Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ



жүктеу 2.86 Kb.

бет7/14
Дата08.01.2017
өлшемі2.86 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

Орынборда өткен бір жыл
Қарқаралыда жылға жуық тұрған Жүсіпбек 1923 жылдың 
жазында Орынборға келеді. Мұны оның кейінірек Сырда-
рия  педтехникумында  жүргенде  өз  қолымен  толтырған 
«Жалпы  еңбек  тізімі»  деген  іс  парағынан  көруге  болады. 
Онда қаламгердің 1923 жылдың август айынан бастап оқу 
комиссариатының акционерінде ғылыми қызметкер болып 
қабылданғаны, сондай-ақ комиссариаттың 13-августа бер-
ген куәлігінің нөмірі жазылған/216/.
ХХ  ғасырдың  жиырмасыншы  жылдарының  басында 
Қазақ  республикасының  астанасы  Орынборда  7  жоғары 
оқу орны болыпты /211/. Соның бірі Қазақ халық ағарту 
институты (КИНО) еді. Мұнда сол тұстағы қазақтың көп 
зиялысы  қызмет  істеген.  Мәселен,  Ахмет  Байтұрсынов 
қазақ  тілі  мен  қазақ  әдебиеті  тарихынан,  Міржақып  Ду-
латов  қазақ  халқының  тарихынан,  Елдес  Омаров  физи-
ка  мен  математикадан,  Телжан  Шонанов  экономикалық 
ғылымдардан  дәріс  оқыған,  бұлармен  бірге  Сейдазым 
Қадырбаев  пен  Молдағали  Жолдыбаев  та  сабақ    беріпт 
і/222/.  1923 жылдың октябрь айынан бастап Жүсіпбек те 
осы оқу орнына орналасады /223/.
Қазақ  халық  ағарту  институтының  (КИНО)  директо-
ры  алғашқыда  Нұрсұлтан  Бекетов  болса  /224/,  кейін  яки 
1923  жылдың  20-сентябрінен  азық-түлік  комиссариаты-
нан шақыртылған Мұхтар Мурзин (Мырзаұлы) басшылық 
етеді /225/.
Ол кезде еліміздегі оқу орындар оқу комиссариатындағы 

112
Қазақтың  білім  беру  бас  профессурасына  қараған  екен 
/226/.  Сондықтан  болса  керек,  осы  профессурасының 
төрағасы  Шейнессон  деген  біреу  М.Мырзаұлы  КИНО-ға 
директор  боп  тағайындалған  соң,  6-ноябрь  күні  Бас  сая-
си  басқарманың  (ОГПУ)  Орынбор  губерниялық  бөліміне 
оның Октябрь төңкерісіне дейінгі қызметі қандай болғаны, 
не істегені жөнінде анықтама беруін өтініп, құпия қатынас 
қағаз  жіберіпті  /227/.  ОГПУ-дің  губерниядағы  басшысы 
К.Полянский  болса,  М.Мырзаұлының  үстінен  ешқандай 
материал табылмағанын жазып құпия жауап жолдаған /228/. 
Мұны мысалға келтіріп отырған себебім, Алаш партиясы-
на  мүше  болған  қазақ  азаматтарына  әу  бастан  күмәнмен 
қарау большевиктердің үйреншікті әдеті еді, М.Мурзинді 
осылай  тексеріп  жатса,  Алаш  Орда  баспасөзінің  белді 
қаламгері  болған  Жүсіпбек  Аймауытұлына  лауазымды 
қызмет  берілуі  тіпті  де  мүмкін  емес  екені  түсінікті  жайт 
болса керек.
Шейнессон  басқарған  Қазақтың  білім  беру  бас  про-
фессурасы (Кирглавпрофобр) Қазақ халық ағарту инсти-
тутына  басшылық  ете  алатын  мекеме  болғанымен,  оған 
қамқорлық  жасағаны  шамалы  сияқты.  Мәселен,  оның 
КИНО  директоры  М.Мурзинге  (Мырзаұлына)  жолдаған 
мына бір хатын келтірелік: «Кирглавпрофобр предлагает 
заняться  директору  КИНО  подысканием  помещения  для 
занятии студентов и не надеяться на Кирглавпрофобр как 
на няньку» (әдейі түпнұсқада беріліп отыр) /229/.
Басшылықта  отырған  өзге  ұлт  қызметкерлерінің 
қазақ  жастары  білім  алып  жүрген  оқу  орындарына  мей-
манамен  қарауының,  тіпті  көзге  ілмеуінің  мысалдары 
аз  емес.  Шәкірттерге  міндетті  түрде  10  сомнан  стипен-
дия берілуі керек болса, оқу комиссариаты 3 сомнан ғана 
бөліп отырғанын, студенттердің тұрмыс жағдайы өте ауыр 

113
екенін  айтып  жазған  Мұхтар  Мырзаұлының  қызметтік 
хаттары да осы айтқанға дәлел бола алады /230/.
Жалпы,  осы  Мұхтардың  директор  ретінде  Қазақ 
халық ағарту институтының аяғынан тік тұрып кетуіне 
барынша  күш  салғанын  архивтегі  іс  парақтарынан 
байқауға  болады.  Оқу  комиссариатына  жазған  баянда-
масында ол институттың сыпаты анықталмағанын, оқу 
ғимаратының өте тарлығын, оқу жоспары жасалмағанын, 
жатақхананың,  техникалық  жұмыскерлердің  жоқтығын 
айтып, осыларды ретке келтіруде өзінің уақытын жеткізе 
алмауы  себепті  орынбасарлар  тағайындап  беруін 
өтініпті /231/. Кейін біраз нәрсеге қол жеткізсе де керек, 
мысалға  Мырзаұлының  Шейнессон  декан  болған  раб-
фактан КИНО үшін оқу ғимаратын жалға алып, келісім-
шарт жасағанын айтуға болады /232/.
Институт  басшысы  игі  бастамалар  көтеріп  отырган, 
мәселен,  оның  төрағалық  етуімен  институт  әкімшілігі  іс 
қағазын  қазақ  тілінде  жүргізуге,  ол  үшін  тәжірибелі  хат-
шы мен есепшіні қызметке алуға қаулы қабылдайды /233/.
Орынборға жаздың соңын ала келген Жүсіпбектің /234/ 
ноябрь  айында  КИНО-ға  оқытушы  болып  орналасуын 
Мырзаұлының директор болып келуімен байланысты деп 
жорамалдаймын.  Мұхтардың  Алаш  Орда  қозғалысында 
бірге  қызмет  еткен  замандасына  қолұшын  созуы  әбден 
мүмкін ғой.
Соның бір мысалы ретінде 1923 жылдың 11-декабріндегі 
оның  шығарған  бір  бұйрығын  оқиық:  «Педкеңестің 
қаулысы бойынша Аймауытовтың «Мансапқорлар» пьеса-
сын даярлауға кірісіңіздер. Режиссері пьеса авторы ретінде 
Аймауытов болады. Ректор М.Мурзин» /235/. Басшы ретінде 
Мұхтар  КИНО  оқытушылары  мен  қызметкерлеріның 
әлеуметтік  жағдайын  түзеу  үшін  аймақтық  бюджеттен 

114
қаржы  алуға  қол  жеткізген  көрінеді.  Оқытушы  Жүсіпбек 
Аймауытұлына  1923  жылдың  28-октябріндегі  178-тізім 
бойынша алтынмен 4 сом 25 тиын беріліпті /236/.
Жүсіпбек  Орынборда  жүріп,  іссапармен  Түркстан  Ре-
спубликасына да, оның астанасы Ташкентке де барып келсе 
керек, үйткені «Лениншіл жас» журналының 1923 жылғы 
5-санында Жүсіпбектің «Мағжанның ақындығы туралы» 
(Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама) атты 
әйгілі  әдеби-сын  мақаласы  шығады  /237/.  Бұл  жөнінде 
бірсыпыра  ғылыми  талдау  жасалып,  дәйекті  пікірлер 
жазылғандықтан /238/, оған арнайы тоқталып жатпайын. 
Анығы,  «Мағжанның  ақындығы  туралы»  көлемді  зерт-
теу еңбек – совет өкіметінің алғашқы жылдарында жарық 
көрген  Смағұл  Сәдуақасовтың  «Қазақ  әдебиеті»/239/, 
Мұхтар Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі»/240/ 
секілді тарихи-әдеби сын мақалаларының қатарынан орын 
алатын,  қазақ  әдебиеті  сынының  тарихындағы  сүбелі 
шығарма екені.
1923  жылы  сонымен  бірге  Аймауытұлының  «Еңбекші 
қазақ» газетінің 30-июньдегі санында «Орынборда халық 
ағарту істері», «Қазақстандағы Күншығыстың оқытушылар 
әзірлейтін  орда»,  «Ақ  жол»  газетінің  22-ноябрь  күнгі  са-
нында  «Әдет  заңы»  деген  мақала,  корреспонденцияла-
ры  және  «Қызыл  Қазақстан»  журналының  22-санында 
«Нағима»  әңгімесі  жарық  көреді.  «Әдет  заңы»  мақаласы 
сол  жылы  Ташкентте  шыққан  «Сана»  журналының  1-са-
нында да басылған еді.
Тақырыбынан 
байқалатындай, 
«Әдет 
заңы» 
мақаласында  адам  бойындағы  әдет,  оның  пайда  болу 
себебі  туралы  сөз  қозғалады.  Автордың  көтерген 
тақырыбын өте жақсы білетіндігіне көз жеткізуге болады. 
Дарвин, Джеймс, Милл сияқты білімділердің де пікірін 
келтірген.  Өзінің  бұл  жайындағы  ойлары  да  тұщымды: 

115
«Адамгершілік  жүзінде  әдеттерде  біріне-бірі  қарсы  екі 
күш болады. Бірі жақсылық жаққа, бірі жамандыққа тар-
тады. Бір жаманы сол жаман әдет бір рет жеңсе де, жақсы 
әдеттің  талай  жеңгеніне  төтеп  береді.  Жақсы  әдет  ден-
деп, жаман әдетті бас көтерместей аяқтағанша бір жағы 
демеп,  екінші  жағын  әлсіретуден  тоқталмай,  тізгіннің 
бір жағын қысып ұстай білу керек».
Жүсіпбек  ұлы  Абай  нұсқаған  жолдың  бірі  –  еңбекке 
үндейді: «Күнін босқа өткізбей, таза пайдаланған жас жігіт 
тәрбиесі  татымды  жеміс  беруіне  күдіктенбесін.  Еңбекпен 
алған тәрбие, қай түрлі болса да, берік болмақ». Бұл ғылыми-
танымдық  еңбегі  Аймауытұлының  «Абай»  журналында 
жарыққа  шыққан  «Тәрбие»  мақаласының  жалғасы,  үлкен 
бір  тақырыптың  аясындағы  жеке  тарау  іспеттес.  Расында 
да,  кейін  «Психология»  деген  зор  ғылыми  еңбек  жазған, 
білімі терең, танымы мол Жүсекең оған деген дайындығын 
осы кезеңде, тіпті сонау «Абай» журналында қызмет еткен 
шағынан бастаған.
1924 жылы Аймауытұлының әңгімелері, фельетондары, 
мақалалары баспасөзде көп жарияланады. Оның көсемсөз 
туындыларын  біз  «Ақ  жол»,  «Еңбекшіл  қазақ»,  «Қазақ 
тілі»  газеттерінен,  «Қызыл  Қазақстан»,  «Жас  қайрат», 
«Жас қазақ» журналдарынан көреміз.
Бұл жылы «Елес», «Жаңабайдың жанындағы трагедие» 
әңгімелерімен,  «Жарасымды  сүгіреттер»,  «Күмәжнек», 
«Радио хабарлары», «Тінікейді не ойландырады?» атты фе-
льетондарымен,  «Қойшы  Тастамақ»  очеркі  және  «Томар-
бай мен қатыны» сатиралық әңгімесімен қатар «Еңбекшіл 
қазақ»  газетінде  «Жазу  таңбаларымызды  азайту  туралы 
жоба»/241/,  «Жазу  таңбаларымызды  азайту  туралы»/242/, 
«Қазақ  тілін  жүргізу  қазақша  оқуда»/243/,  «Ел  газетке  не 
жазбақ?»/244/,  «Жазу  мәселесі  туралы  соңғы  сөз»/245/ 
мақалалары,  «Ақ  жол»  газетінде  «Әйелді  мектепке 

116
алыңдар»/246/,  «Емлені  өзгертуге  жоба»/247/,  «Тәшкентте 
сауық кеші»/248/, «Қазақта жезөкше бар ма?»/249/, «Үлгілі 
мектеп»/250/ және «Жас қайрат» журналында «Жастардың 
тәрбие-тәлімі»/251/ мақалалары жарыққа шығады.
Жүсіпбек  Аймауытұлының  ерекше  еңбектерінің  бірі 
–  осы  жылдары  баспасөз  бетін  көрген,  қазақ  тілінің 
грамматикасына,  фонетикасына  және  терминологиясы-
на  арналып  жазылған  «Емлені  өзгертуге  жоба»,  «Жазу 
таңбаларымызды азайту туралы жоба», «Жазу мәселесі 
туралы  соңғы  сөз»,  «Пән  сөздері  қалай  табылады?», 
«Емлені  оңайлатудың  жобасы»  атты  бірқатар  ғылыми-
зерттеу мақалалары.
Автордың  грамматика  жөніндегі  ойлары  араб 
графикасының негізіндегі алфавитке қатысты болғанымен, 
өзге салалардағы пікірлерінің мәні жойылмайды деген ойда-
мын. Бұл дүниелер өз кезеңі үшін құнды зерттеу еңбектері 
болғанын, сол себепті қазақтың тіл білімі тарихында ата-
усыз  қалмауы  керегін  ұмытпағанымыз  жөн.  Сонымен 
бірге  бұл  еңбектерде  Жүсекеңнің  фонетика  саласындағы 
байламдары  (әсіресе  оның  дыбыстар  өзгерісіне  байла-
нысты  айтылған  кейбір  ойлары),  сондай-ақ  бөтен  тілден 
сөз  алуға,  жаңа  сөз  тудыруға,  түбірдің  дамуына,  түбірге 
қосымшаның  жалғану  ерекшеліктеріне  байланысты  және 
т.с.с. айтылған тұжырымдарына   тілші-ғалымдар назар ау-
дарып, оларды ғылыми сарапқа салып, ой елегінен өткізсе 
деген пікірдемін. Сондықтан тіл білімі саласындағы осы-
нау зерттеу мақалалары – ара-тұра ескірген тұжырымдары 
болғанымен, жоғарғы деңгейдегі еңбектер.
Осыған  орай  мақалалардың  кейбір  талданған 
мәселелеріне,  ұсыныс-пікірлеріне  тоқтала  кетейін. 
«Тіліміз, емлеміз әбден жүйеленіп қалыптанды, орнықты, 
бекінді  деп  айтуға  болмайды.  Емленің  қолайсыз,  кеміс 
жерлері барлығын әркім айтады. Бұл қолайсыз әсіресе бала 

117
оқытқанда,  хат  танытқанда  айқын  көрінеді»  деп  жазады 
автор «Емлені өзгертуге жоба» деген мақаласында. Және 
«менің негізім: көбінесе іске қолайлы (практика), жеңілдік» 
деп өзі жазғанындай/252/, әлденеше жыл мектептерде сабақ 
бере жүріп жинаған тәжірибесін ортаға салады.
Мұхтар Мырзаұлы, Елдес Омарұлы сияқты зиялылар-
мен баспасөз бетінде осы тарапта пікір алысады. Әлденеше 
жобалар ұсынып, автор осы мақалаларының соңында бұл 
жобаларды  оқу  комиссариатының  қасындағы  білім  ко-
миссиясы  қарап,  көптің  ақылымен  шешуге  байлағанын, 
Қазақстан  мен  Түркстандағы  қазақ  тілінде  шығатын 
газет-журналдар  бұл  жобаны  көшіріп  басып,  қазақ 
оқығандарының,  оқытушыларының  сынына  салу  керек, 
әркім өз пікірін газет-журналға жазу керек, емле мәселесі 
әр  жағынан  жете  қарап,  қалтқысыз  болып  шешілуі  ке-
рек  деген  қорытындыға  келгенін  айтады.  «Баспасөз 
жүзінде әбден арманнан шығысқаннан кейін айрықша сиез 
шақырылып,  артық  түйінді  сиез  шешу  лайық  деп  табыл-
ды» деп бір тұжырып тастап, Қазақстан мен Түркстандағы 
газет-журнал басқармаларынан осы жобаларды көшіріп ба-
суды өтінеді.
Расында да, Жүсіпбектің мақаласын екі республиканың 
бірқатар  басылымдары  көшіріп  басқанға  да  ұқсайды. 
Мәселен, «Еңбекшіл қазақтағы» осы мақаласы сол жылы 
«Қазақ тілі» газетінің 15-санында да жарық көрген.
Әрине,  қазіргі  қазақ  тілінің  теориясы  –  жан-жақты 
дамыған  ғылым.  Сол  себепті  Аймауытұлының  осы 
бір  ғылыми  мақалаларындағы  мәселелердің  кейбіреуі 
ескірген, кейбіреуінде автор, бүгінгі күнмен топшыласақ, 
жаңсақ пікірлер де айтады. Бірқатары бұрыннан-ақ белгілі 
дүниелер  болып  көрінеді.  Бірақ  қазақтың  тіл  білімі  енді 
дамып  келе  жатқан  сол  кезеңде  осынау  еңбектері  құнды 
дүниелер болғанын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, 

118
«...Кейбір  бітеу  буынды,  мәселен...  «қасық»  дегенде  «ы» 
анықтау  естілетін  сықылды.  Қай  жерде  анық,  қай  жерде 
танық  естілетінін  айыруға  аса  нәзік  еститін  құлақ  керек. 
Оқушыларға  мұны  айыру  қиын.  Сондықтан  бітеу  буын, 
ашық буын деген сөздер айтылмаса да, ереже болмаса да, 
жарайды, сонымен бірге «у» дауыссыз дыбыс дегенге да-
уым  бар;  «ыу»  дауысты  болса,  жалғыз  өзі  де  буын  бола-
ды  деймін:  «а-та»,  «о-бал»  дегендегі  «а»,  «о»  дыбыстары 
сықылды» деген ұсыныстары кейін қазақтың тіл білімінде 
қабылданғанын аңдау қиын емес.
«Жазу  таңбаларымызды  азайту  туралы  жоба»  мақа-
ласында  араб  графикасына  негізделген  қазақ  әріптері, 
оның ішінде Байтұрсынов  реформалаған әліпби жөнінде 
бырсыпыра  ұсыныстар,  бірқатар  пікірлер  айтылады. 
Аймауытұлының  әліпби  турасында,  оны  өмірге  жап-
пай  енгізу  проблемалары  жайында  айтқан  ойлары  ерек-
ше  екендігіне  назар  аударалық:  «Жазу  машинкасына 
лайықтап  Ахмет  ағайдың  шығарған  қаріптері  бар.  Онда 
да  дыбыс  басына  бір  таңба  алынған.  Бұл  қаріптер  бас 
таңбаларды  алғаннан  әлдеқайда  қолайлы,  –  деп  жазады 
автор, – Ахмет ағайдың шығарған таңбалары осы күннен 
бастап баспаханаларға арналып жасалса, жақсы-ақ болар 
еді.  Онда  хат  тану  біржола  жеңілденіп,  орыс  жазуының 
қатарына келер еді. Бірақ қаріптер жақын арада іске аса-
ды деп үміт етуге болмайды; тыңнан қаріп жасатуға көп 
қаржы керек. Қаріп көп керек, күллі Қазақстан, Түркстан 
жерлеріне (баспаханаларына) түгел жеткендей қаріп қолға 
оңай түспейді. Олай болса, қаріп азайту әңгімесі бірталай 
заманға  шейін  созылуға  мүмкін».  Бұдан  ары  Жүсіпбек 
түпкі мақсат – дыбыс басына бір таңба беру екенін қадап 
айтады. Бұл жобалар жарық көрген соң көп уақыт өтпей 
«Еңбекшіл  қазақтың»  159,  161,  162,  164  және  195-санда-
рында  Елдес  Омарұлының  осы  мәселелер  жөнінде  дау-

119
лы пікір айтқан, өзінің жобаларын ортаға салған бірнеше 
мақаласы  шығады.  Оған  жауап  ретінде,  өзінің  бұрынғы 
ойларына  тың  пікірлер  келтіріп  Жүсіпбек  Аймауытұлы 
«Жазу  мәселесі  туралы  соңғы  сөз»  мақаласын  жари-
ялайды  /245/.  «Алдымыздағы  шілденің  10-ында  бола-
тын  білімпаздар  тобының  қарсаңында  мүддемізді  ай-
тып  қалайық»  деп  басталатын  мақаласында  ол  жазу 
мәселесінде айтыстың шиеленіп, ауыр болуына зор себеп 
– емлеге әркім әр жақтан әр түрлі қарайтындығын, біреу 
тілдің тарихынан, біреу грамматика, біреу фонетика, енді 
біреу  іс  жүзінде  қолайлы,  жеңілдік  келу  жағынан  қарап 
шешпек болғандығынан деп түсінеді. Өзінің соңғылардың 
тобында  екенін,  емле  мәселесіне  практикалық  тұрғыдан 
қарайтынын  айтады.  Омарұлының  дыбыстарға  дәл 
келетін  таңбаларды  ғана  жазу  керек  деген  пікіріне  дау 
айтады.  «Дыбыстарға  нағыз  дәл  келетін  жазу  жоқ,  он-
дай жазу жалпыға түсініксіз. Аз қаріп, көп дыбыс – міне, 
жақсы хаттың шарты» деп жазады.
Мақаладан  «Тіл  –  құрал»  шықпастан  бұрын  «ды-
быс», «буын» дегенді жұрт білмеуші еді» деп Ахаңның – 
Байтұрсыновтың қазақ тіл білімінің негізін қалаған еңбегін 
арнайы бағалаған жолдарды да кездестіреміз.
Бұл  орайда  Жүсіпбектің  өз  біліміне  сүйене  отырып, 
айрықша  пікір  айтуы  да  елең  еткізбей  қоймайды:  «Шы-
нында  грамматика  екі  түрлі  болуы  керек,  бірі  тілдің, 
сөздің,  істің  ыңғайына  жүретін  құбылмалы,  жанды  эти-
мология; енді бірі тілдің негізгі, түп атасы, өзгеру жолын, 
тарихын тексеретін ғылыми грамматика болмақ. Мектеп-
те жазу үйретуге, дұрыс сөйлеуге көмек ететін жанды эти-
мология мен ғылыми грамматиканы шатастырып жүрміз. 
Соңғы грамматика орта медреселердің соңғы жылдарында, 
жоғары медреселерде оқытылуы керек. Бастапқы – бастау-
ыш мектепте Ахаңның «Тіл – құралдары» – (әсіресе ІІ-інші) 

120
екі  түрлі  этимологияның  жолдарымен  жазылған».  Бұдан 
әрі автор өзінің пікірлеріне дәлел ретінде бірқыдыру мысал 
келтіреді. Баспасөзде жазылған осынау ойлардың барлығы 
шын  мәнінде  ортаға  салынған  пікірлер  еді,  пікірталастар 
еді. Автордың өзі де мақаласының басында ескертеді, сол 
жылы болатын білімпаздар басқосуына құлаққағыс ретінде 
осы еңбекті жазып отырмын деп.
Орынборда  1924  жылдың  12–17  июні  күндері  аралы-
ғында  Қазақстан  оқу  комиссариатының  ұйтқысымен 
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған Қазақ білімпаздары 
тобы (сиезі) өтеді. Бұл сиез «арада жиырма жылдан соң өз 
алдына шаңырақ көтеретін Қазақ академиясына баспалдақ 
іспеттес болды. Бұл топ – дәуірі қойған міндеттерге жау-
ап беруде мұнан кейін шақырылған сан съезден көш ілгері 
болды десек, қателеспеспіз /253/».
Әліпби  жөнінде  А.Байтұрсынов,  пән  сөздері  бойын-
ша Е.Омаров, оқу-ағарту жүйесі туралы Т.Шонанов, ауыз 
әдебиеті  туралы  Х.Досмұхамедов,  білім  кітаптары  жа-
йында М.Мурзин, «Қазақстан мен Түркстаннан сыртқары 
қазақ халқын ағарту туралы» деген тақырыпта М.Дулатов 
баяндама  жасаған.  «Еңбекші  қазақ»  газеті  білімпаздар 
съезіне: «Бұл топ – тарихи топ. Мұндай топ қазақ болғалы 
болған емес. Баспасөздің қасиеті қандай болса, білімпаздар 
тобының  тарихи  қасиеті  сондай  болады»  деп  тарихи 
тұрғыда үлкен, елеулі баға берген /254/. Ол жөнінде «Сана», 
«Қазақ  тілі»,  «Ақ  жол»  басылымдарында  да  кеңінен 
жазылған /255/. Білімпаздар тобы қазақ әріптерінің дыбы-
сталуы мен жазылуын талқыға салып, төте жазу үлгісін 24 
қана қаріптен тұратын етіп жаңалық енгізеді.
Білімпаздар  съезі  өткеннен  кейін  де  Жүсіпбек 
Аймауытұлы осы мәселеге қатысты «Емлені оңайлатудың 
жобасы»  деген  мақаласын  жариялайды/256/.  Мұнда  да 
оның өз пікірінде қалғанын көруге болады: «а) жазу деген 

121
– сөздің шартты таңбасы, сөздегі болар-болмас барлық ды-
бысты  жазу,  таңбалау  емес.  Сондықтан  болмашы  күдікті 
дыбыстар (әріптер) жазуға оралғы болмауы керек. б) тіл – 
өсіп, өнетін зат... Тіл өзгерсе, өрлесе, сонымен қабат, артын 
ала болса да, хат та өзгеріп отыру керек. в) ...жазу көптікі 
болу үшін, тіл заңына сүйене бермей, оңай, жабайы болу 
керек. Ереже неғұрлым аз болса, солғұрлым оңай болмақ. 
д) сөздің тұлғасы тіл заңынша емес, естілуінше жазылу ке-
рек. е) жазуда артық буын, артық әріп болмауы керек... ж) 
үндестік заңына (сингармонизм) тіл атаулыны бағындырам 
деп жалпы көпке байырғы боп кеткен тілдерді бұзбауға ке-
рек. Жаңа, жат тілдерді Жауыропа (Европа) тілдерінен аса 
алыстатпау керек».
Осы сияқты пікірлерін Жүсекең алдыңғы мақалаларында 
да айтқан болатын.
«Ақ жол» газетінде шыққан «Пән сөздері қалай табыла-
ды?» мақаласында да /257/ Аймауытұлы терминология са-
ласына қатысты өзінің маңызды ойларын білдіреді. Қазақ 
тілінде  кітаптар  көбейіп  келе  жатқандықтан  пән  сөздері 
(терминдер)  де  молая  бастағанын,  олардың  тәуірі  де, 
ұғымсызы, қолайсызы да бар екенін айта келіп: «Бұл әңгіме 
былтыр Білімпаздар кеңесінде де сөз болып еді. Әлі де бол-
са, сөз болу керек көрінеді» деп жазады. Төңкерістен бері 
халық ұғымына еріксіз кіріп кеткен жат сөздерді (олардың 
қатарында  аптономия,  сәбет,  бүджет,  пүртокол,  метеңгі, 
милисия,  ісполком,  әгент,  т.б.  терминдерді  атаған)  жұрт 
миына орнап қалғандықтан, «оларды қуып шығарамыз деп 
талпынған» дұрыс емес екенін айтады. «Ауылдық кеңес де-
геннен  «ауылнай  сәбет»  дегенді  жеңіл  көреді»  деген  мы-
салдарын алға тартады.
«Мектептердің пән сөздерін кеңседе жасау дұрыс емес, 
–  дейді  автор,  –  ...білім  кеңестерінің  сөз  табуы  ғылымға 
негізделген  (академический)  жол  емес,  бұтақ  (кустарный) 

122
жол. Ілім негізімен шешу үшін пән сөздерін жасаушылар 
әр  тілді  (араб,  парсы,  түрік,  еуропа  тілдерін)  білетін  (фи-
лолог) адамдар болу керек». Осындай салиқалы, сарабдал 
ой-пікірлерін қаламгер нақты дәлелдер келтіріп, қисынды 
ретпен  тұжырып  отырады.  «Тіл  мамандары  (филолог-
тар)  болмағанымен,  бізде  пән  мамандары  болуы  керек. 
Белгілі  пәннің  соңғыға  тізіп,  іздеген,  кітап  қарастырған 
адам  азды-көпті  сол  пәнге  маман  болып  алады.  Бір  адам 
әр түрлі пәннен жазбақшы болса, оныкі терең болмайды» 
деген  ұтымды  ұсыныстарынан  кейін  ол  бұл  күнде  ақша 
табуға қызығып, кім болса, сол кітап аударуға әуес болып 
кеткенін, саясат қызметшісі де, молда да, шәкірт те кітап 
жазатынын, мұндай әуестік кітаптың маңызын түсіретінін, 
пән сөздерді шатастыратынын, қарапайым аудармашы пән 
сөздерін таба алмайтынын, білім комиссиясына иек сүйеп, 
табуға талаптанбайтынын баяндайды.
Мамандар  термин  сөздерді  қалай  табу  керегі  тура-
сында  да  Жүсіпбек  керекті  ұсыныс  айтады:  «Бірінші, 
өзі  ойлап  шығармақ,  екінші,  сол  пәнге  керекті  сөздерді 
қазақ  тілінде  шыққан  барлық  кітаптардан  қарастырып, 
қолайлысын алмақ, үшіншіден, сол пән туралы тағы кім-
кім  шұғылданып  жүр,  олар  қандай  сөз  тауып  қолданып 
жүр, солармен хабарласып, кеңесіп отырмақ, төртінші, ел 
адамдарынан, ауыз әдебиеттен де сөз қарастырмақ». 
Бұдан  шығатын  түйін  мынау  –  терминком  құру  және 
олардың қызметі қандай болмақ деген мәселелерді сол за-
манда алғашқы болып Аймауытұлы көтерген. 
Міне,  осындай  әлденеше  мақаласы  Жүсіпбек 
Аймауытұлының  қазақ  тіл  білімі,  қазақ  тілінің  ор-
фографикасы,  фонетикасы,  терминологиясы  және  т.б. 
салаларындағы іргелі проблемаларға бейжай қарай алмай-
тын зиялы болғанын аңғартады.
Көсемсөзшінің қазақ баспасөзі жайында, оның алдағы 

123
қызметі,  түр-сыпаты  туралы  жазған,  жоғарыда  айтылған 
«Тілшілерге», «Ел газетке не жазбақ?» мақала, корреспон-
денцияларымен бірге «Газет тілі қалай түзеледі?»/258/ атты 
проблемалық мақаласы да бар. 
Алдымен  «Ел  газетке  не  жазбақ?»  мақаласына  /259/ 
тоқталайық.  Жанрлық  сыпаты  мен  ерекшелігіне  қарай 
бұл да проблемалық мақалаға жатады. Жүсіпбек мұны сол 
жылдары  5-майда  атала  басталған  баспасөз  күніне  арнап 
жазған екен, мақала да сол күні жарық көріпті.
Қаламгер  мақаласының  әуелгі  жолынан-ақ  қисынды 
тұжырыммен  танысамыз:  «Ағаш  көркі  –  жапырақ» 
дегендейін  «газет  көркі  –  ел  хабары»  деуге  болады». 
Бұдан  көсемсөзшінің  ел  ішінен,  меншікті  тілшілерден 
келетін  хабарларға,  заметкаларға  ерекше  көңіл  бөлетінін 
аңдаймыз. Газет елмен қоян-қолтық араласу үшін сол елдің 
өз тұрмысын өзіне айнаға түсіргендей етіп ашық көрсету 
керектігін айтады.
«Ішкі,  сыртқы  хабар,  үкіметтің  қаулысы,  бұйрық-
жарлығы, сиездің протоколы елдің оқуына онша қызықты 
көрінбейді,  –  деп  жазады    Аймауытұлы,  –  жоғарыдан 
шыққан  дерексіз,  терең  сөз,  терең  саясат,  қарапайым 
ел  қазағына  жат  нәрседей  көрініп,  әрі  ұғымсыз,  әрі 
жалықтырғыш  болуында  сөз  жоқ.  ...Елге  арналып 
шығатын газетті ел оқымаса, үйткені жанына жағымды, 
тісі  батарлық  сөздер  басылмаса,  ондай  газет  бағасын 
жоймақ».  Бұл  айтылған  проблеманың  қазіргі  күні  де 
баспасөз үшін, жалпы, ақпарат құралдары үшін көкейкесті 
мәселе екені белгілі.
Жүсіпбек  журналист  қауымы  үшін  маңызды  санала-
тын дүниелердің бірсыпырасын жіліктеп көрсетеді: «Бірақ 
газетшіге  кінә  қоятын  да,  қоймайтын  да  орын  бар.  Жұрт 
жазбаса,  ішіндегісін  тауып  жазатын  газетші  «тәуіп»  те, 
«пайғамбар» да емес». Сондықтан журналист пен қалың ел 

124
арасында тығыз байланыс орнауы керек, ел ішіндегі хат та-
нитындар баспасөзге белсене атсалысуы керек деген лебіз 
білдіреді автор. «Ел «жазбасам, маған серт, баспасаң, саған 
серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда 
жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдалана-
ды» дейді.
Автор: «...қысқаша айтқанда елдің газетке жазатын ха-
барлары мынау:
1. – шаруа жайы;
2. – әкімшілік, сот жайы;
3. – әйел теңдігі, жастар тұрмысы;
4. – оқу жайы;
5. - жұмысшылар тұрмысы», – 
деп сол уақыттағы, баспасөз бетінде көрінуге тиіс негізгі 
тақырыптарды  бөліп  атайды.  Бұл  талай  айтылған  әңгіме 
екенін, баспасөз күнінде елдің есіне тағы салып отырғанын 
ескертеді. 
Газет  шығару  үшін  қазақтың  көркем,  шешен  тілін 
жақсы  білетін,  ол  сөздерді  газетте  орынды  қолданатын, 
бөтен сөз, жат ұғымдарды елдің ұғымына лайықтап, ба-
рынша  түсінікті  етіп  қолдана  алатын,  қабілетті,  талап-
ты  жастар  қажет  деген  ой  айтады.  Қолдан  сөз  жасап, 
білімсініп, көкке шарықтап, түсініксіз жазудан аулақ бо-
луы керек деп тұжырады. Ондайға әуес болсақ, ел газет 
оқымайтын  болады  дейді.  «Әй,  газетіңді  қойшы,  сөзін 
адам ұқпайды» деп көңілі қайтады. Ендеше газет алмай-
ды.  Ендеше  газет  гүлденбейді,  көсегесі  көгермейді»  деп 
жазады ол.
Жүсіпбек Аймауытұлы газет бетінің материалдарындағы 
аударылған сөздердің мән-мағынасына жеке тоқталады: 
«Алдымда «Еңбекші қазақтың» 396-саны жатыр. Әдеби 
тілін  бақылау  үшін  бастан  аяғына  шейін  оқып,  ұқпаған 
сөздерінің астын сызып, дұрыс сөздерін қарастырып отыр-

125
мын. Міне, бірінші бет «білдіріс» деген сөз... «хабарланды-
ру»,  «құлақтандыру»  тұрғанда,  «білдіріс»  қайдан  шығып 
қалды? «Прунзе жолдас қапыл жүрегі жарылып өлді» («жа-
затайым болып, жүрегі жарылып өлді» десе, қайтеді?), «Ре-
сей  камунес  партиясының  орталық  комитетіне  телеграм 
бойынша  көңіл  қош  айтылсын»,  «Телеграммен  көңіл  ай-
тылсын» десе, ұғымдырақ болмас па еді?» 
Бұл  тарапта  әсіресе  Жүсіпбектің  мынадай  бір  ашы-
на  айтқан  сөзі  –  қазақтың  қазіргі  бұқаралық  ақпарат 
құралдарындағы сөз қолдану аясында күні бүгінге шейін 
аяққа оралғы болып келе жатқан мәселе: 
«Әдейі  бұйрық  шығарылғанша  спиртті  ішімдіктер  са-
тылмасын»  -  орыстың  «спиртный  напиток»  деген  сөзін 
бұлжытпай аудара қойған. Мас қылатын сусынды қаланың 
өзінде  «ішімдік»  демеуші  ме  еді?  Болмаса,  «арақ-шарап» 
десе, не қылады?» 
Өкінішке  қарай,  қазір  «спиртті  ішімдіктер»  деген  сөз 
тіркесі,  ауызекі  тілімізде  айтылмаса  да,  қазақтың  қазіргі 
баспасөзінен  әлі  де  ұшырасады,  әсіресе  радио  мен  теле-
дидардан  жиі  айтылады,  ресми  құжаттардан  түспейді... 
Көсемсөзшінің орыс сөздерін тура аудармай, қазақтың өз 
тілінен балама табу керек деген орынды пікірі осы күні де 
маңызын жоймайды.
Мақала  соңында  Жүсекең  «толып  жатқан  мекеме  ат-
тары,  қызмет  аттары,  кеңсе  тілдері  әлі  бірізге  салын-
бай  келеді.  Тіл  шоқпытталып,  қойыртпақ  болып  бара-
ды... Бұл туралы аударушыларды да жазалауға болмайды. 
Бұған  шара  істеу  керек,  мен  сондай  шараны  ұсынамын» 
деп,  өзінің  жеті  бөлікке  топтастырылған  ұсыныстарын 
ортаға  тастайды.  Материалдың  етегінде  басқарманың   
(редакцияның)   қосымша  мәтіні   бар:   «Орысшадан ау-
дарма сөздердің бірізге түсе алмай келе жатқаны – талассыз 
мәселе.  «Еңбекші  қазақ»  басқармасы  –  бұл  іске  кірісуші. 

126
Жат сөздердің қазақша аудармасы бұдан былай газетке жа-
рияланып отырады». Көсемсөзші мақаласының ең әуелі ре-
дакция  қызметкерлерінің  көңілінен  шыққанын  аңғаруға 
болады.
Әсілі,  Аймауытұлының  көсемсөз  шығармаларынан 
оның  қаламы  төселген,  ойлы,  шешен  публицист  екені 
бірден  танылады.  Әсіресе  проблемалық  мақалаларында 
оның өз ойларын қорытып, сөзін, пікірін пісіріп, ең соңында 
түйінделген бірнеше жол-жоба, ұсыныстарын көп алдына 
ұсынуы – үлгі етуге, үйренуге тұрарлық өнегелі мәнер. 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал