«КӨкшетау» №2(26) 2014



жүктеу 120.34 Kb.

бет1/19
Дата30.01.2017
өлшемі120.34 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

3
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
Дəл қазір де, қайта-қайта сауал тастап, көбінесе Ережепті сөйлетіп отыр. Халайықтың да
назары диуанада. Соны хабар, жаңалық дəметеді. Түннің ортасы ауса да, көрші-қолаңның
тарайтын түрі жоқ. Ет желініп бірер мəрте шай да ішілген. Пеш ернеуіндегі үштік шамның
майы бітуге айналып, əрең сығыраяды. Сыртқы есік ашық тұрса да, үйдің іші қапырық. Тер
иісіне сеңсең тондар, саптама етік, көн шоқайлардың қышқылтым иісі араласып, танауды
тосаңсытады... Əйтсе де, бұны елеп жатқан жамағат жоқ, жалаң аяқ отырған мейманға назар
қадап ентелей түседі. Жастар жағы сұрақ қоюға бата алмай, егделерге телміруде. Үзілген
кеңесті жалғайтындар көбінесе Шарап пен Нұрбек. Сырмінез замандастың үйінде отырған
соң, бұл екеуі мейілінше еркін.
Шарап кезекті əнін шырқап салған соң, жастыққа жантайған Нұрбек үй иесіне еңсе бұрып:
– Əй, Қарамұрын, анау шамға май құйғызсаңшы! Жалт етіп өше берді ғой. Үнемдейін деп пе
едің? Өйтіп байымай-ақ қой. Диуананың дидарын көрсетпедің ғой тіпті! Иман тұнған жама-
лын жұрттан қызғанған түрің бе əлде? – деп дауысын қаттырақ шығарды.
Шарап мол денесімен төр жаққа бұрыла беріп: – Пірадар-еке, жүрген-тұрған кісісің
ғой. Ел аралаған сыншы, тоғай аралаған үйші демекші... Осы шаңырақтың жас талап өнерпа-
зын сынатқалы отырмын өзіңе. Ыбыраш деген баламызды айтам да. Əншіліктен дəмесі бар
екен бұл жеткіншегіміздің, – деді де Маңдайға қулана көз тастап, – мына Маң-ағаңның бау-
лып жүрген тас түлегі де. Сол бала қыранның қанат қағысын байқасақ қайтеді? – деп қадала
қалды.
–Е, дегендей, сенің барылдақ дауысың құлақты сарсылтайын деді ғой түге! Сақалыңды
сапситып əн салғаның жараспайды да. Ұялмай-қызармай өңеш созғаныңа жол болсын. Жас-
желеңге кезек берсеңші, кəрі шөңгем-ау! – қолтығындағы жастықты умаждап қойған Нұрбек,
сықсимасын күлімдетіп, ауыз үй жаққа қарай мойын созды, – Ыбыраш-ау, қайдасың? Шы-
ғаршы лебізіңді. Көңіл шіркін бір серпілсін. Шал-шауқанның əжептарқы үнінен зəрезап бо-
лайын дедім ғой...
Ыбырай пештің іргесінде, ешкі терісі бөстектің үстінде малдас құрып, қалғып-шұлғып
отырған. Күн ұзақ далада жүргені бар, Қабидің апанға түскеннің əсері бар, жаман қалжырап-
Екінші  тарау
Сандыбай ұста
Ғалихан АХМЕТОВ
Үкілі  Ыбырай
(Соңы. Басы өткен санда).

4
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
ты. Төр үйдегі келелі кеңеске қанша көңіл бөлейін десе де, санаға кірер емес. Кірпігі құдды
бір қорғасындай дерсің. Көзді ашайын десе, төмен тартып үйдің ішін көрсетпей қойғаны.
Таудан келісімен-ақ, əкені оңаша шығарып алып, аюға кезіккендерін жұқалатып жеткіз-
ген. Қыстауға келіп малға шабар ма екен деген күдігін де жасырған жоқ. Ден қоя тыңдаған
Сандыбай:
–Алаң болма. Қалың жыныстың ішінен ашық далаға шыға қоюы екі талай. Орманның
аңы ғой, айһай жазыға беттей қоймас. Зəуі сайтан ауылға тап берсе, сақ төбеттер бар ғой. Аю
мен бөріге ауызданған сырттандар, жыртқышты көш жерден сезіп, даланы басына көтерер,
– деп сендірді де, – таң қылаң бере шитіні алып із кесермін. Ұйқысын бұзған сорлыны бір
жақты қылмай болмас, – деп тұжырған еді.
Сол сөзге жұбанған Ыбырай бар күдігін ысырып тастап, шешесі ысытып берген асқа
бас қойған. Күн ұзақ аязды ауаны сіміріп, сілікпесі шыға шаршап-шалдығып, ашығып кел-
генде, жас ет пен құрт езген сорпаның дəмі қандай, шіркін! Үй толы кісіден жөнді ет қалушы
ма еді? Апасы кəрі жілік пен бір-екі тал қабырғаны тығып қойыпты əйтеуір. Өзгесі сирақ,
бүйрек пен ішек-қарын сияқты кəкір-шүкір... Алайда, соның өзі дүниедегі ең дəмді тағам-
дай көрінгенін қайтерсің? Сирақтың баптап үйіткен құйқасын сыдырып жегенде, тіл үйіргенін
айтсаңшы! Бүйректің майы да қалпақтай екен. Əбден ашыққан соң ба, таңдайға қазы-қарта-
дай-ақ білінгені. Тоқ ішек, ащы ішекпен қоса-моса қарбытсын-ай келіп!.. Майлы ас арғы
жаққа қонып, бір аяқ буы бұрқыраған сорпаны басына көтергенде, маңдайдан тер бұрқ етіп,
тал бойы балбырап жылып сала берген.
Ішкі жылуға пештің қызуы қосылып, көзді іліндіре берді. Шұбалма пештің бүйіріне
арқасын тірей: – Бұл əлеумет үйді үйіне қашан тарқар екен? Төр үйдегі төсекті іздемей-ақ,
осы жерге қылжия кетер едім, – деп армандап отырған болатын... Кенет:
– Ыбырай, сені іздеп жатыр үлкендер. Əніңді естімек. Диуанаға өнеріңді сынатпақ, –
деген қатын-қалаштың үндері дəл құлақ түбінен шығып, бір сұғанақ қол қылтасынан шым-
шып та алды.
Ұйқы қашайын деді. Көзін ашса, Бөпіш бетіне төне қалыпты. Топшысынан мытып қойып:
– Ыбыраш-ау, тұр бол! Домбыраңды əкелдім. Лебізіңді шығар. Ұйқыны қоя тұр. Ұят болар,
– деп домбыраны ұсынып жатыр.
Сүйікті аспабы қолға тиюы мұң еді, бой да серпілейін деді. Қос ішекті бебеулете, сол
қолымен перне қуалай құлақ күйін келтіріп алды да, атып тұрып төр үйге беттеді. Ауыз үйдегі
қатын-қалаш, қыз-қырқын жапырыла жол беріп:
– Е, бəсе əннің перісі жаңа келді ғой!
– Кəрі-құртаңды есіртпей жастарға айтқызу керек.
– Таңға дейін шырқасын бұл бала. Ұйқысы қайда қашар дейсің?
– Ибай-ау, жігерлі жастар шаршау дегенді білуші ме еді?
– Бұндай кезімізде ұйқыны қалпақпен соғатынбыз.
Дескен қолпашын жаудырып-ақ жатыр.
Көрші үйлерден жеткізген май шамның мол жарығы, төрдегілерді еркін көрсетіп тұр.
Баршасы танымал ағайын ғой. Оқта-санда қатынайтын Ережеп қана. Ол дағы мейірлене қарай
қалған. Сақалын салалап, жымиып қояды. – Ұлым, қымсынба. Өзіміз ғой, тілектеспін. Бар
өнеріңді ірікпегейсің, – дегендей сыңайы бар.
Шаршы топта қымсынар Ыбырай ма екен? Өзіне сенімді. Тоғыз жасынан бері домбыра
ұстап, жұрт алдына шыға бастаған жоқ па? Келімді-кетімді қыдырма қонақтардың алдында
да əн əуелетуге төселіп алған... Қалың жұрттың назарына ілігу деген оңай емес-ау. Самсай
қадалған көздердің мысы баспай қоймас. Жүрегің атқақтап, сөзің божырап та кетер. Жаттап
алған жырыңды да есіңнен тарс шығарарсың. Əу баста Ыбырайдың да жүрегі алас ұрып, тілі
күрмеле беретін. Əсіресе, жақсы-жайсаңдардың алдында күмілжір еді. Ел ішінде салмағы

5
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
бар ауқаттылардың түсі ызбарлы, қабағы салқын келеді əдетте... Бірақ, сөйлей келе шешен
болады демекші, бара-бара жүректі орнықтырып төселіп алды.
Бұл күнде жүз қаралы жиында көңілі қобалжыр ма екен? Керісінше, ұлы дүбір дуды
көріп бойы қызған жүйріктей, өршелене түсер. Қолпаш естісе арқасы қозар... Дəл қазір де
қолқа тұсы сəл шым етіп, жүрегі жиірек қаға бастады. Ұйқы мүлдем қашқан. Таң асқан жа-
рау бестідей бойы құп-құнақ... – Нендей əнге бассам? – деген ой келді. – Ережеп диуана
сынамақ болса, қисса емес əннен бастағаны дұрыс болар... Жиылған көпшілік, мазмұны
күрделі, хикаясы  қызық  қисса  дəметеді  əрине. Мысалы, өзі  аса  ұнатып  қирағаттайтын
«Көрұғлыны» тыңдауға құштар ауылдастары... Осы күнде бұл көне жырдың түрікпенше де
қазақша да мақамдарын жаттап алған. Əр кейіпкердің бейнесіне ене, үнін алуан құбылта орын-
дап жүр. Жұртты иландыратыны соншалық, Шағдат шаһтың пəрменімен жендеттер Раушан-
бектің көзін ойғанда, əйелдер жағы босап, жылап та жіберетін.
Қай əннен бастарын білмей дағдарып тұрғанда, кенет Шараптың дауысы саңқ етті: –
Несіне бөгелдің? Сал «Екі жиренге»! Əн төресі емес пе? Сонсоң бір қиссаны термелет. Пай-
ғамбардың миғражынан бастарсың. Пірадардың құлағына лайығы сол да, – деп жөн сілтеді.
–Алдияр, ағатай. Қалауыңыз білсін – деп «Екі жиреннің» сарынына салып, шанақты күмбір
қақтырды.
Бұл əнді осы Шараптың өзінен үйреніп еді. Аса сүйіп орындайтын əндерінің бірі бола-
тын. Бір кереметі, бастаса-ақ, айнала дүниені ұмытар еді. Көз алдында тек ғашық жігіттің
əнмен жеткізген арман-мұңы.
 Көшкенде жылқы айдаймын, аһау-ау, аламенен,
 Ауылыңа барушы едім-ау, даламенен.
 Түскенде сен есіме, аһау, беу қарағым,
 Сағынып сарғаямын-ау, санаменен! –
деп алуан құбылып, əуелеп кете берді нақысты əуез.
Қазақ əндерінің дені ғашықтық сезімге арналады ғой. Ол сезім ойын баласы Ыбырайға
мəлімсіз, əрине. Он үштен жаңа асқан жеткіншек күйіп-жанудың азабын ұға қоймас та. Əйтсе
де, нəзік жыныс өкілінің сиқыры бала жүрегіне əсер етпей қойған жоқ... Ол өкілдің есімі
өзіне ғана аян. Сағидолланың тетелес қарындасы Салтанат ныспылы қыз бала ғой кəдуілгі.
Ғашықтық турасында иə əн, иə қисса орындаса болды-ақ, көз алдына жамалы көлеңдеп тұра
қалатынын қайтерсің? Не сиқыры барын итім білсін бе?.. Əрлі болса бір сəрі... Ағасының
егізіндей сықи көз, шикіл сары біреу. Қыз сиқы болсайшы. Қос бұрымы сексиіп, ұлдардан
қалыспай ойын соғып жүргені. Төмен етекті болып имену деген жоқ. Имену былай тұрсын,
егесе қалса алыса кетуден де тайынбас.
Бұл сезім дегенді қойсаңшы. Ажарға да, қылыққа да қарамайды екен-ау. Көзі былшық,
томпақ бет, жирен шаш қызды ұнатып-ақ қойғаны. Онысын қыздың өзіне бір сездірген де
емес. Сездірмек ниеті бола қойған да жоқ. Керісінше өз өзін: – Осы секеңдеген кертеш
мұрын қызда не бар еді? Аластат көңілден! – деп ойша сөгіп те қояды. – Жадымнан өшірейін,
тіпті, көзіме де ілмейін. Қатындар сияқты көңілшек, боркемік болғаным ба? – деп қайрап та
қояды өзін.
Бірақ, қанша жігерленсе де, жүрек шіркін ақылға көнер емес... Сүтке тойған қозыдай
томпиған қызды бірер күн көрмесе, дегбірі қаша бастайды. Көңілі құлазып, бір бүйірі ой-
сырап қалғандай-ақ сезінетінін қайтерсің?.. Бір қызығы, əлгі қыздың ықыласын дəметкен де
емес. Тіпті, тілдесуді де іздеген күні жоқ... Тек күніне бір көрсе болғаны-ақ. Сонау алыстан
көзі шалса да қанағат тұтып жүре берер еді... Алда-жалда қыз далаға шыға қоймаса, Сағи-
долланы іздеп барған болып көзін сатады. Сонадайдан телміріп көз тойғызғанына мəз. Бір
көргені, иə дауысын есіткені, бірер күнге жан азығы болғандай-ақ... Бұл сезімін дос-жаран-
ға, тіпті, жан дегенде сырласы Секентайға да тіс жарып сездірген емес. Қайта біреу біліп
қойса, ұяттан өлетіндей көреді... Тек өзі ғана білер құпиясы ғой бұл сезімі. Оңашада ғана өз

6
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
жүрегімен өзі сырласып, мəпелер еді. Сағыныштың азабын да алғаш ұқтырған осы сезім
ғой. Азап болғанда тəтті азап екен-ау. Жүректі сыздатқанымен бал лəззаты да бар.
Бірер күн жүз көріспей іздеп барғанда, жұпыны киім қыздың көзге оттай басылатынын
қайтерсің? Дөңгелек толық беттердің ортасындағы бауырсақ мұрнына дейін сүп-сүйкімді
көрінеді-ау. Арзан қол доқабадан тігілген шолақ шапаны дембелше порымына соншалық
жарасымды. Аяғының ұшына іле салған мыжырайған өкше көн шабатасы да, сылқым сері-
лер киетін нəлі жез, көк сауыр шоңқайма етіктен кем емес сияқты.
Анау Əбсамат байдың қыздары үнемі үлде мен бүлдеге малына киінеді ғой. Бешпет,
қамзолдары кіл батсайы мен құлпыдан. Əйтсе де, Ыбырайға салса, кербез қыздың үйірін
Салтанаттың басқан ізіне бермес еді... Ныспысының өзі неткен сұлу десеңші! Кəусар бұлақ-
тың сылдырындай естіледі. Қағазға жазсаң да кестенің өрнегіндей əп-əдемі көрінетін сияқ-
ты. Жүнісбек молдадан қалам мен сия сұрап алып, Салтанаттың ныспысын қағазға да түсірген.
Бір парақтың екі жақ бетін тек осы аяулы есімді жазып толтырған болатын. Жүз мəрте қай-
талаған шығар. Сол парақ үнемі қалтасында тығулы... Өзге жұрт молдаға аят жазғызып, тұмар
қылып бойына ілсе, бұл сүйген қызының есімін ақ параққа түсіріп, тəбəріктей сақтап жүр...
Беу құрбым, сөз қозғайын, аһа-ау, көрген жайдан.
Айтпаймын күдер үз деп-ау, ақ сұңқардан.
Көңілімде еш дауалық, аһ-ау, болмаған соң,
Бойымда толып жатыр-ау, арыз-арман.
Аридаш-ау, аридаш-ау, арыз-арман!..
деп əуелейді сырлы əн.
Үйдің іші тар болған соң, дауысын тежеуге тура келді. Соның өзінде қуатты да сұлу
лебіз қос бөлменің бұрыш-бұрышын керней толтырып, ашық есіктен тысқа ытырылады.
Биік шыңнан құлаған сарқырамадай сыңғыр қағады əншінің үні. Таңғы шықтай мөлдір, сан-
дуғаштың сайрағанындай əсем лебіз. Кейде биікке шырқап дыңылдап тұрып алады. Ол кез-
де сонау зеңгір көкте сыңғыр қаққан күміс қоңырау дерсің. Енді бір сəтте күн астынан жет-
кен бозторғайдың шырылын еске салады. Кей тұста құлдилай келіп, жер бауырлай тербе-
леді əн сарыны. Төмен дыбысқа басқанда əнші дауысы қоңыр шығып, баяу қалқиды. Əлі
толық қалыптаса қоймаған жеткіншектің үні осы тұста ғана сəл-пəл сыр береді. Жуандау
дыбыс шығарғанда, күмістей таза лебізге жарықшақ араласады. Əйтсе де, нақысы дəл, əуезі
құлаққа жағымды.
Қаршадай ұлдың əнге берілгені соншалық, тіпті, қай жерде тұрғанын да ұмытқан сияқ-
ты. Үй толы халайықпен де еш іс-місі жоқ. Оқта-санда жан-жақтан естіліп, – ойдойт шіркін!
Сүмірейт, бала! Уай пəле! – деген көтерме сөзді тіпті, елемегендей-ақ.
Қайсы бір əншілердің дауысы қуатты да сұлу болар. Ырғаққа да шебер келер. Десе де,
тыңдаушының жан дүниесін баурай қоймайды. Таза да, келісті де болғанымен, көңілге жа-
қындығы иə тапшы, иə мүлде жоқ. Сұлулығында мін болмаса да, жылу жағына ұятты. Шың
басындағы мұзарттай. Көзді қарықтыра күнге шағылысып, аппақ көркімен көз сұқтандырса
да, алыс та жат дүние... Енді бір əншінің пəлендей қуатты дауысы да жоқ. Аспанға шаншыл-
ған ащы айқаймен құлақ құрышын қандыра қоймайтын қарлығыңқы, қоңыр ғана лебіз. Сөйте
тұра, көңілге қонымды. Жүрекке төте жол тауып, жан дүниенді тебірентер сыршыл сезімге
толы.
Ыбырайдай жеткіншектің əн шырқауында сұлу дауыс пен тебіренген сезім жарасымды
үйлесім тапқан. Сонау бір бітеу көңіл топастар болмаса, тыңдаушыны бей-жай қалдырар
емес. Ауылдастар талай естіп жүрген «Екі жирен» соны бір қырынан көрініп, бар қасиетімен
жарқ бере əуеледі.
Нұрбектің жамағаты Пəрида адал бақанның түбінде тізе бүгіп отыр еді. Əн əсеріне бөлене
ойға шомып, мұңая қалыпты. Мұндай ығы-жығыда елеусіз отырғанның өзі жақсы. Төрдегі-
лердің сөзін де тыңдайсың, əн шырқалса құлақ құрышын да қандырасың... Көрнекке шығып

7
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
көзге түссең, иə еркектердің біреуі жұмсайды, иə тілі сүйреңдеген қатын-қалаштың біреуі
талақша жабысып мазаңды алады.
Сөзуар немелердің көңілін қайтармай жауаптасып көр. Рай берсең-ақ құтыла алмассың.
Ауызы жабысып, жоқтан өзгені сөзге сылтау қылып малтасын езеді-ай келіп! Күн ұзақ қысыр
сөзді сапыратындар да баршылық-ау осы ауылда. Пəриданың өзі де сыр шертісуге кет əрі
емес қой, əрине. Сыңайластармен бір уақ əңгіме-дүкен құрмасаң, шер тарқаушы ма еді?
Іште қордаланған уайымды ақтарып салсаң, қайғының бұлты да сейілмек... Уайым-қайғы аз
болып па қатын-қалаш атаулыда?.. Біресе саулықтың желіні ісіп келеді, біресе кептірген оты-
ныңа су тиіп бықсып жанбай діңкеңді құртады. Құдайдың бұйрығымен қосылған байыңның
«еркектік қылып» қол жұмсайтыны жəне бар. Анау жалпиып отырған Нұрбектей қосағы топ
ішінде ғана орнықты да салмақты. Үй оңашада болмашыны сылтау етіп, қолдың уытын төгеді-
ау келіп. Айтып-атпай не керек, төмен етектінің көрген күнін итке берсін. «Өзің құдай бол-
маған соң, көрген күнің құрсын» – депті ғой бір əзілқой қазекең. Əзіл болса да негізсіз емес
шығар.
Сол себепті, сұқбат құрып шер тарқатысар мұңдастар қажет-ақ. Десе де, бүгінгідей
жиында тіл буып тыныш отырған дұрыс қой. Көпті көрген диуананың мəнді сөзі бар, мынау
«Екі жиренді» аңыратып тұрған Ыбырай баланың əні бар, бəр-бəрі жанға азық емес пе?
 Осы Ыбыраш əнінің не сиқыры барын түсінбей-ақ қойғаны. Өзінің ортаңғы ұлы Қаби-
мен тайдай тебісіп өсіп келе жатқан көп қара домалақтың бірі емес пе? Ауыл-аймақ білмейтін
не сыры болушы еді?.. Өзге балалардан шешен де зирек, əрине. Молданың бар білгенін
бірер жылда қағып алса керек. Өзге бала əптиекте шырмалып, бірер сүрені ғана жаттағанда,
бұл арабша түгіл парсы тілін де меңгере бастапты... Жадысы аса тұтқыр жəдігер болғаны
да. Зейіні алғыр ғой. Таңды таңға ұрып жырлайтын қиссаны жаттау деген оңай болып па?
Ілуде жалқыға ғана қонар қабілет қой бұнысы. Осы ауыл түгілі, құлақ естіген жерде бұл
сынды зейінділер табыла қоймас... Бұндай өнер анау зағип ақын Шөже, тілінен бал тамызған
Арыстанбай, Орынбайлардың ғана қолынан келмек. Аузымен құс тістеген саңлақтар ғой олар.
Сонда мына өз ауылының перзенті, бадам қабақ, маңдайын жел өпкен құбақан ұл, дабы-
лы алысқа кеткен дүлдүл ақындарға ұқсағаны ма?..
 Əн əсеріне ұйыған Пəрида қабағын əнтек шыта қалды. Кірпігіне жас іркілгенін енді
ғана байқады. «Екі жиренді» əуелетіп тұрған Ыбырай баланың лебізі қай-қайдағыны қоз-
дыртты-ау. Сарыны неткен ырғақты еді. Бар ынты-шынтысымен беріле, жанын жеп аңырат-
қан соң, ащы сырды түптен тартпай қоймас. Кеуілді қобалжытып, оң жақтағы жастық шақты
еске салғанын көрмеймісің? Қайдасың шіркін, асау кердей бұлаңдаған бал дəурен?.. Үпəд
еңбек, күнделікті күйбең езіп тастаған сары қарын Пəрида да бір кезде жас болды-ау. Өңін
əжім торлаған, шайлаған үйрек сияқты епетейсіз жүрісті, жуан бөксе жалқаяқ қатын, зама-
нында белі бұраңдаған бойжеткен болды дегенге кім сенгендей?
Бұған да өз құрбысы бозбала асық болып еді-ау. Қазақтың қызы өз сүйгеніне қосылған
күні болған ба? Мал саудасының құрбаны болып, жасын сығып кете бермек. Ұзатылған соң,
көрген күні құрсын. Сатып алған күңнен пəлендей айырмасы болсайшы... Тұрмыстың бей-
неті тəнді тоздыра, жүйкені жұқарта, ерте кəртайтпай қоймас... Еркек кіндікті бұрау басын
сындырып, қай бір қинала қойған. Бар қиратқаны – атқа мініп мал көздеу. Күнкөрістің бүкіл
міндеті ұрғашының мойнында... Көшкенде жүк артып үйді тігу, малды сауып сүмесінді ұқсату,
бəр-бəрін атқару қажет. Қой қырқып кигіз басу ше? Михнаты шаш етектен ол дағы бір науқ-
ан. Оның үстіне текемет тоқу, киім тігу деген бар. Бала-шағаны күтіп бағу деген өз алдына
бір жыр.
Бұл қыруар еңбекті елеп-ескерген еркек болса бір сəрі. Əлімжеттік қылып, қит етсе
қамшы үйіріп жүргені. Бұрынғының салып кеткен жолы, жаратқанның əмірі деп көнуге
мəжбүрсің, əйтеуір. Мешеу қауымның топас үрдісі кем-қор қылған соң, шараң қайсы?..
Ыбыраш баланың сезімді елеңдетер мынау  əні, небір ойға түрткі болды-ау... Құдай

8
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
бұйрығы ерімен ұнатысып қосылған жоқ еді. Жасы шамалас теңі екеніне шүкірлік қылған
да қойған. Кəрі-құртаң ауқаттыларға тоқалдыққа ұзатылғандар аз болып па?.. Тұрмыста өткен
азды-көпті ғұмырды қойшы. Өтті-кетті ғой сағымға батып. Саралап көрсе, шыжығы шаш
етектен болса да, қызықсыз да емес екен-ау... Жұбанышы, көңілге медеу қылғаны – соңы-
нан ерген құлыншақтары дағы... Тұңғышы Қабиден бойы қалқиып, мал түлігі де болып қалды
осы күнде.
Əр баланың өз орны бар емес пе? Жатырлас болса да мінездері əр қилы... Ортаңғы ұл
Қаби, лаулап тұрған өрт дерсің. Құйып тұрған нөсерге өшер ме екен?.. Жігері шиыршық
атқан беймазаның өзі. Тобындағы бала-шағаны бір төтен қимылға бастамаса, ішкен асы бо-
йына сіңбес... Осы бүгін ғана тоны мен тымағын аюға алдырып келген түрі анау. Қайта құдай
оңдап өзі аман қалғанын айт... Бұл «ерлігін» анау төрде қонжиған əкесі естімегей. Құлағы
шалса ғой, жонынан таспа тілуден тайынар ма екен... Ана жүрегіндей болар ма қатал əкенің
бейілі? Көзі тостағандай Қабиінің əр қателігі мен оқыс қимылының өзі ыстық-ау  шеше
көңіліне.
Кенже ұл Аманжол да сүтке тойған марқадай сүп-сүйкімді. Тетелес ағасындай емес,
орнықты-ақ. Өсе келе, жер қозғалса тебірене қоймастың өзі болатын шығар. Ағалары жекі-
се де, ара-тұра əлімжеттік қылып қол батырса да, томпиып қана отырғаны. Əйтсе де, ұя
бөрік жасық та емес. Қажет тұста табандылығы да бар...
 Кенжесін көз алдына елестеткен Пəрида, жасын сығып алып күлім қақты. Адамның ой-
қиялы ұшқыр-ау, шіркін! Сəт ішінде құбылып, біресе өз балалығын есте жаңғыртса, енді
міне кіндігінен өрбіген бау-шарбағын елестете кеткені... Қиялға түрткі болған Ыбыраш ба-
ланың шырқаған «Екі жирені» дағы... Сонау бүлдіршін кезде дəл осы əнді бір бозбала қоңыр-
лата беруші еді. Бəз біреуге емес, тек өзіне, томпақ бет Пəрида қызға арнап сызылта бе-
ретін... Дауыс дейтін дауысы да жоқ. Нақысы да сын көтерместей... Əйтсе де, құлаққа жа-
ғымды естілетін сол бір əнсымағы.
 Сорлы бозбасты көзіне де ілмеп еді Пəрида. Менсінбеген себебі – теңі емес. Қаңғырып
келген бұралқының нəсілі. Іргелі елдің қызы малшы-құлшыға көңіл бөлсін бе?.. Не жібі
түзу лыпасы жоқ, не түрі жоқ кірмеде не сын болушы еді... Кигені өрім-өрім шоқпыт бірдең-
ке. Табанының күсі түйе тізесіндегі беріштен де қалың шығар... Əлібі де ұсқынсыз-ақ. Күн-
түн жел өтінде жүрген бейбақта қай бір сықпыт болушы еді. Ерні тілім-тілім, бет терісі
саптаманың қонышындай. Азан шақырып қойған ныспысын өзі де ұмытқан болар... Ауыл
иесі ақсақалдың бəйбішесі кеппелеу кісі еді. Сол бір ашуланғанда:
–Бұ сілімтікке не ат керек? Байпақ десек те тақиясына тар келмес. Тіл-көз тимейді қайта!
– деп бұйырған.
Жақсылардың ауызы дуалы емес пе? Бəйбішенің пəрмені ұлықтың мөр басқан құжаты-
нан да асып түсті. Қырсығы арылмаған сорлы бозбас «Байпақ» атанып кете барғаны.
Сол маңдай соры бес елі Байпақ Пəридаға асық болар ма? Онысын сездірместен де
бірталай жүрген. Бар қиратқаны – сонадайдан телміре қарай береді... Шілденің бір қапырық
кешінде, қойды қотанға құлатып, көген басындағы Пəридаға:
–Саған арнап бір өлең шығарғам. Айтып берейін деп едім, – деп күмілжи тіл қатқаны...
Бишара бала айтуын айтқанымен, қараптан қарап қысылды да қалды. Көзі жыпылықтап, өңі
ду ете қызара, қара терге түсіп шала бүлінгені.
 Самайын тер айғыздаған сіңір қара қойшыны менсінсін бе Пəрида? Байырғы əулеттің
бойжеткені емес пе? Бір ауыз сөзді де көпсініп, тілге келместен мұрын шүйіріп кете барған.
 Əлгі сорлы Байпақ амалы құрып қала берді. Алыстан көзін сатып қана жүргені... Тел-
міргенін сезсе де, еш рай берген жоқ Пəрида қыз. Рай бермек былай тұрсын, ағаларына да
шаққан... Өтті жігіттер бұралқыны оңдырушы ма еді? Төбесіне əңгір таяқ ойнатып, тəуба-
сын есіне салған.
Бірақ, көк ала қойдай сабалса да, сонадайдан көз сүзуін қоймады Байпақ. Сірə, сезіміне

9
«КӨКШЕТАУ» № 2(26) 2014
ие бола алмаса керек, тіпті, аспанның кəрі төнсе де айныры жоқ. Бір қағаберісте асығына
арнап шығарған əнін де айтып берді-ау ақыры... Əуені де сөзі жадында еш қалмапты. Тек: –
Сəулетайым, періштем, Пəрида жаным! – деген қайырмасы ғана есінде... Лебізі тұтқырлана,
қарлыға шықса да, соншалық құлаққа жағымды, жанға жылы естілгені. Аңызақ күні жайқын
көлдің бетінен ескен самал дерсің... Мына Ыбыраш бала əуелеткен «Екі жиренмен» үндесе
ме, қалай өзі?
Сол күзде ұзатылып кете барды Пəрида. Бір өкінетіні, Байпақ міскінге бір шырай бер-
мей кеткені. Тым құрығанда көзге іліп мезіреті қылсайшы. Жастық, аңғырттық шығар. Қыз
жүрегі мұнша қатал болар ма? Тым құрығанда тілге келсейші. Бір ауыз сөзін де қимастан,
жат жұртқа жол тартты да кетті.
 Қыз жасауын түйеге артысқан Байпақ: – Жан сəулем, тек сен бақытты бол! Əттең қол
қысқа. Əттең дүния, азды-көпті мал шіркіннің жоқтығы да. Бар болса жолыңа сарп етер едім.
Мал-мүккамал түгілі басымды тігіп, шыбын жанымды аярмын ба? Қолымнан келсе, басыңа
меруерттен шоқ қадар едім... Еркіме салса, шаңырақ түйеге мініп бірге де кетер едім. Қой
бағып жүрсем де, өзіңді көрсем болғаны. Жылы қабағыңды да бермей-ақ қой. Нұрлы жана-
рыңды, ай дидарыңды алыстан тамашаласам да қанағат... Тұрмысқа шық, үбірлі-шүбірлі бол,
мұратыңа жет. Тілектеспін, жан қалқам! Мына кең дүнияда бір жанашырың бар деп білгей-


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал