Өлең дер мен әдеби-сын мақалалар, сұхбаттар, көркем очерктер




бет7/23
Дата14.09.2017
өлшемі19 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   23

ҚАҒАЗДАЙ АППАҚ АҚСЕЛЕУ АҒА
А
қселеу аға менің өмірімде үнемі болған тәрізді. 
Біз қолымызға қаламды енді ұстап, алғашқы хат-
хабарымызды енді жариялата бастаған тұсымызда 
ол кісі «Лениншіл жастың» Қарағанды облысындағы мен-
шікті тілшісі ретінде алдымызда ойқастап жүрді. Жазған-
дарын жібермей оқып, үлгісін көңілге тоқитынбыз. КазГУ-дің 
журналистика факультетінде Ақаңмен бірге сырттай оқитын 
немере ағам Көбейсін Еңсебаев сессияға барып-келген сайын 
ол кісі туралы аңыз әңгімелердің бір парасын ала келетін. 
Ақаңның жүріс-тұрысы, киім киісі, насыбай атуы, көл-көсір 
әңгімесі туралы тамсанып айтатын. Ұйып тыңдайтынбыз. Ол 
кездегі Ақселеу Сейдімбеков біз үшін ұсынсақ қолымыз жет пес 
биік еді. 
Кейін, 1980 жылдан бастап, Алматы жоғары партия 
мектебінде тыңдаушы болып жүрген кезімде, «Білім және 
еңбектің» бас редакторы Ақаңмен жақын араласудың сәті 
түсті. Менің достарым Несіпбек Айтұлы, Жәнібек Кәрменов 
ол кісімен преферанс ойнайды екен. Бұл менің де ескі 
дертім еді, төртінші қол болып қосылып жүрдім. Көбіне 
редактордың кабинетінде кешке жолығамыз. Кейде үйінде 
жиналамыз. Таңды таңға ұрамыз. Сөздің реті келіп тұрған соң 
айта кетейін, Ақаң өзін жақсы преферансшы деп ойлайтын, 
бірақ, шындығында, одан әлдеқайда мықты ойнайтындар 
көп еді. Ақаң қайтатын жылы қыста біз – Өмірзақ Сәрсенов, 
Амангелді Ермегияев үшеуміз Астанаға ұшып келіп, айтыстың 
шаруаларымен Мәдениет министріне жолықтық та, кешке 
Қыдырәлі Болмановтың үйіне соғымның етін жеуге тоқтадық. 
Ағаларыңызбен табақтас болыңыз деп, Ақаңды шақыртып 
едім, кешікпей ол да осында жетті. Айгүл Елшібаеваның, Клара 
Төленбаеваның әндерін тыңдап, Қыдырәлі мен Қарақаттың 
берекелі дастарқанынан дәм татқан соң кешкі самолетпен 
Алматыға ұшпақшы едік, Ақаң қояр да қоймай билеттерімді 
тапсырып, өз үйіне бір қонып аттануға қолқа салды. 

129
– Қайда асығасыңдар? Мұндай сәті түсе бермес. Сыбаға-
ларыңды жеп, қолды байқап кетіңіздер, – деп қатты қиылды. 
Ақыры билеттерімізді ертеңге ауыстырып, түнімен преферанс 
ойнадық. Ақаң едәуір ұтылып қалды. Бұл қаңтардың он үші еді. 
Арада ай өтер-өтпес маған телефон шалып: 
– Бүгін Алматыға келе жатырмын. Бір миллион теңгем бар. 
Ана екі ағаңды шақыр. Кегімді қайтарамын, – демесі бар ма. 
Алматының түбіндегі Тұздыбастаудағы біздің үйге соғымнан 
сыбаға астырып, қайтадан бас қостық. Екі ағамның да, 
Ақаңның да жайын білетін мен оңашада Ақаңа өтініш айтып, 
ойынның бәсін төмен айтуға қолқаладым. Ол көнбеді. Ақыры 
бірер партияда әлгі миллион ғайып болып, жаңа иесін тапты. 
Қалтасы қағылса да, келісті ойыннан қанағат тапқан Ақаң: 
– Әй, жауыз бауырларым-ай! Еселеріңді жібермейсің 
 

дер-ау, Сіздермен осылай бір шайқасқанның ләззатына не же-
теді!– деп ірілік көрсетті. 
Өткен күзде осы төртеуміз Көктөбенің басында, Қазақ 
теледидарының ұйымдастыруымен өткен күй кешінде 
отырғанымыз бар еді. Тар жерде ұзақ отырып қалып, темекіден 
тарыққан соң, Ақаңның шақшасын сұрап, насыбай аттым. 
Көрінгеннен көзақы алатын Өмірзақ Сәрсенов те шақшаға қол 
салды. Сол жерде Ақаң: 
– Менің насыбай шақша соғатын өнерім бар ғой, Өмірзақ, 
Амангелді үшеуіңе күмістен шақша соғайын. Ағаларыңа айт, 
тапсырыс берсін. Әр шақша отыз мың теңге тұрады, – деді. 
Амангелді Дінұлы темекіге де, насыбайға да жоқ. Сөйтсе де: 
– Соғып берсін. Естелік болады ғой. Ақысын төлейміз деді. 
Бірер айдан соң Астанадағы Ақселеу Алматыға телефон 
шалып: 
– Әй, ұл! Мен асығыстау айтып қалыппын. Әр шақша 
елу мыңға түседі екен. Ағаларыңды көндір, – деді. Ағаларым 
қайда барушы еді, «жасай берсін» деп келісті. Көп кешікпей 
Астанадан келген жазушы Серік Әбдірайымов Ақаңның 
сәлемдемесін әкеліп берді. Қатты қорапқа салған үш күміс 
шақшаның қасында Ақаңның маған жазған хаты да бар екен. 
Осы хатты жеке мұрағатымда сақтап жүрмін. Ұзын ырғасын 
келтірсем: «Жасым ұлғайған соң, қолым қалтырап, көзім де 
бұлдырайтын болыпты. Оның үстіне, электр пешіме күмісті 
балқыта қою да, таптау да қиындаған тәрізді. Үш шақшамен 
үшеуіңнің образыңды бейнелеуге тырыстым. Түнеу күнгі елу 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
130
мыңнан дегенім де бекер екен. Бағасы көтерілді» дегендей 
сыңай танытты. Бауырымыздың кішкентай ғана ішкі есебіне, 
бала қулығына мәз болып, әрқайсымыз мың доллардан сыйақы 
тағайындадық. Ақаң аса риза болып еді. 
Бүгін өткен күндерді еске алып отырсам, сыйлас болған, 
сырлас болған күндер көп екен. Әсіресе Ақан елу жасқа 
толып, өзінің туған Жаңаарқасында атап өткен 1992 жылдың 
күзі көңілімде жақсы әсерлер қалдырыпты. Ақаңның кіңдік 
кескен жері – Отаутасқа дейін барып, аяғына қара пима 
киген анасының да қолын алып едік-ау. Мен осы мерей тойға 
арнап, әзілі аралас бір өлең жазып едім, сол Ақана қатты ұнап, 
ауданның өзінде, ауыл-ауылдарда өткен кездесу-жиындардың 
бәрінде сол өлеңді маған қайта-қайта оқытумен болды. 
Біраздан соң соны оқудан жалығып, қашқалақтай бастап ем, 
бір оңашада:
– Әй, ұл! Он жылдан кейін, сен елуге келгенде мен де бір 
қызметіңе жарармын. Қолқалата бермей оқы деген жерде оқып 
жүрсеңші! – деді. Сол өлең мынау еді:
Даладай дарханым, теңіздей тереңім
Алаштың ардағы Ақселеу тарақты,
Тәңірім өзіңді текті етіп жаратты. 
Сояудай сорайған бойыңа болайын,
Айналып кетейін көзіңнен қарақты.
Даладай дарханым, теңіздей тереңім,
Дүлділдей жүйрігім, өгіздей кереңім.
Сұңқардай сұңлығым, жібектей жұмсағым, 
Қасымда жүрсең де сені іздей беремін.
Қызырың қолдасын, әруақ жебесін, 
Уызға жарыған марқасың, кебесің.
Халықтан барлығын үйреніп алдың да, 
Халыққа қайтадан үйретіп келесің.
Дәстүрдің білгірі, салтыңның сақшысы,
Заманның заңғары, тарихтың хатшысы. 
Кейде біз ойлаймыз Геродот ақсақал 
Болған-ау сірә деп Ақаңның атшысы. 

131
Аңызын естісең көңілің толғандай,
Көш құлаш уәжі көкейге қонғандай.
Көсілтіп сөйлейді көненің тарихын
Жорықта Жошының жанында болғандай.
Айтыса кетсеңіз уәжбен жығады,
Бекерге дауласпа – боласыз кінәлі.
Ақаңда шақша көп, бірі сол шақшаның
Құнанбай қажыдан қалған боп шығады.
Көңілдің төріне орнатып Абайды,
Ақаңның жүрегі талайды қалайды.
Ыңылдап айтқанын жұрт әнге балайды.
Дыңылдап тартқанын жұрт күй деп санайды.
Ақаңның білмейтін бәлесі шамалы,
Пайдасы тимейді, жоқ және залалы.
Құнығып кіріссе қияды барлығын,
Суырып береді, сыпырып алады.
Дүние жалған ғой, қызыққа тоймайсың,
Ойнамас ойынды бекерге ойнайсың.
Баскетбол секілді ойынды ойнаса,
Алдына жан салмас еді-ау деп ойлайсың.
Жүзінен көрінбей архивтің азабы,
Үстіне қонбайды тарихтың тозаңы.
Кәдірбек білмесе біз қайдан білейік,
Қай уақта оқиды? Қай уақта жазады?
Айдынның төсінде жарқырап ай маңдай,
Айтуды білмейді бір сөзді ойланбай.
Қолында таяғы маңқиып жүреді,
Пәнидің тірлігін тындырып қойғандай.
Тәңірі көрмесе айтқанды күпірлік,
Ақаңа арнауды осымен бітірдік.
Сәкенді көрмедік,
Алайда Ақаңның
Соңына ергенге етеміз шүкірлік.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
132
Басқа қасиеттерін қайдам, әйтеуір, өзінің көзінің тірісінде 
оған деген інілік ізетімді, оның қазақ руханиятындағы орны 
туралы әділ сөзімді айтып үлгерген екенмін. Соған да тоба!
Ақаң шындығында да менің 50 жылдығыма қызмет жа сады.
Қарағандыда өткізілген шығармашылық кешіме Алма-
тыдан Тұманбай Молдағалиевті, Қадыр Мырзалиевті, Сәкен 
Жүнісовті шақырып әкеліп едім, оған Астанадағы Ақселеу 
Сейдімбеков қосылғанда төрт құбылам түгенделіп, төбем көкке 
жетті. Ақаң барлық шараларда төгілтіп сөйледі. Облыс әкімі 
резиденциясындағы шай рәсімі кезінде Ғабдолла Құлқыбаев, 
Сәкен Жүнісов үшеуі күй тартысып, бір сағаттай жиналған 
жұртты тамашаға бөледі. Ел сілтідей тынды. Сөз сөйленбейді. 
Тек күй сұңқылдайды. Көрген түс тәрізді. Домбыраның 
шанағынан күй сауып отырған даланың дана шалдарының 
көзіндей үш ағамның нұрлы бейнесі көңілге сурет болып көшті.
Өмір өңкей тойлардан құрала ма? Кейде ит болып 
балағыңнан қауып, дұшпан болып жағаңды жыртып, опасыз-
дығын да жасайды ғой. Бір жылдары Ақаңа да күйе жағып, 
аяқтан шалушылар табылды. Ағамыздың «Қазақтың бейпіл 
сөздері» деген кітабын түсінуге өресі жетпеген бір міскіндер 
авторға ошағандай жабысып, тіпті оны жоғары оқу орнынан 
аластатуды да талап етіп жатты. Осындай әсіре белсенділердің 
бірі – оның өз ауылындағы мектептің болғаны өкінішті. Оның 
хаты газетке жарияланды. Осы кезде Ақаң мен ұлы жазушы 
Мұхтар Мағауиннің де арасы нашарлап жүрген кезі еді. Әсіресе 
екі жақсы ағамның шиеленіскен ара-қатынасы біреулердің 
қыбын қандырып жатса, біз сияқты тілеулес інілерінің 
арқасына аяздай батты. Бір күні М.Мағауинге арнайы барып, 
Ақаңмен арадағы беймағына дүрдараздықты доғаруға қолқа 
салдым. Обалы нешік, Мұқаң көп уәж айтып, ақталып бақты. 
Ең соңында Мұқаңның баспасөз бетінде тым ерсі сөздерге 
барғанын кінәлап тілге тиек етіп едім:
– Жарайды, Ақаңа сәлем айтып бар. Менен кешірім сұра-
сын. Сосын қоялық, – деді.
Осы әңгіменің мазмұнын Ақаңа толық жеткізіп:
– Елге абыройсыз болдыңыздар ғой. Жасыңыз кіші. Кеші-
рім сұрай салсаңызшы! – деп жалынғанымда:
– Кешірім сұрайын-ақ. Бірақ неге кешірім сұрайтынымды 
түсіндірші? – деді Ақаң. Бұл бір басы бар, аяғы жоқ дау еді. 

133
Әңгіме осымен доғарылды. Мен екі ағамның арасына басу 
айтқан дәнекер сөзімді «Қазақ әдебиетіне» жарияладым. Екі 
жақтан да дыбыс болмады. Арада біраз уақыт өткенде Ақаң:
– Жақында бір жиында Мұхтар ағаңды көріп, сәлем 
бердім. Жасы үлкен ғой. Қолымды қаққан жоқ. Алды. Сірә, 
кешірімдескен деген сол шығар, – деп еді. Бұл баянсыз дүниеде 
екі ұлы адамның бір-біріне кешпестей не өкпесі болушы еді?
Осы естелікті жазу үшін өткен күндерді шолсам, жолы-
ғысулар мен қоштасулар еске түседі. Қайсысын тізе бересің. 
Тағы бір эпизодқа тоқтала кетейін.
2002-2003 жылдың қысында Еуразия ұлттық универси-
тетінің ректоры М.Жолдасбеков ағам мені Астанаға шақырып, 
қызметке алып, төрт бөлмелі үй берді. Астанаға әлі бауыр баса 
алмай жүрген кезімде Ақселеу ағам телефон шалып:
– Қарындасымнан ұятты болып жүрмін. Осы алдағы сенбі 
Бақытжамал екеуің біздің үйден ерулік жеңдер. Ерулік же 
дегенге сопайып екеуің жетіп келмей, жора-жолдастарыңның 
ішінде ішеді-ау, жейді-ау деген мықтыларын ерте кел! – деді 
Іздегенге – сұраған. Жаңылмасам, Сәулебек, Тұрсын, 
Несіп 
бек секілді сен тұр, мен атайындарды ертіп, сау ете 
қалдық. Дәл қазанның қамырын саларда Астанадан келген 
досы Асанәлі Әшімов те сол үйдің есігін қақпасы бар ма? Ағаш 
астауға сыймай келген қысқы сүрдің ең шұрайлы жерлерін 
Ақаң қылпылдаған кездігімен өзі қиялап турап, жемесімізге 
қоймады. 
Астананың аш-жалаңаштарына да керегі сол. Сілтеп 
жатырмыз. Асап жатырмыз. Ақаң одан әрі қолқалайды. Қыс-
қасы ертеңіне Ақаң түске таман телефон шалып: 
– Әй, жалмауыздар-ай! Ең болмаса жылытып жейтін бір-
деңе қалдырмапсыңдар ғой! – деп қалжың айтты. Қан дай жа-
растық десеңізші! 
Ақселеу Сейдімбек «Егемен Қазақстанның» әдебиет және 
өнер бөлімін меңгеріп тұрғанда бір топ өнер адамы республи-
каның мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Ақаң маған сурет-
ші Мағауия Аманжоловтың шығармашылығы туралы очерк 
жазуды тапсырды. Мағауияны тауып алып, қазіргі Әйтеке 
би көшесіндегі шеберханасында екі-үш күн суретшімен 
сырластым. Бұл ғажайып шеберге өзім де ынтық болып қалдым. 
Жазып әкелдім. Ақаң: 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
134
– Бір сөзін де өзгертпеймін. Тек атын ғана «Көк түс – 
көктемнің белгісі» деп қояйын. Әй, ұл! Осы сенің теледи-
дарда не ақың бар? Сенің стихияң – жазу ғой. Бірыңғай жазуға 
көшсеңші. Теледидардағы еңбек желге ұшып кететін еңбек 
қой, – деп кеңес берді. Очерк лезде жарық көрді. Жұмбағы 
көп суретші Мағауияның тағдыры да жұмбаққа айналып, өзі де 
із-түзсіз жоғалып кетті. Содан бері отыз жыл өтсе де, Мағауия 
Аманжоловты көрдім деген бір адам жоқ. Кейінгі оншақты 
жылда, теледидардан қол үзген соң, мен ара-тұра очерк жазатын 
болдым. Оларды Ақаң қадағалап оқып жүреді екен. Бір жолы 
Астанадан телефон шалды:
– Мен саған баяғыда ескертіп едім ғой, сенің қолың – 
жазу. Сенің очерктеріңді Еуразия университетінің журна-
листика бөлімінде жанрдың бір қыры деп оқытып жатырмын.  
Жаза түс! 
Мен үшін бұл аса жоғары марапатпен пара-пар еді. 
Астанадағы Ақаңның қазасы туралы хабарды Алматыда 
жүріп естідім. Аспаннан жай түскендей болды. Есімізді жиған 
соң, жайсыз хабарды екі досына – Өмірзақ Сәрсенов пен 
Амангелді Ермегияевқа жеткіздім. Оларға да қатты батқа-
нына куәмін. Ажалға да етіміз үйреніп барады ғой. Ол кезде 
үшеуміз түскі асты бірге ішуші едік. Түстік үстінде сыр тартып 
көрсем, Ақаңның жаназасына баратын сыңайлары жоқ тә різді. 
Жайшылықта айтыла бермейтін ірі-ірі теңеулердің аузым нан 
қалай шығып кеткенін аңғармай да қалыппын: 
– Ақселеу Сейдімбек – қазақ руханиятының алып тұл-
ғасы. Ғалым, жазушы, зерттеуші ғана емес, сол еңбектерінің 
жиын тығымен ұлттың ұстазына айналған адам. Ұлы тұға. Кеше 
ғана бір дастарқаннан дәм татып, айырылмастай болған Ақаң 
бүгін ойран болып жатқанда, жаназасына қатысуға жарама сақ, 
адамға септігіміз қайсы?! 
Обалы нешік, екі аға да үн-түнсіз ғана ұшақтың биле тіне 
тапсырыс берді. Ертеңіне үшеуміз Астанаға ұшып келіп, ұлы 
тұлғаның басындағы құрметті қарауылға тұрдық. Ақан 
ның 
мәйітіне ерген шұбырыңды халық Жаңаарқаға бет алғанда, 
көліктің ішінде отырып, мына жолдарды қағазға түсірдім:
 

135
 Ақселеуді аттандыру
Өтеді хан да қара, сақи, дана, 
Аттанып бара жатсың бақиға, аға. 
Өмірің алты Алаштың олжасы еді,
Өлімің де айналды оқиғаға.
Тәңірі жаратса да мұратты ұл ғып, 
Бұл өмір өте шықты бір-ақ күндік.
Кемсеңдеп Кекілбаев сөйлегенде, 
Басқамыз «бауырымдап» жылап тұрдық.
Тауысып пәнидегі ғұмырыңды, 
Табасың тұрақтайтын тұғырыңды.
Мәңгілік қоштасуға қимағандар,
Соңыңнан келеді еріп шұбырынды.
Білеміз ажал мерей тасытпасын, 
Сол ажал жігерді де жасытпасын.
Сен өзіңнің ажалың арқылы да,
Үш жүздің бара жатсың қосып басын.
Жаңаарқа танып сені жөргегіңде,
Әлпештеп шығарғанды ел көгіне.
Қаумалап келдік қоңыр төбеге енді,
Өзіңмен түсетіндей көрге бірге.
Білетін дұғаны айтып құрандағы,
Ауызға алып тұрмын бір Алланы.
Туған ел құшағынан шыққан ұлды,
Туған жер құшағына тұр алғалы.
Жаңарқа жаққа жолым түссе, «Ақселеу биігі» атанған 
Қарауылтөбеге, Ақаңның зиратына қайырылмай өтпеймін. 
Қарапайым да мәңгілік сипаты бар қоңыр тастарды сипалап, 
өзім білетін сүрелерімді оқимын. Тасқа қашап жазған Күл тегін 
ескерткішінің дана сөздеріне көзім түседі: «Көктегі күнге, оның 
көне тарихына, дәстүрі мен салтына, әні мен күйіне құмары 
қанбай ғұмыр кешкен Ақселеу аға Сейдімбек» қағаздай аппақ 
адам еді-ау! 
Ақаң менің өмірімде үнемі болған тәрізді... 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
136
ЗАҢҒАР 
З
аманымыздың ең заңғар ақындарының бірі, әр 
қазақтың жүрегіне жол таба білген тегеурінді таланттың 
иесі Мұқағали Мақатаевтың құрметіне арналған осы 
қорытынды баяндама мерейтой иесінің бүкіл шығармашылық 
мұрасын толық қамтиды деп күтетін болсаңыздар, мен ол 
үміттеріңізді ақтай алмайтын шығармын деп қауіптенемін. 
Өйткені, Мұқағали Мақатаевтың бүкіл шығармашылық жолы 
туралы, әсіресе, биылғы жылы – оның туғанына 80 жыл толған 
жылы баспасөз бетінде кеңінен сөз болып қал-қадарынша баға 
беріліп, сарапқа салынды. Ал, Мұқағалидың ақындық тағдыры 
туралы сөз – ол жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясының 
тағдыр-талайы, өнгені мен өскені, өлгені мен өшкені туралы 
сөз деп ұғындық. Бұл – бір қалыпқа сыймайтын, бір өлшемге 
көне қоймайтын, буырқанып тасынғанда арнасын бұзып аққан 
дариядай асау да қуатты, бастауынан тұна қалғанда, бұлақтай 
таза да мөлдір қасиетті қазақ өлеңі, оның құдыретті де кіріптар 
перзенттері туралы сөз болса керек. Сондықтан ұлы ақынның 
шығармашылық тағдыры мен шығармашылық мұрасы туралы 
әңгімені бүгінгі қазақ жырының тағдырынан бөліп қараудың 
еш мүмкіндігі жоқ.
Бір данышпан: «Ақынға тағдыр керек» депті. Жүзі алмастай 
қылпыған өлең сөзді жаратушы өнер иесі туралы осыдан қатал, 
осыдан қатыгез, бірақ, осыдан әділ үкімді табу қиын шығар. 
Өздерін Мұқағалидың шәкіртіміз деп жариялап, қайдағы 
бір жоқ сары уайымды қазақ поэзиясына сүйрелеп әкеліп 
кіргізіп, қара аспанды жауға, қара орман елді дауға алдырып 
жүрген осы күнгі бірқатар жас «шайырлардың» қолдан 
жасаған қасіреттерінің оқырман қабырғасына батпайтыны, 
көңілінің алақандай көлшігінде үрлеп туғызған дауылы, зорлап 
жаудырған жауыны жүректерді селт еткізбейтіні дәл осы 
талайлы тағдырдың жоқтығында деп түсінемін. Арғы төркінінде 
әлеуметтік астары жоқ, халықтық сипат жоқ пендешілік мұңаю, 

137
қайғыру, қасірет шегу, торығу жырларының, олар формалық 
жағынан қандай заманауи бесікке бөленсе де, халықтық мұң 
мен шерге айнала алмайтыны, сол себепті де эстетикалық шөлді 
қандыра алмайтыны айдан анық. Балабақшадағы дайын ас, 
мектептегі стандарт тәрбие, институттағы шүлдір-шүлдірден 
басқа көрген-баққаны жоқ, өмірбаяны жып-жылмағай қалам 
иесі қанша жерден Мұқағалиға еліктегенімен, жасандылыққа 
ұрынатыны түсінікті. Бүгінгі жаңа поэзияның айықпас дертіне 
айналып отырған осы жалған шерлену, уайым кешу, қасірет-
азап тарту, сергелдеңге түсу сарындарының ар жағында өмір 
шындығы тұрған жоқ. Ендеше, өздерін Мақатаев дәстүрінің 
жалғасымыз дейтін жас ақындар нағыз биік поэзияны мақсат 
тұтса, өз позицияларын қайта қараулары, түбегейлі тексерулері 
керек-ақ. 
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға,
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға, – 
деген Абай сөзіндегі шындықтың қаны әлі сорғалап тұр. Ал, 
Мұқағали Мақатаев болса, өзінің өксулі, қасіретті, алаңдаулы, 
торығулы өлеңдерінің бәрін өз дәуірінің, өз халқының 
талайына тап келген тағдыр талқысынан, уақыт шындығынан 
шемен-шердей сүзіп шығарушы еді. Қазақ халқын қынадай 
қырған аштық нәубетінің ызғарын анасының уызымен қосып 
емген бұл ұрпақтың балалық дәурені сұрапыл соғыспен тұспа-
тұс келіп, уайымсыз ойнап-күлу дегеннің не екенінен бейхабар 
есейгені оның өзекжарды өлеңдерінде бейнеленбесе, сөзден 
басқа рухани олжасы, рухани алданышы жоқ қамкөңіл халық 
бұл жырларды тұщынбас еді. Бұл жырларға жұбанбас еді. 
Дәуірдің қаны сорғалаған шындығын жойқын талантымен 
қарпып, көркемдік құралдардың құдыретімен қағазға көшіре 
білген Мұқағали ақынның сезімдерінің сенімді, қасіретінің 
шынайы, уайым-қайғысының, жан күйзелісінің халықтық 
болатын себебі осындай өмір ақиқатында жатыр.Бір Мұқағали 
ғана емес, онымен замандас Тұманбай Молдағалиев, Қадыр 
Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Сәкен Иманасов, Өтежан Нұрға-
лиев шығармашылығында да осы дәуір шындығы, мезгіл табы 
әртүрлі деңгейде көрініс табатыны сондықтан. 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
138
Шәй орнына қайнақ су сораптадық,
Сонда да біз жамандық жолатпадық.
Барға мәз, балапандай тояттадық,
Сонда да біз өмірді жоғалтпадық,
Нанды беріп, майданға етті беріп,
Жұбандық өзіміздей көпті көріп.
Отарлы жан отырып, қорек еткен 
көк сиырға өмір бер деп тіледік.
Осындай бар мен жоқтың арасында қалт-құлт еткен 
тағдырды бастан кешіріп, өңменінен итерген өмірді өр ше лене, 
емірене сүйген мыңдаған Мұқағалилардың мұңы жүрегіне 
орнаған ұлы ақынның сыры да, жыры да халықтық болуы 
табиғи.
Сәби халқым, сарыла сыр ақтарам,
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,
Сенің ойың санамда тұрақтаған, –
дейтіні содан. Ойынсыз өткен балалық, көңілге мезгілсіз 
қонақтаған мұң, ерте есейтке бейнет өлең болып өріліп, жыр 
болып жұпталып, ақынның азаматтық бейнесінің бедерлі 
бояуларына айналған соң, бұл поэзия оқырманның өз сыры-
мен үндестік тауып, шыншыл шынайы кейіпке енеді.
Бар ма деп Шалкөдені шолатын күн,
Баланың жанарына толатын мұң.
Халықтың қайғысы мен қасіреті,
Шер болып шөкті ішіне сол ақынның.
Жыр жазып арасында жүрді ауылдың,
Қойсын ба құдыреті жыр-дауылдың.
Сөзімен сызып заман суретін,
Айналды ақынына бір дәуірдің.
Жазғанмен жан жарасын үрлеп уақыт,
Жесірмен қайғы-көлге бірге батып,

139
Жүретін Қарасаздың көшесінде ол,
Басынан Хантәңірдің жыр боратып.
Күзетіп босағасын боздақтардың,
Ошақта өлең отын маздатты әр күн.
Есіне түсіп кетсе есіл ерлер,
Ызғарын сезінетін жазда ақпанның.
Түнектен тілегендей жанға жалын,
Жүректе тұншықтырып мәңгі азабын,
«Есіктің» кафесінде отыратын,
Ішінде жалғызсырап даңғазаның.
Әрине, тағдыр ауыртпалығын бастан кешіру бар да, 
оның көркемдік қорытындыларын, аңсау-көксеулерін, 
шер-шежіресін қорғасындай балқытып, өлеңге құя білу бар. 
Мұқағали Мақатаевтың ақындық құдыреті, бөлек болмыс-
бітімі осы өткелек шекарадан басталады. Ұлы ақын ның 80 жыл-
дығын ел болып тойлап отырған биылғы жылдың өне бойын-
да Мұқағалидың ең үздік өлеңдері, шырайлы шумақтары, 
ақындық табыстары баспасөз бетінде, түрлі басқосулар дағы 
байыпты баяндамаларда талай рет мысалға келтіріліп, барын-
ша кеңінен сөз болды. Біз аз ғана сөзбен сол тамсандырған 
тамаша олжаларды жіктесек дейміз. 
Біріншіден, ол өзін алдыңғы ұрпақтың, абыз аталар мен 
киелі кейуаналардың мұрагері сезініп, перзенттік махабба тын 
жаңғырта жырлаудан айнымайды.
Кезімде менің есірген, 
Тентек деп тізгін тартпадың
Сақалына орап өсірген,
Қай жақта жүрсің, қарттарым, – 
деп күңіренетін сағыныш сарыны бүкіл шығармашылық мұра-
сының өнебойына алтын арқау болып тартылатынын аңғару 
қиын емес.
Мен сені сыйламасам, түсінбесем,
Жүрмес ең әр жырымның ішінде сен.
О, менің пайғамбарым!

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
140
Сен болмасаң,
Тірі пенде алдында кішірмес ем.
Ат басы алтын берсе табылмаған,
Еншім бар менің сенде алынбаған.
Қобызың емес пе едің қолыңдағы,
Ұмыттың неге мені, жаным бабам.
Ат басы алтын берсе табылмаған,
Сыбағам қайда менің алынбаған.
Бір түйір кәрі көздің жасы емес пе ем,
Ұшында сақалыңның дамылдаған.
Мұқағалидың арғы-бергі өз тегін тергеуі, халық тарихына 
бойлауы, мәңгі тоқтамас өмір керуеніндегі өз болмысын 
тануға ұмтылуы, дәл осындай бояуы қанық, айтары анық 
шабытты шумақтардың ғұмырын ұзартты. Әйгілі «Райымбек, 
Райымбек!» поэмасын жазуға түрткі болған да дәл осы өткенге 
үңілу, ақиқатты іздеу, тарихты тану деп білеміз. «Аққулар 
ұйықтағанда» мен «Реквием» – осы ішкі қақтығыстардың заңды 
нәтижесі, ақындық рухани арпалыстың квинтэссенциясы. 
Дәл осылайша өзіне дейінгі тарихты таразылау жолы-
мен тосын әрі түсінікті көркемдік қорытындылар жасау 
арқылы шығармашылық биікке көтеріліп алған талантты 
ақын өзі өмір сүріп отырған дәуірдің шындықтарын шежіре-
л еуге келгенде екінші тынысы ашылып, ешкімге ұқсамайтын 
өзіндік қолтаңбасы мен жүздеген ғажайып өлеңдерді дүниеге 
әкелді. Адам жүрегіндегі құбылыстар, адамдардың ара қаты-
на сындағы қақтығыстар, өтірік пен шындықтың, әділет пен 
жауыздықтың бітіспес күресінің шынайы көріністері оның 
бүкіл шығармашылық мұрасының көркіне айналды. Әдебиет-
тің объектісіне ғасырлар бойы айналып келе жатқан адамгер-
шілік проблемалары Мұқағалидың өзекті тақырыбы.
Пенделік ғұмыры қамшының сабындай қысқа болғанымен, 
Мұқағалидың ақындық мұрасы аса байтақ. Абайдың баспа 
бетін көрген өлеңдерінің саны 176, ал М.Мақатаевтың 
соңында 40 мың жолдай өлең қалды. Осы мол қазынаның дені 
ел мен жердің тағдырына, адам жүрегіндегі толқыныстарға 
қатысты толғамдар, ақындық тебіреністер, өрнекті ойкешу-

141
лер. Тек өзіне тән ерекшелікпен туған елді сүйе білу, туған 
жерді аялай білу оны шығармашылық ізденістің ұсынсаң 
қолың жетпес биіктеріне көтерді. Мұқағали жалаң жартасты, 
тұл тауларды, өмірсіз өзен-көлді, қыбырсыз даланы сүймейді, 
сол ел мен жерді мекендеген өз тағдырластарын тану арқылы, 
солардың тағдырларына ортақтасу арқылы адам жүрегіндегі 
сапырылысқан сезімдер коллизиясын жырға көшіріп, хас 
шеберліктің қайталанбас үлгілерін жаратады.
 
Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай.
Мұқағалидың ақындық кредосы осы. «Ақын боп өмір 
кешіру оңай деймісің, қарағым, Жамау ғып басу өзіңді ол, 
аузына барлық жараның» деп өткен Төлеген Айбергеновтің 
де, «Өзге емес өзім айтам өз жайымда, Жүрегім жалын атқан 
сөз дайында, Жүректе тұнып жатқан дауыл-күйді, Толқы-
тып тебіреніп қозғайын да» деп өзін өзі өртке салған Қасым 
Аманжоловтың да асыл мұраты осы еді, жүрегінің түбіне кір 
жасырмай айтып өту еді. Кемел таланттардың байлаулы сөзі 
бір-бірімен қалай үндеседі десеңізші.
Мұқағали Мақатаевтың ең шырайлы шумақтарын ізде-
сеңіз – оның махаббат лирикасына үңіліңіз. Бір қара ғанда, 
ол осынау мәңгілік тақырыпты көп шиырламаған тәрізді бо-
лып кө рінеді. Себебі, бүгінгі поэзияда әбден таптаурын болған 
тақыс теңеулер, бірінен бірі айнымайтын, өлдім-өштім, 
күйдім-сүйдім деген өзеуреген өлеңдер онда жоқ, бірақ, терең-
нен тебіренген, биіктен сорғалаған, әдепті де аптапты алапат 
шумақтарды мыңдаған әсіре өлеңдердің бәсіне бермес едім.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап, тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық, 
Ана қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың!

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
142
Тәкәппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп, дауыл тұрғыз қанатыңнан,
Сен мендік, мен сендікпін,
Ана қыран,
Қыранбыз қырандардан жаратылған.
Осындай жолдарда сезімнің тазалығымен қоса, қан-
шама тектілік, қаншама биіктік, қаншама өрлік жатыр. 
Өзіңіз төменде тұрсаңыз, бұл биік поэзия сіздің де сезіміңізге 
шаппайды, жүрегіңіздің басына қан тамызбайды. Оны ұғыну 
үшін, түйсіну үшін өзіңіз де биікке көтерілуіңіз керек. Бекзат 
өнердің осындай құпия заңдылықтары болады.
Мен нағыз махаббаты армандаймын,
Мен оны жоғалтып та алғандаймын.
Ақ қаздар арасынан аққуымды,
Ажырата алмаған сормаңдаймын!
Нағыз махаббатты тек осылай ғана жырлауға болады. Барда 
қадыр жоқ. Жоқ қана қымбат. Жоғалған ғана қимас т арыңа 
айналады. Соны сезіне білген адам ғана, соны жырлай білген 
ақын ғана шынайы.
Осы баяндамаға бөлінген 15 минутты Мұқағали ақын ның 
ең таңдаулы өлеңдерін оқуға арнаса, ең тәуір, ең тұщымды 
баяндама сол болар еді. Өйткені, өлеңді талдап түсіндіріп, 
жеткізем деу – бос әурешілік.
Сен мына жанарымның ішіндесің,
Жанардың білесің ғой кішірмесін.
Ішіне жанарыңның сақта мені,
Біреулер көлеңкесін түсірмесін.
...Сен мына менің алып басымдасың,
Білесің, ешкім де оны басынбасын.
Сен мені өз басыңмен бірге қорға,
Біреулер зұлымдығын асырмасын!
Сен менің миымдасың.
Білесің миым жатқа бұйырмасын.

143
Миыңның бір жеріне жасыр мені,
Қиылсын өмір солай.
Қиылғасын! 
Осындай айтып тіл жеткізгісіз шырайлы шумақтармен 
ажар таластыратын өлеңді табу үшін әлемдік поэзияның 
антологиясын ақтару керек. Тауып алуыңызға тілектесепін. 
Ақынды талантты деп дәріптегенде оның дарын құды ретін 
килограммен де, метрмен де я болмаса басқа бір өлшемдермен 
де анықтайтын құрал жоқ.
 Мұқағали Мақатаевтың таланты да ешқандай өлшем-
дерге сыймайды. Оны талғампаз оқырманның жүрегі сезеді, 
жаны түсінеді. Әсіресе Мұқағали өлеңдеріндегі мақам мен 
саз, ішкі музыкалық жарасым ерекше оқшауланып көзге түсе-
тіндей. Ұлы ақын өзінің әр өлең жолының, әр шумағының 
сұлу қалыпта табиғи үндестікпен жаратылуына айырықша мән 
беруші еді. Біздіңше Мұқағали Мақатаевты төбесіне көтеретін 
әр оқырман ең алдымен осы іші-сырты бірдей сұлулыққа 
құмартатын секілді. 
Баяндаманың басында ескерттік, қысқа ғана уақытта ұлы 
ақынның бүкіл шығармашылық мұрасын түгендеп, түстеп 
бере алмаймыз. Ол мүмкін емес. Алайда шайырдың соңында 
қалған барлық шумақтар шаң баспайтын асылдан еді деп 
көлгірсу – ақиқатқа қиянат болар еді. Аманатқа адал боламыз 
десек Мұқаңның мыңжылдықтарға кететін ең кемел туын-
дыларын іріктеп, ақындық жолының басында балаң қалам нан 
туған осал өлеңдерін, әншейін ақындық жаттығуларын, замана 
ыңғайына қарай жазылған Ильич, Мавр, «больше 
виктер» 
деген тәрізді сәтсіздеу, уақыттың желімен ілесіп ұшып кететін 
жеңіл қауыздарын елеп-екшеп, асылдан жасықты айырып- 
ажырататын уақыт жетті. Ендігі жерде Мұқаңның мол мұ расын 
талғампаздықпен іріктейтін талантты редакторға зәруміз. 
Оның есімін орынды-орынсыз әр жерге тықпалай беру абырой 
әпермейтінін де түсінетін кезіміз болды. Мысалы осыдан 
бес жыл бұрын жарық көрген «Он ғасыр жырлайды» деген 
кітапқа Жүсіп Баласағұннан бастап, Махмұт Қашқари, Асан 
қайғы, Қазтуған жырау, Шалкиізжырау, Доспанбет жырау
Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Қабылиса сияқты фольклор 
марғасқалары – мен Мұқағали Мақатаев өлеңдері енгізілген. 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
144
Өзінің дәуірінен, өзінің шығармашылық ортасынан оңашалап 
алып Мұқаңды бабаларының ортасына апарып қосқанда, 
кітапты құрастырушылар оған ерекше артық абырой алып 
береміз деді ме екен деп таңқаласыз. Бірақ Мақатаев мұрасы 
мұндай арзан абыройға зәру емес еді ғой.
Екінші бір өрескелдік – Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне 
жазылып жатқан сазға яғни ән әуендеріне қатысты. Кезін-
де ақынның өзі Нұрғиса Тілендиев секілді заңғармен 
шығармашылық одақ құрып, «Сарыжайлау», «Сөнбейді әже 
шырағың» т.б. секілді ғұмырлы әндерді дүниге әкелгені белгілі. 
Әнге мәтін жазудың өз заңдылықтары, өз қағидалары бар 
екенін ақындар жақсы біледі. Кез келген тәуір өлең әнге үйлесе 
кетпейді, солай бола тұра «Мата даңқымен бөз өтетінін» білетін 
кейбір сазгерлеріміз өз есімін Мақатаевтың ұлы есімімен 
қосақтап, абыройға бөлену үшін яғни көк жасық ән сымақтарын 
өткізу үшін Мұқағали өлеңдеріне ән жазатын дауасыз дертке 
шалдықты. Ол өлең әнге ылайық па, жоқ па деп бастарын 
қатырмайды, өлеңнің авторы – Мұқағали Мақатаев. Болды. 
Бітті. Қабылдау керек. Қиқылдаған, шиқылдаған, мияулаған, 
қыңсылаған ән сымақтардың авторлары Мұқағалиға обал 
болды ау деп ойламайды. Мысалы:
Жүрегім мұзды мұхит, бауырым Кипр – деген тәрізді күрделі 
өлең жолдарының сазбен тіл табыспайтынын ұғынатын сазгер 
жоқ. Бір тәуір деп жүрген сазгер әншіміз Мұқағали өлеңдеріне 
біріңғай шұқшиып бір өзі қырық ән жазыпты. «Сәби болғым 
келеді», «Отыздан асып барамын», «Қазағым-ай», секілді төрт 
әні тәуір шығар, қалған нөпірдің қажеті қанша еді. Осындайда 
жасық пен жасандының алдына тосқауыл қоятын көркемдік 
кеңестердің тарап кеткеніне налисың. Кезінде Бибігүл апай, 
Шахмардан Әбілов, Сара Тыныштығұлова, Кеңес Дүйсекеев, 
Мұрат Құсаинов, Ибрагим Исаев, Исраил Сапарбаев, Роза 
Рымбаева секілді ән саласының беделді бектерінен құралып 
эфирдегі халтурамен аяусыз күрескен соңғы көркемдік 
кеңестің Қазақ радиосынан да аластатылғанына екі жыл 
болыпты. Өкінішті. Соның нәтижесінде эфирден күн сайын 
дерлік берілетін, «Қоңыр» тобының орындауындағы бір әннің 
қайырмасы былай деп келеді:
Билейміз биіңе,
Күйлейміз күйіңе.

145
Ақынды құрметтеудің ең абзал жолы – ақынды қорламау. 
Тірісінде құрметтей алмау бір қасірет болса, өлген соң, өмірден 
өткен соң қадіріне жетпеуден артық қорлық бола қоймас. 
Бұл жағынан келгенде Мұқағали секілді ақындардың соры 
бес елі. Тірісінде соңынан сөз бораған Мұқағали туралы әр 
түрлі әңгімені қазір оның өзі сөзге сөз қайтара алмайтын 
кезде онан әрі өршітіп жатқанымыз өкінішті. Бізде қазір 
Мұқағали, Қасым аруағы алдында ақталу, бар пәлені олардың 
өзіне жабу, себептің бәрін ақынның өздерінің мінездеріндегі 
ойқы-шойқы олқылықтардан іздеу, яғни өздерін кінәлау 
тенденциясы қалыптасып келеді. Қасым мен Мұқағалидың 
Жазушылар одағынан шығарылғаны, партиялық жаза алғаны, 
қызметсіз қалып жоқшылық азабын шеккені, ресми марапат 
көрмегені бәрі-бәрі осы ақындардың қара бастарын дұрыс 
алып жүрмеуінің кесірі еді деген пікірді қоғамдық пікір 
ретінде орнықтыру талаптары жасалуда. Ойбай-ау қатып 
қалған қалыпқа түсіп, ноқтаға басын сыйғызып, стандартты 
қоғам арбасының тепеңдеген торшалағанына айналса, олар 
заманнан бойын оздырған заңғар ақынға айналар ма еді!?. 
Оқыс ойдың өзі оқшау қылықтың, мінездің жалғасы емес 
пе?!. Бунтарь, бүлікшіл ақын табиғатының көрінісі емес пе?!. 
Марқұм Мұқағалиға Мемлекеттік сыйлықты дау-дамаймен 
әрең бергенімізді, ең қуатты туындыларын Алматыда жаратып, 
әдеби сапарын Алматыда аяқтаған аяулы Қасымға Алматыдан 
ылайық көше бермей отырғанымызды өзімізше ақтайтын 
болсақ онда қазақ ақындарының сорлы тағдыры әлі талайға 
дейін оңалмайды деген сөз. Демьян Бедныйға Кремьлден пәтер 
берген Ульянов- Лениннің көрегендігі қазақ шенеуніктеріне 
бұйырмай тұр. Ақын елдің рухы, ақын сөзі халықтың жан айқайы 
екенін әлі ұғатын түріміз жоқ. Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек 
Айтұлы секілді арқалы ақындарға, азаттықтың, тәуелсіздіктің, 
елдіктің талантты жыршыларына мемлекеттік сыйлықты 
қыймай жүргеніміз, шөміштен қысып қалып жүргеніміз – дәл 
осы дәрменсіздігіміздің, барды бағаламауымыздың айғағы.
Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей
Талантты қадірлеңдер тірісінде, – 
деп жырлағанда Қадыр Мырзалиев те қоғамдағы осындай 
әділетсіздікті мегзеген болса керек.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
146
Оны айтасыз кезінде партия мен комсомолдың, кейінде 
биліктің ыңғайына көніп сөзін сөйлеп, соның өзінде 
ғаламдық поэзияға өлшеусіз олжа салған, мың жылда бір туар 
таланттарымыз – Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев 
өмірден өткенде топырақ салуға жарамаған, мұсылманшылық 
жолмен жаназа намазына қатысуға жарамаған жоғары билік 
енді кімді қадірлеуі мүмкін? Осы екі алыппен қоштасуға 
келмеген шенді шенеуліктерден не күтуге болады? Қадекең 
мен Тұмағаң өлген күні ұлттық рухқа құрмет көрсетіліп, елде 
қаралы күн жарияланар деп тосуымыз бекершілік екен. 
Бірақ билікке өкпелеуге болмайды. Өйткені, өзімізді өзіміз 
сыйламайтын, қадірлемейтін күнге тап болдық. Кезінде Мұхтар 
Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев 
секілді алыптардың назарында болып, ақ батасымен аяқтанған 
қазақ жырының талантты перзенттері бұл күнде кім көрі н-
геннің қолжаулығына айналды «Жаны аяулы жақсыға қосамын 
деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып». Әр түрлі жолмен 
газет-журналдарды иемденіп алған дарынсыз жолбике лер ақты 
қара деп аузына келгенін сөйлеп, ақын біткенге тіл тигізіп, 
ат қойып айдар тағып ар-намысына тиіп, әдебиеттің киелі 
әлемін ала тайдай бүлдіре бастады. Соңғы жылдары жиірек 
өткізіліп, жазба поэзияның еңсесін көтеруге ықпал етіп жүрген 
жыр мүшайраларында өздерінің көк есегі бәйгеден келмеген 
бір міскіндер эстетикалық талғам- таразы дегенді мүлдем 
жылы жауып қойып, өздерінің жілігі татымайтын шимай 
шатпақтарын өлең деп мойындауды талап етіп, жала-пәлелерін 
жонымыздан жарып тығуда. Қара шаңырақ Жазушылар одағы 
да, оның әдеби органдары да бұған тоқтау сала алатын түрі 
жоқ. «Бетпақ жеңдім дейді, байғұс көндім дейді» Мұқағали-
дың заманында да осындай әделетсіздік, арсыздық төрге 
шығушы еді. Ештеңе өзгергені көрінбейді. Өзінің ең асыл жыр 
маржандарын жарату қызметін аяқтап өмірден көшкелі жатқан 
Мұқағали Мақатаевтың газет бетінен қандай содыр сын естіп 
кеткенін сіздер жақсы білесіздер. Ақиқат ақын өлген соң ғана 
қалпына келтірілді. 
Соңғы жылдары өмірге келген «Мұқағали» журналы – 
ұлы ақынға қойылған ең ғажайып ескерткіш деп білеміз. 
Ақын талантын құрметтеуші жекелеген азаматтардың жан-
кештілігімен жарық көріп жатқан осы әдеби басылым Мұқаң 

147
туралы тамаша естеліктердің, ғылыми зерттеулердің тұ-
сауын үздіксіз кесіп жатыр. Республикадағы «Абай» журналы, 
«Жамбыл» журналы, биыл жарық көре бастаған «Қасым» 
журналы әдебиет тазалығы, поэзия биіктігі жолында қажырлы 
қызмет етіп, руханият кеңістігінің өміршең болуына абыройлы 
қызмет етіп жатқаны қуантады. Өлеңді ұлы ақындардың 
өздерінің рухы ғана қолдап жатыр, қорғап жатыр.
Бүгін сексен жылдық мерейтойы аталып отырған Мұқа ғали 
Мақатаевтай ұлы ақынның, нағыз заңғардың кіндігін кес кен 
қасиетті қазақ поэзиясы осылайша сынын кетірмеген, бояуын 
бұзбаған қалпында тәуелсіз елдің руханият көшінің ал  дыңғы 
легінде келеді. Ол – арамдалмайтын дария, сарқыл  майтын 
бұлақ, аласармайтын асқар тау. Өйткені: 
Қарасаз, қарашалғын өлеңде өстім,
Жақсы жыр жазсам, халқым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім!

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
148

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал