Хііі–хіх ғасырлардағы орталық азия жазба ескерткіштерине жалпы сипаттама



жүктеу 109.16 Kb.

Дата20.01.2017
өлшемі109.16 Kb.

Ж. М. ТӨЛЕБАЕВА

Сүлейман Демирель атындағы университет

Халықаралық қатынас кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы

ХІІІ–ХІХ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ 

ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРИНЕ ЖАЛПЫ СИПАТТАМА

Аннотация

Қазақстан   тарихын   зерттеу   үшін   өткен   ғасырлардың   аса   бай   жазба   мұраларын

шығармашылық тұрғыдан меңгеру өте маңызды болып табылады. Олар араб, парсы және

түркі тілдерінде жазылған. Орталық Азияның мәдени өмірінде бұл тілдерді қолданудың

өзіндік   ерекшеліктері   бар.   Бұл   мақалада   Орталық   Азияда   жазылған   қазақ   халқының

тарихы   мен   мәдениеті   туралы   толық   және   құнды   мәліметтер   беретін   ХІІІ-ХІХ

ғасырлардағы парсы тіліндегі жазба ескерткіштер қарастырылады.

Кілт   сөздер:  Орталық   Азия,  Қазақстан   тарихы,  хулагуидтік   деректер,   тимуридтік

деректер,   шайбанидтік   деректер,   бабуридтік   деректер,   сефевидтік   деректер,

аштарханидтік деректер, маңғыттық деректер, қоқандық деректер.

Ключевые  слова:   Центральная   Азия,  история   Казахстана,   хулагуидские   источники,

тимуридские источники, шейбанидские источники, бабуридские источники, сефевидские

источники, аштарханидские источники, мангытские источники, кокандские источники.

Keywords:  Central Asia,  the  History of Kazakhstan, Khulaguid Sources, Timurid Sources,

Shaybanid   Sources,   Baburid   Sources,   Safavid   Sources,   Ashtarkhanid   Sources,   Mangytie

Sources, Qoqand Sources.

Орталық   Азияның   жазба   ескерткіштері   қазақ   халқының   тарихын   зерттеуде   аса

маңызды да құнды деректер. Олар араб, парсы және түркі тілдерінде жазылған. Орталық

Азияның мәдени өмірінде бұл тілдерді қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұсылман

әлемінде араб тілінде жазылған әдебиет – формаларының жетілген түрімен, парсы тілінде

жазылған   әдебиет   –   ой   тереңдігімен,   түркі   тілінде   жазылған   әдебиет   –   өмірге

жақындығымен,   тілінің   жеңілдігімен   және   шынайылығымен   ерекшеленеді   деп

есептелінген.

ІХ–ХІІ   ғасырларда   мұсылман   әлемінің   ғылыми   әдебиетінде   араб   тілі   үстемдік   етті.

Орта Азия ғалымдары әл-Фараби (Х ғ.), Әбу Әли ибн Сина (980-1037), Әбу Райхан Бируни

(973-1048), Махмұт Қашқари (ХІ ғ.) және басқаларының танымал еңбектері араб тілінде

жазылды. Араб тілі Орта Азияда біртіндеп негізінен құдайға сыйыну және діни әдебиет



тіліне  айналды. Оның орнына  поэзия,  тарихнама,  іс жүргізу және  көркем  әдебиет  тілі

ретінде парсы тілін қолдану кең өріс алды. Бұхара мен Қоқан хандықтарында парсы тілі

мемлекеттік іс жүргізу және мәдениет тілі ретінде қалыптаса бастады.

ХVІ ғасырға дейін түркі тілдері поэзияда басымырақ қолданылды. ХVІ ғасырдан бастап

түркіше (шағатай тіліндегі) әдебиет және араб, парсы тілдеріндегі шығармалардың сан

алуан   аудармалары   пайда   бола   бастады.   Хиуа   хандығында   түркіше   тіл   мемлекеттік   іс

жүргізу және әдебиет тілі болып қабылданды.

Бұл мақалада Орталық Азияда жазылған қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы

толық   және   құнды   мәліметтер   беретін   ХІІІ-ХІХ   ғасырлардағы   парсы   тіліндегі   жазба

ескерткіштердің жалпы сипаттамасы қарастырылады.

Белгілі   шығыстанушы   академик   Б.   А.   Ахмедовтың   пікірінше,   жазба   ескерткіштерді

жіктеудің   ең   тиімді   әдісі   –   оларды   типі   мен   түріне   қарай   бөлу.   Б.   А.   Ахмедов   жазба

деректерді негізгі екі типке бөледі:

1. Құжаттық деректер.

2. Нарративтік деректер.

Б. А. Ахмедов деректердің типін төмендегіше бөледі:

1. Құжаттық деректер түрлері: 

- Жарлықтар, жоғарғы және ұлыс билеушілерінің грамоталары; 

- Мемлекеттік және ведомствоға қарасты мекемелердің құжаттары; 

- Жеке актілер

-   Лауазымды   тұлғалардың   және   көрнекті   саяси   және   діни   қайраткерлердің   өзара

жазысқан хат-хабарлары.

2. Нарративтік деректердің түрлері: 

- Жылнамалар (маңызды оқиғалардың қысқаша жылма-жылғы жазбалары); 

- Тарихи хроникалар

- Мемуарлар; 

- Өмірбаяндар;

- Тарихи-әдеби анықтамалықтар;

- Этика-дидактикалық мазмұндағы трактаттар [1, 4].

Қазақстандық   шығыстанушы   В.   П.   Юдиннің   көзқарасы   бойынша,   парсы   тіліндегі

деректер саяси бағыттағы бірнеше топтарға бөлінеді. Осыған орай деректер тимуридше,

шайбанидше, шағатайша (қашқарша), сефевидше және тағы басқаша да бөлінуі мүмкін [2,

22].


Алайда зерттеу жұмысының барысында кейбір шығармаларды қандай да бір топтың

саяси бағытына жатқызу қиын. Олар не билеуші әулетке қарсы бағыттағы, не ешқандай да

саяси   бағыты   жоқ   шығармалар.   Мысалы,   Маңғыт   әулетінің   билік   жүргізу   кезінде

жазылған, бірақ маңғытқа қарсы бағытта жазылған шығарма. Мырза Мұхаммед ‘Абд ал-

Азим Сами Бустанидің «Та’рих-и салатин-и Мангитиййа» атты еңбегі Маңғыт әулетінің

билігіне   арналған,   негізінен   әмір   Мұзаффардың   (1860-1885)   билігі   уақытында

оппозициялық бағытта жазылған.

Біздің ойымызша, ХІІІ - ХІХ ғасырлардағы қазақтар мен Қазақстан тарихына қатысты

парсы   тілдес   деректерді   уақытша-аумақтық,   типтік,   тақырыптық   белгісі   бойынша

классификациялау   оларды   жүйелеуді   қолайлы   әрі   үйлесімді   етіп   жасауға   мүмкіндік

береді. ХІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ халқының тарихынан мағлұмат беретін парсы тілдес

жазба ескерткіштерді уақытша-аумақтық жіктеу ұстанымына сәйкес деректерді   мынадай

топтарға   жүйелеуге   болады:   хулагуидтік,   тимуридтік,   шайбанидтік,   бабуридтік,

сефевидтік, аштарханидтік, маңғыттық, қоқандық деректер.

Бізге   жеткен   хулагуидтік   жазба   ескерткіштер   Хулагуид   ильхандарының   (1256-1353)

Иранда патшалық еткен тұсында жазылған. Хулагуидтер мемлекеті қазіргі Ауғанстанды

қоса бүкіл Иран таулы өлкесін (Шағатай ұлысына кірген Балхтан басқа), Мерв оазисін,

Араб   Ирағын,   Жазирді   (Жоғарғы   Месопатамияны),   Иран   Әзірбайжанын,   Арран   мен

Ширванды,   Арменияны   Күрдістанмен   қоса   және   Кіші   Азияның   шығыс   бөлігін   (Рум)

Қызыл-Ирмак өзеніне дейін алып жатты. 1295 жылы ильхандар ислам дінін қабылдады да,

пұтқа   табынушы   ұлы   ханның   билігін   мойындамай   қойды.   Хулагуидтердің   алғашқы

астанасы Марага болды, кейінірек астана Тебризге  көшірілді. Ал ХІV ғасырдың басынан

бастап Казвиннің маңындағы Сұлтанийа хулагуидтердің астанасы атанды.

Билеуші әулеттің өкімі бойынша көптеген шығармалар жазылды. Олар ‘Ала’ ад-Дин

‘Ата Малик ибн Бах’ ад-Дин Мұхаммед ал-Джувайнидің  «Тарих-и Джахангушай», Рашид

ад-Дин Фазлаллах ибн ‘Имад ад-давл Абу-л-Хайр Хамаданидің «Джам’ ат-тауарих», Абу

Сулейман ибн Дауд ибн Абу-л-Фазл Мұхаммед ибн Дауд ал-Банакатидің «Раузат авли ал-

албаб фи ат-таварих ва ал-ансаб» («Та’рих-и Банакати»), Шихаб ад-Дин ‘Абдаллах Шараф

Ширази ибн ’Изз ад-Дин Фазлаллах Йәздидің (Қожа Шихаб ад-Дин) «Китаб таджзийат ал-

амсар ва тазджийат ал-а’сар» («Тарих-и Вассаф»), Хамдаллах ибн Абу Бакр ибн Ахмад

ибн   Наср   Мұстауфи   Казвинидің   «Тарих-и   гузида»   және   «Нузхат   ал-кулуб»   сияқты

шығармалары.

Нарративтік   шығармалардың   түріне   қарай   хулагуидтік   деректер   негізінен   тарихи

хроникалар   ретінде   беріледі.   Материалдың   мазмұнына   сәйкес   хулагуидтік   тарихи

хроникаларды   жалпы   тарих   тобына   жатқызуға   болады.   Нарративтік   шығармалардың

авторлары   композицияның   дәстүрлі   түрін   ұстанған.   Тарихи   шығармалар   негізінен   үш

компоненттен   тұрған:   кіріспе   бөлім,   негізгі   мәтін   және   қорытынды.   Жалпы   тарих

бойынша нарративтік шығармалар негізінен бірнеше томнан (муджаллад) тұрған, томдар

үлкен тарауларға (баб, мақала) немесе бөлімдерге (кисм, дафтар) бөлінген, олар өз ішінен

бөлімдерге (фасл, максад, табака) және әңгімелерге (дастан) бөлінген.

Шығармалардың кейбір томдарының жеке өз аттары бар. Жалпы тарих бойынша ең

үлгілі шығарма ретінде «Джам’ ат-тауарихты» атап өтуге болады. Шығарманың бірінші



томы «Тарих-и мубарак-и Газани» деп аталса, үшінші томы «Сурат-и акалим ва масалик-и

мамалик»   деген   жеке   атаудан   тұрады.   Нарративтік   шығармалардың   мәтіндері   де

материалдарды   беру  құрылымы  жағынан   хронологиялық,   саяси-аймақтық,  тақырыптық

болып ерекшеленеді.

ХІІІ  -  ХІV   ғасырлардағы   қазақтар   мен   Қазақстан   тарихын   зерттеуде   хулагуидтік

деректер негізгі жазба ескерткіштер болып табылады [3, 19]. Моңғолдар жаулап алғаннан

кейін   Орта   Азияның   саяси   және   этникалық   жағдайы   түгелімен     өзгерді.   Бүгінгі

Қазақстанның аумағы моңғолдардың үш ұлысының құрамында болды. Үгедей ұлысының

құрамына еліміздің  солтүстік-шығысындағы  жерлер енді.  Жошы   ұлысының құрамына

еліміздің солтүстіктегі байтақ   даласы және батысқа қарай Іле мен Сырдарияға дейінгі

және   Ертістің   бас   жағынан   Алакөл   өзеніне   дейінгі   барлық   аймақтар   енді.   Шағатай

ұлысының құрамына Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік шығысындағы жерлер енді. 

Тимуридтік жазба ескерткіштер Әмір Темір (1370-1405) және Тимуридтер (1370-1506)

династиясының   билік   жүргізген   уақытын   қамтиды,   жекелеген   өкілдері   Мауреннаhрды,

қазіргі   Ауғанстанды,   Иранды,   Әзірбайжанды   және   Иракты   басқарды.   Әмір   Темірдің

баласы   әрі   мұрагері   Шаhруh   (1409-1447)   мемлекеттің   астанасын   Самарқаннан   Гератқа

көшірді.

Тимуридтік   деректерге   төмендегі   шығармалар   жатады:   Әмір   Темірдің   «Тузук-и

Темури», Низам ад-Дин Шамидің «Зафар-наме», Му‘ин ад-Дин Натанзидің «Мунтахаб ат-

таварих-и Му‘ини», Шараф ад-Дин ‘Али ибн Шайх Хаджи Йәздидің «Зафар-наме», Мырза

Ұлықбектің «Тарих-и арба’ улус» [4], Шихаб ад-Дин ‘Абдаллах ибн Лутфуллах ибн ‘Абд

ар-Рашид   ал-Харавидің   (Хафиз-и   Абру)   «Му‘   изз   ал-ансаб»,   «Маджма‘   ат-таварих-и

султанийа»  және «Тарих-и Хафиз-и Абру»,  Абу-л-Хасан Са‘ид ‘Али ал-Джурджанидің

«Масалик   ал-мамалик»,   Фасих   Ахмад   ибн   Джалал   ад-Дин   Мұхаммед   ал-Хавафидің

«Муджмал-и   Фасихи»,   Камал   ад-Дин   ‘Абд   ар-Раззак   ибн   Джалал   ад-Дин   Исхак

Самарқандидің   «Матла’   ас-са’   дайн   ва   маджма’   ал-бахрайн»,   Мұхаммед   ибн   Саййид

Мұхаммед   ибн   Әмір   Бурхан   ад-Дин   Хаванд-шах   ибн   Шах   Камал   ад-Дин   Махмұд

Балхидың   (Мирхонд)   «Раузат   ас-сафа   фи   сират   ал-анбийа   ва   ал-мулук   ва   ал-хулафа»,

Гийас ад-Дин Мұхаммед ибн Ходжа Хумам ад-Дин Мұхаммед ибн Ходжа Джалал ад-Дин

ибн Ходжа Бұрхан ад-Дин Мұхаммед Хусайни Ширази Херавидің (Хондамир) «Ма’асир

ал-Мулук» және «Хабиб ас-сийар фи ахбар афрад ал-башар» шығармасы.

Нарративтік шығармалардың түріне қарай тимуридтік деректер тарихи хроникалармен,

жылнамалармен, естеліктермен, өмірбаяндармен берілген. Материалдардың баяндалуына

сәйкес тимуридтік тарихи хроникаларды жалпы және әулеттік тарих тобына жатқызуға

болады. 

Жалпы   тарих   тобына   жататын   шығармалар:   «Мунтахаб   ат-таварих-и   Му‘ини»,

«Маджма‘ ат-таварих-и султанийа», «Раузат ас-сафа фи сират ал-анбийа ва ал-мулук ва

ал-хулафа».  «Маджма‘ ат-таварих-и султанийаның» төртінші томы «Зубдат ат-таварих-и

Байсунгури» деп аталады. 

Тимуридтік   әулеттік   шығармаларды   екі   топқа   бөлуге   болады.   Бірінші   топтың

авторлары өз шығармаларын әулеттің бір өкілінің басқарған уақытына арнаған. Мысалы,

«Зафар-наме»   және   «Зафар-наме-йи   Темури»   шығармалары   Әмір   Темірдің   өмірі   мен



қызметіне   арналған.   Екінші   топтың   авторлары   қандай   да   бір   әулет   өкілдерінің   билік

құрған   уақыттарын   кезекпен     баяндайды.   «Тарих-и   арба’   улус»   шығармасы   Шыңғыс

ханның және оның  ұрпақтарының билігі тарихына арналған.

Тимуридтік  нарративтік  шығармалар  – Дешті  Қыпшақ  пен  Түркістанның  қоғамдық-

саяси тарихына қатысты маңызды да сенімді деректер. Тимуридтік жазба ескерткіштер өз

жерінде   бірнеше   тәуелсіз   мемлекеттердің   пайда   болуына   әкеліп   соққан   Дешті

Қыпшақтағы   алауыздықты   баяндайды.   Олардың   билеушілері   бір   мезгілде   Сарайда

отырған ханды да басқарды. Шығарманың Дешті Қыпшақтың Мауреннаhр және Иранмен

әскери-саяси   өзара   қарым-қатынасы   жайындағы   мәліметтері   де   өте   құнды.   Моғолстан

тағында отырған билеушілер мен Дешті Қыпшақта патшалық құрған 39 ханның есімдері

туралы тимуридтік шығармалардың мәліметтері тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді

[3, 37]. 

ХVІ   ғасырдың   басында   Дешті   Қыпшақ   көшпенділері   Мұхаммед   Шайбани   ханның

(1500-1510) басшылығымен Мауреннаhрға басып кірді. 1501-1506 жылдары Мауреннаhр

мен  Хорасанды  басып  алып,  жаңа  Шайбанилер   әулетінің  билігін  (1506-1601)  орнатты.

Мемлекеттің астанасы Бұқара болды.

Шайбанидтердің билігі кезінде көптеген шығармалар жазылды, оларға жататындар: Молла

Мұхаммед Шәдидің «Фатх-наме», Маулан Камал ад-Дин ‘Али ибн Мұхаммед Беннаи Харави

Халидің   (Беннаи)   «Шейбани-наме»   және   «Футухат-и   хани»,   Фазлаллах   ал-Амин   ибн

Рузбехан ал-Хунджи аш-Ширази ал-Исфаханидің (Ходжа Маулан Исфахани) «Мехман наме-

йи   Бухара»,   Зайн   ад-Дин   Махмұд   ибн   ‘Абд   ал-Джалилдің   (Васифи)   «Бадаи‘   ал-вакаи‘»,

Мас’уди ибн Осман-и Кухистанидің «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани», Молла Мұрад Мукимидің

«Зафар-наме»,   Хафиз   Таниш   ибн   Мир   Мұхаммед   ал-Бұхаридің   «Шараф-наме-йи   шахи»,

Мұхаммед-Йар ибн Араб Қатағанның «Мусаххир ал-билад» шығармалары.

Нарративтік   шығармалардың   түріне   қарай   шейбанидтік   деректер   тарихи

хроникалармен, естеліктермен, өмірбаяндармен берілген.  Материалдардың баяндалуына

сәйкес шайбанидтік тарихи хроникаларды жалпы және әулеттік тарихи топқа жатқызуға

болады. «Тарих-и Абу-л-Хайр-хани» шығармасы жалпы тарих тобына жататын шығарма.

«Фатх-наме»,   «Шейбани-наме»,   «Футухат-и   хани»,   «Мехман   наме-йи   Бухара»   сияқты

әулеттік шығармалардың авторлары өз еңбектерін Мұхаммед Шайбани ханның өмірі мен

қызметіне   арнаған.   «Зафар-наме»,   «Шараф-наме-йи   шахи»   шығармалары   ІІ   ‘Абдаллах

ханға  (1557-1598) арналған. «Мусаххир ал-биладтың» авторы Шайбанидтер әулетінің әр

түрлі   өкілдерінің   және     алғашқы   аштарханидтердің   кезегімен   ел   билеген   кезеңдерін

сипаттайды.

ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы қазақтар мен Қазақстанның қоғамдық-саяси тарихын зерттеуде

шайбанидтік   жазба   ескерткіштер   құнды   деректер   болып   табылады.   Бұл   деректерде

қазақтың ел билеушілері - Бұрындық хан, Қасым хан, Тахир хан, Жаныш сұлтан, Ахмет

сұлтан, Таныш сұлтан, Хақназар хан, Маңғытай сұлтан, Дінмұхаммед сұлтан, Дербіш хан,

Барақ   хан,   Шығай   хан,   Тәуекел   хандар   туралы   маңызды   мәліметтер   берілген.

Шайбанидтік   деректерде   қазақ   хандары   мен   сұлтандарының   шайбанидтермен   өзара

қарым-қатынасы   жайында   және   әскери   қақтығыстардың   кейде   ынтымақтастық   пен


достыққа, әулеттердің некелесуіне ұласып отырғаны туралы егжей-тегжейлі  баяндалады

[3, 89].


Бабуридтер  әулеті  1526-1858 жылдар аралығында Үндістанды  биледі.  Әулеттің  негізін

салушы Захир ад-Дин Мұхаммед Бабур (1526-1530) болды. Бабуридтік деректерге Мырза

Мұхаммед Хайдар ибн Мұхаммед Хұсейін-Куреканның «Тарих-и Рашиди», Қожа Құли-бек

Балхидің   «Тарих-и   Кипчак-хани»,   Қажы   Мір   Мұхаммед   Сәлім   ибн   Мұхаммед   Рүстем-

сұлтанның «Силсилат ас-салатин» шығармалары жатады. 

Нарративтік шығармалардың түріне қарай бабуридтік деректер негізінен естеліктер мен

тарихи   хроникалар   ретінде   беріледі.   Мырза   Мұхаммед   Хайдар   ибн   Мұхаммед   Хұсейін-

курекан   1543-1546   жылдары   Кашмирде   өзінің   атақты   «Тарих-и   Рашиди»   атты   тарихи-

естелігін жазды. Бұл еңбек Орта Азия, Қашқар, Ауғанстан, Үндістан және Тибеттің  тарихына

қатысты таптырмас құнды дерек болып табылады.

Материалдардың   баяндалуына   сәйкес   бабуридтік   тарихи   хроникаларды   жалпы   және

әулеттік тарих тобына жатқызуға болады. 1724 жылы Пенджабтың билеушісі ‘Абд ас-Самад-

ханның   тапсырмасымен   «Тарих-и   –   Кипчак-хани»   атты   шығарма   жазылды.   Шығарманың

авторы Қожа Құли-бек Балхи өз еңбегін алты жыл бойы жазды, онда дүниенің жаратылуынан

бастап 1724 жылға дейінгі оқиғалар баяндалады. 1730 жылы Бабурид Насыр ад-Дин Мұхаммед

шахтың   (1719-1748)   жарлығымен   «Силсилат   ас-салатин»   атты   еңбек   жазылды.   Мазмұны

жағынан   «Силсилат   ас-салатин»   –   әулет   тарихы   туралы   жазба,   ол   ертедегі   түркілерге,

моңғолдарға,   тимуридтерге,   шайбанидтерге   және   аштарханидтерге   арналған.   Маңызды

оқиғалардың   мезгілдері   де   (айы   мен   күні),   патшалардың   ел   билеген   мерзімдері   де   нақты

көрсетілген. 

Бабуридтік деректерде аштарханидтердің қазақ хандарымен және сұлтандарымен өзара

жан-жақты   қарым-қатынастары   жайында   алуан   түрлі   қызықты   мәліметтер   берілген.

Әсіресе, бабуридтік деректердегі қазақтың алғашқы хандары туралы мәліметтер құнды да

маңызды болып саналады [3, 113]. 

Сефевидтер   (1502-1736)   әулетінің   билігі   кезінде   Иранда   қазақ   халқының   тарихын

зерттеуге   қызығушылық   тудыратын   бірқатар   тарихи   шығармалар   жарыққа   шықты.

Мұндай деректерге Хасан-бек Румлудың «Ахсан ат-тауарих», Амин Ахмад Разидің «Хафт

иклим», Искандар-бек Туркманның «Тарих-и аламара-йе Аббаси» шығармалары жатады.

Сефевидтік   деректер   түріне   қарай   тарихи   хроникалармен,   өмірбаяндармен   берілген.

Материалдардың баяндалуына сәйкес сефевидтік тарихи хроникаларды жалпы тарих және

әулет   тарихы   тобына   жатқызуға   болады.   «Ахсан   ат-тауарих»   –   жалпы   тарих   тобына

жататын   шығарма,   «Тарих-и   аламара-йе   Аббаси»   –   әулеттік   тарих,   «Хафт   иклим»   –

географиялық-библиографиялық   энциклопедия.   Сефевидтік   деректер   фрагменттік

мәліметтерден тұрғанымен де, ХVІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тарихынан аса

құнды мәліметтерді  қамтиды [3, 130].

Аштарханидтік   жазба   деректер   аштарханидтер   (жанидтер)   әулетінен   шыққан   Бұхар

хандарының   тарихынан   мәліметтер   береді.   Аштарханидтер     мемлекетінің   (1601-1753)

аумағы Дешті Қыпшақтан Балхқа (құрамындағы Құндыз, Жүзгүн (Файзабад), Шеберган

және бүгінгі Солтүстік Ауғанстанның  аудандарымен  қоса дейінгі жерлерді алып жатты.


Өзгент   қаласына   дейінгі   Ферғана   жері   де   солардың   қол   астына   қарады.   Солтүстігінде

Талас  алқабымен  қоса  Сайрамды  және  Түркістан  қаласын  Аштарханидтер  билеушілері

басып алды. Мемлекеттің астанасы Бұқара болды.

Аштарханидтік   деректер:   Сухайланың   «Имамкули-хан-наме»,   Махмұт   ибн   Уалидің

«Бахр   ал-асрар   фи   манакиб   ал-ахйар»,   Сейид   Мұхаммед   Тахир   ибн   Абу-л-Қасымның

«‘Аджа’  иб  ат-табакат»,   Әмір  Саййид   Шариф  Рақым  Самарқандидің   «Тарих-и Саййид

Раким»,   Мір   Мұхаммед   Амин   Бухаридің   «Убайдаллах-наме»,   «Та’рих-и   Абу-л-Файз-

хани»  шығармалары.

Қазақтар   мен   Қазақстан   тарихына   қатысты   мәліметтерден тұратын аштарханидтік

нарративтік деректер түріне қарай тарихи хроникалармен, тарихи-әдеби анықтамалықтармен,

өмірбаяндармен берілген. Аштарханидтік құжаттық деректер түрлеріне жоғарғы және жеке

билеушілердің жарлықтары, көрнекті саяси және діни қайраткерлердің бір-бірімен жазысқан

хаттары жатады. Материалдардың баяндалуына сәйкес аштарханидтік тарихи хроникаларды

жалпы және әулеттік тарих тобына жатқызуға болады. 

«Имамкули-хан-наме»,   «Убайдаллах-наме»,   «Та’рих-и   Абу-л-Файз-хани»   –   әулеттік

тарих тобына жататын шығармалар және аштарханидтік Имамқұли ханның (1611-1642),

Ұбайдолла   ханның   (1702-1711),   Әбілфайыз   ханның   (1711-1747)   биліктеріне   арналған.

«Бахр ал-асрар фи манакиб  ал-ахйар» – ғарыш, астрология,  минерология, өсімдік,  мал

шаруашылығы,   тарихи   география   және   ХVІІ   ғасырдың   ортасына   дейінгі   жалпы   тарих

жайында энциклопедиялық сипатта жазылған кең көлемдегі еңбек. «‘Аджа’ иб ат-табакат»

– пайғамбарлар тарихы мен астрологияға арналған бөлімдерден тұратын ғарыштық және

географиялық шығарма.

«Тарих-и   Саййид   Раким»   атты   еңбекте   негізінен   Орта   Азияның   ел   билеушілеріне,

дінбасыларына, жазушыларына қатысты хронологиялық ретпен тарихи және өмірбаяндық

мағлұматтар   берілген.   Онда   1336-1645   жылдар   аралығындағы   оқиғалар   сипатталған.

Әрбір бөлім  белгілі  бір сызба  түрінде  жазылған:  хандар  мен  сұлтандардың  тектерінен

толыққанды   мәліметтер,   олардың   билікке   келуі   және   ел   билеу   кезеңімен   байланысты

маңызды саяси оқиғалардың тізбесі, өлімінің себеп-салдары баяндалған. Сонымен қоса әр

бөлімде   сол   кезеңдегі   көрші   елдердегі   ел   билеушілердің   және   оған   белгілі

замандастарының есімдері де келтірілген.

Аштарханидтік   деректердегі   мәліметтер   шайбанидтер   мен   аштарханидтер   тектерінің

тарихын толық та нақты сипаттауға мүмкіндік береді. Жазба ескерткіштер қазақ хандары

туралы маңызды да сирек кездесетін   мәліметтерді, атап айтқанда ХVІІ ғасырдың басында

Ташкентті билеген Тұрсын-Мұхаммед, Ахси мен Әндіжанды билеген Абылай сұлтан, сондай-

ақ   Есім   сұлтанның   қызметі   туралы   мәліметтерді   қамтиды   [3,   133].   Қазақтар   мен

қарақалпақтардың   одақтасуы   және   олардың   1603-1605   жылдардағы   Түркістан,   Сайрам,

Ташкент,   Ахсикент   пен   Әндіжан   үшін   күресте   бірігуі,   қазақтар   мен   қырғыздардың

аштарханидтерге қарсы одақтасуы – аштарханидтік деректердегі қызғылықты мәліметтер.

ХVІІІ   ғасырдың   20-шы   жылдарынан   бастап   Бұхар   хандығында   билік   маңғыттық

әмірлердің қолына көшті. 1747 жылы Мұхаммед Рахым би аштарханидтердің соңғы ханы

Әбілфайыз   ханға   (1711-1747)   қастандық   ұйымдастырып,   оны   өлтіртеді   де,   өзі   Бұхардың


толық билеушісі болып  алады. Діни қауым мен ақсүйектердің келісімімен Мұхаммед Рахым

би 1753 жылы Бұхар тағына әмір деген лауазыммен отырады.

Маңғыттар әулеті (1753-1920) Бұхар хандығының (ХVІ - ХХ ғасырлар) соңғы билеуші

әулеті   болды.   Олардың   билігі   тұсында   Мұхаммед   Вафа   ибн   Мұхаммед   Захир

Карминагидің «Тухфат ал-хани», Мұхаммед Шариф ибн Мұхаммед Накидің «Тадж ат-

тауарих»,   Мир   ‘Абд   ал-Карим   Бұхаридің   «Хака’ик   ал-умур»,   Молла   Ибадаллах   және

Молла Мұхаммед Шарифтің «Та’рих-и амир Хайдар», Мұхаммед Хұсейін ибн Әмір Шах

Мұрадтың «Махазин ат-таква фи та’рих ал-Бухара», Му’ин ад-Диннің «Тауарих-и аваил

ва   авахир»,   Мұхаммед   Мир   ‘Алим   Бұхаридің   «Фатх-наме-йи   султани»,   Мұхаммед

Йа’кубтың   «Та’рих-и   амиран-и   мангитиййа»,   Мырза   Мұхаммед   ‘Абд   ал-Азим   Сами

Бустанидің   «Та’рих-и   салатин-и   Мангитиййа»,   Мырза   Салим-бек   ибн   Мұхаммед-

Рахымның   «Сийахат-наме-йи   Саййид   Ахмад   Қожа»,   «Тарих-и   Салими»,   Қажы

‘Абдал’азим   Шар’и   Бұхаридің   «‘Айн   ат-тауарих»,   Мырза   Сирадж   ад-Дин   ибн   Қажы

Мырза ‘Абдуррауфтың «Тухф-е ахл-е Бухара» сияқты шығармалары жазылды.

Нарративтік   шығармалардың   түріне   қарай   маңғыттық   деректер   негізінен   тарихи

хроникалармен,   естеліктермен,   жылнамалармен   берілген.   Материалдардың   баяндалуына

сәйкес   маңғыттық   тарихи   хроникаларды   жалпы   және   әулеттік   тарих   тобына   жатқызуға

болады. «Тадж ат-тауарих» шығармасы жалпы тарих тобына жатады. Әулеттік тарих тобына

жататын   шығармалар:   «Тухфат   ал-хани»,   «Та’рих-и   амир   Хайдар»,   «Тауарих-и   аваил   ва

авахир»,   «Фатх-наме-йи  султани»,   «Та’рих-и  амиран-и  мангитиййа»,  «Та’рих-и  салатин-и

Мангитиййа»,   «Тарих-и   Салими».   Естелік   түріндегі   шығармалар:   «Хака’ик   ал-умур»,

«Махазин ат-таква фи та’рих ал-Бухара», «Сийахат-наме-йи Саййид Ахмад Ходжа», «Тухф-е

ахл-е Бухара». «‘Айн ат-тауарих» шығармасы жылнамаға жатады. Маңғыттық деректер Орта

Азияның   хандықтарында   болған   саяси   оқиғаларға   байланысты   қазақ   халқына   қатысты

мәліметтерді қамтиды [5].

ХVІІІ   ғасырдың   басында   Ферғана   алқабында   жаңа   мемлекеттік   бірлестік   –   Қоқан

хандығы   пайда   болды.   Ол   1876   жылға   дейін   өмір   сүрді.   Қоқан   хандығының   пайда

болуына   байланысты   оның   тарихына   арналған   «Мунтахаб   ат-тауарих»,   «Тарих-и

джадида-йи   Тошканд»,   «Хуласат   ул-ахвал»,   «Умар-наме»   және   басқа   да   көптеген

нарративтік   шығармалар   жазылды.   Қоқандық   деректер   қазақ   халқының   тарихы   мен

мәдениеті   туралы   жан-жақты   мәліметтер   береді.   Парсы   тілдес   шығармалар   Орта   Азия

хандықтарының   аумағында   өмір   сүрген   қазақ   тайпалары   мен   жекелеген   аудандардағы

қазақ   халқының   рулық-тайпалық   құрамы   туралы   фактілерге   негізделген   қызғылықты

мәліметтерді қамтиды.

ХІІІ   -   ХІХ   ғасырлардағы   қазақтар   және   Қазақстан   тарихына   қатысты   парсы   тілдес

деректер   мәліметтеріне   тән   қасиеттерді   анықтай   отырып,   төмендегідей   қорытынды

шығаруға болады:

-   Парсы   тілдес   шығармаларда   ХІІІ-ХІХ   ғасырлардағы   қазақтар   тарихының   барлық

кезеңдері түгелдей толық қамтылмаған;

-   Қазақтардың   сыртқы   саяси   қызметі   және   олардың   Орта   Азиядағы   көршілес

халықтармен   жан-жақты   байланыстары   туралы   деректер   айғақтармен   жеткілікті   түрде

қамтамасыз етілген;



-   Зерттелген   кезеңдегі   қазақтардың   әлеуметтік-экономикалық   тарихына   қатысты

мәліметтер өте аз;

-   Парсы   тілдес   шығармаларда   Қазақстанның   тарихи   географиясына   қатысты

мағлұматтар көптеп кездеседі. 

Қазақ халқының тарихына қатысты парсы тілдес деректерде келтірілген барлық мәліметтер

басқа деректердегі (мысалы зерттеу негізі басымырақ орыс мұрағаттарының құжаттарындағы)

мәліметтерді тереңірек толықтырады және нақтылай түседі. Парсы тілдес материалдарды жан-

жақты ғылыми түрде зерттеудің нәтижесінде қазақтардың Орталық Азия мемлекеттермен өзара

тарихи байланысының өсу кезеңін көруге болады, бұл жағы орыстың нарративтік және актілік

материалдарында жеткіліксіз баяндалған.

Сын   тұрғысынан   қарағанда,   парсы   тілдес   нарративтік   шығармалардың   мәліметтерін

(басқа   да   жазбаша   және   ауызша   деректердегі   материалдарды   қоса)   оқып-үйренуде

зерттелген парсы тілдес жазба деректер ХІІІ - ХІХ ғасырлардағы қазақтар мен Қазақстан

тарихын зерттеуде сенімді дерек көзі бола алады, себебі олар, негізінен, сол оқиғаларға

қатысушылармен немесе куәгерлермен жазылған.

ӘДЕБИЕТ


1   Ахмедов   Б.А.   Историко-географическая   литература   Средней   Азии   XVI-XVIII   вв.

(Письменные памятники). – Ташкент: Изд-во «Фан» Узбекской ССР, 1985. – 260 с.

2 Юдин В.П. Центральная Азия в XIV-XVIII веках глазами востоковеда.  –  Алматы:

Дайк-Пресс, 2001. – 380 с.

3 Тулибаева Ж.М. Персоязычные источники по истории казахов и Казахстана XIII -XIX

вв. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2006. – 256 с.

4   Тулибаева   Ж.М.   «Улус-и   арба-йи   Чингизи»   как   источник   по   изучению   истории

Золотой   Орды   //   Золотоордынская   цивилизация.   Сборник   статей.   –   Казань:   Институт

истории им. Ш. Марджани АН РТ, 2011. – Выпуск 4. – С. 79-100.

5 Тулибаева Ж.М. Казахстан и Бухарское ханство в  XVIII  – первой половине  XIX  вв. –

Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 156 с.

REFERENCES

1   Ahmedov   B.A.   Istoriko-geograficheskaya   literatura   Srednej   Azii   XVI-XVIII   vv.

(Pis'mennye pamyatniki). Izd-vo “Fan” Uzbekskoj SSR1985, 260 p. (in Russ.)



2 Yudin V.P. Tzentral'naya  Aziya  v XIV-XVIII vekah glazami  vostokoveda.  Dajk-Press,

2001, 380 p. (in Russ.)

3 Tulibayeva Zh.M. Persoyazychnye istochniki po istorii kazahov i Kazahstana XIII -XIX vv.



ENU im. L.N. Gumileva2006, 256 p. (in Russ.)

4 Tulibayeva  Zh.M. “Ulus-i arba-ji Chingizi”  kak istochnik po izucheniyu  istorii Zolotoj

Ordy. Zolotoordynskaya tzivilizatziya. Sbornik statej. Institut istorii im. Sh. Mardzhani AN RT,

2011. Vypusk 4, p. 79-100. (in Russ.)

5 Tulibayeva Zh.M. Kazakhstan i Bukharskoe khanstvo v XVIII - pervoj polovine XIX vv. Dajk-



Press2001, 156 p. (in Russ.)

Резюме

Ж. М. Тулибаева, Университет имени Сулеймана Демиреля

ОБЩАЯ ХАРАКТЕРИСТИКА ПИСЬМЕННЫХ ПАМЯТНИКОВ ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ

XIII-XIX ВВ.

Имеется   богатейшая   историческая   литература   на   восточных   языках,   где   отразилась

многовековая   история   Казахстана.   Письменные   памятники   Центральной   Азии,   важные   и

ценные   для   изучения   истории   казахского   народа,   написаны   на   трех   языках:   арабском,

персидском и тюркском. Использование данных языков в культурной жизни Центральной

Азии имело свои особенности. В данной статье рассматриваются персоязычные письменные

памятники XIII - XIX вв., созданные в Центральной Азии и содержащие наиболее полные и

ценные сведения по истории и культуре казахов. 



Ключевые  слова:  Центральная   Азия,  история   Казахстана,  хулагуидские  источники,

тимуридские источники, шейбанидские источники, бабуридские источники, сефевидские

источники, аштарханидские источники, мангытские источники, кокандские источники.

Summary

Zhuldyz Tulibayeva, Suleyman Demirel University

GENERAL DESCRIPTION ON THE WRITTEN SOURCES OF CENTRAL ASIA XIII-XIX

CENTURIES

Creative investigation of the rich written legacy of the past centuries has an important role in

studying the history of Kazakhstan. Manuscripts in the  Arab,  Persian and  Turkish  languages

have occupied a special place among other written sources related to Kazakhstan history. The



purpose of this article is the general description the Persian manuscripts that contain important

information regarding different aspects of history and culture of Kazakhs.



Keywords:  Central Asia, the History of Kazakhstan, Khulaguid Sources, Timurid Sources,

Shaybanid   Sources,   Baburid   Sources,   Safavid   Sources,   Ashtarkhanid   Sources,   Mangytie

Sources, Qoqand Sources.

Поступила 08.04.2013 г.






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал