Жұмабек кенжалин қалам қанаты



жүктеу 2.6 Kb.

бет2/22
Дата31.01.2017
өлшемі2.6 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

ЕҢСЕҢДІ КӨТЕР, ЕР ҚАЗАҚ!
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: 
«...Біздің  де  ұлы  мақсатымыз – 
бейбітшілік  пен  рухани  келісім.  Егер 
біздің  үш  даңқты  билеріміз  Төленің, 
Қазыбектің,  Əйтекенің  өз  заманындағы 
ең  асқақ  мұраты  барлық  қазақтардың 
бірлігі болған болса, сол мұрат біздің за-
манымызда  да  ең  басты  мақсат  болып 
қала береді...»
«Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, 
тірісінің өсектен аманы жоқ»
Алаш  аспанында  Тəуелсіздік  туы  желбірегеніне – жеті 
жыл. Бір қарағанда қас қағымдай уақыт. Ал енді оның өн 
бойына  үңіле  қарасаңыз,  жетпіс  жылдық  тарихқа  жүк  бо-
лар  уақиғаларды  безбендеп  тұрғанына  көз  жеткізесіз. 
Өркениетке  ұмтылған  мемлекеттілікті  қалыптастыру, 
əрине, оңай емес.
Сіз бен біздің, қадірменді оқырман, басты бақытымыз – 
алмағайып түсіп жатқан сол оқиғалардың куəгері ғана емес, 
кейіпкері  болғандығымызда.  Ал  ең  бастысы – қос  ғасыр 
тоғысында тіршілік кешіп, ежелгі қазақ жерінде Қазақстан 
деп аталатын мемлекетті құру, қалыптастыру, соны сезіну, 

17
тұшыну  бақытынан  асқан  қандай  сый  таралғысы  болуы 
мүмкін тағдырдың.
Тəуелсіздік  туы  желбіреді  дегенімізбен  алынар  асу  əлі 
алда.  Бұрын  тек  қана  өзгенің  ықпалымен  қойын  құрттап, 
малтасын ұрттап келген халқымыз енді екі үрдісте қимыл 
көрсету  керек-ақ.  Мемлекеттің  ішкі  шаруа  жайымен  қоса 
енді сыртқы қауіпсіздік мəселесін шегендеп, қалт жібермей 
қадағалап отырмаса тағы болмайды.
Бұрын одақ кезінде сыртқы саясаттың  тізгіні өзгеде бол-
ды. Оның жай-жапсарына көбінесе бас ауыртып жатпадық. 
Ал  қазір  басқаша.  Домбыраның  қос  ішегіндей  сыртқы  са-
ясат  пен  ішкі  шаруашылық  мəселесін  ұдайы  үндестікте 
шешіп  отырмасаңыз,  орны  толмас  өкінішке  ұрынарыңыз 
хақ. «Тəуелсіздік», «Бостандық», «Демократия» деп атала-
тын  ұғымдардың  таразы  басына  тартылары  да,  міне,  осы 
тұс болмақ.
Ақиқаттан айналып өте алмайсың. Сыртқы саясат деген-
де, біз мұхиттың арғы жағындағы Америкамен барыс-келіс, 
алыс-беріс мəселесімен ғана шектелмесек керек. Сыртқы са-
ясат, ең алдымен, іргелес елмен арадағы ағайындық аралас-
құраластықпен өлшеп-пішілсе керек. «Тəңірі ақысы,  көрші 
хақысы», «Көршің  үшін  намазыңды  бұз»  деген  қанатты 
қағидалар осындайдан келіп шыққан.
Ал бірақ өзің Құдайдай сеніп отырған көршіде маза бол-
маса,  шаруашылығы  шатқаяқтап  жатса  ше?  Ол  тілеулес 
бола  ала  ма,  жоқ  па?  Міне,  гəп  қайда?  Баяғыдай  асымыз-
ды  ішіп,  аяғымызды  теппесіне  кім  кепіл? (Горбачевтің 
тақтан  тайып  бара  жатып  Қазақстанның  солтүстігіндегі 
бес  облысымызды  даулауы...  Солженыциннің  сыңар  езу 
мылжыңдары...). Бұл – бір. Еліміздің бас қаласын Алматы-
дан  Астанаға  еріккеннен  көшірмеген  болармыз.  Мұны  екі 
деп бармағыңызды бүгіп қойыңыз.
Рас, экономикамыз дүр сілкініп кетті деп айта алмаймыз. 
Ескі  жүйеден  шаруашылық  механизмдерін  жаңа  арнаға, 
соны  рельске  көшіру  оңай  емес.  Ал  бірақ  соның  бəрінің 
алғышарттарын  жасау  басында  Президент  Н.Назарбаев 

18
тұрды.  Ендеше,  бұл кісі  бастаған ісін  баянды етуі  керек.
Президент  сайлауы  не  үшін  қажет  дегенде,  қазекем 
отырып  алып  əңгімені  сан-саққа  жүгіртеді-ай  кеп.  Гу-
гу  сөз.  Өнбейтін  əңгіме  соңындағы  өзеуреулер.  Ал  бірақ 
көзіқарақты  кісі  мынаны  пайымдар  еді:  Президент  сайла-
уы – Тəуелсіздігіміздің  тұғырлы  болуы  үшін  қажет.  Егер 
ақиқаттан айналып өте алмайтындығымыз рас болса, осы-
ны мойындауымыз керек. Бұл дəл қазіргідей ғаламдық сая-
си ойындар ары тарт та, бері тарт болып, өлара шақ деп ата-
латын ұғымның өңмеңдеп алға ұмтылған сəтінде айрықша 
қажет. Бұл жоғарыда айтылған ерекшеліктерден туындай-
тын қажеттілік.
Баяғыдай  төбеңде  тоқпақ  ойнамасын  десең,  ойлан, 
қазақ!  Таз  қалпыңа  түскің  келмесе,  ойлан,  қазақ!  Ал  енді 
мақаламыздың тақырыпшасындағы қанатты қағида қазақы 
болмыстың  бір  белгісі.  Бұған  дейін  де  сайлаулар  болған. 
Қайран  Абай  да  зар  илеген.  Міржақып  та  мұңын  шаққан 
Алашына  аласұрып.  Қазір  де  солай.  Сайлауда  кім  не 
демейді?! Кімнің аузына қақпақ болғандайсың.
Аруақ сыйлаған халықпыз ғой. Өлілерге тіл тигізбейміз. 
Сондықтан да о дүниеліктердің жаманы жоқ. Ал қыбырлап 
тіршілік жасап жүргеніміздің өсектен аманы жоқ. Қайтеміз. 
Сайлау  ғой  дейміз.  Ал  бірақ  сайлау  талайлардың  бет 
пердесін  сыпырып  тастарын  ұмытпаңыз.  Иə,  сайлау  да 
өтер...
Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаевтың Батыс Қазақстан 
жəне  Оңтүстік  Қазақстан  өңірлерін  аралаған  тұстарында 
осы  бір  ой-жосықтары  көңіл  түкпірінде  кестеленіп  жатып 
еді.
«Ақ жол», Ақжайық жəне Ақұштап
Қазақтың айтулы ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева ел 
арасында жүр. Ал Ақжайық – ақынның атамекені. Бұл – күй 
құдіреттері  Құрманғазы  мен  Дəулеткерейдің,  Сейтектің, 
көмейіне  бұлбұл  қонақтаған  Мұхиттың,  халқымыздың 
біртуар  перзенттері  Бақытжан  Қаратаев    пен  Ғұмар 

19
Қарашевтің    атамекені.  Бұл – қазақ  сөз  өнерін  семсердей 
шыңдаған  Махамбеттің,  поэзия  əлемін  өзінше  айшықтап, 
əспеттеген  Жұбан  Молдағалиевтің  кіндік  қаны  тамған 
өңір.  Мəселе  бұл  өңірдің  осыншама  кесек  тұлғаларды 
дүниеге əкелгендігінде ғана емес, əңгіме Ақжайық өңірінде 
ерлік  пен  елдіктің  туы  желбірегендігінде.  Бұл  пікірдің 
салмағы  облыстық  шет  мемлекетпен  шекаралас  аймақта 
орналасқандығын  ескерсек,  тіпті  еселене  түспек.  Жасыра-
тын несі бар, əне бір жылы «Азат» қозғалысы мүшелері мен 
казактар арасында дүрдараздық едəуір қобалжу туғызғаны 
белгілі.  Қазір  жер  бетіндегі  ірілі-ұсақты  болып  жатқан 
қантөгіс  жанжалдардың  бастауына,  міне,  осы  секілді 
шарпысулардың түрткі болғаны мəлім. Шүкір, қазір ол алы-
стады. Оның тамырына балта шабылды десе де болғандай 
(Орал  казактарының  атаманы  А.Тихонов  жұртты  осыған 
сендіріп  жүр).  Бірақ,  бейқам  отыруға  тағы  болмайды.  Біз 
үшін ежелгі қазақ жерін мекендеген ұлттар мен ұлыстардың 
ауызбірлігін баянды етуден өткен маңызды мəселе жоқ. Ел-
басы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сайлау алдындағы қалың 
бұқарамен кездесу сапарларын дəл осы өңірден бастауының 
айрықша мəні осы еді.
Президенттің    Батыс    Қазақстан    аграрлық  универси-
тетінде  өткен  кездесуінде  тəуелсіздігіміздің  жеті 
жылдығына  барлау  жасалды.  Терең  мəнді  топшылаулар 
түйінделді. «Неден ұттық? Неден ұтылдық?» деген əңгіме 
таразы  басына  тартылды.  Алқалы  мəслихатта  сөз  алған 
Хакен  Көбейсіновтің,  Төлеген  Қолдашевтың,  Ақсəуле 
Шоқанаеваның пікірлері ортақ мүддемен орайласып жат-
ты.
Биыл  бұл  өңір  бұрын-соңды  болып  көрмеген 
қуаңшылықты бастан өткізіпті. Егін күйіп кеткен. Жаздың 
елу  градусқа  жеткен  аптабы  қолдағы  барын  талғажау 
етіп  отырған  халықты  сансыратып  кеткен.  Облыс  əкімі 
Қ.Жақыпов  мұны  жаны  ауыра  айтты.  Ал  бірақ  жағдай 
осылай  болды  екен  деп  іс  басындағы  азаматтар  қарап 
қалмапты.  Облыстағы  «Диана», «Надежда», «Зенит», «Ба-

20
тыс»  акционерлік  қоғамдары  мен  іргелі  кəсіпорындардың 
қазіргі аяқ алысы үміт сəулесін оятады. Қысқа əзірлік жақсы 
екен. Ал «Асан» агрофирмасы туралы ерекше айту керек. 
Оның  бас  директоры – Владимир  Асанов.  Орал  қаласына 
іргелес  жатқан  бұл  ірі  фирмада  бір  мың  жеті  жүзге  жуық 
адам жұмыс істейді екен. «Асанның» 22 мың гектар егістік 
алқабы бар. Оның «Асан – дəн», «Асан – құрылыс», «Асан – 
сервиз» деген бөлімшелері жылма-жыл пайда қорын молай-
тып келеді. Ал бас директор Владимир Байтениязұлының 
қарымына өзгелер де қарық, өзі де разы.
Ел  өміріндегі  бетбұрысты  кезеңде  есті  ақындар 
қашаннан  еліне  қолұшын  созған.  Ақұштап  ақынның  бұл 
сапарын  да  дəл  осылай  ұғындық.  Əлгіндегі  біз  тілге  тиек 
еткен  əңгімелер  оның  да  қойын  дəптерінде  қатталғаны 
анық.  Президенттің  жұртшылық  өкілдерімен  кездесуінде 
Ақұштап та сөз алды. Сөз алғанда өйтейік деп, бүйтейік деп 
желдіртіп  өте  шыққан  жоқ.  Елбасына  ел  көңіліндегі  сөзді 
жеткізді.
 – Алыстағы айшылық Алматыдан осында еріккеннен ат 
сабылтқаным жоқ. Өлара шақта, өзекті мəселе қолға алынар 
сəтте  ел  ортасында  болуды  парызым  деп  білдім.  Алматы-
да  «Ақ  жол»  деп  аталатын  қозғалыс  құрылып  еді.  Соның 
үндеу  хатына  қол  қойған  кісінің  бірі – мен. «Ақ  жолдың» 
Ақжайық  зиялыларына  айтар  сөзін  ала  келдім.  Ол  сөз – 
бас-басымызға би болмай алты бақан алауыздыққа ұрынып 
қалмасақ деген тілектен өрбіп еді. Президентіміз біреу бол-
са, өзгеміз соған тіреу бола білейік.
Ақынның бұл тілегіне біздің де алып-қосарымыз жоқ.
Ордабасы: арманды тілек, жүрек лүпіліне 
қанат байлаған шақ
Ордабасы – ұлт  рухын  ұлығылау  Отаны.  Ал  ұлт  ру-
хын  асқақтату  дəл  бүгінгідей  өлара  шақта    айрықша 
маңызды.  Тіршіліктің  қым-қуыт  қиындығы  тұс-тұстан 

21
анталаған  сəтте  пендешілік  пиғылға  бой  алдырып  жата-
тын  жағдайымыз  да  жоқ  емес.  Əнебір  жылдар  елесін  там-
сана  еске  алып  жататындар  да  баршылық.  Аздаған  уақыт 
қиыншылыққа  бой  алдырып,  тəуелсіздіктің  тағдырын 
тəлкекке салғысы келетіндер осындайдан шығады.
Ал Ордабасы талайларды тəубесіне келтіріп, оң-солына 
бағыт-бағдар беріп, елдік пен ерліктің ұранын асқақтатын 
қасиетті мекен. Ордабасы дегенде, елең етпейтін Алаш ба-
ласы жоқ. Ендеше, көне тарихқа көз жіберіп көрейікші бір. 
1723 жылы жоңғарлардың жер қайысқан қалың қолы қазақ 
жеріне баса көктеп кіріп, оның едəуір бөлігін басып алғаны 
белгілі.  Бұл  кезең  халқымыздың  тарихындағы  қасіретті 
жылдар еді. Төле би, Қазыбек би, Əйтеке би 1726 жылдың 
көктемінде үш жүздің өкілдерін – барлық хандарды, Ертіс 
өзені  мен  Атырауға  дейінгі  аралықтағы  қазақ  халқының 
сұлтандары  мен  батырларын  Ордабасыға  жинады.  Өз 
сарбаздарының басын біріктіріп, бірегей бас қолбасшысын 
таңдап, қазақ халқы өз жерінен жоңғар əскерін ығыстырып, 
қуып шығып жеңіске жетті.
Халқымыздың 
тарихында 
осындай 
оқиғалармен 
өңірі  өрнектелген  Ордабасының  бүгінгі  шежіресі  бы-
лайша  үн  қатады: 1993 жылы 28-мамырда  Қазақстан 
Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың 
бастамасы  бойынша  үш  жүз  өкілдерінің  бас  қосқанының 
270  жылдығын  мерекелеу  жəне  ұлы  билерді  еске  алу 
күндері  өтті.  Оған  Қырғызстан,  Өзбекстан  Президенттері 
де шақырылды. Осы кездесуде XVIII ғасырдың даңқты үш 
биінің есімдерін мəңгі есте қалдыру үшін Ордабасыда мо-
нумент  орнатылатын болып  белгі тас қойылды.
Қазақстан  Республикасы  Президентінің 1993 жылғы 
Жарлығына  сəйкес  Оңтүстік  Қазақстан  облысының 
аумағында  көлемі 1134 гектарлық  тарихи,  мəдени  жəне 
табиғи «Ордабасы қорығы» құрылды.
1996 жылғы 19-қыркүйекте Ордабасы монументінің ашы-
лу  рəсіміне  Нұрсұлтан  Назарбаев  қатысты.  Бұл  монумент 
үш бабамыздың – үш бидің асқақ тұлғаларын бейнелейтін 

22
үш пилоннан тұратын, биіктігі 24 метрлік əрқилы бүйірлі 
үш  бұрыш  түріндегі  конструкция.  Халықтық  құрылыс 
атанған бұл монументтің бой көтеруіне жеке азаматтардың, 
кəсіпкерлік жəне коммерциялық құрылымдардың, əртүрлі 
меншік иелерінің шын ықыласты ниетпен ұсынған қаржысы 
жұмсалған.
Келелі бір мəселені қолға аларда ата-баба аруағына сый-
ынар – ежелгі  дəстүріміз.  Халқымыздың  біртуар  перзенті 
Нұрсұлтан  Назарбаевтың  Ордабасыға  келіп,  ел  абызда-
рымен  сұхбат  құруының  да,  міне,  осындай  мəні  бар  еді. 
Кездесуді  облыс  əкімі  Қалық  Абдоллаев  ашып,  еліміздің 
дəулеті мен сəулетін нығайтуға үлес қосып отырған оңтүстік 
қазақстандықтардың  бүгінгі  тыныс-тіршілігіне  тоқталды. 
Өнеркəсіп  өнімін  өндіру  өткен  жылмен  салыстырғанда 
6,5%-ға өскен. 39 кəсіпорын қайта іске кірісіп, 9 мың адам 
жұмыс орнына ие болған. 3292 шаруа қожалығы құрылған. 
Мал  саны – ірі  қара 4%, шошқа 2%, қой  мен  ешкі 3%-ға 
өскен.
Мұнан  соң  ардагерлер  сөз  алды.  Əсіресе,  Əбіл 
Сасбұқаевтың,  В.И.Немчинконың,  С.Мұхамеджановтың 
ойлы пікірлері зерделі жүрекке жетіп жатты. Ақын Қаныбек 
Сарыбаев  өзінің  жүрек    лүпілін  жыр  шумақтарымен 
жеткізді. Дəл сол күні Табиғат-ана да айрықша мейірленіп 
шуағын  төгіп  тұрды.  Ордабасыдағы  кездесуге  қатысқан 
халайық жан жадыратар сұхбатқа риза болғандықтарын өзге 
жұртқа, ауыл-ағайынға, тума-туысқа жеткізуге асыққандай 
көңілмен тарасып жатты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың М.Əуезов атындағы Оңтүстік 
Қазақстан  Мемлекеттік  университетіндегі  кездесуі  де  
жұртшылық  есінде  айрықша  сақталуы  тиіс.  Кездесу-
де  сөз  алған  ғалым  Мекемтас  Мырзахметовтың,  Сайрам 
ауданындағы  №4  балалар    үйінің  директоры  Ханымбүбі 
Əбдіқадырованың, 
студент 
Мария 
Загоруйконың 
шын  ықыласпен  айтқан  сөздері  кім-кімді  де  бейжай 
қалдырмағаны сөзсіз. Шын жүректен шыққан сөз қашан да 
халық жадында.

23
Президенттің 
жауапкершілігі 
шектеулі 
«Сапар» 
өндірістік коммерциялық жекеменшік фирма серіктестігінің 
«Бамзик-центр»  сауықтыру  кешеніндегі,  Мақтаарал 
ауданындағы  «Контал»  жабық  акционерлік  қоғамы 
ұжымындағы кездесулері айрықша əсерлі де мəнді болды.
Түркия: той табағын əдіптеген ой санағы
Түрік  елінің  тағдыр-талайы  қазір  екінің  біріне  мəлім 
десек  қателеспеппіз.  Тəуелсіздік  тізгіні  қолымызға  тигелі 
бері  барыс-келіс  көбейді.  Алыс-беріс  те  сол  қарайлас. 
Қаламгер  ағайынның  талайын  тамсандырып  еріксіз  қолға 
қалам алдырғаны тағы бар. Қысқасы, бір қарағанда Түркия 
туралы  не  жазсаңыз  да  ешкімді  де  таңғалдыра  алмайтын 
секілдісіз. Дей тұрсақ та, əр сапардың өзіндік əсері, жоба-
жүйесі тағы бары белгілі.
Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  бұл  жолғы  сапа-
ры  Түрік  мемлекетінің 75 жылдығына  орайластырылған 
екен.  Осы  тойға  түрік  ағайындар  əлемнің  жүз  жетпіс  бес 
елінен қонақ шақырған. Президентіміздің  бұл салтанатқа  
айрықша  мəн  беруінің  өз  сыры  бар.  Кезінде 1991 жылғы 
16-желтоқсанда  Түркия  Қазақстан  тəуелсіздігін  бірінші 
болып  таныған  ел  еді.  Содан  бері  екі  елдің  арасындағы 
ынтымақтастық 
əлеуметтік-экономикалық 
саладағы 
ықпалдастықтың  жаңа  арнасына  көтерілді.  Айталық, 
Қазақстан мен Түркия арасындағы былтырғы жылғы тауар 
айналымы 376 миллион АҚШ долларына тең болды. Бұл – 
бір. Екіншіден, осы мереке тұсында өзге де тілектес, ниет-
тес мемлекеттердің басшылары бас қосып, көкейде жүрген 
көптеген мəселелерді шешудің ыңғайы келмек.
Түркияда  өткен  екі  күн  осылай  ойлағандай  болып 
шықты.  Анкараға  Əзірбайжан  Президенті  Г.Алиев,  Гру-
зия  Президенті  Э.Шеварднадзе,  Өзбекстан  Президенті 
И.Каримов,  Қырғызстан  Президенті  А.Ақаев,  Тəжікстан 
Президенті  Э.Рахмонов  жəне  Түрікменстан  Президенті 
С.Ниязов  келді.  Осынау  Елбасылары  басқарған  деле-

24
гациялар  Ататүрік  кесенесіне  барып  тəу  етті.  Ал  Түрік 
Президенті С.Демирел Парламент сарайында мерекеге кел-
ген делегация басшыларының құттықтауларын қабылдады. 
Қазақстан    Президенті 75 жылдық  мерекеге  деп  қыран 
бүркіттің бейнесі салынған күміс табақты сыйға тартты.
Ашығын айту керек, Қазақстан Президентінің Түркияға 
бұл  жолғы  сапарында  Ататүрік  негізін  салған  мемлекеттің 
75  жылдық  тойын  тойлаудан  гөрі  мүдделі  мəселелерді  ше-
шуге  деген  ұмтылыстың  салмағы  басым  жатты. «Анка-
ра  декларациясы»  қабылданды.  Бұл  құжаттың  да  мəні 
зор  еді.  Оның  негізінде  Баку-Жейхан  мұнай  құбырын  тар-
ту  мəселесі  алынған  еді.  Осы  құжатты  қабылдар  алдын-
да,  тіпті    одан  кейін  де  көп  жақты,  екі  жақты  келіссөздер 
жүрді.  Ал  əр  келіссөздің  қыруар  күш-жігерді,  мəмлегерлік 
қабілет-қарымды  қажет  ететіні  тағы  бар.  Президент  Назар-
баев «Анкара декларациясына» бір мəселені еске сала оты-
рып  қол  қоятындығын  мəлімдеді.  Жоғарыда  біз  атап  өткен 
мұнай құбыры Батыс Қазақстан-Баку-Жейхан желісінде са-
лынуы керек. Бұл жобаға Батыс Қазақстан қатыспайынша ол 
рентабльді болмақ емес. Елбасымыздың  пікірінше, Қазақстан 
мұнайын  Ақтаудан  алғашқы  кезекте  Бакуге  дейін  танкер-
лермен жеткізуге болады. Ал екінші кезекте Каспий арқылы 
құбыр  салуды  бастау  керек.  Президент  Назарбаев  тағы  бір 
мəселені  қадап  айтты.  Осы  мұнай  құбырымен  қапталдас 
Қазақстанның  Түркияға  Қарашығанақ  газын  жеткізетін 
құбыр  да  салынуы  тиіс.  Өйткені  біздің  елімізде  табиғи 
газдың мол қоры бар. Ал Түркия газға деген қажеттілікті ау-
адай  сезініп  отыр.  Қысқасы,  Түркияға    20  миллиард  текше 
метр газ берудің мүмкіндігін жүзеге асырудың бір көзі осы.
Президент Н.Назарбаев АҚШ-тың Энергетика министрі 
В.Ричардсонды  қабылдаған  кезінде  осы  мəселе  егжей-
тегжейлі  талқыланды.  Америка  министрі  Қазақстан  Ел-
басына  Б.Клинтон  мен  А.Гордың  сəлемін  жеткізді.  Бұл 
мəселеге олардың айрықша ықыласты екендігін айтты. Осы 
кездесу  қорытындыларына байланысты өткізген баспасөз 
мəслихатында  Президенттің  баспасөз  хатшысы  Асылбек 

25
Бейсенбаев  АҚШ  министрі  Америка  жағы  осы  жобаны 
тезірек қаржыландыруға мүдделі екендігін білдірді деді.
Түркияға сапар кезінде еліміз экономикасы үшін үлкен 
бір  табыс  көзі  болғалы  отырған  бұл  жоба  базбіреулер  ай-
тып  жүргендей  КТК-ға  балама  еместігін  Елбасы  атап 
көрсетті.  Батыс  Қазақстан-Баку-Жейхан  мұнай  құбыры 
жобасы  КТК-ны  толықтыратын  жоба.  Мұны  саяси  ойын 
объектісіне  айналдырудың  қажеті  жоқ.  С.Демирелге 
Н.Назарбаев  мерекемен  құтты  болсын  айтып  қана  келген 
жоқ. Іскерлік мəселенің бұл жолы да шешімі табылды. Түрік 
жағынан берілетін 200 миллион АҚШ доллары несиесінің 
тағдыры шешілді. Оның 25 миллионы Түркістан қаласына 
жұмсалмақ.
Елдік  мұрат  пен  мүдде  үйлесім  тапқан  сапардың  бір 
нəтижесі, міне, осындай еді.
«Ташкент пен Астана арасындағы 
ынтымаққа сызат түспейді»
Бұл  Өзбекстан  Президенті  Ислам  Каримовтың  сөзі.  Ол 
журналистің екі ел арасындағы қатынасқа алаңдаушылық 
білдірген  сұрағына  осылай  деп  жауап  берді  де,  əңгімесін 
одан əрі жалғап кетті.
– Екі ел арасындағы жағдай температурасын ушықтыруға 
деген ұмтылыс үшінші бір жақтың пиғылынан туындайты-
нын жасыра алмаймын, – деді. – Біздің кейбір əріптестеріміз 
мəселе өздерінің оң жамбасына келмеген сəтте сөз жүгіртуді 
тағдырлас  екі  ел  арасына  салқындық  ызғарын  əкелуді 
дəстүрге айналдырғаны ешкімге жасырын емес.
Мұнан  соң  осы  елге  ресми  сапармен  келген  Қазақстан 
Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаев  Каримовтың  сөзін 
орнықтыра түсті.
–  Сол  себепті  де  біз  сыпсың  сөзден,  қолдан  жасалған 
дүрдараздықтан  аулақ  болу  үшін  де  Мəңгілік  достық 
шартқа қол қойдық, – деді ол.

26
Қазақстан бұдан бұрын да бірер мемлекетпен дəл осын-
дай шартқа қол қойған еді. Қырғызстанмен, Ресей Федера-
циясымен қол қойылған осындай құжаттар іргелес елдердің 
өзара  ынтымақта  өмір  сүруіне  кепілдік  береді  деген  үміт 
бар.
Ал  Өзбекстанмен  Мəңгілік  достық  шартына  қол  қою 
нендей  мəселелерден  туындап  еді.  Ең  алдымен – тарихы-
мыз бір. Тағдырымыз бір. Іргелес елміз. Сондықтан да бо-
лар  ауылымыз  аралас,  қойымыз  қоралас  жатты.  Несі  жа-
сырын,  төсекте  басымыз,  төскейде  малымыз  бір  болды. 
Екі  елдің  алыс-беріс  шаруашылығында  үміттендіретін 
жағдаяттармен  қоса  əлі  де  болса  бір  қайнауы  ішінде 
мəселелер  бары  рас.  Айталық,  екі  ел  арасындағы    тауар 
айналымы  үстіміздегі  жылдың  қаңтар-тамыз  айларында 
130  миллион  АҚШ  долларын  құрады.  Бұл  өткен  жылдың 
осы мерзімімен салыстырғанда 15 пайыз азайған деген сөз. 
Өткен  жылмен    салыстырғанда  экспорт  пен  импорттың 
да  көлемі  көңіл  көншітерлік  емес.  Мəселен,  Қазақстаннан 
Өзбекстанға сатылатын астық мөлшерінің күрт  төмендеуі 
алаңдатарлық.  Ташкент  ГРЭС-інен  пайдаланылатын  қуат 
көздері нарқының өсуі Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби аудан-
дарында жергілікті желілерді құру үшін қоысмша қаражат 
көздерін іздестіруді қажет етіп отыр.
Руханият саласында да шешімін күткен шаруалар шаш 
етектен. Өзбекстанда қазақ диаспорасының бары белгілі. 
Олардың балалары үшін мектеп ашу, оқу-құралдарымен 
қамтамасыз  ету  ісі  де  айдарынан  жел  есіп  тұрған  жоқ. 
Мұндағы  ағайындар  Қазақстанда  шығатын  газет-жур-
налдарды оқи алмай отырмыз деп зар илейді. Бұл мəселе 
де  екі  жақты  келісім  арқылы  шешілмесе  іс  оңға  басар 
емес.
Осының бəрі кезек күттірмес мəселелердің бір шоғыры 
ғана.  Мəңгілік  достық  туралы  келісім  шартқа  қол 
қойылғаннан  кейін  екі  елдің  арасындағы  көңілге  көлеңке 
түсіреді-ау  дейтін  жағдаяттардың  барлығы  тиянақты 
зерттелуі керек.

27
Көңілге бір медеу тұтатындығымыз осы көшелі бір істің 
бастамасы ретінде Өзбекстаннан Қазақстанға берілетін  газ 
нарқының төмендетілгені. Айталық, күні кешеге дейін мың 
текше  метр  газдың  құны 60 АҚШ  долларына  тең  болса, 
ендігі  жерде  ол 38,5 АҚШ  доллары  көлемінде  белгіленіп 
отыр.
Осы Ташкент сапарынан қайтар жолда Президент Назар-
баев  Оңтүстік  Қазақстан  облысында  болып,  жұртшылық 
өкілдерімен  кездескен  болатын.  Сонда  қайысқан  қалың 
жұрттың алдында Өзбекстанмен арадағы мəселелерді тал-
дап, таразылай келе: «Ендігі жерде газ атаулыдан қысылып-
қымтырылмайтын боласыздар» деп мəлімдеді. Елбасының 
бұл мəлімдеуі өткен жылы қақаған қыстың күнінде жылу-
сыз  жаураған  жұрт  мойнынан  бір  ауыр  жүкті  түсіргендей 
болды.
Екі ел Президенті бір-біріне қалтқысыз көңілдің айғағын 
дəлелдеді.  Өзбекстан    Республикасы  Президентінің 
Жарлығымен  Нұрсұлтан  Назарбаевқа  ең  жоғары  награда 
«Биік қызметі үшін» ордені тапсырылды.
Алматы – Астана – Орал – Анкара – Ташкент – 
Шымкент – Алматы.
1998 ж. 
«БОЛЫС БОЛДЫМ МІНЕКИ, 
БАР МАЛЫМДЫ ШЫҒЫНДАП...»
Ақылман  Абайдың  əр  сөзінен  пəлсапа  өрбітетін 
жағдайда  отырмыз  қазір.  Еріккеннен  емес,  əрине.  О  заман 
мен  бұ  заманның  жылнамалық  уақыт  айырмасы  болмаса 
қазақы ойлау болмысында əйтеуір бір ұқсастық бар. Фор-
масы өзгергенмен мазмұны бар. О кезде де «аз қазаққа көп 
партия  не  керектің»  жыры  жырланған.  Сайлауда  сабылыс 
болған. Əрі тарт та, бері тарт. Онан соң арыз-арман айтылған  

28
(«Қазақ» пен «Айқаптың» мұны толғамаған мақаласы кем 
де кем-ақ шығар).
Сəл  шегініс  жасауымыздың  мəні  болып  тұр.  Біз  де  бас 
сайлауды  өткіздік.  Көңіл  орнына  түсті.  Түтініміз  түзу, 
іргеміз бүтін. Шүкіршілік.
Араға аз-кем уақыт түскеннен соң əкімдер де атқа қонды. 
Сол екі ортада облыс əкімдерінің тағдыр талайы сан-саққа  
жүгіртілді. Бал ашып, көріпкелдік жасамаған газет-журнал 
қалмады десе де болғандай. Күнде айғайлап, редакцияларға 
жалаулатып  жетіп  жататын  зейнетақы  мен  жалақының 
дау-шары  да  екінші  кезекке  сырғыған.  Енді,  міне,  сəл-пəл 
ақылға, сарапқа салатын сəт келді.
«Əкімдер ант берсін!» деп жазды «Егеменде» Шерағаң. 
«Əкімдер халқына жақын болмай тұр» деп жазды екінші бір 
газет. «Əлəулəйлім  таусылса,  халаулайлым  тағы  бардың» 
кері  ғой  бұл»  деп  торықты  үшінші  бір  мұңлық.  Қалай 
болғанда да осының бəрінің негізі бар əңгіме. Əкімдеріміз 
əділдіктің туын желбіретіп, қара қылды қақ жарып жатса, 
мұндай сөз айтылар ма еді, айтылмас па еді?!. Əрине, көпке 
топырақ шашу əбестік. Дегенмен, бір құмалақтың бір қарын 
майды шірітетіні ақиқат.
Сонымен,  қалай  болғанда  да  əкімдер  атқа  қонды. 
Олардың  тұлпар  тізгінін  қалай  тартып  мінгенінде  біздің 
шаруамыз  жоқ,  ал  бірақ  өзімізді  толғандырған  мəселе 
төңірегінде  пікір  білдіру  парыз.  Себебі, «Айтпаса  сөздің 
атасы өледі».
Əкімдер командасы
Бұл – кадр  саясатын  қалай  қалыптастырамыздың 
əлқиссасы.  Тəуелсіздіктің    жеті  жылында  жүйкемізді 
жеген  мəселелер  хақында  жанымызды  ауырта  отырып 
мойындайтын  бір  ақиқат  туралы  айтпай  кетуге  болмас. 
Жұмысымыздың  ыңғайымен  ел  ішіне  шығамыз.  Жер 
аралаймыз.  Сонда  «Аузы  қисық  болса  да  байдың  бала-
сы  сөйлесіннің»  куəсі  боламыз.  Іс  сосын  қайтіп  оңады. 
Қалтасының қамын ойлаған əкімнен не үміт, не қайыр. Ел 

29
ішінен арыз-мұңын  шағып келген  бейбақтар үшін аудандық 
əкімшіліктердің  есігі  тас  керең  жабық.  Сөйлесе  қалған 
күннің  өзінде  үстел  сықырлатып,  ыңыранып  сөйлеген 
əпербақандар  біріне-бірі  сілтейді.  Шаруа  шешілмейді 
сөйтіп.  Осылайша  баяғы  отыз  ауданда  күн  артынан    күн 
өтіп жатады сырғып. Ал «командаластар» дүркіреп келеді. 
Ішеді, жейді. Қайта дүркіреп кетеді...
Қазіргі  бишікештердің  ел  аузындағы  «образы»  толық 
қалыптасып  болды  деуге  болады.  Кімдер  олар?  Осыдан 
4-5 жыл бұрын мемлекеттен кредит алып, əкесінен қалған 
дəулеттей соны ерсілі-қарсылы шашқандар. Коммерцияның 
күні ауған соң, енді мемлекеттік қызметті шаужайлағандар. 
Себебі      кесімді  айлықақы  бар.  Айлық  болғанда  қандай. 
Қолдарында  ұялы  телефон,  аузы  балжаң-балжаң  етеді – 
сағыз. Кеңселерде кердең қағып жүргені қазір. Ал ұлттық 
рух, діл, дін, тіл мəселесінің бірін қақпайды.
Шіркін,  Биағаң – Бейімбет  ағамыз  қайта  тіріліп  келсе, 
осының бəрі көркем əдебиетте кестеленіп қалар еді дейсіз. 
Ал  қазіргі  қазақ  қаламгерлері  осының  бəрін  көріп-біліп 
отырып асығар емес...
Бұл  бүгінгі  күннің  ақ  пен  қарадай  шындығы.  Əкімдер 
ендігі жерде азаматтың халықшылдығына, отаншылдығына 
қарап  серіктестер  жасақтаса.  Бұл  бір  арман,  əрине.  Осы-
дан  екі-үш  күн  бұрын  шамасында  қазақ  əлеуеті  Өзбекəлі 
Жəнібековтің  жарқын  бейнесін  еске  түсірді.  Ардагер-
лер  үйіне  ескерткіш-тақта  орнатылды.  Өзекеңнің    пара-
сат  өлшемі,  азаматтық  тұлғасы  туралы  көп  айтылды.  Бұл 
дұрыс  та.  Себебі  осындай  əңгімелер    Өзекең  рухындағы 
ұрпақ  тəрбиелеу  үшін  керек.  Ғажабы  сол,  қазақ  жұрты 
міне, бүгінгідей өтпелі, өлара кезінде ұлт ұстазына айналар 
осындай  біртуарларға сусап отыр. Ал дүниауи тіршіліктің 
өшпес-өнбес  қиқым-сиқымынан  гөрі  ұлы  мұратты 
ұлығылай білген Өзбекəлі Жəнібеков «командалық басқару 
стилі» дейтін штампқа сыймайтын халқымыздың ірілерінің 
бірі еді. Торғайда болды:  көзіміз көрді – көненің көзіндей 
жəдігерлерді    жиыстырды.  Табанынан  тозып  ел  аралады. 

30
Торғай халқын өз тарихымен табыстырып кетті. Алматыға 
келді: мұражайлардың мəртебесін асырды. Ұлттық өнердің 
өркендеуіне  үлес  қосты – «Наурызды»  нағыз  халықтың 
дəстүр-даңқымен əспеттеді. Этнографиялық этюдтер жаса-
ды – ұрпағына рухани қазына – том-том кітаптар қалдырды. 
Ал уақыт озған сайын Өзекең тұлғасы тұғырлана түседі.
Сонымен,  əкімдеріміз  атқа  қонды.  Өзекең  өнегесі 
өзгелерге  үлгі  болса.  Əкімдеріміз  осыны  қаперге  алса. 
Халқының  қадірін білетін кадрлерді іздеп-тауып соңынан 
ерте  білсе.  Ал  мың  өліп,  мың  тірілген  қайран  халық 
«Жұртым!»  деп  жалау  көтеретін,  мұңын  мұңдап,  жоғын 
жоқтайтын  серкелерге  зəру  (Сайлау  күні    сандалып  құс 
атып,  вертолетпен  аң  қуып  сайрандаған  серілердің – 
«серкелердің» сойқанды істері қанша əспеттегенмен көңілге 
тыныштық берер емес).
Əкім жəне əлеумет
Ертеде  ел  үмітін  ақтаған  бірінші  хатшыларды,  колхоз 
басшыларын  жұрт  сыртынан  сүйсініп: «Біздің  Орекең», 
«Біздің  Ерекең»  деп  іштарта  айтатын.  Ал  осы  бірауыз 
сөздің  астарында  қаншама  махаббат,  қаншама  мархабат 
жатқаны айтпасақ та  түсінікті. Сонымен қоса осы бірауыз 
сөздің астарында елін сүйген ерлердің қаншама тағдыр та-
лайы, мұңы мен сыры, «Елім!» деген есіл ерлердің арынан 
жаны садағалыққа балаған жан қиналысы жатқанын біреу 
білсе, біреу білмес еді, əрине. Олар тума таланттар болатын. 
Ауылда, ауданда қанша түтін бар, қай үйде қанша тышқақ 
лақ  бар,  соның  бəрі  олардың  жадында  жүретін.  Есеп  пен 
бақылау  кітабын  құран  ұстағандай  қолтығына  тастамас 
еді  тастемір  төрағалар.  Шашау  шығармайтын.  Біреуге  бір 
артық шеге басы кетпес еді. Мұның бəрі сараңдықтан емес, 
қазымырлықтан да емес. Ел дəулеті молайсын. Мемлекетім 
мығым  болсын  дегендіктен.  Ал  ретті  жерінде  ағыл  да 
тегіл  мырзалықтарын  айтып  тағы  тауыса  алмайсыз.  Елін 
сүйген ерлер деп соларды айтар болар. Осындай аймүйізді 

31
серкелерге  үйренісіп  қалған  халықтың  қазіргі  əкімдерден 
əлгіндей қалып-қасиет талап етуі заңды!
Қазір  реформамыздың  кібіртіктеңкіреп,  өтпелі  кезең 
деген  ұғымның  ұзаңқырап  тұрған  тұсы.  Ел  ішінде 
жұмыссыздықтың 
ендеген 
шағы, 
шаруашылықтың 
шатқаяқтаған  кезеңі.  Жылдар  бойғы  жасалған  игіліктің 
иесіздіктен  ұстағанның  қолында,  тістегеннің  аузында 
кеткен  уағы.  Халқымның  қамын  жеймін  деген  əкім,  міне, 
осындай өлара шақта иық көрсетер болар.
Күн  сайын  редакцияға  келетін    хаттарда  оқырман 
өздерінің  ауылдық-аудандық,  облыстық  əкімдерінің 
жүріс-тұрысына  дейін  жазып  жататыны  үйреншікті 
жайт.  Көпшіліктің  пікіріне  қарағанда  жоқтан  бар  жасап, 
мына  заманда  қиыннан  жол  табам  деп  жүрген  əкімдер 
де  жоқ  емес,  бар!  Бұл  ретте,  Павлодар  облысының  əкімі 
Ғалымжан  Жақияновтың,  Қарағанды  облысының  əкімі 
Мəжит  Есенбаевтың,  Қостанай  облысының  əкімі  Өмірзақ 
Шүкеевтің қазіргі қадамдарын құптау керек.
Сөз  бен  істің  бірлігі!  Əкімдер  қызметінің  негізгі  бір 
өлшемі  осы  болса  керек.  Мəселен,  Ғалымжан  Жақиянов 
шетелдік  алпауыт  «ССL OIE LTD» компаниясымен  арпа-
лысып  жүріп,  облыстық  бюджетті  молықтырудың  көзін 
тапты. Ал осы үшін Ғалекең қаншама жүйке жұқартты, тер 
төкті  десеңізші.  Тəуелсіз  газеттер  Ғалекеңнің    қадамына 
мысықтілеу мақалалар беріп аяғынан шалуға тырысты. Бірақ 
əкім өз бетінен қайтпады. Сөйтіп, облыс халқының алдын-
да жүзі жарқын болды. Руханият саласына да қарайласуға 
уақыт тауып отырады. Мысалды алыстан іздеп қажеті жоқ. 
Республикамыздағы  бірден-бір  облыстық  əдебиет  музейі 
Ғалекеңнің  тікелей  назарында. «Қазақ  əдебиеті»  газетінің 
таралым  тиражы  да  облыс  бойынша  былтырғы  деңгейден 
əлдеқайда  асып  түсті.  Сөз  ыңғайы  келгенде  облыс  əкімі 
Ғалымжан  Жақияновқа  ризашылық  сезімімізді  білдіріп 
қоюдың  сөкеттігі  жоқ  қой  дейміз.  Қазақ  зиялыларының 
алпыс  бес  жылдық  тарихы  бар    мінбері  «Қазақ  əдебиеті» 
газетінің Павлодар облысы оқырмандарымен арадағы бай-

32
ланысы  бұдан  былайғы  жерде  де  жемісті  бола  беретініне 
сенімдімін. Өйткені сөз бен іске ие əкім бар жерде ізденіс 
пен шығармашылық байланыс үнемі орайын табары сөзсіз.
Газет  тиражы  дегеннен  шығады,  екі  жақ  та  мүдделілік 
танытқан  жерде  алынбас  қамалдың  болмайтыны  ақиқат. 
Былтырғы  жылы  газетіміздің  арнаулы  бір  нөмірін 
Қызылорда  облысына  арнадық.  Ондағы  ниет  реформа-
ны  жүзеге  асыруда  екпін  көрсетіп  отырған  Сыр  өңірінің 
тыныс-тіршілігін жан-жақты ашып көрсету еді. Есесіне ке-
лер  жылға  газет  таралымы  ұлғаяр  деген  де  ой  болып  еді.  
Арнайы іссапарға тілші де жіберілді. Қаладан, аудандардан 
тілшіміз тау-тау уəде алып қайтты. 
Ал нəтижесі қандай болды: біз уəдемізде тұрдық. Арнау-
лы нөмір шығардық. Есесіне жыл аяғында облыс бойынша 
газет таралымы көбеймек түгілі былтырғы деңгейіне жете 
алмай қалды. Сөз де, іс те желге ұшты сөйтіп... Өкінішті-ақ.
«Қазақ    əдебиеті» қазақ зиялыларының үні дедік жоғары-
да.  Əңгіме  арқауы  зиялылар  төңірегінде  ойысқандықтан 
да  əкімдеріміз  жергілікті  жерлердегі  көкірек  көзі  ояу, 
ұлттық жаңғыру ісіне жанашыр азаматтарға үнемі қолдау 
көрсетіп  отырса  дейміз.  Осының  алғашқы  қарлығашы 
ретінде  Оңтүстік    Қазақстан  облыстық  əкімшілігі  был-
тыр  бір  жақсы  бастама  көтерген  еді.  Облыс  зиялы  қауым 
өкілдерінің  басқосуы  болып,  онда  көптеген  мəселелер 
қолға  алынатын  болған-ды.  Алайда    осы  жақсы  бастама 
кейін республикамыздың өзге өңірлерінен лайықты қолдау 
таппағаны  өкінішті-ақ.  Ал  ақиқатында  дəл  қазіргідей 
нарықты  экономиканың  қақпақылы  үдейе  түскен  кезеңде 
ел  зиялыларын  елеулі  іске  жұмылдырудың  бір  бастама-
сы  еді  бұл. «Ештен  кеш  жақсы»  деген.  Қайта  атқа  қонған 
əкімдер  осы  мəселені  мықтап  қолға  алса,  бұдан  ешкім  де 
ұтылмас еді. Өйткені  ақын мен əкім диалогы қай  ғасырда 
да,  қай кезеңде де үнемі өзінің өзекжардылығын жоймаған 
тақырып. Демек, өтпелі кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен 
қол  шығара  қимылдаған  сəтте  билік  иесі  əкімшіліктің  де, 
халық атынан сөз алған ақынның да ұпайы түгел болар еді.

33
Сөз соңында мақала тақырыбындағы ой сілеміне оралсақ. 
Облыс  əкімдері  түгенделіп  болды.  Олардың  əрқайсысына 
мінездеме  беруді  міндетімізге  алып  отырған  жоқпыз.  Ал 
бірақ  енді  олар  аудандық,  ауылдық  əкімдерді  тағайындай 
бастайды. Əкімшілік корпусын қалыптастырады. Сол сəтте 
ел тілегі естен шығып, Абайдың Күлембайының монологы 
мендеп кетпесе болғаны да... 
1999 ж.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал