Өлең дер мен әдеби-сын мақалалар, сұхбаттар, көркем очерктер




бет4/23
Дата14.09.2017
өлшемі19 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

БІЗ АУЫЛҒА БАРҒАНДА
С
әтбаев атындағы совхозға ұша алмай үш күн жүрдім. 
Жезқазған қаласының аэропортына соңғы рет 
келгенде, кәсіподақ төрағасы Файзулла Әжібеков 
пен сол ауылдың сыйлы қарияларының бірі, отыз жылдай 
сауда қызметінде істеп, екі-үш жылдан бері зейнетке шыққан 
Нұрпейіс Құрманбаев жолыға кетті. Күннің шайдай ашық 
екенін, пәленің бәрі аспанда емес екенін, пәленің бәрі Сәтбаев 
атындағы совхоздың аэродром коменданты Мұхтар шалда 
екенін солардан біліп алдық.
– Біздің Мұхтар күннің ашық-жабығына қарамайды, – 
дейді Нұрекең.
– Самолетті қабылдауға ерінсе, «әлеу, Сәтбаевта көз 
көрінбейтін боран соғып тұр» деп хабарлайды да, шалдармен 
бірге үй жағалап шеке жеуге жүре береді...
Қалжыңпаз, айткыштығымен аты шыққан Нұрекеңнің 
шыны ма, әзілі ме, ұға алмай қалдым... Сол екі ортада самолет 
бүгін де ұшпайтын болыпты деген хабар тиіп қалды. Бізден 
басқа жол тосқан он бес шақты адам тағы бар. Шұбырып 
аэропорт бастығының кеңсесіне бардық. Аэропорт бастығы 
Асқар Мақанов қабылдау бөлмесіндегі бізбен өз кабинетінде 
отырып, телефон арқылы тілдесетін болды. Бұл біздің 
жағдайымызды мүлдем қиындатып жіберді. Қашанда шағымды 
шуласып айтқан жеңіл емес пе... Телефон біреу-ақ...
Трубканы Нұрекеңе бердік:
– Асқар шырағым, біз мынау Сәтбаев совхозының адам-
дары едік... Иә-иә... келіннің дені сау ма?
– Сәтбаев совхозының адамдарымыз дегенді қайтсін, – деп 
сөзге қабаттасты Файзолла. – Арамызда Алматыдан келген 
журналист бар деңіз!
– Иә, ауылдан келгеніміз бар, Алматыдан келгеніміз бар, 
отыз адам үш күннен бері Сәтбаевқа ұша алмай жүрміз. Күн 
болса мынау, ап-ашық. Баяғыда, баяғыда деймін-ау, кешегі 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
78
45-ші жылы, көз көрінбейтін тұманда да дәл осы арбакеш 
самолеттер фашистердің төбесінен түспеуші еді...
– Ойбай, Нұреке, соны айтыңыз. Ұлы Отан соғысына 
қатысқаныңызды, ордендеріңіздің бар екенін неге қоспайсыз?! 
КСРО сауда қызметінің үздігімін деңіз...
Менің Алматыдан келгенімнің салмағы шамалы екенін сезді 
ме, Файзолла Нұрекеңнің өз абыройын алға тартты. Аэропорт 
бастығы қатқылдау жауап берсе керек. КСРО сауда қызметінің 
үздігі, зейнеткер қарт коммунист Нұрпейіс Құрманбаев та 
нығыздыңқырай сөйледі:
– Алматыдан келген тілшімен есептеспесеңіз, ол өз шаруа-
ңыз. Бәрінен бұрын, біз осы совхоздың төрт адамы, кәсіп-
одақтың тегін жолдамасымен Болгарияға туристік саяхатқа 
жүрмекші едік. Документтерімізді әзірлеп, өткізіп болғаны мыз 
осы. Енді үй ішімізбен дидарласып, айтпақшы, үйде Бал сары 
деген жеңгең бар, ана жылы өзің көріп ең ғой, иә сол Балсары 
жеңгеңнің рұқсатын алып, екі күнде ауданға қайта оралуы-
мыз керек... Путевка күйіп бара жатыр. Осыны бір ойланшы, 
шырақ... Біздің Болгарияға жүретінімізді обком да біліп отыр...
Нұрекеңнің қай сөзі өтімді болғанын қайдам, жарты 
сағаттан кейін АН-2 самолетімен ұштық та кеттік.
– Айналайын обком, құдіретің күшті-ау! – деп шүкір шілік 
айтты Нұрекең, самолет Сәтбаевқа қарай анық бет түзеген 
кезде.
Жұмысшылар комитетінің төрағасы Файзолла Әжібековпен 
бұрын онша таныстығым жоқ еді, сөмкесін ашып, ішінен 
Мұқағали Мақатаевтың бір томдығын алды да:
– Біздің ауылдың баласы болсаңыз да, кітабыңыз біздің 
облысқа келген жоқ, – деді. – Мына кітапқа қолтаңба беріңіз...
Ішім жылып қоя берді... Нұрекең аудандық «Октябрь туы» 
газетінің соңғы нөмірін қолыма ұстатты. Жергілікті журна-
листің «Медпункт жабық тұр» деген мақаласы бар екен. Соны 
оқы деді. Оқыдым. Сәтбаев совхозындағы медициналық 
қызметтің өте нашар екенін, учаскелік ауруханада медицина 
сестраларының жетіспейтінін, бөлімшелердегі медицина-
лық пункттердің 7-8 айдан бері біржола жабық тұрғанын, ал 
Жезқазған медициналық училищесін бітірген 7-8 адамның 
ауылда бөгде жұмыспен айналысып жүргенін жазыпты. Соның 

79
бәріне бас дәрігер Сайлау Сәбитов кінәлі көрінеді. Ауруханадан 
өзіне жақпаған қызметкерлерді қудалап, мамандығы болмаса 
да, өз туыстарын жұмысқа алған. Жедел жәрдем машинасын өз 
шаруасына пайдаланып, істен шығарып тастапты.
– Мақаланы жазған адам – білмейтін адам. Сайлау өз 
шаруасын да оңдырып жүргені шамалы. Қасқыр аулаудан 
қолы тимейді. Соны жазу керек еді, – дейді Нұрекең. Туған 
ауылымның жағдайынан біраз хабардар едім, көңілім жүдеп 
қалды.
Екі сағаттан соң Сәтбаев совхозының орталығына келіп 
қондық. Жал-жал қарды күреп, қоналқа жерді ашып қойыпты. 
Аэродром басы қарақұрым кісі. Ауданмен де, облыспен де жол 
қатынасы жоқ, бір ғана АН-2-нің қанатына қараған ауылдың 
бар жүргіншісі осында көрінеді...
Сәлден кейін біз мініп келген АН-2 қайта гүрілдеп, көкке 
көтерілді де лезде көзден ғайып болды. Алыстағы ауыл дың 
тып-тыныш аспаны тосындау көрінеді. Қыбырлаған көлік жоқ. 
Қозыкөш жердегі ауылға жаяулап шұбырдық. Топтың алдында 
– Нұрекең. Балсары жеңгемізге асығып бара жатыр-ау...
... Ауылда болған үш-төрт күн көзді ашып-жұмғанша өте 
шықты. Былтырдан бері ат ізін салмаған ауылдың барша 
тіршілігі бүкіл болмысымен қайтадан алдыма тартылғандай...
... Арал Қарақұмының Байқоңыр даласымен ұштасатын 
талмау тұсындағы шөлейт аймақтан Сәтбаев атындағы совхоз 
отау тіккелі биыл тура он жыл болды. Осы шаруашылықты 
тоғыз жыл бойы облыстағы айтулы директорлардың бірі Ереже 
Шоланов басқарған да, соңғы бір жылда Жұматай Қасым-
беков тізгінді қолға алды. Бұл екеуі – коллектив басқарудың 
бір-бірінен мүлдем алшақ екі стилін ұстанған жандар. Ереже 
Шоланов көбіне өзі біліп, өзі шешетін, қатты сөйлеп, қауырт 
қимылдайтын, қиын деген шаруаларыңыздың өзін тізеге 
салып, омыраулап жүріп-ақ орындап жүретін аса қажыр-
лы адам еді. Жұматай болса, көбіне мамандарға, қоғамдық 
ұйымдарға арқа сүйеп, адамдардың өздеріне ерік беріп, сенім 
білдіргенді тәуір көреді. Қатты сөзі жоқ, сынық мінезді, аса 
сыпайы, интеллигент адам. Істің бәрін ақылдасып-кеңесіп 
шешуге бейім. Ереженің үзілді-кесілді бұйрықтарына бой 
үйретіп, басшының тегеурініне сеніп қалған ауыл адамдары 
Жұматайдың осы мінезін әлі күнге сан-саққа жүгіртеді.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
80
Біреулер иі жұмсақ, жібі бос деп кінәласа, екінші біреулер 
жаңа директордың мұнысын үлкен тәсілге жориды.
Бұрын дәл осы совхозда бас зоотехник, партия ұйымының 
секретары боп қызмет істеп, шаруаға көзі қаныққан 
Жұматайдың Ережеге ұқсағысы келмегені деп ұғады. Ауылдағы 
әңгіменің түтіні әр жерден көрінетіні содан:
– Басшы адамның кесіп-пішіп айтпағанының несі жақсы 
дейсің...
– Алды-артын болжап барып бір-ақ айтады да, сонысынан 
айнымай қалады. Білетін бала!
– Біздің ауылға әзір ысқырынып тұрған басшы керек. 
Әйтпесе, бетімен кетіп қалады...
Не дегенмен, партия ұйымында тәрбиеленген жігіт қой, 
сыпайылығымен-ақ мысыңды басып жүре береді...
– Асықпа, еті үйренген соң, бұл да дікілдеп тұратын болады...
Бір қызығы, осындай алып қашпа әңгіме кеңсе маңындағы, 
ат үстіндегі адамдардың арасында ғана болып қоймайды, үлкен 
істен шеттей бастаған шал-шауқанның да аузына көп түседі. 
Ондай сөзді кейде Нұрпейіс, Мейрам секілді қарттар басып 
тастайды:
– Бір директорды басасауы бар дедіңдер, ендігісін жуас деп 
кінәлайсындар. Бұл ауыл ма, бұл ауылға жағу қиын!
Бірақ елдің аузына қақпақ қоя алмайсың. Ауылдағы 
үлкенді-кішілі шаруаның барлығына директорды қатыстырмай 
сөйлемейді. Көбіне мал жайы тілге тиек болады. Биыл қар 
жылдағысынан қалың түсіп, мал ертерек колға қарады да, 
шөп маялары лезде ошарыла жөнелді. Елу мың бас тебінге 
шықпаған соң, шөп шақ келер емес.
– Жылда үй қарасын көрмейтін осы ауылдың шөпшілері 
биыл жаз бойы киік аулаудан артылмай қойды. Директор күнде 
зер салып тұрмаған соң қайтушы еді... – деседі.
Шындығында дайындалған шөптің көлемі жылдағыдан 
артық болмаса, кем емес. «Қоянқарта», «Киік» сияқты 
үлкен шабындықтарды аралағанда, мұрты бұзылмаған үлкен 
маяларды көзіміз көрді. Соны қол созым жердегі қыстақтарға 
тасып беру қиын болып тұр екен. Ең бастысы, техника, техника 
емес – адам күші аз. Совхоздағы он К-700 тракторының алтауы 
былтырдан бері тоқтап тұр. Жүргізуші жоқ. «Киіктегі» негізгі 

81
маяның басынан бөлімше меңгерушісі Жандарбек Әбіловты 
жолықтырдық. Кара жер қозғалса, қозғалмас дейтін сабырлы 
жігіт еді, сабасына сыймай күйініп тұрғанын бірінші рет 
көрдім. Сөйтсем, шөп тасуға шыққан екі тракторшы – Абдол 
Жаналин мен Қарақұмбай Қайратов тал түсте «тойып» алыпты. 
Бір қолын екі ете алмай отырғанда, екі інісінің жерге қаратқаны 
күйдірмей қайтсін...
Әупірімдеп жүріп К-700-дің екі тіркемесіне шөпті сірестіре 
тиеп, бесін кезінде Абдолды Қоскөлге баратын күреме жолға 
түсіріп жіберген соң барып Жандарбектің қабағы ептеп 
ашылайын деді. Көз байланған кезде екінші К-700 жолға 
шықты. Рульде – Қожамұрат Есенов. Мен Қожамұратпен 
бірге жүрдім. Бір класта оқыған сырлас досым еді. Мұның 
да тракторшы болғанына 15-16 жыл болып қалыпты. Қысы-
жазы үй қарасын көрмейтін, жұмыс десе бәрін тастап жүре 
беретін, соның арқасында алғысты да, абыройды да жинаған, 
аса орнықты жігіт. К-700-дің ұядай жып- жылы кабинасында 
сырттағы уілдеген боранды ұмытып, біраз сыр шертістік. 
Шаруашылыққа адам күшінің жетпей жатқаны совхоздың 
басшыларын ғана емес, тұрғындарын да мазалайтын көрінеді. 
Майдангер азаматтар мен олардың өкшелестері қазір жаппай 
пенсияға шығып жатыр. Ендігі жерде бар шаруаны атқаруға 
тиіс болса, олардың көбі мектеп бітірісімен қалалы жерге 
тайып тұрады. Онда да тындырып жатқаны шамалы... Әйтеуір, 
ауылда берекелі еңбек етіп жүрген жастарды саусақпен санауға 
болады. Мұқаш Сарбасов, Иманбек Көбегенов, Өмірзақ 
Кенжеахметов, Боранбай Тазабеков, Әбдіхамит Қызыров, 
Бүркітбай Жаналиев, тағы төрт бес жігіт. Бірі – механизатор, 
бірі – шопан, бірі – шофер. Жастарды ауылда орнықтырудың 
бірден-бір жолы деп жыл сайын мектеп бітірушілерден 
комсомол-жастардың шопандар бригадасы ұйымдастырылады. 
Жыл сайын тарап кетеді. Өткен жылы да Сайлаубек Құлманов 
бастаған 7-8 қыз-жігіт біріккен екен, бәрінің жабылып 
бағып отырғаны 700 тоқты. Мұның экономикалық тиімділігі 
қай деңгейде болмақ деген сауал бірден көлденеңдейді... 
Дегенмен шаруашылықты рентабельді негізге көшірудің 
біраз талаптары жасалып жатқаны сүйінтеді. «Қоянқартадан» 
ашылған мал бордақылау пункті сондай игі шараның бірі ме 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
82
дедік. Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сыздықов пен Иманбек 
Көбегенов басқарған шағын топ қыс ішінде бордақылық 
етке тапсырған тай-құнанның, кәрі жылқының әрқайсысы 
323 килограмм салмақ басып, еңбектері жаныпты. Осындай 
өрелі істер Сәтбаев атындағы совхоздың экономикасын өрге 
бастырып жатқаны аян. Жыл сайын жоспардан тысқары 
мыңдаған қозы, ондаған бота мен құлын табынға қосылады. 
Соның нәтижесі – 1983 шаруашылық жылын совхоз 900 мың 
сом таза пайдамен аяқтап шықты. Қожамұрат Есеновтың да, 
өзге өндіріс озаттарының да көңілін тасытып жүрген мұндай 
игілікке шынымен қуанады екенсің.
Қожамұрат екеуіміз жолшыбай Қойшыбай мен Кәрібай 
Нұркеевтің жылқы қосына, Қуанышбай Досжановтың қой 
отарына соқтық. Қай ауылда болсын қоғам малы үшін табиғат 
кәріне қарсы тұрып жатқан еңбеккер адамдардың жүзі жарқын, 
ісі өнімді.
Түннің бір уағында, Шұбаркөлдің тұсынан өте бергенде, 
тоқтап тұрған манағы Абдолдың К-700 тракторын қуып 
жеттік. Күндізгі «серуеннің» желігі басыла қоймаған Абдол 
кінәлі ме, әлде техниканың өзінде бір кінәрат болды ма, 
әйтеуір трактор айдалада өшіп қалыпты. Жол бойы жағалай 
шашылған шөпті көріп, күндікке ыза болып келе жатқан 
Қожамұрат әуелі кабинасында мүлгіп отырған Абдолды біраз 
сілкіледі. Сақылдаған сары аязда дірілдеп жүріп, өз тракторына 
Абдолдың тракторын тіркеп, сүйрелеп, бір сағаттың шамасында 
әрең от алдырды да, тағы да жолға салып берді. Түн жарымы 
кезінде ел қарасына іліктік. Қыстың көктемге ұласар осы бір 
күндері Сәтбаев совхозы үшін барлық ауыртпалығымен, қат-
қабат қиындығымен қоса келді. Қарлы боран ауданға баратын 
жолды да, мал қыстақтарына баратын күремелерді де сипап 
өтті. Қақаған аяз жылу жүйесін де істен шығарды. Аурухана, 
мектеп пен интернат, кеңсе ызып қоя берді. Оның үстіне, бірер 
отардың шөбі таусылып қалды. Жеке меншік мал ұстайтын 
үйлер де албарының ортайғанын айтып, кеңсе келгіштеп кетті. 
Осы шаруалардың бәрінің барып тірелер жері Жұматайдың 
алды... Жас директор байбалам-күйгелеңі жоқ, байсалды мінез 
танытып, орнықты істерге мұрындық бола білді. Оның осындай 
сабырлы қалпы мамандарға да сенімді сүйеу болды. Сапар 
Қайратов, Сенбі Жиенбаев, Жандарбек Әбілов, Иманбек 

83
Көбегенов секілді өңшең жөн білетін жігіттер бар шаруаның 
басы-қасында жүріп, қайрат көрсетті. Олармен тізе қосып 
жанқиярлық танытқан қанша шопанның, механизатордың 
табандылығы осы күндері елдің аузына ілікті. Осының бәрі 
директордың да арқасын кеңейтіп, қолын ұзарта түсті.
Қыс қаһарының беті қайтты дегенде облыстағы ең үздік 
шопан деп саналған Мейрам Жақаев қария тағы бір шаруаны 
күні бұрын болжап отырғанын сездірді.
– Бұл үргін-сүргін жылда көріп жүрген жағдайымыз ғой. 
Әні-міне дегенше қардың да көбесі сөгіліп қалады. Осы 
совхозда көктемгі көші-қонға қажет бензин-солярканың қоры 
бар ма екен. Соны ескеріп пе Жұматай? – деді. Шынында да, 
бұрынғы директор жанармай билігін өз қолына ұстап, тістей 
қатып, жылдың қай мезгілінде болса да 20-30 тонна бензинді 
іркіп отыратыны бұл ауылға мәлім еді. Жұматай май тізгінін 
бас инженер Серікбай Бимағамбетовке берген. Ол да үлкен 
шаруаға енді араласқан жас жігіт. Артын ойлай алды ма екен...
Осыны директорға ескертпекке Мейрам Жақаевқа ілесіп, 
кеңсеге мен де бардым. Жұматайды шұғыл түрде ауданға 
шақыртып кетіпті. Ол екі арада почтадағылар Мекеңе әскердегі 
баласы Серіктен келген хатты табыс етті. Азаматтық борышын 
өтеп бітіп, май айында ауылға келеді деп отырған Серік бір 
екпінді құрылысқа көңілі кетіп жүргенін айтып, әкесінен 
рұқсат сұрапты.
– Атасының басы! – деді Мекең күйініп. – Екпінді жұмыс 
іздесе, осында келмей ме! Өз ауылын төрт аяғынан тік қоймай 
тұрып, екпінді құрылыс іздеген несін алған?!
– Әлгі біздің ұлға телеграмма жіберші! – деді почта бастығы 
Бәкірге: – Былшылдамай мерзімі біткесін тез ауылға қайтсын. 
Осы Қарақұмның бейнетін кешкеніміз аз ба, көп пе?! Ендігі 
кезек соныкі, солай деп жаз. Әй, тоқта, жазбай-ақ қой. Менің 
айтқанымды айна-қатесіз жеткізетін орысша саған қайдан 
келіп қалыпты? Үйге барып, өз қолыммен хат жазайын.
Мекең почтадан маркасы жоқ конверт алып, үйге қайтқан 
кезде, кең даладағы оқшау селоның үстінен бір айналған АН-2 
самолеті қонуға беттеп бара жатыр еді. Ауылдың біраз адамдары 
аэродромға қарай шұбырыпты. Болгарияға туристік саяхатқа 
баратын үш жерлесін ерткен Нұрпейіс Құрманбаев оларға бір 
бүйірден қосылып барады...

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
84
Автордан:
Кезінде «Қазақ әдебиеті» үшін жазылып, әлдебір себеп тер-
мен жарияланбай қалған бұл очерк менің архивімде тоғыз жыл 
жатқан екен. Уақыт қандай жүйрік десеңші! Осы шағын ауыл дың 
бейнесіндегі өзгерістерден-ақ замана желінің қалай ұйытқы ғанын 
жазбай тануға болатындай: совхоз да жоқ, обком да жоқ...
Шаруашылық ұжымы бар. Соны леп, тыныс бар. Алыстағы 
ауылға көтерме жол салып, күнара автобус қатынайтын болды. 
Теледидар барды.
Адамдарды айтсаңызшы! Күлкіден езу жидырмайтын аға мыз 
– Нұрпейіс Құрманбаев дүние салды. Өзгелері сау-саламат, қай-
та құру дейтін бір дүрбелең дәуірді де шығарып салып, енді баю-
дың көзін таба алмай, сабылып жүр. Ереже Шоланов болса, қазір 
осы ауданның әкімі. Жұматайдан хабарым жоқ. Иманбек Көбе-
генов құрдасым бірер жыл рабкооптың бастығы болып, түкірігі 
жерге түспей жүр еді, қазір қайтадан «шопыр» болып қалды. 
Жер қозғалса қозғалмайтын Қожамұрат бір жолы басшыларға 
қатты ашуланып, тракторымен кеңсені итеріп тастаймын деп, 
жұмыстан шығып қалып... Қазір қайтадан трактор айдап жүр. 
Қарақұмбай қой бағып кетті. Мейрамның әскерден келген баласы 
Серік те бір мәшиненің асты-үстіне түсіп жүрген көрінеді.
Осының бәрі – Өмір.

85
ҚАҢҚЫЛДАП ҚАЗДАР ҰШҚАН КҮН
Б
ақанастың ар жағында, Балқаш көлінің бер жағында, 
Іле өзенінің Балқашқа кұяр сағасын алқымдап 
отырған «Қараой» деген ауылда Мәлік Әбдіров деген 
аңшы құрдасым бар. Аң аулау десе атасының құны кеткен 
адамдай, дүниенің бәрін ұмытып, екі көзін жұмып, кіріседі де 
кетеді. Ана бір жылы доңыз атамын деп жүріп, оғы қата тиіп, 
жаралы қабан өзіне қарсы шауып, содан сан етін осып жіберіп, 
өлімнен қалған. Ақыры жарадар аяғы аяқ болмай, бір жыл 
жанын көзіне көрсетіп, жіліншігін кестіріп тынған еді. Ағаш 
аяғына протез киіп алып, қырғауылдың соңынан жүгіргенде, 
бұл Мәліктің ақсақ екенін ешкім аңғармай қалады. Сол Мәлік 
«Қараойдан» телефон шалып:
– Ойбай, ауылды құс басып кетті. Үйрегінен қазы көп. Тез 
жет! Бір жәшік оқ ала кел! – деп зар қақсағалы бір жұма болды.
– Ол не қылған көп құс. Тұмау тиіп келе жатқан пәле шығар? 
— деймін шынымен қауіп ойлап.
– Анау Қытайдың бірін-бірі түтіп жеген аш құрсақ тауығы 
болмаса, майдан қанатын қаға алмай жүрген қаз-үйрекке тұмау 
тиюші ме еді? Тез жете көр! – деп Мәлік құрдасым телефонның 
ішіне кіріп кете жаздайды. Бақанаста соттың төрағасы болып 
істейтін Белгібай досым да:
– Мәлікпен қаз атуға шықсаң, жолай мені де ала кет. Саған 
бір мылтық, Ұлықбекке бір мылтық майлап отырмын, – деп, 
ынтықтыра түседі. Баяғы Мүсіреповтердің құс атуын кітаптан 
оқыған басымыз түрлі қиялға толып, төбеден топылдап құлаған 
семіз үйрек- қаз көзге елестеп...
Ұлықбектің ертеңі бітуші ме еді, оған қолды бір сілтеп, 
«Қараой» қайдасың деп, тартып отырдым.
Сол ана жылы көрген «Қараой» – Қазақстанның барлық 
бұрынғы кеңшар орталығы секілді, сәл есін жиып, сәл арқа 
жүні көтеріліп қалған, өз күнін өзі көруге отыға бастаған ауыл. 
Біздің Қыдыр Тәжібаев досымыз ауылыма мешіт салдырып 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
86
бердім деп шақырғанда жете алмап едік: жан-жағын қоршап, 
шырша егіп қойған еңселі мешіт осы ауылдың ажарын кіргізіп 
тастағандай. Ұзатқан қызынан қалыңмалды мол алған ба, әлде, 
зейнетақысы көбейгеннің әсері ме, Мәліктің де қоңторғай 
дастарқаны көркейіп қалыпты. Семіз қаз бен қырғауылдың 
асулы етінің қасына «Самтрестің» бүйірлі бір шөлмек арағын 
қылқитып қойған екен.
– Ораза кезінде кісіге арақ ұсынып, өле алмай жүрмісің? 
Өзің әрі емші, әрі молдасың. Мына соттың төрағасына айтып
үкіміңді қиямет-қайымнан бұрын шығартып жіберейін бе? – 
десем, Мәлік құрдасым:
– Сән үшін қойғанымыз ғой, ішпес болсаң, көзіңді салмай-
ақ қой! – деп ырқ-ырқ күледі. – Осы ауылдағы бозбалалар арақ 
көрсетсең, құдық қазып беруге дайын.
Біздің ауылдың балалары да сондай еңбекқор болып бара 
жатыр деуші еді...
Қаз бен үйрек «Қараойдан» жиырма бес шақырым жердегі 
жайылма көлдің үстінде екен. Құмды кешіп, сексеуілді жарып 
отырып, күн шығар-шықпаста әзер жеттік. Мәліктің былтыр 
ұзатқан қызының күйеуі Қуаныштың әкесі Мүтәлиф осы 
«Қызылтамдағы» көлдерді жалға алған көрінеді. Сексеуілді 
өртеп жағып, мосыға қаз етін асып қойып, бізді тосып отырған 
Мүтәлиф бүкіл Бақанасты жалға алғандай көңілді:
– Мына көлдің іші толған сазан мен жайын. Қытайдың 
жалғыз ауын құрып едім, жыртып шыдатар емес! – деп апыл-
ғұпыл сөйлейді. Құрдасыңның құдасы кім болады? Сорпаға 
жеті рет қайнатқан қабырғаның қатқан басы болмай ма? 
Мүтәлиф ондай емес. Қамыс көрпені астына төсеп, оттың 
шоғын саған қарай ысырып, қара шәугімнің түбіндегі қоюды 
саған құйып, әбден бәйек болады. Көзінің үстіне былтыр 
шыққан бармақ басындай меңі үлкейе түсіпті. Егер Несіпбек 
Айтовты орта бойлы кісі деп санасаңыз, бұл ортадан жоғары 
бойы бар, қағылез сары кісі.
– Осы сен Қапшағайда электр жағында жүруші едің ғой?– 
десем:
– Одан күдер үзгелі бір жыл болды. Жарымаған айлығына 
қашанғы телмірейін. Осы көлдерді жалға алып, ондатр аулауға 
шарт жасастым. Күн көріске қолайлы екен, – дейді.

87
Бұл «Қараойда» елдің көбі ондатр аулайды. Терісін Алматы-
ға апарып өткізсең, бес жүз теңгеден айналады. Келіп қабыл-
даушылар екі жүз теңгеден көтеріп алады.
– Осы жердің бар қызығын Алматының орыстары көруші 
еді, – дейді Мүтәлиф Көшкінбаев, – енді өзіміз иеміз. Бөтен 
адамды бұл аймаққа қия бастырмау келісімшартта көрсетілген 
міндетіміз. Ондатрды өзіміз бағып-қағып өсіреміз. Мына екі 
бала соның қуырдағына құмар.
Мүтәлифтің сырықтай-сырықтай екі ұлы – Қуаныш пен 
Нұржан еңбектің дәмін татып қалған өрімдей жігіттер. Көлдің 
жиегіне шағын баспана тұрғызып, ішіне пеш орнатып тастапты. 
Енді қара сылағын бастағалы отыр екен. Елтең-селтеңнің бәрін 
қойып, жеке кәсіпке білек сыбанып кіріскен екі жастың талабы 
тас жаратын түрі бар.
– Үйдегі екі сиыр мен бес-алты тоқты-торымға ондатрдың 
тиын-тебені қосылып, есімізді жиып келе жатырмыз, – дейді 
кәсіпкер Мүтәлиф.
Біздің кәсібіміз – қаз-үйрек атып алу екені еске түсіп, 
рұқсат қағазымызды Мүтәлифке тапсырып, қамыстың ішіне 
сұғындық. Құс атаулы таң бозынан бастап көлден ұшып шығып, 
құрғаққа қонып жайылады екен. Төбеңнен өте бергенде атып 
үлгеру керек. Белгібай, Мәлік үшеуіміз үш жерден гүрсілдетіп 
атқанмен, бір қаздың қанаты қисайған жоқ. Тым биік ұшып 
жүрді. Мәлік көгермегір:
– Сәл күн суытып, жел тұрса, төмен ұшар еді. Оқ жетпей 
қалып жатыр, – дейді. Онсыз да күздің қара суығынан жаурап 
қалған Белгібай екеуіміздің оны атарға оғымыз жоқ...
– Соо-нау Қызылтамның тұсында үйрек деген бықып 
отыр, – дейді ол суайт. Мына қайыққа мінсеңдер, қамыстың 
арасымен сырғып барып, үстінен түсесіңдер.
Шұрық-тесік ескі қайыққа мінуге жүрек дауалар емес. 
Қалтылдап келе жатып, аунап кетсе, құдай сақтасын...
– Осы «Қызылтам» кімдікі болды екен? – деймін мен 
әңгіменің бетін басқа жаққа аударып.
– Сол қызыл тамның ар жағында Арманд Андерсен деген 
шведтің шалы тұрушы еді, – дейді сөзге Мүтәлиф араласып.
– Бақанастың құмының арасында неғып жүрген швед?
– Білмеймін. Жетпісінші жылдары сонда келіп, кішкене 
баспана тұрғызып алып, отыз жыл өмір сүрді байғұс. Ұзын 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
88
бойлы, алып денелі... Осындай шведті бірінші көруім, – дейді 
әңгімеші қызып кетіп.
– Мен өмірі швед көрген емеспін, – дейді соттың төрағасы 
мырс етіп. Мүтәлифтің кекесінде шаруасы жоқ, сөзін жалғай 
берді:
– Өзі бәлендей аң да ауламады. Мал да ұстамады. Ай сайын 
Мәскеуден бір қапшық кітап, газет-журнал келеді. Соны оқып 
жата беруші еді.
– Ол швед қайда?
– Былтыр қайтты.
– Кітаптары қайда?
– Сүйегі Туғанбайдың үйінен шықты ғой. Кітаптары әлі 
күнге сол үйдің бір бөлмесін толтырып тұр. Аяғындағы бәтіңкесі 
әлі бес жыл кисе, шыдас берер еді. Осы Жалайырдың шалдары 
мені сүйегіне түсірмей қойғаны. Бәтіңкесін кисем деп едім...
– Оның бәтіңкесі қырық жетінші емес пе? Басыңа киейін 
деп пе едің? – дейді Мәлік құда.
– Сол Андерсен қазақшаңызды лезде меңгеріп алды, – дейді 
Мүтәлиф қосалқы сөзге елең етпей. – Анда-санда күркесіне 
соға қалсаң, Жалайырдың шежіресін қолмен қойғандай 
таратып беретін, байғұс...
– Неден қайтты?
– Қартайып өлді. Халі нашарлаған соң, «Қараойдағы» 
Туғанбайдың үйіне апардық. Мені іздеп келген кісіге берерсің 
деп қағаз жазып кетіпті.
– Ешкім келмеді ме?
– Екі жұмадан соң, Германиядан қызы іздеп келді. 
Списалный қызы бар екен. Көп жылады байғұс.
– Списалный қызы деген немене?
– Сөзді бөлме! Өзінің қызы дегенім ғой...
– Ойбай, қаздар енді көлге қарай ұша бастады, – деді екі 
бала өре түрегеліп.
Мылтығымызды жүре оқтап, қамыстың арасына сүңгіп-
сүңгіп кеттік. Жер сыз. Әр жерден бадырайған қабанның іздері 
денеңді дір еткізеді. Қамысқа сұғына өскен жыңғылдың, қара 
барақтың шық басқан бұтақтары жағаңа жармасып, етегіңнен 
тартқылайды. Сымпылдап ұшқан үйректер, қаңқылдап хабар 
таратқан қараша қаздар анда-санда төбеңе келіп қалғандай-ақ 
болады. Гүрс еткізіп атып қаламыз. Құлап жатқан құс жоқ.

89
– Майы қалың. Бытыра батпай жатыр. Әйтпесе, атуларыңда 
мін жоқ, – дейді Мәлік аңшы.
Екі таң, бір кеш «күзетте» тұрып, оқтың бәрін тауысып, 
қайтатын болдық. Соқыр үйрек ата алмаған бізді аяды ма, 
Мәлік пен Мүтәлиф екі-үш үйітілген құсты қапқа салып берді. 
Ауға да бірер сазан ілінген екен. Әйтеуір әйелдің бетіне тура 
қарайтындай халге келіп қалдық. Қалғанын өтірікпен жамап-
жасқап жіберуге бұрыннан кәнігі шеберміз.
Алматыға келгелі «Қараой» жаққа қарап кісінейтін болдық. 
Кеңседе отырсам да қаңқылдап ұшқан қаздардың дауысы 
құлағыма келгендей болады. Күн де суытып барады...

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
90

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал