ОƏЖ 947. 7/9 Туған жер батырын ұмытпайды (Кеңес Одағының Батыры Жəлел Қизатов туралы ) Мұсабаева Г. Н



жүктеу 61.37 Kb.

Дата17.01.2017
өлшемі61.37 Kb.

 

87

 



ОƏЖ 947.7/9 

 

ТУҒАН ЖЕР БАТЫРЫН ҰМЫТПАЙДЫ 

(Кеңес Одағының Батыры Жəлел Қизатов туралы ) 

 

Мұсабаева Г.Н. 

(М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, заң ғылымдарының кандидаты

Маликов М.С. 

(М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих жəне заң факультетінің 3 курс студенті) 

 

 

 

1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысының барлық 1418 күнінде майдан 

даласында  қан  кешкен,  Кеңес  Одағының  Батыры  атағымен  елге  оралған  біздің 

жерлесіміз  Жəлел  Қизатұлы  Қизатов  1920  жылдың  9-қазанында  Солтүстік  Қазақстан 

облысының  Есіл  ауданы,  Жалғызтау  тауының  етегіндегі  шағын  Аяқкөл  ауылында 

Қизаттың  əйелі  Жамалдан  туады.  Ауыл  молдасының  қойған  аты  -  Ғабдолжəлел 

болғанымен,  ол  бала  күнінен  Жəлел  атанып  кетті.  Отбасындағы  жеті  баланың  аштық 

жылдарында тек үшеуі ғана аман қалды. Əкесі 33 жасында бақилық сапарға аттанды да, 

отбасы тауқыметі балалардың үлкені болғандықтан Жəлелдің мойнына түсті [1, 5 б.].  

Ауылдағы  төртжылдық  мектепті  бітірген  соң,  Петропавл  қаласындағы  ФЗО-ға 

(Школа  фабрично-заводского  обучения)  оқуға  аттанды.  Бұл  -  ауыл  жастарын  күштеп 

қаладағы  ФЗО-ларға  жіберіп  жатқан  тұс.  Ал  Жəлел  үшін  үлкен  сəттілік  еді.  ФЗО-да 

теміржол  слесарь-жөндеушісі  мамандығы  бойынша  оқыған  ол  мұнда  орыс  тілін  игере 

бастады. Ынталы бала өзгелерге қарағанда теміржол ісін де, орыс тілін де тез меңгеріп, 

ФЗО  жастарының  көш  басына  шықты.  Бірақ,  отбасы  жағдайы  оны  қайтадан  ауылға 

қайтуға мəжбүр етті. Бұл кезде ол бар болғаны 10 мен 12 жас аралығындағы жасөспірім 

болатын [1, 42 б.]. 

1933-1934 жылдары колхозшы болып еңбек еткен ол қыс айларындағы шаруадан 

толас шақтарда кітап оқыды, аңшылық құрды, ауыл мергені атанды. Бұдан соң бірнеше 

жыл  «Бұлақ»  колхозында  есепші  болған.  Ол  білімін  Айыртау  ауданы,  Володаровка 

(қазір  Саумалкөл)  селосында  ашылған  есепшілер  курсында  арттырады.  Колхоздағы 

қызметі жақсы болғанымен, оқуға, білімге деген құштарлық ықпалымен ол 1936 жылы 

Ақжар  (қазіргі  Покровка)  ауыл  шаруашылығы  техникумына  оқуға  түседі.  Ол 

техникумда  оқып  жүрген  кез  -  ел  ішінде  мұғалімдердің  өте  аз  кезі  болатын, 

мектептерде  кадр  тапшылығы  анық  байқалатын,  жаңа  əліппе  негізінде  жазып,  оқи 

алатындар ауылдарда жоқтың қасы еді [1, 45 б.]. 

1940  жылғы  8  ақпанда  əскери  комиссариаттан  шақыру  келгенде  ол  Қарағай 

бастауыш  мектебінің  мұғалімі,  əрі  меңгерушісі  болатын.  Ақ  финдермен  соғысқа 

баратын шығармын деп ойлаған 20 жасар жігітке атасы Бекмағанбет батасын бергеннен 

кейін, ол азаматтық борышын өтеуге аттанды [1, 46 б.]. 

Бұл  кезде  Жəлел  Қизатов  партияның  мүшелігіне  кандидат  болатын,  Петропавл 

пединститутының  тарих  факультетінде  сырттай  оқитын.  Осыдан  болса  керек,  əскери 

жəне  саяси  басшылар  оны  жаңадан  əскерге  шақырылғандар  мінген  əскери  эшелонға 

жетекші  етіп  тағайындады.  Эшелон  батысты  бетке  алды.  Осылайша  жас  солдаттың 

Украинадағы  Чернигов  облысы,  Нежин  қаласы  маңында  əскери  өмірі  басталды. 

Өзгеледен  орысша  жақсы  сөйлей  білетінін  аңғарған  командирлер  оны  Орта  Азия  мен 

Азербайжаннан келген балаларға тілмаш етіп тағайындайды [1, 48 б.]. 

1941 жылы 22 маусымда фашисттік Германия Кеңес Одағына соғыс  ашты. Қазақ 

солдаты  Жəлел  Қизатов  қызмет  атқаратын  атақты  Чапаев  дивизиясының  422-ші 


 

88

 



артиллерия  полкі  толық  əскери  дайындыққа  көшірілді.  Ол  соғысқа  Одесса  түбінде 

кірді.  Фронттағы  қиын  жағдайға  қарамастан,  құрамында  Жалел  Қизатов  соғысқан 

дивизия румын-неміс əскерлеріне қарсы шабуыл жасап, соққы беріп отырған [2, 7 б.]. 

1941-1945  жылдардағы  Ұлы  Отан  соғысының  тарихында  айрықша  аталар 

шайқастардың  бірі  -  Сталинград  шайқасы.  Жəлел  Қизатов  осы  шайқастың  бел 

ортасында  болды.  Командирлер  жарылған  снаряд  пен  қарша  бораған  оқ  астында  өз 

бөлімшесін  шебер  басқаратын  оны  кіші  лейтенанттар  дайындайтын  курсқа  жіберді. 

1942 жылы курсты өте үздік бітірген оған кіші лейтенант емес, бірден лейтенант атағы 

беріліп,  ол  6-шы  батарея  командирінің  саяси  жұмыстар  жөніндегі  орынбасары  болып 

тағайындалды.  Оның  бөлімі  Сталинград  көшелерінде  ұрыс  жүргізді,  жас  офицер  жау 

əскерінің  айла-тəсілін  тез  түсініп,  қарсы  əрекет  жасайтын,  онысы  сəтті  шығатын,  жау 

есін  жиямын  дегенше  олардың  миномет,  пулеметтерін,  ДОТ,  ДЗОТ  сияқты  атыс 

ұяларын жойып үлгеретін. Алғыр, тез шешім қабылдайтын, ұрыс басқару ісіне төселген 

оны  қаруластары  да,  командирлері  де  мақтан  тұтатын,  сол  кезде-ақ  оның  ер-

жүректілігінен хабар бергендей кеудесінде бірнеше жауынгерлік медаль жарқырайтын. 

Ол  бұл  шайқастан,  соғыс  тарихындағы  ең  ауыр  ұрыстан,  сан  мыңдаған  адам  өлім 

құшқан майданнан аман шықты [2, 7 б.]. 

1943 жылы 28 қыркүйекте 154-ші Чернигов гвардиялық атқыштар дивизиясының 

взвод  командирі,  аға  лейтенант  Жəлел  Қизатовқа  жаудың  Днепр  жағалауындағы  атыс 

ұяларын барлауға бұйрық берілді. Ол жəне оның төрт қаруласы өткен жерде Днепр екі 

бөлінеді,  ортада  түбек,  сол  түбекке  келіп  жауынгерлерімен  түні  бойы  окоп  қазып 

бекініп  алады.  Таң  жарығымен  айнала  көріне  бастағанда  Жəлел  Қизатов  бинокльмен 

барлық жерді барлап, көрінген жау бекіністерін картасына түсіріп алады. Кеңес əскері 

шабуылға  шыққанда  артиллерияға  жау  нүктелерінің  координаттарын  дəл  беріп,  атыс 

нүктелерін  жойып,  біздің  əскердің  жолын  тазалап  берді.  Днепрдің  сол  жағалауына 

алғашқылардың бірі болып өткен. Немістің бірнеше шабуылдарына тойтарыс беріп, өз 

қолымен бір танкісін қиратқан. Ең бастысы - Днепрден өткен кеңес əскерлері бекінетін 

плацдарм алынды. Ол жайлы Жəлел Қизатов өзінің «Өмір өткелдері» повестінде былай 

еске алады: «Біздің қалған взводтар да Днепрдің оң жағына есен-сау өтті. Қарсы алдық. 

Қуанышымыздың  шегі  жоқ.  Жолдастарымызбен  құшақтасып,  сүйісіп  жатырмыз. 

Сырттан бізді білмейтін біреулер қарап тұрса: Көптен бері көріспеген достар бірін-бірі 

қатты  сағынып  қалған  ғой!  -  дер  еді».  Осы  бұйрықты  орындау  барысында  əскердегі 

күндерін бірге бастаған, соғыстағы барлық қыиншылықтарды бірге көрген ұлты өзбек 

Абдразақов  Сұлтан  деген  жан  жолдасынан  айырылады.  Жəлел  Қизатов  қолынан 

жараланады [1, 178 б.]. 

Осы  ерлігі  үшін  Жəлел  Қизатов  Кеңес  Одағының  Батыры  атағына  ұсынылды. 

Батыр  атағы  берілгенін  Жəлел  Қизатов  госпитальда  жатқан  кезінде  1944  жылдың  15 

қаңтарында  қабылданған  КСРО  Жоғарғы  Кеңесі  Президиумының  Жарлығы 

жарияланған  «Правда»  газетінен  оқып  біледі.  Онда:  «Командованиенің  жауынгерлік 

тапсырмасын  тамаша  орындап,  Днепрден  өткенде  көрсеткен  асқан  ерлігі  мен 

батырлығы  үшін  КСРО  Жоғарғы  Кеңесі  Президиумы  өзінің  1944  жылғы  15 

қаңтарындағы  Жарлығы  бойынша  төмендегі  солдаттар  мен  кіші  офицерлер  мен 

генералдарға  Кеңес  Одағының  Батыры  атағы  берілсін»  -  деп  жазылған.  Сол  тізімнің 

ішінде лейтенант Жəлел Қизатов та болған [1, 186 б.]. 

Жəлел  Қизатов  Одесса,  Қырым,  Сталинград,  Белоруссия  майдандарында 

фашистермен күресті. Фашисттердің хайуандығының Шыңғысханнан да асып түскенін 

ол өз көзімен Белоруссия жерінен көрді. Хатынь селосының барлық тұрғындарын – 149 

ересек  адамын,  76  жас  баласын  мал  қорасына  қамап  өртеп  жіберген.  Александровка 

селосында  фашистер  бір  əйелдің  ішін  тіліп  жібергенде,  құрсағындағы  баласы  жерге 

түскенін  көрген  адамдардың  жынданып  кетуі,  жас  қыздар  мен  балаларды  «ормандағы 



 

89

 



партизандармен  байланыс  жасайсыңдар»  деп  топ-тобымен  дарға  аса  бергенін  естіген 

кеңес жауынгерлерінің жүрегін кек кернейді.  

Жəлел  Қизатов  екінші  дүниежүзілік  соғысқа  басынан  аяғына  дейін  қатысқан. 

Батыр қалалар Одесса, Керчь, Сталинградты қорғауға, Украина, Белоруссия, Польшаны 

фашисттерден азат етуге қатысты, Германия жерінде соғысты.  Ол 1945 жылы Жоғары 

артиллериялық  офицерлік  мектебін  бітірді,  капитан  шенінде  сол  жылы  елге  оралды    

[3, 135 б.]. 

Соғыстан  соң  еңбек  майданындағы  өмірі  басталды.  Жəлел  Қизатов  1945  жылы 

Солтүстік  Қазақстан  облысы  Совет  аудандық  партия  комитетінің  хатшысы  болып 

сайланды.  



1947-1950  жылдары  Солтүстік  Қазақстан  облысы  Ленин  аудандық  атқару 

комитетінің  төрағасы  қызметін  атқарған.  Ол  соғыстан  кейін  əлсіреген  шаруашы-

лықты қалпына келтіру, ел əл-ауқатын көтеру жұмыстарының алдыңғы шебінде болды. 

Өзі  үшін  емес,  елі  үшін  еңбектенді.  Енді  ол  сонау  бала  кезі  мен  колхозшы  болып 

жүрген  жасөспірім  шағындағы  адамдарды  ауыр  еңбектен  құтқару,  жерді  өңдеуді 

жетілдіру  сияқты  армандарын  жүзеге  асыруға  кірісті.  Өзінің  қол  астындағы  қызмет 

еткен адамдарға жанашырлықпен қарады [3, 135 б.]. 

1950-1952  жылдары  ол  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитеті  жанындағы 

жоғарғы партия мектебінде оқыды.  



1952-1957  жылдары  Булаев  аудандық  атқару  комитетінің  төрағасы  қызметін 

атқарған  ол  ел  экономикасының  дамуына  өз  үлесін  қосты.  Ойлағанын  бетке  айтатын, 

ешкімнен  қаймықпаған  тік  мінез  болған.  Сонысымен  жоғарғыларға  жақпай,  қызметін 

төмендетіп  Жəлел  Қизатов  1957  жылы  Булаев  ауданына  Таман  дивизиясы  атындағы 



совхозға директор болып тағайындалды. Осында 1963 жылға дейін еңбек етті. 

Ж.Қизатов  1954-1958  жылдары  КСРО  Жоғарғы  Кеңесінің  (4-ші  шақырылым) 

депутаты болып сайланды [3, 138 б.]. 

1963-1968  жылы  Қарақоға  элеваторының  директоры  болды.  Оның  ұсынысы 

бойынша  бірінші  рет  совхозда  элеватор  құрылысының  жаңа  технологиясы  қолданыла 

бастады. 

Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті үлкен сенім артып, 1968 



жылы  Қызылорда  облыстық  астық  өнімдері  басқармасына  бастық  етіп  жіберді.  Ол 

облыс  экономикасын  дамытуға,  əсіресе  ауыл  шаруашылығы  мен  өңдеуші  өнеркəсіп 

саласына  елеулі  үлес  қосты.  Бұл  -  Қызылорда  облысында  жақсы  астық  элеваторлары 

жоқ,  жиналған  күріштің  ысырап  болу  жағдайлары  көкейтесті  болып  тұрған  кез  еді. 

Оның  белсенді  араласуының  нəтижесінде  Қызылорда  астық  өнімдері  комбинаты, 

Шиелі, Жалағаш элеваторлары салынды [4]. 

«Батырдың  қаһары  -  еліне  қорған»  демекші  бейбіт  өмірде  де  батырлығын 

танытты. Еңбек жолын Жəлел Қизатовтың басқарған басқармасынан бастаған «Құрмет 

Белгісі»  орденінің  иегері,  еңбек  ардагері  Нағызхан  Қарымсақовтың  Жəлел  Қизатов 

туралы  естелігінде  былай  деген:  «Кезінде  облыстағы  ірі  өндіріс  орындарының  бірі  - 

күріш  комбинатын  салуда  Жəкең  көп  еңбек  сіңірді.  Осы  зауытты  салып  жатқан  кезде 

Жəкең  басқарма  бастығы  ретінде  қазіргі  «Шұғыла»  шағын  ауданынан  100  пəтерлі  үй 

салуға  тапсырыс  береді.  Ол  уақытта  үйге  кім  тапсырыс  берсе  сол  10  пайызын,  салған 

құрылысшылар да 10 пайызын алатын. Одан  басқа жергілікті атқару комитетіндегілер 

де өз үлесін алатын. Жəкең ондағыларға мамандарының 70 пайыздайы үйсіз жүргенін, 

артық  пəтер  бере  алмайтынын  айтады.  Ал  олар  оған  келіспейді.  Сонан  комбинатқа 

ашумен  келген  Жəкең  партком,  кəсіподақ,  комсомол  жəне  тұрғын  үй  ша-

руашылығының  басшыларын  шақырып  алып,  кімнің  үйі  жоқ,  солар  дайын  үйге  кіріп 

алсын  деп  тапсырма  береді.  Сөйтіп,  комбинаттың  жұмысын  кешке  дейін  тоқтатады. 

Болған  жайды  естіген  облыс  прокуроры  келесі  күні  Жəкеңді  шақырады.  Бірақ,  ол 



 

90

 



бармайды.  Оның  арты  айқай-шуға  ұласып,  ақыр  соңында  қалалық  партия  комитеті 

Жəкеңе  сөгіс  беріп  тынады.  Оған  көнбеген  ол  бар  қағаздарын  жинап  алып,  сол  кезде 

елді  басқарып  отырған  Дінмұхамед  Қонаевқа  кіреді.  Болған  жайды  айтады.  Сонда 

батырды мұқият тыңдаған Димекең: 

- Əй, Жəлел!  Батырдың аты батыр ғой. Сенің мына істегенің батырдан басқаның 

қолынан  келмейді.  Қазір  мен  көмекшіме  тапсырма  беремін,  -  дейді.  Сөйтіп,  облыстық 

партия комитетіне хабарласып, берген сөгісін алдырып тастатады» [5, 7 б.]. 

1988-1997  жылдары  Қызылорда  облыстық  табиғат  қорғау  қоғамы  президиумы 

төрағасының  орынбасары,  төрағасы  қызметтерін  атқарған  ол  ел  экологиясын 

сауықтыру, табиғатты қорғау, сақтау ісіне қатысты өте ауқымды жұмыстар атқарды. Ол 

жалпы  мемлекеттік  деңгейде  Арал  экологиялық  апат  аймағы  мəселесін  көтерді,  Арал 

маңы экологиялық зардаптарына ұшыраған азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы Заң-

ды өмірге əкелушілердің бірі болды. Соғыс жəне тыл ардагерлерінің, Ауған соғысы мен 

Чернобыль  апатына  қатысушылар  мүддесін  қорғаушылардың  алдыңғы  сапында  да 

Жəлел  Қизатов  жүрді.  Елі  де  батырын  құрметтеді,  азаматын  ардақтады.  Оған             

1995  жылы  28  сəуірде  «Қызылорда  қаласының  құрметті  азаматы»  атағы  берілді     

[2, 7 б.]. 



Кеңестер  Одағының  ең  жоғары  наградасы  -  Кеңес  Одағының  Батыры  атағын 

алған Жəлел Қизатов 2 рет Ленин орденімен, 3 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октя-

брь  Революциясы  орденімен,  2  рет  Отан  соғысы  (І  дəрежелі,  ІІ  дəрежелі)  орденімен, 

Құрмет  белгісі  орденімен  жəне  15-тей  медальмен  марапатталды.  Ол  бейбіт  кезде 

Мəскеу  қаласындағы  Қызыл  алаңда  өткен  Жеңіс  мерекесіне  арналған  шеруге  2  рет 

қатысты, Киев қаласының орталық алаңына орнатылған үлкен мемориалдық тақтаға 

жаудан Украинаны азат етуші Батырлар сапында Жəлел Қизатовтың есімі де ойып 

жазылған [5, 7 б.]. 

Соғыз кезінде де, бейбітшілік уақытында да елінің азаматы болған, халқына адал 

қызмет  еткен.  Елінің  нағыз  патриоты  болған  Жəлел  Қизатов  сияқты  азаматтардан 

қазіргі  жастар  үлгі  алуы  тиіс.  Жəлел  Қизатов  1999  жылы  28  сəуірде  өмірден  озды. 

Батырдың  өмір  жолы  ел,  халық  өмірімен  тұтаса  тығыз  бірігіп  кеткен.  Меніңше,  солай 

болғандықтан  оны  ел  тарихынан  бөліп  қарау  тіпті  мүмкін  емес.  Сондықтан  болар, 

батырдың  өмірі,  ерлігі  мен  ісі  кейінгі  ұрпақ  үшін  өнеге,  тұстастары  үшін,  елі  үшін 

мақтан  болып  қала  бермек.  Сол  себепті  оның  есімін  мəңгі  сақтау  мақсатында 



Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 28 сəуірдегі №523 Қаулысы бойынша 

Солтүстік  Қазақстан  облысындағы  Есіл  ауылшаруашылық  колледжіне  Жəлел 

Қизатовтың  есімі  берілді.  Қызылорда  қаласындағы  үлкен  көшелердің  бірі  жəне  сол 

қаладағы  үлкен  мектептердің  бірі  -  №  23  мектеп  Кеңес  Одағының  Батыры  Жəлел 

Қизатов  есімінде,  тұрған  үйінде  ескерткіш  тақта,  батырдың  барельефі  қойылды, 

туған ауылы Қарағайда бюсті орнатылды [3, 138 б.]. 

Өз  Отанын  жаудан  қорғауға  аттанған,  Отаны  үшін  өз  жанын  аямаған 

миллиондаған  жауынгерлерді,  соның  арасында  жерлесіміз  Жəлел  Қизатұлы  Қизатов 

сияқты  жандардың  ерліктерін,  қазіргі  адамдар,  əсіресе  жастар,  ақ  ниетпен  еске  алсақ, 

ұрпағымызға ұғындырсақ деген ізгі ой бар. 

 

 



 

Əдебиет: 

1.

 



Қизатов Ж. Өмір өткелдері. - Алматы: Жазушы, 1976. - 192 б. 

2.

 



Əбілов А.  Соғыс сынағы // Сыр бойы газеті. - 2011. - №48. - 14 мамыр. 

3.

 



Ысқақов Ж., Рəшитұлы Т. Асқақтатқан ауылым. - Астана: Ақарман-медиа, 2001. - 442 б. 

4.

 



Қизатов Ж. Қ. Өмірбаяны // 

http://kk.wikipedia.org

5.

 



Қарымсақов  Н.  Ер  есімі  ешқашан  ұмытылмайды  //  Сыр  бойы  газеті.  -  2010.  -  №105.  -  21 

желтоқсан. 






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал