Махамбет рухы – КҮрескер рух қадірова К.Ә



жүктеу 54.96 Kb.

Дата14.05.2017
өлшемі54.96 Kb.

МАХАМБЕТ РУХЫ – КҮРЕСКЕР РУХ 

 

Қадірова К.Ә. 

Қызылорда қ. 

 

О, қайран ер! 



Өзі батыр, өзі ақын, 

Махамбетте жаза алмады қанатын. 

«Елім!» деген, 

Еңіреген сол ақын 

Қаныменен жазып кетті өз атын... 

ақын Ә. Қайрановтың «Қоржындағы бас»  өлеңінде жазғанындай Махамбет Өтемісұлы ақын әрі 

батырлығымен  ХІХ  ғасырдағы  орыс  отаршылдарына  қарсы  азаттық  күрестің  жалынды  жаршысы 

ретінде  әрбір  қазақ  баласы  білетін,  бағалайтын  тұлға.  Кеңестік  дәуірдегі  азаттық  күрес  тарихын  там-

тұмдап  оқитын  заманда  да  Исатай  –  Махамбет  есімі  жұптаса  жазылып,  1836-1838  ж.  көтеріліс 

тақырыбы  оқылып  үйретілсе,  тарих  оқулықтарында  ұлт-азаттық  күрестің  ұйымдастырушылары  деп 

баға берілген. 

А.С.Пушкин  досы  А.Дельвигке  жолдаған  хатында  «Бір  жақты  болмайық,  яғни  бостандықты 

сүюшілер  мен  оларды  басып  жаншушылардың  күшті  қасиеттерін  бағалайық.  Ырымшыл  болмайық, 

яғни  көтерісшілердің  сөзсіз  мерт  болғанын  олардың  маңдайының  жазуы  (жазмыш)  деп  қарамайық, 

бірақ  тарихи  себептерін  іздестірейік,  өжет  жандардың  мүмкіндіктері  мен  мінезін,  іс-қимылын 

бағалайық»-деп тарихи тұлғалардың бейнелерін ашуға, себеп-салдарын зерттеуге шақырған. 

Махамбет  тұлғасы  патша  өкіметі  тұсында  орыс  саяхатшылары,  жиһангездері  мен 

зерттеушілеріне  тақырып  болған.  ХІХ  ғасырда  отарлық,  ХХ  ғасырда  кеңестік  саясат  ынғайымен 

зерттелсе  де  барлық  азаттық  көтеріліс  көсемдері  ішінен  өмірдерегі  зерттелген,  жат  жұрттың  да  көз 

сұғын қадаған қаһарман Махамбет болған. «Біздің әскери экспедицияда жүрген отрядымыз бір ауылда 

жатқанда, өз халқының арасында даңқты бір қырғызға (қазақ) кездестік. Қасында екі жолдасы бар, ол 

біздің жолым үйге кірді. Сіз кімсіз? - деген дағдыдағы сұраққа менің өзімнің кім екендігімді білгенше, 

атымды  білмей  тұра  тұруыңызды  сұрар  едім,  дегенді  айтты.  Оның  бұл  жұмбағы  бізге  ұнамаса  да, 

айлалы  қырғыз  (қазақ),  мұндайда  дағды  бойынша,  сөйленетін  сөздердің  бетін  басқа  жаққа  өте  шебер 

түрде  бұрып  жіберді  және  аз  уақыттың  ішінде-ақ  өзінің  ақылдылығын    да,  шешендігін  де    танытты, 

мұндай  қабілет  Азия  халқының  және  оның  тілінің  аса  бір  ерекшелік  қасиеті  ғой  ол  өзінің  айтпақ 

пікірлерін  дәлелдеу  үшін    Құраннан  да  үзінділер  келтірді,  бірақ,  ол  оны  Бұхара    мен  Самарқанд 

медреселеріндегідей  әбден  мезілікке  айналған  софистік  жылпылдаушылар  емес,  өзінің  ұғынуына 

сәйкестеп  талдады;  сүйтіп,  ол  бұл  жағынан  да  терең  білетінін  аңғартты.  Оның  сөйлеген  сөздерінің 

кейбіреуі  Орынбор,  Петербургта  қызмет  етуші  үкіметтің  ел  басқару  тәртібінде  қандай  өзгерістер  бар 

екендігін сұрады және асқан ептілікпен  қызықтырып біздің  назарымызды  өзіне аударып алды... «Мен 

қайғы-қасіретті  басымнан  көп  кешірген  адаммын.  Жүрекке  ең  жақын  үй-іші,  қатын–балам,  туған  ел, 

өскен жер-бәрі де менен алыс, бәрінен айрылып, ел кезгелі бірнеше жыл болды, басқа пана, жанға азық 

жоқ жұрт үстінен теріп жеп жүрген жай бар. Тек осыны ойлап көріңіз. Мен-Махамбет Өтемісовпын» - 

деп атын айтты». Егор Ковалевский, орыс саяхатшысы,        1- патша шенеунігі, 1839 жыл. 

Қазіргі  таңда    Махамбеттану  тұтас  бір  ғылымға  айналды.  Бұл  ғылыми  зерттеулерді  3  кезеңге 

бөліп қарастыруға болады:  

І. Орыс тарихшыларының, саяхатшыларының еңбектерінде зерттелуі; 

ІІ.Кеңестік дәуірдегі 1836-1838 жылдардағы көтеріліс және Махамбет  Өтемісұлының жеке өмір 

тарихының зерттелуі; 

ІІІ.Тәуелсіздік жылдарындағы тұлғаның жан-жақты  зерттелу жағдайы. 

«Батырдың аты, ақынның хаты өшпейді» - деген халық даналығына қалай иланбассың? 

Махамбеттің  батырлық  рухынан  төгілген  жырлар  мың  жылдықтарға  жетіп  жатыр.  1839  жылы 

Махамбетпен  кездескен  орыс  саяхатшысы,    жазушы  Е.П.Ковалевский  өзінің  1843  ж.  жарық  көрген 

«Странствователь по суше и морям» деген еңбегінде жорық  жырауына керемет  баға берген. 1846 жылғы 

әскери оқу орындары тәрбиеленушілеріне арналған журналдың №243. 244 сандарында                        М. 

Өтемісұлының әскердегі саяси жетекшілік  ролі көрсетілген. 

Мұндай  зерттеулердің  қатарына  жататын  орыс  зерттеушілері  Евреинов  А.  (1850),  Иваниннің 

(1874  ж.),  Савичевтің (1877ж.)  және Харузиннің  «Бөкей  ордасындағы  қырғыздар»  деген  мақаласында 

Махамбет  Өтемісұлының  жеке  басына  қатысты  сипаттамалар  берілген.  Кеңестік  дәуірге  дейін  М. 

Өтемісұлы туралы еңбектерден Бөкейлік Ғабдолла Муштақ пен Алаш ардақтысы Халел Досмухамедов 

еңбектері ерекше атап айтуға тұрарлық. 

1908  жылы  Қазандағы  Ағайынды  Каримовтар  баспасынан  шыққан  кітапта  Беріш  Махамбет 

батырдың  сұлтанға айтқаны, 25 бетте көрсетілген. Сондай-ақ Ғабдолла Муштақтың 1910  ж. Орынбор 



баспасынан  шыққан  кітапта  «Шайыр,  яки  қазақ  ақындарының  басты  жырлары»  жинағында  М. 

Өтемісұлы жыры берілген. 

Алаш  қайраткері  Х.Досмұхаммедұлы  1925  жылы  Қазақстан  мемлекет  баспасының  Күншығыс 

бөлімінен «Исатай-Махамбет» зерттеу еңбегін шығарды. Дәл осы жылдары орыс зерттеушілері                 А.Ф. 

Рязанов, Г. Сербаринов еңбектерінде, қазақ қайраткері, тұңғыш жол инженері, М.Тынышпаев «қырғыз-

қазақ» халқының тарихы туралы материалдарында жарық көрді. Ал батыр жөніндегі көлемді әрі терең 

мағыналы  дастан  ақын  Ығылман  Шөрековтың  «Исатай-Махамбет»  дастаны  Ташкенттегі  Қазақстан 

мемлекет баспанасынан 1926 жылы жарық көрді. 

Алаш  ардагері  Х.Досмұхаммедұлының  инженер,  зерттеуші-шежіреші  М.Тынышбаев  пен  ақын 

Ы.Шөреков еңбектерінің Махамбеттану ғылымына іргетас болғандығы анық. Кейінгі зерттеушілер осы 

еңбектерді  негізге  ала  отырып,  Махамбет  тұлғасын  әр  қырынан  жазды.  Кеңестік  қызыл  империя 

тұсында отаршылдық тарихын жазуда асқан сақтық қажет болғаны баршамызға мәлім. Төбеден төнер 

қара  бұлтқа  қарамай  қаламын  «жабық  тақырыпқа»  бұрған  ұлтжанды  азаматтарымыз,ардақтарымыз 

қаншама?!  

1925-1991  ж.ж.  аралығында  Махамбет  Өтемісұлының  өмірі,  шығармашылығы  туралы  ірілі-

ұсақты  355  мақала,  зерттеу  еңбектері  жарық  көрген  екен.  Бұл  тақырыпта  ерекше,  бірізділігін  зерттеу 

жүргізіп халыққа батыр тұлғасын таныта түскен еңбектер жазғандар көп-ақ. 

Қажым  Жұмалиев  –  ғалым,  Қазақ  КСР  ҒА  академигі,  профессор.  Махамбет  мұраларын 

зерттеуші.  Махамбет  шыңғармаларының  барлық  басылымдарына  негізінен  түгелдей  дерлік  ғылыми 

жетекшілік  жасаған  (1939,1948,1951,1958,1962,  т.б.).  1939  жылы  ақынның  шығармаларының  екінші 

басылымына  «Махамбеттің  Жәңгірге  айтқаны»,  «Бағаналы  терек  жарылса»  деген  екі  өлеңін  жаңадан 

қосады.  1938  жылы  ақынның  атамекенін  аралап  Махамбеттің  12  өлеңін  жаздырып  алады.  Ол  мына 

толғаулары: «Әй, Махамбет жолдасым», «Мінгені Исатайдың ақтабаны-ай!», «Исатай деген ағам бар», 

«Арқаның  қызыл  изені»,  «Мен  құстан  туған  құмаймын»,  «Белгілі  туған  ер  едім»,  «Арғымақ,  сені 

сақтадым»,  «Арғымақтың  баласы»,  «Қарағай  шаптым  шандоздап»,  «Адыра  қалған  Нарынның», 

«Еңселігім екі елі», «Адыра қалған Нарынның», «Атадан туған ардақты ер». 

Мәтжан  Тілеужанов  –  профессор,  филология  ғылымының  докторы,  Махамбет  мұрасының 

жанашыр маманы. 

Берқайыр  Аманшин  –  жазушы.  «Махамбеттің  тағдыры»  романының  авторы.  «Махамбеттің 

бабалары мен ұрпақтары» атты әдеби зерттеу жазып, 1974-1979 жылдары Махамбет шығармаларының 

жинақтарын жариялатқан. Махамбет мұраларын жинап, насихаттаушы. 

Әнуарбек  Дербісалин  –  филология  ғылымдарының  докторы,  белгілі  ғалым.  Махамбеттің 

Орынбор  Шекара  комиссиясына  жазған,  баласы  Нұрсұлтанды  оқуға  қабылдау  туралы  арызын  араб 

әліпбиінен  аударып,  жариялатқан.  Махамбеттің  бұл  арызы  1984  жылы  1  маусымда  «Қазақ  әдебиеті» 

газетінде жарық көрді. 

Сонымен  бірге  төңкерісіне  деген  Махамбет  жырларын  жақсы  біліп,  жатқа  айтып  ұрпақтан  – 

ұрпаққа  жеткізген  Шернияз  Жарылғасұлы-ақын  –  жырау,  Махамбетпен  достығын  үзбеген,  Исатай 

төңкерісіне  қатысып,  сол  үшін  қуғын  көрген.  Махамбет  жырларын  жақсы  білетін  замандасы,  Қуан 

ақын-Махамбеттің  замандасы,  Мұрат  ақын-ел  ішінде  «Қаратоқай  Мұрат»  деп  те  аталады,  Махамбет  

жырларын  жатқа  айтушы,  1908  жылы  Қазанда  «Мұрат  ақынның  Ғұмар  Қазиұғлына  айтқаны»  атты 

құнды жинақ басылып шықты, Ығылман Шөреков – ақын, Махамбеттің бізге сақталып жеткен толғау, 

жырларын  Ығылман  Мұрат  ақынның  аузынан  жаттап  алған.  Ығылманның  айтуы  бойынша  жазылып 

алынып,  көлемді  дастаны  мәлім.  Ол  дастанда  Махамбет  әсері  күшті  байқалады,  Ғабдолла  Мұштақ  – 

ақын,  «Шайыр»  жинағында  Махамбеттің  бірнеше  толғауын  жариялатты,  Қалел  Досмұқамбетұлы  – 

Алаш  қайраткері.  Ғұлама  ғалым.  1926  жылы  Ташкентте  көлемді  «Исатай  –  Махамбет»  кітабын 

жарыққа  шығарды.  Бұл  араб  әліпбиінде  теріліп,  жарық  көрген  барынша  толымды  басылым  болды. 

Зерттеушілер  бұл  кітапты  Махамбет  шығармаларының  бірінші  толық  басылымы  ретінде  ерекше 

бағалайды. Махамбет мұраларын жинап, насихаттау  қызметі тоқтап  қалды да, Махамбет ақындығына 

қатысты көзқарастары тұмшаланып, тасаға кетті. 

Зерттеушілер  әрине  ел  аузынан  жазып  алған  дерек  көздерін  де  зерттеу  жұмысына  негіз  етіп 

алатыны  шындық.  Махамбеттану  ғылымына  Нәсибулла  Жәкішев,  Бекқазы  қария,  Тұмар  Зарипов 

сынды  Махамбет  өлеңдерін  жинақтаушы  қариялардың  құйма  құлақтығы,  зеректігі,  яки  көрегенділігі 

көп көмектесті деп бағалауы әбден лайық. 

Хан емессің қасқырсың, 

Хас албасты басқырсың. 

Дұшпаның келіп табалап, 

Достарың сені басқа ұрсын! – 

Махамбеттің  бұл  мінездемесі  ғасырларға  кетті.  Әлемде  әмірші  мен  ақынның  тартысы  болса, 

қазақтың  үлгісі  –  Жәңгір  мен  Махамбет!  Ұрпақтан  ұрпаққа  ерлік  рухын  дарытқан  жырларымен 

Махамбет өзі ардақ тұтқан Исатайдың алдына шығып кетті. Көтерілістің көсемі Тайманов болғанымен, 



санамызда  әуелі  Өтемісов  тұрады.  Мұндай  біржақты  құрметімізге  қапаланғандай,  арқалы  ақын 

тағзымды толғауы арқылы : 

Тайманның ұлы Исатай— 

Ағайынның басы еді, 

Алтын ердің қасы еді—деп хас батырды қасиеттеп, өзі де бас иіп, бізді сабамызға түсіріп қоятын. 

Арманда  кеткен  ағасын  халқымен  қоштастырып,  батырдың  атынан  сөйлеуімен  Махамбет  тағы 

бір парызын өтеді: «Арыстан туған Исатай, дегеніне жете алмай, арманда өтіп кетті деп, олардың кегін 

алуға,  кезек  бізге  жетті  деп,  қиналар  ма  екен  біздерге,  қиналсаңыз  біздерге,  мың  рахмет  сіздерге». 

Исатай мен Махамбет және Бөкейұлы Жиһангер. Сонау бір  заманда  өткен дүбірлі  оқиғаның  тұғырлы 

тұлғалары.  Нағыз  ерлердің,  жорық  жолдастығының  мызғымас  мәйегі  –  Махамбет  пен  Исатай 

жарастығы! 

Еркіндік пен үстемдік арпалысының айғағы – Махамбет пен Жәңгір жекпе-жегі. 

Махамбет  жырлары  ұлттық  рухты  сол  оқиғаларға  қайта  жетелейді.  Жалаулы  найзамен  жау 

тоқтатақан  батырлар  ісі  бітпей  қалғанына  өкінеді.  Өкінсе  де  кейінгі  азатшыл,  алашшыл,  егеменшіл 

ұрпаққа: «Ерлердің ісі бітер ме?!» деп аманаттайды. 

Өзімнің  отыз  жылдық  педагогикалық  қызметімде  тарих  сабақтарында  Исатай-Махамбет 

тақырыбында  бірнеше  рет  ашық  сабақтар  өтіп,  зерттеу  жұмыстарын  жүргіздім  солардың  негізінде 

төмендегі ұсыныстарымды білдіремін: 

1)  Елбасымыз  «Сыр  –  алаштың  анасы»  деп  атаған.  Ел тарихы  бір-бірімен  тағдырлас.  Әйтсе  де 

біздің  қазақ  жұртында  орны  толмас  олқылық,  ол  біздің  тұлғаларымызды  аймақтарға  «бөліп» 

алатынымызда. Осы  баяндама  жазу  барысында  зер  салып  қарасам  Қызылорда  қаласында  И.Тайманов 

көшесі  бар  екендігі  (бұған  да  шүкіршілік)  батыр  бабамыз  Махамбет  атында  не  бір  мектеп,  не  көше, 

немесе ауыл аты бар екен. Сондықтан халық қамы үшін ұрандасқан, 

Қанды кебе киініп 

Бір аллаға сиынып. 

Кезенген жауға кез келдік 

Жалаң  найза,бір  атпен!-  деп  жырлаған  батыр  бабамыз  атына  республиканың  барлық 

аймақтарында  көше,  мектеп,  оқу-орындарын  берген  жөн.  Көтеріліс  болып  өткенімен  164  жыл 

өткенімен оның маңызы жойылмақ емес Тәуелсіздік бізге тегін келген жоқ! 

2)  Махамбет  өлеңдерінен  мектеп  оқушылары,  жастар  арасында  сайыс  өткізіліп  тұрса  тұлға 

бейнесі жас ұрпақтың жадында ұзағырақ сақталар еді. 

Махамбет қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен 

Еділдің бойы ен тоғай 

Ел қондырсам деп едім, 

Жағалай жатқан сол елге 

Мал толтырсам деп едім – 

Арманы асқақ ақын қазіргі шадыман заманда, өрісі малға, жайлауы жайға толған байтақ жұртын 

көрсе өз арманының орындалғанына көз жеткізер еді-ау. 

Осы «Махамбеттану»  ғылымын байыта, тарихи тұлғаны  жас  ұрпақтың  жадында қалдыру үшін 

атқарылып жатқан осы іске тарихшы мұғалім ретінде бір мысқыл да үлес қоса алсақ, мақсаттарымызға 

жеткеніміз.  Конференция  жұмысына  сәттілік  тілей  отырып,  «Махамбеттану»  курстарын  орта 

мектептердегі тарих, әдебиет пәні бойынша арнайы курс ретінде өткізуді ұсынамын. 

3)  Ғаламторда  ақын  М.Өтемісұлы  деректер  жазылған  сайттардағы  мақалалар  тым  жұтаң.  Осы 

олқылықтың  орнын  толтыру  үшін  «Ғылым»  баспасынан  2003ж  шыққан  4  томдық  академиялық 

жинақтың алғашқы беттеріндегі өмірдерегін және академик З.Қабдоловтың «Ерлік пен елдіктің өшпес 

рухы» атты ғылыми мақаласын беруді ұсынамын.  

«Махамбеттану»  ғылымына  айтулы  үлес  қосушылар  қатарында  ұлы  Мұхтар  Әуезов,  батыр 

М.Ғабдуллин,  С.Мұқанов  сынды  қазақ  әдебиетінің  алыптары  әр  қырынан  зерттеді.  Ақиық  ақын 

М.Мақатаев,  ұлт  жанашыры  әйгілі  ақын  М.Шаханов  «Нарынқұм  зауалы»  атты  поэмасын,  орысқа  да 

қазаққа белгілі қаламгер Ә.Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романын жазды. Оның елдікке шақырған

ерлікке, өриекке үндеген асқақ рухынан жас ұрпақ мол тағылым алуға тиіс. Тарих сабақтарында жорық 

жырауының  көтеріліс  күндеріндегі  және  көтерілістен  кейінгі  жағдайын  баяндау,  тіпті  баяндау  деу 

жеткіліксіз.  Әрбір  өлеңдерін  оқу  арқылы  оқушының  санасына  сәуле  түсіруге  тиіспіз.  Белгілі  ақын 

Әбубәкір  Қайрановтың  «Қоржындағы  бас»  атты  өлеңін  қоғамтану  сабағы  үстінде  «Ұлттық  мінез» 

нышандары  тақырыбын  өткенімде  ПНК-9-12  оқу  тобы  студенттерінің  көзінен  жасты  байқадым, 

кейбірінің көзі от шашып тұрды. 

Осы  орайда  біз  қазіргі  зерттеушілер  Т.Боранғалиұлы,  Л.Бердіғожин,  Ә.Қайранов,  З.Ахметов, 

Н.Оразалин т.б. еңбектерін тарих сабақтарында арқау етпестен Махамбет бейнесі асқақтай түспек.  



Әдебиеттер 

 

1. «Қазақ тарихы» журналы – 2003ж, 5-16 бет 



2. Л.Бердіхожин – Ұлт азаттық қозғалыс көсемдері, 17-23 бет 

3. «Қазақ тарихы» журналы – М.Машралиева «Дүбірлі дала» 

4. «Жас алаш» - 2003ж, 13.09 

5. «Жас алаш» - 2003ж, №137  

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал