МҰҚАҒали – МƏҢгілік ғҰмыр



жүктеу 65.85 Kb.

Дата09.01.2017
өлшемі65.85 Kb.

 

МҰҚАҒАЛИ – МƏҢГІЛІК ҒҰМЫР 

М. Мақатаевқа 80 жыл ) 



 

Өздеріңізге  белгілі  биыл  Қазақстан  Республикасы  Мемлекеттік  сыйлығының  иегері, 

ақиық ақын Мұқағали (Мұқаметқали) Мақатаевтың туғанына 80 жыл толып отыр. 

Мұқағали  Мақатаев  1931  жылы  9  ақпанда  Алматы  облысының  бұрынғы  Нарынқол 

ауданындағы Қарасаз топырағында дүниеге келген. Ақынның азан шақырылып қойылған аты – 

Мұқаметқали.  Бірақ,  «пайғамбардың  атын  алып  жүру  жас  балаға  ауырлық  етеді»,  -  деп  ата-

анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелетіп атап кеткен. 

1948 


жылы  онжылдық  мектепті  бітіргеннен  кейін  ақын  1948-1949  жылдары  ҚазМУ-дың 

филология факультетінде оқып, өзінің туған ауылында ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отау 

меңгерушісі,  жергілікті  комсомол  қызметкері,  жетіжылдық  мектепте  мұғалімдік  қызметтерін 

атқарады.  Мұқағали  өлеңдерін  ең  алғаш  мектептің  қабырғасында  жүргенде  жазып,  бірді-екілі 

туындылары  аудандық  баспасөз  беттерінде  жарияланған.  1970  жылы  Жазушылар  одағына 

мүшелікке  қабылданып,  1973-1974  жылдары  Мəскеудегі  Əдебиет  жəне  өнер  институтында 

оқыған  болашақ  ақын  Қазақ  радиосында  дикторлық  қызмет  атқарғанда  да,  республикалық 

баспасөзде  жұмыс  істеген  жылдарында  да  əдеби  шығармашылық  өмір  тынысынан  бір  сəт  те 

ажырамай,  ақындық  қабілетін  одан  əрі  шыңдаған.  «Қазақ  əдебиеті»  газетінде,  «Жұлдыз» 

журналында  поэзия  бөлімдерінде  қызмет  атқарып,  Қазақстан  Жазушылар  одағының  поэзия 

секциясында  əдеби  кеңесші  болған,  КСРО  Жазушылар  одағындағы  қазақ  əдебиеті  бойынша 

кеңесші міндетін де атқарған. 

Ақынның алғашқы жырлары 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің 

беттерінде  жарияланды.  Жас  ақын  талантын  алғаш  рет  елуінші  жылдардың  соңына  таман 

Əбділда Тəжібаевтың  аңғарып, сəтті сапар тілеп, бір топ өлеңдерін  «Қазақ əдебиеті» газетінде 

жариялатуы – оның ақындық жолын біржолата айқындап берді, əдеби өмірге еркін араласуына 

жол ашты.  

Мұқағалидың  1954  жылы  «Əдебиет  жəне  искусство»  (Жұлдыз)  журналында  бір  топ 

өлеңдері  жарық  көрді.  «Қазақ  əдебиеті»  газетінде  өлеңдер  топтамасы  оқырманға  жол  тартты. 

Арада  он  жыл  салып,  1964  жылы  тұңғыш  кітабы  «Ильич»  атты  поэмалар  жинағы  жарыққа 

шықты.  Ал,  1966  жылы  «Армысыңдар,  достарым!»  атты  өлеңдер  мен  поэмалар  кітабы,  1967 

жылы  «Қарлығашым,  келдің  бе?»  атты  жыр  жинағы  оқырман  қолына  тиіп,  қаламгерлік  беті 

айқындалған, өзіндік қолтаңбасы бар ақынның тұлғасын танытты.  

Ақын өмір бойы: «Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы керек. Поэзияда философ 

болу  –  өзін  қоршаған  əлемді  ұғыну,  əр  заттың  мəнін  білу,  ақырына  дейін  адам  жанының 

инженері болып қалу» деген қағиданы ұстанған. Мұқағали өлең жазумен бірге шахматты, аңға 

шығуды, балық аулауды өте жақсы көрген. 

Мұқағали 1949 жылдың көктем айында жары Лашынмен отау құрады. Ақынның Алмагүл, 

Шолпан,  Лəззат  атты  қыздары,  Жұлдыз,  Айбар  деген  ұлдары  бар.  Майгүл  атты  қызы  10 

жасында көлік апатынан қайтыс болған. Қазіргі таңда ақынның төрт немересі бар. 

 «

Поэзия!  Менімен  егіз  бе  едің?  Сен  мені  сезесің  бе,  неге  іздедің?!»,  -  деп,  тебіренетін 



Мұқағали  бүкіл  ғұмырын,  жан  дүниесін  қалтқысыз  өлең  жолына  арнады.  Талантты  да, 

шамырқанысты ғұмыр  кешіп, үдете өнімді жазды. Таланты бай, ішкі рухани қуаты берік ақын 

небір тамаша лирикалық жырларын ұсынды. «Мавр» (1969), «Дариға жүрек» (1972), «Аққулар 

ұйықтағанда»  (1974),  «Шуағым  менің»  (1975)  жинақтары  қазақ  поэзиясында  өзіндік  белесті  із 

қалдырып, өз оқырмандарын тапты.  

Мұқағали Мақатаев  «дəл қырықтың бесеуінде»  «ұйықтап кетсем болғаны төсегімде»  деп 

өлең жазып, дəл қырықтың бесеуінде бауыр циррозы ауруынан қайтыс болған. Тұңғыш кітабы 

«

Ильич»  1964  жылы  жарық  көрсе,  көзі  тірісінде  жарық  көрген  соңғы  кітабы  «Өмірдастанға» 



1976 

жылдың 2 ақпанында басуға қол қойылыпты. Осы он екі жылдың аралығында ақынның он 

бір  кітабы  жарық  көріпті.  «Ильич»,  «Армысыңдар,  достарым!»,  «Қарлығашым,  келдің  бе?», 

«

Мавр»,  «Шөп  жапырақтары»,  «Сонеттер»,  «Құдыретті  комедия»,  «Дариға  жүрек»,  «Аққулар 



ұйықтағанда»,  «Шуағым  менің»,  «Өмірдастан».  Бірақ,  ақынның  жыл  сайын  дерлік  шығып 

тұрған  жыр  жинақтары  шетінен  жұп-жұқа,  кіп-кішкентай  кітапшалар  болатын.  1976  ақын 



 

қайтыс  болғаннан  кейін  жарық  көрген  бір  ғана  «Өмір  –  өзен»  кітабының  көлемі  (14,  5  табақ) 



көзі  тірісінде  жарық  көрген  бес  кітабының  көлемімен  барабар  болып  шықты.  Кешегі  кеңес 

заманында  бүкіл  жазғанының  тек  төрттен  бірі  ғана  шыққан  қазақ  ақыны  тек  Мұқағали.  Оның 

атын да, даңқын да өзі өлгеннен кейін жарық көрген кітаптары шығарған. «Мен XXI ғасырдың 

құрдасымын.  Бəлкім  одан  əрідегі  ұрпақтардың  туысымен  да»,  -  деп  жазған  екен  ақын  өз 

күнделігінде.  Қазіргі  таңда  ақынның  осы  сөзінің  шындығына  біздің  көзіміз  толықтай  жетіп 

отыр. Арамызда ақынның өмір тарихын, поэзиясын білмейтін қазақ жастары жоқ шығар. 

Мұқағали  Мақатаев  поэма,  дастандарымен,  талантты  лирикалық  шығармаларымен,  əлем 

əдебиетінің  кесек  туындыларын  қазақ  тіліне  аудару  арқылы  қазақ  əдебиетінің  тарихында 

ерекше  орын  алып,  жарқын  да,  шынайы  талантымен  кеңінен  танылып  үлгерді.  Ақын  соңында 

бай  да  талантты  қаламнан  туған  мұралар  қалдырды.  Оның  жеке  өмірі  мен  шығармашылық 

ізденістерінің  ішкі  бірлігі,  тұтастығы,  дүние  құбылыстарына  деген  шыншыл  да  сезімтал 

ақындық  көзқарасы  туындыларынан  барынша  айқын  аңғарылады.  Шығармашылық  өмірінің 

алғашқы  қалыптасу  кезеңі  бүкіл  кеңес  əдебиетінде  үлкен  серпіліс  тудырған  алпысыншы 

жылдардағы  «жылымық»  жылдарына  тұспа-тұс  келген  ақын  дүниетанымы  одан  кейінгі 

социалистік қоғамдағы тоқыраудың əуелгі жылдарында күрделі қайшылықтарға ұшырады. Ал, 

өткен  ғасырдың  соңындағы  қайта  құру,  қазақ  елінің  тəуелсіздік  алу  кезеңін  ақын  өз  көзімен 

көре  алмай  кетті.  «Бəсіре»  (1981),  «Зов  души»  (1981),  «Соғады  жүрек»  деген  екі  томдық 

таңдамалы  шығармалар  жинағы  (1982),  «Шолпан»  (1984)  атты  кітаптары  қалың  оқырман 

қолына тиді. 1991 жылы үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. 

Мұқағали  У.  Уитменнің  «Шөп  жапырақтарын»  (1969),  В.  Шекспирдің  «Сонеттерін» 

(1970), 

Дантенің  «Құдіретті  комедиясының»  «Тамұқ»  атты  бірінші  бөлімін  (1971)  қазақ  тіліне 

аударып жариялатты. 

Өткен  ғасырдың  тоқсаныншы  жылдарында,  Қазақ  елінің  тəуелсіздік  алған  кезеңінде 

Мұқағали  мұрасына  жаңаша  көзқарас  қалыптасты,  ақын  мұраларын  танудың  жаңа  бір  кезеңі 

басталды.  Ақынның  шығармалары  өзбек,  қырғыз,  т.  б.  тілдерге  аударылған.  Сондай-ақ, 

Мұқағали  Мақатаевтың  əдеби  мұрасын  зеттеуде  кандидаттық  диссертациялар  қорғалып  (Б. 

Бегманова  «М.  Мақатаев  лирикасының  ұлттық  сипаты»,  А.  Носкова  «М.  Мақатаевтың 

өлеңдеріндегі  анафора  мен  эпифораның  қолданылуы»,  Ж.  Өтейұлы  «Мұқағали  Мақатаев 

поэзиясының көркемдік жүйесі», Ұ. Тұрбекова  «Мұқағали Мақатаев ақындығының лирикалық 

табиғаты»,  Қ.  Хамидуллаев  «Мұқағали  Мақатаевтың  ақындық  шеберлігі»),  тіл  білімінде  З. 

Қазанбаева  «Мұқағали  Мақатаев  лирикасының  грамматикалық  ерекшеліктері»  шығармалары 

турасында  700-ге  тарта  еңбек  (мақала.  естелік-эссе,  роман,  өлең,  т.  б.)  жазған.  Ақын  қайтыс 

болғаннан  кейін  Қазақстан  Республикасының  Жазушылар  одағы  Мақатаев  атындағы  əдеби 

сыйлық тағайындады (1985), ақынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (1999), 

«

Ғасыр  ақыны»  атағы  берілді.  60  жылдық  мерейтойы  қарсаңында  ақынның  туған  жерінде 



мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше жəне сол көше бойында Мақатаевқа 

арналған  ескерткіш  бар.  Мұқағали  Мақатаев  өлеңдеріне  Н.  Тілендиев,  Д.  Рақышев,  Ш. 

Қалдаяқов, І. Жақанов, А. Қоразбаев, Т. Рахимов, М. Рүстемов, Т. Мұхамеджанов, Ə. Тінəлиев, 

Б. Оралұлы, Т. Досымов, т. б. сазгерлер əн жазды.  

Мұқағали  Мақатаев  өлеңдері  –  ұлттық  поэзияның  жаңа  бір  белеске  көтерілгендігін, 

жаппай еуроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің 

қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куəсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық 

бояуы  мен  рухын  ұстанды,  түрлендіре  байытты  да,  сонымен  қалың  қазақ  оқырмандарының 

жүрегіне  жол  ашып,  ұлттық  поэзияның  шашасына  шаң  тимес  тарланбозы  ретінде  мəңгілік 

ұялап қалды. Сонымен қатар, ақын қазақ лирикасын XX ғасыр əдебиетінің озық дəстүрлерімен 

талантты түрде құнарландырды. Білікті. парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мəселелеріне 

қалам  толғаса,  соның  өзінде  қазақ  өлеңі  мен  ана  тілінің  ғасырлар  қойнауынан  нəр  жинаған 

аталы дəстүрін бұзбай, жарасымды дамытты. 

Мұқағали  Мақатаев  поэма  жанрында  да  ерекше  қолтаңбасымен  дараланады.  Қазақ 

тарихының құбылысты мəселелеріне барумен бірге, өзі өмір сүрген кезең шындығына да қалам 

толғады.  Саяси-əлеуметтік,  қоғамдық-саяси  сарындағы  поэмаларының  өзінде  шынайы  көңіл 

шымырқаныстарына  толы  көркем  шындықты  бейнелейді.  Ол  поэма  жанрын  тақырыптық 


 

жағынан  байытты,  жанрлық-стилдік  тұрғыдан  жаңғырта  түсті.  Дастан,  поэмаларында 



лирикалық  сарындар,  азаматтық-əлеуметтік  тыныс,  тарихи  арна  барынша  жеке-дара 

оқшауланып  көрінді.  Саяси  тақырыптарға  да  барып,  бірнеше  талантты  поэмалар  қалдырды. 

«

Аққулар  ұйықтағанда»,  «Дариға  жүрек»,  «Арман»,  «Досыма  хат»,  «Алтай-Атырау», 



«

Мұзбалақ»,  «Қырандар,  қош  болыңдар»,  «Ару  ана»  поэмалары  –  əдебиет  тарихында  елеулі 

орыны  бар,  көркемдігі  кемел,  психолгиялық  талдауларға  ден  қойған,  қазақ  елінің  əр  кезеңдегі 

ахуалын,  жан-дүниесін  терең  ашып  көрсеткен  туындылар.  1973  жылы  мерзімді  баспасөзде 

жарияланып,  кейін  кітаптарында  жарық  көрген  «Аққулар  ұйықтағанда»  поэмасы  ақынның 

шығармашылық  өмірінің  ерекше  бір  шоқтықты  биігі.  Поэма  кезінде  əдеби  үрдісте  де  соны 

серпін  əкелгендей  болды.  Негізінде,  ақынның  поэма,  дастан  секілді  ірі  жанрлардағы 

шығармалары көркемдік табиғаты жағынан лиро-эпостық сипаты басым болып келеді.  

Ал,  ақынның  «Райымбек!  Райымбек!»  поэмасы  көркемдік  шеберлігімен  қатар,  қазақ 

тарихының қатпарлы тарихына батыл баруымен тарихи аса ірі тұлғаның əдеби-көркем бейнесін 

алғаш  рет  даралап  сомдауымен  тағы  да  бір  жаңа  белесті  ашты.  Поэзияда  қазақ  тарихының 

күрделі  тақырыбын  жан-жақты  ашып  берді.  Поэма  жазылған  тұста  қазақ  прозасында  тарихи 

тақырыптарға  арналған  күрделі  романдар  тізбесі  жарық  көре  бастаған,  тарихи  тақырып  қазақ 

əдебиетінің басты проблематикасына айналған болатын. Осынау күрделі тақырыпқа Мұқағали 

өз  қатарларының  ішінде  алғашқылардың  бірі  болып  қалам  толғады.  Сонымен  қатар, 

жұртшылық алдында айтылмай келген батырдың тұлғасын сомдады.  

2005 

жылы  25  қарашада  Мұқағали  Мақатаев  атындағы  халықаралық  қор  құрылған. 



Қордың  мақсаты  –  ақын  шығармашылығы  жөнінде  ғылыми-теориялық  конференция  өткізу, 

түрлі шараларды ұйымдастыруға атсалысу, ақын шығармаларын қайта бастыру ісіне басшылық 

ету,  байқаулар  ұйымдастыру,  Мұқағали  мұражайларына  мүмкіндігінше  көмектесу,  ақын 

шығармаларын  талантты  аудармашылар  арқылы  шетел  оқырмандарына  жеткізу  болатын. 

Қордың президенті – Айдарова Бақытгүл Мұқағаликеліні. 

Ақынның туған жері Қарасазда Энгельс атындағы совхоз болған. Қазіргі таңда бұл совхоз 

«

Мұқағали  ауылы»  деп  аталады.  Сондай-ақ,  Алматыдағы  Пастер  көшесіне  Мұқағалидың  аты 



берілген. Ал, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылында табиғаттың өзі мүсіндеген 

Мұқағали  бейнесіне  ұқсайтын  жартас  бар.  Бұл  жартас  тұрған  сай  қазір  «Мұқағали  сайы»  деп 

аталады.  Тегістік  селосындағы  «Тегістік»  орта  мектебіне  Қазақ  ССР  Министрлер  Советінің 

1984 


жылғы 28 сəуірдегі қаулысы бойынша қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың аты берілген. 

Ақын  атындағы  оқу  орындары  Тараз  қаласында,  Оңтүстік  Қазақстан  облысы  аудандарында, 

Алматы  облысының  Іле,  Райымбек,  Еңбекшіқазақ  аудандарында  бар.  Соның  бірі  –  Алматы 

қаласындағы  Мақатаев  атындағы  №140  мектеп-гимназия  1990  жылдың  20  маусымындағы 

халық  депутаттарының  Алматы  қалалық  Советі  атқару  комитетінің  №10/253  «б»  шешімімен 

№65орта  мектеп  жанынан  ашылып,  1991  жылы  №140  мектептің  ғимараты  салынған  соң  жеке 

бөлініп  шыққан.  Мектеп  фойесіне  мүсінші  Қайырбеков  Нұрлан  Нұрсадықұлының  қолымен 

жасалған ақын мүсіні қойылған.  

Алматы  облысының  əкімі  Серік  Үмбетовтің  ұйғарымы  бойынша  Мұқағали  Мақатаевтың 

80 


жылдығы  бір  жыл  бұрын  жоспарланған  екен.  Ақынның  60  жылдығында  ашылған  музей 

қайта  жөндеуден  өтіп,  Қарасаз  ауылы  абаттандырылған.  Ақынды  дүниеге  əкелген  анасына 

құрмет жасап, жаңа күмбез тұрғызылды. Сонымен бірге, ақын тойы қарсаңында «Мұқағалитану 

бастауы»  сериясымен  «Есіңе  мені  алғайсың»,  «Мен  сірə  өлмейтін  шығармын»,  «Білгің  келсе 

алдымен зертте мені» атты үш кітап облыс бюджетінің арнайы қаржысымен шығарылып отыр. 

Оған  ақын  жайлы  жазылған  естеліктер,  зерттеулер,  мақалалар  мен  өлеңдер,  əн  мəтіндері  енді. 

Сондай-ақ, ақынның туған жері – Қарасазда 2010 жылдың көктем айында  «Жырлайды жүрек» 

деген  атпен  Мұқағали  сөздеріне  жазылған  əн  байқауы  республикалық  деңгейде  өткен.  Бұл  іс-

шаралардың  барлығы  да  Алматы  облысының  əкімі  Серік  Əбікенұлы  Үмбетовтің 

ұйымдастыруымен өткен. 

«

Бүкіл  менің  жазғаным  бар-жоғы  бір  ғана  поэма.  Адамның  өмірі  мен  өлімі,  қасіреті  мен 



қуанышы  туралы  поэма.  Егер  нанбасаңдар,  барлық  өлеңімді  жинап,  бір  жинаққа  топтастырып 

көріңдерші.  Естеріңде  болсын,  əрбір  өлеңім  өз  орнында  тұрсын»,  -  деп  жазыпты  күнделігіне 

өлерінен  бір  ай  бұрын.  Ақынның  сол  айтқанын  орындау  мақсатымен  «Жалын»  баспасы  80 


 

жылдығына  орай  əр  өлеңін  жазылған  немесе  жарияланған  күні  бойынша  орналастырып,  ол 



жайлы естеліктерді қоса биыл он алты томдығын шығаруды аяқтағалы отыр. Əр өлеңі, өлеңінің 

əр  жолы    халықтың  қымбат  өнер  қазынасына    айналаған  классигіміздің  шығармашылық  та, 

өмірбаяндық та қыр-сыры күн санап халқы үшін қымбаттай беретініне күмəн жоқ. 

Белгілі  артист  Жұмабай  Медетбаев  Мұқағалидың  ақындық  образын  сахнада  сомдаса, 

оның  ұлы  кинорежиссер  Əділ  Медетбаев  ақын  туралы  деректі  фильм  жасады.  Режиссер  Əділ 

Медетбаев  ақынның  «Моцарт.  Жан  азасы»  шығармасы  арқылы  Мұқағали  мен  Моцартты 

сөйлестіреді.  Моцарт  «Реквием»  арқылы  музыка  əлемін  дүр  сілкіндіреді,  ал  Мұқағали  «Жан 

азасымен»  сазгерге  сөзбен  ескерткіш  қойды.  Фильмнің  ұзақтығы  –  40-ақ  минут.  Тағдырлы 

туынды  алдымен  орыс  тіліне,  кейінірек  неміс  тіліне  аударылып,  Еуропаға  жол  тартатын 

болады. 


Ақынның  барлық  еңбегі  тұтастай  алғанда,  өткен  ғасырдың  екінші  жартысындағы  қазақ 

елінің  рухани  дүниесін,  тұрмыс-күйін,  арман-мүддесін,  тарихи  тұрғыдағы  ұлттық  портретін 

шыншылдықпен  хаттаған  асыл  мұралар  қатарына  жатады.  Өлеңмен  де,  өмірмен  де  бүкпесіз 

қауышып,  қалтарыссыз  сүйген  ақын  жүрегі  соңғы  деміне  дейін  кіршіксіз  сезім  өртінде  өтті. 

«

Жүрегінің түбіне кір жасырмай» айтып кетті, армансыз ақтарылып кетті. Мұқағали Мақатаев  



– 

қазақтың  қарапайым  тілінің  нəрі  мен  мəнін  Абай,  Қасымдардан  кейін  түсініп  жазып, 

түсіндіріп  өткен  ақын.  «Сөз  өнерін  дертпен  тең»  көрген  парасатты  қаламгер.  Ақынның  əр 

өлеңінде,  əр  шумағында  бүкпесіз,  ақжарқын  көңілімен  сазды  сыр  төгіп  отырғандай.  Өлеңнің 

ырғағынан  да,  тербелісінен  де  ақынның  қимылын,  дауысын,  мəнерін  естіп,  мінез-құлқын 

танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің 

сырлы құпияларын жария етті. 

 

Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына  



арналған мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалар тізімі 

 

Асылжанұлы, Б. Мұқағалидың лирикалық поэзиясы / Б. Асылжанұлы // Жұлдыз.  – 2010.  – № 10. - 



177-185 

б. 


 

Бектасова, Г. Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны / Г. Бектасова // Түркістан. – 2011. – 3 ақпан (№ 

5). - 9 

б. 


 

Каренов, Р. Мұқағали əлемі / Р. Каренов // Мұқағали. 2011. - № 1. – 36-46 б. 

 

Машкеева, Н. Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасының көркемдік ерекшеліктері 



Н. Машкеева // Ақиқат. 2011. - № 1. – 59-61 б. 

 

Мұқағали – Аңыз / дайындаған А. Ашанова // Қазақ əдебиеті. – 2011. – 4-10 ақпан (№ 5). – 1, 5 б. 



 

Мұқағали Мақатаев // Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ. – 2011. - № 3. - 5-50 б. 

 

Мұхан, А. Мұқағали – Мəңгілік ғұмыр / А. Мұхан // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. 2010. - № 



4. – 21-25 

б. 


 

Тілеубаева, М. Мұқағали – тəрбие тарланы / М. Тілеубаева // Қазақстан мектебі. 2010. - № 7. – 31-33 



б. 

 

Үмбетов, С. Алаштың аяулы ақыны: Алматы облысының əкімі С. Үмбетовпен əңгіме / əңгімелескен 



Ж. Нұрғожаев // Мұқағали. 2011. - № 1. – 12-19 б. 

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал