Ж. Зерделі зерттеу Сәбит Бексейіт,Төрехан Майбас



жүктеу 37.8 Kb.

Дата11.03.2017
өлшемі37.8 Kb.

 

04.08.2014 ж. 

Зерделі зерттеу 

Сәбит Бексейіт,Төрехан Майбас 

Кезінде  Мопассан  Флобер  туралы  айтқан  екен:  «Жазушы  ғалым  болу 

керек» деп. Шынында да Рәшит Кәренов академик ғалым ғана емес, қарымды 

қаламгер  де.  Екі  тілде  жазады.  Оның  есті  мақалалары  мерзімдік 

басылымдарда үздіксіз жарияланып жатады. 

Елбасымыз  Н.Назарбаев  айтқандай,  бүгінде  өткенімізге  үңіліп, 

тарихымызды  танып,  болашағымызды  бағдарлауға  мүмкіндік  алдық.  Ал, 

болашағымыздың  түп  тамыры  кешегісінде  жатыр.  Ол  дегеніміз  –  зәузаттық 

жады. 

Зәузаттық  жадымыздан  жаңылу  –  кезіндегі  отарлаушы  елдің  де,  сол 



зорлықшыл елге жандайшап болған жұрттардың да бүгінгі билік басындағы 

сайқал  саясат  ұстанатын  ұрпақтарына  тиімді.  Тарихи  жады  жоқ  халықты 

билеп-төстеу де, алдап-арбау да оңай. 

Сол  зәузаттық  жадымыздың,  сол  тарихи  жадымыздың  тоқайласатын 

жері  шежіре  болып  табылады.Шежіре  сөзінің  аясында  көп  мағына  бар.  Ел 

мен  жердің,  халық  пен  қаһарманның  сырты  нұрлы,  іші  сырлы  шежіресін 

жасауға  бүгінде  ғалым  да,  жазушы  да,  журналист  те,  қалың  көпшілік  те  ат 

салысып жатыр. Халқымыздың асыл мұрасы, ұланғайыр тарихының куәгері – 

ру  шежіресі  соңғы  жылдары  рухани  өмірімізге  қайтып  оралды.  Көптен  бері 

ұлттық  басылымдарда  бірталай  шежіре  нұсқалары  мен  зерттеу  мақалалары 

жарияланып,  ара-тұра  қызу  пікірталастар  да  болып  өтті.  Шежіренің  тарихи 

пайда  болуы  және  даму  жолдары  туралы  да  аз  жазылған  жоқ.  Әр  ру-

тайпаның шежіре кітаптары да бірінен соң бірі шығып жатыр. 

Біле білген жанға шежіре дегеніміз – халықтың қымбат қазынасы. Халық 

барда шежіре де бар. Түптеп келгенде, шежіре – қазақ халқының бірлігі мен 

ішінара  ынтымағын  қалыптастырудың  идеологиялық  құралы  ретінде 

пайдаланылып келеді. 

Тарихыңды, тегіңді  білмеу  – білімсіздіктің үлкені. Әрі-беріден соң  ата-

бабамыздан  «Жеті  атасын  білмеген,  жетесіздіктің  белгісі»  деген  әлгіден  де 

қаттырақ  айтылған,  тіпті,  сақты  сындырып,  сүйекке  таңба  салатын  сөз 

қалған. 

Академик  ағамыз  Рәшит  Кәреновтің  Қазақстан-Ресей  университеті  бас-

пасынан  жақында  ғана  жарық  көрген  екі  томдық  тарихи-генеалогиялық 

зерттеуі «Үш жүздің шежіресі және Арғын-Алтай тайпасының Қареке-Мұрат 

рулары:  энциклопедиялық  анықтамалық»  деп  аталады.  Бұл  –  ширек  ғасыр 

бойғы  маңдай  тер,  табан  ақысының  жемісі.  Халқымыздың  дәстүрлі 

шежірешілдігіне құнды дерек көзі ретінде мән берген күрделі зерттеу. Әрісі 

үш  жүздің,  берісі  Арғын  тайпасының  шығу  тегі  мен  қалыптасу  тарихын 

зерттеген,  бұрын  аз  зерделенген  Қареке-Мұрат  руларының  шежіресін 

таратқан. 

Жалпы  көлемі  1362  беттен  тұратын,  яғни,  85,13  баспа  табақ  бұл  қос 

томдық халық ішінен шыққан көнекөз шежіреші қарттардың айтқандарынан 



және үш жүздің таралым туралы баспалардан шығарылған, шашырап жүрген 

кітаптардан  (еңбектерден)  алынып  жинақталып,  бір  жүйеге  келтіріліп,  ата 

тегін  білгісі  келген  оқырмандарға  ұсынылып  отыр.  Осы  еңбекте  тарихи-

этнографиялық, мәдени-әдеби айғақтар, тектік-генетикалық қасиеттер көрініс 

тапқан. 

Арғын-Алтай тайпасына жататын Қареке-Мұрат руларының шежіресі  – 

ұлт  тарихы  мен  тағдырының  жанды  бөлшегі.  Шежіреде  аталар  дәстүрі, 

ғасырлар  дауысы,  дауылпаздар  дабылы  естіледі.  Энциклопедиялық 

анықтамалыққа  автор  далалық  фольклорлық-этнографиялық  зерттеу 

деректерін, мұрағат құжаттарын, өмірбаяндар мен фотосуреттерді енгізген. 

Автор  көкірегі  ояу,  көзі  ашық  алаш  азаматтарына  ру  тарихы  –  қазақ 

тарихының  құрамды  бір  бөлігі,  ру  тарихы  –  әрқайсымыздың 

бабаларымыздың  тарихы  екендігін  ұғындырып,  нақты  мысалдармен 

дәлелдейді. 

Орта  жүз  Арғын  тайпасына  жататын  Қареке,  Мұрат  руларының 

аталмыш  шежіресі  –  көп  жылдар  бойы  жүздеген  адамдардан  ауызша 

сұрастырылып, жоғалып кеткен мәліметтерді тірнектеп жинастырып, әртүрлі 

деректерден, әңгіме-аңыздардан құрастырылған туынды. 

Тарих  –  үздіксіз  үдеріс,  ол  бүгінгі  адамдардың  өмірімен  шектелмейді. 

Қазір  қиял-ғажайып  болып  көрінгенімен,  бізден  жүздеген  жыл  кейін  өмір 

сүретін, тілі мен ділін, тіні мен дінін сақтаған қазақтар (лайым солай болсын) 

шежіре  тарату  дәстүрін  сақтап  қалуы  қажет.  Сол  ұрпақ  шежірені  ғылым 

деңгейіне  көтеріп,  компьютерлер  мен  есептегіш  машиналардың  зердесіне 

енгізіп,  арнайы  энциклопедиялар  құрастырып,  генетикалық  қызметтің 

қажетіне  пайдаланып,  алыс  заманалардан  бері  келе  жатқан  рухани 

байлығымызды дамытуы керек. 

Автор  бұл  еңбегін  ержүрек  бабасы,  Кенесары  ханның  серігі  болған, 

қазақ халқының күрескерлік тарихында өшпес із қалдырған мыңбасы Мәнжі 

батырдың 200 жылдығына арнаған. Қареке Байбурадан шыққан батыр Мәнжі 

Күржікейұлы  (1815-1911  ж.ж.)  Қарпық-Қаратоқа  руынан  шыққан  Тиес 

батырмен  дос  болған.  Екеуі  Хан  Кененің  қолында  болып  (Мәнжі  батыр  22 

жасында  жүзбасы  болыпты),  ұлы  жорықтарға  қатысқан,  қазақ  жерін  жат 

жұртқа бермеу үшін талай ерлік көрсеткен. 

Бәріңізге  мәлім,  күні  кешелер  тіпті,  әлі  күнге  дейін  қазақ  халқының 

тарихы,  әдебиеті  мен  мәдениетінің  бел-белестері  өзінің  зерттелуі  жағынан 

дұрыс  ғылыми  жолға  қойылмай,  көп  мағынасынан  айырылып,  асылын 

жасықтандырып,  жақсыларын  жадынан  шығарып,  жалған  ұрандардың 

дақпырттары  жетегінде  қалып  келді.  Ендігі  міндет  –  жерімізге  баса  көктеп 

кірген  сыртқы  жаудан  елі  мен  жерін  қорғап  тер  төккен,  қан  кешкен  ел 

басына,  қолбасылар  мен  хандарға,  билерге,  батырларға  лайықты  тарихи 

бағасын  беріп,  тиісті  орнына  қою.  Аталмыш  еңбек  –  осы  маңызды 

мәселелерге сәл де болса үлес қосуды көздеп жазған автордың жылдар бойғы 

тынымсыз жұмысының нәтижесі. 

«Шешеннің  ең  ұлы  қасиеті  –  қажет  нәрсені  ғана  айту  емес,  сонымен 

бірге  қажеті  жоқ  нәрсені  айтпау»  деп  Цицерон  айтқандай,  академик  ағамыз 

қажет  нәрсені  ғана  айтып,  қажетсіз  дүниені  айтпауға  мейлінше  тырысқан. 

Нені айтса да, бұрын біз оқымаған, естімеген тың деректі, соны топшылауды 


көлденең  тартады.  Кітаптың  тілі  көркем  де  жатық,  жеңіл  оқылады, 

жалықтырмай өзіне тартып отырады. 

Энциклопедиялық    анықтамалықта Қарағанды өңірінде туып-өскен, ха-

лықтың  жуан  ортасынан  суырылып  шыққан,  рухани  өміріміздің  бірқатар 

көрнекті өкілдерінің өміріне қатысты сирек деректер, соны мәліметтер көп. 

«Қасиетті  қазақ  даласы  жалпақ  жұрт  оқып  бітпеген  көне  кітап  секілді. 

Әсіресе,  Сарыарқаның  сауыр  төсіндегі  Қарағанды  жерінің  айтар  тарихы 

жұртшылыққа  беймәлім,  әлі  де  ашылмаған  жұмбақ  сырлары  да  аз  емес. 

Қарағанды  жері  –  өзінің  бай  тарихымен,  есімі  төрткүл  дүниеге  танымал 

қасиетті бабаларымызбен бүкіл қазақ еліне мәлім өлке» дейді автор. 

Қарағанды жерін, негізінен, Қареке, Мұрат аталатын екі ру қоныс еткен. 

Ел  бірлігінде,  халық  азаттығында,  ұрпақ  тәрбиесінде  жергілікті  даналардың 

да тарихи орны мен қоғамдық үлесі әрі қомақты, әрі салмақты. 

Ал,  ел  тарихын  әйгілі  тұлғалар  арқылы  зерделеу  –  қазақтың  дәстүрлі 

таным-түсінігінде  ертеден  қалыптасқан  үрдіс.  Қазақтың  қария  сөздерінде 

(ДАТ  –  даланың  ауызша  тарихы),  яғни  шежірелік  зердесінде  тарих  ұдайы 

жеке  тұлғалардың  өмір  дерегі  арқылы  танылып  отырады.  Қоғамның  саяси-

әлеуметтік,  мәдени-рухани  ахуалы  үнемі  жеке  тұлғалар  болмысы  арқылы 

көрініс  табады.  Осындай  қағиданы  негізге  алған  осы  қомақты  еңбектің 

авторы,  Қареке-Мұрат  руынан  шыққан  атақты  билер  мен  батырларды, 

ақындар  мен  ғұламаларды,  күрескерлер  мен  зиялыларды  біртұтас  тарихқа 

топтастырады. 

Өңір дерекнамасының беттерінен жауына ойран салған Шерубай батыр, 

Кене  ханның  серігі  және  ақылшысы  Таймас  батыр,  ел  аузында  жыр  болған 

Мәнжі  батыр,  есімі  Арқа  жұртына  кеңінен  танымал  Қамен  би,  тереңнен 

толғаған,  байыпты  саясаткер  атанған  Игілік  би,  от  ауызды,  орақ  тілді 

Таңшолақ  би,  өлеңге  жүйрік,  ойы  ұшқыр,  шабытты  ақын  Байсалбайдың 

Ахметбегі,  көркем  сөздің  хас  шебері  Ғабиден  Мұстафин,  арқалы  ақын 

Мақсұт  Байсейітов,  білімділігімен,  зайырлылығымен  көкірегіне  имандылық 

ұялатқан  Әбдікәрім  молда,  өмірін  ізденіспен  өрнектеген  Мінәж  Жар-

мұхаметов, ел-жұрты ұмытпайтын азамат, қайтпас қайсар қайраткер, кезінде 

ел  мен  жер  қамқоры  болған  Жұмабек  Тәшенев  туралы  жадыңызды 

жаңғыртар, санаңызды сәулелендірер мол мағлұмат, күшті әсер қалдырады. 

Бір  жарым  мыңнан  астам  ғылыми  және  әдеби-публицистикалық  еңбек, 

оның  ішінде,  75  ғылыми  және  әдеби-публицистикалық  кітап,  тарихи-

танымдық жинақ, оқулықтар мен оқу құралдары өз алдына, 18 ғылыми-әдеби 

кітабын  дүниеге  келтіру  әлеуетті  қаламгерге  ғана  тиесілі  үлес.  Ғалым 

жазушының  еңбек  өнімділігіне  өзі  де  өндіріп  жазатын,  еңсеріп  жазатын 

қаламдас әріптесіміз Мағауия Сембайдың өзі таң қалды. Ойын-шыны аралас: 

«Журналистерге  ештеңе  қалдырмайтын  болды»   деп  таңдана  тұрып,  риясыз 

көңілмен күлген еді. 

Қорыта  келгенде,  айтулы  ғалым  Рәшит  Кәреновтің  бұл  еңбегін  елін 

сүйер,  тарихты  тануға  құштар,  төл  тарихы  мен  мәдениетін  білгісі  келген 

қалың  оқырман  қауымның  көңілінен  шығады  деп  сенеміз.  Автордың  өзі 

айтқандай, бүгінгі күнде тарихты білу – тарихи шығармалар жазу үшін ғана 

емес, өзіңнің адамдық бейнеңді тану үшін керегірек. 



  

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал