Өлең дер мен әдеби-сын мақалалар, сұхбаттар, көркем очерктер




бет3/23
Дата14.09.2017
өлшемі19 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП
Көрдім талай іріні –
Бауыржаным тұр дара.
Қасымдағы бір іні,
Соңымдағы бір қара.
Көңілдегі елесті
Көрсетеді жыр-айна.
Бұлың-бұлың көмескі
Құлын күнің жүр ойда.
Жолығатын жамырап
Қозыдайын көбеген.
Аузын ашса маңырап
Төгілетін көп өлең.
Жазатын ол жыр түмен
Деп ауылда қалды үйім.
Әжесінің құрты мен
Сағынатын әлдиін.
Жүрегінде сөндірмей
Жүрген отын даланың.
Сағынушы ем мен бірге
Әжесін сол баланың.
Зуылдама, зырлама
Десең, уақыт тоқтар ма.
Өлең құмар бір бала
Кіріп кетті көкпарға.
Жолықты ма олжаға
Өмірменен беттесіп,
Уылжыған сол бала
Ақын болып кетті өсіп.
Сіңіп кетті ол сағымға
Жүйрік аттай жыл шығып.
Арқасынан қағуға
Жүрем енді қымсынып!

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
56
САЙЛАУ БАЙБОСЫН
Сайлау дос,
Сайлау іні,
Сайлау ақын,
Кез келді сен жайлы да ойланатын.
Ауылдың жаратылған жүйрігісің
Алматыға апарса бәйге алатын.
Болмайды өзің жайлы толғанса артық,
Өлең сөз өзегіңді алған шарпып.
Шетелдің адамына көрсететін
Салдар мен серілерден қалған сарқыт.
Ұрпағың десем сізден бек кем емес –
Бөгенбай бабаң бізге өкпелемес.
Көзіме сен боп кейде көрінеді
Баяғы батырлардан жеткен елес.
Ауылдас ағайынның ұйтқысы ма ең,
Қауымдас қаламгердің мықтысы ма ең.
Жүресің елден саяқ, көптен жырақ,
Алысып Ерейменнің ит-құсымен.
Балқытып баялыштай жанса сезім
Желге ұшып кетіп жатыр қанша сөзің.
Дон-Кихот болған кезде Қанай ағаң,
Қасында жүрген Санчо-Пансосы өзің.
Белгілі әркім түрлі тон пішері,
Бойыңа өнерпаздың қонды шері.
Қанжығалы баласы хан көтерген
Ішінде Сүйіндіктің соңғы сері!

57
ҚАСЫМ ӨЗІ ТУРАЛЫ
Бәйгеден жүргенімен келмей атым,
Туған жоқ тұл ғасырда мендей ақын.
Күркілдеп жүргенімде күнім бітті,
Оқыса, оқи берсін енді аятын.
Ертеңге талпынғанмен ер көңілім,
Шықпайды бұрынғыдай сергек үнім.
Дүние дөңгеленіп өтер шақта,
Көлбеңдеп көз алдыма келді өмірім.
Кешіріп қиындықтың бәрін бастан
Бұл Қасым қияметтің төрін басқан.
Сөзіме сыйғыза алмай жүруші едім,
Көзіме тулақтай боп көрінді аспан.
Алланың жанып тұрса әр күн шамы,
Сынар ма жоқшылықтан ердің сағы.
Апыр-ай, жұдырықтай ғана екен ғой
Шегіне жеткізбеген жердің шары!
Хош, жалған – қызығымен мені арбаған,
Болып ем өлеңге алаң, өнерге алаң.
Жүйткіген келер күндер керуені
Түсіріп тастап жатыр мені арбадан.
Іштегі шемен болған шер басылмай
Сайрап ем тоты құстай торға сыймай.
Қайғы мен қуанышты кезек құшып,
Балқытып құйдым жырға қорғасындай.
Қазақтың керуен болып кең өлкесі,
Шұбырды тұс-тұсынан өлең көші.
Жаныма жуытпадым зұлымдықты –
Жырыма түспесін деп көлеңкесі.
Қарсы алып құмарлана өмір таңын,
Тамсанып келбетіне таңырқадым.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
58
Қара өлең кірпішінен соқтым сарай
Көрсін деп тамашалап жаңа ұрпағым.
Жетелеп жүргенімен жастық үміт,
Қайтейін, көңілімді басты күдік.
Айтылмай қалды қанша ақиқатым,
Тұрғандай тамағыма тас тығылып.
Замана ызғарынан жыр бұғынып,
Мойнымда сүйретіліп жүрді құрық.
Айтақтап ағайыным ит қосқанда
Басында бір төбенің тұрдым ұлып.
Болғанмен туғаным – шын, өлерім – хақ,
Тіледім тапса екен деп өнерім бақ.
Алдым – жар,
Артымда құз тұрғандығын
Түсіне алармысың, келер ұрпақ.
Қайтейін, қол қысқарды, ой тарылды,
Алаңсыз айта алмадым айтарымды.
Күндіз-түн армандадым алаң болып
Халқыма қарызымды қайтаруды.
Өлеңнен қармап қалдым сыбағамды,
Келер жас, кіналама бұл ағаңды.
Жұбаттым жырымменен жылағанды,
Сүйедім қолтығынан – құлағанды.
Кетсе егер төңкеріліп бір күн қайық
Болмас деп жырды сүйген жұртым ғайып,
Жел кернеп жыр-теңізде желкенімді
Ертеңге құшағымды жүрдім жайып.
Өлеңім, өлгенімше сырласымсың,
Қанбадым құмарланып жырға сусын.
Еліме еркелейтін еркін шақта
Қасымға тарлық етті-ау бұл ғасыр шын.

59
Қорлатпай күншілдерге басымды алтын,
Қасқайып қалсам дедім Қасым қалпым.
Жанымды түйіп едім шүберекке,
Шешер деп керегінде асыл халқым.
Қасыммын, сені сүйген сол Қасыммын,
Алдаспан жарқылдаған алмасыңмын.
Күрмеліп қалған шақта қызыл тілім
Айтарсың ән-жырымның жалғасын кім? 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
60
ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ
Қонардай бақыт құсы өзі-ақ қолға,
Туғанмен жақын жерде – Қазаткомда.
Батқан ол белшесінен бейнет-суға,
Кешірген басынан көп азапты ол да.
Ағаштың бұтағына жеміс байлап,
Жанарын қуантқанмен келісті аймақ
Қамығып он жасында жүретін ол,
Кешіккен күнбатыста жеңісті ойлап.
Қазатком арасында Қыр-Балтабай,
Жар кешіп жалаңаяқ жүрді ол талай.
Құйды оның кеудесіне дыбыстарын
Әнші құстар салтанат құрған тоғай.
Аймаласып аңызақ – аптаппенен 
Қыр асып, қырман жаққа кетті атпенен.
Жып-жылы Жетісудің жаңбырлары,
Құйғызып құлағына жаттатты өлең.
Жазуға жаттықпаған саусағы әлі
Сақаны шиыруға ауса-дағы,
Ойынның баласының ойын жаулап,
Сыбырлап сөз үйретті тау самалы.
Толсын деп діңгегінен дарын-ынтаң,
Себелеп жүрегіне жарығын таң
Айналды қыз-келіншек сырласына,
Құрдасына айналды кәрі-құртаң.
Шуақтап шумақ қонып ши басына,
Шара жоқ көздің жасын тыймасына
Жұбатып өзін-өзі уілімен,
Жейдесін жыр-жігіттің киді асыға.
Қол бұлғап қиындықтың көп қамалы,
Ауылдан шықпаса да соқпағы әлі

61
Шырылдап бозторғайдай бала жүрек,
Оның ақын болмауға жоқ-ты амалы.
Өлең алған, ал десе – алтын алмай,
Жыр үшін жаратылған қалпы қандай.
Ілінді Әуезовтің ауызына,
Аузынан өлең төккен сол Тұманбай.
Бұл күнде алты алаштың болды ағасы,
Жеміске жыр бағында толды ағашы.
Жүр енді жыр елінде билік құрып,
Кешегі Қазаткомның сол баласы!

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
62
ІІ бөлім. 
КӨРКЕМ ОЧЕРКТЕР 
АЛМАТЫ МЕН ҚОСКӨЛДІҢ АРАСЫНДА
Б
іздің ауыл – жердің түбінде. Біздің ауылдың арғы 
жағында жер жоқ болуы да мүмкін. Алматыдан 
Жезқазғанға дейін бір мың үш жүз шақырым болса, 
Жезқазғаннан «Қоскөлге» дейін үш жүз бірдеңе, Құлжанбай 
одан әрі қырық шақырым, Аралдың Қарақұмына сұғынып 
жатыр. Асфальт деген түсіңе де кірмейді. Ырғаңдап жүре 
бересің, жүре бересің...
Алыс деп ауылыңа бармайсың ба? Барасың. Ақшатаудан 
бұрылған соң, таныс ауылдар басталады. Мынау – Софы 
Сматайдың елі, мынау Бекболат пен Қайраттың Жаңаарқасы, 
анау – Сәкеннің Иманағы мен Қарашілігі, анау – Ақселеудің 
Байдалы биі, Игілік пен Ғалымның Жеңісі деп елеңдеп 
отырасың. Кешегі Ағыбай мен Кенесары жортқан құба жон, 
Шоқан жүрген сүрлеулер бар сырын бауырына басып, сені 
менсінбейтін де секілді. Менсінбесе неғыласың, осы елдің 
сен де бір түйір дәнісің, туған топырағыңа тәу етпесең тұра 
алмайтын осалдығың тағы бар.

63
Бұл жолы ата-бабам жатқан Құйған мен Қурайлыға бір 
соғып, бала-шағама көрсетейін деген ниетім бар еді. Жол 
бастаған Көбейсін ағам Бұлантыны жағалата жөнелді. 
Қурайлы – елсіз-күнсіз жер. Баяғы біздің мұғалім Әлирахман 
бір отар қоймен мекендеп отыр деп естиміз. Атамның түйе-
қорасының, кеңестің сауат ашу мектебінің орны болса керек. 
Ептеген жын-шайтан да бар дейді. Не көрмей жүрген басымыз, 
таныс шайтаннан қаймығамыз ба, тарта бердік. Әуе айналып 
жерге түскендей ыстық. Мәшиненің «аут-сайд» деген тілі 50 
градус ыстықты көрсетіп тұр. Әйтеуір тоңазытқыш суға толы 
– балалар шөлдемейді. Бір ғажабы, Майтөбеден әрі асқан 
соң, жан-жағың жағалай өрт. Аспан мен жер тұтасып кеткен 
түтін, ыстың исі. Оны сөндіретін қайран ешкімде жоқ. Ақыры 
адастық. Көбейсін көкем баяғы өзі жар жағалаған өзен бойын 
танымайды. Қайдан танысын – Кеңес өкіметі құлағаннан бері 
де он бес жыл болды. Әр сайдың басын мекендеп, алдыңнан 
шауып шыға келетін еркөңіл қойшылар жоқ. Жер тусырап 
кеткен. Ауылға арналған үш жылдық бағдарлама бұл жаққа 
шапағатын шаша қоймаған. Кешегі тоқсан мың қойымен 
мақтанатын Байқоңыр осы өрттің астында, корабль ұшып 
жатыр ма, ракета құлап жатыр ма, кім білсін?! Біздің ауылда 
аспаннан жауған гептиль атамыздың асы секілді. Бір жерде 
менің көлігімнің бауырына от тиіп кетті. Жанған машинадан 
балалар түсе- түсе қашты. Жабылып отты сөндіріп алып, қыр 
басындағы қызыл зиратқа қарап аят оқыдық. Бабалар жатқан 
мекен таптырмады.
– Мынау – Бектастың өткелі, – дейді Көбекең. – Егер анау 
«Бескесіктің» биігі болса, «Құйған» мына жағыңда болу керек...
Құйған болатын жаққа үш рет шапқылап, болмаған соң 
«Итауыздың» бөгетіндегі құрт құжынаған тоспа суға бір-
бір сүңгіп, жолсызбен Тұрсын байдың ауылына құладық. 
Бүгінде бай атанып отырған осы Тұрсекең күні кеше ауылдағы 
аурухананың шопыры еді. Шөп шабу науқанына Қарағандыдан 
келген Нұрила қызды алып қашып, отау тігіп, одан он бала 
сүйген ер. Кеңес өкіметі тарағанда бұларға да еншіге отыз қой 
тиген. Несібесі шығар, екеуі тырбанып жүріп сол отыз қойды 
көбейтті. Мың қойы барлар екі кір сабынға бір тоқтысын 
айырбастап жүргенде, бұлар тілін тістеп отырды. Он бала өсті. 
Еңбек жанып, дәулет тасыды. Кешегі тоқсан мың қой өсірген 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
64
ауылда шаруа түзеп қалған төрттің бірі – біздің Тұрсекең болды. 
Қуанышбайда, Қалқаманда береке калды деп естиміз. Ауылға 
Тұрсынның ұлы Аязби мен келіншегі ие екен. Абылай мен 
Атымтай деген ұлдары – көмекші. Кешкі ауыл қандай берекелі. 
Мың қой өрістен құлап келеді. Желі басында екі үйір жылқы. 
Қымыздың сабасы күмпілдеп тұр. Отызға тарта сиырды келін 
мен бала үйренген дағдымен лезде сауып алып, май айыра 
бастады. Ертең Жезқазғанның базарына осы майды алып 
Нұрила жөнеледі деген сөз. Атымтай атты қаңтарып қойып, 
мотоциклмен қой қайырып жүр. Еркебұлан шетелдік қызыл 
автокөлікпен ойқастайды. Шөп шабатын трактор төбешіктің 
басында тұр. Тұрсекеңнің өзі «УАЗ-бен» базарға мал тасиды. 
Қаладан балалар үшін екі үй сатып алған. Отыз қой осындай 
берекеге алып келді.
Ауыл дегенді естігені болмаса, көзімен көрмеген менің 
немерелерім улап-шулап жүр. Айсана мен Айдана қос түбіндегі 
боталы түйенің боздағанына мәз болса, Ерасыл мен Қасым-
Назар есекке таласады. Жаздай мініс көрмеген көк есек қоңды. 
Қаланың балаларынан лезде мезі болып, үй айнала қашып, 
мініп алса, мөңкиді. Шаң қауып қалған екі ұл есекке қайта 
мінгесіп, кинодан көргенін істеп, таяғын бұлғап, ешкілерді 
жаудай қуалайды.
– Осы жақта қасқыр көп дейді ғой, – дейді қызым Ардақ 
қауіп айтып.
– Көп екені рас. Ана жылы Кішкенбайдың Төлеутайының 
сегізінші оқитын қызын касқыр тамақтап кеткен...
Осындай бір трагедияның болғаны рас еді. Мыңғырған 
киіктерді мүйізі үшін өзіміз қырып салып, ашыққан қасқыр 
ауылға кірген кез болған.
– Онда мен вагонға кіріп ұйықтаймын, – дейді қызым. Бір 
жақсысы, Тұрсекең ақ үйдің қасына көк вагон әкеліп қойған. 
Іші де қапырық емес. Түнде жаңбыр төге салып еді, біразымыз 
соған тығылдық.
Баяу сөйлейтін Тұрсекең таңертеңгі қуырдақ үстінде шаруа 
айта бастады:
– Сенің балаң былтыр жылқышы Ғалымға «УАЗ» әпе 

ріпті ғой.
– Өзің де бір «УАЗ-ды» мініп жүрген жоқпысың?
– Бұл ескірді. Осыны балаларға беріп, жаңасын алсам деп 
едім.
– Жаңа «УАЗ-дың» бағасын білесің бе?

65
– Бір миллион теңге көрінеді. Биылғы қой төлінің өзі 
базарға шыққанда бір миллион болады. Маған да алып 
берсінші! Дарханға тапсыр.
Кешегі күні кеңшардың бастықтары ғана мінетін «УАЗ-ды» 
бүгін дәулеті барлар тақымға басады. Бұл жақта басқа көліктің 
реті жоқ.
Түске таман Қоскөлге бет алдық. Тұрсекеңнің ескі деген 
«УАЗ-ы» алдымызда ойқастап, біз мінген қала көліктерін дала 
шаңына көміп келеді. Әр тұстан малшы ауылдардың нобайы 
сағыммен оранып, көлбең-көлбең етеді. Әне, Ащысудың 
бойында ақ боз үйлер көзге шалынады. Балық аулаған қаланың 
орыстары да жоқ емес. Мынау оң жақта қалып бара жатқан – 
менің парталас досым Қожамұрат Есеновтың шаруа қожа лығы. 
Кезінде «К-700» тракторын айдап, еңбектің озаты болған Қожа 
қазір қой бағып, шаруасын күйттеп, көтеріліп келеді. Қой 
бағып жүріп «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетін», «Известияны» 
оқитын, саясатты шемішкедей шағатын Қожекеңмен бір 
сөйлескеннің өзі олжа, оның үстіне, былтырғы соғымым осы 
ауылдан болғаны есіме түсіп, соғайық десем, қасымдағылар:
– Қожекең қазір қалада жүр. «Орбитаның» базарында қозы 
сатуда, – деп көнбейді.
«Қоскөлдің» төбесі көрінгенде, менің жүрегім сыздап қоя 
берді. Балам қашан келер деп, жолға қарап жүретін менің 
байғұс анам енді анау зиратта жатыр. Жалпы, мен сағынатын 
аяулы бейнелердің көбі не зираттан, не қаладан қоныс тепкен. 
Біз мектепте оқып жүргенде, осы ауылда өмір қанбазар дай 
кайнайтын. Шалдар қандай көп еді. Бір сомнан салып бура 
соғатын Зәбида әкей, Сарбас, Хасен деген майдангерлер 
енді осы зиратта дамылдап жатыр. Осы ауылдың көшін өрге 
сүйреген «керой» Әбілқас ағамыз, Жұртшыбай, Сайын, Мүгір, 
Тапай, Іскендір, Жандарбек, Әбікен ағаларым... Кеңшардың 
жұмысын опырып-жапырып, ел ризығын тасытып, осы 
алыс ауылға жол әкелген, шам тартқан, мектеп пен аурухана 
салған солар еді. Осындайда еске түседі: жеңгелері «шұбар» 
атаған Нұрпейіс деген ағамыз жаяу қалжыңға есе жібермейтін 
редактор Ишанбек марқұмның өзін сөзден сүріндіретін ділмар, 
қалжыңқой кісі болды. Дүкен ұстады. Сауда жасауға келген 
келіндерінің бірі ауылдағы тели сөйлейтін сөздің салтымен:
– Аға, дамбалыңыз бар ма? – десе:

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
66
– Бар ғой, шырағым, – деп күмілжіп, ышқырын сипайтын 
көрінеді. Аңдамай сөйлеген келіні дүкеннен шыға қашыпты. 
Қылтамақпен ауырып жатқан Нұрекеңнің көңілін сұрай 
барғанымда:
– Басқа бір құдай келіп қалып, жазып алмаса, мына құдай 
ауруымнан жазатын түрі жоқ, алып тынатын шығар, – деп, 
келіп қалған ажалының өзімен қалжыңдасып еді-ау!
О жасаған, ат басындай ағалардың бір де біреуі қалма ған. 
Ауыл көңілсіз. Кешегі озат шопан Мейрам, «опыраулиш» 
Ахат қалада жан сақтап отыр. Ауылдың ендігі ағасы Сапар 
алдымыздан шықты.
– Осы ауылдың әкімдері Кеңес өкіметінен қалған бар 
техниканы бөліп алып, сатқаннан басқаға қолы тимеді. Мынау 
аулымызды көң басып бара жатыр, – дейді қамығып.
Шынында, тоқсан үйлі Қоскөлдің көшесі малдың қорда-
сынан көрінбейді. Әркім қорасынан шығарып, үйе берген. 
Тау-тау. От тие қалса, ешкім өшіре алмас.
– Осыны біреу күреп берсе, әр үй бір малын беруге дайын 
отыр, – дейді Сапекең.
Мен есепке кірісіп кеттім: тоқсан қойдың алпысы техни-
каның шығынына, еңбектің өтеуіне кетсе, отызы қалады. Отыз 
қойдан ойсыратып табыс тапқан Тұрсекең – мынау. Ауылға 
көшіп келіп, осы малға ие болсам, мен де байып кетер ме 
едім? Отыз жыл баққан өлең сөздің оңдыратын түрі жоқ! Осы 
ауылға алпысыншы жылдардың басында Қасым Тоғұзақов тың 
келгені, менің алғашқы өлеңімді тыңдағаны есіме түсті. Содан 
кейін тірі жазушының келуі – өзім сексенінші жылдары ертіп 
әкеп, өлең оқытқан Қайрат Жұмағалиев. Ол кездегі мектеп те, 
мұғалімдер де ажарлы еді. Қайран Ұлданай апай, Роза апай, 
Ғалиолла ағай, Сапар мұғалім қандай еді!
Елубайдың үйінде енді шайға кірісе бергенде, Өміртай-
дың баласы деген бір мұғалім үстімізге кірді. Сүр мас екен. 
Жалаң аяқ. Киімінің мөрі көрінбейді. Шатып-бұтып сөйлеп, 
мазамызды алды.
– Мынадан сабақ алған бала кім болып шығады? – десем, 
ауыл ағалары көзімен жер шұқиды.
Осы ауылда мектептен өзге жұмыс көзі жоқ. Азғантай 
айлықтың бірін алып отырған мұғалімнің түрі – мынау. Жұ-
мыс табу – ақырет. Менің Алпыс деген құрдасым биыл қыста 
Алматыдағы маған қайта-қайта телефон шалды:

67
– Ауылға аңшылық инспекторының орны беріліп жатыр, – 
дейді алыстан айқайлап. – Менің құжаттарымды Алматы  дағы 
Черкашин деген біреу алты ай ұстап отыр. Сол орыстың тілін 
тауып, маған осы жұмысты алып бер!
– Ауылдағы күллі киікті, қасқыр мен түлкіні Иманбек досың 
екеуің қырып бітірдіндер, – деймін мен де телефонға айқай  лап. 
Қыста аэрошанамен, жазда «Нивамен» қуып аттыңдар. Енді 
не бетіңмен аң қорғайтын инспектор болмақсың?
– Әй, сен де қайдағыны айтасың. Киікті құртқан Иманбек 
пен Аманбай ғой. Әлгі жұмысты әпермесең, тілімізді тістеп 
отырмыз. Мал жоқ, мал жоқ болған соң, ақша да жоқ.
– Онда Алматыға кел. Әлгі Черкашинге бірге барып жалы-
найық.
– Ойбай, Алматының қайда екенін мен білмеймін, тауып 
бара алмаймын. Сол жақтан бірдеңе етіп... Мені орналастыр. 
Бір туысыңның мәселесін шеше алмасаң, Алматыда отыз жыл 
не бітіріп жүрсің? – дейді Алпекең алқымнан алып.
Ауылға барғанда амандасуға жарамай, арқасын көрсете-
тін Алпекеңнің маған туыс екені рас. Үш атадан қосыламыз. 
Бірақ, Черкашин бізге үш атадан қосылмайды екен. Содан 
бері Алпекеңмен амандығымыз тағы үзіліп қалды. Есесіне, 
ауылға барған сайын Алпекеңнің ағасы Тәлһаға сәлем беру – 
салтымыз. Қырық жыл дүкен ұстаған Тәкең қазір ауылдағы бас 
имам. Аятты заулатады. Жаназаның бәрін өзі атқарады. Бір 
қызығы, біздің ауылда мешіт жоқ. Монша да жоқ-ау деймін. 
Қоскөлдегі ең ауқатты деген кісі – бұрынғы ауылкеңес Доскен 
болса, қалаға автобус жүргізіп отырғанмен, оның да қолы қыс-
қа. Былтыр келгенімде, құм ішіндегі әкемнің зиратына, Зәбида 
қақпан құрған, Молдаш құс атқан, Көжекбай мен Түсіпбек шал 
жылқы баққан бұйрат арасына жүрдек мәшинесімен апарып 
келіп еді, биыл қозғала қоймады.
– Өз туыстарың бар ғой, – дей салды. Өз туысым дегенде, 
ет жақыным – Әбсат көкем елуге келгенде туған Елубай ғана. 
Көкем кайтқан соң, алты ұлдың бесеуі қалаға жылжып кет-
кен. Бірі – шахтада, бірі – зауытта. Шаңыраққа ие болып 
қалған Елубай мен келінде жұмыс жоқ. Биыл төртінші қызы 
туған Елубай ауылда балық аулайды. «Жыңғылдыөзек ке» су 
түскелі бері, балығы бірге келген. Ақбалығы, алабұғасы қалың. 
Су тартылған сайын балық та қалыңдайды екен. Сол балықты 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
68
аумен сүзіп алып, Елекең оны тұздап, ыстайды. Ыстаудың 
әдісін өзі тапқан, ешкімге айта қоймайды.
– Өзіміздің ноу-хау, – деп қояды әзілкеш Дәнияхан жеңгеме 
тартқан әзілкеш, әнші інім.
Ыстамаған балығын түнімен қамысқа орап, суытып, таң ата 
Жезқазғанға жетіп, базарға шығарады. Аптасына бір рет. Келісі 
– жүз теңгеден. Екі жүз келі балық апарса, жиырма мың теңге 
табыс түседі. Оның сегіз мыңын жалданған мәшинеге төлейді. 
Қалған он екі мыңын Сақташтың баласы екеуі тең бөледі. 
Екеуі – әріптес. Осылай шай-суын айырады. Биыл көктемде су 
түспесе, бұл кәсіптері де тоқтайды.
Азғантай су ашып, тартылып барады. Ауылдағы елдің күні 
осы. Жұрттың бәрінің баласы қалада. Қолы жеткені жұмыс 
істейді. Жұмыс таппағаны көше кезіп, арақ ішіп, бұзақы-
лық жасайды. Тұрсынның бір баласының көзін Аманғазы-
ның баласы шығарған. Аманғазының баласының көзін де 
біреу ойып жіберген. Біздің Нариман да төбелестің арқасында 
түрмеде отыр. Темір тордың ар жағындағы інім маған анда-
санда телефон шалып тұрады. Біздің ауыл осындай.
Ауылдан аттанарда тағы да зиратқа соқтық. Аштықты, 
соғысты бастан өткеріп, колхоздың бейнетін кешірген қайран 
анам, аналарым мәңгі ұйықтап жатыр. Маржангүл апам, Әуеш 
әжем, Күнжан әжем... Жеңгелерім...
Қимастарым жатқан бейітке қарай-қарай ауылдан ұзап 
кеттім.
Алматыға келген соң, бір тойда жолыққан Қайрат 
Байбосынов:
– Сенің апаңа арнаған бір өлеңіңді 1991 жылдан бері сақтап 
келемін, – деді. – Ән шығарсам деп едім. Бір шумағын өзіңе 
оқып берейін:
Сен өмірдің тауқыметін көп тарттың,
Көп тарттым деп, кімге бірақ өкпе арттың.
Бар сырыңды бүгіп, апа, ішіңе,
Қатарында келе жатсың көп қарттың...
Қайрекеңнің сөзі қамшы болып, әнін өзім шығарам ба 
десем, қанша ыңылдағанмен, әуен деген де бір ғайыптың құсы 
тәрізді, дерексіз нәрсе екен. Әуре болып жүрмін.

69
Баяғыда бір көрпенің астында өскен Тұрсекең ауылда қой 
бағады, мен Алматы мен Астанада сөз бағамын.
Қайсымыздың мұратымыз ғасыл болары бір Аллаға ғана 
аян.
Р.S.  Осы жолдарды жазып болып, алыстағы ауылымды 
аяушылық сезіммен еске алып отырғанымда, ел жақтан тағы 
бір суыт хабар келіп қалды. Кезінде облыстың бетке ұстар озат 
шопаны болып, Лениннің атымен әспеттелген орденді омырауына 
тағып, кейінгі жылдары қаладан кәсіп іздеген екі ұлды сағалап, 
Жезқазғанға келіп жан бағып отырған, бүкіл ауылдың тағдырын 
қамыға ойлайтын сұңғыла қарт Мейрам Жақайұлы өмірден озып 
кетіпті.
Тұрсынның, Алпыстың, менің ағамыз еді, Кожамұраттың 
қайынатасы еді. Бір бәйтерек құлап түсті, бір қабырғамыз қирап 
қалды. Соғыстың соңғы сарбазына топырақ салу үшін екі баламды 
ертіп, тағы да жолға шығып барамын.
Алдымызда – мың жарым шақырымдық ұзақ жол...
Алматы – Қоскөл – Құлжанбай – Алматы.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
70
БАҚАНАСҚА БАРАСЫҢ БА...
«М
ода» деп аталатын бір құдіретті күш бар.
Алғашқы немереміз туғанда ұлымыз бен 
келініміз:
– Бала өздеріңдікі ғой. Есімін де өздерің қойыңдар, – деп 
Бақытжамал екеуімізге ерік берді.
Әрі ойлап, бері ойлап, кішкентай қызымыздың аты «Асыл-
Ажар» болсын деп ұйғардық. Асыл да, Ажар да менің әжелерім. 
Екеуі де сүйегі Найман, қолдары ісмер, ыспадияр, ағайынға 
шарапаты көп тиген, заманында атаққа ілінген, көргенді 
кісілер болған екен. Немеремізге куәлік алуға барса, азаматтық 
хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ):
– Мұндай есім біздің анықтамалықта жоқ. Академияның 
Тіл білімі институтына барып, қағаз әкеліңдер, – деп, екі бала-
ны әуре-сарсаңға салыпты. Академияның сөз білетін кісілері 
анықтама жазып беріп, әулие әжелеріміздің есімін жаңғыртуға 
рұқсат алып едік. Ұлымыздың орысша оқыған жолдаста рына 
Асыл-Ажар деген есімнің ұнағаны сонша, олардың біразы 
кейін туған сәбилеріне осындай ат қоя бастады.
– Мен немереме өз әжелерінің атын қосақтап қойдым. 
Ұмытпасқа белгі болсын деп едім. Сендердің достарыңа не 
жорық? – десем, бала мен келін: 
– Мода ғой! – деп күледі. Алматыда қазір біраз Асыл-Ажар 
бар. Мода деген құдірет ақын-жазушы ағайынның арасында 
да билігін жүргізіп тұрады. Баяғыда аңға шығу, саят құру деген 
мода болған. Мұхаңның, Ғабеңдер мен Елағаңның құс атуға 
барған хикаяларын аузымыздың суы құрып талай тыңдаған быз. 
Кейін преферанс деген үрдіс ортаға кіріп кетіп, Әлжекеңмен, 
Ақселеумен, Сәкен серімен, Несіпбекпен ала қағаздың үстінде 
талай таң атырдық. Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері бильярд 
деген мода үстемдік ете бастады. Жазушы атаулының бәрі 
бильярдшы. Кеңес өкіметі кезінде Сәкеннің, Қалиханның шар 
соғысы деген аңыздар болушы еді. Өзгеміз курортқа барғанда 

71
ғана таяқ ұстаушы едік. Қазір Алматы мен Астананың қай 
қуысына барсаң да, қаптаған бильярд клубына тап боласың. 
Қайсысының босағасын аттасаң да, кемінде бір ақын, бір 
жазушы шар қуалап жүреді. Бәрінің де қолында бір сиырдың 
құнын төлеп алған таяғы болады. Шетінен чемпион. Шетінен 
мақтаншақ.
– Мен барған бильярд жарысына Асанәлі Әшімов қатыс-
пайды, – деп Шөмішбай Сариев мақтанады: – Бәрібір менен 
жеңілетінін біледі. Жарыс болғалы жатса, Асекең телефон 
шалып:
– Шөмішбай қатыса ма? Онда мен несіне әуре боламын, – 
дейтін көрінеді. Бір жолыққанда Асекеңнен:
– Рас па? – деп сұрасам, түлкі бұлаңға салып, анық жауап 
бермей, күле береді. Сірә, Шөмішбай өтірік айтпайтын кісі 
болуы керек.
Ибрагим Исаев «Бильярд» дейтін тамаша өлең жазып, оны 
Алматы сауда палатасының президенті Ізбасар Бозаевқа арнап, 
қазір досымыз Ізбасардың қолтығына өзі оңаша кіріп алды. 
Кейде соның бильярд клубына түней салатын болыпты.
Ақын Темірше Сарыбаев қуысқа түсер-түспесін білмей, 
сандалақтап келе жатқан шарға:
– Жаным, жаным! Келе ғой! – деп жалынады. Соны естіген 
Исраил Сапарбай:
– Жарға айтатын сөзіңді шарға айтады екенсің! – депті.
Қай жерде бильярд жарысына сауын айтылады деп сайла-
нып жүретін Намазалы Омашев пен Бауыржан Жақып тас-таяқ 
додасы табылса, түрленіп кетеді.
Бильярдтың хикаясы көп. Астанаға бара қалсаң, бастығымыз 
Мырзатай Жолдасбеков:
– Үйге шақырып әуре болма. Бильярдқа шақырсаң, 
дайынмын, – деп емеурін білдіреді. Зауқиыр шақыра қалсаң, 
Қойшығара, Ақселеу, Секен Тұрысбеков деген серілермен 
бірге құдалыққа келгендей сау ете қалады. Бәрінің қолында 
бір-бір сүйріктей таяғы болады. Бильярдтың столына бойы 
жетпейтін Несіпбек Айтұлы биік өкше етік киіп келіп, бәрін 
ұтатын көрінеді. Мода деген осы! Бұл мода деген нәрсе қайта 
айналып соғып тұратыны бар. Ғабеңдердің үрдісін жаңғыртып, 
басқа өнерді әуектейін деп, аңшылыққа ден қоя бастадым. 
Өзімнің мылтығым да жоқ, мылтық – Белгібай досымдікі. Тым 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
72
болмаса, сыртым аңшыға ұқсасын деген оймен су етік, киіз 
қалпақ, сырма шалбар, жарғақ тон сатып алдым. Әйел қарсы 
болмады: қаз атса да, қоян қуаласа да, қаланың сыртында, құба 
түзде жүрсін дейтін болуы керек. Бильярдты сылтау етіп үй 
қарасын көрмейтін қаламдастардың таң алдында қайдан келіп 
жатқанын шынында да кім біліп болады?!
Сонымен, Бақанас жаққа қаз атуға барған сапарымнан бір 
жолжазбам «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көре қалмасы 
бар ма. Алдымен Алматы қаласының Қаржы басқармасы ның 
бастығы, ескі досымыз Қыдыр Тәжібаев телефон шалды:
– «Қазақ әдебиеті» дейтін оқымайтын газетім еді. Сенің 
мақалаң шыққан нөмірді жігіттер әкеліп берді. Біздің ауылға 
барып, бір үйрек ата алмай қайтқаның дұрыс болмаған екен. 
Маған хабарласып қойсаң, үйрек пен қырғауылды үйіңе түсіріп 
береміз ғой, – дейді.
– Сондықтан «Қазақ әдебиеті» деген газетке жазылу керек, 
– деймін мен газеттің пайдасын көздеп. Былтыр Шымкент тегі 
ректор досымыз Уәлихан Бишімбаевтың үш мың дана «Қазақ 
әдебиетіне» жаздырамын деп уәде беріп, сөзінің аяғы сұйылып 
кеткелі бері осы газетке қарыздар секілді сезінемін.
Келесі күні Бақанастан ауданның әкімі едім деп Ерғазы 
деген азамат телефон соқты:
– Біздің ауылдан құр қол қайтқаныңды «Қазақ әдебие-
тінен» оқыдым. Оның алдында өз еліңе, сосын қажылық қа 
барғаныңды да осы газеттен білдім. Жазушылардың газетін 
жібермей оқимын. Бақанасқа жасырын, ұрын келмей, елдің 
егесімен хабарласып, осындағы үлкендердің батасын алу керек. 
Сонда үйрек пен қаз да, одан ірісі де қанжығаңа байланады. 
Бізде жабайы жылқыға дейін бар. Тағы бір келіп қайт. Өзім 
бастап жүремін, – дейді бейтаныс әкім.
Шынын айтсам, Бақанасқа барған екінші сапардан ора лып 
отырғаным сол еді. Көгермегір Мәлік құрдасым Іленің бойын 
үш күн шарлатып, кеше ғана жылап қоштасқанбыз.
Бұл жолы «Қараойдағы» Мәліктің үйіне кештете жетсек, 
аулада бір үлкен қара «Джип» пен доңғалақтары кісінің бойы-
мен бірдей, аса қуатты екенін сыртымен-ақ сездіретін жабық 
машина тұр екен. Екеуінің де егесі – жасы алпыстан енді ғана 
асып түскен, бойы тіп-тік, жүзі жылы Марат деген бизнесмен 
болып шықгы. «Сарытұмсықтан» өгіз терісіндей жерді иелікке 

73
алыпты да, соған аңшы Мәлікті қарауыл етіп белгілепті. 
Шаруасы өрге жүріп тұрған кәсіпкердің доңыз атуға келген беті 
осы көрінеді.
Мәліктің үйінде еліктің арық еті желініп болған соң:
– Былтыр он бір қабан атып алғам. Биыл да күздіктің мезгілі 
келді ғой, – дейді сабырлы сөйлейтін Мәкең.
– Жеңгеміз орыс болмаса нетті? – деді соттың төрағасы 
Белгібай.
Марат жымиды да қойды. Орыс болса, орыс шығар. Кім 
кімді алмай жатыр?..
Мараттың пайдасын Белгібай екеуіміз сол түні-ақ көрдік. 
Ілені жағалап, қаз бен үйрек қалың-ау деген бір тұсқа бойлай 
еніп, тоқтай қалдық. Мәкеңнің көмегінде жүрген екі бала 
жабық машинадан алдымен «Ямаха» деген двигательді түсі-
ріп, дыр еткізді де, сексеуілдің бұтақтарына үш-төрт шам-
ды іле салды. Түн серпіліп, айнала самаладай жарқырады. 
Лезде қызыл-жасыл шағын шатыр да тігілді. Ақ пластиктен 
жасалған төрт жеңіл стол ортаға тұра қалды. Дәл сондай жеп-
жеңіл кресло мен орындықтар, аппақ дастарқан. Сексеуілдің 
алаулаған жалынымен тез жылынып, көңілденіп сала бердік. 
Ақ дастарқанның үсті алуан дәмге толды: қазы мен жая, 
шұжық пен тауық, тұздалған, тұздалмаған қияр мен қызанақ, 
түрлі түсті қырыққабат, біз көрмеген тағы бірдеңелер. Жұмсақ 
орамалдар мен сүлгілер, бұрыш пен тұздыққа дейін түгел үстел 
үстіне жайғасты. Буы бұрқыраған бүйірлі ақ шәугімнен шай 
да құйыла бастады. Ыстық тұшпараның бір табағын төңкеріп 
тастаған Белгібай:
– Әйелді орыстан алу керек екен-ау! – деп есіней бастады.
– Ал енді доңыз атуға барамыз. Өз көліктеріңді жауып, мы-
на жабық машинаға мініндер, – деді Мәлік.
Жұмақ сол жабық машинаның ішінде екен. Кіре берістегі 
кішкене темір пеш қып-қызыл боп, даланың суығын жалмап 
тұр. Сол жақтағы кішкене қолжуғыш та сүп-сүйкімді. Төрде 
төрт кісілік ақ төсектер. Марат пен Мәлік қару-жара 
ғын 
асынып, жылы киімдерін киіп, биік креслоларға жайғас қан 
қалпы бастарын люктен шығарып, төңірекке прожектор салуға 
кірісті. Белгібай екеуміз екі мылтықты кезеніп, іште отыр мыз. 
Мылтық атар кезде бір түймені басып қалсаң, екі жақтағы 
терезелер шалқасынан ашыла кетеді.

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
74
Ыңыранған жабық «Кунг» құмды кешіп, алға ұмтылады. 
Қуатты шамдардың алысқа түсетін жарығы түннің қою 
қараңғылығын айқыш-ұйқыш тілгілейді. Ана жерден де, мына 
жерден де ор қояндар орғып шығып, «мені ат, мені ат» деп 
тұра қалады. Доңыз бен қасқырдан өзге анды атпаңдар деген 
қатаң тапсырыс алғанбыз. Доңыздың ізі бар да, өзі жоқ. Әрі-
бері ден соң пысынап кеттік те, бар киімімізді шешіп тастаған 
Белгібай екеуіміз екі төсекке сұлаған қалпымызбен, ұйқыға 
бас қойдық. Қуатты машинаның ызыңы тербетіп, оған пештің 
қызуы қосылып, ұйықтамасқа қоймады. Анда-санда, машина 
қатты сілкігенде оянып кетсем, сот төрағасының қорылынан 
басқа дыбыс құлаққа шалынбайды. Жоғарыдағы екі мылтық-
шы түн құшағына телміріп алған, бізде шаруасы жоқ. Шаруасы 
– доңызда. Доңызы түскір жоқ – қамыстың ішінде олар да түс 
көріп жатқан болар. Жақында ғана қажылыққа барып келген 
мен үшін сол харамдардың қарасы көрінбегені жақсы...
Ұйқылы-ояу жатқан менің ойыма өзім туып-өскен Бай-
қоңыр даласы, Қарақұмның дүзген мен қоянсүйек, үшқат, 
сағыз көмкерген шағылдары оралды. Құлжанбайдағы сегіз 
жылдық мектепте оқып жүргенімізде, менің ұста әкем Зәбида 
дәл осындай күз айларында түйемен аңға шығушы еді. Қос ауыз 
қара мылтығына аша аяқ бекітіп алған майдангер қарт жұма сына 
бір рет түйесіне мініп, таң қараңғысында құмға сіңіп кететін. 
Кеш түсе ауылға оралады. Бақырауық сары атанның жазы-
сына арқанмен байланған төрт-бес киіктің текесін көргенде, 
Тұрсын екеуіміздің қабағымыз жабылып кетеді. Жабыл 
ма-
ғанда қайтсін: Әкей дәретін алып, намазын оқып, Күл бар шын 
апамның күрең шайына кіріседі, ал біз екеуміз әлгі теке лерді 
ауылдағы үйлерге таратуға кірісеміз. Біреуін құмға жабыса 
салынған Есқали әкейдің үйіне, бірін дүкеннің қасын 
дағы 
Нұрпейістің үйіне, бірін «Бәтір-ау» әженің үйіне дегендей, екі 
қара сирақ бала зыр жүгіріп жаяу тасимыз. Күзгі семіз текелер 
қандай ауыр. Олжаны үлестіріп болған соң, өзімізге қа лдыр ған 
текені сою да Тұрсын екеуіміздің мойнымызда. «Ұста пы шаққа 
жарымас» деген рас, күмістен жүзік соғатын ұста әкейдің киік 
соятын пышағы да өтпейтін бір лөкет еді-ау!.. Келесі жұмада 
осы бейнет қайта басталады. Бұл жолы киік жетпей қалған 
үйлер Зәпекеңнің келесі аңшылықтан олжалы оралуын асыға 
күтіп отырады. Тірсегіміз майысқан Тұрсын екеуіміз зыр 

75
жүгіріп, теке таратуға кірісеміз. Осы күнгі балаларды дүкеннен 
нан әкелуге жұмсасаң, қорс ете түсуден тайынбайды. Сол 
Зәпекеңнің Тұрсын екеуіміздің келіншектеріміздің қолынан 
шай ішуге ғұмыры жеткеніне де тәубә деп жүр едік қой...
– Ат, ат! – деген дауыстан оянып кетсек, қалың құмның 
ішінде тоқтап тұр екенбіз. Прожектордың жарығына ілінген 
сұр қоян орнынан қозғала алатын емес. Жоғарыдағы доңыз 
атқыштар қоян атуға арланса керек (біздің ұйқы соғып 
жатқанымызды қайдан білсін), кезекті Белгібай екеуімізге 
беріп тосып тұр екен.
– Ат, ат! – дейді жарыса дауыстап.
Жартылай жалаңаш соттың төрағасы әлгі қоянның үкімін 
іштей шығарып жіберген болуы керек, лезде мылтығын гүрс 
еткізді. Сұр қоян мұрттай ұшты. Көп ұзамай мен де екі қоянның 
мұрнын қанаттым. Ағарып таң да атты.
– Енді қаз атуға кеттік! Міне, өздері де ұша бастады! – деп 
жоғарыдан Мәлік айқайлады. Терезеден бас сұғып, сыртқа 
қарасаң, шынында да, сыпсындаған үйректер мен қаңқыл-
даған қаздар көл жақтан қарақұрым болып ерсілі-қар 
сылы 
ұша бастаған екен. Түсе-түсе қалып, бір-бір сексеуілдің түбіне 
бұғындық. Төбемізден суылдап ұшқан қанаттылар оқ жетер 
жерге төмендейтін емес. Оқ көп. Гүрсілдетіп атамыз. Құс-
тар серпіліп, одан әрі биіктейді. Әудем жерге барып қо нып, 
көлдің бетін азан-қазан еткен дауыстарымен жүйкемізге 
 
тиетінін қайтесің...
Сәске кезінде оттың басына оралып, Мараттың Алматы дан 
ала шыққан дайын сорпасына бас қойдық. Менің есіме Төлеген 
Айбергеновтің бір шумақ өлеңі түсіп, тост орнына соны оқып 
бердім:
Алдында Ай дірілдеп ұзақ таңға, 
Не жетсін айдын көлден құс атқанға. 
Сол құсы құрғырыңды атпағанмен, 
Өзіңді құс атқанға ұқсатқанға!
– Мұндай ақынды неғып білмейміз, – дейді бизнесмен 
Марат сүйсініп. – Тағы айтып жіберші әлгі тақпақты.
Төлегеннің «тақпағын» қайта айта отырып, өзімнің жа-
қында ғана жарық көрген, сарайда жиналып тұрған «Құдіретке 

Жүрсін Ерман   А л ы с т а н  ж ә н е  ж а қ ы н н а н 
76
жүгіну» атты кітабымды есіме алдым. Қырық жыл бұрын 
өмірден өтіп кеткен сұрапыл ақын Айбергенов Бақанастың 
қалың құмына енді жетіп жатса, менің тақпақтарымның күні 
не болар екен?..
... Бақанастан телефон шалып тұрған аудан әкімі Ерғазы-
ға мен сол жақтан жаңа ғана оралғанымды айтқаным жоқ. 
Шындап шақырса, тағы барып қалармын. Күтіп жүрсін.
– Жалғыз келме. Ақын-жазушыларды ерте кел. Айтысты 
ала келсең, тіпті тамаша болар еді. Кешегі Қонаевтың елі деген 
атымыз бар ғой. Ұятқа қалдырмаймыз! – дейді аңқылдаған ел 
ағасы. – Мәлік құрдасыңа сыйлаған кітабыңның бір данасын 
маған да қи!
Елең ете қалдым. Бақанас жаққа тағы кетіп отырсам ба екен? 
Әттең, бильярдтың қызығына құнығып, көк түтінге қамалған 
менің қаламдас достарым ере қояр деймісің?!
Сорлы Көкбай қор болды-ау, Осыншадан құр қалып! – деп 
Абай ағам айтпақшы, ауылда, ен далада қандай қым-қуыт өмір 
өтіп жатқанын қаланы мекендеген бильярдшы қаламгерлер 
қайдан білсін...
Алматы – Бақанас – Қараой.

77

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал