Жұмабек кенжалин қалам қанаты



жүктеу 2.6 Kb.

бет14/22
Дата31.01.2017
өлшемі2.6 Kb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   22

ӨРІМТАЛ
немесе қазақ қыздарының арасынан 
тұңғыш халықаралық шебер атанған 
шахматшы туралы сыр
Күні  бойы  шаршы  тақтадағы  шиыршық  атқан 
позицияның  əр  сəтін  қалт  жібермей  отырған  Бөкең  қара 
жағының  фигуралары  ерсілі-қарсылы  кес-кестеген  сай-
ын тықырши берді. «Қайтер екен, ə? Тең ойынға келісетін 
шығар... Жоқ, əлде...». Іле ол жанындағы жұбайы Фанияға 
қарап еді, оның да жанарынан осы ойды оқығандай болды.
– Көрмейсің бе, ақтық сында екеуінің бір жұпқа түскені...

234
– Қайдам... Аиданың тəжірибесі мол ғой.
– Гүлнəр үшін тең ойын жеңіліспен пара-пар-ау...
– Онда спорт шеберлігінің нормасы қолдан сусыды дей 
бер.
Бір сəт ерлі-зайыпты екеуінің де əңгімесі caп тыйылды.
...Голланд қорғанысында отырған қара жағы даярлықсыз 
тым  асығыс  қозғалысқа  көшті.  Дəл  осыны  күткендей 
Гүлнəр да батыл қимылмен пешкелерін құрбан ете отырып, 
қарсыласының  қорғанысының  тас-талқанын  шығарды. 
Ал  жиырмасыншы  жүрісте  ойын  тағдыры  шешіліп  те 
үлгерді.  Аида  жеңімпаз  жас  əріптесінің  қолын  бірінші 
болып  қысты.  Шахмат  заңы  солай.  Ұстаз  бен  шəкірт  ара-
сында Бүкілодақтық жарыс деңгейінде өткен ақтық сайыс 
осылайша  аяқталды.  Финалдық  сында 8,5 ұпай  жинаған 
Гүлнəр  КСРО  спорт  шеберінің  нормасын  орындады.  Іле 
республикалық шахмат клубына жиналған жанкүйерлер де 
дүркірете қол соғып ала жөнелген.
Ал  мұндай  зор  құрмет,  абырой,  атақ  үздіксіз  ізденіс 
пен  жылдар  бойғы  жиналған  тəжірибенің  арқасында  ғана 
келгенін Гүлнəр да, оның əкесі мен шешесі – Баяхмет пен 
Фания да, сіңлісі Эльмира да жақсы біледі.
Көгілдір Зайсанның əр көрінісі бір сурет. Жылдың төрт 
мезгілінде өзінше түлеп жататын жоталы жағалаулар қарт 
Зайсанның  күміс  күлкісі  аймалаған  сайын  əрлене  түседі. 
Шіркін-ай, бəрінен бұрын көлдің ақ жауыннан кейінгі ажа-
рын  айтсаңшы.  Көк  зеңгірде  қос-қостан  керіле  қалатын 
кемпірқосақ  сонау  көкжиекпен  астасады.  Айдың  бетінде 
тербетілген  тамаша  толқын  қыз  бұрымыдай  өріле  түседі. 
Ал жалбызға қонған жалғыз тамшы бір сəтке болса да адам-
зат атаулыға қуаныш лəззатын сый етсем дегендей мөлдірей 
қалады. Осы кез тынымсыз тіршіліктің таразышысы Жер-
Ана  да  салқар  ауаның  шəрбатын  жұтып,  құлпырып,  жай-
нап жасара береді. Ал Бəкең осынау көрініске қараудан еш 
жалықпас  еді.  Қолтығының  астындағы  қос  құлыншағы 
Гүлнəр  мен  Эльвирасымен  мына  таңғажайып  əлемнің 
құпиясы  жайлы  сыр  ақтарысып,  ертегілер  еліне  де  сапар 

235
шегісетін.  Сондай  бір  кездерде  абзал  əкенің  шахмат  өнері 
жайындағы айтқан аңыздары бала қиялына қанат бітіретін.
Ал  Бақтиярдың  өзі  де  адамзаттың  ақыл  ойының, 
халық  творчествосының  тамаша  жемісі – шахмат  өнері 
жайындағы естіген, білгендерін оқыған-тоқығандарын қос 
құлыншағының  санасына  күн  сəулесінше  сыналап  сіңіре 
беруден жалықпас еді.
–  Сона-а-ау  ерте-ерте  заманда,  ешкі  жүні  бөрте  за-
манда  үнді  елінде  сыйқыры  күшті  Чатранга  деп  атала-
тын  ойын  түрі  дүниеге  келіпті, – деп  басталатын  сондай 
əңгімелерінің бірі. – Бұл ойынға елдің үлкені де, кішісі де 
құмарта қараған екен дейді. Тіпті ел мен елдің, тайпа мен 
тайпаның арасындағы ерегіс, дау-дамай да чатранга арқылы 
мəмілеге келіп отырған. Аптаның əр бейсенбісінде елдің игі 
жақсылары ауыл сыртындағы алаңқайға шығып, өнер сай-
ысына түседі екен. Ал уақыт өте осы ойын өтетін арнайы 
сарай салдырған. Бертінірек чатранга Шығыс елдерінде де 
кең  тарай  бастапты.  Араб  халифаты  тұсында  чатранг-ша-
трандж болып аталған.
Əр дəуірдің, заманның түрлі құбылыстардың өнері мен 
білімнің дами түсуіне игі ықпал ететіні секілді шатрандж-
шахмат  өнері  де  осылай  бел-белестен  өте  бастаған  екен 
дейді.  Ал  Еуропа  құрлығының  əуесқойлары  шахматты 
нағыз  шырқау  биікке  көтеріпті.  Спорт  өнерінің  осы  түрі 
жайында арнайы оқулықтар шығып, үлкен-үлкен сайыстар 
да болған. Келе-келе ол дүниежүзілік маңыз алыпты. Фили-
ард, Ласкер, Капаблапка сынды шахмат шеберлерінің есімі 
əлемдік аренаға шыға бастайды.
Əке  айтқан  осынау  аңыздар  Гүлнəр  мен  Эльвираның 
құмарта тыңдайды. Шахмат деп аталатын сыйқырлы өнер 
жайында суыртпақталған сыр оларды шахмат əлеміне же-
телей  беретін.  Осындайда  Бəкең  көбіне-көп  өзімен  бірге 
шахмат  тақтасын,  фигураларын  ала  шығатын.  Əкелі- 
балалардың  табиғат  аясындағы  демалыстары  үлкен 
спорт  əліппесін  игеруге  де  ұласатын.  Сол  сəт  Баяхметті 
тұлымдары желкілдеген қос құлыншағының білсем-көрсем 

236
деген  ниеті  шахмат  өнеріне  деген  айрықша  ықыласы 
қуантатын. Гүлнəр мен Эльвираны сиқыры сан тарау шах-
мат өнері өзінің тұңғиығына шым-шымдай тарта беретін.
Ал бұл күндер ойлап қараса, сол бір қимас сəттер, думан-
ды  күндер  қос  қызының  үлкен  спорт  өнеріндегі  алғашқы 
баспалдақтары екен-ау...
***
Сағатовтар семьясы Алматыға қоныс аударғаннан кейін 
Гүлнəр мен Эльвира арнаулы шахмат үйірмелеріне қатыса 
бастады.  Гүлнəр  оқитын  астанадағы  №41  орта  мектептегі 
шахмат секциясына өз ісінің білгір мамандары жетекшілік 
ететін.  Сондай  жанның  бірі – Александр  Васильевич  Ля-
густаев  жас  қыздың  бойындағы  шахматқа  деген  ерекше 
қабілетті бағалай білуші еді.
...Əдеттегіден  партияларды  талдау  өтіп  жатқан.  Бөлме 
іші  құлаққа  ұрған  танадай  тып-тыныш.  Əркім  əлгінде 
ғана  Александр  Васильевич  берген  тапсырманы  тез 
орындаудың  қамына  кіріскен.  Гүлнəр  жан-жағына  қарап 
еді,  ешқайсысының  да  мойын  көтеруге  мұршасы  болмай 
жатыр екен. Жайшылықта тыным таппай шарқ ұратын Да-
стан да, Серік те алдарындағы ала тақтаға шұқшия қалып 
тым-тырыс қалған.
– Қане, кім айтады?
Бапкер шəкірттеріне сұраулы жүзбен қарады.
Əркім  өзінше  түсіндіргісі  келіп  жатыр.  Бірақ  бірде-
біреуінің жауабы ұстаз көңілін қанағаттандырмады. Сəлден 
кейін  кезек  Гүлнəрға  келді.  Еңселі  терезеге  жақтаулас 
ілінген  шахмат  тақтасына  жақындады  да  тағы  бір  рет 
пысықтап алайыншы дегендей əрбір фигураға жіті көз та-
стады.
– XIX ғасырдың аяғында В.Стейнец негіздеген позиция-
лық  мектептің  жалғасы  атақты  Александр  Алехиннің 
ойын  өрнегінен  мықтап  орын  алғандығы  белгілі.  Ал 
Алехиннің  шахматқа  айрықша  мəн  беріп,  оған  үлкен 
өнердің  бір  түрі  деп  қарағандығы  баршаға  мəлім.  Атақты 

237
орыс шахматшысының 1927 жылы кубалық Хосе-Раул Ка-
пабланкамен өткізген шаршы тақтадағы сайысын білмейтін 
жан  кемде-кем.  Əлемдік  шахмат  тəжі  үшін  болған  сол 
жекпе-жекте  Алехин  жеңіске  жетті.  Сол  жолғы  оның  пар-
тиялары,  жүрістері  спорт  шахматының  дамуына  үлес  бо-
лып  қосылды.  Ол  дəстүр  бүгінгі  таңдағы  шахмат  өрнегі 
көтерілген  биіктікпен  сабақтасып  жатыр.  Ал  мына  пози-
циялар атақты шахматшы негіздеген қарапайым дебюдтор 
арқылы шешіледі деді де, ол фигураларды алма-кезек орын 
алмастыра  бастады.  Төртінші  жүрістен  кейін-ақ  əлгінде 
ғана мысы басым болып тұрған қара жағы лезде құрсауға 
түсті.
Александр  Васильевич  осы  сəт  шəкіртінің  көп 
ізденетіндігіне, шахмат туралы кітаптарды көп оқып, əр пар-
тияны  талдайтын  қасиет  қалыптастырып  келе  жатқанына 
разы болған. Онда Гүлнəр жетінші класс оқитын еді.
***
Ұстаздар  үмітін  ақтасам,  сенім  биігінен  көріне  білсем 
деген ой оны жеңістерге жетелеген баспалдақ іспетті бол-
ды.  Əуелі  мектептегі,  кейін  Пионерлер  сарайындағы  жа-
рыстарда  үздік  шығып  жүрді.  Қалалық,  республикалық 
біріншіліктер  Гүлнəрдың  шахмат  соқпағындағы  талабын 
ұштай түсті.
Спорт  сайысының  өз  заңдылығы  тағы  бар.  Ол 
спортшының  ұдайы  бабында  жүруін  талап  етеді.  Ал  сəл 
ғана босаңсытып алсаң – нысаналы жерден шығу қымбатқа 
түсетіні сөзсіз. 1977 жылғы Рудный қаласында өткен респу-
блика біріншілігінде ол дəл осындай күй кешкені бар.
Алдында  ғана  астанада  аяқталған  жарыста  тамаша 
шеберлігімен  дараланған  Гүлнəрдың  атына  мақтаулы 
сөздер де көп айтылған еді. Бір жағы қуаныштан-ақ болар, 
сол жеңістің қызуымен жүріп үш-төрт рет дайындыққа келе 
алмады. Тіпті оны айтасыз Рудныйға да өзгелерінен бір күн 
кешігіп  жеткен  болатын. Miнe,  осыный  бəрі  жарыс  бары-
сында  өз  белгісін  бермей  қалған  жоқ.  Сол  жылы  Гүлнəр 

238
барлық  турды  да  ала-құла  өткізді.  Қорытындысында 
өз  мүмкіншілігінен  көп  төмен  ойнады.  Ал  осының  бəрі 
кейін  өзіне  үлкен  сабақ  болғанын  жақсы  біледі.  Бүгін  де 
тетелес  өсіп  келе  жатқан  сіңлісі  Эльвираға  да  əрдайым 
тоқмейілсуден аулақ бол деп айтатыны сондықтан.
Уақыт  шіркінде  белгі  бар  ма.  Арада  жыл  жарымдай 
мерзім  зымырап  өте  шықты.  Ал  Гүлнəр  жасөспірімдер 
арасындағы  сайысты  былай  қойып,  ересектермен  де  күш 
сынаса бастады.
«Əр  талапкер  үздіксіз  іздене  жүріп,  теориялық  білімін 
тəжірибеде  ұтымды  қолдана  білуі  қажет.  Əрбір  партияны 
белгілі бір уақыттан кейін ой елегінен өткізіп, талдап оты-
ру керек». Гүлнəрдың жаттықтырушысы спорт шебері Аида 
Мүсілімованің шəкірттеріне қояр талабы міне, осындай.
– Мұнымен шектеліп қалу аз, – дейтін Аида Гүлнəрмен 
оңашада қалғанда, – шахмат ойыны адам психологиясының 
сарапшысы,  мінез-құлықтың  ерекше  сапаларын  даралан-
дыратын  тамаша  өнер  ғой.  Шыдамдылық,  тапқырлық  əр 
нəрсені ақылмен пішіп, кестелей білу – мiнe, шахматшы бо-
лам деген жанға ауадай қажет қасиет осы.
...1978 жылы Г.Сахатова тағы бір нық қадам жасады. Ол 
Қарулы Күштер спортшылары арасында өткен біріншілікте 
спорт  шеберлігіне  кандидаттықтың  нормасын  орындады. 
Бұл – он  алтыға  енді  ғана  толған  қазақ  қызы  үшін  үлкен 
жетістік, зор табыс болғандығы сөзсіз. Гүлнəр бертін келе 
де  талай-талай  дүбірлі  жарыстарға  қатысып,  республика 
намысын  лайықты  қорғады.  Командалас  əріптестері  ара-
сында  да  үлкен  беделге  ие  болды.  Ал 1982 жылы  ноябрь 
айында  Алматыда  өткен  əйелдер  арасындағы  одақтық  
біріншіліктің қорытындысы бойынша Гүлнəр спорт шебері 
атағына ие болды.
–  Осыдан  он  шақты  жыл  бұрын  шахматпен  айналыса-
тын  қазақ  қыздарының  саны,  тіпті  аз  болатын.  Соңғы 
жылдардағы  талпыныс  сол  кемшіліктің  орнын  толтыр-
ғандай... Қазір үлкен спорттың осы түрі бойынша жарыстар 
жиі өтіп жүр, – дейді ол. – Алайда мəселені жарыстардың 

239
өтуіне  бүркемелеуге  болмайды  ғой.  Шынын  айту  керек 
жергілікті  жерлерде,  ауыл-селоларда  шахматқа  деген  жа-
стар  құлшынысы  тиісті  деңгейде  қолдау  таба  алмай  келе 
жатқаны жасырын емес. Қамқорлық қанат бітіретіні рас қой. 
Miнe, осыны да мықтап есте ұстағанымыз жөн. Meн айтар 
едім шахмат ой спорты ғана емес, ол мəдениеттің, рухани 
байлықтың белгісі. Сондықтан да оны жастардың бойында 
белсенді өмірлік позиция қалыптастырудың бір құралы деп 
ұққан дұрыс.
Осылайша  ой  толғайтын  шахматшы  қыз 1985 жылдың 
февраль айында жанкүйерлерін тағы бір қуанышқа кенелтті. 
Чернигов қаласында шахматтан əлем біріншілігі алдындағы 
аймақтық іріктеу жарысы өтті. Оған еліміздің ең таңдаулы 
спортшылары жиналған болатын. Бұл аймақтық турнирде 
төрт  жолдама  сарапқа  салынды.  Шахматшы  қыздар  сай-
ысында  қазақстандық  Гүлнəр  Сахатова      өзінің  спорттық   
бабында      екендігін      дəлелдей,  Л.Зайцева,  М.Литинская, 
С.Матвеева секілді саңлақтармен бірдей шеберлік көрсетті.
Барлық  партияларын  да  жинақы  өткізген  Гүлнəр 
əділқазылар  алқасынан  лайықты  бағасын  алды.  Жарыс 
қорытындысында  оған  халықаралық  шебер  деген  атақ 
берілді. Сөйтіп, ол қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет 
осындай жоғары атаққа ие болды.
***
Көршілері  əдетте  Сахатовтарды  «шахматшылар  се-
мьясы»  деп  атайды.  Онысы  да  рас.  Астанадағы  Шаумян 
атындағы  фабриканың  жұмысшысы,  семья  басы  Баяхмет 
тумысынан  осы  ежелгі  спорт  жанкүйері  болса,  ал  оның 
жұбайы  Фания  да  қалыспайды.  Шахматты  бір  кісідей  ой-
найды.  Ал  Эльвира  да  спорт  шеберлігіне  кандидат.  Ол 
«Алматы  күзі»  шахмат  фестивалінің  чемпионы,  қала 
біріншілігінің əлденеше дүркін жеңімпазы.
Күнде кешкісін семья басы жиналған шақта əңгіме арна-
сы шахматқа ойысады. Түрлі позицияларға түсініктемелер 
беріледі,  партиялар  талданады.  Ертең  жарыс  деген  күні 

240
үй  ішінде  шахмат  жөнінде  əңгіме  қозғалмайды.  Бұл  осы 
шаңырақта  əу  бастан  қалыптасқан  дəстүр.  Тек  кезекті 
сайысқа  Гүлнəр  «Сенемін  саған,  құлыным»  деген  əке-
шеше  тілегімен  аттанады.  Бүгінде  бұл  тілек  шахматтан 
халықаралық  шебері  Гүлнəр  Сахатоваға  айтар  жанкүйер 
қауымның жүрекжарды тілегімен ұласып отыр.
Иə, «Сенемін, саған...» Ал сенім күші сең бұздыратыны 
тағы ақиқат қой.
1994 ж.
ПРОФЕССОР ЖƏНЕ ОНЫҢ 
ТУЫНДЫЛАРЫ  ТУРАЛЫ ОЙ
Бұл осыдан 30 жыл бұрын болған жай еді. Қазақ ұлттық 
университеті журналистика факультетінде оқитын кезіміз. 
Студент халқының қашаннан құлағы түрік жүретіні белгілі. 
Алғашқы 1-2 курста небір профессорлардың алдынан дəріс 
алып,  көп  жағдайдың  ұңғыл-шұңғылына  қанығып  қалған 
əріптестеріміздің бірі:
–  Ал,  жігіттер,  білесіңдер  ме,  философиядан  бір  жас 
доцент  сабақ  береді  екен.  Есіл  уақытты  қор  қылғанша, 
екі  парды  жіберіп, “суатқа”  тартсақ  қайтеді? – деп 
былайғыларымыздан жауап күтті.
–  Сөйтсек,  сөйтейік, – деп  ішіміздегі  сақа  жігіттердің 
бірері  алақандарын  уқаласып  қалды.  Олардың  көкейін 
тескендегісі – сырахана.
–  Лектор  жас  болғанмен,  ұстаз  ғой.  Бəріміз  ошары-
ла  кеткеніміз  қалай  болар  екен, – деп  енді  бірі  екіншісін 
сабырға шақырғандай болып жатты.
Өстіп тұрғанда көмірдей қара шашын əдемілеп тараған, 
үстіне  су  жаңа  қара  костюм-шалбар  киіп,  онымен  қоса 
галстугын  да  сəнді  етіп  таққан,  қоңыр  папкалы  кісі 
аудиториямызға жақындап келіп:
– 312-нші осы ма? – деп сұрады.

241
–  Осы,  осы, – деп  шу  ете  қалыстық.  Жаңағы  кісі 
бізбен  күлімсірей  сəлемдесті  де,  бірден  шалт  қимылмен 
аудиторияға кіріп кетті. Сөйтіп, аз-кем уақыт аудиторияның 
ішін көктей шола барлап тұрды да:
–  Ал  жігіттер,  қыздар  орнымызға  жайғасайық.  Мен 
сіздерге философия пəнінен дəріс оқитын ұстаздарыңмын. 
Аты-жөнім Раушанбек Əбсаттаров, – деді.
Əңгіменің  шыны  керек,  алғашқы  сəтте  жас  ұстазға 
мойынсұнғысы 
келмеген, 
бұра 
тартуға 
ыңғайлас 
жігіттеріміз  əрлі-берлі  мінез  көрсетуге  ыңғайланып  еді, 
оларынан түк шықпады. Жас лектор оларға мүмкіндік бер-
мек  түгілі  өзінің  бар  болмыс-бітімімен,  ырғақты  дауысы-
мен  аудитория  ішін  алғашқы  сəттерден-ақ  баурап  алды. 
Лекцияны оқулық ауқымындағы мəселелермен ғана шектеп 
қалмай, қазақ тарихымен, қазақ тағдырымен тікелей байла-
ныстыра  сабақтады.  Лекцияның  қызғылықты,  мазмұнды 
болғандығы  соншалықты, 45 минуттың  қалай  өткенін 
білмей де қалыппыз.
Шəкірт жүрегін баураған осы алғашқы лекциядан соң-ақ 
біздер жас ғалымның дəрісі болатын күндерді асыға күтетін 
болдық.  Ал  сабақтан  зытып  “суатқа”  беттеу  деген  əңгіме 
ептеп болса да екінші планға сырғып кетті…
Өзіне  деген  студенттердің  осындай  бір  ілтипатын  сез-
ген болу керек, Раушанбек ағамыз да білгені мен түйгенін 
құрмет  тұтқан  шəкірттерімен  бөлісуге  асығатынын  біз  де 
байқадық.  Сөйтіп,  ол  үйірме  құрды.  Сол  үйірмеге  де  топ-
тобымызбен  қатысып,  баяндамалар  əзірлейтін  болдық. 
Онымыз университеттің студенттердің ғылыми конферен-
циясында жақсы жағынан бағаланып та жататын.
Кейін  жылдар  өте  бақсақ,  ұстаз  деп  аталатын  ұлы 
ұғымның  бар  қадір-қасиетін  бойына  сіңірген  оқымысты 
ағамыз Раушанбек Боранбайұлы Əбсаттаров осы бір дəстүрді 
өзінің өмірлік қағидатына айналдырған екен. Бізден кейінгі 
курстың студенттерімен де осылайша қауышып, достасып 
олардың  үлкен  ғылымның  қия  жолына  бет  алуына  түрткі 
болғанын əріптестеріміз бүгінде жыр ғып айтады.

242
Бір  кездері  Т.Г.Шевченко  атындағы  Киев  мемлекеттік 
университетінің  философия  факультетін  үздік  бітіріп, 
өзінің  бүкіл  тағдырын  Қазақстан  ғылымының  өсіп-
өркендеу жолымен байланыстырған Рекең қашанда үлкенге 
іні, кішіге аға болу қасиетінен танған емес. Оның ғылыми-
педагогикалық еңбектері Қазақстанның бүгінгі саяси өрлеу 
кезеңдерінің  өзекті  мəселелерімен  сабақтас.  Бұл  туралы 
айтқанда  мына  бір  жағдаятқа  айрықша  назар  аударған 
дұрыс.
Тоқсаныншы жылдары еліміздің ғылыми-педагогикалық 
саласында  да  түбірлі  өзгерістер  жасау  міндеті  тұрғаны 
белгілі  еді.  Міне,  осы  тұста  профессор  Раушанбек 
Əбсаттаров өзінің бар білігі мен білімін ортақ мүдделі іске 
бағыттауға  тырысты.  Бұған  бір  ғана  мысал  келтіруімізге 
болады.  Айталық,  Қазақстанда  ең  алғаш  рет  саяси 
ғылымдарының  докторы  ғылыми  дəрежесін  беру  туралы 
диссертация  кеңесінің  ашылуына  оның  тікелей  ықпалы 
болғаны  сөзсіз.  Өйткені  осы  мəселе  төңірегінде  Мəскеуге 
бірнеше рет хат жазылып, одан тиісті нəтиже шықпаған еді. 
Мұны  көзі  тірісінде  профессор  Тілеміс  Мұстафин  марқұм 
да айтып жүреді екен. Сөйтіп, ол Рекеңе қолқа салады. Ал 
Раушанбек Боранбайұлы бұл мəселеге білек сыбана кірісіп, 
КСРО  Жоғары  аттестациялық  комиссиясында  отырған 
лауазымды  кісілермен  əлденеше  рет  сөйлесіп,  олардың 
осы  мəселе  төңірегіндегі  əңгімеге  көздерін  жеткізіп,  ақыр 
соңында  саяси  ғылым  саласы  бойынша  диссертациялық 
кеңестің ашылуына ықпал етеді.
Осы  шаруаны  оңынан  орайластырумен  бірге,  өзі 
өзгелерге үлгі көрсете білді. Сөйтіп, ол елімізде əлеуметтік 
саяси ғылымдарының дамуына үлес қосып, 8 тілде 32 моно-
графия,  түрлі  кітаптар,  оқу  құралдарын,  кітапшалар  жəне 
500-ден  астам  ғылыми  жəне  оқу-əдістемелік  мақалалар 
жариялады.  Осы  еңбектерде  ғалым  саясаттану  жəне 
əлеуметтану  үшін  іргелі  жəне  қолданбалы  маңызы  бар 
ғылыми нəтижелерге қол жеткізді. Республикада ұлтаралық 
қарым-қатынас  мəдениеті  жəне  оған  тəрбиелеу,  этносая-

243
си  қауымдастық,  ұлттық  жəне  жалпықазақстандық  сана, 
қоғамдық келісім, ұлттық қарама-қайшылықтар жəне олар-
ды шешудің жолдары, адами қызметтің əмбебаптануы жəне 
кіріктелу үрдісі, халықтардың бірлігі жəне олардың ойлау 
стилінің  əртүрлілігі  салыстырмалы  саясаттану  жəне  тағы 
басқа  бағыттардың  қалыптасуы  мен  дамуына  өз  үлесін 
қосты.
Оның  тың  көзқарастары,  ой-толғаулары  əлеуметтік 
саяси  қатынастардың  қағидатты  жəне  күрделі  ғылыми 
проблемаларын  шешуде  батылдықпен,  жаңашылдықпен 
ерекшеленді.  Осы  ретте  Рекеңнің  “Ғылыми-техникалық 
прогресс  жəне  ұлтаралық  қарым-қатынас”, “Ұлттық 
қатынастардың  дамуы:  проблемалары  мен  басқаруы”, 
“Ұлттық  үрдістер:  ерекшеліктері  мен  проблемалары”, 
“Студенттерді  ұлтаралық  қарым-қатынас  мəдениетіне 
тəрбиелеу:  теориясы  мен  практикасы”, “Саясаттану  жəне 
оның  проблемалары”  деп  аталатын  еңбектері  зиялы  орта-
дан,  ғылыми  педагогикалық  қауымнан  лайықты  бағасын 
алған.
Тəуелсіздіктің  таңы  атысымен  қазақ  ғалымдары 
бұрынғы  сартап  кеңестік  идеологияның  құрсауынан  ары-
лып,  өздерінің  ой  орамдарын  ғаламдық  мəселелермен 
орайластыруға, шендестіруге тырысып келе жатқаны сөзсіз. 
Сондықтан  да  болу  керек,  қазіргі  таңда  қазақ  ғалымдары 
төрткіл дүниенің төрт бұрышын шарлап кеткені мəлім. Осы 
орайда  Раушанбек  Əбсаттаровтың  да  Оңтүстік  Кореяға, 
Түркияға,  Жапонияға,  Біріккен  Араб  Əмірліктеріне,  Еги-
петке, Ресейге, Украинаға, Белоруссияға барған іссапарлары 
нəтижелі  болғаны  ақиқат.  Ол  елуден  астам  халықаралық 
ғылыми-практикалық  конференцияларда  баяндамалар  жа-
сады. Тəуелсіз Қазақстанның саяси ғылымында атқарылып 
жатқан жоталы мəселелерді халықаралық қоғамдастықтың 
назарына салды.
“Шəкіртсіз ұстаз тұл” дейтін қанатты қағида бар. Олай 
болса, Рекең бүгінде өзінің алдынан қанат қағып, тұсауын 
кескен жас достары туралы əрдайым мақтанышпен марқая 

244
əңгімелеп отырады. Ол күні бүгінге дейін 18 ғылым канди-
датын, 3 ғылым докторын даярлап шығарған екен. Бұлардың 
қай-қайсысы да бүгінде халық шаруашылығының сан сала-
сында, бірегей білім мен ғылым ордаларында жемісті еңбек 
етіп келеді.
–  Ғылыми-педагогикалық  жұмыс  түсіне  білген  жанға 
үздіксіз  білім  жетілдірудің  ошағы.  Өйткені  бүгінгі  таңда 
аудиторияға  барып  лекция  оқу  үшін  үлкен  дайындық 
қажет. Себебі  қазіргідей  ғылыми техникалық прогрестің 
қарқынды  дамыған  шағында  терең  білім  мен  біліктілікке 
қол  жеткізу  қазіргі  ұстаз  атаулыға  қойылатын  ең  бірінші 
өлшем  болуы  тиіс, – дейді  Раушанбек  Боранбайұлы. – 
Сондықтан  өзім,  негізінен,  ізденісімнің  түпқазығына  ай-
налып  отырған  саяси  ғылымның  өсіп-өркендеуіне  байла-
нысты  көргенім  мен  түйгенімді  топтастырып,  үш  томдық 
кітап  шығарсам  ба  деп  отырмын.  Ол  “Саяси  ғылымның 
ерекшеліктері мен проблемалары” деп аталады. Көлемі 80 
баспа табақтай болмақ.
Осынау бірегей еңбекке біздің байқауымызша ғалымның 
əр  жылдары  мерзімді  баспасөз  беттерінде  жарияланған 
сүбелі туындылары топтастырылмақ. Себебі өзінің ұстаздық 
жолын  Қазақ  мемлекеттік  университетінде  бастаған  оның 
ғылыми ізденістері Қазақстан Республикасы Президентінің 
жанындағы  Қазақстан  менеджмент,  экономика  жəне  бол-
жау  институтында  жалғасты.  Еліміздің  тəуелсіздік  алу-
ымен  орайлас  тұсауы  кесілген  бұл  жоғары  оқу  орнында 
Рекең саясат əлеуметтануы жəне филосо-фия кафедрасының 
меңгерушісі  болды.  Өзінің  білімділігімен,  біліктілігімен 
əріптестерінен оқ бойы алда жүретін ғалымға Қазақстан Ре-
спубликасы  Президенті  Əкімшілігі  аппаратының  кеңесшісі 
қызметі де ұсынылған болатын. Ол саяси ақпараттық-талдау 
жұмыстарын  шебер  де  ұтқыр  ұйымдастыра  білуімен  көзге 
түсті. Ол жұмысы да лайықты бағаланып отырды. 1997 жыл-
дан  ғалымның  еңбек  жолы  Абай  атындағы  Қазақ  ұлттық 
педагогикалық университетімен тығыз байланысты. Мұнда 
Рекең ғылыми педагогикалық кадрларды тəрбиелеуде қыруар 

245
тəжірибе жинақтады, онысын өзінің жас əріптестерінің бой-
ына дарытуға күш салды. Тарих факультетінің деканы бол-
ды. Саясаттану жəне əлеуметтану кафедрасын шеберлікпен 
басқара  білді.  Ал  қазір  университеттің  магистратура  жəне 
PhD  докторантура  институты  саясаттану  жəне  əлеуметтік 
экономикалық пəндер кафедрасының меңгерушісі.
Рекеңнің  ғұмыр  жолына  зер  салып  отырсаңыз  ол  біз 
жоғарыдағы  тізбелеген  қай  жұмыста  жүрсе  де  өзінің 
тындырымдылығымен,  ұқыптылығымен  əріптестерінің, 
шəкірттерінің  ілтипатына  ие.  Сөз  басында  ұстаздың 
шəкірттермен арадағы таныстығынан бір деталь келтірген 
едік. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, сол шəкірттерімен 
Рекең  əлі  күнге  дейін  тығыз  қарым-қатынаста,  шығарма-
шылық байланыста.
Ол  еліміздегі  байырғы  басылымдардың  бірі – ұлттық 
қоғамдық-саяси  “Ақиқат”  журналының  редакциялық  алқа 
мүшесі.  Рекең  алқа  мүшесі  ретінде  журнал  жұмысының 
бұқаралық сипат алуына үлес қосып келеді.
Салиқалы ойды сабақты 
пікірмен өрбіткен
Ел  тəуелсіздігімен  қоса  қоғамдық  ой-сана  үрдісінде 
де  түбегейлі  өзгерістер  болып,  болмысқа  баға  беруде 
жаңашылдық  көзқарастар  үстемдік  ала  бастағаны  мəлім. 
Ілгерідегі сартап моноидеологияның шеңбері сетінеп, ендігі 
жерде  төңіректегі  болып  жатқан  құбылысқа  тың  көзқарас 
қалыптастыру қажеттігін уакыттың өзі ұсына бастады.
Соны  байламдар  жасап,  егемендік  идеологиясының 
сарқылмас  қуатына  орай  тиянақты  қорытындылар  мен 
дəйектемелер  ұсыну  қоғамтанушы  ғалымдар  алдына 
айрықша міндет жүктеді.
Осы  ауқымды  міндеттің  ең  бір  салмақты  тұсы  жаңа 
қоғамдық  құрылыспен  еншілесе  келген  қазақстандық  са-
ясаттану  ғылымының  туу,  өсу,  өркендеу  үрдісіне  тікелей 
байланысты болғаны даусыз.

246
Несін  жасырайық,  еліміз  тəуелсіздік  алғаннан  кейін 
күні бүгінге дейінгі он жеті жыл ішінде сан қатпарлы сая-
си ғылымның құпия сырын меңгеріп, саяси технологияның 
майын  езіп  ішкен  дейтін  тұлғалар  некен-саяқ.  Рас, 
қайраткерлер  бар.  Бұл  тұрғыдан  келгенде  аузымызды  құр 
шөппен сүрткіміз келмейді. Ал бірақ қайраткерлердің бəрі 
саясаткерлер емес қой.
Өркениет 
саясаткерлеріне, 
саясаттанушыларына 
қойылар  міндет  қандай?  Азаматтық  позицияның  нарқы 
немен  өлшенеді?  Бағамдау  мен  бағалаудың,  талдау  мен 
таразылаудың түп атасы неден бастау алады? Саясат пен па-
расат үндес болуы үшін не істеу керек? Міне, осынау шексіз 
де шетсіз сауалдарға жауап қайтару оңай шаруа емес, əрине.
Осы  тұрғыдан  келгенде  Абай  атындағы  Қазақ 
ұлттық  педагогикалық  университетінің  саясаттану  жəне 
əлеуметтану  кафедрасының  меңгерушісі,  философия 
ғылымдарының  докторы,  профессор,  Қазақстанда  ғана 
емес, сондай-ақ шетелдерде де кең танымал саясаттанушы-
ғалым  Раушанбек  Əбсаттаровтың  қаламынан  туған  «Сая-
саттану жəне оның проблемалары» /Алматы, 2007 ж. 464 б./ 
деген  оқу  құралы  жоғарыда  біз  тізбектеген  сауалға  жауап 
іздеуді мұрат қылған.
Бірден басын ашып айту керек, оқулық ғалымның талай 
жылғы  қажырлы  еңбегінің,  зерделі  зерттеуінің  нəтижесі, 
ғылыми  педагогикалық  тəжірибесінің  жемісі  екені  сөзсіз. 
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік білім беру стан-
дарттарына» сай оқырман қауымға жол тапқан бұл еңбекте 
саясаттанудың  негізгі  ұғымдары  мен  əдістер  жүйесі,  сая-
си  технологияның  қыры  мен  сыры  байыпталған.  Кітапта 
еліміздің жəне шетел ғылыми əлеуетінің кұнды материалда-
ры негізге алынып, Қазақстан мен əлемдік қауымдастықтағы 
саяси үрдістің өзекті мəселелері талданған.
Өн  бойында  саяси  ғылым  мен  саясаттанудың  ең  өзекті 
деген  он  алты  тақырыбы  бойынша  сараптама  жасаған 
автордың  өзіндік  байламын,  нақты  проблемаларды  шешу 
жолындағы  білімі  мен  білігін  оқырман  қауым  бірден 

247
аңғарары  сөзсіз.  Профессор  Раушанбек  Əбсаттаровтың 
«Саясаттану – ғылым», «Саяси  ғылым  тарихы», «Салы-
стырмалы  саясаттану», «Саяси  режимдер», «Қоғамның 
саяси  жүйесі»,  т.б.  пəндік  дəріснамалық  зерттеулеріндегі 
соны пікірлерді былай қойғанда, оның «Саяси сана», «Са-
яси  мəдениет», «Саяси  элита  жəне  саяси  көшбасшылық», 
«Саяси  технологиялар»  тақырыптарындағы  пайымдау-
лары  тың  көзқарастарымен  қызықтырады.  Ол  сонымен 
бірге саясаттанудың жете зерттелмеген проблемалары мен 
дискуссиялық мəселелеріне де айтарлықтай көңіл бөлуімен 
назар аудартады.
Неге?
Негесі сол, ғалымның талдамаларындағы ой жосығына 
өзек  болған  толғаулы  мəселелермен  біз  екі  күннің 
бірінде  бетпе-бет  келіп  жүрміз.  Ал  жиырмасыншы 
ғасырдың  тоқсаныншы  жылдарындағы  демократиялық 
жаңғырулардың сабақтары күні кешегідей əлі жадымызда. 
Ол  жылдардағы  үрдістерге  «көше  митингішілдігі», «аула 
аттаншылдығы», «айқайшылдық»  деп  ат  қойылып,  айдар 
тағылды.
Алайда  қалай  болғанда  да  мұның  бəрі  жылдар  бойы 
сірескен  сартап  идеологияның  сетінеген  тұсындағы 
еркіндікті,  бостандықты  аңсаған  халық  көңіл  ауанының 
көрінісі еді. Ал қазір ше? Қазіргі қазақ қоғамы ол жылдар-
мен салыстырғанда көш ілгері алға кеткен.
Қазіргі қазақ қоғамы кімнің кім екенін, ненің не екенін 
айтқызбай  біледі.  Өйткені  ақпараттық  басымдық  əрбір 
шаңыраққа  өз  өктемдігін  жүргізіп  отырған  шақта  екінші, 
үшінші  ауыздан  естіген  əңгімемен  өзгені  иландыруыңыз 
неғайбыл. Сондықтан да міне, келелі мəселелер төңірегіңде 
пікір  алысқанда,  не  болмаса  көгілдір  экраннан  мəлімдеме 
жасаушылар  туралы  ой  тастағанда  «саяси  мəдениеті 
жоғары  екен»,  иə  болмаса  «саяси  санасы  саяз  екен»  деген 
пікірлердің естіліп қалып жататыны тегін емес.
Автор, өз туындысында міне, осындай пікірлердің аста-
рына үңіледі, ой қорытады, тұжырым жасайды.

248
Бұл  ретте  оның: «Саяси  сананың  құрылымы  қоғамдық 
қызметтің əр түрлі салаларын кеңінен қамтиды жəне жеке 
саяси  процеске  қатынасу  варианттарын  қалыптастырады. 
Осылайша саяси сана құрылымының, менің көзқарасымша, 
келесі 
негізгі 
компоненттерін 
геносеологиялық, 
аксиологиялық  жəне  əлеуметтанулық  деп  бөліп  көрсетуге 
болады» (312-бет) деуін қош көреміз. Мұнан соң автор осы 
негізгі үш компонентті бұтарлап талдап, таратып береді.
Кітапта саяси сана мəселесіне айрықша мəн бермеудің, 
нақты жағдай мен мүмкіндікті ескермеудің, иə болмаса оны 
асыра бағалаудың салдарынан бүтіндей қоғам қаншалықты 
зардап  шегетіндігі  нақты  мысалдармен  дəлелденген. 
Айталық,  горбачевтық  «қайта  құру»  кезінде  реформаның 
утопиялық  бағдарламасы  жасалып,  оны  жүзеге  асыру 
арқылы 500 күнде  елді  дағдарыстан  шығару  жөніндегі 
демагогиялық бастаманың қалай күлкіге айналғаны əсерлі 
қиюластырылған.
Қазақстан – ішкі  саясатта  көп  реңкті:  түрлі  инсти-
туттардың – ағымдар мен қозғалыстардың, саяси партиялар-
дың  қызметімен  ерекшеленетін  демократиялық,  ізгілікті 
қоғам орнатуға ұмтылған ел. Сондықтан да автордың саяси 
сананың маңызды бір формасы саналатын саяси психология 
мəселесіне айрықша назар аударуы өте құптарлық.
Р.Əбсаттаров  «Саяси  мəдениет», «Саяси  элита  жəне  са-
яси  көшбасшылық»  тақырыптарында  өзі  тілге  тиек  етіп 
отырған  мəселелердің  түп  тамырын  тереңінен  толғап, 
олардың  дəл  қазіргі  Қазақстан  жағдайындағы  тұрқына 
талдау  жасайды.  Осы  тұста,  əсіресе, «Саяси  элиталардың 
қалыптасу, ауысу процестері жəне олардың функциялары» 
деп  аталатын  мəселелер  қарастырылған  кезде  автордың 
ғылыми саралау əдістерімен қоса оның азаматтық позиция-
сы айқын аңғарылып отырады.
Ол  күні  бүгін  қоғамдық  ортада  болып  жатқан  теріс 
тенденцияларға,  құбылыстарға  бейжай  қарай  алмай-
тындығын  білдіреді.  Қазіргі  Қазақстан  элитасының 
қатарында  жүрмін  дегендердің  түсін  түстейді:  ұятсыздар 

249
мен  мансапқорлардың,  жемқорлар  мен  жарамсақтардың, 
халық  үшін  көк  тиын  шығармайтын  қайырымсыз 
адамдардың  пайда  болуының  түп  тамырына  үңіледі.  Бұл 
ретте  автордың: «Саяси  элита  қызметінің  тұрақсыздығы, 
əлсіздігі  жəне  тиімсіздігі  көбіне-көп  оның  кəсібилігінің 
жеткіліксіздігінен,  моральдық-этикалық  көрсеткіштерінің 
төмендігінен,  артық  тұйықталудан,  қоғамның  өзге 
бөліктерінен алыстауға тырмысуынан, ұлттық мемлекеттік 
мүдделерді түсінбеуден немесе жоққа шығарудан туындай-
ды. Ерте ме, кеш пе мұндай элита өзінің орнын əлдеқайда 
жоғары сапаларын көрсетіп жүрген контр элитаға береді» 
(362-бет) деген тұжырыммен келіспеске болмайды.
Бұл  оқулық,  жоғарыда  айтылған  ой-толғамдарымен 
қоса несімен құнды деген сұрақ туғанда мына мəселелерді 
айрықша атап өту қажет. Біріншіден, бұл күндері тəуелсіз 
Қазақстанның  саясаткерлері  мен  саясаттанушыларының 
жаңа  толқынын  əзірлеп  шығару  елеулі  міндет  болып 
отырғаны сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде  еліміздің саясат 
өнерімен  айналысатын  жастарды  дайындайтын  жоғары 
жəне арнаулы оқу орындары үшін бұл оқулық ауадай қажет 
деп есептейміз.
Екіншіден, 
көптеген 
партиялар 
мен 
қоғамдық 
қозғалыстардың  жергілікті  буындарының  қызметкерлері 
өздерінің  кəсіптік  білімін  жетілдіру  мақсатында  осы 
оқулықты үзбей пайдаланса артықтық етпейді. Үшіншіден, 
қазір бүкіл ел көлемінде ана тіліміздің мəртебесін өсіру жо-
лында  ұмтылыс  жүріп  жатқанымен  ол  бірқатар  жерлерде 
түрлі кедергілерге тап болып отырғаны жасырын емес. Осы 
тұрғыдан  келгенде  профессор  Раушанбек  Əбсаттаровтың 
«Саясаттану  жəне  оның  проблемалары»  деп  аталатын 
оқу  құралының  қазақ  тілінде  жазылып,  мемлекеттік 
тіл  бағдарламасын  орындау  жолындағы  нақты  бір 
құлшыныстың мысалына айналып отырғандығы қуантады. 
Сонымен  қатар  осы  оқу  құралы  ЖОО-ның  студенттері 
мен  магистрлеріне,  аспиранттар  мен  оқытушыларына, 

250
сондай-ақ  саясаттанудың  проблемаларына  қызығушылық 
танытатындардың  барлығына  да  саяси  мəселелерді  дұрыс 
түсінуіне барынша жəрдемін тигізеді деп сенеміз.
              
Қоғам өмірінің өлшемін айқындаған
Қазақстанның  саяси  ғылымының  көкжиегін  кеңіту 
бағытында  тағы  бір  нақты  қадам  жасалды.  Еліміздің 
көрнекті  саясаттанушысы,  Абай  атындағы  Қазақ  ұлттық 
педагогикалық  университетінің  кафедра  меңгерушісі, 
философия  ғылымдарының  докторы,  профессор  Раушан-
бек  Əбсаттаров  «Саясаттану  негіздері»  деп  аталатын  қос 
томдық  туындысын  оқырман  қауымға  ұсынды.  Есімі  кең 
-байтақ  республикамыздан  тысқары  жерлерге  де  кеңінен 
мəлім ғалымның бұл еңбегі шын мəнінде отандық саясат-
тану  ғылымы  үшін елеулі табыс болды. 
Жарты  ғасырдан  астам  уақыттан  бері    ғылыми-
педагогикалық  жұмыспен  айналысып    келе  жатқан 
ұстаздың    «Қарасай»  баспасынан  шыққан  жаңа  кітабы, 
негізінен,  сүбелі  зерттеудің,  жылдар  бойғы    қажырлы 
ізденіс  пен  тиянақты  еңбектің  жемісі  деу  орынды. 
Сондай-ақ оның шəкірттер алдында оқыған  дəрістерінің, 
халықаралық  жəне  республикалық  конференцияларда 
жасаған  баяндамаларының, саяси пікірталас алаңдарында 
сөйлеген  сөздерінің,  бұқаралық  ақпарат  құралдарында 
жарияланған    мақалаларының    желісінде  əзірленген 
материалдардың  да  кітап  мазмұнын  арттыра  түскенін  
баса  айту  лəзім  болмақ.  Олардың  бəрі  қайта  бір  сүзгіден 
өткізіліп,  ғылыми  танымдық  тұрғыдан  қорытылып, 
бүгінгі оқырман қауымының талғам-таразысына сай даяр-
ланып жазылған.
Еліміздегі  саясаттану  ғылымының  қаз  тұрып,  қадам 
басуына  айрықша  үлес  қосып  келе  жатқан  ғалымның 
қаламынан      отыз  төрт  монография,  оқу  құралдары  бес 
жүзден  астам  мақала  туса,  солардың  бəрі  дерлік  қазіргі 
таңда ғылыми айналымда жүрген еңбектер деп атап айтуға 

251
болады.  Сондықтан  да  болар  əріптестері  мен  тұстастары, 
шəкірттері Раушанбек Боранбайұлын тəуелсіз еліміздің са-
яси  ғылымдарының  негізін  салушылардың  бірі,  сонымен 
қатар    этносаясаттанудың,  салыстырмалы  саясаттанудың 
іргетасын  қалаушы  деп  əділ  бағалайды.  Өйткені,  оның 
қаламынан  туған  ғылыми  еңбектердің  бірсыпырасы  шет 
-ел ғалымдарына етене таныс. Республикадан тыс жерлер-
де жарияланып жатқан  еңбектеріне, сүйекті мақалаларына 
ілтипат білдірген өзге ел оқымыстыларының лебіздері назар 
аудартарлық.  Олардың ішінде Қазақстан саяси ғылымының 
игі  тəжірибесі  мысалында  профессор  Р.Əбсаттаров  
еңбектеріне сілтеме жасаған ғалымдар қатары көптеп сана-
лады.
Ал  оның  тікелей  басшылығымен,  өзінің  авторлығымен 
жасалған  еліміздегі    саясаттану  пəні  бойынша  жасалған 
типтік  бағдарламасының  орны  өз  алдына  бір  бөлек.Бұл 
типтік  бағдарлама  еліміздегі  арнаулы  жəне  жоғары  оқу 
орындарында тиімді пайдаланылып  жүргені  баршаға аян.
Баршаға  мəлім  бір  ақиқат  бар:  қоғамдық  ой-санадағы  
жаңа көзқарастардың  үстемдігінен болар бəлкім, екінің бірі 
қазір саясатпен,  саясаттанумен айналысқысы келеді. Ниет, 
əрине,  дұрыс.  Ал  бірақ  ол    үшін  сол  кісінің  өзінің  іштей  
дайындығы, білімі мен білігі, бұл саладағы  тəжірибесі ке-
рек  қой.  Саясаткерлік,  саясаттанушылық    адам    бойында  
жылдар бойына  қалыптасатын қасиет.
Қолымыздағы  қос  томдық  туындыда  автор    мəселеге 
осы    өлшем  тұрғысынан  келіп,  көне  замандардан  ба-
стау  алған  ғаламдық  саяси  ой  тарихнамасын  сүзгіден 
өткізеді. Əр кезеңнің өзіндік  сипатына, ерекшеліктері мен 
мəн-маңызын    талдайды.  Ғалым    ғаламдық  саяси  ілім-
білімнің  қайнар  көзінің  басында  болып,  өркениеттің  да-
муына  зор  үлес  қосқан  білімпаздардың,  əсіресе,  Шығыс 
ғұламаларының  еңбектеріне  жан-жақты  талдау  жасайды. 
Олардан  тағылым  аларлық  мəселелерге  айрықша  назар 
аударып,  өзіндік  ой  қорытады,  топшылайды.  Сөйтіп,  ол 
саясаттанушының да, саясаткердің де əп-сəтте бірден пайда 

252
бола қалмайтындығын байыпты пікірімен қорытады, нақты 
тұжырым жасайды.
Ілкідегі осы мазмұндас оқулықтарда əлемдік, еуропалық 
ғалымдардың  еңбектеріне  көбіне-көп  сілтеме  жасалып, 
ежелгі  қазақ  топырағында  туып-өскен  оқымыстылардың 
шығармашылығы  ұмыт  қалып  жататыны  шындық  еді.  
Профессор  Раушанбек  Əбсаттаровтың  бұл  туындысын-
да осы бір кемшіліктердің орнын толтыруға  қыруар күш-
жігер  жұмсалған.  Қазақ  елінің  саяси  ойын  дамытуға  үлес 
қосып, сол бағытта өмірін сарп еткен Ахмет Байтұрсынов, 
Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов секілді қоғам қайрат-
керлерінің  рөліне  лайықты  баға  беріледі.  Сонымен  қоса, 
жаңарған  Қазақстанның  саяси-əлеуметтік  құрылысына 
үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі сарапталады.   
  Автор  кітапқа  жазылған  алғы  сөзінде: «Саясаттану 
қазіргі  əлеуметтік-гуманитарлық  білім  беру  жүйесінде 
көрнекті орын алады. Алайда саясаттанудың көптеген про-
блемалары  əлі  де  кең  ауқымды  зерттелмегенін  атап  өткен 
жөн» дейді. Осы олқылықтың  орнын  толтыру бағытында  
профессор  Раушанбек  Əбсаттаровтың  тікелей  өз  басы 
қарымды  еңбек  етіп,  Қазақстан  саяси  ғылымының  жаңа 
биіктерге  көтерілуіне  зор  үлес  қосып  отырғанын  атап  ай-
туымыз керек. 
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаев 
Қазақстан  халқына 2012 жылғы  Жолдауында    оқыту 
үдерісінің  тəрбиелік  құрамдасын  күшейту  керектігіне 
тоқтала келіп:  «Олар – патриотизм,  мораль  мен парасаттылық 
нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тəннің 
де, жанның да  дамуы, заңға мойынұсынушылық» деп атап 
көрсетті.  Мəселеге    осы  тұрғыдан  келгенде    «Саясаттану 
негіздері»  еңбегін жазу барысында  автор, əсіресе, саясатта-
ну курсын оқып үйренуші азаматқа  қойылатын  өлшемдер 
тұрғысынан   пайымдайды. Оның ойынша, саясаттану оқу 
курсының міндеті студентке саяси ғылымының теориялық 
негіздерін  беруден  жəне  дискуссиялық  проблемаларын 
көрсетуден,  негізгі  категориялар  мен  ұғымдарды  ғылыми 

253
жағынан ашудан жəне оны саяси тəжірибеден дұрыс хабар-
дар етуге үйретуден, сол арқылы оны саяси өмірге белсенді 
араласуға даярлаудан тұрмақ.  
Халық  даналығы  «Шайнап  берген  ас  болмас»  дейді. 
Сондықтан  болуы  керек,  қазақ  оқымыстысы  Раушан-
бек  Əбсаттаров  та  саясаттану  ғылымының  көптеген 
өзекжарды  мəселелерін  түбегейлі  зерттей  отырып,  жас  
саясаттанушыларға  немесе  осы  бағытқа  бет  алған  азамат-
тарға саяси ғылымды меңгерудің негізгі жолы əрбір адамның 
өзіндік  жұмыс  жасауымен  айқындалмақ  дегенге  ерекше 
екпін  бере  айтады.  Кітапты  дендеп  оқып  қараған  адамға 
мұнда саяси ғылымның сан тарау мəселелері біліктілікпен 
сарапталғаны  айқын  байқалады.  Айталық,  алғашқы  том-
да    ғалымның  өзі  түбегейлі  зерттеген  мəселелері  он  төрт 
тақырыпқа жүйеленіп бөлініп, оның əрқайсысы жеке-жеке 
тақырыпшалар арқылы жəне талданған. 
Бір қарағанда, жалпыға таныс тақырыптар болғанменен 
зерделеп  келіп,  оқыған  жанға  əр  тақырыптың  бүгінгі 
Қазақстан  қоғамындағы  мəселелермен  тікелей  үндесетіні 
анық. Айталық, «Саяси партиялар жəне қоғамдық ұйымдар, 
қозғалыстар», «Саяси  элита  жəне  саяси  көсбасшылық», 
«Тұлғаның  саяси  əлеуметтендірілуі», «Саяси  технологи-
ялар»  деген  тақырыптар  бойынша  берілген  материалдар 
кім-кімнің  де  болса  қызығушылығын  тудырары  сөзсіз. 
Тақырыптарынан-ақ  байқалып  тұрғанындай,  Қазақстан 
қоғамындағы  өзекті  мəселелермен  ұштастырыла  зерттел-
ген  проблемалар енді бірде əлемдік  деңгейдегі мəселелер 
қойылысымен  салыстырыла  қарастырылатыны    сəтті 
шыққан. 
Бұл  ретте,  автордың    саяси    типология    жасаудағы 
біліктілігі  мəселенің  мəнін  терең  зерттей  білетін  қабілет-
қарымы айқын байқалады. Осы қасиет қаламгер зерттеуінің 
құндылығын арттырып отыр. 
Қос  томдық  еңбектің  екінші  томының    көтерер 
жүгі  де  осал  еместігі  байқалады.  Осы  томда    бүгінде  
еліміздің  қоғамдық – саяси өміріндегі ең өзекжарды бо-

254
лып отырған  жəне  оның күн құрғатпай талдап шешуін 
қажетсінетін  тақырыптар    топтастырылған.  Айталық, 
«Əлеуметтік-этникалық  қауымдастықтыр  жəне  ұлт  сая-
саты», «Саяси оппозиция», «Саяси жанжалдар жəне олар-
ды  шешу  жолдары», «Саяси  тұрақтылық  жəне  ұлттық 
қауіпсіздік», «Саяси  маркетинг», «Саяси  басқару»  деген 
тақырыптардағы  ой-орамдары автордың мəселені егжей-
тегжейлі  қарастыра білетін қолтаңбасының айқын дəлелі 
болса керек. 
Мəселен, «Саяси  оппозиция»  тақырыбы  бойынша  
берілген    зерттеуінде  автор  оппозицияның  шығу  тегі  мен 
оның  табиғатына  терең  үңіледі.  Сөйтіп,  оның  түр-түрін 
жіліктеп  шағып,  қоғам  өмірінің  прогрессивті  дамуына 
қаншалықты  ықпал  ететіндігін,  я  болмаса  оны  тоқырауға 
əкелетіндігін  салыстырмалы  түрде  талдайды.  Бұл,  міне, 
ғалымның  өзіндік қолтаңбасын айқындайтын ерекшелігі. 
Осы стиль автордың  «Саяси жанжалдар жəне оларды шешу 
жолдары» деп аталатын тақырыптағы  зерттеуіне де тəн. Не-
месе оның саяси мəдениет туралы толғамдарын тұщынып   
оқырыңыз хақ.  
Біздің  қоғамға  не  жетіспейді?  Бұл – үлкен  сұрақ.  Бір 
қарағанда  төрт  құбыламыз  түгел  сияқты.  Іргеміз  бүтін.  
Шаруашылығымыз  орайласа  жүріп  жатыр.  Бай  елміз
бағлан елміз  деп бөркімізді аспанға атудан  кенде емеспіз. 
Ал  бірақ  бүгінімізден  ертеңімізді  нұрлы  етуге  кедергі 
келтіріп тұрған жайттар бар.  Ол – елді індеттей жайлаған 
сыбайлас жемқорлық.  Соның дені іс басында отырған порт-
фель иелерінен   болып отыр.  Соңғы бірер жылдағы газет-
журнал  беттерін  қарап  отырсаңыз  қазына  қаржысына  қол 
сұққан ыңғай ығай мен сығайлар. Осы тұста өзіміз əңгімеге 
тиек  етіп  отырған    саясат  пен  адамгершілік  болмыстың 
мəселелері  бой  көрсетеді.  Саяси  мəдениеттің  жекелеген 
тұлғалар  жұмырында  қалай-қалай    жұтылатынын      осы 
жерден  аңғаруға болады.  Профессор Р.Əбсаттаровтың бұл 
тақырыптың  тініне  бойлауы біздің осы  ойымызбен үндес 
шыққаны қуантады. 

255
Осы  екінші  томда  автордың    бұқаралық  ақпарат 
құралдарына  берген  сұхбаттары    мен    ой-толғамдары 
орын алған. Сондай-ақ саясаттану пəні бойынша қосымша 
тесттердің сұрақтары мен жауаптары да топтастырылған. 
Қорыта    айтқанда,  Қазақстан  Республикасы  мен  Еура-
зия  елдерінің  мемлекеттік  білім  беру  стандартына  сəйкес 
əзірленген  бұл  еңбек  қай  жағынан  алып  қарағанда  да  
еліміздің  саясаттану  ғылымының  сүбелі  бір  табысы  бо-
лып есептеледі. Өзінің бүкіл саналы өмірін  білім, ғылым 
саласына  арнап,  жас  ұрпақты  жоғары  адамгершілік  рухта 
тəрбиелеуге зор үлес қосып келе жатқан  белгілі саясаттану-
шы ғалым Раушанбек Əбсаттаровтың  бұл төл-тумасы қай 
өлшеммен  алып  қарасаңыз  да  өз  биігінен  көрінетін  еңбек 
болып қала бермек.
2012 ж.

1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал