Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



жүктеу 5.23 Kb.

бет4/17
Дата09.01.2017
өлшемі5.23 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Бабаларым, рақмет сендерге 
       Бабаларым, 
Рақмет сендерге 

Балаларым болмасын деп көр-кеуде, 
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің, 
Өмірге мен мылқау болып енгенде. 
Бабаларым, 
Рақмет сендерге! 
Жыраулардың жазбай кеткен жырларын, 
Арулардың айтпай кеткен сырларын, 
Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын, 
Қобызыңның шанағынан тыңдадым. 
Құлазыған сенің құла түздерің, 
He білмеген, не көрмеген, ізгі елім. 
Жазылмаған тарихымның жолдарын, 
Ауызекі аңызыңнан іздедім. 
Мен білмеймін. 
Басыңа әлде орнап бақ
Шаһар салып, жасадың ба жаннат-бақ. 
...Әлдеқалай тасқа түскен таңбада 
Табынамын, тарихымдай ардақтап. 
Сыр ашпайды сенің құла түздерің, 
Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. 
Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын, 
Домбыраңның пернесінен іздедім. 
Іздедім де, сәттерімде, түңілген, 
Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем. 
Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем: 
Тарихымды жазудамын бүгін мен, 
Бабаларым, сенің Ана тіліңмен! 
...Менің мына қайта туған күнімде, 
Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде! 
Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде, 
Сөйле, Данте, менің Ана тілімде. 
 
Байқа, қалқам! 
     Қалай ?!! 
Қалай?! 
Қалқам, маған не дедің?! 
Meн өзімді зерттей алмай келемін. 
Өзім жайлы жалғыз ғана дерегім - 
Өзгелерге түсініксіз өлеңім. 
Өмірім бар, өкпем де бар, наз-мұң да. 
(Аңдап көргей, өзім жайлы жаздым ба?! 
Қаршадайдан өмір кешіп саз, құмда, 

Ақылымды ат тепті ме, аздым ба?! 
Түсінбеймін неге келдім?! 
Heгe өттім? 
Мына өмірде нені жойдым, нені ектім?! 
Байқа, қалқам! 
Мен де саған керекпін! 
(...Қазір қыс қой, жапырақсыз терекпін.) 
 
Барлығы да менікі 
       Барлығы да менікі: 
Мына дәуір, мына өмір, 
Мынау аспан, мына күн. 
Мына мұхит, мына жер - 
Мына менің тұрағым. 
Барлығы да менікі: 
Жұлдыздардың шырағы - 
Жердің ұшқан Сыңары, 
Еділ, Жайық, Дон, Дунай, 
Қарасаздың бұлағы, 
Барлығы да менікі. 
Қиыр Шығыс, қарт Сібір,қарт Оралдың қойнауы, 
Балтық, Қырым, Кавказ бен Қарқараның жайлауы, 
Өзендер мен көлдер де,ормандар мен таулар да, 
Астана мен Одақ та,облыс пен аудан да, 
Манаураған түндер де,алаулаған таңдар да - 
Тиген менің, еншіме қолым жеткен арманға, 
Октябрьдің жұлдызы аспанымнан жанғанда. 
 
Баспа, мұнар! 
       Арылмасын аппақ нұр бастарынан
Шашпа ызғар, 
Күнімді баспа, мұнар! 
Кетпе, шуақ, 
Мына елдің аспанынан. 
Мейрамы майдан болған қарттары бар, 
Мейрамға жаңа келген жастары бар, 
Шашпа, ызғар, 
Күнімді баспа, мұнар! 
Аймалап Алатаудың  шырқау басын, 
Түтінсіз тұнық ақша бұлтты аунасын. 
Майданға емес, мейрамға жаратылған, 

Қаным сіңген Туыма су тамбасын! 
Тыныштықтың түтінсіз бұлты аунасын. 
Адамзат тарихында дара түрған, 
Октябрь, 
От пен оқтан жаратылған. 
Октябрь - оқ пен оттың қанатынан, 
Шуағын тыныштықтың сыйлы туған, 
Шашпа ызғар, күнімді баспа, мұнар! 
 
Басыма менің, бақ, қондың 
      Орынсыз ойнап, күлгенде, 
Опық жеп талай жүргенде, 
Басыма менің, Бақ, қондың, 
Байқаусыз шақта, бірдемде 
Боларын бұлай білгем бе?! 
Іздесем, рас, іздедім, 
Елімнің кезіп түздерін, 
Теңіздерін де жүзгемін. 
Жабықтырып та кететін, 
Жаздарым, талай күздерім. 
Көрдің бе соқпақ даладан? 
Сол менің сандал іздерім. 
Бағым ба деп те қарағым, 
Тырналардың да тізбегін, 
Қалдырып содан санадан 
Біржола үміт үзгемін. 
Ақыры, мына, Бақ қондың, 
Баянсыз емес нақ қондың. 
Қастарымменен қақ бөлдім. 
Достарым, бірақ жоқ болдың 
Жалғыздық деген құрғырға 
Бақ қонды-дағы тап болдым... 
Бақыт-оу, бақыт, ерекеің! 
Дүниеге тегіс сені ексін. 
Тірлікке мынау қорексің, 
Жалғыздық деген құрғырға 
Несіне, жаным, керексің?! 
Қонбай-ақ қойшы, қор өтсін!!! 
 
Басымнан қорқам 
        Мен басымнан қорқамын атом ба деп, 

Бір әлемет жасалып жатыр ма деп. 
Мұндай-дағы сұрапыл тап болар ма, 
Өзі болған өзімен пақырға кеп. 
Мен басымнан қорқамын атом ба деп. 
Белгісіз элементтер миымда ойнап, 
Миым қайнап барады, миым қайнап. 
Белгісіз ғалымдарға мекен болып, 
Өз денеме өз басым бұйырмай ма?! 
Бұл ғаламның түбіне жететіндей, 
Сұмдық-сұмдық сынаулар өтетіндей. 
Мен басымнан қорқамын, мен болмасам, 
Aтoм - миым жарылып кететіндей. 
Жүрген жан ем байымай; тапшысынбай, 
Сарсаң болдым ертегі бақсысындай. 
Басым қалды жасырын полигон боп, 
Өзім тұрмын мақтаулы сақшысындай. 
Мен басымды жасырам, жасырам кеп; 
Миымдағы сынаулар басылар деп. 
Мен миыма сенемін ажал болмай, 
Дүниеге шуақ боп шашылар деп! 
 
Басқа жыл 
       Ертең жұрт басқа жылды қарсы алады. 
Тамашалап, күй тартып, ән салады. 
Би билейді жастар да, кәрілер де, 
Ұмыт болып жыл бойы шаршағаны. 
Жайылған ақ дастарқан - ақ көңілдер. 
Әжелер, балалар шат, шат келіндер. 
Бәріңе айтатыным - бір-ақ тілек
Бәрің де бақ көріңдер! 
Бақ көріңдер! 
Ертең жұрт қарсы алады басқа жылды. 
(Тұрса екен тұман баспай аспанымды.) 
Ертең мен түні бойы ұйықтамаймын, 
Ұмытамын сырқатты, баста мұңды. 
Басқа жыл келгенінше жер бетімен, 
Құшақтап Дүниені тербетілем. 
Ертең мен барлығынан айығамын, 
Бір сүйіп Жаңа күннің келбетінен. 
Бүрсігүні басқа жыл басталады. 
Шал тұрар, 
Қырау-қырау қас-қабағы. 

Пенсияға шығуға таяды қарт, 
Тағына отырғызып жас баланы. 
 
Батар күн 
      Батар күн, 
Келер түн, 
Атар таң, 
Шығар күн, 
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын! 
Осы мен,осылай мәңгілік тұрармын, 
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын! 
Жақындық сеземін - 
Жерден де аспаннан, 
Жылылық сезінем - 
Мұздардан, тастардан. 
Өмірім, сірә да,әріден басталған, 
Әріден басталып, мәңгіге тасталған. 
Осы,мен,өлмейтін, өлмейтін шығармын, 
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын. 
 
Бауыржан Момышұлына 
       Аға, 
Саған, білмеймін не айтарымды, 
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды. 
Көңілдегі ой көмейге кептелді де, 
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды. 
Қайтерімді, білмеймін не айтарымды. 
Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды, 
Heгe көңіл, білмеймін, ақтарылды?! 
Ақ тұлпарым бар еді саған деген 
Алып ұшпай ол неге аңтарылды 
Сен зәру емессің ғой құрметке, 
Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен...! 
Тонға емес, орамал жолға жарап, 
Сый тартуды атамыз ырым еткен 
Тартар сыйым өзіңе болмағасын, 
Белгілі ғой қасыңа жоламасым. 
Ақ сұңқарым бар еді, ұшпай қойды, 
Алсам-дағы басынан томағасын. 
Қылышымды суырып қынабынан, 
Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау... 

Жетімдердің кегі мен жесірлердің 
Суарып ем суалған бұлағына. 
Қайрап едім зауалдың шарығына, 
Қақтап едім қан майдан жалынына. 
Қынабына оны да жасырдым мен, 
Керек болып жүрер деп халығыма. 
Қынабына caп қойдым үмітпенен, 
Оның несін жасырам бүгіп сенен. 
Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау, 
Назарына ешкімнің ілікпеген. 
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған, 
Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған! 
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер, 
Сыйдан да он есе артық даңқың маған. 
Ешкімнің назарына ілікпеген, 
Саған бір сый тартам деп үміттенем. 
Жүрегімнің тапсырған аманатын 
Бере алмай кетем бе деп күдіктенем. 
Қандай сый тартсам екен, аға саған, 
(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма? 
Ешбір сый таба алмасам, аға, саған 
Аппақ тонын - атамның тәбәрігін
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам. 
 
Бақ мекен 
     (Тың көтерген ерлерге) 
     Кұт мекен, 
Ырыс мекен, 
Асыл мекен, 
Ақ бидай ақтарылған шашу ма екен?! 
Бабаларым аңсаған бақыт деген 
Байқасам, бүгін менің қасымда екен. 
Ырыс ағып жатыр ғой, 
Ырыс ағып, 
Бақ мекеннен барша жұрт тыныс алып, 
Бақ мекенде қанша жұрт туысады, 
Достасады алдында ұлы іс алып. 
Сен - ерліктің мекені шынықтырған 
Еркіндікпен, еңбекпен тынықтырған. 
Маңдай терім - даламда шығып тұрған, 
Шайқалмаған бақытым тұнып тұрған. 
Тың деген тыныштықтың таңбасы ма?! 

Жақсылық қой орнаған жан-басыма, 
Тың деген дамылдаған диқан-баба, 
Миллиардын құйып ап қамбасына. 
Оу, менің жомарт далам, 
Мырза далам! 
Аймағын алтынменен сырғалаған, 
Достықтың дастарқаны жайылғанда, 
Досым түгіл, қасым да ырза маған. 
Қасиетті Қазақстан! 
Тың мекенім, 
Әлемге атағынды ту көтердім. 
Ту көтеріп, 
Тусыған тың көтердім, 
Тың - ырысым, сенімен бірге өтемін 
 
Бақыт деген 
      «Мұғалима бізге бақыт туралы 
шығарма жаздырды. Бақыт деген 
не екенін мен қайдан білейін...» 
Бақыт деген - сенің бала күндерің 
Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің, 
Бақытын да, басқасын да білмеуің 
Бақытсыз-ақ ойнағаның-күлгенің. 
Бақыт жайлы менің мынау білгенім. 
Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң. 
Бақытты сол - тәрік етіп түндерін, 
Бақыт іздеп азаптанса, кімде-кім. 
Бақыт деген - әркімдерде бір арман, 
Сол арманның шыққан жері құмардан. 
Ал сен үшін бақыт деген - дәл қазір, 
Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң. 
Бақыт іздеп мал бақ, мейлің, тас қала, 
Бірақ, балам, мынаны естен тастама: 
Бақыттысың бақыт  іздеп сорласаң, 
Бақытты боп сорлап жүрсең масқара! 
Бақытың - мен, бақытым деп біл мені, 
Мені білсең, бақытыңды білгенің. 
Ал мен үшін ең бақытты күндерім - 
Балам, саған бақыт іздеп жүргенім! 
 
Бақытым менің алыста 

       Алданбайын арзанқол жұбанышқа, 
Алданып жұбанышқа, құрақ үшпа! 
Қазір менен қашықтап куаныш та, 
Әйтеуір, бір бақытым тұр алыста. 
Белгісіз жетем бе оған, жетпеймін бе, 
Қалам ба орта жолда жетпей мүлде? 
Әйтеуір, бір бақытым тұр алыста, 
Көрем бе, көгерем бе, көктеймін бе?! 
Болғанмен қанша мұңым,қанша қайғым, 
Іздеуден бақытымды шаршамаймын. 
Өмірім,берер болсаң, ұзағынан, 
Өткінші бақытты мен аңсамаймын. 
Өмірім! 
Сен деп келгем, сен деп келгем! 
Ақ еділ арманымды теңдеп келгем. 
Айырма алыстағы бақытымнан 
Армандағы  аңсап көрген, шөлдеп көрген 
Жылдардың ұзаруда тізбектері, 
Жаз өтті.бара жатыр күз де өткелі. 
Қыс та өтер,қыспен бірге мен де өтермін... 
Бақытым жүрсе болды іздеп мені. 
 
Бесік басында 
         Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде, 
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне. 
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ 
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге. 
Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын, 
Керек емес, дүния, асылдарың! 
Бақыт, байлық - барлығы менің үшін 
Сенің бір кеп мойныма асылғаның. 
Аймалайсың жанымды күлкіңменен, 
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген. 
He дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем, 
Қытықтаған жүректі бір тілменен? 
...Қандай ғана анадан туады адам, 
Сәбилердің ұйқысын куалаған?! 
О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат! 
Қандай рақат сәбилер жыламаған! 
Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде, 
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне. 
Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ, 

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге! 
 
Беташар 
       Боз ала ауыл жастары, 
Бозбала күнін тастады. 
Боз жаулық жауып қыздарға, 
Шаңырақ құра бастады. 
Жиылып жекжат ой-қырдан, 
Ауылда күнде той-думан. 
Жалғыз ұлы әкенің 
Жалғыз атын да сойдырған. 
Үйленді біздің, ағай да. 
Үйленбе деуге қарай ма. 
Бәсіре жалғыз көк тайын
Сойғызып жатыр сарайда, 
Той жасап бермек қалайда. 
Ағайдың тойы жасалды. 
Арманым еді қашанғы. 
Қуанған көңлі босанды, 
Әжем де көзге жас алды 
Келіннің бетін ашқан-ды. 
Иіліп байғүс жасқанды. 
Жасқанды-дағы... жас қалды... 
Ертесі соғыс басталды, 
Алды да кетті жастарды. 
 
Бетховен 
        Сәнімен емес, 
Әнімен оған қымбатты, 
Қырық мың ғалам, 
Қырық мың түрлі үн қатты. 
Көзімен көрмей, әлемнің мына бояуын, 
Көңілімен ғана керемет сазын тыңдапты. 
Жетімек бұлттар жер ауып, қайда көшеді, 
Өшеді қашан бүгінгі және кешегі? 
Дауылдың соғар, 
Жауынның жауар шақтарын, 
Бетховен ғана дыбыстан сезген деседі. 
Сыйқырлы үнмен сыбырлап оған тұр ғалам, 
Ғалам да оны, 
Ғаламды ол да тыңдаған. 

Сынымен емес, сырымен Айдың сәулесі, 
Сорғалап соның саусақтарымен жырлаған. 
Қия алмай оны, 
Қиылып айлы түн кетті. 
Жалауын алып, жеңімпаз жаңа күн жетті. 
Жым-жылас, жым-жырт, таскерең етіп тәңірі 
Табиғат та оны күндеген екен, білмепті. 
Сыңғырлап үні, 
Күмбірлеп күйі бұрқанбай, 
Дүние тынды... 
Тілі кесілген мылқаудай. 
Айлы кештердеи сорғалап сазды күн тамбай, 
Құлазып қалды қу тірлік өлі вулкандай 
He дерсің мына таскерең мылқау шақтарға! 
Дыбыссыз бәрі - орман да, тау да, бақтар да. 
Тек қана аспан азан caп оған естіртті, 
Керең тірлікті қалдырып бара жатқанда. 
Күркіреп аспан, 
Ойнатты-ау дейсің жасынды, 
Сайратты-ау дейсің мелшиген тау мен тасыңды. 
Мылқаудың үні, кереңнің құлағы ашылды, 
Кешірім сұрап, 
Бәрі де оған бас ұрды. 
 
Бибігүлге 
      Қарлығаш көмей Құрбым-ау 
Қай күні, қандай Анадан, 
Бағына елдің тудың-ау?! 
Ізеттім, әрі келбеттім, 
Қасында жүріп көрмеппін. 
Бір кезде, шарлап жер-көкті
Шарықтап, ұшып сен кеттің. 
Өмірің сенің жаз бүгін, 
Ойлама өмір аздығын. 
Есітер құлақ болса егер, 
Есінде жүрер назды үнің. 
Естілер сенің осы үнің, 
Ашқанда ұрпақ есігін. 
Уілдеп жатқан сәбидің, 
Тербетер әлі бесігін! 
Айналса болар тіліңнен. 
Тіліңнен әрі үніңнен. 

Айырма, тәңір, осы үннен, 
Айырма, Бибігүлімнен! 
 
Бозқараған 
      Бозқараған... 
Көрдің бе бозқараған? 
Сирень иісі аңқиды боз даладан. 
Бозқараған - тікенек, тікенге өскен 
Сирень гүлін ешкім де қозғамаған. 
(Соның аты, біздіңше - Бозқараған.) 
Қара судың жағасы бозқараған, 
Бозқараған бұтағын қозғама адам. 
Бозқараған ішінде бойжеткенге, 
Бозбалалар бозарып көз қадаған. 
Бойжеткендер тойларын жасарында, 
Бозқараған жанатын ошағында. 
Әтір иісін әкеліп аш ауылға, 
Желік беріп тұратын жеңгейлерге, 
Жер түбіне біреумен қашарында! 
Қарасаздың тоғайы - сайран бағы, 
Сайран бағын неліктен ойрандады!? 
...Бозқараған гүлін ап, хатқа салып, 
Жіберуші ек туысқа майдандағы. 
Бозқараған! 
Армысың, қасиеттім, бөзге ораған! 
Қайда әлгі бойжеткенің көз қадаған? 
Қайда жеңгем? 
Соңынан сөз бораған... 
 
Болашақ дәрігерге 
       Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын. 
Қане, қалай жағдайың, баяндағын. 
...Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең, 
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның. 
Таянғаның, қарағым, таянғаның, 
Адам үшін барыңды аянбағын. 
Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар, 
Өліктер мен сойылған қояндарың. 
Енді алдыңда тұрады тірі жандар, 
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар... 
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы, 

Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар! 
Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде, 
(Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?) 
Өлгендерді тірілтем деп ойлаған, 
Денесінен жан ізде өліктің де. 
Жолың болсын, бара ғой, айналайын, 
Айналайын, қорғаушым, қарғадайым! 
Кәсібіңе мен сенің басымды ием, 
Басымды ием, несіне арланайын... 
 
Болашақтың елшісімін 
       Бұл өмірге келгеннен соң, 
Елшісіндей шет елдің, 
Миссиямды аяқтамай, 
қалай ғана кетермін, 
Халық деген патшама
Немен жауап етермін! 
Дәнекер боп жүргенімде, 
Арасында екі елдің, 
Мәміленің нәзік жібін 
Үзіп алсам не етермін?! 
Неде болса, нар тәуекел, 
Нар тәуекел, көтердім! 
Сағат сайын өзгеретін, 
Мәміледен қатыбас, 
Аулақ болам,жоламаймын, 
айтқаныма татымас. 
Дос елменен, достарға ұқсап, 
Жасап бағам қатынас. 
Түлкі кұйрық саясаттың, 
Алтыны үшін, наны үшін, 
Қасиетті достықтың, мен 
Таптамаймын намысын. 
Болашақтың елшісімін, 
дипломат емеспін, 
Мен баратын мемлекеттер, 
Мені солай танысын. 
 
Бұзылған үй 
          Тәкаппар таулар жатқан жан-жағында, 
Барып қайт салқын жайлау, малды ауылға. 

Бір жер бар «Қарасаз» деп аталатын, 
Көресің жолың түсіп барғаныңда. 
Көресің көк орманын, жылғаларын, 
Мөп-мөлдір қайнап шыққан тұнбаларын. 
Жылғаның жағасында бұзылған үй, 
Сен соған ей, жолаушым, бір қарағын. 
Кес-кестеп кісі жолын торымаған, 
Осында тірлік еткен момын адам. 
Қаншама тырбанса да шаруаның 
Дәулеті бір-біріне қорымаған. 
Өмірде өзін-өзі ол құл көріпті, 
(Киіпті ауыстырмай бір бөрікті...) 
Байғұстың барша жұрты тілек тілеп
Үйіне тұңғышы боп ұл келіпті. 
Той жасап, торқа төсеп шабылмаған, 
(Демек, тойдың жабдығы табылмаған.) 
Өмір дейтін өзгермес мекеменің 
Алдында әжем мені қабылдаған. 
Кейін әкем ел-жұртын басқарыпты, 
(Қашанғы жарғақ бөркі тасталыпты.) 
...Жағасында жылғаның бұзылған там, 
Ғұмырым осы жерден басталыпты. 
 
Бұлқынып жатыр 
         Бұлқынып жатыр. 
Келмейді-ау құрғыр шамасы, 
Бұлқынып жатыр. 
Таусылды-ау айла-шарасы. 
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай, 
Бостандық берші, бостандық берші, мамасы. 
Тұмшалап қойдың несіне сонша қаусырып
Шандудан бөлек қалған ба шараң таусылып. 
Аяқ пен қолын матамай бос қой, мамасы, 
Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық. 
Қарашы мынау қабаржып жатқан пішінге, 
ЬІза мен ашу қайнайды келіп ішінде. 
Жетпей ме сол да, қойдың ғой мені арқандап 
Мамасы, босат, қызыма құрсау түсірме! 
Көкемді босат, аяқ пен қолын матама, 
Көтеріп жүрем, көтеріп өтем жотама. 
Басымды тігем. 
Бармақтай менің сәбиім 

бүлдіре қоймас... 
Бостандық берші ботама? 
Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық! 
Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып. 
Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы 
Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық. 
 
Бұрын ылғи құс сайрайтын тереземнің алдында 
        Бұрын ылғи құс сайрайтын тереземнің алдында,  
Ала қарға, қарқылдайды... 
Нендей сиқыр бар мұнда?! 
Көгершіндер, шымшықтар-ау... 
Қайда кетіп қалдындар? 
Аласапыран, абайсызда айырылып қалдым ба 
Нендей сиқыр бар мұнда?! 
Алақарға... Алақарға... 
Қарасы өшсін құрғырдың 
Шымшықтардың шырылы мен үні қайда 
Шынашақтай бұлбұлдың?! 
Құстарымды тереземнен кім қуды?! 
Мен қудым ба?' 
Жын қуды ма? 
Әлде өзім алақарға! 
Жігерімді құм қылдың... 
 
Бәрін де қойшы... 
       Өмір-ай, деймін, 
Өмір-ай, деймін кейде мен, 
Күндер де өтті,ойнайтын қыста жейдемен. 
Кездер де кетті біреулер маған «Ей!» деген, 
Кездер де жетті біреулер сіз деп сөйлеген. 
Бірін де қойшы...қозы-түс өтті аяулы
Тал түс те кетті, бесін де міне таянды. 
Мына жалғанда не қалар дейсің баянды, 
Кезекпе-кезек бәрі де жылжып, таяр-ды. 
Мұны да қойшы. 
Махаббат шіркін суытты-ау! 
Мен-дағы оны,ол-дағы мені ұмытты-ау! 
Аңсаған жүрек алдаса-дағы қаншама, 
Махаббаттан да, аспанның Айы жуықтау. 
Бәрін де қойшы... 

Бәрі де өтер тоқтаусыз, 
Өмір ме өмір? 
Өнбей де өспей, жоқ-барсыз? 
Кезегім келіп,кеткенде келмес сапарға, 
Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз... 
 
Бәріне де түсінем 
        Бәріне де түсінем, 
Бәрін білем, 
Бірақ білмейім өзімнің әлімді мен. 
Пайдам да жоқ ешкімге, зияным да, 
Ұялтуға қақым жоқ, ұялуға. 
Жаяулатып жүріп-ақ, дәмем күшті, 
Құрық салам құланға қиялымда. 
Қалқасында жүріп-ақ қалтарыстың, 
Күшім бар деп, күшіндей Алпамыстың, 
Келсін шамам келмесін, шаруам жоқ, 
Геркулеспен келеді арпалысқым. 
Олай көрем өзімді, бұлай көрем. 
Өзімді-өзім патша, құдай көрем. 
Кесілмеген тұсауы нәрестедей, 
Кездескеннің бәрінен құлай берем. 
Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып, 
Жүрген жай бар, осылай күй атқарып. 
Билей алмай жүрмін мен бір басымды, 
Роботы ойлардың сияқтанып. 
Бәріне де түсінем, 
Бәрін білем, 
Бірақ білмейім өзімнің әлімді мен... 
 
Бәріне жауаптымын 
       Бәріне жауаптымын. 
Қашан менен қалғалы тағат, тыным, 
Пісіп тұрған егінді бұршақ ұрса, 
Айтыңдар жауапты кім? 
Әрине, мен. 
Мен оған жауаптымын. 
Бүгінгі сәт, кешегі ағаттығым, 
Салғырттықпен өткізген салақ күнім. 
Сыртылдаған босқа өтсе сағат тілі
Оған да жауаптымын, жауаптымын. 

Біреу кессе орманның тірі ағашын, 
Жауап бермей қалайша тұра аласың. 
Қарындасым алдыма жылап келсе, 
Тік тұрып жауап берер мына басым. 
Бұл шақта текті кімдер, тексіз кімдер, 
Көрсоқырлар қаншама көпті күндер. 
Дос адамдар өзара жауласса егер, 
Ол да менің кінәмнен деп біліңдер. 
Қол сынса, бас жарылса, қанап мүрын, 
Ол да - менің сорақы ағаттығым. 
Ар сотының алдына алып барып, 
Алдымнан есігін аш абақтының! 
Себебі, бәріне мен жауаптымын! 
 
Дариға, домбырамды берші маған 
       Дариға, домбырамды берші маған, 
"Жаныма келші, жарым, келші балам! 
Бейуақ, іңірдегі көңіліме, 
Күй болып, күңіреиіп енші, далам. 
Қайырмасы: 
Бабамның көзімісің?! 
Данамның сөзімісің?! 
Жаралған сезім үшін, 
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?! 
Домбырам, 
Қоңыр қазым, аққуымсың! 
Арманым, мұңым, сырым, шаттығымсың 
Домбырам, жүрегіммен үндес едің, 
Сенімен сырласымдай тілдесемін. 
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң, 
Өнердің не екенін де білмес едім. 
Қайырмасы. 
Өсірген өнерімді қызыр-бабам, 
Үніңнен айналайын бұзылмаған! 
Киелі пернеңе бір қол соқпасам, 
Ішегін, жетімсіреп ызылдаған. 
Қайырмасы. 
Домбырам, досым менің күй аңсаған, 
Өзімді, өмірімді қиям саған. 
Шағымда шабыттанған, қиялдаған. 
Шапағың бар шаттығын құяр маған. 
Қайырмасы. 

Ерке назым, менің де, сазым менің, 
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің? 
Дарынға, домбырамды берші маған, 
Айналып ұшсын аққу-қазым менің. 
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал