Жоспар: Көркем шығарма тілінің ерекшелігі Тілдік құбылтулар



жүктеу 79.88 Kb.

Дата09.09.2017
өлшемі79.88 Kb.

 

7-ДƏРІС 


 

Тақырыбы:  Көркем шығарманың тілі 

 

Жоспар: 


 

  1. Көркем шығарма тілінің ерекшелігі 

  2. Тілдік құбылтулар 

  3. Поэтикалық айшықтаулар 

 

1. Көркем шығарма тілінің ерекшелігі 



Əдебиет  теоретигі,  ғалым  З.  Қабдолов  «Сөз  өнері»  атты  монографиялық 

еңбегінде құбылтудың түрлеріне анықтама береді. «Құбылту  -  сөздерді тура 

мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде 

тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін айналдырып айту. Бұл 

ретте  əдеби  тілді  ажарлау  оны  құбылтудың  алғашқы  кезеңі  –  ең  қарапайым 

түрі деуге болады.  

Задында, суреткер қолындағы сөз  суретші  қолындағы  бояу  секілді, иінін 

тауып  мың  құбылтуға  болады.  Құбылған  сөз  əсерлілік  үстінде  адам 

баласының  танымын  байытпақ;  бір  сөз  бір  –  ақ  нəрсені  танытса,  оны 

түрлендіре  құбылту  арқылы  тіршіліктің  сан  алуан  сырын  тануға  болады. 

Демек,  троптың  ең  басты  мəні  таным  тарапында  жатыр.  Өмірде  мақсатсыз 

ешбір  əрекет  жоқ.  Мұны  білген  жағдайда  ажарлау  секілді  құбылтуда 

суреткердің  идеялық  мақсатына,  эстетикалық  мұратына  қызмет  ететін  тəсіл 

екенін тəптіштеп жату артық.  

2. Тілдік құбылтулар 

Құбылтудың  (троптың) түрлері көп.  Əдеби  тілдегі  ең  басты  құбылтудың 

бірі  –  ауыстыру,  яки  метафора  (грекше  metaphora  –  көшіру)    -  сөз  мəнін 

өңдендіре  өзгертіп  айту,  суреттеліп  отырған  затты  не  құбылысты  айқындай 

түсу  үшін,  ажарландыра  түсу  үшін  оларды  өздеріне  ұқсас  өзге  затқа  не 

құбылысқа  балау;  сөйтіп  суреттеліп  отырған  заттың  не  құбылыстың 

мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, əсерін күшейту». 

Кейіптеу  –жансызға  жан  бітіру.  Қазіргі  əдеби  туындыларымызды 

құбылта, құлпырта қолданылып келе жатқан əдемі тəсіл. Ертегілер мен аңыз 

əңгімелерде жиі қолданылатын тəсіл. Ал мысал өлеңдердегі құбылту, көбіне, 

пернелеу,  яки  аллегория  (грекше  allegoria  –  пернелеп  айту)  түрінде  келеді. 

Мұнда  əшейін  ұғым  қалпында  тұрған  дерексіз  нəрселер  кəдімгідей  көзге 

көрінер  деректі  нəрсеге  ауыстырылады.  Айталық  қулық,  зорлық,  қастық 

секілді жалпылама ұғымдарды дəл осы қалпында түсінуге болғанмен, көзбен 

көру қиын. [ 1, 224] 

Метафора  –  екі  нəрсені,  құбылысты  салыстыру  жəне  жанастырып  – 

жақындату  негізінде  астарлы  тың  мағына  беретін  бейнелі  сөз  немесе  сөз 

тіркесі.  Мысалы  Абай  өлеңдерінде  кездесетін  жастықтың  оты,  жүректің 

көзі,  дүние  есігі,  өмірдің  өрі  деген  метафора  үлгілерін  атауға  болады. 


Метафораның  күнделікті  сөйлеу  тілінде  кездесетін  қарапайым  түрлері:  іші 

күйіп, бойы мұздап, орақ ауызды, ор тілді деген секілді болып келеді. 

Метафора  –  көркем  əдебиетте  үнемі  қолданылып  отырады.  Ол  –  сөздің 

бейнелілік,  суреттілік  қасиетін  арттыратын  тіл  құралдарының  бірі.  Соңғы 

жылдары  əдебиеттануда  метафора  термині  жаңа,  кең  мағынада  қолданылып 

жүр.  Батыс  Еуропада,  Латын  Америкасында  роман  жанрының  соңы 

мүмкіншіліктерін  іздестіру  нəтижесінде  туған  бірқатар  шығармалар 

(Гессенің, Маркестің, Берхестің, Карпентьердің, Зюскиндтің, т.б романдары)  

«метафоралық роман» деген сипаттамаға ие болды.[ 2, 228] 

Құбылтудың бір түрі – астарлау, яки символ (грекше symbolon – шартты 

белгі)  –  бір  нəрсені  не  құбылысты  тура  суреттемей,  бұларға  ұқсас  басқа  бір 

нəрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, 

ойды  да  ашық  айтпай,  тартымды  тұспалмен  түсіндіру.  Мұның  өзі  ой  мен 

образға əрқашан астыртын, бұлдыр мағына береді деу де қате; ең бастысы – 

символ  сөз  өнерінде  көркем  кестеленіп  отырған  шындыққа  əсем,  ажар 

байсалды  философиялық  астар  береді,  шығармаға  бір  түрлі  сыршыл  сипат 

бітіреді. 

Троптың  бір  түрі  алмастыру,  яки  метонимия  (грекше  metenymia  – 

қайтадан  атау)    -  өзара  шектес  заттар  мен  себептес  құбылыстардың,  өзара 

байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану.  

Алмастырудың  бір  түрі  –  мегзеу,  бүтіннің  орнына  бөлшекті  немесе 

керісінше, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолданады. 

Ажарлаудың  бір  түрі  –  эпитет.  Айқындау,  яки  эпитет    -  заттың  немесе 

құбылыстың  айрықша  сипатын,  сапасын  анықтайтын  суретті  сөз.  Эпитетсіз 

тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нəрсеңді нақтылау қиын. [1, 219] 

Қажым  Жұмалиев  «Əдебиет  теориясы»  атты  кітабында  эпитет  пен 

теңеудің  өзіндік  ерекшеліктерін  атап  көрсетеді.  «эпитет  те,  теңеу  де  ең 

алдымен  өмір  құбылысын  сурет  арқылы  көрсететін  көркем  сөздер  саналады 

жəне əдеби шығармада мейлінше жиі кездеседі.  

Эпитет  –  адамның  немесе  заттың,  не  табиғат  құбылыстарының  өзгеше 

белгілерін  көрсету;  олардың  бейнесін  оқушының  көз  алдына  елестету,  ой  – 

қиялына əсер ету үшін қолданатын көркем сөздердің бір түрін эпитет дейді.  

Ескертетін  бір  нəрсе  –  эпитетті  болсын,  суреттеу  құралдарының  басқа 

түрлері  болсын,  сол  шығарманың  жалпы  идеясымен  байланыстырып,  кім 

жазды, қай кезде, нені көрсетпек,- осыларды біле отырып тексеру керек. 

Эпитеттің  жəне  бір  түрі  –  тұрақты  эпитет.  Тұрақты  эпитет  деп, 

көпшілігіне  сол  нəрсеге  тұрақталып,  бекілген  эпитеттерді  айтады.  Мысалы: 

Қызыл ту, қызыл əскер, шұбар төс т.б. 

Эпитет  болатын  көбіне  сын  есім  (ақшыл,бұлт,  ащы  дауыс,  қызыл  ту). 

Кейбір  зат  есімде:  (күміс  ай,  алтын  күн,  меруерт  жұлдыз)  есімше,  көсемше 

етістіктер:  (қайнаған  күн,  жайнаған  күн,  гүлденіп),  көбіне  осылар  сықылды 

затты анықтайтын сөздер боады. 

Бірақ  тілдегі  барлық  сын  есім,  барлық  анықтайтын  сөздер  кез  –  келген 

жерде  эпитет  бола  бермейді.  Өйткені  сын  есім  жай  ғана,  өз  мағынасында 

қолданылса, бір нəрседен екінші нəрсені айыру үшін ғана айтылса, ол эпитет 


болмайды.  Эпитет  болу  үшін,  сол  нəрсені  анықтай  көрсетумен  қатар,  сол 

эпитеттің  тигізетін  əсері  болуы  керек.  Сондықтан  сын  есімдердің, 

анықтайтын  сөздердің  кейбірі  нəрсенің  жай  ғана  сынын,  қалпын  көрсетсе, 

кейбірі эпитет болады. [3. 109] 

 “Қазақ теңеулері” атты еңбек жазып, теңеулерді арнайы зерттеген ғалым 

Т.  Қоңыров:  “Теңеу  категориясы  бүкіл  бейнелеу,  көркемдеу  тəсілдерінің 

ішіндегі  ең  бастысы,  ең  пəрмендісі.  Бейнелеу  тəсілдерінің  барлығы  да  өз 

бастауын  осы  теңеуден  алады.  Сондықтан  болса  керек,  белгілі  бір  ұлттық 

əдебиеттің  бейнелеу,  көркемдеу  жүйесі,  оның  көркем  ойлауының  ұлттық 

ерекшелігі  бүкіл  бедерімен,  күллі  бояуымен  теңеу  категориясынан  айқын 

көрініп тұрады”,- дейді. [4, 3] 

Т.  Қоңыров  «теңеулер»  арқылы  жасалған  ажарлау  тəсілі  көркем 

əдебиетте  ұлттық  ерекшелікті  анықтау  үшін  жұмсалғанын  дəлелдесе,  ал  Қ. 

Жұмалиев теңеу арқылы белгісіз нəрсені белгілі нəрсемен салыстырып, көзге 

елестете  алатынымызды  айтады.  Сонымен  қатар  белгілі  ғалым  З.  Қабдолов 

теңеудің ұлғайған, күрделі түрін анықтап көрсетеді. 

А.  Байтұрсынов  теңеуге  анықтама  бере  отырып,  оларды  іштей  екі  түрге 

бөліп  қарастырады.  «Теңеу  –  көріктеу  нəрсені  айыра  көрсетіп,  айқын 

шығаруға  жарағанмен,  нəрсенің  бернесін  суреттеп  көрсетуге  күші  жетпейді. 

Ондай  орында  белгісіздеу  сипатты  белгілі  сипатқа,  белгісіздеу  нəрсені 

белгілі нəрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеміз.  

Теңеу  екі  түрлі:  1)  əншейін  теңеу,  2)  əдейі  теңеу.  Екеуінің  арсындағы 

айырмасы  сол:  əншейін  теңеу  -  əдетті  теңеу  болады;  мəселен,  удай  ащы, 

айдай  жарық,  күйедей  қара  дегендегі  «удай»,  «айдай»,  «күйедей»  деген 

сияқты сөздер» - деп көрсетеді. [5, 354] 

Жазушы  бір  нəрсені  көркемдеп  суреттеу  үшін,  ол  нəрсенің  өзгешелік 

белгілерін  көрсетпей  –  ақ,  оны  екінші  нəрсемен  салыстырып  та  суреттей 

алады. Бұл салыстыруды теңеу деп атайды. 

Теңеудің өзіне тəн ерекелігі – белгісіз нəрсені белгілі нəрсеге салыстыру 

арқылы көзге елестету. 

Мысалы: 

               

 

Дауылпаз 



Найзағайдай жарқылдайды. 

Оқтай зымырап, бұлтқа енеді 

                                   (Горький) 

Осы  келтірілген  үзінділердегі  нажағайдай,  оқтай  деген  теңеу  арқылы 

бізге белгісіз дауылпаздың қимылын көзімізге елестетеміз. 

Теңеулердің көпшілігі зат есімге, есімше етістікке жалғанған – тай, -тей, - 

дай,  -  дей,  -ша,-ше  жəне  –  дайын,  -дейін  жұрнақтары  арқылы  жасалады.  [3, 

110] 


Қай  теңеуді  алмайық,  суреттеліп  отырған  нəрсені  не  құбылысты  тура 

біздің  көз алдымызға əкеліп, олар туралы дəл, нақты ұғым қалыптастырады. 

Бұл  ретте  теңеу  белгісіз  затты  белгілі  затқа  айналдырып,  шығармадағы 

авторлық идеяға қолма – қол көркемдік шешім тауып тұрғандай. 



Əдеби  тілге  үстеме  мағына  беріп,  оның  көркіне  көрік  қосатын,  сол 

арқылы 


əдеби 

шығарманың 

мазмұнын 

құнарландырып, 

пішінін 

ажарландыратын  көркемдеу  құралдарының  бірі  –  теңеу.  Мұнда  суреткер 

заттың,  құбылыстың  ерекше  белгілерін  көрсетпей  –  ақ,  оны  басқа  затпен, 

құбылыспен  салыстыра  суреттейді.  Сонда  бұлар  туралы  оқырман  түсінігі 

айқындалу  үстіне  тереңдейді  де,  өнер  туындысының  эстетикалық  əсері 

күшейе түседі. [1. 222] 

Метафораның  негізінде  де  теңеу  сықылды  екі  нəрсені  бір  –  біріне 

салыстырушылық  болады.  Бір  қарағанда  метафора  теңеудің  қысқарған  түрі 

тəрізді.  Өйткені  басқа  сөз  қоспай  –  ақ  теңеу  жұрнақтарын  жалғап, 

метафораны оп – аңай теңеуге айналдыруға болады. Мысалы: 

 

                                            Бала  -  жүрек, бауыр ғой 



                                            Бала -  бауыр, бал бауыр, - 

деген  үзіндідегі  жүрек,  бауыр  деген  сөздерге  -тей,  дай  жұрнақтарын 

жалғап  теңеуге  айналдыруға  болады.  Бірақ  олар  метафораның  мағынасын 

бермейді, теңеу мағынасын береді. 

Метафораның бір алуаны: -мын, -бын, -пын,- сың,- жіктік жалғаулары не 

–м,- ң, -ы (сы) тəуелдік жалғауларының көмегімен жасалынады. [ 3, 115] 

   Мысалы: 

     Сен – бұзау терісі шөніксің 

     Мен - өгіз терісі талыспын 

                                                                        (Бұқар жырау) 

3. Поэтикалық айшықтаулар 

Əдеби  тілді  ажарлаумен,  құбылтумен  қатар,  керек  жағдайда  айшықтай 

білген  жөн.  Əдеби  тілдің  əсемдігі  ғана  емес,  əсерлілігі  үшін  де  əжептəуір 

қажет  тəсіл  –  айшықтау,  яки  фигура  (латынша  figura  –  келбет,  бейне)    -  сөз 

тіркестерін  дағдылы    синтаксистік    қалыптан  гөрі  өзгешелеу  ораммен, 

айрықша  айшықпен  құру.  Мұндағы  мақсат  біреу  -  ақ—сөздерге  ерекшелеп 

екпін, тыныс беру, олардың оқырманға əсерін  күшейту деп түйіндейді”. 

Айталық, арнау – жазушының, көбіне көп ақынның өзіне не өзгеге, кейде 

тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен 

іштей  кеңесуі.  Арнауды    профессор  Қ.  Жұмалиев  үш  түрге  бөледі:  жарлай 

арнау, сұрай арнау, зарлай арнау.  

Жарлай арнау – ақын жеке адамға емес, жалпы жұртқа қайырыла сөйлеп, 

жеке адаммен оңаша емес, жалпы жұртпен жария кеңескен. 

Сұрай  арнау  –  ақын  немесе  ақын  жырға  қосып  отырған  адам  өз  ойын 

өзгеге арнап сан – сапа сауал арқылы айтып жеткізеді де, өзі сол сауалдардан 

жауап күтеді. 

Айшықтаудың бір түрі – қайталау – сөз əсерін күшейте отырып, оқырман 

назарын  айрықша  аударғысы  келген  нəрсені  не  құбылысты  бірнеше  мəрте 

қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу.  

Ғалым  З.Қабдолов  “Сөз  өнері”  атты  монографиялық  еңбегінде 

шендестіруге  мынадай  анықтама  береді:  “Фигураның  бір  түрі  –  шендестіру, 

яки  антитеза  (грекше  аntithesis  –  қарама  –  қарсылық)  –  бір  –  біріне  кереғар 



құбылыстарды,  мəн  –  мағынасы  əр  тарап  ұғымдарды,  түр  –  түсі  əр  бөлек 

нəрселерді  өзара  бетпе  –  бет  қою  арқылы  бұлардан  мүлде  басқа  бір 

құбылыстың,  ұғымның,  нəрсенің  суретін,  сыр  –  сипатын,  кескін  –  кейпін 

анықтау, аңғарту, елестету”,- деп көрсетеді. 

Əдебиет теориясын зерттеген ғалым Қ.Жұмалиев шендестіруге анықтама 

береді:  “Мағына  жағынан  бір  –  біріне  қарсы,  аралары  алшақ  жатқан:  екі 

нəрсені  бетпе  –  бет  қоюды  шендестіру  (антитеза)  дейді.  Антитезада  бір 

нəрсені  екінші  нəрсеге  қарсы  қоюмен,  үшінші  нəрсенің  қандай  екенін 

анықтайды.  Ақ  пен  қараны  қатар  қойсақ,  арасы  алшақ  екі  түс  шендескенде 

ақтың  ақтығы  анық  көрінеді.  Бұл  үшін  неғұрлым  арасы  алшақ  жатқан 

нəрселерді  бір  –  біріне  бетпе  –  бет  қойса,  соғұрлым  анықталатын  нəрселер 

күшті шығады”- деп көрсетеді. [3, 138] 

Фигураның  бір  түрі  –  дамыту,  градация  –  алдыңғы  сөзден  соңғы  сөзді, 

алдыңғы  ойдан  соңғы  ойды,  алдыңғы  құбылыстан  соңғы  құбылысты  асыра, 

асқақтата түсу. 

Аяғын топ – топ басады 

Бір төбенің тозаңын 

Бір төбеге қосады 

Кешке таман Тайбурыл 

Жын қаққанға ұқсады 

Құлан менен құлжаның 

Марал менен бұғының 

Ұзатпай алдын тосады 

Көл жағалай отырған 

Көкқұтан мен қарабай 

Көтеріліп ұшқанша 

Белінен қия басады 

                 

 

 

 



 

 (Қобыланды батыр) 

Осы үзінді қай оқырманды болмасын қызықтыра түсетіні белгілі.  

Қазақ  поэзиясында  қолдану  сипаттарына  қарап  градацияны,  шартты 

түрде,  профессор  Е.  Ысмайыловтың  үлгісімен  екіге  бөлуге  болар  еді.  Бірі  – 

түйдектету. 

Адам ол – қайырымпаз, қуанымпаз 

Жиіркенімпаз, сүйімпаз, уанымпаз 

Дариядай шалқымпаз, шаттанымпаз 

Керкетімпаз, тасымпаз, суалымпаз 

Фигураның  бір  түрі  –  сөз  орнын  ауыстыру,  яки  инверсия  –  прозалық, 

əсіресе  поэзиялық  шығармаларда  сөздердің  əдеттегі  грамматикалық  түзілу 

тəртібінен  тыс,  орындарын  ауыстырып,  өзгеше  тіркестер  құру.  Тіл  мен 

стильдегі үйреншікті машықтан бөлек бір алуан мəнер іздеп байқау үшін бұл 

тəсілді де оқта – текте орнымен қолданудың оғаштығы жоқ. 

Қазақ жазушыларының  ішінде инверсияға көбірек бой ұратын – Ғабиден 

Мұстафин.  Оның  романдарнан  жиі  ұшырайтын  ауыспалы  тіркестерге 

оқырман көзі о баста біраз тосырқай қарағанмен, кейін үйреніп кетті. 



Сапардың  Аманы.....  шаңқан  боздың  басынан  аса  секірердей,  ерінен 

көтеріле,  ұмтыла  береді  алға.......    Жанңнан  безгенін  келе  бер  -    дегендей, 

етпетінен  түсіп,  көзінен  от  шаша  күрілдеп  жатыр  көкжал......  Қайтып 

тұра 


алған 

жоқ, 


талшоқпар 

жүйемелете 

тиді 

шекеге                                                                     



(Дауылдан кейін) 

Осы үш сөйлемнің аяқталуы əдеттен тыс, үш сөйлемнің де соңғы сөздері 

өз  орындарынан  ауысып  түскен,  жазылған  емес,  сөйленген,  оқылған  емес, 

естілген сөздер секілді оқыс əсер туғызады. 

Фигураның  бір  түрі  –  сөз  тастап  кету,  яки  эллипсис  (  грекше  ellepsis  – 

түсіріп  тастау,  аттап  айту)    -  сөйлем  ішінде  немесе  өлең  шумағында  атап 

айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді əдейі жазбай тастап кету. 

Ақ  көбігің ....ақ жүзің 

Айнам еді бір қарар 

Өткізген түнім.... күндізім... 

Тербетер мені, ой салар 

Сол майдандар ..... қатты айқас 

Есіңде ме, өр Айдар? 

Өшкен құрбан .... аққан жас... 

Өтті жылдар... көп айлар... 

Осындағы  əр  ойдың  арасында  жеке  сөз  емес,  бүтін  сурет  не  үлкен 

шындық қалып қойып отыр. Айталық ақ көбік айна болу үшін тап – таза, мөп 

–  мөлдір  болса  керек.  Оны  ақын  айтпайды.  Айдарда  өткен  күн  мен  түн 

ақындытербету үшін олар – жай түн мен күн емес, ірі – ірі оқиға, шындыққа, 

сырға толы күн мен түн. 

 

Негізгі əдебиеттер: 



1. 

Ахметов К. Əдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004. 

2.  Атымов М. Идея жəне композиция. А., 1970. 

3. Байтұрсынов А. Ақ жол. А., 1991. 

4. Нұрғали Р Əдебиет теориясы.  Астана ,2004 

5. Жұмалиев Қ. Əдебиет теориясы. Алматы, 1970 

6. Əдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы, 1998 

 7. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Жазушы, 1983 

 8.Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978 

9. Байтұрсынов А. Əдебиет танытқыш. – Алматы, 1989ж. 

10. Алпысбаев Қ. Көркем шығарманы талдау жолдары. – Алматы,    

1995ж. 


 

  Қосымша əдебиеттер 

11. Əдібаев Х. Көкжиек. А., 1977. 

12. Тілепов Ж. Тарих жəне əдебиет. А., 2001. 

13. Рахымжанов Т. Романның көркемдік əлемі. А., 1997. 

14. Серікқалиев З. Ақ жол. А., 1990. 

15. Мүсірепов Ғ. Заман жəне əдебиет. – Алматы, 1982ж. 

16. Жұмалиев Қ. Стиль - өнер ерекшелігі. – Алматы, 1966ж. 



17. Тəжібаев Ə. Өмір жəне поэзия. – Алматы, 1960ж. 

18. Тимофеев Л. Основы теории литературы. – Москва, 1976ж. 

19. Горький А. Əдебиет туралы – Алматы, 1984ж. 

20. Хасенов М.  Ұнамды образ жəне типтендіру. – Алматы, 



1966ж. 

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал