Өлең дер мен әдеби-сын мақалалар, сұхбаттар, көркем очерктер




бет5/23
Дата14.09.2017
өлшемі19 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

БАРАЙЫН ДЕСЕМ, ЖЕР ШАЛҒАЙ
Т
ұрсын Жұртбай екеуіміздің де азан шақырып қойған 
есімімізде кісі қызығарлық ештеңе жоқ. Досымыз 
Асқар Егеубай Тұрсын, Несіпбек Айтұлы үшеумізге 
арнап өлең жазып:
Бұрай тартқан арқанын,
Бурлактары-ай Арқаның, – деп аяқтапты.
Ал Несіпбек болса:
– Әй, сендердің есімдерің етістіктен құралған. Екеуің де 
етістіксің. Мен зат есіммін. Мені құрметтеп жүріңдер, – деп 
қажайды. Есімге байланысты осы қағажу аз болғандай, өзімнің 
бір ағам – Көбейсін де, екіншісі – Тұрсын. Үшеуіміз ағайынды 
үш кісінің баласымыз. Сөйтіп жүргенде, тұңғыш құдамның 
есімі Тоқтасын болып жолықты: Көбейсін, Тұрсын, Жүрсін, 
Тоқтасын!
Сол Көбейсін көкем Жезқазғаннан телефон шалып:
– Сенің ағаң, Мараттың әкесі Емберген қария дүниеден 
қайтты. Топырақ салуға үлгермесең де, жетісіне келіп кет. 
Тұқымымызда тоқсан алтыға келген өзге ешкім жоқ еді ғой. 
Бала-шағаңа жасын берсін, арнайы ат ізін салғаның дұрыс, – 
деп кеңес берді.
Шынында да, ет жақынымыз болып есептелетін Емекең 
елдегі елеулі кісіміздің бірі еді. Күні кешеге дейін белі бүгілген 
емес. Атан жіліктері сидиған ұзын, қол-аяғы балғадай, алпамыс 
ағамыз ана жылы Марат екеуіміз сайлаудың әлегімен ойға-
қырға шапқыламақшы болып, батасын алуға барғанымызда:
– Сен екеуіңді депутат етіп сайлайтындай, бұл Жезқазған, 
Қарсақбай табанында өзге ешкім қалмаған ба? – деп біраз бізге 
көңілі толыңқырамай отырды да:
– Бұйрық біледі ғой. Бәлкім, өтіп те кетерсіңдер. Берейін 
батамды. Әгаракім, депутат бола қалсаңдар, біздің екі сиырға 
жыл сайын екі арба шөп түсіріп тұрыңдар, – деп қолын жайған.
Көңілсіз берген батада баян болушы ма еді, Марат екеуіміз 
екі ай бекер арам тер болғанбыз.

91
Сол Емекең өмірден озып жатқанда, елге барып, Марат 
досымның қасынан табылғанға не жетсін! Барайын десем – 
жер шалғай. Баяғы мың жарым шақырымдық ұзын күре жол. 
Ұшақпен ұша қояйын десең, баяғы 18 сомның билеті енді 
жоқ. «Қазақмысты» басқаруға алған кәріс ағайындардың бүкіл 
Жезқазғанды бауырына басып, билеп-төстегені аз болғандай, 
Алматыға қатынайтын әуе жолын да «жекешелендіріп» алған: 
ұшқысы келген күні ұшады, ұшпаса қояды. Билеттің бағасы 
менің бір айлық жалақымнан асып жығылады.
Сонымен, барайын десем – жер шалғай, бармайын десең – 
ел қандай!..
Естелікпен өмір сүретін жасқа шынымен-ақ келіп қалға-
нымыз ба, қайдағы-жайдағының бәрі еске түсе береді. Сол 
сайлаудың алашапқынымен жүргенімізде, алдымызға Қасым 
Қайсенов пен Камал Смайыловты салып, Байқоңыр ауы-
лына жұртшылықпен кездесуге келдік. Аттандап сөйлейтін бір 
жеңгеміз:
– Осы сені жазушы деп шабылып жатырмыз. Жазғыш 
бол саң, осы өз ауылыңның өткен-кеткенін неге жазбайсың? 
Аттың басындай ағаларыңды неге жазбайсың? Махаббат-
сахабат ты қоятын кезің болған жоқ па, әдірам калғыр! – деп 
шүйлік кені бар. Айтты – кетті. Ыбырай Жақаевтың кетпені 
секілді сол сұрақ менің көкжелкемнен әлі төнеді де тұрады. 
Кейде шырт ұйқыдан шошытып оятады. Қаршадайымыздан 
қалаға кетіп, елден қол үзіп қалған басымыз, ауылдағы ақсақал-
қарасақалдан сөз үйренеміз, әңгіме естиміз деп, әне барам, 
міне бараммен жүргенде, сол абыз қарттар да түгесіліп бітуге 
айналыпты. Міне, Емберген ағамыз да аттанып кетті.
Төрт-бес жыл бұрын Көбейсін көкемді, Бекіш жездемді, 
сұңғыла Сабыр Момбекұлы қарияны қасыма алып, Бай қоңыр-
дың оңтүстік-батыс желкесіндегі «Үйтасқа» арнайы бардым. 
Жетпіс сегізінші жылы, Зәбида әкемнің зиратына қажет қай-
рақтас іздеп барғанымда, «Үйтас» дегеннің ешқандай қара 
тас емес екенін көріп едім. Қақпақтастан қаланған қалмақ 
батырының моласы екенін басындағы жұлдызша белгісінен 
танығанбыз. Сол «Үйтастың» өзен жақ бойында быжыр лаған 
араб жазуына толы 50-60 жапа тас жатушы еді. Жазу бол ғанда
бәлен жылы бәленше туды, өлді деген дерек емес, кәдімгі 
«Қилы заманның» тасқа көшірілген қолжазбасындай, ұсақ-

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
92
ұсақ маржандай, мол жазу еді. Кітап беттері жерге шашылып 
түскендей. Сол тас жазуларды ширек ғасырдан соң ұзақ 
іздедім. «Үйтас» бар, белгілер бар, жазулы жапа тастар жоқ.  
Ізім-қайым жоқ.
Сабыр ақсақал:
– Ана жылы осы Байқоңыр басында біреу тастан қора салып, 
соған жазулы тастар қаланып кетті деуші еді. Кімнің қорасы 
екенін де ұмыттым. Кеңес өкіметі құлағаннан бері талай үй 
қалаға көшіп, талай қора бұзылды ғой, – деп сарыуайым айтты.
Сабыр шалдың бізге сойған лағының басы піскенше, талай 
кісіге сұрау салдық. Тастағы жазулар таптырмады. Осы әңгімені 
Ақселеу Сейдімбекке айтқанымда:
– Құрттың-ау, бала! Жерден қазсаң да, табу керек еді! Тарих 
сені кешіре қояр ма екен? Томсон Орхонның бойына барарда... 
– деп бір ұзын сонар әңгімені бастап кеткен.
Іздеймін деген кісіге, «Үйтас» орнында тұр. Оның өзен 
жақ беті қаптаған қалың тас. Қай төбенің етегінен көргенімді 
қайдан білейін...
«Үйтасты» сол иыққа алып, әрі жүрсең, шым-шытырық 
дала жолдары андыздап қоя береді.
Осы құба жонда осыдан отыз жыл бұрын ондаған мың киік 
баласы өріп жүруші еді. Тұрсын Нұриланы алып қашатын 
жылы мамыр айының басында, қара жолдың үстінде балалап 
жатқан киікті жарып өте алмай, тоқтап қалғанымыз есімде. 
Сол жылдары біздің ағайындар сырттан кісі келіп қалмаса, 
мал соя қоймайтын. Киіктің ақбас текелерінің сүйкімді еті – 
елдің ырысы еді. Енді киіктің суретін балаларымызға кітаптан 
көрсетіп, ертегі айтатын болдық. Ол ертегіңе сенетін бала да 
жоқ. Соңғы бір жылдары жол үстінде аңырып тұрған екі лақ 
текешікті сусыз жерде шөлдеп өледі ғой деп, мәшинемізге 
салып алдық. Бармақтай ғана мүйіздерінің түбінен шып-шып 
қан шығып тұр екен.
– Өсіріп, бағып-қағарсыздар, – деп, кеңшар директоры 
Дүйсебек Дүйсенбаевтың үйіне апарып бергенімізде, көпті 
көрген Дүйсекең:
– Ойбұй, бұл радиацияға ұшыраған жануарлар ғой. Мынау 
қанды көрмеймісің? Бал беріп бақсаң да, қатарға қосылмайды, 
– деп өкініш айтқан. Сол екі лақ шынында да мал болмады. 
Киігіңіз не, радиацияның сәулесі сол жылы құлын біткенді 

93
баудай түсірді. Ірі басты жылқы төзеді екен де, қарақұлақтанып 
үлгермеген құлын тұрған жерінде сеспей кататын көрінеді. 
Біздің Ұлытау ауданы осындай сұмдықты да көрді-ау.
Ұлытау демекші... Сәбит Мұқанов әкемізден қалған 
дәстүрмен, бірді айтып, бірге кете береміз. Әлқисса, әлгі екі 
лақты тауып алатын жолы, Ұлытаудың теріскей бетіндегі 
«Ащыкөл» деген балшықты суға ем алуға бардық. Әулие-әнбие 
көбейген, ем-домды көрінген бұлақтан, таудан-тастан іздеп 
кеткен бір заман еді ғой. Рас, әлі де дос алдамаған, жолдас 
сатпаған, адам біткен бір мейірбан шақта әлгі Дүйсебек ағамыз, 
Мұхтар Бәйменов пен Серікбай Омаров досымыз, аудан 
басшысы Серік Тілеубаев «Ащыкөлдің» басына үй тігіп, егін 
шаруашылығының бір көк вагонын қойып берді. ЬІдыс-аяқ та, 
көрпе-жастық та су жаңа. Айдалаға тоңазытқыш та әкелінді. 
Айтайын дегенім – «Ащыкөлдің» беті толған сыңқылдаған 
аққу кұс. Қоға-құрақтың арасы – сутышқан. Қырқадан ассаң 
болды – мыңғырған киік. Қаратай деген қайнағам екеуіміз 
дырылдаған ескі «Москвич» көлігімен топ киікке барып 
араласып, суретке түсіреміз. Көзі баданадай жарқыраған киік 
баласы қандай сұлу! Түн ортасына қарай маңырап-жамырап 
мыңдаған ақбөкен суға құлағанда, жым-жырт түн ертегінің 
еліндей күйге көшер еді. Осы өлкеге енді барсаң, емге майын 
қуыратын суыр таппай сандаласың. Қойнауы құтқа толған 
Ұлытау мен Кішітау, Желдіадыр тандырдай кепкен табиғаттың 
музейі тәрізденіп, көңіліңді кұлазытады. Бір ғажабы, калай 
қарай жүрсең де, қаптаған зираттарға, қараусыз қалған 
молаларға жолыға бересің. Бір қырқаға шыға келгеніңде, 
мұржасы сорайған Карсақбай мыс зауыты, оның іргесіндегі 
құлаған үйлер, қалқайған қабырғалар көзіңе шалынады. Кеше 
ғана соғыс жүріп өткен өңір тәрізді сұрықсыз сурет көңіліңе 
қаяу салады. Елестен қашқан кісідей, тезірек жолға түсіп, 
ауылыңа жеткенше асығасың...
Көтерме жол «Жыңғылдыөзектен» өтіп, біздің «Қоскөлге» 
жете бере таусылады да, қара жолдың сорабы екі айырылып, 
бірі – зиратқа бұрылады, бірі – ауылға кіреді. Зиратқа баруға 
қанша асыққанмен, ауылды аттап кетуге болмайды. «Итсіз 
ауыл – қорымдағы» аналарым, әкелерім, бауырларым жаққа 
қарап, жүрек сыздағанмен, дәстүрге бағып, ауылға кіресің. 
Біздің түсетініміз – Елубайдың үйі. «Жыңғылдыөзектің» 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
94
балығын аулап, ыстап, қалаға өткізіп жүрген кәдімгі Елубай 
ғой. Келініміз Ардақ екеуі тапса, тоқты сояды. Таппаса... Әй, 
таппаған күні жоқ-ау. Үйелмелі-сүйелмелі төрт қыз өсіріп 
отырған Елубай:
– Келіндерің биыл да қыз туды. Мені жұмаққа барасың 
деп қуантып қояды, – деп әзілдейді. Екі үлкені – Айсұлу мен 
Күнсұлу апасының қыс киесің деп әкелген жылы киімдерін 
киіп алып, пысынағанына карамай, шарайнаның алдында 
көлбеңдейді. Жетінші сынып оқып жүргенімде ағам Жұмағали 
маған да костюм- шалбар, табаны падош туфли, тор көз көк 
ала жібек көйлек әкеліп, мектепке барар кезге шыдамым 
жетпей, мұздай киініп алып, Ембергеннің үйінің тұсынан бұзау 
қайырғаным есімде...
Елубай мен Ардақтың күрең бауырсағы пісіп, самаурыны 
божылдағанша:
– Ассалау... – деп Сапар Қайратұлы ағамыз кіріп келеді. Бұл 
бұлжымайтын дәстүр. Соятын тоқты-торымның бар-жоғын 
түгендейді, отын-суды тексереді. Кешке электр шамының 
сөніп қалмауын қадағалап, оған бір шөлмегін жөнелтеді. 
Сонсоң барып шайға отырады. Еттің наны салынды-ау деген 
кезде бұрын ауылкеңес болған құдамыз Доскен де босағадан 
аттай береді. Басқа ешкімді біз де іздемейміз. Тұрсын отарда 
болар. Нұрила жеңгей терезесін бүркеп алып, үйінде жатады. 
Жортуылға күн қызуы басылған соң, кешкілік қана шығады. 
Жылқы отарын басқарған, кісілігі мол Жандарбек ағамыз 
біздің шаңымыз қыр басынан көрінгеннен-ақ Елубайдың 
үйін бетке алушы еді. Ол кісі бір-ақ күнде о дүниелік болып 
кете барды. Іскендір ағамыз да, Мүгір ағамыз бен Мейрам 
ағамыз да әлдеқашан аттанып кеткен. Біздің қатарымыздан 
ауылда қалған Иманбек пен Алпыс мен келді деп естісімен, «аң 
қарауға» жөнеледі. Артық кісі күтіп неғылсын...
Айтпақшы, сол шалдардың көзін көрген, тәрбиесін алған 
Құлжанбай деген ініміз Сапармен ілесе келіп, отын жарып, 
мал сойып, шаруаны үйіре жөнелетіні бар. Ішің жылып 
қалады. Осындай бір тәуір балалар Әпек ағамыздың үйінде де 
бар. Аттары да қызық: Тәуекел, Келсеңкел, Алыпкел, Ұмтыл, 
Вперед. Тәуекел бізбен қатар. Впередті де қатар-құрбысы 
«Пеке» дейтін болыпты. Әпекеңнін балалары сабаққа онша 
алғыр бола қоймапты. Жазда, оқуға түсу науқаны басталған 

95
шақта, Әпек те бір баласын жетектеп, қалаға жүрейін деп тұрса, 
ауылдастары:
– Осы балаң оқуға түсіп не жарытады, Әпеке? – деп 
қажапты.
Сонда Әпек:
– Балам оқуға түспейтінін өзім де білем. Әншейін, Әпек те 
баласын оқуға апара жатыр екен деген сөз шықсын дегенім ғой
– дейтін көрінеді.
Сол баласы Тәуекел ақыры институт бітіріп, біраз жыл 
осындағы мектептің де директоры болды.
... Елубайдың үйінде қона жатып, зиратқа шұбырып 
барып, әке-шеше, ағайын-туысқа аят бағыштап, мауқымыз 
басылған соң, жайлау іздей бастаймыз. Қоскөлдің басындағы 
әйелдер жалқаулыққа үйренген. Бір үй бие байламайды. 
Сиыр сауатындардың өзі аз. Мейрам көкемнің үйіндегі Жібек 
жеңгеміз қысы-жазы ашымал ұстаушы еді, енді, міне, Мекең 
де, Жікең де бұл пәниде жоқ. Жалғыз інгенін сауып отыратын 
Ахат ағаға сәлем беріп, шұбатын қотарып кетуші едік, ол үй де 
Жезқазғанға қоныс аударғалы неше жыл болды. Обалы нешік, 
кұмның іші толған жеке шаруалар. Қайсысының қай өзекті 
сағалап отырғанын кісі біліп болмайды. Кешегі мұғалімдер, 
кешегі дәрігерлер, кешегі шопыр-тракторшылар бес-он қойын 
айдап, малшы боп кеткен. Бәрінің байығысы келеді. Алла 
соларға оң көзбен қараса екен, тоқтысы егіз туса екен деп 
тілейсің. Байып жатқандары да жоқ емес. Соның бірі – менің 
туған жиенім Қуанышбай Досжанов. Апам Қалия қайратты, 
қажырлы, көргенді кісі еді. Ақбоз үйді қосарлап тігіп, үйірлеп 
бие байлап, күмпілдетіп саба пісіп, мейман келсе екен деп 
елеңдеп отыратын. Ол жылдары Көбейсін, Шымболат, Мұхтар 
бәріміз сол ауылдан жиі табылушы едік. Апам түйе қарап 
кеткеннен бері, жиеніміз жөн таба алмай қалды. Қойдың саны 
мыңнан асып, мінетін көлігі көбейген сайын Қуанжан дәулетін 
айтып мақтанатын, жер-көкке сыймайтын болды. Бұрын менің 
«Жезкеме» деген өлеңімді әнмен айтып қарсы алушы еді, қазір 
сөзінен жаңылысатынды шығарыпты. Жаңа кітаптарымды 
да оқымайтын тәрізді. Содан ба екен, мен де ол ауылға ат ізін 
салмай жүрмін.
Ең шырайлы ауыл – «Ұзынсордағы» Ғалымның ауылы. 
Жандарбек көкемнің түтінін түтетіп отырған Мәруа жеңгеміз 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
96
аударып-төңкеріліп әзер жүрсе де, ұлдарын шаруаға жегіп 
қойған. Кешегі мың жылқының жұрнағы әлі де берекелі. Табыс 
та бар, мақсат та мол. Жасы қырыққа келгенде Нұрперзент 
атты ұл сүйген Ғалым ініміз соңғы жылдары көшелі кісілік 
тауып келеді. Барсаң, құлын сойып қарсы алады. Биенің сүтіне 
шомылдырады. Қысқы соғымыңа да ен салдырып жібереді.
– Шіркін, ауылым-ай! – деп, Темірхан Медетбек айтпақшы, 
алшаң-алшаң басасың. Талтайып тұрасың. Шалқайып жатасың. 
Аяулы ағаларыңның, жайдары жеңгелеріңнің сиреп қалғанына 
жүдеген көңіліңнің наласы сәл де болса сейіліп, көрген күніңе, 
кешкен ғұмырыңа шүкіршілік етесің. Мәруа секілді ескінің 
көзі анаңдай аялап, арқаңнан қаққанға марқаясың.
– Әй, қайным! Нұрперзентімнің бір жасқа толғанын 
Жезқазғанның ресторанында тойлаймын. Ат шаптырамын. 
Алматы деген мына тұрған жер емес пе, келін екеуің қалайда 
келетін болыңдар! – дейді Мәруа мерейленіп. Келмей 
қайтушы едік. Жалғыз Мәруа емес, қалада отырып-ақ үйткен 
қойдың жамбасын алдыңа тартатын Айман, Әтір, Күлмәрия, 
Жібек, Кеңгірбайдың Күләші секілді балбармақ жеңгелерің, 
Фатима, Балгүл, ІІІынар, Бәйкеңнің Күләні секілді ыспадияр 
келіндерің сол баяғы ескі ауылдың сарқытындай болып, 
көзіңе оттай басылып жатса, елге қарай құстай ұшарсың! Туған 
жермен қатынаспай қалған азғантай айларда жаның жабырқап, 
бір жақсыңды жоғалтқандай, бір қызығың кем болғандай, 
елегізу күй кешесің. Хабар күтесің. Жақсы хабар келсе екен деп 
тәңірден тілейсің.
Емберген қарттың қырқы да таянып қалды.
Барайын десем – жер шалғай, Бармайын десең – ел қандай!..

97
ІІІ бөлім.
ЕСТЕЛІК-ЭССЕЛЕР
ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ
Ж
етінші сыныпта оқып жүргенімізде бізді ком-
со мол қатарына қабылдау үшін дайындай бас-
тады, жаттамайтын бәлеміз жоқ: Партияның 
көсемдері, комсомолдың ордендері, футбол командалары ның 
құрам 
дары... Тбилисидің «Динамо 
сында» кімдер ойнайды 
десе, сайрай жөнелеміз: 
– Месхи, Метревели, Чохели...
– «Лениншіл жастың» редакторы кім?
– Шерхан Мұртазаев.
– ҚЛЖКО Орталық комитетінің бірінші секретарі кім?
– Өзбекәлі Жәнібеков! – деп тақ етеміз. Бізге Чохели мен 
Жәні 
бековтің айырмасы шамалы. Тек атын білсек болды. 
Арал дың Қарақұмына сұғынып жатқан «Құлжанбай» ауылын-
да 1963 жылы есімін Сапарғали ағай жаттатқан сол Жәнібеков 
аға мен ширек ғасырдан соң қоян – қолтық араласамын деп 
қара домалақ қыр баласы қайдан ойласын.
– Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков тің 
столының үстінде сенің кітабың жатыр. Маған бір өлеңіңді 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
98
оқып, қатты мақтады,– деп бастығымыз Сағат Әшімбаев 
қуанып келді.
– Енді жаман болмайсың! – деп Қайрат Жұмағалиев ағам 
желпініп қояды.
Ақындар айтысы өтерде бір, өткен соң бір ЦК-ға шақырып 
алып, әкеме танытып жіберетін қаһарлы хатшы жазған-
сызғанымды мақтап жатыр дегенге онша иланыңқырамай жүр 
едім, наурыз мерекесіне байланысты теледидардан сөй леген 
сөзінде менің «Ұлытауға бардың ба» деген өлеңімнен үзінді 
оқып, шынымен-ақ төбемді көкке тигізді.
Бір сенбі күні Өзекең Сағат Әшімбаев екеуімізді шақы-
рып алып, ұлттық рух, дәстүр мен салт, тіл мен әдебиет жө-
нінде ұзақ кеңес құрды. Әртүрлі жиындарда, басқосуларда 
құ лақты жауыр еткен қысыр кеңес емес, елдің, ұрпақтың қа-
мын жеп, болашағын болжаған кемел ойлар, көреген пікір лер 
ортаға түсті. Қасаңдау, қатаңдау көрінетін хатшы осы жолы 
алысты аңғаратын ақылгөй аға кейпінде ашылып сөйледі. 
Арқалықтағы мәдениет үйінің қабырғаларын өз қолымен бояп 
– сырлағанын еске алғанда, бұл кісінің қарапайым болмысы 
өз топырағымыздан екенін танып, іш тарта түстік. Айтқан 
ақылы да, жүктеген тапсырмалары да партия қайраткерлерінің 
әдеттегі нұсқауларынан гөрі қанаттас, пікірлес кісінің қамқор 
пейілі іспетті еді. Түс әлеті болғанда:
– Осы екеуіңде үй – күй жоқ па? – деді сөз ауанын оқыс 
өзгертіп.
– Неге, Өзеке? Бар болғанда қандай. 
– Бар болса, осындай қаға берісте төрлеріңді көрсетіп, 
хатшыға үйлеріңнен шай бермейсіндер ме? Ал, қайсыларыңның 
үйіңнен түстік ішеміз?
Сағат екеуіміз басымызды ала қаштық. Біздің түсінігі мізде 
хатшыға  үй  көрсету үшін шабылып дайындалу керек. Аста-
төк дастарқан жайылу керек қой. Сағат Медеуге барар жолда 
бой көтерген бір әдемі үйге қызығып жүргенін, ол үйдің көше 
жақ бетіндегі қабырғасында тұлпар бейнесі ойып қашал-
ғанын сөз етіп, сондай бір оңаша үйде ғұмыр кешуден артық 
бақыт болмайтынын айтып, қиялдың қанатына ілесіп кетті. 
Оның қиялының келісті болғаны соншалық, үшеуіміз Ор-
талық Комитеттен жедел шығып, әлгі Сағат айтқан әсем үйді 
көруге бардық. Әрине, осы күнгі байшыкештердің салтанатты 
сарайларының көлеңкесі іспетті сол үйге қарап тұрып, талай 
қияли әңгіме айттық.

99
– Өзеке, сіздің де үй-күйіңіз жоқ па? – деп қалжыңдадым 
хатшыға бойым үйрене бастаған мен.
– Неге жоқ?
– Әлгі түстік мәселесін сол жерде неге шешпейміз дегенім 
ғой...
– Бір де бір! – деді Өзекең...
Өзімнің маңайымдағы адамдарға орынды-орынсыз көп 
айтылатын қалжыңдарымның бірін хатшыға осылай «өткізіп» 
алған соң, оны жиілете бастағанымнан шошынған Сағат 
марқұмның бірде «соңғы шара» қолданғаны есімде қалыпты. 
Әріптесіміз Төлеубай Қаймолдиновтың бір баласы үйленіп, 
тойы «Қазақстан» қонақ үйінің астындағы қызыл залда өтті. 
Мен тойдың орта кезіне дейін қатысып, одан соң Өзбекәлі 
Жәнібековпен бірге сапарға аттанып кетуім керек еді. Мені 
шығарып салып тұрған Сағат:
– Бақытжамал, мына күйеуіңе айтшы, хатшымен жезде-
сіндей әзілдескенді қойсын. Осының қалжыңдарынан менің 
зәрем ұшады,– дегені бар. Дос пейілмен айтылған бұл кеңесті 
ескеруге ант- су іштім де, сол сәтінде-ақ ол уәдемді ұмытып 
кеттім. Өз-ағаның өзімсініп, іштартқан бір ауыз сөзі менің ол 
кісіден қатер тоспауыма себеп болып жүр еді. Сенбі күнгі бір 
оңаша әңгімеден соң:
– Көлігің жоқ шығар. Жұмысыңа апарып тастайын ба?– 
деді. Орталық Комитеттің терезесінен көрініп тұрған өз кең-
семе жаяу барып үйренген маған көліктің қажеті не?
– О не дегеніңіз, Өзеке. Өзім жетем ғой.
– Қой, апарып салайын. Жүр.
Мен «Волганың» алдыңғы орындығына отырдым. Хатшы-
ның шофері мені Тимирязев кешесінің Желтоқсанмен қиы-
лысында түсіріп кеткісі келгенін аңғарған Өзекең:
– Телестудияның есігінің алдына дейін алып бар! – деп 
пәрмен берді.
– Әуре болмасын, өзім-ақ басқышпен көтеріле саламын 
ғой,– дей беріп едім:
– Тыныш отыр! – деді Өзекең.
– Көрсін сені хатшының өзі әкеліп түсіргенін...
Жүйіткіген машина зыр етіп жоғары көтерілді. Есіктің 
алдында жүрген екі-үш орыстан басқа ешкім көзге шалын  бады.
– Мыналардан басқа ешкім бізді көрмейтін болды-ау, – деп 
жымиды Өзағаң.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
100
– Ойбай, Өзеке, осы үшеуінің көргені үш жүзге жайылады. 
Жетіп жатыр осы.
– Ендеше, бар жұмысыңа.   
Мәшинеден түсе беріп, көз қиығымды салсам, не жүзінде, 
не жанарында күлкінің ізі жоқ.
Осы сәтті кейін сан рет көз алдымнан өткіздім. Бұл не 
– қалжың ба? Қалжың болса, қамқор пейілден, мейірбан 
көңілден шыққан қандай әдемі қалжың: қатардағы қаратабан 
журналисті Орталық Комитеттің хатшысы жұмысына әкеліп 
тастап жатыр!
Тағы бір жолы кабинетіне шақырып алып, Ұлытау өңірін-
дегі тарихи – мәдени ескерткіштер туралы әңгіме айта бастады 
да, кілт сөзін доғарып:
– Айтқанымды неге жазып отырмайсың? – деп шүйліге 
сұрады.
– Өзеке, мен өзім Ұлытаулықпын ғой. Сіз айтып отырған 
кесенелердің бәрін шарлап шыққанмын.
– Хатшы жазып отыр десе, жазып отыру керек! Одан да 
қаламым жоқ еді деп, шыныңды айтпаймысың! Мә, мына 
қаламды ал.
Қызыл сиялы қаламмен жазылған сол деректер менде 
әлі сақтаулы тұр. Арқадағы көне дәуір жәдігерлері туралы 
соншалық білгірлікпен айтылған әңгіме тарих докторының, 
архитектура докторының тұтас академиялық дәрісі тәрізді: қай 
ескерткіш қай дәуірдің мұрасы, қай ескерткіш қай кеңшардың 
аумағында тұр, оның өлшемдері қандай? Өзекең осындай көп 
деректі басында сақтай беруші еді.
– Сен адамдарың мен асай-мүсейлеріңді алып, дүйсенбі 
күні Жезқазғанның самолетіне шық. Бірге барып қайтамыз, – 
деді сөз соңында.
– Әлгі мен айтқан ескерткіштің бәрін киноға түсіресің.
Айтқан күні айтқан жерінен табылдық. Кешігіп ұша тын 
ұшақтың ішінде дағдарып көп отырдық. Сөйтсек, Өзекең 
Саяси Бюроның мәжілісінде кідіріп қалған екен. Әлден уақыт-
та аспанға көтерілдік. Өзекең алдыңғы қатарда, облыс басшы-
ларымен бірге, біз – соңғы салондамыз.
Хатшының көмекшісі Сансызбайға:
– Біздің де осы самолетте келе жатқанымызды Өзекеңе 
айтып қой, – десем, сыралғы болған көмекші:

101
– Бюрода біріншімен шайнасып қалып ашулы келе жа тыр. 
Айта алмаймын! – деп басын ала қашады. Ал мен хабарымды 
білдіруім керек. Түскен соң қайда барамыз? Қай жаққа, қашан 
жүреміз?
Сансызбайдың септігі тимеген соң, алдыңғы салонға өзім 
барып, Өзекеңнің желке тұсына еңкейіп:
– Өзеке, мен де келе жатырмын, – деп сыбыр еттім.
– Келе жатсаң не ғыл дейсің. Отыр орныңа! – деп дүңк ете 
қалды.
Жезқазғанға жеткен соң, ағайын – туысымыздың үйіне 
қонып, таңертең хатшы түскен резиденцияға келсем, Өзекең 
орналасқан бөлменің есігі шалқасынан ашық. Обкомның 
идеология жөніндегі хатшысы Сырым Сапарғалиев ортада 
кінәлі баладай түрегеп тұр. Жәнібековтың өзі көрінбесе де, 
ашулы дауысы естіледі. Кешегі қаһары басылмаған тәрізді, 
Сырымды жерден алып, жерге салып жатыр. Сыртта облыстың 
әртүрлі деңгейдегі басшылары жол жүруге әзірленіп тұрғанын 
көргенбіз. Бір тобы Ұлытау жағына, екінші тобы Жетіқоңыр – 
Сарысу бойына аттанбақ. Біздің қай топқа қосылатынымызды 
ешкім білмейді. Қаһарлы хатшының дауылы бір толас тапқан 
кезде есіктен басымды сұғып едім:
– Кел, әй! Шай іштің бе? – деді Өзекең.
– Елдің іші ғой, жүрек жалғадық...
– Сен Ұлытаудан әрі асып, Арғанатының ішіне кіресің.
Сырғанақтастағы балбал тастарды киноға түсір! – деді 
әмірлі дауыспен.
– Сіз ше?
– Менде нең бар? Мен Теректі әулие, Алашахан, Жошы хан 
кесенелерін аралап қайтам. Телестудиядан машина аласың да, 
қазір жүріп кетесің.
– Мен Арғанатыға бармаймын! – деп кесіп айтқан маған 
обкомның хатшысы үрке қарады.
– Неге бармайсың? – деп Өзекең де таңданып қалды.
– Ұлытау мен Арғанатыны көрмей жүрмін бе? Бұл жолы 
Сіздің әміріңізбен келдім. Сізбен бірге жүрсем, шаруам да 
оңға басып, тапсырмам да ойдағыдай орындалады. Өз бетім-
ше кетсем, мені Ұлытаудың басшылары көзіне де ілмес. 
Қасымдағы орыстар аштан өлер!
Өзекең мырс ете қалды да, Сапарғалиевқа қарап:

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
102
– Мына поэтқа кеспе алдыр! – деп әмір берді. Сапарғалиев 
асыға басып шығып кеткен соң:
– Мынау бір сауатсыз хатшы екен. Әй бірдеңе ішесің бе? 
Туыстарыңа келіп түнімен сілтеген шығарсың? – деп жүзін 
жылытты. Дауысында да зіл азайыпты.
– Қайдағы ішкен, Өзеке? Кешеден бері сіздің қабағыңызға 
қарап, қалтырап жүрміз.
– Менің қабағымды қайтесің, берсе көжесін ішіп ал.
Мен кеспені тауысқанша ол барлық жоспарды өзгертті. 
Сөзге тоқтады. Алашахан, Жошыханды қойып, Арғанатыға 
бізді өзі бастап баратын болды Көп кешікпей, шұбатылған көп 
көлік пен Ұлытауға қарай жолға шықтық. Облыстық телестудия-
ның ескі көлігіне асай – мүсейімізді тиеп, соңдарынан ілес кен 
біз кейін қалып қойдық. Орталық Комитеттің хатшысы мен 
облыс шенеуніктері мінген жүрдек «Волгалар» лезде көзден 
таса болды...
Сәтбаев қаласына таяу қырқаның басында бәрі иіріліп тұр 
екен.
– Әй, сен неге ілесіп отырмайсың? – деп маған дүрсе қоя 
берді.
– Қайдан ілесем? Телестудияның жаман «Москвичі м ен» 
тайға мінгендей тепеңдеп келе жатырмын.
Өзекең қарқылдап күліп жіберді:
– Тайға мінгендей тепеңдеп дейсің бе. Әлгі Қожамсейі тов 
қайда?
Мынаған біреуі дұрыс машинасын түсіп берсін!
Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ертеде 
өзіме ұстаздық еткен журналист ағам Сағындық Қожамсейітов 
бұл топта жоқ екен. Сөйтсек Өзекең мемлекет қарауына алған 
тарихи – мәдени ескерткіштер тізімін сұрапты да, ол тізі м нің 
жалғыз данасы Сағындықтың үйінде ғана бар болып, соны 
тауып алып келуге Сәкең кері оралған көрінеді. Ол кел генше 
Рудник кенішіндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру 
шеберханасын көрейін десе, ол шеберхананың қайда екенін 
облыс басшыларының бір де бірі білмейтін болып шықты. 
Білетін жалғыз Қожамсейітов тізімді іздеп, Жезқазғанға қай-
тып кеткен. Әлгінде ғана жадырап, менің көлігімді ауысты рып 
берген Өзекең қайтадан қабағын қарс жауып алып, қаһарланып 
кетті. Дауыл да тұрды, найзағай ойнап, күн күркіреді. Неше 

103
түрлі ызғарлы сөздер аспаннан бұршақтай жауды. Екі иіні 
түсіп кеткен обком хатшысына қарасаң, өзің де жылағың ке-
леді. Арқаның төсіне тарих өзі орнатып қойған ескерткіш терді 
қалпына келтіретін жалғыз шеберхананың қайда екенін біл меу 
деген не сұмдық?! Мәдени жәдігерге деген көзқарасың мынау 
болса, облыстың идеология жұмысы су түбіне кеткен екен ғой. 
Әй, сенің өзің...
Өлдік дегенде Қожамсейітов те келіп жетті – ау...
Жолға шықтық. Шұбаған шенеуніктерді Ұлытаудың күре 
жолына салып жіберіп, өзі ауаткомның «Уазигіне» ауысып 
мініп, қасына мені алды да Жездінің іргесіндегі «Аяққа мыр» 
кешеніне бұрылды. Тоғыз ғасыр құламай тұрған кесене-
нің тарихын біраз сөз етті. Осындай ескерткіштерді қалпына 
келтіретін шеберхананың есігінен бас сұқпаған шенеуніктерге 
неге ренжігенін айтып, аса қатқыл сөздерінің соңын жуып- 
шайғандай рай танытты.
«Аяққамырдан» өзен жағалап барып, талдың арасымен арғы 
бетке өтіп күре жолға төтелей қосылатын ескі сүрлеу бар екен. 
Өзеннен өте бергенде екі аяқты мотоциклге бала мінгестірген 
біреу көлденеңдей берді.
– Ойбай – ау, менің қайнағам ғой, – деп еріксіз дауыстап 
жіберіппін.
– Келіннің ағасы ма? – деп сұрады Өзекең.
– Иә, жалғыз ағасы Қабден ғой.
– Ендеше, тоқтайық. Амандас.
Қабекең бір тайыншасын жоғалтып, соны тал мен шидің 
арасын қағып іздеп жүр екен. Өзекеңмен таныстырып тұр-
сам, жоғалған тайыншасының ен – таңбасын, түсін айтып, 
Алматыдан келген кісілерден:
– Анау зираттың көлеңкесінен көздеріңе түспеді ме? – деп 
шаруасын түгендейді.
Былай шыққан соң Өзекең:
– Әлгі қазақ шынымен сенің туған қайнағаң ба? – деп 
сұрады.
Туған болғанда, бары да, нары да осы!
– Онда неге үйге жүр, шай ішіп кет деп шалғайымызға орал-
майды?
–Үзеке-ау, ЦК-ның хатшысы түгіл, ауданның хатшысын 
да түстеп танымайтын Қабекең сізді қалай үйіне шақырсын. 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
104
Ол түгілі, Әшімбаев екеуіміздің сізді шақыруға шамамыз 
келмей жүр. Одан да, машинаның алдында отырсыз ғой, әлгі 
тайыншасы түскірді қарай отырыңыз. Оң құлағында ойық 
таңбасы бар деген жоқ па. Үрпісінде пішпеден қалған ақ 
қылшық бар дейді.
– Жоғалшы әрі! – деді Өзекең зілсіз.
Шұбырған шенеуніктерге қайта қосылып, Кенесары 
қарауылының тұсында сусын ішкен соң, Ұлытаудан әрі асып 
кеттік. Арғанаты тауларына сұғына бере, жер ауырлады. Сай 
сала, ойпаңның бәрі – саз. Саздың бәрі – бауырмал. Жібергісі 
жоқ. Сондай бір иірілген тұста Өзекең шұғыл шешім қабыл-
дап, шенеуніктің бәрі осы жерде тосатын болды. Ауатком-
ның уазигімен Өзекең, мен, кинооператор және ауданның 
орынбасар бастығы төртеуіміз «Сырғанақтасқа» жүріп кеттік. 
Езілген ескі жолмен ұзақ ырғаңдадық. Шөлдедік. Маши-
наның Өзекең отырған алдыңғы орындығының арқалы-
ғында біраз шампанның басы ағараңдап, мені алаңдата береді. 
Орынбасардың аяғының астындағы қағаз қорапта да бірдеңе 
бар секілді,
– Өзеке, «Сырғанақтасқа» сау жетеміз десек, аялдап алайық. 
Таңдай жібітіп алмасақ, шөл қинайтын түрі бар, – дей мін 
екіұштылау ұсынысымды желке тұсынан қылтитып.
– Тыныш отыр. Бәрібір тостаған жоқ.
Сыйпалақтап іздесек, шынында бұл көліктің ішінде адал 
ыдыс жоқ екен. Соның бәрін бұл кісі қайдан біледі?
Енді өлдік-ау дегенде «Сырғанақтасқа» да жеттік. Қыр дың 
басынан біреу құйрығымен төмен сырғанағандай, соның ізі 
тасқа айналған. Жалтырап жатыр. Балбал тастың біреуі ғана 
қалыпты.
– Мен Торғайда жүргенде осы балбалдар көп еді, – дейді 
Өзекең. Әркім тасып кеткен ғой. Өз тарихымызды өзіміз тонап 
жатырмыз. Мәдениеттегі дүмшелер – ең қатерлі жау.
Күйінген, ызаланған Өзбекәлі ағаның шарасыз қалпы әлі 
күнге көз алдымда. Қазақстан мәдениетін басқарған азамат-
тардың арасында Темірбек Жүргенов пен Ілияс Омаровтың 
даңқы мен дақпырты басылмай келе жатыр. Олардан кейін 
алашқа атағы жайылып, ұлттық деңгейдегі көсемге айналған 
тұлға осы Өзбекәлі Жәнібеков қана. Әйтпесе, мәдениет 
министрінің орынтағына отырған қай қазақ қауымның есін-

105
де қалып жатыр. Келеді-кетеді. Тындырғаны шамалы. Ұлттық 
масштабта мазаланып, халық тағдырының қамын жеп, ой 
кешпесе, осы бір сықырлаған ескі машинамен саз кеше оты-
рып, сай жағалап Арғанатыға келіп, ашық аспан астындағы 
музей жасау туралы қиялын бізге баяндар ма еді. Қайран 
асыл ағаның қанша аяулы арманы өзімен бірге өшіп кетті! 
Хатшының да шарасы шектеулі екенін көзімізбен көрдік.
«Сырғанақтастан» кештетіп кері оралсақ, сайда иіріліп 
қалған шенеуніктер бір жотаға шығып алыпты. Өздерін әбден 
маса талап тастапты. Бұлардың қоржынында дәм жағы мен 
тостаған жағы мол екен де, күллі сұйық біздің көлікте кеткен 
көрінеді. Көрген күндері күн емес.
Осыны тез аңғарған Өзекең:
– Ей, поэт, манағы сусындарды әкел, – деді маған. – 
Бұлардың тостағандары қаңсып қалыпты ғой.
Жусан исі бұрқыраған қырдың басында жұлдызды ша рапты 
шалқалап тартатын кезде менің Сағындық ағамнан ши шықты:
– Өзеке, менің денсаулығым нашар. Бұған әуестігім жоқ 
еді, – деп безек қақты.
– Денсаулығың нашар болса, қызметтен өз еркіңмен 
сұранып кету керек, –Өзағаң бір-ақ кесті. Әзілі ме, шыны 
ма – белгісіз. Облатком төрағасының орынбасары қызметіне 
енді ғана ілінген Сағындық ағай бір тостақ коньякты қина лып 
әрең ішті. – Қожамсейітовке тағы құйыңдар, – деді Өзекең. 
Денсаулығы жаман емес көрінеді!
Сәкеңнің түрі бұзылып кетті. Өмірі ащы татпаған адамға 
екінші тостақ азаптың ең ауыры болып көрінсе керек. 
Орталық комитеттің хатшысы бұйырып тұрған соң, ішпей көр! 
Денсаулығың жарамаса – қызметті босат деп тұрғаны анау...
– Өзеке, бұл менің ұстазым еді. Осы жолғы сыбағасын мен-
ақ тартып жіберейінші,– деп киліге кеттім.
– Әй, сенің шөлің әлі қанған жоқ па! Іш ендеше ағаң ның 
ішірткісін,– деп Өзекең жұмсақ жымиды.
Туған жерімнің төсінде, Өзағаңның рұқсатын алып тұрған 
соң, танымайтын ас емес, тайынатын не бар...
Ұлытауға таянғанда бір жол оңға айырылады да, Амангелді 
кеңшарының орталығы Сарлық ауылына алып келеді. Бұл – 
Баубек Бұлқышевтың, Камал Смайыловтың атамекені. Сол 
ауылдағы рабкооптың бастығы – менің жалғыз бажам Қази 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
106
Айтжанов. Жайшылықта менің келген-кеткенімді мерекеге 
айналдыратын Қазекең, хатшыны ертіп, үйіне түсе қалсам, 
түйе соятын шығар.
– Сол ауылға қонайық, – деймін  Өзекеңе.
– Бажаң бізді күте ала ма?
– Күткенде қандай, Өзеке! Шаруасы бақуат, көңілі дархан 
адамдар.
Бұл пәтуәні естіп тұрған обком хатшысы Сырым Сапарға-
лиев өзге шенеуніктерді ертіп облыс орталығына қайта 
беруге рұқсат сұрады. Ертең облыстық партия конферен-
циясы. Қазақша айтқанда, сайлау! Өзекең Сырымды босатты. 
Жүйт 
кіген машиналар жолдың айрығына да келіп қалдық. 
Батар күннің астында екі «Уаз» тұр. Тани кеттім. Амангелді 
кеңшарының екі бастығы. Директоры – Жақыпбек, парткомы 
– Жақия. Капоттың үстіне жайылған газеттің үстінен қойдың 
басы мен бірер жілігі көзге шалынады. Хатшыға жол үстінде 
дәм татқызып жібермекші ғой.
– Сендер мына газет дастарқандарыңды жинаңдар, – дей-
мін ескі таныстарыма. – Өзекең ауылға бұрылатын болды.
– Ойбай, біз осы жерден күтеміз деп келісіп едік. Ауылда 
дайындық жоқ.
– Біз сендердің үйлеріңе түспейміз. Рабкооптың төрінде 
шалқиып жатамыз, – дейді әңгіме ауанын тез аңғарған Өзекең 
маған белгі беріп.
– Ол кісі үйінде жоқ шығар, – деп Жақыпбек бауырым 
безек қағады.
Сөз соңы сұйылған соң, «Уаздың» капотын қоршауға ал дық. 
Құдайдың өзі үлкен хатшыны айдап алып келіп тұрғанда, ауыл-
ға жоламай, айдаладан аттандырғалы тұрған екі бауырымды 
атып тастайын десем – оқ жоқ!
– Мына қойды ет комбинатынан алып келгенсіңдер ме? – 
деймін ызаланып.
– Ет комбинатың не? Өзіміз қолдан арнайы сойған мал. 
Өзекең дәм ауыз тиіп кетсін деп. Мынау – жамбасы...
– Қолдан сойсаңдар, мүшесі түгел болмай ма? Өзекең 
қойдың ішек-қарнын ұнатып жейтін еді. Сирағы қайда?
Өзекеңнің нені ұнатып жейтінін мен қайдан білуші едім. 
Әйтеуір, ойдан шықпаған ауыл басшыларын мұқатып кеткім 
келіп, айтқан әңгімем ғой.
– Қымыз да әкелмепсіңдер ғой. Тостағандарың да жоқ...

107
Ауылдың екі басшысы жердің жарығы болса кіріп кетуге 
әзір сияқты. Бірақ Өзбекәлі Жәнібековті Сарлыққа қарай қия 
бастырар емес. Ауылдың шекарасын жанқиярлықпен қорғап 
бақты. Күн де ұясына қона бергенде біз Ұлытауға қарай жүріп 
кеттік.
– Жаңағы екеуін өлтірдің ғой, – деді Өзекең мәз болып 
күліп. Дәл осылай риясыз күлгенін тұңғыш рет көргенім еді.
– Ет комбинатынан мал әкелдіңдер ме деген дауды қайдан 
таптың?
Ертесіне Өзекең облыстық партия конференциясына 
қатыспақшы болды да, біз Алматыға аттанып кеттік.
Түп-түзу жолдар, сықиған сапарлар есте қалмайды. Кісінің 
ұмытпайтыны – оқыс оқиғалар, қиғаш айтылған сөздер.
Өзбекәлі Жәнібеков Жоғарғы Кеңестің депутаттығына 
Батыс Қазақстан облысынан кандидат болып ұсынылып, 
сайлау шылармен кездесуге барды. Мені де ерте жүрді. Мәде-
ниет министрі Ахметова, Оқу министрі Шаяхметов, денсаулық 
министрі Ізмұхамбетов бірге барды.
Жолға шықпас бұрын, әдеттегідей, Жәнібековтің жеке 
«дәрісін» тыңдап, әжептәуір әзірліктен өткем. Әсіресе, Орда, 
Сайқын туралы деректерім мол. Барамын да, киноға түсіре 
беремін...
Оралдан тікұшақпен ұшып шығып, күн бата Ордаға келіп 
қондық. Қарсы алушылар қонақтарды бөліп әкетіп жатыр.
– Сіз және сіздің адамдар біздің үйге бөлінгенсіздер, – деді 
біреу жеңімнен жұлқып. Ауылдық кеңестің төрағасы екен. 
Мені қасымдағы екі орысыммен бірге әй-шайға қаратпай ала 
жөнелді. Ауласы әжептәуір бір қазақы үйге алып келді. Осыдан 
кейін әлгі төрағаны көргеніміз жоқ. Ақиқатты айтар болсақ, 
арада он бес жыл өтсе де, әлі күнге көрген емеспін. Бізді әкеліп 
үйіне түсірді де, жоғалды. Аман болса, жарар еді...
Үйде шал бар екен, келін бар екен. Кемпір Орынборға ма, 
Саратовқа ма, әйтеуір Ресейдің бір қаласына сауда мәселе-
сімен сапарлап кетіпті. Жерге жайылған жүдеу дастарқаннан 
шай іштік. Ет алдымызға келгенде, қасымдағы екі әріптесім-
нен қысылып, қорланып қалдым: қыстан қалған сиыр 
дың 
қақпыш етінен жайсыз иіс шығып тұр екен. Келін мойнынан 
қысып ұстап әкелген қисық арақ та жексұрын болып көрінді... 
Таңертең аулаға шықсақ, шал мал жайлап жүр екен.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
108
Биыл қыс жайлы болды, малымыз күйлі шықты, – деп 
қой қорасына ертіп апарды. Шынында да, құйрығы теңкиген 
біраз қойдың шаруасы бізден тәуір ме дедім.
Жәнібеков орналасқан қонақүйді тез тауып алдым. 
Министрлер есік алдында қыдырыстап жүр екен. Ішке кірсем, 
Өзекең ұзын үстелдің басында кеспе ішіп отыр.
– Хал қалай? – деп аңтарыла қарады.
– Хал нашар.
– Не болды?
– Бұл ауыл хатшысын сыйлағанмен, атшысын сыйламай ды 
екен...
– Әй, өзің далаға түнегеннен саумысың? Кел, отырып кеспе 
ішші.
Кеспені ішіп болғанша, кешеден көрген жайларды баян 
еттім. Хабарсыз кеткен төраға, қақпыш ет, құйрығы төңкерілген 
семіз қойлар...
Өзекең ауданның бірінші хатшысы Бірманов дегенді 
шақырып алып, сыбағасын мол ғып беріп жіберді. Тысқа 
шықсақ, күн дауылдатып тұр екен. Кинооператорды ертіп 
алып, Ордадағы тарихи ескерткіштерді түсіруге өзі кірісіп кетті. 
Хатшы емес, режиссер тәрізді.
– Былай түсір! – деп бұйырады. Отырады, қисаяды, жүре-
лейді. Жақындап, бірдеңе демекші болған мәдениет министрін 
қаңғытып жіберді. Маңына кісі жуып болар емес, Кешеден 
бері хатшыға еркін сөйлеп, қалжың айтып жүрген Шайсұлтан 
Шаяхметов те шай ішуге кетті. Бір пәленің менен шыққанын 
сезді ме, облатком төрағасы Владимир Гартман қасыма келіп:
– Бұл кісі неге ашуланып жүр? – деп қазақша сауал берді.
– Оны ана Бірманов деген хатшыңыз біледі! – деп мен де 
теріс айналдым.
Тарихқа тұнып тұрған Ордада Өзбекәлі Жәнібековтың 
тікелей басшылығымен түсірілген осы телехабар «Қазақстан» 
телеарнасының қорында әлі күнге сақтаулы болса керек...
Оралға қайтып келген соң, обкомның бірінші хатшысы 
Нәжімеден Есқалиев берген үлкен қонағасыда да қабағы 
ашылмады.
– Әй, поэт, алдың ба? – дейтін бір ауыз сөзіне зар болдық. 
«Жайсыз үйде қонғанымызды неменесіне айта қойдым екен» 
деп әлі күнге дейін өкінемін. Болар іс болды...

109
Өзекеңді соңғы рет Әуезов театрының сахнасында көрдім. 
Мырзатай аға Жолдасбековтың 60 жылдығында сөз сөй-
леді. Таяққа сүйеніп, ентігіп, әрең тұр еді. Ер арыса – аруақ. 
Сырқаттың әбден жеңген шағы екен. Үзеңгілес інісіне пейілін 
білдіруге барған ағаның жүдеу кейпін көріп, өткен-кеткен ойға 
түсіп, мен де мүжіліп қалдым.
– Тбилисидің «Динамосы»?
– Месхи, Метревели, Чохели...
– ҚЛКЖО-ның бірінші секретары?
– Өзбекәлі Жәнібеков!..
Қамшының сабындай қысқа ғұмыр таусыншақ күнге келіп 
қалған екен-ау.
Биылғы көктемге салым Түркістаннан академик Рахманқұл 
Бердібаев ағамыз телефон шалды:
– Бұл анық сенсің бе? Сені телефонмен іздегеніме бір жұма 
болды. Ұстатпайсың. Осы сен Өзбекәлі ағаңды ұмыттың ба?
– Неге ұмытайын? Былтыр Арыстанбабқа арнайы барып, 
басына тәу етіп, Өзекеңе құран бағыштадым. Өзекеңді ұмытсақ, 
кім болғанымыз?
– Бәсе, сен ұмытпасаң керек еді. Сені тәуір көруші еді ғой. 
Жұмыс бабында ұрысса, көңіліңе алып жүрме. Биыл Өзбек-
әлінің туғанына 75 жыл толады. Басқасын былай қойғанда, 
айтыстың аяғынан тұрып кетуіне де аз үлес қосқан жоқ қой. 
Сол ағаңа арнап бір айтыс өткіз, қарағым!
– Демеуші болатын кім бар?
– Демеушіні өзің тап. Бізден қуат кетті. Өз қолың өз аузыңа 
жетті ғой. Өзбекәліні ұмытпа! Ұмытылатын кісі емес қой...
Телефон дың-дың, дың-дың деп тұр екен. Менің басым да 
дың-дың.
Өзім демеушілікке тартып, әбден мазасын алып бітірген 
Амангелді Ермегияев пен Өмірзақ Сәрсеновтың алдына барып 
тағы бір рет жүгінуге тура келеді.
Өзбекәлі Жәнібеков ұмытылатын кісі емес қой!

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
110

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал