Мен білетін бір ақиқат Ауғанстан



жүктеу 31.83 Kb.

Дата04.05.2017
өлшемі31.83 Kb.

Мен білетін бір ақиқат – Ауғанстан 

Жер-жаһанда талай соғыстың болғанын тарихтан білеміз. Жұдырықтай 

жұмылған бұрынғы Кеңес одағының халықтары үшін Ұлы Отан соғысының 

алар орны айрықша. Бұл Отан үшін отқа түскен миллиондардың жан алып, 

жан беріскен қиян-кескі алапаты болғаны әлі күнге дейін әр адамның 

санасында жаңғырып тұрғаны аян. Бүгінгі ортамызда жүрген ақ сақалды 

ардагерлер сол сұрапыл соғыстың қазіргі ұрпаққа жолдаған аманатындай 

асқақ та ардақты. Сол соғыстың қасіретін көрген елде енді қайтып соғыс 

болмауы тиіс еді... Өкінішке орай, сексенінші жылдары Отан соғысының 

майдангерлері тағы да бір соғысқа немерелері мен шөберелерін аттандырып 

жатқанын аңғармай да қалған сияқты.  

Олай дейтініміз, 1979 жылдың соңында Кеңес Одағы Компартиясының саяси 

бюросы Ауғанстан Республикасына кеңес әскерлерін кіргізу жөнінде 

«еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында» деген желеумен солақай 

шешім шығарған болатын. Жалпы Ауғанстан жеріне КСРО әскерін енгізуге 

не мақсат түрткі болды? Бұл соғыс кімге, не үшін қажет болды? Осы тұрғыда 

сабақтап айтар болсақ, дәл осы уақытта КСРО мен АҚШ арасында қырғи-

қабақ, былайша айтқанда «суық соғыс» ушығып тұрған еді.  

Сондықтан Ауғанстан аумағына ықпал жүргізу үшін бір жағынан НАТО 

блогындағы одақтастарымен АҚШ, екінші жағынан Варшава блогы жағынан 

КСРО өзара бәсекеге түсті. Бұл саяси бәсекенің ақыры Кеңес әскерінің 

Ауғанстанға кіргізілуіне әкеліп соқты. Алайда, бейбіт елдің жұртшылығы бұл 

шешімнің түп төркінін айырып білмегені ақиқат. Содан мыңдаған 

жауынгерлер Ауғанстандағы Сәуір революциясын қорғауға аттанып жатты. 

Ал ондағы шынайы жағдай туралы кеңестік бұқаралық ақпарат құралдары тіс 

жармады. Ақиқатты айтуға Компартияның қаһары тұсау болды. Ал, шын 

мәнінде, Ауғанстанға кірген кеңес жауынгерлері бірінші күннен бастап 

жергілікті, яғни Сәуір революциясына қарсы топтардың қарулы қарсылығына 

тап болды. Сөйтіп, «еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау кезінде қаза тапты» 

деген қаралы қағазға оранған жауынгерлер мүрделері туған жерге темір 

табытпен оралып жатты...  

Ұлынан айырылған ана да, әкесінен жетім қалған бала да Отан алдындағы 

азаматтық борышын өтеуге аттанған асылдарының неліктен оққа ұшқанын 

біле алмай дал бол ды. «Неге?», «Кім үшін?» деген сауалдар жауабы жұмбақ 

күйінде қалды. Жылдар алға жылжи берді. Жауынгерлер шет елдің бақыты 

үшін жер жастанып жат ты... Осылайша өpic алған «жұмбақ соғыс» 10 жылға 

созылып барып тоқтады. Жо-жоқ, соғыс әлі тоқтаған жоқ, тек Кеңес 

жауынгерлері Ауғанстаннан шықты. 1989 жылдың 15 ақпаны күні Совет 

Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы 

М. С. Горбачевтің ұйғарымымен кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі 



контингенті елге оралды. Бұл күн талай жастың өмірін сақтап қалғаны 

ақиқат.  

Жұртшылық бұл күнді сондықтан да ерекше елеп «Ауғандардың күні» деп 

айтып жүреді. 2001 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының 

Президенті Н. Назарбаев «Независимая газета» тілшісіне берген сұхбатында 

«Ол саясаттың зардабы бүгін де жойылған жоқ. Егер сол кезде Кеңес 

әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға енбегенде Орталық Азия 

елдерінің Иран, Пәкістан, Ауғанстанмен қарым-қатынасы тіпті басқаша 

дамып, экономикалық жағдайы да өзгеше қалыптасар еді. Қазақстанның 

энергиялық ресурсы Ауғанстан арқылы Карачи портына, Үнді мұхитына, 

Үндістанға, олардың авто және темір жолдарына, мұнай-газ құбырларына 

шығар еді» деп атап өткен еді. Шынымен де Ауғанстан халқы әлі 

де тұрақсыздықтың, кедейліктің, экстремизм мен терроризмнің ошағына 

айналып отыр. Осы жерде қаулап өсетін есірткі өсімдігі елдің есін алып, 

еңсесін көтертпей қойды. Есірткі мен қару-жарақ саудасы бүгінгі таңда 

да ел ішінде қиындықтар туындатып отырғаны жасырын емес. ... 

Мен білетін бір ақиқат — Ауғанстан соғысында алдымен шындық өлді. Ал, 

шындық болмаған жерде құрдым болатыны ақиқат. Айналып келгенде 13 

000-нан астам жауынгер құрбан болды. Қазақстаннан айтулы соғысқа 

қатысқан 22 мың адамның 761-і туған елге оралмады. Жігіттердің біразы әлі 

күнге дейін хабарсыз жүр. Ауғанстан соғысынан қайтқан жауынгерлерге 

осыдан 10-15 жыл бұрын соғыстан емес, басқа тәуелсіз елдің тыныштығын 

бұзып келген қарақшыларға қарағандай көзқарастың да қалыптасқаны есте. 

Ал жауынгерлер болса «Біз әскери антқа адал қызмет еттік» деп ақталуды 

білмеді. Шынтуайтында, Ауғанстанға барған жауынгерлер КСРО Қарулы 

Күштерінің бұйрығын бұлжытпай орындаған жоқ па?! Иә, Отан-ана қажет 

санаса кеудесін оққа тосуға дайын тұратын кеңес жауынгері антқа адал, 

бұйрыққа бекем екенін дәлелдеді.  

Міне, сол сұрапыл соғыстың кеңес жауынгерлері үшін аяқталғанына 

да 25 жылдан асып отыр. Сол соғыста жас та болса, жасындай жарқылдаған 

жігіттер үшін «Жауынгер-интернационалист» деген атақ оттай ыстық 

сезіледі. Қазір еліміздің басқа бір аймағында екі «ауғандық» кездесе қалса 

бірін-бірі «бача» деп құрметпен төс түйістіреді. Республикамыздың барлық 

аймақтарында Ауғанстан соғысы ардагерлерінің одағы жұмыс жүргізіп отыр. 

Әр жылдың 15-ақпаны жауынгер-интернационалистер үшін қасиетті күн 

саналады. Бұл күні 10 жылға созылған соғыс аяқталды.  

Бір жағынан қарағанда қуанышты күнге де ұқсайды. Алайда, Жеңісі 

болмаған соғыстың қуанышы да болмайтын сияқты. Сондықтан бұл 

соғыстың қасіреті мен естелігі әлі талай ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Біз 

білетін бір қағида соғыста жауынгер өлсе де, естелік мәңгі өлмек емес. Міне, 

сол естеліктің жасампаздығы болар, 2000 жылы Астанада Ауғанстан 


соғысында қайтыс болған жауынгерлерге арналған республикалық ескерткіш 

бой көтерді. Онда осы Ауғанстан соғысының алапатында қайтыс болған 

қазақстандық жауынгерлердің есімдері мәңгілік тасқа басылған. Сондай-ақ, 

жауынгер-интернационалистер рухын көтерген ескерткіштер Ал маты, 

Қызылорда, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе және басқа қалаларда 

да бар. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзге иланған жұрт қыршын 

кеткен жастардың ғұмырын мәңгілікке осылайша жеткізіп отыр.  

Бұл ескерткіштер келешекте ессіз соғыстың тұтанбауына тасқамал болсын. 

Сондай-ақ, Ауғанстан соғысында қайтыс болған жерлестерімізді мәңгі есте 

қалдыру мақсатында жекелеген облыстарда «Еске алу» тарихи басылымдары 

жарыққа шықты. Бұл кітаптар бауыр еті балаларынан айырылған ата-аналар 

үшін қасиетті дүниеге айналғаны анық. Қазақстан Республикасының 

Парламентінде «Ардагерлер туралы» заңның жобасы бірнеше жылдар бойы 

қаралып жатыр. Бұл заңға Ауғанстан соғысына қатысушыларды Ұлы Отан 

соғысы ардагерлерінің мәртебесіне теңестіру жөнінде ұсыныс жасалып отыр. 

Біле білсек, соғыстың үлкені немесе кішісі болмайды. Бұл бес-алты адамның 

қару атысып қақтығысқаны емес. Бұл бір дәуірдің саяси проблемасын 

шешуге бағытталған, екі әлемдік саяси блоктардың тіресінен туындаған, 

мыңдаған әскери және бейбіт адамдардың жанын алған соғыс болғаны 

шындық.  

Демек 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанда соғыс отын бастан 

кешірген жауынгерлер нағыз соғыс ардагерлері деп танылғаны құба-құп 

бо лар еді. Ауғанстан жерінде әр жылдарда қызмет атқарған жауынгерлер 

де майдан даласында қалған қарулас достарының әруағы алдында айнымас 

дәстүрлерді қалыптастырып келеді. Жыл сайын осы күні жауынгер-

интернационалистер мешіт пен шіркеуде болып, боздақтарға бағыштап дұға 

оқытады. «Сол жігіт үшін»... дастарқан жайылады. Өткен күндері еске 

алынады... Соғыста туған әндер шырқалады. ...Әне кеуделерінде орден-

медальдары жарқыраған бір топ жігіттер келе жатыр. Бұлар қала сыртындағы 

зиратқа бет алған Ауғанстан соғысының ардагерлері.  

Аяғын сылтып басып бара жатқан бір жігіттің жетегінде кеудесіне бір шоқ 

гүлді қыстырған жасөспірім еріп келеді. Бұл бала соғыстың не екенін ерте 

сезгенін айтпай-ақ байқауға болады. Соғыста әкесімен бірге болып, 

дұшпанның оғынан қаза тапқан боздақтың бейітіне тағзым етуге келеді. Иә, 

шынымен де соғыс деген сұрапылдың естелігі де, жаңғырығы да өшпейтіні 

шын екен. Ауғанстан соғысының алапатын бастан кешкен жауынгер-

интернационалистерді көрген сайын осындай ойлардың құрсауына түсе 

беремін. 



Ғалым ҚОЖАБЕКОВ — 1981-1983 жылдары Отан алдындағы әскери 

міндетін Ауғанстандағы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті сапында 

өтеді. Артиллерия құрамындағы орта және ауыр гаубица командирі болды. 

Суруби провинциясында болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «За отвагу» 

медалімен марапатталды. 1983 — 1988 жылдары С. Сейфуллин атындағы 

Целиноград мемлекеттік педагогика институтында оқыған Ғалым 

Қожабеков 1995 жылдан бері «Астана ақшамы» газетінде еңбек етеді. 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал