Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ



жүктеу 2.86 Kb.

бет3/14
Дата08.01.2017
өлшемі2.86 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Алаш Орда және большевиктер
Хош,  сонымен,  бірінші  жалпықазақ  съезі  1917  жылғы 
21-26-июльде Орынбор қаласында өткені белгілі. «...Учре-
дительное  собраниеге  тобымызды  жазбай  бару  үшін 
жалпықазақ съезі қажет болды» деп жазды Міржақып бұл 
турасында сол кезде/60/. Бүтін қазақ қатысқан бұл басқосу 
үлкен тарихи оқиға ретінде жан-жақты жазылған. 
Біз ең басты екі шешімге қол жеткізгенін атап айтамыз:
  а)  қазақ  жері  бұрынғыдай  қазынанікі  емес,  қазақ 
ұлтының меншігі деп танылды
б) «Алаш» деп аталатын ұлттық саяси партия құрылды 
/61/.

34
Съездің  күн  тәртібіндегі  14  мәселе  бойынша 
қабылданған  қарарлар  кейінірек,  1917  жылғы  «Қазақ» 
газетінде ноябрьдың 21-і күні жарияланған Алаш партиясы 
программасы  жобасында  өз  бейнесін  тапты  /43.Б.129/. 
«Жалпықазақ  съезінің  қаулысын  қабыл  етіп,  қазақ  өз 
алдына  саяси  партия  болуын  қостайтындар  сайлауда 
кандидат  списогін  Алаш  партиясының  списогы  деп 
жүргізулері керек, – деп жазды «Қазақ» газеті, – ...түбінде 
орыстар  бізбен  біріксе,  оны  көрерміз,  бірікпесе,  оңаша 
Алаш партиясының списогін жүргізбек болдық» /62/.
Сүйтіп,  шын  мәнінде  ұлттық  саяси  партия  жұмыс 
істей  бастайды.  Бұл  жерде  Алаш  партиясы  өтпелі  саяси 
ұйым  болды  /43.Б.126/  деп  қарау  біржақтылық  болар  еді. 
Осы мәселе төңірегінде ғалымдар арасында әртүрлі пікір 
айтылып жүр /63/, /64/.
Біздің айтарымыз: ұлт зиялылары саяси партияға керек 
деп ұғылатын кейбір шартты (жарғы, программа, мүшелік 
билеті, т.с.с.) білмей қалған жоқ /65/, ең әуелі аласапыран 
уақыттың  аса  тығыздығынан,  бірқатар  объективті 
жағдайлардың  салдарынан  бұл  шарттарды  толықтай  іске 
асыра  алмаған.  Бірақ  бұған  қарап  Алаш  партиясын  жай 
ұйым ретінде қарау қате болар еді. Дәл сол уақытта Ресейдегі 
көп  партияның  бірде-біреуі  тура  Алаш  партиясындай 
жалпыұлттық  сипат  алмағанын  еске  түсірсек,  партияны 
тану құр әншейін шартқа келіп тірелмейтініне көз жеткізуге 
болады.
Алаш  партиясының  Семей  облыстық  комитетінің 
ашылуы  12–20  октябрь  аралығында  өткен  /66/.  Сібір 
автономшыларының Том қаласында өткен съезінен қайтып 
келе  жатқан  Ә.Бөкейханов  Семей  қаласына  тоқтап,  12-
13  октябрь  күндері  елмен  кездесу  өткізіп,  сөз  сөйлейді. 
Сұлтанмахмұттың  «Ғалиханның  Семейге  келуі»  деген 
көлемді  мақаласында  мынандай  жолдар  бар:  «...Жұрт 

35
қадыр кісісін көргенде мұндай сүйсінбес. Ғалихан жұртқа 
аман-сәлем қылып отырған соң қара халық атынан Шанжы 
Мұсатаев  келгеніне  құтты  болсын  айтты.  Онан  соң 
комитет атынан Ахметжан Қозыбағаров сөйледі. Онан соң 
учительдер  атынан  Мәнен  Тұрғанбаев  айтты...  Онан  соң 
оқушылар атынан Аймауытов сөйледі:
«Қараңғыда қан жылап қаңғыған күнде басыңды алаш 
жолында құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз!
Сізді  көргендегі  жүректің  қуанышын  тіл  айтып 
жеткізерлік емес. Өміріңді жіберген жолың – біз, інілеріңе 
жағып  қойған  шамшырақ.  Жасасын  сүйреген  алашың! 
Жаса, сабазым» /67/.
Міне,  алаш  баласының  Әлихан  Бөкейхановқа  деген 
сый-құрметі  қандай  болғаны  Жүсіпбектің  осы  сөзінен-ақ 
аңғарылмақ. Автордың көкейінде алаш еліне арнап ұлттық 
автономиялық  республика  құру  мәселесі  тұрғаны  анық 
аңдалады. 
Бұл оқиғадан кейін Алаш партиясының он бес кісіден 
тұратын  уақытша  облыстық  комитеті  ашылған  /66/. 
Төрағасы болып Халел Ғаббасов сайланады.
Тап осы уақыт Бүкілресейлік құрылтай жиналысының 
қарсаңы  болғандықтан  қоғамдық-саяси  өмірде  оған 
қызу  дайындық  жүріп  жатыр  еді.  «Құрылтай  сайлауы 
таянған  себепті  ел  аңдаусыз  қалмасын  деп  облосной 
қазақ комитеті Павлодар, Семей һәм Өскемен уездеріне 7 
кісі шығарды, – деп жазады «Сарыарқа» газеті, – Семей 
уезіне  шыққандар  –  Мұстақым  Малдыбаев,  Мұхтар 
Әуезов,  Шанжы  Мұсатаев,  Құрман  Есенболов,  Әшім 
Мақатаев, Қазы Нұрмұхаметов; Өскеменге барып, ондағы 
ақсақалдар,  азаматтармен  сөйлесіп,    сайлау  мәселесін 
түсіндірушілер  шығару  үшін  Сыдық  Дүйсембин  кетті; 
Павлодарға  да  осы  мақсатпен  кеткендер  –  Юсуфбек 
Аймауытов  һәм  Қаныш  Сәтбаев»  /68/,  «Сарыарқадағы» 

36
бұл хабарды архив  құжаттары  да  растайды /69/. Бірақ  
онда    бұл  кісілермен  қатар  Тайлыбай  Есенбаев  пен 
Ахметбек Сейсенбаевтың да есімдері аталған.
Жүсіпбекке  берілген  мандаттың  орыс  тіліндегі  негізгі 
мәтіні мынадай:
«Павлодар  уезінің  комиссарына.  Облыстық  комис-
сариат  Сізден  қазақ  тұрғындарын  ұйымдастыру  жұмысы 
үшін  уездерге  іс-сапармен  жіберілген  қазақ  комитетінің 
делегаттары  Аймауытов  Жүсіпбек  пен  Сәтпаев  Қанышқа 
заң  жүзінде  әр  түрлі  жәрдем  беруіңізді  және  Сізге  сеніп 
тапсырылған уездегі барлық болыстық комитеттерге де өз 
тарапыңыздан осы туралы өкім шығаруыңызды сұрайды. 
Облыстық комиссариат төрағасы үшін Троицкий, тұрақты 
мүше міндетін атқарушы полковник Киниц» /70/.
Бұл  мандаттан  анық  аңғарылатын  нәрсе:  Алаш 
партиясының облыстық комитетінің тапсырмасымен жүр-
ген  Жүсіпбектің  сол  партияның  мүшесі  болғаны,  Алаш 
партиясын  қолдағаны,  Павлодар  уезінің  қазақтары  ара-
сында  Алаш  партиясының  бағыт-бағдарымен  таныстыру 
жұмыстарын жүргізгені.
«Қазақтың  өзгеше  мінездері»,  «Тұр,  бұқара!  Жиыл, 
кедей!  Ұмтыл,  жастар!»,  «Азық-түлік  жайы»,  «Пар-
тия»,  «Жуан  білектік»,  «Мемлекет  құрылысы»,  «Газет-
журнал оқушыларға» деген алғашқы мақалалары жарияға 
шыққан  Жүсіпбек  Аймауытұлының  қайраткер-қаламгер 
дәрежесінде өз ортасына біршама танылған мезгілі де – осы 
тұс.
1917  жылы  декабрьдің  5–13  күндерінде  Орынбор-
да  екінші  жалпықазақ  съезі  өтеді.  Оған  бүтін  қазақтың 
сол  кездегі  барлық  облысынан,  Алтай  және  Самарқан 
қазақтарынан  делегаттар,  Жетісу  қырғызынан  2  деле-
гат қатысады. Бұл күндер қазақ тарихында алтын әріппен 
таңбалануы  керек:  Алаш  автономиясы  және  оның  Алаш 

37
Орда  деп  аталатын  Ұлт  кеңесі  осы  кезде  құрылды  /71/. 
«..Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш 
автономиясы  келіп,  азан  шақырылып,  ат  қойылды,  –  деп 
жазады Әлімхан Ермеков, – Алты алаштың баласының ба-
сына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Қырғыз бен қазақ 
жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт отанды бол-
ды» /72/.
Бірақ сол кездегі бірқатар саяси жағдайларға байланысты 
және Түркстан қазақтарының Алаш Ордаға қосылуын күтіп 
автономияны  ресми  жариялауды  бір  айға  кейін  шегерді 
/73/.  Оның  тағы  бір  себебін  тоғыз  ай  өткен  соң  алаштың 
әйгілі қайраткері Міржақып Дулатов: «..Арамыздағы ана-
сы  басқа  жұрттармен  келіселік,  мелисиямызды  жасап, 
ұлт  қазынасын  жинап,  қамданған  соң  жариялайық  деп 
қаулы  қылдық.  ...Үлкен  себебі,  жұртқа  большевизм  дерті 
жайылып  келе  жатқанда  сөйлеспей  жариялап  жіберсек, 
көршілерімізбен  арамыз  қандай  болып  кететініне  көзіміз 
жетпеді. Бұл сақтықтың орынды екеніне жұрттың көзі енді 
жетіп отыр», – деп жазған /74/.
Дегенмен кейінге ысырған, сол бір ай мезгіл өтпей жа-
тып,  қазақ  зиялылары  үлкен  үміт  артқан  Бүкілресейлік 
құрылтайдың 1918 жылдың 5-январында большевиктер та-
рапынан қарумен, күшпен таратылуы көңілге алаң, көкейге 
күмән туғызды. «5-январьда 500-ден аса депутат жиылған 
еді, – деп жазады Әлихан Бөкейханов бұл жөнінде, – Нико-
лай түскеннен бері жұрттың сүйенгені, таянғаны, құдайдан 
соңғы,  құрылтай  еді.  Құрылтай  басына  бұтын  көтеріп 
большевик сарыды... Айғайлап алдымен шабатын больше-
вик еді. Соғысты тоқтатам, бітім қылам деп қараңғы сол-
датты  ертіп  алып,  демогогияға  сүйенетін  іс  жүргізген...» 
/75/. Жүрген жерін ойран қылған большевиктер 18-январьда 
Орынборды басып алады. Сүйтіп, автономияны жариялай-
тын күн әзірге белгісіз болып қалады.

38
Қазақ  даласындағы  үлкен  шаһарларда  гарнизон-
гарнизон болып тұрған, жалған уәде, жалаң ұранға алда-
нып,  көкейін  большевиктік  дерт  жайлаған  қарулы  орыс 
әскері  1918  жылдың  көктемінде  күрт  қимылға  көшіп, 
қаруымен ықтырып «совет» деп аталатын жаңа өкіметті 
жаппай қолдайды. «Қай болыс, қай қала болсын, – деп жа-
зады сол кезде «Сарыарқа», – большевик өкіметі алмаған 
жер жоқ. Советтен совет шығып жергілікті мекемелердің 
бәрін төңкерді, иледі, биледі»/76/.
1918 жылдың март айында Алаш Орда көсемі Әлихан 
Бөкейхановтың  тапсырмасымен  Халел  және  Жаһанша 
Досмұхамедовтер Орал қаласынан шығып, Мәскеу бара-
ды. Онда совет өкіметінің көсемдері Владимир Ленин мен 
Иосиф  Сталинге  жолығып,  ІІ  жалпықазақ  және  қырғыз 
съезінің  қаулысын  табыс  етеді.  Ол  қаулымен  танысқан 
Иосиф  Сталин  19-март  күні  Әлихан  Бөкейхановты  те-
лефон  арқылы  келіссөзге  шақырады.  Қырға  шығып  кет-
кен  Әлекеңнің  орнына  ертесінде,  20-март  күні  Семей 
қаласында  Халел  Ғаббасов  телефон  арқылы  Иосиф  Ста-
линмен  келіссөз  жүргізеді.  Ол  келісімнің  толық  мәтіні 
«Сарыарқа»  газетінде  бар.  «...Ұлт  мәселесі  тақырыбын 
совет  өкіметінің  негізгі  қызмет  жобасы  етіп  келеді. 
Жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы 
жобаға муафиқ келеді, – деп жазылған Сталиннің газет-
те берілген сөзінде, – бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер 
сіздің  съездің  қаулысы  өкілдеріңіздің  совет  өкіметін 
тануға қарсы болмаса, болғаны» /77/. Ал шындығына кел-
генде, саясат мәселесіне қарулы әскер шыққан, Ресей им-
периясында  азамат  соғысы  тұтанған,  арты  не  боларын 
ешкім  болжап  біле  алмайтын,  аласапыран  уақытта  со-
вет өкіметімен жақындасу тарихи, саяси  шарасыздықтан 
туған қадам еді /43.Б.168/.
Большевиктердің  ымыраға  келмейтіні,  айтқанға 

39
көнбегенге тізе батыратыны, қару қолдануға даяр тұратыны 
сол кездегі баспасөзде, Алаш Орда қозғалысының үні са-
налатын  «Қазақ»,  «Сарыарқа»  «Бірлік  туы»,  «Жас  аза-
мат» газеттерінде анық жазылған. Мысалы, «Сарыарқада» 
басылған,    большевиктердің  озбырлығын  әшкерелейтін 
«Алаш  құрбаны»  деген  мақалаға  /78/  қысқаша  тоқтала 
кетейік.
«Соңғы  жалпы  қазақ-қырғыз  съезінің  қаулысы  бой-
ынша Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны 
соңғы кезде большевиктер ұнатпай, «ойыныңды тоқтат, 
мылтықты  бер»  деп  мінез  көрсетіп  жүрді,  –  деп  жа-
зады  «Сарыарқа»,  –  6-мартта  таңертең  сағат  9  ша-
масында  Алаш  қаласында  мылтықсыз  ойнап  жатқан 
атты  қорғаушылардың  жанына  10–15  солдат  келіп,  еш 
себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады». Орыс әскери 
гарнизонының  мейманасы  тасыған,  шовинизммен 
уланған озбыр солдаттары ақыры милиция бастығы бо-
лып жүрген, мұғалімдер семинариясының оқушысы Қазы 
Нұрмұхаметұлын  атып  өлтіреді.  Ертеңіне  ел  көп  жиы-
лып, марқұмның жаназасын шығарып, арулап жерлейді. 
Жаназада Шәкерім қажы сөз сөйлеп: «...Ұлтым» деңдер 
деп,  өзінің  ұлтшылдығын  сөзбен  емес,  іспен  көрсетті» 
деп  жазықсыз  оққа  ұшқан  жас  азаматқа  үлкен  құрмет 
білдіріпті.  Міржақып  Дулатов  «Тұңғыш  құрбан»  деген 
белгілі  өлеңін  оқиды.  Райымжан  Мәрсеков,  Мұстақым 
Малдыбаев және т.б. да сөз сөйлейді. «Ақырында, – деп 
жазылған газетте, – Қазының бірге оқып жүрген жолда-
сы Жүсіпбек еңіреп тұрып:
– Жан бауырым, жолдасым! Хош бол! Жасаған алдыңды 
өзіңе,  артыңды  бізге  қайырлы  қылсын.  Талаптандың, 
талпындың,  оқып  қатарға  кірдің.  Бұл  күнде  мынадай 
мезгілсіз қазаға душар болдың. Өкінбе! Ұлтың үшін туып 
едің,  ұлтың  үшін  өлдің.  Кеудеңде  бір-ақ  арманың  кетті, 

40
ешкімге  оқ  атып,  қылыш  суыра  алмай,  жазықсыз  оққа 
ұштың. Тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре ал-
май кеттің. Хош, бауырым, жолдасым. Хош! – деп көзінің 
жасын  тия  алмай,  сөзін  әзер  тоқтатты.  Сүйтіп,  7-мартта, 
бейсембі күні Алаштың тұңғыш құрбанын баянды сапары-
на жөнелтіп, жұрт тарқасты».
Жүсіпбектің осы сөзінен-ақ оның қай жолды таңдаған, 
қандай  мақсат  ұстанған  азамат  екенін  аңғару  қиын  емес. 
«Ұлтың  үшін  туып  едің,  ұлтың  үшін  өлдің.  Ұлтыңның 
бақытының  шетін  көре  алмай  кеттің..».  Осындай  сөздер 
елін сүйген, ұлтын ойлаған, өресі  биік, өрісі кең адамның 
ғана аузынан шықпақ.
Ал оның бірге оқыған жолдасы Қазы Нұрмұхаметұлының 
кім  екені  де  осы  мақалада  біршама  айтылады.  Ар-
хив  құжаттары  Қазының  Сыбан-Еңірекей  болысының 
9-шы  ауылында  1893  жылы  туып,  Семейдегі  орыс-қазақ 
училищесін бітіріп, 1914 жылы мұғалімдер семинариясына 
оқуға түскенін, қаза тапқанын растайды /79/.
«Автономия  болдық  деген  жұрттар  да,  біз  де  бұл 
жолға  тентектікпен  түскеніміз  жоқ,  мемлекет  күйі,  са-
ясат  ісі  құбылып,  еріксіз  айдап  түсіріп  отыр.  Март  ба-
сында  басталған  өзгеріс  алғашқы  күндегісіндей  болма-
ды.  Жыртықты  жамап,  бүтіндікті  бұзбай  учредительное 
собранияға  тыныштықпен  жетуге  жібермеді.  Барған  сай-
ын  ұлғайды,  күшейді,  неше  қабат  сұранып,  сан  қатерге 
кездесіп,  ақырында  бастапқы  түрінен,  бастапқы  күйінен 
айырылды.
Мемлекет  тізгіні  большевиктерге  ауысты,  большевик-
тер  қалай  билік  қолына  тиіп  күш  алған  соң  Николайдың 
таз  кепесін  жұртқа  қайта  кигізуге  айналды,  айтқанына 
көнбеген, айдауына жұрмеген елді аттырды, талатты. Ке-
дей мен байды, оқыған мен қараны жауластырды...» – деп 
жазады сол кездегі саяси ахуал жайында «Сарыарқа» газеті 
(1918 жыл, 2-январь, №27).

41
Саяси  жағдайдың  қолайсыздығы,  әскери  күштің  өте 
кем  болуы  себепті  1918  жылдың  март-апрель  айларын-
да  Алаш  Орда  басшылары  совет  өкіметінің  Мәскеудегі 
көсемдерімен еріксіз жақындасады /43. Б.168/. Әйткенмен 
Алаш Орданы қолдаған көп жұрт жергілікті, зорлықшыл, 
өктем большевик солдаттардың кесірінен совет өкіметінің 
өкілдерімен  тіл  табыса  алмайды.  Сол  кездегі  саяси 
жағдай  жөнінде  «Абай»  журналындағы  «Қазіргі  сая-
си  хал»  мақаласында  Жүсіпбек  Аймауытұлы  былай  деп 
жазады:  «Ұрандасып,  бас  қосып,  кеңесіп  ұлт  жұмысына 
кірісе  бастағанда  қожасының  артынан  қолы  келіп, 
басымызға  міне  түсті;  О  қол  –  ойдан,  қырдан  жиылған 
жітікке саяқ. Олжа тапқыш сығандар, социализмнің атын 
сатқан  большевиктер.  Революцияның  берген  бостандық 
теңдігі, большевиктің істеген жұмысы – ел шауып олжа 
табу,  аузын  ашып  қарсы  келгендерді  шабу,  асу,  ату  бол-
ды.  Большевиктің  босякты  қырғандығын  көрген  жұрт 
жағасын  ұстап,  Николай  бірсәрі  екен  ғой  деген  де  бол-
ды. Большевиктің содыры тимеген ел, таланбаған дүние, 
талқан  болмаған  қала  қалмады...  Большевик  хүкіметі 
тұра берсе, қазақ та аман құтылмас еді. ...Россияның һәр 
жерінен ақ гвардия, қазақ-орыс, афесерлер қосылып, күш 
жинап большевикті жоюға қам қылған. Соның аяғы – осы 
майдың  ішінде  бүкіл  Сібір  қалаларындағы  большевик-
тер қуыла бастады. Омбы, Том, Новониколайск, Красно-
яр, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Павлодар, Қарқаралы, 
Семей, Барнауыл, Өскемен, Зайсан - бәрі алынды. Боль-
шевик быт-шыт болып қашуда. Басқа қалаларда больше-
викпен ұрысып, шығын болып алынғаны да болса керек; 
Семей шығынсыз, бір кісі өлмей құтылды. Оның себебі, 
Семей большевигінің жан-жағындағы қалалары алынып, 
сүйенері  болмағандықтан  Семей  қоныс  болмайтынын 
біледі; Оның үстіне казак-орыспен қазақ қосылып, қырға 

42
афисерлер алып шығып қазақ басшылары ғаскерін жасай 
бастады,  сондықтан  29-ыншы  майда  Семей  большевигі, 
үн жоқ, түн жоқ, бір күнде пойызбен сызған» /80/.
Көріп  отырғанымыздай,  бұл  мақаласында  көсемсөзші 
Жүсіпбек  сол  кездегі  саяси  ахуал  жайынан  біршама 
мағлұмат  берген.  Мысалы,  «Семейден,  Барнауылдан 
қашқан большевиктер Рубцовка деген қала маңында жиы-
лып жатыр дегенді естіп, большевиктің тұқымын құртуға 
афисер,  казак-орыс,  қазақ  отрядтары  жіберілді.  Қазақ  от-
ряды  большевикпен  төбелесіп,  қуып,  бірнеше  кісілерін 
тұтқын қылып қайтты.
Енді  большевик  қалған  жер  –  Түркстан  жағы.  Барлы-
жоқты күші Ташкентте деген хабар бар. О жаққа тілігірам 
жүрмегендіктен анық хабары алынбай тұр».
Мақаласының соңында қаламгер қалың елдің ішіндегі 
қайратты  азаматтарға  атқа  мініңдер  деп  алаш  милиция-
сына жазылуға шақырады. Ел болу, мемлекет көтеру үшін 
ең алдымен әскер керегін жазады, үйткені «шамамыздың 
кемдігінен  большевик  хүкіметі  автономия  беремін  деп 
емексітіп,  алдап  кетіп  отыр.  Енді  күш  алдырмаймын, 
ғаскер жасатпаймын дейтін большевик жоқ» дейді.
1918 жылдың 11-июнінде (жаңаша күн есебімен) Батыс 
Сібірдің  қалаларындағы  және  қазақ  даласындағы  өзге  де 
шаһарлардағы сияқты Семейде де совет өкіметі құлатылды 
/43.Б.171/.  Осынау  тарихи  оқиғалар  жайында  арада  сегіз 
күн  өткен  соң  Аймауытұлы  былай  деп  жазады:  «Алаш 
қаласында  қазақ  басшылары  жиналып,  Алаш  Ордасын 
көтеріп,  қызметке  кірісе  бастады.  Алаш  Орданың  қазіргі 
мақсаты - қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда 
Алаш  Орда  милициясын  жасап,  қазынасын  толықтыруға 
кірісіп жатыр» /80/.
«11-июньде  Алаш  Орда  іске  кірісті,  –  деген  мәлімет 
аламыз  Міржақып  Дулатовтың  мақаласынан,  –  һәм  съез 

43
қаулысы бойынша (ІІ жалпықазақ және қырғыз съезін жа-
зып отыр. - Н.Қ.) автономия жарияланғанша қазақ-қырғыз 
мәдени ұлт жұмыстарын өзі билейді деп жарлық шығарды. 
Мұның мәнісі автономияны жариялауды кейінге қалдыра 
тұрып, мәдени-ұлт автономиясын жарыққа шығарған еді» 
/81/.
Сол  айда  Ресейдің  Самара  қаласында  Бүкілресейлік 
құрылтай  жиналысы  мүшелерінің  комитеті  құрылады. 
Алаш  Орда  осы  Құрылтай  комитеті  Алаш  автономиясын 
танығаннан  кейін  ғана  автономияны  ресми  жария  етуді 
қалап, кейінге қалдырған. Үміт Құрылтай комитетінде еді.
Бірақ  Алаш  Орда  қол  қусырып  қарап  отырмаған.  II 
съезд қаулысын іске асырып, қазақ милициясын құру үшін 
барлық мүмкіндік пайдаланылады. Мәселен, 1918 жылдың 
25-июнінде  Алаш  Орда  «Семей  уезінің  әрбір  болысынан 
милиция  құрамына  30  адамнан  алынуы  керек»  /82/  деп 
қаулы қабылдаған.
Қазақ жігіттерін әскер ғылымына үйретуге подполков-
ник  Ғали  Самыратбеков  сияқты  азаматтар  шақыртылып 
/83/,  Қостанайда  2-ші  қазақ  полкінің,  Жаманқалада 
(Орск)  3-ші,  4-ші,  Оралда  5-ші,  6-шы  қазақ  полктерінің 
құрылғанын,  Өскеменде  1-ші  полк  пен  офицер  даярлап 
шығаратын  медресені  қазақ  офицері,  штабс-капитан  Ха-
мит  Тоқтамышев  ашқанын  «Сарыарқадан»  оқуға  болады 
/84/.
«Менің  ойымша,  қазір  бар  күшті  жұмсап,  қауырт 
кірісетін екі нәрсе деп білемін. Бірі – милиция-ғаскер жа-
сау, екіншісі – оқу жағы, – деп Алаш Орда үкіметінің саяси 
бағыт-бағдарын «Қазір екі нәрсе керек» деген мақаласында 
Жүсіпбек  барынша  ашып  көрсеткен,  –  Милицияның 
керектігі:  заман  –  күштінікі,  қару-жарақтынікі,  атты-
тондынікі. Ғаскер жасап алмасақ, осындай астан-кестең, 
аударыспақ  заманда  елімізді,  жерімізді,  мал-басымызды 

44
қорғап  ала  алмаймыз,  көрінгеннің  аузында  кетеміз, 
жұрттығымыздан айрыламыз, Бұл – бір; сыртқа елеулі ел 
бола алмаймыз; сыбаға ала алмаймыз; осы күнде ұялғаннан 
бермейді, қорыққанынан сыйлайтын заман – екі; Милици-
ямыз болмаса, елге айбарлы, әмірін тыңдатарлық, тәртіп, 
тыныштық орнатарлық хүкімет бола алмаймыз. ...Ұлт на-
мысын ойына алып, қазақтың жігерленетін мезгілі жетті. 
Сол  себепті  ең  керек  нәрсенің  біріншісі  –  милиция,  бар 
күшті  милиция  жасауға  салу  керек».  Осы  жолдардан 
алаштың  көсемсөзшісі  Аймауытұлының  мемлекет  са-
ясатын  толғайтын,  алаш  мұратын  ойлайтын  ел  азаматы 
болғандығына тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.
Алаш  Орданың  орыс-казактармен  тізе  қосып,  больше-
визимге  қарсы  бірге  шыққанына  Әлихан  Бөкейхановтың 
Орынборға,  Сейдазым  Қадырбаевқа  «қару-жарақ,  әскер 
шығынын  үйрететін  офицер  туралы  Дутовпен  хабарлас» 
деген  жеделхаты  /85/  және  атаман  Дутовтың  Алаш  Орда 
үкіметін  құттықтап  Ә.Бөкейхановқа  жолдаған  жеделхаты 
/86/ дәлел бола алады.
Дегенмен  қазақ  полктеріне  киім-кешек  жетпей, 
әскер  арасында  әр  түрлі  аурулар  жайылып,  тәртіп  аса 
жоғары деңгейде болмаған /87/. Милиция құру ісі, байқап 
отырғанымыздай, біршама жүзеге асқанымен, қазына жи-
нау  ісі  күрделі  мәселе  болған.  Әйткенмен  оның  үшін  де 
жол тауып, «пұл жағынан істі тоқтатпастан жалғыз-ақ ша-
расы – ақшаны қазір қарызға алу, жұрттан ақша жиналған 
соң  орнына  салу.  Олай  болса,  Орданың  өзі  де,  жергілікті 
комитеттері  де  қарызға  берілетін  ақшасы  бар  жерлерді 
қарастыру» /88/ керек екені жазылып жатты.
Алаш Орда большевик қашқаннан кейін – 1918 жылдың 
11 және 24 июнь күндері аралығында 8 пункттен тұратын 
қаулы-қарарлар  қабылдаған  /89/.  Әйтсе  де,  оған  шейін 
большевиктердің бас көтерткізбегені рас, әсіресе басқадан 

45
гөрі Орал мен Семей губернияларында қазақтың өз ішінен 
шыққан большевиктер көп кесірін тигізген /90/.
1918 жылдың 8-июнінде осылар сияқты «большевик за-
манында Алашқа қастық ойлап, зияншылық қылғандарды 
тергеуге военно-полевой сот» ашу хақында /91/ 31-шілдеде 
төтенше  сот  пен  тергеу  комиссиясын  құру  туралы  қаулы 
қабылдайды. Райымжан Мәрсеков пен Сыдық Дүйсембин 
оған мүше болған екен /92/. Міне, осындай шиеленіскен са-
яси жағдайдың түп себебі туралы: «Орынбордағы сиездің 
қаулысы  жұртқа  мәлім.  Бірақ  бұл  қаулы  орындалмады. 
Бұған екі түрлі себеп болды: 
1) орыс һәм қазақтан шыққан большевиктердің кесірі
2)  елдің  салақтығы»  /93/  деп  жазыпты  сол  кезде 
Міржақып Дулатов.
Дәл  осы  кезеңде  Ресей  империясының  түстік-
шығысында,  Сібірде  өкіметке  таласқан  саяси,  әскери 
күштердің  көбейгені  белгілі.  Бұлардың  мақсатын, 
ықпалын, пайда-зиянын дәл ашып көрсетерлік тарихи бай-
лам жасау – аса нәзік, күрделі мәселе. Сондай өкіметтің бірі 
– «Патша заманының қара күнін қайта туғызып, қазақтың 
басына  әңгіртаяқ  орнатқан  Колчактың  кер  заманы»  /94/ 
деп Жүсіпбектің өзі жазғандай, алғашында Сібір уақытша 
үкіметінің,  кейін  адмирал  Колчактың  қолына  көшкен 
өкімет еді.
Бұл өкімет Сібірде шығатын (оған, әрине, қазақ жерінің 
терістігі, терістік-шығысы да кірген) газеттер мен плакат-
тар, баспадан шыққан бүкіл қағазды ішкі істер бөлімінің 
қарауына  өткізу  керектігі  туралы  1918  жылы  25-июнь-
де  жарлық  шығарыпты  /95/.  Сібір  уақытша  үкіметінің 
баспасөз  бостандығына  тұсау  салып,  қырағылық  таны-
туы  оның  диктаторлық  сыпатын  аңғартса  керек.  Осыған 
орай  мына  бір  деректі  келтіре  кетелік:  1917–1918  жылда-
ры Семей қаласында 4 баспахана болған. Біреуі облыстық 

46
мемлекеттік, қалған үшеуі – Плещеев, Печекин дегендердің 
және  Жәрдем  серіктігінің  жекеменшік  баспаханалары. 
Бұларда жалпы саны 80-ге жуық адам жұмыс істеген екен 
/96/.
Алаш Орда делегациясы мен Сібір өкіметінің комиссия-
сы арасындағы келісімге Уфа қаласында өткен мемлекеттік 
мәжіліс  қарсаңында  қол  жетті.  Тарихта  Уфа  мемлекеттік 
мәжілісі  деген  атпен  қалған  бұл  басқосу  1918  жылы  
сентябрьдің 8-інде ашылды /43.Б.182/. Міне, осы басқосуда, 
сол  кездегі  қазақ  басылымдарында  жазылғандай,  11-сен-
тябрь  күні  Бүкілресейлік  Құрылтай  жиылысында  Алаш 
Орда  үкіметі  басқарған  Алаш  автономиясын  Ұлттық  ре-
спублика  ретінде  таниды.  Бұл  күн  де  –  қазақ  тарихында 
алтын әріппен таңбалануға тиіс айрықша дата. Ол жөнінде 
«Қазақ»  газетінде  де  /97/,  «Абай»  журналында  да  /98/ 
жазылған. Біз «Абайда» шыққан, сол кезде Уфада жүрген 
Әлихан  Бөкейхановтың  атынан  Алаш  Ордаға  келген  же-
делхат мәтінінен толығырақ үзінді келтірейік:
«Құрылтай  уәкілдігінің  комитеті  Алашты  автономи-
ялы  жұрт  деп  таныды!  ...Бар  күшті  ұлт  ғаскерін  жасауға 
салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. 
Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш ғаскері. Алаш полкіне 
не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншаға 
болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару ал-
сын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде ғаскер 
жасау  жұмысы  жалғассын.  Оралда  қазақ  офицерлерін 
шығармаңыз. Алаш Орда бастығы Бөкейханов». 
ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  тарихындағы  ең  айтулы, 
ең  қуанышты  дата,  қазақша  айтқанда,  ақ  түйенің  қарны 
жарылған күн осы – 1918 жылдың 11-сентябрі болатын!
Бірақ, зор  өкінішке  қарай,  арада бірнеше ай өтпей та-
рих жарықтық жүзін теріс бұрып, империя құрамындағы 
қазақтың  ұлттық  автономиясы  ұзақ  жасай  алмады... 

47
Біздің автономия ғана емес, жаңа сайланған Бүкілресейлік 
үкіметтің  де  ғұмыры  шолақ  болды.  Надан,  қараңғы 
әскерді  өз  жағына  шығарып  алған  большевиктер  азамат 
соғысында бірте-бірте жеңіске жетіп, империяның барлық 
аймақтарында совет өкіметін қайта орната бастайды.  Оның 
себеп-салдары мен сол тұстағы саяси шиеленістер, азамат 
соғысы мен өкіметке таласқан қақтығыстар жайында орыс 
тарихында ғана емес, бізде де бірталай жазылған /43.Б.256/, 
оған тоқталып жату – бұл жерде басы артық дүние.
Бір-ақ  нәрсе  анық:  Алаш  партиясы  және  ол  басқарған 
Алаш  Орда  үкіметінің  қызметі  қазақ  тарихында  өз  ізін 
қалдырды /99/.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал