Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



жүктеу 5.23 Kb.

бет11/17
Дата09.01.2017
өлшемі5.23 Kb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17

Сағыныштан сарғайып сары қайың 
        Сағыныштан сарғайып сары қайың, 

Жапырақтар шертеді сары уайым. 
Кернейлетіп, сыңсытып жет, тырналар, 
Ұзатқалы барады сәуір айын. 
Енесінен құлындар жеріген бе?! 
Арылыпты бал-сусын желіден де. 
Қиқулаған тырнаның қанатында. 
Жаз ілесіп барады керуенге. 
Жұқа шапан жамылған боз даланы
Әлдилейді тырнаның созған әні. 
Қалбалақтап қаңбақтар қарбаласта, 
Бағытына басы ауған қозғалады. 
Балауса жоқ, балғын жоқ тербетуге, 
Тербеледі қияқтар желмен түнде. 
Қызылкүрең қоржынын толтырып ап, 
Хабаршы күз жортып жүр жер бетінде, 
Раушан гүліне сен серік едің, 
Раушан арасынан көріп едім. 
О, менің аққанат құс - махаббатым, 
Қайдасың, қайтсем саған көрінемін?.. 
Дүние тыныш еді «құлаққа ұрған», 
Талықсып тал бойында шуақ тұнған. 
Табиғат сонда саған, раушанға, 
Барынша бар жасауын лақтырған. 
Есіңде ме? 
Сонда сен байқадың ба? 
Дір еттім, жанарыңнан тайқадым да. 
Сол күні раушанның өзін емес, 
Иісін сыйлағансың қайтарымда. 
Гүлді қойшы, гүл ата ырымы ма, 
Мәңгі шатпын сол күнгі қылығыңа. 
Гүл иісі тұр екен жүрекке ұрып, 
Танауымды тақасам бұрымыңа. 
Гүлді қойшы, семеді гүл дегенің, 
(Гүл сыйлап, гүл алуды білмегенім...) 
Қайдасың?.. 
Мен түсімде екеу болып
Ертеңгісін жалғыз боп түрегелемін. 
О, менің аққанат құс - махаббатым, 
Қайдасың жанға шипа шапағатым? 
Сен қайда, күндер қайда, түндер қайда, 
Махаббат... махаббат деп аталатын?.. 
 

Сезім 
       Арпалысып ақылмен, төзімменен, 
Бір сәт те дем алмайды сезім деген. 
Шыр етіп жерге түскен шілдехана, 
Келеді дүниені кезуменен. 
Жанымды тыншытпайды сезім деген, 
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?! 
Қаншама күндер өтті дамылдамай, 
Қаншама түндер өтті көз ілмеген, 
Білмеймін, не іздейді сезім менен?! 
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы, 
Белгісіз, қайда апарып соқтырары. 
He, сезім, мені бір күн от қылады, 
He, сезім, мені бір күн жоқ қылады!.. 
Қаншама көлденеңнен өтті қарғып, 
Әлемге әмір беріп, етті жарлық. 
Ғаламдық заңдылықты мойындамай, 
Жүргені, барды жоқ қып. 
Жоқты бар ғып. 
...Адамның сезімінен сезіктенбе, 
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де. 
Ақыл менен парасат бұғынады, 
Шынайы шын сезімге кезіккенде... 
 
Сен 
      Сен көрікті едің... 
Көріктісің! 
Баяғы бойыңдағы желік-күшің. 
He істеймін десең-дағы еріктісің, 
Себебі көріктісің, көріктісің! 
Сен ақылды едің... 
Ақылдысың! 
Тал бойыңда талмаған ақыл-күшің. 
Ерке мінез, есен-сау жатырмысың, 
Жатырмысың, жаныма жақын құсым?! 
Жаратқан қолдан соққан асыл мүсін 
...Алдыңа келу қандай қиын маған! 
О, менің ақ бақытым, бұйырмаған. 
Саусағыңның ізіне көзің салшы, 
Шым-шытырақ шимаймен шиырлаған, 
О, менің ақ бақытым, бұйырмаған. 

Сен сүйікті едің... 
Сүйіктісің! 
Сені көріп тағы да күйікті ішім. 
Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым, 
Әлі де биікпісің? 
Биікпісің?! 
 
Сен Батыста, мен Шығыста 
       Сен Батыста, мен Шығыста - халықпыз, 
Бір бақшада бірге бүршік жарыппыз. 
Бір Отанда бірге Бақыт тауыппыз, 
Бір Отанда бірдей теңдік алыппыз, 
Біз осындай тірліктегі халықпыз. 
Мен Шығыста, сен Батыста достармыз 
Бір денеге бірге біткен қос жанбыз, 
Ұлы Одаққа басымызды қосқанбыз 
Біз осындай бірліктегі достармыз. 
Даутабаға құя алмайды Сыр барып 
Бірақ біздер бір арнада, бір халық. 
Достығымыз жатыр, міне, шындалып 
Ұлы Отанда шешек атып, гүл жарып 
Өттік біздер өткелдерден не түрлі 
Сын сағатта босағамыз бекінді. 
Латыш, Қазақ екеуі де бір құстың 
Егіз біткен қос қанаты секілді. 
Сен Батыста, мен Шығыста екі елміз 
Мәңгілікке бауыр болып кетерміз. 
Сен Батыста, мен Шығыста Отанға 
Қалқан болып жаратылған екенбіз. 
Төрлетіндер, ардақтары Балтықтың! 
Балтық жырын Балтыққа ұқсап шалқыт бір 
 
Сен бе едің? 
       Көтерілмей жүргенде еңсем менің, 
Армандадым, біреуді көрсем дедім. 
Біреу маған алыстан қолын созған
Қолын созған қамқоршым, сол сен бе ёдің? 
Танысып та, ашынып сезімдерім, 
Ұзақ таңға ұйықтамай, көз ілмедім. 
Сонда мені біреу кеп әлдилеген, 
Әлдилеген сәбиін өзің бе едің?! 

Сері күннен жалығып, кері күннен, 
Жалғызсырап кей-кейде жерідім мен. 
Біреу сонда жанымнан шықпайтұғын, 
Жаны бірге менімен серігім бе ең?! 
Қысылтаяң сәттерде саған келдім, 
Жасырмай-ақ халімді жаман дедім. 
Мүңым менен сырыма ортақ болған 
Адам ба едің! 
Аяулы панам менің 
Сен менің көтерілген еңсем бе едің? 
Армандадым, өзіңді керсем дедім. 
Бақыт іздеп жүр едім, сол сен бе едің?! 
Арманым жоқ, алдыңда өлсем сенің. 
 
Сен жастықтың сақшысы 
       «Лениншіл жасқа» 
Сен алғы шерудесің, 
Өмірдесің 
Еліңнің көгіндейсің. 
Таң атқанда қазақтың жастарына, 
Таң жұлдызы Шолпан боп көрінгенсің. 
Ақ отауы іспеттес ақ жандардың, 
Арнасы - сен тоғысқан адамдардың. 
Қалам алған қолымның мектебі - сен
Кешегі жас - 
Бүгінгі тарландардың. 
Иә, сеи мектебісің, мектебісің! 
Талайдың сенен түлеп кеткені шын. 
Қариялар құмартып сені алады, 
Біржола қартайып кетпеу үшін. 
Жастар қазір сүңгіден сез жоиады, 
Сенсің бүгін әр үйдің өз қонағы. 
Басымырақ кетсең сен, батылырақ. 
Басын шайқап кәрия мәз болады, 
Жастығы кеп, жаиына жаз қонады... 
Сені көрдім, жұртымның алқасынан, 
Алтайынан елімнің Арқасынан - 
Дәрігердің, шопанның қалтасынан, 
Қонышынан шофердің дән тасыған. 
Маңғыстауда, мұнара қалқасынан. 
Сені көрдім, биік тау жайлауынан 
Жезқазғанның жер асты жартасынан, 

Жатыр оқып пляжда шалқасынан. 
Қайда барсам, қадірлім, сені көрем, 
Жеріменен үндескен еліменен. 
Жастық көрем, сырласқан сеніменен, 
Жалын алып, жылытып келген де сен, 
Қырау қалмас қабақта ерімеген 
Отыр, жастық, оңаша төріме кеп. 
«Правда» атаң айтқан жалғастырып, 
Отыр, менің жастығым, малдас құрып. 
Өрте! 
Өрте, жалыным, өртеп жібер, 
Жүрсе өсекші, ел-жұртты ауластырып. 
Ойландырған, түйсінткен отты лебің, 
Сен - жастықтың сақшысы деп білемін! 
Қадірлім. 
Көп арманым, көп тілеуім, 
Өзіңе тағзым етіп өтті менің.. 
Сен маған бағалысың, бағалысың, 
Жастығымның серпілткен самалысың. 
Сен - менің мынау алып партиямның 
Қолыма сеніп берген жалауысың! 
Ардақ тұтып есімін Лениннің
Ауытқымай, адаспай жүре білдің. 
Сен бар жерде мен бармын! 
О, жастығым! 
О, компасы - миым мен жүрегімнің! 
 
Сен маған шарфыңды бер 
      Сен маған шарфыңды бер, шарфынды бер, 
Сыйыңа сый жасаймын, нарқымды көр, 
Қарызыңды мың есе қайтармасам, 
Шапалақпен жағымнан тартып жібер. 
Сен маған шарфынды бер, шарфынды бер, 
Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер, 
Алатаудың арда өскен тентегімін, 
Қайырымды құрбыңның нарқын білер... 
 
Сен менің 
       Сен мына - жанарымның ішіндесің, 
Жанардың білесің ғой кішірмесін. 
Ішіне жанарыңның сақта меңі, 

Біреулер көлеңкесін түсірмесін! 
Сен менің - мына тылсым кеудемдесің
Білесің, кеудеме ешкім тең келмесін. 
Кеудеңе-зынданыңа салып сақта, 
Біреулер көкпар қылып өңгермесін! 
Сен мына - тілімдесің, үнімдесің, 
Білесің ғой, тілімнің бүлінбесін. 
Сен мені үніңе қос, тіліңе тұт, 
Үнім өшіп, үшкір тіл тілінбесін! 
Сен мына - менің алып басымдасың, 
Білесің, ешкім де оны басынбасын. 
Сен мені өз басыңмен бірге қорға, 
Біреулер зұлымдығын асырмасын! 
Сен - менің миымдасың! 
Білесің, миым жатқа бұйырмасын. . 
Миыңның бір жеріне жасыр мені, 
Қиылсын өмір солай... Қиылғасын!.. 
Алдынан терезеңнің жүріп өттім, 
Сен мені байқадың ба, құдіреттім? 
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында? 
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті. 
Heгe өртенді? 
Жүрегім неге өртенді?! 
Нелер келіп, басыма нелер төнді... 
Балконыңнан қол былғап, қарсы алушы ең, 
Heгe менен жасырдың көлеңкеңді? 
Қайран көктем, 
Қайран гүл, қайран жазым! 
Сарқылған ба, шынымен сайран-назың? 
Айныдың ба, шайлығып шалқарыңнан? 
Айдынымда қанатын жайған қазым. 
Көзің қайда көшеден мені іздеген, 
Сөзің қайда жанымыз егіз деген? 
...Терезеңнің алдына келіп тұрмын, 
Көгершіндей, 
Қысты күн... жем іздеген... 
 
Сен менің жүрегімді жазалама 
         Сен менің жүрегімді жазалама, 
Шыдайды ол қуанышқа, қазаға да, 
Жүрек деген - сезім ғой, сезіміме 
Сезіммен кел, болмаса мазалама. 

 
Сен шақырсаң, мен бармай 
       Сен шақырсаң, мен бармай, 
Мен шақырсам, сен келмей, 
Төбелескен жандардай, 
Ерегескен елдердей, 
He көрінді біздерге? 
Heгe бұлай, апыр-ау!? 
Бірін-бірі іздеуде, 
Біздің көңіл, батыр-ау! 
Мейлі жүрек жыласын, 
Тереңдесін батқан мұң. 
Алауыздық сынасын, 
Арамызға қаққан кім? 
Ренжіттің мені сен, 
Ренжіттім мен сені. 
Өмірімнің өрісі ең, 
Өзімнен де еңселі. 
Пай, пай! 
Неткен уайым! 
Бұлдыраған сағымдай. 
Көңіліміздің лайын, 
Құрғатар жан табылғай... 
 
Сен қартайды дегенге 
      Сен қартайды дегенге мен сенбеймін
Әжімменен кәрілік өлшенбейді. 
Әжім деген - әйгілі тамшы-уақыт, 
Тамшы-уақыт тасты да жеңсем дейді. 
Шаршама, шашым ерте ағарды деп, 
(Қайратың қан бойында қалар жүдеп.) 
Ақ шаштың ар жағында - аппақ миың
Әжімнің ар жағында - соғар жүрек. 
Іреңің неге сонша мұң атулы? 
Жігерің неге сонша уатылды? 
Балауса шыбық едің, емен болдың, 
Бойыңа жиып алып қуатыңды. 
Самалы қуаныштың соқпай қалды, 
Жанарың неге айнаға тоқтай қалды? 
Тұрсың ба, жастықтағы нұрыңды іздеп? 
Жаным;Ол-жалын менен отқа айналды. 

 
Сен қартайды дегенге 
        Сен қартайды дегенге, мен сенбеймін, 
Әжімменен кәрілік өлшенбейді. 
Әжім деген - әйгілі тамшы-уақыт, 
Тамшы уақыт тасты да жеңсем дейді. 
Шаршама, шашым ерте ағарды деп, 
(Қайратың қан бойыңда қалар жүдеп). 
Ақ шаштың ар жағында - аппақ миың, 
Әжімнің ар жағында - соғар жүрек. 
Іреңің неге сонша мұң атулы? 
Жігерің неге сонша уатылды? 
Балауса шыбық едің,емен болдың, 
Бойыңа жиып алып қуатыңды. 
Самалы қуаныштың соқпай қалды, 
Жанарың неге айнаға тоқтай қалды? 
Тұрсың ба, жастықтағы нұрыңды іздеп? 
Жаным, ол - жалын менен отқа айналды. 
 
Сен үшін 
       Біреулермен жалғастырып жең ұшын, 
Жасап жүрсем жаным сүймес келісім, 
Барлығы да 
Поэзия, сен үшін 
Сырласым-ау, 
Сырымды ұқсын кім менің, 
Кімге керек мұңайғаным, күлгенім? 
Барады етіп, 
Барады өтіп күндерім... 
Ай-жылымды алып қашып ілгері 
Жырым-сырым, 
Мен сенімен біргемін. 
Мәзір етіп мәпелегеи жемісін, 
Мәуелесе баққа толып өрісім, 
Барлығы да, 
Поэзия, сен үшін! 
Күйінішін, сүйінішін тең бөлген, 
О, Бақытым! 
Мына өмірде мен көрген! 
О, Тағдырым! 
Сырласайық кел бермен! 

О Қуатым! 
Құлағанда дем берген! 
 
Сен әлі тірі ме едің? 
    О, Махаббат! 
Сен әлі тірі ме едің!? 
Көзімнен ғайып болған күнім едің, 
Гүлім едің... 
Елтіген түнім едің, 
О, Махаббат! 
Сен әлі тірі ме едің!? 
Мен сені ұмытқамын. 
Жылытқаның есте жоқ суытқаның. 
Суып қаным, 
Жинағам құрып халім, 
Жығылған отауымның уықтарын. 
Содан бері мен сені ұмытқамын. 
О, Махаббат! 
Сен әлі тірі ме едің?! 
Тірі ме едің... 
Мен де енді тірілемін! 
Ақ періште, алдыңа жүгінемін, 
...Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені 
 
Сені азамат дегенге... 
      Сені де адам дегенге 
Сенбейін бе, сенем бе?! 
Ойнақ салдың төбемде, 
Көнбейін бе, көнем бе?! 
Сендей сұмдық адамға, 
Нанбайын ба, нанам ба?! 
He тұр екен санаңда
Жақсы ма, әлде жаман ба?! 
Адал ма, әлде арам ба?! 
Айласы көп арамға, 
Босқа алданып қалам ба?! 
Түсінбеймін мен саған, 
Түсіне алмай шаршағам. 
Күліп барып алдыңа, 
Жылап шықты қанша адам. 
Сені азамат дегенге 

Сенбейін бе, сенем бе?! 
...Есінді жи, елерме! 
Арамдықты денеңде, 
Айдалаға көгенде. 
Сазарма да көгерме, 
Сенсін десең егерде... 
 
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған 
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған, 
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман. 
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған, 
Шашың сенің - жан баспаған жапандағы қара орман. 
Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара, 
Үлбіреген жүзіц сенің ақ жібек пе, мақта ма?! 
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана, 
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана. 
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен, 
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен, 
Күлкің сенің шашылған нұр, сезің кәусар, бал ма 
екен, 
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!? 
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сепбеймін, 
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен 
мейлің. 
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде, 
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін. 
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым, 
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?! 
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау, 
Аппақ құсым, қайдасың сен?Аңсадым-ау, аңсадым... 
 
Серіксіз бе едің, құрбыжан?.. 
      Сен әлі серіксіз бе едің, 
Серіксіз бе едің, 
Құрбыжан? 
Өтіпті-ау айлар, еріксіз жылдар жылжыған. 
Жападан-жалғыз, 
Жауатын күндей тұнжырап, 
Жүресің, құрбым, 
He істеймін саған? 
Қынжылам. 

Жаңа жарылған, 
Жауқазын едің көктемде 
Жылысып жазың өткен бе? 
Лапылдап тұрған, 
Жалын едің ғой өрт-кеуде, 
Тәйір алғырлар, 
Танымай сені кеткен бе?! 
Өмірде мына, 
Тап болар талай тосын жай, 
Өмір - өмір ғой, 
Өмірдің заңы осындай. 
Бірі -Батыста, 
Бірі -Шығыста, 
Жарқ етіп, сөнген жасындай, 
Өтуі мүмкін, жақсы мен жақсы қосылмай. 
 
Сергей Есенинге 
      Әй, Сергей! 
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей! 
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей. 
Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем, 
Жаны ашып, ақыл берген елге сенбей. 
Мен-дағы сол жақтанмын, 
Ауылданмын, 
Ауылдың ауруымен ауырғанмын. 
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса, 
Алматы мені солай қабылдады. 
(Менің де өкіндіре өткенім көп) 
Атқа міндім, алысып, теппедім доп. 
Мен-дағы малды сүйем, итті сүйем, 
Інімнің маңдайынан шерткенім жоқ. 
Шаршағанда ширығам шарап ішіп
Саған ұқсап менің де жанады ішім. 
Құлағыма сыбырлап «құран» оқып, 
Иектейді мені де «Қара кісі». 
Мен де сендей, Серега, күнәдамын, 
Жыр азабын тартамын, тіл азабын. 
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам, 
Қайда барсам - қасымда Рязаным... 
Әй, Сергей! 
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей! 
Бір ауылдан екенбіз мен де, сен де. 

...Басым сынып барады, басым сынып, 
Жөндесем де болмайды, емдесем де. 
 
Сол түні 
     Ауады да тұрады, аңсарым-ай! 
Әлі сен есімдесің, Аршалы сай. 
Сол түні неге мені өлтірмедің? 
Сол түні риза едім алса құдай. 
Сен куә, Аршалы сай, 
Сол түні мен,аққуға тұзақ салын, өлтіріп ем. 
Сол түні неге мені аяп қалдың? 
Жаңадан ауызданған бөлтірік ем. 
(Бөлтірік ем, арлан боп аяқтандым.) 
Шырылдап сонда сені оятқан кім? 
Есіңде ме,Көз жасы... 
Жалынышты үн?.. 
Сол түні неге мені аяп қалдың?! 
Қара түннің  ішінде, қара бақтың, 
Атар таң, келер күнге қарамаппын. 
Тағдырдың өзі берген махаббатты, 
Тәрк етіп, мәңгілікке жаралаппын... 
Аршалы сай! 
Неғылған көркем едің! 
Сол түні неге мені өртемедің? 
Сол түннің қияметін есіме алсам, 
Сенен де, өзімнен де жиіркенемін. 
 
Солай 
       Бұдан бөлек қай жерден ем таба алам 
Тіптен менің кеткім жоқ емханадан 
Көре-көре жалыққам мен қаладан
Жүре-жүре шаршағам кең даладан 
Туыс, жолдас, дос, құрдас - бәрі бөтен, 
Жанашырым - Анам мен жарым екен. 
Ауыратын жүрек те, бауыр да емес, 
Қызылала қан болған жаным екен. 
Емханадан кеткім жоқ, қайда барам?! 
Бәрі де жат, бірі жоқ аймалаған. 
Отанымның caп берген ордасын мен, 
Жұмыс орным деймін де, пайдаланам. 
Тегін төсек жатқаным, тегін тағам, 

Дәрігер де, дәрі де тегін маған. 
Тегін жарық, буфетім - жұмыс орным, 
Мен осында қаламын, ебін табам... 
Ұмытамын кім қандай Жүз екенін, 
Мен осында өзімді күзетемін... 
Қайырымды қарындасқа көмекші боп, 
Сырқаттарды түн бойы күзетемін. 
Қайда барам, мен мынау сұрымменен, 
Мен ақынмын! 
Жырыммен, құнымменен! 
Күні бойы аралап бөлмелерді, 
Сырқаттарды емдеймін жырымменен. 
Солай!!! 
 
Солдат арманы 
      Тіршілік тұтқасы - күн сөнер 
Дегенге айтындар, кім сенер? 
Әлемде тыныштық тұрса егер 
Біздерміз өмірге нұр себер! 
Қайырмасы: 
Қолдарға... 
Қолдарға ту ұстап біз өтсек, 
Өмірдің бақшасын күзетсек. 
Сойқанды соғыс - өрт, кіл апат, 
Ол - қайғы, ол - үрей, алапат. 
Бейбіт күн береке баршаға 
Тыныштық, тыныштық - бір рақат! 
Қайырмасы: 
Әлемде... 
Әлемде бейбіт күн сөнбесін 
Тыныштық дүниені тербесін. 
Кең дала, көк өзен армысың! 
Армысың, Алатау, қарлы шың! 
Осы алып кеудеңде мәңгілік, 
Тыныштық сәбидей қалғысын! 
Қайырмасы: 
Тамсанып... 
Тамсанып көркіне жер-көктің, 
Сезінем иісін жөргектің. 
Сұм соғыс - қанды ажал, cop, қайғы, 
Ажалдың дегені болмайды! 
Әкелер баласын қорғайды, 

Әлемде тыныштық орнайды! 
Қайырмасы: 
Әке боп... 
Әке боп, өмірде ер жетсек, 
Бөпенің бесігін тербетсек! 
 
Сонарда 
       Күн аяз. 
Қаңтарда ма, ақпанда ма, 
Із кесіп, қан сонарға аттанғанда, 
Қарайсың қырқаларға, қапталдарға, 
Қарайсың ақ қағаздай жатқан қарға. 
Аймақтың қоймай тінтіп түз-даласын, 
Үрымтал жерін іздеп, із бағасың. 
Аулақта бара жатқан бір жолаушы, 
Жолыңды кесіп өтсе қызғанасың. 
Іздер жатар қар бетін шиырлаған, 
(Шұбыртады із шықса қиындаған.) 
Қызыл түлкі қырқадан қылаң етсе, 
Құмай-тазы соңынан құйындаған. 
Қанды басьп бері тарт, бұйыр маған! 
Сайқалды соға алмаса құмай-тазы, 
Құм қылып жігеріңді, мұңайтады. 
Көзді арбап, қызықтырған бұл фәниді, 
Түлкі деп бұрынғылар шын айтады. 
Жұтынған құмарынды жояр алдап, 
Жалт беріп сайқал түлкі қояр арбап, 
Сонардан қасқыр да емес, түлкі де емес, 
Қайтасың бірді-екілі қоян аулап... 
 
Сонда да біз... 
         Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба, 
Төрт тентегің «құтыңды қашырғанға»! 
Бұл өмірде баладан асыл бар ма, 
Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба! 
Шектелмесін ашумен бар амалың, 
Жарылмасын, сабыр ет, қағанағың. 
Молшылық қой әзірше, заман тыныш, 
Орындай сал балаңның қалағанын. 
Белдігінді несіне шешіп алдың? 
Таста әрі, балалардың есін алдың. 

Қара борбай шағыңды ұмыттың ба? 
Қырықыншы жылдарды есіңе алғын. 
Жұтатұғын жалмауыз жұттан да әрі, 
Есіңде ме сұрапыл сұқтанғаны? 
Болса тапқан, болмаса бір уыс дән, 
Бір шыны сүт, ал басқа түк қалмады. 
Шәй орнына қайнақ су сораптадық, 
Сонда да біз жамандық жолатпадық. 
Барға мәз, балапандай тояттадық, 
Сонда да біз өмірді жоғалтпадық. 
Нанды беріп майданға, етті беріп, 
Жұбандық өзіміздей кепті көріп. 
Отарлы жан отырып қорек еткен, 
Көк сиырға өмір бер деп тіледік. 
Жазда аптап, қыста аяз қарып алып, 
Арыдық та, ашықтың жарымадық. 
Сонда да біз осындай сотқар едік, 
Балалықтан басқаны танымадық. 
Тірі қалдық, өлмедік сонда да біз
Ошарлы жан, бір үйде он баламыз. 
Ұзақ күнге даладан шаршап келіп, 
Өлімсіреп қарайтын сонда Анамыз, 
Өмір сүре бергеміз сонда да біз. 
Сабыр, сабыр, әй, достым, ашуланба! 
 
Сонымен күндер өтті 
      ...Сонымен күндер өтті, 
Күндер өтті... 
Кімдер кеп, кімдер өтті?! 
Жонынан майы тамған жомарт - өлім! 
Бәрін де қабылдапты, күндемепті. 
Күндемепті бәтірің, талғамапты, 
(Өмір үшін адамдар қанға батты). 
Кеткендердің артында айғыз-айғыз 
Біреуден із, біреуден таңба қапты. 
Біреулерден із емес, жол қалыпты, 
(Өмір жолын олардың оңғарыпты). 
Артында тұғыры жоқ пақырлардың 
Алдында апандайын ор қалыпты. 
Өтті күндер, кетті кім құрағынан, 
Ит өлімді еріксіз мұра қылған. 
Адамдардың өмірі жаралсашы, 

Радийдің өзінің шуағынан... 
 
Соғыстың соңғы көктемі 
       Жасылмен бояп қойған ба?! 
Жап-жасыл таудың бөктері 
Қырлар да, мынау ойлар да, 
Жап-жасыл болып көктеді. 
Соғыстың соңғы көктемі. 
Көп болды, жасыл тауларға, 
Жап-жасыл бұлттар шөккелі. 
Әкелді шуақ бар маңға
Соғыстьң соңғы көктемі. 
Соғыстың соңғы көктемі, 
Көп болды нұрын төккелі. 
Жап-жасыл анау аспан да, 
Аспан да, сірә, көктеді. 
Бойына таудың асылып, 
Шұғыла тұрды, көк меңі. 
Қызғанып, гүлін жасырып, 
Қылтанақтар да көктеді. 
Соғыстың соңғы көктемі. 
Жап-жасыл шыбық, тал-дағы, 
Орманның жасыл шекпені. 
Қуанта, бірақ, алмады, 
Сонау бір үйді шеттегі, 
Соғыстың соңғы көктемі... 
 
Соқ, жүрек! 
       Қалай-қалай соғады, қан-жүрегім? ! 
Соғасың, әлі өмірің бар білемін. 
Дем ала «әй, байғұсым, дем ала ғой. 
Бұл тірлікте құм арым қанды менің. 
Мазалама кеудемді, ойнақ салып, 
Хал жоқ менде көнетін қайраттанып. 
Қаншама рет суындың қайнап барып, 
Қаншама рет тірілдің жайрап барып 
Мен сені әлсіретіп алдым білем, 
Болмашы нәрселерге айдап салып... 
Өртенбей қалып едін, от-жалыннан. 
Көзден атқан кімдердің оқтарынан. 
Қорқамын, дорқам сенің, қан-жүрегім, 

Қалжырап ойпы тойпы соққаныңнан. 
Түсінем сенің қажып тұрғаныңды
Соқ, жүрек! 
Бұзбай соққын ырғағыңды 
Сыңғырлаған сиқырлы үн естиін, 
Бұрап қой босап қалған сымдарыңды. 
Қалай-қалай соғасың, қан-жүрегім?! 
Білмеймін, қанша өмірім қалды менің. 
Торға түскен торғайдай боп барасың, 
Қаршығадай самғаған алғыр едің... 
 

1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал