М. К. Қойгелдиев т.ғ. д., профессор ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі



жүктеу 187.3 Kb.

Дата15.09.2017
өлшемі187.3 Kb.

М.К. Қойгелдиев 

т.ғ.д., профессор 

ҚР  ҰҒА корреспондент мүшесі 

 

 

Есіл бойындағы азаттық қозғалыс тарихынан  

 

Тақырыпты зерттеу неден басталды? 

 

 

XX  ғасырдың  екінші  он  жылдығында  Троицкі  мен  Орынбор 



қалаларында жарық көріп тұрған Айқап (1911-1915 ж.) журналы мен «Қазақ» 

(1913-1918 ж.) газетінің қазақ қоғамында белсенді авторларының болғандығы 

мәлім.  Солардың  бірі  Ахмет  Жанталин  еді.  Оның  қаламынан  туған 

мақалалармен  таныса  отырып,  автордың  қазақ  өмірін  терең  зерттеп  білген, 

белсенді әрі байсалды адам екендігін аңғару қиын емес-тін. Бір қызығы сол, 

1917  жылғы  аласапыран  оқиғаларға  шейін  газет  бетінен  жиі  көрініп  тұрған 

бұл  есім,  революциялық  өзгерістерден  соң  мүлдем  байқалмай  кеткен-тін. 

Бірде  жол  түсіп  іс  сапармен  Петропавл  қаласына  барып,  екі-үш  күн  ғана 

жергілікті мұрағат қорлары материалдарымен жұмыс істеп, Ахмет Жанталин 

жөнінде деректерге іздеу салдым. Мұрағат қызметкері, тәжірибелі зерттеуші 

Елюкина  Руза  Рахымжанқызы  өте  кішіпейіл,  зерек  те  ойлы  адам  екен, 

мәселені  лезде-ақ  түсіне  қойып,  қол  ұшын  беріп,  А.  Жанталин  жөнінде 

сақталған  азын-аулақ  материалдармен  танысуға  мүмкіндік  туғызғаны  бар. 

Сол  үшін  де  бұл  кісіге  тәңір  жарылқасын  айтуды  өзіме  міндет  санаймын. 

Міне  осы  А.  Жанталинге  қатысты  тергеу  материалдарынан  оған  ОГПУ 

тергеушілері тарапынан екі бірдей айып тағылғандығы байқалады. Бірі 1921 

жылы  болып  өткен  Батыс  Сібір  шаруалар  көтерілісіне  (кеңестік  ресми 

құжаттарда  «құлақтар»  көтерілісі  атанған  –  авт.)  қазақ  жігіттерін 

ұйымдастырушы  адам  ретінде  қатысты  және,  екіншісі,  20-шы  жылдардың 

соңында 


Петропавл 

округіне 

қарасты 

Октябрь 


ауданында 

контрреволюциялық  ЖАТ  (жаңа  төңкерісшілер)  аталатын  байлар  ұйымын 

құрды деген.  

 

Сонымен  А.  Жанталин  1932  жылы  ұсталып,  Петропавл  абақтысына 



жабылып,  оның  үстінен  тергеу  ісі  жүргізіледі.  Бұл  іске  байланысты  біздің 

көңілімізді  өзіне  аударған  екі  нәрсе  болды.  Бірі,  А.  Жанталиннің  сотқа 

тартылуына  шын  мәнінде  қандай  нәрсенің  себепші  болғандығы.  Оның 

революцияға дейінгі саяси-публицистикалық және ағартушылық қызметі ме, 

жоқ әлде шынымен де жаңа билікке қарсы жүргізген әрекеті ме? Екіншіден, 

1921 жылғы Батыс Сібір шаруалар көтерілісіне қазақ қоғамынан адамдардың 

қатынасуы  –  бұл  тарих  ғылымында  арнайы  қарастырылмаған  тың  тақырып, 

соған  байланысты  оны  зерттеуге  кәсіби  қызығушылықтың  туғаны  да  бар-

тын. Міне осы жағдайларды анықтау барысында мұрағат құжаттарынан жиі 

көзге  ұшыраған  есімдердің  бірі  Әбжан  Темірбекұлы  болды.  XX  ғасырдың 

басындағы  қазақ  азаттық  қозғалысының  белсенді  қайраткерлері  дәрежесіне 


көтерілген бұл тарихи тұлғалардың қызметімен оқырмандарды таныстыруды 

біз  өзімізге  міндет  санадық.  Сонымен  мәселеге  қатысты  оқиғаларды  өз 

ретімен баяндап көрелік.  

 

Әбжан және Уахит Темірбековтер: әкені балаға, баланы әкеге қарсы қою 

идеологиясы 

 

1917  жылғы  империядағы  революциялық  аласапыран  тұсында  жедел 



жүрген  өзгерістерге  ілесе  алмай  абдырған  қазақ  елінің  көңілінде  үміт  отын 

жаққан  екі  жаңалықты  елеусіз  қалдыру  мүмкін  емес.  Олардың  бірі  осы 

жылдың наурыз айынан бастап облыстық, уездік, қалалық,  тіптен болыстық 

деңгейлерде  құрылып,  қазақ  өмірінің  басты  ұйытқысына  айналып,  оның 

«соты  да,  милициясы  да,  өкіметі  де  бір  өзі  болған»  Қазақ  комитеттерінің 

құрылуы  да,  екіншісі  осы  жылдың  желтоқсан  айында  жалпықазақ  съезі 

сайлаған  Алашорда  үкіметінің  өмірге  келуі  еді.  Ақпан  революциясы 

нәтижесінде  орнаған  Уақытша  үкіметтің  билік  орындарына  ұлттық  балама 

билік  түрі  ретінде  қалыптасқан  Қазақ  комитеттері  желтоқсандағы 

жалпықазақ съезі қабылдаған шешімдерден соң бірден Алашорда үкіметінің 

жергілікті  билікті  жүргізуші  орындарына  айналған  болатын.  Тарихи 

тұрғыдан  алғанда  Қазақ  комитеттері  қазақ  елінің  табиғи  өз  ұлттық 

мемлекеттігіне  ұмтылысының,  яғни  оның  өсу  және  кемелдену  жолында 

тұрғандығының  нақты  көрінісі  еді.  Елдің  жеке  аймақтарында  осы  процесті 

тура  түсініп,  оған  атсалысқан  адамдар  аз  болған  жоқ.  Сонымен  бірге  бұл 

мәселенің  күрделілігі  сонда,  оған  тартылған  кісілердің  басым  бөлігі 

қоғамның  орта  және  ауқатты  бөлігінен  шыққандар  еді.  Өйткені  қазақ 

қоғамындағы сауатты адамдардың басым бөлігі осы әлеуметтік топтарға тән. 

 

1917  жылдың  соңында  құрылған  Алашорда  үкіметі  өзінің  жергілікті 



басқару органдарын белгілеу ісін 1918 жылы жалғастырды. Тарихи құжаттар 

міне  осы  мазмұндағы  жұмыстың  1918  жылдың  жазында  Көкшетау  қаласы 

мен уезінде атқарылғандығын айғақтайды.  

 

Айыртау  өңірінде  атқарылған  осы  істердің  басында,  Айбасов 



Қапезсияқты  кейін  кәулік  берген  кісілердің  көрсетуіне  қарағанда,  жоғарыда 

аталған  Темірбеков  Әбжан  деген  белсенді  тұлға  жүрген.  Темірбеков 

Әбжанның  міне  осы  атқарған  қызметі,  әрине,  бұл  тақырыпты  зерттеуші 

ретінде  біздің  тарапымыздан  оның  тұлғасы  мен  тағдырына  деген 

қызығушылық  тудырғаны  рас.  Сондықтан  да  біз  ҚР  ҰҚК-нің  Орталық 

аппараты мен ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан бойынша департаментіне өтініш 

білдіріп,  Темірбеков  Әбжанның  жеке  тергеу  ісімен  танысып  шығу 

мүмкіндігіне ие болдық /1/.  

 

Тергеу  материалдарының  көрсетуіне  қарағанда,  Темірбеков  Әбжан 



Алашорда үкіметі жойылып, Кеңестік билік біржола орныққан соң белсенді 

саяси  қызметтен  біраз  уақыт  қол  үзіп,  тек  1926  жылдан  бастап  өңірдегі 

мұсылман  діні  басшыларының  кеңестік  биліктің  дінді  шектеу  қызметіне 

қарсы  наразылық  актілеріне  қатынаса  бастайды.  Темірбеков  Әбжанның 

мүмкін  бұл  қызметі  де  бақылау  органдары  тарапынан  елеусіз  қалар  ма  еді, 

егер де оның ұлы Уахит үстінен тергеу ісі қозғалмаған болса.  



 

Темірбеков  Әбжанның  ұлы  Уахит  белсенді-атқамінер  астық  даярлау 

ісінде  асыра  сілтеушілікке  жол  бергені  үшін  1929  жылы  комсомолдан 

шығарылады.  Осы  жылы  ауылдасы  Бижігітов  Әбубәкірмен  (ол  дағы 

топшылдық іске қатысқаны үшін партиядан шығарылған) бірге өздерін нағыз 

билік жағындағылар ретінде көрсету үшін Октябрь ауданында «ЖАТ» (жаңа 

төңкерісшілер)  аталатын  контрреволюциялық  ұйым  бар  деген  сөз  таратып, 

өздерін  осы  құпия  ұйымды  әшкерелеушілер  ретінде  көрсетуге  тырысады. 

Осы  мақсатты  көздеген  Уахит  Темірбеков  1929  жылдың  қазан  айының 

басында  Октябрь  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы 

Қасымовтың  атына  әкесі  Әбжанның  үстінен  мынадай  мазмұндағы  хат 

түсіреді: 

«Октябрь  аудандық  БК(б)П  жауапты  хатшысына  №12  аудандық 

тұрғыны Темірбеков Уахиттен  



Арыз 

 

Қысқаша  өмір  жолым:  мен  1905  жылы  туылғанмын,  содан  бүгінге 

шейін  әкемнің  асырауындамын.  16  жасқа  жеткенше  ескіше  оқыдым,  ал  16-

дан 20 жасқа шейін совет мектебінде білім алдым: педтехникумда және ауыл 

шаруашылығы техникумында, соңғы оқу орнынан үстем таптың өкілі ретінде 

шығарылдым.  

Міне  осы  жағдайға  байланысты  мынаны  баяндаймын:  менің  әкем 

Әбжан,  оның  әкесі,  яғни  менің  атам  Темірбек  молла  ретінде  халықтың 

арасында  зор  беделді  болды,  ал  оның  ұлы  Әбжан  болса  молланың  баласы 

болғандықтан  жергілікті  жұрт  арасында  ол  дағы  ықпалды,  ақылды  адам 

саналды,  сондықтан  да  жастығына  қарамастан  17  жасында  оны  елі  ауыл 

старшыны етіп сайлады. Старшын болып істеп жүргенде менің әкем Әбжан 

қарауындағы  тұрғындардан  пара  алды,  алған  парасын  крестьян 

начальниктерімен  бөлісті  (ол  жөнінде  «Еңбекші  қазақ»  №  156  санында 

жазылған).  Кеңестік  билік  орнағаннан  соң  әкем  мені  өз  ықпалында  ұстауға 

күш салды, ал мен болсам оған бағынбауға тырыстым, әкемнен қашып жүріп 

оқуға  түсіп,  коммунистік  тәрбие  алдым,  сөйтіп  1924  жылы  9  майда  БК(б)П 

қатарына  өттім.  Комсомол  қызметінде  болдым,  осы  жұмыста  жүріп  мен 

әкемнің  жасап  жүрген  әрекеті  жаңа  тұрмыс  пен  билікке  мүлдем  қайшы 

екендігіне көзім жетті, ол жөнінде «Бостандық туы» газетінің № 76 санында 

мақала  шығардым.  1927  жылдан  бастап  мен  Ортақшылдар  болысында 

қызметте  болдым,  комсомол  жұмысына  белсене  араластым,  сонда  1929 

жылдың  январь  айына  шейін  істеп,  ал  февраль  айында  қызметімнен 

алындым. Енді міне 9 ай болды үйде отырмын, әкемнің  күнделікті тіршілігі 

көз  алдымнан  өтуде,  ал  ол  күнде  қытай  оқиғалары  жөнінде  мынадай 

мазмұндағы  пікірін  айтудан  таймайды:  «капиталистер  шабуылдауда,  совет 

билігі  құлайды,  комсомолдан  шыққан  жөн»  ж.с.с.  ...  Бірде,  Қытаймен  арада 

болған  жан-жалдан  соң,  әкем  біржаққа  аттанып  кетті,  100  сомдай  ақша 

жаратты.  Петропавловскі  қаласында  болып,  Тілеулин  және  Малдыбаевпен 

кездеседі. Олардан Жұмабаев Мағжанның тұтқындалғандығы жөнінде хабар 

естіп, әкемнің өкіріп жылағаны бар.  


Әкем  жиі  жолға  шығады,  айлап  үйде  болмайды  және  мол  ақша 

жұмсайды, соған байланысты жақын арада бар малын шашып тауысатын да 

шығар. Әбжан менің туған әкем болса да айтайын, ол Кеңес үкіметіне қарсы 

әрекет  үстінде,  сондықтан  да  мен  ол  жөнінде  Сізге  жеткізуді  өзіме  міндет 

санадым.  Соған қарамастан,  аудандық комсомол  комитеті мені  жат  элемент 

санайды, ал мен ондай ұстанымда ешқашан да болған емеспін.  

Қазіргі уақытта менің әкем тағы да бір жаққа аттануға даярлық үстінде, 

соған 


байланысты 

тиесілі 


орындар 

арқылы 


нақты 

шаралар 


қарастыруларыңызды  өтінемін.  Сондай-ақ  менің  осы  арызым  жөнінде 

ешкімге бірнәрсе айтпауларыңызды өтінемін, әсіресе менің әкем бұл жөнінде 

ештеме білмеуі керек, біле қалған күнде өлтіруден тайынбайды. 

Уахит Әбжанұлы Темірбеков  

                                         Қолын растаймын: шығыс бөлімнің аға  

                                               өкілетті қызметкері Валиев 3/X-1929 ж.» /2/.    

Бұл  хаттың  қандай  жағдайда  жазылғандығы  жөнінде  кесіп-пішіп 

бірдеме  айту  қиын.  Дегенмен,  оның  жазылуына  түрткі  болған  мынадай  екі 

болжам жөнінде айтуға негіз бар. Бірі, Уахит бұл хатты түрлі уәделер берген 

ОГПУ адамдарының айтуы бойынша жазуы ықтимал. Екіншісі, жат элемент 

ретінде партиядан шығарылған Уахит бұл хатты билік орындары алдындағы 

үрейден, қорқыныштан жазуы да әбден мүмкін.  

Қалай  болғанда  да,  1930  жылдың  наурызында  Петропавлдағы  ОГПУ-

дың округтік бөлімі «ЖАТ» ісі бойынша тергеу жұмысына кірісіп кеткен еді. 

Тура  осы  айда  Петропавл  қаласындағы  ОГПУ-дың  тергеу  абақтысына 

(изолятор)  Октябрь  ауданының  сегіз  тұрғыны,  яғни  Темірбеков  Әбжан, 

Темірбеков  Уахит,  Сәкенов  Мұртаза,  Бексұлтанов  Шарни,  Абылғазин 

Паттах,  Бижігітов  Әбубәкір,  Сәлімжапаров  Кәшмулла  және  Тілеулин 

Жұмағали жабылған еді. 

  

«ЖАТ» (жаңа төңкерісшілер) атты контрреволюциялық ұйым болды 



ма? 

Осындай  байлардың  контрреволюциялық  ұйымы  болды  деген  сөзді 

таратқан адамдардың бірі Темірбеков Уахит 1930 жылы 14 наурызда ОГПУ 

тергеушісіне  берген  алғашқы  көрсетуінде  «Бұл  ұйым  («ЖАТ»-ты  айтып 

отыр-автор) іс жүзінде 1929 жылдың тамызынан  бергі уақытта өмір сүруде, 

ол  1929  жылы  тамыз  айының  аяғында  жүргізілген  БК(б)П  қатарындағы 

тазалаудан соң бірден қалыптасты», - деп көрсетеді. 

Уахиттің  көрсетуінше,  «ЖАТ»-тың  құрылуына  оның  Бексұлтанов 

Шарни  деген  баймен  екеуара  сөзі  түрткі  болған.  Шарни  Уахитке 

«қытайлықтар  КСРО-ға  едәуір  қысым  жасауда,  тіптен  Қазақстанды  алып 

қоюы  да  ықтимал.  Кеңес  үкіметінің  құлауы  күтілуде,  соған  байланысты 

өзгерістерге даяр болу үшін бір ұйым құрып, қытайлықтар келе қалған күнде 

билікті басып алатындай жағдайға жетуіміз керек» деген ойын айтқан-мыш, 

бұл  ұсынысқа  Темірбеков  келісім  береді.  Осы  пікірді  Уахитке  әкесі  де 

бірнеше  мәрте  айтып,  БЛКЖО-дан  шығып  қалғанда,  оның  қатарында  қалу 

жөнінде арызданба деген кеңес береді. 



Тергеу  материалдарында  көрсетілгендей,  Уахит  Нұртаза  және  Шарни 

сияқты  серіктестерімен  өздері  ойластырған  саяси  ұйымды  құруға 

байланысты  Көкшетау  және  Петропавл  өңірлерінде  саяси  ағартушылық 

қызметімен  кең  танылған  Жанталин  Ахмет деген кісіге  кеңес  алуға  барады. 

Ол  жөнінде  Уахит  тергеушіге  мынадай  көрсетулер  береді:  «Жанталин 

Ахметті  ауылдан  бір  шақырымдай  жер  ұзап  шыққанда  қуып  жеттік.  Ол 

пәуескеден,  ал  біз  аттан  түсіп  жақын  маңдағы  тал  көлеңкесіне  келіп 

жайғастық.  Жанталин  бізге  насыбай  ұсынды.  Біздің  жоспарымызды  тыңдап 

болған соң, ол сендер әлі тым жассыңдар, шикісіңдер, сондықтан да ұйымды 

басқару 


қолдарыңнан 

келмейді, 

тек 

жастарды 



үгіттеумен 

ғана 


айналысқандарың жөн болар деген ойды айтты. Ал біз болсақ, өз дегенімізді 

дәлелдеуге  тырыстық.  Мен  билік  алдында  қолымыздан  бірдеңенің 

келетіндігін  және  оны  қағаз  жүзінде  дәлелдеу  үшін  көздеген 

мақсаттарымызға  жеткізуге  тиіс  істердің  жоспарын  жасап,  ұйымның 

құрылғандығын  құжатпен  бекітуді  ұсындым.  Жанталин  бұл  ұсынысты 

қабылдамай, қағазбен әуестенуге қарсылығын білдіріп, ұйымды «ЖАТ» деп 

атауға  кеңес  береді.  Жанталиннен  қайтар  жолда  біз  әрқайсымызға  лақап  ат 

таңдадық:  мен  «Көбелек»,  Нұртаза  «Қаршыға»,  ал  Шарни  «Тұрымтай» 

атанатын болдық. Осымен бір мезгілде таныс және сенімді кісілерді ұйымға 

тарту жөнінде келістік» /3/.  

Уахит Темірбековтың бұл көрсетулері А. Жанталиннің көрсетулерімен 

қабыса  қоймайды.  Мәселен,  А.  Жанталин  1932  жылы  2  ақпанда  тергеушіге 

берген  жауабында:  «Мен  Темірбеков  Әбжанды,  оның  ұлы  Уахитті,  бауыры 

Мұқажанды,  Бисеев  Рамазанды,  Рамазанов  Молдахметті,  Сәлімжапаров 

Кашмулланы,  Махмутов  Сәкенді,  оның  ұлы  Нұртаза  Сәкеновты  білемін. 

Темірбеков Әбжанның ел арасында беделі зор, «сопы» саналады, сол сияқты 

Темірбеков  Мұқажан,  Бисеев,  Рамазанов  және  Сәлімжапаров  Кашмулла  ел 

ортасында беделсіз емес.  

...  Мен  Махмутовтың  үйінен  аттанып  шыққанымда  менімен  бірге 

Темірбеков Уахит және тағы да бір не екі жас балалар ере жүрді, біраз жер 

ұзаған  соң  Уахит  мені  тоқтатып,  өздерінің  қызметтен  қалай  қуылғанын 

айтып, сөз арасында Ленинді еске алып, маған мынадай сөз тастады: «Ленин 

кезінде  билік  ауысуға  тиіс  деген  жоқ  па  еді?».  Оларға  мен  мынадай  жауап 

бердім: «Сендер әлі жассыңдар, егер бүгін сендерді қызметтен алса, ертең-ақ 

қайтадан  орындарыңа  барасыңдар,  ал  егер  шынымен  де  алуға  лайық  іс 

істесеңдер,  онда  кінә  өздеріңде,  ал  биліктің  ауысатындығы  жөнінде  ештеме 

білмеймін».  Осы  сөзден  соң  мен  өз  үйіме  кеттім,  ал  олар  болса  сол  жерде 

қалып қойды. 

Олар  маған  контрреволюциялық  ұйым  құрылғалы  жатыр  деген  сөзді 

айтқан  жоқ  және  мен  ешқандай  да  контрреволюциялық  ұйымға  ант  берген 

емеспін.  Өйткені  кеңестік  билікке  қарсы  контрреволюциялық  ұйым  құру 

сияқты  маңызды  істі  өзім  терең  білмейтін  шикі  балаларға  сеніп  тапсыруым 

мүмкін  емес,  сондай-ақ  контрреволюциялық  ұйым  құру  жөнінде  менде 

ешқандай да ой болған да емес» /4/. 



Міне осы баяндалған фактілерге қосымша мынаны айтқан жөн. Тергеу 

ісінде 1929 жылдан бастап құрылып, белгілі бір бағытта құпия жұмыс істеген 

контрреволюциялық «ЖАТ» ұйымының болғандығын айғақтайтын бірде-бір 

құжаттық материалдар тіркелмеген, яғни мұндай ұйым болған да емес. Олай 

болса, мұндай контрреволюциялық ұйым болды деген лақап тарату кімге не 

үшін қажет болды? 

Бірінші  болжам.  Ел  арасында  мұндай  дақпырт  туғызуға  ОГПУ 

органдары  түрткі  салуы  әбден  ықтимал.  Соның  нәтижесінде,  ОГПУ 

органдары  контрреволюциялық  әрекеттермен  күрес  желеуін  жамылғы  етіп, 

ел  арасындағы  большевиктік  ұстанымдағы  емес  элементтерді  репрессиялау 

мүмкіндігіне ие бола алады. Шын мәнісінде солай болып шықты да. Сондай-

ақ, белгілі бір ауқымдағы репрессиялық шаралар қарапайым халық көңілінде 

билік  алдында  үрей,  қорқыныш  тудыру  үшін  де  қажет.  Бұл  20-30-шы 

жылдары Кеңестер Одағында кең етек алған көрініс болатын.  

Екінші  болжам.  Мұндай  дақпырттың  шығу  көзін  Темірбеков  Әбжан 

мен  Бижігітов  Әбубәкірдің  көңіл-күйлерінен  іздеуге  де  болады.  Қоғамды 

жайлаған  «жат  элементтерге»  деген  сенімсіздік,  олардың  ашықтан-ашық 

қызметтен, оқу орнынан ығыстырылуы, саяси қудалауға түсуі, 24-25 жастағы 

жігіттерді  ертеңгі  болашағына  деген  сенімнен  айырып,  рухани  дағдарысқа 

әкеліп тірегендігі хақ. Саясат ісінде мүлдем тәжірибесі жоқ, бұған қосымша 

саяси  илеуге  түскен  жас  жігіттердің  билікке  ұнаудың  төте  жолы  ретінде 

осындай әдіске баруы да ықтимал еді.  

Тіптен өмірден осы аталған екі болжамның өзара үйлесімді орын табуы 

да толық мүмкін болатын.  

Сонымен  «ЖАТ»  туралы  дақпырт  және  оған  қосымша  Уахиттің  хаты 

Темірбеков  Әбжанның  да  тұтқынға  алынуына  негіз  болды.  Тергеу 

материалдарында  Әбжан  өзі  туралы  не  айтады,  енді  осы  тақырыпқа 

ойысайық.  

 

Әбжан Темірбеков пен Есіл бойы байлары не үшін сотталды? 

 

Темірбеков  Әбжан  1930  жылы  3  мамырда  берген  көрсетуінде  өзі 

жөнінде  мынадай  мәліметтер  береді:  «Мен  орта  жүздің  «Бәйімбет»  руының 

«Қуандық»  бұтағынан  боламын.  «Құдайберді»  аталатын  біздің  атадан  ұлы 

Хазірет Қожахмет Тухфатуллин деген шыққан, осыдан 20-25 жылдар бұрын 

өмірден озған, сол кісіден үш қыс бойы сабақ алып, сауатымды аштым. Орыс 

мектебінде оқыған емеспін.  

Мен ешуақытта имам болғаным жоқ, ауылда молла деп атайтыны рас. 

«Прәдәр»  деп  те  атайды,  өйткені  1926  жылдан  бері  ишан  Зайнулла 

Хабибуллиннің мюриді болып тіркелгенмін». 

Өзі  жөнінде  осындай  мәлімет  бере  келіп,  одан  ары  Ә.  Темірбеков 

Көкшетау  өңірінің  дін  адамдары  Айтхожин  Ғалиасқар,  Қосшығұлов 

Шаймерден және Боқаев Абдушаханмен бірге қоғам өміріндегі ислам дінінің 

ұстанымын сақтауға бағытталған қызметі жөнінде, осы мақсатта өзінің Уфа 

қаласындағы  мұсылмандардың  орталық  басқармасына  барғандығы,  осы 


орталықтың  басшысы  Кашаф  Таржеманимен  әңгімелескендігі  жөнінде 

баяндайды /5/.  

Әбжан 1869 жылы туылған. Патшалық билік тұсында ауыл старшыны 

қызметін  атқарған.  Сауатты,  билікке  ерте  араласқан  адам  ретінде  Әбжан, 

әрине,  өз  заманының  озық  идеяларынан  хабардар,  қазақ  басылымдары 

арқылы ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының еңбектерімен де таныс болған. 

1917-1918  ж.  революциялық  өзгерістер  тұсында  ол  Алаш  қозғалысы 

ұстанымында болып, Көкшетау уезі мен болыстарында Қазақ және Алашорда 

комитеттерін ұйымдастыру ісінде белсенділік танытады. 

Осы  арада  Темірбеков  Әбжанның  тергеу  ісінде  кездеспейтін,  белгілі 

себептерге байланысты Әбжанның өзі тоқталмаған оның өмір жолындағы ең 

елеулі  мынадай  фактілерге  көңіл  аударуға  тура  келеді.  1930  жылы 

тергеушілерге берген көрсетулерінде Әбжан өзін тіптен дін жолындағы адам 

ретінде  көрсетуге  тырысқандығы  байқалады.  1917-1921  жылдардағы  өзінің 

саяси қызметі жөнінде тіс жарып ештеме айтпағаны дұрыс та еді, өйткені ол 

жөнінде айту, әрине, өзін өлімге кесумен бірдей-тін. 

Ә.  Темірбековтың  революциялық  өзгеріс  жылдарындағы  тұсындағы 

қызметі  жөнінде  1940  жылы  НКВД-ның  құрығына  ілінген  Айбасов  Қафез, 

Бимурзин  Әбдікәрім,  Белгібаев  Қожахмет  және  Мәкенов  Хайролла  сияқты 

оның жерлестері мен замандастары біршама мәлімет береді. Солардан үзінді 

келтірейік.  

Айбасов  Қафез.  Солтүстік  Қазақстан  облысы  Октябрь  ауданының 

Қаратал  ауылының  тұрғыны,  1878  жылы  туған,  ұлты  қазақ,  революцияға 

дейін болыс басқарған, бай, тәркіленген, екі мәрте (1929 және 1935 ж.) «жат 

элемент»  ретінде  сотталған.  1940  жылы  тамызда  белсенді  «алашордашыл» 

ретінде НКВД тарапынан ұсталып, Петропавл қаласының тергеу абақтысына 

жабылып, 1941 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық сотының шешімімен 15 

жылға еркіндігінен айырылған.  

Ұлттық  тарихнамада  осы  уақытқа  дейін  байлар  аталатын  әлеуметтік 

топ  өкілдеріне  тиесілі  көңіл  аударылмай  келді.  Бұл,  әрине,  кеңестік  тарих 

методологиясынан туындаған нағыз әділетсіздіктің көрінісі. Байлар да қазақ 

қоғамының  толық  құқылы  мүшесі,  оның  экономикалық  өмірінің  негізгі 

ұйытқы  элементі.  Басқаша  айтқанда,  кеңестік  билікке  дейінгі  қазақ 

қоғамының тарихын қазақ байларының қызметінсіз тура да дәл түсіну, әрине, 

мүмкін  емес.    Айбасов    Қафез  міне  осы  қазақ  қоғамындағы  байлар  аталған 

әлеуметтік  топтың  өкілі.  НКВД  тергеушілеріне  берген  көрсетулерінде  ол 

1918  жылы  қазақ  даласында  қалыптасқан  саяси  жағдай  мен  Темірбеков 

Әбжанның қызметіне байланысты мынадай фактілерді келтіреді: «1918 жылы 

көктемде  бұрынғы  Ақмола  облысының  территориясында  Кеңес  үкіметі 

құлап,  оның  орнына  Колчак  билігі  орнағанда  қазақтардың  арасында 

Бөкейханов  Әлихан,  Байтұрсынов  Ахмет  және  басқа  кісілер  басқаратын 

Алашорда үкіметі құрылғандығы жөнінде хабар жиі айтыла бастады.  

Колчак  билігі  келгенге  дейін-ақ  мен  газеттерден  Орынборда  съезд 

болып, онда Алаш аталған қазақ ұлтшылдарының партиясы құрылғандығын 

білгенмін.  Маған  сондай-ақ  осы  аталған  съезде  Алаш  партиясының 



бағдарламасы  қабылданып,  жеке  меншікке  негізделген  қазақ  буржуазиялық 

мемлекетін құру мәселесі талқыға түскендігі мәлім еді. 

Көкшетау  қаласында  қазақ  ұлтшыл  интеллигенциясы  мен  байлардың 

съезі  шақырылып,  уездік  алашорда  комитеті  сайланады.  Мен  ол  съезге 

қатысқан жоқпын. Біздің болыстан оған жергілікті беделді адамдар Құсайын 

мен  Әбжан  Темірбеков  қатынасып,  Әбжан  Темірбеков  уездік  Алашорда 

комитетінің  құрамына  сайланады.  Ұмытпасам  уездік  комитеттің  төрағасы 

болып  ірі  саудагер,  Көкшетау  қаласының  тұрғыны  Құрымов  Жүсіп 

белгіленеді.  

Міне осы съезден соң Көкшетаудан біздің болысқа (Бәйімбет болысы –

авт.)  оралған  Әбжан  Темірбеков  бұрыңғы  болыс  бастығы  Сабыров 

Есемсейіттің  үйінде  ауылдардың  беделді  адамдары  қатынасқан  болыс 

жиналысын  өткізді.  Жиналысқа  болыстықтағы  ауылдардан  40-50  өкіл 

қатынасты». 

Берген көрсетуінде Қ. Айбасов жиналысқа қатысқандардың біразының 

өлгенін,  ал  біразының  бас  сауғалап  түрлі  жақтарға  көшіп  кеткенін, 

қалғандарының  Октябрь  ауданында  әлі  де  тұрып  жатқандықтарын  айтып, 

есінде сақталған 17 адамның аты-жөнін тізіп келтіреді. Олар бұрынғы билік 

тұсында  бай  немесе  ауқатты  болған  Ыбраев  Мәлік,  Мәженов  Сұлтан, 

Бекешов  Сейітқасым,  Қожахметов  Аяған,  Атамбаев  Жанболған,  Балкеев 

Тажен,  Жантлеуов  Қошан,  Шегенов  Сәкен,  Қайырланов  Темірбай,  Күшіков 

Қазый,  Сабыров  Мейрам,  Есенов  Ақұр,  Макенов  Хайролла,  Кенжеғозин 

Құлмырза, Имантаев Жүніс, Сағындықов Малғаждар және Букетов Арыстан 

сияқты кісілер еді /6/.  

Қ.  Айбасовтың  көрсетуінен  келтірілген  бұл  үзінді  жөнінде  мынаны 

айтқан жөн. Болған оқиғалар өткізілген съездер мен оларға жиналған адамдар 

жөнінде  баяндаудың  желісі,  әрине,  сұраудағы  Қ.  Айбасовқа  тән.  Басқаша 

айтқанда, болған істің қаңқасы айыпталушыға тиесілі де, ал хаттамаға түскен 

текстің  «идеологиясы»  тергеушіге  тән. Мәселен,  Алаш  партиясына  қатысты 

«қазақ  ұлтшылдарының  партиясы»,  Алаш  автономиясына  қатысты  «жеке 

меншікке  негізделген  қазақ  буржуазиялық  мемелекеті»,  ал  қазақ  съездеріне 

қатысты  «қазақ  ұлтшыл  интеллигенциясы  мен  байлардың  съезі»  деген 

мағынадағы  анықтамалар  жауап  берушіге  тиесілі  еместігі  түсінікті.  Бұдан 

тергеу  хаттамасының  шын  мәніндегі  егесі  кім  және  ол  қандай  мақсатта 

жасалатындығын бағамдау қиынға түспейді.  

Бәйімбет  болысы  жиналысына  жиналғандар  алдында  Әбжан 

Темірбеков  сөйлейді.  Әрине  бұл  сөздің  де  мазмұнын  сол  күйінде  қабылдай 

салуға  болмас,  дегенмен,  оның  оқиғаның  барысын,  қоғамдағы  түрлі 

топтардың  ұстанымын  түсінуге  көмектесері  хақ.  Сонымен  Қ.  Айбасов 

көрсетуіндегі Ә. Темірбековтың сөзі: «Жақында ғана біздің съезд болып өтті 

(Көкшетау  қаласындағы  Алаш  ұстанымдағылар  съезі  жөнінде  сөз  болып 

отыр-авт.).  Ол  Алаш  партиясының  бағдарламасында  қарастырылған  саяси 

мәселелерді  іске  асыру  жолдарын  талқыға  салды.  Ендігі  уақыттағы 

міндетіміз құрылған және сенімді қолдағы Алашорда билігін баянды ету, осы 

жолда большевиктермен күрес ұйымдастыру үшін күш біріктіру. 


Үкімет  өз  мәлімдемесін  жариялап,  Алаш  партиясымен  ниеттес  және 

оны  қолдайтындардың  барлығын  большевиктермен  күреске  атсалысуға 

шақырады. Сіздер, ауылдың беделді адамдары ретінде Алаш бағдарламасын 

халыққа  кең  түсіндіріп,  оның  санасына  бұл  партияның  қазақ  елінің  мүддесі 

үшін  құрылғандығын  сіңіргендеріңіз  жөн  болар  еді.  Большевиктер  қалың 

жұрттың  жағдайының  түзелгеніне  мүдделі  емес  және  халықты  құрдымға 

бастайды.  Олармен  күресте  біз  жалғыз  емеспіз,  одақтастарымыз  бар,  бізді 

Колчак  және  басқалар  қолдайды.  Жұмысты  большевиктерге  қарсы 

көпшіліктің наразылығын тудыру бағытында жүргізген жөн, олардың билігі 

әлсіз,  жақында  құлайды.  Большевиктердің  екінші  мәрте  билікке  келуін 

болмырмау үшін қазірден қамсыз болмай, әрекетте болғанымыз дұрыс.  Осы 

мақсатта  барлық  жерде  Алаш  жасақтарын  құруға  даярлықтар  жасалып, 

қаржы жинау ісі жүргізілуде, мұндай қолдау Колчак әскеріне де көрсетілмек. 

Осы  айтылғанның  бәрі  де  съезде  талқыға  түсіп,  үкіметтің  жүргізіп  отырған 

шараларына  қолдау  көрсетілді.  Сіздерді  ауылдың  беделді  кісілері  және 

ақсақалдары 

ретінде 

съезде 


қабылданған 

шешімдерге 

қосылып, 

большевиктерді  біржола  жеңу  үшін  олармен  белсенді  күреске  елді 

жұмылдыруға шақырамын». 

Айбасов  Қ.  бұл  айтылған  пікірдің  талқыға  түсіп,  оның  артын  ала  Ә. 

Темірбековтың  ұсынысымен  болыстық  Алаш  комитеті  құрылып,  оның 

төрағалығына  бұрынғы  Бәйімбет  болысының  басқарушысы  Сабыров 

Есемсейіттің,  ал  оның  орынбасарлығына  Ш.  Қосшығұловтың  сайланғанын 

көрсетеді.  Жиналыстан  соң  болыстық  комитеттің  басқаруымен  Алаш 

жасағына  алынатын  19-бен  40-тың  арасындағы  кісілердің  тізімі  жасалып, 

әскерге  ат-көлік  үшін  жылқы  жинау  шарасы  басталады.  Қ.  Айбасов  та  ел 

арасына  шығып,  Алашорда  үкіметінің  мақсат-мұратын  түсіндіріп,  өз 

ауылынан онға жуық жылқы малын жинап береді.  

Тергеуші  сауалдарына  берген  жауабында  Айбасов  Қ.  болыстық 

комитеттің  төрағасы  Е.  Сабыровтың  Алаш  әскеріне  жігіт  және  мініс  көлік 

жинау үшін ауылдарды аралауға шығып, сол кездегі елде метрике бойынша 

адамдарды  тіркеу  ісі  жүргізілмегендіктен  кімнің қаншада  екендігін  анықтау 

мүмкін  болмай,  жігіт  жинау  ісінің  ілгері  баспағандығын  айтады.  Дегенмен, 

болыстағы жұрттан 300-400 бас мініс аты жиналған еді.  

Ә. Темірбековтың қызметіне байланысты куәлік берген кісілердің бірі 

Мәкенов Хайролла.  



Мәкенов  Хайролла.  1891  жылы  Айыртау  болысында  атақты  бай 

Кеңлібайұлы  Мәкеннің  отбасында  өмірге  келген.  Мәкен  бай  шамамен  1900 

немесе  1901  жылдары  өмірден  қайтып,  артындағы  үш  ұлына  біраз  мал 

қалдырған. Мәселен, кенже ұлы Хайроллаға еншіге 400-ге жуық жылқы, 300 

сиыр,  500  ден  астам  қой-ешкі  бөлген.  Мәкеновтар  1918  жылы  Алаш 

зиялылары  бастаған  ұлт-азаттық  қозғалысқа  қолдау  көрсеткен  Есіл 

бойындағы  бай  отбасылары  қатарынан  көрінеді.  Әуелде  осы  өңірде 

өткізілген  қазақ  съездері  мен  солардың  нәтижесінде  құрылған  қазақ 

комитеттерінің  қызметіне  атсалысқан  Мәкеновта,  Алаш  қозғалысы  жеңіліс 

тапқан  соң  1921  жылы  бүкіл  батыс  Сібір  өңірін  қамтыған  шаруалар 



көтерілісіне  белсенді  түрде  араласады.  Ағайынды  Мәкеновтардың  мұндай 

саяси  белсенділігін  байқаған  кеңестік  билік  орындары  1928  жылы  Мәкенов 

Мұхаметжанның,  1930  жылы  Мәкенов  Қайыржан  мен  Хайролланың 

шаруашылықтарын тәркілейді.  

Мәкеновтардың үлкені Мұхаметжан жер аударылып, сонда 1933 жылы 

қайтыс болса, кішісі Хайролла 1931 жылы өз еркімен Челябинскі облысына 

көшіп барып бой тасалап, 1935 жылы қайтадан өз еліне оралады. 1941 жылы 

НКВД  тарапынан  бұрынғы  саяси  ұстанымы  үшін  тұтқынға  алынған 

Хайролла Мәкеновтан тергеушілер Айыртау өңірінің алашшылдары жөнінде 

толық  мәлімет  беруді  талап  етеді.  Міне  осы  тергеу  барысында  Х.  Мәкенов 

Әбжан  Темірбековке  қатысты  мынадай  мәліметтер  берген  еді:  «1918  жылы 

бізде  болыс  басқарушысы  болып  Айбасов  Қапез  істеді.  Ауылда  сондай-ақ 

патшалық кезеңнен бері интеллигент, қазақтар арасында беделді Темірбеков 

Әбжан, беделді ақсақал, ірі феодал Ыбраев Мәлік деген кісілер Көкшетауға 

барып,  қайтып  келген  соң  «Бөрілі»  деген  жерде  ел  арасында  белгілі  әрі 

беделді  кісілермен  жиналыс  өткізіп,  Алашорда  үкіметінің  құрылғандығы, 

оның  іс-жоспары  жөнінде  мәлімет  беріп,...  кейін  олар  біздің  «Құлметен-

Марқаш» аталатын ауылға да келіп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.  

... Темірбеков Әбжан мен Айбасов Қапездің түсіндірулеріне  қарағанда 

қазақтар  тәуелсіз  мемлекет  құрмақшы  екен.  Қазір  Ресейді  большевиктер 

билеуде,  ал  Сібірді Колчак  адамдары  басқармақ.  Ал  біз  қазақтар Колчактан 

өз  үлесімізді  алып,  бұрын  қалай  өмір  сүрсек,  ендігі  уақытта  солай  тұрмақ 

екенбіз...» /7/.  

Бұл  айтылғандардан  басқа  Мәкенов  Х.  Темірбеков  Әбжанның  1921 

жылы  ақпанда  ауылдастары  Қапаров  Кенжеахмет,  Есенов  Ақұр,  Мәкенов 

Мұхаметжандармен  бірге  Петропавл  қаласына  жақын  Есіл  бойындағы 

Коноваловка  селосында  құрылған  көтерілісшілер  штабының  құрамына  да 

кіргендігін айтады. Бұл көрсетуден біздің байқағанымыз, Темірбеков Әбжан 

бастаған  Айыртаулық  алашшылардың  Алашорда  үкіметі  біржола  жеңілген 

соң  1921  жылы  ақпанда  бүкіл  батыс  Сібір  өңірін  құшағына  алған  орыс 

шаруаларының  Кеңестік  биліктің  соғыс  коммунизм  саясатына  қарсы 

көтерілісіне белсенді түрде араласқандығы. 

Біз  бұл  фактіні,  әрине,  Батыс  Сібір  шаруалар  көтерілісіне  қатынасқан 

Есіл  бойы  қазақтарының  әрекетін  дәріптеу  тұрғысынан  емес,  олардың 

осындай  саяси  ұстанымда  болғандығын  оқырманға  білдіру  үшін  айтып 

отырмыз.  Кеңестік  тарихнама  кезінде  бізді  большевиктер  билігін  ауқатты 

байлардан  басқа  бүкіл  қазақ  қоғамы  құшақ  жайып  қарсы  алды  деген 

тұжырымға иландыруға біраз күш салды. Ал шын мәнінде мәселе анағұрлым 

күрделі-тін.  Қазақ  қоғамынан  1921  жылғы  Батыс  Сібір  «кулактар» 

көтерілісіне қатысқандардың біразы бай да, бағлан да емес, жай, қарапайым 

қоғам мүшелері болатын. Кеңестік билікке қарсы шыққандар тек байлар мен 

буржуазиялық  интеллигенттер  болды  деген  бұл  большевиктік  идеология 

жасаған көп аңыздың бірі еді.  

Бұл  ретте  мынадай  жағдайды  ескерген  жөн.  Біріншіден,  өзі  бұрын 

танып  білмеген  жаңа  билікті,  ол  орнатпақ  социалистік  қоғамды  қарапайым 


халық  бірден  қалайша  құшақ  жайып  қарсы  ала  қойсын?  Екіншіден,  азамат 

соғысы мен азық-түлік салығы қыспағына түскен қыр қазағы кеңестік билікті 

ә  дегенде  бермесіңді  тартып  алатын,  зорлықшыл  орыс  билігі  ретінде 

қабылдады.  Ал  1917  жылға  дейін  қара  қазақ  орыс  билігінен  қандай  пана 

тауып еді?  

Түбегейлі  саяси,  әлеуметтік  және  экономикалық  өзгеріске  ұшыраған 

кез-келген  қоғамда  бұрынғы  басымдылықтарынан  айырылған  әлеуметтік 

топтардың  арасында  жаңа  билік  жүйесіне  деген  наразылық,  тіптен  жаулық 

сезімі болады. Бұл, әрине, толық табиғи құбылыс. Ал ол әлеуметтік  топтың 

көңіл-күйін  есепке  алмау,  тіптен  ретін  тауып  оны  күшпен  басып  тастау, 

қиянат жасау арқылы есеп айырысу – бұл кеңестік билікке тән ұстанымның 

бірі болатын.  

Кеңестік  билікке  дейін  әкесінен  еншіге  алған  байлығы  тәркіленген, 

бауырларынан,  отбасы  берекесінен  айырылған,  бұрын  талайға  қиянат 

жасаған,  енді  жаңа  жағдайда  өзі  де  сол  мүскін  күйге  түскен  Мәкенов 

Хайролла  тергеушінің  «кеңестік  билікке  қарсы  үгіт  жүргіздің»  деген 

айыптауына ақтарыла мынадай жауап қатады: «Қалың көпшіліктің арасында 

советтік  билікке  қарсы  үгіт  жүргізген  емеспін,  ешуақытта  ешкімге  ауыз 

ашқан  емеспін,  ия,  рас,  кейде  мен  советтік  билікке  наразылығымды  әйелім 

тұрғанда  білдіретіндігім  бар,  одан  ешуақытта  советтік  билікке  деген 

жеккөрінішімді жасырған да емеспін. Бадырайтып, үлкейтпей-ақ шындықты 

айтқан жөн: ақиқаты сол мен советтік билікті ылғи да жек көрдім, ол жақын 

арада  құриды  деген  үміттен  арылған  емеспін.  Әсіресе,  фашистік  Германия 

Кеңестер  Одағына  басып  кірген  соң  менің  үмітім  қатая  түсті,  тағатсыз 

кеңестік  биліктің  құлауын  күтіп  жүрдім.  Тіптен  бірде  өз  үмітім  жөнінде 

әйеліме  де  айттым.  Қай  күні  екендігі  есімде  жоқ,  әйтеуір  1941  жылдың 

шілдесінде  мен  әйеліммен  екеуара  болған  әңгімеде:  «Қазір  Кеңестер  Одағы 

мен  капиталистік  Германия  мемлекеті  арасында  қанды  соғыс  жүріп  жатыр. 

Кеңестер  Одағымен  салыстырғанда  Германия  қуатты  ел,  соған  қарағанда 

жеңіс соның жағында болып, советтік биліктің өмірі таусылуы мүмкін. Енді 

біздің  заманымыз  келеді-ау  деген  үміт  басым,  еркін  де  рахат  өмір  сүретін 

боламыз...», - дедім. 

 Мен  оған  бұл  сөзімді  айта  отырып,  оны  ешкімге  де  жеткізбеуін 

ескерттім,  соған  қарамастан  тамызда  колхозшылармен  ет  үшін  болған  бір 

ренжісте  менің  зайыбым  Мәкенова  Гәуһар  оларға  менен  естіген  сөзін  сол 

күйінде қайталап зәрленсе керек, сол үшін ол 1941 жылы қазанда  10 жылға 

сотталып  кетті...,  зайыбым  мені  аяды  ғой  деймін  сотта  бұл  пікірдің  менен 

шыққаны жөнінде тіс жарып ештеме көрсетпеді» /8/. 

Мәкенов  Хайролланың  көкірегінен  жарып  шыққан  бұл  сыры  еріксіз 

еске  жетісулық  атақты  бай  Жәлменденің  Пышанының  1920-21  ж.  кеңес 

абақтысында жатып еліне арнаған мына шерлі жолдарын түсіреді: 

Жәлменденің баласы Пышан едім, 

Николайдың тұсында кісі-ақ едім. 

Кісі ақысы кісіге кетпейді деген

Жалғыз атты жарлыны қышап едім /9/. 


Мәкенов Хайролладан шыққан көңіл-күйін келесі бір Айыртаулық бай 

Есен Ақұр да білдіреді.  



Есенов  Ақұр.  Солтүстік  Қазақстан  облысы  Октябрь  ауданы  Айыртау 

болысына  қарасты  Бағанапты  ауылында  1869  жылы  өмірге  келген.  1934 

жылы  бай  ретінде  10  жылға  сотталған.  Осы  мерзімге  інісі  Есенов  Арыстан 

мен  жалғыз  ұлы  Ақтас  та  сотталған.  ВЦИК-нің  төрағасы  М.Н.  Калининнің 

кешірімімен  ол  мерзімді  өтемеген.  Ақұр  1941  жылы  қарашада  кеңестік 

билікке қарсы әрекет жасады деген айыппен Петропавл қаласындағы НКВД 

абақтысына жабылған.  

Ол  көрсетуінде:  «Мен  ешуақытта  «Алаш»  партиясының  жиналысына 

қатысқаным  жоқ.  Бірақ,  1918  жылы  Сабыров  Есемсейіттің  ауылында  Алаш 

партиясының  жиналысы  болды  деп  естідім.  Мен  білетіннен  бұл  жиналысқа 

бұрынғы  бай  Мұхаметжан  және  Хайролла  Макеновтар,  бұлар  «Марқаш» 

деген  рудан.  Бағанаты  деген  елден  Мырзабеков  Ыбырай  (өлген)  барып 

қатысқан.  Бұл  «Бөріліде»  болған  Алашорданың  жиналысында  Көкшетау 

уездік  Алашорданың  атынан  Темірбеков  Әбжан  келген.  Бұл  Темірбеков 

сондағы  сайлау  жиналысында  өзінің  ағайыны  Сабыров  Есімсейіттің 

Алашорданың  болыстық  комитетінің  төрағасы  болуына  көмектесіпті. 

Сонымен  қабат  Темірбеков  жиналысқа  келгендер  алдында  Алашорданы 

өркендету  үшін  халықтан  көп  қаржы  –  налог  жинау  туралы  сөйлеген. 

Жиналыс  бұл  ұсынысты  қолдап,  налог  жинауды  ұйғарған  және  бұл  іске 

комитет жиналыстың артын ала кірісіп кеткен. Ол жөнінде Мәкеновтар айта 

келді.  Біздің  ауылнай  бөлек  болғанымен,  бұл  жиналысқа  бұрынғы  болыс 

және  бай  Айбасов  Қафез  де  қатысқанын  естідім.  Өйткені  ол  ондай 

жиналыстан қалмайтын адам». 

Есенов  Ақұрға  тағылған  айыптың  бірі  оның  1921  жылғы  кеңестік 

билікке  қарсы  көтеріліске  қатысқандығы  жөнінде  еді.  Бұл  мәселеге 

байланысты ол: «Мен, Есенов, бұл құлақтар көтерілісіне қолыма құрал алып 

қатысқаным  жоқ,  бірақ,  1921  жылы  февраль  айында  Коноваловка 

қаласындағы  көтерілісшіл  банданың  бастығы  Юдановтың  штабы  бізді 

Коноваловке қаласына шақырып апарып тұрғызып, не үшін апарғанын бізге 

түсіндірген  де  жоқ.  Менімен  бірге  барып  тұрғандардың  бәрі  осы  күні  тірі 

емес».  Мысалы: 1. Қалшыманов  Піштан.  2. Ыбыраев  Есімсейіт.  3. Ыбыраев 

Қасымсейіт. 4. Қаражігітов Мырза. Бұл аталған кісілердің бәрі де өлген. 

Кеңестік  тарихнамада  байлар  жөнінде  тек  бір  жақты  жағымсыз  пікір 

ғана  қалыптасқан.  Байлардың  қоғамның  экономикалық  өміріндегі  орны, 

байлар  шаруашылығының  ішкі  құрылымы,  анатомиясы,  тіптен  олардың 

қарапайым  қоғам  мүшелерін  қанау  механизмі  және  басқа  қырлары  арнайы 

іргелі  зерттеу  тақырыбы  ретінде  алынған  монографиялық  еңбектерді  тізіп 

беру  қиын.  Ал  қоғамның  бұл  әлеуметтік  тобының  большевиктер  орнатқан 

тәртіпке  қатысты  ұстанымы  мен  пікірі  жөнінде  сөз  қозғаудың  өзі  мүмкін 

емес-тін.  Міне  осы  айтылған  пікірге  орай  бұрынғы  бай  Есенов  Ақұрдың 

ойына көңіл аударайық: «Ұжымдастыру жылдары кеңестік билік тарапынан 

байларға  берілген  соққы  маған  да  тиді.  Басқа  да  байларға  сияқты  маған  да 

астық даярлау, ет даярлау міндеткерліктері жүктелді. Мен мемлекетке 70 пұт 


астық,  бір  сиыр,  бір  өгіз  тапсырдым,  бұдан  тыс  ақшалай  да  салық  төледім. 

Соның  салдарынан  менің  шаруашылығым  күйзеліске  ұшырады.  Аштық 

жетті. Мен үш бірдей балаларымнан айрылдым, әйелім өлді. Осы фактілердің 

бәрі  жинала  келіп  жеке  бас  қасіретіме  ұласты,  дегенмен,  мен  өз 

наразылығымды ашық білдірген емеспін, ішімде сақтадым». 

А.  Есеновке  қоғамда  билікке  қарсы  насихат  жүргізілді  деген  айып 

таңылған  болатын.  Бұл  таңылған  айыпқа  байланысты  ол  :  «Мен  кеңестік 

билікке  қарсы  насихат  жүргізген  емеспін,  тек  1932  жылдан  бастап,  яғни, 

біздің ауылда колхоз ұйымдастырылған күннен бастап менде билікке қарсы 

көңіл-күй  қалыптаса  бастағаны  рас.  Өйткені  кеңестік  билік  келгенге  дейін 

патшалық  тұсында  халықтың  басым  көпшілігі  ылғи  да  жоқшылыққа  өмір 

сүрген  болса,  мен  ешнәрсеге  мұқтаждық  көрген  емеспін,  бәрі  де  жеткілікті 

дәрежеде еді. Кеңестік билік орнаған соң, әсіресе ұжымдастыру қарсаңында 

менің  жеке  шаруашылығымды  өсіру  құқым  біржолата  шектелді,  соған 

қарамай  түрлі  алым-салықтар  легі  тиылмады,  бұл  жағдай  билікке  деген 

зығырданымды  қайнатты,  бірақ  бұл  көңіл-күйін  сыртқа  шығарған  емеспін, 

іштей тынып, ылғи да кеңестік биліктің күйреуін күттім» /10/. 

Міне  бұл  жоғарыда  келтірілген  Есіл  бойындағы  байлар  Айбасов  Қ., 

Мәкенов Х. және Есенов А.-ң тергеу материалдарынан берілген үзінділерден-

ақ олардың 1940-1941 ж. НКВД тарапынан ұсталып, сотқа тартылуына негіз 

болған  жағдай  олардың,  біріншіден,  қазақ  қоғамындағы  байлар  табына  тән 

болғандығы  және    екіншіден,  1918  жылы  Алашорда  үкіметіне  қолдау 

көрсеткені.  Алашорда  үкіметі  жеңіліске  ұшыраған  соң,  1921  жылы  Есіл 

бойынан  шыққан  кеңестік  билікке  қарсы  шаруалар  көтерілісіне  қатынасуы 

еді.  Ал  оларға  кейінгі  мерзімде  билікке  қарсы  антисоветтік  үгіт  жүргіздің 

деген мағынада таңылған айып, бұл, әрине, саяси биліктің олармен бұрынғы 

көрсеткен қарсылықтары үшін есеп айырысу әрекетін бүркемелеп білдірмей 

жіберу әдіс-айласы ғана еді.  

Сонымен,  негізгі  мәселе  1918-1921  ж.  ұлт-азаттық  қозғалыс  тұсында 

Есіл  бойындағы  қазақ  қоғамын  ұйымдастыру  ісінде  белсенділік  танытқан 

Темірбеков Әбжанның ісі немен аяқталды, осы тақырыпқа қайта оралайық. 

1930 жылы 8 мамырда Петропавлдағы НКВД абақтысында жатқан әке 

мен  бала  Темірбеков  Әбжан  мен  Темірбеков  Уахитті  беттестіру  шарасы 

өткізіледі.  Тергеушінің  «Сіздің  1929  жылы  3  қазанда  РК  (б)П  Октябрь 

аудандық  партия  комитетінің  хатшысы  Ж.  Данияровтың  атына  арыз 

жазғаныңыз рас па? 

Осы  арызды  жаза  отырып,  онда  әкеңіз  Әбжанның  іс-әрекетін,  яғни 

оның мешітте кеңестік билікке қарсы насихат жүргізетінін, қытайлықтардың 

жақындап қалғандығын, әкеңіздің белгілі бір жаққа барып ақша жаратып, үй 

шаруасына нұқсан келтіретіндігін баяндап, сіз бұл арызды ашумен жаздыңыз 

ба,  жоқ  әлде  жеке  басыңызға  пайда  іздеп  жаздыңыз  ба?»,-деген  сұрауына 

Темірбеков Уахит: «Менің арызымда баяндалған фактілер шындық, әкемнің 

іс-әрекетінде  орын  алып  отыр.  Мен  осының  бәрін  саналы  түрде  жаздым, 

сондай-ақ  баяндалған  әрекеттері  үшін  әкемнің  жазаланатынын  да  білдім. 

Дегенмен,  мен  тек  өз  ар-ожданымды  ғана  басшылыққа  алдым,  әкемнің 


әрекеті  нәтижесінде  болуы  мүмкін  жағымсыз  істерді  болдырмай  тастауға 

ниеттендім.  Ешқандай  да  жеке  бас  және  пайдакүнемдік  мүдде  көздеген 

жоқпын».  Уахит  тергеу  рәсіміне  сәйкес  бұл  берген  көрсетуін  өз  қолымен 

бекіткен. 

Тергеушінің:  «Сіз  ұлыңыз  Уахиттің  берген  көрсетуіне  байланысты  не 

айтасыз,  ол  тура  айтып  отыр  ма?  ,-деген  сауалына  Темірбеков  Әбжан: 

«Уахит,  әрине,  менің  ұлым,  дегенмен,  оның  маған  деген  ашу-ызасы  да  бар. 

Мәселе  мынада.  Менің  әйелім,  оның  анасы  өмірден  қайтқан  соң  мен  1924 

жылы  екінші  әйеліме  үйлендім.  Міне  осы  кезден  бастап  ұлым  менімен 

жауласа  бастады.  Ол  мен  жөнінде  газеттерге  бірнеше  мәрте  мақалалар 

жариялады. Сотта жалған көрсетулер берді. Менің ұлым Уахиттің арызында 

көрсетілген  фактілер  түгелдей  жалған».  Айтылған  көрсетуін  Әбжан  өз 

қолымен бекіткен /11/. 

Саяси биліктің сеніміне кіру үшін баласының өз әкесіне қарсы шығып 

арыздануы ұлт тарихында бұрын байқалмаған құбылыс. Сондай-ақ бұл тура 

осы мезгіл және билік жағдайында жалқы құбылыс та емес-тін. Басқа деңгей, 

тура  осы  мезгіл  және  билік  жағдайында  сәл  өзгерек  мазмұнда  мұндай 

құбылыс  қазақ  жерінің  басқа  да  өңірлерінде  байқалған  еді.  20-30-шы 

жылдары  кеңестік  басқарушы  топтың  қатарында  Аралбаев  Бекайдар  деген 

қайраткердің  болғаны  мәлім.  1929  жылы  кезекті  партиялық  тазалау 

барысында  ол  БК(б)П  қатарынан  шығып  қалады.  Оған  негіз  болған 

себептердің бірі әкесінің кеңестік билікке дейін көп малды байлар қатарында 

болғандығын  біле  тұрып,  басшылық  құрамындағы  баласының  өз  әкесінің 

байлығы  жөнінде  билік  орындарына  мәлім  етпегендігі  еді.  Ал  партия 

қатарынан  шығып  қалу  бұл  биліктің  саяси  жауына  айналумен  тең  еді.  1929 

жылы  19  шілдеде  Б.  Аралбаев  БК(б)П-ның  Өлкелік  комитетіне  өзінің  ауыр 

жағдайын баян етіп арызданады. «Менің сорым, әрине, өз қолыммен әкемнің 

шаруашылығын, тұрмысын ойран ете алмағанымда болып отыр. Мен партия 

мүшесі  және  жауапты  қызметкер  Аралбаев  феодалдық-патриархалдық 

тәртіпке  тән  жағдайда,  бұған  қосымша  әлі  советтенбеген  рудың  билеуші 

тобының  өкілі  Аралбаевтың  ұлы  боламын.  Бар  үйлесімсіздік,  қайшылық 

осында.  Тағы  да  мойындаймын,  мен  ауылда  және  әкеммен  революциялық 

жұмыс жүргізіп, ондағы қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құрып, 

сол  негізде  әкемді  төңірегіне  ықпал  жасау  мүмкіндіктерінен  біржола 

айырудың орнына сол ортадан қашқан адамға ұқсаймын» /12/. 

Б.  Аралбаев  арызында одан  әрі  әкесінің  жеке  байлығының  көлемі бай 

шаруашылығы  өлшеміне  жетпесе  де  тәркіленуге  тиіс  шаруашылықтар 

тізіміне  ілініп,  бұған  қосымша  әкесі  абақтыға  жабылып,  оның  тек  әйел 

адамдардан  және жас  балалардан  тұратын отбасын  басқа өңірге  жер  аудару 

жөнінде  билік  тарапынан  шешім  қабылданғанда,  тек  ауызша  өтініш 

білдірумен ғана шектелгендігін білдіреді.  

Сонымен,  Темірбеков  Уахитқа  өз  әкесін  контрреволюционер  ретінде 

көрсетіп  аудандық  партия  комитетіне  арыз  жаздырған,  ал  Аралбаев 

Бекайдарға жеке шаруашылығы негізсіз тәркіге түсіп, жер аударылған туған 

әкесі мен отбасына араша түсуге мүмкіндік бермеген не? Олардың жеке бас 


мансапқорлық  мінезі  ме,  жоқ  әлде  кез-келген  белсенді  қоғам  мүшесін  өзіне 

тәуелді  етіп,  ылғи  да  ақталып  отыруға  мәжбүр  еткен  билік  жүйесі  ме? 

Мүмкін,  осы  екеуі  де  болар?  Дегенмен,  осы  арада  мынадай  бір  жағдайды 

есепке  алған  жөн.  Большевиктер  орнатқан  билік  жүйесі  біз  қарап  отырған 

мезгілде  адам  табиғатында  бар,  өзіне  қолайлы  сәт  күтіп  жататын  жаман  да 

пәс  пиғылдардың  сыртқа  теуіп  шығуына  түрткі  салып,  мүмкіндік 

туғызғандығын  жоққа  шығару  қиын.  Өзін  езілгендердің  қорғаушысы 

жариялаған  жаңа  билік,  қоғамдық  әділетсіздікпен  күрес  жариялай  отырып, 

осы  жолда  адамның  билік  алдындағы  панасыздығын  пайдаланып  баланы 

әкеге,  бауырды  бауырға  қарсы  қоюға  дейін  барды.  Тарихи  шындықтың  бір 

қыры осы.  

1930  жылы  17  желтоқсанда  ОГПУ-дың  көшпелі  үштігі  «ЖАТ»  ісі 

бойынша  қаулы  қабылдап,  жеткілікті  дәлелдің  жоқтығына  қарамастан 

Темірбеков  Әбжан  бастаған  топтағы  бес  адамды  3  жылдан  5  жылға  дейін 

концлагерге  айдауға  жіберу  жөнінде  шешім  шығарады.  Бұл  іске  тартылған 

екі  кісі  (Бижігітов  Әбубәкір  мен  Сәлімжапаров  Кашмулла)  сот  шешіміне 

дейінгі  қамалған  мерзімі.  Жұмағали  Тілеулиннің  ісі  есепке  алынып 

абақтыдан  босатылды,  бұл  мезгілде  Алматыда  жүріп  жатқан  алаш 

зиялыларының ісімен бірге қарауға беріледі.  

Осы ретте көңіл аударарлық нәрсе ол Темірбеков Әбжанға байланысты 

қабылданған  ОГПУ  үштігінің  шешімі  жөнінде  Алматы  осы  мекеменің 

Мәскеудегі  орталық  аппаратына  есеп  береді.  Бұл  фактіден  сұранып  тұрған 

тұжырым: Темірбеков Әбжанның саяси қызметі мен оның жеке бас тұлғасы 

құпия полиция мекемесі орталық басшылығының бақылауында болғандығы. 

Бұл  мәселеде  Кеңестік  ОГПУ  патшалық  «Охранное  отделениенің»  ісін 

жалғастырушы  мұрагері  болды.  Қазақ  жерінің  алыс  бір  түпкіріндегі 

«ұлтшылдың»  қызметін  Петербордағы  немесе  Мәскеудегі  құпия  полиция 

орталығы жіті бақылап отырды.  

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы 1989 жылы 29 қарашада 

№  60  (ЖАТ)  Темірбеков  Әбжан  мен  оның  серіктестерінің  ісін  қайта  қарап, 

олардың негізсіз репрессия құрбандары болғанын мойындауға мәжбүр болды 

/13/. Әуелде жазықсыз адамды соттап немесе атып тастап, соңынан мәселенің 

артын суытып барып, жазықсызды «жазықсыз екен» деп ақтап, бірақ өкініп, 

тәубаға келмеу бұл да бір кеңестік жүйеге тән мінез еді.       

Дерек көздері: 

1.  Қазақстан  Республикасының  Солтүстік  Қазақстан  облысы  бойынша 

департаменттің  мұрағаты.  (Темірбеков Әбжан  және  басқа 8  адамның  тергеу 

ісі.) Мұрағат № 02755 

2. Сонда. 77 п. 

3.  ҚР  ҰҚК  Ақмола  облысы  бойынша  департаментінің  мұрағаты.  (Ахмет 

Жанталинді тергеу ісі.) Мұрағат № 01859, 7 п. 

4. Сонда. 2-4 об., 30-31 п.п. 

5. ҚР ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мұрағаты, 

№ 02755 іс, 71-72 п.п. 

6. Сонда. № 03248 іс, 18-24, 28-52, 125-130 п.п. 


7. Сонда. № 503 іс, 16,22-25 п.п. 

8. Сонда. 29 п. 

9. Жалайырлар. 2-кітап. Талдықорған. 2003, 257 б. 

10.  ҚР  ҰҚК  Солтүстік  Қазақстан  облысы  бойынша  департаментінің 

мұрағаты, № 3708 іс, 91-99, 101-117 п.п. 

11. Сонда. № 02755 іс, 78-78 об. п.п. 

12. ҚР Президентінің мұрағаты, 141 қ., 1 т., 2409 іс, 11 п. 

13.  ҚР  ҰҚК  СҚО  департаментінің  мұрағаты,  №  02755  іс,  8-8  об.  9,187-189 



п.п. 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал