Ж. Жаужүрек Мұхтар ҚҰл-мұхаммед



жүктеу 149.19 Kb.

Дата30.05.2017
өлшемі149.19 Kb.

 

9.10.

 2014 ж. 



Жаужүрек 

   

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД 

 

Ұлы  Отан  соғысы  «ежелден  ер  деген  даңқы  шыққан»  қазақ  халқының 

қаһармандығын күллі әлемге кеңінен паш етті. 

Сұрапыл  соғыста  Бауыржан  Момышұлындай  даңқты  қолбасшы,  Талғат 

Бигелдиновтей  қыран  ұшқыш,  Нүркен  Әбдіров,  Төлеген  Тоқтаровтай  ержүрек 

жауынгерлер, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздар намысын жауға бермеген ер халықтың 

даңқын  асырды.  Кезінде  бұл  туралы  әйгілі  орыс  жазушысы  Илья  Эренбург  Кеңес 

Одағының  бас  газеті  «Правдада»  жарияланған  «Қазақтар»  атты  мақаласында  «Бір  неміс  маған:  «Біздің 

алдымыздан  қайтпас  қайсар  солдаттар  шықты.  От-жалын  да  тоқтата  алмаған  олар  бізге  қасқая  қарсы 

жүгірді.  Кейін  ғана  маған  олардың  қазақтар  екендігін  айтты»,  –  деп  таңдана  жазған  болатын.  Немістер 

айтса  айтқандай-ақ  оттан  да,  судан  да  қорықпайтын  қазақтар  қан  майданда  асқан  жанқиярлықпен 

шайқасып, ақыр аяғында Рейхстагта Жеңіс туын желбіретті. 

Қазан  айында  Рейхстагқа ту тіккен  қазақ  қаһарманы  Рақымжан  Қошқарбаевтың туғанына  90  жыл 

толады.  Оның  Ұлы  Отан  соғысы  кезінде  командирлері  тарапынан,  бейбіт  заманда  қазақстандық  зиялы 

қауым атынан бірнеше рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанына қарамастан, батырдың өшпес 

ерлігі көзі тірісінде өз дәрежесінде бағаланбады. 

Тек  еліміз  тәуелсіздік  алғаннан  кейін  ғана  Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаев  қазақ  қауымы  зор 

ризашылық  сезіммен  қабылдаған  арнайы  Жарлық  шығарып,  Рақымжан  Қошқарбаевқа  Қазақстанның 

«Халық Қаһарманы» атағын берді. 

Бүгінгі әңгіме жау ордасына тігілген жайнаған тудан қазақ қаһармандығына мәңгі өлмес ескерткіш 

қойған жаужүрек батыр Рақымжан Қошқарбаев туралы болмақ. 

 Ерлік  –  қаһармандықтың сын  сағатта  найзағайдай   жарқ  еткен  көрінісі, ал оның  негізінде  асыл  тек 

пен қайсар рух жатады. 

Сұлтан САНЖАР, 

ортағасырлық философ. 

 Мен  Рақымжан  ағамен  өткен  ғасырдың  80-жылдарында  өзім  үшін  үлкен  өмір  мектебі  болған  Қазақ  кеңес 

энциклопедиясында қызмет істеген жылдары таныстым. 

Бұл кезде энциклопедия ұжымы қазақ және орыс тілдерінде әзірленген төрт томдық «Қазақ ССР» қысқаша 

энциклопедиясына қызу дайындық үстінде болатын. 

Басылымның аты айтып тұрғандай, ол тек Қазақстанға арналып, қысқаша пішімде 

шығарылатындықтан  энциклопедияға  енетін  есімнамалық  мақалаларға  қатаң  талап 

қойылды.  Егер  бұған  дейін  жарық  көрген  12  томдық  әмбебап  басылымда  Кеңес 

Одағының  Батырларына  түгелдей  орын  берілсе,  қысқаша  энциклопедияның  әскери  іс 

саласы  бойынша  оған  сол  заманда  саусақпен  санарлық  қазақстандық  генералдар,  екі 

мәрте Кеңес Одағының Батырлары, А.Матросов пен Н.Гастеллоның ерлігін қайталаған 

қазақстандықтар,  кеңестік  Шығыстан  шыққан  қос  шынар  Әлия  мен  Мәншүктің 

өмірбаяндарына арналған есімнамалық мақалалар енгізілетіні жөнінде тым келте шешім 

қабылданған  еді.  Нәтижесінде  республиканың  қоғамдық,  мемлекеттік  құрылысы,  тарихы,  халықаралық 

байланыстары  және  әскери  іске  арналған  1-томның  төрінен  бүгінгі  ұрпақ  өмірбаянын  былай  қойғанда,  есімінен 

мүлде бейхабар, толып жатқан революционерлер мен большевиктік көсемдер орын алды. 

Томға дайындық жұмысы аяқталар кезеңде бас редакторымыз, академик Манаш Қозыбаев Орталық комитет 

басшылығын  «республиканың  Ұлы  Жеңіске  қосқан  үлесін  биіктетеді»  деген  дәлелмен  сендіріп,  1-томға 

«Рейхстагқа ту тіккен» критерийімен Рақымжан Қошқарбаевты кіргізу жөнінде рұқсат алды. Өзі жақын араласатын 

досы туралы мақаланың энциклопедияға енетініне жас баладай қуанған ол мені кабинетіне шақырып: 

– Мұхтар, тез Рақымжан ағаңа тарт. Ертеңнен қалдырмай мақаланы жазып, алдыма қоятын бол, – деп жедел 

тапсырма берді. 

Бұл  кезде  Рақымжан  аға  «Алматы»  қонақүйінің  директоры  болып  қызмет  атқаратын.  Энциклопедия 

ғимараты  мен  қонақүй  арасы  жаяу  жүргенде  бес-ақ  минуттық  жер.  Мен  есімнамалық  мақалаларға  қойылатын 

дәстүрлі сұрақтарымды алып, батырдың қабылдауына жеттім. 

– Кел, бауырым, төрлет! Манаш ағаң хабарласты. Асықпай сұрақтарыңды қоя бер, ал дайын болса қалдырып 

кет, – деп Рақаң бірден іске көшті. 

Бұл батырдың алпысқа енді ғана толған кезі болатын. Ортадан жоғары бойлы, мығым денелі, сәнді үлгімен 

киінген, жүріс-тұрысы ширақ ағамыздың қайратты қалың шашында бір тал ақ жоқ сияқты көрінді маған. 

Тапсырма тым шұғыл болғандықтан мен сұрақтарымды қоя бастадым. 

Әдетте энциклопедияға енетін есімнамалық мақаланың көлемі машинкаға басқанда жарты бет, әрі кеткенде 

бір  парақтан  аспайды.  Оның  құрылымы  бірізді  болғандықтан  сұрақтар  да  тым  қарапайым  еді.  Мен  бас-аяғы  бір 

сағатқа жетер-жетпес уақытта жұмысымды аяқтап, кетуге ыңғайланғанда: 



–  Манаш  Қабашұлына  менің  алғысымды  жеткізіңіз.  Әуре  болмай-ақ  қоюға  болатын  еді.  Нәтижесі  болса 

хабар берерсіздер. Болмаса – өкпе жоқ, – деп орнынан тұрып, күректей алақанымен мейірлене қолымды қысты. 

Осылайша, мен атақ-даңқы  бүкіл Қазақстанды шарлап кеткен батырдың жүзін көріп, қолын алу құрметіне 

ие болдым. 

Ол кезде Кеңес Одағы бойынша барлық ресми мәлімет көздерінде Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Егоров пен 

Кантария  ғана  танылатын.  Сондықтан  әуелі  алақандай  мақаланың  қазақша  нұсқасындағы  «алғашқылардың  бірі 

болып Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен совет офицері» дефинициясы цензураның талабы бойынша «Рейхстагтың кіре 

берісіне  (1945  ж.,  Берлин  қ.)  алғашқылардың  бірі  болып  полк  туын  тіккен  совет  офицері»  болып  өзгерді. 

Осылайша «Рейхстаг» атты нақты нысан «Рейхстагтың кіре берісі» атты ұсақтана түсіп, «Жеңіс туы» ұғымы «полк 

туы»  атты  мағынасы  төмендеу  тіркеспен  алмастырылды.  Мақала  батырдың  суретімен  энциклопедияның  1984 

жылы жарық көрген қазақша нұсқасында басылып шықты. 

Ол заманда әбден анықталып, тексеріліп, күмән келтірмейтін деректер ғана жарияланатын энциклопедиялық 

басылымдардың  беделі  ерекше  болатын.  Сол  себепті  Кеңес  Одағының  Батыры  атағын  алған  500-ден  астам 

қазақстандықтардың  басым  көпшілігі  қағаберіс  қалған  қысқаша  энциклопедияның  төрінен  Р.Қошқарбаевқа 

портретімен  орын  берілуі  оның  ерлігін  республикалық  деңгейде  ресми  түрде  танудың  тағы  бір  белгісі  ретінде 

қабылданды. 

…Гитлерлік  Германияның  жүрегі  саналатын  Рейхстагқа  атойлап  кіріп,  оның  тура  еңселігіне  Жеңіс  туын 

тіккен жаужүрек қазақ жайлы ол ерлік көрсеткен 1945 жылдың мамыр айынан бастап майдандық газеттер жабыла 

жазды.  Аз  ғана  тиражбен  шығып,  әскери  ортада  ғана  тарайтын  бұл  басылымдар  жас  офицердің  туған  жеріне 

жеткен жоқ. Жасынан томаға-тұйықтау өскен жас батыр да өзі туралы көп ешкімге жақ аша қоймады. Сондықтан 

Рақымжанның  тағдырын  күрт  өзгерткен  1958  жылғы  Бауыржан  Момышұлымен  кездесуіне  дейін  оның  ерлігі 

жайлы Қазақстанда көп ешкім білмейтін. 

Қазақта  «өсер  елдің  баласы  бірін-бірі  батыр  дер»  деген  қанатты  сөз  бар.  Егер  ерлігі  енді  ғана  танылған 

ұланды атағы жер жарған қаһарман қолбасшы дәріптесе оған қандай теңеу табар екенбіз. Рақаңның өмірінде тура 

осындай жағдай 1958 жылы орын алды. 

Қазақтың  даңқты  батыры,  қаһарман  қолбасшы  Бауыржан  Момышұлы  соғыс  аяқталғаннан  кейін  Бас 

штабтың  Әскери  академиясын  тәмамдап,  біраз  жыл  әскери  қызмет  атқарған  соң,  1955  жылы  запасқа  шығып, 

бірыңғай қаламгерлік қызметке ауысады. 

Бауыржан ағасына 1958 жылы Рақымжан Қошқарбаев есімді жасы отыздан енді ғана асқан майдангер жігіт 

сәлем  бере  келеді.  Соғыс  туралы  болашақ  әдеби  туындыларына  материал  жинап  жүрген  Баукең  жас  жігіттің 

әңгімесін ыждаһатпен тыңдап, аты-жөнін, жауынгерлік өмірінің ұзын-ырғасын жазып алады. 

Кездесу  аяқталысымен  ол  өзінің  өкіл  баласындай  болып  кеткен,  сол  кездегі  «Лениншіл  жас»  газеті 

редакциясының  жауапты  хатшысы,  кейін  республикалық  деңгейдегі  партия  қайраткері  болған  Кәкімжан 

Қазыбаевты дереу шақырып алып: 

– Знаешь ты, кто такой Рақымжан? Мен оны бүгін бірінші рет көрдім. Сәлем бере келіпті. Білесің бе, кімнің 

сәлем бере келгенін? Это исторический человек! …Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Атақты 

Момышұлы  болдым.  Москва  түбіндегі  шайқасты  көрдім.  Төрт  жыл  бойғы  сұрапыл  соғыстың  небір  сұмдық 

қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как 

воин, как командир я представляю, что это такое, это было невероятно! Рақымжан сол тозақтың ішінде болған, сол 

тозақтан  аман  шыққан!  Жеңіс  жалауын  тіккен!  Оның  өмірбаяны  –  отпен  жазылған  өмірбаян.  Осыдан  артық 

сендерге, журналистерге, атаңның басы керек пе?! – деп ақырып тапсырма береді. 

Кәкімжан  ағамыз  көп  ұзамай  Рақымжанды  іздеп  тауып,  онымен  кең  отырып  сұхбаттасудың  нәтижесінде 

1958  жылы  20  ақпанда  «Лениншіл  жас»  газетінде  «Рейхстагқа  ту  тіккен  қазақ»  атты  бүкіл  Қазақстанды  дүр 

сілкіндірген сенсациялық мақаласын жариялайды. 

Осылайша, Бауыржандай атағы жер жарған даңқты қолбасшы Рақымжандай  жас батырдың  туған  халқына 

кеңінен танылуына жарқын жол ашады. 

Кәкімжан ағамыз жыл өткен сайын Рақымжан туралы тақырыптың қанатын жаза түсіп, түрлі республикалық 

басылымдарда  бірнеше  көлемді  материалдар  басады.  Кейін  солардың  негізінде  1965  жылы  «Кернеген  кек»  атты 

деректі  повесть  те  жазды.  Өмірінің  соңына  дейін  Рақымжан  Қошқарбаевтың  ерлігін  насихаттап,  оған  Кеңес 

Одағының Батыры атағын беру жөнінде Мәскеуге жазылған бірнеше ұжымдық хаттардың жазылуына мұрындық 

болады. 

Кәкең кезінде асығыстау жазылған  «Кернеген кекті» ұлғайтып,  кесектеу туындыға айналдыруды көздеген. 

Кейін  егде  тартып,  денсаулығы  сыр  бере  бастаған  кезде  сүйікті  тақырыбын  сол  кезде  қарамағында  істеген 

талантты  журналист  інісі  Жанболат  Аупбаевқа  табыстайды.  Бұл  туралы  майталман  қаламгер  өзінің  екі  жүз 

мыңдық ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Ту тіккен» атты триптихінде төгілте жазды. 

Әрине,  Рақымжан  жайлы  өлең-жыр,  мақала,  естеліктер  өте  көп.  Бірақ  солардың  ішінде  батырды  туған 

халқына  қайыра  таныстыруға  бастамашы болған  қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы, қайраткер-қаламгер 

Кәкімжан Қазыбаев, ақмылтық журналист Жанболат Аупбаевтардың есімдерін ерекше атаған жөн деп білемін. 

Рақымжандай хас батырдың өмірбаяны толық зерттеліп бітті ме? Ол шынымен-ақ Кеңес Одағының Батыры 

атағына ұсынылды ма, ұсынылса тарихи құжат қайда жарияланған? Рейхстагқа ту тіккен кімдер және жау жүрегіне 

алғашқы туды қадаған кім? 

Осындай  санада  жамыраған  сансыз  көп  сұрақтарға  әлі  күнге  дейін  дәл  жауап  табу  қиын,  ал  оған  жарық 

түсірер  деректер  бүгінге  дейін  «жеті  құлыптың»  ар  жағындағы  құпия  мұрағаттарда  қаттаулы.  Біз  де  соларды 

қолымызға  шам  алып  іздеуге  шықтық.  Бәрі  түсінікті  болу  үшін  әуелі  батырдың  өмірбаянын  қысқаша  шолып 

шығайық. 

Жауынгер жолы 


Рақымжан  Қошқарбаев  1924  жылы  қазанда  қазіргі  елордамыз  Астананың  дәл  іргесінде  –  Ақмола  облысы, 

Целиноград ауданының Қырыққұдық елді мекенінде дүниеге келді. 

Әкесі Қошқарбай әдемі қоңыр дауысы  бар, ән-күй, өлең-жырға  әуес, қоңыртөбел тіршілік еткен жан екен. 

Атасы  Мұса  дөңгеленген  шаруасы,  орташа  ғана  дәулеті  бар  қарапайым  көптің  бірі  болса,  бабасы  Құдайқұл  жаз 

жайлауы,  қыс  қыстауы  бөлек,  Қараөткелге  аты  мәлім,  әлді,  ауқатты  әулеттен  шығыпты.  Алтыншы  атасы  Сатай 

батыр Абылай хан заманында тұлпар мініп, ту алған ердің сойы болыпты. 

Рақымжан  төрт  жасында  шешесінен  айырылса,  1937  жылы  әкесі  Қошқарбай  бәз  баяғы  «тегін  жасырған 

байдың баласы» деген желеумен репрессияға ілігіп, қуғын-сүргінге түседі. 

Он  үшке  толар-толмаста  осыншама  қиындыққа  душар  болған  Рақымжан  жол  көрсетіп,  жөн  сілтеген 

қайырымды жандардың көмегімен өзі туған аудандағы Тайтөбе балалар үйіне алынады. 

Бұл  қазақ  халқының  тең  жартысын  жалмаған  отыз  екінің  ашаршылығынан  кейін  елдің  әлі  есін  жиып 

үлгермеген  кезі  еді.  Ата-анасы  жоқ  жетімдерді  былай  қойғанда,  бүкіл  отбасымен  күндіз-түні  тырбанып  еңбек 

еткендердің  қолы  аузына  әрең  жететін.  Оның  үстіне  үлкен  қалалар  өз  алдына  алыстағы  ауылдың  көзі  ашық, 

көкірегі  ояу  азаматтары  репрессияның  қанды  шеңгеліне  түсіп,  елде  бас  көтерер  тұлғалар  әбден  азайған  еді. 

Сондықтан Рақымжанның  қарын тойдырмаса  да талғажауға  жарайтын  тамағы, қолдан  келгенше күтімі,  темірдей 

тәртібі  бар  балалар  үйіне  келуі  оның  бойындағы  жақсы  қасиеттердің  ертерек  ұшталуына,  көпшілік  ортасына, 

ұжымдық өмірге бейімделуіне оң әсерін тигізді. 

Батырдың  балалар  үйіндегі  өмірі  оның  «Жеңіс  жалауы»  атты  кітабында  жан-жақты,  әсерлі  суреттелген. 

Онда оң мен солын танып қалған өжет ұланға әке орнына әке болып, қамқор қолын созған ардақты ұстазы, балалар 

үйінің директоры Сағат Сәдуов пен анасының орнын басқан тәрбиешісі, оқу ісінің меңгерушісі Любовь Ивановна 

Колягинаның есімі ерекше ілтипатпен аталады. 

Тайтөбедегі  балалар  үйінде  7-сыныпты  бітірген  соң  Рақымжан  Балқаштың  іргесіндегі  Набережный 

поселкесінде орналасқан ФЗУ мектебіне (фабрично-заводское ученичество) оқуға түседі. 

Азамат соғысы, ашаршылық, елді колхоздастыру, репрессияның бірнеше толқыны кездерінде Кеңес Одағы 

бойынша миллиондаған бала қараусыз қалды. Ел ішінде жұмыс күші жетіспеушілікке айналғанда 7-сынып бітірген 

жасөспірімдер  осындай  мектептердегі  бас  аяғы  1,5-2  жылдық  оқып-үйретуден  кейін  кәсіби  маман  болып  шыға 

келетін. 

ФЗУ  жасөспірімдерді  кәсіпке  ғана  емес,  әскери  өмірге  де  бейімдейтін  оқу  орны  болды.  Оның  оқушылары 

әскери  училище  курсанттарындай  басына  фуражка,  үстіне  әскери  үлгідегі  бірыңғай  форма,  қыста  жез  түймелі 

шинель киіп, айылбасты белдік тақты. Олар әскердегідей бұйрықпен жатып, бұйрықпен оянатын. Жұмысқа барса 

да,  қалаға  шықса  да  сап  құрап,  топ-тобымен  жүретін.  Осындай  «казармалық  социализм»  тәсілі  әлі  буыны  бекіп, 

бұғанасы  қатып  үлгермеген  жас  балаларды  қатаң  тәртіпке  бағынып,  берілген  тапсырманы  мүлтіксіз  орындауға 

үйретті. 

Ұжымдық  орта  кез  келген  адамды  ширатады.  Тайтөбедегі  балалар  үйінде  әжептәуір  тәжірибе  жинап, 

көпшілік  ортаға  тез  бейімделген  Рақымжан  өз  қатарластары  арасынан  суырылып  алға  шығып,  топжарғандық 

қасиетімен таныла бастайды. 

Балалар  үйінде  үйренген  орысшасы  да  көп  септігін  тигізіп,  ұстаздар  ұйғарымымен  ауылдан  келген  өзі 

сияқты қарадомалақтарға орыс тілін үйретумен де айналысады. 

ФЗУ-да  жастарды  білім  алып,  кәсіп  игеруге  ғана  емес,  өнер  мен  спортқа  да  баулыды.  Мұнтаздай  киініп, 

тәртіпті, ұқыптылықты жаны сүйетін Рақымжан спорттың бірнеше түрін, әсіресе, конькимен мәнерлеп сырғануды 

меңгеріп, қалалық жарыстарға қатыса бастайды. Домбырада, мандолинада құйқылжыта ойнауды үйреніп, мектеп 

оркестрінде өнер көрсетеді. 

Балқашта  оқып  жүргенде  Рақымжанның  қиын-қыстау  жағдайда  кімге  де  болмасын  қол  ұшын  беруге  әзір 

тұратын  ер  мінезі  қылаң  берген  ерекше  оқиға  орын  алады.  Қақаған  қыста  конькимен  алаңсыз  сырғанап  жүрген 

балалардың  бірі  аяқ  астынан  ойылған  мұздан  суға  кетіп,  батуға  айналады.  Рақымжан  сүйектен  өтер  суыққа 

қарамастан ойыққа секіріп түсіп, батып бара жатқан жас қызды тура келген ажалдан аман алып шығады. 

Бүкіл Кеңес Одағы бойынша 1940 жылы ФЗУ-дің сипаты өзгеріп, оның орнына кәсіби училищелер ашыла 

бастайды.  Осылайша  Рақымжан  16  жасында  ФЗУ-дегі  оқуын  аяқтап,  орта  білім  алғандығы  жөнінде  куәлігімен 

туған ауылына оралады. 

Анасынан  ерте  айырылып,  әкесі  абақтыда  отырған  оны  ауылда  аңырап  қалған  әжесі  Әлиман  ғана  қарсы 

алады. Өгей шешесі Үндемес Қошқарбайдан мүлде күдер үзіп, басқа біреуге күйеуге шығып кетіпті. 

Ол  кезде  ауылда  орта  мектепті  бітіргендерді  былай  қойып,  қара  танитындардың  өзі  сирек  болатын.  Сол 

себепті балалар ғана  емес, «сауатсыздықты  жою» науқаны  бойынша  білім алуға  ұмтылған ауылдың үлкен-кішісі 

бірдей  Рақымжаннан  сабақ  алады.  Оның  ұстаздығы  тым  ұзаққа  созылған  жоқ,  келесі  жылы  Ұлы  Отан  соғысы  -

басталды. 

Ол кезде Рақымжан 17-ге аяқ басқан бозбала ғана еді. Жасы толмағанына қарамастан өз еркімен майданға 

сұранып  екі  рет  арыз  береді.  Келесі  1942  жылы  тамыз  айында  18-ге  толуына  екі  ай  қалғанда  оның  өтініші 

қабылданып, әскер қатарына алынады. Рақымжан әуелі майданға шақырылғандарды алғашқы әскери дайындықтан 

өткізетін  Көкшетаудағы  367-атқыштар  полкында  қызмет  етеді.  Мұнда  көбінесе  орыс  тіліне  шорқақ,  кейде  оны 

мүлде  білмейтін  Орта  Азиядан  келген  қырғыз,  өзбек,  түрікмен,  тәжік  солдаттары  шоғырланған  еді.  ФЗУ-де 

жартылай  әскери  өмірге  бейімделген,  тәртіпке,  өз  ісіне  мығым  Рақымжанды  командирлері  бірден  байқап, 

нұсқаушы етіп қояды. Ол осы полкте 1943 жылдың жазына дейін сержант шенінде қызмет атқарады. 

Екі  тілге  бірдей  жүйрік,  еті  тірі,  ширақ,  шымыр  жаңғақтай  жас  жігіт  әскери  дайындық  біткен  соң  бірден 

майданға  аттандырылмай,  сол  кезде  Бішкек  қаласында  орналасқан  Тамбов  жалпыкомандалық  жаяу  әскер 

училищесіне жіберіледі. 

Әрине, әскерилер оның өмірбаянын мұқият тексерген. Бұл соғыстың алғашқы кезеңдегі ащы жеңілістерден 

Қызыл  Армия  сабақ  ала  бастаған  кез  еді.  Кіші  офицерлік  құрамға  әскери  техниканы  тез  арада  меңгере  алатын, 


оқуға  бейім,  қиыншылыққа  төзімді,  тепсе  темір  үзетін  жас  азаматтар  көбірек  алына  бастаған.  Осы  тұрғыдан 

келгенде балалар үйінде тәрбиеленген, ФЗУ-де оқыған, оның үстіне ұстаздық тәжірибесі бар, сержанттар курсынан 

өткен Рақымжан офицерлік үшін дайын тұрған кадр еді. Солай болып шықты да. 

Ол  бір  жылдан  астам  уақыт  Бішкек  қаласының  дәл  ортасында  орналасқан  әскери  училищеде  білім  алып, 

тыңғылықты дайындықтан өтеді. Училищеде соғысқа түрлі жарақат алып, тылға жіберілген, соғыстың қыр-сырын 

жақсы  білетін,  қолданыстағы  жаңа  техниканы  еркін меңгерген сақа  командирлер сабақ берді.  Оқу  орнын  бітірер 

кезде  өзі  көптен  күткен  қуанышты  оқиға  болып,  партия  қатарына  кандидат  ретінде  қабылданды.  Осыдан  тура 

жиырма  күн  өткенде,  Рақаңның  өз  жазбалары  бойынша  1944  жылдың  30  қыркүйегінде  оның  өмірінде  ешқашан 

ұмытылмайтын тағы бір оқиға орын алады. 

Оны  училищеге  әкесі  іздеп  келеді.  Жазықсыз  жазаға  тартылып,  хабар-ошарсыз  кеткен,  әлдеқашан  өлдіге 

саналған әкесі тірі екен. Сағынысқан әке мен бала жылап көріседі. 

Әкесі  Қошқарбай  осыдан  бір  ай  бұрын  түрмеден  босап,  біржолата  ақталып  елге  келіпті.  Ауылда  Рақым-

жанмен  хат  алысып  тұратын,  балалар  үйінде  бірге  оқыған  Райхан  есімді  қыздан  ұлының  мекенжайын  алып, 

ешкімге жақ ашпай, тура Бішкекке тартқан беті екен. 

Училище басшылығынан әкесі келгендігін айтып, рұқсат сұрап, оны Осмонқұл атты таныс қырғыздың үйіне 

әкеледі.  Ағыл-тегіл  әңгімелесіп,  іштегі  сырды  ақтарысады.  Рақымжан  жас  баладай  құрақ  ұша  жүгіріп,  әкесіне 

үлкен ілтипатпен қызмет етеді. Тайтөбедегі балалар үйінен бастап, күні кеше партия мүшелігіне кандидат болып 

қабылданғанын жырдай етіп айтып берді. 

Ұлының кісі қызығатындай тамаша азамат болып өскендігіне әбден көңілі толған Қошқарбай қоштасар күні 

іштегі  сырды  өзі  ашып,  ешбір  жазығы  жоқтығын,  бар  айыбы  атасы  Құдайқұлдың  бай  болғанын,  бірақ  ол 

байлықтан  өз  әкесі  Мұсаға  ештеңе  қалмағандығын  жеткізеді.  Көре  алмайтын  ағайын  «тегін  жасырған  байдың 

тұқымы» деп сыртынан арыз жазыпты. Оның соңы жеті жылға созылған қуғын-сүргінге ұласқан. 

Қошқарбай нағыз азамат екен. Баласына бар шындықты жайып салып, жалғыз ұлымен қоштасар алдында: 

«дүниеге әкелгенім болмаса, саған ешбір пайдам тимеді, өзіңе зияны келер болса менен бас тартам десең де ешбір 

өкпем жоқ» деген сөздерді айтады. 

Құшақтаса  табысып,  көңілсіздеу  қоштасқан  әке  мен  баланың  бір-бірін  түсінуі  үшін  әлі  талай  уақыт  керек 

еді. 

Шындығында уақыт бәрін орнына келтіреді. Рақымжан әкесі туралы атақ-даңқы дүрілдеп тұрған 1976 жылы 



жарық  көрген  «Жеңіс  жалауы»  атты  кітабында  ештеңе  жазбаған.  Тек  осы  кітаптың  1984  жылы  басылған 

«Шабуыл»  атты  орысша  нұсқасында  әкесі,  ата-бабасы  туралы,  жоғарыдағы  кездесу  жайында  мағлұматтарды 

қосуға тәуекел еткен. 

Әскери училищеде өткен жылдан астам уақыт Рақымжанның жас офицер ретінде қалыптасуына ғана емес

жалпы  кейінгі  өмірінде  өшпестей  із  қалдырады.  Ол  өмірбаяндық  кітабында  майданнан  оралған  сақа  офицерлер-

училище  басшысы  полковник  Дементьев,  подполковник  Савченко,  майор  Антонов,  лейтенант  Батуриндердің 

есімін ерекше құрметпен атайды. 

Рақымжан  әкесімен  кездесуден  тура  бір  ай  өткенде  –  1944  жылы  қазан  айында  кіші  лейтенант  шенімен 

училищені үздік тәмамдап, соғысқа аттанады. 

Бұл кезде майдан шебі Кеңес Одағының шекарасынан шығып, Польша жеріне қарай ауысқан болатын. Жас 

офицер взвод командирі ретінде қан майданға кіреді. 

Қошқарбаев  қызмет  еткен  әскери  құрамалар  мен  оның  командирлері  туралы  деректер  алдағы  уақытта  әлі 

талай рет кездесетін болғандықтан оларға да түсініктеме беріп өткенді жөн көрдік. 

Кіші  лейтенант  Р.Қошқарбаев  генерал-майор  С.Н.Перевёрткин  қолбасшылық  ететін  79-атқыштар  корпусы 

құрамында  қызмет  етті.  Кейін  дәл  осы  корпустың  құрамалары  Берлинге  алғашқылардың  бірі  болып,  Рейхстагты 

алады.  Комкор Переверткин генерал-полковник дәрежесіне  дейін көтеріліп, Берлинді алуға қатысқан ерлігі  үшін 

Кеңес Одағының Батыры атағын иеленеді. 

Корпус құрамында тоғыз әскери құрылым болды. Рақымжан соның генерал-майор В.М.Шатилов басқарған 

150-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты. Рейхстагты алуға қолбасшылық еткені үшін Батыр атағына ие 

болып, соғыстан кейін генерал-полковник дәрежесіне дейін өскен комдив Василий Митрофанович Шатилов 90-нан 

еркін  асып,  бертінде  –  1995  жылы  дүние  салды.  Ол  Рақымжанды  батыл  офицер  ретінде  бағалап,  өзінің  әскери 

жазбаларында оның ерлігін үнемі атап өтіп, кейін бірнеше рет Батыр атағын беру жөніндегі ұсыныстарға қолдау 

көрсеткен аяулы жан. 

Қошқарбаев  150-атқыштар  дивизиясының  құрамындағы  подполковник  А.Д.Плеходанов  басқаратын  674-

атқыштар полкының құрамында болды. Алексей Дмитриевич Плеходанов 1938 жылдан бастап Қызыл Армия қата-

рында  болып, фин соғысына  қатысқан Ұлы  Отан соғысына  сақа  офицер ретінде кірген тәжірибелі  командир еді. 

Мінезі  тік,  тіпті,  шатақтау  болған.  Сол  себепті  Батыр  атағынан  құр  қалған.  Рақымжанды  сыйлап,  оның  ерлігін 

лайықты бағалай білген. 

Қошқарбаев  674-атқыштар  полкының  құрамындағы  1-батальонда  взвод  басқарды,  ал  бұл  батальонды 

Рақымжан  ұрысқа  алғаш  кіргенде  капитан  А.С.Твердохлеб  басқарды.  Соғысқа  дейін  қарапайым  механизатор 

болған,  өмірлік  тәжірибесі  мол,  қарамағындағы  солдаттар  мен  офицерлер  сыртынан  «Батька»  деп  ерекше 

құрметпен атаған  Алексей  Семенович Твердохлеб өте  қамқор командир еді.  Кезекті бір ұрыс сәтінде  комбаттың 

ординареці  қардай  бораған  оқ  астында  қалады.  Рақымжан  бұйрық  күтпестен  командирінің  көз  алдында  әлгі 

солдатты  жауған  оқтың  астынан  аман  алып  шығады.  Бұйрықсыз  әрекет  жасағаны  үшін  өзгелерге  көз  қылып 

ескерту жасаса да ерлігіне ерекше риза болған Твердохлеб жас қазақты айрықша жақсы көріп кетеді. 

Рақымжан  туған  әкесіндей  сыйлаған  қамқор  командир  жеңіске  санаулы  күндер  қалғанда  Берлиннің  дәл 

іргесінде  28  сәуір  күні  оққа  ұшып,  оның  орнын  капитан  В.И.Давыдов  басады.  Дәл  осы  Давыдов  батальонының 

жауынгерлері кеңес әскерлері ішінен бірінші болып жау ордасы – Рейхстагқа бұзып-жарып кіреді. 



Кейіпкеріміздің  ерлігін  баяндауға  есімі  бірнеше  рет  аталатын  оның  қарулас  достары  мен  командирлері 

туралы қысқаша мәліметтен соң батырдың жауынгерлік жолына оралайық. 

Оның  өмірбаяндық  кітабында:  «12  қаңтар  күні  Висло-Одер  операциясын  бастаған  1-Украин  армиясы 

жаппай  шабуылға  шыққанын  білдік,  біздің  дивизия  құрамына  кіретін  1-Беларусь  майданы  бұл  операцияға  екі 

күннен кейін қосылды», – деп жазады. Бұл лейтенант Қошқарбаев қатысқан алғашқы шайқас болатын. 

Ұлы Отан соғысының ең шешуші кезеңінде даңқты қолбасшылар маршал Г.Жуков пен маршал И.Коневтің 

басшылығымен жүзеге асқан «Висло-Одер операциясына» тек Кеңес Одағы тарапынан 2 миллионнан астам әскер 

қатысты. 

Польша жерінің басым бөлігін фашистерден азат етіп, кеңес әскерлерін Берлин бағытына шығарған дәл осы 

шайқаста жас офицер Р.Қошқарбаев ерлігімен ерекше көзге түсіп, дивизия командирі В.М.Шатиловтың өз қолынан 

1-дәрежелі Отан соғысы орденін алады. 

Батыстан  АҚШ  пен  Ұлыбритания  бастаған  одақтастар  ашқан  екінші  майдан  неміс  шекарасына  кеулей 

кіргенде, асқан жылдамдықпен небәрі 20 күн ішінде жүзеге асырылған «Висло-Одер операциясының» нәтижесінде 

кеңес әскерлері Берлиннің іргесіне дейін жетті. Екі жақ та Берлинді бірінші болып алуға өршелене ұмтылды. 

Кеңес  әскерлерінің  гитлерлік  Германияны  талқандаудағы  шешуші  үлесін  айқындаған  Берлин  операциясы 

туралы  кеңес  тарихшылары,  жазушылары,  осы  оқиғаға  қатысқан  қолбасшылар  мыңдаған  еңбектер  жазды.  Кеңес 

Одағы  ыдырап,  темір  шымылдық  ашылғаннан  кейін  құпия  құжаттар  ғылыми  айналымға  түсіп,  ақиқат  ашыла 

бастады. Берлинді алу жаһандық соғыстың шешуші сәтіндегі аса қуатты әскери күштер қатысуымен өткен жойқын 

операция ғана емес, әлемдік саясат сахнасындағы үлкен ойын болғандығы да айқындалды. 

Кеңес  әскерлері  1944  жылдың  соңында  ел  аумағын  жаудан  түгелдей  тазартып,  Польша  территориясына 

тақап  келді.  Бұл  кезде  соғыс  басталысымен  қару-жарақ,  әскери  техника,  азық-түлікпен  көмегін  аямай-ақ  келген 

АҚШ  пен  Ұлыбритания  басшылығы  КСРО  азғана  уақытта  өз  елін  басқыншы  жаудан  түгелдей  босатып,  ендігі 

жерде Шығыс Еуропаны фашизмнен азат ету арқылы оларды өз ықпалына – коммунистік лагерьге тартуға әрекет 

жасайтынын айқын сезді. Осы тұрғыдан келгенде жау астанасын бірінші болып алған елдің Еуропадағы ең қуатты 

мемлекет  –  Германияның болашақта қандай саяси  бағыт ұстанатынын айқындауда  шешуші  рөл атқаратынын екі 

жақ та да бірдей түсіне білді. 

Шетелдік тарихшылар  «одақтастар әскери шығын аса  көп  болатынын алдын ала  болжап, Берлинді алудан 

саналы түрде бас тартты» дейді, ал тарихи құжаттар басқаша сөйлейді. Саясаткерлер Берлин үшін шайқасты екінші 

майдан ашылмай тұрып-ақ бастап кеткен болатын. 

АҚШ  президенті  Ф.Рузвельт  1943  жылдың  9  қарашасында  «Айова»  линкорының  бортында  тұрып,  екінші 

майдан  барысында  АҚШ  Норвегия  мен  Данияны,  Бремен  мен  Гамбург  портын,  солтүстік-батыс  Германияны  тез 

арада басып алу керектігімен қоса «Біз Берлинге дейін жетуіміз керек. Сонда Кеңестерге оның шығысына дейінгі 

аумақ бұйырады. Бірақ Берлинді міндетті түрде Құрама Штаттар алуы керек», деп кесіп айтады. Ал 1945 жылдың 1 

сәуірі  күні  У.Черчилль  Рузвельтке:  «Орыс  армиялары  еш  күмәнсіз  бүкіл  Австрияны  басып  алып,  Венаға  кіреді. 

Егер  бұған  қоса  Берлинді  алатын  болса,  онда  біздің  ортақ  жеңісімізге  дәл  солар  шешуші  үлес  қосқан  сияқты 

әсіреқызыл  ұғым  қалыптасуы  мүмкін…  Сондықтан  мен  саяси  тұрғыдан  алғанда  бізге  Германияның  шығысынан 

неғұрлым ары қарай жылжуымыз керек деп есептеймін. Егер Берлин қолымыз жетер жерде болса еш күмәнсіз оны 

біз алуымыз керек», деген құпия жеделхат жіберген. 

Байқайсыз  ба,  одақтастар  өз  стратегиялық  жоспарларында  әлдеқашан  Берлиннің  тағдырын  өз  пайдасына 

шешіп  қойған.  Кеңес  тарапына  бұған  қоса  Германия  басшылығының  одақтастарға  Берлинді  бейбіт  жолмен  беру 

туралы жасырын келіссөз жүргізе бастағаны белгілі болады. 

Әрине, Сталин де қарап жатпады. Бұл кезде алғашқы нобайы 1944 жылдың қарашасында жасалған «Берлин 

операциясы» жоспары дайындалып, оны тек әскери құрамалардың диспозициясына орай нақтылау ғана қалған еді. 

Черчилльдің жеделхатына Рузвельттің жауабы жетіп үлгергенше 1945 жылдың 3 сәуірінде Берлинді алудың 

жоспары бүге-шігесіне дейін көрсетілген Сталин қол қойған арнайы Директива шығады. Дәл осы құжат негізінде 

16 сәуір күні Ұлы Отан соғысының ең соңғы шабуылы басталды. 

Кейін  белгілі  болған  деректер  бойынша  небәрі  23  күнге  созылған  осы  операцияда  кеңес  әскерлерінің 

шығыны  қаза  тапқандары,  жараланғандарын  қоса  есептегенде  361 367  адамға  жеткен.  Соғыстың  тағдыры 

әлдеқашан  шешіліп  қойған  кезде  саяси,  әскери  бедел  үшін  осыншама  адамнан  айырылу  ақылға  сыя  қоймайтын 

шығын еді. 

Берлин операциясын маршал Г.Жуков пен маршал И.Конев жүзеге асырды. Кезінде «Жеңіс маршалы» деп 

асыра дәріптелген Жуков Берлин операциясын тез, жылдам аяқтап, оған бірінші болып басып кіру үшін осындай 

орасан  зор  шығындарға  барған.  Қаһарман  қолбасшы  Бауыржан  Момышұлының  «Төрт  жыл  бойғы  сұрапыл 

соғыстың  небір  сұмдық  қияметтері  көз  алдымда.  Бірақ  Берлинді  алардағы,  Рейхстагқа  ту  тігердегі  қырғын  –  ол 

нағыз жойқын қырғын!», – деген ашына, ашулана сөйлеуінің астарында осындай сыр бар еді. 

Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың сәуір айында жан алысып, жан беріскен қырғын соғыстың ең сұрапыл 

шайқасына  кіреді.  Оның  өмірбаяндық  кітабында  Одерге  шыққан  соң-ақ  командование  бүкіл  офицерлік  құрамға 

Берлин мен оның айналасындағы өзен, көл, орман, деревня, қалашықтар, аса маңызды нысандар белгіленген карта 

таратылғанын жазады. 

Берлин операциясы  шеңберінде Рақымжан мен оның  қаруластары  20 сәуір  күні Претцель  елді мекенін, ал 

келесі  күні  Берлиннің  іргесіндегі  Каров  қаласын  алады.  Осы  шайқаста  жау  оғы  оның  оң  қабағын  жырып  өтіп, 

басына  жарақат  түседі.  Сонда  Рақымжанды  ерекше  жақсы  көретін  комбат  Твердохлеб:  «Мұндай  оқ  өтпейтін 

баспен сен әлі  жүз  жыл жасайтын боласың!», деп қалжыңдайды.  Бұдан кейін әріптестері оны  «Непробиваемый» 

деп атап кетеді. 

Твердохлеб  басқарған  батальон  жауынгерлері  жау  астанасын  қақ  жарып  ағатын  Шпрее  өзенінің  жағасына 

шыққанда,  комбат  Твердохлеб  барлық  офицерлерге  Берлиннің  қақ  жүрегі  саналатын  Кёнигсплац  алаңы,  онда 

орналасқан «Гиммлер үйі» деп аталып кеткен ішкі істер министрлігінің ғимараты мен «105» цифрмен таңбаланған 


Рейхстаг  және  одан  төмен  орналасқан  Бранденбург  қақпасы  белгіленген  үлкейтілген  картаны  көрсетіп,  алдағы 

уақытта осындай басты нысандарды бес саусақтай білуі керектігін қатаң тапсырады. 

Дәл  осы  жиналыс  кезінде  комбатты  телефон  арқылы  полк  штабына  шақырады.  Сыртқа  шығып,  жылдам 

штабқа беттеген майорға  осының алдында оқ тиіп, әлдеқашан өлдіге саналған неміс  офицері есін  жиып, граната 

лақтырады. Төрт жыл бойына сан шайқастан аман шыққан есіл ер осылайша кездейсоқ ажалдан қаза тауып, оның 

орнын капитан Давыдов басады. 

Ертеңінде маршал Жуков пен Коневтің әскерлері жау ордасына басып кіріп, оның әр көшесі, әр орамы, әр 

ғимараты үшін кескілескен шайқас басталды. 

Берлинді қақ жарып ағатын Шпрее өзені Рейхстаг орналасқан алаң тұсына келгенде доғадай иіледі. Доғаның 

сол жағының төмендеу тұсында Кёнигсплацқа шығатын Мольтке көпірі бар. Генерал-майор Шатилов басқаратын 

150-атқыштар  дивизиясы  құрамындағы  екі  полк  (674  және  756)  әскерлері  Рейхстагқа  шабуыл  алдында  түгелдей 

осы  көпірдің  аузына  шоғырланады.  Көпірден  өткен  жерде  әуелі  Швейцария  елшілігінің  ғимараты,  одан  кейін 

«Гиммлер  үйі»  орналасқан.  Фашистік  Германияның  ең  жауыз  басшыларының  бірі,  СС  рейхсфюрері  Гиммлердің 

штабы  дәл  осы  ғимаратта  болатын.  Соғыс  кезінде  адам  баласын  азаптау  мен  қинаудың  небір  жантүршігерлік 

түрлерін ойлап тауып, концлагерьлер ашқан Гиммлердің штабын талқандау оның жауыздығын жақсы білетін әрбір 

кеңес солдаты үшін жаудан кек қайтарумен пара-пар еді. 

«Гиммлер  үйінен»  қиғаштап  Кёнигсплацты,  яғни  «Король  алаңын»  кесіп  өтсеңіз,  алдыңыздан  фашизм 

ордасы  –  Рейхстаг  шығады.  Кеңес  әскерлерінің  басты  нысаны  осы  екі  ғимарат  болды.  «Берлин  операциясы» 

барысында жеңіс туын дәл осы ғимаратқа тігу жоспарланды. 

Жеңіс туы 

Рейхстагқа  шабуылды  басқарған  150-атқыштар  дивизиясының  командирі  Шатилов:  «Рейхстагты  төрт 

батальонмен шабуылдау жөнінде шешім қабылданды. Оның комбаттар Давыдов пен Логвиненко басқаратын екеуі 

674-ші  Плеходанов  полкынан  болса,  комбаттар  Неустроев  пен  Клименков  басқаратын  екеуі  Зинченко  полкынан 

еді», – деп жазады (Шатилов В.М., Рейхстаг үстіндегі ту. М., 1975, 53-б.). 

Капитан  Давыдов  бастаған  Рақымжанның  батальоны  әуелі  Мольтке  көпірінің  аузындағы  Швейцария 

елшілігі  орналасқан  ғимаратқа  лап  қояды.  Ертеңіне  таңсәріде  тас  қамал  болып  бекініп,  СС-тің  таңдаулы 

офицерлері мен солдаттары қорғаған 5-қабатты ғимаратқа жойқын шабуыл басталып, Рақымжан мен оның қарулас 

серіктері «Гиммлер үйіне» алғашқылардың бірі болып басып кіреді. 

Бұл туралы оқиғаны өз көзімен көрген «Правда» газетінің әскери тілшісі Мартын Мержанов «Таңертеңгі аса 

қуатты  артиллериялық  атыстан  кейін  «Гиммлер  үйінен»  алаңға  оқ  жаудырған  нысандар  тоқтап,  ғимараттың 

қалыңдығы  екі  метрден  асатын  қабырғасы  қақырай  бастаса  да,  әлі  құлаған  жоқ  еді.  Оны  фашистердің  таңдаулы 

батальондары  қарудың  барлық  түрінен  оқ  атып,  жанталаса  қорғап  бақты.  Бірақ  оған  лейтенант  Қошқарбаев  өз 

взводымен күл-талқаны шыққан есіктен атойлап басып кірді», – деп жазады (Мержанов М., Ол осылай болған. М., 

1975). 

Түске қарай «Гиммлер үйінің» 1-қабаты түгелдей жаудан босатылып, 2-қабат үшін айқас басталады. Фашис-



тердің жанталаса қорғанғаны соншалық, ұрыстың осы бөлігінде Рақымжан взводының тең жарымы оққа ұшады. 

Бекінген жау әр қабат, әр бөлмені өлермендікпен қорғайды.  Ғимаратты  тез арада  жаудан босатуға  бұйрық 

алған кеңес әскерлері 30 сәуір күні таң алдында «Гиммлер үйін» түгелдей фашистерден тазартып шығады. 

«Гиммлер үйінде» 30 сәуір күні лейтенант Рақымжан Қошқарбаевқа партия билеті табыс етіледі. Бұл туралы 

комдив В.М.Шатилов: ««Гиммлер үйінің» жертөлесінде парткомиссияның отырысы болды. Онда взвод командирі, 

комсомол мүшесі, қазақ, 1924 жылы туған лейтенант Рақымжан Қошқарбаевты партия қатарына қабылдады», – деп 

жазады. 

Бала кезінен «халық жауының баласы» деп қағажу көріп, алаң көңіл өскен Рақымжан өзі армандаған партия 

билетін  төс  қалтасына  басқанда  оның  есімін  әлемге  әйгілейтін  тарихи  ерлікке  санаулы  сағаттар  ғана  қалған 

болатын. 

Көп ұзамай сол сәт те келіп жетті. 

Партия билетін алып, төбесі көкке жеткендей көңіл күйде тұрған Рақымжанды комбат Давыдов шақырады. 

Комбат  Рақымжанға  барлық  мән-жайды  түсіндіріп,  оған  Рейхстагқа  бірінші  болып  ту  тігуге  аттанатын 

алғашқы топты басқаруды ұсынады. Иә, бұйрық емес, ұсыныс. Бас тартуға әбден болады, бірақ Рақымжан бірден 

келісімін берді. Сағат тілі тура 11-ді көрсеткенде құрамында аға лейтенант Сорокин, сержант Лысенко, ефрейтор 

Булатов,  қатардағы  жауынгерлер  Проваторов,  Орешко,  Пачковский,  Бреховецкийлерден  тұратын  шабуылдаушы 

топ  Рақымжанның:  «Алға,  ер  соңымнан!»  деген  бұйрығымен  жау  ордасын  бетке  алып,  «Гиммлер  үйінің» 

терезесінен тас төселген Король алаңына секіріп түседі. 

Рақымжан  қызыл  материалдан  жасалып,  бүркеншік  қағазға  оралған  туды  гимнастеркасының  ішіне  тығып, 

сыртынан белбеумен мықтап байлап алады. 

Бұл  кезде  Кёнигсплац  алаңына  қарудың  барлық  түрінен  оқ  қарша  борап,  өлім  сеуіп  тұрды.  Егер  алаңда 

орналасқан ғимараттарда 5000-ға жуық СС-тің таңдаулы әскерлері орналасса, тек Рейхстагтың өзін 1000-нан астам 

жау әскері жанталаса қорғап бақты. 

Ең  шешуші  сәтке  қатысты  оқиғаның  өрбуін  Рақымжан  ағаның  кітабы  бойынша  баяндар  болсақ,  бастапқы 

топтан Григорий Булатов екеуі суырылып алға шығады. «Гиммлер үйі» мен Рейхстагтың арасы бар болғаны 360 

метр.  Әр  метрі  тұтас  ғұмырға  татитын  осы  аралықты  екеуі  жер  бауырлап  7  сағатта  жүріп  өтеді.  Бірінші  болып 

Рейхстагқа  жетіп,  ғимараттың  кіреберісіндегі  екінші  қабаттың  терезесіне  Жеңіс  туын  қадайды.  «Кешкі  сағат 

жетінің  шамасында  Рейхстагта  үш  батальон  болды.  Үшеуі  де  біздің  150-ші  дивизияның  бөлімдері  еді»,  –  деп 

жазады Рақымжан Қошқарбаев. 

Өмір  бойы  тура  жолдан  таймай,  адалдықтан  аттамай,  арына  дақ  түсірмей  өткен  хас  батырдың 

баяндауындағы  бар  шындық  осындай.  Ендеше,  Рақымжаннан  кейін  жеткен  Егоров  пен  Кантарияның  қалайша 

Жеңіс  туының  авторы  атанып,  Рейхстагқа  шабуылдың  әр  сәтін  «Гиммлер  үйінен»  бақылап  тұрған  бүкіл 



командирлердің көз  алдында  алғаш  ту тіккен Рақымжан мен  Григорийдің ерлігі өз  дәрежесінде  бағаланбауының 

сыры неде? 

Енді осыған келейік. 

Ұлы  Отан  соғысында  түбегейлі  бетбұрыс  орын  алып,  Жеңіс  сәті  жақындаған  кезде  –  1944  жылдың  6 

қазанында  Жоғарғы  Бас  қолбасшы  Сталин:  «фашист  айуандарды  өз  апанында  жаныштап,  Берлин  үстіне  Жеңіс 

Туын желбірету керек», – деген сөздерді айтады. Дәл осы сәттен бастап Жеңіс туын тігу барлық кеңес әскерлерінің 

ғана емес, оның аты жер жарған даңқты қолбасшылардың да ең үлкен арман-мақсатына айналады. 

Рейхстагқа  шабуылды  генерал-майор  Шатилов  басқарған  150-атқыштар  дивизиясы  ұйымдастырды,  ал  бұл 

құрылым генерал-полковник В.Кузнецов қолбасшылық ететін 3-Екпінді армиясының құрамында еді. 

Кеңес  әскерлері  Берлинге  басып  кірер  алдында  осы  тәжірибелі  командармның  тапсырмасы  бойынша  3-

Екпінді  армияның  құрамындағы  9  дивизия  мен  бригаданың  санына  сәйкес  қызыл  тулар  әзірленеді,  бірақ  ешкім 

оған ресми түрде «Жеңіс туы» мәртебесін бермеген. Соның бесінші нөмірлісі Шатилов дивизиясына табыс етіледі. 

Комдив  оны  тігуді  756-полктың  командирі  Зинченкоға  тапсырады,  ал  Қошқарбаев  подполковник  Плеходанов 

басқаратын көрші полктың құрамында еді. Шатилов аса жауапты тапсырманы орындау үшін қанша батыл болса да 

мінезі  шәлкем-шалыстау,  шалт  қимылдайтын  Плеходановтан  гөрі,  көбінесе  айламен,  амалмен  іс  жасайтын 

Зинченконы  таңдайды.  Бұл  Плеходановқа  онша  ұнаңқырамай,  ол  Рейхстагқа  ең  жақын  орналасқан  өз 

қарамағындағы 1-батальон командирі Давыдовқа тез арада қолда бар материалдан қызыл ту әзірлеп, оны қайтсе де 

көрші  полк  жауынгерлерінен  бұрын  Рейхстагқа  тігуді  тапсырады.  Ал  комбаттың  таңдауы  әрқашан  сабырмен 

қимылдап, ақылымен әрекет ететін, ержүректігімен аты шыққан Рақымжанға түседі. 

Рейхстагқа  бірінші  болып  ту  тігу  идеясы  жалғыз  Плеходановқа  емес,  жау  ордасына  таяп  келген  өзге  де 

құрылым  (дивизия,  полк,  батальон,  рота)  командирлерінің  ойында  болды.  Сол  себепті  ту  тігуге  ұмтылған  шабу-

ылдаушы топтардың қатары тоғыздан әлдеқайда көп еді және олардың Рейхстагқа аман жеткендері Рақымжаннан 

кейін де ғимараттың арғы-бергі беттеріне өз туларын қадап үлгереді. 

Үш  бірдей  полктың  сарбаздары  Рейхстагқа  жайғасып,  оның  басым  бөлігі  жаудан  тазартылғаннан  кейін 

Зинченко кешкі сағат он шамасында Рейхстагқа жетеді. Штабтан әскери кеңес бекіткен №5 армия туын алдырып, 

оны  ғимараттың  төбесіне  тігуді  бұйырады.  Осылайша  30  сәуірден  1  мамырға  қараған  түнде,  дәлірек  айтқанда, 1 

мамыр күні түнгі сағат 3-те Егоров пен Кантария лейтенант А.Бересттің басшылығымен Рейхстагтың төбесіне 3-

Екпінді армия штабы бекіткен туды жайғастырады. 

Кантария  мен  Егоровтың  туы  Рейхстаг  төбесіне  тігілген  төртінші  ту  болған, 

бірақ оған дейін бекітілген үш туды неміс мергендері мен артиллериясымен атқылаған 

оқтар ұшырып түсіріп отырған. 

Айтпаса шындықтың атасы өлетін болғандықтан, оқиғаны ресми билік жылдар 

бойы  санаға  сіңірген  жалған  тұжырыммен  емес,  оқ-дәрі  исі  аңқыған  жертөлелерде, 

шынның жүзінде жазылған деректермен дәлелдеп көрейік. 

Рейхстагқа  алғашқы  шабуыл  30  сәуір  күні  таңертең  басталды.  Ғимаратқа 

бекінген мұздай қаруланған жау әскері алғашқы шабуылдың бетін қайтарып, алаңда аз 

ғана  уақытқа  тыныштық орнайды. Дәл осы кезде Рақымжан тобы ту тігуге аттанады. 

Түскі  сағат  13.30-да  екінші  жойқын  шабуыл  басталады.  Бұл  кезде  жер  бауырлап 

жылжыған Қошқарбаев пен Булатов ғимаратқа  жақындап қалған еді. Осы сәт туралы 

ол  өз  кітабында:  «Екі  жақтан  жіберілген  снарядтың  бәрі  бірдей  біздің  дәл  төбемізге  таяп  ұшып  жатқан  сияқты. 

Рейхстаг тағы да түтін мен шаңнан көрінбей кетті. Артиллерия атысы бір сағаттай төңіректі төпелеп, жер-дүниені 

солқылдатты. Едәуір уақыт өткен соң Рейхстаг жақтан бораған оқ сәл саябырсып, көк түтін бе, көтерілген шаң ба, 

алдымыз  бұлыңғыр  тұман  болып  кетті.  Осы  бір  бұлыңғыр  сәтті  пайдаланып  жүгірсек,  жау  бізді  Рейхстагқа 

жеткенше көрмей қалуы мүмкін еді, сондықтан алға ұмтылуға бел байладық», – деп жазады. 

Дәл осы ұмтылыста олар Рейхстагқа жетіп үлгереді. 

Ал енді оқиғаның бас-аяғын жинақтап көрейік. Олар сағат тілі тура 11-ді көрсеткенде шабуылға аттанған. 

Жер  бауырлай  жылжып  Рейхстагқа  жақындайды.  Сағат  түскі  бір  жарымда  екінші  шабуыл  басталады.  Оның  дәл 

уақыты  оқиғаға  қатысқан  барлық  құрылымдардың  баянаттарында  нақты  көрсетілген.  Екінші  шабуылдағы 

артиллериялық атыс Рақымжан көрсеткен «бір сағаттай» уақытқа созылған. Ол сәл саябырлағанда Қошқарбаев пен 

Булатов Рейхстагқа жүгіре жетіп, ту тігіп үлгереді. 

Егер екінші шабуыл сағат бір жарымда басталып, ол Рақымжан естелігінде атап көрсетілгендей бір сағаттай 

уақытқа  созылса,  Қошқарбаев  пен  Булатов  Рейхстагқа  жетіп  ту  тігіп  үлгерген  мөлшерлі  уақыт  сағат  екі  жарым 

болып шықпай ма? 

Ендеше,  Рақымжан  өз  кітабының  қазақшасында  оны  «кешкі  6»,  орысшасында  «18  сағат  30  минут»  деп 

жазған. 

Бар кілтипан осы арадан шығады.  Батыр  дәл осылай жазбаған.  Оны  солай істеуге  мәжбүрлеген, тіпті, бұл 

деректі әскери цензура өз бетінше қосқан. «Оу, сонда қалай, батырға әмір жүруші ме еді?», – деуі де мүмкін бүгінгі 

заман  оқырмандары.  «Кеңес  заманында  батырды  былай  қойып,  қажет  болса  қолбасшыға  да  тарихи  деректі  өз 

қолымен өзгерткізген», – дейміз коммунистік заманның талай қитұрқысын басынан өткізген біз. 

(жалғасы бар) 



 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал