Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ



жүктеу 2.86 Kb.

бет2/14
Дата08.01.2017
өлшемі2.86 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Төңкерістер қарсаңында
Енді  Жүсіпбектің  есейген  шағында  өткен  елдегі 
қоғамдық-саяси өзгерістерге тоқтала кетейік, үйткені, бұған 
аялдамай  қаламгердің  әлеуметтік-саяси  көзқарасының 
қалыптасуын,  баспасөзге  келу  себебін  білу  тағы  мүмкін 
болмайды.
Бірінші  жер-жаһан  соғысының  басталуы,  осының  зар-
даптарымен отарлық езгінің күшеюі, соғыс мұқтаждарына 
жиналатын  алым-салықтың  қисапсыз  өсуі  «Қазақ» 
газетінің  төңірегіне  топталған  ұлт  зиялыларын  қатты 
алаңдатқан  /43.Б.57/.  Ең  әуелі  ел  тұрмысы  ауырлап,  мал 
басы  кеміді.  Егіс  көлемі  азайып,  шаруашылық  күйзелді. 
«Мәселен, ХХ ғасырдың басында ұнның бір пұты 94 тиын 
болса,  ол  1916  жылы  40  сомға  дейін  көтерілді»  /43.Б.58/. 
1916 жылғы патша үкіметінің қазақ даласы мен Орта Ази-
ядан  майдандағы  қара  жұмысқа  азаматтар  алу  жөніндегі 
атақты июнь жарлығынан кейін ел ішінде үлкен дүрбелең 
туғаны мәлім. Жарлық бойынша осы өлкелерден 400 мың 
адам  алынбақ  болған  /43.Б.61/.  Қазақ  зиялылары,  міне, 
дәл  осы  уақытта  «1916  жылғы  оқиғаға  қатысып,  ерекше 
қызығушылық туғызды» /44/.
Бүгінгі  материалдармен  танысып,  салқын  ақыл, 
салмақты оймен қарайтұғын болсақ, атап айту керек: 1916 
жылғы  жағдайда  «Қазақ»  газеті  төңірегіндегі  саяси  сау-
аты  жоғары,  білімді  азаматтар  көп  еңбек  атқарып,  дұрыс 
жолды ұстанған. 1916 жыллың 11-ші июлі күні «Қазақта» 
басылған,  «Алаштың  азаматына»  деген  ашық  хатында 
олар  патша  жарлығына  көнуге  тура  келетінін,  қарсылық 
білдірсе,  қан  төгілетінін  ескертіп,  «Қазақ  шын  қарсылық 
қылатын болса, ел-елге отряд шығып, бас пен малға әлегі 
бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады» деп жазды /45.Б.225/. 
Алаштың  оқығандары  ең  алдымен  елдің  бостан-босқа 
қырылып  кетпеуін  ойлаған.  Кейінгі  бір  деректерде  ай-

19
тылып  жүргендей,  сол  заманда  Ресей  патшасы  Антанта 
әскери-соғыс  блогынан  шығу  үшін,  өзара  келісімшартта 
қарастырылғандай (қай мемлекетте өкіметке қарсы бүлік, 
көтеріліс, дүрбелең басталса, сол ел Антанта құрамынан 
шығуға  ерікті),    империя  ішінде  қантөгіске  апаратын 
дүрбелең ұйымдастыруға мүдделі болған. Менімше, патша 
саясатының  пиғылын  Әлихан  Бөкейханов  бастаған  қазақ 
зиялылары жақсы түсінген. Және құрбандыққа шалынуға 
империядағы  «бұратана»  халықтар  таңдап  алынғанын, 
дүрбелеңге еріп, бүлік жасап, аранға түскен надан, қарусыз 
елді  ауыр  зеңбірекпен  қаруланған,  кәсіби  әскердің  оңай 
талқан  қылатынын  да  тез  бағамдаған.  Өкінішке  қарай, 
баламызды  әскерге  бермейміз  деп    бас  көтерген  қазақ 
пен  қырғыздағы  қаншама  болыс  елдің  1916  жылы  қалай 
қырылғанын, қалай босқын тапқанын кейінгі тарих анық 
көрсетіп отыр. 
Айтса айтқандай, патша жарлығы шыққаннан кейін бес 
ай өткен соң «Қазақ» газеті былай деп жазды: «...Түркстан 
сарттары әуелгі кезде шошынып, бізді жұмысқа алмайды, 
солдатқа алады деп көнбей қарсылық қылды. Бұл қарсылық 
қылғандарды аз күннің ішінде әскер шығарып, қырғынға 
ұшыратты. Жизақ деген шаһардың 20 мың халқы жоқ бол-
ды, тірі қалғандары босып кетті, мал-мүлік, шаруадан айы-
рылды. Жетім-жесір шулап қалды, жер-суы қазынаға кетті. 
...Ақырында көнді, жігіттерін берді» /25.Б.349/.
Осы  уақытқа  шейін  1916  жылғы  көтерілістердің 
біржақты бағаланып келгені рас. «Патша өкіметіне қарсы, 
феодалдық  және  отарлық  езгіге  қарсы  көтеріліс»  деп 
бағаланудан  бұрын  ол  шындығында  арандатуға  түскен, 
асығыс  іс-қимылдардың  көрінісі  деп  топшылануы  ке-
рек.  Басқа  түскен  халге  көнбеген  қайран  қазақтың  қалай 
қырғын тапқаны «Қазақ» газетінде де жазылған, осы күнгі 
архив құжаттары да соны дәлелдейді /4б.Б.91,92/.

20
Өткір  публицист  Міржақып  Дулатұлы  «Тарихи  жыл» 
мақаласында халықтың әбігерге түсуі жөн білетін басшы-
ны, жол нұсқайтын азаматты тани білмеуінен екенін бекіте 
түседі: «Халықтың берекесін қашырған приом уақытында 
«алып  қаламын,  құтқарамын»  деп  қамқорсынғандар  – 
қырда атқа мінгендер, қалада орысша оқығандар. Бұлардың 
олжасында есеп жоқ» /45.Б.236/ Қырдағы қалың алаштың 
көтеріліс  жасап,  қырғынға  ұшырауының  басты  кесірінің 
бірін тура тауып, «қазақ халқының осынша бүліншілікке 
ұшырауының бас себебі – надандығы» деп дәл көрсеткен. 
«Төңкеріс  жолында  қазақ  жұрты  құрбан  болып-ақ  кетсін 
деуге  дәтіміз  шыдамады.  Сондықтан  біз  екінші  жолды 
қаладық  –  көну  керек  дедік»  деп  еске  алады  ол  он  жыл 
өткен соң «Он алтының ойраны» деген әйгілі мақаласында 
/45.Б.319/.
1916  жылы  августың  7-сінде  патша  жарлығына  бай-
ланысты  Орынборда  бүтін  қазаққа  сауын  айтып,  үлкен 
кеңес  өткізуі  /47/  –  Әлихан  Бөкейханов  бастаған  қазақ 
зиялыларының  ел  қамын  ойлағандығынан  туған  шара. 
Кейін олардың тыл жұмысында жүрген қазақ жігіттерінің 
басы-қасында болып, мұқтаж нәрселерін өкімет назарына 
ұсынып отырулары ұлтын сүйген азаматтығының белгісі 
екеніне ешкім шүбә келтіре алмас. Ал дәл сол тұста ел ішіне 
әреке  салып,  соңы  не  болатыны  мәлімсіз  көтерілістерге 
шақырып, бүлікті қолдаған Ә.Жанкелдин, Т.Бокин сияқты 
оқығандардың  жауапсыз  іс-қимылы  түбегейлі  қайта 
зерттеуді талап етеді.
Бірінші жер-жаһан соғысы басталған жылы мұғалімдер 
семинариясына түскен Жүсіпбектің 1916 жылғы жаз айында 
осы оқу орнының екінші класын аяқтаған кезі еді. Оның де-
малыс уағында ала жаздай қырға бала оқытуға шығатынын 
еске алсақ /14/, бұл кезде семинарист Аймауытұлын елде – 
Баян-Аулада, Қызылтауда жүрген деп жорамалдауға бола-
ды.

21
1917  жылдың  қарсаңында  отар  ел  болған  алаштың 
әлеуметтік-тұрмыстық  жағдайы  біршама  нашарлай 
бастаған. Бұл кезде қазақ жеріне 1,5 миллионға жуық орыс, 
украин  шаруалары  көшіп  келіп,  қоныс  теуіп    қойған  еді 
/43.Б.72/.  1917  жылдың  басында  қоғамдық-саяси  дүниеде 
бір сілкініс болатыны айқын сезілген болатын, саяси хал 
дауыл  алдындағы  теңіздей  демін  ішіне  тартып  жатқан 
еді. Бұл жөнінде «Қазақ» газеті: «Россияда қазіргідей са-
ясат күйі бұрын болған емес. Осы күнде күн сайын ми-
нистрлер түсіп, алмасып жатыр... Саясат ісін бұрынғыдан 
да  мықтырақ  ауру  айналдырды.  Күннен-күнге  меңдеп, 
күннен-күнге күшейіп, насырға шауып барады, немен ты-
нары белгісіз» деп жазады /25. Б.357/.
Немен тынғаны белгілі. Әбден асқынған қоғамдық-саяси 
мазасыз  жағдай  патшаны  тақтан  құлатып  тынды.  Бұны 
«Майданда жау мен әскер арасы қандай ашық болса, мемле-
кет ішінде өкімет пен халық арасы да сондай ашылып бол-
ды... Үкімет қанша сірескенімен айналдырған ауру алмай 
қоймайтын шығар» /25.Б.358/ деп Ахаң - А.Байтұрсынұлы 
сықылды зиялылар алдын-ала біліп те отыр еді.
Іргетасы  соғыс  кезінде  шайқалып,  ақыры  1917  жылғы 
февраль  төңкерісінен  кейін  құлаған  патша  өкіметі  тарих 
сахнасынан кеткен соң қазақ зиялыларында өз тізгінін өзі 
ұстайтын әлеуетті ел болу үміті оянады. Алаштың ұлтшыл 
азаматтары  автономиялық  республика  құру  арманын 
жүзеге асыру ниетінде білек сыбана, бел шеше кірісіп, ұлы 
мақсатқа күш-қайратын жұмсайды. Ұйымдасып қимылдау 
үшін  анық  бағдарламасы  бар  ұлттық  партия  құру,  мем-
лекет билігін қорғау үшін милиция, әскер жасақтау және 
т.с.с.  аса  ірі  міндеттер  тұрды.  Міне,  осындай  жаңа  та-
лап, игі іске жол ашқан әйгілі февраль төңкерісін белгілі 
тарихшы  К.Нұрпейісов:  «Ел  үшін  маңызды  мәселені  – 
аграрлық, ұлттық, республика түріндегі жаңа саяси жүйені 

22
қалыптастыру  мәселелерін  шешу  үшін  алғышарттар 
жасады»  /48/  деп  бағалайды.  Иә,  бұл  төңкеріс  Ресей 
империясының  қоластындағы  халықтарға  саяси  пар-
тиялар  құру,  автономия  алу  мүмкіндіктерін,    баспасөз 
бостандығын  алып  бергендігі  шындық.  Сол  себепті  отар 
ұлттардың  зиялылары  мен  әлеумет  қайраткерлері  оны 
құптап, қуана қарсы алған.
Міне, осындай тарихи, ұлы өзгерістер өтіп жатқан тұста, 
іргелі жұрт болып, қалайда автономия алу талабы оянған 
уақытта, ұлт болашағы, ұлыс бүтіндігі үшін қолайлы та-
рихи  кезең  туып  тұрғандай  көрінгенде  қазақ  зиялылары, 
қазақ қалам қайраткерлері үшін тарақият жолына түсудің, 
дамыған ел қатарына қосылудың өткір мәселелері тұр еді. 
Озбырлықтың өтінен, отар елдің кебінен құтылудың ама-
лын  тауып,  шырғасы  шықпаған,  іргесі  бүтін  мемлекеттік 
жаңа  сатыға  көтерілу  үшін  не  істеу  керек  деген  саяси-
әлеуметтік сауалдың шешімін табу керек болды.
Бұл  кезде  біршама  өмірлік  тәжірибе  көрген,  тауаны 
қайтпаған,  танымы  мол,  семинария  оқушысы  Жүсіпбек 
Аймауытұлы  осы  көкейкесті  мәселе  жөнінде  өз  ойын 
білдіріп,  Көлбай  Төгісов  Ташкентте  шығарып  тұрған 
«Алаш»  газетіне  алғашқы  көсемсөз  туындыларының  бірі 
болып саналатын «Қазақтың өзгеше мінездері» /49/ деген 
мақаласын бастырады (Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған). 
Бұл  дүниенің  соңында  «Семей  семинариясында  оқитын 
Аймауытов пен Әуезов» деп авторлары анық көрсетілген.
«Алаш»  газеті  жайында  біраз  жазылып  /50.Б.44–46/, 
библиографиялық көрсеткіші ретке түсуі /51/ себепті, оған 
тоқталу артық болар деп есептеп, қаламгердің мақаласының 
өзіне көшуді жөн көреміз. 
«Қазақтағы  неше  түрлі  болып  тұрған  ауыр  халдердің 
түпкі негізі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын 
ешкім  қолға  алып,  мәтбұғат  жүзінде  қозғап  көрген  жоқ. 

23
Соның үшін, – деп жазады Жүсіпбек, – бұл терең сауалды 
жұрттың есіне салып, жүректерді қыздыруға сөз бастап от-
ырмыз».
Бұл  жолдардан  анық  байқалатын  нәрсе,  ол  –  көсем-
сөзшінің  өзіне-өзінің  бек  сенімділігі,  қалам  қуатының 
күшіне,  сөзінің  жүрек  қыздыратынына  нанатыны. 
Автордың орыс тіліндегі мерзімді баспасөзді жіті қадағалап 
отыратыны аңдалады. Алаш елін аздыратын нәрсе – Ресей 
патшасы өкіметінің отарлау саясаты, оның қазақ ұлтының 
тұтастығын  бұзатын  әкімшілік  құрылымы  деген  түйінге 
келеді. Естуімше, дейді көсемсөзші, түзу жолға салушылар 
болған.  Әйтсе  де,  олардың  іс-қимылының  жалпы  ұлттық 
сыпат алмауының кесірі ислам дінін бұрмалаған схоласти-
када  жатыр  деген  ой  айтады:  «...Ишандардың  схоластик 
ғылымын таратып, елдің ойын, рухын, қол-аяғын кісендеп, 
бір  кесімді  тар  жолға  тығып,  адамшылықты  тағдырдың 
қазығына  қылқылдатып  байлады  да  қойды».  Айта 
кетерлік  жайт:  бұл  сөйлем  өзінің  стильдік-құрылымдық 
ерекшелігімен Жүсіпбек қаламынан туғанын аңдатады.
«Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді, – деп сол заманның 
танымдық  деңгейімен  өлшегенде  алабөтен  пікір  айтады 
автор, – тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр 
жаттың қолына тиді. Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ 
шығарса деген халге ұшырады». Көсемсөзшінің қоғам сы-
патын, әлеумет өмірін терең ұғынған, саяси сауатты, көзі 
ашық,  көкірегі  ояу  ұлт  азаматы  деңгейінде  көрінуі  ұлы 
Абайдың «өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген 
пайымынан тамыр тартып жатса керек. Әлбетте, мұндай 
ой  айтуға  жалпы  ұлттық  газет  дәрежесіне  көтерілген 
«Қазақтың» да тәлім-тәрбиесі мен ықпалы болғанын есте 
ұстаған жөн.
«...Ұлтым  деп  оқып  шыққандар  халық  арасына  келсе, 
қарая бастайды» деп аңғарымпаздық байқатқан Жүсіпбек 

24
бұл  мақаласының  аяқ  жағында  «үмітіміз,  қаруымыз  – 
оқығандарда» деп зиялыларға үміт артады. Мақаласының 
соңында  зиялы  қауым  өз  ұлтын  «адамшылықтың  жарық 
жағына сүйреуге міндетті» деп өзінің айрықша пайымын, 
жаңаша кесімін айтады.
«Сарыарқа»  – 
Алаш Орданың үні болған газет
Осы  күнге  шейін  Алаш  Орда  турасында  біршама  жа-
зылды /52/. Біз енді қысқаша ғана байыптама жасайық.
1917 жылғы февраль төңкерісінен кейінгі алғашқы ай-
ларда  Семей  қаласында  социал-революционер  (эсэр), 
социал-демократ  (меньшевик),  «халық  бостандығы»  пар-
тиясы  (кадет)  сияқты  саяси  партиялардың  ықпалы  күшті 
болды  /53/.  Бұлардың  саяси  қызметі  және  талас-тартысы 
жайында  «Мемлекет  күйі»  деген  бас  мақаласында  Ха-
лел Ғаббасұлы біршама деректер келтірген /54/. Бұл ретте 
төңкеріске шейін кадет партиясының беделі зор болғанын 
айта кеткен ләзім/55/.
1917 жылдың февраль айында патшаны тақтан құлатып, 
монархияны  жойып,  үлкен  өзгерістерге  жол  ашқан  жаңа 
заманда    «бостандық»  идеясы  империя  құрамындағы 
халықтарды  елең  еткізеді.  «Бұратана»  ұлттардың  көзі 
ашық, көкірегі ояу зиялылары империя құрамында ұлттық 
автономия  алу,  жергілікті  билікті  күшейту,  ұлттың  көзін 
ашу жолында жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылады. 
Оның  алғышарты,  әрине,  баспасөз  еді.  Алты  алашқа 
тараған  «Қазақ»  газеті  енді  цензурадын  құтылып,  елдегі 
саяси  жағдайларды  елге  түсіндіріп,  баспа  бетінде  бәрін 
ашық жазып отырады. 
Март  айының  алғашқы  бес  күні  екінші  Николайдың 
тақтан  тайғаны  туралы  хабар  қазақ  даласының  барлық 
аймағына белгілі болды /43. Б.76/. 8-ші мартта ұлт көсемі 

25
Әлихан Бөкейханов майдан тылында, Минскіде жүріп, Пе-
терборда  болған  өзгерістерге  баға  беріп,  қазақ  жеріндегі 
қалаларға жеделхат жолдайды /46. Б. 215, 216/.
Ұлт  зиялылары  алты  алаштың  ендігі  тағдырын  ше-
шуге  ықпал  жасайтын  бүкілресейлік  құрылтай  жиыны-
на шейін «жер ыңғайы келсе, өкілдері үлгеріп жететіндей 
болса,  шама  келгенше  сиездерді  ұсақтамай,  ірілеп  өткізу 
үшін  облыстық  қазақ  сиездерін  шақыру  керек»  /56/»  деп 
шешкен.  Жалпықазақ  съезін  шақыру  туралы  шешімнің 
1917  жылдың  апрель  айының  басында  Орынборда  өткен 
Торғай  облыстық  тұңғыш  қазақ  съезінде  қабылданған  
/43.Б.93/. Сүйтіп, көктем, жазғытұрым айларында қазақтың 
барлық  жерінде  облыстық  съездер  өте  бастайды.  Мұнда 
қабылданған шешімнің көбісінде Уақытша үкіметке сенім 
артып, соғыс саясатын қуаттаған.
«Біздің  бостандық,  теңдік,  туысқандық  соғыс  қалай 
бітуіне  байлаулы.  Бізді  неміс  жықса,  бізге  Николай 
қайтпақ, бұл шексіз /57/» деп жазады Әлихан Бөкейханов 
бұған  түсініктеме  ретінде.  «Қабылданған  шешімдердің 
мазмұны  жағынан  ерекше  қызығушылық  туғызатын 
27-апрель  және  7-май  аралығында  болып  өткен  Се-
мей  облыстық  қазақ  съезі,  –  деп  бағалайды  тарих-
шы  М.Қойгелдиев,  –  бұл  ретте  оның  жұмысына  Жақып 
Ақбаев, Биахмет Сәрсенов, Райымжан Мәрсеков, Шәкерім 
Құдайбердиев, Ахметжан Қозыбағаров, Әлімхан Ермеков, 
Нәзипа Құлжанова, Сатылған Сабатаев, Халел Ғаббасов, 
Жүсіпбек Аймауытов, Мәнан Тұрғанбаев сияқты белсенді 
қазақ  интеллигенттерінің  үлкен  тобының  қатысқаны 
едәуір ықпал еткені сөзсіз» /46.Б.228, 229/.
Көріп отырғанымыздай, семинария оқушысы Жүсіпбек 
бұл кезде ұлт зиялыларының бел ортасында жүріп, іргелі 
істерге араласа бастаған. Ол қатысқан облыстық қазақ съезі 
күн тәртібінде 16 үлкен мәселені қарап, 20 мүшеден және 10 

26
мүшелікке кандидаттан тұратын облыстық ұлттық комитет 
сайлайды. «Съезд автономияны қолдайды, оның түбегейлі 
шешімін табуын жалпықазақ съезіне қалдырып отыр» /58/ 
деп  жазылған  қабылданған  қаулылардың  бірінде.  «Семей 
съезінің өзіне тән басты ерекшелігі, – дейді К.Нұрпейісов, 
–  онда  мемлекеттік  басқару  мен  қазақ  халқының  автоно-
миясы туралы мәселелер бойынша қабылданған шешімдер 
болды» /43.Б.105/.
Міне,  жер-жерде  өткен  осындай  облыстық  қазақ 
съездері  1917  жылдың  көктем  айларындағы  қоғамдық-
саяси өмір үшін аса елеулі оқиғалар еді. 1-майда облыстық 
қазақ  комитеті  Уақытша  үкіметтің  Семей  губерниялық 
атқару  комитетінің  құрамына  енеді.  Бұл  атқару  комитеті 
төрағасының орынбасарлығына қазақ комитетінің мүшелері 
Халел Ғаббасов пен Әлімхан Ермеков, хатшылыққа Биах-
мет  Сәрсенов,  төралқа  мүшелігіне  Райымжан  Мәрсеков 
мен Ахметжан Қозыбағаров тағайындалған /59/.
Осы айлардағы саяси өзгерістер туралы және әкімшілік 
басқаруы жайында Жүсіпбек сол кезде «Сарыарқа» газетіне 
шыққан  «Мемлекет  құрылысы»  деген  мақаласында 
бірқыдыру  жайттардан  мәлімет  береді.  «Патшаның 
пәрменінен халық құтылды; қандай қолайлы тұрмыс жасаса 
да, ерік өзінде. Бірақ ұлан-байтақ жерде шашылып жатқан 
жүз миллион халық қалай жиылып, қалай кеңеспек? Міне, 
соның үшін мынандай тәртіп болу керек: һәр гүбірниа, һәр 
облыстан халық екі-үш кісі өкіл сайлау керек; бұл өкілдер 
көпке  сенімді,  пікірі,  ойы  жұртпен  үйлесетін  һәм  басқа 
жұрттың  өкілдерімен  тізелесіп,  халыққа  жайлы,  ұнамды 
мемлекет  негізін  жасайтын  кісілер  болу  керек.  Сондай 
өкілдердің  бас  қосып  кеңесетін  жиылысын  «учредитель-
ное собрание» дейді».
Көсемсөзші мемлекеттік маңызы бар сайлау туралы, 
саяси партиялар жөнінде, құрылтай жиылысы жайында 

27
газет оқушыларын таныстыру үшін осылардың маңызы 
турасында  бірқыдыру  жағдайға  тоқталады:  «...Патша 
түскеннен кейін жаңа хүкімет халықтың тілегін орнына 
келтіру үшін учредительное собрание ашпақ болып, со-
нан  бері  даярлану  жұмысы  қандай  қиын  болса  да,  осы 
күз,  сентябрь,  октябрь  айында  учредительное  собрание 
ашылады деп жұрт күтіп отыр. Сайланатын өкілдер сая-
си іс жүзінде қай партияның адамы екені білініп, халық 
һәр партияның программасына (тұтынған жолына) таныс 
болуы керек. Саяси партиялар: социал-революционерлер, 
социал-демократ  һәм  кадет  партиясы.  Кімнің  програм-
масы  жәйлі,  әділ  болса,  соған  халық  дауыс  беру  керек. 
Сайлау біткен соң өкілдер Петроградқа жиылып, учре-
дительное  собраниені  ашып,  халықтың  қалауынша 
жаңадан  мемлекеттің  негізін  құрмақ».  Мұнымен  қатар 
ол «заң шығаратын, заңды орнына келтіретін һәм билік 
құратын» үш түрлі билікті айтып, олардың ерекшелігін 
және  қызметін  айтып,  мысалдар  келтіреді.  Бұл  ретте 
Жүсіпбектің әкімшілік биліктің саяси, құқықтық жағын 
жақсы білетін саясатшы болғанына көз жеткізуге бола-
ды.
Осы  арада  Жүсіпбек  белсенді  авторы  болған,  Алаш 
Орданың органы болып танылған «Сарыарқа» газеті тура-
лы қысқаша айта кеткен жөн.
Бостандық  заманы  туған  соң  әуелгі  бастандық 
баспасөзге  тиесілі  екенін  білетін  қазақтың  зиялы 
қайраткерлері  әр  жерде  газет  шығара  бастайды.  Кейін 
Алаш  Орда  қозғалысының  үніне  айналған  «Сарыарқа», 
Алаш  Орданың  тікелей  газеті  мен  журналы  саналған 
«Бірлік туы», «Жас азамат», «Абай» сиқты басылымдар 
сол кездегі саяси жағдайларды толық жазып, оларға бай-
ыпты сараптама жасап отырды. 
Осылардың  бірегейі  1917–1919  жылдары  Семей 

28
қаласында  шығып  тұрған  «Сарыарқа»  газеті  еді.    1917 
жылдың апрелінде Семей облыстық қазақтар съезі тездетіп 
газет шығару қажеттігін айтып, оны күн тәртібіне қояды 
(ҚР ОМА, 15-қор, 2-т, 422-іс, 47-п). Сүйтіп, «Сарыарқаны» 
баспаханадын  басып  шығару  міндетін,  өзге  де  шығынын 
«Теңдік»  атты  уақ  қарыз  серіктестігі  өз  мойнына  алады. 
Серіктестікке Жұмеке Оразалыұлы,  Бекқожа Құлғараұлы 
секілді  ел  қамын  жеген  азаматтар  500  сом  жарнамен 
қаржылай көмек берген (Сарыарқа, 1917, 15-июль, №5). 
«Сарыарқа»  газетінің  алғашқы  нөмірі  1917  жылдың 
15-июнінде жарық көрді. Ол шыға салысымен «Сарыарқа» 
газетінің редакциясына  қырдағы ел ішінен құттықтаған, 
тілеулестік  білдірген  хаттар  келе  бастаған.  Соның 
біреуінде  «...  Міне,  Қазақстанымның  әр  жағынан  күн 
жарқырап,  біздің  Семейде  «Сарыарқа»  туды.  Қазақ 
халқы  үшін  қайырлы  қолбасшы  болғай»  деп  жазылған. 
Үңіліп қарасаңыз, автономия алу туралы әңгіме енді ғана 
көтеріліп жатқан, әлі Алаш Орда қозғалысы басталмаған 
кезде  белгісіз  бір  оқырман  «Қазақстаным»  деп  жазады. 
Ел  болуды  көксеген  алаш  баласының  ұлы  арманын  осы 
жолдардан-ақ ұғуға болар. 
Газеттің екіншісі бір оқушысы:
Сәтімен құтты болсын «Сарыарқамыз»!
Артарлық өзімізде бар арқамыз.
Қысылып-қымтырылып ашып едік,
Иншалла, кеңір енді тар арқамыз... 
деп  өлең  жазып,  жыр  жолдарын  арнайды  (Сарыарқа, 
1917, 19-июль, №2)
Редакциясы сонау Орынборда орналасқан «Қазақ» газеті 
былай деп жазады: «Сарыарқа» газетінің 1-і нөмірі де келді. 
Газет қазірге жұмасына бір рет шықпақ. Жылдық хақы – 6 
сом, жарты жылдығы –  3 сом, 25 тиын. «Сарыарқаны» қазақ 
емлесімен  шығару  мақсатымен  «Қазақ»  басқармасында 

29
қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековті Семейге шақырды. 
Имам  жүріп  кетті.  «Сарыарқа»  көңілдегідей  жақсы. 
Жолдасымызға құтты болсын айтамыз» (Қазақ, 1917, 2-сен-
тябрь, № 242).
«Сарыарқаның»  редакторын  сайлау  туралы  мәселе 
көтеріледі, ол жайында газеттің 1917 жылдың 8-июніндегі 
№16  санында  жазылған.  Сайлауда  алаштың  белгілі  адво-
каты,  қоғам  қайраткері,  кейін  Алаш  Орданың  қабырғалы 
қайраткері  болған  Райымжан  Мәрсековтің  кандида-
турасы  өткен.  Сөйтіп,  «Сарыарқа»  газетінің  алғашқы 
редакторының  қызметін  Мәрсеков  атқарады.  Газеттің 
алғашқы сандарына (№ 2, 3, 5, 6, 9, 15) оның қолы қойылған. 
Екі  жылдан  аса  шыққан  «Сарыарқа»  газетіне  редак-
тор  болып,  басшылық  жасаған  азаматтар  –    Райымжан 
Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Шынжы Ке-
рейбаев.
1917 жылдың ноябрінде газетті шығаруға шын пейілі-
мен араласқан, қаржы табуға көмектескен, редакторлық ет-
кен қайраткерлер туралы «Сарыарқа» өзі былай деп жаза-
ды: 
«Райымжан Мәрсеков –  қазір Семей облысының қазақ 
комитетінде ағза һәм областной соттың председателі, біздің 
қазақ  юристері  арасында  бұрыннан  әлеумет  ісіне  кірісіп 
жүрген адвокат.
Халел Ғаббасов жаңадан университет бітіріп шыққаннан 
кейін Семейде уақ қарыз инспекторы болған. Халел –  сту-
дент  күнінде-ақ  жинаған  білім  қазынасын  халыққа  тара-
туды  өзіне  борыш  санаған  һәм  сол  пікірін  іспен  көрсете 
бастаған  қазақтың  үмітті  адамы.  Бұл  күнде  «Сарыарқа» 
газетін  шығарушы  һәм  областной  жер  комитетінің  һәм 
қазақ комитетінің ағзасы».
Өз тарапымыздан үстемелесек, Халел Ғаббасов (1883 – 
1931) – Алаш Орданың көрнекті қайраткері, 1918 жылдың 

30
март  айында  Семейден  телефон  арқылы  Мәскеудегі 
Ленинмен  және  ұлттар  істері  жөніндегі  комиссариат 
басшысы Сталинмен келіссөздер жүргізіп, большевиктерді, 
сөз  жүзінде  болса  да,  Алаш  Орда  автономиясын 
мойындатуға, Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) сияқты қазаққа 
автономия алып беруге большевиктердің уәдесін ала алған 
үлкен қайраткердің бірі.
Халел Ғаббасов «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы № 11 
–  14 және № 21, 22, 29 сандарына қол қойған.
Бұлардың  ішінде  Имам  Әлімбековті  көп  жұрт  біле 
бермейді. Ол – Қарқаралыдағы орысша-қазақша оқытатын 
мектепті  бітірген  соң  Семейдегі  мұғалімдер  даярлайтын 
семинарияда оқып, кейін гимназияда оқытушылық қызмет 
атқарған  қазақ  азаматы.  1918  жылдың  февраль  айында 
Семейдегі  өкімет  билігі  советтердің  қолына  көшкен  кезде 
облыстық білім беру бөлімінің комиссары болған (ҚР ОМА, 
1416-қор, 1-т, 4-іс, 3-п). 
Арада  төрт  ай  өткен  соң,  1918  жылдың  июнь  айында 
Семейде совет өкіметі құлайды. Осы кезден бастап қайта 
шығарыла бастаған «Сарыарқа» газетінің редакторы Имам 
Әлімбеков  болды.  «Сарыарқаға»  ең  ұзақ  редакторлық 
еткен  –  осы  кісі.  Әлімбеков  газеттің  №  16-20,  23,  24,  26-
28 сандарынан бастап, 1918 және 1919 жылдары (газеттің 
75-нөміріне шейін) барлық санына өзінің қолын қойған.
Батыс Сібірді адмирал Колчак билеп тұрған кезде оның 
өкіметі 1919 жылдың 29-мартында И.Әлімбековті тұтқынға 
алады  (Сарыарқа,  1919,  4-апрель,  №75).  Семейде  шығып 
тұрған  «Новое  слово  газеті  «И.Әлімбековті  тұтқындау» 
деген мақалада:
«Сарыарқа» газетінің редакторы И.Әлімбеков Семейде 
совет  өкіметі  келген  алғаш  күннен  бастап  бірнеше 
большевиктік ұйымдарға қызметке кіріп, совет өкіметінің 
мүддесіне жұмыс істеген болатын. Совет өкіметін болыстар 

31
мен  уездерде  ұйымдастыру  жөніндегі  декреттерді  қазақ 
тіліне  аударумен  айналысуға  құлшына  кіріскен  еді»  деп 
айып тағады (Новое слово, 1919, 11-апреля, №35).
Ал «Сарыарқа» газетінің өзі болса, «Басқармадан» деген 
бас мақаласында: «Имамды казақ комитеті большевиктің 
ісіне  кіргізгенде,  сол  уақыттағы  большевикке  қарсы 
жасырын  ұйымдар  болатын,  сол  ұйымдармен  ақылдасып 
кіргізген.  Осы  күнгі  өкімет  басында  отырғандардың 
бірталайы  сол  ұйымның  мүшелері  болатын,  олар  мұны 
жақсы  біледі  һәм  Имамның  сол  жасырын  ұйымға  қандай 
пайда келтіргені де оларға мәлім. Бұл турада следственная 
комиссияның есіне салып, қағаз беріліп еді...». Ол құжатқа 
большевик  деп  танылып  тұтқындалған  И.Әлімбековті 
тергеу, тексеру істерін қайта қарау керегін атап айтып, 1919 
жылдың  14-апрелінде  Р.Мәрсеков,  Х.Ғаббасов,  Ә.Сәтбаев 
қол қойған (Сарыарқа, 1919, 11-апрель, № 76).
1919  жылдың  4-апрелінен  бастап  «Сарыарқа»  газетіне 
Шынжы  Керейбаев  редактор  болды.  Ол  басылымның 
75-нөмірінен  бастап  соңғы  88-санына  дейін  қолын 
қойған. 
Ш.Керейбаевтың 1920 жылы 23-февральда өз қолымен 
толтырған  анкетасында  Қарқаралы  уезінде  дүниеге 
келгенін,  34  жаста  екенін,  28  жастағы  әйелі  Ләтифа 
Керейбаева, 9 жастағы ұлы Мұрат Керейбаев сол уақытта 
Өскемен  қаласында  тұрып  жатқандығын  айтады.  Үш 
кластық  фельдшерлік  мектепте  оқып,  1917  жылға  дейін 
дейін  аудармашы  болып,  кейін  банкіде  қызметкер, 
баспахана меңгерушісі болған. 
Орынбордағы «Қазақ» газеті мен Семейдегі «Сарыарқа» 
газеті  1917  жылдың  июнь  айынан  бастап,  арадағы  біраз 
ғана  уақыттық  үзілісті  санамағанда,  1918  жылдың 
июль-сентябрь  айларында  қатар  шығып  тұрды.  Соның 
арқасында  Алаш  Орда  қозғалысының  программасы  мен 

32
басты  шешімдері  ел  арасына  тез  жетіп,  алты  алаштың 
баласы  сол  жылдардағы  саяси  өзгерістер  туралы  дер 
уағында  құлақтанып  отырды.  1918  жылдың  февраль-май 
айларында Алаш Орда қозғалысының негізгі органы болып 
«Сарыарқа» газеті жалғыз өзі шығып жатты.
Әлімхан Ермеков пен Мәнен Тұрғанбаев «Сарыарқаның» 
белді  қызметкерлері  болды.  Әуелі  (1917  жылы)  Уақытша 
үкіметтің  Семей  губерниясындағы  комитетінің  құрметті 
төрағасы,  кейін  Алаш  Орданың  көсемі  болған  Әлихан 
Бөкейханов,  көрнекті  қайраткерлер  Міржақып  Дулатов, 
Биахмет  Сәрсенов,  Жақып  Ақбаев,  Сұлтанмахмұт 
Торайғыров,  Тұрағұл  Құнанбаев,  Мұстақым  Малдыбаев 
«Сарыарқаға»    мақалаларын  шығарып,  құрылтай 
жиналысы, жер мәселесі, елдің шаруашылығы, мәдениеті, 
оқу-ағарту  ісі  жайында  іргелі  проблемаларды  көтеріп 
отырды.
«Сарыарқада» 
Мұхтар 
Әуезовтің 
алғашқы 
мақалаларының бірі – «Адамдық негізі – әйел», «Оқудағы 
құрбыларыма», «Қайсысын қолданамыз?» атты мақалалары 
жарық көрді.
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Сарыарқаның 
жаңбыры», «Шәкірт ойы», «Алаштың әнұраны», «Е, дүние», 
«Жас жүрек» деген өлеңдері, «Ғалиханның Семейге келуі» 
деген репортажы осы газетте басылған.
1918  жылы  Семей  қаласында  совет  өкіметі  алғаш 
орнағанда  «Сарыарқа»  газетін  контрреволюциялық 
басылым  деп  өзінің  арнайы  шешімімен  май  айында 
жаптырады.  Осы  айда  газет  пен  «Абай»  журналының 
жабылып  қалғаны  туралы  «Сарыарқа»  кейін  былай  деп 
жазды:  «Нұрғали  Құлжанов  майдың  13-күні  қасына 
солдаттар  алып,  «Сарыарқа»,  «Абай»  журналы  басылып 
тұрған қазақ баспаханасын тартып алды, басылғалы тұрған 
«Сарыарқаның» 43-нөмірін шашып, мүлкін қолына алып, 

33
есігіне құлып салдырды. Бір-екі күннен кейін баспахананы 
бұздырып,  хәріптерін  әкетпекші  болғанда  бұл  ісі  жүзеге 
аспай қалды» (Сарыарқа, 1919 жыл, 26-март, №74).
«Сарыарқаның»  1919  жылдың  25-авгусіндегі  №87 
санында  жарық  көрген  мақаласында  С.Жабаев  деген 
автор былай деп жазады: «Ардақты азаматтар! Құрбылар! 
Көптен қалған жалғыз газетті бұлдап жүріп, жауып алсақ, 
сүйектен  қалмайтын  зор  таңба  болады.  Алдын  ескеріп, 
қолдан келгенше жанашырлығымызды көрсетелік, әр алып 
ұраға жығылып өлетін бір қараны болмаса қасқыр жейтін 
тоқтыны аямалық. Алты алаштан мен құралпы мың жігіт 
30 сомнан берсе, 30000 сом болады. Тағы да көзі ашық аза-
маттар әр жерден жәрдем беремін десе, жәрдем жиюды мой-
ныма аламын. Бұл байлықпенен емес, ортамыздағы жалғыз 
газетті жаптырып біреуге көз сүзуден ұялғандықтан».
Саяси  өзгерістердің  большевиктердің  пайдасы-
на  шешілуі,  азамат  соғысы  жылдарындағы  қаржы 
жетуіспеушілігі  редакцияға  ауыр  тиіп,    өкінішке  қарай, 
ақырында,  барлығы  88  нөмірі  шыққан  «Сарыарқа»  газеті 
1919 жылдың сентябрінде жабылып қалады.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал