Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



жүктеу 5.23 Kb.

бет3/17
Дата09.01.2017
өлшемі5.23 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Аулақ, аулақ 
     Аулақ, аулақ, 
Аулақ менің жанымнан! 
Қара уайым қара шәлі жамылған. 
Жазбын әлі гүлім жаңа жарылған

Бұлбұлымды ұшырған жоқ бағымнан. 
Жалт бұрылып, жанарымнам шашқанда 
Жатыр екен жүрген ізім дастан боп. 
Бар сырымды түгел әлі ашқам жоқ, 
Дүлдүліме әлі қамшы басқам жоқ. 
Кейімеймін, кейімеймін тағдырға, 
Артта уайым, ал қуаныш алдымда. 
Сусыны жоқ жолаушыдай кезерген, 
Сусыным бір қанбай қойды ежелден. 
Ол - жүректің шөлдегені сезем мен; 
Төрт аяғын тағалатып буырылдың 
Бұрқыратып, кең өлкемді кезер ме ем? 
Сусыны жоқ жолаушыдай қаңсыған, 
Сусыным бір қанбай, мені жаншыған. 
Жүректің бір қалағаны бар шығар, 
Қаталаған шөлімді бір басар ма ем, 
Сусын ішіп даладағы малшыдан. 
Шөлім неге, шөлім неге қанбайды? 
Тәтті де іштім,ащы да іштім,нанбайды... 
Жүрек нені, жүрек нені талғайды?! 
Қыр басында отыратын ауылдың 
Қымызымен жібітер ме ем таңдайды... 
 
Аулыңа бір келгенде... 
       Ойьң, қырың, Отаның түрленгенде, 
Жан-жағына жақұттай гүл көмгенде, 
Жар салмайсың, неге сен қарсы алмайсың?! 
Анда-санда аулыңа бір келгенде. 
Сыймай кетем кей-кейде жер-көкке мен
Сені іздеймін сонда мен,сен деп келем. 
Бір емделсем сақайын қаламын ғой, 
Екеумізге белгілі ермекпенен. 
Сеніменен, ардақтым, жүздескенде, 
Өткен шақты өмірден іздескенде, 
Көкейімнен кетпейді бір ой менің, 
Түзде туып, не жетсін түзде өскенге. 
Тіршілікпен тіресіп жүргенде сен, 
Көншімейді көңілім бір көрмесем. 
Бар өмірім болады босқа өткендей, 
Анда-санда аулыңа бір келмесем. 
Сауығып қалар ма екен сарсаң жаным, 
Сейіліп бойымдағы бар салмағым. 

Аулыңа анда-санда бір келгенде, 
Алдымнан жар сал, жаным, қарсы ал, жаным. 
Қилы тағдыр қарсы алдымда тұрғанда, 
Мен шорқақпын махаббатты жырлауға. 
Өлеңде емес, 
Өмірімде ат ізін, 
Амал қанша, салғамын жоқ бұл маңға. 
Он сегізге, жиырмаға толғанда, 
Отау тігіп, ойнағам жоқ ол маңда. 
Шын махаббат көрмедім мен
Болғанда, 
Даяр едім Отанымдай қорғауға. 
Махаббатым өзімде деп ескерткем, 
Кез болған жоқ кұлай сүйіп, ес кеткен. 
Кім біледі, сырт айналып кетті ме?! 
Босана алмай жүргенімде бөстектен. 
Қапелімде арты - өкініш, алды - мұң, 
Қаламаймын махаббаттың қалдығын. 
Содан болар... 
Содан болар кім білсін, 
Махаббатқа шорқақ менің жан-жырым. 
Махаббатқа шорқақ менің өлеңім, 
Теңесем де теңи алмай келемін. 
Heгe керек өзімді-өзім демеуім, 
Кімге керек сені сүйем дегенім?! 
 
Ауыздықтап тұра алсын арманды кім 
     Ауыздықтап тұра алсын арманды кім, 
Жай таптырмас жаныңа жалған бүгін. 
Байыздамай өмірден біз де өтерміз, 
Болашаққа қалдырып қалған жүгін. 
Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз, 
Мына думан өмірге сия алмаймыз. 
Бос қиялмен өтпесек жарар еді, 
Көктемеген егінді жия алмай біз. 
Өзімізді, себебі, жиі алдаймыз, 
Өзімізден-өзіміз үялмаймыз. 
 
Ауғанбай 
       Қару орнына қамшы алып, 
Жол жүрдік біздер қаншалық. 

Қанымыз кеуіп, тамсанып, 
Бұлақтың суын аңсадық. 
Қауымға қарап, жар салып. 
Қоныс іздедік, жан салып, 
Ақыры біздер шаршадық. 
Қалмағы шауып бір өтті, 
Қалғаны шауып бір өтті. 
Ұйыған сүттей қайран ел
Бас ауған жаққа дүр етті. 
Қармадық босқа түнекті, 
Таппадық тұтам тіректі. 
Бермеді тағдыр тілекті, 
Итшілеп жүріп күн өтті. 
Үзіліп қалған армандай, 
Еш нәрсеге де таңданбай, 
Еш нәрсеге де алданбай, 
Дүние жиып, малданбай, 
Міністен қалған тарландай, 
Жүрістен қалған арландай, 
Таспасын тіліп, қамшы өріп, 
Отырар еді Ауғанбай. 
Адасып көштен қалғандай... 
 
Аякөз - ару 
       Аякөз,сірә,аядай бұлаң көзі емес, 
Аяулы, сірә, қыз болар. 
Ақиқат бағып,анықтап жатар кез емес, 
Белгісіз, досым,белгісіз түр ғой бізге олар. 
Белінде мынау берігіп жатқан қырлардың, 
Бейіттен бөлек, белгісі жоқ-ты қыздардың
Кезінде, сірә, қызғалдақ болып гүл жарды, 
Түндігін тесіп туыргын жатқан мұз-қардың. 
Бүр жарды, 
Кетті. 
Өмірді мәңгі мансүқ қып, 
Соларды іздеп,сорларды талай қаңсыттық. 
Қойғаны-ай, шіркін,өмірдің қатал заңының, 
Оларды бізге,оларға бізді таңсық қып. 
Аякөз - деген -аядай бұлақ деседі. 
(Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?) 
Аякөз болып.ғасырлар алға көшеді, 
Аякөз,- Арулар елі кешегі! 

 
Ағажан 
     Әбілмәжін Жумабаевқа 
     Жүр едім айыға алмай көптен бері, 
Қандай күш айықтырып кеткен мені?! 
Жаураған жауқазын ем бөктердегі, 
Жып-жылы қайдан соқты көктем лебі?! 
Ұмыт боп ұнатқаным, жек көргенім, 
Қауіппен күн мен түнді өткергемін... 
Бұзаудын, тіліндей-ақ ала қағаз, 
Ағадан ұшып жеткен кептер ме едің?! 
Оңалмай жүргенімде ісім көптен, 
Шағымда сағым сынып, күшім кеткен, 
Ағаның қарлығашы інісіне 
Ақ қанат періште боп ұшып жеткен. 
Ағажан, жылы сөзің - дәрі маған. 
(Дәрігердің шипасы дарымаған!) 
Ағажан, жан екенсің жаның адал! 
Ит екем ақ-қараны танымаған... 
Жақсы менен жаманның арасында, 
Жаным менің жәй таппай таласуда... 
Ағажан, «Бәрінен де айық!» депсің, 
Айығамын, ағажан, нанасың ба?.. 
 
Ақ кимешек көрінсе 
     Әже, сен бірге жүрсің меніменен, 
Өліге мен өзіңді телімегем. 
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем
Ақ кимешек астынан сені көрем. 
Өңі-түсі өзіңнен бір аумайды, 
Немересін ертпесе жүре алмайды. 
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі, 
Көзіме оттай басылып, алаулайды. 
Аппақтығы ұқсайды әрінің де, 
Әжімің де, аумайды тәлімің де. 
...Әлемдегі әженің бәрі бір ме?! 
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге. 
Қия өтпейді... 
Ұқсайды ізеті де, 
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.) 
Бұлар да бабасынан алып қалған, 

Өз жұртының дәстүрін күзетуде. 
Әже, сен бірге жүрсің меніменен, 
Өліге мен өзіңді телімегем. 
...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем, 
Ақ кимешек жоғалса... 
Нені көрем??? 
 
Ақиқаттың ауылы 
       Жол қайда ақиқатқа апаратын? 
Ел қайда ақиқат деп аталатын? 
Айлакер, арамзалар, алаяқтар, 
Аяғы көктен келіп, маталатын? 
Сол елде адамға адам - дос бауыр ма? 
Адамға ақ жанынды тосқанынща, 
Ақ көңілдер тоғысып, ақ арнада, 
Аға ала ма, кездеспей тосқауылға? 
Шомылып ақиқаттың өзенінде, 
Шыныға ма, шындықтың өз елінде? 
Жалғыз түйір арамдық жоқ та шығар
Адамдардың санасы, өзегінде? 
Атыменен жоқ болар өсек деген, 
Қылға тізіп қылтанақ есептеген? 
Атпайтын да шығар-ау бірін-бірі 
Оқпен, таспен немесе кесекпенен. 
Алауыздық әкелген адамдарға, 
Онда орын жоқ шығар арамдарға? 
Бар болса егер, сүреді қайтіп өмір, 
Ақиқаттың сүңгісі қадалғанда! 
Ақиқаттың ауылы - Ұлы Отаным. 
Атқызып тұр шындықтың құла таңын. 
Ақиқаттың жолынан тайып кетсем, 
Алдьіна кеп жүгінем, сынатамын... 
He десе де Ұлы Отан ұнағамын. 
 
Ақын ініге 
      Шоқтығына ер батқан, қайқаңдаған, 
Мен - бір бәйек жорғамын байпаңдаған... 
Күлесің-ау, 
Күлесің... Сайтан-бала, 
Сен айт менің ойымды, айта алмаған. 
Ұмтыла бер ұрынбай құзат-жарға. 

Мен сүрінгеи сөреден ұзап бар да, 
Уат, мейлің, жанымды сызат шалғай, 
Бірақ менің жырыма тұзақ салма! 
Жырым менің - жалғызым, жан дауысым. 
Жан дауысым! 
Жоқтаған ар-намысын. 
Ар-намысы тапталып қалмау үшін, 
Арпалысып, әлсіреп қалғаны шын... 
Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған! 
Сен айт менің ойымды, айта алмаған. 
Қарапайым жырымның дәнін ал да, 
Қауызын, 
Сайтан-бала, 
Қайтар маған. 
 
Ақынды ақын оятпаса, болмайды 
       Ақынды ақын оятпаса, болмайды, 
Ақынды ақын таяқтаса, ол - қайғы. 
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды, 
Ақынды ақын күйелесе, ол - қайғы. 
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты, 
Барлық ақын бір анадан туыпты. 
Ақынға ақын адал болсын әмәнда, 
Ақынға ақын арам болса, жаман да... 
Ақынға ақын, ете көрме пенделік! 
Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік! 
 
Ақынның ауылы 
       Сол маңға соға алмадым көптен бері, 
Күз бе еді?! 
Есімде жоқ, көктем бе еді?! 
Есімде тек - даланың өкпек желі, 
Есімді алып, құшақтап, өпкен мені, 
Сол маңға соқпай кеттім көптен бері. 
Сән түзеген Есілдің өңірінде, 
Ақ қайыңдар әлі жүр көңілімде. 
Ерекше еді ол жердің көлі мүлде, 
Ерекше еді сол жердің елі мүлде, 
Ерекше орын алып жүр көңілімде. 
Суып барғам суытқан қылықтардан, 
Жылбіп қайтып кеткен ем, 

(Суып барғам...) 
Арасынан орманның ақын көрдім, 
Жырын іздеп жүр екен ұмыт қалған... 
Жағасында Есілдің тұрыпты арман!.. 
Аққудың қанатындай сыңқылдаған, 
Үнінен сол ақынның жыр тыңдағам. 
Жыр тыңдаған: 
Тың далам - сылқым далам. 
Ақ Есіл бір толастап, бір тулаған, 
Жағада ақ қайың мас, былқылдаған. 
...Өтінем, сол ақынның тағдырын бер, 
Өзгені қимасаң да, жұртым, маған?.. 
Ақ Есіл - ақ отауым, алқа көлім, 
Қайың бақ, ойдым орман, қамқа жерім. 
Ақынның аманат бір жырындай-ақ, 
Аңсаймын да тұрамын Арқа желін. 
 
Ақынға 
      Біз деген, досым, 
Тағдыры қызық халықпыз. 
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз. 
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз, 
Жанбайтын жерде жаныппыз. 
Біз деген, досым, 
Тағдыры қызық халықпыз. 
Білгендер білсін, 
Білместер, мейлі білмесін. 
Қолдасын мейлі,қорласын мейлі,күндесін. 
Қара тастан да мейірім күткен ақынды. 
Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін 
Антейміз біздер, 
Жеріміз біздің - халық-ты. 
Хальіқсыз біздің Антейлігіміз қауіпті. 
...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде, 
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты. 
 
Аңса, жаным 
       Мен тілейін. 
Жарқыным, сен де тіле: 
Жақсылық орнасын де жер бетіне. 
Аққу тіле айдынның келбетіне, 

Айдын тіле аққуды тербетуге. 
Мен аңсаймын. 
Сен-дағы аңса жаным: 
Жақсыдан жайлап ескен жан самалын. 
Аңса, жаным, 
Зарығып, шарша, жаным, 
Қалса да қанша ғұмыр, қанша амалың. 
Аңса, жаным! 
Мен сағынам. 
Сен-дағы сағын жаным, 
Адамнан тек жақсылық табылғанын, 
Ашусыз, ала көзсіз бауырлардың
Аңсаймын алқам-салқам қауымдарын. 
Көңілім болса-дағы қанша жарым, 
Солармен білінбейді шаршағаным. 
Жақсыдан жайлап ескен жан-самалын, 
Жабықпай аңса жаным, 
Аңса, жаным!.. 
 
Аңсап жүріп, кездестік 
      Сәкен тойына 
Өзің бе?.. 
Өзің ғажапсың! 
От кешкен алғаш азатсың. 
Халқыңа келген азатсың. 
Тап жауынан өш алып, 
Өшің де кеткен қазақсың! 
«Tap жол, тайғақ кешуді» 
Кешіп кеткен қазақсың! 
Есіл өткен қазақсың!!! 
Сойылдыға соқтырмай, 
Қарулыға аттырмай, 
Арашалап жұртыңды, 
Алпауытқа аттың жай. 
Heгe? 
Heгe жыр тынды?! 
Heгe кеттің таптырмай? 
Айырылып қалыппыз 
Күләш салған «Гәккудай», 
Өзің жазған «Аққудай»... 
...Күрсініп ек, жан аға, 
Сен жоқ деген сөзді естіп. 

Жылдар салып араға, 
Ақыры біз кездестік. 
Сендей қорған, панаға, 
Зәру болған кезде естік. 
Ақыры біз кездестік. 
Ақыл кіріп сол жастар, 
Аға болды жол бастар. 
Жалауыңды жыққан жоқ 
Қызыл сұңқар - жолдастар. 
Өзіңе ұсап жол басқан, 
Өз Отанын қорғасқан, 
Жалғасуда бізбенен, 
Өзің жазған зор дастан. 
Кесегесі көгерген, 
Көп ырысқа кенелген, 
Өзің жортқан түзіңді, 
Өз кәзіңмен көрер ме ең. 
Қайта айналып келер ме ең! 
Мынау қазақ даласы, 
Алтай, Арқа арасы. 
Алатау мен Атырау 
Тойлап жатыр, қарашы, 
Естисің бе, ағасы? 
Бүкіл қазақ баласы, 
Сені еске алып, ағасы, 
Думандатты, қарашы. 
Аспанынан нұр тамған, 
Сені еске алып тұр таулар... 
...Ай-қай, Қызыл сұнқарлар! 
Пай-пай, дүлділ тұлпарлар! 
Ортаға алып Сәкенді
Жас қазақтын, ұранын 
Жаңарта бір шырқаңдар! 
 
Аңғал досым-ай 
       Аңғал досым-ай, 
He дейін саған, не дейін. 
Көрінеді ішің, 
Ашылса болды көмейің, 
Жақсы да сені демейін, 
Жаман да сені демейін, 
Қасымда жүрші әрқашан сені көрейін. 

Адамға деген жақсылығың да шамалы, 
(Жаманнан гөрі жоғары.) 
Кейітіп жанды, 
Кей-кейде сенің түсіңнен, 
Сұп-суық, сұмдық үскірік аяз соғады. 
Кей-кейде мына өтірік күлген көзіңнен, 
Сұмдық бір жаттық сезінем. 
Безінем онда өзіңнен, 
Өзіңе дегенДостығымнан да безінем! 
Мінез-құлқыңды түрлентпей 
Болсаңшы, досым, 
Өмірде мына бір беткей. 
Жақсылығың жүр, 
Жаманнан гөрі жоғары. 
Жамандығың да, жанымнан менің жүр кетпей. 
 
Біздің көктем 
         Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт, 
Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт. 
Көктем келді. Өмірдің келешегі - 
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі. 
Сағым қыздың ап қашып орамалын, 
Асыр caп тентек жігіт - жел еседі. 
Көктем келіп ауылға қыз көрікті, 
Таң-тамаша дүние жүзге еніпті. 
Асқар ала таулардан асып әрі, 
Аяз атаң барады мұз бөрікті. 
Көктем, көктем! Қыз - көктем ауылдағы 
Өлең-жыр, әзіл-күлкі ауыл маңы. 
Тиянақ таппай ұшқан көк көбелек, 
Көк гүлге қонды-дағы дамылдады... 
 
Біздің үйге көктем келді, қыз келді 
       Біздің үйге көктем келді, қыз келді, 
Қызығың да, тамашаң да бізде енді. 
Неғып жатыр, Әнуар шұжық, балқаймақ, 
Нөкерімен шауып кетпей біздерді... 
Біздің үйге Шолпан келді, Шолпаным! 
Шолпым менің... 
Қызыққа енді шолпамын. 
Мінезіңнен... 

Мінезіңнен қорқамын, 
Лашынға тартқан-ау деп жортамын. 
Қызым менің, күлкім менің, сауығым, 
Базарым да, бауырым да, ауылым. 
Қандай ғажап, қарақаттай көзіңде. 
Қарап тұрған мен өзімді танимын. 
Сен гүлімсің 
Қарағым, сені кім еккен? 
Сезімбісің? 
Шыққансың қандай жүректен! 
Жанарда тұрған жалғыз тал әлде тамшы ма ең? 
Жалт етіп бірде кірпіктен ырғып дір еткен?! 
Әнбісің әлде? 
Неткен үн сені шырқады? 
Әлде сен, қалқам, 
Бозарып атқан қыр таңы. 
Сезіп тұр санам, 
Сен өзің, сірә, болғайсың 
Жалғандағы осы жақсының ғана ұрпағы. 
Қинама мені. 
Айтсайшы маған, сүйіктім? 
Адамба жүрген лағымысың киіктің? 
Айтсайшы, қалқам, бұлағымысың әлде сен 
Бұрқанып жатқан мендегі теңіз-күйіктің? 
 
Біздер жеңдік! 
       Біздер жеңдік! жоқ болып, жаралы боп. 
Біз куандық алдымен  қаралы боп 
Қарсы тұрдық аждаһа алдында біз 
Туған жердің аязы, бораны боп, 
Біздер жеңдік,намысты жібермедік. 
Аждаһаны кезінде шідерледік. 
Қорламасын дедік біз екінші рет, 
Тыныш жатқан бір елді бір ел келіп. 
Біздер жеңдік қарумен, түренмен де, 
Көгімізден қан тамды түнергенде, 
Өзімізді запаста ұстадық Біз, 
Әкемізді майданға жібергенде!!! 
Біздер жеңдік:анамыз ақтай солды, 
Мамық төсек қайғыдан тақтай болды. 
Майдансыз біз шайнаған бір түйір нан, 
Кеудемізде қадалған оқтай болды!!! 

Болды!,. 
Болды!.. 
Бәрін де білесіңдер, 
Бұл Жеңісті әркім де үлесім дер. 
...Аждаһалар тіріліп келе жатыр! 
Сақтаныңдар, Адамдар! 
Күресіндер!!! 
 
Білгішіме 
     Тағы да, тағы, тағы да, 
Тағы да сына, білгішім. 
Кіріп ап менің жаныма
Кір іздеп тағы жүрмісің?! 
Бір жырым - менің бір балам, 
Мезгілсіз шала тумаған. 
Мерзімі жеткен шағында, 
Шығам деп сыртқа тулаған. 
Мезгілсіз өлең тумайды, 
Көңілсіз болса, кім білсін. 
Сыбызғы десем қурайды, 
Оны да сына, білгішім. 
Домалақ жердің үстінде, 
Домалап бара жатырмын. 
Мұхитқа сүңгіп түстім де, 
Аспанға бір-ақ атылдым. 
Айға ұшып бара жатырмын, 
Мұны да сына, ақылдым, 
Әйтеуір мені қатырғын 
Туын жық тұғыр ақынның!!! 
Сахара мына жеріме, 
Сағымнан көйлек кигіздім. 
Сандалып жүрген бөріге, 
Сары атанымды бүргіздім. 
Жұлдызын мынау аспанның, 
Жерде тұрып-ақ басқардым. 
Мамық еттім де тастарды, 
Тауымды басқа жастандым. 
Жотама қала орнатып, 
Бойыма сыймай жүр күшім. 
...Тұғыр ақынды сорлатып, 
Мұны да сына, білгішім. 
Осылай өмір сүремін, 

Осылай жүріп күн кешем! 
Дүниенің мына жүрегін, 
Ақыннан сұра, білмесең!!! 
Жырым көп әлі менің жазылмаған. 
Кенім көп әлі менің қазылмаған. 
Қалдырып болар-болмас қазынамды, 
Неліктен бір күні мен жазым болам?! 
Қуалап тіршіліктің көбелегін, 
Қап қойды қапелімде көп өлеңім. 
Жалғызым, жаным менің - жырым менің, 
Қалдырып сені артыма неге өлемін. 
Жазайын, жалықпайын, жасырмайын, 
Қашан қалғып кеткенше басылмайын. 
Ая деп ажалға мен бас ұрмайын
Шоқ шайнап, от бүріккен Қасымдайын  
 
Бір келіншек 
        Емханада бар еді бір келіншек, 
Емделуге, асқа да бір келуші ек. 
Ерлі-зайып адамдар деп қалатын, 
Ертелі-кеш екеуміз бірге жүрсек. 
Көлеңкесіз көңілді жатқа бұрмай, 
Сөйлестік асып-тасып ақтарылмай. 
Әсерлі қарапайым әңгімеміз, 
Жазысқан ғашықтардың хаттарындай. 
Сырластық адам жайлы, заман жайлы, 
Өмір жайлы, жақсы мен жаман жайлы. 
Жасырамыз біріміз-бірімізден, 
Әңгімеміз әріге бара алмайды. 
...Иесі келіп бір күн алып кетті, 
Байқаймын, бір келіншек налып кетті. 
Сауығып қалғандай ем саясында, 
Сыр кетті, сырмен бірге жарық кетті. 
Айықтыра қоймады бекер үміт, 
Жазылатын жайым жоқ жеке жүріп. 
Төрт бүктеліп төсекте жатып қалдым, 
Қаным менің қайтадан көтеріліп. 
 
Бір күніммен қоштастым 
       Тағы, міне, қоштастым бір күніммен, 
Қош айтыстым бір күнгі тірлігіммен. 

Тоқтатып кер толассыз қозғалысты, 
Түссең-дағы тәңірдің кіндігінен. 
Айлар, жылдар, ғасырлар алға аттаған, 
Алға аттады күнім де ардақтаған. 
Мынау жарық әлеммен бірге айналып
Заулап барам, бір күні аунап қалам. 
Аунап қалам... 
Білемін, білемін мен! 
Ажыраймын жармасқан тірегімнен. 
Қүлай білем, 
Себебі, жүре білгем, 
Құсым ұшса болғаны жүрегімнен. 
Бір құсым бар кеудемде-зынданымда, 
Бірге туған менімен, туғанымда. 
Байғұсыма бостандық берсем болды, 
Аунап кетпей әзірге тұрғанымда. 
 
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген 
        Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген, 
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем) 
Әредік, елдеқалай есіме алсам, 
Қос басы, қою қара кешті көрем. 
Шар тастар, шалғынды сай «Қарағайлы», 
Шулы өзен шомылдырған шағала - Айды. 
Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын, 
Жетектеп жетегінде қара қайғы. 
Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген, 
Тауға кеп түн ұйитын кілкілдеген. 
Әр жүректі сол бір ән мазалайтын, 
Әр көмейде сол бір ән бүлкілдеген. 
Қос басында қауымның бәрісі де, 
Қосылатын жасы да, кәрісі де, 
Сіңір тірсек біздер де шырқаушы едік
Түсінбестен сол әннің мәнісіне. 
Күндізгі зор бейнеттің түні келіп, 
Әр кеш сайын ән тыңдап жүріп едік. 
Көз ұйқыға кеткенше сол бір әннен 
Сай-сала тұратұғын күңіреніп. 
Жүректің шыдырауында қоздайтұғын, 
Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын. 
Қауым айтқан сол әнді естігенде, 
Боталы інген борықта боздайтұғын. 

Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген, 
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем). 
Сол бір ән көмейіме кептелгенде, 
Өмір дейтін керуен, көшті көрем. 
 
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы 
      Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы
Бұдан артық рахат табылмайды. 
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір, 
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы. 
Қар да ілігіп қалған-ды тау басына, 
Мұз тоңды ма бұлақтың жамбасына? 
Суық келіп, суыр да жатқан шығар, 
Қамдап алып азығын қамбасына. 
Төрт түліктен төгілген шалқар әнді, 
Ұзатқан-ды, жайлау да тарңаған-ды. 
Ескі жұртты тіміскіп, қорқау әлгі 
Қажалап та жүрген-ді қаңқаларды. 
Сағыныштай сарғайып жанды ма күз, 
Сары шәйі жамылып алды ма түз? 
Қурайларын сыңсытып сыбызғыдай, 
Қаңбағы ұшып, қаңырап қалды ма аңыз? 
Әңгімеле тауын да, даласын да, 
Қырқасын да, сайын да, саласын да. 
Ақбоз үйдің түндігін желпілдетіп, 
Қонды ма кеп қойлы ауыл Қарасуға? 
Қарасуға қосылып тұна барып, 
Жатқан болар іргеде бұлақ ағып? 
Арып келіп, тойынып қайтқан болар, 
Toп тырналар аспанға сына қағып? 
 
Бір өлеңі - бір елдің мұрасындай 
     Бір өлеңі - бір елдің мұрасындай, 
Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай. 
Расулдай... 
Бағым да жүр ашылмай, 
Құсбегінің қолындағы лашындай. 
Танылмаса сырымен, қырыменен, 
Танылмай-ақ кетсінші құрып өлең! 
Расулдай мен-дағы жырлар жазсам, 
Расулды тонаған ұры дер ең... 

Расулдай бола алман! 
Жырым бөлек! 
Өзімнің үнім керек, тілім керек. 
Өзгені де өзіндей сүйген елім, 
Өз ақынын табады түбінде кеп. 
Meн - таулықпын - 
Қыранның балапаны. 
Маған-дағы тауымның таңы атады. 
Қарапайым қалтқысыз жырларымды 
Қажетіне өз халқым жаратады. 
Мен әзірге бола алмай Расулдай, 
Бағым, жаным - барлығы жүр ашылмай. 
Алынады томағам, кетем ұшып, 
Құсбегіден құтылған лашындай. 
 
Біреулерді мерт қылып аламын деп 
      Біреулерді мерт қылып аламын деп, 
Ашуыма ауыздық саламын кеп. 
Тентек інім бетіме тік қараса, 
Жасқанамын жандай-ақ залалым көп. 
Бағамын деп әркімнің қас-қабағын, 
Балам қабақ шытса да жасқанамын. 
Сәлемімді біреулер алмай кетсе, 
Екі иығым салбырап, пәс қаламын. 
Досым өтсе алдымнан қырын қарап
Боз торғайым кеудемде шырылдамақ. 
Естігісі келмейді бәтшағардың, 
Қорғасынмен құлағын тығындап ап. 
Қайсыбіреу қарайды айдаһарша, 
Тұрпайы әзіл, түрпі сөз - қайда барсам. 
Қайтер еді, Ожардың шарығына, 
Ашуымды қайтадан қайрап алсам? 
Алшаң басып, асфальтпен адымдасам, 
Адам жүрер мекеннен табылмасам, 
Қайтер еді? 
Мейірі түскен жанды, 
Мекерсініп, менсінбей қабылдасам! 
 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал