Ж. «Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды»



жүктеу 64.94 Kb.

Дата17.02.2017
өлшемі64.94 Kb.

 

09.09.2015 ж. 

 

   «Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның 



жанына кетіп қалды» 

 

 



КЕНЖЕАХМЕТ Нұрлан. 

Қазақ  хандығы  және  Қытай  деректемелері  Мен  Германияның  Бонн  университеті  шығыстану 

институтында  ғылыми  қызметтемін.  Қазақ  хандығының  тарихындағы  аса  маңызды  және  күрделі,  әрі  аса 

қызықты  тақырыптардың  біріне  хандықтың  аталуы  тақырыбы  жатады.  Тарихшы  ғалымдардың  көбі  мына 

пікірді қуаттайды: бұрын Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау 

бір-бірінен  ажырады.  «Қазақ»  термині  бірте-бірте  Дешті  Қыпшақ  пен  Жетісуда  қалыптасқан  халықтың 

тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы 

ретінде  Орталық  Азияда  ғана  қолданылды.  Синолог  (қытайтанушы)  ғалымдардың  пікірінше,  қытай 

деректемелерінде ең алғаш «қазақ» этнонимі мәнчжүрлік Цин империясының (1644-1911) XVIII ғасырдың 

алдындағы  Орталық  Азиядағы  халықаралық  қатынастарына  байланысты  ізденістер  кезінде  табылды. 

Француз  шығыстанушысы  Пол  Пеллио  (1878-1945)  Цин  деректемелерінде  кезігетін  қытайша  Хасакэ 

этнонимі түрікше «қазақтың» дыбыстық аудармасы емес, моңғолша Хасэктың (қазақ этнонимінің моңғолша 

аты – Н.К.) дыбыстық аудармасы екенін тілге тиек етеді. Мин патшалығының әйгілі орда хроникасы Мин 

шилу  (Мин  патшалығының  нақты  хроникалық  жазбалары,  бұдан  былай  –  МШЛ)  деректемелерінде  Мин 

ордасы дипломатиялық қатынас орнатқан елдерден сырт, өздері естіп-білген елдер, тіпті, қиырдағы шағын 

иеліктер туралы егжей-тегжейлі деректер хатталған. Мин шилу – Қытайды 1368 жылдан 1644 жылға дейін 

билеген,  Мин  патшалығы  деген  атпен  белгілі  болған  мемлекеттің  15  патшасының  күнделікті  шынайы 

тарихын  баяндайтын    3045  томдық  мұрағаттар  жинағы.  Оған  енген  мазмұндар  Қытайдың  күнделікті 

дипломатиялық қимыл-істерінен, әкімшілік-жарлықтарынан құралған бірінші материалдар болып табылады. 

Өкінішке  қарай,  синолог  ғалымдар  осыған  дейін  қазақтар  туралы  естеліктерді  МШЛ  жазбаларынан 

кезіктірмеген. Менің зерттеуімше, МШЛ деректерінде Қазақ хандығы туралы мәліметтер кездеседі (Nurlan 

Kenzheakhmet, The Qazaq Khanate as Documented in Ming Dynasty Sources. Crossroads — Studies on the History 

of Exchange  Relations  in  the East Asian World. Vol.8, 2013,  131-156). Бұл  деректердің  синолог  ғалымдардың 

назарына  ілінбеуінде  екі  түрлі  себеп  жатты:  біріншіден,  этноним  құрамында  күрделі,  екі  түрлі  оқылатын 

иероглифтің  болуы;  екіншіден,  қазақтардың  әу  баста  жай  ғана  өзбек  немесе  өзбек-қазақ  деп  аталғанын 


ескермеуі.  Керей  мен  Жәнібек  хандар  тұсындағы  олар  негізін  қалаған  мемлекетке  МШЛ  Қазақ  хандығы 

атауын  қолданбайды.  Мин  патшалығының  орда  тарихшылары  Қазақ  хандығымен  іргелес  басқа  елдерді  де 

олардың  қосалқы  аты  бойынша  немесе  өздерінше  атайды.  Мысалы,  Ақ  Орданы  Тохума  (Тұқмақ),  Темір 

Әулеті  мемлекеті  мен  Мұхаммед  Шайбани  мемлекетін  Самарқанд,  Моғолстанды  Бешибали  (Бешбалық) 

немесе  Илибали  (Елбалық)  деп  атайды.  Осы  себептер  салдарынан  МШЛ-дегі  қазақтар  туралы  деректер 

тарихшылардың  назарынан  тыс  қалып  қойған.  МШЛ-де  1453  жылы  Асыбе  (Өзбек),  1532  жылдан  бастап 

Эцзибе-Хасинь  деген  мемлекет  хатталады.  Тұңғыш  қазақ  ханы  Жәнібек  МШЛ-де  Чжа-ни-бе  деп  аталса, 

Шайбани ұлысының негізін қалаған Шайбани хан (1451-1510) Самарқанд ханы Ша-и-бе (Шаһибек) делінеді 

де:  «Самарқанд  ханы  Ша-и-бе  қатарлылар  Махэйма  хочжэ  (Мұхаммед  Қожа)  қатарлы  елшілерді  жіберіп, 

жылқы,  түйе  және  басқа  тартулар  сыйлады.  (Ордамыз)  оларға  дәрежесі  бойынша  торғын-торқа  сыйлады» 

(МШЛ,  Мин  Уцзун  шилу,  цзюань  44.).  Ша-и-бе  –  Шаһибек  хан,  Шайбани  әулетінің  негізін  қалаушы 

Шайбани ханның енді бір аты, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабында Шаһибек хан деп 

аталады.  Асыбе  (өзбек)  атауы  парсыша  немесе  шағатайша  хатталуы  бойынша  (ك پزوا)  аударылғаны  анық. 

Мин Инцзун патша Цзинтай жылнамасының 3 жылы 12 ай цзичоу күні (қаңтардың 10 жұлдызы 1453 жылы) 

Мин  патшалығы  ордасына  121  мемлекеттен  және  иеліктен  елшілер  келеді.  МШЛ-дегі  мәтіннің 

аудармасында  ол  төмендегідей  көрсетілген:  «Құмыл  чжуншунь  (адал)  ваны  (ханы)  Дао-вадашили 

(Давадашир)  мен  тоумусы  (әмірі)  Тотобухуа  (Тохтобуға),  Илибали  (Елбалық)  жерінің  ханы  Есяньбухуа 

(Есен-Бұға)  мен  ханшайымы  Худу-судань  (Құтлық  Сұлтан  ханым),  әмірі  Шэла  (Шыра),  Тұрфан  жерінің 

ханы  Емили  хучжэ  (Имин  Қожа)  мен  ханшайымы  Гу-ва-эр  сутань  (Гаухар  сұлтан),  әмірі  Мама  миэрза 

(Мамай  мырза),  Чалыш  жерінің  ханшайымы,  Емили  хучжэның  қарындасы  Даламэнь  (Даулат  Сұлтан 

ханым),  әмірі  Далабе-эрдэ  (Дәулетберді),  Тохума  (Тұқмақ)  жерінің  ханы  Булахай  (Әбілқайыр),  Сайлань 

(Сайрам)  жерінің  әкімі  Гэлайтань  (Керей  Сұлтан),  Баданьша  (Бадахшан)  жерінің  әмірі  Сулутань  махэйму 

(Сұлтан  Махмұд),  Сулутанья  (Сұлтания)  жерінің  әмірі  Су-эр  бу  Савэнь,  Асыбе  (Өзбек)  жерінің  ханы 

Джанибе  (Жәнібек),  Шэливаньнайдин  (Ширван)  жерінің  ханы  Сутань  Али  (Сұлтан  Әли),  Аламула 

(Варамула)  жерінің  ханы  Сайни-абудин  (Зайн  әл-Абидин)  мен  оның  ұлы  Адэханьша  (Һажи  Хан  Шах), 

сондай-ақ,  Кашмир,  Қарақожа,  Телимань  (Термиз),  Саолань  (Сауран)  қатарлы  121  жердің  әкімдері 

патшалығымызға  елші  жіберіп,  жылқы  тарту  етті.  Оларға  қонақасы  беріліп,  алтын-күміс,  киім-кешек,  тон 

силанды» (Мин Шилу, Мин Инцзун патшаның орда естелігі, 224-том). Жоғарыдағы деректе Асыбе (өзбек) 

ханы  Жәнібек  Моғолстан  ханы  Есен-Бұғамен,  Тұқмақ  ханы  Әбілқайырмен  қатар  аталды.  Темірлік 

жылнамаларда Орыс хан елі Тұқмақ немесе Тоқмақ ұлысы деп аталса, XV-XVI ғасырлардағы моңғол-қытай 

дереккөздерінде  Шығыс  Дешті  Қыпшақ  немесе  Ақ  Орда  жалпылай  Тоғмағ  немесе  Тохэма  делінеді.  Муин 

ад-дин  Натанзидың  «Мунтахаб  ат-тауарих-и  Муйни»  («Муйнидың  таңдамалы  туындылары»)  атты  шығар-

масында  Ақ  Орда  «ұлұс-и  Тұқмақ»  (ūlūs-i  Tūqmāq)  деп  атады.  Әбілқайыр  хан  иеліктері  де  Тұқмақпен 

байланыстырады. Мысалы, Махмуд бен Вали секілді өте сенімді деректер авторлары Әбілқайыр хан маңына 

топтасқан  әскерді  «Тұқмақ  әскері»  деп  атайды.  XVI  ғасырдағы  буддистік  моңғол  жылнамаларында  Дешті 

Қыпшақ  немесе  Жошы  ұлысы  Тоғмағ  (Toγmaγ)  деп  аталды.  Ақ  Орданы  1413-1415  жылдары  Шахрухқа 

елшілікке  барған  қытай  елшісі  Чэнь  Чэн  (1365-1457)  Тохэма  (Тұқмақ)  депті.  Еліне  қайтқан  соң,  аталмыш 

елші патшасына берген есебінде Тұқмақ елін Йаңының (Тараздың) солтүстік батысында дейді. Оның есебі 

МШЛ  жинағына  енгізілген.  МШЛ  дерегіне  сүйенсек,  Тұқмақ  елі  1415  жылдан  бастап  аталады.  Ондағы 

Тұқмақ туралы мәлімет 1456 жылға дейін созылады 1447 жылы Тұқмақ елінің Махэйма (Мұхаммед) деген 

патшасы Мин патшалығына елші жіберіпті. Тарихи деректерде, 1431 жылы Әбілқайыр хан Екритупте Тоқа-

Темірлік кіші Мұхаммед ханның ұлдары Махмұд ханмен және Ахмед ханмен шайқасады. Әбілқайыр Орда-

Базарды басып алады. Алайда, көп ұзамай Махмұд пен Ахмед өз билігін қайта қалпына келтіреді. Екри-туп 

немесе Айкри-тув топонимін тарихшылар әр жерден іздейді. Ортағасырлық түркі тілінде екри немесе айкри 

«йір» деген мағына беретінін ескерсек, мұны Йір-туп немесе Айр-тув деп жаңғыртуға болады. Қазіргі Ұлы-

таудың  маңындағы  Айыртау  деген  жер.  Орда-Базарды  қазақ  ғалымдары  Кенгір  өзені  алабына,  Ұлытау 

өңіріне  телиді.  Мин  Шилу-да  кезігетін  Тұқмақ  ханы  осы  Мұхаммед  хан  болуы  мүмкін.  Қытайға  жіберген 

елшілер жолына бірталай уақыт кететінін ескерсек, Мұхаммедхан елшілерін Әбілқайыр шапқыншылығынан 

сәл  бұрын  Қытайға  жіберген.  Әбілқайырдың  билігі  Орталық  Қазақстанда  орнаған  соң,  ол  МШЛ-де  1453 

жылдан Тұқмақ ханы деп атала бастайды. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақ Орда шығыс деректерінде Тұқмақ 

деп аталудан сырт, Өзбек ұлысы немесе Өзбекстан деп те аталды. Өкінішке қарай, Өзбек немесе Өзбекстан 

атауын  қазір  көбінесе  Әбілқайыр  хандығына  теліп  жүр.  Тарихшылардың  көбі  1446  жылы  Әбілқайыр 

Сығанақты  басып  алған  соң,  бүкіл  Дешті  Қыпшақ  оның  қол  астына  бірікті  деген  көзқараста.  Осы  арада 

ескерте  кететін  жайт,  1428  жылы  Әбілқайыр  Чимги  Тұрада  (қазіргі  Ресейдегі  Түмен  қаласының  маңында) 

хан  тағына  отырғаннан  бастап,  1446  жылы  Сығанақты  басып  алғанға  дейін  оның  билігі  Барақ  ханның 

бұрынғы  иелігіне  жүрмеген.  Оны  Мұхаммедхан  билеген.  МШЛ  хроникасындағы  деректердің  ерекшелігі 

мынада: Мин патшалығының орда ұлықтары жіберген елдердің нақты жағдайын олардың елшілері келгенді 

анықтап, біліп отырған. Мысалы, Құмыл арқылы келетін елшілерді алдымен Цзяюйгуань қамалының (Мин 

патшалығының  батыс  шекара  қақпасы,  Құмылдың  шығысында)  маңында  бірер  ай  кідіртіп,  олардан  өз  елі 

туралы нақты мәліметтер алған соң, астанасы Пекинге қарай жөнелткен. Олардың билеушілерін өз тілдеріне 

қарай  ван  (хан  немесе  патша),  тоу-му  (әмір  немесе  елағалары)  деген  қатаң  дәрежемен  атаған.  Сондықтан, 

Әбілқайыр  Сығанақты  басып  алған  соң,  Сыр  бойында  немесе  Жетісуда  тәуелсіз  Қазақ  хандығының  өмір 

сүргені  шындық.  Өйткені,  қытайлар  Жәнібек  ханды  тегіннен  тегін  Өзбек  патшасы  немесе  ханы  деп 


атамайды.  Жәнібек  ханның  елшілері  Мин  патшалығы  ордасына  өздерін  Өзбек  ұлысынан  келгендігін 

мәлімдеген.  МШЛ  деректеріне  сүйенсек,  Әбілқайыр  хан  тұсында  Өзбек  атауы  тек  Барақ  хан  ұрпақтарына 

тән болған секілді. МШЛ дерегіне сүйенсек, Керей мен Әбу Саид (Жәнібектің мұсылманша аты) 1447 жылы 

Мин патшалығына Моғолстан мемлекетінің атымен елші жібереді. МШЛ-де оларды Моғолстан ұлысының 

әмірлері  (тоу-му)  деп  атайды:  «Құмыл  чжуншунь  ваны  (адал  ханы)  Давадашир  мыңбасы  Махмұд,  т.б., 

Илибали ұлысының тоумулары (әмірлері) Гэлай (Керей) мен Буса-и (Әбу Саид) қатарлылар мыңбасы Әли, 

т.б.  жіберіп  жылқы  тарту  етті.  (Ордамыз  оларға)  түсті  ақша,  торғын-торқа  сыйлады,  сондай-ақ,  Махмұд 

қатарлыларға патша жарлығы мен түсті ақша табыс етіп, оны Адал ханға және Керей, Әбу Саидке жеткізуді 

ұйғарды» (МШЛ, Мин Инцзун шилу, цзюань 159.). Ал Цзяцзин жылнамасының 11 жылы екінші ай цзичоу 

күнгі  (19  Наурыз,  1532)  орда  естелігінде  Эцзибе-Хасинь  елінен  Мин  патшалығы  ордасына  елші  келеді: 

«Тұрфаннан Сұлтан Мансур, Тяньфаннан (Арабиядан) Жалал ад-Дин, т.б., Самарқандтан Сұлтан Әбу Саид, 

т.б.,  Құмыл  вэйынан  (қорғаныс  орнынан)  мұрагер  тұтық  Мир  Махмұд,  т.б.,  сондай-ақ,  Эцзибе-Хасинь 

қатарлы  елдер  елшілер  жіберіп  тарту-таралғы  сыйлап,  алғыстарын  білдірді,  жиыны  400-ден  астам  адам 

келді»  (МШЛ,  Мин  Шицзун  шилу,  цзюань  135.).  Эцзибе-Хасинь  елі  туралы  жоғарыдағы  деректе  былай 

ескертпе беріледі: «Эцзибе-Хасинь еліне келсек, олар мұсылман татарлар. Көптен бері елші жіберіп, тарту-

таралғы  сыйламаған,  қазір  елуден  астам  адамын  жіберіпті,  Тұрфан  тайпалары  олардың  атын  жамылып 

келген  болуы  мүмкін»  (МШЛ,  Мин  Шицзун  шилу,  цзюань  135.).  Осыдан  Мин  патшалығының  орда 

тарихшыларының  Эцзибе-Хасинь  туралы  көп  мәліметтер  білмейтінін  аңғаруға  болады.  МШЛ-дің  өзбек-

қазақ  туралы  мәліметі  1537  жылға  дейін  созылады.  Енді  қытай  авторының  Эцзибе-Хасинь  деген  сөзіне 

талдау жасап, түсініктеме берелік. 1574 жылы жазылған «Шуюй чжоуцзы лу» («Шалғайдағы елдер туралы 

деректер»)  деген  еңбектің  авторы  Янь  Цунцзянь  Эцзибе-Хасинь  елі  туралы  мынадай  анықтама  береді: 

«Хасинь патшасы бұрын Самарқандтың солтүстігіндегі Эцзибе территориясында тұратын, естуімізше олар 

жартылай  дацзы  (татар)  екен.  Осыдан  бұрын  Тұрсын  деген  елшісін  жіберіп  тарту-таралғы  сыйлаған. 

Мұрағаттағы  мәліметтерді  ақтарсақ,  қазіргі  Хасинь  деп  жүргеніміз  бұрынғы  Хасинь  екен.  Сол  кезде 

Солтүстік тау жақ осылай аталған, қазір жердің аты бойынша Эцзибе деп аталды». Эцзибе-Хасинь деп Мин 

ордасының өзбек-қазақтарды айтып отырғанында дау жоқ. 1533 жылы 19 желтоқсан күнгі МШЛ дерегінде 

мынадай  жазылған:  «Батыс  өңірдегі  Эцзибе-Хасин  ван  (хан)  жіберген  елші  шетелше  жазылған  29 

мәлімдемені  алып,  Қытай  елінен  жібек,  ақша  және  басқа  заттарды  беруді  талап  етті.  Жарлық  шығарылып 

кездеме, торғын, шай, дәрі-дәрмек қатарлы заттар берілді» (Мин Шилу. Мин Шицзун шилу. Цз.157). Өзбек-

қазақ  этнонимінің  шығу  тарихын  анықтауда  Шахрухтың  орда  тарихшысы  Абд  ар-Разақ  Самарқандидің 

(1413-1482) «Матла ас-садайн ва маджама ал-бахрайн» («Екі бақытты жұлдыздың шыққан және екі теңіздің 

қосылған  жері»)  атты  еңбегінің  рөлі  ерекше.  Өз  еңбегінде  автор  Шығыс  Дешті  Қыпшақтың  барлық 

тұрғындарын  жалпылама  атаумен  өзбектер,  елін  –  өзбектер  елі,  Өзбек  ұлысы,  ал  билеушілерін  –  Өзбек 

елінің  патшасы  деп  жиі  атайды.  Абд  ар-Разақ  Самарқанди  еңбегінде  1440-1441  жылдардан  бастап  қазақ 

болған  өзбектер  Шахрухтың  қол  астындағы  Мазандаран  өлкесін  шапқаны  жайлы  деректер  кезігеді.  1447-

1448  жылдары  Шахрух  әмірлеріне  Дешті  Қыпшақ  жағынан  келетін  өзбек-қазақ  жасақтары  туралы  мәлімет 

беріп тұру туралы жарлық шығарады [(Абд ар-Разақ Самарқанди. Места восхода двух счастливых звезд и 

места слияния двух морей (Мунтахаб ат-таварих-и Му‛ини) // Сборник материалов, относящихся к истории 

Золотой Орды. Т. II. Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные 

А.А.Ромаскевичем  и  С.Л.Волиным.  М.;  Л.,  1941,  198  (аударма),  258  (текст)].  Қазақ  атауының  өзбекпен 

қосарлана  аталуы  Барақтық  Өзбекстан  ыдырағаннан  кейінгі  тарихи  шындықтың  куәсі.  Қазақтар  туралы 

деректер  батыстағы  темірлік,  шайбанилік  немесе  шығыстағы  Моғолстандық  тарихшылардың  еңбектерінде 

өте қысқа, көмескі түрде ұшырасады. Әрине, аталған тарихшылар тарихи оқиғаларды өз елінің пайдасына 

бола  бұрмалап  немесе  жауларын  (қазақ  хандарын)  жек  көрінішті  етіп,  үзік-үзік  ауызекі  әңгімелер  мен 

аңыздар  бойынша ғана жазады. Абд ар-Разақ Самарқандидің мағлұматы бойынша, Жәнібектің әкесі Барақ 

хан 1429 жылы Моғолстанда Сұлтан Махмұд оғлан дегеннің қолынан қаза табады. Тарихшылар 1429 жылды 

Барақтық Ақ Орданың немесе Барақтық Өзбекстанның жойылу жылы деп қарастырады. Осы тұстағы тарихи 

шығармаларда  Барақ ханның  ұрпақтарының  тағдыры туралы  ештеңе  айтылмайды.  Тек  бір  ғасырдан  астам 

уақыттан  соң,  яғни  1542-1546  жылдары  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  «Алла  жақсы  біледі»  деген  тіркестерді 

қолдана  отырып  Жәнібек  пен  Керейдің  тағдырын  баяндайды.  «Тарих-и  Рашидиде»  Керей  мен  Жәнібекке 

ілесіп  келген  жұртты  «өзбек-қазақ»  деп  атағаны,  осы  елді  Керей  ханнан  кейін  Бұрындық  хан,  онан  соң 

Қасым  хан  басқарғаны  туралы  жазылады:  «Әбілқайыр  хан  қайтыс  болған  соң  өзбек  ұлысы  бір-бірімен 

шайқасып,  араларында  үлкен  келіспеушілік  туды.  Жұрттың  көпшілігі  Керей  хан  мен  Жәнібек  ханның 

жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ 

сұлтандарының  алғаш  билік  жүргізуінің  басы  870  (1465-1466)  жылдан  басталады.  Алла  жақсы  біледі.  940 

(1533-1534)  жылға  дейін  қазақтар  Өзбекстанның  көп  бөлігіне  өз  биліктерін  толық  жүргізген  еді»,  деді. 

Жәнібек ханның ұлы Қасым сұлтан билік басына келген соң, «Дешті Қыпшақ даласын толық биледі. Оның 

әскерінің  саны  миллионнан  астам  адам  болды.  Жошы  ханнан  кейін  бұл  жұртта  одан  құдіретті  хан  болған 

жоқ»,  дейді  тағы  бірде  Мұхаммед  Хайдар  Дулати.  Ал  «Бабыр-наме»  кітабында  Қасым  хан  туралы: 

«Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан 

сияқты  бағындыра  алмаса  керек.  Оның  әскерінде  үш  жүз  мыңға  жуық  адам  бар  еді»,  деп  атап  өтеді.  Иә, 

Қасым хан тұсында Қазақ хандығының Орталық Азия саяси сахнасында шешуші фактор болғанына еш дау 

жоқ.  Поляк  тарихшысы  Матвей  Меховскийдің  (1457-1523)  латын  тілінде  жазған  «Tractatus  de  duabus 


Sarmatiis»  («Екі  Сарматия  туралы  трактат»)  тарихи-географиялық  шығармасына  сүйенсек,  Қазақ  хандығы 

сол тұста-ақ Еуропаға мәлім бола бастаған. Матвей Меховский Едігенің немересі Оқас немесе Уаққас (1428-

1447)  туралы  деректер  келтіріп,  татарларды  беске  бөлген:  Волганың  ар  жағындағылар,  Перекоп  (Қырым), 

Қазан және Ноғай; осы төрт ордада өз патшалары болған, патшасы жоқ бесіншісін – Қазақ (Kazacka), деп 

атайды  (Матвеи  Меховскии,  «Трактат  о  двух  Сарматиях»,  Москва-Ленинград,  1936,  63).  Автор  аталмыш 

шығармасын 1517 жылы жазған. Осыған орай, ол жоғарыдағы бөлініс осыдан (яғни 1517 жылдан) 70 жыл 

бұрын  болған  (яғни  1447  жыл)  еді  деп  ескертеді.  Шайбани  әулеті  1500  жылдары  оңтүстікке  Самарқанд 

жаққа кеткен соң, МШЛ мұрағатында Шайбанилер Самарқанд хандары деп атала бастағаны айтылады. Тағы 

бір МШЛ деректерінде кезігетін Самарқанд бастабында Темір әулеті билеген тұтас Мавараннахрды меңзесе, 

кейін  Мұхаммед  Шайбани  тұсында  Шайбани  мемлекетін  меңзейді.  Парсы  деректерінде  Шайбани  әулеті 

жалпылай  Шайбани  ұлысы  (ulūs-i  shībānī),  Шайбани  өзбектері  (uzbak-i  shībān)  немесе  жай  ғана  өзбектер 

(uzbek)  деп  аталды.  Алайда,  осы  әулетті  құрушы  Мұхаммед  Шайбани  өз  елін  өзбек  деп  атамаған  немесе 

атағысы келмеген, бұл аталмыш терминнің тарихи және қазіргі қолданылысы арасындағы айырмашылықты 

нақты көрсететін факт. Мавараннахр тұрғындары мен парсылар солтүстігіндегі көршілерін жалпылай өзбек 

деп  атаған.  Олардың  ұғымында  өзбек  атауы  еуропалықтар  қолданған  татар  атауы  секілді  көшпелі  тобыр, 

қиратқыш күш ретінде белгілі болды. Шайбани ханның өмірбаянын жазушы Мұхаммед Салих (1455-1535) 

өзінің «Шайбанинама» атты еңбегінде: «Бу Самарқанд худ өз тәхтимдур, білгіл андін кі нетек бәхтимдур», 

дейді. Шайбанинамада Мұхаммед Шайбани былай дейді: «Шағатай елі мені өзбек демесін, Беталды ойлап 

қам  жемесін.  Мен  Өзбек  елінен  келсем  де,  Бірақ  менің  рухым  тәңірден  келген».  Шынымен  Шайбани  хан 

өзін  өзбек  деп  атамаған,  ол  өзін  Шыңғыс  хан  ұрпағынан  деп  санаған.  Мавараннахрдағы  заңды  орнын 

бекемдеу үшін ол Темірлік әулеттерімен құдаласады, Бабырдың туған қарындасы Ханзада Бегімен үйленеді. 

Жаңадан құрылған мемлекетке ықпалды хандардың атын қолдану Моңғол дәуірінен кейінгі Орталық Азияда 

жаппай етек алған құбылыс. Оның үстіне өзбек атауы Шыңғыс хан ұрпағынан тарамаған, әскери-әкімшілік 

істерімен араласатын түркі тайпаларының жинақ аты болды десек, қате кетпейміз.  



 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал