М.Әуезов абайдың Өм ірбаяны (1950)



жүктеу 0.63 Mb.

бет1/5
Дата09.01.2017
өлшемі0.63 Mb.
  1   2   3   4   5

 

 



М .Әуезов 

 

АБАЙДЫҢ ӨМ ІРБАЯНЫ (1950) 

 

Абай  осы  күнгі  Семей  облысындағы  Шыңғыс  тауын  жайлаған 



тобықты  руының  ішінде  1845  жылы  туған.  Абайдың  өз  әкесі  - 

Құнанбай,  атасы  -  Өскембай,  арғы  атасы  -  Ырғызбай.  Аталарының 

барлығы  да  ру  ішінде  үстемдік  жүргізген  адамдар.  Ақынның 

бұлардан  арғы  аталары  Айдос,  Олжай  болады.  Олжайдың  үш  ұлы: 

Айдос,  Қайдос,  Жігітек.  Тобықтының  атақты    жуан  биі  Кеңгірбай  - 

осы Жігітектің баласы, Қайдостан Бөкенші, Борсақ тарайды. 

Айдос өз басы би де, бағлан да болған емес. Қайта момын, жасық 

адам  болғандықтан,  оны  «Шөккен  түйеге  міне  алмайтын  жаман 

Айдос»  дейтін  мәтел  бар.  Осы  Айдостың  Айпара  деген  әйелінен  төрт 

ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай. 

Айпара  ер  қайраты  бар,  есті,  адуын  әйел  болған.  Өзінде,  бір 

жағынан,  тапқыр  шешендік,  бір  жағынан,  бақсы  құшнаштық  сияқты 

сәуегейлік  те  болған.  Айпараның  өзінен  қалған  бір  ауыз  сөз  -  төрт 

баласына берген аналық сын сөзі. Сонда: 

 

Шынжыр балақ, шұбар төс - Ырғызбайым,  



Тоқпақ жалды торыайғыр - Көтібағым.  

Әрі де кетпес, бері де кетпес - Топайым  

Сірә дә оңбас - Торғайым,- 

 

дейді. 


Сол  шешесі  дәме  қылған  Ырғызбай  өзге  туысынан  анық  артық 

болып,  озып  шығып,  ортасы  дәме  қылған  жігіт  болады.  Тобықтының 

сол  күндегі  биі  Кеңгірбай  өзге  барлық  жас-желеңнің  ішінен 

Ырғызбайды сынайды. Ел сөзіне араластырып, баулып жүреді. Ол кез 

-  көп  бидің  парашыл  кезі.  «Сыбаға»  деп,  «жол»  деп  мол  параны 

бадырайтып алып жатады. 

Кеңгірбайға  да  осы  жөнде  көп  жаманат  еретін.  Соның  мысалы 

байы  өлген  қаралы  бір  әйелдің  даусынан  байқалады.  Ері  жанжал-

төбелесте өліп, есе ала алмай отырған әйел: 

 

Мойны, басы былқылдап,  



Ырғызбай жүрді араға,  

Қеңгірбай толды параға,  

Параға алған қара атан,  

Тігілгей еді қараңа,- 

 

деген. 


 

 



Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде, 

сол  інісі  ертерек  өліп  қалады.  Ырғызбайдың  өзге  бір  ерекшелігі  жас 

кезінде  үлкен  ас,  ұлы  дүбір  жиында  күреске  түсетін  үлкен  балуан 

болған.  Уақытында  қазақтын,  көп  руларының  арасында  зор  лақап 

болып жайылған бір күресі бар. Ол: қазақ, қоқан халықтары жиналған 

бір аста «Қоңыраулы балуан» деген түйе балуанды жыққаны. 

Ырғызбайдың  бірнеше  баласы  болған.  Олары:  Үркер,  Мырзатай, 

Жортар,  Өскембай.  Өскембай  Ырғызбайдың  өзге  балаларының 

ішіндегі  ең  артығы  болады.  Кеңгірбай  Ырғызбай  өлген  соң,  оның 

орнына  Өскембайды  ұстайды.  Бертін  келіп,  өзі  қартая  бастаған 

кезінде  өз  орнына  Өскембайды  би  етпек  болады.  Сол  күннің  жолы 

бойынша батасын беріп, Өскембайды би қояды. 

Өскембай  өзінің  ел  меңгеру  әдісінде,  ең  алдымен,  көпті  мезі 

қылған  парақорлық  мінезінен  бойын  қашаңдау  ұстауға  тырысқан.  Ел 

ортасында  сақталып  қалған  сөздің  бірінде:  «Ісің  адал  болса, 

Өскембайға  бар,  арам  болса,  Ералыға  бар»,-  деген  сөз  бар.  Бұл  да 

билердегі  сатымсақтық,  жемқорлық  дағдыны  көрсетеді.  Содан  мезі 

болған, жиренген ел өз сынын әр тұста қатты айтып отырған. 

 

Қайырсыз болған жазыңнан  



Қайырлы болған қыс артық.  

Көрінбеген  алтыннан   

Пайдасы тиген мыс артық.  

Пара жеген билерден   

Қасқыр алған ит артық,- 

 

деген  сөздер  би  атаулының  қайсысына  болса  да  сын,  таразы  тәрізді 



еді.  Парашыл  әкім  кім  болса  да  оған  ел  сыны  беті-жүзіне  қарамай 

қатты  айтылатын.  Би  ғана  емес,  халықты  меңгерген  хан,  төреге  де 

соны  ашып  айтатын.  Сол  Қеңгірбай  тұсында  найманды  билеген 

мықты төре Бопыға айтылған бір сын сөзде: 

 

Бопекемнен төрелік іс кетпеген,  



Жегеніне Байыстай ел жетпеген.  

Қара сөзге құбыладан ескен желдей  

Алдынан тоқтылы-қой дау бітпеген,- 

 

дейді.  Парашыл,  жегіштік  елдің  дау-шарына  бітім  таптырмай  көпке 



кесір  болған  соң,  осындай  ащы  мысқыл  да,  қатты,  катал  сын  да  көп 

туып,  ел  аузында  күнде  айтылып  жүре  берген.  Сондықтан  Өскембай 

бұл  жағынан  тиімді  болады.  Бірақ  осындай  болумен  қатар,  елді 

күшпен, зілмен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған. 

Мысалы,  бір  уақыт  алдына  жүгініске  келіп  отырған  Мәмбетей  деген 


 

 



кісіге  ашуланып,  мұрнын  кесіп  алған  сияқты  ісі  -  жаңағы  айтқанға 

дәлел.  Озбыр,  зорлықшыл,  жыртқыштық  мінез  иесі  екенін  де 

танытады. 

Өскембай  орта  жасқа  келгенде,  баласы  Құнанбай  ержетіп,  атқа 

мінген.  Құнанбай  1804  жылы  туған.  Бұның  шешесі  Зере  кісі 

ренжітпейтін  жұмсақ  мінезді  әйел  болған.  1850  жылы  72  жасында 

Өскембай  өледі.  Зере  ерінен  кейін  көп  жасаған.  Ол  бертін  келіп, 

тоқсанға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі - Абайдың бала, 

боз  бала  күнінде  ауылдың  бәрі  Зерені  «кәрі  әже»  дейді  екен. 

Кәріліктен  құлағы  естімейтін  болады.  Балаларына  дұға  оқытып 

үшкірте  береді.  Сонда  өз  қолындағы  немересі  -  Абай  кәрі  әжесінің 

құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен. 

Құнанбай  жасында  әке-шешесі  мен  өскен  ортасынан  алған 

тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген. Мұның орайына жас күндегі 

өмірі,  елдің  ол  кездегі  дағдысы  бойынша,  батырлық,  жорықшылық 

сияқты  істерге  көбірек  ауған.  Өзі  құрбы  жас  жігіттердің  ішінде 

мықты,  найзагер  болып  та  саналған.  Жасында  осындай  өмірге 

салынған  Құнанбай  кесек  мінезді,  қатты  адам  болған.  Қаттылығы 

әншейін  ағайынға  ғана  емес,  әке-шеше,  жанашыр  жақынға  да  бір 

қалыпта болған сияқты. 

Ел  билеп,  іс  басқаруға  келгенде,  Құнанбай  әкесінен  айлалы 

болған.  Мұның  кісілікке  толық  іліккен  кезінде  Сібір  даласы  «1822 

жылдағы  Сібір  қазақтарына  арналып  шыққан  жарғы»  бойынша 

округке  бөлініп,  «округтік  приказдар»  билейтін.  Округтің  бастығы  - 

аға  сұлтан,  приказдың  қалған  екі  мүшесінің  бірі  -  үкімет  чиновнигі 

(елдің  көбі  мұны  «Майыр»  дейді).  Үшінші  мүшесі  -  сұлтан  атанады. 

Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады. 

Бұрыннан  өз  орталарынан  біреудің  болуына  көп  тілеулес  боп 

жүрген  ру  жуандары  Құнанбайдың  аға  сұлтан  болуын  Бекейханның 

нәсілі  Құсбек,  Жамантайдың  партиясынан,  патша  саясатынан  дегісі 

келмей,  «Құнанбайдың  басының  қасиетінен»  деп  кеткен.  Сол  кездегі 

атқамінерлер  аузындағы  аңызға  қарағанда,  Құнанбай  «қарадан  хан 

болған» деп аталады. 

Құнанбай бірде тобықтының старшинасы (ол күнгі болыс есепті), 

бірде  жаңағыдай  аға  сұлтан  болып  жүрген  кезде  басынан  талай 

үлкенді-кішілі 

уақиғалар 

атқарған. 

Ақын 

Абайдың 


алдыңғы 

аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме 

аса  көп.  Себебі  Құнанбай  өз  тұсындағы  ел  билеушілердің  көбінен 

қатал,  салмақты  болады.  Ақыл,  ой  да,  қажыр-қайрат  та,  әмір,  билік 

батылдығы  да  және  халыққа  батқан  қатты,  кесек  іс-қимылдары  да 

бұның атын көпке мәлім еткен. 

Ол жайындағы әңгімелерді ақын  Абай атына байланыстырмай-ақ 

неше  алуан  ғып  ел  аңызы  көп  сақтаған,  көпке  жайған.  Шынында, 



 

 



Құнанбайдың  ұзақ  өмірі  (ол  80  жасқа  жетіп  өлген)  қилы-қилы 

уақиғаға аса бай еді. Өскембайдың  өзі барда ел  ішін ерте қолға алған 

Құнанбай  ру  тартысының  зор  қақтығысын  жасырақ  шағында  да 

бірнеше  көреді.  Ондағы  тартыс  тобықтының  өз  ішіндегі  тартысы 

емес,  сырт  рулармен  тартысы.  Мысалы,  Құнанбайдың  30  жастағы 

шағында  Өскембай  ауылын  найман  шабады.  Найман  қолының  мықты 

басшысы  Серікбай  көп  қол  жиып  кеп,  бекініс  алып  жатып,  бірнеше 

түн ауыл шауып, жылқыға тиеді. Қатты  қимыл соғыста Құнанбай тап 

ортада  өзі  жүреді.  Найман  көп  кісі  тұтқын  қалдырады.  Тобықты 

жылқыны  алғызбайды.  Бірақ  осы  соғыста  Құнанбай  жағынан  көп  кісі 

найзаға  шаншылып,  қатты  жарадар  болады  да,  Өскембайдың  бір 

азамат  баласы  қаза  табады.  Ол  Болсамбек  деген  асырап  алған  баласы 

болатын. Мұны Зере Құнанбаймен бірге бауырына салып өсірген еді. 

Найманнан  Өскембай  ауылында  тұтқын  боп  көп  азап  көрген 

жандардың ішінде Қожамжар деген ақын да болған. Осы шабуыл, зор 

пәлені  Қожамжар  өзі  уақытында  көп  өлең  еткен.  Бұл  пәленің  арты 

Қарқаралы  приказының,  Аягөз  ұлықтарының  қатты  кіріскен  ісі  боп, 

ақыры  Омбы  ұлығының  кеңселеріне  шейін  барады.  Соңғы  жылдар 

табылған  архивте  тобықты  жағының  барлық  жауабын,  дауын  айтып, 

бар  тартысты  басқарып  жүрген  кісі  би  Өскембай  емес,  әкесі  берген 

тапсырма  бойынша,  бар  тергеу-талқыны  өз  мойнына  алған  30  жасар 

жігіт Құнанбай болады. 

Құнанбай 

аға 


сұлтан 

болған 


уақытында 

тобықтыға 

старшиналыққа  өзінің  тоқал  шешесінен  туған  Майбасар  деген  інісін 

сайлаған.  Ел  мұны  адамшылық,  ақыл,  мінез  жағының  қайсысынан 

болса  да  елге  залалды  әкім  деп  бағалады.  Майбасардың  содырлы, 

зорлықшыл  қылығының салдарынан  жігітек деген ру, бастығы  Бөжей 

болып,  Құнанбайға  қарсы  болады.  Бірақ  бірде  аға  сұлтан  болып 

жүрген  Құнанбай  әрі  сырт  елдерге  атақты,  үкіметке  салмақты  болып 

ап  жігітекті  де,  басқаларды  да  бойымен  басып  жыға  берген. 

Сонымен,  алғашқы  араздық,  жаулық  кейін  ұзақ  замандарға  созылып 

кетсе  де  Құнанбай  тұсындағы  алыстың  бір  буыны  жігітектің 

жеңілуімен  бітеді.  Құнанбай  жігітектің  он  жеті  адамын  Сібірге  айда-

тады.  Ол  кез  патшалық  ұлығына  қазақ,  сахарасының  жаңа-жаңа 

бойсұнып  келе  жатқан  кезі  болады.  Сотталу,  абақтыға  жабылу, 

айдалу дегендер ел көрмеген үлкен сұмдық саналатын. 

 

Құдая, елді сақта сотталғаннан,  



Теңселіп екі қолын бос салғаннан,- 

 

дейтін кез. 

Құнанбайдың  бұл  айдатуы  өз  өмірін  зорлықпен  танытпақ  болған 

қаталдығынан  еді.  Ол  сол  кезде  тобықты  ішінде  талай  руды  жерінен 



 

 



көшіріп  немесе  өзіне  жақын  ру  басыларға  шұрайлы  жер  әперіп 

жүрген.  Бөкенші,  Борсақты  жерінен  көшіру,  Жуантаяқты,  Қара 

батырды  көшіріп,  жерін  алу,  Көкшені  көшірмек  болу  -  бәрі  де  сол 

үлкен  көрнеу  зорлықтың  айғақтары  еді.  Жігітекпен  үлкен  араздық  та 

осы  жөннен  туып,  кейін  ұлғайған  өштікке  айналған.  Сонымен, 

Құнанбай  «елді  қарсыластырмай,  қорқытып,  жасытып  жіберем»  деп, 

көп  жанды  жер  аударған  соң,  кейінгі  көп  заманға,  көп  буынға  шейін 

ұмытылмастық кек, жаулық қалады. Бері келе есейіп, іске араласатын 

жас  Абайдың  алдында  әкесі  тастап  кеткен  осындай  зор  пәле 

зұлымдық,  зорлық  тұрған-ды.  Абайдың  одан  жиреніп,  қарсы  боп 

кетпесіне шара жоқ еді. 

Бір  Құнанбай  емес,  осы  кезде  ел  ішінде  жауласқан  күшті 

жуанның  бәрі  де  бір-бірін  ұлық  арқылы  жер  аударып,  жазалатып 

жүреді.  Құнанбайдың  өзін  де  жігітектер  бір  шақта  жеңермен  боп 

меңдетіп  барып,  қуғын  қағазды  молайтып,  Омбы  қаласына  шейін 

тергеуге апарып әреңге қалған. 

Ел ішінде кісі соттаудың алды бір қақтығыс емес, талай пәле боп 

келеді.  Оның  кей  кездері  барымта,  төбелес,  шабуыл  және  толып 

жатқан  сияз,  тартыс-жұлыс  болады.  Бейбіт  елдің  арасын  атшабар, 

стражник сияқты беймаза шолақ әкім кернейді.  «Қара козы  жеп, кара 

елтірі  кайқая  киіп»  дейтін  сотқарлар  молаяды.  Сияз  деген  бір  ауыр 

салмақ  тағы  бар.  Ол  орнаған  жер  тың  бір  обырдың  орнағанындай.  Ел 

жуандары  бір  руға  ызғарын  өткізем  дегенде,  сол  рудың  үстіне  сияз 

құрады.  Халық  күйінің  ауыр  кезінде  құрып,  әсіресе,  берекесін 

кетіреді.  Осындай  сияздың  бірін  Құнанбай  Көкше  руының  ішінде 

өткізбек болған екен. Мезгіл - қыс, ел қысаң күйде тұрған шақ. Сонда 

Қөкшеден  Бектас  деген  кісі  Құнанбайға  кеп:  «Е-е,  Құнанбай, 

жарқырап  жаз  шықпаушы  ма  еді?  Күркіреп  күн  шықпаушы  ма  еді? 

Қыстың айы алтау еді, енді сенімен жетеу болды ма?»- депті. 

Құнанбай  тұсында  Тобықты  ішінде  мұнымен  тең  түсетін  бастас 

адамдар:  Бөжей,  Қаратай,  Байсал,  Сүйіндік,  Байдалы,  Түсіп  сияқты 

кісілер  болған.  Мұның  көбімен  Құнанбай  бірде  дос,  бірде  араз  боп 

өтеді.  Қатты  жұлкысқан  кісілері  де  осы  топтың  ішінде.  Әрине, 

Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол - феодалдық дәуірінің 

өз  тобының  бел  баласы.  Ісі  мен  мінезінде  заманының  талай  айқын 

таңбасы  бар.  Мысалы,  Құнанбайға  да  алым,  түсім  аз  болмаған.  Ол 

түсімнің  аты  -  пара.  Сол  жөнінде  Балта  ақынның  бір  сөзін  мысал 

етуге болады. Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай: 



 

Ағалейкум әссәләм, ақын Балта,  

Болып сен жаралдың ғой шараң орта.  

Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап,  

Салдырдың оң жағыңа майлы қалта,- 


 

 



 

депті. Сонда Балта: 



 

Шарам орта болды ғой шараңыздан,  

Есіркесең бөліп бер қараңыздан.  

Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын,  

Сіздің жеген арам ба параңыздан?- 

 

деген екен. 



Осының  мысалына  Сүйіндіктің  бір  сөзі  де  куәлік  етеді.  Сүйіндік 

ауылы  бір  жылы  жау  түсіріп,  сол  жаудан  олжаға  бір  жақсы  қара  ат 

алады.  Қара  аттың  соғыста  шекесіне  сойыл  тиіп,  басы  жарық  боп 

түскен  екен.  Сонда  да  Құнанбай  қызығып,  Сүйіндіктен  сауғаға  сол 

атты сұрата жібереді. Бірақ осының алдында жуантаяқ руынан Бостан 

дегеннің  ауылы  Сүйіндіктің  бір  айғыр  үйірі  кысырағын  апарып 

сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол  Бостаннан бір айғыр 

алған  екен.  Соның  салдарынан  Сүйіндіктің  дауын  аяқтатпай  жүреді. 

Жаңағы қара атты енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жөнелтіп жатып: 

 

Айыбында қара аттың басы жарық,  

Өзім семіз болғанмен көңілім арық. 

 Бостанның қорасына қонар едім,  

Құнанбай қор қылмаса айғыр алып,- 

 

деп бір ауыз өлең айтқан. Сол заманнан қалған мұндай сөздер оның 



шындық айғағы еді. 

Дін  жолын  бекем  ұстауды  үлгі  етемін  деп,  Құнанбай  аға  сұлтан 

боп  тұрған  күнінде  Қарқаралы  қаласында  мешіт  салдырған.  Кейін  70 

жастар  шамасында,  әмір-биліктен  тоқталып,  Меккеге  барады.  Сонда 

Меккеге қазақ адамдары түсіп жүрсін деп, өсиет етіп, өз пұлына «Тә-

кия»  деген  жатын  үй  салдырып  кетеді.  Бертін  келе  әр  рудан  Меккеге 

барушы  қазақ  көбейген  уақытта  көбі  Құнанбайдың  «Тақиясына» 

түсіп, сол жақтан Құнанбай атына қанық боп қайтады. Осының өзі де 

кейін Құнанбай өлген соң, оның атағын даңқты етуге себеп болған. 

Абай  Құнанбайдың  41  жасында  туған.  Құнанбай  көп  әйелді 

болған.  Үлкен  әйелі  -  қыздай  алған  Күңке.  Бұдан  туған  баласы 

Құдайберді. 

Екінші 

әйелі 


-  Ұлжан.  Ол  Құнанбайдың 

інісі 


Құттымұхамбетке  айттырылған  қалыңдық  екен.  Інісі  өлген  соң 

Құнанбай  келінін  алған.  Бұдан  туған  балалары:  Тәңірберді,  Ыбырай 

(Абай),  Ысқақ,  Оспан,  үшінші  әйелі  -  Айғыз.  Одан  Халиолла,  Ыс-

мағұл  деген  балалары  болған.  «Атадан  алтау,  анадан  төртеу»  дейтін 

Абайдың  өлеңінің  мәнісі  осы.  Құнанбайдың  тертінші  әйелі  - 

Нұрғаным. Бұдан бала болмаған. 



 

 



Ұлжан  мен  Айғыз  бір  ауыл  болып,  Құнанбай  осылармен  тұрған 

уақытта  екі  шешесінің  ортасындағы  тел  баласы  Ыбырай  болады.  Бұл 

екі  шешесінен  кейінірек  Оспан,  Ысмағүл  деген  екі  бала  туған.  Бірақ 

олардың  жасы  Абайдан  едәуір  кіші.  Айғыздың  үлкен  баласы  Ха-

лиолла  болса,  оқуда  жүрген.  Сондықтан  Абай  алғашқы  балалық 

шағын  екі  шешесінің  ортасында,  жалғыз  баланың  халінде  өткізген. 

Екі  шешеге  бірдей  бала  боп  жүргендіктен,  сол  кездегі  үлкендері 

Абайға  «Телқара»  деп  ат  қойыпты.  Қейін  Абай  ержеткен  уакытта 

бірталай жеңгелері ертеде қойылған атпен оны «Телқара» дейді екен. 

Абайдың  өз  шешесі  Қаракесек  ішінде  Бертіс  тұқымы  болады. 

Ұлжанның  әкесі  Тұрпанмен  бірге  туысқан  ағалары  Қонтай,  Тонтай 

қалжыңмен  даңкы  шыққан,  белгілі  мысқылшыл,  тапқыр  күлдіргілер. 

Бұл  әдет  -  Бертіс,  Шаншар  руына  түгел  жайылған  мінез.  Осы 

Шаншардың  бұрын-соңғы  заманға  шейін  аузынан  тастамайтын 

атақты  қуы  -  Тонтай.  Тонтайдың  барлық  өмірі  тұтас  күлкі  болып 

кеткен.  Түгелімен  бастан-аяқ  жеке-жеке  күлкі  әңгімеден  кұралады. 

Сол әңгімелерге қарағанда, Тонтайлар - қалың қазақ ортасының үнемі 

көңілін  көтеріп  жүрген,  таусылмайтын  думан,  ұдайы  қызық 

күлдіргісі. Осы Тонтайдың інісі Тұрпаннан туған әйел бала - Ұлжан. 

Ол  сабырлы,  кең  мінезді  кісі  болған.  Абай  балалық  шағын  сөз 

қылғанда,  өз  шешесіне  катты  ырза  болып,  Айғызға  іші  ренжіңкірейді 

екен.  Ұлжан  күндестікті  көп  сыртқа  шығарып  білдірмесе  де,  Айғыз 

сол  жағынан  белгі  бергіш  болса  керек.  Бұнысы  Абайдың  бала 

шағында  көп  қатынды  тұрмыстың  бар  зарын  татып,  тағы  да  неше 

алуан ауыр қиыншылықты көріп өскендігін білдіреді. 

Ұлжанда  тұқымының  тауып  айтқыш  қалжыңшылдығы  әбден 

болған.  Анда-санда  әлдеқалай  айтып  қалған  сөздері  қалжың  болып, 

ел  есінде  ұмытылмай  сақталады.  Кесек  қалжың,  әжуаға  да  Ұлжан 

көнтерлі,  созымды,  тапқыр  болған.  Қиын  жайды,  қысталаңды  күлкі 

сөзге  айналдыру  -  қазақ  халқының,  әсіресе,  Шаншардың  мерзімді 

мінезі. 

Тонтай  өлерінде  маңайына  жиылып  келіп  отырған  қожа-

молдаларға  қарап:  «Жазыла-жазыла  қожа-молдадан  да  ұят  болды, 

енді  өлмесек  болмас»,-  деп  айтты  деген  сөз  екінің  бірі  білетін  мәтел 

болып  кеткен.  Осындай  тапқыштық  және  біреудің  мінін  ащы  тілмен 

қатты  түйрегіштік  нағашысы  мен  шеше  жағынан  Абайға  да  мол 

келген. 

Шынға  келгенде,  Абайдан  қалған  сөздің  ішінде  барлық 

ақындықтың  шарты  болатын,  жалынды,  жанды,  өткір  сезімді  былай 

қойғанда,  қалған  сарынның  ішінде  салқын  ақылмен  сөйлегіштік  көп 

пе,  жоқ  шанышпа  тілді,  сатиралы  ащы  мысқыл,  улы  күлкіге 

құрғандық көп пе? Біздің ұғуымызша соңғы түрі басымырақ сияқты. 



 

 



Құнанбай  жанның  бәріне  салқын  болған  қалпында  өзінің 

балаларына  да  зілді  болған.  Сол  зілін  жас  шағында  Абай  да  көп 

көреді,  басынан  көп  кешеді.  Ал  Ұлжан,  мінезді  адам  болғандықтан, 

орайы  келгенде,  өзінің  бала,  бауыр,  қайын  сияқтыларына  әзіл-

қалжыңды  айта  береді.  Әзілмен  жауаптасуды  Абайға  бала  күнінен 

еккен. 


Абайдың  ақындық  жолында  өзге  талай  жазушы,  талай  ақынның 

жолынан 


бөлек, 

өзіне 


ғана 

хас 


ерекше 

тағдыры 


болған. 

Ақындығындағы  сол  ерекшелік  Абайдың  бала  күнінен  бастап,  соңғы 

өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде еткен ерекше өмірінен 

туған. Сондықтан енді Абайдың өз өміріне келейік. 

Абай,  жоғарыда  айтылғандай,  екі  шешенің  тел  баласы  болып 

жүрген.  Кішкене  кезінде  сырт  мінез  жағынан  аңқау,  нанғыш  және 

тентек  бала  болса  керек.  Бірақ  сол  кішкене  күнінде  өзге  балалардан 

ерекше  жері  -  үйге  қонған  конақтардың  әлдеқалай  айтқан  ертегі 

сияқты  әңгімелерін  құлай  тыңдайды.  Жай  өмірде  пысық,  ширақ  емес 

болғандықтан,  ауылдағы  үлкендер  Құнанбайдың  бұл  баласынан  көп 

дәме қылмайды. 

Абай  он  жасқа  келгенде  әкесі  Семей  қаласына  әкеліп,  оқуға 

берген.  Бұдан  бұрын    қырда    да  Абай    біраз  оқыған  болады. 

Семейдегі  алғашқы  берген  молдасы  -  Ғабдұлжаппар  деген  татар. 

Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі 

де  мешітте  имамдык  қылады.  Және  сол  мешіттердің  жанында 

медреселер  ұстаған.  Оқушы  шәкіртінің  көбі  медреседе  жатып  оқиды. 

Оқу,  әрине,  ескіше,  ылғи  дін  сабақтары.  Соның  көбін  араб,  парсы 

тілдерінде  оқиды.  Жалпы  медреселерде  кейінгі  заманға  шейін 

сақталып  келген  салтқа  қарағанда,  түрікше  оку  жолшыбай  ғана 

окылатын  қосымша  оқу  болады.  Ұстаз  халфелердің  бар  бейіл  бергені 

- дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша. 

Абай  осы  медреседе  үш  жыл  оқиды.  Өзі  тұстас  үлкен-кіші 

балалардың  барлығынан  сонағұрлым  зейінді,  ұғымтал  және  ерекше 

ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-

ақ  рет  түрікшеге  аударып  берген  сөздерін  кітапқа  қарамай  жатқа 

айтып  шыға  алатындай  зерек  болады.  Сонымен,  дәріс  үстінде 

оқылатын  сабақтарды  ұғып  білу  Абайға  өзге  балалардан  анағұрлым 

оңай  тиген.  Көп  уақытын  да  алмаған.  Сондықтан  барлық  артылған 

уақытты  Абай  өз  бетімен  өзі  сүйген  кітаптарын  оқуға  жұмсап,  көп 

ізденуге салынады. Өз бетімен оқитыны - шығыс ақындары. Одан соң 

-  араб,  иран,  шағатай  (ескі  өзбек)  тілінде  жазылған  ертегі,  дастан, 

қисса сияқты әдебиет мұралары. 

Бұларды  Абай  бала  кезіндегі  құлай  берілгіш  мінезі  бойынша 

барын  салып,  көп  оқыған.  Окуға  кірген  соң-ақ  тез  есейіп,  ілім  қуған 

кісінің  калпына  оңай  түсіп  кеткен.  Оқыған  кітаптың  көбіне  сынмен 



 

 



карай  білетін,  сезімді  окушы  бола  бастаған.  Өзінің  әбден  сүйіп, 

таңдап  оқыған  ірі  ақындары  болады.  Солардың  әр  сөздерін  оқып 

шығып,  талай  ғазелдерін  ұзыннан-ұзақ  жаттап  жүреді.  Сол  бала 

күнінде  жаттаған  кей  өлеңдері  ұлғайып  кәрілікке  жеткен  уақытына 

шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. 

Осы  сияқты  белгілерге  қарағанда,  Абайдың  медреседегі  оқуы 

көбінесе  «Бидан»,  «Мұхтасар»  сияқты  дін  кітаптары  болмай,  әдебиет 

мұралары  болу  керек.  Ерте  күннен  әңгімелі  өлең  сөздерге  ерекше 

ынтық  болып,  қатты  кұмартқан  талапты  жас  шәкірт  ақындық  өнерін 

қадірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан. 

Медресенің  тынысы  ауыр,  тар  ғаламында,  қысаң  тәрбиесінде 

жүрген  шәкірттің  шын  сүйетін  жандары  -  Низами,  Сағди,  Хожа 

Хафиз,  Науаи,  Фзули  сияқты  казіргі  шығыстық  кеңес    елдеріміздің  

ескі  классик  акындары  болған.  Медреседе  оқып  жүрген  кездерінде 

жаздыгүні  елге  қайтқанда,  қаладан  ала  келетін  кітаптары  -  тағы  сол 

ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған. 

Ескіше  оқу  тәртібі  шынымен  «инемен  құдық  қазғандай»  өнімсіз 

білім болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, 

өзіне көп жаңалық беріп, көп дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен 

ақындарды  көп оқу себепті  Абай араб, парсы тілдеріне  төселе  түседі. 

Оқуға  қиын  араб  тілін  жете  білмесе  де,  парсышаны  жақсы  түсінетін 

болады.  Мұның  белгісі  сол  заманнан  калған  бірен-саран  өлеңдерінен 

білінеді. 

Кітап  жүзінен  алған  тәрбие  мен  жазба  үлгілер  бойынша  ол 

уақыттағы  өлеңге  жарайтын  тіл  жалғыз  араб,  парсы  тілі  деп  біліп, 

Абай  да  алғашқы  өлеңдерін  араб,  парсы  сөздерін  қоспалап  айтады. 

Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын: 

 

Фзули, Шәмси, Сейхали,  



Навои, Сағди, Фирдауси  

Хожа Хафиз - бу һәммәси  

Медет бер, я шағири фәрияд ,- 



  1   2   3   4   5


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал