Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



жүктеу 5.5 Mb.

бет32/43
Дата08.01.2017
өлшемі5.5 Mb.
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   43

Өнегелі өмір 

 

1914  жыл.  Орынбор  «Хұсайния»  медресесінің  сабақ  үсті.  Сыпайы 



киінген,  сұңғақ  бойлы  мұғалім,  басында  ноғай  тебетей,  үстінде  тік  жағалы 

қынама бешпенті бар қараша балаға қарап, күлімдей: 



342 

 

–Өзіңнің басың кандай үлкен, оның ішінде небір терең сырлар жатыр-



ау, әттең, мынау медресе оның бәрін аша алмайды ғой,  – деді де, өз сөзінің 

әсерін  өзгелерден  сұрағандай,  айналасына  қарап  қойды.  Қуаныш  пен  реніш 

сөзді қабат айтқан қарттың жұмбағын шеше алмағандай, бала ибамен төмен 

қарап отыра берді. Айналадағылар бұл сөздерге аса таң қалмаған да сияқты. 

Өйткені  өзінің  сабаққа  ұқыптылығынан  ба,  жоқ,  ұяң  мінезінен  бе,  бұл  бала 

жөнінде бірінші күндерінен-ақ медреседе жақсы пікірлер естіле беретін... 

Құдайберген  медреседе  тек  оқумен  ғана  жүрмей,  сол  кездердегі  қазақ 

оқушылардың дәстүрі бойынша, сабақтан тыс жайлармен де әуестенді. Қазақ 

оқушы  жастары  бас  қосып  шығаратын  қолжазба  журналға  ат  салысты.  Сол 

күнде-ақ  мақала  жазып,  баспасөз  бет  «Қараша  бала»  деген  лақап  көріне 

бастады.  Аздаған  болса  да,  бұл  медреседегі  дүниетану  сабақтары 

окушылардың көзін ашты. Әрине, бұл жеткіліксіз болды.                                                                   

1916  жылы  Құдайберген,  өзінше  айтқанда,  «Оспан  Ишаннаноқыған 

араб,  парсы,  түрік  тілдерінің  пайдасын  көре  отырсам  да,  орыс  тілінің 

жетпегенінен қорлық көрдім, әңгіменің негізі сонда екен», – деп, Жұрынның 

екі  кластық  орыс  мектебінің  төртінші  класына  түсті.    Келесі  жылы,  

Орқаштың бір кластық орыс мектебінің оқытушысы Ашғалиев Хұсайынның 

ақылы  бойынша  екі  кластық  мектепті  аяқтауға  Күйікқалаға  кетті.  Онда  да 

әкесінің жұмсауымен Жұрынның базарына барып, астындағы құла байталды 

телеграфтың ағашына байлай тастап, поезға мініп жүре беріпті. 

Құдайберген 1917-1918 оқу жылы сол Күйікқала мектебін бітіріп келді. 

Бүкіл сабақтан «үздік» деген бағасы бар. Бұдан кейін бірқатар уақыт ауылда 

жүріп  қалды.  Баста  орта  шаруамыз  бар  үйіміз  жиырмасыншы  жылдардың 

басында  күйсіздікке  ұшыраған.  Әке  өліп,  екі  үйлі  жан  Құдайбергеннің 

қарамағында  қалғандықтан,  тұрмыс  талқысымен  осы  айтылғаннан  әрі 

мектепте оқи алмады. 

1922  жылдан  бастап  ол  Темір  қаласында  уездік  ағарту  бөлімінде 

қызмет істеді. Одан кейінгі жылдарда Ақтөбе қаласына барып, губерниялық 

ағарту бөлімінде методикалық инспектор болып қызмет істеді, бір жағынан, 

педагогтік техникумда сабақ берді. Құдайберген осы жылдары өзінің білімін 

арттыру  жолында  көп  ізденді.  Ол  күндіз-түні  кітап  оқып  отыратын, 

психология,  педагогика,  рефлексология  ғылымдарын  көп  зерттейтін. 

Павловтың,  Бехтеревтің  және  басқалардың  кітаптары  оның  столында  үйіліп 

жататын.  Осы  кездерде,  бір  жағынан,  тіл  ғылымымен  шұғылданды. 

Поливановтың, Богородицкийдің кітаптарын көп оқыды. 

Қазақстанда және кейбір басқа республикаларда жаңа алфавитке көшу 

мәселесі  қозғалғанда,  ол  бірінші  күннен  бастап  араб  жазуының 

жағдайсыздықтарын айта бастаған еді, өзі осы жұмысқа белсене кіріскен-ді. 

Жаңа алфавит туралы 1925 жылы Москвада өткізілген кеңеске қатысып, онда 

сөз  сөйлеген.  Жаңа  алфавитті  енгізуге  белсене  қатысқан  азербайжан 

білімпазы Ағамалы оғлымен өте жиі хат жазысып тұратын. 

1927  жылдан  бастап  Құдайберген  Ленинградтағы  орыс  тілі 

мамандарымен  байланыс  жасады.  Ол  түрік  тілдерін  зерттеуші  академик 


343 

 

Самойлович,  шығысты  зерттеуші  тарихшы  Бартольд,  тілші  Шерба  және 



басқалардың  еңбектерін  алдырып  оқыды.  Осы  кездерде  бірқатар  батыс 

тілдерін  өз  бетімен  зерттей  бастады.  Қысқасы,  жиырмасыншы  жылдардың 

екінші  жартысынан  былай  бүтіндей  тіл  ғылымына  көшті.  1928  жылы 

Құдайбергенді Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты шақырып алды. Ол 

оңда инспектор болып қызмет істеп, бір жағынан, баяғы өзінің мамандығын 

тереңдете  берді.  1929  жылдың  басында  Халық  ағарту  комиссариаты 

Құйбергенді Ленинградтың Шығыс институтына оқуға жіберді. Түркі тілдері 

семинарына аспирант болып кірді. «Енді Оспаннан оқыған тілдерім пайдаға 

аса бастады», – деп өзі қуланып қоятын. Осы жылы Алматыға, Орта Азиялық 

жаңа  алфавит  кеңесіне  келіп,  Құдайберген:  «Одағай  сөздердің  сыры»  деген 

ғылыми баяндама оқыды. Тыңдаушылар ол баяндаманы аса жоғары бағалап, 

жас  ғалымның  үлкен  болашағы  барын  айтысты.  Сол  жылы  Алматыда 

университет  және  педагогтік  институтта  сабақ  беріп,  келесі  жылы 

Құдайберген  КСРО  Ғылым  академиясының  Тіл  және  ой  институтына 

аспирант болып түсті. Мұнда бірінші рет тіл ғылымының жаңа түрін зерттеп, 

бұл  саладағы  орыстың  ірі  мамандарымен  танысты.  Шығыс  тарихын 

зерттеуші  профессор  Алимов  деген  кісімен  әңгімесінде  «Маршылдық  пен 

марксшілдік» деген бір қолжазбасын оқыған. 

Сол  жылдарда  Құдайберген  жапон  тілін  зерттеді.  Оның  себебін 

сұрағанда ол былай деп жауап беретін: «Қазақтың тілі, тарихы жөнінде қытай 

тілінде  көптеген  деректер  бар.  Оларды  оқу  үшін  қытай  тілін  зерттеу  керек. 

Ол өте қиын, көп уақытты керек етеді. Ал жапон тілі болса, о да оңай емес, 

бірақ  қытай  тіліне  қарағанда  ол  недәуір  жеңілдетілген  және  жапондықтар 

қытай тіліндегі ғылыми еңбектердің бірқатарын өз тіліне аударып алған. Мен 

сол  тіл  арқылы  қытайдың  қазақ  туралы  жазылған  деректерін  оқимын  ба 

деймін».  Шынында  да,  ол  бұл  жұмыста  біраз  табысқа  жеткен.  Ал  батыс 

тілдерінен:  неміс,  француз,  ағылшын  тілін  сөздікпен  пайдаланатын.  Маған 

неміс  білімпаздары  Кизеветтер  және  Раманның  шығыс  музыкасы  туралы 

жазған кітаптарынан мақалалар аударып беретін. Әл-Фарабидің, Қашғаридің, 

Мұғаридің, Халелдің еңбектеріндегі музыка туралы айтқандарын маған үнемі 

түсіндіріп, соларды пайдалану керектігін айтатын. 

Құдайберген  осындай  өзінің  кең  дүние  тану,  терең  ғылымдық 

мағлұматы  арқасында  аз  ғана  уақыт  ішінде  көптеген  еңбектер  жазды.  1932 

жылы Алматы қаласына қайта келгеннен кейін ол педагогикалық институтта 

тілден  профессор  әрі  СССР  ғылым  академиясының  қазақстандық 

филиалында  ғылыми  қызметкер  болып  істеді.  Осы  бір  кезеңде  ол  «Жаңа 

грамматиканың  жаңалықтары»,  «Қазақ  тілінің  емлесі»,  «Буын  жігін  қалай 

табуға  болады»,  «Шылаулар,  қос  сөздер,  біріккен  сөздер»,  «Қосар  ма,  дара 

ма?»,  «Қазақ  тілінің  грамматикасы»,  «Исследования  по  казахскому  языку», 

«К  пересмотру  казахской  орфографии»,  «К  постановке  Исследования 

истории  фонетики  казахского  языка»,  «Из  истории  порядка  слов  тюркских 

языков»,  «Об  одном  факте  появления  аффикса  из  корневого  слова», 

«Вспомогательные глаголы» сияқты кітаптар, мақалалар жазып шығарды. 


344 

 

Ұлы  ақын  Абайдың  қайтыс  болғанына  отыз  жыл  толу  қарсаңында 



Құдайберген «Абайдың тілі туралы» деген көлемді мақала жазды. Сонымен 

қатар  ол  өзінің  зерттеу  қырағылығы  арқасында  тіл  мамандары  арасында 

сирек  кездесетін  тақырыпта  да  еңбек  қалдырды.  1936  жылы  ол  «Қазақ 

музыкасындағы  күй  жанрының  пайда  болуы  жайлы»  деген  тарихи-тілдік 

талдау беретін еңбегін жарыққа шығарды. Бұл еңбектің музыка зерттеушілері 

үшін мәні аса зор. 

Революциядан  бұрын-ақ,  өте  жастай  (Құдайберген  1899  жылы  туған) 

журналистікке  бейімділігін  аңғартқан  Құдайберген  өзінің  аз  ғана  өмірінің 

ішінде әдебиет, көркемөнермен де біраз шұғылданды. Ол жоғарыда айтылған 

«Қараша бала», «Шекті» деген аттармен көптеген мақалаларды газет, журнал 

беттерінде  жариялады.  Күйікқалада  «Тез»  деген  қолжазба  журнал,  Темір 

қаласында  тұрғанда  «Ай»  атты  журнал  шығарып,  өзі  солардың  үнемі 

редакторы болды. Ол журналдарда сол кездің сорақы тәртіптерін әшкерелеу, 

халықты,  өнерге  шақырумен  қатар,  ұлы  орыс  жазушыларының 

шығармаларын  насихаттады.  «Ай»  журналында  Горкийдің  «Хан  мен  ұлы», 

«Сұңқар 


жырын» 

аударып 


басты. 

Короленконың, 

Лермонтовтың 

шығармаларын журнал коллективі мүшелері аударып басып отыратын. 

«Кедей»,  «Еңбекші  қазақ»  газеттерінде  Құдайбергеннің  әлденеше 

әңгіме,  фельетондары  басылды.  Ол  өлеңді  де  көркем  жазатын.  1925  жылы 

Құдайбергеннің  режиссерлігімен  Ақтөбе  қаласында  М.Әуезовтің  «Еңлік-

Кебек»  пьесасы  қойылды.  Сол  жылы  халық  поэмасы  «Сегіз  бен  Мақпал» 

негізінде  екі  актілі  өлеңді  пьеса  жазып,  совет-партия  мектебінің, 

педагогикалық  техникум  оқушыларының  күшімен  сахнаға  қойды.  Сондағы 

Сегіздің  ролін  ойнаған  совет-партия  мектебінің  окушысы  Жүсіп  Сейілов 

қазірде республиканың еңбек сіңірген артисі. 

Құдайберген бұл айтылғандардан басқа, қазақтың ардақты ағартушысы 

Шоқанның  үлгісімен  сурет  өнеріне  аса  шебер  болды.  Ол  қарындашпен  де, 

майлы  бояумен  де  суреттер  салатын,  Орынборда,  Күйікқалада,  Ақтөбеде 

жүргенде  кездескен  суретшілерден  ақыл  алып  жазу,  ою  жұмыстарымен  де 

шұғылданған.  Оның  жазған  құлпытастары  осы  кездегі  Темір,  Жұрын 

аудандарында көп кездеседі. Алдымыздағы уақыттарда бұл материалдардың 

жұрнақтарын тауып, көпшілік алдына жарияламақпыз. 

Коммунист 

Құдайберген 

өзінің 


педагогикалық, 

ғылымдық 

жұмыстарымен қатар, қоғамдық зор қызметтер атқарды. Қазақстан Орталық 

атқару  комитетінің  мүшесі  болды.  Ол  қазақтың  мәдениет  қызметкерлерінің 

бірінші  съезін  ашып,  онда  айта  қаларлықтай  терең  ғылыми  мазмұнды 

баяндама жасады. Білімі терең, адамгершілігі мол, халқын сүйген жақсы адам 

– тек біздің, туысқандарының ғана емес, бүкіл қазақ жұртының мақтанышы 

еді. 


 

(«Қазақ әдебиеті», № 41, 1957) 

 

 

345 

 

Мүслима Жұбанова  



Менің әкем 

 

Әр бала өз әкесін, әр әке өз баласын жақсы көреді, бұл табиғи сезім ғой. 



Бірақ  менің  әкеме  деген  сезімім  сол  табиғи  сезімнен  де  басымырақ  деп 

ойлаймын. Және оның негізі де жоқ емес. 

Бала күнімнен бастап, күні бүгінге дейін менің сүйегіме сіңіп қалған ең 

күшті  сезім  –  әкені  сағыну  болды.  Сәби  шағымды  еске  алсам,  буалдыр 

сағымдай  болып,  не  әкемді  шығарып  салып  жатқанымыз,  не  бір  жақтан 

қарсы алып жатқанымыз елестейді көз алдыма. 

«Әне  папам  келеді,  міне  папам  келеді»  деп  күткеніміз,  немесе  мен 

ойыннан  үйге  оралмай  қойғанда  «үйге  папаң  келді»,  –  деп,  ересек 

адамдардың  алдап  әкелетіні,  алданған  көңілдің  сағынышы  мен  өкініші 

кішкентай  жүрегімді  жарып  жібере  жаздайтыны  есімнен  кетпейді.  Осыған 

қарағанда жиі бір жылдың он екі айын толық бізбен бірге өткізіп көрмеген-ау 

деймін.  Содан  барып,  әкені  көру,  онымен  бірге  болу  мен  үшін  арманға 

айналса керек. 

Менің әкем – қазақ тілі ғылымының іргетасын қалаған ғалым, қазақтың 

совет  дәуіріндегі  тұңғыш  профессоры,  батыс  пен  шығыс  тілдерін  бірдей 

білген полиглот адам. Бірақ ол осы дәрежеге жету үшін, қазіргі адамдардай, 

орта мектепті жоғары оқу орнымен, оны аспирантура, докторантурамен үзбей 

жалғастырған  да  емес.  Қызметін  істей  жүріп,  бала-шағасын  асырай  жүріп, 

кезі келгенде отбасын қызмет істеген жерлеріне көшіріп алып, кезі келмесе, 

ауылда  қалдырып  кетіп  жүріп  жеткен.  Біздің  оны  аз  көруіміздің,  үнемі 

сағынып кездесуіміздің негізгі себебі де сол. 

Ес  білгеннен  кейін  ғана  әкемнің  өмірбаянымен  танысып  карасам,  ол 

бала  кезінен  білімге  өте  құмар  болып  үнемі  ізденіп,  өздігінен  оқыған  екен. 

Оның  мектепте  оқыған  жылдары  көп  болғанымен,  аз  жылда  көп  білім  ала 

біліпті. Қазақ тілі мен орыс тіліне қоса, шығыс тілдерінен: араб, парсы, түрік; 

еуропа  тілдерінен:  неміс,  ағылшын,  француз  тілдерін  жете  білгеніне  таң 

қалдым.  Біздің  қазіргі  түсінігімізбен  қарағанда,  осыншама  тілді  біліп  алу 

үшін,  ең  кем  дегенде,  екі  институт  бітіру  керек  болар  еді.  Оған  ең  алғыр 

деген адамның 28-30 жасы кетер еді. Әкемнің барлық оқыған жылдары (ауыл 

мектебін есептемегенде) 1914 жылы Орынбордағы «Құсайнияға» түсіп соны 

бітіріпті. 1916 жылы Жұрындағы екі кластық 4 жылдық мектепті бір жылда 

бітіріпті. 

1917 жылы Елек қаласындағы училищені бір жылда бітіріп, 1918 жылы 

ауылға  оралыпты.  Санап  қарасақ,  барлығы  төрт  жыл,  бірақ  сол  төрт  жыл 

ішінде  ол  медреседе  оқыған  кезінде  шығыс  тілдерін  медресенің 

бағдарламасынан  артығырақ  білген.  Орыс  мектептерінде  небәрі  екі-ақ  жыл 

оқып,  5-6  сыныптың  бағдарламасын  меңгерген  де,  қалғанын  өздігінен  оқып 

жетілдірген  және  батыс  Еуропа  тілдерін  жеке  адамдардан  сабақ  алып, 

өздігінен  оқып  үйренген.  Оның  білімділігі  мен  іскерлігі  қызметте  жүргенде 

де  көзге  шалынып,  талапты  жас  кызметкерді  аудандық,  облыстық,  онан 



346 

 

республикалық  оқу  бөлімдеріне  жоғарылатып  отырған.  Ақыры  әкемнің 



ғылыми  жұмысқа  бейімдігін  байқап,  Наркомпрос  оны  1929  жылы 

Ленинградқа аспирантураға жіберген. 

Әкемнің  осындай  үздік  өмірбаянымен  танысып  барып,  оның  бізден 

бөлек  бір  жақтарға  кету  себептерін  түсінем.  «Табиғатына  біткен 

білімкұмарлығы  мен  дәуірінің  талабы  итермелеген  екен  ғой  оны»,  –  деймін 

ішімнен. Ол тек бізге ғана қажет емес, сол дәуір үшін қажет адам болғанын, 

оған жас кезінен бастап, отбасы алдындағы міндет пен ел-жұрты, бүкіл казақ 

халқы алдындағы борышын қосып арқалауға тура келгенін түсінемін. 

Әкеммен бірге болған кездерімді есіме түсіре бастасам, сондағы әрбір 

ірілі-уақты оқиғалардың барлығы менің осы пікірімнің дәлелі тәрізді. 

Әкем  үйге  келгенде,  біздің  үйге  ерекше  қуаныш,  шаттық  ере  келетін 

еді.  Бізбен  бірге  папамның  келгеніне  ауылдың  үлкені  мен  кішісі  түгел 

қуанатын.  Біз  болсақ,  папамды  көргенімізге,  ол  әкелетін  ойыншықтар  мен 

конфеттерге  қуанамыз.  Бізден  басқа  ағайын-туыс,  ауылдастардың  балалары 

да  сол  ойыншықтармен  ойнап,  конфет,  алма  т.б.  сый  алғанына  қуанады. 

Оның  үстіне папам  балалармен  әңгімелесуді,  ойнауды жақсы көретін  мінезі 

бар  еді.  Сондықтан,  папам  келгенде,  бізге  ілесіп,  ауылдың  барлық  баласы 

алдынан шығып қарсы алатын. 

Әлі есімде, әкем бір жылы Ақырапқа үлкен ат, маған қуыршақ әкелді. 

Атты  балалар  ауылдың  сыртына  алып  шығып,  бөлек-бөлек  етіп  сойып 

тастады. Мұны көріп біздің үйге жиналған ересек адамдар өз балаларын ұрса 

бастады. Әкем ғана балалардың бұл ісіне мәз болып күліп: «балаларға бекер 

ұрыспаңдар,  сіздерден  көргенін  істеп,  мал  сойып,  ет  жейін  деген  ғой! 

Ойыншық  аттың  іші  қағаз  екенін  көрді,  енді  олай  істемейді,  солай  емес  пе, 

Нұраш?» – деп, балаға қарады. Нұраш мақұлдап, басын изеді. 

Әкем  келгенде  балалар  ғана  емес,  ауылымыздың  ересек  адамдары  да 

қуанып  қалатын.  Біреу  келіп  ақыл-кеңес  сұрайды.  Біреу  әлдекімнен  көрген 

зәбірін  айтып,  тиісті  орындарға  жолдайтын  арызын  жаздырып  алады. 

Ауылсовет  пен  колхоздың  басшылары,  мектеп  мұғалімдері,  клуб,  кітапхана 

қызметкерлері жұмыстың жөнін сұрайды, әйтеуір, олар да бізбен бірге әкемді 

күтіп жүреді, келсе қуанып кетеді. 

Әкемнің  жеңгесі  –  «Сарыайғыр,  Сәкең»  (Шын  аты  –  Балбөпе.  Біздің 

елде  әйелден  бірінші  болған  ауылсовет  төрағасы)  атанып  кеткен  өжет  әйел 

ауылсоветтің  төрағасы  болған  кезінде  советтің  жиналысын:  «мен  жаңа  ғана 

Құдайбергеннен сұрап, анықтап келдім», – деген сөздермен бастайтынын өз 

құлағыммен  талай  естігенмін.  Әкемнің  ауылсовет  пен  колхоздың 

жиналыстарына  қатысқанын  да  көргенмін.  Колхоз  ұйымдасқан  жылы, 

апамның айтуына карағанда, біздің үй колхозға ең бірінші мүше болып кіріп, 

малын,  құрал-сайманын,  көлігін  колхозға  өткізіпті.  1931-32  жылдары  біздің 

ауылдан  бастауыш  мектеп  ашылғанда  әкем  есік-терезесін  қақпақтатып, 

тақтайлатып, салдырған жаңа үйін сол мектепке сыйлапты. 

Жазғы  демалысты  ауылда  өткізген  кездерінде,  ол  ауыл  жастарын 

жинап  ойын-сауық  өткізуді,  пъеса  қоюды  ұнататын.  Әкемнің  сол  кездерде 


347 

 

ауылдастыра  сахнадан  көрсететін  ойындарының  бірі  –  «Жанды  газет» 



(Живая газета) деп аталатын еді. Бұл ойын қысқа-қысқа шағын көріністерден 

тұратын.  Ондай  шағын  пъесаларды  әкемнің  өзі  жазатын  болуы  керек, 

сахнадан көрінетін кейіпкерлер өзіміз оңай танитын ауыл адамдары болатын. 

Шамасы  бұл  ойындардың  мақсаты  ауыл  өмірінің  сол  кездегі  ұнамсыз 

жақтарын,  ескіліктің  қалдығын,  надандықты,  парақорлықты  т.б.  сынау, 

шенеу  болса  керек.  Сондай  ойындарда  папамның  немере  інісі  –  аққұба, 

кағылез Нұрша ағайдың қыз болып ойнайтыны есімде қалыпты. 

1931  жылы  әкеме  еріп  барлығымыз  Ленинградқа  көштік.  Онда 

Петрозаводская  көшесіндегі  №7  деген  үйде  тұрдық.  Бұл  академияның 

отбасымен  тұруға  арналған  жатақханасы  еді.  БірақЕсетке  Ленинградтың 

ауасы жақпай, бес-алты айдан кейін елге қайтакеттік. 

Келесі  жылы  әкем  отбасын  түгел  ертпей,  Ақырап  екеуімізді  алып 

кетпекші  болды.  Екеумізге  арнап,  анам  киім-кешек  те  тіккізіп  қойды. 

Ленинградқа  жүрер  алдындағы  ең  соңғы  күн.  Анам  Ақырап  екеумізді 

жуындырып,  киіндіріп  жатыр.  Мені  жуындырып  болып  үлкен  легеннен 

жетелеп шығарған еді, Ақырапты олай етпей, үстіне орамал жауып, көтеріп 

алды. Сол кезде Ақырап мамамның белінен екі аяғымен орап, мойынынан екі 

қолымен құшақтап алды. 

«Мама,  мен  сенің  қасыңда  қалам,  мені  ешқайда  жіберме,  папам 

Мүслиманы алып кете берсін», – деп жатыр. Өзі де әрең шыдап жүрген анам: 

«Айналайын! Жібермеймін, жібермеймін!» – деп оңай көне қойды. Мен бұл 

көрініске  қарап  қызғанып  та,  өкініп  те  қалдым.  Қызғанғаным,  анам  менен 

Ақырапты  жақсы  көреді  екен-ау,  егер  екеумізді  бірдей  көрсе,  мені  де  неге 

судан  көтеріп  шығармады?  –  деп  ойладым.  Өкінгенім  –  арамыз  екі  жасқа 

жетіңкіремегендіктен  бе,  тату  болып үнемі  бірге ойнайтын  Ақыраптың  енді 

Ленинградқа  бармайтыны  айдан  анық  еді.  Амал  қанша,  әкемнің  сөзі 

Ақырапқа  да,  анама  да  өтпей  қойды.  Сөйтіп,  Ақырап  пен  Есет  мамаммен 

үйде  қалып,  біз  –  папам  екеуміз  Ленинградқа  кететін  болдық.  Күздің 

қарасуық  кезі.  Үйіріп  соққан  жел  өңменіңнен  итеріп  құлата  жаздайды. 

Теміржол  бойынан  40  шақырым  жердегі  Темір  деген  қаладан  Жұрын 

станциясына  қарай  жол  тарттық.  Жол  бойы  әкем  Ақыраптың  ермей 

қалғанына, оның басында еремін деп сөзін беріп, артынан айнығанына өкініп 

келеді. Шамасы, айнып қала ма деп, менен де қорқатын болуы керек, әйтеуір, 

«сөзіңде тұрмау жақсы қасиет емес» дегенде бірдеңелерді айтып, маған үгіт 

жүргізіп  келеді.  Кешкі  шам  жағылатын  уақытта  Жұрынға  келіп,  бір  үйге 

түстік. Келесі күні әкем поездың билетіне барып еді, билет болмай, тағы 2-3 

күн Жұрында қонақтайтын болыппыз. Бұл хабар Темірдегі мамама жетіп, ол 

мені  бір  көріп  қалу  үшін  бізді  қуып  келіпті.  Мамамның  бұл  келісінен 

сескеніп, папам мені азғыруын күшейтіп жатыр. Мен әкем айтқандай, айнып 

қалмай,  сөзімде  тұру  үшін  артымнан  іздеп  келген  анама  мүлде  жоламай 

қойдым.  Сондағы  маған  өкпелегенін  анам  әлі  күнге  ұмыта  алмайды.  Кешкі 

алакөлеңкеде әкем екеуміз поезға отырдық. Бізді шығарып салуға келгендер 

ішінде мамам бар, перронда тұр. Терезеден қарап едім, мамамды аяп кеттім. 


348 

 

Ол перронда жапа-жалғыз қалып бара жатқандай сезілді маған. Поезд жүрді, 



біз  мамамнан  бірте-бірте  қашықтап  барамыз.  Көз  ұшында  анамның 

басындағы  ақ  орамалы  ғана  қалды.  Менің  шыдамым  жетпей,  жылап 

жібердім.  Қой  дегенде  қоймадым,  ешнәрсеге  алданбадым.  Сол  кезде  папам 

жүктердің арасынан қарынға салған қуырдақты алып шықты да, маған аздап 

салып  берді.  Мен  қуырдақты  жеп,  жылауды  тоқтаттым,  берген  қуырдаққа 

тоймай,  тағы  сұрадым.  Әкем  маған  алғашқыдан  гөрі  де  аздау  салып  беріп: 

«Ленинградқа барғанда керек болады, үйден шықпай жатып жеп қоямыз ба? 

–  деді.  Анам  кетерімізде  бір  қойдың  етін  сары  майға  қуырып,  кептірген 

қарынға  салып  берген  екен.  Сары  майға  бөгіп,  тоңдап  тұрған  қуырдақ 

ауыздан  айырғысыз  болып  шығыпты.  Менің  тағы  жегім  келді,  бірақ  енді 

бермейтінін  сезіп,  сұрамадым.  Папамның  өзі  қуырақтан  татқан  да  жоқ, 

қарынның  аузын  байлап,  орнына  алып  қойды.  Мен  сол  кезде  папама 

қуырдақтан  қымбат  ешнәрсе  жоқ  екен  деп  түсіндім.  Ренжу  ме,  өкпе  ме,  не 

екенін  өзім  де  білмеймін,  наразылау  қалыппен  орныма  жатып,  ұйықтап 

калдым.  Таң  ата  оянсам,  көп  жылағаннан  екенін  немесе  терезеден  жел 

тигенін  білмеймін,  тамағым  ауырып,  дыбысым  шықпай,  сыбырлап 

қалыппын.  Папамның  зәресі  қалмай,  қорқып  кетті.  Бір  кезде,  қуырдақты 

лақтырамын  деп,  ала  жөнелді.  Кеше  кешкіде  ғана  маған  молырақ  салып 

беруге  көзі  қимаған  қуырдақты  неге  лақтыратынын  мен  түсінбей  қалдым. 

«Дәмі  ауыздан  кетпейтін  тәтті  қуырдақтың  папама  қандай  жазығы  болды 

екен?»  деп  ойладым.  Әлде  маған  бермеу  үшін  басқа  жерге  апарып  қоятын 

шығар  деген  ой  келеді  сонда.  Кешікпей  бір  қарын  қуырдақты  терезеден 

лақтырып  папам  келді.  «Қуырдақ  көгерген  болар,  сенің  тамағың  содан 

ауырған  ғой,  құрсын  лақтырып  жібердім»  –  деп,  себебін  түсіндірді.  Мен 

өкініп  қалдым,  бірақ  қарсы  дау  айтар  дәлелім  де,  шамам  да  жоқ 

болғандықтан үндемедім. 

Кейін  осы  оқиға  есіме  түскенде,  әкемнің  балажандығына  таң  қалдым. 

Ленинградтан  келгеннен  кейін,  мамама  айтып  едім,  ол:  «Марат  бір-ақ  күн 

ауырып,  құрөзектен  өлді  ғой,  папаң  содан  қорыққан  болар»  деп,  себебін 

түсіндірді.  Папам  мен  мамамның Марат  деген  баласы  сол біз  кететін  жылы 

алты айлығында тамағынан ауырып, бір күнде қайтыс болып кеткен. Әкемнің 

алды-артын  ойлауға  шамасы  келмей  қуырдақты  лақтырып  жүргені  мені  де 

Мараттың ауруымен ауырды ма деп қорыққан екен. 

Ленинградта  біз  бұрынғы  үйімізге  келдік.  Үйіміз  –  жатақхананың 

төртінші  қабатындағы  кең  бір  бөлме.  Бұрын  мамам  бәріміз  тұрғанда, 

бөлменің үлкендігі білінбейтін. Папам екеуміз қалғанда бөлмеміз өрескел кең 

болып көрінді. Сондықтан әкем оны ортасынан кітап сөрелерімен бөліп, бір 

жағына  екі  төсек,  екінші  жағына  тамақ  ішетін  үстел  қойдық.  Мен 

балабақшаға  баратынболдым.  Әкем  өзінің  академиясына  кетеді.  Таңертең 

екеуміз  үйден  бірге  шығамыз,  кешке  бірге  қайтамыз.  Қайтып  келе  жатып, 

үйге  жақын  жердегі  дүкеннен  әкем  маған  күніге  бір  трюфель  (конфет) 

әпереді.  Ленинградтың  трюфельдері  ол  кезде  үлкендігі  баланың 

жұдырығындай  болады  да,  оны  түйірлеп  сатады.  Кейде  әкем  маған  күнде 


349 

 

әперетін трюфельді әпермей кояды. Себебін маған айтпай ма, болмаса, айтса 



да  мен  түсінбеймін  бе,  білмеймін,  әйтеуір  сол  кезде  папамның  түріне 

қарасам,  ерні  қоңырайып,  көзінде  мұң  пайда  болатыны  есімде.  Ол  кезде 

«папам  неге  мұңайды»  деп  ойлайтын  мен  жоқ,  «сенің  қасыңда  жүрмеймін» 

деп,  көшенің  екінші  бетімен  жүремін.  Тек  кейін,  әкемнен  еріксіз  айрылып 

қалғасын  ғана,  Ленинградтағы  кездерімізді  есіме  алып,  «қайран  папам-ай, 

ақшаң  болмай  тұрғанда  мазалап,  түсінбей  босқа  өкпелеп,  жаныңды  қинаған 

екенмін-ау!» деймін. 

Кейде  әкемнің  кешкі  жиналыстары  болады  академияда.  Ондайда  ол 

мені бақшадан алып, академияға ертіп келіп, бір бұрышқа отырғызып қояды. 

Соның  арқасында  мен  кішкентай  кезімде  Ленинград  академиясын,  оның 

яфеттік  тіл  ғылымы  институтын  көрдім.  Жер  жүзіне  атағы  белгілі  үлкен 

ғалым  Н.Я.Маррды  көрдім,  Н.Я.Марр  шоқша  сақал,  шүңірек  көз  арықша 

келген  шағын  кісі  еді.  Сақалы  мен  шашының  ағы  мен  карасы  тең 

болғандықтан  ба,  менің  көзіме  көкке  бояп  қойғандай  көрінетін.  Түсі  суық, 

сөйлегені  кейіп  тұрғандай  болып  көрінетін  маған.  Содан  болар  папама: 

«сендер  бәрің  жиналып,  бір  шалдан  неге  қорқасыңдар»,  –  дейтінмін.  Әкем 

маған:  «сен  біздің  қорқатынымызды  қайдан  білдің?»  –  десе,  мен:  «Ол 

сендерге  қатты-қатты  ұрсып  жатқанда,  біреуің  қарсыласпай  тыныш 

отырасыңдар, ал ол күлсе, бәрің қосыла күлесіңдер», – деймін. Осы сөздерім 

кейін өзім институтта дәріс оқығанда есіме талай түсетін. Сондағы түсінігіме 

талай  күлдім.  Түсі  суық  болғандықтан,  маған  ұнамай  жүрген  Маррдың  бір 

күні көзінен жас аққанша күлгенін де көрдім. 

Әкем мені бақшадан алып, академияға ертіп келді. Қолыма қағаз, бояу 

қарындаштар  беріп,  бұрыштағы  терезенің  алдына  отырғызып,  терезенің 

күрең  қызыл  қалың  пердесімен  тасалап  қойды.  Мен  сурет  салуға  кірістім. 

Басталайын  деп  жатқан  партияның  жабық  жиналысы  екен.  Партия 

ұйымының  хатшысы  жиналысты  бастай  бергенде,  Марр  тұрып,  арамызда 

партияда жоқ адам бар, мен бастауға қарсымын десе керек. 

Отырғандар  аң-таң  болып  біріне-бірі  қарап,  ол  кім  дегендей  болады. 

Сонда  Марр  «әне  терезенің  алдында  отыр»  деп,  мені  көрсетіпті.  Сөйтіп 

жиналыстың  алдында  бәрі  мәз  болып  күліп  алыпты.  Мен  болсам, 

отырғандардың,  әсіресе,  Маррдың  қатты  күлгенін  естісем  де,  маған  күліп 

жатқанын сезбей отыра бердім. 

Біз тұратын үй төрт үйді біріне-бірін тіркеп салған шаршы тәрізді еді. 

Әкем осы үлкен үйдің бәрі бұрын бір адамның үйі екенін айтқанеді және сол 

үйдің  орталық  жағында  үй  иелері  де  тұратын.  Олардың  кім  екенін  мен 

білмеймін  де,  көрмеймін  де.  Менің  танитыным  сол  үйдің  менімен  құрдас 

Вова  деген  баласы  мен  Вованың  әжесі.  Олар  екеуі  де  мені  жақсы  көреді. 

Бақшадан келген соң мен үнемі Вовамен бірге ойнаймын, әжесі маған клюква 

киселін  немесе  сүттен  жасалған  кисельді,  өзі  пісірген  тәтті  нандарды 

сыйлады.  Бір  күні  Вова  мені  туған  күніне  шақырды.  Барсам,  бір-екі  әйел 

және мендей ұлдар мен қыздар отыр екен. Мені көріп Вованың әжесі: «біздің 

Японочка да келді», – деді. Мен тұрып: «Мен японочка емеспін, қазақпын», – 


350 

 

дедім.  «Әрине,  әрине,  сен  киргизкасың,  жай  түрің  японочкаға  ұқсағасын 



ғой», – деді Вованың әжесі. Мен сол күні бір түрлі ой үстінде болдым. «Бұл 

қалай,  әлде  менің  мамамның  қырғыз  екенін  біле  ме  екен?»  деген  ой  келді. 

Үйге  келгеннен  кейін  барлығын  папама  айтып  бердім.  Папам:  «японочка 

дегені сені мақтағаны ғой, оған ренжіме, ал киргизка дегені патша заманында 

қазақ  пен  қырғызды  бір  ұлт  деп  қараған,  бұл  ескі  түсініктің  қалдығы  ғой. 

Сендердің  заманыңда  қазақ  өзінің  ел  екенін  танытады  әлі»,  –  деді.  Оның 

болашаққа деген үміті менің де көңіліме қонып, берік сенімге айналды. Тағы 

бір күні Вованың әжесі өз немересін мақтап, басынан аяғына дейін сипаттап 

шықты,  Вова  оған  көтеріліп  қалды.  Қалай  айтқанымды  білмеймін,  әйтеуір, 

«мен  қандаймын?»  дедім.  «Сен  де  жақсысың,  –  деді,  Вованың  әжесі  маған 

күле қарап, тек аяғыңның бұлшық еттері шаруа қызының аяғына тән». Мен 

сөздің  мақтау  екенін,  не  жамандау  екенін  анық  түсіне  алмадым,  бір  түрлі 

төмендеп қалдым. Үйге келіп: «Папа, менің аяғым неге жаман болды екен?» 

– дедім. Папам: «саған оны айтып жүрген кім? Аяғыңның несі бар?»  – деді. 

Мен  Вованың  әжесінің  сөзін  айтып  бердім.  Маған  кейіп  тұрғандай  болып, 

әкем менің аяғымды арашалап, бірдеңелерді айтты. 

Мен ол сөздерді түсінбедім де, аяғым туралы пікірімді өзгертпедім де. 

Әкемнің сондағы маған айтқан ұзақ әңгімесінен менің есімде қалғаны, шаруа 

қызы  мен  ақсүйектің  қызын  салыстырған  мысалдары  ғана.  Әкемнің  маған 

айтайын деген ойын ол кезде түсінбесем де, тіл-әдебиет факультетінде оқып 

жүргенде  бір-ақ  түсіндім.  Шамасы  әкем  сол  кезде  маған  сұлулық  туралы 

түсінік  беру  үшін  Чернышевскийдің  пікірін  пайдаланған  екен-ау  деген  ойға 

келдім. Жалғыз бұл әңгіме ғана ма? Әкем сол кезде менің талай балалықпен 

қойған  сұрақтарыма  ғылымға  негізделген  жауап  береді  екен-ау!  Жердің 

қалай жаратылғаны, ең алғашқы адамның қалай пайда болғаны, сөйлеу тілін 

кім ойлап шығарғаны туралы сұрақтарыма әкемнің берген жауаптарын ұмытпай 

есімде  сақтап  қалып,  кейін  оқыған  кітаптарым  мен  ұстаздарының 



дәрістерінен танып отырдым. 

       Әкемнің  бірге  оқитын  жолдастары  және  басқа  таныстары  мені  көріп, 

«шешесі  жоқ  болар»  деп  ойлап  қалған  екен.  Кейін  шешемнің  елде  екенін 

білген  кезде  әкеме  таңданып,  мұнысы  қалай?»  –  деп  түсіне  алмапты. 

Шынында  да  осы  күні  ойлап  қарасам,  әкем  сол  кезде  отыздан  жаңа  ғана 

асқан  жап-жас  жігіт  екен,  соған  қарамай,  өзін-өзі  күтуге  жарамаған  жас 

баланы  соңына  ертіп  бейнетін  көтергені  оның  балаға  деген  әкелік 

қамқорлығының күштілігінен ғой. Ең үлкен баласы болғандықтан, мектепке 

бару  алдында  арнайы  дайындық  тәрбие  қажет  екенін  түсініп,  қолынан 

келгенін  істегені  ғой  деп ойлаймын.  Соның  арқасында,  мен  мектепке  үлкен 

біліммен  келдім.  Әкем  балалар  кітапшаларын  сатып  әкеліп,  әуелі  өзі  оқып 

беріп жүретін. Бірте-бірте сол кітаптарды өзім жүргізіп оқитын болып кеттім. 

Ленинградтың  барлық  музейлерін  аралап  көрдім,  кинотеатрларға  бардым. 

Сурет  салуды,  кесте  тігуді  үйретті,  неміс  тілінде  аздап  сөйлесе  алатын 

болдым. Өкінішке орай, әкемнен ерте айрылып қалдым. 


351 

 

Біз Алматыға 1932 жылдың аяғы, 1933 жылдың басында келдік. Әкем 



ҚазПИ-де  кафедра  меңгереді,  профессор,  Наркомпроста  қызмет  істейді, 

Қаз.Филиалда бөлім меңгереді, ҚазЦК мүшесі, белгілі қоғам қайраткері. 

Алматыда тұрған кезімізден менің есімде қалғаны, әкем жалғыз ғылым, 

білім,  оқу  емес,  өнерге  де,  өнер  адамына  да  үлкен  қамқорлық  жасайтын, 

оларды құрметтейтін. 

Біздің  үйде  сол  кезде  рояль  бар  еді,  сол  рояльда  Брусиловский  жиі 

ойнап тұратын. Оның «Қыз Жібекті» жазып жүрген кезі болса керек, әйтеуір 

қай  әнді  қай  жерде  пайдалану  қажет  екенін  әкемнен  ақылдасып  отыратын. 

Әкем әрбір жаңа спектакль басталарда сахнаға шығып кіріспе сөз сөйлейтін. 

«Шұға» пъесасының премьерасында шымылдық ашылмай тұрып, әкемнің сөз 

сөйлегені  әлі  есімде.  Мұхтар  Әуезовтың,  Бейімбет  Майлиннің  отбасымен 

жазғы  демалысты  бірге  өткізетін  едік.  Күләш  Байсейітова,  Құрманбек 

Жандарбеков,  Серке  Қожамқұловтар  біздің  үйдің  жиі  келетін  қонағы  еді. 

1937 жылдың күзі осының барлығын көзден де, көңілден де сылып тастады. 

Осы күзде мен төртінші сыныпта оқитынмын. Қарашаның он үші күні 

Асқар  туды.  Әкемнің  қолы  тимейтін  болғандықтан,  көбіне  анама  тамақ 

таситын  Ақырап  екеуміз  едік.  Асқарға  қоятын  ат  іздеп  әуреленетін  де  біз 

едік. Қарашаның он тоғызы күні кешкі төрт-бестерде сабақтан келсем, анам 

перзентханадан  шығыпты.  Әкем  жаңа  туған  Асқар  мен  анамды  үйге  алып 

келіп, өзі ҚазПИ-ге кешкі дәрісіне кетіпті. Әжем (мамамның шешесі) ас үйде 

үлкен самаурынды қайнатып қойып, әкемді күтіп жүр екен. Дәл сол күні бізді 

бақытсыздық күтіп тұрғанын қайдан білейік, әкем келісімен үйімізге толатын 

шаттықты,  тойды  ойлап,  қанатымды  қомдап,  шаттығым  кеудеме  сыймай, 

ұшып  кете  жаздап  жүрмін.  Бір  кезде  есік  қағылды.  Мен  жүгіріп  барып  есік 

аштым.  Екі  адам  келіп  әкемді  сұрады,  мен  жөнімді  айттым.  Әкемнің 

кабинетіне  кіріп  отыруларына  болатынын  айттым.  Сұр  киімді  екеу  менің 

сөзіме құлақ асқан да, жауап берген де жоқ. Ойымда ешнәрсе жоқ, анамның 

қасына  барып,  інімнің  бетіне  қарап  отырып  қалдым.  Бір  кезде  басқыштан 

біреудің көтеріліп келе жатқанын естіп жүгіріп шықтым. Осы кезде әкемнің 

дем алған дыбысын танып, есіктің кілтін бұрай беріп едім, есік алдындағы екі 

адам  білегіме  шап  беріп  жабысып,  мені  кейін  серпіп  тастады.  Тұла  бойым 

дірілдеп  кетті.  Бұрын-соңды  білмеген таныс  емес  сезім  пайда  болды  менде. 

Сол кезде әкем келді, кабинетке кірді, екі адам соңынан ерді. Біраз уақыттан 

соң  әкем  әуелі  анамды,  содан  кейін  бәрімізді  қасына  шақырды.  Әлгі 

келгендердің  біреуі  жазып  отыр,  біреуі  үйді  тіміскілеп  тінтіп  шықты. 

Әкемнің  партбилеті,  ҚазЦК-тың  значогі  үстелде  жатыр.  Тісіміз-тісімізге 

тимей  қалшылдап  тұрмыз,  бірақ  жылаған  жоқпыз,  ешнәрсені  түсініп  те 

тұрған жоқпыз. Біздің ішімізде Есет қана: «папа, мыналар саған не деп тұр?» 

деп  дауысын  шығарып  жылап  жіберді.  Папам  Есетке  жауап  беріп:  «бұлар 

мені  жау  деп  тұр,  кімнің  жау  екенін  көрерміз!»  –  деді  аналарға  ызғарлана 

сөйлеп,  орыс  тілінде.  «Жау»  деген  сөздің  әкеме  қандай  қатысы  барын 

түсінбесем де, сартылдап соққан жүрегім мен қалшылдаған денеме ие болар 



352 

 

емеспін.  Әкемді  алып  кетті,  біз  қала  бердік.  «Қарап,  тексеріп  босататын 



шығар, әкелеріңнің кінәсі жоқ қой», – деді мамам. 

Біз  үміттенеміз.  Бір  күні  үйімізге  әкемнен  хат  келді.  Онымен  кездесу 

үшін кімге калай жолығу қажет екенін, тергеушісінің аты-жөнін, телефонын 

жазыпты.  Қуаныштың  шегі  жоқ,  бұл  бір  жақсылық  деп  ойладық.  Бардық. 

Әкемізді  көрдік,  содан  төрт  ай  бойы  жеті  сайын  көріп  тұратын  болдық. 

«Ендігі  хабар  өзімнен  болады,  бұл  араға  енді  келмеңдер»,  –  деді  әкем  төрт 

айдан  кейін.  Бізге  ол  сол  күні  бір  түрлі  қуанышты  болып  көрінді.  Ертеңіне 

Ақырап  екеуміз  тергеуші  Мавмодовтың  кабинетіне  телефон  соқтық.  Ол 

Ақырыптың  даусын  танып:  әкеңе  он  жылға  үкім  шығарылды,  бір  ай 

шамасында өзінен хабар келуі мүмкін», – деді. 

Қуанып үйге келдік, жазықсыз екенін білсек те, он жылға риза болдық. 

Арада  үш  күн  өтті.  Тағы  сөйлесіп  көрейік  деген  ой  келіп,  бұл  жолы 

телефонды  мен  соқтым.  Бұрынғы  таныс  тергеушінің  дауысы  емес,  басқа 

дауыс  бізге  ұрсып,  «тергеу  біткен  жоқ,  ендігәрі  телефон  соқпаңдар»,  –  деп 

жауап  берді.  Бар  көргеніміз  осы  болып  қала  бердік.  Қайғылы  күндер 

басталып  кетті.  Біз  ешкімнің  үйіне  бұрынғыдай  бармаймыз.  Бізге 

көмектескісі келетін бірен-саран адамдар ұрланып түнде келеді. 

Мектепке  не  дүкенге  кетерімізде  анам:  «бұрынғыдай  ешкімге  жетіп 

барып  амандасып  жүрме,  көрсең  де  көрмеген  бол,  ешкімге  зиянымыз 

тимесін», – деп ескертіп жібереді. 

Бір  күні  ҚазПИ-дің  маңайынан  төртінші  курстың  студенті  Әдианы 

көріп қалдым, мен ағашты айналып қаша жөнелдім, байқамай арықка құлап 

қалдым. Әдиа мені тұрғызып, үстімнің қарын қақты. Бетіне қарап едім, көзіне 

жас келіп тұр екен. Мен де, ол да іштей түсінісіп, тіл қатпай ажырастық. 

Жылдар өтіп жатты. Әкем оралмады, күткен хабарымыз да келмеді. 

Бірақ  әкемнің  асыл  бейнесі  маған  жол  сілтеп,  жөн  көрсететін  болды. 

Сын сағаттарда мен әр істің шешімін әкемнің көзқарасымен қарап, шешетін 

болдым.  «Жақсы  әке  балаға  қырық  жыл  азық»  деген  мақал  бар  ғой.  Менің 

әкем  де  маған  және  менің  іні-сіңілеріме  «қырық  жыл»  азық  болды. 

Жүрегімізде  қалған  жарқын  бейнесі  көлеңкелі  күңгірттен  бізді  қағып,  түзу 

жолға салып жүрді. Бірақ «папамды неге жау деді?» деген сұрақ ішімде үнемі 

арпалысып,  жауабын  таппай  жүрді.  Содан  болу  керек,  жасым  он  төртке 

келгенде бір-екі шумақ өлең жазып, оны Ахаңа (әкемнің інісі) көрсеттім, ол 

өлеңім мынау еді: 

 

Бұлқынып, жүрек тулап, көне алмай түр.  

«Әкең  –  жау» деген сөзге сене алмай тұр.  

Орыны қас пен достың ауысты ма,  

Жауабын бала ақылы бере алмай тұр!  

Жау деген болмай ма екен жалмауыздай,  

Қаскүнем, қара ниет, қаны мұздай.  

Адал жанды «жаусың» деп жала жапса,  

Ет-жүрек жарылмай ма сыздай-сыздай!  

 


353 

 

Ахаң  өлеңді  оқып  алды  да,  маған  қарап:  «Әкең  де  он  төртінде  өлең 



жазып,  ол  өлеңі  газетке  жарияланып  кеткен  екен.  Кім  біледі?  Кейде 

сондайдың зияны тиді ме деп те ойлаймын! Саған айтарым, өлең жазу үшін 

адам  көп  білу  керек.  Сондықтан,  оңың  мен  солыңды  танып  алмай  тұрып, 

өлең  жазушы  болма!»  –  деді.  Мен  содан  былай  қарай  өлең  жазбайтын, 

жазсам  көрсетпейтін  болдым.  Өлеңімнің  мазмұнына  қарап,  Ахаңның  мені 

сақтандыруы сол кез үшін заңдылық еді, мен оны түсіндім. 

Қазір сол бала кезден бастап әділдік-шындық іздеп тулаған жүрегімнің 

«Менің  әкем  кім?»  деген  сұрағына  «Әкең  жау  емес,  адал  адам»  деген 

жауаптың кешігіп келсе де, келгеніне ризамын! 

 

(Жұбанов Қ. Шығармалар мен естеліктер. 170-184-бб.) 

 

 

М.Әуезов 




1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   43


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал