М. К. Қойгелдиев т.ғ. д., профессор ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі



жүктеу 134.92 Kb.

Дата16.01.2017
өлшемі134.92 Kb.

 

М.К. Қойгелдиев 



т.ғ.д., профессор 

ҚР  ҰҒА корреспондент мүшесі 

 

Уақыт тезінен өткен жыр (Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» 

дастанының тарихи негізі жөнінде 

  

Кене  хан  бастаған  қозғалыс  XIX  ғасырдың  алғашқы  жартысындағы 

азаттық  қозғалысының  шарықтау  шегі,  соңғы  қорытындысы  еді.  Сонымен 

бірге бұл қозғалыс ортақ мақсатқа қысқа сәтке болса да батыстағы Жоламан 

Тіленшіұлын,  оңтүстік  батыстағы  Жанқожа  Нұрмұхамедұлын,арқадан 

Ақжолтай 

Ағыбай 

Қоңырбайұлын, 



оңтүстік 

шығыстағы 

Саурық 

Ыстанбекұлын,  Сұраншы  Ақынбекұлын,  Байзақ  Мәмбетұлын  және  басқа 



тұлғаларды бір ту астына жинай білді, біріктірді. Басқаша айтқанда, Кене хан 

бастаған  қозғалыс  бүкіл  қазақ  елін  ортақ  мақсатқа  біріктіре  алатын  ұлттық 

идея бар екендігін көрсетіп берді.  

Нысанбай  жырау  Кене  хан  бастаған  қозғалыстың  ұлт-азаттық  сипатын 

терең  түсініп,  ақын  ретінде  ханның  қоғамдық-саяси  ұстанымын  қабылдап, 

сондықтан да бұл күрестің ыстығы мен суығын, ащысы мен тұщысын оның 

бастаушысымен  бірге күрестің соңғы сәтіне дейін бөліскен тарихи тұлға.  

Ел арасында Нысанбай жыраудың Кенесары ханның қолына қосылуына 

байланысты  мынадай  бір  әңгіме    сақталған.  Кенесары  қолы  Сырдың 

бойындағы  Жалағаш  өңіріне  ат  басын  бұрады.  Жергілікті  халық  хан  мен 

оның  оның  қосынын  үлкен  құрметпен  қарсы  алып,  түрлі  шаралар  өткізеді. 

Сол  өткізілген  шаралардың  бірі  қонақтардың  алдына  келіп  алпысқа  жуық 

ақын-жыраулардың  өз  өнерлері  арқылы  ел  тілегін  білдіруі  еді.  Сыр  бойы 

жыраулық  өнердің  үлкен  тамыр  жайған  өңірі.  Бірнеше  күн  бойы 

жыраулардың  өнерін  тамашалаған  Кене  хан  олардың  арасынан  жырын 

қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала 

кетеді.  Біздің  түсінігімізше,  жырау  хан  қосынына  оның  Жетісуға  бет  алған 

кезеңінде  қосылған  болу  керек.  Өйткені,  оның  шығармашылығы  да  басым 

түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды. 

Жырау  Кенесары  мен  Наурызбайға  байланысты  баянын  ә  дегенде-ақ 

Абылай  хан  ұрпағының  саяси  ұстанымына  байланысты  өз  көзқарасын 

білдіруден  бастайды.  Бұл  әулетті  ол  қазақтың  жері  мен  елінің  тұтастығы 

және  тәуелсіздігі  жолында  жан  алып,  жан  беріскен  әулет  болғандығы  үшін 

құрмет  тұтатындығын  анық  білдіреді.  Жыраудың  түсінігінде  Кенесары 

сияқты  мемлекетшіл  тұлға  ел  қорғаны,  ал  оның  қызметі  ұлттық 

мемлекеттілікке  ұмтылыстың  көрінісі.  Кене  хан  халыққа  ие  билеушілер 

қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге 

таланған қырғауылға»  немесе «жапалақтан сескенген жалғыз қазға» теңейді.  

Басқаша  айтқанда,  «Кенесары-Наурызбай»  жыры  бұл  мемлекетшіл 

ұстанымдағы жыраудың шығармашылығынан туған жыр.   Осы ретте Нысан-

бай жырау шығармашылығына қатысты мынадай бір жағдайды ескерген жөн. 


 

ХІХ  ғасырдың  алғашқы  жартысында  қазақ  қоғамында,  елдің  қоғамдық 



санасында  саясаттану  (политизация-авт.)  үрдісі  жүріп  жатты.  Оған  түрткі 

болған  қазақ  елі  мен  жеріне  жан-жақтан  төнген  қауіптің  және  ішкі 

алауыздықтың  күшейе  түсуі  болды.  Сондай-ақ  сыртқы  күштердің  араласуы 

ішкі  қайшылықтарды  тереңдетіп  жіберді.  Міне,  осы  ретте  Нысанбай  жырау 

шығармашылығын 

оның 


замандасы 

Махамбет 

ақынның 

шығармашылығымен тамырлас, өзара сабақтас етіп тұрған өзек–мазмұн бар. 

Махамбет сияқты Нысанбай жырау да азаттық жыршысы. Махамбет сияқты 

Нысанбай жырау да шығармашылықты нақты іс-әрекетпен байланыстырады. 

Екеуі  де  қарулы  көтерілістің  бел  ортасында  жүрді.  Нысанбай  ақын  да 

Махамбет  сияқты  көтерілістің  жеңіліс  тауып,  ал  оның  қол  басшысының 

қайғылы  өлімге  ұшырағанын  көзімен  көріп  жеңілістің  уын  ішіп,  құсалы 

күйде ел аралап жүріп өмірден озды. Екеуінің шығармашылығында да тарихи 

контекске  деген  құрмет,  дәлдік  бар.  Сонымен  бірге,  бұл  замандас  екі 

ақынның  шығармашылықтарына  тән  айырмашылықты  да  байқау  қиынға 

түспейді.  Махамбет  бұқарашыл,  «қара  қазан,  сары  баланың»  қамын  биік 

ұстаған әлеуметшіл поэзия өкілі, ал Нысанбай жырау поэзиясында жалпы ұлт 

мүддесін құндылық тұтқан мемлекетшілдік ұстанымға басымдылық беріледі. 

 

Нысанбай  жырау  шығармашылығын  еркін  талдауға  алуға  тиым 



салынуына  байланысты  тақырыпты  тура  түсіну  және  қорыту  ісіндегі 

ұрпақаралық  сабақтастық  үзіліп  қалды.  Осы  жағдайды  куәландыратын  50-

нші  жылдардың  алғашқы  жартысында  болып  өткен  сот  процестерінің 

материалдарына көңіл аударайық. 



Филолог-ғалым Е.Исмайловтың ісінен.    Филология ғылымдарының 

докторы Е.Исмаилов 1950 жылы желтоқсанда Қазақ КСР-сы ҒА-ның тіл және 

әдебиет  институтындағы  қызметінен  босатылып,  келесі  жылы  6  қарашада 

Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тарапынан тұтқынға алынады. Ғалымға 

19  қарашада  таңылған  айыптау  құжатында  «Е.Исмаилов  Кеңестік  билікке 

жаулық  көзқараста  болып  біраз  жылдар  бойы  антисоветтік  ұлтшылдық 

мазмұндағы  жұмыстар  жүргізіп,  буржуазиялық-ұлтшылдық  идеяларды 

насихаттады» 8) - деп көрсетілді.  

 

Сонымен,  1951  жылғы  11  желтоқсандағы  Е.Исмаиловты  тергеу 



хаттамасынан:  

«Сұрау:  Сіз  1936  жылы-ақ  ұлтшылдық  ұстаным  тұрғысынан  келіп 

Нысанбай 

сияқты 


реакциялық 

көзқарастағы 

ақынға, 

сондай-ақ 

А.Байтұрсынов,  Мағжан  Жұмабаев  және  басқа  контрреволюцияшыл 

қайраткерлерге жағымды баға бердіңіз. Осы ұстанымыңызды растайсыз ба?» 



Жауап:  Ия,  растаймын.  1937  жылға  дейінгі  жазған  кейбір 

мақалаларымды  мен  шынымен  де  бірсыпыра  реакциялық  көзқарастағы 

ақындардың 

шығармаларын, 

сондай-ақ 

контрреволюцияшыл 

қайраткерлердің  қызметін  жағымды  тұрғыдан  бағалағаным  рас.  Бұл 

ұлтшылдық ұстанымда болған менің қателігім». 9) 

 

1951 жылғы 17 желтоқсандағы тергеу хаттамасынан: 



 

«Сұрау:  Осы  1936  жылы  тағы  да  қандай  қазақ  жазушылары  мен 



ақындарына жағымды баға бергеніңізді есіңізге түсіре аласыз ба? 

Жауап:  ...  1936  жылы  Мағжан  Жұмабаев,  Шәкерім  Құдайбердиев 

сияқты  реакциялық  буржуазиялық-ұлтшылдық  ұстанымдағы  ақындардың 

поэтикалық  шеберлігі  жөнінде  жағымды  пікір  айтып,  А.Байтұрсыновтың 

Крыловтан аударған мысалдарына оң пікір бергенім есімде. Бұдан бөлек мен 

Нысанбай,  Әубәкір  сияқты  реакцияшыл  ақындар  жөнінде  прогресшіл 

қөзқарастағы шығармашылық иелері ретінде мақтау сөз айттым...» 10) 

Е.Исмаиловтың  әдебиеттанушы  ретінде  зерттеу  жұмыстарының  өзекті 

жібі  фольклордағы,  ақын-жыраулар  мен  жазушылар  шығармашылығындағы 

отаншылдық  тақырыбы  еді.  Бұл  тақырыпты  зерттеу  ісіне  оның  ғалымдық 

талантының  жарқырап  көрінгені  де  анық.  Мемлекеттік  Қауіпсіздік 

Министрлігі  тергеушілерінің  ғалымның  соңына  түсуінің  астарында  жатқан 

себеп те осы жағдай болатын. 

1952  жылы  9-10  мамыр  күндері  болып  өткен  жабық  сот  процесінде 

сөйлеген  сөзінде  ғалым  «1940  жылы  Кенесары  қозғалысы  прогресшіл, 

жағымды,  халықтық  қозғалыс  ретінде  сипатталды.  Ал  мен  Кенесарыға  екі 

жұмыс арнадым, олар ұлтшылдық көзқарас тұрғысынан жазылды. 

....Менің  пікірімше,  кез-келген  ұлттық  қозғалыс  егер  ол  жер  үшін  жүрсе 

прогресшіл қозғалыс. Ал Кенесары жер үшін күресті....» 11) 

 

Тарихшы  -  ғалым  Ермұхан  Бекмахановтың  ісінен.  1952  жылы  5 

қыркүйекте  белгілі  тарихшы-ғалым  Ермұхан  Бекмаханов  Қазақ  КСР  - 

Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі тарапынан тұтқынға алынды.  

Е.Бекмаханов  өзінің  Кенесары  Қасымұлы  қозғалысына  арнаған 

монографиялық  зерттеуінде  Нысанбай,  Досқожа,  Жамбыл және  басқа  ақын-

жыраулардың  мұрасын  кеңінен  пайдаланғаны  мәлім.  Тергеу  барысында 

Е.Бекмахановтан  тергеушілер  Кене  хан  көтерілісін  жырлаған  ханның 

замандастары  Нысанбай  және  Досқожа  жыраулардың  мұраларына  оның 

көзқарасы жөнінде де жауап алады.  

Ал  50-ші  жылдардың  басында  қабылданған  идеологиялық  ұстаным 

бойынша  бұл  ақын-жыраулар  «реакцияшыл,  сұлтан,  бай-феодалдарды 

дәріптеген» шығармашылық иелері ретінде бағаланған болатын. 1952 жылы 

23 қазанда Е. Бекмахановтан алынған тергеу хаттамасынан:  

«Сұрау: Эксперттік комиссия даярлаған актісінде Кенесары қозғалысын 

прогресшіл  құбылыс  ретінде  көрсету  мақсатында  Сізді  реакциялық 

ұстанымдағы  байшыл  ақындардың  айтқан  сөздерін  пайдаланды  деп 

көрсетеді. Сол ақындардан кімдерді сіз өз еңбегіңізде насихаттадыңыз? 

Жауап:  Мен    еңбегімде  Нысанбай  және  Досқожа  ақындардың 

шығармаларын пайдаландым. 



Сұрау: Анығырақ, қалай? 

Жауап: Мен Нысанбай жыраудың «Кенесары дастанын» пайдаландым. 

Дастаннан  үзінділер  келтіре  отырып  мен  Кенесарының  халық  арасындағы 

беделі  жөніндегі  ойымды,  оның  қазақ  халқының  тәуелсіздігі  жолындағы 

күресін делелді етіп көрсетуге тырыстым. Нысанбай шығармасын мен «Қазақ 



 

КСР  тарихының»  бірінші  басылымына  және  өзімнің  «ХІХ  ғасырдың  20-40 



жылдарындағы Қазақстан» атты кітабыма алып шықтым. 

Досқожа шығармаларын мен Кенесары Қасымовтың патшалық билікке 

қарсы  күресте  халық  мүддесін  қорғаушы  тұлға  екендігін  көрсететін 

тұжырымдарыма сүйеніш ретінде алдым». 

Сонымен,  1951-1952  ж.ж.  Есмағамбет  Исмаилов  және  Ермұқан 

Бекмаханов  сияқты  ірі  ғалымдардың  ғылыми-зерттеу  жұмыстарына 

байланысты  ұйымдастырылған  сот  процестері  барысында  құпия  қызмет 

мекемелері тергеушілері қандай мақсаттарды көздеді?  

Тергеу  барысы  көрсеткендей  биліктің  көздеген  мақсаты  Отан 

соғысындағы  жеңістен  кейінгі  уақытта  қазақ  қоғамында  жаңа  серпін  алған 

ұлттық  сана-сезімге  соққы  беріп,  жаңадан  қалыптасып  үлгерген 

шығармашылықтағы  зиялылар  буыны  арасында  үрей  сеуіп,  еркін  ойға 

ешқандай  да  жол  бермеудің    әрекеті  еді.  Басқаша  айтқанда,  гуманитарлық 

ғылым  саласындағы  зиялыларға  қарсы  бағытталған  бұл  шаралар  Кеңсетік 

билік  жағдайында  тынымсыз  жүргізіліп  отырған  перманентті  репрессиялық 

актілердің кезекті бір көрінісі болатын.   

"Кенесары  -  Наурызбай"  жырына  қатысты  арнайы  көңіл  аударуға 

лайық  мәселе  жыраудың  хан  қолы  мен  қырғыз  жасақтары  арасындағы 

шайқастарға байланысты ұстанымы болса керек. Жырда Кене ханның қырғыз 

жеріне шабуылын дәріптеу жоқтың қасында. Ия, рас, баяндау барысында хан 

әскеріндегі  қазақ  батырларының  ерлігін,  азаматтығын  бір-біріне  деген 

қайырымдылығын, қиын сәттердегі қаһарманды істерін көрсету бар. Сондай -

ақ  бұл  жағдай  соғыс  қисынына  сәйкес  арнада  баяндалады.  Сонымен  бірге 

нағыз талант иесі тарихи оқиғаны баяндауда әділ. Нысанбай жырау Кене хан 

мен Наурызбай сұлтанның, басқа да қазақ батырларының биік рухы алдында 

басын  ие  отырып,  екінші  жақтың  елдік  болмысын,  қайсар  рухын, 

басқыншыға  көрсеткен  қарсылығын  баяндауға  келгенде  жомарт,  тарихи 

шындықты  жалған,  жасанды  өзімшілдікке  жеңіл  түрде  жығып  бере 

салмайды.  Жырда  қырғыз  елінің  Кәрібоз  атты  манабы  Наурызбай  сұлтанға 

айтқан сөзінде: "Қыс бойы елімді шауып, малымды талауға салдың, атамекен 

қонысымызды  тастап  босқынға  айналдық.  Қабылданған  жолды  бұзып 

Жаманқара  атты  елшімізді  өлтірттің.  Тірімізге  жасаған  қиянатың  аз 

болғандай  Есқожа,  Қанай  сияқты  ардақты  кісілеріміздің  көріне  тиістің. 

Қатыгездігіңде шек болмай тіпті бесіктегі бала мен аяғы ауыр ананы өлімге 

қидың. Мұншама өшігетін қырғыз елі саған не істеп еді?" 23), - дейді. 

Кәрібоздың  сөзінде  берілген  бұл  фактілер  тарихи  шындықтан  алыс 

емес-тін.  Мәселен,  Б.Солтоноев  аталған  еңбегінде  Кене  ханның  қолдары 

қазіргі  Бишкек  қаласының  күн  шығыс  бетіндегі  Қарасу  аталатын  жерде 

отырған  тынай  атты  рулы  елді  шапқанда  "жас  баланың  және  жүкті  әйелдің 

ішін  жарып,  баласын  бауыздап,  керегенің  басына  іліп,  сұлу  келін-қыздарды 

олжа  ретінде  әкетуге  даярлап,  үш  жеріне  оқ  тиіп  жаралы  жатқан  Қалпақ 

деген кісінің інісін жанды жерінен қайыс қанжығаға байлап, күшпен суырып 

алып  өлтірген..."  24).  Сол  сияқты  қырғыз  жақтан  келген  Жаманқара  атты 


 

елшіні  екі  бірдей  бүйрегін  жұлып  алып  өлтіріп,  мәйітін  жұртқа  тастап 



кеткен" 25). 

М.  Әуезов  жоғарыда  аталған  мақаласында  Кәрібоздың  бұл  орынды 

айтқан  дауына  Наурызбайдың  қарсы  айтар  уәжі  болмағандығына  көңіл 

аударады.  Ал  Кәрібоз  болса  елінің  ыза-кегін  білдіріп  "мейманаң  тасыса 

Наурызбай  досың  да  кетер  жаныңнан",  бұл  салған  ойраныңа  жауап  та 

берілер, шешуші шайқасқа жетсек "Жаппар Ием жар болып, сазайыңды әлі-

ақ берерміз!" 26), - деген ойды білдіреді. 

Кене  хан  қолының  қырғыз  жеріндегі  соғысына  байланысты  Рүстем 

сұлтан  мен  Сыпатай  батырдың  "сатқындығы"  туралы  біраз  жазылды. 

Қайсыбір  авторлардың  бұл  мәселеде  біржақтылыққа  ұрынып,  оқиғаны 

тарихи  контекстен  бөліп  алып  қарауға  бейімділігі  байқалды.  Осы  ретте 

мынадай тарихи фактілерге тиесілі дәрежеде көңіл аудару қажет-ақ. 

Кене  хан  өз  қолдары  және  ауылдарымен  Жетісуға  1845-1846  жылдардың 

қысында  келді.  Ханның  әскері  де  және  соңына  ерген  ауылдары  да  мұнда 

шаршап-шалдығып, азып-тозып жетті. Көксу өзені бойындағы Майтөбе және 

Күренкей  атты  өңірге  келіп  тоқтайды.  Бұл  Абылайдың  көзі  тірі  ұлы  Сөк 

сұлтанның  билігіндегі  жалайыр  тайпасының  ауылдары  орналасқан  өңір  еді. 

Кене  ханның  бұл  өңірге  ат  басын  тіреу,  әрине,  жайдан-жай  еместін.  Біраз 

уақытын  орта  және  кіші  жүз  жерінде  өткізген  ханның  қазақ  қоғамының 

ішінде  ғасырлар  бойы  қалыптасып  және  қабылданып  заң  дәрежесінде 

жүретін  салт-дәстүрге,  жол-жоралғыға  көз  жұмуы,  әрине  мүмкін  емес-тін. 

Өйткені қазақ қоғамының күнделікті ішкі өмірін реттеп отырған бұл басқару 

және  іс  жүргізу  механизмі  біз  қарап  отырған  мезгілде  жоғары  деңгейде 

жұмыс  істейтін.  Өкінішке  орай  бұл  жағдай  орыс  тілді  құжаттық  дерек 

көздеріне басымдылық берген зерттеу жұмыстарында көлеңкеде қалып келді. 

 

Сонымен  Жетісу  жеріне  әскерімен  және  ауылдарымен  көшіп  келген 



Кенесары Қасымұлы мынадай жағдайларды ескерген еді. Біріншіден, бұл хан 

тарапынан атасы Абылайдан бұрын және одан кейін де қазақ қоғамында көне 

замандардан  бері  қабылданған  ата  салт-дәстүрді  өзінің  де  ұстанатындығын, 

сол  жолмен  өзінің  де  ұлы  жүз  жеріне  келгендігін  көрсету  және  білдіру 

әрекеті  еді.  Атасы  Абылайдың  Шыңғысхан  заманынан  келе  жатқан  жолды 

ұстанып  мұнда,  яғни  ұлы  жүз  арасында  билік  жүргізу  үшін  Әділ  және  Сөк 

сияқты ұлдарын жібергендігін (18 ғ.) ол, әрине, жақсы білетін. Міне, осы ата 

салт-дәстүр,  жол  бойынша  ұлы  жүзде  ағалық  жолы  ноқта  ағасы  жалайыр 

руына  тиесілі  болғандықтан  сол  елдің  арасына  келіп  тоқтап,  оның  билік 

жүргізіп отырған басшылары арқылы жалпы ұлы жүздің басқа да руларымен 

тіл табысудан үміттенеді. 

 

Ханды мұнда алып келген тағы бір жағдай, ол Жетісудың бұл өңірінде 



егіншілік  мәдениетінің  біршама  даму  алғандығынан  еді.  Осы  аймаққа  келіп 

табан  тіреу  арқылы  ол  өз  әскері  мен  ауылдарын  аса  мұқтаж  астық 

өнімдерімен  қамтамасыз  ету  мүмкіндігін  де  қарастырған  болатын.  Жетісуға 

келген  соң  ханның  әскері  мен  ауылдарын  астықпен  қамтамасыз  етуге 

байланысты  үмітінің  біршама  ақталғанын  байқаймыз.  Көктем  шыға  ханның 


 

өтінішімен  жергілікті  халық  хан  әскері  мен  ауылдарына  деп  біраз  көлемде 



бидай, арпа және тары сияқты дақылдарды егеді. 

 

Сонымен  бірге  бұл  тарихи  кезеңде  Қоқан  хандығы  Жетісу  өңірінде 



өзінің  бекіністерін  салып,  жергілікті  халықтан  алым-салық  жинап  орнығып 

қалған  еді.  Бұдан  бұрын  Қоқан  әскеріне  Сырдария  жерінде  соққы  беріп, 

Меркі бекінісін алған Кене хан ендігі уақытта Қоқан билігінен бүкіл Жетісу 

өңірін  тазартуды  ойластырды.  Одан  әрі  сәті  түссе  қырғыз  елінің  қолдауын 

алып  ортаазиялық  хандықтар  мен  Ресейге  қарсы  өз    ұстанымын  нығайта 

түсуден үміттенді.  

Кене  ханның  әскері  мен  соңына  ерген  елінің  Жетісу  жеріне  келуі  ұлы 

жүз  жұртының  арасында  зор  қобалжу,  дүрбелең  туғызды.  Бүкіл  қазақ 

даласын  өзінің  жанкешті  қаһармандық  істерімен  сілкілеп  өткен  Кенесары 

қозғалысының  Жетісу  жеріне  де  келіп  жетуі  жергілікті  жұрт  арасында  екі 

ұдай пікір қалыптастырды. 

 

Қарапайым халыққа аты мен ісі аңызға айналып үлгерген Кенесары хан 



мен  оны  қоршаған  батырлары  қазақ  елі  мен  жерін  жан-жақтан  ентелеген 

жаудан құтқарып, елге сенім әкелетін, сөйтіп жаңа өмірге бастайтын жұмбақ 

күштей көрінді. Өзі хан, өзі батыр бастаған қозғалыс туралы ел арасында кең 

тараған  жағымды  сиқырдай  қауесет  оның  қатарына  қосылуға  ықыласты 

жастардың  санын  көбейтті.  Ал  олар  Қоқан  хандығының  түрлі  зорлық-

зомбылығын  көрген  Жетісу  өңірінде  аз  емес-тін.  Ол  жөнінде  өз  ретінде 

айтылады. 

 

Өңірде қалыптасқан саяси жағдайдан біршама жақсы мәліметі бар елді 



басқарып отырған  сұлтандар  мен билердің  Кенесары ханның  мұнда  келуіне 

байланысты  ұстанымы  қарапайым  халықтың  ұстанымынан  өзгеше  еді. 

Қатарында  Сөк  Абылайханұлы,  Әли  Әділұлы,  Әкімбек  Абылайұлы  сияқты 

сұлтандар,  Қарабай  Төлесұлы,  Мәнке  Боқтыбайұлы,  Тіленші  Балпықұлы 

сияқты  билер  бар  басқарушы  топ  орыс  әкімшілігімен  20-30  жыл  бұрын 

басталып  кеткен  өзара  қатынасты  тоқтатуды  қош  көрмеді.  Олар  Кене  хан 

қолының  Жетісу  жеріне  келуіне  ел  өміріне  қолайсыздық  туғызатын  жағдай 

ретінде  қарады.  Ұлы  жүз  елін  билеуші  топтың  бұл  ұстанымы  1846  жылы 

жазда  Көксу  және  Лепсі  өзендері  бойында  болып  өткен  кеңестердің 

шешімінен анық байқалды. 

 

Көксу  бойындағы  кеңес.  Өткізілуі  1846  жылдың  1  маусымы  күніне 



белгіленген  «Лепсі  конгресі»  (А.Янушкевич  бұл  жиынды  осылай  атаған) 

жиырма  күннен  астам  уақыт  кешігіп,  осы  айдың  23-і  күні  басталады.  Орта 

жүз  бен  ұлы  жүздің  билеушілерінің  басын  қосқан  бұл  жиынның  кешігіп 

өтуіне себепші болған жағдай Көксу өзені бойындағы Кене хан қосында хан 

мен  ұлы  жүз  билеушілері  арасында  өткен  бір  жетілік  кеңестің  шақырылуы 

еді.  (27)    Бұл  кеңеске  Әли  сұлтан  бастаған  ұлы  жүздің    Сары,  Мәнке, 

Тойшыбек, Қарабай, Тіленші, Диқамбай, Тазабек сияқты беделді де ықпалды 

билері мен батырлары қатынасады. Бір жетіге созылған кеңестің қызу айтыс, 

пікірталас жағдайында  өткендігі  байқалады. Кене  хан Жетісу  жеріне  келген 

себебін  түсіндіріп,  жалпыұлттық  ісіне  қолдау  жасап,  әскеріне  жігіт,  көлік, 



 

сондай-ақ  азық-түлік  берулерін  сұрайды.  Жиналыс  барысында    сөз  алған 



Сары және Мәнке сияқты билер ханның қаһармандық ісіне деген құрметі мен 

сыйын  білдіре  отырып,  сонымен  бірге  ханның  талабын  орындап  оның 

қолына жігіт, азық-түлік және көлік берген күнде, ертең-ақ бұл өңірге қадам 

басқалы  отырған  орыс  әскерін  тоқтата  аларлық  күштің  жоқ  екендігіне 

көздерінің жеткендіктерін, бұл жағдайдың орта жүз бен кіші жүздің жерінен 

ығысып  мұнда  келген  Кене  ханның  өзіне  де  аян  екендігін  айтады.  Бұған 

қосымша,  Ресей  құрамында  болуға  келісімдерін  бұдан  бұрын  беріп 

қойғандықтарын көлденең тартады. 

 

Қорыта  айтқанда,  Көксу  кеңесі  Кене  ханның  күткеніндей  нәтиже 



берген жоқ еді. Ол ұлы жүз билеушілерінің қолдауын ала алмады. 

 

Лепсі  конгресі.    Қарқаралы,  Аягөз  және  Көкпекті  дуандарының  аға 



сұлтандары  (Құнанбай  бастаған),  сондай-ақ  ұлы  жүздің  дулат,  албан,  суан, 

шапырашты  және  жалайыр  руларының  сұлтандары  мен  билері  бас  қосқан 

келесі  жиналыс  19-23  маусым  аралығында  өтіп,  оған  Сібір  қазақтарының 

шекара  бастығы  генерал  Вишневский  төрағалық  жасайды.  Жиналыстың 

мақсаты аталған ұлы жүз руларының басшыларына қазақ елінің бұл бөлігінің 

Ресей  құрамына  қабылданғандығын  ресми  түрде  мәлім  етіп,  өз  ретінде  ру 

басыларынан Кенесарыны «жалпы қазақтың жауы санайтындықтары жөнінде 

міндеттеме алу» болды. Жиналыс 23 маусым күні оған жиналған 11 сұлтан, 

27  би  және  1  молда  қолдарын  қойған  мәлімдемені  қабылдаумен  аяқталады. 

Онда ұлы жүз билеушілері Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті округтерінің аға 

сұлтандарымен  кеңесе  отырып  бірауыздан  шешімге  келгендіктерін  білдіріп, 

«біздің  жаққа  келген  бүлікшіл  сұлтан  Кенесары  Қасымұлы  мен  оның 

пікірлестерін  берік  сеніммен  жалпыхалықтық  тыныштықты  бұзушы  біздің 

жауымыз санап, онымен ешқандай да қатынас жасамай, Кенесары мен оның 

пікірлестерінің  біз  тұрған  жерден  кетуін  талап  етеміз»  деген  тұжырымға 

келгендіктерін мәлімдейді. 28) 

Сөйтіп, Лепсі конгресі Көксу басқосуының шешімін бекітіп берді. 

 

Басқаша  айтқанда,  Кенесары  көтерілісіне  байланысты  Құнанбай 



бастаған  орта  жүз  билеушілерінің  ұстанымына  ендігі  уақытта  ұлы  жүз 

билеушілері  де  қосылды.  Жай  қосылып  қана  қойған  жоқ,  Ресейдің 

экспансиялық  саясатына  қарсы  шыққан  Кенесары  хан  ұстанымын  ашық 

мәлімдеме түрінде айыптады. Бұл Ресей дипломатиясының жеңісі ғана емес, 

сонымен бірге қазақ қоғамына тереңдеп еніп, оны бөліп-жарып, өзара қарсы 

қойып басқару ісіндегі әдісінің салтанат құруы да еді. Бұдан былай кімде-кім 

қазақ  арасында  Ресей  билігіне  қарсылық  көрсетсе,  ол  «жалпыхалықтық 

тынышытықты  бұзушы»,  яғни  қазақ  халқының  жауы  болып  саналуға  тиіс 

болды. Бұл тәжірибе кеңестік билік тұсында жетіле түсіп, жаңа идеологиялық 

әдіс-құралдар арқылы қолданысқа түсті. 

 

Ескеруге лайық жағдай, Кенесары хан ұстанымын айыптап, мәлімдеме 



құжатқа қол қойғандардың басында ханның туыстары, Абылай ханның туған 

ұлы  Сөк  Абылайханұлы,  немересі  Әли  Әділұлы  және  басқа  тоғыз  сұлтан 

тұрды. 


 

 



Сонымен  бірге,  Көксу  және  Лепсі  кеңестері  Ресей  билік  орындарына 

байланысты 

қазақ 

билеушілері 



арасында 

шарасыздықтан 

туған 

ымырашылдық  ұстанымының  басымдық  алғаны  байқалады.  Ал  бұл  жағдай 



өз  ретінде  қазақ  жерінде  он  жыл  бойы  жүрген  Кене  хан  бастаған  азаттық 

қозғалыстың  аяқталғандығын  да  айғақтайтын  еді.  Қырғыз  жасақтарымен 

қақтығысқа түскен ханның бұдан былайғы көңіл-күйінде  ашу-ыза, кек және 

өкініш үстем түсіп жатты. 

  Өзіне  туыс  сұлтандар  мен  ұлы  жүздің  ру  басы  билерінен  қолдау  ала 

алмаған  Кенесары  хан  Іле  өзенін  кесіп  өтіп  Шу  өңіріне  бет  түзейді.  Ол 

жөнінде Нысанбай жырау: 

.... Сыйынып барған елінен,  

     Кене хан үзді күдерді. 

     Дегені болмай қалған соң

     Қабағы ханның түнерді. 

          .... Қазан айы болғанда, 

               Қатуланды, қаттанды. 

 

     Іріктеп алған ерлермен 



               Хан қамаудан аттанды-дейді. (29) 

 

Нысанбай  жыраудың  Іледен  Шуға  бет  алған  ханның  көңіл-күйіне 



байланысты  берген  мәліметі  шындықтан  алыс  емес.  Жырау  берген 

мәліметтің  жалғасын  Жамбыл  ақынның  айтқан  естелік  әңгімесінен 

кездестіреміз, сондай-ақ ол мәліметтен  Жетісу өңірі халқының хан мен оны 

қоршаған батырларына қатынасын байқағандай боламыз. 

Жамбыл  ақын  Іледен  төмен  түскен  ханның  Тойшыбек  бидің  ауылына 

тоқтағанын айтып, одан ары: «атағы жер жарған Кенесары,  Наурызбай келді 

деген  соң,  Ұлы  жүз  дулат  елі  қалмай  жиналды,  күні-түні  Кененің  ауылын 

босатпайды.  Дулаттың  батыры  Сыпатай  да,  қоңыраттан  шыққан  Байзақ  та, 

30) төре Рүстем де қалмай келді»-деп көрсетеді. 31) 

Бұл  жерде  Жамбыл  ақынның  ұстанымы  қарапайым  халықтың 

ұстанымына  жақын.  Іледен  қайтқан  хан  туралы  айта  келіп:  «Кенесары 

жағадан  алған  жаудан  жеңілетін  ер  ме  еді?  Ол  етектен  алған  «иттерден» 

жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба? Кенесарының тілеуіндемін деп 

жүрген  байлардың,  төрелердің  барлығы  да  патша  әскеріне  болысып  кетті, 

елдің ішіне іріткі салды- 32) деп көрсетеді. 32) 

Ақынның көрсетуіне қарағанда жаңа жердегі ел ортасына келген Кене 

хан  «екі  күн  ұдайы  ешбір  адаммен  сөйлеспей,  маңдайын  ұстап,  ауыр 

ойланып»  рухани  дағдарыс  күйде  болған.  Тек  жас  Сұраншы  мен  Бәйсейіт 

батырлармен болған өзара жүздесуден соң ғана болашаққа деген үміті оянып 

көңілі жібіген сияқты.  

Естелігінің  соңын  Жамбыл  ақын  «Жетісудың  кілең  айбынды  ерлері 

қосылып,  Алатауды  сілкінткендей  бір  қалың,  қайратты  қол»  құралғанын 

айтып, кезінде бұл жағдайды ұстазы Сүйінбай ақынмен бірге жырлап, содан 

мынадай жолдар қалғанын келтіреді: 



 

...Кенекем келді алыстан. 



Ақауызы арқырап, 

Ақ сауыры жарқырап, 

...Кенесары келген соң, 

Өңкей ерді көрген соң, 

Ерлігін жаннан асырған, 

Бес қаруын асынған 

Келді Саурық, Сыпатай, 

Жас Бәйсейіт, Сұраншы, 

Келді бәрі қалмастан, 

Кенесары алдында 

Өңкей көкжал бас қосқан...33) 

 

Жамбыл  естелігі  мен  жырында  поэтикалық  пафос  бар.  Ол  рас. 



Сонымен  бірге  бұл  берілген  жолдарда  бізден  сәл  де  болса  алыстап  кеткен, 

сондықтан  да  бізге  түсініксіздеу  болып  көрінетін,  яғни  қолына  қару  алып, 

баптап  арғымақ  мінген  батырлар  дәуірінің  тарих  қойнауына  кеткелі  тұрған 

соңғы  кезеңінің  табы  бар.  Ақын-жыраулар  шығармашылығы  арқылы  бізге 

жеткен  дерек  көздерінің  өткен  тарихымыздың  ішкі  әлемін  түсінуге  қосқан 

баға жетпес үлесі де мүмкін осы болар. 

 

Қорыта  айтқанда,  Кене  ханның  қырғыз  жасақтарымен  қақтығыстар 



қарсаңында  Жетісуда  қалыптасқан  саяси  жағдай  хан  қолының  пайдасы 

жағында  емес-тін.  Ресейдің  Батыс  Сібірлік  әкімшілік  орындары  жергілікті 

ұлы  жүз  басшыларын  Кенесары  хан  ұстанымын  қолдамауға  иландырып 

үлгірген  еді.  Сондай-ақ  ішкі  ауызбірлігі  және  Ресей  экспансиясына  қарсы 

қоярлық  нақты  күші  жоқ  қазақ  қоғамы  үшін  басқа  балама  жол  да  жоқ-тын. 

Қалыптасқан  объективті  жағдай  азатшыл  ұстанымдағы  Кене  хан  мен  оның 

қосынын қайшылықты да күрделі жағдайға әкеліп тіреді. 

 

Бұған  қосымша  қырғыз  елінің  іргесіне  келіп  тоқтаған  Кене  хан  көрші 



әрі туыс халықтың билеушілеріне сырттан төнген қауіпке қарсы одақ құруды 

ұсынды.  Тура  осы  мезгілде  қырғыз  билеушілеріне  Батыс  Сібір  әкімшілігі 

тарапынан да ұсыныс түсіп, онда Кенесарыға соққы беру жөнінде айтылып, 

қажет болса әскери көмек беруге даяр екендігін білдіреді. Қырғыз манаптары 

Ресей әкімшілігі тарапынан айтылған ұсынысты қабыл алады. 

 

Міне  осы  баяндалған  жағдай  Кенесары  хан  қолының  қырғыздармен 



болған қақтығыста  жеңіліс табуын тек бір ғана фактімен, яғни Рүстем сұлтан 

мен Сыпатай батырдың өз қолдарын алып майдан даласынан кетіп қалуымен 

байланыстырудың тым бір жақты тұжырым екендігін көрсетеді. Кене ханды 

Жетісуға  алып  келген  мақсатының    және  қырғыз  жасақтарымен  ақтық 

шайқасының  тағдыры  жоғарыда  баяндалған  1846  жылғы  Көксу  және  Лепсі 

өзендері бойында болып өткен кеңестерде шешіліп қойған еді. Тіптен шайқас 

деуге  келмейтін  Кекілік  Сеңгірдегі  оқиға  Ресей  әкімшілік  және  әскери 

басшылық орындарының сценариі бойынша даярланған қойылымның соңғы 

актісі болатын. Ұзақ мерзімге созылған тынымсыз арпалысты күрестен және 


10 

 

соңынан  қалмаған  шарасыздықтан  әбден  қажыған  Кене  хан  айлалы  жауы 



құрған тұзаққа қалай түсіп қалғанын өзі де сезбей қалды. 

 

Сонымен, Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырынан ХІХ 



ғасырдағы  қазақ  тарихының  ең  бір  күрделі  беттерінің  арнасымен 

танысқандай боламыз. Жырдан жыраудың нағыз талант иесі екендігі, сондай-

ақ  қиянат  пен  зорлыққа,  әділетсіздікке  жаны  қас  оның  отаншыл  және 

мемлекетшілдік  ұстанымдағы  азаматтық  тұлғасы  анық  байқалады.  Оның 

шығармашылығынан туған «Кенесары-Наурызбай» жыры ХІХ ғасырдағы ұлт 

өмірінен  кейінгі  ұрпаққа  жеткен  маңызды  мәдени  ескерткіш  және  отан 

тарихын  тура  да  терең  түсінуге  көмектесетін  дерек  көзі  ретінде  ешуақытта 

құнын жоғалтпақ емес. 

 

 

Ескертулер 



 

1.

 



Әдебиетте  жыраудың  өмір  сүрген  мезгілі  ретінде  осы  жылдар 

қабылданған.  Бұл  көрсету  даусыз  емес,  яғни  анықтай  түсуді  талап 

етеді.  Жыраудың  туған  жылы  ретінде  1822  жыл  алынған  және  бұл 

тұжырымға  негіз  ретінде  зерттеушілердің  Нысанбайдың  «15  жасында 

Кене  хан  қолына  келіп  қосылдым»  деген  көрсетудің  қазақы  көрсету 

тұрғысынан шартты екендігі есепке алынбаған. 

2.

 

Әуезов М. «Кенесары-Наурызбайдың» қысқаша әңгімесі._______? 



3.

 

Бұл  әңгімені  бізге  баяндап  берген  85жастағы  Жылқыайдар  ақсақал. 



2012  жылы  күзде  Бұқарбай  батырға  арналған  ғылыми  конференцияға 

барған  бізді  Жылқыайдар  ақсақал  80-дегі  інісі  Доларас  ақсақал  екеуі 

Нысанбай  жыраудың  жерленген  қорымына  ертіп  барып  бата  жасауға 

себепші болған еді. Мекен-жайы: Қызылорда облысы Жалағаш ауданы 

«Аққошқар» ауылы. 

4.

 



Хан Кене. Алматы. 1993, 53б. 

5.

 



Әлихан Бөкейханов. Шығармалар. А., 1994, 114, 121бб. 

6.

 



Н.Середа.  Бунт  Киргизского  султана  Кенесары  Касымова  (1838-1847) 

А. Кенесарин. Кенесары и Садык. г.г. Атырау-Уральск 1992, 21-22б.б. 

7.

 

Сонда, 24, 31-33б.б. 



8.

 

Қазақстан  Республикасы  Ұлттық  Қауіпсіздік  Комитетінің  Алматы 



облысы  және  Алматы  қаласы  бойынша  департаментінің  мұрағаты 

(бұдан былай ҚР ҰҚК АОжАҚбДМ). (Мұрағат  №04010), Исмаилов Е. 

ісі, 1 т., 59-59об п.п. 

9.

 



Сонда, 93 п. 

10.


 

 Сонда, 93-99 п.п. 

11.

 

 Сонда, 2 т., 386-389 п.п. 



12.

 

 Сонда, 398-398 об п.п. 



13.

 

 ҚР  ҰҚК  АОжАҚбДМ.,  Мұрағат  №06771,  Е.Бекмахановтың  ісі,                   



1 т., 2-2об п.п. 

14.


 

 Сонда, 51-52 п.п. 



11 

 

15.



 

Сонда, 328 п. 

16.

 

 Сонда, 2 т., 299-300 п.п. 



17.

 

 Хан кене., 18-19 б.б. 



18.

 

 Сонда, 33 б. 



19.

 

 Қырғыз  тарихшысы  Белен  Солтоноев  «Қызыл  қырғыз  тарихы»  аты 



еңбегінде XVIII ғасырда қырғыздың ханы Садырдың тұсында екі елдің 

ара  қатынасы  бұзылып,  мәселе  бейбіт  жолмен  шешіле  қоймаған  соң 

Абылай  хан  қолымен  жорыққа  аттанып  Талас  және  Шу  бойы 

қырғыздарды бағындырып, Ыстық көлге дейін барып, қайтар жолында 

өзімен бірге аманатқа Арқаға бір мың түтін (енді бір мәліметтерде алты 

жүз) қырғыз отбасын көшіріп ала кетеді (қараңыз: Солтоноев Б. Қызыл 

қырғыз тарихы. Бішкек, 1993 ж. 1 кітап, 170-171 б.б.) 

20.


 

 Хан Кене, 34 б. 

21.

 

 Солтоноев Б. Аталған кітап, 202 б. 



22.

 

 Аристов Н.А. Усуни и кыргызы или кара-кыргызы: Очерки истории и 



быта  населения  Западного  Тянь-Шаня  и  исследования  по  его 

исторической  географии.  Бишкек,  2001,  С.484;  Бұл  оқиғаға 

Е.Бекмаханов  та  көңіл  аударған.  Қараңыз:  Бекмаханов  Е.  Казахстан  в 

20-40 годы ХІХ века. Алматы, 1992. С.330. 

23.

 

 Хан Кене,34б. 



24.

 

 Солтоноев Б. Аталған кітап, 205 б. 



25.

 

 Сонда, 207 б. 



26.

 

 Хан Кене, 36-37б.б. 



27.

 

 Янушкевич  А.  Дневники  и  письма  из  путешествия  по  казахским 



степиям.  Алматы,  1966,  стр.49,50,54;  Махаева  А.  Тойшыбек  би  және 

оның заманы. Алматы, 2006, 63б. 

28.

 

 Присоединение Казахстана и Средней Азии к России (XYIII-XIXвека). 



Документы.    Автор-составитель  Н.Е.Бекмаханова.  Москва,  2008,    с. 

171-172. 

29.

 

 Хан Кене, 19б. 



30.

 

 Байұзақ датқа Мәмбетұлы бұл арада «қоңырат» руынан еді деп жазып 



алушылар сәл жаңылысқан. Датқа дулат тайпасынан еді. 

31.


 

 Хан Кене, 146 б. 

32.

 

 Сонда. 



33.

 

 Сонда, 147-148 б.б. 



 

 

  Мәмбет Қойгелдиев, профессор 



 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал