Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



жүктеу 5.23 Kb.

бет15/17
Дата09.01.2017
өлшемі5.23 Kb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Ғабаңа 
     Ғабит Мүсіреповке 
     Ғабеке, 
Анда-санда сізді көрем
Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем, 
Еліктеп өзіңізге есім кетіп, 
Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең. 
Мейіріммен қарайтын Сізді көрем, 
Басқалар үміттерін үзді менен. 
Зәһәрмен жібітем деп қу таңдайды, 
Сеземін өзін-өзі жұрт алдайды. 
Жібітсем кейде мен де қу таңдайды, 
Басымнан Алатаудың бұлты аунайды, 
Біреулер келекелеп, жыртаңдайды, 
Түбінде құртса мені, құртар қайғы, 
Алайда жырларымды жырта алмайды!!! 
Менен де үміт күтіп туған елім! 
Мен-дағы үмітпенен туған едім. 
Mac болғап өлеңіне бір жан едім. 
Ғабеке! 
Айтсаңызшы мыналарға, 
Мен кімнің қазынасын ұрлап едім? 
 
Ғасырлар съезі 
       Қырқыншы ма, 
Елуінші ме ғасырда 
Ғасырлар жиналып, ғасырлар съезін ашуда 
Адыра қалып алтының мен ураның, 
Парасат, ақыл арнаға сыймай тасуда. 
Өткен ғасырлар, жеткен ғасырлар жиналып 
Таңырқар сонда жиырмасыншы ғасырға! 
Өткен ғасырлар, 
Жеткен ғасырлар бас ұрып, 
Заманалардың есігі тегіс ашылып, 
Енеді сонда бүкіл ғаламдық Сарайға, 
Жығылмай туы жиырмасыншы ғасырым. 
Жанады жарық - 
Жұлдыздар нұры шашылып. 
Съезді ашады, 
Естіліп үні тұрады. 

Жанды да, жансыз дүние тегіс тұнады. 
Өткен ғасырға, 
Жеткен ғасырға сөз беріп
Менің ғасырым бәрінің басын құрады. 
Кезекпен сөз ап, 
Ғасырлар есеп бергенде, 
Жіберіп қойған қателіктерін көргенде, 
Бабаларына да, 
Балаларына да, 
Жиырмасыншы ғасырым 
Ақыл айтады қателіктерін жөндеуге. 
Жайылар сонда ғаламға үлкен дастарқан, 
Ғасырым менің оны да өзі басқарған. 
Heгe дейсіз ғой? 
Heгe десеңіз,- 
Нағыз керемет осы ғасырдан басталған. 
Салтанат бітеді, 
Ғасырлар тегіс тарасар, 
Әрбір ғасырлар өз дәуіріне жарасар. 
Жарылып бәрі осы ғасырға жол ашар. 
Ғасырымды менің 
Болашақ ғасырлар 
Қонақ етуге таласар. 
 
Ғашықпын! 
         Ғашықпын! 
Шын ғашықпын сол адамға! 
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба!? 
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын! 
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?! 
Ғашықпын. 
Қайтіп оны жасыра алам, 
Бір алтын оның әр тал шашы маған. 
Сағынайын, таусыла сағынайын, 
Сағынышқа жаралған ғашық адам. 
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге, 
Ақ қанат құсым менің, кеткенің бе? 
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып, 
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе? 
Сарғайған сағынышты басып толық, 
Бар үміт, бар сенімді шашып болып, 
Өтермін сірә да мен бүл өмірден, 

Мәңгілік қалармын мен ғашық болып 
 
Қабағы таудың қатулы 
         Қабағы таудың қатулы, 
Қар жауа ма, қайтеді?! 
Бұлақтар мұңға батулы, 
Мұз тұра ма, қайтеді?! 
Ай туыпты шалқалап, 
Шатынап аяз болар ма?! 
Тыныстай қапты шартарап, 
Шарқ ұрып дауыл соғар ма?! 
Жапсаң жап тауды, қыратты, 
Жаусаң, жау, ақ қар, үш апта! 
Бұйығып жатқан бұлақты 
Бұрқана келіп құшақта. 
Дала, орман тегіс ілбіпті, 
Соқсаң соқ, дауыл, серпіл бір! 
Мына бір бейқам тірлікті 
Желпіндір, дауыл, желпіңдір. 
Шалқадан туған Айды да 
Орақ қып көкке шаншып қой. 
Жол ашсаң мұңға, қайғыға 
Тірлігің онда мансұқ қой. 
 
Қазақ жері 
        Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер! 
Батырлар дүрілдеп өткен жер. 
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, 
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер. 
Сарылып сал-сері кеткен жер. 
Бас иіп, иіскеп топырағын, 
Тағзым жасамай өтпеңдер! 
Мына елке, 
Мына аймақ, 
Бұл маңда 
Құлшылық етемін тұрғанға, 
Құлшылық етемін құмдарға, 
Тағзым жасаймын қырларға! 
Шүкірлік етемін қашанда, 
Осы бір Отанда тұрғанға! 
Жазы бар жалынмен жандырған, 

Қысы бар аязға қардырған. 
Көктемі - балауса, балдырған, 
Ал күзі - алып бір ақ қырман, 
Ақ дәннен ақ нөсер жаудырған 
Күрең нан жаңа алған тандырдан. 
Көлденең көлбеген көкжиек 
Қыранның қанатын талдырған, 
Қырына еріксіз қондырған. 
 
Қазақстан 
       Жақсы аттанды демессің сүйем десем, 
Табынатын тәңірім, ием де - сен. 
Адам болып күн кешу қиын маған. 
Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем. 
Сен менің сүйегім мен қанымдасың, 
Жанымдасың, ұятым, арымдасың. 
Саған деген махаббат дамылдасын, 
Тек сенің топырағыңды жамылғасын. 
Өзіңше түсің де ерек,ісің де ерек, 
(Сырым бар саған айтар ішімде көп.) 
Қомағай көзімді бір тойдыра алмай, 
Қорқамын бәрі осының түсім бе деп. 
Қазақстан! 
Пай, пай, пай! 
Ардағым-ай! 
Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай, 
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт, 
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!... 
 
Қаздар қайтып барады мекеніне 
           Қаздар қайтып барады мекеніне, 
(Қанаты бар мақұлық кетеді де). 
Қаз-қаз басып, қалтырап қария тұр 
Дәрмені жоқ таяғын көтеруге. 
Қарашаның қалықтап желіменен, 
Қаздар кетті қоштасып көліменен, 
Қайтқан құстың қария қанатына 
Қарайды көзін сүртіп жеңіменен. 
Қаздар қайтып барады тізбектеліп, 
Іздеп кетті көктемді, іздеп келіп. 
Қарашада қалтырап қария тұр 

Тағы да бір сұп-сұрғылт күзді өткеріп. 
Қаздар кетті, құлақта үні қалды, 
Жазды әкетті. 
Әкетті тұнық әнді, 
Қайтқан құстан қара үзіп қалса-дағы, 
Қалтылдаған қария, тұрып алды. 
Қарашаның ұлыса желі гулеп
Түсіне бер қаңтардың желігі деп. 
...Қисайып бара жатқан қарияны 
Сүйей берді баласы, келіні кеп... 
Ат суара барғанда жылғаға мен, 
Ашаң жүзің ашылып, бір қарап ең. 
Құлағыңда ай-сырғаң дір-дір етіп, 
Енді үзіліп кетердей тұрған әрең. 
Қимыл сайын майысып бос буының, 
Асылып тұр арқаңа қос бұрымың. 
Құла бесті құлағын тіге қалды, 
Қыз көрмеген мақұлық қосқыруын! 
Жақындатпай жаныңа үрікті кеп, 
Тарпаң неме тулап түр бүлік тілеп. 
Жолбарыстай атылып тізгінді алдың, 
Жігіт жүрек қыз едің, жігіт жүрек. 
Тарпаң неме тайсалды қуатыңнан, 
Құлай түстім қасыңа құла атымнан. 
Ерге қондың. 
Жөнелдің ен далаға, 
Артында тек шаң қалды шұбатылған. 
Құла сайтан барады оқтай ағып, 
Шыт көйлегің алаулап оттай жанып, 
Әудем жерге жеткенде бұрылдың да, 
Қол бұлғадың артыңа тоқтай қалып. 
Кім болды екен жолыңды торып жүрген? 
Біреу барды қасыңа торы мінген. 
Тентектердің өзімдей бірі ғой деп, 
Әйтеуір жақсылыққа жорыдым мен. 
Құйын боп қырға тарттың екеуін, де, 
Құла кетті торының жетегінде. 
Кұмды құшып, дәрменсіз қала бердім, 
Қуатым жоқ еңсемді көтеруге. 
Айналамда дүрлікті ауыл болып, 
Адастырдың басыңа бағың қонып. 
Құйын болып жылғадан бастадың да, 

Сардалада жоғалдың сағым болып. 
Қидым саған құла аттың тұяқ күшін, 
Қарғамаймын, демеймін ұяттысың. 
Сағым болып алыстап кеткеніңмен, 
Самал боп оралатын сияқтысың. 
Серігіңмен сен асқан жұмбақ қырдан, 
Жұмбақ қырдан - жүрекке мұң қаптырған 
Сағым жүрсе, телмірем сен екен деп, 
Жете алмай орамалын бұлғап тұрған. 
 
Қазынам бар 
      Қазынам бар. 
Біреуге берсем бе екен?! 
Өкпелейді-ау бермесем, 
Берсем, бөтен. 
Бар байлықты қойныма тығып алып, 
Әлде мына қүмдардай өлсем бе екен!? 
Қазынам бар, 
Біреуге қисам ба екен!? 
Ренжиді-ау қимасам, 
Қисам, бөтен. 
Әлде мына даладай бар байлықты 
Бір өзім иемденіп, жисам ба екен!? 
Қазынам бар. 
Тәуекел, сатсам ба екен?! 
Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен. 
Әлде мына таулардай бүркеніп ап, 
Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен? 
Қазынам бар. 
Қисапсыз шектеледі. 
Қызғанады біреулер, жек көреді. 
Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін! 
Алам десең, 
Алдымен зертте мені... 
 
Қай күні менің тәмамдалады дастаным? 
        Қай күні менің тәмамдалады дастаным? 
Бітпесе екен, жаңадан ғана бастадым. 
Биіктей берсін, биіктей берсін,өкінбен, 
Мұнартып тұрған иындарым менен 
Сапарға сапар жалғана берсе екен деп, 

Жалынам күнде,жазмышқа тағзым етем көп. 
Адасу болар,таласу болар өмірде, 
Жүрсем болғаны Ата жерімді мекендеп. 
Атақ-даңқтыңкерегі маған шамалы. 
Қалады досым,қалады, бәрі қалады... 
Қай күні менің тәмамдалады дастаным? 
Уақыт өтіп,уақыт өтіп барады. 
Өлімнен қорқам,кете жаздаймын жынданып. 
Өмір бар жердеөлім деген бір жүр қауіп. 
Ажалды қойшы,байқатпай соғар ұрланып, 
Алдына оның жүрміз ғой күнде мың барып. 
Өлімнен өткен ақиқат сірә болған ба? 
Тағына келіп қойғанда, 
Жалтартпас соты болғанда, 
Жазалаушы да, 
Жолай алмайды ол маңға, 
Жақтаушы тіптен жолай алмайды
Ол маңға. 
Үкімі оның арыздануға жатпайды, 
Мәңгі құлпыда,мәңгілік мөрін сақтайды. 
Дәуірлердің де, ғасырлардың да - бәрінің, 
Ақиқат-өлім белінен бір-ақ аттайды. 
Ажалды қойшы, алдына оның мың барып, 
Мың кетіп жүрміз сұранып, кейде ұрланып. 
Өлімнен қорқам, кезегі бір күн келер деп, 
Асықпай, саспай, 
Алдымды менің тұр бағып... 
 
Қайдасың көріктім, гөзелім 
       Қайдасың көріктім, гөзелім 
Сен-дағы ойлайсың сеземін. 
Жалғызбын білмеймін неліктен 
Болса да өз үйім, өз елім. 
Едің ғой ақ қанат көгершін, 
Қайтейін, өмірің көгерсін! 
Әзірге мен бір жан белгісіз, 
Әйтеуір соңында көрерсің. 
Қатыгез қайсыбір сағатта 
Өмірді келеді тастағың. 
Сонда да үмітті жоғалтпа 
Қаралы күндерден қашпағын. 
Сабыр ет, тоқтау қыл, шеше біл, 

Тағдырың улы оғын жолдаса. 
Өзің-ақ ойлашы, несі өмір 
Қуаныш, қайғысы болмаса. 
Қай жерде тіршілік өмір бар
Сол жерде қуаныш, қайғы да. 
Болса да алдың құз, артың жар, 
Төзе біл, өмір сүр, айныма. 
 
Қайран бауыр 
     - Мұқаш-ай! 
Қарасазды сағындым-ау! 
Сағындым-ау, суымды, тауымды да! - 
...Қайран дос, барғанымда осылай деп, 
Өрт кетіп өзегіне тарындың-ау! 
Көңіліңнен көтеріліп ойран-дауыл, 
Кемеңді бұрып еді қайраңға бір... 
Сағынған сазын, әне, тауың, әне, 
Жатырсың өзің, міне, қайран бауыр! 
Үйірінен адасқан тентек едің, 
Тентегім-ай, үзілді ерте демің. 
...Қарасазың мінеки, әлдейлеуде, 
Әлсін-әлі жаңартып көрпелерін. 
 
Қайран жандар 
         Қайран біздің шешелер! 
Арды ойлаған, 
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған. 
Жігіттерден айрылып, қалмай қараң, 
Қырман басып, егін caп арба айдаған. 
Шалбарланып көйлегін, 
Шарт буынып, 
Шаруаның қостарын тартты буып. 
Қауіп төнсе, 
Қызғаншақ жолбарыстай, 
Атылатын жауына жалт бұрылып. 
Ұйықтамайтын, 
Тек қана көз ілетін, 
Көзін ілсе, ерімен кезігетін. 
Әйелдігін ұмытып күні бойы, 
Түнде ғана, 
Жатарда сезінетін. 

Қайран біздің жеңгейлер! 
Өскен ерен, 
Егін орып, бау байлап, дестелеген. 
Алақандай ақ шытқа мұңын шағып. 
Хат жазатын, кешкісін, кестеменен. 
Қарайып, кешегі аппақ маңдайлары, 
Аңызақта қаңситын таңдайлары. 
Көздерінде тұратын Күндерімнің 
Көктегені даланың сарғайғаны. 
Қайран біздің өмірдің - балқаймағы 
Бір бұйымы - бір үйге мұра болар, 
Қайран біздің Атайлар - Ғұламалар 
Алғыс айтып, тәңірге қарғыс айтып, 
Айдалада, аулақта жылап алар. 
Жылап алып, 
Қайтадан қуаттанып, 
Егінжайға келетін бұлақты алып. 
Тоқтап қалған тірліктің машинасын 
Жүргізетін, бір жерін бұрап қалып. 
Қайран жандар! 
Қайран жандар!.. 
 
Қайран жеңгем 
       Су сұраса сүт берген, айран берген, 
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! 
Қарғаның валетіндей едірейіп, 
Қасыңа мына біреу қайдан келген? 
Апырай, суық еді сұрқы неден?! 
Адамға қарайды ғой сыртыменен. 
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай, 
Қимылынды бағып тұр мұртыменен. 
Женеше-ау, есіңде ме біздін ағай? 
Сыйласып отырар ек біз құдадай. 
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын, 
Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай 
Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған? 
Жүзің неге ымырттай түнжыраған? 
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің
Сені әкеліп теліген кім мынаған? 
Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың, 
Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың, 
Жан едін ғой жанының талғамы бар, 

Қара мұртқа қалайша байланғансың?! 
Ел-жұртың қараушы еді мақтан етіп. 
Киіп ап аяғыңа салтама етік, 
Талайлардан кетуші ең аттап етіп, 
Талайларды жүруші ең таптап етіп... 
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем! 
Қайғыға мойымаушы ең. 
Қайдан келген?! 
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай, 
Баяғы жастығыңды майданда өлген?.. 
 
Қайран Қарасазым-ай! 
     Тамаша еді жазғы орман 
Құстар сайрап, мәз болған. 
Көлшіктерде, суларда, 
Үйрек ұшып, қаз қонған. 
Шыбын-шіркей қаға ма, 
Шоршып судан ақ шабақ?! 
Таз тырна отыр жағада
Сыңар аяқ, ақ қабақ. 
Елік ертіп лағын, 
Еңкейеді суатқа. 
Елендетіп құлағын, 
Тыншымайды бірақта. 
Көкқұтандар көлбеңдеп, 
Көтерле алмайды. 
Жалғыз-жалғыз ербеңдеп, 
Көк қояндар заулайды. 
Мұздай суын атқылап, 
Ақ бастаулар қайнаған. 
Тана-торпақ шапқылап, 
Оқыранып, ойнаған. 
...Тамаша еді жазғы орман: 
Тамашалап, мәз болғам, 
Қайран Қарасазым-ай! 
Үйрек ұшып, қаз қонған!.. 
 
Қайырлы таң 
         Қайырлы таң, жомарт жерім, ер жерім, 
өзендерім, көлдерім! 
Қайырлы таң, кермиықты кең далам, 

құба жонды белдерім! 
Орманым да шуламай, 
Суларым да туламай, 
Ақ басты ата-тауларым да жыламай
Ұйқысынан оянды, 
Бәрісі де таң нұрына бояулы. 
Айдын көлде асыр caп жүр қаз, аққу, 
Ақ таңымен амандасып қазақтың 
Қайырлы таң, ашық аспан, ақ аспан, 
Ай, Шолпаным, жұлдызым! 
Қайырлы таң әзілдері жарасқан 
Сәби жанды ұл-қызым! 
Бәрісі де дін аман 
Бір адам жоқ жылаған, 
Сәби де жоқ таң алдында қыңқылдап, 
Бір үзім нан сұраған; 
Менің елім ұйқысынан оянды, 
Алтын арай таң нұрына бояулы. 
Самалы есіп тыныштықтың бұйраттан, 
Заводтарым темекісін ширатқан. 
Далам менің тыныштыққа сый тартқан, 
Қалам менің тыныштық деп күй тартқан. 
Жер шарының тыныштығын сақтаған, 
Қайырлы таң, ұлы Отаным, шат заман! 
Сен күзеткен тыныштықты жырға орап, 
Ұрпағыма ап барам. 
Зеңбіректер атылмай, 
Атомдар да уатылмай 
Менің елім тыныштықта жатыр жәй. 
Бәрісі де ұйқысынан оянды. 
Алтын таңның шапағына бояулы! 
Шуағымен шомылдырып алапты, 
Тағы, міне, бейбітшілік таңы атты. 
Арқалап ап ырыс-құт, 
Келеді, әне, күн шығып. 
Қайырлы таң, Тыныштық! 
Қайырлы таң, Тіршілік!.. 
 
Қайырымды қарындас 
      Meн бұларды білмейтінмін, 
Білмейтінмін тегін де, 
Бұйырса бір дастан жазам қарындастар жөнінде 

Тіршіліктің бар шипасын барлық жанға егуде 
Таныдым ғой, таныдым мен тақалғанды өлімге 
Мың сан алғыс қарындасқа мың сан алғыс келін ғо. 
Сырқат жанға келеді де, халін сұрап ізетпен, 
Инесімен шипа құяр, сәл-пәл ғана тыз еткен. 
Аңдып тұрған азуы алты қарыс ажалдан, 
Сырқаттанған байғұстарды күні-түні күзеткен. 
...Әлдекімнің үні естілді анау шеткі бөлмеден, 
Үні естілді, демек тірі... демек тірі... Өлмеген... 
Абайсызда бөлмеге енген ажал екен,Қарындас 
Өмір - өлім ортасында тұра қалды көлденең., 
Өмір күлді. 
Аузынан ажал заһар таратты. 
Қайырымды қарындасым, жеңді білем, таң атты 
Таң атты да, тамаша Күн қақты-ау дейсің қанатты 
Ақ кебіні сүйретілген ажал сорын боратты. 
Күн де осылай, түн де осылай, 
Қайырымды қарындас, 
Игілікті ісінен бір қарыс адым арылмас 
Өмір-өлім ортасында арпалысқан сырқатқа, 
Қарындастай қайырымды жан бұл өмірден табылмас. 
Табылмас-ау... 
Табылмас!!! 
 
Қап-қара, ғажап, сиқырлы 
          Қап-қара, ғажап, сиқырлы 
Қашпаңдар қара бояудан! 
Қандырып уыз-ұйқымды, 
Қап-қара түннен оянғам. 
Қап-қара түнді көрдім де, 
Жап-жарық таңға кездестім. 
Қарасыз, сірә мен мүлде, 
Аппақтың нарқын сезбеспін. 
Жарыңның шашы қап-қара, 
Көзі де қара, шамасы. 
Сондықтан жүзі аққала 
Сондықтан әсем, қарашы. 
Ақ пенен қара алмасып, 
Алмасып тұрса әрдайым. 
Ақ түске ғана жармасып, 
Қараны неге алмайын. 
Қап-қара көзді бір қыз бар

Қашпандар қара бояудан! 
Аспанда жарық жұлдыздар 
Қап-қара түнде оянған. 
 
Қапырық бәрі 
        Қапырық бәрі; 
Көңілім де менің қапырық, 
Емендер анау, 
Жапырақтары шашылып, 
Қайындар әне 
Бөксесін жерге батырып, 
Ақ ұрып бәрі 
Аңсайды нөсер шақырып. 
Автобустар да, 
Трамвайлар да тұр жанып, 
Самалға шөлдеп, 
Саяны қуып жүр халық. 
Үп еткен желді тұтқындап алып дәу үйлер, 
Демімен ыстық 
Тротуарларды тұр қарып. 
Қапырық бәрі: 
Аспан да, жер де қапырық, 
Ауыр бір тозаң 
Әлемді тұр-ау жапырып. 
...Оңаша кетіп, 
Айнабұлақта отырып, 
Сыра ішсем бе екен, 
Жұмекендерді шақырып... 
 
Қар жауып тұр 
      Апыр-ау, бір-ақ түнде қыс келген бе?! 
Қар ғой мынау, бір түнде түскен жерге 
Бір түнде мына аймақтың өңі өзгеріп, 
Бір-ақ түнде керемет істелген бе?! 
Жәйімен жапалақтап қар жауып тұр. 
Үлгермей де қалдың-ау қамданып бір 
Ыққа кеп қонақтаған көгершіндер, 
Бұталарға қарайды таңданып құр. 
Қар жауып тұр, 
Жауып тұр, қар жауып тұр. 
Заңды ғой, 

Заңды бәрі, талас бар ма, 
Аққа оранған көшелер, ағаштар да. 
Бар табиғат өзара жарасқан ба? 
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда. 
Қала жатыр оранып ақ тұманға, 
(Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да.) 
Жығылған соң жалауы, жаз тығылды, 
Қыс кіре алмас өмірі шахтыларға. 
Қыт қытымыр. 
Жайлы емес далаға онша. 
(Малшыларға қиын-ау, дара қонса...) 
Біледі өзі табиғат, қайтер едік, 
Қыс ақ болмай, егерде қара болса?! 
 
Қара шалғы 
     Жетелеп сонау жылдар қара шалды, 
Қарасазда жүруші ең, қара шалғы. 
Қара шалғы ішінде қарт пен сенің, 
Талай-талай көріп ем тамашаңды. 
Қалыпсың ғой қаңырап, қара шалғы. 
Түбегінен түк қоймай Қарасудың, 
Қарт екеуің қаншама аласұрдың. 
Қаншама рет қапырық күн өткеріп, 
Түн жамылып, қаншама таң асырдың
Күркеде, жағасында Қарасудың. 
Ойдың, қырдың шалғынды бөктерінде, 
Ойын салмай сен де енді кеткенің бе? 
Бір жарқ етіп қалушы ең ақ алмастай, 
Бір-бір жанып құм қайрақ өткенінде 
Сен-дағы пенсияға кеткенің бе?! 
Аттандырып келмеске қара шалды, 
Қаңыраған қорада қара шалғы. 
Ұңғысынан сырығын суырып ап, 
Тамызыққа келіні жаға салды. 
Қала берді тат басып қара шалғы... 
 
Қара қамба 
       Әлі менің есімде қара қамба, 
Қарның тойып қалатын қарағанда. 
Жеткізе алмай тұрса да әр адамға, 
Әбіужауһан болатын балаларға. 

Шұрқырасып сабақтан тарағанда, 
Ішімізді аш тазы жалағанда, 
Өкпемізді қолға алып жетуші едік
Ашық тұрса аңқайып қара қамба. 
Жаңа келген мүгедек қамбашы аға, 
Бастығынан жарлықты алмаса да, 
Қалтамызды арпаға толтыратын, 
Қабымызға шелектеп салмаса да. 
Қарып тұрған қаңтардың суығында, 
Тоюшы едік қайнақ су, қуырымға, 
Қосымыз түзелгендей көрінетін, 
Қисайып пәс-пәс қалған жығылуға. 
Қарық қылмай тұрса да қара нанға, 
Қара қамба құт еді балаларға. 
Әкеміз тірілгендей қуанушы ек, 
Аузы ашылып тұрса өгер қара қамба. 
 
Қара өлең 
       Қалқам, 
Мен Лермонтов, Пушкин де емес, 
Есенинмін демедім ешкімге мен, 
Қазақтың қара өлеңі - құдіретім, 
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген. 
Жат жерді жастанғанда жазатайым
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым. 
...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын, 
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым. 
Түзу-түзу тілінген таспадайын, 
Қамшы өремін таспадан басқадайын. 
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін. 
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын! 
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын, 
Аңызыма неге нәр тамызбайын. 
Қара өлеңі қазақтың қаза болса, 
Қара көзден неге қан ағызбайын. 
Іздемпаздық менің де бар өнерім, 
Будан жасап бидай мен тары егемін. 
Қазан-миым бәрін де қайнатады. 
Дара қойып қазақтың қара өлеңін. 
Ақынмын деп қалай мен айта аламын, 
Халқымның өзі айтқанын қайталадым. 
...Күпі киген қазақтың ңара өлеңін, 

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын... 
 
Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың? 
           Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан 
саумысың? 
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым? 
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға, 
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың? 
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің? 
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім? 
...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді, 
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің. 
(О жылы біз ауылда оңаша үйде түрғанбыз) 
Жаз да өтіп барады, қарлығашым жүр жалғыз, 
Көзді ашып-жұмғанша көсеуін ап қолына 
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдан күз. 
Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай, 
Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай, 
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы, 
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай. 
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма, 
-        Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма. 
Әжем менің күйбеңдеп, күбірдеп жүр аулада, 
-        О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!.. 
 
Қарт ақынның дегені 
         Көбелек деп жүрсің бе отты айналған? 
Қуатым бар кеудемде щоқтай жанған. 
Кер бестімін кермеде қаңтарылған, 
Бәйге болса қалайда шаппай қалман. 
Шаппай қалман және де озбай қалман, 
Бәсіңді қой нанбасаң сөз байланған, 
Жебесімін жез таңдай бабалардың, 
Қынабында тыныстап, тозбай қалған. 
Артықпын деп айта алман, алайда мен, 
Алдымда аға, артта іні қарайлап ем. 
Қалған адам, әдетте, көз жазбайды, 
Озған адам артына қарайды әрең. 
Шаппай бермен бәйгені ала ғой деп, 
Жүрмісің жүйрік емес, шалағай деп?! 
Ұл тапқанда ұлы анам боза ішіпті, 

Қалжасына бақандай қара қой жеп. 
...Кер бестімін кермеде қаңтарулы, 
Дүбір шықса үзермін арқаныңды. 
Қалмаспын орта жолда омақасып
Тамсантып таңдандырмай бар қауымды. 
 

1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал