортаға сіңісіп кете алмай, жетім баланың күйін кешіп жүрген жүдеу 
көңіліне демеу болғанын да жасырмады.

232
Әнші  көзінің  тірісінде  шәкірт  тәрбиелеуге  көп  көңіл  бөлген 
адам. «Қасым айтқандай, өлеңім өзіммен бірге өлмесін деп жүрген 
жанның  бірімін.  Егер  мүмкіндік  болып  жатса,  Талдықорғанда 
өзімнің  орындаушылық  мектебімді  ашпақпын.  Артыма  бір 
мұра  қалдырсам  деген  мақсатым  бар.  Менің  стилімде  ән  айтуға 
машықтанып  жүрген  өнерлі  жастар  баршылық.  Қасыма  жылдап 
еріп жүргендері де бар. Соның бірі қазір «Отырар сазында» ән са-
лып жүрген Жақсылық Мырқаев. Бүгінде Серік, Абылай деген ба-
лалар  менен  дәріс  алады.  Ал  Бақберген  Асқарбеков  деген  күйші 
жігіт  қазір  менің  репертуарымдағы  әндерді  сахналарда  шырқап 
жүр»,  –  деп  еді  қоштасарда.  Өзі  өмірден  өтсе  де  өнері  кейінгі 
ұрпаққа рухани қазына, өшпес үлгі болып қалды. Өзі армандаған 
өнер  мектебі  де,  Қазақ  эстрада-цирк  колледжінде  «Дәнеш  сы-
ныбы»  да  ұрпақ  игілігіне  жұмыс  істеп  жатыр.  Онда  талантты 
шәкірттерінің бірі – Нұржан Жанпейісов сабақ береді. Өткен жылы 
Өнер  академиясында  дәстүрлі  музыка  бөлімі  ашылды.  Осында 
да  Дәкеңнің  орындаушылық  мәнеріне  машықтанып  жүрген  жас- 
тар  бар.  Дәкең  жайлы  сыр  тартып  сұрағанымда  Қазақстанның 
халық  артисті  марқұм  Кенжебек  Күмісбеков:  «Дәнеш  Тарбағатай, 
Зайсан  өнерінің  ән  айту  мәнерін,  сол  елде  өткен  талантты  халық 
композиторларының  әндерін  әкеліп  бізді  бір  сусындатып  таста-
ды. Дәнештің ән айту ерекшелігі елді елең еткізіп, құлаққа жылы 
тиді. Төбе құйқа шашыңды шымырлатып, бойыңды балқытып, көз 
алдыңа табиғаттың ғажап суреттерін әкелген керемет әнші. Оның 
салған  «Ардағы»  да  бір  бөлек.  Ал  «Аңшының  әнін»  тыңдағанда 
қазақтың  сонау  өткен  замандағы  салдық,  серілік  өмірі,  өнері 
елестейді.  Сондай  тар  заманда  қазақ  өзінің  әдет-ғұрпын  қалай 
сақтаған.  Әндерінде  де  өзіндік  ерекшелік  бар,  өзіндік  қолтаңба 
бар,  тыңдаған  адамға  ұмытылмайтын  әсер  қалдыратын  тамаша 
үні бар. Тарихта аты қалған Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, 
Жаяу Мұса, Естай сияқты халықтан шыққан дүлдүл әншілеріміздің 
дәстүрін жалғастырушы, солардың тұяғы. Міне, бұл тегін емес, әрі 
табиғи  талант  Дәнештің  жүрегіне  ұялағанын  көрсетеді.  Қазақ  ән 
өнерінің тарихында қалатын әншілердің бірі», – деген-ді сонда.
Өнер  тілі  –  өткір  тіл,  шын  мәніндегі  тума  әнде  халық  мінезі, 
халық қасиеті аңқып тұрады. Ондай әндер өлмек емес. Мұқағалидың 
өлеңіне  жазылған  «Ауырмаңдар,  жігіттер»,  «Сағындым»  сөзі 
Фаризанікі,  Құрманбайдың  өлеңін  әуенімен  әрлеген  «Талды»  де-
ген  әндер  адамның  көңіл-күйін  паш  ететін,  тыныс-тіршілікті 

233
жыр  ететін,  дүниенің  тұтқасы  Адам  атты  ұлы  есімді  асқақтата 
көтеріп,  халқымыздың  игі  мүддесін,  рухани  болмысын  таны-
тар  әндер.  Ата-бабамыздың  ғасырлар  бойы  жинап,  терген  руха-
ни мұраларын сауатты игере отырып, оны жүрек елегінен өткізіп, 
салмақтай білген, қадіріне жеткен Дәнеш өнердің ұлттық дәстүрін 
көздің қарашығындай сақтаған содан өзіне қажетті нәр алғаны да-
усыз.  Оны  Кәкімбек  Салықовтың  өлеңіне  туған  «Келші  аяулым», 
«Қайран,  Құлагерім-ай»,  Тынышбай  Рақымовтың  өлеңіне  жазған 
«Ән салайын» әндерінен көресіз. Біз тілге тиек еткен туындылардың 
бәрі  де  халық  әнінің  әуендік  заңдылықтарымен  өзектес.  Мұндай 
дүниелерден  тыңдаушы  қауымның  алатын  рухани,  эстетикалық 
ләззаты мол. Сонымен қатар шынайы өнер аз иесінің талант өрісін 
де танытары қақ.

1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал