Ұлы əншіні ұлықтаған үш күн



жүктеу 68.71 Kb.

Дата15.02.2017
өлшемі68.71 Kb.

5.11.2009  

Просмотров: 141 

 

Ұлы əншіні ұлықтаған үш күн  

 

Қазақтың  музыка  əлемінде  қайталанбас  құбылыс 



болып,  əн  салудың  тұтас  бір  мектебін  қалыптастырған 

Жүсекеңнің  дара  дарыны  көзінің  тірісінде-ақ  өнерді  пір 

тұтқан  халқынан,  аузы  дуалы  жақсылардан  лайықты 

бағасын  алған-ды.  Ол  туралы  кемеңгер  Мұхаң  (Əуезов): 

«Жүсіпбек  халық  əндерінің  асқан  шебер  орындаушы 

академигі ғана емес, ол адамгершіліктің де академигі» десе, 

академик Ахмет Жұбанов: «Жүсіпбек əнді жабайы күйінде 

орындай  салмай,  өзінің  орындаушылық  өнерпаздық 

елегінен өткізіп, саралап, кейбір нашар орындаушылардың 

əлсіреткен  жерлерін  өңдеп,  жақсысы  болса  бұрынғысынан  да  асырып  алып  кетеді»  деп 

лебіз  білдірген  екен.  Қазіргі  таңда  қазақ  жұртшылығы  жүз  жылдық  мерейтойын 

дүбірлетіп  өткізіп  жатқан  дүлдүл  өнерпаз  Ғарифолла  Құрманғалиев: «Мен  өмірімде 

Жүсіпбектей  əншіні  кезіктірген  емеспін.  Көп  өмірді  бірге  өткіздік.  Ыржың-қалжыңды 

ұнатпайтын.  Өмірде  де,  өнерде  де  мейлінше əділ  əрі  адал  болды.  Бəріміз  айтып  жүретін 

үйреншікті  бір  əнді  Жүсекең  алдымызға  тосқанда  қайран  қалушы  едік.  Өмірі  естімеген 

мүлде жаңа əн тыңдағандай болатынбыз. Қайтып ол əннің маңына жолауға, шынын айту 

керек,  ешкімнің  жүрегі  дауаламайтын.  Жолаған  күннің  өзінде  де  əйтеуір  бір  мысқалы 

жетпей  тұратын  əн  шіркін,  Жүсіпбекті  іздеп,  жетімсірейтіні  сезілуші  еді»  деп 

мойындаған-дүр.  Ардагер  əншінің  төл  шəкірттерінің  бірегейі  Жəнібек  Кəрменовтің 

ұстазды танып, ұлықтауы мүлде алабөтен: «Жүсіпбек-- əншілік өнердің Абайы. Абай өлең 

сөздің сарайын мəңгілік етіп қалай қаласа, Жүсіпбек əншілік өнердің алтын тұғыры болып 

қалды.  Бұл—уақыт  мойындатқан  шындық.  Шындықтың  аты—халық»  деген  сөздермен 

түйіндепті ойын.  

Сарыарқа үш күн бойы Жүсекеңмен тыныстап, алдында ғана қыстың алғашқы қары 

мен аязын əкелген қазанның қара суығы қайтып, сауыққұмар қарағандылықтар мен қала 

қонақтары  бір  жырғап  қалды.  Сəрсенбінің  кешінде  Сəкен  атындағы  драма  театрдың 

ғимаратында  тұсауы  кесілген  аламан  бəйгенің  қара  жарысы  бейсенбіде  жəне  жұманың 

түсі ауғанша «Шалқыма» концерт залында өтті. Төртінші мəрте ұйымдастырылған додаға 

бұл  жолы 47 үміткер  келгенін  айтқан  болатынбыз.  Алтай  мен  Атырау  арасындағы  ұлан 

даланы əнмен тербеткен мықтымыз деп жүргендер бəрі де. 

Конкурстың  шымылдығын  ашу  сыбағасы  Баянауылдың  бұлбұлы  Самал 

Жақыпованың еншісіне бұйырыпты. Мұстафа мен Жарылғапберлі, Жаяу Мұса мен Қали 

сияқты  алыптарды  берген  асыл  топырақтың  қызы  біраздан  бері  жұрт  алдына  шығып 

жүрген,  төселген  əнші  екені  бірден  байқалды.  Бірақ,  бірінші  болып  көш  бастаудан 

жүрексінді  ме,  əлде  қазылар  алқасында  отырған  марқасқалардың  (алқа  төрағасы 

Жүсекеңнің  сүйікті  шəкірті,  халық  əртісі,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,  профессор 

Қайрат  Байбосынов  болса,  мүшелері  еліміздің  еңбек  сіңірген  қайраткері  Мейірхан 

Адамбеков,  Жүсекеңнің  шəкірттері—республикаға  еңбек  сіңірген  қайраткер  Ғалым 

Мұхамедин  мен  еліміздің  еңбек  сіңірген  əртісі  Тұрсынғазы  Рахымов,  Жастар  одағы 

сыйлығының лауреаты Жақсыкелді Кемалов, халықаралық фестиваль мен конкурстардың 

жеңімпазы Сержан Мұсайын, халықаралық конкурста топ жарған, Қазақтың Құрманғазы 

атындағы  ұлттық  консерваториясының  ұстазы  Клара  Төленбаева  еді)  мысы  басты  ма, 

Самал  бар  мүмкіндігін  жарқыратып  көрсете  алмады.  Шашубайдың  «Аққайыңы»  дауыс 

ашарға  таптырмайтын  əн,  солғын  шықты.  Мəдидің  «Қаракесегі»  де  көрермендер  күткен 

деңгейден  көп  төмен  жатты.  Жалпы,  бұл  əн  қыз  баланың  табиғатына  келмейтінін  ашып 

айтуымыз  керек.  Халық  композиторлары  əннің  қуатына  қарай  көлемін  лайықтап,  дəл 

өлшеген.  Мысалы,  Мəдидің  «Үшқарасы»  таңертеңнен  кешке  дейін  айтса  да  əншіге  күш 


түсірмейтін,  толғау  сипатты  туынды.  Ол  əуелде  қазіргі  айтылып  жүрген 14 ауыздан 

əлдеқайда  көп  болған. «Қаракесектің»  жөні  бөлек.  Бар  болғаны  екі-ақ  шумақтан 

тұрғанмен,  бұл  туынды  жан-жүрегімен  шырқаған  кез  келген  əншіні  сүмектетіп,  барын 

сығып  алатыны  күмəнсіз.  Сондықтан,  оған  əншінің  əншісі  ғана  жүрегі  дауалап  барады. 

Самал  тəуекел  еткенімен,  нəтижесі  тəуір  деген  бағадан  көш  төмен  жатты.  Үміткердің 

«Қарғашы» да қара үзіп кете алмады.  

Дулат Аханов—Қарағанды жұртшылығына танылып қалған əнші. Құлаққа жағымды 

тамаша баритон даусы бар. Соған қарамастан, ұстаз алдын көріп, илеуден өтпегендіктен 

бе,  оның  өнерінде  бір  иірім,  ілкім  шеберлік  жетпейтіндей  болып  тұрады. «Қобыланды 

батыр» жырында «Құртқа баққан Бурылдың қырық үш күндік кемдігі бар» деп айтқандай, 

Дулаттың  тал  бойындағы  осы  бір  осалдық  алдынан  шыққанын  өзі  де  сезген  шығар  деп 

ойлаймыз. 

Үшінші  болып  ортаға  шыққан  астаналық  Еркебұлан  Қасымов  сахна  мəдениетін 

біршама  меңгерген,  мінезді  əнші  екенін  аңғартты.  Ол  шырқаған  халық  əні  «Бесқарагер» 

мен Балуан Шолақтың «Карон балуанынан» өзгеше тыныс естігендей күй кештік. 

Конкурстың  екінші  күні  таңертеңгі  оннан  кешкі  сегізден  асқанша  өнер  додасының 

көрігін қыздырған əншілердің бас-басына тоқтап, əрқайсының орындаушылық қабілетіне 

талдау  жасауды  міндетімізге  алған  жоқпыз  жəне  оны  басылым  беті  де  көтермейді. 

Дегенмен,  жекелеген  өнерпаздардың  ерекшелігін  атап  айтудың  əбестігі  жоқ  шығар. 

Соның бірі сонау Оралдан, Ақжайықтың арғы қабағынан ат арытып келген мейман Мирас 

Бақтығұлов. Жау түсіретіндей керемет даусы болмағанмен, əншіліктің қыр-сырына үңіліп, 

Мұхит  мектебінің  көрнекті  бір  өкілі  деңгейіне  жеткені  аңғарылды.  Арқа  стиліндегі 

алғашқы  екі  əнде  кібіртіктегенімен,  қазылар  алқасының  төрағасы  Қайрекеңнің  тілегі 

бойынша,  дөңгелек  тойы  өтіп  жатқан  Ғарифолланың  репертуарындағы  Мұхиттың 

«Айдайына»  басқанда  көсіліп  сала  берді.  Керекулік  Амангелді  Қожанов  та  əнді  таңдап 

айтатын  өнерпаздардың  сапынан  ба  деп  тұжырым  жасадық,  оның  орындауындағы 

шығармаларды  таңдаған  соң.  Даусы  əлді.  Бірақ,  халық  əні  «Қарғаш»  пен  Сегіз  серінің 

«Гауһартасын» шамадан тыс созып жібергендей болса, Естайдың «Сандуғашын» айтқанда 

кемел əншіні көрдік. 

Қазылар  алқасы  ақтық  айқасқа  маңдайынан  шертіп  отырып 25 жүйрікті  шығарды. 

Қалғандарын  іріктеу  жарысы  тұтып  қалды.  Кілең  мықтылардың  əн  додасы,  тіпті,  қыза 

түскеніне  куə  болдық.  Сахнаға  алдымен  көтерілген  қарағандылық  Дулат  Мəдидің 

«Қаракесегі»  мен  Жаяу  Мұсаның  «Сұршақызын»  шырқады.  Алдындағы  қара  жарысқа 

қарағанда бұл жолғы аяқ алысы əлдеқайда жоғары болды. Мəре таянғанын сезген кəнігі 

жүйріктей  суырыла  жөнелген  жас  əнші  Жүсекеңе  тəн,  қазіргі  əншілердің  ішінде 

Мейірханда ғана кездесетін зергерлікті меңгерсе, алдына қара салмас еді-ау деп ойладық. 

Жүсекең мен Мейірханның есімі аталған кезде осы конкурс үстінде айтылған əзіл-шыны 

аралас  бір  əңгімені  алдыға  тартқанның  əбестігі  жоқ  шығар:  байқау  барысындағы  шағын 

үзіліс кезінде сахна төріне ілінген Жүсекеңнің портретіне қарап тұрып облыстың мəдени-

сауық  жəне  халық  шығармашылығы  ғылыми-əдістемелік  орталығының  директоры 

Кəкизат  Сəдуақасова: «Елебековтің  суреті  Мейірханға  қатты  ұқсайды  ғой.  Мейірханның 

əн салуы, кейінгі кезде қимыл-қозғалысы да Жүсекеңнен аумай барады. Əлде, еліктей ме 

екен»  дегені.  Біз  де  қарадық.  Дəл  көшірме  болмағанмен,  қас-қабақ,  жазық  маңдай, 

салыңқы  иек  келетін  сияқты. «Жүсекең  ел  ішіне  гастрольге  жиі  шығып  жүргенде  туған 

бала ғой. Сол сапарларының бірінде қайын жұртына соғып, өзі сияқты əнші болсын деп 

балдызының аузына түкіріп кеткен шығар» дедік басқа уəж таба алмай. 

Бірсыдырғы  қалыпта  өтіп  жатқан  конкурстың  қазыларын  да,  көрерменді  де 

серпілткен  Жаңаарқа  аудандық  мəдени-сауық  орталығының  қызметкері  Бейімбет 

Сарымсақов  болды.  Ол  үлкенді-кішілі  сахналарға  шығып  жүрген,  ысылған  əнші  екенін 

көрсетті.  Орындаған  əндерімен  шығарма  авторларының  ой-парасатын,  көңіл  күйін, 

уайым-қайғысын мүмкіндігінше беруге тырысты. Бірде Мəди болып күңіренсе, одан соң 

Балуан Шолақ болып махаббат жырын сорғалатты. 



Конкурстың  сұрыптау  жарысында  Ақан  серінің  «Құлагерін»,  Біржан  салдың 

«Жалғыз  аршасы»  мен  халық  əні  «Қарғам-ауды»  келістіре  орындаған  үміткер,  Ағадыр 

кентіндегі  мəдени-сауық  орталығының  əншісі  Ардақ  Мұқышев  үшінші  күнгі,  кіл 

жүйріктер  арасында  өткен  додада  тіпті  еркін  көсілді.  Ол  шырқаған  Біржанның  «Жонып 

алдысы»  сұлу  жаратылысымен  көңіл  түкпіріне  мөлдіреп  қона  қалса,  Шашубайдың 

«Аққайыңы» бөлекше болмыс-бітімімен бойға қуат, жүрекке шуақ құйды. Ардақ—Ғалым 

Мұхамединнің шəкірті. Сондықтан, Жүсекеңнің мектебіне тəн мəнер мен өрнекті иірімдер 

мұнда да бар. Бірақ Кəрменов пен Байбосынов сыныптарынан өзгеше, дербес көркемдікке 

ие. 

Шығыс Қазақстан облысының Аягөзінен келген Елдос Жақсылықов дүбірлі жарысқа 



қосылғандар  арасында  жасы  ересегінің  бірі  екен.  Соған  орай,  əншілік  стилі  де 

қалыптасқан. Кез келген сахнада өзінің оң жамбасына орайлас əнді шырқап қоя беруге əлі 

қаптал жететіндей. Жалғыз ғана кінəрат-- əсем саздың гауһардай құлпырып сəуле шашқан 

құбылысының  жетіспеуі,  нəзіктік  пен  асқақтықтың  ғажайып  жарасымының  жұтаңдығы. 

Жүсекеңнің əн жəрмеңкесін бағалаушылар да, бақылаушы көпшілік те осыны іздейді. Дəл 

осы қасиет байқаудың екі күні де конкурстың шымылдық жабарында талғам таразысына 

түскен  Медет  Осатаев  ініміздің  тал  бойынан  тамшылап  тұрғандай  əсер  алдық.  Шет 

аудандық  мəдени-сауық  орталығында  қызмет  атқаратын  ол  алғашқы  күні  орындаған  үш 

шығарманың  ішіндегі  Ғазиздің  əні,  ақтық  сында  шырқаған  Уəйстің  «Перуайымы»  мен 

Ақан серінің «Мақпалы» жанға лəззат, құлаққа қуаныш сыйлаған дүниелер болды. Медет 

үлкен  естілікпен  шарықтатып,  сорғалатып,  сан  алуан  ырғақ  пен  иірімдер  кестеленіп, 

дестеленіп  келгенде  санасында  сəулесі,  кеудесінде  жүрегі  бар  жанды  толқытпай  тұра 

алмасы  хақ.  Жазатайым  Жаратушымыз  жаңылыстырып  «жұлдыз»  ауруына  ұшырап 

қалмаса,  Қарағандының  құнарлы  топырағында  талантты  бір  əнші  өсіп  келе  жатқанына 

күмəнсіз сендік.  

Қазылар  алқасы  мəреге  жетер  жарыс  жолына  сұрыптап  салғандардың  ішінен  де 

«Қап!  Əттеген-ай!»  дегізгендер  болды.  Мəселен,  астаналық  Арайлым  Омарбекова 

бəсекенің  алғашқы  айналымында  бүкіл  əнші  қыздардан  оқ  бойы  озық  тұрғандай-ды. 

Əсіресе, ол халық əні «Екі жиренді», Елебековті егілтіп, Шəкенді (Айманов) тебіренткен, 

Тоқбай ақсақалдың вариантын шырқағанда қуана қол соққан едік. «Бəрекелдімізді» ерте 

айтып  қойыппыз.  Мақтаған  қызымыз  ертеңінде  тегіс  жерде  сүрінді.  Осынау  байрақты 

байқаудың  бас  бəйгесінен  үміткердің  бірі  болар  деп  күткен  жігітіміз,  Қали  Байжанов 

атындағы  концерттік  бірлестіктің  əншісі  Сырым  Хордин  де  соның  жолын  құшты.  Оның 

орындауындағы Рамазан Елебаевтың «Жас қазағы» «уралауға» шамасы жетпей «мұрттай 

ұшты». Алғашқы əнінде шалыс басқанына жүйкесі сыр берді ме, Ақан серінің «Мақпалы» 

да  Сырымның  мүмкіндігінен  төмендеу  шыққандай  болды.  Əйтпесе,  ол  əннің  мəнін 

ұғынып,  сыр-сымбатын  пайымдап,  астарына  үңіліп  айтатын  зерделі  өнерпаз  екенін 

аңдаған  едік.Қазанның  соңғы  жұмасында  екінді  ауғанша  «Шалқыма»  концерт  залын 

əуенге  бөктірген  конкурс  аяқталған  соң  қазылар  алқасы  үміткерлердің  өнерін  саралап, 

талдап, қойған бағаларын есептесіп, қорытындысын шығаруға кірісті.  

...Осы  күні  ақшам  мезгілінде  облыс  орталығындағы  Кеншілердің  мəдениет 

сарайында  дəстүрлі  əндерді  орындаушылардың  Жүсіпбек  Елебеков  атындағы  ІV 

республикалық  конкурсының  нəтижесі  жарияланып,  үш  күнге  созылған  өнер 

жəрмеңкесінің нүктесі қойылды. 

Төрдегі  экран  арқылы  Жүсекең  орындаған  əндердің  бейнетаспасы  көрсетіліп, 

кезінде  аспандағы  аққуға  үнін  қосқан  Алаш  ардақтысы  жүз  түрлентіп,  мың  құбылтып 

салған  аягөз  əндермен  қарағандылықтар  мен  қала  қонақтары  шұрқырасып  қайта 

табысқандай болды. Сахнаға конкурстың сұрыптау сынынан сүрінбей өткендер көтерілді. 

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлер осы топта. Бірақ кімнің бағы жанғаны əлі құпия. Іле 

төрге қазылар алқасының мүшелері көтерілді. Марапаттау сəті басталды. Табан тірескен 

тəжікелестен  кейін  байқауды  бағалаушылар  астаналық  Дина  Назарбековаға  Мəди 

атындағы,  қызылжарлық  Олжас  Сұрағановқа  Қали  Байжанов  атындағы,  тараздық  Камал 



Нарбатыровқа  Кенен  Əзірбаев  атындағы,  оралдық  Мирас  Бақтығұловқа  Ғарифолла 

Құрманғалиев  атындағы,  алматылық  Гүлім  Алшыноваға  Жаңыл  Қартабаева  атындағы, 

оның жерлесі Жақсыгелді Маясаровқа Жəнібек Кəрменов атындағы, астаналық Арайлым 

Омарбековаға  Лəззат  Сүйіндікова  атындағы  арнайы  жүлделерді  беруді  ұйғарыпты. 

Қарағандылық  Дулат  Аханов,  астаналық  Еркебұлан  Қасымов,  алматылықтар  Бекзат 

Əбілдин  мен  Нариман  Əбдірахманов  жəне  семейлік  Гүлмира  Темірбекова  сынды 

үміткерлерді  конкурс  дипломанттары  деп  тануға  бəтуаласыпты  қазылар  алқасы.  Үшінші 

орын  мен  лауреат  атағы  Сырым  Хординнің,  керекулік  Амангелді  Қожанов  пен  аягөздік 

Елдос  Жақсылықовтың  еншісіне  тиді.  Тұғырдың  екінші  сатысы  мен  лауреат  мəртебесін 

Бейімбет  Сарымсақов  пен  Медет  Осатаев  иеленді.  Екеуі  де  жергілікті  жігіттер.  Бірінші 

орын  мен  лауреат  мəртебесін  қазылар  алматылық  Мерей  Кəрімовтың  қанжығасына 

байлап  берді.  Оған  Мəдениет  жəне  ақпарат  министрлігінің  мəдениет  комитеті 

төрағасының  орынбасары  Əлия  Əбілдина  осы  мекеменің  арнайы  сыйлығын  ұсынды. 

Арқаны  дүбірге  бөлеген  аламан жарыстың  Бас  бəйгісі мен  лауреаты  атағын  жеңіп  алған 

Ардақ  Мұқышев  шын  мəнінде  маңдай  терімен  құрмет  төріне  көтерілген  өнерпаз  екенін 

дəлелдеді. Облыстың мəдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекова оған облыс 

əкімі  Нұрлан  Нығматулиннің  арнайы  сыйлығын  табыс  етті.  Айтпақшы,  іріктеу  сынынан 

өткенімен жүлдеге ілікпей қалған талапкерлерге марапаттау рəсімі басталардың алдында 

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов ұйымдастыру 

комиссиясының атынан Алғыс хаттар тапсырған болатын. Қазылар алқасының мүшелері 

де  сияпатсыз  қалған  жоқ—Рымбала  Кенжебалақызы  оларға  осы  мəдени  шараның 

символы, домбыраның алтынмен буланған мүсіндерін тарту жасады.  

Əн  мерекесін  қорытындылаудың  соңы  қазылар  алқасының  мүшелері  мен  конкурс 

лауреаттарының  Гала—концертіне  ұласты.  Сөйтіп,  əн  салу  академигінің  құрметіне 

бағышталған кезекті конкурс өзінің мəресіне жетті. 

Сөзімізді  осымен  түйіндей  салуға  да  болар  еді.  Дегенмен,  арада  жылдар  аралатып 

өтетін  байрақты  бəсеке  барысында  көңілге  түйткіл  салған  кейбір  тұстарға  тоқталмай 

кетсек,  сөздің  атасына  обал-ды.  Білетіндер  Жүсекеңнің  репертуарында  үш  жүзден  астам 

əн  болған,  соның  ішінде  тұрақты  айтатыны  жүздің  үстінде  еді  дейді.  Кейінгі  кездері  ол 

кісі жеті жүзге жуық əн білгендігі жөнінде деректер қылаң беріп қалуда. Таласатыны жоқ, 

алдыңғы бекем дəйектің өзі де аз емес. Біртуар тұлғаның атындағы республикалық додаға 

тəуекел етіп келгендер ең болмаса соның ширегін игеріп, жеріне жеткізе меңгеріп келсе 

керек-ті.  Осы  жоқ.  Абайдың  «Сегіз  аяғы»  мен  «Татьянаның  əні»,  оның  сөзіне  жазылған 

Ə.Еспаевтың  «Өзгеге  көңлім  тоярсың»  т.б.  шығармалар  айтылмады.  Халық  əні 

сипатындағы  əндердің  «дəстүрлі»  деген  анықтамасы  болғаннан  кейін,  осы  дəстүр 

бұзылмай  орындалуы  шарт.  Оларды  Жүсекең  сияқты  жетілдіріп,  озық  етіп  шырқауға 

болар, аздырып, кемітіп жіберуге жол бермеу керек. Конкурс үстінде бірін бірі қайталап, 

бірнеше  əнші  айтқан  «Айтбайдан»  Біржанға  тəн  кең  тыныс  пен  сұлулықтың  ғаламат 

түзілісін, «Ардақтан» керемет шексіздікке құлаш ұрған Жарылғапберлінің алапат қуатын 

көре  алмадық.  Жаяу  Мұсаның  кербез  «Көкаршынында»  əуенді  мың  толғап,  миллион 

шайқап  келіп  «үридəй-дəйдімге»  басатын,  Елебековке  тəн  ерке  қайырымдар  еді 

іздегеніміз... Талапкерлерге тəн тағы бір кемшілік-- əн мəтінін бұзып айту. Ойлы өнерпаз 

бұған  немқұрайлы  қарамайды.  Кейбір  əншілер  өздері  кімнің  əнін  орындап  жатқандарын 

да білмейтін тəрізді. Сондықтан, бір шығармаға бірнеше автор иелік етіп жүр. Айталық, 

«Гауһартас»  бірде  халық  əні,  екіншіде  Сегіз  серінің  əні  болып  хабарланды.  Сондай-ақ, 

Уəйс  Шондыбайұлының  туындысы  боп  хабарланған  «Балқурай»  Шөженің  əні  екені 

белгілі.  Оны  Е.Брусиловский  «Қыз  Жібек»  операсында  пайдаланған.  Əн  əлі  күнге  дейін 

сол  мəтінмен  айтылады.  Жалпы,  республикада  кəсіби  музыка  қалыптаса  бастаған  кезде 

көптеген  əндер  өзгеріске  түсіп,  сөздері  қайта  жазылған.  Халық  əні  «Сметтің»  қазір 

орындалып  жүрген  мəтінін  Иса  Байзақов  шығарған.  Мұндай  мысалдар  көп.  Олардың 

бəрін  бірден  түзетуге  шама  келмес.  Дегенмен,  барының  шырғасын  шығармай,  нақты 

авторларын біліп жүргеніміз оң ғой. 



Жоғарыда «қазылар бірінші жүлдені Мерейдің қанжығасына байлап берді» деп тегін 

айтқан  жоқпыз.  Сірə,  ет  пен  сүйектен  жаралған  адам  болған  соң  олар  «бəйгінің  бəрін 

өздері алып қалды» деген қаңқу сөзден қашып, бір жүлдені құрбандыққа шалған тəрізді. 

Əйтпесе,  Қайрекеңнің  (Байбосынов)  сөзімен  айтқанда,  алматылық  жиырма  əншінің 

көпшілігі Алатауды айналсоқтап жүріп алды. 

Бір  ақиқат  бар.  Ол—конкурстың  ұйымдастырылу,  өткізілу  деңгейі  уақыт  өткен 

сайын  жоғарылап,  қанатын  кеңге  жайып  келеді.  Əлемді  жайлаған  қаржы  дағдарысына 

қарамастан,  осындай  ауқымды  шара  өткізілгенін  ой  елегіне  салсақ,  облыс  басшылығы, 

əсіресе,  мəдениет  басқармасы  мен  оған  қарасты  мекемелер  тынымсыз  жұмыс  істеп, 

қыруар шаруа атқарғанын пайымдаймыз. Алдағы V конкурс халықаралық деңгейге жетіп, 

оған  Монғолия,  Қытай,  Өзбекстан  сияқты  елдерден  қандастарымыз  келіп  жатса,  еш  таң 

қалудың  реті  жоқ.  Əлгінде  айтқан  азын-аулақ  базынамыз  осындай  дүбірлі  шараға  шын 

дүлдүлдер  келіп,  ұлттық  өнердің  өркенін  өсіретін  керемет  əн  жəрмеңкесін  өткізіп,  хас 

таланттарға жол ашылса деген пейілден туған пікір. 

 

Ермек БАЛТАШҰЛЫ.  



 

Орталық Қазақстан. - 2009. - 5 қараша (№ 169). - 6 б.  



 

http://ortalyk-kaz.kz/ns/novosti.php?id=1&newsid=52



 

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал